Тұрысбек Сәукетаев (Тауфих Шеғири). ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛЕДІ

ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛЕДІ
(Мен – жындымын – 2)
Әжуа аралас мұңлы роман-фэнтези

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Он екі қызғалдақ, бір шоқ қырмызы

Қыбыладан жел гуледі. Құбылған желге бір әлсіз дыбыс еміс-еміс леп қосқандай. Бір үзіліп, бір сыбырлай талықсып жетеді. Домбыраның үні. Өксіген шерлі күмбір. Қос ішек әлсін-әлі баяулай күрсініп, іле бебеу қаға дабылдап толассыз зар төгетіндей. Еркімді алып жүр-жүрлеп еліктіріп барады. Желге қарсы ұшқан сайын, сиқырлы үн бар ажарымен тасып-толқып шалықтай түсті. Көз ұшында тебендей шаншылған жалғыз бәйтерекке жеткенде, үннің иесін таптым. Бәйтеректің бұтағына үкілі бауынан ілініп, желге тербелген қара домбыраның шанағынан бір құдіретті күй өз-өзінен шалқып-төгіліп жатыр. Жел саябырласа – бәсең сыбырлап, үдесе қанатын дабылдата қағатындай. Жер мен Көктің арасын мұңмен тербеп, азалы ащы өксікпен сілкілейді.
Теректің қанатының астында құлағы қалқайып екі бейіт саялап тұр. Бірі – ескі, қатарындағының топырағы әлі басылмаған. Көне зират маған бұрыннан таныс. Қабыр басында көктеген бір шоқ қызыл раушан өлімнің үрейлі көлеңкесін қуып, қып-қызыл оттай алаулайды. Қайран Ажар! Менің алғашқы бала махаббатым! Менің деймін-ау, біздің кластағы ұлдардың бәрінің махаббаты! Жоқ, біздің кластағы ғана емес, бүкіл ауылдағы бар жігіттің махаббаты!
Бірінші сентябрь, қоңырау соғылып, тоғызыншы кластың есігін алғаш аттаған бетіміз. Көбіміз жаздай бір-бірімізді көргеміз жоқ. Біріміз таралып өсіп, біріміз толысып өзгеріп кеткендейміз. Қатар тұра ғап, бойымызды салыстырамыз, бір-бірімізді түйгіштеп, алысып-жұлысып кетеміз. Қыздарға да тиісіп, бақыртып, ұялас күшіктердей, сағыныса табысқан достардың дыр-дуы толастар емес. Жаздайғы көрген-білген қызықтарымызды айтып тауыса алмай дабырласып жатқанымызда, класс жетекшіміз – Жамал апай кіріп келді. Қасында қоңыр көйлек киіп, ақ фартук таққан бөтен бір қыз бар. Терезесі көлеңкеге қараған күңгірт бөлмеге күн түскендей жап-жарық боп кетті. Біздің ауылда жоқ, ауылың не, Құдай-ау, бүкіл уәлаятта жоқ, тіпті өмірде де болмайтын шығар, тек хас шебердің қиялынан туған портреттей, есіктің рамасында құралай көзі мөлт-мөлт етіп бір ғажайып сурет іліне қапты. Қоңырқай қалың шашының самайы бұйралынып, уыздай аппақ жүзі сәби тазалықпен нұрланып лыпыл қағады. Қарлығаштың қанатындай иілген керме қас. Өңіне такаббар көрік қосқандай қыр мұрынының үшы сәл көтеріңкі. Томпайып албыраған тәтті еріні әнтек ашылып, анталаған көздерден ұяла жымияды… «О-һо!» Үніміз шықпаса да, кластағы он екі ұлдың аузы дөңгеленіп үлкен «О»-ға айналды. Іле бір-бірімізге жалт қарастық. Жалын атқан көзімізде: «Міне періште!» деген жалғыз сөз жазулы тұрды. Сол-ақ екен, бәріміз бірден бір-ақ секундта оптом ғашық болдық та қалдық. Келесі сәтте көзімізден от шашып, жебе жаудырып, бір-бірімізге қызғанышпен жеп қоярдай жауыға қарадық.
Жамал апай бізбен жымия амандасып, қасындағы қызды таныстырды:
– Міне, балалар, класымызға жаңа оқушы қосылды. Жатырқамай достасып кетерсіңдер деп ойлаймын. Зырян қаласынан көшіп келді. Аты-жөні – Ажар… Текбаева… – «Текебаева» дегенде, артымда бұғып отырған Темірхан тырқ ете түсті. – Айналайын, мына жерге отыр ғой, – деп апай алдыңғы партада отырған Бибінұрдың жанындағы бос орынды нұсқады. Ажар қалықтай басып кеп орнына отыра беріп еді, күн қақтаған Бибінұрдың беті көмір жаққандай қап-қара болды да қалды.
Класс іші бұрын-соңды болмаған тыныштық. Құрттаған шыбыштың құйрығындай жыбырлап, жан-жағына сүйкеніп отыратын Ихсанға дейін қолдарын партаның үстіне айқастырып, өнегелі шәкіртке қойылған ескерт­кіштей қатып қалған. Бәріміздің екі көзіміз Ажарда. Жұп-жұмыр аппақ мойынына, орындықтың арқалығынан асып-төгіліп, ұшы жерге тиер-тимес созылған қоңырқай жуан бұрымына мөлиіп қараймыз. Егер біздің көзіміз жебе болса, Ажардың денесі әп-сәтте-ақ шұрқ-тесік решеткаға айналар еді.
Ажарды сыртынан көзіммен аймалап отырып, небір қиялға берілемін. «Текебаева деген фамилиясы қандай жаман, өзіне үйлеспейді. Ертең үйленіп, менің фамилияма көшсе, Ажар Шеғирова деген қандай жарасар еді!» деп ақша бұлттың арғы жағына Гагарин көкем ұшқан ракета құсап шарықтап кетемін.
… – Гомологиялық қатардағы көміртегінің молекулалары өзара коваленттік байланыста болады… – деп метан, этан, бутанның формуласын жазып, Бутлеров теориясын түсіндіріп жатқан Жамал апай бір уақытта тақтаны бормен тақылдатып:
– Әй, неғып үн-түнсіз қалдыңдар? – дейді әдеттен тыс тыныштыққа таңырқай қарап. – Шеғиров, ұйықтап отырсың ба? … Оу, Хасенов, саған не болды айдалаға ежірейіп?..
Сол күннен бастап өзгердік. Ажардың періште бейнесін әрқайсымыз өз жүрегімізге көшіріп алдық. Ешкімді жуытпай оңаша аялаймыз, құшамыз, сүйеміз…
Біздің кластағы махаббатшыл – жалғыз Хасенов Төрехан. Бәрімізден бұрын ерте қағынған сол. Жетінші класта-ақ шашын шекесінен бреолинмен жарып тарап, елде жоқ былғары қоңыр папканы шетінен шымшып ұстап былқ-сылқ етіп жүргені. Ұрланып үлкендердің киносына да кіріп кететін. Төсегінің тұсындағы бір қабырға тұтас «Советский экран» журналынан қиып алған сұлу актрисалардың суреті. Соларға қарап небір қиялға батып күрсінгенде, демінен от шалқиды. Білмейтін пәлесі жоқ. Біз жеңгелеріміз: «әй, жүгірмектер, қыздармен сүйісіп қоймаңдар, әйтпесе, бөпе тауып масқара боп қаласыңдар» дегенге зәреміз ұшып, қыздармен сүйіспек түгілі жақын барып сөйлескенде, түкірігіміз шашырап кетпесін деп аузымызды басып жүргенде, Төкішің дәл бір гинекологша, «бала қалай жасалатынын білеміз» дегендей қолын сілтеп, жымың-жымың қағатын. Кластағы беті қызылдау жалғыз қыз Хадишаны перемен болса бітті, ойбайлатады да жатады. Қыздың жанына отыра қалып: «Алгебраңды бере тұршы» дейді, не «сен орыс тілінен жақсысың ғой, мына үй тапсырмасын қарап берші…» деп қырық сылтаумен алдарқатады да, бізге қабақ қағып, басын қисаң еткізеді. Бізге қызық керек. Келісім бойынша, киімілгіштегі пальтоның бірін бастарына лақтыра саламыз. Сол-ақ екен, махаббат күркесінің асты ұлы айғай, апыр-топыр. Қыздың аузынан, ернінен сүйіп, төсін мытып кайфқа бөккен Төкіш іс бітті деп пальтоны ілгішке қарай атып-ұрады. Екі беті қып-қызыл, мәз-мейрам. Хадиша шашы додырап, партаның үстіне етпеттей кетеді:
– Ұятсыз, оңбаған! – дейді мырс-мырс жылап. – Мұғалімге айтамын!
Төкіш балға тойған аюдай ерінін жалап, керіле ышқырын көтереді:
– Айта бер. Неге сүйдің десе, жақсы көріп кеттім деймін!
– Өй, ұятсыз!.. – Хадиша жылағанын қоя сап, қолына түскен затты долыра лақтырады. Төрехан «ха-ха-халап» қаша жөнеледі…
Мектептің қарсы бетіндегі «Маяк» кино-театрының артына барып, жеңімізге тығып «бычок» тартамыз бұрқ-бұрқ. Екі көзіміз Төреханның аузында. Соңғы уақытта ауылдың атаманы Әділханның дүкенге жүгіртетін қосшыбаласына жарап, көп нәрсеге сауаты ашылған көзелің небір құйтырқыны құйқылжытады-ай дейсің. Қос езуімізден шұбырған сілекейіміз төмен қарай жіптей созылып бара жатады.
Мұның бәрі жетінші кластағы щегол кезіміздегі әңгімелер ғой. Қазір кластағы ұлдардың пәшти бәрі қызбен жүреді. Пәшти дегенде, жалғыз Рахманов Рүстем ғана жүрмейді. Оның да жүргісі келеді-ау, тек жолы болмай жүр. Класымыздағы ең өңді, сұлу жігіт сол, шашы негрдікіндей бұп-бұйра. Бойы да бәрімізден ұзын. Сонда да, неге екенін білмеймін, қыздан салымы жоқ. Талай қызға хат та жазды, көңілін де білдірді – бәрі тұра қашады. Сөйтсек, оның төбесінде екі орайы бар екен. Сұм қыздардың білмейтіні жоқ-ау. «Екі орайы бар еркек екі қатын алады» деген қазақтың ырымынан қорқып, «бұл пәле көп қатын алатын опасыздың өзі, аулақ» деп жуымайды екен. (Айтқандай, қазақтың ол ырымы құр қыртқанбай екен. Рүстем көп қатын алмақ түгіл, бір қатын да алған жоқ. Қырықтан асқанша әлі бойдақ жүр. Біреулер: қызға апарсаң, қашады, анандай… екен дейді тіпті.) Елден қаламын ба, мен де жүремін. Тоғызыншыда оқып қызбен жүрмеген ұят емес пе жігіт басыңа. Әйтеуір біреумен жүру керек қой деп, Күләшпен екі рет индиский киноға барғам: «Сангам», «Любовь в Кашмире» деген. Қол ұстасып, шырт-шырт шемішке шағып отырдық. Қыз бен жігіт араларына ескі көзқарастағы ата-аналары килігіп, қасірет шегетін тұста, Күләш бір-екі рет мұрынын қорс еткізіп, мені құшақтай ап, басын иығыма сүйеген. Ертеңінде біреу клубтің қабырғасына: «Тауфих + Күләш = Лүйбоб!» деп қызыл бормен сойдақтатып қойыпты. Мектепке барсам, «білеміз, бәрін білеміз!» дегендей ары өткен-бері өткеннің бәрі тышқан көзденіп жылтың-жылтың етіп қарайды. Жетінші, сегізінші кластың кейбір меліштері тіпті: «Күләш! Күләш!»деп сыртымнан айғай сап тұра қашады. Құрысын, махаббат майданындағы алғашқы жорығым осылай шабуылға ұшырап, сәтсіздікке ұрынған соң, махаббат деген де машахаты көп жұмыс екен ғой мүбәдә-ә деп, бетім қайтып қалған.
Біздің ауылдағы адамдардың бәрі қап-қара. Кепкен шортандай тыриған қақпыш. Жаз бойы суға түсіп, құм жағада күнге қақталамыз. Қыста азынаған аяз. Жарылып кетпесін деп бетімізге балықтың майын жағып алған соң, тіптен айналайын түржағұн боп шыға келеміз. Сондықтан біздің жақтың адамдарын басқа жақтағылар негр екен деп қалады. Ауылымыздың бір қызы Қостанайдың жігітіне тұрмысқа шыққан екен, бетін ашқанда енесі: «Ойбай, көтек, мынау негр ғой!» деп шарқ етіп шалқасынан түсіп, талып қалыпты.
Біздің ауылға келген орыстың өзі екі ай өтпей қара қазақ боп шыға келеді. Баяғыда Қасымбек сотталып кетіп, Читадан орыс қызын алып келгенде қандай еді. Аппақ қардай еді-ау. Жағадағы ескі катердің үстінен аппақ денесі жарқ етіп суға секіргенде, балық боп кетіп құшақтай алсақ-ау деп жүрегіміз асау айғырдай тулайтын. Бәріміз ыстық құмның үстінде қиялымызбен ақ сазандай бұлқынған бір-бір ыстық Наташаны құшақтап, «бәлем, көр де тұр, өскенде тек орыстан қатын алам!» деп жүрегімізге серт байлап армандағанда, көзіміз тұманданып-тұманданып кететін. Түнімен жалаңаш Наташаны түсімізде көріп аласұрып шығамыз. Таңертең тұрғанда бет-аузымызды қып-қызыл безеу басып, айнадан өзімізді танымай қалатынбыз.
Наташаға біз ғана емес, іштерінен бүкіл ауылдың жігіті ынтық болып қалса керек. Олай дейтінім, келер жылы ауылдағы талай жігіттің келіншегі, Құданың құдіреті, Наташадан аумай қалған бір-бір бөпе сүйді әлди-әлди деп!.. Сөйткен Наташа жарты жыл өтпей қап-қара қатын боп шыға келді. Кейін тіпті қазақша майыстырып сөйлегенде, Қабылтайдың Мәрияші екен деп қалатынсың.
Бірақ біздің ауылдың күні де, суы да, желі де Ажарды қарайта алмады. Тіпті, сәл қоңырқай тартқан күннің өзін де, ажарына ажар қосып құлпыра түсетіндей. Жүрегімізге бекіген нұрлы бейнесіне кіршік түсірмей табынып, күн өткен сайын күйіп-жанып өртеніп өліп барамыз.
Ажарды көрген бойда-ақ біздің ауылдың қыздары сұрықсыз боп шыға келді. Тозған ескі суреттей өңі қашып, көңіл төрінен шегіне берді. Осы уақытқа дейін қалай байқамағанбыз? Салыстыратын ешкім болмаған соң, жақсы-жаманды қалай ажыратасың, барымен – базар, осы да пойдет деп жүре бергеміз дә. Әйтпесе ешқайсының «товарный виді» жоқ екен, қаралығы өз алдына: бірінің – мұрыны таңқы, бірінің – көзі сығырайған, енді бірінің – аяғы шидей ме, құдай-ау!.. Кәрөші, бесеуінің завчасінен бір әдемі қыз шықпайды.
«Ажар, Ажар!» деп іштерінен ентіккен біздің кластың ұлдары сол күні-ақ сүйгендерінен ажырасқан. Білмейтіні бит ішінде, қаласа, дьяк, раввин, пастор бола кетуге дайын, ислам шариғатынан да халпе дәрежесінде хабары бар қызуқанды Төлеубек Ерғалиев өзінің Розасының сыртынан: «Үфит!Талақ! Талақ!»деп қолын теріс жайып, үш рет сілікті. Ай сайын ғашық боп қалатын Хасенов Төрехан: «Мен қазір свободная птичка, куда хочу – туда и лечу. Басым бос!» деп жерге шырт түкірді. Менің көз алдыма Күләш елестеді. Құдайым-ау, қайда қарағанмын? Бүкіл бойы кемшіліктен тұрады екен: Мұрыны талпақ, мықыны жоқ – кебеже, бұты қисық… Ой, Алла-ай, қай жеріне қызықтым десеңші, көзім көз емес, жараның орыны болған екен ғой, Ажарды көрмесем, «Қызжібегім өзіңсің, сәулетайым» деп жүре береді екемін-ау бұзау боп мөңіреп. Күршімнің ала қарбызындай шекесінен шертіп жүріп, өзімше он қыздың арасынан таңдап-ақ едім, қарбызым шикі болып шықты. Оның үстіне, Жанмұраттан жылатқандай ғып тартып алғанмын. Бірден айныдым. Ажар саған бәрібір қарамайды ғой дегендей, товарымды тез өткізіп жібергім кеп Жанмұратқа: «Мен енді жүрмеймін, Күләшті сен ал» деп едім, саған осы да жарайды ғой деген кейіппен, Жәкем әлдеқандай боп кергімесі бар ма: «Фу, кетсінші әрі!» деп көзі қисайып, мұрыны шыбын қонғандай тыржисын.
Сүйіктілеріміз, тойсты, болмай қалған болашақ жарларымыз, біздің бұл неке бұзар опасыздығымызды мүлдем кешіре алмады. Бірден бунт жасап, бес қаруларын сайлап жойқын шабуылды бастап бір кетті дерсің. Балабектің Ғалиянұры шақардың шақары екен. Қырық құлаш ақ найзасын үңілтіп қырық қалмақты қабатынан түйрейтін Қобыландыдай, тақтаның алдындағы указканы ала сап, «өлтірейін-ай, өлтірейін!» деп тап-тап бергенде, Балабек бейшара партадан-партаға секіріп, тесік таба алмай шырылдады. Төреханның соңғы махаббаты – Бибисара ерінін жымқырып, сояудай саусақтарымен бұтынан бұрай шымшығанда, сорайған Төкішім әлемдік рекорд жасап аспанға бір-ақ секіріп, төбедегі шамды төбесімен салдыр еткізді. Бәрінен менің Күләшімнің қаһары қатты. Танауы талпайып, қиық көздерін қайшылап, Хорен қалмақтай қуып жүріп қаламсаппен дәл құйрығыма допинг ұрғанда, шала бауыздалған шошқадай шыңғырып, шыбын-шіркей безген күйі фонер есікті басыммен сүзіп, жарты денем ар жақта, жарты бөлігім бер жақта салбырап қалдым…
Қан майданда қирай жеңілген біздер жаралы жауынгерлердей, біріміз сәлде ораған дамолладай басымызды дәкемен таңып, біріміздің көзіміз көгеріп, біріміз ақсаңдай басып… төменгі кластың молокосостарына көпке дейін тегін клоун боп жүрдік.
Өмірі басы қосылмай қырық пышақ боп ұрсысып-ренжісіп жүретін қыздарымыз соншалық ауызбіршілікпен дереу «тірі жесірлер» альянсын құрды. Қашан көрсең күбір-сыбыры бір. Ажарға қарай көздерінің жебесін жамыратып, жақтырмай жалт етіп, өздерімен-өздері оңаша отау. Әйтсе де қыздар Ажарды қанша жерден жек көргенімен, одан байқаусыз көп нәрсе алғанын, көп нәрсе үйренгенін өздері де білген жоқ. Ажарға ұқсап киінгісі келді, соған ұқсап сәнденуге тырысты. Бойларын тік ұстап, мықындарын ырғап билеп басады. Қастарын жұлып, беттеріне опа жағып ағарып, әжептәуір қыз боп қалды майысып. Бұрынырақта болса, «оһо!» деп жарыса бассалып, автолавкамен анда-санда келетін үнді шайындай таласар едік. Бірақ Ажардай болу қайда. Оған деген өліп-өшкен ұлы махаббатымыздан бәрібір айнымадық.
Ажар қыздарды ғана емес, бізді де тәрбиеледі. Мұғалімдер қырық жыл қақсап үйрете алмай қойған тәрбие бір-ақ күнде бойымызға қонды. Ажардың алдында жақсы боп көрінейік деген жанталаспен қас-қағымда бәріміз тәртіпті боп шыға келдік. Үсті-басымыз мұнтаздай, шашымызды бреолин жағып тарап, әкелеріміздің сақал алғанда жағатын «Тройнойын» бұрқыратып шашып аламыз. Бұрынғыдай лағып сөйлеп, ыржыңдап күлу жоқ. Сырбаздықтың сабырлы, салқын көлеңкесін қабағымызға іліп алып, қыз айттыруға баратын күйеу жігіттей сызылып аяғымызды кербез басамыз. Класта да екі қолымызды партаның үстіне айқастырып, бар ынта-шынтамызбен мұғалімнің аузына үңілеміз. Алгебра, физика, химиядан жауап бере алмай мыңқылдап тұрсаң, Ажардың алдында өлім емес пе. Өңкей бақталастар бір-бірімізбен іштей жарысып жанымызды саламыз. Оқу үлгіріміміз күрт өзгеріп, «троещник» Рахмановқа дейін аяқастынан қалай озат боп кеткенімізді білмей қалдық.
Бұлар даналықтың дуасын ішіп жүр ме деп таңғалғандай, өмірі аузынан мақтау шықпайтын Жамал апай риза болғаннан: «Міне, біздің ұлдарға ес кіріпті, шетінен төрт пен беске оқиды. Ертең мектеп бітірген соң иниститутқа түсу керек екенін осы бастан ойлап тырысып жатыр. Жарайсыңдар, қарақтарым! Ал, қыздар, сендердің не ойлағандарың бар? Ұлдардан неге үлгі алмайсыңдар? Әлде сендерге оқу керек жоқ па? Ертең күйеуге шықсақ болды дейсіңдер ме?» деп қыздарды ұялтып тастайды.
Он екі потенциалді күйеу жігіттің арасында жан аяспас бәсеке басталды. Бірімізден біріміз асып түссек дейміз. Жарқ етіп көрініп, Ажардың жүрегін ертегідегі ақбоз атты ханзададай жаулап алуға жанталасамыз.
Құдай сақтасын, бәріміз де тұнып тұрған талант екеміз, әрқайсымыздың көкірегімізден бір-бір бұлақ бұрқ-бұрқ атқылады. Алла-Тағала адамды алаламайды, бәрін бірдей ғып жаратады, бірінің өнерлі, бірінің өнерсіз болуы ынтасына байланысты дейтін ғұламалардың сөзі ып-рас. Талаптанса адамның алмайтын асуы, бұзбайтын қамалы жоқ екен. Әнші де, гитарист те, боксер де, желаяқ та біздің кластан шықты. Класта Айтжамалдың жанында бойым бірдей болсын деп астына үш-төрт кітап қойып отыратын Ихсан аяғына тас байлап ап күні бойы турникте асылып тұрады. Төлеубек волейбол командасын құрып, мектептің жанындағы шаршы алаңды шаңдатып жатқаны. Сатыбалды төртпақ денесі тарбиып «Беларустің» білікке кигізілген темір дөңгелегін аюдай ақырып көтеріп ырс-ырс етеді. Жұматай балық заводындағы Саша – сығанның тілін тауып, гитара үйреніп алды. Кеш болса, кепкасын қисайта киіп гитараны сылқылдатады. «Сені іздедім түнімен, сені іздедім күнімен…» деп бәріміз қосыла әндетіп, Ажардың көшесінен ары да, бері де өтеміз. Төрехан темекіні тастап, құм салынған қапшықты ағашқа іліп қойып төмпештеумен әуре. Екі иығы жұмырланып, кеудесі алшиып, балпаң-балпаң басады… Аудандық мектепаралық спартакиадада біздің командамыз бірінші орын алды: шахмат, жүгіру, волейбол, бокс, штанга… бәрінен! Гимн ойналып, мерейіміз асқақтап Вымпел көтеріп тұрғанда, әрқайсымыз «Ажар енді маған қарамағанда, кімге қарайды!» деп төсіміз үрлеген шардай шеңбірек атып қасқайып тұрдық.
Сол жылдары біздің ауылдан небір әнші, гитарист, биші, спортшы шықты. Көбі кейін жалпақ жұртқа танылды. Соның бәрі махаббаттың құдіреті ғой. Егер олар Ажарға ғашық болмаса, өстіп өнерпаз болар ма еді? Махаббат жақсылыққа, өнерлі болуға, бәрінен асып түсіп жарқырап көрінуге құлшындырды. Әрқайсымыздың көкірегіміздегі тылсым тұнбаның көзін ашты, жүрек түбінде қалғып жатқан небір жасампаз құдірет иесін тұр-тұрлап түртіп оятты. Махаббат қана әлемді гүл жайнатып құлпыртады екен! Мен де өзімнің аяқастынан қалай ақын боп кеткенімді білмей қалдым. Тақпақ жаттай алмай қақалып-шашалып, екі көзім алайып көкке қарап тұратынмын. Шығарма жазудан нұқыл үштен артық алып көрген емеспін. Енді міне, Ажарды көрдім де, ішіме өрт түсті. Күйіп-жанам. Түйнек тигендей, текеметтің үстінде бүктісіп ары аунаймын-бері аунаймын. Үйге сыймай, дала кезіп кетемін. Құм төбелердің бірінен асып, біріне шығамын. Не істеп жүргенімді өзім де білмеймін. Көзім тұман, түк көрмеймін. Көк жусан мен ерменнің иісі бұрқырап алдымнан соққан жел ақ жейдемді кеулеп, желкендей желбіретеді. Денем бір ысып, бір суып, бойымды әлдебір өксік буып бара жатқандай. Кенет ырғақты әсем сөздер өз-өзінен тілімнің ұшына орала кетті. Үсті-үстіне түйдектеліп төкпелене түсті. Ішімдегі буырқанған алапат сезім сиқырлы сөзге айналып, бірде мұңая сыбырлап, бірде сыңғырлай еркелеп, есіліп-шалқып, екпіндеп көмейімнен құйыла берді, құйыла берді. Дәптердің бетінде қаздаңдаған қаламым үлгіре алар емес. Екі бетті толтырып бір-ақ тоқтадым. Оқып көрсем – өлең. Ғажап өлең! Ажарға деген ішімдегі бүкіл сезімім сурет боп түсе қалған. Әр әрпінде жүрегімнің лүпілі тұр.
Құйғытып отырып Төрехан мен Темірханға бардым. Екеуі оқып шықты да, мен жаздым дегенге сенген жоқ. Өзім де сенбеймін. «Кетші-ей, көшіріп алғансың ғой!» деді. Темірхан Бақтыгүлге өлең жазғанда шыли кітаптан көшіріп алатын. Этажеркасының бір сөресі сықаған ақындардың кітабы. Үшеуміз үшке бөліп ап, кешке дейін ақтарыстық. Ондай өлең табылмады. Ақыры көздері жеткен соң, достарым сол жерде авторлығыма мөр басып, патент берген.
Сол күннен бастап мен ақын атандым. Ажарды ойласам болды, өз-өзінен аузымнан өлең төгіледі. Күнде өлең жазам, не біреу, не екеу. Бірақ, Құданың құдіреті, басқа тақырыпқа жаза алмаймын, тек Ажарды көз алдыма елестетсем ғана жүрегім лүпіл қағып, қалам ұшынан ақ қағазға ағыл-тегіл жыр саулайды. Менің өлең жазатыным көп өтпей мұғалімдердің де құлағына шалынса керек. Бір күні Жамал апай:
– Әй, Тауфих, сен қыздарға өлең шығарады дейді ғой. Сегізінші март келе жатыр, анаңа, мұғалім апайларыңа арнап өлең жазшы. Қабарға газетіне шығарайық, – деді.
Жүріп келе жатып та ойланам, төрдегі текеметтің үстінде арлы-берлі аунап жатып та ойланам. Баласы теріс біткен қатындай, үш күн, үш түн толғаттым. Құдай атқанда, бір ауыз сөз тілімнің ұшына оралсайшы. Әбден ит боп апайдың алдына келдім, сүмірейіп тұрып міңгірледім:
– Апай, шығара алмадым…
Апайдың көкшіл көзі тотияйындай кілкіп шарасына сыймай кетті. Указканың ұшымен самайымды шұқыды:
– Сенің мына жеріңде қыздан басқа ештеңе жоқ!
Біздің Төрехан пысық, аудандық «Коммунистік еңбек» газетінің мектеп бойынша насихатшысы. Күзде үй-үйге кіріп: «Газетке жазылыңыздар, ауданымыздың жаңалығанан хабардар боп отырасыздыр. Бір-ақ бөтелкенің құны ғой. Оқымасаңыздар да балық жеген соң қол сүртуге жақсы не туалетке пайдаланасыздар!» деп жанталасатын. Өзінше беделін пайдаланып, жан досым туған күніме подаркі жасайын дегені ғой, менің «Қос қайың» деген балладамды өзіме айтпай газетке ұрып жіберіпті. «Құмаш орта мектебінің оқушысы жас талап пәленшенің тырнақалды жырын жариялай отырып, әдебиет әлеміндегі алғашқы қадамына сәт сапар тілейміз» деген қолпашпен газет бетіне жарқ етіп шыға келгені. Сол-ақ екен басым пәлеге қалсын. Жібекке ғашық көп екен дегендей, Ажарға біздің класс қана емес, бүкіл ауылдың жігіттері ғашық деп айттым ғой. Солар бірінен кейін бірі келіп маған қолқа салатын болды. «Ажарға менің атымнан өлең шығарып берші» дейді. Бірі жалынады, бірі қорқытады. Келіспеске шара жоқ, әрине, олар бола алмаймын, өзімді жазамын, өзімнің өрттей лаулап алқынып, аласұрған сезімімді жазамын. Сөйтіп менің махаббаттың көзжасы тамшылаған тілім-тілім жүрегім ақ қағазға оранып, әлдекімдердің кір қалтасында шырылдап бара жатады.
Несін айтасың, ауыл жігіттерінің арасында беделім артып шыға келді. Бұрынғыдай дүкеннің алдынан «бычок» термеймін, жылқының тезегіне ауыз былғамаймын, енді тек қымбат-қымбат темекі тартамын. Арасында ақаңды да аңыратып жіберемін. Несі бар, мықты ақындардың бәрі арақ ішкен ғой. Есенин де, Высоцкий де. Мұқағали көкеміз де көк мойнақ шөлмектің меселін қайтармайтын көңілшек деседі.
Біздің кластың балалары «щегол» болып қалды, кеш болса кепкам қисайып, нұқыл үлкен жігіттердің ортасында жүремін өңкей гүжілдеген бұқаның арасындағы бұзаудай боп. Езуімізде жылт-жылт жанып көзін қысқан темекі. Түнге қарай аспандағы жұлдыздың бәрі жерге түседі. Үйіріліп, жыпырлап, Ажардың үйінің алдындағы кең көшеге сыймай, тауық бір шақырғанша жыпылық қағып сөнбейді.
Бірақ менің бұл базарым ұзаққа созылмады. Бір күні Әділхан аға келіп, сұқ саусағы шолақ, күс-күс жұдырығын тұмсығыма иіскетті: «Бұдан былай тек менің сарай ақыным боласың» деп тайқы маңдайыма таңқ еткізіп мөр басты.
Әділхан Жаманбаев – осы ауылдың атаманы. Екі рет анау «итжеккенге» «қажылыққа» барып келген. Алдыңғы тістерінің бәрі алтын, аузын ашса, қып-қызыл домна пеші алаулап тұрады. Мұрыны бір жағына қисық, бір қабағы сынған. Ол да Ажарға ынтық екен. «Пішту, саған не жоқ!» деп жанқалтамның ішінен «әтпішімді» шығардым. Осындай есерсоқ, бұзық адам да ғашық бола алады екен-ау. Ойбай-ау, іңкәр болғанда, тегі, Мәжнүннен ары былқ-сылқ ләйліп қалыпты нұқыл. Жейдесінің түймесін ағытып, қара қозының елтірісіндей бұйраланған қайқы кеудесін жұдырығымен дүрс-дүрс қағып күрсінгенде, демінен тас балқиды:
– Мынаның ішіндегі жүрегімді көрсең ғой, от боп жанып тұр! – деді, суырып алса жүрегі Данконың қолындағы қара түнекті қақ жарған қызыл алау секілді жарқ ете түсетіндей. – Шіркін, ол қызды қолыма түсірсем, бұл жерде бір күнде тұрмас ем. Түзелем, бәрін тастаймын, әкіри. Алматыға апарып аққудай ғып аялаймын!.. – деп сәулелі болашағы жарқ-жұрқ еткенде, екі көзінен екі маржан ыршып кетті.
– Аға, осы айтып тұрғаныңыздың өзі өлеңге бергісіз ғой, соны хатқа түсірсеңіз жетпей ме? – деймін қашыртпақтап.
– Маған өлең керек! Ажар оқығанда есінен танатындай болсын!
– Аға, сіз шын ғашықсыз ба?
– Ей, бала, осы тұрғанда, күйіп-жанып өлгелі тұрмын!
– Шын ғашық адам ақын боп кетеді емес пе? Неге өзіңіз жазбайсыз?
– Мен өлең жаза алмаймын, тек сүйе аламын!
Мен қулыққа бастым:
– Мен сіз сияқты сүйе алмаймын, сіздің ойыңыздағыдай ғып жаза алмаймын ғой!
– Ей, козёл, яйца петуха не учит, понял?! – деп, күс жұдырығымен күмп еткізіп кіндігімнен екі пергенде, әкемнің қисық бәкісіндей екі бүктеліп қалдым. – Елдің бәріне жазып жүрсің ғой. Солардан асырып жаз, білдің бе!
Ағамның ашуы да тез, қайтуы да тез екен. Екі секунд өтпей:
­– Өй, жә-әнім, ақылдысың ғой! – деп құшақтай ап, жүн-жүн кеудесіне аузымды шаптағанда, сары майдай еріп кеттім. – Жаза ғойшы, жарығым, жарай ма? Саған өлең шығару не, түф деп түкіре салғандай емес пе!
Түкіре салғандай емес, әрине. Ойланам, дөңбекшіп жер-көкке сыймай шиыршық атам. Ажар жымия қарап алдымнан ақ білегін созады. Ақ көйлегінің етегі көлбеңдеп, ырғала басып, алдымда ақ сағым толқығандай. Алқынып ұмтылам дегенше жалт беріп жоқ боп кетеді. Сағымда адасып алай жүгірем-былай жүгірем. Айналам сыңғыр-сыңғыр күлкі, мен мұндамын, кәне, ұстап ал деп назданғандай.

Сиқырдай жанымды арбап күлімдейсің,
Аққудың алыстағы үніндейсің.
Дұғамды мың қайталап созсам дағы
Қолыма ақ сағымдай ілінбейсің…
Сол-ақ екен, жүрегімнің қанын тамшылатып, ақ қағаздың бетіне ағыл-тегіл төгілемін-ай кеп. Шексіз іңкәрлігімді шерлене ақтарамын. Гөте тәңір тұтқан Шығыстың жеті жұлдызының жанынан жарқырап жаңа бір сегізінші жұлдыз туып келе жатқандай ма, өзім де таңмын. Әділхан еріні жыбырлап қайта-қайта оқиды да:
– Әй, мен мынандай ғашық бола алмаймын! Жарайсың! – деп күректей алақанымен арқамнан қайқаң еткізіп салып қалады, кейде қатты риза боп кетіп, «БТ»-ның шала басталған пәшкесін алдыма алтын сақадай шиырып тастай салады.
Әділханның атынан күн де өлең жазам. Көшіріп бір данасын өзіме сақтап қалатынмын, бір күні қарасам, қалыңдығы кере қарыс бір том болыпты. Хафиз бен Омар Һаямның ғазалдарын қосқанда да асып түсетін шығар.
Әділханның жетінші класта Сейтақ – Тарзан деген поштабайы бар. Күнде хатты сол Ажарға апарып береді. Тарихи сәтте мен Ажарды көз аямнан шығармай тасалау жерде бақылап тұрамын. Ажар хатты алады да, қалтасына салып алады, ары қарай не істейтінін білмеймін. Кейде оқымай сол жерде жыртып тастайды. Ондайда «Уһ!» деп қуанғаннан маңдайымнан тер бұрқ ете түседі.
Өз қадырын жақсы білетін такаббар қыз соңғы кезде басқалардан гөрі маған көбірек ықылас танытатындай ма қалай? Әлде жоқ нәрсеге емексіген далбаса көңілге солай боп көрін ме, білімеймін. «Тауфих, мына формуланы шығара алмай қойдым, көмектесіп жіберші!» деп дәптерін көрсетеді. Балабек физикаға менен гөрі мықтылау, неге соған апармайды екен деп ойлаймын да, бір бұлыңғыр қуанышпен жүрегім өз-өзінен лүпіл қағады.
Кластағы ең білгір адамдай, кластағы ғана емес, физика оқулығын өзім жазғандай арқаланып, аруақтанып кетемін. Белінен бір сызып, формуланы қайта құрамын. Бөлшектің асты-үстіне жортып, қаламым қаздаңдай жөнеледі. Иығымнан асыла үңілген Ажар: «Е-е, былай екен ғой?» деп күбірлеп қояды. Еңкейгенде сақиналанған самай шашының ұшы оқыс жанасып, жыбыр-жыбыр бетімді қытықтайды. Жұп-жұмыр аппақ алқымынан жіңішкелеп жеткен жұпар иіс мұрынымды түртіп қашады. Осы сәт жалғаса берсін дегендей, өтірік ойланған боп, теңдеудің кей жерін бір өшіріп, бір жазып, уақытты әдейі соза түсемін…
Кейде мен жаққа көзінің қиығын сап отырғанын бір нәзік түйсікпен сезіп қаламын. Жалт қарасам, ду қызарып, ұзын, қайқы кірпігі дір ете, жүзін бұрып әкетеді. Ондайда өнебойым шымырлап, балқып-еріп, жер-көкке сыймай, небір қиялдың қанатында қалықтай жөнелемін.
Бір күні оңашада Тарзан поштабай әкелген кезекті хаттың бірін маған көрсетіп, ортасынан қақ айырды да, жағымнан тартып кеп жіберді:
– Размазня! – Жылайтын адамдай иегі дірілдеп, көзінен от шаша жалт бұрылып жүре берді. Мен сілейіп орнымда тұрып қалдым. Қаладан тілі орысша шығып келген қыздың «Размазнясын» түсіне қоймасам да, жетісіп тұрған сөз емесін сездім. Төрехан мен Темірханнан сұрап едім, олар да білмеді. Жаз бойы қаладағы апасының үйінде сауат ашып, орысша боқтаудың неше әлемін үйреніп қайтқан Сатыштан сұрасам, білмеймін дегенді намыс көріп: «Раз» деген – «Бір» деген сөз, «Мазь» – «Май», демек, «бір рет жағатын май» деген сөз деп білгішсінді. Болмаған соң Ережеп ағайдан сұрадым. Ұзын аяғы серейіп партаның бір шетін ерттеп мініп ап: «Ей, балбес, дай кітап» деп бізге орыс тілінен сабақ беретін. Ағайым сасып қалды.
– Так, размазня, раз-мазня? – деп көзі алайып төбеге қарап біраз отырды да, ол жақтан сыбырлаған ешкім болмаған соң, – «Размажет» глаголімен түбірлес, демек, езгілеу, былғап тастау деген сөз шығар? – деп қызарақтап иығын көтерді. Мұғалімім осылай деген соң: «Е-е, мұрыныңды бет қылам, майша езіп тастаймын дегені екен ғой» деп өзімше кесіп-пішкенмін.
Дүдәмал көңілім оған да көншімей, ақыры кітапханаға барып, Сауранбаевтің екі томдық Сөздігін қарадым. Сұм қыз мені «Ынжық, ез!» депті. Маңдайымды алақаныммен сарт ұрып сілейіп қалдым.
Сол күннен бастап ешкімге өлең жазып бермейтін болдым. Әділхан екі рет өлтіріп сабады. Бәрібір көнбедім.
Сол күннен кейін Ажар мен жаққа қарауын қойды. Физикадан бір рет үш алып та қалды, сонда да бұрынғыдай көмектесіп жіберші деп өтінбейді. Мені көрсе қабағын түйіп алып, қасымнан үнсіз өтіп кетеді. Ол үшін мен кластағы парта не тақта секілді жансыз затпен бірдеймін, қанша телмірсем де селт етпейді. Суық тартып сыртын берген сайын, мен күйіп-жанып лаулай түстім. Есі-дертім бір сол ғана. Құлағының үстінде сақиналанған сарғыш шашына, аппақ мойынына сағаттар бойы елжірей қарап, қиялыммен тұншыға шөп-шөп сүйіп, өкісіп жібере жаздаймын. Түнде алаулап жанып аунақшығында, денемнің ыстығынан көрпе-жастығым қалай лап етіп өртеніп кетпейтініне таңмын…
Біздің ауылдың қуырған күні де, аңыраған желі де, ақырған аязы да Ажарға әсер ете алмады. Сол баяғы уыздай қалпы. Аппақ. Бір жарым жылдың ішінде таралып өсіп, денесі жұмырлана түскен. Бұрынғы көркіне көрік қосып, тіптен құлпырып кетті. «Мен, міне, бойжеттім, толдым-толыстым» деп, уыз жастықтың барлық гүлі шешек атып тұрғандай.
Биыл қыс аяғы ұзаққа созылды. Үшінші тоқсан аяқталып қалса да, аяздың беті қайтар емес. Екі күннің бірінде жорға боран ақ құйрығын сүйретіп, көше-көшенің бойымен бүлкек-бүлкек желіп бара жатқаны.
Ажар факультативтік сабақтан кешігіп шықты. Ымырт жамырап, айнала ала-көбең тартқан. Жел ұйтқып, күпсек қардың көрпесін желпіп-желпіп қалады. Үйге таяй бергенде, бір қария қарсы жолықты. Таяғының ұшымен жерді сыйпалақтата түртіп, тәлтірек қағады. Қараңғыда қара көзілдік таққан, басын кекжитіп айдалаға қарайды:
– Әу, қайсың барсың? Жәрдемдесіңдерші!
– Ата, не болды?
– А, қарағым, жақсы жолықтың ғой. Адасып жүрмін. Зағиппын. Осы маңда тірәктір көріне ме, апарып тасташы.
– Әне бір қызыл «К – 700» тұр. Сол ма?
– Иә, сол, айналайын.
Ажар соқыр шалды қолтығынан демеді. Қария тәлтіректеп аяғын әрең басады. Бұлар әупірімдеп жеткенде қызыл трактор дүр етіп, болат құрсанған сом денесі арсы-күрсі қалшылдай жөнелді. Екі есіктен екі жігіт қарғып жерге түскен. Сол-ақ екен соқыр шал жалбыраған аппақ сақалын жұлып алып, жасарып шыға келді. Сақ-сақ күліп қызды құшақтай алған. Екі жігіт үлкен қара тонмен басын бүркеп жіберіп, бақыруға шамасын келтірмей, қапсыра көтеріп кабинаға бір-ақ тоғытты. Орнынан ышқына қозғалған «К –700» төбесінен қара түтіннің қарғасын қалбаң-қалбаң ұшырып, лезде қараңғыға сіңіп жоғалды.
Боранды түні Шонабайдағы шеткі үйдің шамы молынан жағылды. Жатаған тоқал тамның барлық терезесі күлім қаққан кемпірдің қуанышты көзіндей сығырая жылт-жылт етеді. Қисық ауыз есік бір ашылып-бір жабылып, еңкейіп кіріп, тоңқайып шыққан адамдардан босар емес. «Молдаш келін әкепті!» деген сүйінші хабар дүңк етіп, екі кештің арасында біраз көрші-қолаң жиналып қалған.
Бір уақытта Молдаштың өзі сыртқа атып шықты.
– Молдашжан, құсың құтты болсын!
– Шешең байғұсты бір қуанттың!..
Молдаш ешкімге қарар емес. Кең танауы делдиіп, қабағын түйіп алған. Сәлемдесе созылған қолдар мен күлімдеген жүздерді елең қылмастан, екпіндеген күйі қарсыдағы сиыр қораға қойып кетті.
– По, мынау қатын алмай жатып кісі танымай қапты ғой!
– Ой, енеңді с… әлдеқандай болуын!.. – деп соңынан өкшелеген күбір-күңкілді де естіген жоқ.
Қораның іші жап-жарық. Бүгінгі «Махаббат операциясының» бас дирижері қара-бұжыр Уахап пен белсенді артист Қуанғали күпсіте жайылған шөптің үстінде, құдасының төрінде шалжиғандай, малдас құрып қызара бөртіп отыр. Ортадағы төңкерілген легеннің үстіндегі «Московская особаяны» орталап тастапты.
– Қалай, беті бері қарады ма? – деді Уахап шайнаңдаған езуінде кильканың құйрығы қылтиып. Молдаш басын шайқады. Көзі алайып, абыржып тұр:
– Көнетін емес. Осыны бекер істедік-ау деймін!
– Кетші-ей, қай қатын бірден келісе салушы еді. Тулап-тулап қояды. Талайды көргенбіз.
– Жоқ, мынаның түрі жаман. Көнбейді. Жібермесеңдер өлемін дейді!
– Ойбу, сене қалғаным. Ауызбен не демейді… – Әлдене есіне түскендей бас стратег Уахап көнтиген ерінін жымқырып, сұқ саусағын көкке шошайтты. – Қап, жаңа кабинаның ішінде нетіп… қатын қылып жіберуің керек еді. Сонда көрер едім көнбегенін!
– Ей, малғұн, не оттап тұрсың-ей сен! – Молдаш қалш-қалш етіп тап бергенде, Уахап атып тұрып шегініп кетті. – Мені хайуан деп тұрсың ба? Өлсем де ондайға бармаймын. Мен оны сүйемін!
Қауіпсіздеу қашықтықта тұрған Уахап:
– Немене, сүйген адам сөйтпей ме екен! – деді арсызданып.
– Әй, әкеңді!.. – Молдаш жұдырығын ала жүгіріп еді, Молдаекеңнің солақай жұдырығын иіскегендердің жағдайы қалай боларын жақсы білетін Қуанғали шырылдап араға тұра қалды екі қанатын жайып:
– Қойыңдар-ей, не болды сендерге қырлысып? Елден ұят емес пе!
– Әкең… бәрі сенің кесірің! Қайдағы-жоқ пәлені ойлап тауып… – деді Молдаш әлі де Уахапқа ұмтылып. – Арандатқан сенсің!
Қуанғалидың қушиған арқасын Ұлы қытай Қорғанындай көрген Уахаптың дауысы батыл-батыл шықты:
– Омай, шікін! Сүйем-күйем, ол қызды алмасам өлем деп күнде ыңырсыған кім екен мазгамызды майыстырып? Мына бишара ғашықтық дертінен ауруға шалдығып өліп қалар, сүйгенін әперіп саубын алайық дегеннен басқа не жаздық! Қатын керек болмаса, қоя бер. Маған неғыл дейсің?
– Қоя берем. Боран түтеп кетті.Таң атсын, өзім апарып тастаймын.
– Қиын ғыпсың!.. Қоя берем дейді ғой. Саған керек болмаса, Қуанғали ала салсын! Босқа әуре болдық па?
– Ей, сыболыш, оттамай жап аузыңды. Әйтпесе тісіңді сындырам!
– Мә, мынаның қызғаншағын қара! – Уахап өңмеңдей ұмтылған Молдаштан тайсақтап Қуанғалидың тасасына қарай шегіне берсе де, тілінің бізін сұққылауын қояр емес. – Не өзі алмайды, не өзгеге бермейді!
– Менің өйтіп жыныма тиме, ұқтың ба? Онсыз да жаным күйіп тұр!
– Ойбай, мынау қатын үшін кісі өлтіретін пәле ғой!
– Бала боп кеттіңдер ме, қойыңдаршы-ей! – Қуанғали айғайлап қолын сілікті. – Маған ештеңенің керегі жоқ, қатыны құрсын! Бір емес екеуін тастап, көргеміз ол қаншықтардың қызығын. Сыртта ел естіп тұр, тынышталыңдаршы. Қыз қайда кетер дейсің, оданда енді не істейміз, мал соямыз ба, арақты қайдан аламыз – соны ойластырайық та.
Үш жігіттің апыр-топыр қимылы мен өжектеген дауыстарынан сескенген сынық мүйіз, буаз қара сиыр орнынан атқақтай тұрды. Көзі алайып, суланған танауын пыс еткізді…
Бұл кезде қоржын тамның бір басында Ажар жаны ышқынып арпалысып жатқан. Бағана тарпа бассалып трактормен алақашқан бейтаныс үшеу бұл ес жиям дегенше жерге түсіріп, бір үйге дедектетіп кіргізіп жіберген. Бір топ әйел шу ете қалды:
– Шашу-у! – Төбесінен құрт-кәмпит сатұр-сұтыр жауды да кетті.
– Қадамың құтты болсын, қарағым!
– Оң аяғыңмен атта! – деп жасамыс әйел басына гүлді орамал жапқанда, қайда келгенін бір-ақ білді. Басындағы орамалды жұлып ап лақтырып жіберді.
– Жіберіңдер, кетем! – деп айғай салды. Жылап-бақырып, топты қатынды ұрып-тепкілеп жолатпай жүр.
– Сіңлім, ақылға келші. Мені де байым алып қашып әкелген. Құдайға шүкір, ешкімнен кем болғамын жоқ. Міне, жеті бала тауып отырмын! – деп бүйрек бет, шұбар қатын қиық көзін ойнатып, иығына қолын арта беріп еді, Ажар сарт еткізіп білегін қыршып алды:
– Кет, жоғал!
– Ойбай-ай, мына қаншық көкбет қой! Қатын емес қасқыр шығар. Жұлып алды қан-жоса ғып! – деп шұбар қатын ойбайлап отыра кетті.
– Шырағым, тентек болма! – Бір жағына жантайып таяққа сүйенген егделеу аққұба әйел шегіншектеп анандайдан ақыл айтты. – Бәріміз де жылай-жылай көнгеміз. Сен де көнесің. Молдаштай жігітке жар болсаң, қор болмайсың. Жігіттің төресі!
– Өзің тиіп ал!
– Тәйт, жүзіқара, не дейд! – Ақсақ кемпір бір қызарып-бір бозарып, теріс айналды. – Көргенсіз неменің сөзін!
Сөзге көнбесін білген соң қатындар шулап, жан-жағынан итермелей Ажарды төргі бөлмеге кіргізіп жіберді де, есігін жауып тастады:
– Көнбей қайда барады. Тулап-тулап қояды!
– Молдаш қайыным қасына бір түнеп шықсыншы, таңертең майысып өзі-ақ шай құйып отырады!..
Аласа, тар бөлме. Төрдегі қызыл гүлді көк торғын шымылдықтың жармасынан жылтыр бас екі кісілік темір кереует көрінеді. Үстіне жүк жиып, тікірейтіп қос құс жастық қойылған. Алдынан тозақ күтіп тұрғандай, жүрегі одан сайын мұздап кетті. «Жоқ, ондайға көнбеймін. Одан да өлгенім артық!» Ажар көз жасын тиып, тастүйін тәуекелге бекінді. Аласұрып жан-жағына қаранды. Кереуеттің астында сынған қырықтықтың бір басы жатыр екен. Үп-үшкір, жүзі қылпып тұр. Уысына қыса ұстады. Сол бойына күш бергендей өжеттене түскен. «Өзім де өлем, зорлықшыны да өлтірем!» деген қатал сертпен түйіліп алды. Жігі ырсиған көк тақтай есіктен ауыз үйдегі кеу-кеулеген дауыс пен дарылдаған күлкі кедергісіз естіледі:
– Тойдың алды осы болсын. Ал, алып қояйық!
– Ұзағынан сүйіндірсін!..
– Әкесі Рыбзаводтың бас инженері екен. Дөкеймен құда болдың, Шәмшия!
– Иә, Алда, балдарымды бақытты қыла гөр…
– Қой, жылағаны несі.
– Сенер-сенбесімді білмей есім шығып отыр… Алыңдар, алыңдар… Құда қаласа, той алда ғой. Аяқастынан апыр-топыр боп… дайындық бомай… Гүлжан-ай, үйіңде кәниәгің боса әкелші…
– Әй, Молдаш, сен неге сүлкиіп тұрсың? Келіншегіңнің жанына барсаңшы. Әкелуін әкеп ап, қорқып тұсың ба?
– Байқа, мінезі шатақ екен!
– Бар, бар. Қамап қоясың ба, сөйлес…
Есік жайымен сықырлай ашылып, бұйра шашы дудыраған, ұзын бойлы, аққұба жігіт кірді. Еңкейіп, қабақ астынан жасқана қарайды.
– Кешір!.. – деді дауысы естілер-естілмес міңгірлеп.
– Қай бетіңмен кешір дейсің? Мұндай жауыз зорлық кешірілмейді!
– Ажар, мен…
– Айтпа атымды! Жоғал, жақындама! – Ажар қолындағы қайшының ұшын кезеді. – Жарып өлтірем!
Жігіт тапжылған жоқ. Бәріне көндіккен шарасыз кейіппен жалбарына тіл қатты:
– Өлтіре бер. Сенсіз өлгенім артық. Мен сені сүйемін, Ажар! Онымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Былтыр дүкеннің алдында сыртыңнан бір көрдім де, есімнен айрылдым. Күндіз-түні ойымнан шықпайсың. Мен дерттімін. Есалаңмын содан бері. Осылай іске қалай барғанымды өзім де білмеймін. Кешіре алсаң – кешірші! Көзім соқыр, көңілім дерт. Ақылға құлар дәрмен жоқ…
– Зорлықшылдық – махаббат емес, өзімшілдік. Босқа әре болма. Мұныңнан ештеңе де шықпайды. Мына қайшыны көрдің бе? Өткірдің жүзін серт қып ұстадым. Жақындағаныңды жарып өлтірем не өз жүрегіме қарш еткізіп бір-ақ қадаймын. Сөз ­­– осы, серт те осы!
Жігіт басы салбырап біраз үнсіз тұрды да, кері бұрылды.
Ауыз үйдегілер анталап жолын кес-кестеді:
– Не болды, сөйлестің бе?
– Ашуы басылатын түрі бар ма?..
– Көнетін емес! Қоя берейікші… – Мойынын ішіне алып бір қырын тұқырайған Молдаштың дауысы тарғылданып шықты. Үстел басында тойлатып отырған қатындар шу ете түсті:
– Не дейді мынау? Есің дұрыс па өзі?
– Түу, мұндай ынжық болар ма? Дүрдиген құр сырты екен ғой!
– Қайным-ау, түңілме. Үйге келген қыз қайда кетер дейсің, жылай-жылай жуасиды.
– Қой, ондай сөзді айтпа түге. Әкеп ап қоя береміні несі, ертең елге күлкі болмаймыз ба? Еркек емес екен демей ме!
­– Мынау былқылдап қалыпты ғой. Бәсе, неғып пысық бола қалды десем бұл қарағым.
– Қойыңдаршы-ей! – Молдаш шарасыз күйікпен қолын бір сілтеп шыға жөнелген…
Есіктен тұмсығы жер иіскеп бір кемпір кірді бүкір бел. Биік табалдырықтан «пысмылда!» деп екі ұмтылып әзер көтерілді. Екі бетінің ұшы қызарған. Қатпар-қатпар әжім арасынан сығырайған көздері күлміңдеп жылтың-жылтың етеді:
– Ий, айналайын, аппағым-ақ екенсің, аққудың балапанындай. Алланың бізге нәсіп еткенін қарашы. Бақытты бол, қарғам!
– Қайдағы бақытты айтып тұрсың сен, кемпір. Зорлықта бақыт бола ма екен? Егер жібермесеңдер, міне көрдің бе, бауыздалып өлемін!
– Тәйт, сандалма ары! Өле салу оңай болыпты-ау! Алып қашқан қыздың алды да, арты да сен емессің. Бидайдың баратын жері – тиірмен. Ерте бастан орыныңды тапсаң, несі жаман. Кетемін дегенді айтпа. Бұйыртып келген екенсің, балдай батып, судай сің. Кетем десең, мә, үстімнен аттап кет! – Бүкір кемпір босағаға көлденең тоңқайып жатып алды. – Атта кәне, теріс батамды беремін, екі дүниеде жолың болмайды. Мен Хамза қажының немересімен, арқа қонған әулие. Ақылға кел, балам. Жақсы жерге түстің. Молдаш менің жиенім. Арақ ішпейді құлыным. Жігіттің төресі. Осы ауылдағы талай қыздың қолы жетпей жүр емес пе. Ананы ал, мынаны ал десең, бірін менсінбейді. Кәстөмінің төсі жарқырап былтыр әрмиясін бітіріп келді. Осындағы таудай жалғыз қызыл тірәктірді менің құлыным айдайды дүрілдетіп. Жылда кірәміт алады. Ойбү-үу, қарағымның несін айтасың, тек тіл-көзден сақтасын де!.. – Аздап «қызыл шайдан» ұрттап алған кемпір жиенін мақтауға сөз таба алмай міңгірлеп жатып қор ете түсті.
Есіктің арғы жағындағылардың өз базары өзінде. Біріне бірі дес бермей сөйлеп, күліп гу-гу. Бір әйел масаң дауыспен «Ах-ау» деп ән бастап еді, бәрі үздік-создық дарылдап қостай жөнелді:
– Арба айдаған дегенде, арба айдаған-оу!
Айдай алмай арбасын жарға айдаған-оу!
Қызға келсе баспалап түнге қарай-оу,
Ит арс етіп алдынан сор қайнаған-оу!
Ахау, Айдаш-ай… Жо-жоқ, Молдаш дейік.
Ахау, Молдаш-ай,
Кудә пәйдөш-ай?
Мені іздесең, ей, қалқа,
Везде нәйдөш-ай!..
Ажар сықырсыз есіктің ілгегін салды. Тез бойын жиып, киімін түймеленді. Сығырайған жалаң қабат қырық жылғы лақса терезе жақтауға сырттан кигізілген екен. Бетіне құс жастықты тіреп, бар салмағымен итеріп қалғанда, күпсек қардың үстіне сылдырсыз ұшып түсті. Ұйтқыған жел қар үйіріп ішке лап қойды. Ажар апыл-ғұпыл жерге секіріп түсті де, жүгірген күйі қараңғыға сіңіп жоғалды.
Көк пен жердің арасы тұтасқан ақ дүлей. Ысқырып, ұйтқып, беттен сабалап көз аштырар емес. Омбы қардан бір жығылып-бір тұрып, жанұшырта алға ұмтылады. Қайда бара жатқанын өзі де білмейді. Тек қарғыс атқан осы маңнан тезірек қарамды өшірсем деген жалғыз тілек, дамылсыз жанталас. Жүгіре берді, жүгіре берді. Өкпесі өшіп сәл тыныстап алады да, қайтадан бар күшін салып, тыпыр-тыпыр бір желіс, бір бүлкекке көшеді. Бойын жылтып сәл паналай тұратындай қаңыраған бос қора не совхоздың үйілген маясы жолыға ма деп айналасына қарағыштайды. Ысылдап гуілдеген саңылаусыз тас бітеу кеңістік. Етек-жеңін, жалбыраған қалың шашын қар кеулеп, үйірген боранға бір қырын ықтай берді. Әлі құрып қайта-қайта құлап түседі. Біраз жатып, лезде үстін сыйпап көміп тастаған қардың арасынан тәлтіректей түрегеледі. «Тоқтама!» деп жүр-жүрлеген ессіз түйсіктің жетелеуімен тағы да ілбиді сүріне-қабына. Ысылдап құйындатқан боранға ілесіп әлдебір ұлыған дауыс есітілетіндей еміс-еміс. Анандайдан бір шоғыр көкшіл жарық бір сөніп-бір жанып жыпылық қағады.
Бұл кезде Ажар бір жығылып-бір тұрып, өңі не түсі екені ажырағысыз сағымдай бір бұлыңғыр елестің арасында малтығып келе жатқан…

 * * *

Ертеңінде «Ажарды алып қашып кетіпті» деген хабарды естігенде, төбемізден жай емес, тура атом бомбасы түскендей жайрап қалдық. Класта отыр едік, сабақты тастай сала, еркек кіндікті он екіміз сыртқа атып шықтық. Ес жоқ, бақырайып бір-бірімізге қараймыз. «Ажарды біреуге беріп қоямыз ба? Құтқару керек!» Бәріміздің көкейіміздегі сөзді Төрехан айтты.
Клубтың алдына оншақты жігіт жиналып қалған екен арқасы күжірейіп. Бәрі де Ажардан дәмелілер. Әділхан тіркемелі көк «Беларусін» тырқылдатып көлденеңдей тоқтаған. Ғашықтар гвардиясы жапырлай тіркемеге қарғып-қарғып шықтық. Ешқайсымыз сөйлемейміз. Құлақшынымыздың бауын иек астынан шарт буып, қабағымызды қарс түйіп алғамыз. Қолымызда бір-бір таяқ ұзынды-қысқалы. Ішіміздегі буырқанған қыжылды езуіміздегі дамылсыз бұрқ-бұрқ еткен темекінің түтіні айтып келеді.
Боран таң ата басылған. Айнала жылмиған бітеу ақ жұмыртқа. Шақырайған күн қармен шағылысып көз қариды. «Шонабай қайдасың» деп жолдың нобайымен төтелей сызған трактор ой-қырдан шоқалақтап жүрісі өнер емес.
Бір уақытта кілт тоқтап, Әділхан жерге секіріп түскен. Не болды деп жан-жағымызға қарағанша, етпеттей кетіп өкіріп қоя берді. Үрпиісіп біз де жапырлай жерге түстік. Қурай-бұтаның басына ілініп жалбыраған шаш, қанға малшынып дода-дода шашылған киім. Бүтін денеден екі табан мен екі алақан ғана қар бетінде шаншылып жатыр. Сойдиған қызыл-ала қаңқаға бір топ қарға-сауысқан құнжыңдап таласа үймелейді.
Сол жерде өңкей бажа бір-бірімізді құшақтай алып, өкіріп жібердік. Бақырып, сыңсып, еңіреп… түрлі дауыспен зар қоса өксіп азан-қазан болдық та кеттік. Мұрынымыздан боқ ағып, дода-додамыз шығып, иен даланы басымызға көтеріп шай қайнатым боздадық…
Сол күні біз ғана емес, бүкіл ауыл күңіренді. Түні бойы алай-дүлей дауыл ұйтқып, мектептің шатырын төңкеріп тастады.
Бүкіл ауыл жылап жүріп, Ажардың сүйегін жиып-теріп жалғыз теректің түбіне жерледік. Ұзын жолдың бойында арлы-берлі өткендер бір-бір қарап күрсініп өтеді. Ғажайып нұрлы ажарымен талай жүректі сәулелендірген жас өмірдің аянышты ескерткіші алыстан мұңая қарап, айта алмай кеткен құса-өкінішін үнсіз сыбырлап тұрғандай.
Сол күннен бастап мен өлең жазғанды қойдым. Расы, қойдым емес, жаза алмайтын болып қалдым. Ойлана алмаймын, толғата алмаймын, жүрегім алып-ұшып, алаулап-жанып шалықтай алмаймын. Бұрынғы топастау, доғал қалпыма түстім. Селқос, марғау. Шығармадан соңғы емтиханда әзер үшке іліктім. Ойым шашыраңқы, қаламым кібіртік, аузыма сөз түспейді мүлдем. Бір күні балалардан жасырынып барып, бүкіл жазған өлеңдерімді жыртып-жыртып, Ажардың бейітінің үстіне шаштым да жібердім. Ұйтқыған жел ақ парақтарды қарға тигізбей іліп алып үйіре жөнелді. Сыбырлап, сыбдырлап арлы-берлі аударылып-төңкеріліп шарықтап барады. Бірте-бірте ақ парақтар бір-бір аққуға айналып кетті. Жамырай үн қосқан сансыз аққу сыңсып, сұңқылдап аспан астын шуылдаған шерлі сағынышқа толтырды. Жалғыз бейіт қалқайған жым-жырт даланы мұңлы махаббат жыры әлдилегендей. Мен өзімнің көз жасыма шыланған балалық жырларымның үзік-үзік жолдарын аққудың қанатынан соңғы рет сыбырлап оқып тұрдым.
Біреулер кейін түн ішінде Ажардың бейітінің үстінде аққулар сыңсып ұшып жүреді екен десті, өздері көрінбейді, дауысы ғана естіледі деп аңыз ғылып жүрді.
Ажарға ғашық біздер бір-бірімізден қызғанып, іштей бәсекелес едік. Алакөзденіп ілінісе кетуге әзір тұратынбыз. Енді, міне, бір жүрек, бір тілекпен қайта табыстық. Бір жүрекпен қайғырамыз, бір жүрекпен жылаймыз. Қыс аяғы ұзаққа созылып, сәуірдің ортасына шейін бұрқасындатып тұрды. Он екіміз күн сайын сабақтан кейін, боран боп тұрса да, Ажардың басына бір соғып қайтпай көңіліміз көншімейтін. Аласа темір шарбаққа сүйеніп, басымыз салбырап үнсіз егілеміз. Ыстық жасымыздан қардың беті пыс-с етіп буланғандай ойылып түседі. Қаз-қатар қарайып дөңгеленген он екі шұқанақ. Көктем туа, Құданың құдіреті, сол шұқанақтан он екі тал қызғалдақ көктеп шықты. Қияқтары тарамдана бой созып, көп өтпей қауыз жарды. Бәрі қып-қызыл. Тұрған орнымызға қарай, «мынау менікі» дейміз әр талын иемденіп. Жаңбыр жаумаса да, біздің көз жасымызбен көктеп, шыжыған ыстықта қып-қызыл шешек атып тұрды.
Ауыл қаңырап бос қалды. Қызық жоқ. Жайнатып тұрған жалғыз тал қызыл гүлді бір зорлықшыл зұлым қол жұлып алып кеткендей. Бұрынғы жұпыны, самарқау тірлігімізге көштік. Басқаны білмеймін, әйтеуір маған солай көрінеді.
Ажардың анасы «Рыбзаводта» бухгалтер еді. Күйікке шыдамай есінен танып құлай береді деп еститінбіз. Көп өтпей құтсыз мекеннен біржолата көшіп кетті.
Қыз алып қашқыш зорлықшылдарды көрге қоса тығайық деп бір топ көңіл бажа іле-шала трактормен сайланып барып едік, жер сабап қайттық. Милиция сол күні-ақ ұстап әкеткен екен. Молдаш деген қошқарды төрт жылға соттады, қалған екеуіне екі жылдан берді. Қара-құрым боп ентелеп жеткен бізді залға кіргізген жоқ. Үкімді естігенде, дүр етіп ішке лап қойдық. «Ату керек! Сот әділетсіз! Взяточник!» деп айғайға бастық. Милиция төбемізден мылтық атып, дубинкамен соғып әзер қуды. Әділхан айғайлап боқтап, терезені таспен бір перген. Сол жерде төрт милиционер қолын бұрап, машинаға бір-ақ тықты. Он күннен кейін қырық жырым тыртық басы жалтырап ауылға оралды.
Уақыт көші бір орында тұрсын ба, өз кезегімен алға жылжи берді. Мектеп бітірісімен әрқайсымыз әр қиырға сапар шектік: біріміз – оқуға, біріміз – әскерге. Жаңа күннің әлем-жәлем қызығы жетелеп бөгде бір әлемге кіріп бара жаттық. Бәрі тосын, бәрі таңсық. Бірінен бірі ыстық көрініп, көз арбап тұңғиығына тарта түскендей. Енді өткеннің балдан тәтті қызығы да, күйікті қасіреті де көңілден көмескіленіп шегініп бара жатты. Кейде еріксіз Ажарды есіме аламын. Жабырқаймын, күрсінемін. Бірақ бұрынғыдай арпалысып, өртеніп-жанған жан азабын шекпеймін. Басқа бір адамның басынан кешкен күйіктей сабырлы аянышпен мұңаямын.
Күйбің тірліктің әбігерімен арада біраз жыл өтіп те кетті. Әлгі бәрімізді зарлатқан, бәріміді сорлатқан Молдаш сұм бір жарым жылдан соң шартты мерзіммен босап шықты деп естідік. Үшінші курста әкем науқастанып, жағдайын білуге ауылға келгенмін. Үш жылда бірінші рет құран оқиын деп Ажардың басына соқтым. Зиратқа таяй бергенімде, әлдебір көлеңке көлбең етіп анандайдағы қалың қау қурайдың арасына сіңіп кеткендей болды. Көзіме сенбей елес пе дейін десем, қурайлардың басы жапырыла толқып тұрды.
Қабірдің топырағы отырыпты, беті сарғайып кеберсіп жарылған жайдақ төмпешік қана. Баяғы біздің көз жасымыздан көктеген он екі тал қызғалдақ жоқ. Тек төмпешіктің бас жағына бір шоқ қырмызы өсіпті. Қып-қызыл боп жайнап тұр.
Бір ұяның балапанындай түлеп ұшқан достардың шұрқырасып бас қосуы сирек. Бірі – ойда, бірі – қырда. Шанда бір сәті түскенде, қай-қайдағыны еске алып, қауқылдасып қаламыз. Байсал тартқан, бір-бір шаңырақтың иесі, бетте әжім, жай оғындай жарқ-жұрқ еткен көздегі от көмескі, осыған да тәуба деген бір бойкүйез шүкіршілік. Сөз арасында бәріміздің Ажарға ғашық болғанымызды айтысып, «әй, балалық-ай!» деп күлісіп қоямыз, жас кездегі өтті-кетті жәй бір шалдуар ақымақтық секілді нәумез қалыппен. Әзелден теріс-қағыс сөйлейтін қара Ахмет:
– Бір есептен, ол қыздың өліп қалғаны да жақсы болды! – деді түйеден түскендей дүңк еткізіп. Балабек одырая қарап, құйрығынан теуіп қалды:
– Не оттап отырсың-ей?
– Егер осы отырған біріміз алсақ, бәріміз соған жау боп кетер едік!
– Бәрібір саған тимес еді!
– Сөзің құрсын, саған ес кірмейтін шығар! – Темірхан қабағын кіржитіп, жерге шырт түкірді. Әңгімені басқа жаққа бұрғысы келді ме, арманшыл Төрехан:
– Шіркін, Ажар тірі болғанда, осы күнде қандай келіншек болар еді! – деді күрсініп. Ешкім үндеген жоқ. Әркім өз қиялында небір перизатты елестеткен шығар. Бірақ менің жүрегімдегі Ажардың бала бейнесі бәрінен сұлу еді.

* * *

Бұл өмірде Ажарды мәңгілік махаббатпен жүрегінде әлдилеп, күңіреніп өткен бір адам бар еді. Ол – Молдаш. Күйікті өкініш оны оңдырмай соқты. Түрмеден шала есті, меңіреу боп оралды. Ештеңеге селт етпейтін сұлық, күні бойы мелшиіп бір орында отырғаны не өзінен-өзі ыңылдап арлы-берлі теңселіп жүреді де қояды. Біреу шалық соққан деді, біреу түрмеде басына зақым тиген-ау десті. Шешесі байғұс шырылдап жүріп дәрігерге қаратты, бақсыға ұшықтатты, моллаға оқытты. Бәрібір оңалмады. Дудыраған сары бұйра шашы төбесіне жалбыратып үйе салған бір шөмеле сабандай. Қау боп өскен жирен сақал-мұртының арасынан көзі жылтырап, мұрнының ұшы әзер көрінеді. Көлденең ұстаған таяғын саусақ ұшымен сипай қағып, мұңлы қоңыр әлдимен талықси төмендеп, іле бебеулете ышқынып бір тұңғиық зарды тынымсыз ыңылдайды. Бұрын ел «тракторист Молдаш» дейтін, енді «диуана Молдаш» атанды. Жаз шықса апталап жоғалып кетеді. Ондайда жоқ іздеген біреулер «әлгі қасқыр жеген қыздың бейітінің жанынан көрдік» деп айтып келетін.
Көп өтпей бүкір кемпір де, жалғыз сиырдың бауырын тартып, ағарғанын жалғызының аузына тосатын бейшара шеше де өлді. Шеттегі жапырайған қотыр там қаңырап жетім қалды. Шалқасынан ашылған есіктен ит те кіреді, құс та кіреді. Оған қарап жатқан Молдаш жоқ.
Бұл кезде қу таяқтың орнына қолына домбыра ұстайтын болған. Қыл мойын, қошқар құйрық күмбір қаққан қара домбыра. Түнде құшақтап ұйықтайды, тұрса ішегінен саусақтары ажырамайды. Ыңылдап өксіп, үздіккен жүрегінің үнін қара домбыраның шанағына құя берді, құя берді…
Бір күні бейуақта қоңырайған қотыр тамның аузы-мұрынынан бұрқ етіп, бір алапат сырлы тасқын бұрқырап-сарқырап төгілді-ай дейсің. Талықси өксіп, құбыла шалқып қолқа суырған зарлы сағыныш бебеу қағады. Бүкіл дүние егіле өксіп тұр. Жел де ішін тартып тына қалған. Жапырақтар сыбдырсыз. Жаңа туған жас жұлдыздар жанарынан жылт-жылт маржан төгеді.
Телевизор, кино түгілі электрі жоқ қияндағы қараусыз қалған ауылға енді жылт еткен қызық табылғандай болды. Кеш болса топырлап жапырайған жаман тамның алдына жиналады. Үңірейген сынық терезе, аңырайған қисық есіктен күмбір-күмбір күңіренген қара домбыраның күйін сағаттар бойы тыңдап, түннің бір уағында қоңырайып, күрсініп қараңғыға сіңіп бара жатады.

* * *
Падашы Смаил көлшіктің жағасына отарды жусатып салып, жалғыз қарағаштың дөңгеленген көлеңкесінде түстігін қаужаңдауға кіріскен. Кенет қойдың шеті дүр етіп үрікіп, қасында тілі салақтап етпеттеп жатқан жырық құлақ Ақтөс абалап ұшып тұрды. Шидің басынан мойынын соза қараса, жанай өткен жолдың жиегінде киіз қалпағы өзінен үлкен боп қалқайып біреу тұр. Велосипед мінген. Жүк артқышында буыншақ-түйіншегі бар. Арқасына сөмке асынған. Смаил емпеңдеп қасына барды. Алыстан ауыл арасында жүрген бала ма деп қалған. Қырым еті жоқ, қақпыш денелі кексе кісі екен. Шабдар бет, ақшыл-сары. Сұрғылт спорт шалбарының оң балағын кірқысқышпен қысып қойыпты.
– Асслаумағалейум. Жол болсын, ағасы!
– Әликумсалам. Әлей болсын!
– Танымадым ғой, ағасы?
– Танымасаң төріңді көрсетпейсің бе? Тергеп-тексеріп алмай аттан түсірмейтін еліңнің салты бар ма? Қаталап кеттім, бауырым. Айналада таңдай жібітетін бұлақтың суы да жоқ қой, жүдә!
– Ойбай, жүріңіз. Даланың төрі де, үйдің де төрі сіздікі.
Велосипедті шидің арасына жантайта салып, екеуі қарағаштың саясына жайғасты. Көлеңке қанатын желпіп, салқын деммен тыныс ашып тұр. Смаил киізбен қапталған үш литрлік пластик құтыны шайқап-шайқап, бидай көжені кәрлен тостағанға толтыра мейманға ұсынды.
– Уһ, жаным-ай, мұп-мұздай бап екен! Тағы да.
Мейман екіншісін сіміре тартып, маңдайының терін сүртті.
– Мына ыссыда қалай мұздай ғып ұстайсың?
– Киізге анда-санда су сеуіп қойсаң болды.
– Конденсат. Қазекем түйе бағып жүріп-ақ физиканың заңын білген-ау,ә! Жә, енді жөн сұрассақ болады. Мен алыстан келем, Алматыдан.
– Мына белсепедпен? – Смаил сары дала, шақырайған күннен жасқана-жасқана сығырайған шегір көзін жарқ еткізіп ашып алды. – Алматы итөлген жер деуші еді, жақындап кеткен бе?
– Сол орынында, 1357 шақырым осы жерге дейін.
Смаил таңдайын шықылдатты. Шегір көзі: машина, самолет тұрғанда, ауыл арасында мал қарайтын балалардың темірімен тепеңдеп не сорым деп тұр.
– Қанша күнде жеттіңіз?
– Қона-түстеніп, 23 күн жүрдім. Мұнікі не әурешілік деп тұрған шығарсың. Е, бауырым, айтсам түсінбессің. Бұл темір аттың сәйгүліктен бір кемдігі жоқ мен үшін. Ат арқасындай, өз желігі бар мұның да.
– Туысшылап жүрсіз бе?
– Туыстан да қымбатымды іздеп келдім! – деді мейман жұмбақтай жымиып.
Бұл Темірхан Әл-Түркістани дейтін жиһанкез журналист-жазушы еді. Көп жылдан бері «Қазақ радиосында» істейтін. Жаз болса, өстіп қазақ жерінің қиырын шарлап кетеді. Тұнық көлін, аңызақ шөлін, тау-орманын көз аясына тұндырып, әр ауылдың сөз білетін үлкен-кішісімен сырласады, таңдайын сауады. Көрген-түйгендерін көкірегінде түрлендіріп, «Туған жер таңғажайыптары» деген тамаша кітаптар циклін жазып жүр. Биыл «мен баспаған қай төбе бар» деп картаға шұқшиып отырып, осы өңірге құсы түскен.
– Иә, Сәке, ауылыңда не байлық бар?
– Қой бағамыз, сиыр жаямыз, одан басқа не байлық болсын бізде.
– Қой-сиыр әр ауылда бар. Темір соғатын ұста, кілем тоқитын ісімер қыз-келіншек, сөз білетін қария, өнерпаз жастар бар ма дегенім ғой.
– Өнер алды – жан баққан болып кетті ғой, ағасы. Бұрын ақын да, әнші де бізде еді, күнде думан, күнде той боп жататын. Күнкөрістің қамымен бірі ойға, бірі қырға торғайдай тозып кетті. Қаңыраған ауылдан не табады? Ең болмаса светі де жоқ.
– Оған не болды?
– Міне, көрмейсіз бе? – Смаил сап түзеп серейген сирақтарын сілтей басып, жол жиегімен ұзап бара жатқан бетон бағандарға қарай қылтанақсыз көсе иегін көтерді. – Баяғыда домбыраның ішегіндей күмбірлеп тұрушы еді. Қамшының сабымен тық еткізсең, зыңылдап күй шалатын.
– Не жау тиді?
– Сырттан шапқан жау жоқ. Бұл қытай деген қыл-қыбырға дейін жалмай беретін жалмауыз екен ғой. Алюмини керек деген соң, ішіміздегі бір жүліктер түн ішінде баған басындағы бүкіл сымды сыпырып алып, соларға сатып жіберіпті.
– Е, күйсегеннен басқа өнеріміз жоқ де. Онда ауылыңа бұрылып әуре болмай-ақ қояйын.
Мейман қайыр-хош айтысып, темір атына мінді. Селтиіп тұрған Смаил сәлден соң әлдене есіне түскендей, қиқалаңдап ұзай берген мейманның соңынан айғайлап, қолын бұлғады:
– Оу,Тәке, Тәке, тоқтай тұр?
– Не болды?
– Жаңа ұялып айтқым келмеп еді. Біздің ауылда бір диуана бар. Асқан күйші. Ерінбеген қатын-қалаш күнде барып соның күйін тыңдайды. Біздің қатын әйтеу күнде жылап келеді.
– Ойбай-ау, бағанадан бері соны айтпадың ба, қой-ешкіңді түгендеп мақтанғанша!..
Екеуі отарды жая өргізіп, кеш бата ауылға жеткен. Смаил серкеш сойып қонақ етті. Ертеңінде Молдаштың үйін сыртынан нұсқап жіберген.
Ақ-бұйра шашы жер-көкке сыймай қобырап арқасына төгілген, ақ-бұйра сақал-мұрты дудырап бет-аузын жапқан ескі өңді, арса-арса лақса біреу ала-көлеңке бөлменің төрінен қалқып шыға келді, қара домбырасын құшақтап қалғып отыр. Сәлем берді. Үндемеді. Алыстан келгенін айтты. Үндемеді.
– Қария, қаншадасыз? – деп дауысын көтергенде, сәл езуін тартты.
– Менің жасым жоқ. Жиырма жыл бұрын өліп қалғанмын…
Молдаш бәлсінбеді. Өз-өзінен толғағы келгендей көзін жұмып, шайқала қозғалып, еті қашқан салалы саусақтарымен шанақты дабылдата қағып-қағып жіберіп, қос ішекті қуалай үн біткенді қақтап сауып безілдете жөнелді. Ұшынып-ұйтқыған аласапыран бебеу бойды алып, кеулеп кеміріп барады. Әзидолла мен Төлеген, Нұрғиса мен Секеннен бастап отыз жыл «Алтын қордан» күйдің небір дүлдүлін естіген құймақұлақ Темірхан алай-дүлей көкірегі сілкініп, есеңгірегендей отырып қалды. Мынау бір тосын ырғақ, шері мен сырын сыбырлай өксіген шиыры бөлек сарын. Күй дейтін күй де емес. Ешқандай қалып-өлшемге сыймай асып-төгіліп шалқып жатқан көл-көсір телегей, сыңғырлы, сиқырлы полифония. Япыр-ау, тілсіз домбыра осынша шешен сөйлер ме! Күрсінтіп, күңірентіп, тербеп-толқытып, іштегінің бәрін үңгіп, тілмен жеткізе алмас, көңілмен ғана түйсінерді түгелімен айтып жатыр қопарып. Тоқтамай бір жарым сағат бебеулетті кәрі шанақтың қарлыққанша үнін сарқып. Тоғыз тарау екен, нақышы түрлене құлпырып, бірімен-бірі үндесіп отырады. Темірхан жеті рет тартқызып, жеті рет жылады. Әр тартқанын магнитофонға жазып, бейнетаспаға түсіріп алған.
Бір айдан кейін Молдаштың күйі «Ажар» «Шалқар» радиосынан шалықтап, жалпақ жұртқа тарады. Есіткен жанның жүрегі езілмейтіні жоқ. Мұңайып, күрсініп, неше түрлі шарпысқан қиялмен ойға шомып отырып қалатын.
Музыка әлемі дүр сілкінді. Бөлек бітімді құбылыс деп тамсанды бәрі. Ең қызығы – бұл күйді Молдаштың өзіндей нақышын келістіріп ешкім тарта алмайтын боп шықты. Бұрма-бұлтағы, ырғақ лүпілін дөп басу ұстау мүмкін емес. Ол үшін Молдаштың жүрегіндегі бебеу қаққан бүкіл дірілді өз жүрегіңе айнытпай көшіруің керек. Қазіргі заманның дүлдүл күйшісі Секен Тұрысбектің өзі бір тарауының қиюын әзер келтіріп, ары қарай бойлауға жүрегі дауаламапты деседі. Бұл күйді естіп таңырқаған Игорь Крутой соның негізінде тұтас симфониялық цикль жазыпты…
Молдашты бүкіл ауыл жақсы көріп кетті. Әсіресе асай-мүсейін арқалап Алматыдан келген дөкей жазушы киноға тартып әкеткеннен кейін. Смаил: «Япырай, бүкіл ауылдың мал-жаны Молдаштың тырнағына татымай қалды-ау. Кісіміз де, киеміз де жалғыз Молдаш екен ғой!» дейтін ел жиылған жерде ілікке себеп болғанын өзінше мақтан ғып. Молдашты бірі аяп, бірі құрметтеп, тұрмыстан тарықтырған жоқ. Көршілері кезектесіп ас-суын әкеп тұрады, бірі кірін жуып, киімін жамап беретін. Қыста от жағып үйін жылтып қояды. Бірақ Молдаштың алқам-салқам есігі қысы-жазы жабылған емес. Әкелген тамақты жан-жақтан жиылған ит-мысықпен бірге бөлісіп тойлатып отырады.
Бір күні Молдаш бейіт басындағы жалғыз терекке арқасын сүйеп күй шалып отырған. Қалғып кетіпті. Түс көрді. Жиырма жылдан бері бірінші рет Ажардың жүзі көз алдында жарқ етті. Ақ сағым арасынан бұлдырап қарайды. «Кештім!» деді сыбырлап. Кел дегендей қолын бұлғады өзіне шақырып. Молдаш жүрегі кеудесіне сыймай атқақтап ұшып тұрды. Қуанғаннан есі шығып кетті. «Қазір барам, жаным, қазір! Өмір бойы күткенім осы еді ғой!» Шарқұрып жүріп күрек-сүймен тауып әкелді. Ажардың қабірінің дәл іргесіне жанастыра көр қаза бастады. Тыным таппай ақ тер-қара тер боп, түн жарымы ауа бітірген. Таңертең көршілеріне барып:
– Мен бүгін түс ауа өлемін. Көрімді қазып даярлап қойдым. Көзімді қарға-сауысқан шоқып тастамасын, көме салыңдар! – деп кері бұрылып жүре берген.
Бейіт басына келіп қара домбырасын соңғы рет бебеулете тартып, теректің бұтағына ілді. Қайшымен тырнағын алды. Жыраның түбіндегі қар суынан қалған көлшікке сабынданып ұзақ жуынды. Шашын, сақал-мұртын тарап, даярлап әкелген ақ дабы кебінін киді. Содан соң көрдің ішіне түсіп, шалқасынан жатты да, екі қолын кеудесіне айқастырып, калимаға тілін келтірді. Дұғасын күбірлеген күйінде көзі ілініп кеткендей, жүзіне мейірлі тыныштық үйіріле, үзіліп жүре берді.
Дәл осы мезетте жердің бір қиырында мен де жан тапсырған едім.
Қырық күннен бері қара домбыра ызыңдаған жел, сыбдырлаған жапырақпен үн қосып бебеу қаға зар төгіп тұр. Иесінің жиырма жыл бойы көкірегін сауып шанағына құйған күйікті шерді күндіз-түні ақтарып тауыса алмай жатқандай. Ымырт құшағында мүлгіген дала мұңая күрсінеді.
Мен туған жерімді қия алмай шырқау көкте ұзақ шарықтадым. Міне, Ажардың зиратының үстінде қанатын сыбдырсыз қағып, мың-сан аққу қалықтайды. Менің бала жүрегімнің періште жырларынан жаратылған ақ құстар. Ақ қағаздың бетіне мөлт-мөлт тамған мұңлы махаббатымның тамшысынан сыңсып ұшқан аққуларым менің! Өксікті сырларымды дұғадай сыбырлап, сыңсып, сұңқылдай ұшады. Бақидың терезесінен ғана шалынатын пейіштің бұл аққуларын, өкінішке орай, жер бетіндегі сіздер көре алмайсыздар, әлбәттә. Бәлки, қараңғы түнде зираттың тұсынан жанай өткен бейсауыт жолаушыға аққудың сыңсыған мұңлы дауысы естілсе естілетін шығар, еміс-еміс?

Екінші бөлім
БАРЗАҚ ӘЛЕМІ
Остап Бендердің жиені мен ақ мамам

Қырық күн бойы Фәни дүниені емен-еркін шарлап қоштасқан соң, қырық қат көктен Барзақ әлеміне өттім. Алдымнан Бақидың көк қақпасы ашылды. Тамылжып діріл қаққан көгілдір нұрға шомылып, тұңғиыққа сіңіп барамын. Мұнда тек рухтар мен періштелер мекендейді екен. Ақ қанатты екі періште екі қолтығымнан демей іліп ала жөнелді. Көк аспанға қанатының ұшымен сағынышын жазып тыраулаған көктемгі тырналардай, нұрлы шексіздікте ырғала қалқып келеміз.
Періштелердің бірі оңға, бірі солға тартады. «Мен жағы ауыр, жоқ, мен жағы ауыр» деп кейде екеуі таласып қалады. Сөйтсем бұлар менің амал дәптерімді жазған періштелер екен. Кәрибан мен Кәтибан періште. Бірі оң иығымда отырып, өмір бойғы жақсы сөз, жақсы істерімді, екіншісі сол иығыма шығып, теріс қылықтарымды қылға тізгендей хатқа түсіріпті. Енді соның қайсысының салмағы басым деп таразыға тартып, келісе алмай келе жатқан сыңайлы.
Сол жақтағының дауысы өктем, сөзі мығым:
– Мұсылмандық парыздың бір де бірін өтеген емес. Баратын жері белгілі!
– Сен өйтіп ұшқары сөйлеме. Қайда баратынын Хақ-Тағала өзі біледі. Ең бастысы – бұл адамдық парызын өтеді. Адам бола білді.
– Адам боп жаратылған соң, адам болу – міндеті. Оны неменеге артықшылық көресің?
– Мұсылмандық парызын өтегенмен, адам бола алмай жүргендер аз ба екен?
– Адам боп сонша не істепті?
– Адал болған, қиянат қылмаған.
– Тағы не істепті?
Менің қолдаушы періштем ойланып барып күмілжи тіл қатты:
– Ағаштың жапырағын жұлмаған. Шөпті таптамаған. Жылағанды аяған…
– Қолынан бар келгені сол ма?
– Ол аз ба?
– Аз, әлбәттә. Құдайға құлшылық етуі керек еді.
– Өлер сәтінде тілін кәлимаға келтірді ғой. Алла бір, Пайғамбар хақ, Құран шын деді. Соның өзі құлшылық емес пе?
Екеуі соттағы прокурор мен адвокат секілді жүдәулә. Бірі қаралау керек, бірі ақтау керек. Адвокатымның дәлелдері әлсіз. Әйтеуір, қалайда ақтап алсам, қорғап қалсам деген жанталас. Зұлым қылмыскердің жазасын сәл де болса жеңілдетуге септесейін деп, сот үстінде болмашыдан ілік іздеп жол табуға битін салатын ысқаяқ адвокаттың әуресіндей. Екеуі ұзақ айтысты. Таразының табағы қалтылдап, біресе оңға, біресе солға тербеледі.
– Алла оны дені сау ғып жаратты. Көретін көз, ойлайтын ақыл, жүретін аяқ берді. Алланың сол ниғметін неге пайдаланбады? Неге бес парызын өтемеді?
– Ұрлық-қарлықпен байып, бес рет қажыға барғаннан не сауап?
– Талаптанса, тірлік жасауына болар еді ғой.
– Талаптың жолын кескен қиянат аз ба? Жанын баға алмай қайыршының күнін кешті. Нанға бойың жетпесе, құранның үстіне шығып алуыңа болады дейді емес пе Пайғамбарымыздың өзі.
– Бәрібір ақтау емес бұл.
– Ең бастысы, Алла қандай пәк қып жаратса, бойына кір жұқтырмай сол ақ күйінде Алланың алдына оралды…
Мұнда уақыт өлшемі жоқ. Күн, түн екенін білмейсің. Ай да, Күн де, Жұлдыз да жоқ. Тек тамылжыған көгілжім нұрға шомылып жүресің.
Аз ба, көп пе, қанша өткені белгісіз, бір мезетте қалың адам көрінді. Адам дегенім – аруақ, тәнсіз рух. Бір-біріне ұқсамайды, әркімнің өз бейнесіндегі елесі.
– Мыналар неғып тұр? – дедім екі жағымдағы періштелерге кезек қарап.
– Сират қақпасына келдік.
Ол не екенін түсінбей қалып едім, сол жағымдағы періште мазақ қылғандай дауысын құбылта сөйледі:
– Қазір Құдайдың сотына барасың. Қыл көпірден өтесің!
– Алдын-ала қорқыта бермесеңші! – деді оң жағымдағы жақтырмай. – Сен-ақ қара аспанды төндіре береді екенсің осы!
– Қыл көпірден өтетіні өтірік пе?
– Ол – Алланың таразысы. Күнһар мұнафихтарға ғана қылдай боп көрінеді.
– Мұның күнәсі жоқ деп кім айтты?
– Мейірімді Алланың шафағаты шексіз. Күнәсі болса, кешірсін деп тілеймін.
– Мен күнәһардың тозаққа түсуін қалаймын!
Мынау сол жағымдағы періштелердің ішіндегі сұмпайысы екен. Бойыңнан тек жамандық іздеп жалаң қақақан біреу. «Ұры түрмеде отыруға тиіс!» дейтін қатып қалған моральшіл Остап Бендердің нағыз өзі, өзі болмаса да жиені шығар-ау.
Тілеуі жаман сұрқияны көрген бойда-ақ жек көріп кеттім. Туғаннан өлгенге дейінгі қалт басқаныңды қара қылға тізіп, «міне, міне!» деп қақылдап тұрса, қалай жақсы көресің. Пенде болған соң қаталаспай тұрасың ба: бірін білместікпен істейсің, кейде қызбалыққа салынып кетесің. Женевадағы халықаралық госстандарттың таразысындай скидкасы жоқ қатып-семіп қалған бір пәле тегі! Оның жанында оң жақтағы періште мамам секілді, қап-қара болсам да, аппағым деп сүйе беретін.

Піл сауырында билеген Радж Капур

Бас-аяғы бұлдыраған ұзын көпір тозақтың үстін кесіп өтеді екен. Аяғың тайып кетсе, алаулаған қып-қызыл оттың үстіне тоңқалаң асасың. Қалың топтың соңында кезек күтіп алыстан қарап тұрмын. Аруақтар бір-бірлеп өтіп жатыр. Біреулер зу өтіп жүгіріп өте шығады, біреулер кібіртіктеп әзер жылжиды. Әне, қолына тасфих ұстап, басына сәлде ораған, ақ желбегейлі пірәдар жол ортаға жетпей көпірден төңкеріле құлады. Өкірген дауысы құлақ жарды:
– А-а-а… Бұл әділдік емес! Мен – дамулламын. Жеті рет қажыға бардым. Өмірі ораза-намазымды қаза қылғам жоқ… не жаздым, Алла-тағала? Сенің әділдігің осы ма?..
– Қалай екен? – деді оң жақтағы періштем сол жақтағыға кекте күліп. – Өзі дамулла екен. Бүкіл өмірін дін жолына бағыштаған. Жеті рет қажыға барыпты. Бар парызын өтеген. Ендеше неге тозаққа түсті?
– Бір күнәсі бар шығар?
– Көрдің бе, ақ-қараға Алла ғана таразы!
Екінші періште үндеген жоқ.
Менің зәрем ұшып кетті. Ақ сәлдеден өзім бұрын барып тозақтың төріне топ ете түскендей болдым. Аузынан иман кетпеген, қолынан тасфих түспеген дамулланың киген кебі мынау болғанда, мен сияқты мүскіннің барар жері белгілі ғой. Бағанадан бері оң жақтағы періштенің тілеулестік сөзіне емексіп, «можмит, пейішке бармасам да, ең болмаса, қыл көпірден өте бере құласам-ау» деген әлсіз үмітті көңіліме алданыш қып тұрғамын. «Армандапсың, ақ тоқты, қыс біткенде көк шөпті!» Бес парызды өтемек түгілі, қара басымды дұрыстап алып жүргем жоқ қара басып. Тұрған бойым күнә: ішкенім – арақ, тартқаным – темекі, беті қызыл ұрғашы көрсем, сілекейім сорғалады. Құрдастарым: «біздің Тәуфекең төбесінен ұрғашы торғай ұшырмайды» деп әзілдейтін. Ешкімге қайыр-садақа берген емеспін, өзім қайыршы боп жүрсем, кімге саям түскендей. Ең аяғы, өз бала-шағамды асырауға жарамай үйден безіп кеттім. Ойбай-ау, бәрін былай қойғанда, өзіме-өзім қол жұмсап, атылып өлгенімді айтсайшы! Бұдан асқан күнә болсын ба?.. «Хана! – дедім ішімнен орысша айғайлап. – Біткен жерің осы, Түймеш! Қазір тозақтың отында шашлық боласың!» Бәрінен түңіліп, шарасыз күймен меңірейіп ұзақ тұрдым. Келесі сәтте: «Әй, қойшы! – дедім қолымды бір-ақ сілтегендей тәуекелмен. – Тозақ, тозақ дегенге неменеге қорқа беремін? Менің күнделікті көрген өмірімнің өзі тозақ емес пе еді? Содан қиын емес шығар. Бұл не көрмеген бас, бұған да көнерміз».
Енді не болса, ол болсын деген селқос сабырмен айналама қарадым. Көпір үстіндегі көрініс қызық. Таяқ ұстаған зағип, қалтақтаған ақсақ-тоқсақ, ғарип-мүскіндер қыл көпірден оп-оңай өтіп кетіп жатыр. Өздеріне сенімді кердең басқандардың көбі құлап түседі. Құлағандарды көрген сайын бергідегі ентелеген қалың жан «Алла-аллалап» иман айтып зар-зар қағады. Әне, жүдеу өңді, жұпыны киінген біреу имек мүйіз ақ тоқтыға мініп, қыл көпірден жайбарақат өте шықты. Оң жағымдағы періште:
– Ил-ләхи әмин! Алланың ризашылығына бағыштап құрбандыққа шалған ақсарбасы сауапқа жазылыпты! – деді.
Қалың нөпірмен иін тіресе жылжи-жылжи менің кезегім де жетті-ау. Қобалжымасам да, не болса да тезірек болса екен деп тұрмын. Таяған сайын оң иығымдағы періште дауысы дірілдеп, дамылсыз күбірлеп келеді:
– Шафһаты шексіз Жаппар ием, алдыңа келіп әділ қазылығыңа жүгінген пендеңнің фәни дүниедегі біліп-білмей істеген күнәсін кеше гөр! Әрбір қайырлы ісін сауапқа жаза гөр!..
Сол жағымдағы періште онымен қосанжарлана дауысын асырып, тістене тайталасады:
– Ей, АллаҺ, істеген күнәсінің лайықты жазасын бер! Басы сәждеге тимеген күнәһар бұл. Кешірме, басқа пенделеріңе сабақ болсын!..
Қақпа алдында мен көрген, мен сезген жарық атаулыдан ерекше бір қызғылтым мейірлі нұр еміс-еміс сыздықтайды.
– Бұл – Алланың дидарынан түскен нұр! – деді оң жағымдағы періште сыбырлап.
– Сонда мен Алланың дидарын көрмеймін бе?
– Алланың дидарын екі дүниеде ешкім көрген емес. Тек Мұса пайғамбар: «Ей, Жаратқан ием, дидарыңды көрсетші маған?» деп жалбарынған соң, қас-қағымның мың-миллиондай бір мезетінде көрінген екен, жарқ еткен нұрдан қара тас лапылдап жанып еріп кетіпті!
Нұрдың арасынан күмбірлей жетіп сабырлы дауыс естілді:
– Ал, періштелер, сөйлеңдер!
Кәрибан мен Кәтибан періштелер кезектесіп сөйлей жөнелді. Бірі оң ісімді, бірі теріс ісімді амал дәптерімнен судыратып оқып жатыр, оқып жатыр. Оқыған сайын ауада асылған таразының екі басы қалт-құлт тербеледі кезек-кезек. Кәтибанның таңдайында тәтті ерігендей тамсанып қойып, дауысы жарқын-жарқын шығады: «Бұл күнәһаріңіз тірісінде маңдайы сәждаға тиіп көрмәгән, бес парыздың бірін де өтемәгән пақыр. Арақ ішкән-дүр, зина қылған-дүр…» Таразының сол жақ басы зіл тартып, оң жақ басын шолтаң еткізіп аспанға бір-ақ көтерді. «Біткен жерім осы!» деп мен тұрмын бәрінен үміт үзіп. Ақтаушым араға түсіп шыр-шыр еткенмен Алланың мейірі қанатындай бір ісім жоқ екен. Жан ұшырып айтып жатқандары – «суға кеткен тал қармайдының» кері, шурум-бурум бірдеңе: «Бұ пәнда мінәжат қылмағанмен, қадари-халінше ізгілікті, адал ғұмыр кешкен, біле тұрып қиянат-қысас жасамаған, әлсізге жәрдемдескен, жоққа қолындағысын бөліп берген, көк шөпті баспаған, жапырақты жұлмаған…» Өйбүй-оу, тіпті соны дені дұрыс кісінің ізгілікті ісі деп айтудың өзі ұят. Ал қаралаушымның әрбір сөзі төбемнен шойбалғамен шоңқитқандай. Әр сөзінен есеңгіреп-есеңгіреп түсемін. Құдай сүйетіндей бір қылығым жоқ, тұрған бойым түгел күнә. Парыз-уәжиптен ада, ертең өлемін, Алланың алдына барамын деп ойламай, екі аяқты хайуандай тойғаныма мәз болып күн кешіппін.
Әй, өзім де ит екенмін ғой. Алладан кешу дәметіп, «можмит, пейішке өтіп кетермін» деп іштей емексігеніме ұялып қалдым. Намыстан күйініп кетіп, «құрсыншы, сол тозағына өзім-ақ барайыншы» деп ұмтылып едім, аяғым еркіме көнер емес. Бұл жерде бұйрықсыз аттай алмайды екенсің.
Сол сәтте Ұлұғ пайғамбарымыз Мұхаммед С.Ғ.С-ді бірінші рет көрдім. Нұрдан жаратылған, адамзаттың көркемі екен. Ақ жүзінен мөр тамған, қыр мұрынды, қызыл сақалды. Мен үшін Алладан кешу өтініп: «Ей, шафһаты шексіз Хақ-Тағала, шалыс басқан үммәтімнің ғафыл ісін кешіре гөр, оң ісін сауапқа жаза гөр!» деп дамылсыз мінәжат дұғасын қайталап, сақалынан жас ағып жылап тұрды. Бір уақытта:
– Алға атта! – деді. Сонда ғана аяғым қозғалды.
Жүріп келемін. Екі жақ көз жетпес терең құз, лапылдаған қып-қызыл жалын. Шыңғырған, күңіренген дауыстан құлақ тұнады. Қыл көпірің қылдан да қылдырықтай боп кетті. Түк көрінбейді. Тозаққа қашан тоңқалаң асар кенмін деп келемін. Кенет алдыма тырнақтай бір қоңыз топ ете түсті. Басып кетпейін деп кібіртіктей беріп ем, әлгі қоңыз жел үрлеген алып резина ойыншықтай қампая-қампая бұтымның арасына кептеліп үлкейе берді. Әне-міне ес жиям дегенше, пілдей боп зорайып, екі аяғымды серең еткізіп, мені арқасына көтеріп алды. Оң жағымдағы Кәтибан періште қуана айғайлап жіберді:
– Рахымы мол Алла мейлінше кешірімді! Мейірімді Алланың құдіреті шексіз! Міне, таңда махшарда куә болыңдар, куә болыңдар, жамиғат!
Сөйтсем, бұл боқ домалатқан сасық қоңызды мен бір күні шалқасынан түсіп тырбыңдап өлгелі жатқан жерінде аяп орынынан тұрғызып жіберіппін. Сол жақсылығымның өтеуі үшін қиямет сәтінде маған көмекке жетіпті. Алланың еш нәрсені елеусіз қалдырмайтын мейірімділігіне жаным толқып, ыстық жасым моншақ-моншақ төгілді.
Масаттанып мойынымды бұрсам, соңымда шұбатылған ұлы көш. Шыңғысханның жорықтан қайтқан түменіндей шұбатылған қара-құрым керуен: жапырағы жайқалып жасыл тоғай лек-легімен шұбырады – мен сындырмай аялаған бұтақ-шыбықтардан қаулап өскен қалың орман; менің басынан сипап еркелеткен, тамағымды бөліп берген иттерім мен мысықтарым бір төбе екен; автобустан түскенде жүгін көтеріскен кемпір-шалдарым, бала кезімде суын әкеліп, отынын бұтап берген көрші ата-апаларым, кебісін салған, қолына су құйып батасын алған қарияларым, сыйласқан таныс-білістерім қаншама, арасында анада жомарттығым ұстап жүз-жүз доллардан үлестірген Маша мен көрші апай да бар. Солардың бәрі өз тілі, өз үнінде: « Бұл – жақсы адам, жақсы адам! Біз куәміз!» деп айғайлап келеді. «Түу, байқамай жүріп өзім талай жақсылық жасап тастаппын ғой!» деп марқайып қалдым. Әлгіндегі ғана бейшара халімді ұмытып: «Пейішке мен бармағанда, кім барады-ей!» деп қоқиланып қоямын.
Алдымдағы Қыл көпір күре жолға айналып, Алматыдағы Абай даңғылындай болды да кетті. Мен пілге мінген үндінің махараджасындаймын. Солай ойлауым мұң екен, басымда – сәлде, үстім ақ желбегейге малынып, махараджа болдым да қалдым. Бірақ мен бай-манап, үстем тапты жек көретін пролетарлық қаным оянып, Радж Капур болғым келді. Кішкен кезімде көрген «Мырза – 420» фильмі есіме түіп, тілімнің ұшына ойнақы әуен оратыла кетті:
– А-аһа-а-а-аһа-а-а.
Қытайдікі шәркейім,
Жыртық-жамау қайтейін.
Үлкен қалпақ орыстан.
…Шын жүрегім Һүндістан, а-аһа-а-а-аһа-а-а!– деп әндетіп, пілдің сахнадай сауырының үстінде билей жөнелдім. Маң-маң басқан қоңыздың жотасында ұршықтай үйірілген Радж сират көпірінен әндетіп өте шықты.
Көпірден өзіммен бірге оң жақтағы періште ғана өтті. Қаралық іздеп тозаққа итермелеген екінші періште ойындағысы орындалмай шыр-пыры шығып арғы жағада қалып қойды.
Көпірден өткен соң астымдағы піл қоңызға айналып, қайтадан құмалақ домалатып кетті. Мен Жаббар иемнің хиқматына мың мәрте ғажаптанып һәм Сираттан оп-оңай өте шыққаныма ессіз қуанғаннан жылап жібердім. О, ғажап! Көзімнен жас емес алтын төгіліп жатыр! Сыңғыр-сыңғыр дөңгелеген алтын теңгелер. Аяғымның астына дөңгеленіп үйіліп қалды. Шіркін-ай, тірі кезімде көзімнен өстіп алтын төгілсе ғой! Көзімді сығымдап, күндіз-түні тоқтамай жылай берер едім, жылай берер едім. Менен бай адам болмас еді. Билл Гейтстен де, ойбай-ау, Билің не, Назарбаевтан да асқан бай болмаспын ба! Онда пейішіңді, пішту, не қылам, жердің үстінде-ақ орнатып алып, шайқап жүрмеймін бе. Мұнда келуге асықпас едім. Медицина деген қазір шарықтап кетті емес пе, өлі денеге жан салады, қанымды сәбилердің қанымен ауыстырып, небір мықты спортсмен, бандит-баһадүрлердің бүйрек, бауыр, жүректерін салдыртып алып, жасарып-жайнап, тоқалдан-тоқал қоймай қутыңдап екі жүз-үш жүз жылға дейін өлмей қояр едім!..
– Тәйт, күнәһар болма! – деді періште зекіп. – Шафағатты ойға беріл. Мұнда тек ізгілікті ойлау керек. Пейішке кірген әрбір жан шын шаттанып жылағанда ғана көзінен алтын мен гауһар моншақ төгілмек-дүр!
– Мұнда не, ойлауға тиым салына ма? Демократия жоқ па, немене? – дедім қомпылдап. – Нұқыл, Қазақстан сияқты десеңші!
– Жамандыққа тиым салынса, оның несі жаман?
– Тиым салатыны бар, онда Алла-Тағала жамандықты не үшін жаратқан?
– Пендесін сынау үшін жаратқан.
– Мен періште емеспін, жаманның жаман екенін қайдан білемін?
– Көретін көз, жиренетін жүрек берді емес пе?..
Әй, қайдам, жаман дегендерді жаман көре алмай тұрмын-ау!
Мен айналама қарадым тосырқай. Не екенін түсінбей аңырып тұрып қалдым. Бұдырсыз бос кеңістік, дірілдеген көгілжім сағым ғана. Сираттан өтсең – бітті, бірден жаннатқа топ ете түсесің дейтіндері қайда?
– Пейіш осы ма? – дедім ерінімді шығарып дауысым бұзылып.
– Осы! – деді періште.
« Мә-піш! Өйбу, Құдайым-ай, – дедім көңілім жасып. – Жер бетіндегі күллі ақын өліп-өшіп жырлаған, пенде біткен босағасынан сығалата гөр деп Жаратқанға жалбарынған пейіш бағы осы ма, пішту?!!»
– Астынан дариялар ағып, мәуесі төгілген саялы бақтар жайқалып тұрады деуші еді ғой?
– Пейіш бағы қалай елестетсең, солай боп көрінеді. Кәне, қалай болғанын қалар едің, ойлап көрші?
Мен қайбір қиялы ұшқыр жанмын. Өмірі Қапшағайдан арыға барып көрмеген басым, мардымды ештеңе ойлай алар емеспін. Студент кезімде алма ұрлайтын «Горный гигант» совхозының алма бағын елестетейін бе? Ой, оның несі қызық! Канар, Сейшель. Хайнан… дегендердің атын естігенім болмаса, түсіме де кірген емес. Жоқ, тоқта, кино, телевизордан талай ғажайып суреттерді көрдім емес пе? Дереу солардың бірін елестетіп едім, мә-ә, көз алдым жайқалып-жайнап шыға келсін. Алыстан мұнартқан өркеш-өркеш таулар, жапырағымен самал желпіп сая төккен пальма гүлзары, миуасы жұпар аңқыған хұрма бағы. Бір-біріне банан лақтырып ойнаған маймыл бабаларым. Көк бұйра теңіз алқына толқып, ақ құм үстінде аунаған жалаңаш қыз-келіншектерге алақанын созып аласұрады… Ой, тоқта, бұл қалай, әдемі тәні жалтыраған әлгіндегі сұлу қыздар мұнда жоқ қой! Сөзім ойымнан бұрын аузымнан шығып кетті:
– Әйелдер қайда?
– Нәпсі бұзатын ондай күнәһарлар пейішке кіргізілмейді!
– Это не честно! – дедім күңкілдеп.
Е, жарайды, әйелдерсіз де әдемілік жетеді ғой. Мұндағы сұлулық, жан рахаты дегенің шексіздік екен. Қалай қиялдасаң, солай мың құбылып кете береді. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, өң-бояуын бұзбай, нақыш-дірілін дөп басып сипаттарлық сөз адамзат тілінде жаратылмаған. Оны тек көріп, сезіну керек екен. Пейіш деген менің аңсарлы қиялымнан жаралып, әр бұрышы «көр міне» деп ынтықтырған сиқырлы тылсым секілді. Шіркін-ай деп тамсансам болды, санамның сан қатпарындағы сапырылысқан суреттің кез-келгені сол сәтінде тіріліп, ғажайып елестің құшағында шалықтап жүремін, иәки, қиялымнан сан бояулы тіршілік көктеп, мені қоршаған шынайы әлемге айналып кетеді.
Дүкендегі әр ойыншықты бір ұстап есі шыққан баладай, бірінен-бірі өткен жүрек тұтқындар сұлулыққа сүйсүнуден еш жалығар емспін. Айналаң толы қызылды-жасыл гүл раушан, мұнартқан таулы орман, шырыны төгілген миуалы бақ, күркіреген өзен… күллі сұлулық осында. Ниғмет, байлық-ризықтың бәрі бар. Жамандық пен һарамдық қана жоқ. Тек ізгі ой, ізгі сөз, ізгі әрекетке ғана берілесің. Басқаға көңілің жабық.
Мұндағының бәрі елес. Сен де елессің. Көңілмен ғана тоғаясың, көңілмен ғана мейірленесің. Ағаш басында өсіп тұрған құрмаға не кивиге қарап тамсансаң болды, өз-өзінен таңдайыңда уылжып, сол сәтінде шөлің қанып рахаттанып қаласың.
Мен көпке дейін Жердегі қанға сіңген ғадетімнен арыла алмай жүрдім. Зәмзәмнан бастап неше түрлі шырындар самсап тұрса да, шіркін-ай, осындайда маңдайдың терін бұрқ еткізіп тартып жіберетін бір күрішке салқын «Жигулёвское» не «Чимкентское» пивосы болар ма еді деп аңсап кетем. Көпіршіген сыраға сәл тұз сепсең қандай баб, кептірілген алабұғаның қабырға етін талшықтай талмап аузыңның дәмі келгенде, ақ көбікке тұмсығыңды көме жұтып-жұтып жіберсең ғой, шіркін!
Өз қиялыма елігіп отырып, салпиған ерінімнен сілекейім сорғалап-сорғалап кетеді. Ондайда оң иығымдағы періште: «Тәйт ары, ондай һарамды бұл жерде ойлауға болмайды!» деп зекіп тастайды. Иә, бәрі жақсы-ау, бәрі керемет-ау. Тек тірі кезімде істегендерімді істегім келсе де, кейде өстіп істей алмай қор болатыным жаман-ақ, жүдәки.
Мен жоқшылық пен азапқа әбден көндіккен көнтері адаммын ғой, көп күй талғамаймын. Осыншама молшылық, қызық-тамашаның маған тіпті керегі жоқ секілді, ешқандай рахаттана алмаймын. Менің орынымда, шіркін, ана байлардың балалары болса ғой, қалай шалықтар еді. Олар мұндайға үйренген, жер бетінде өздеріне ұжмақ жасап алған. Тек мұнда келгенде, пейішке кіре алмайтындары жаман. Бір күн болса да, менің көргенімді көріп, ішкенімді ішсе, бұ дүниеде пейіштің төрінде мәңгілік рахатқа батар еді ғой! Вот, дорақтар, сәл де болса соны неге ойламайды екен, а?
Мұнда бәрі бар. Тек жоқшылық, жаманшылық қана жоқ. Сонда да мен секілді молшылық пен бейғам рахатқа бой үйретпеген адамға біртүрлі қызық емес боп көрінеді. Әлдене жетіспей тұрғандай. Ол не? Дөп басып жауабын айта алмаймын. Әлде, ұжмақтың төрінде болса да, жақсылықтың қадырын білу үшін аздап жаманшылық, барды парықтау үшін аздап жоқшылық керек пе екен? Әйтеуір, аздап бірдеңе жетіспей кемшін боп тұрса ғана бар нәрсе мәнді, қызықты болатын секілді. Аста-төк барлыққа үйренбеген басым, соның өзіне риза болмай, «е, Құдай-ай, пейішің осы ма!» дегендей, басқа бір қанағат іздеп, алғашқыда тосырқап жүрдім.

Пейіштегі қотыр там

Пейіште мекендеген жандар жайшылықта көрінбейді, ойлағанда ғана көз алдыңа елестейді. Мен баяғыда осы жаққа аттанып кеткен ата-анамды көргім келді. Мамамның пейіште екеніне сенімдімін. Ондай мейірімді адам жоқ шығар екі дүниеде. Ауылдың қаңғып жүрген ит-мысығына дейін шақырып алып итаяғына ас құятын. Біздің кластың жарты баласы біздің үйде жүретін, өз үйі қайсы, біздің үй қайсы білмейтін, кейде тіпті қона салады. Ауылдың бүкіл баласын да, итін де Биғатша өзі жалғыз асырап-бағады дейтін ел күліп. Сондай адам пейішке енбегенде, кім енеді?
«Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» демекші, әкеме келгенде, аздап күмілжіп қаламын. Пендешілігі бір басына жетіп-артыларлық. Бірақ өткенде Ғазиз молла: «әкеңнің жүрегі таза, жаннатқа барады» деді емес пе. Иә, жүрегі жұмсақ. Жанды мақұлық түгілі, тал-терекке дейін аяйтын. Бұтақты сындырма, жапырақты жұлма, олардың да жаны ауырады, жылайды, кейін үлкен боп ақыл кіргенде олардың тілін түсініп, дауысын естисіңдер дейтін бізге. Ол кісі соғысқа қатысқан ғой, басына бомбаның жарықшағы тиген, аздап ауытқып кететіні бар. Ішіп алған кезінде «әй, шал, шыныңды айтшы, қанша фристі өлтірдің» деп сұраған балдыздарына, «Құдай-ақы, әдейілеп ешкімді атқан емеспін, оқыстан тиіп кетсе өзі біледі, олар да адам баласы ғой, дәтің бармайды екен, «менің қолым емес, шайтанның қолы» деп, көзімді жұмып ап аспанға қарай шүріппені баса беретінмін көбінше» дейтін.
Әке-шешемді бірден таныдым. Жұпары аңқыған құрма бағының ішінде жүр екен. Өңдері жас, менің бала кездерімдегідей ажарлы. Мамамның үстінде қонаққа барғанда киетін әдемі қынама бел қара барқыт камзолы. Өңірі мен етегіне зерлеп шытыра басқан. Басында шашақты бөрте жаулық. Тізеден төмен түсер бүрме етек ақ көйлек. Қисық табан қызыл шегірен етігі аяқ басқан сайын сықыр-сықыр етеді. Шарасы кең, томпақ қара көздері сабырлы нұр төгіп, осы тұрысында мамам менің жан баласының сұлуы еді. Жәния екеуінің ұқсастығын бірінші рет байқағандай, тамсана қарап қалдым.
Көкем дөңгелетіп қырма сақал қойыпты. Кеудесі шалқақ, жұқалтым қараторы жүзіне мейірлі шуақ ұялаған. Желкеге қарай шалқайта киген қызыл тақияның жиегінен кең, биік маңдайы жарқырап көрінеді. Қазанның халпесі секілді үстіне төгілтіп ақ жібек желбегей, аяғына калошымен былғары мәсі киіпті. Көрген бойда екеуі кемсеңдеп екі жағымнан құшақтай алды:
– Тауфих жан, жарығым-ау, сен де кеп қалдың ба?.. Тым ерте келдің ғой, құлыным!..
– Алланың бұйрығы осы, – дедім қарттарымды сабырға шақырып.
– Иә, біреу ерте, біреу кеш, бәрі – бір Раббымның ғұзырында!
Біраз жылап-сықтап алғаннан кейін жөн сұрауға көшті. Мен бір көрші ауылдан келгендей, баяғы қазақтың әдетімен анау қалай, пәленше не істеп жүр деп, ел-жұрттың амандығын түгендеді. Пейіште жүрсе де, жаман ауылына қарайлап, қимайтын секілді, сондағы өмір бәрінен қызық, бәрінен ыстық секілді.­ Бар нәрсені тәптіштеп, Шәріпжанның сарала тазысына дейін, «әй, иттің сырттаны еді-ау, Мөнекейдің терісіндегі тобылғылы шұбардан аң қаққанда, бір жолы бір өзі сегіз түлкі алып еді, әлі тірі ме өзі?» деп сұрайды. Өзім де еске алғым кеп сағынады екенмін, көрген-білгенімнен ештеңе қалдырғамын жоқ. Ауылдың иті, көлдің балығы, айналадағы төбе-шұңқырды түгендеп болып:
– Ойбай-ау, әлгі ит те болса, құрдас еді, Қамысбай тірі ме? ­– деді көкем.
– Мен көргенде тірі болатын. Арықтағы суға қытайдың сырасын салқындатып қойып сылқитып отырған.
– Ой, сойқан-ай! – деп көкем, неге екенін белгісіз, күлмің қағып бір жұтынып қойды.
Ескі көзкөргендерінен Ғазиз молла мен Ленин орденді балықшы Мұқатайдың қайтыс болғанын айтып едім:
– Иманды болсын марқұмдар! – деп бетін сипады. – Жақсы адам еді, Ұжмаққа енген шығар, тауып алайыншы өздерін.
Шалының алдына түспейтін ибәлі шешем сөзге қонақ беріп біраз отырғанған соң, шыдай алмай кетті білем, амалсыз әңгімеге араласты:
– Отағасы-ау, ит пен құсты түгендеп болдың емес пе, немерелеріңнің жағдайын неге сұрамайсың? Ана үш тентек өсіп ержетті ме? Келін қалай?
Мен «бәрі жақсы, аман-есен» деп жай сипақтатып қоя салдым. Соңғы жылдары жынды боп үйден қашып кеткенімді, атылып өлгенімді айтқан жоқпын.
– Менің Қатипа пәдірүжкәм аман жүр ме?
– Ол кісіні көрмедім, мама.
– Қолы ісімер-ақ еді байғұстың. Тоқыған алашасы қандай, небір ою төгіп құлпыртқанда, бірінен-бірі өтетін. Ауылдағы талай қыздың жасауы соның қолынан шықты ғой. Менің үстімдегі мына камзолды да сол тіккен. Қызы да бір әп-әдемі бала болатын. Саған берсем деп тәуір-ақ дәметіп еді. Сен қарадың ба кекірейіп! Орыс алам дедің бе-ау, ләйлідің емес пе, адыра қалғыр!
– Қойыңызшы, мама… қазақ алдым ғой!
– Дегенмен, сол бала жақсы-ақ еді!..
Сөзге әкем килікті:
– Әй, кемпір, не айтып отырсың? Келініме жетері жоқ. Қазақ десең – қазақ, орыс десең – орыс. Орысша ән айтып, би билегенде мақтап жүрген Қасымбектің келіншегі Наташаның өзі аузын ашып таңғалған жоқ па!
– Ой, Алла, орыс демекші, орыс та ұжмаққа кіреді екен. Жақында сол Наташа келінді көрдім осынан.
– Неге кірмейді, Алла өзі жаратқан пендесін алалай ма екен? Жүрегі таза, адал болса болды емес пе. Наташа айналайын айтары жоқ жақсы келін болды ғой. Ата-енесін қалай сыйлады десеңші. Әбуғали сал болып жатып қалғанда, Қасымбек болса балықта, бүкір кемпірдің қауқары жоқ, атасын сол Наташа көтеріп түзге отырғызып, асты-үстін тазалаған жоқ па…
Әрненің басын бір шалып, әңгімеміз бітер емес.
– Айтпақшы, біздің тамда кім тұрып жатыр екен? – деді мамам күрсініп. –­ Қара шаңырақ иесіз қалды-ау!
– Ескі ауылдың орыны ғана жатыр. Жартысын су басып, ел дөңге көшіп кеткен.
Анам мұңайып басын шайқады:
– Сенің туған үйің ғой. Алдында бәйтерек өсіп тұратын.
– Сен туғанда ырым ғып еккемін, ­– деді әкем солбір сәт есіне түскендей кішірек шегір көзі сығырая тұңғиықтанып. – Сенімен бірге өсіп, алып терек болып еді!
– Мен өлген күні жай түсіп, ортасынан омырылыпты.
– Алланың құдіреті шексіз-ау, жанды-жансыздың тағдырын қара қылға тізгендей, қалай бір-бірімен шебер қиыстырған!
Ауылды ойлағанда, әкемнің бейіті есіме түсті.
– Әке, – дедім кінәлі дауыспен құмығып. – Сіздің соңғы өсиетіңізді орындай алмадым!
– Ол не?
– Қайтыс боларыңызда, сүйегімді Ақшиге апарып, әкемнің жанына қой деп аманаттап едіңіз ғой. Қатты боран соғып, жол жабылып қалған соң, былай… амалсыз ауылдағы зиратқа жерлегенбіз. Ақшиге апар деп білгендей-ақ айтқан екенсіз, төбедегі бейіттің бәрі құлап, қазір судың астына кетті.
– Е, оған несіне қысыласың, балам? Білместікпен айтқан ол бір пендешілік тілек қой. Қызылды-жасылды тастан белгі соғып, мәңгі-бақи қалқайып тұра берсек дейміз. Өйте берсек, заманнан заман озғанда, жер бетін бейіт қаптап, келер ұрпақтың тіршілік етуіне орын қала ма? Топырақтан жаралдың, топыраққа айналасың. Адам салған мазарды тілсіз табиғат қиратып жатса, бұл да бір Алла-Тағаланың тірілерге жасаған ишарасы да. Ол жақта біз аз күндік қонақ екенбіз, Раббымның сынағында жүреді екенбіз. Бірімізге байлық беріп, біріміздің басымызға қиындықты үйіп-төгіп, түрлі сыннан өткізді. Пейіш пен тозақтың кілтін өз қолымызға ұстатып тұрғанын түсінген қайсымыз бар? Біріміз тоқтықты көтере алмай азғындадық, екіншіміз жоқтыққа шыдай алмай тозғындадық. Мәңгілік баракат тіршілік міне осында екеніне енді ғана көзіміз жетті ғой…
Сол сәттен бастап ата-анамның қасынан шыққан жоқпын. Мұнда не қаласаң, соның бәрі айна-қатесіз бірден орындала қалады. Үшеуміз пейіштің бір пұшпағын өзімізге үй ғып алдық. Үй болғанда, басқа емес, өзіміздің көл жағасындағы баяғы қоңырайған қотыр тамымыз: сылағы қабыршықтанып, әр жері ойылған, төбесіне алабота өскен, алдында жалғыз терегі бар…
Бізге одан артық ештеңенің керегі жоқ. Сәл өзгеше болса, жанға ыстық, сиқырдай арбаған сол бір аяулы қалпынан айрылып қалардай. Терезесін қырау басып сығырайған аласа екі бөлме. Кіреберістегі оң жақ босағада қазыққа байлаған бір уыс шөпті жалмап қойып, қасқа маңдай қызыл бұзау сабан үстіне сыр-сыр шорылдатып тұр. Бораннан дір-дір қағып, бір қора аппақ аязды құшақтап кіре бергеніңде, қазандағы балықтың иісі мен қасқа бұзаудың «жұпары» таласа мұрын қабады. Ортадағы сылама пештің мойыны дүрілдей тартып, қабырғасына таясаң, қызуы бет шарпиды.
Менің өмірімдегі ең бақытты кез жар құшқан, бала сүйген, қызметім өскен, арманыма жеткен жұлдызды сәттерім емес, ата-анамның бауырындағы алаңсыз өткен балалық шағым екен. Енді қотыр тамның ішінен шыққым келмейді, пейішің де түкке керек емес сияқты. Мәңгі бала боп, сол тар лашықтың төрінде жүре берсем деймін.
Қоңырайған ала-көбең аласа, жүдеу тамның ішінде, былай қарасаң, кісі қызығарлық ештеңе жоқ. Бірақ бәрі бар мен үшін. Кешкілік әкем мен шешем күбір-күбір әңгімелесіп жыртық ерін кәсемен шай ішіп отырады. Оттығында шоқ жылтырап ызыңдаған кең құрсақ сары самауыр анда-санда булығынан шырт-шырт түкіріп қояды. Дастарханда бес-алты жапырақ қарма нан, тәрелкаға салынған сары май, бір кәсе тары. Менің көзім торғайдың басындай ғана қожыр көк қантта. Құрақ көрпенің үстінде көлденең сұлап жатырмын. Екі аяғымды әкемнің малдасының үстіне артып тастағанмын, басым мамамның алдында. Бірі түбіне сіркеленіп құм шөккен кекілімнен сыйпайды, бірі күн жеп, су сорып жарылған сирағымнан сыйпалайды. Әкем көк қанттың шекесін шырт еткізіп қантшаққышпен шекиді де, саусақтың ұшындай түйірді менің аузыма салып жатып:
– Менің құлынымдай тәтті бала қайда бар екен осы! – дейді шөп еткізердей ерінін шүйіре елжіреп. Мамам көзінің қиығы ұшқындап, қуақылана жымияды:
– Тәттінің бәрін осы жесе, тәтті болмай қайтеді?
Екеуі шашыраған ұнтақты саусақ ұшымен шоқып теріп, ауыздарының дәмін алған болады. Шайларын екі ұрттап, маған бір қарап еміренеді. Мамам:
– Жарығым сол! – дейді бетімнен күбірлей өбіп.
– Құлыным-ау, табаның түйенің табанындай тозып кетіпті ғой, шәркейіңді неге киіп жүрмейсің, а? – деп әкем күс-күс бәшмәйларымның арасын саусағымен уқалап, иіскеп-иіскеп қояды.
Күбір-күбір айналып-толғанған шексіз мейірімнің сиқырлы әлдиінде тербеліп жатып, қалай көзім ілініп кеткенін білмей қаламын.
Ой, Алла, өз үйімнің қара наны пейіштің миуасынан да тәтті екен-ау! Қара шал мен қара кемпірдің тер мен мейірім аңқыған құшағы пейіштің рахатынан да артық екен-ау!

Әуезовтің алмасы

Алматыдағы Шоқан ескерткішінің алдына оқыған пенсионер шалдар ертелі-кеш жиналып әңгіме-дүкен құрушы еді. Мұнда да қариялар өздерінше оқшауланып бір жерде бас қосып тұрады екен. Әкеммен қауқылдасып жөн сұраса келгенде, бір шал мені танитын болып шығыпты.
– Мақан деген қария сені жер-көкке сыйғызбай мақтады! – деді ақшыл мұртының шалғысы едірейіп. – «Балаңды білем, мықты жазушы, сенің атыңды адамзат тауарихатына өшпестей ғып жазады әлі» деді, сенің мұнда кеп қалғаныңды қайдан білсін!
– Мақан дейсіз бе?.. Жұмағұлов па?
– Білмедім. Өзі де китаб жазыпты. Жүдеу өңді, құлағы қалқайған, сары кісі. Айғайлап сөйлейді.
– Е, онда сол болды ғой. Әпенділеу кісі өзі бір.
– Сондай сияқты. Олпы-солпы киініп, қолына талдан кесіп таяқ ұстаған.
– Өзіңіз секілді соғысқа қатысқан, фронтовик. Әке-шешесі 32 жылы ашаршылықта өліп, жетімханада өсіпті.
– Е, байғұс тозақты ана жақта-ақ көріп келген екен ғой! Сол азабының өтеуіне Алла міне жаннанттан орын бұйыртыпты.
– Орысша бірнеше роман жазған үлкен жазушы.
– Орысша деймісің?!! Ойбой, онда әйдік адам болғаны ғой! Сөйте тұра неге дұрыстап киінбейді екен, тегі? Диуана секілді.
– Ол кісі баяғыдан солай болатын. Өз басын күтуді білмейді. Жүрегі таза, аңқылдақ. Мен сізге ол кісінің бір қызығын айтып берейін. Жазушылар әлі күнге дейін күлкі ғып айтып жүреді. Бірде Мақан ағамыз романының қаламақысына жеті мың сом алыпты.
– По-о, қырғын ақша ғой, бір үйір жылқы!
– Иә, көп ақша. Жазушылардың кезекті бір үлкен жиынында сөз сұрап, сахнаға шығады. «Жолдастар! – дейді қолындағы қабығы сылынбаған қисық таяғының ұшын жоғары әуелетіп. – Бойымыздағы дүниеқоңыздық, өзімшілдік, аста-төк шашпалық, өзімде ғана болсын дейтін қарау қорқаулық, думаншыл даңғазалық тәрізді буржуазиялық жағымсыз психологиядан арылатын уақыт жетті. Біз әдетте қайырымдылық, қарапайымдылық, жанашырлық, достық пейіл тағы басқа туралы көп жазамыз, басқаларға насихаттаймыз. Кітабымыздың кез-келген бетін ашып қалсақ, совет адамына тән моральдік сипаттар міне оқы деп мен мұндалап тұрады. Бірақ осы асыл қасиеттер, шынымызды айтайықшы, біздің өз бойымызда бар ма, қаламгер достар? Меніңше, көбіне-көп табыла бермейтін секілді-ау деп қаламын! Мәселені мен өзімнен бастайын. Жақында «Қыран қазасы қияда» деген романым орысша шыққанын өздеріңіз білесіздер. Көп ақша алдым. Жеті мың сом! Несін жасырайын, қатты қуандым! Есім шығып кетті. Газетке қабат-қабат орап, дорбаға салып, жоғалтып алмайын деп үйге жеткенше асықтым. Нешетүрлі план құрдым: «Москвич» сатып алайын ба? Аяғым ақсақ, көзім соқыр қалай жүргізем? Бәлки, дача алармын? Ой, Құдай-ай, жер қашап, ағаш суғарып, шөп оратындай мен қайбір пысықпын, әрі денсаулық бар ма? Анапа немесе Қырымға барып әйеліміз екеуміз демалсақ па? Өй, оған ақша шығындап қайтем? Жылда профсоюз онсыз да жолдама бермей ме?.. Не істерімді білмей лепіріп келе жатқанда, кенет өзімнің совет азаматы, коммунист екенім есіме түсіп, қатты ұялдым. Жиналыстарда, көптің көзінше жоққа жәрдем, әлсізге қамқорлық, жанашырлық, адамшылық туралы сөйлеймін, ал өзімнің ойым мынау, тіфу, әкри. Осыдан кейін өзімді қалай адал коммунистпін деп айта аламын? Африка мен Азия құрлықтарында миллиондаған адам аштықтан жапа шегіп, соғыс пен індеттен қырылып жатқанда, мына жақта мен надан феодал, буржуй сияқты есіп-шалқып, шайқап-төгіп өмір сүрмекпін ғой, ә? Тіфу! Өзімнен өзім жиіркеніп кеттім. Үйге келсем, біріңіздің жеңгеңіз, біріңіздің келініңіз, өзінің ақылы аздау, біздің әйел қуанғаннан төбесі үйдің төбесіне тиердей секірсін.»Ой-ой, қандай жақсы болды, ананы алам, мынаны алам!» дейді. Қой-ей десем, тыңдаса кәне. Еліріп алған. «Пәленше подружкамның норковый тоны бар!» «Түгеншенің бөркі анандай!..» Ақылға көнбеген соң күйіп кеттім. «Ей, мещанка, паразитка, ақша өзімдікі, қайда жұмсайтынымды өзім білемін. Пошла вон!» деп, орындықты жіберіп-ұрып едім, абырой болғанда, есікті тауып үлгірді. Бірінші кезекте партвзнос пен кәсіподақ жарнасын төледім, ол екеуін ұмытуға болмайды. Содан соң әйелім екеуміз дүкендерге барып, алам дегенін түгел әпердім. Тон алам деп қиқаңдап еді, слушай, Аламатыда тон киюдің қанша қажеті бар, бес-ақ күн суық болады, оның өзінде он бес, жиырма-ақ градус, екіншіден, бес жыл бұрын алған тоның бар, әлі тозған жоқ дедім. Өзіме екі костюм-шалбар алдым, бірі міне өздеріңіз көріп тұрған, полушерсть, қыртыстанбайды, күнде киюге жақсы. Екі-екіден көйлек, майка-труси, носки, қыстық-жаздық бәтіңке, елу пәшкі «Медеу» алдым. Басқа не керек? Бәрі бар. Қалған төрт мың алты жүз сексен екі сомды Главпочтамт арқылы Вьетнамға аудардым. Америка империализмімен шайқасып жатқан социалистік Вьетнамдағы ержүрек бауырларымызға көмек болсын дедім. Бір оқ болса да жауға қарсы атылсын! Міне, достар, менің қолымнан бар келген жақсылығым осы әзірге. Сіздерді де осылай етуге шақырамын. Елдің айтуынша, қадырлы ақсақалдарымыз Сәбит, Ғабит, Ғабиден ағаларымыздың жүз мыңнан астам ақшалары бар деп естиміз. Тіпті Дүкенбай, Қадыр, Тұманбайлардың да кассада жиғандары елу-алпыс мыңнан асатын көрінеді. Слушайте, қарақтарым-ау, сендер жас емессіңдер ме, қос-қостан үйлерің бар, дача, машиналарың бар. Сонша ақшаны неғыласыңдар? Капиталист болғыларың келе ме? Жетімханаларға, қарттар үйіне таратпайсыңдар ма оданда?..» деп сахнадан түсіп кетіпті. Зал тым-тырс отырып қалыпты.
– Қостағандар болып па?
– Қайдағы қостаған! «Қожанасыр» деп күліпті. Осы күнге дейін кейбіреулер мысал ғып мазақтап отырады.
– Әй, нағыз әулие адам екен өзі. Мазақтағанның аузы қисайсын. Алла асыл жаратқан, періштедей пәк осындай жанның фәнидегі өмірі қор боп, азаппен өтетіні қиын-ақ. Бірақ, міне, әділдікті Алладан тапты ғой!
Мақан ағамның тағы бір қызығы есіме түсіп, өзімнен-өзім күліп алдым, бірақ әкеме айтуға ұялдым. Мақаңның бірінші әйелі сабырлы, зиялы жақсы-ақ адам екен. Бірақ ағамыздың өмірге икемі жоқ әпенді мінезіне шыдай алмай ажырасып кетіпті. Екінші жеңгеміз өзінен бір шама кіші болса керек. Еркін жүрісті ерке-тотайлау. Күйеуінің илеуіне оңай аңғалдығын пайдаланып, ойына келгенін істеп тайраңдайды екен. Бір күні бір жас жігітті ертіп келіп, мынау менің жиен інім, үшінші курста оқиды, жағдайы болмай жүр екен, осында тұрсын дейді. Айдаладағы вьетнам мен негрге жаны ашып өбек қаққан Мақаң туыстан безсін бе, е, тұра берсін дейді. Өздері не ішсе, соны ішіп, сол үйдің бір адамындай боп жүріп жатады жас жігіт.
Бір күні түсте үйге келсе, жігіт пен әйел бірге жатыр дейді төсекте. Мақаң сенер-сенбесін білмей көзәйнегін сүртіп қайта қарайды. Жоқ, шыққыр көзі алдамапты.
­– «Әй, бұларың не?» – дейді аяқ-қолы селкілдеп.
– «Не попты?» – дейді әйел жайбарақат безеріп.
– «Неге бірге жатырсыңдар деймін?»
– «Жатса қайтеді екен? Бауырым жаңа сабақтан келе жатқанда, жауынның астында қалып, қатты жаураған екен, аяғын жылтып жатырмын!»­
– «А, солай ма?» – Аңғал Мақаң сылқ етіп сасқалақтап қалады.
– «Енді қалай деп ең?»
– «Мен… мен…»
Күйеуінің қас-қабағын тани қойған аяр қатын:
– «Сен анандай деп ойлап тұрсың ба? Ой, оңбаған! Қандай ұятсызсың!..» – деп сыңқ-сыңқ өксіп боздап қоя береді. Мақаң кереуеттің шетіне тізерлей кетіп, қосыла жылайды:
– «Кешірші, Сәрсенгүл… Мен былай, нетіп… бірге жатқанға бөтен ойлап қаппын. Сен де кешір, балдызжан айналайын! Япыр-ай,бұлай ойлауға қалай дәтім барды екен а, әбілет атқыр, қандай оңбаған адаммын десеңші!»
– «Ақ некелі әйеліңе сенбегенің бе! Мені кім деп ойлайсың, ойбай? Сұмдық қой мынауың!»
– «Мен соғыста жараланып, басынан контузия алған жарымеспін ғой. Әйтпесе өстіп ойлар ма едім? Неткен арам ойлы жексұрынмын, осы жерде атып тастаса, обалым жоқ сұмыраймын! Кешірші, жаным, мені бір жолға!»
­– «Жоқ, кешірмеймін. Мұндай қорлыққа төзе алмаймын. Кетемін!» – деп Сәрсенгүл көзінің бояуын білдірмей түкірігімен езгілеп, өксігін үдете түседі сол жерде.
– «Кетпеші, Сәрсешка! – Мақаңның жаны одан ары шырылдап кетеді. – Енді сені ешқашан ренжітпеймін. Қандай тілегің болса да орындаймын!»
– «Атаңның басы орындайсың! Анада норковый тон алайын дегенде, зар еңіретіп әпермей қойған жақсың ба? Менен айдаладағы Вьетнамның қайыршы қатындары қымбат болды саған!»
– «Енді әперем. Одан да қымбатын әперем, көр де тұр!»
– «На какие шиши купишь? Бар ақшаңды қайдағы біреулерге аударып жіберген жоқсың ба негр-сегір деп!
– «Табам. Тағы да гонорар алмам ғой!»
– «Смотри, шал!»
Беті бері қарағандай қабақ танытқан әйелдің қолын сүйіп, шашынан сыйпап, қалбақ қағады…
Ертеңінде жұмысқа барған Мақаң екі қолымен екі санын соққылап, бөлме ортасында теңселіп жүреді де қояды. Өз-өзінен сөйлеп, басын үсті-үстіне шайқайды:
– «Ой, ёшкина-а мать, какой я паразит, какая мразь, подлец, а!.. Әй, итпін ғой, итпін! Осы тұрғанда, өзімнен өзім жиіркеніп тұрмын. Осыдан кейін менде қандай кісілік қасиет бар? Жамандық іздеймін, күдікпен қараймын бәріне!»
– «Ойбай-ау, Мақа, не боп қалды?» ­– дейді бөлмедегілер түкке түсінбей тіксініп. Мақаң кешегі болған жайды айтып береді. Жұрт ду күледі.
– «Күлетін дәнеңе жоқ, жолдастар, – дейді Мақаң. – Жазықсыз адамды жазғырып, үлкен күнә жасадым. Бауырын құшақтап, аяғын жылтып жатса, жамандыққа жорып айғай салғанымды айтсаңшы! Сәрсенгүлді босқа жылаттым әшейін. Солай ойлауға қалай ар-ұжданым барады, а? Мені де коммунист дейді-ау! Әй-әй, сұмдық қой мұным, сұмдық!..»
Кейін Сәрсенгүл әлгі «жиенімен» Жамбыл жаққа қашып кетіпті. Студент емес, ешқандай кәсібі жоқ алаяқ біреу екен. Жақын тілеулестері:
– «Әй, Мақа-ай, аңқаусыз-ау, сол жүліктерге қалай сеніп жүрсіз?» – деп аяушылық танытса, Мақаң:
– «Е, мейлі, мен біреуді алдағанша, біреулер мені-ақ алдасын!» – деп қолын сілтепті.
Көп өтпей Мақан ағаның өзімен жолықтым. Айнала көк-жасыл орман. Биік жартастан сұлу денесін сылқ тастап күркірей құлаған сарқыраманың барқынында гамакқа бір қырын жантайып, тербелген күйі әлдебір әуенді ыңылдап жатыр екен. Жер бетіндегі көрмеген бар баракат басына орнағандай. Көкке шапшып көпіршіген толқынның майда қоңыр лебіне омырауын рахаттана тосады.
Мені көріп орнынан көтерілді. Өз көзіне сенбегендей, шынысы томпайған дүрбідей көзілдірігін жейдесінің етегімен қайта-қайта сүрткіштеп, үңірейе қарады да, аңтарыла қалбалақтап, қарсы ұмтылды:
– Оу, қарағым-ау, Тауфихжан-ау, сенбісің? Мұнда неғып жүрсің?
– Ізіңізден кеп қалдым, аға.
– Қап-ай, а… Онда бітірер ісің көп еді ғой?
– Одан пайда не, ешкімге керегі болмаса!
– Олай деме. Мен оқып ғажаптандым, керек деген сол емес пе?
– Сіз де мен секілді жындысыз. Сондықтан да сіз сүйіп оқып, сүйіне білдіңіз.
– Әй, қу-ай, балықтың тілін бақа біледі дейсің ғой, ә. Әлі-ақ ондай кітап бәріне керек болады. Қанша томын жазып ең?
– Алты.
– Ой, бәрекелді! Түбін түсірдім десеңші. Сені атып жіберген жоқ па?
– Өзім атылып өлдім.
– Е, бәрібір ғой!.. – Мақан ағам мұңайып төмен қарады. – Бәсе, олар ондай адамға тыныштық беруші ме еді!.. Мен алғашқы томның қолжазбасын Әбілмәжін Жұмабаевтан алып оқығанмын. Әсерімді өзіңе айтып ем ғой. Потресяющее!
– Есімде. Маған баланың басындай қып-қызыл апорт әкеп бергесіз. Өмірімде ондай алма жеген емеспін. Дәмі әлі таңдайымнан кетпейді!
– Ол – тегін алма емес, Мұхаңның бағының дәмі. Мұхтар Әуезовтың музей-үйіне барғанмын. Оны-мұны шаруамды бітіріп, кетерімде Мұхаң тыныстаған жер ғой деп, бақшасын аралағанмын. Өзі еккен алма ағашының басында қып-қызыл боп албырап жалғыз апорт иіліп тұр екен. Соны ырым ғып үзіп ап, өзіңе әкеп бердім.
– Көңіліңіздің шекер-балын сол алмадан-ақ татқандай болдым!
– Айтқандай, қолжазбаларыңа ие боп қалған біреу бар ма?
– Әр жерде қалды. Кім керек қылар дейсің деп ықтияттағам жоқ.
– Бекер қылғансың. Көзі қарақты біреудің қолына түссе жақсы. Баяғыда Абайдың қолжазбасының тағдыры не болғанын білесің бе? Кәкітай бас-аяғын жинамақ боп ауыл аралап жүрсе, Ғабитхан молланың кемпірі Абайдың өлеңін самауырға тамызық қып отыр дейді. «Абыстай-ай, бұ не қылғаныңыз!» деп жұлып алса, «Вадим» дастаны екен. Соңғы он екі шумағын ғана аман алып қалыпты.
– Ана бір жылы «үндеместер» үйіндегілер соңыма түскенде қауіптеніп, алғашқы төрт томымды тығып қой деп Тәукебай деген досыма бергем.
– Тәукебайдың ­­қолына түссе жоғалмайды. Бірақ ол қу енді бәрін емен-еркін өз бойына сіңіріп алады ғой.
– Мейлі, басқаға бұйырғанша, сол-ақ қызығын көрсін. Маған қылған жақсылығы аз емес.
­– Бір жағынан ол да дұрыс. Із-түзсіз жоғалғанша, кімнің атымен болса да, халыққа жетсе болды ғой. Мен бір нәрсеге таңғаламын. Сен – әдеби білімің жоқ, мүлдем басқа саланың адамысың. Аз уақыттың ішінде алты романды қалай жазып тастадың. Және қандай роман, шетінен шедевер! Мен кәнігі әдебиетші басыммен жетпіс жасқа жеткенше тыртысып-тырмысып жүріп екі романды әзер жаздым, оның өзі шалағай бірдеңе.
– Мен өз ойымнан ештеңе жазғам жоқ. Абай құлағыма сыбырлап тұрды. Мен тек көшіре бердім.
– Демек, саған Абай атаңның аруағы қонған, киесі дарыған. Шабыт деген сол!
– Сіз Абайды көрдіңіз бе?
– Жоқ.
– Пейішке енбей қалған ба?
– Алла сақтасын! Ол кісі пейішке енбегенде, кім енеді. Мен қанша ойласам да көре алмадым. Кім көрінгенге көріне бермейді екен. Тіпті Әуезовке де көрінбепті.
– Нұр дидарын бір көрсем деп армандап ем, оным құр әурешілік екен ғой!
– Сәулесі түскен адамсың, бәлкім саған көрініп қалар?

Абаймен әңгіме

Мақаңның сөзінен кейін көліме сенім бекіп, Абайды көрсем деп асықтым. Бұрын кімді, нені ойласам, заматында көз алдыма елестей кететін. Бұл жолы өйтпеді. Абайдың жанды бейнесі елес бермеді. Құр тас мүсін боп көрінді. Алматыдағы көз үйренген әйгілі һәйкел-ескерткіші. Бұл қалай деп таңырқап тұрғанымда, о ғажап, тас мүсінге жан бітіп, иығына бос жамылған ақ желбегейінің етегі жерге сүйретіле, «соқтықпалы, соқпақсыз» қия беткейден түсіп келе жатты. Кәдімгі қасыма кеп, құлағыма сыбырлап тұратын сом бітімді қара шал.
– Сіз, шынымен, Абай атасыз ба? – дедім сенер-сенбесімді білмей сасқалақтап.
Қара шал жымия езу тартты:
– Білмеймін, Абай болармын деп тұрмын. Әлде басқа да Абайларың бар ма еді?
– Ескерткіштен қалай аумайсыз?!
– Ол – мүсіншінің шеберлігі. Менің тұрған бойым осы.
Мүсінші Хакімжан Наурызбаев айтыпты дейтін сөз есіме түсті, ел аузында жүрген. Үш жыл бойы толғанып, осы ескерткішті бастауға жүрегі дауаламапты. Бір күні Абайды түсінде көріпті де, ұйқысынан апыл-ғұпыл тұра сала қашау-балғасын алып, тасқа қарай тұра жүгіріпті. Қашан мүсінді жасап біткенше сол бейне көз алдында тұрып алыпты. «Мен қиялымнан ештеңе қосқамын жоқ. Тірі Абайды жүрегімде балқыған тастың ішіне құя салдым» дейді екен. Шынымен де хас шебер данышпанның жанын тасқа көшірген екен-ау!
– Иә, дұрыс, – деді қара шал ойымды оқып тұрғандай. – Мен ШЫНның ішіндемін. Менің шын бейнем осы.
– Мен Сізді үніңізден, жүзіңізден танимын, – дедім.
– Білемін. Екеуміз талай күн, талай түн бірге болдық қой.
– Сіздің айтқан сөздеріңізді көшірем деп жазушы атанып кеттім. Оқығандардың бәрі таңғалады. Осының бәрін қалай жаздың дейді. Абай атам құлағыма сыбырлап тұрды, мен тек жазып отырдым десем сенбейді бір де бірі.
– Сен жүрегіңді тыңдай алмайды екенсің. Бәрін көресің, сезесің, күйінесің, қиналасың, мейірленіп сүйінесің, бірақ айта алмайсың. Мен сенің жүрегіңдегі сөзді өзіңе оқып бердім.
– Иә, Сіз айтқанда, әр сөз жүрегімнен шығып жатқандай болды. Көкірегімнің түбінде шөккен нала-өксік, жиіркеніш пен кек, қуаныш пен шүкіршілік… кілкіген күллі сезім сиқырлы, сырлы сөзге айналып кеткендей. Айна-қатесіз бәрі өз көргендерім, өз сезімім, таныс-білістерімнің мінез-қылығы.
– Жүрегіңнен тек қара көлеңке көрдім. Жердегі өмір соншалықты жиіркенішті ме?
– Бәрі өзіңіз көргендей. Тіпті одан да ластана түсті. Сіз айтқан Күлембайлар бұрын болыс қана болса, енді патшаның тағына отырды. Оқып-үйреніп, сұрқия-сұмдығын еселеп жетілдірді. Тек іші сол қалпында, сәуле түспеген.
– «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда» десеңші.
– Иә, Сіздің сөзіңіздің бірі де ескірген жоқ. Жұртыңыз сол «сабырсыз, арсыз, еріншек, алтыбақан ала-ауыз, көрсеқызар жалмауыз» қалпында. Сізді тіпті кінәлайтындар да бар.
– Не деп?
– «Абай қазақты жек көреді. Қазақты тек жамандай береді» дейді.
– Мен қазақты жамандағам жоқ, жамандығын айттым. Құр мақтаннан не таппақ? Кемін толтырса, кемелденгені емес пе. Жамандықтың азы да көп, жақсылықта көптік жоқ. Жақсылық көбейген сайын ағаштың жапырағы сияқты көрік береді. Мен қазағым өзгеден кем болмаса екен, өнерлі, озық болса екен дедім. Мен әр қазақты бауыр етім – баламдай көрдім. Балаңа жаның ашып, жақсы көргеннен ұрыспайсың ба. Түзелсін, адам болсын дейсің.
– Сіз басқа емес, неге мені таңдадыңыз?
– Оны саған бұрын да айтқамын. Сен – Жартақанның сынағынан өткен адамсың. Көкірек көзің ашылды. Басқалардың көрмегенін көретін, сезбегенін сезе алатын қасиет дарытты. Менің айтылмай қалған сөзімді айтатын, ойымды жалғайтын, жер бетінде тірі жүрсем, дәл өзімдей күйініп-сүйінетін, дәл өзімдей жақсы-жаманды парықтайтын кім бар дегенде, іздеп тапқаным өзің болдың. Сенің жүрегіңде хаттай жазылған шер мен сырды екеуміз қосыла оқып, мыңдардың құлағына жеткіздік.
– Мен ештеңені көрмей, сезбей бұрынғыдай жүре бергенім жақсы еді. Сіз маған көп мехнат шектірдіңіз.
– Сен маған риза емессің бе?
– Иә, өкпелеген кездерім де болды. Мен көп қиналдым. Бала-шағамды асырай алмай, қайыршының күнін кештім. Сол кезде Сіз жәрдем етпедіңіз!
– Қалай?
– Бір күні менің кітаптарымды оқыған арнайы мекеменің бір адамы маған келді. Өзі ізгілікті жан екен. Рас, әуелгіде көзімді алақандай ғып біраз қорқытып алды да, жанашыр кісілік жөніне көшті. Бұл заманда мұндай кітап жазу – қауіпті, босқа қор боласыз деп, білген ақылын айтты. Одан да, ұлұғ сәруар туралы мадақ жазыңыз, сонда барлық жағдайыңыз жасалады: Мемлекеттік сыйлық әпереміз, қалаған жеріңізден үй аласыз, бизнесіңіз жүреді… ақылды адамдардың бәрі осылай тірлік етеді деді. Мен қуанып кеттім. Сәруар туралы материал жинадым жанталасып. Таудай болды. Жазайын деп қалам ұстасам, аузыма сөз түссейші. Жайшылықта үстел басына отырсам болды, «Жаз!» деп құлағыма сыбырлай жөнелетін Сіз теріс қарап тұнжырап тұрып алдыңыз. Тіпті қараңызды көрсетпей қойдыңыз. Содан апта отырдым, ай отырдым. Түк шықпаған соң, қағаздың бәрін құшақтап апарып, қоқысқа бір-ақ аттым. Сонда Сіз жаныма кеп сыбырлап тұрғаныңызда ғой, сәруар туралы тамаша кітап жазып, айды аспанға бір-ақ шығарар ем. Әлгі жігіттің айтқанының бәрі болар еді. Ал, міне, не болды? Бала-шағам қайыршы. Өзім диуана боп қаңғып кеттім. Ақыры азапқа шыдай алмай, атылып өлдім. Сізге өкпелемегенде, кімге өкпелеймін?
– Әй, балам-ай, бақыт деген байлық емес.
– Байлық – зиян да емес! Сіз Аға сұлтанның баласы, алдында мыңғыраған малы бар бай болмасаңыз, осынша даналыққа жетер ме едіңіз?
– Жөн айтасың. Төрт түлік малымнан жер қайысты. Алты мың қара-көктің үйірі шұрқырап суға құлағанда, Алқабектің арнасы тартылып қалатын. Бірақ сол байлық мені бақытты ете алды ма? Жапан түзде менен қасіретті кім бар еді? «Атымды Адам қойған соң, қайтып надан болайын. Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын!» деп мыңмен жалғыз алыстым. Ой-сана, өнер-білімнен ғана жан жұбанышын таптым, жапырақ жайып жаным көктеді. Мені адамдықтың биігіне көтерген алты мың жылқым емес, ел жадында қалған алты ауыз сөзім. Сен менен де бақыттысың. Оқыған адам жылайтындай алты роман жаздың!..
Тағы біраз әңгіменің басын қайырғаннан кейін Қара шал бүгінге осы да болар дегендей ишарамен иек изеп кері бұрылды. Соқпақсыз қия беткеймен өрлеп тас тұғырға көтерілді де, ескерткіш боп тұра қалды.
Бұдан ары онымен қалаған уақытымда ұдайы ұшырасып тұрдым. Бір әңгіменің арасында:
– Сіз Мұхаңмен, Мұхтар Әуезовпен жолықпадыңыз ба? – деп сұрадым.
– Жоқ.
– Оны көргіңіз келмеді ме?
­– ­Өзі жолығудан тартыншақтайды-ау деймін.
– Неге?
– Әуелі ол Қажыға барып кешу сұрапты. Әкем Құнанбайды айтам. Адуынды, қатал кісі ғой, сөзге келмей: «Әй, көк шолақ, аруағымды күңірентетіндей не жазып едім? – деп қамшымен жаурынынан тартып жіберіпті. – Қазаққа қылдай қиянатым болып па екен? Тентегіне тиым салдым, жарлысының аузын аққа тигіздім, тектісін төрге шығардым. Адал бол, адам бол, Алла жолына түс дедім қаймана надан жұртыма. Сол үшін қиянаттың отына күйдіресің бе?» «Сіз түсіңізде де көрмеген сұрқия заман болды ғой, Қажы ата, – депті Мұхтар күмілжіп. – Жақсы деген немене, жаман деген немене, жұрт ажыратудан қалды. Дін, исламиат – у, апиын, қожа-молла – жәдігөй, азғырушы, бай, сұлтан – қансорғыш, қанаушы… деді. Оларды ақтауға да, мақтауға да болмайтын болды». «Ақтамасаң да неге даттайсың? Былықтырып жапқан жалаң қаншама! Қодарды өлтіртсем, қазақ баласы естіп-білмеген сұмдығы үшін жаза тарттырдым. Жаман ғадет ұрпақтың асыл сүйегіне жұқпасын дедім. Ата жолы, ислам пәтуасымен қырық рудың адамы лағнет айтып, тас лақтырды. Өз апаң Нұрғанымды да оңдырмапсың, ақ төсегімді былғаған салдақы біреу болған да шыққан. Мені қолын қанға малып-малып, қартайғанда жалған тақуа боп монтансыған аяр, топас қып көрсету үшін тіпті Алланың өзін де, сөзін де мазақ етесің. Осының да бір шындық бар ма?» «Көк тұман, сипат та, сурет те жоқ көз талдырған заманның тар қыспағы құлашымды жазғызбады, ойымдағыны айтқызбады». «Жүрегіңдегіні айта алмасаң, әуре болып нең бар еді?» «Бұл – менің осалдығым». Қажы қолын сілтеп, теріс бұрылыпты. Содан беті қайтып қалды ма, маған көріне алмай жүр.
– Сіз де оны кінәлайсыз ба?
– Кінәнің салмағы ауыр. Біреуге кінә артпас бұрын әуелі: «егер соның орынында өзім болсам, қайтер едім» деп ойланып көруің керек. Мен оны жазғырмаймын, аздап өкпем ғана бар. Мен «Алланың Өзі де рас, Сөзі де рас» деп Хақ-тағалаға құлшылығынан танбай өткен шын мұсылманның бірімін. Ол мені мүфтиатқа қарсы шыққызып, ақихи ислам насихатшысы халпе-хазіреттермен айтыстырып қояды. Батыс ғұламаларының асыл дінімізді мансұқтаған теріс уағызына мен бас шұлғып шыбындап отырады екем-мыс. Павеловпен қосылып арақ ішем, темекі тартам. «Артық байлық – ғылымда» десем, солар нені істесе, соны істеп, орыс пен Батысқа құлдық ұрайық дегенім емес қой. Ол адамшылық пен ғаділетті діннен, Құдайдан жоғары қояды. Бір тараптан, жөн де шығар. Бірақ дін – адамшылықтың ең жоғарғы өлшемі біле-білгенге!
– Сіз туралы романында Алаш көсемдеріне жақпайтын күйесі жоқ. Әлихан Бөкейхановты – Әзімхан Жекейханов, Жақып Ақбаевті Сақып Сақбаев деп алып, ит терісін бастарына қаптайды. Сақбаев қолын шолтаңдатып, ұшып-қонған сабырсыз біреу. Ойы кенеусіз, сөзі бәтуасыз. Ал Сізді «Қазақтың Бас ақыны» деп атап, алғаш мақала жазып, иісі алашқа насихаттаған Әлекеңді сіздің қас дұшпаныңыз ғып көрсетеді. «Жаратылысында өлеңді сүймейтін», томырық мінез, топас, қара жүрек жауыз. Сіздің басыңызға қамшы үйірген Оразбайдың қолына зұлымдықтың қара шоқпарын ұстатқан да сол. Абайды молла қылатын жалғыз айла осы, «оған тиылмаған, аюсыған Абайды көріп алайын» деп, апшыған байды шаптан түртіп, тура жол нұсқап жібереді. Осыған не төрелік айтасыз?
– Менің ол екеуімен де жолым түйіскен емес. Айтысатын, өштесетіндей жөндері жоқ. Бәрі Мұхтардың қиялы ғой. Атын атауға, еңбегін ескеруге болмайтын тар қыспақта ол асылдардың тағдыры үшін жаны шырылдамады дейсің бе Мұхтардың. « Ең болмаса, аттары өшпесін, Абаймен айтысып-тартысып жүрсе, тегін адам болмағаны-ау бұлардың» деп зейінді ұрпақ ойланар, заманы туғанда, іздеп табар, тарих қоқысынан аршып алар деген есеппен жазды ма екен, бір есебі бар-ау?
– Әйтеуір, шаң жуытпайсыз…
– Ләміңе қарағанда, күмәнің көп секілді. Тағы несіне көңілің толмайды?
– Меніңше, «Өскен өркен» романын жазбай-ақ қойса болар еді деп ойлаймын.
– Неге?
– Лениндік Сыйлықтың лауреаты, даңқы әлемге жайылған жазушының социалистік өмірді сонша дәріптеп тамсануының не қажеті бар еді? Социализм қазаққа не бергенін басқа білмесе де, Мұхаң біледі ғой.
– Не деп жазыпты?
– Қазақтың жаңа ұрпағын Совет үкіметі жарылқап, бұрын-соңды болмаған бақытқа кенелтті дейді.
– Ол қандай бақыт екен?
– Соноу Созақтың құмында бар қазақ салпаңдап қой соңында жүр. Солардың айына бір моншаға түсіп, айына бір автоклубтан кино көргенін неткен бақыт, құмды дауыл, қысқы аяздағы азабын неткен ерлік деп сөз таба алмай мақтанышпен тамсанады. Ел басқарған азамат, совхоз директоры өзінің дөкей бастығы Карповтың ығына қарай жығылып, халықтың қадырлы мейманға бас тартатын дәстүрін кінәлай, күлкіге айналдырады. Басты «субпродукт», «пережиток», «анахронизм», ескі қараңғы өмірдің етекке жармасып қалмай келе жатқан жиіркенішті сарқыншағы дейді. Одан да әйдік ел ағасының сөзі, ой-түсінігі одан да сорақы. Екі дөкей вертолетпен боранда адасқан қойшыны іздеп шығады. Ен даланы шарлаған тікұшақ бір уақытта оппа қарды жосылта қаңғалақтап әрең қонады. Түсіп қараса, дәл алдары терең жар, енді болмаса, омақаса құлайды екен. Қасында төбесін бүріп салған ескі мола тұр. Қаратаудың теріскейіндегі көп әулиенің бірінің мазары. Қатерден қағып қалған сол әулиенің киесі екенін ойлап, тәубаға келудің орнына, бір дөкей екіншісіне: «… Бұрын әулиеге түнеген жоқ шығарсың. Уыз қолыңмен алғаш байлаған әлемің сол болсын, шұлғауыңды мынаның басына байлап кет!» деп мазақ қылады. Қарасының бар шыққан ұшпағы – қой баққан, қаратаяғының тапқан өрісі мынау, өткеннің бәрі мансұқ, дәстүрің – тозық, әулиең – мазақ. Мұхаң осыған неге сонша жүрегі үзіліп сүйсінеді? Осының қай жері өсіп, озғандығың?
– Пәлі! – Абай атам мінсіз тізілген кесек тістерін ақсита жымиып алды. – Сен өз сұрағыңа өзің жауап беріп тұрсың, қарағым. Қазақ сөз білген жұрт қой. Баяғыда байдың қойын баққан кедей құжырасына қонақ түссе: «Қой – көп, пышақ жоқ!» дейді екен. Онысы: малдың бәрі – байдікі, саған сояр тышқақ лағым жоқ деген емеуріні. Мұхтардың да ойлы оқушыға «ішің білсін әләуләй», өзің түсініп ал деп, сол жосынмен сөзін әдіптегені ғой. Кешегі бай-бағлан, батыр-палуан, өнерпаз асыл сүйек арда қазақ қайда? Өнеріңнің алды – қой баққан, құл-құтанның ұрпағы би боп, басыңа шықты. Тұнығың лайланды, қасиеттің тапталды деп отырған жоқ па!
– Ендеше неге «Өскен өркен» деп дәріптейді?
– Жаман иттің атын «Бөрібасар» қойғанмен, ит жақсы бола ма? «Өскен өркен» емес, өшкен өркен деп, көкірегінің күйігін жазғаны ғой. Менің білгенім сол, шырақ!
«Расында да солай екен-ау!» Таң-тамаша тұрып қалдым. Ұлының ойын түсіну үшін де ұлылық керек екен. Міне, менің қанша жыл адасқан ойымды қара шал жалғыз-ақ сәтте тура жолға салып жіберді. Алдымнан жарқ етіп, кең-шалқар басқа әлем ашылғандай. Мұхаң үлкенді-кішілі кейіпкерлерінің сөзі мен ісі арқылы жұмбақтап отырып, айтарының бәрін айтып алыпты. Мақтаған боп жиіркендіріпті, сынаған боп сүйіндіріпті. Сұры бөлек жаңа заманның жақсы десең де, жаман десең де сиқы осы деп бар бейнесін көңіл айнаңа көшіріп береді. Ұқсаң осы, ұқпасаң өзің біл дегені екен. Орынсыз кінә тағып күстаналаған күпірлігім үшін сол жерде ұлы аруақтан мың мәрте кешу өтіндім.
– Мұхаң Сізді алты жасымда көргенім есімде дейді ғой? – дедім басқа ауанға төңкеріліп.
– Иә, әжесі әкеп тіземе отырғызған. Хұдәуанда, сәбидің жұпар иісінен жүрегім шым етіп, елжіреп кеттім. Дәл Мағауиямның бала кезіндегі иісі. Басынан сипап едім, бұйра шашының түбі түтіндеп, маңдайы күйіп тұр екен. «Тегін бала болмассың» деп назарым түсіп еді сонда. Ойлағанымдай, міне, данышпан жазушы болды, халқын дүнияға танытты…
«Мағауияның иісі…» дегенде, біртүрлі елеңдеп қалдым. Тобықты ішіндегі алып-қашпа сыпсың есіме түсті. «Мұхтардың бірінші алғаны Мағауияның қызы Кәмила сұлу болатын. Кейін өз қарындасы екенін біліп, амалсыз ажырасады. Құсалы күйіктен ішіне дерт түсіп, көп уақыт есеңгіреп жүреді. «Қарагөз» трагедиясындағы қасіретті уақиға өз басындағы хал» десетін. Оның үстіне, Сәбит Мұқанов айтты дейтін көп аузындағы сөз де құлағымда. Сәбең жарықтық та қазағымның маңдайына біткен марқасқасы ғой, әйтсе де алдыма ешім түспесін дейтін өзімшілдігі де бар болса керек. Мұхаңның асқан бағын көре алмай іліп-шала береді екен пендешілікпен. Бір отырыста сөзден сөз шығып: «Ай, Мұхтар, асқақтай беретіндей не тындырдың? – дейді өңештеніп. – Мен, міне, жөргегімде табым деп жырлап жатқан, жылап жатқан Мұқановпын! Жүрегім тек советтік өмір деп лүпілдеп соғады. «Ботагөзді», «Сырдарияны», «Жұмбақ жалауды»… жаздым. Сен өз әкеңнен басқа нені жаздың осы?!!» Мұхаң сонда жымия қарап: «Абай маған әке болуға, мен оған бала болуға жарамаймын ба?!!» депті…
Қара шал ойымды оқығандай, имек ұзын қастарының ұшы сәл дір етіп, қабағын шытты:
– Әрбір істің ақихаты Аллаға ғана аян. Иә, Мұхтар – менің балам! Қанымнан жаралмаса да, жанымнан жаралған.
– Иә, ата, – дедім күпір ойыма ақтау іздегендей апалақтап. – Ол қаршадайынан сіздің жырларыңызды жаттап өсті. Сізді танып-білу арқылы даналыққа жетті.
– Мені оқығандар – көп, танығандар – аз. Мұхтар Алланың артық жаратып, көкірегіне нұр құйған пендесі ғой!
– «Единица болмаса, не ғылады өңшең нөл!» дедіңіз емес пе. Сол единицаның бірі – Мұхаң шығар.
– Ортасынан оза шауып, дара шыққан да бақытсыздық. Біз қазір анау-мынау дегенмен, не көрмеді дейсің ол бейшара? Заманына өгей, жалғыз болды. Құсалықтан запыран жұтып, күңіреніп өтті-ау сабаз!
– Сіз де «Өлген мола, туған жер жібермейді, әйтпесе тұрмас едім осы маңда» дедіңіз ғой.
– Иә, Мұхтар зұлымдықтың қыспағында аласұрса, мен надандықтан тұншықтым. «Жартасқа барып күнде айғай салғандай», селт етпес меңіреу жаңғырықтан жігерім құм болды. Сен де, міне, тұйықтан жол таппай, атылып өлген жоқсың ба?
– Мен жынды болған соң сөйткен шығармын?
– Онда бәріміз де жынды болғанымыз! – деді ол жымиып.
Мен өстіп Абай атаммен жиі ұшырасып, ұзақ-ұзақ әңгімелесіп тұрдым. Әр сөйлескен сайын өзімнің жайдақ, жұпыны, білмейтінім қаншалық көп екенін біле түстім; өзімді-өзім қорашсынып, білімсіз бейшаралығыма қорланамын. Әр сөйлескен сайын байып, молайып қайтамын.
– Адамның қоры кім? – деймін әрнені білгім кеп.
– Талапсыз адам. Талабың болмаса, бойыңдағы бардың бәрі рәсуа.
– Мен білімсіздік пе деп ойлайтынмын.
– Білім де талап, ынта арқылы ғана бойға қонбай ма. Бәріне жеткізер еңбектің аты – талап.
– Мақсат болу керек дейсіз ғой?
– Мұрат-арман әркімде бар. Жатып алып: «шіркін-ай, анауым болса, мынауым болса, өйтсем, бүйтсем» деп армандайтынымыз аз ба? Құс та жем жесем екен дейді. Бірақ талпынып қанат қақпаса жете ала ма? Айналайын қазекемнің бойында бәрі бар ғой: кісілік те, қайрат та, қабілет те… тек талап кемшін қайтейін!
– Бақытты кім?
– Адалдан жаны семірген адам. Ондайдың бес асылы бойында болады: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым.
– «Би болған, болыс болған – өнер емес» дейсіз де, өзіңіз онекі жыл болыс болдыңыз, төбе би болдыңыз. Билік, мансапқа ұмтылғаныңыз қалай?
– Мен мақтан үшін мансапқа ұмтылғамын жоқ, биліктің тізгінін ұстағым келді. Билігің болса, қолың ұзармақ, елге шарапат етерлік мүмкіндігің молаймақ. Қиянаттың, сәл де болса, жолын кессем, жылағанның көзжасын сүртсем дедім.
– Сіз мыңды айдаған бай болдыңыз. Сол байлықтың айналаңыздағы жоқ-жітікке шарафаты тиді ме?
– Бар зарлыны жарылқамасам да, көрші-қолаңға жазда – сауын, қыста соғым бердім. Түгел малымды таратып берсем де, тыриған жоқшылықтың жыртығына жамау бола ма? Көп болса, бір-ақ рет тойғанына жарар. Кедейлік – пенденің құлық-пейілі, ақыл-ойындағы кемтарлық, соны түземей, ештеңе өзгермейді. Мен етекбасты енжар жұртыма көзін ашар, көңілін оятар асыл сөздің ұрығын тараттым. Тозбас дәулет, кетпес байлық сонда. Білгенге ол аз олжа ма? «Ақылдылар арланып, ұялған соң, ойланып түзеле ме» деп айттым соның бәрін.
– Қайтсек шынайы адам, Сіз айтқандай, «кемел, толық адам» боламыз?
– Малын көбейткен – малдың құлы, жанын байытқан – Алланың құлы. Ғылым, өнер, махаббат, мейірім, қанағат, рахыммен көктеген өмірден баянды не бар? Бес күндік фәниде артық мал жиып, мақтан қуып, атақ-мансап іздеп жаныққан азабымыздан табарымыз не? Міне, екеуміз Алланың алқауындағы мәңгілік тіршілік бағында сайрандап жүрміз. Жалған дүниядан өзімізбен бірге осында нені алып келдік? Жиған мал, таққан сөлкебай, отырған тақ, киген тәж… бәрі қалды. Жалаңаш тәнімізбен көрге түстік. Ақыл-парасат, ниет-дұға, ғибадат-иманымыздың ұясы болған жанымыз ғана Алланың алдына келді. Әр күн – өлімге даярлық деп, ертеңгі мәңгілік өмірдің мәнін ойлаған пенде ғана тура жол таппақ.
– Тура жол қайсы?
– Алланың жолы. Аллаға жүрегіңді берсең адаспайсың.
– Жүрек құр илану ғой, ақылмен таниды емес пе?
– Ақылмен таны, жүрекпен сүй!..
Әңгіме-дүкен үстінде көкейімдегі көп түйткілдің жауабын тапқандай, қартымның даналығына тәнті бола түсемін. «Әй, қара шалым-ай, тегін адам емессің-ау!» деймін кейбір сәуегейлігі мен көрегендігі есіме оралып.
Абай медресседе оқып жүргенде әкесі Құнанбай сынамақ боп:
– Ақ жақсы ма, қара жақсы ма? – деп сұрайды.
– Ақ жақсы! – дейді шәкірт бала ойланбастан.
– Неге? Қара жақсы емес пе? Жарық дүниені көретін көздің қарашығы – қара, шаш – қара, бүкіл тіршілік өсіп-өнетін топырақ –қара!
– Соның бәрін ақылмен танимыз. Ақыл мида, мидың түсі ақ емес пе! – депті қаршадай қара бала тақылдап.
Мағауия өлгенде Абай:
– Ендігі мал-жанның бас иесі Тұраш болар! – деп Тұрағұлды атап, ағайын-туысқа өсиет айтыпты. Тыңдағандар мына кісі қайғы үстінде шатасып отыр ма дегендей бір-біріне қарасады.
– О не дегеніңіз? Тұраштың алдында ағасы Ақылбай бар емес пе? – дейді аңтарылып.
– Е, ол екеумізге енді қанша қалды дейсің! – депті Абай сонда.
Айтқанындай, Мағауияның қырқында – Абай, одан қырық күн өткенде Ақылбай бақиға озыпты…
Бірде Абайдан:
– Ата, сөзден тосылған жеріңіз болды ма? – деп сұрағам. Атам жымиып кеңк-кеңк күлді:
– Е, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ бола ма, балам? Бір емес, екі рет сүріндім. Мен онүш, онбес жасымнан сөзге араластым. Әкем ерте бастан пісіп, ширасын деп ел арасындағы кішігірім дауға мені жұмсайтын. Нашардың сөзін жақтап, аразды бітістіріп жүрдім. Бірте-бірте «Құнанбайдың мына қара баласы ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейін деп тұр-ау!» деген мақтау естіп, «Бала би» атана бастадым. Көңілім асқақтап масаттанып кеткен бір сәтте: «Әке, мен сенен астым!» деппін ғой мақтанды көтере алмай. Сонда әкем: «Менен асу үшін әуелі Абайдай бала тапқыз!» дегені. Төбемнен тоқпақпен ұрғандай тұрып қалдым. Екінші рет Қиясбай қырттан жеңілдім. Айыл жимай қалжыңдаса беретін құрдасым ғой. Алқа-қотан отырған жұрттың көзінше бір күні: «Абайжан, осы отыз ешкінің мүйізі қанша болады?» деп сұрағаны. «Алпыс» дедім ойланбастан. Сонда Қиясбай соққан: «Пәлі, Абайды білгіш-білгіш дейміз, есеп білмейді екен ғой. Отыз ешкінің ішінде сынық мүйізі, тоқалы болады емес пе?» деп жұртты ду күлдірсін…

Махаббат өлеңде ғана өлмейді

Бұрын Жәния ойымнан шықпайтын. Жанарында жас мөлтілдеп, мүңайып көз алдымда тұрып алатын. Жалғыз өзі қиналып жүр-ау бишара, жанымда қалқайып жүрсе де сеп еді-ау дей ме екен? Әлде күндіз дастархан басында, түнде төсекте Жаратқанға жалбарынып мені дұғасынан тастамайтын шығар? Тірілер еске алып сағынса, нәзір беріп, құран бағыштаса, аруақ сол адам туралы ойлайды екен.
Соңғы уақытта Жәния ойыма оралмайтын болды. Ойлайын десем де ойлай алмаймын. Демек, мені есіне алмайтын болғаны ғой? Мүлдем ұмытқаны. Бәлки, балаларды асырай алмай, қу тірлікпен алысып миы ашып кетті ме екен байғұстың? Жер бетіндегі мені қимайтын жалғыз адамым Жәния еді, енді ол да ұмытайын дегені ме? Артымнан іздеп, есіне алатын бір адам қалмағаны ма? Ешкімге саям түспесе, несіне өмір сүргенмін. Менің қай жерім адам сонда? Кеше Абайдан «толық адам» қандай болады деп ұялмай сұрадым-ау. Ғылым, өнер, махаббат, қанағат, рахымның қайсысы бар менің бойымда? Мен «толық адам» түгіл жарты адам да емеспін, жарты деймін-ау, жартының мыңнан бір бөлігіне татимын ба екем нұқыл! Шафағаты шексіз Алла маған пейіштің миуасын қалай бұйыртып жүр десеңші. Жабырқау ойдан пейіштің гүл бақшасы күңгірт тартып кеткендей болды.
– Мұңайма! – деді періште оң құлағыма сыбырлап. – Абай атаң айтты емес пе: «Адамзат бүгін – адам, ертең – топырақ. Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ…» деп. Өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі жан тіршілігін қылады. Бітпес күйбеңнен өзіне алданыш табады. Сөйте-сөйте көз жасы құрғап, қасірет-қайғысы ұмытыла бермек. Жас үмітпен жарқырап жаңа күн жамыраған қызығын алдыңнан тосады. Елтисің, елігесің. Уақыт өзені бәрін ағызып әкетеді, оның алдында ескірмейтін, тозбайтын ештеңе жоқ. Жанған сөнеді, өшкен ұмытылады.
– Махаббат өлмейтіні қайда? – деймін періштенің сөзіне сенгім келмей бұртиып.
– Махаббат өлеңде ғана өлмейді!
«Е, ақындар да қиыстырып оттай беретін өтірікші, қырт екен ғой! – дедім ішімнен күңкілдеп. – Көзің тая бере ұмытылса, оның несі махаббат?» Періште тіршіліктің қат-қабат қатал шындығын айтып, ақылға шақырса да, мен бәрібір Жәнияны ақтай алмадым. Тез ұмытып кеткеніне ренжідім. «Мен ойлаймын, ол неге мені ойламайды» деп налыдым. Абай атамшылап айтқанда, мұнда да «махаббатсыз пейіш – бос» екен. Жаным сая таппай жалғыздықтан құлазып, жабырқау тарттым. Бұрын Жәния елестегенде, таяныш боп қасымда жүргендей сезілетін. Мені ойлайды, сағынады деп шексіз қуанышпен көңілім елжірейтін.
Пейіш бақшасында жүрсем де, жапырағы қураған қу ағаштай үмітсіздік әбден діңкелетті. Не ойларымды білмеймін. Бір үмітім: «уайымдама, ұмытқан жоқ, тіршіліктің азабымен арпалысып жүрген адамда қайбір ақыл-ес бар дейсің» деп алдарқатса, бір күдігім: «қырыққа енді іліккен ажарлы келіншек, жас өмірін қор қылмай қутыңдаған бір бай шалға тиіп алған шығар» деп сумаң ете қалғанда, қызғаныштан табанымды қызыл шоққа басып алғандай шар ете түсемін.
Бірте-бірте құлазыған күйініштен арыла бастадым. Сен ойламасаң, мен де ойламаймын ендеше деп, Жәнияны еске алуды қойдым ерегесіп. Көңілі қалағандардың бәрі пейіште өз жұптарымен жүреді. Асыл жарға адалдығымды білдіріп мен ғана осы күнге дейін басқаларға көз қиығымды салмағанмын. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады». Мен тіпті де құдай емеспін ғой.
Көп өтпей өзіме жұп іздеуге көңілім ауды. Қасиетті Құран аятында: біз сендер үшін Жәннат бағын жаратып, астынан дариялар ағызып қойдық. Онда сендерді бота көзі мөлдіреп сұлу жұбайлар күтіп тұрады делінген емес пе. Ендеше, неге маған солардың бірімен жұптаспасқа?
Қандай жар таңдасам екен деп өрекпіп түрлі-түрлі қиялға баттым. Әу баста айтқанымдай, мұндағы хор қыздарының бет-жүздері көрінбейді, «шіркін-ай, осындай болса ғой» деп ойласаң бітті, сылаңдап көз алдыңа келе қалады. Неше түрлі құшырлы тәтті қылықпен майысып, мойыныңа асыла кетпек. Қандай ләззатты құшақты қалайсың – тек оған қиялың жетсін. Алла-тағала бақи дүниеге жанды ғана өткізеді емес пе, сондықтан мұндағыларда тән жоқ. Құр елессің. Оның өзін де ойлағанда көре аласың. Егер тәнімен тіршілік ететін болса, сан ықылымнан бергі аруақтар микробтай быжынап, бұл дүниеге сыймай кетер еді ғой. Жер бетінде адамдар соңғы жылдары бір-бірімен интернет арқылы виртуалды араласа бастаған жоқ па. Бұл да сондай виртуалды әлемнің шексіз жетілген түрі. Көресің, сөйлесесің… иәки, ойыңмен, сезіміңмен ғана тұщынып, тоят табасың.
Ерік өзімде болған соң, қиялдың көкшолағына мініп ап, Кенен атам секілді, сұлулардың жанынан алай да өттім, былай да өттім ойқастап. Адам адам болғалы тарих жадында сақталып, ақын біткеннің жүрегін жаулаған перизаттардың парадын тамашалаймын тамсанып. Қайсысын таңдарымды білмей екі көзім алақ-жұлақ. Көңілім тайғанақтап біріне де тоқтамайды. Маған Афродита, Диана, Нефертити, Елена Троянская, Магдолина, Клеопатра… керек деймін. Бірақ олар көзіме елестемейді. «Қой-ей, кәпірдің кәрі кемпірлерін қайтесің!» дейді бір дауыс кекете күліп. Расында да олар патшайым не сарайдың бикелері болып, кәпірлік жасап, қолдарын қанға малған соң пейішке кірмей қалған-ау деймін, қанша ойласам да, көзіме көрінбей қойды. «Қой, алысты қайтем, өзіміздің ауылға оралайын деп, батырлар жырындағы Құртқа, Назым, Баян, Ақ Жүніс, Баршындарға сұқтана бастап едім, әлгіндегі дауыс тағы да мырс етті: «Ол өзіңнің апаларың ғой!» «Кетші-ей! – дедім ашуланып. – Мен солардай хордың қызын таңдағым келеді».
Жырдағы Қыз Жібекті сұлу жырдың арасынан тірілтіп алайын деп қалай жанталассам да, кинодағы Өтекешова көзімнен кетпей тұрып алды. «Қойшы, – дедім көңілім қалғандай қолымды сілтеп. – Ондай қыз толып жүрген жоқ па». Крамскойдың «Бейтанысын», Тисанның ….. көңіліммен бір-бір құшып, сұлулар галереясын ұзақ шарладым. Құданың құдіреті, солардың кез-келгеніне көз тоқтатып қарасам, жанары мөлтілдеп сәл мұңая қарағаны ма, әлде иегін такаббарлана көтерген кербездігі ме, әйтеуір бір жері Жәнияға ұқсап тұрғандай болады.»Қарама оларға» дегендей көз алдымдағы елестен Жәнияның бейнесі сүзіліп шыға келеді. Амалсыз күрсініп, бәрінен теріс айналамын.
Пейіштің қойны-қоншы толған бау-бақша, төгілген миуа. Әркімнің қолайына арналған неше түрі гүлзарлар бар. «Жұбайлар гүлзары», «Жалғыздар гүлзары», «Ғашықтар гүлзары» … боп кете береді. Екеуі бірдей офат боп пейіште қайта табысқан некелі ерлі-зайыптылар «Жұбайлар гүлзарында» қыдырыстайды көбінше. Менің әке-шешем сияқтылар. Ал Мақан ағам секілді жұбайы опасыздық жасап ажырасып кеткен, не үйленбеген бойдақ, болмаса әйелі әлі фәни дүниеде тіршілік етіп жүрген мен тәрізді жалғызбастылар «Жалғыздар гүлзарында» бас қосқанды жақсы көреді. Махаббаттары жыр болып, өмірде бір-біріне қосыла алмай қасіретпен көз жұмған мұңлықтар «Ғашықтар гүлзарында» мекендейді екен.

Мәңгілік мұңның аққулары

Мен жалған дүниеден опа таппай зарығып пейіште табысқан жандардың бақытты жүзін көрейін деп, бір күні «Ғашықтар гүлзарына» келдім. Мұндағы бақтың ажар-көркі айырықша екен, әр жапырағы нұрдан жаралғандай, көгілдір шұғыла шашып сыңғыр-сыңғыр қуана қол соғады. Ауасының жұпары да бөлек, гүлдерінің бояуы да ерек. Гүл райханның қауызы үлбірей ашылып, әлдебір іңкәрлік сөзін сыбырлап тұр ма дерсің. Айналаңда махаббаттың сыңғырлы сырлы әуезі есіп-шалқып жатқандай. Тұңғиық мөлдір мұңмен жүрегің уылжып, еріксіз елжірейсің.
Шіркін, осындайда Ажарды жолықтырсам ғой деп ойлағаным сол еді, бұрала басып бір перизат алдымнан ақсия күліп шыға келді де, мені көріп тосырқағандай кілт тоқтай қалды. Ажар! Оналты жастағы толықсыған Ажар! Сонау оныншы класта оқып жүріп жоғалып кететін күні соңғы рет дәл осы қалпында көрген едім. Үстінде сол ақ шілтер жағалы, қоңыр мектеп көйлегі. Алдында белін қынай тартқан ақ фартук. Самай шашы бұйраланып, тұнжыраған томпақ қара көздері шарасына сыймай мөлт-мөлт етеді.
– Ажар! – дедім уақыт сағымына баяғыда сіңіп бұлдырап жоғалған балалықтың гүл бақшасына бір-ақ секіріп түскендей қуаныштан алқынып.
– Сіз кімсіз? – Ажар үркектей шегінді.
– Мені танымадың ба?
– Жоқ.
– Әлбетте, шалды танымайсың! – дедім күліп. – Он алтыдағы қыз бен қырықтан асқан шал бірге оқыды дегенге кім сенеді? Мен Тауфихпын ғой!
– Тауфих? – Қыз сәл тосылып қалды да, есіне енді түскендей, қуана шыңғырып кеп мойыныма асыла кетті. – Құдай-ау, шынымен сенбісің! – Құшағын қатты қысып, өксіп-өксіп жіберді. Содан соң кішкентай жұдырығымен еркелей кеудемнен бір түйіп, итеріп қалды. – Дурачок ты мой! – Көзі жылап, өзі күліп тұр.
– Сен маған мектепте жүргенде ылғи осылай дейтінсің!
– Ештеңе ұқпасаң, басқаша не дейін? Мен сені сүйдім ғой, дурачок!
– Мен де сені сүйдім!
– Басқаларға өлең жазып бергенше, неге өз атыңнан жазбадың?
– Менің жырым – жүрегім. Кімнің атынан жазылса да, сені сүйіп жылады.
– Бәрібір ынжықсың!
– Махаббаттың алдында бәрі дәрменсіз. Патшаның тізесі дірілдейді, шешеннің тілі байланады.
– … Оған қоса, опасызсың!
– Қалай?
– Менен кейін қаншама қызға ғашық болдың. Мені мүлдем ұмыттың. Ешқашан есіңе алып, мұңайған емессің!
– Мен өзімнің ең алғашқы аппақ, тұнық бала махаббатымды өзің кеткен соң, жырларыммен бірге жыртып, желге шашып жібердім. Әр жапырағы бір-бір аққуға айналып кетті. Менің мәңгілік мұңымды сол аққулар айтады.
– Оның рас, – деді Ажар күрсініп. – Әне төбемде қаншама аққу үйіріліп ұшып жүр. Солардың бәрі сенің мен туралы жырларыңды сыңсып айтудан жалыққан емес!
Кенет төбемізден жылы жаңбыр сіркірей жөнелді.
– Бұл – аққулардың көз жасы. Сенің жырларың жылап тұр!
– Міне, көрдің ғой, жаңа «мені ойламайсың» деп кінәлап едің. Мен өзіңе деген бүкіл сағынышымды, мұң мен зарымды жырларыма бергенмін.
– Білемін. Сол үшін де саған ризамын! Сені, бұ дүниеде болса да, бір көрсем деп армандайтынмын. Бәлки, Алла-тағалам сол тілегімді орындап, сені жаннатқа жіберген шығар?
Арқа тұсымнан біреу жөткірінгендей болды. Жалт қарасам, аппақ қасы жалбырап, екі ұрты суалған мосқал адам тұр.
– Мына шал кім? Әкең бе? – дедім жақтырмай.
Ажар қызараңдай күлді:
– Әкең не айтып тұрған! Бұл Молдаш қой.
Молдашты сыртынан атын естігенім болмаса, көзбе-көз көрген кісім емес. Жер-көкке сыймай дудыраған ақ бұйра шашы арқасына түскен, қауға сақалы алқымына кептелген, бет-аузы қатпар-қатпар кәрі лақса. Тек қоңырқай шүңіт көздері шексіз бақыттан шабытты от шашып жайнаң қағады.
– Жаннат бағында өзіңе таңдап алған жұбайың осы шал ма? – дедім кекесінді ренішпен.
– Мен – шал емеспін! – Молдаш шамырқанып, жолортадан сөзге киліге кетті. – Көп болса, Ажардан төрт-ақ жас үлкенмін. Мені қартайтқан – өмір, жиырма жыл бойы қайғыдан қан жұтып зарлаумен болдым.
– Өмір емес, өзіңді өзің зарлаттың! – Өткеннің өкінішті ыза-кегі есіме түскенде, запыраным көтеріліп шыдай алмай қалш-қалш еттім. – Өзіңді ғана емес, өзгені де зарлаттың!
– Қайтейін, сүйдім ғой! – Молдаш қипақтап төмен қарады.
– Ол сүйді ме?
– Жүрегімді ауыздықтай алмадым. Ессіздік ырық бермеді.
– Өзімшілсің. Озбырсың!
– Ет қызуымен істерімді істеп алсам да, қаталығымды түсініп, ақылға салдым. Боран басылған соң, үйіне апарып салмақшы болғам. Бірақ өзі түн ішінде қашып шығып, осындайға ұрынды ғой, қайтейін…
Молдаш сақал-шашы толқындай төмен қарай төгіліп, кінәлі кейіппен басын иді. Жиіркене қарап, «сөзің бар болсын» деп төбесіне бір түкіргім келді.
– Жас өміріңнің қызыл гүлін көктей солдырған жауызға қалай жүрегің елжіреді? – дедім Ажарға тістене зілденіп.
– Ол мені сүйді.
– Мен де сүйдім!
– Иә, сүйдің. Кластағы ұлдар да, ауылдағы көп жігіттер де – бәрі сүйді. Хат жазды, өлең арнады, өнерлерімен бір-бірінен асып түсуге тырысты. Бірақ ол бәрінен артық сүйді, шын сүйді! Өмір бойы өкінішпен өксіп, зарлап өтті. Тек мені ойлады, пенделік рахат-қызықтың бәрінен баз кешті. Айтшы, дәл сондай сүйген қайсың бар? Өмір бойы қасірет шегіп, мені аза тұтты!
– Аза тұтса, кінәсі бар. Қазаңа себепкер болды!
– Рас оның. Кектендім. Шексіз өшпенділікпен жек көрдім. Оның айнымас махаббаты райымнан қайтарды. Жиырма жыл бойы көз жасын домбыраның шанағына құйды, құдіретті күй құлағыма боздап жеткенде, аһ ұрмасқа дәрменім болмады, еріксіз жүрегім елжіреді. Кім мені бүйтіп жоқтады?
Қарсы дау айта алмай, жөн сөзге амалсыз жығылдым. Рас, Молдаштай оны кім сүйе алды? ­Кім сондай жылап-жоқтап қасірет шекті? Молдаштың күйін мен де тыңдағанмын. Үн-әуеннің бұған дейін адамзат баласы естіп-білмеген бөлекше бітімі, ғажап құбылыс. Естігенде есті жүректің егілмейтіні жоқ, мөлтілдеп жас тұнбайтын көз жоқ, күрсінбейтін көкірек жоқ.
Осынау құдіретті әуез қандай махаббаттан жаралды екен десеңші, қандай жанталасқан жаралы жүректен қайнап шықты екен десеңші? Ешбір данышпан нотаға түсіре алмапты, ешбір оркестр, ешбір музыкант кемеліне келтіріп ойнай алмапты. Өйткені ырғақ-нақышын нотамен белгілеу мүмкін емес, орындаушылық шеберліктің қалыптасқан шеңберіне еш сыймайды екен. Оны тек Молдаштың өз ойнауында тыңдап, сезіну керек. Қара домбыраның тұңғиықтан боздап жеткен сарыны өксіп-өксіп жіберді. Шексіз шердің бұғауында шырмалғандай, үшеуіміз үнсіз мүлгіп ұзақ тұрдық. Мен тұңғыш рет бақталас еркекке тән өз кеудемдегі ыза, кек, қызғаныш, өшпенділік, жиіркеніш секілді күллі такаббарлық сезімді жеңіп, Молдашқа тәнті болған ықыласты жүзбен бұрылдым:
– Сен Құрманғазы атамыздан да асқан күйші екенсің!
– Астағфиралла! – Молдаш селк ете түсті. – Өйтіп күпір сөз айтпа. Құрманғазы адамзаттың әулиесі емес пе. Қу ағашқа тіл бітірген құдірет иесі ол.
– Оған таласым жоқ. Бірақ сен секілді аруақтың жүрегін жаулайтындай күй шығарған жоқ қой?
– Егер жүрегі менің жүрегімдей жараланса, одан да артық күй шығарар еді!
– Ол да мүмкін, – дедім баяғыда «Бригантина» кафесінде саптыаяқ сыра ішіп отырып Жақсылық Төлеген дейтін бір тамаша жазушының айтқан әңгімесі есіме түсіп. – Құрекең Алланың айрықша жаратқан пендесі ғой. Сүлеймен патша секілді ол да аң мен құстың тілін біліпті. Тоғайға барып күмбірлетіп күй шалғанда, бұлбұл кеп домбырасының басына қонақтап, қосыла сайрайды екен; төрде отырып күй тартқанда, көлдегі көкала үйрек- қоңыр қаз қаңқылдап, қанатын желпіп көлбең-көлбең билейді екен.
Палуан денелі, өжет, қайратты адам болған. Желкесінде құлынның жалындай жалы болыпты деседі. Жас кезінде сойыл сілтесіп, барымта-сырымтаға да көп араласса керек. Өзі Қызылғұрт ішінде басы өспеген кедейлеу аз атадан шыққан. Айналадағы басқа рудың бай-мықтылары көптігін істеп есе-теңдік бермейді, тізеге сап қағажу көрсетеді. Қыжылы бар Құрекең секілді жігіттер намысқа шауып, оңаша шыққан малын қағып кетіп, кісісін соққыға жығып кетіп жүреді. Ел іші егер болады.
Қиянатшыл бір байдың атақты жирен қасқа айғыры бар екен. Қара жауын, ақ түтек боранда қамалаған қасқырға үйірін алдырмайды екен жануар. Сол айғыр қыстың боранында оппа қарда орға құлап өліпті. Келесі жылы жұт болады. Құрманғазының кедей ауылы қатты күйзеледі. Басқа амал таппаған жас жігіт тәуекелге бел буады. Кешкі ала-көлеңкеде байдың жайылымда жүрген жылқысының шетіне барып, бір қырқаның тасасынан жирен айғырдың дауысын сап кісінейді. Сонда табын шетінде бөлек жайылып жүрген жирен қасқаның үйірі елең етіп, басын көтеріп алады. Ішін тартып оқыранып, шұрқырап дауыс шыққан жаққа қарай лап қояды. Тасада бұққан жас жігіт атына қарғып мініп, анда-санда кісінеп қойып шаба жөнеледі. Жиреннің дауысын таныған жылқы соңынан қалмайды. Шұрқыраған үйірді шұбыртып әкеп ауылдың желкесіне құлатады. «Ал, жабыл, кедей, жабыл! – дейді құрығын сүйрете ойқастап. – Қарау байдың қасқыр жейтін малын сен де жеп бір той».
Қызылсырап, тісін сорып шиқылдап отырған қалың кедей аспаннан түскен олжадан тартынсын ба, тарпа бассалып, бір-бірден, жетпегені екеуі бірлесіп, бөліп алады. Сол жерде қан-жоса сойып, жал-құйрығына дейін өртеп, жым-жылас қып, түк болмағандай жымпиып отыра қалады. Бай жан-жаққа жоқшы шаптырып, ат сабылтқанмен із кесе алмай дағдарады.
Арада бірненше ай өтеді. Қазақ қасиеттеп жылқының бассүйегін шауып, сындырмайды емес пе. Аяқасты ғып жерге тастамай, бүтін күйі ағаштың басына іліп қоятын әдеті. Бай ел аралап жүріп бір күні қызылғұрттардың жайлау жағына ат шалдырады. Құрманғазы ауылының ескі жұртынан жолай өтіп бара жатып, жыңғылда ілулі тұрған жылқының басын көреді. Ары қарап-бері қарап, малмен көзін ашқан көңілі жүйрік сұңғыла кісі күдік алса керек, дереу Құрманғазыны шақыртып алады. «Шырағым, даңқыңды ел аңыз қылады. Сарнаған желдің, сайраған құстың тілін біледі деп сыртыңнан аузының суы құриды. Сол рас болса, көрсетші өнеріңді маған. Мына қу бас не деп тұр? Соның ызыңын домбыраңа сап тартшы!» дейді. Жігіт қу бастың қуысында желмен ызыңдап, гуілдеп неше түрлі үн шалып тұрған дыбысқа құлағын түріп сәл тұрады да, май көбемен қос ішекті іліп-тартып, сипай жебеп, бірте-бірте топылта шапқан тұяқ дүбіріндей, күлдір-күлдір кісінеген көмейдің күмбіріндей бебеулетіп, дабылдата қаққанда, байдың астындаға жирен бесті бұл қайдан шыққан дыбыс дегендей, жан-жағына елеурей арқырап, ауыздығын шайнап аласұрып аспанға тік шапшиды. «Тұра қал, бала! – дейді бай өңін суытып. – Жоғымның үстінен түстім. Құныкерім сен екенсің, өзіңді өзің ұстап бердің. Мына астымдағы атым жирен қасқа айғырымның құлыны болатын. Мен танымасам да, осы танып тұр». Құрманғазы абайсызда қақпанды басқанын түсініп, қарсы дау айта алмай басын иеді: «Қылша мойыным – талша, ұрыңыз да, қарақшыңыз да мен едім, байеке! Менен басқа ешкімнің араласы жоқ бұл дамайға. Бір қыста қасқырдың аузында кетер малыңызды айдап әкеп, өзегі талған өлмелі кемпір-шал, бала-шағаға үлестіріп бергенім рас!» Жоқ адам бар адамды жақсы көре ме, бермеді, қарау- сараң деп сыртынан күстаналап ағашатқа мінгізеді ғой. Кім өзінің маңдай терімен тапқан ақ-адал малын шашқысы келсін. Шынтуайтында, бай ізгілікті ғазиз жан екен. Сәл үнсіз күреңітіп, басын шарасыздана шайқайды: «Әй, балам-ай, Аллам саған адам баласының басына бітпеген өнер берді. Соны һарамның жолына ластап жүргенің қалай? Киесі ұрар деп қорықпайсың ба?» «Жоқтық не істетпейді, әкей, айыптымын!» «Жарайды, – дейді бай күрсініп. – Іші боқ, сырты түк хайуан қайда қалмаған, өзің айтқандай, қасқыр да жеп кетер еді ғой, алтын басыңнан садақа, кештім! Ал, өзіңнен бір қолқам бар, сұрасам, бересің бе?» «Жанымды сұрасаң да берем!» – дейді ризашылықтан көңілі елжіреген жігіт лепіріп. «Ендеше, ұрлығыңды маған бер, сатып алайын. Осы қазір барып жылқымнан бір айғырдың үйірін таңдап ал. Бірақ сертіңді бер!» «Міне, сертім!» Құрманғазы қамшысының сабын ердің қасына бір періп, ортасынан опырып лақтырып жібереді. Содан бастап құстың, жан-жануардың дыбысын домбыраға салып ойнағанды қойыпты. Асыл өнерге шындап ықылас бұрып, осы күнде ел құлағында жүрген ғажайып күйлерін жеті қабат жер астынан бұрқырап атылған бұлақтың көзіндей бірінен кейін бірін тасқындатыпты.
– Міне, шын құдірет иесі деген осы! – деді Молдаш дауысы толқи алабұртып.
– Бәрібір саған жетпейді.
– Қалай?
– Ол тірілердің жүрегін тебірентсе, сен өлі аруақтың жүрегін жібітіп, махаббатына бөленген жоқсың ба!
– Мен ол секілді Құдай көкірегіне күй қондырып, домыра ұстап туған өнерпаз өмеспін. Оқыс ісімнен опық жеп өмір бойы қасірет шегіп өткен жай бір күнәһар бейбақпын. Күй шығарайын дегем жоқ. Жылаған жүрегімнің өкініші мен өксігін қара домбыраның шанағына құя бердім, құя бердім шерленіп. Ол күй ме, ызың ба – өзім де ұқпаймын.
– Ұққан жүрекке онда бәрі бар! – деді бағанадан бері Молдаш екеуміздің сөзімізді үнсіз тыңдап тұрған Ажар жымиып. – Жер бетіндегі пендешіліктің бәрі Жерде қалады. Мұнда тек иманның үні ғана жетеді. Домбыраңның зар жұтқан үні сыбырлап оқыған дұғадай күндіз-түні құлағымнан кетпей қойды. Бұл – күй емес, жүректің шын лүпілі. Ақыры міне, жүректің тілін жүрек ұқты! – Ажар ұшқын атқан қара көзі жарқ етіп наздана Молдаштың иығына басын сүйеді. Молдаш қыздың қобыраған бұйра шашына мұрынын көміп, аш белінен бауырына қыса түсті.
Қып-қызыл шоқ жұтып жібергендей ішім өртеніп кетті. Көргім келмей көзімді алақаштым. Фәни-жалғанда рахат көрмеген байғұстар еді, ең болмаса, осында бақытты болсыншы деп тілеулестік танытайын десем де, бір қызыл көз қызғаныш ерік берер емес. «Сабыр, сабыр, – деді періште құлағыма сыбырлап. – Достарыңа тек жақсылық тіле. Ізгіліктен жүрегің ағарады». «Жүрегіме әлім келер емес». «Жүректің әміршісі – ақыл. Ақылға есік аш». «Жоқ ақылды қайдан табам? Мен – жындымын ғой!» Періште «саған дауа жоқ» дегендей жымиып қолын сілтеді.
Бір қарасам, Ажар мен Молдаш, ғашықтар фильміндегі қыз бен жігіттей, бірінің қолынан бірі ұстап, ырғала басып ұзап барады екен. Соңдарынан күрсіне қарап, «Ғашықтар гүлзарының» бір түпірінде жүдеу жүрекпен жабығып қала бердім. Пейіш бағында да бақытсыздар болады екен.
Көп ұзамай Ажар мен Молдаш гүлзарда жұп-жұбымен қолтықтасқан ғашықтар шеруіне барып қосылды. Ойһой, мұнда кімдер жоқ дейсің? Жұмыр жер жаратылғалы сұлулық тәңірісіндей жырға айналып, адамзат жүрегін тебіренткен ғашықтардың бәрі бар: Ләйля – Мәжнүн, Фархат – Шырын, Сейфул-Мүлік – Жамал, Қамбар – Назым, Қозы мен Баян, Қызжібек пен Төлеген, Балуан Шолақ – Ғалия, Ажар мен Молдаш…
Хұрма ағашының саясында тұрып ап, жыр-дастандарда ақындар ажар-көркін сипаттауға сөз таба алмай қиналатын сұлуларға «шіркін-ай, бұлар шынымен қандай болады екен» деп ал кеп телмірейін. Аузымды ашып, көзімді жұмып, сілейіп тұрып қалармын деп ойлағанмын. Бірақ аузым да ашылған жоқ, көзім де жұмылған жоқ. Алғашында сенбей, көзімді уқалап қайта-қайта қарадым. Қараған сайын көңілім қала бастады. Мың жыл бойы жырға қосып, табынып, тамсанып келген Лейля, Шырын, Жібек, Жамалдың… өліп-өшіп, жылап-еңіреп өміріңді қиярдай әкетіп бара жатқан түгі жоқ екен. Ешқайсысы менің Жәнияма жетпейді. (Мен ол бейшараға жыр арнамақ түгілі «жаным-ау» деп те айтып көрген жоқпын ғой). Жәй ғана қатардағы әйелді жер-көкте жоқ перизат қып асқақтатыны несі екен? Әлде ғашықтың көзі жоқ дейтіні рас па? Солай болса, солай шығар. Әйтпесе көне гректер бекерден-бекер махаббат құдайының көзін соқыр ғып бейнелей ме? Әсіресе Балуан Шолақ атамның Ғалиясын көргенде, тіптен күлкім келді. Біздің ауылда Гүлбаршын дейтін сауыншы әйел болушы еді, содан аумайды екен. Дүрдік ерін, шұбар бет, жалпақ сары. Соған Балуан атам: « Айым да сен, Ғлия-ау, күнім де сен…» деп қалай егіліп-төгіліп өлең шығарып жүр? Әсілі, «сұлу – сұлу емес, сүйген сұлу» деген сөз рас-ау, тегі. Балуан Шолақтың өзі, құрдастары: «Мына шұбар бет сары қыздың қай жерінен ай мен күнді көріп тұрсың?» деп әзілдегенде, «Ей, жігіттер, менің көзіммен қарасаңдаршы!» депті ғой. Ол жарықтық та бірдеңе білген соң айтады да.

Жетім жүрек

Хош, сонымен жер жаратылып, су аққалы бері адамзат жүрегі жылап жырға қосқан сұлу-гөзәлдардың бәрін көрдім. Тамсанатындай әкетіп бара жатқан ештеңесі жоқ екен. Бұл ақын дегендер өтірікші халық екен ғой-дүр. Мың жыл бойы адамзатты алдап келіпті. «Бір тал шашыңа берер едім Самаркандтың шаһарын!..» «Сен күлгенде, жанарыңнан күн күлімдеп оянды…» дегенде, ой, Алла-ай, бұл қандай перизат екен деп аһ ұрған жоқпыз ба. Ақын байғұс әсершіл жүрегімен құлай сүйген адамын Айға да, Күнге де теңеп, жер-көкке сыймай аласұрыпты лепіріп. Біз соған, көрмеген соң сондай екен деп, шынымен сеніп келіпппіз. Әсілі, пенде біткеннің бәрін бірдей тәнті қылатын сұлулық жоқ-ау деймін сірә да. Әр жүректің тәңірдей табынған өз сұлуы бар. Тек ғашық бола білуің керек.
«Махаббатсыз дүние – бос» деп данышпан Абай жүректің жұмбағын тамыршыдай тап басып, танып-білген соң айтқан ғой. Махаббатсыз пейіштің өзі көңілсіз екен. Дереу ғашық болуым керек болды, әйтпесе зеріккеннен басымды тау-тасқа ұрып, еш жерге сияр емеспін. Сонда кімге ғашық боламын? Өзімнің Жәнияма ма? Ол әлі Жерде ғой, пейіш бағына келе алмайды. Құдайдан «Жәниямды тезірек мұнда жібере гөр» деп қалай сұраймын? Балаларымды өсіріп-жеткізуі керек қой. Солардың қызығын көрсін аз күн болса да. Әлде бала күнгі махаббатым Ажарға ғашық болайын ба? Бірақ мен сүйгенмен ол сүймейді ғой, өзінің Молдашы бар. Не істесем екен?
Әбден басым қатқан соң, қойшы әйтеуір, біреуге ғашық бола салайыншы деп, хор қыздарын таңдауға көштім. Қарасам, бірінен бірі өткен. Бүгін біреуін сүйсем, ертең екіншісі одан асқан сұлу боп шыға келеді. Бірақ көңілім сырғақсып, ешқайсысына тұрақтар емес. Бір де бірі өзімнің Жәниямдай емес. Қанша ойласам да оған ұқсамай қойды. Сонда да бірі болмаса, бірін ұнатып қалармын деген есек дәмемен шетінен сыпыртып ғашық бола бердім. «Қой, бүйте берсем, ана күніне бір қатын алатын олигарх Бөкең сияқты жалап боп кетермін» деп тормозымды бассам да, тоқтай алмадым. Аз уақытта Донжуан деген атым шықты. Жанай өтіп бара жатсам, ту сыртымнан жеккөрінішті көздердің сұр жебесі жамырайды, наразы күңкіл жарыса естіледі:
– «Хор қыздарын шетінен бұзып бітірді, ұятсыз екен, мұны пейішке қалай кіргізіп жүр?»
– «Қазақия деген жемқор елден келген пәле ғой. Пара беріп өтіп кеткен шығар?»
– «Осындайлар пейішті де былғайды әлі».
– «Бұлардың еліндегі бай-патшалар Құдайдан қорықпайды екен. «Ұрлық-қиянат қылмаңдар, иман келтіріңдер, о дүниеде Алланың алдына барасыңдар» десе, «біз о дүниеге бармаймыз на фиг, жер бетінде-ақ ұжмақты жасап алғамыз» дейді екен. Сәбилердің қандарын бойына құйып, кедей-кепшіктердің бүйрек-бауыр, онекі мүшесін өздеріне ауыстырып салып, мәңгі жасаймыз деп ойлайтын көрінеді!»
– «Астағфиралла, ыбылыспен ауыз жаласқан десеңші…»
Періште құлағыма зілдене сыбырлайды:
– Міне, елдің не деп жатқанын есіттің бе?
– Ауыз өздерінікі, оттай берсін! – дедім қабағымды кіржитіп.
– Пейіште жаман сөз айтуға, жаман ой ойлауға, жаман әрекет жасауға болмайды.
– Алла-тағаланың өзі мені барлық кемшілігімді біле тұра пейішке жіберді емес пе?
– Пейіш – тазалық мекені. Тазаруың керек!
– Кіршіксіз – Күн мен Ай, Кемшіліксіз – бір Құдай. Мен жай ғана пендемін ғой!
– Пенделік нәпсіңді тый.
– Қалай тиям? Мен барлық кемшіліктеріммен адам болып жаратылдым емес пе? Адамға тән нәрседен арылсам, қай жерім менің адам болмақ?
– Сен Жер бетінде пенде боп өмір сүрдің. Алла тәніңді топырақтан жаратып, топыраққа айналдырды. Мұнда сенің тек кіршіксіз жаның келді.
– Кіршіксіз деп кім айтты? Қырық жыл бойғы мінез-құлқым, үйреншікті машық-дағдым жаныма сіңбегенде қайда сіңеді? Одан арылу мүмкін бе?
– Ниет қылсаң, бәрін жеңесің.
– Олай істегім келмейді.
– Неге?
– Онда мен періште боп кетем ғой!
– Тіптен жақсы емес пе?
– Қызық емес. Адамның адам болғаны жақсы.
– Сен сонда жақсарғың, кемшіліктеріңнен арылғың келмей ме?
– Жоқ. Мен осы қалпымда қалғым келеді. Аздап кемшілік болса, аздап бір нәрсе жетіспей тұрса екен деймін. Әйтпесе, тіршілікте түк қызық болмайды ғой!
– Өй, өзің таза жынды екенсің ғой, түге! – деді періштенің өзі түңілгендей қабағын кіржитіп.
– Мені жынды емес деп кім айтты? Жынды болғаным үшін өмірге сыймадым. Мына түріммен мұнда да сыймайтын шығармын, түге!
– Олай деме. Біз сенің жақсы болғаныңды қалаймыз!
– Кетші, ей, періште-еке, мәзганы сі… тіфу, шірітпей! – дедім күйіп кетіп. – Сен – тирансың, жердегі патша-президенттерден айырмашылығың жоқ. Өзіңдікін ғана жақсы дейсің. Тек сондай ғана бол дейсің. Енді көзім жетті, бұл жерде де еркіндік, демократия жоқ екен. Бүйт-сүйт деген шектеу ылғи. Сүйем дегеніңді сүйе алмасаң, қалағаныңды істей алмасаң… қай жері пейіш мұның? Бізді алдапсыңдар!
– Не деп?
– «Барлық қызық бақи дүниеде, пейіш бағында не қалағаныңның бәрі бар, «бол!» десең, бітті, бәрі бола қалады» деп моллалар уағыз айтып, иманға ұйытқан жоқ па. Босқа алданыппын. Бұлай боларын білгенде, өлуге асықпас едім. Құдайға сенбейтін зорлықшыл ұры-қары найсаптар бірдеңені біледі екен. Жерде ұжмақ орнатып ап, пейіште жоқ рахатты әне, солар көріп жүрген жоқ па!
– Қайт райдан, күнәһар пенде! – Періште дауысынан қаһар төгіп, айғайлап жіберді. Ашудан ба әлде менің сөзімнен шошынғаннан ба, тұлабойы қалшылдап кетті. – Өйтіп күпір болма. Пейіштің саған несі ұнамайды?
– Еркіндік жоқ. Менің қарапайым пенде секілді тіршілік кешкім келеді.
– Пейіштегі еркіндік – иман таразысындағы тазалық. Кім де болса, соған бойұсынбақ ләзім!
Періште бұдан ары саған айтар сөзім жоқ деген қату сұспен теріс айналды.
Сөйтіп мен ешкімге ғашық бола алмай қойдым. Бір де бірі Жәнияға ұқсамаған соң, хордың қыздарынан да көңілім қалды.
– Бәрекелді-і! – деді бір қуанышты дауыс сылқылдай күліп сол жақ құлағымнан.
– Бұл кім-ей? – Тіксінгеннен дауысым қатты шығып кетті.
– Тыс-с, ақырын. Мен – шайтанмын!
– Сен найсап, мұнда қайдан жүрсің? – дедім таңырқап.
– Күдік-күмән жайлаған жердің бәрінде – мен бармын.
– Пейішке де кіріп кеткенің бе?
– Күмән ұялаған сенің көңіліңе кіріп кеттім.
– Жоғал, жоғал, ыбылыс! – дедім жанұшыра айғайлап. – Сенің азғырындыңа көнбеймін!
– Азғырайын деп тұрғам жоқ. Саған көмектескім келеді. Пенде болғым келеді деген өзің емес пе? Ендеше пенде болудың жолын үйретейін.
Шайтекеңнің бұл сөзі құлағыма бек жағып кетті. Ойланбастан елең ете қалдым:
– Қайтіп?
– Һеш қиындығы жоқ. Хордың қызын сүй.
– Сүйе алмаймын!
– Неге?
– Ешқайсысы менің Жәнияма ұқсамайды.
– Олардың кез-келгені Жәнияңнан мың есе сұлу.
– Мәйлі. Бәрібір Жәния емес.
– Сұлуды – сүймекке деген. Пендемнің мейірі қанып, ләззәтқа бөленсін деп мұнда тек хаса сұлулар таңдалып алынған. Бірінен бірі өтеді.
– Жүрегім қаламаса, қалай сүйемін?
– Жүрексіз сүйіп үйрен. Қызық, құмарт!
– Сонда маған ана фәни дүниедегі бай-патша, рэкетёр, олигархтар сияқты бол дейсің бе, айына екі тоқал алып, гарем ұстайтын?
– Оның несі жаман? Шалқып, рахатқа батасың. Сені көріп, басқалар да солай істегісі келеді! Сөйтіп, бір-ақ күнде бәрі…
– Аһ, заһәндам, мені азғырып, бүкіл пейішті бүліктіргің келеді екен ғой! Жоғал, жәдігөй!
– Жарайсың! – деді Кәрибан періште масайраған дауыспен оң құлағыма сыбырлып. – Бағанадан бері азғырындыға ере ме деп күмәнданып тұр едім, ризамын. Кәлимаға тіліңді келтір. Әйтпесе, ол кеудеңнен шықпай қояды.
– Лә-илаһа -ил-Аллаһ Мухаммәд расул Аллаһ!
Ауыз жиғанша бойымдағы үрейлі дірілден арылдым. «Қап, әкеңді!.. шешеңді!..» деп боқтап-балағаттаған өкінішті дауыс шылбырын сүйретіп сәт сайын жырақтап бара жатты.
– Міне, көрдің бе, сәл күпіршілік жасап едің, кеудеңе шайтан кіріп алды! – деді періште қабақ түйіп. – Бөтен ойдан тиыл деп айттым емес пе саған.
– Мен өзгере алмаймын.
– Тазалық мекенінде тазадан басқаға орын жоқ.
– Раббым мені қандай пенделік қалпыммен жаннатқа кіргізсе, сол қалпымда қаламын.
– Бүйте берсең, періштелер шорасы тәртібіңді қарауы мүмкін. Онсызда фәни дүниеде дүрбелең боп жатыр.
– Қандай?
– Пейішке жындылар да кіреді екен деген хабар жеткеннен бері Жер бетінде жындылар көбейіп кетіпті.
– Онда жақсы ғой, Жер бетінде әділет орнайды! – Қуанғаннан орнымнан секіріп-секіріп кеттім.
– Кім білсін, ол жақтағылар қатты алаңдаулы екен, – деді періште иығын қушитып.
– Онысы қалай? – Күдік билеп күмілжіп қалдым. – Әлде Жер бетін түгелдей Қазақия билеп алған ба? Әділет десе жыландай жиырлғандары несі? Бұрын қазақиялықтар әділет жоқшыларының бірін есі ауысқан деп жындыханаға тығып, бассауғалағандарын қылмыскер, соттаңдар деп Лондон мен Париж үкіметіне әңгіртаяқ ойнататын. Енді бүкіл Жер әлемі жындыларды тозаққа таста деп Құдайға бопса салатын болған ба?
«Сен-ақ лағып сөйлеп басымды қатырдың-ау» дегендей, періште ләмімді жақтырмай теріс бұрылды.
Кейде періште ренжісе, ренжігендей-ақ жөні бар-ау деп өзімді кінәлаймын. Маған не жетпейді осы, қажеттінің бәрі бар емес пе? Уайым-алаң жоқ. Төрт құбылам түгел рахат. Сонда да неге риза емеспін? Әлде өмір бойы жоқшылық пен мехнат шегіп, рахатқа үйренбегендіктен жатырқаймын ба? Шынында да, аста-төк, еш қиындықсыз келген молшылық-барлықтан үркектейді екенмін. Сәл бірдеңе жетіспей тұрса, әлденеге қиналып барып қол жеткізсем, сонда ғана қызық секілді маған.
Ойлап тұрсам, пейіш дегенің бесігінде үлде мен бүлдеге құндақталып, рахатқа мелдектеп өскен байлар мен патшалардың, алаяқ алпауыттарға лайықты орын екен. Қара тырнағыңды қимылдатпай-ақ бәрі дайын, жатып ішіп, шайқап-төгесің. Астынан салқын дариялар аққан саялы бақ, зәм-зәм суы атқылаған һәуіздер. Шырыны тамып, мені же деп албырап піскен миуалар. Күндіз-түні сауық-сайран, айналаңда қасы-көзі қиылып бірінен-бірі өткен һүрдің қыздары, «Мың бір түндегі» сұлуларың оның жанында садаға, бірі беліндегі алтын шолпыларын сыңғырлатып мықынын тыпырлата билеткенде, жүрегің аузыңнан шығардай қоса ойнақшып кетеді; екі аяғыңды екі сұлу уқалайды, қырық түрлі ұжмақ гүлінің жұпарымен денеңді сылаған сүйрік саусақтардың тиген жері шымырлап, тұлабойың балқиды; енді бірі демінен жұпар ескен гүл-райхан қауызындай ерінін ашып тіл ұшынан шәрбәт сыйлайды…
Құдды бір арап шейхтарының, болмаса бағзыдағы түрік сұлтандары мен қазіргі қазақиядағы патша-олигархтардың гаремі ме деп қаласың. Олар мұнда келсе ғой, мен сияқты зерігіп құлазымас еді. Өздерінің үйреншікті өміріне күмп ете түскендей болмай ма. Тіпті «пейіш деген осы ма? Мә-піш!» деп мұрынын шүйіріп, риза болмауы да мүмкін-ау. Мүмкін емес, тошнә! Күндердің күнінде блат беріп пейішке топ ете түскендей болса, басқаны қайдам, ай сайын ғашық боп қап, қырық сегіз рет үйленген махаббатшыл Жәкең, зауқы соқса, Африкадан арнайы алдырып зәңгі сұлуымен мауқын басатын, бір түнеп шыққан халақаралық титулы бар перизаттарға Лондондағы патша сарайларын сыйлай салатын көңілшек Тимкалардың байқамай үш жұлдызды отельге кіріп кеткендей көңілі қоңылтақситыны айдан анық.
Ал, мен көл-көсір барлықтан жеріне бастадым. Ішіне жарты-ақ аяқ ас сиятын маған осынша молшылықтың не қажеті бар? Мен барға-байлыққа сүйсініп, содан шексіз рахат табатын байшыкеш-бишікеш емеспін ғой. Сұлу екен деп хор қыздарына да бірінен соң біріне ғашық бола кетпеймін. Өйткені жүрегім біреу. Жүрексіз сүйе де, сүйсіне де алмаймын.
Қысқасы, аз күннің ішінде мен үшін пейіштің қызығы таусылғандай жалықтырып жіберді. Жалпы, мен рахаттануды білмейтін адаммын. Өзім өз болып, баяғыда бір рет «Бурабай» курортына бір аптаға демалуға барғанмын. Арқаның сары қымызы ішіме жақпады, қарағайдың иісінен аллергиям қозып, мұрыным бітті, Жұмбақтас, Жекебатырды суреттен, кинодан көріп алғанмын, түк қызық емес. Айналадағы әдемі дегеннің бәрін бір көргеннен кейін қайта-қайта көргеннен май шыға ма деп жалығып, үш күнге жетпей тайып тұрғанмын. Қазір де дәл сондай пұшайман күйге түскендеймін.
– Мұның жарамайды! – деді ойымды хұсни хаттай оқып тұрған Кәрибан періште.
– Не істе дейсің? – дедім шекем тас тиген шыныдай шытынап.
– Пейішке лайықты бол. Біз нұсқаған һамалды қыл, біз нұсқаған жолмен жүр.
– Осы сөзден әбден жалықтым. Мен саған адам болғым келеді деп мың қайталап айттым ғой. Сенің нұсқаған жолыңмен жүретін періште емеспін.
– Адам – Атаның ұрпағымын демексің ғой?
– Әлбәттә!
– Адамның жаннаттан қалай қуылғанын білемісің? Раббымыз тиым салған ағаштың миуасын жеп қойғаны үшін қаһарға ұшырады.
– Одан не жамандық болды? Жер бетінде бүкіл адамзаттың ұрпағы өсіп-өнді емес пе?
– Адамзат көбейгенмен зұлымдыққа үйренді. Шайтанның азғырндысына еріп, азып-тозды.
– Шайтанның азғыруына алданатындай адамды Алла-тағала соншалық дәрменсіз ғып жаратқаны ма?
– Жоқ, Раббым адамды махаббаттан жаратты, күллі тіршілік иесінен артық қып, көкірегіне ақыл-сана, даналық нұрын құйды. Бірақ адамның ақыл-парасатын сынау үшін ыбылысты жаратты.
– Шайтан сонда адамды тура жолдан тайдыру үшін немен сиқырлады?
– Оның бойына қызғаныш дертінің ұрығын екті.
– Қызғаныш, бір жағынан, жақсы ғой. Қызғаныш өзімшілдікті туғызады. Өзімшілдік – бүкіл өсіп-өркендеудің бастауы. Адамдар бір-бірінен асып түссем деп бәсекелеседі, өзін-өзі жетілдіреді, шексіз кемелденеді, иәки ұлы амбициялар ұлы прогреске алып келеді.
– Күллі зұлымдық та содан шығады емес пе? Соғыс, адам қолымен жасалған түрлі қиянат, індет-кесепатты қайда қоясың? Міне, пейішке қарашы, Жер бетіндегі әділетсіз алыс-жұлыс, азап-мехнаттың бірі де жоқ. Қандай ғажап, қандай рахат!
– Бәрібір Жердегі өмір қызықты! – дедім өз дегеніме қисайып.
– Саған ыбылыстың дұғасы өтіп кеткен. Содан әлі айыға алмай жүрсің. Ниетіңнен қайтпасаң, қиын болады!
– Немене, мені де Адам – Атам секілді ұжмақтан қуа ма?
– Өзіңе байланысты. – Сен бала, әбден шаршаттың-ау дегендей, адамзат жаратылғалы бері талай хикметті көріп келе жатқан кәрі лақса періште кейістікпен күрсінді. – Сол жақтағы амал дәптеріңді оқыған Кәтибан періште тозаққа қарай етегіңнен тартқанда, қалай шырылдап безек қаққаныма өзің куәсің. Періштелер шорасы қалай шешетініне мен кепілдік бере алмаймын. Олар сенің қазіргі харақат-амалдарыңа бек нариза. Жындыны сират көпірінен қалай өткізіп жүр деп жоғарыға ғарза айтуда.
– Пейіштен қуса, мені Жерге жібере ме? – дедім өзімнен-өзім қуанып.
– Оны білмедім.
– Адам – Атамды жаннаттан қуғанда, Жерге жіберген жоқ па?
– Ол кезде тозақ жоқ болатын. Адам ата мен Һәуа ана екеуі – жаннаттан қуылған да, Жерге жіберілген де бірінші һәм соңғы адамдар.
Менің қуанышым су сепкендей басылды. Бұл жерден қуылсам, тозаққа топ ете түсеріме гәміл сеніп, шынымен шошиын дедім. Осылардың ақылын тыңдап, тып-тыныш жүре бергенім дұрыс шығар. Бірақ мұнда мәңгілік қала алмаймын ғой. Зерігуден асқан азап бар ма? Әлде тозаққа бара салайын ба? Жерде де азаптың неше түрін көрдім емес пе, тозақ содан қорқынышты деймісің?
– Періште-еке, тозақты көруге бола ма? – дедім өтініп.
– Болады, жүр. – Періштенің жүзі жылып жымың етті. Онысы – батырға да жан керек, тозақты көрген соң, өзің-ақ артыңды қысып, жым боларсың деген екі есеп-бір қисап еді.

Мен тозақтан қорықпаймын­

Сират көпірінің екі жағында үңірейген түпсіз зынданның үстінен үңіліп тұрмыз. Құдды бір алып айдаһар көмейінен бұрқ-сарқ от шашып, өкіріп жатқандай. Зынданның аузынан от шалқып, ыңырсып, сыңсып, шырқыраған мың-миллион дауыс дауылды күнгі мұхит бетіндей жан түршіктіре күңіренеді. Сан-мың мүскінді темір арқанға самсатып сирағынан асып қойыпты. Төмендегі оттың жалыны төбелерін жетер-жетпес шарпып, бір қалыпты мәңгі маздап тұрады екен. Көзден аққан жас, ауыздан шұбырған сілекей, құлақтан аққан қан қызыл шоққа пыс-пыс тамшылайды. Өкіріп, күңіренген дауыстан құлақ тұнады. Дәл бір КГБ-ның түрмесіне кіріп кеткендейсің. Сәкен, Ілиястарды өлтірген Сталин мен Ежовтың жендеттері адам баласын қинауды тозақтан үйренген бе дерсің, әлде мұндағылар солардан оқып-үйренген бе, қайсысы болса да, екеуі егіздің сыңарындай.
Тозақтың қақ төрінде қаз-қатар тізілген үлкенді-кішілі алтын тақтарды көрдім. Арқалығы тірелген ақ мәрмәр тақтаға тәж иесінің аттыры жазылған. Сталин, Гитлер, Мао, Ким-Ир-Сен, Пол-Пот… Кейбіреулерінің тұсына аттары жазылмаған, соған қарағанда, фәни дүниеден әлі мұнда келе қоймағандардікі болса керек. Кімдердікі екенін ішім сезіп, күлмің еттім.
Шеттегі бір бәрінен еңселі, сән-салтанаты өзге алтын тақ көзіме оттай басылды. Тани кеттім. Баяғыда қалың шайтанды Қарынбайдың жылқысындай тырқыратып қуып, әйнек қаладағы ақ сарайға енгенде, тәж киген бас шайтанның астынан көргемін. «Е, қошақаным, келе ғой деп күтіп тұр екен ғой сабазды!» деп айызым бір қанып қалды.
Енді мен Жер бетін үлкен түрмеге айналдырған пахандардың қазіргі сықпытын көргім келді. Сол-ақ екен, тозақ өзінің от лаулаған бір қиырын жарқ еткізіп көз алдыма тоса қойды. Өңкей томпиған тоқ денелер сирағынан салбырай ілініпті. Біздің ауылдағылар өстіп балықты көзінен тізіп күнге кептіріп қоюшы еді. Күмпиген семіз жайындардың құйрығынан май тамшылап тұратын. Бірақ бұлардың аузы-мұрынынан май емес, қан ағады. Сталин, Мао, Гитлер… бәрі осында. Бірінің аузынан, бірінің көзінен қан атқылайды. Әр қайсының астындағы қызыл-жоса қан бір-бір көл боп көлкіп жатыр.
– Жаратушы әр күнәһарға өзінің лайықты жазасын береді, – деді періште менің таңырқаған жүзіме қарап. – Адам қанын судай шашып, қырғын салған жауыздар еді. Міне, сол нахақ төгілген қан аузы-мұрындарынан ағып жатыр. Қашан соңғы тамшысына дейін сарқылып біткенше тоқтамайды.
Мұнда күнәсіне қарай сорт-сортқа бөліп жазаласа керек. Екінші бір қатарға Каддафи, Саадам бастаған бір топ текті сәруарлар жеке асылыпты. Бір қызығы, бұлардың бет-ауыздарындағы тесіктерден қан емес, көз-құлағынан балқыған алтын сыздықтай тамшылап, ауыз-мұрындарынан сыңғыр-сыңғыр алтын теңгелер саулап жатыр. Төменде үлкенді-кішілі алтын төбешіктер шөккен нардай боп жарқырайды.
– Бұлар – дүниеге көзі тоймас қорқаулар. Өзгенің несібесін ұрлап-тонап байыған қиянатшылдар, – деді періште ары қарай түсіндіріп. – Енді сол ішіп-жегендері ішінен сорғалап шығып жатыр.
– Мә-ә! – Маңыраған текедей тырқ-тырқ күліп жібердім. – Біздің кісілер келгенде, ауыз-мұрындарынан аққан алтын мынандай төмпек-төбешік емес, Алатаудай боп үйіліп қалар еді, өлә-ә! – Не де болса, бәрінен асып түскенді мақтан көретін қазақтығыма басып, мерейлене шалқаладым.
– Мынаны азырқанып тұрсың ба? – деді періште таңырқап.
– Әлбәттә, біздің кісілер келгенде көресің таңғалғанның көкесін. Бір көзінен қан, бір көзінен алтын ағар еді… Бірақ мына алтынның өзі менің қолымда болғанда ғой, шіркін!
– Не істер едің?
– Біздің елде қайыршы болмас еді!
– Мұнда келген соң бәрі солай деп айтады. Әйтпесе қолындағы алтынын бөліп берген кімді көрдің?
– Өзгеге берем дегеннің өзінде – жоқ қып, бермеске – бәрін үйіп-төгіп беріп қоятыны несі екен Жаратқанның?
– Екеуі де сынақ.
– Жоққа шыдадым, енді бар ғып сынап көрсе ғой, әттең!
– Алланың шафағаты шексіз!
Екеуміз жаннатқа оралдық. Қарап отырсам, тозақ дәп мен ойлағандай соншалықты қорқынышты емес екен. Ең бастысы, бақи дүниеде әділет бар. Мұнда әділетсіз ештеңе істелмейді. Артық азап, мөлшерсіз ықылас-ризық жоқ. Бәрі өз орынымен. Пейіштегілер тіршіліктегі ізгі амалдарының рахатын кешуде. Тозақтағылар күнәларына лайықты жазасын тартпақ: қанішер зұлымдардың аузы-мұрынынан жоса боп қан сорғалап тұрады екен; тойымсыз обырларды тоңқайтып бар тесіктерінен балқыған алтын ағызып қояды екен. Қылмысқа – жазаның несі өкініш? Қылша мойыным – талша деп айналып кетпейсің бе ондай әділеттен!
Қиянат тек Жер бетінде екен. Онда Құдайсыз бай-патшалардың заңына бас ұратындықтан, аппақ боп тұрып қап-қара боп шыға келуің оп-оңай. Адал еңбек емген – қайыршы болады; арамдық еккен алаяқ-сұмның асығы алшысынан.
Мен мұнда тозақтан да қорықпаймын, өйткені әділетсіз жаза жоқ екенін білемін. Сирағымнан асып, отқа қақтаса да, ішімнен ештең шықпайды. Ішім таза. Аузы-мұрынымнан қан ағатындай, ешкімнің қанын жүктеп, обалына қалған емеспін, не сыңғырлап алтын теңге саулайтындай біреудің несібесін жеген жерім жоқ.
– Мен тозақтан қорықпаймын! – дедім масайрай күліп. Тозақты көріп тәубасына түсер деп ойлаған періште «мына нақұрыс не деп тұр?» дегендей бетіме аңтарыла қарады:
– Неге?
– Әділетке сенемін!

Пейіштен тәбәрік

Он сегіз мың ғаламдағы тіршілік иесінің саны ешқашан бір қалыптан аспайды екен, иәки жанның мөлшері шектеулі. Мәселенки, адамнан бастап құрт-құмырсқа, микробқа дейінгі тіршілік иесінің жалпы саны пәленше мың мегатриллион десек, ол шек ешуақытта өзгермек емес, тек бір түрден екінші түрге ғана ауысып отырмақ. Бір жан бүгінгі өмірде адам болса, келесі бір өмірлерде өрмекші не жылан болуы әбден ықтимал. Баяғыда Сократтың: мен бұған дейінгі өмірімде ит болғанмын дегенін оқығанда, тырқылдап күліп едім, «алжыған қыртым-ай!» деп. Шал бірдеңені біліп айтыпты. Шынында да, жан шексіз көбейіп өсе берсе, құжынап пейіш пен тозаққа сыймай кетер еді ғой. Тән топырақтан жаралып, топыраққа айналысымен босап шыққан жан екінші бір тіршіліктің бойына барып қонақтайды. Сөйтіп, онсегіз мың ғаламдағы тіршілік – біресе бір түрі көбейіп, екіншісі азайып, келесіде басқаша түрленіп, алама-кезек ауысумен шексіз жалғаса бермек.
– Күнәһарлар тозақта мәңгі бола ма? – деп сұрадым періштеден.
– Әр қалай. Істеген қылмысының ауыр-жеңілдігіне байланысты. Күнәсінен арылып тазарғандардың жаны басқа бір тіршілік иелерінің бойына көшеді. Ол да бәрібір тозақтың екінші түрі.
– Бәсе, Мао, Муссолини, Пол-поттар көрінбейді.
– Маоның жаны короновирусқа айналып кетті. Қытайдың Ухань деген қаласына барып, адамзатқа сұрапыл апат таратып жатыр. Пол-пот пен Муссолинидің бірі қара бүйі, екіншісі пираньиге айналды. Жаратушы зұлымдардың жанын тіршілік иесінің бәрі жек көріп қарғыс жаудыратын залым, зымиян… қорқынышты құбыжықтарға айналдырып жібереді.
«Алла сақтасын, Сталин, Гитлер мен Ким-Ир-Сендер қандай құбыжықтарға айналар екен» деп зәрем ұшты. Оларға лайықты құбыжық ойлап табу да, әй, қиямет шығар-ау.
– Ал, жаннаттағылардың жаны қайда барады?
– Жаны жайсаң ізгілікті жаңа ұрпақтың бойына қонақтайтын шығар. Бірақ өз басым, осы уақытқа дейін пейіштен кетем дегендерді көрген емеспін.
– Мен кеткім келеді.
Періште басын шайқап, күйзеле күрсінді.
– Пейіштен қашқанды бірінші рет көріп тұрмын! Неден жеріндің?
– Барлықтан. Бәрі бар, мен істейтін ештеңе жоқ!
– Пендеге жағу қиын, – деді Кәрибан кейістікпен. – Алла саған өмірде жоқшылықтан азап шекті ғой деп пейіштен рахат сыйлап еді, енді оған да риза емесссің!
– Алланың берген барлық ниғметіне ризамын. Мен тек Жерге қайтқым келеді, – дедім интернатта жатып үйін сағынған қойшының баласындай иегім еріксіз кемсеңдеп. – Раббым сүйген құлының ізгі тілегінің кез-келгенін орындайды дейді ғой. Менің зар тілегім осы!
– Фәни дүниеде көретіннің бәрін көрдің емес пе? Жерінгеннен осында қашып келген жоқсың ба?
– Адасыппын. Азап болса да қызық екен.
– Несі қызық?
– Мен онда адам болдым!
– Нәпсінің құлы болған пенделігімді аңсаймын де?
– Адамға тән амалдың несі ерсілік? Рас, шалыс басып, шатасқан жерім көп шығар. Бірақ біле тұра қысас-қиянатқа барған емеспін. Жүрегімді былғағам жоқ.
– Егер сен Жерге қайтып оралсаң, не істер едің?
– Бұрын не істесем, соны істеймін.
– Қайыршы боп, жоқшылық шексең де өкінбейсің бе?
– Өкінбеймін. Жоқтыққа әбден етім үйренген. Бірдеңе жетіспей тұрмаса, маған ештеңе қызық емес боп көрінеді. Сондықтан мұндағы баршылық пен рахатқа көндіге алар емеспін.
Көңіліме пенделік пиғыл ұялағаннан бері жаннаттан бойым суына бастағандай күй кештім. Бұрынғыдай пейіш бағының миуасы да таңдайымда уылжып бал татымайтын болды. Айналамдағы көз арбаған сұлулық жарық-жарқылынан айрылып, көмескі тартқандай. Ештеңе қызықтырмайды. Жанай өткендер менің тұнжыраған түріме қарап, күбір-күбір етеді таңырқай:
– Мынау пейішке де риза емес кергіген біреу ғой, не жетспейді екен өзіне, жүдә?
– Бұл жынды емес пе. Ақыл жетіспейді! – деп үркектей қарап, жылыстай береді.
Құлазыған сәттерде Абай атама барамын үйреншікті әдетіммен.
– Тағы келдің бе, қарағым?
– Иә, көндіге алар емеспін.
– Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді деуші еді, сен пейішке үйрене алмадым де.
– Пейіштің уылжыған миуасын тата-тата таңдайым ойылды. Ащы керек.
– Өмірдің дәмін сағынғансың ғой. Кеше ғана сол ит тірліктен баз кешіп, қашып келдің емес пе? Мұнда саған не жетпейді?
– Адамдық жетіспейді. Адам болайын десем, маған періште бол, былай жүр, былай тұр дейді. Еркіндік жоқ.
– Адамдық деген не?
– Адамға тән нәрсені жасау.
– Өзіңді өзің жеңу. Нәпсіңді тию. Сен фәни дүниеде бойыңа сіңген нәпсіден арыла алмай жүрсің-ау.
– Бәлки, о да бар шығар. Өзіңіз ұжмаққа ризасыз ба?
– Алланың бұйыртқан ниғметіне шүкірлік. Жер бетінде қолым жетпеген бақытқа осында кенелдім. Өксіп өткен Тоғжаныммен қауыштым!
Мен амалсыз күрсіндім. Қазір Жәния қасымда болса, бәлкім мен де бұлай құлазымас па едім?
– Сіз шын бақыттысыз, ата! Махаббаттың нұры түспеген жүрек қай жерде де жетім ғой. Пейіште тиым салынған қандай жеміс бар екен, білмейсіз бе? Соны жеп жаннаттан қуылып кетсем деймін.
Абай атам кеңк-кеңк күлді:
– Пейіштегі тиым салынған жалғыз тал миуаны Адам атаң мен Һауа анаң бөліп жеп қойған!
– Қап! – дедім естілер-естілмес сыбырлап. Үмітім бір жолата кесілгендей басым салбырап кетті.
– Түңілме. Аллаһ-тағала сүйген құлының қандай қалауы болса да орындайды. Тек шын жалбарына біл.
­– Шын тілеуім осы!
– Тілегің қабыл бола қалса, Жер бетіне пейіштен тәбәрік деп не апарасың?
– Әділеттің ұрығын апарам!
– Әділет азығы – бірлікте, бірлік қазығы – ризық. ­Мен саған бір тәмсіл айтайын. Баяғыда жер емшегін емген бір бейнетқор дихан болыпты. Жылда салған егінін дән түйе бергенде топ қарға жапырлай қонып, жегенін – шоқып жеп, жемегенін – ит-рәсуә шашып, еңбегін һеш қыла береді екен. Атқан оғы ұшқан құсқа тимейді, қарақшы қойып үркітсе, одан да түк шықпайды. Сарсаңға түскен дихан амалға көшеді. Азын-аулақ жиған дәнін аузынан жырып, жанында үйірсектеп жүрген торғайларға шашады. Бірінен бірі көріп дәндеген торғайлар көбейе береді. Қаптаған торғайға қашанғы жетсін, бір күні дән таусылады. «Енді қайттік? Дәнің неге аз?» деп шулайды торғайлар шиқылдап. «Аз болатын себебі, менің қарға деген дұшпаным бар. Солар сендердің ризықтарыңды жеп қояды, – дейді дихан. – Дән мол болсын, жазда құрт-құмырсқа тірілгенше аш болмайық десеңдер, маған көмектесіңдер!» «Көмектесеміз! Көмектесеміз!» дейді торғайлар қанатын дүрілдете қағып. Жаз шығып, дихан тағы да егін салады әдеттегісінше. Торғайлар енді үйіріліп ұшып егіндіктің төңірегін торуылдайды. Қарғаларды жуытпайды. Біріксе күшті екенін біліп алған олар бұрынғыдай кішкентаймыз, әлжуазбыз деп қорықпайды. Көріне қалса, біріне жүзі жабылып, жүнін жұлып, көзін шоқып өлтіріп тастайды, тірі қалғаны жан ұшырып, беті ауған жаққа безіп кетеді. Сөйтіп озбыр қарғалар топтасқан торғайлардың жанына бара алмайды, өздерінен жүз есе әлсіз болса да, қарасын көргеннен зәрелері ұшады. Жыл сайын егінін төкпей-шашпай жинап алған дихан байыған үстіне байый түседі. Торғайлар тоқ болады. Міне, көрдің бе, аз жиналса – көп, әлсіз жұмылса – күш. Ақырында кіп-кішкентай бейнетқор еңбек патшалығында әділет орнайды. Әділетті орнатқан не? Бірлік, береке. Бірлік тірегі – ризық. Барлық ізгілік молшылық, баршылықтан бастау алады емес пе. Аш қарынға ақыл қонақтай ма? – Абай атам қалтасынан алып, ортасы сызаттанған, тырнақ шетіндей ғана бір түйіршекті ұсынды. – Мә, ал.
– Бұл не?
– Ризық дәнегі. Таңертең намаз оқып тұрғанымда, жайнамазыма топ ете түсті. Қарасам, төбемнен пейіш құсы ұшып барады екен. Бәлки, бұл әлгі бейнетқор диханның егінін қорғаған торғайдың аузынан түскен дән шығар? Раббым нәсіп етіп бара қалатындай күн туса, осы ризық ұрығын Жер бетіне егерсің!
Қара шал өсиетім осы дегендей, жайымен төңкеріле бұрылып, қия-беткей тар соқпағымен тұғырына өрлей берді.

Өзім болғым келеді

Абай атам бірдеңе білген екен, көп өтпей мені періштелер шорасына шақырды. Саябақтың ішінде фонтандар дыбыссыз бұрқақтап, шаңытқан күлдей ұсақ тамшылардың қанатында айқұш-ұйқыш кемпірқосақ керіледі. Бұтақтан-бұтаққа ұшып-қонған алтын қанат құмыр құстардың құйқылжытқан жырына төңірек үнсіз елігіп мүлгіп қалған. Мен қызыл-жасыл түкті масаты кілемнің үстінде малдас құрған жеті періштенің алдына барып тізерлей жүгіндім.
– Ой-ниетің түгелдей бізге мәлім, – деді, шамасы бас періште болу керек, ортадағы біреу асатаяғын алдына көлденең тастап. – Пейіштен кетуге шын бекіндің бе?
– Шын, тақсыр!
– Тақсыр деме, бұл жерде тақсыр жоқ, бәрі бірдей. Тек Аллаһ қана бәріміздің жалғыз Иеміз. Сонша безінетіндей мұнда сен неңді жоғалттың?
– Өзімді жоғалттым.
– Қимайтындай нең бар еді? Жоқшылық-азаптан басқа не көрдің?
– Маған артық барлық, артық рахат керек емес.
– Рахаттан қашсаң, тозаққа жібертейік!
– Аллаһ ғаділ. Тозаққа жібермейді.
– Неге?
– Тозаққа өртейтіндей менің бойымда һарамдық жоқ! Білмей істеген күнәмді Раббым өзі кешірген.
– Жерге қайтқың келеді ғой?
–­ Иә.
– Оның тозақтан несі артық?
– Артық рахат азаптан да қиын екен мен үшін.
– Мұндағы тәртіп өзіңе аян шығар. Онсегіз мың ғаламдағы жан да, пейіштегі орын да шектеулі. Белгілі мөлшерге жеткенде, тірінің өліп, өлінің тіріліп үнемі алмасуына орай, пейіштегі аруақтардың да бір бөлігі өмірге қайтарылып отырады. Бірінші кезекте – бұрыннан тұрып келе жатқан байырғылар. Олар тіршілік иесінің бір түрінен басқа бір түріне ауысады, иәки жан жаңа туған тіршіліктің бойына барып қонады. Сен бір өмірде адам болсаң, екіші өмірде ит, немесе кедей болсаң – бай, әділетсіз патша болсаң – сұр жылан… болуың бек мүмкін. Бәрі бір Раббымның қалауы мен өзіңнің пиғыл-ниетіңе байланысты. Әдетте, өмірге қайта жіберілерде аруақтар пейіштен кетпейміз деп жылап-еңіреп жалбарынушы еді. Періште боп жаратылғалы пейіштен қашқанды бірінші рет көріп тұрмыз. Жарайды, Хақ иемізге тілегіңді жеткізейік, кезексіз жібере ме, жоқ па білмейміз. Жер бетіне кім боп оралғың келеді?
– Өзім боп!
– Өзіңе несіне қызығасың? Қайыршы болдың, қиянат көрдің, азап шектің. Раббым – шексіз жарылқаушы, ниғметі мол. Бай болайын, зор мансап иесі болайын демейсің бе? Шын сұрасаң, бәрін береді.
– Жоқ, маған өзімнен артық ешкім керек емес. Сол қалпымда болғым келеді.
Періште басын шайқап, үнсіз біраз отырып барып тіл қатты:
– Мәйлі, өзің біл.

Ниғмет кілті

Көп күттірмей оң жақтағы Кәрибан періштем қуанышты хабар жеткізді:
– Сүйінші, сүйінші! Жерге қайтатын болдың! – деді өзімнен бетер алақайлап. – Раббым тілегіңді қабыл қылды!
– Өз бейнемде қайтара ма?
– Өз пенделік қалпыңда. Мұндай бұрын-соңды болған емес. Саған айрықша пейілі түскен.
– Не үшін?
– Аллаһ адамзатты махаббатпен жаратқан ғой. Басқа мақұлхаттан гөрі адамға ықыласы ерекше. Оның кез-келген ізгілікті тілегін орындайды. Бақ-дәулет, мансап сұрамай, азды инсап тұтқаныңа риза. «Пендем пейіштен қашса, бәріне бірдей жаға бермейтіндей, пейіштің де кемшілігі болғаны. Қалаған жеріне барып өз пейішін жасасын» деп, саған зор ниғмет сыйлапты. Міне, көрдің бе?
Періште уысын жазып қалып еді, аппақ нұр жарқ етіп, алақанынан асып-төгілді.
– Бұл не? – дедім таңырқап.
– Аллаһтың мөрі. Әкел қолыңды.
Мен қолымды сөздым. Періште оң жақ алақаныма мөрді басып, сәл ұстап тұрды. Өн-бойымды дір еткізіп, жып-жылы нұр шарпып өтті. Мөрді алғанда, алақанымның ортасы дөңгеленіп, көз пайда болды. Көкшіл жалын лыпыл қағып, бірте-бірте жайлап сөне берді.
–»Ей, Раббым, бір Өзіңе мінәжат етем» де!
– Ей, Раббым, бір Өзіңе мінәжат етем!
Алақанымдағы көз лып етіп қайтадан жанды.
– Бұл – ниғмет кілті. Аллаһтың атын айтқанда ғана ашылады. Ізгі тілекпен не асылды іздесең, соның бәрін табасың.
Періште маған бір күндей мұрсат берді. Әуелі әке-шешеммен қоштастым. Апам қимай мойынымнан құшақтап көп жылады:
– Құлыным-ай, азапқа бара жатырсың ғой! – деді. Әкем онша күйзелген жоқ. Қайта мүмкін болса, өзі де қосыла кеткісі кеп тұрғандай.
– Әлгі Қамысбай көксоққан тірі болса, сәлем айтарсың. Сыраны әлі сылқытып жүрген шығар қасқаң! – деп, күлмің қағып тамсанып қойды.
Абай атам мен Мақан ағам бастатқан таныс-білістің бәрімен қоштасып шықтым. Ең соңында Ажармен жолықтым. Әдеттегідей «Ғашықтар гүлзарында» серуендеп жүр екен екеуі. Қолтықтасып алған. Жақындауға бата алмай біраз уақыт анандайдан қараларын бағып еріп отырдым. Әлдебір қызық әңгімеге кірісіп кеткен. Анда-санда күлісіп, бір-біріне еркелей қарағанда, бастары түйісіп кетеді. Бір алтын қанат сандуғаш, қосыла күлгендей, дамылсыз сайрап, екеуінің иығына кезек-кезек қонады. Мұндай бақыттыларға, әрине, Жер не, Ұжмақ не, бәрібір емес пе. Еріксіз күрсініп алдым.
Аспанға қарадым. Сыңсып бір топ аққу үйіріле ұшып жүр. Менің бала махаббатымнан жаратылған ақ құстар. Ақ қағазға көз жасыммен қоса тамған жырларымның жыртып-жыртып лақтырған қиқымдары. Жаралы жүректің жетім мұңын Ажар енді естімейтін секілді. «Қой, бақыттарын қызғанғандай болмайын» деп кері бұрылмақ едім, Ажардың сыңғырлаған күлкісінен амалсыз іркілдім:
– Көңілсізсің ғой? – Еркелей басып қасыма келді. Молдаш екі-үш қадам жерден жымиып бас изеді.
– Аққудың дауысы құлағымнан кетер емес! – дедім күрсініп.
– А? – Аспанға жалт қараған Ажардың жүзінен аққулардың көлеңкесі көлбең-көлбең жүгіріп өтті. Сәл үнсіз түйіліп барып тіл қатты. – Сол аққудың үні бала күнімде қанша қусам да жеткізбей кетті ғой!
Екеуміз де үнсіз қалдық. Бір-бірімізге қарауға бата алар емеспіз. Бір ұялшақ сезім арамызды перделеп тұрғандай.
– Мен Жерге қайтатын­ болдым, – дедім үнсіз тұра бергенді ыңғайсыз көріп.
– ­Ой, жынды екенсің ғой, нұқыл! – деді Ажар мұндайды күтпегендей сасқалақтап. – Пейіштен кісі қаша ма екен?
– Қызық емес маған.
– Неге?
– Мұнда менің Ажарым жоқ!
– Мен бармын ғой?
– Менікі емессің!
– Болғым келген. Өзіңнен көр!
– Басқа не істеймін, бәрін жырларым айтты ғой.
– Ынжық болдың!
– Ынжықтығымның арқасында жынды атандым. Бәрін жүрегіммен жасаймын. Жүрексіз ештеңе істей алмаймын.
Ажар ып-ыстық білегін мойыныма орап, алаулаған бетін бетіме басты:
– Әне сенің жүрегің! – деді аққуаларға иегін созып. – Жалған дүниедегі жылт еткен аз ғұмырымның ұмытылмас құмыр күлкісін солардың үнінен естимін!
Қос ғашыққа мейірлене қарадым. Екеуін екі қолыммен орай құшақтап, өзіме тарттым:
– Бақыттысыңдар, достарым!
Екеуінің көзінен мөлт-мөлт етіп қос тамшы тамып түсті.
– Қой, бақытты жандар жылай ма екен?
– Бақыттан жылайды! – Молдаш ақсия күлгенде, көз жасы бетін жуып кетті. – Қасіреттің көз жасынан терең тұңғиық жоқ; бақыттың көз жасынан тұнық кәусар жоқ! – деді екі дүниедегі өмірін екі ауыз сөзбен түйіндегендей…
Мұрсатты сәтте сапарға шықтық. Періштенің қанатында қалықтап, пейішті үш айнала ұштым. Сәл бойымды қимастық билегендей, төменге телміре қараймын. Әкем мен апам, Ажар мен Молдаш қолдарын бұлғап жылап тұр. Қалың топ аңтарыла қарап айғай салды:
– Мә-ә, мына жындыны қара, қашып барады!..
Тозақтың үстінен қалықтай ұшқанда, өксіген, өкірген дауыстар бір сәт сап тиылып, таңырқай шу ете қалды. Бәрінен Сталинның дауысы қатты шықты. Қан сигектеген ызалы көздерін ежірейтіп, шыңғырып-шыңғырып жіберді:
– Шіркін-ай, отыз жыл патша болғанша, отыз күн жынды болсамшы! Әне, пейішті менсінбей кетіп бара жатқанын көрмейсің бе!..
Сираттың арғы бетінде теріс амалдарымды тәпсірлейтін баяғы Кәтибан періште тағатсыздана күтіп тұр екен.
– Ә, келдің бе, сұрқылтайым? Білгем, білгем! – деп табалағандай күліп, сол жақ қапталымнан жанаса кетті. – Жындылар пейішке сыюшы ма еді, бәсе. Мұның орыны тозақ болатын, тозақ!
– Бәрі – бір Раббыма ғана аян! – деді оң жақтағы Кәрибан періште ананың сұңқылдай жөнелгенін жақтырмай.
– Міне, пейіштен қуып шыққан жоқ па?
– Қуған жоқ, өзі кетіп барады. Раббым кеңшілік жасап, тілегін орындады.
– Шайтанекем аман болса, әлі талай шатастырар! – деді сол жағымдағы Кәтибан періште қуана қутыңдап.
– Көрерміз, – деді Кәрибан періште сабырлы үнмен. – Алла оған ақыл-сана берген.
– Сана бәрінде бар, кімге қорған боп жатыр?
– Нәпсіге тиым салған инсапты ер бәрін жеңеді…
Бірі оңға, бірі солға тартып, екеуінің тай-таласы бітер емес.
Барзақ әлемінде ұзақ ұшып, қырық қат Көкке де жеттік. Екі ғаламның шегіндегі көк қақпаға келгенде, періштелер мені қанатынан түсірді.
– Ал, енді біз бұдан былай саған көрінбейміз, дауысымызды да естімейсің, – деді періштелер. – Рухымыз екі иығыңа қонып, бірі жақсы ісіңді, бірі жаман ісіңді теріп хатқа түсіріп отырады.
Алдымнан көк қақпа жайлап ашыла берді. Тіршілік нұры жарқ етіп, бір аялы ыстық құшақ тербете жөнелгендей, елітіп, елжіретіп барады.
– Ал, оң амалың көп болсын! – деді оң жағымды Кәрибан періште ұлын ұзақ сапарға шығарып сап тұрған қамқор анадай тілекші үнмен.
– Жолдасың шайтан болсын! – деді сол жақтағы Кәтибан періште сықылықтай күліп. Соны айтты да, екеуі ғайып болды.

(Жалғасы журналдың келесі жылғы
алғашқы сандарында жарияланады)

Пікір қалдыру