Ғани РЫСБЕКОВ: Адамзаттың басты арманы – бірлік

Ғани РЫСБЕКОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары

– Ғани Құрмашұлы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыдан екі жыл бұрын Түркістан облысын құру жөніндегі Жарлыққа қол қойған еді. Түркістан топырағы туыстықтың туындай ғой. Өңірде сан ұлт өкілдері бір атаның баласындай ынтымақта өмір сүреді. Байқасаңыз, облыстың халық саны жағынан да республикада алдыңғы шепте. Осыдан барып шығатын сұрақ: өңірде қанша этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді? Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып берсеңіз.

– Ресми статистикаға сүйенсек, Түркістан облысының халқы 1 983 967 адамды құрайды. Оның ішінде ұлттық құрамы бойынша: 76%-ын қазақтар, 17%-ын өзбектер, 1,8%-ын тәжіктер, 1,7%-ын орыстар, ал қалған 3,7%-ын басқа да этностар. Өңіріміздегі ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен бірлікті нығайту мақсатында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында 12 этномәдени бірлестік және олардың аудандар мен қалаларда 7 филиалы және 14 өкілдіктері жұмыс жасайды. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктер жанында 10 жастар қанаты, 2 жексенбілік мектеп және 8 Аналар кеңесі бар. Этномәдени бірлестіктер өңірдің қоғамдық жұмыстары мен қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысады. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында этномәдени бірлестіктер облыстық ассамблея ұйымдастырған түрлі форматтағы жүзге жуық іс-шарасына белсенді қатысып, 23 278 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті. Сонымен қатар, әлемде орын алған пандемияның алдын алу шараларына облыстық этномәдени бірлестіктер өз үлестерін қосып келеді. Атап айтқанда, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттерін таратуда, бақылау бекеттеріндегі әскерилер мен медицина қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз етуде және бір реттік бетперделер тігіп таратуда өзбек, түрік, тәжік, ұйғыр этномәдени бірлестіктері белсенділік танытты.
Қайырымдылық – қашан да ізгіліктер бастауы. Адамзаттың басты өлшемі қайырымдылық іс-әрекеттерімен бағаланады. Біз осыған ұдайы назар аударамыз. Ұлы даланың дәстүрлеріне негізделген Қазақстан халқы Ассамблеясының 2019 жылға арналған қайырымдылық шараларының күнтізбесіне сәйкес, қаңтарда – «Сарқыт», ақпанда – «Сыбаға», наурызда – «Шашу», сәуірде – «Асар», мамырда – «Қамқор», маусымда – «Тоқымқағар», шілдеде – «Ерулік, тамызда – «Жылу», қыркүйекте – «Көрімдік», қазанда – «Бата», қарашада – «Бес жақсы» және желтоқсанда – «Кәде» қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.
Облыс көлемінде есепті жылы 398 қайырымдылық іс-шарасы өтіп, жалпы сомасы 211,9 млн. теңге көлемінде халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға демеушілер мен меценаттар, жеке кәсіпкерлер тарапынан заттай, қаржылай көмек көрсетілді. Жалпы, 15 мыңнан аса азаматқа көмек көрсетілді.
Ал 2020 жылдың басынан бері облыстық ҚХА жанындағы құрылым мүшелері және этнос өкілдерінің ұйымдастыруымен «Қамқорлық», «Біз біргеміз!», «Мақтаарал Біз біргеміз!», «Мың алғыс!», «Мектепке жол» акциялары өтті. Акциялар аясында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, ҰОС ардагерлері азық-түлікпен, тұрмысқа және мектепке қажетті заттармен, медициналық бетперделермен, антисептикалық құралдармен, ИВЛ аппараттармен, оттегі баллондармен қамтамасыз етілді. Түркістан облыстық ҚХА волонтерлары ҰОС ардагерлерінің үйіне барып шаруашылықтарына көмек көрсетті.
Пандемия кезінде облыстық ҚХА волонтерларының бастамасымен Түркістан, Кентау қалалары, Сайрам, Сарыағаш, Мақтаарал аудандарындағы блокпосттарда медицина, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ыстық тамақ және Өзбекстан шекарасында өзбек, тәжік елінің азаматына бір реттік ыстық тамақ ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Мақтаарал ауданында орын алған су тасқынына байланысты Түркістан облыстық ҚХА жанынан арнайы штаб құрылып, қайырымдылық көмектер үйлестірілді. Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек, ыдыстар, тұрмысқа қажетті басқа да заттар жеткізілді.
Құрбан айт мерекесі кезінде «Мың алғыс!» акциясы ұйымдастырылып, вирусқа шалдыққан пациенттермен тікелей жұмыс істейтін және алдыңғы қатарлы медицина қызметкерлерінің отбасыларына азық-түлік жиынтығы, мерекелік үстелге арналған тағамдар, тауар қоржындары табыс етілді.
Облыс көлемінде ағымдағы жылдың 9 айында жалпы 158 млн. теңгеге көмек көрсетіліп, барлығы 153 қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. 35 788 отбасы көмек алды.

– Түркістан облысының қай қалалары мен аудандарында өзге ұлт өкілдері жиі шоғырланған? Мұның тарихи себептері бар ма? Мүмкін олар әу бастан жергілікті тұрғындармен бірге жасасып келе жатқан болар?

– Этнос өкілдері Түркістан (өзбек, түрік), Кентау (өзбек, татар) қалалары мен Сайрам (өзбек, түрік, күрді).Төлеби (өзбек, түрік, күрді), Сарыағаш (өзбек, тәжік, әзірбайжан, татар), Мақтаарал (өзбек, тәжік, әзірбайжан, түрік), Жетісай (өзбек, тәжік) аудандарда жинақы шоғырланған. Көптеген этностар қазақ жеріне 1940 жылдары ҰОС кезінде жер аударылған. Өзбек этносы ХІ-ХҮІІІ ғасырдан бері қазақ жеріне қоныстануды бастаса, тәжік этностары Кеңес дәуірінен бастап көшіп келе бастаған. Олар егіншілікке, шаруашылыққа ыңғайлы жерлерге қоныстанған. Олардың біздің Атамекенімізге қоныс аудару себептерін сіз жақсы білесіз. Сталиндік қуғын-сүргіннің салдарынан туған жерлерінен үдере көшкен олардың өмірі аса ауыр болды. Бұл туралы олардың есіне сала бергіміз де келмейді. Өйткені, жүрек ауыртқаннан басқа пайдасы шамалы. Бұл турасында кеңінен тарқатып айтуды тарихшылардың еншісіне қалдырайық.

– Биыл Қазақстан халқы Ассамбеясының 25 жылдығы. Айтулы дата Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес республика көлемінде кеңінен атап өтілуі тиіс болатын. Жалпы, осыған сәйкес қандай іс-шаралар өткізілді?

– Биылғы 22 қаңтарда Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен ҚХА-ның 25 жылдығын мерекелеуге арналған жоспарлар мен міндеттерді нақтылау мақсатында Ассамблея жанындағы құрылымдардың қатысуыммен кеңейтілген мәжіліс өтті. Мәжілісте облыстық этномәдени бірлестіктер және басқа да құрылым жетекшілері өз жоспарларымен бөлісті. 18 ақпан күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Ұлы даланың ұлы тұлғасы – Әбу Насыр әл-Фараби» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Кездесуде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың мүшелері А.Есеналиев, Қ.Қалдыбай, Е.Әмірхан қатысып, олар әл-Фараби еңбектері бойынша және Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен маңызы туралы баяндамалар жасады. Сонымен қатар, 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Түркістан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығының салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. Облыс орталығы – Түркістан қаласында облыстық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері киіз үй тігіп, қазақ халқына арнап дастархан жайды. Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойы қатар келіп отырғандығын атап өтіп, алда тұрған жоспарлармен, міндеттермен бөлісті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы ортақ құндылықтар мен топтастырушы сана негізінде азаматтық татулық пен бірлікті сақтаудағы еңбегің жан-жақты айтып өтті. Алғыс айту күні – жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, қоғамдық келісім, қайырымдылық, әлеуметтік ынтымақтастық пен өзара қолдау көрсетуді дамытуға ықпал ететіндігінде естен шығармады. Зиялы қауым өкілдері «Әралуандылықтағы бірлік» моделінің тарихи маңызын, Тұңғыш Президент – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған негізгі құндылықтармен бөлісті. Кездесу барысында депортацияға ұшыраған этностардың ұрпақтары қазақ халқына алғыстарын білдірді. Кездесу соңында кәріс этносының өкілі, «Мирас» университетінің студенті С.Пак қазақ халқына арнау жолдап, этнос өкілдері Абайдың, Ш.Қалдаяқовтың әндерін орындады. Іс-шара аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлік қозғалыс орталығы белсенділерінің ұйымдастыруымен «Қамқорлық» акциясы өтіп, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы отбасыларға көмектер көрсетілді. Бүгінгі таңда елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты барлық іс-шаралар онлайн жүргізілуде. Осыған орай Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік желілердегі парақшаларында этнос өкілдерінің қатысуымен 25 жылдыққа арналған материалдар мен бейнероликтер, тақырыптық челендждер, акциялар ұйымдастырылып, орналастырылуда.

– Жалпы, Қазақстан татулықты, бірлікті, түрлі этностарды құшағына сыйдырып, қоғамдық келісімді мықты ұстанып отырған мемлекет. Сол мақсатта, ассамблея институты құрылды. Десе де, Қордай оқиғасы бұл институтты әлі де күшейте түсіп, этносаралық татулықты бір сәтке болсын босаңсытып алмау керектігін көрсеткендей. Қалай ойлайсыз, ұлтаралық жанжалға ұласпас үшін жергілікті билік, құзырлы органдар, тәртіп сақшылары, қоғамдық келісім, ішкі саясат басқармасы қандай шараларды ең бірінші кезекте қолға алуы керек?

– Қордайдағы жағдайдың тұрмыстық жанжалдан басталып, соңы үлкен дауға айналғаны бәріне белгілі. Бұл мәселе бойынша белгілі ғалымдар, саясаткерлер, беделді азаматтар, барлық журналистер мен блогерлер өз пікірлерін жазып жатты. Арасында ұлтаралық мәселені білмейтіндер де өз пікірлерін қалдырғаны жасырын емес. Сондықтан, бұл жерде анау құрылым немесе мына құрылым кінәлі деп айту теріс пікір болып шығады. Бұл «Рухани жаңғыру» жобасы сияқты жалпыхалықтық жұмыс. Жақында Түркістан қаласында өткен бір кездеуде маған осындай сұрақ қойылған болатын. Соңынан атқарылып жатқан жұмыстармен жақын танысқан блогер өз ойын өзгертіп, ұлтаралық қатынастар саласында Ассамблеяның атқарып жатқан қызметіне мән бермей келгендіктен, осындай қате пікірде болғанын айтты. Ұлтаралық мәселе – бұл жалпы, біртұтас қазақстандықтардың, халықтың жұмысы екенін ұғынды. Негізінде, этностардың арасында қазақтарға тікелей қарсы шығып, жек көріп отырған ешбірі жоқ. Қайта, іс-әрекеттері мен сөздерінен қазақ тіліне, дәстүрі мен тарихына деген сыйластықтарын байқауға болады. Қазіргі таңда, өзбек, тәжік этностарының балалары қазақ сыныптарына барып, ҰБТ-ді мемлекеттік тілде тапсыруға өтініш беруде. Өздеріңіз телеарналар мен әлеуметтік желілерден көріп жүрсіздер, этнос жастары Абайды жатқа айтып, Әл-Фарабидің еңбектері жайлы ой толғап жатыр. Өйткені, олар мемлекеттік тілге құрметпен қарап, болашақта қазақ тілінің қаншалықты қажет екенін түсінген. Ол жерде ұлтаралық мәселелер жалпыхалықтық болған соң, журналистердің рөлі өте маңызды. Жалпы, біз осы Қордайдағы орын алған жағдайдан соң журналистермен және блогерлермен кездесу өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Сонымен қатар, облыстық Ассамблея құқық қорғау органдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен іс-шаралар жоспары түзілген. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тапсырмасымен өңірде қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020-2021 жылдарға арналған Тұжырымдамасы әзірленіп бекітілді. Осы жоғарыда атап өткен іс-шаралар ұлттардың өзара ұйысып отыруында үлкен рөл атқарады.

– Айтыңызшы, өзіңіз басқарып отырған орталыққа арыз-шағымын арқалап келушілердің басым бөлігі кімдер?

– Бізге көп болмаса да, арыз-шағымдар келіп жатады. Көпшіліктің арасында Ассамблеяның рөлін түсінбейтіндер кездеседі. Мысалы, Мақтаарал ауданында мектеп дауы орын алғанда, бір топ тәжік этносының өкілдері «Ассамблея бізді неге қорғамайды?» деген шағым айтылған болатын. Оларға Қазақстан халқы Ассамблеясы қандайда бір этностың мүддесін қорғайтын ұйым емес, ал кез келген құқық бұзушылық бойынша арыз-шағым құзырлы мекемелер арқылы шешілетін мәселе екендігін айтып түсіндірілді. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына келіп түскен арыз-шағымдар ҚР Заңдарының аясында қаралады.

– Кейде бұқаралық ақпарат құралдарынан шекара маңындағы немесе өзге ұлттар жиі топтасқан аймақта тұрмыстық жанжалдар шығып жатқанын оқып жатамыз. Мәселеге, құқық қорғау органдары араласып, соңы заңмен реттеліп жатады. Түркістан облысында этносаралық жағдай қаншалықты тұрақты? Тұрмыстық дау-дамай, келіспеушіліктер туындап жатса, қалай шешесіздер?

– Жалпы, «әр ауылдың бір тентегі болады» дегендей, қолдарыңызда тізім бар ма? Облыстағы этносаралық жағдай тұрақты дегенмен, этнос өкілдері арасындағы кез келген тұрмыстық деңгейдегі проблемалар (заңсыз әрекет, төбелес, күш көрсету, әлімжеттік, ұрлық және т.б.) дер кезінде, уақытылы заң жүзінде реттелмесе, оның соңы этносаралық сипатқа ұласу ықтималдылығы бар. Бұл ретте, Ассамблеяның бастамасымен этнос өкілдері жинақы тұратын елді мекендерде «Этносаралық ахуалды талдау» тақырыбында этнос көшбасшылары, белсенді этнос жастарының қатысуымен фокус топтық зерттеу ұйымдастырылды. Одан бөлек, «Этнос өкілдерінің қоғамдық-саяси ахуалға ой-пікірлері», «Даулы мәселелердің алдын алу» тақырыптарында талдау жүргізіліп, этнос жастары арасында әлеуметтанымдық сауалнама өткізілді. Сонымен қатар, жоғарыда атап кеткенімдей, біз құқық қорғау орандарымен және де басқа жергілікті мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Осы ретте облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, өңірдегі этносаралық ахуалды зерттеп, реттеп отыру мақсатында облыс әкімінің орынбасары С.Қалқамановтың басшылығымен арнайы жұмысшы топ құрылған. Бұл жерде түрлі деңгейде орын алған мәселелердің алдын алып, олардың ұлтаралық дау туғызбауын қадағалап, тиісті жұмыстар атқарылды.

– Тіл – әр халықтың жаны. Мемлекет атын иемденіп отырған қазақ тілінің ахуалы туралы әркім әрқалай айтады. Осы ретте, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілімізге деген құрметін айта кетсеңіз. Сондай-ақ Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің жұмысы қай бағытта жүріп жатыр?

– Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілімізге деген құрметі этносаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтардың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. Осыған орай Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктері тілге деген белсенділігін танытуда. «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретудің маңыздылығы ерекше. Бүгінгі күні қазақ тілінің өзінің мемлекеттік биік мәртебесіне лайық деңгейде қызмет атқару қажеттілігі – заман талабынан туып отыр. Осыған орай Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында «Қазақ тілі» курсы орталығы ұйымдастырылды. «Қазақ тілі» оқу-әдістемелік орталығында тілді үйретуге білікті мамандар тартылған. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытудағы мақсат – мемлекеттік тілде сөйлей білуге, өз ойын айта білуге, сауатты жаза білуге үйрету. Курста оқытудың басым әдісі – коммуникативтік тәсіл. Бұл тәсілдің бірнеше себептері бар. Біріншіден, мақсатты тілдерді оқыту – оқытылатын тілдің ауызекі сөйлеу нормасын меңгеруге бағытталған, сондықтан ең алдымен, тыңдалым мен айтылым дағдыларына көңіл бөлінеді. Екіншіден, тілді оқыту грамматикалық ережелермен шектелмейді, яғни өзге тілді алғаш үйренушілерге «бастауыш», «баяндауыш», «морфология», «синтаксис» т.б. білу маңызды емес. Тіл үйренуші грамматикалық құрылымдарды білмей тұрып, оқу мен жазуды білмесе де сөйлей бастайды, тіпті сөйлемдерді де дұрыс құрайды. Ол жай ғана сөздерді айтады, сөздердің мағынасын түсінеді, айналасындағы адамдармен тілдесе бастайды. Уақыт өте келе оның сөздік қоры молаяды, қоршаған адамдардың басым бөлігі оны түсінетіндей деңгейде сөйлесе алады. Содан кейін ғана оқу мен жазуды үйренеді. Курста ана тілінен өзге тілді үйренудің негізі осында жатыр. Әрбір сабақтың мазмұнына сай әдістер мен тәсілдері дұрыс таңдап, саралап, даралап оқыту ұсынылған. Тіл үйренушілердің қазақ тілін өз еркімен, ынтасымен қызыға, түсініп сөйлеуге, бірінің пікірін бірі қадірлеуге, өзіндік және өзара бағалауға, сөзді ойын арқылы жақсы меңгеруге, ауызекі дұрыс сөйлеуге үйрету мақсатында белсенді оқыту, коммуникативтік технология, интерактивті оқыту негізінде ұйымдастыру мен сын тұрғысынан ойлау жобасының стратегиялары қолданылған. Бұл өз тиімділігін көрсетуде.

– Облыста 12 этномәдени бірлестік бар екенін айтып өттіңіз. Осы бірлестіктердің ішінде ең белсендісі қайсы? Қай бірлестік өзіне бекітілген іс-шараларға тиянақты, жанын салып жұмыс атқарып отыр?

– Жалпы облыстық этномәдени бірлестіктер ҚР Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы Заңына сәйкес қоғамдық аккредиттеуден өткен. Олардың әрқайсысы облыстық Ассамблеяның жоспарына және жылдық жоспарын бекітіп, сол жоспар бойынша жұмыс атқарады. Оның ішінде, мемлекеттік мерекелермен қатар әр этностың ұлттық мерекелерін атап өтуге байланысты іс-шаралар, дөңгелек үстел отырыстары мен кездесулер, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру және облыс көлемінде атап өтілетін саяси, мәдени іс-шараларға қатысу көзделген.

– Осындай ауқымды, мемлекет тарапынан қолдау көрілетін маңызды институтты басқару арқылы қандай тәжірибе жинадыңыз? Жалпы, ұлтаралық татулық, толерантты болу, бірлік пен достықтың көрінісін көзбен көріп жүрген жансыз. 25 жылдағы Ассамблеяның ролі мен облыстағы салмағына жеке пайымыңыз?

– Бұл институтты әлі де дамытып, көптеген зерттеулер жүргізіп, құрылымдарды өзгерту қажеттілігі туындап отыр. Бұл жөнінде өз пікірімді жоғарыға жолдаған болатынмын. Оны қайталап жатудың керегі жоқ. Өйткені, Ассамблея тарапынан қолдау тауып жатса, ашық жариялауға болады. Жалпы айтқанда өңірімізде ұлтаралық ахуал тұрақты. Бізді қанағаттандыратыны осы.

– Бүгінде Түркістан облысында қанша ұлт бар?

– Ресми статистикаға сәйкес, Түркістан облысының халқы 1 983 967 адамды құрайды. Оның ішінде, ұлттық құрамы бойынша: – қазақтар – 1 508 229 адам (76,0%), – өзбектер – 336 617 адам (16,9%), – орыстар – 35 497 адам (1,7%), – тәжіктер – 36 837 адам (1,8%), — әзірбайжандар – 18 531 адам (0,9%), – түріктер – 16 443 адам (0,8%) – қалған – 31 813 адам, яғни 1,6 % өзге этнос өкілдері құрайды.

– Жыл басынан бері мекемелеріңіз қанша, қандай іс-шаралар ұйымдастырды?

– Жыл басынан бері 50-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды (филиалдарды қосқанда). Соның ішінде ерекше тоқталып өтетіні 1 наурыз – Алғыс айту күні. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №173 Жарлығына сәйкес, Қазақстандағы барша этнос өкілдерін бір шаңырақтың астына біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурыз Алғыс айту күні ретінде аталып келеді. Сонымен қатар, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай облыс орталығы Түркістан қаласында облыстық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының алда тұрған жоспарлары мен міндеттерімен бөлісті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы ортақ құндылықтар мен топтастырушы сана негізінде азаматтық татулық пен бірлікті сақтаудағы еңбегімен бөлісті. Алғыс айту күні – жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, қоғамдық келісім, қайырымдылық, әлеуметтік ынтымақтастық пен өзара қолдау көрсетуді дамытуға ықпал ететіндігін атап өтті. Кездесу барысында депортацияға ұшыраған этностардың ұрпақтары қазақ халқына алғыстарын білдірді. Кездесу соңында кәріс этносының өкілі, «Мирас» университетінің студенті С.Пак қазақ халқына арнау жолдап, этнос өкілдері Абайдың, Ш.Қалдаяқовтың әндерін орындады. Іс-шара аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлық қозғалыс орталығы белсенділерінің ұйымдастыруымен «Қамқорлық» акциясы өтіп, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы отбасыларға көмектер көрсетілді. Биыл ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл. Осыған орай облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың әлеуетін пайдалана отырып А.Пушкин атындағы әмбебап-ғылыми кітапханада «Ұлы даланың ұлы тұлғасы – Әбу Насыр әл-Фараби» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Славян халықтарының «Рождество», «Масленица» мерекелері өтті. Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің және Аналар кеңесінің мәжілістері және облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңеңестері мен қоғамдық кеңестер жұмысының өзара іс-қимылын үйлестіру бойынша «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалымен бірге Бірыңғай күн аясындағы отырысы өтті. Түркістан облыстық ҚХА жанындағы волонтерлар қозғалысы орталығының Бірыңғай ашық есік күні өтті. Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Айбын» әскери-патриоттық клубының қатысуымен еске алу және Жас патриоттардың бас қосу күні ұйымдастырылды.

– Сіздер атқарған шараларға ат салысып жүрген өзге ұлт өкілдерінің арасында кәсіпкерлер мен бизнесмендер де көп шығар? Солардың қайсысын бөлек айта алар едіңіз?

– Жалпы, бұл жерде біздің бір атаның баласындай туысып кеткенімізді естен шығармауымыз керек. Олар Қазақстанды Отаным деп санайды. Сондықтан Отанындағы барлық іс-шараға атсалысуды міндетім деп түсінеді. Мұндай азаматтар бізде көп. Қайсыбірін айта береміз. Дегенмен, сұрағыңызға орай Сафаров Сарманбай Кочалиевичті (облыстық түрік этномәдени бірлестік төрағасы), Нишанкулов Бадритдин Икрамжановичті (облыстық өзбек этномәдени бірлестік төрағасы), Пазаев Хусеин Маметовичті (Сайрам аудандық түрік этномәдени бірлестік төрағасы) айтуға болады. Олар қазақтарды бауырым деп түсінеді. Қазақпен олардың тағдыры да ортақ, жаны да бір.

– Биыл карантинге байланысты кейбір іс-шаралар кейінге шегерілген шығар? Дегенмен онлайн түрінде болсын, мерекелер аталып өтілген шығар?

– «Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халық әпсанасы. Бірлік пен ытымақтың мерекесі болған — Қазақстан халқының бірлігі күні карантин кезінде де маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Арнайы жоспар түзілді, сонымен қатар, Президент Әкімшілігінен де тапсырмалар мен ұсыныстар түсті. Соның негізінде онлайн жұмыс жасап жатырмыз. Облыстық ҚХА-ның әлеуметтік желілерінде күнделікті облыстық ҚХА жанындағы құрылым жетекшілерінің, белсенді мүшелерінің мерекелік құттықтаулары, жастардың мерекелік челендждері, арнайы бейнебаяндар мен мақалалар жарияланды. Бізде ешқандай да мерекелік іс-шара атаусыз қалған емес. Карантин басталғалы бері әлеуметтік желілердің маңыздылығы артты. Сол сияқты, облыстық ҚХА-ның фейсбук, инстаграм парақшаларында Түркістан облыстық ҚХА-ның арнайы жобалары іске асырылуда. Соның ішінде тоқталып өтетіні Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Біз – Абаймен біргеміз» облыстық ҚХА эстафетасы. Өңіріміздегі этнос жастары эстафетаға қатысуға ерекше ықылас танытып, Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін жарыса орындады. «Тұңғыш Президент жолымен: Халық Экспедициясы» республикалық жобасы аясында бірқатар материалдар берілді. «Бірлігі мен берекесі жарасқан – Қазақстан» айдарымен бүгінгі таңға 18 мақала жарияланды. Әлеуметтік желілерімізде сондай-ақ, «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл», «Біз Біргеміз!», «Ардагерлер – ардағым» тұрақты айдарлары ашылған.

– Төтенше жағдай кезінде қол ұшын созудан белсенділік танытып отырған қайсы ұлт?

– Облыстағы барлық этномәдени бірлестіктер бүгінгідей қиын кезеңде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек қолдарын созып, азық-түлікпен, медициналық бетперделермен, антисептикалық құралдармен қамтамасыз етті. Тіпті блок-посттардағы медицина, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ыстық тамақтар ұйымдастырды. Алайда соның ішінде ерекше атап өтетін облыстық тәжік этномәдени бірлестік дер едім. Төрағасы Султанов Юлдаш Шадыбаевич.

– Ұлтаралық татулық күні өзге елдерде тойлана ма?

– Негізінен 1 Мамыр көптеген елдерде Еңбек күні болып аталып өтіледі. Бұрын ол – Еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күні болып аталды. Ол күн алғаш рет 1890 жылы әлемдегі Австрия-Венгрия, Бельгия, Германия, Дания, Испания, Италия, АҚШ, Норвегия, Франция және басқа елдерде аталып өтті. Бүгінгі күні көктем мерекесі әлемнің 142 елінде аталып өтеді. Көптеген адам үшін бұл отбасылық мейрам. Сондықтан, өзге елдер бұл күні өз отбасымен /үйінде/ өткізгенді жөн санайды. Мына індеттен құтылсақ, біздің ел Қазақстан халқының бірлігі күнін үлкен құлшыныспен тойлайды, тойлап та келген. Өйткені, халықтардың бірлігі, бұл – ең маңызды шаруа. Бірліктен асқан бақыт жоқ. Осындай бірлік пен ынтымақты уысында ұстап отырған Түркістан топырағы татулықтың тірегі болып қала бермек. Әрине, қазір той тойлайтын кез емес. Қазір ой ойлайтын шақ. Ойлағанда болашағымызды, келешекті, қуатты Қазақстанды, балаларымызды, келер ұрпақты, олардың сауаттылығын, денсаулығын, бақытты күндерін ойлауымыз керек. Бұл әрбір адамның басты міндеті. Әркім-ақ ұрпағым жақсы азамат болып өссе екен деп армандайды. Мейлі ол қазақ болсын, неміс болсын, түрік болсын солай. Ендеше, адамзаттың басты арманынан артық арман болмаса керек. Сол арманға жету үшін бірлік керек. Бірлік бар жерде тірлік бар. Біз сол тірлікке, тірлік арқылы мызғымас бірлікке ұмтылып келе жатқан елміз. Елдің басты мүддесінен артық мақсат болмаса керек.

– Ғани Құрмашұлы, алдағы күндердің еншісіндегі елеулі жұмыстарыңыздың көптігіне шүбәміз жоқ. Сонда да алда атқарылар жұмыстардың бір легімен хабардар болғымыз келеді.

– Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы алдағы уақытты жоспарға сәйкес бірқатар жұмыстарды қолға алмақ. Қазақстан Республикасының этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаты тұжырымдасына сәйкес облыс көлемінде ағымдағы жағдайды талдау мен халықаралық тәжірибеге шолу жасауды күшейтпек. Этносаралық қатынастар саласын дамытудың үрдістері мен мемлекеттік саясаттың міндеттері мен қағидаттарын жүйелі орындауды да көздеп отырмыз. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында ахуалды талдау мен қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі қызметті күшейту де күн тәртібіндегі мәселе. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері және ресурстық қамтамасыз ету жолында жоспарларымыз жүйелі.
Жалпы, еліміздегі тұрақтылық пен татулықты арттырып, ел ішінде орын алатын бүліктер мен келеңсіз жағдайларды тудырмас үшін этносаралық келісімді нығайту жолында жұмыла жұмыс істейтін боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Сабырбек Дәніқұлұлы

Пікір қалдыру