Құлжа мен көкжал

Әбубәкір ҚАЙРАН

Әбубәкір ҚАЙРАН

Үлкен ағам – Қалихан
Рахметоллаұлы Қайранның рухына арнадым.
Автор

Аттарын етекке тұсап тастаған екі жігіт екі иінінен дем алып, тік қия бетке зорға өрмелеп келеді. Мылтықтарын таяқ етіп таянса да, сусып жатқан қорымтас табандарына тиянақ таптырар емес. Сәл жоғары көтерілген соң қорымтастан құтылғандай болып еді, көп ұзамай-ақ жақпар-жақпар жалама тастар жолығып, ол да адымдарын аштыра қоймады.
Қатты есеңгіреп, қара терге малынып келе жатқан екеуі бір-біріне қарап-қарап қойып, өрге қарай өршелене ұмтылса да, біраз тоқтап, тыныстап алғанды жөн көріп келе жатқандары беп-белгілі. Бірақ, бұл ұсынысты бұрын айтуға екеуі де намыстанады. Күздің қара суығынан қорынып, Әлихан тайжақысын, Қойлыбай шолақ қара тонын киіп шығып еді, ендігі жерде сол киімдері өздеріне сор болғандай, екі иіндерінен басып, ыстықтатып барады.
Бұлар өстіп ырсылдап-күрсілдеп қия беттің орта шеніне жеткенде, алда кетіп бара жатқан Қойлыбай төсек көлеміндей жап-жалпақ тақтатастың үстіне ытқып шықты.
– Әй, Әлихан! Мына тасты қарашы! Тура қолдан қиып жасағандай! – деді ол масатты дауыспен.
Айтса айтқандай, тік төртбұрышты жалпақ тастың беті теп-тегіс, қалыңдығы төрт елідей ғана.
– Біздей байқұстар аздап болса да дем алсын деп, жаратушы иеміз жасап қойған ғой, – деді Әлихан тақтатастың үстіне шалқасынан жата кетіп.
Қасына Қойлыбай да жантайды.
Ол екі қолын желкесіне қойып, қараша айының қарасұр аспанына кірпік қақпай тесірейе қарайды. Әлденені ойлап жатқан сияқты.
– Осы… «Киік матауы» қашан басталады? – деді бір кезде.
– Жаңа жылдан кейін. Қаңтардың он-онбестерінде. Үркер батқан соң. Сол кезден бастап киік пен арқар махаббат ойынын ойнайды. Құлжа біткен қан майданға түседі. «Үркер батқанда, таутеке тастан ұшады» деген сөз содан қалған.
– Осы… Ыбырай ақсақал былтыр айтыпты ғой: «Биыл үркер тасқа түсті. Қиыншылық болады» деп. Сол не сөз?
– Ол кісі біліп айтады. Соңғы жұлдызшының бірі ғой. Тәуелсіздік алғалы тәуір боламыз десек, жауыр болып барамыз. Көріп жүрсің, – деді Әлихан терең күрсініп, – Тәуелсіз болғанымызға бес жыл болды. Жұмыс жоқ. Күйіс жоқ. Бар малымызды бартерге салып бітірдік.
– Иә-ә, – деді Қойлыбай басын көтеріп отырып, – Сен дүрілдеп тұрған зоотехник едің, мен жазда жұмыс істеп, қыста демалатын агроном едім. Енді ешкімге де керегіміз жоқ. Ыбырай ақсақалдан сұрау керек еді – «Үркер жылда-жылда тасқа түсе бере ме?» деп.
– Үркердің суға да түсер кезі келер әлі! – деді Әлихан.
– Ол не сөз?
– Үркер суға түссе, ырыс қонады, бәрі дұрыс болады.
– Әумин! Айтқаның келсін! Қой, тұрайық. Біз мына құздың басына шыққанша, арқарларымыз өзенге қарай өтіп те кетер.
Екі жігіт тағы да тастан тасқа тырмысып, сирек-сирек қурай, бұтаның түбінен тырмыса ұстап, өрмелей жөнелді. Уақыт болса сиыр сәскеден ауып барады. Ауылдан таңертең ерте шығып еді, діттеген жерлеріне жеткендері –осы. Арқар, әдетте, жайылуға таң ата және ымырт үйіріле ғана шығады.
Әлиханның айтуынша, таңнан бері жайылған арқар мынау биік құздың астындағы жіңішке сүрлеумен Көктал өзеніне қарай түс болмай тұрып өтуге тиіс. Былтыр ғана екеуі Қазан айында осы араға келіп, олжалы болып қайтқан.
Иә, сол бір жолғы аңшылық саяттары, әсіресе, Қойлыбайдың есінен шықпайды. Өйткені… Өйткені, үйірін бастап бара жатқан құлжаны атып түсірді ғой! Өйтіп құлжа атқаны құрысын! Әлиханнан естімеген сөзі, естімеген боқтығы қалмады. «Қандай қазақ құлжаны атады?! Сені мұның киесі атады!» деді-ау, сонда!
Қойлыбай да қарсы тұрып: «Ендеше, сенің сыртқы есігіңнің маңдай­шасында құлжаның мүйізі неге тұр?» деп еді, Әлихан: «Әй, милау, ол – қартайып өлген құлжаның мүйізі. Үйге барған соң көрсетейін, мүйізінде он үш сақинасы бар. Білесің бе, ол сақиналар он үш жаста екендігін айтып тұр. Арқар деген ұзаса он бес-ақ жыл жасайды. Ұғып ал, Құлжа мүйізі киелі болып саналады. Бабаларымыз, тіпті, терісін де төсеніш ретінде пайдаланбаған. Астына төсегендердің еркегі белсіз, әйелі бедеу болып қалады деп ойлаған. Міне, көрдің бе?!.» деп біраз жерге барып еді-ау, сонда.
Әлиханның өзі мүйізі тұп-тұқыл шібешегін атқан еді, соның өзін бұлар екі жақтап атқа салғанмен, құлжаны орнынан қозғау да мүмкін болмады. Ауылдан арнайы ат сайлаған жігіттерді әкеліп, үйіне зорға жеткізгенде, қызық үшін таразыға салып, өлшеп көріп еді, құлжаның салмағы бір центнер, тоқсан келі тартты.
Әй, сол күні бұл да ауыл жігіттерін қара қуырдаққа бір тойғызды-ау! Бірақ… не айтары бар, сол олжасы басына пәле болып жабысқандай еді! Сәл сәтсіздікке ұшырай қалса болды, көз алдына иір мүйіз қоныр құлжа елестейді де тұрады. Әйелі аздап сырқаттанып жатып қалғанда да, туған інісі төбелесіп, сотталып кете жаздағанда да, жиен қарындасы күйеуден қайтып келгенде де… әлгі құлжа ойына сап ете түседі. Мүйізінің өзін бір кісі зорға көтеретін үлкен бастың екі көзі аларып, түсіне де кірді-ау, бірде! Сонда қорыққанын-ай! Шошып оянған.
Айтпақшы, сол құлжаның басын мынау Әлихан ауылға апартпай, әлгі бір көрнекті сандықтастың үстіне жайғастырып кетті ғой. Сол мүйізді бас қаңқиып әлі тұрған шығар. Кім білсін, әлдекім көре қалып, Әлихан сияқты есігінің маңдайшасына қағып қойды ма екен? Сол құлжаның басы қойылған тасты өзі де біледі ғой! Егер әлі тұрған болса, үйіне алып барып, бұл да маңдайшасына қағып қойса қайтеді?.. Бірақ… Мұның бұл ісі ел мен жұртқа тағы да аңыз боп кетуі мүмкін. Оның үстіне «Құлжа атқан Қойлыбай» деген жаман атағы содан бері артынан қалмай келе жатыр.
Бұлардың ауылында тағы бір Қойлыбай бар. Оны «Қара Қойлыбай» деп баяғыдан айтады. Ал, бұның басына байланған жаман атақ жоқ еді, құлжа атқаннан бері жабысты. Тіпті, жігіттер бірігіп арқар атуға шығып бара жатса, біріне-бірі: «Қойлыбайшылап құлжаны атып жүрмеңдер!» деп қатаң ескерту жасайды екен.
Әлихан да қызық, сол жолы арнайы аң атуға шығып бара жатқанда құлжаны атуға болмайтынын ескертпей ме?.. Қастығы бар ма?..
Кенеттен қатар өрмелеп келе жатқан Әлихан «Ой, әкең!» деп шоршып түсті.
– Не? – деді Қойлыбай аңтарылып.
– Әне, жылан!.. – деді Әлихан алдыңғы жағын нұсқап. Қойлыбай анықтап қарап еді, қамшы өріміндей ғана жып-жылтыр қарашұбар жылан жақпар тастың қуысына қарай жанұшырып өңмендеп барады екен. Әлихан әлгі жыланды мылтықтың ұшымен ысырып, өзінің алдына қарай икемдеп алды да, мойын тұсынан аяғымен баса қойды. Содан соң жыланның арандай ашылған аузына мылтығының ұшын тығып жіберді.
– Енді жөніңе кет, сұлуым! – деді сонсоң көңілі жайланғандай болып. Жылан әлсіреп қалған екен, созаландай шұбалаңдап төмен қарай жылжып кетті.
– Мұның не? – деді Қойлыбай аң-таң болып, – Өзінің аузы кең екен.
– Мұны «мылтық аузын жалату» дейді. Біздің аңшы аталарымыз аңға шығарда, егер кезіге қалса, мылтығының аузын жыланға жалатып алады екен. Сонда мылтықтың аузы улы болып, атқан аңы жалп ете түсетін көрінеді. «Мылтық аузын қандау» деген де бар. Аңшылар атқан аңының қанына мылтығының аузын жалатады. Қанды ауыз болсын деп.
– Е-е, айта береді ғой. Қазір көрерміз, – деді Қойлыбай теріс айнала беріп.
Бұлар қожыр құздың басына шыққанда күздің күңгірттеу күні сәске түске таяңқырап қалған. Серек тастардың сазырайған беттерін жалап-жұқтап, тынбай соғып тұрған сумақай суық жел қурап қалған бұталардың әлсіз сабақтарын дір қаққызады. Терлеңкіреп жеткен екі аңшы, суық тиіп қалмасын деп, қалың шалмаларын майындарына екі қайтара орап, сырт киімдерінің жоғарғы түймесіне дейін салып, жағаларын көтеріп қойды. Малақайларының құлағын түсіріп, бауын байлады. Құз басында сирек өсетін қураған бұталар мен қурайларды сындырып-сындырып жинап алған соң, астыларынан сыз өтпейтіндей орын сайлаған болды. Екі қолдары тыным таппай іс тындырып жүрсе де, бүкіл назарлары құз іргесіндегі жіңішке сүрлеуде. Әзірше қылт еткен қара көрінбейді.
– Әлихан, – деді Қойлыбай қалыңдап салынған құрайдың үстіне шынтақтап жатып, – Осы… Осы сенің мергендігің табиғи талантың ба, әлде Жүсіп атаңның үйретуінен бе?
– Құдайға шүкір талант бар ғой, әрине. Бірақ, үйренбесең, машық­танбасаң, құр талантың боққа тұра ма?! Өзің білесің, менің Жүсіп атам нағыз мерген болды ғой. Қол мерген. Жарықтық, ат үстінде тұрып-ақ ұшқан құсты атып түсіруші еді. Ондай қол мергендер тым сирек жаратылады. Өзің білетін шығарсың, ол кісі менің әкемнің ағасы ғой. Бірақ, мен сол кісінің бауырында өстім де, туған баласындай болып кеттім.
Атам мені сегіз жасымнан мергендікке баулыды. Ол кезде мына сенікі сияқты малопулька қырық бес сомға сатылатын. Бірталай ақша. Бұл да кіші калибрлі винтовка ғой. Осының біреуін маған сатып әперді. Ал өзінің аңға шыққанда ұстайтыны, міне, мына винтовка. Бесатар. Дұрыстап көздесең, мың қадам жердегіні қалпақтай ұшырады. Мен осы винтовканы атамның көзіндей көріп ұстап келе жатырмын. Қайран, атам! – деді Әлихан тамағына өксік тығылғандай, дауысы бұзылып. Екі көзіне жас толып кетіпті.
Оның бетіндегі бұл құбылысты байқай қоймаған Қойлыбай есіне әлдене түскендей, оқыс сілкініп:
– Әлихан, осы сен винтовканың көп оғын қайдан аласың? – деп, бажырая қалып еді, Әлихан: – Семейдегі жер ауып келген Федор Михайлович деген орыстан, – деп жауап бере салды.
– Осы… Осы сен орыстармен де доссың. Әңгімені де қатырып айтасың, ей! Бала кездерің туралы айтшы! – деді Қойлыбай Әлиханға еміне қарап. – Алғаш рет арқарды қашан аттың?
– Он үш жасымда… Сексеннің шағылы деген жер бар. Осы ара сияқты қиын жер. Арқар мекендейді. Атам мені сонда алып барды. Оған дейін жайлауда суыр атып, бергі тауда кекілік, шіл, қоян атып жүретінмін. Сен білесің бе, білмейсің бе, біздің Тарбағатайдың ішкі жайлауында Керегетас деген жер бар. Қазақ ат қоюға шебер емес пе! Жайылған кереге сияқты тізілген жартастар. Алыстан көз тартады. Міне, осы жерде кішкентай көл бар. Соның аты жоқ қой деймін. Әлде, бар ма екен? Соны сұрамаппын ғой. Өзі жаздың басында қар суымен молаяды. Жаз ортасы ауа суы азайғанмен, құрғап қалмайды. Түбінде көзі бар. Осы көлді сарыалақаз мекендейді. Жартастардың қуысындағы саршұнақтың індеріне ұя салады. Мен сонда әдейі барып, сарыала қаздардың бірнешеуін атып алдым. Қуанышым қойныма сыймай әлгілерді үйге алып барсам, атам көрген жерде-ақ шоршып түсті. «Бұл құстарды атуға болмайды. Етін де ешкім жемейді. Енді атушы болма!» деп, әлгі олжамның бәрін айдалаға апартқызып тастады. Атамның ашуы басылғаннан кейін мұның мәнісін сұрап едім, сарыалақаз арам құс екен. Ұясын тек індерге ғана емес, ескі зираттардағы ойылып қалған көрлерге де салады екен. Өзінің тұмсығында тесік те болмайды екен. Бұл да арамдықтың нышаны көрінеді.
– Осы… Сонда құсты қонып отырғанда атасыңдар ма, әлде, ұшқанда ма?
– Ұшып көтерілгенде немесе ұшып келе жатқанда атамыз. Атам маған: «Қарсы ұшып келе жатса, кеудесіне жеткізбей көзде, көлденең ұшса, мойын түптен ат» деп үйрететін.
– Сен туралы айтатындар «Тарбағатайдың арқарын ғана емес, кекілігін де Әлихан қырып бітті» дейді ғой.
– Бұйырғанын аттық қой… Мен саған мынандай әңгіме айтып берейін. Он үш-он төрт жастағы кезім. Біз Қарғыба өзенінің бойындағы Көкжол деген жерде тұрамыз. Ағам Бақашар – ферма меңгерушісі.
Ол кезде сені ешкім бала екен деп аямайды. Сабақ бітіп, каникулға шықтың болды, колхоздың жұмыскерісің. Таудың сай-саласынан, Қарғыба, Нарын өзендерінің жағасынан шөп шабамыз. Бір ат жегілген шөп тарағышты «ат тарақ» дейді. Шөп тасуға арналған қос өгіз жегілген арбаны «ырдуан» дейді. Мен шөп мәшинедемін. Оған да қос ат жегіледі.
Бір жерде тұрақтамаймыз, сығандар тобырындай көшеміз де жүреміз. Төсек-орын, ыдыс-аяғымыз арбада. Қыстаулар жақын болса, сонда барып қонамыз, алыс болса, далада түнейміз.
Біз үшін ең қиыны – шөп шабу да, шөп тарау да, шөмеле салу да емес, орақ қайрайтын шарықты айналдыру. Өте ауыр. Үш бала кезек-кезек айналдырамыз. Екі иықты талдырып жібереді. Зәрезап боламыз. Жұмыс уақыты қатаң тәртіппен жүреді. Таңертең алтыда жұмысқа шығамыз. Түскі үзіліс – он екіден үшке дейін. Үштен кешкі тоғызға дейін жұмыстамыз. Аспаз – мен. Оның өзіндік себептері де бар. Қазір айтамын. Түс болмай, сағат ондар шамасында мені жұмыстан босатып, қоя береді. Себебі – мен құс аулаймын. Өзің білесің, Тарбағатайда кекіліктен көп құс жоқ қой. Әр үйірінде қырық-елуден жүреді. Өте сезімтал құс. Тұрағымызға жеткенше соның он шақтысын атып аламын. Қыстауларда қи көп, өзен жағасында ағаш көп. Шелекке суды қайнатып жіберіп, құстарды соған бір-бір батырып алып, жүндерін жұлып-жұлып, тазалап аламын. Аршып, жуып, лезде былқытып пісіріп қоямын. Тек бұл ғана емес, егер өзен жағасында болсақ, балық та аулап жіберемін. (Мылтығым мен қармағым әрдайым – өзіммен бірге жүреді). Үлкен қара табамыз бар. Балық болғанда да жай балық емес, қазақтар май балық, орыстар форель, царская рыба деп атайтын атақты балық. Қуырып та, сорпа да жасап ішеміз. Байқаған боларсың, қорегіміз – ылғи «деликатес».
Міне, біз осылай ала жаздай жұмыс істейтінбіз. Жетпісінші жылдардың ортасына дейін ауыл балаларының тірлігі осылай болды.
– Қазіргі балаларға осының бәрі ертегі сияқты көрінеді. Сол тәрбиенің еш зиянын көрген жоқпыз. Керісінше, шыңдалып, шынығып өстік! – деді Қойлыбай кеудесін кере күрсініп, – Мергендіктің рахатын бала кезіңнен көрген екенсің ғой…
Екі аңшы қайдағы-жайдағыны әңгіме етіп отырғанда, қарасұр бұлтты қалқалап алған жылусыз Күн батысқа қарай аунаңқырап та кетіпті. Жіңішке сүрлеу жым-жырт тыныштық құшағында шұбалаңдаған күйінде сұлқ жатыр.
– Мен бәрін енді түсіндім, – деді Әлихан тұп-тұңғиық, тап-таза қара көздеріне ой тұнып, – Арқарлар биыл төменге ерте түсіп кеткен екен. Бұл – қыс қатты болады деген сөз. Қарашы енді… былтырғыдай қазан айында-ақ келуіміз керек еді. Кеш қалыппыз. Амал не!..
Осы кезде жіңішке сүрлеудің жоғарғы жағынан әлденелер қараңдағандай болды. Екі аңшының төрт көзі оттай жанып, сүрлеу бойына қадала қалды. Жақындап қалғанда байқады – есейіп қалған үш бөлтірігін ерткен өлекшін мен арлан екен. Өлекшін – алдында, арлан – соңында.
Қойлыбай мылтығын кезеп, көздей бастап еді, Әлихан: – Әй, сен оқ шығарма. Мен арлан қасқырды атып түсірейін. Өлекшін кішкентайларын ертіп, жайына кете берсін, – деді.
– Неге? Неге? – деп Қойлыбай күйгелектеніп қалып еді, Әлихан оған: – Арланды атып түсірем де, қазақ жолымен саған байлаймын, – деді.
Қойлыбай мылтығын алдына көлденең салып, мең-зең боп отырып қалды.
Қасқырлар өз тұстарына жеткен кезде-ақ сайланып отырған Әлихан шүріппені басып қалып еді, арлан қасқыр аспанға қарғып барып, мойынын астына ала тоңқалаң асты. Тосын шыққан мылтық даусы бүкіл тауды жаңғырықтырып, біраз уақытқа дейін сол бір қаһарлы үнді жартас біткен қайталаумен болды. Бұл дауыстан шошып кеткен өлекшін мен бөлтіріктер құлақтарын тікірейтіп, жоғары қарап тұра қалды да, арлан қасқырдың құлағанын көріп, «аманымызда құтылайық» дегендей, ылдиға қарай құлдырай жөнелді.
Қойлыбай құз басында тұрса да тыным таппай, сұлап жатқан арланға емініп: – Әлеке, анау көкжал менікі ғой? – деп еді, Әлихан оған күле қарап: –Менің екі сөйлегенімді көріп пе едің? – деп қарсы сұрақ қойды.
– Әй, Әлеке, нағыз жігітсің ғой! – деп қарық болған Қойлыбай Әлиханның арқасынан қақты.
Орнына қайта жайғасқан Әлихан темекісін тұтатып алып, аузы-мұрнынан көк түтінді бұрқ-бұрқ еткізіп отырып:
– Мен бағана дұрыс айтыппын, – деді Қойлыбайдың жүзіне ойлана қарап, – Арқалардың төменге түсіп кеткені рас болды. Енді, міне, олардың соңынан қасекеңдер кетіп барады.
Қойлыбай бір тал шөпті тістелеп, қарсы беттегі құз жартастың етегіндегі дөңбектастарға қадала қарап сұлқ отыр. Әлиханның айтқан сөзін естімегендей немесе құлақ салмағандай. Бұл қылығына таңырқап қалған Әлихан: – Әй, сен керең боп қалдың ба? – деді шыдамай.
– Әлеке! – деді Қойлыбай Әлиханға ошарыла бұрылып, – Қазақта «сый қылсаң – сыпыра қыл» деген сөз бар ғой. Ана көкжалды Қойлыбай атып алды десең қайтеді. Қырттардың бәрі мені «Құлжа атқан Қойлыбай» деп жүр ғой, енді «Көкжал атқан Қойлыбай» десін. Керемет болар еді, а?! Қалжыңым емес! Шыным!
Әлиханның жүзінен кекесінге ұқсас күлкі жүгіріп өтті де, орнынан атып тұрып, төменде жатқан қасқырға қадала қарады.
– Өзі нағыз көкжал екен! – деп, басбармағын шошайтты, – Жатысын қарашы, жолбарыстай болып!
– Мұны мен аттым ғой! Солай ғой! – деді Қойлыбай.
– Иә, сен аттың. Сенің көкжалың. Бірақ осы олжаңды маған байлайтын жөнің бар.
– Өмірімде бір атқан қасқырымды байлағаным қалай болар екен? Әлеке?! Сен сияқты елге белгілі, кәнігі аңшы да емеспін. Меселім майырылып, таланым қайырылып қалмас па екен? – деді Қойлыбай.
Жүзі қабаржып, аузы салпиып кетіпті.
– Өзің аяқ астынан шешен боп кеттің ғой. Көкжалыңды өзің ал. Сен аттың. Мен қалдым. Содан болар, ауырып та тұрған сияқтымын. Ауылға қайтпасам болмайды. Жүр, төмен түсейік, – деді Әлихан кейісті қабақпен. – Ана жатқан көкжалды өзің апар ауылға!

* * *

Аңшылар аттарына мінген соң, салқын қоштасып, екіге айырылды. Дегенмен, Қойлыбай сәл ұзаңқырап барып тоқтай қалды да:
– Әлеке! – деп айғай салды, – Көкжалды мен атқанымды ұмытпа!
Әлихан оң қолын көтеріп, басын изеді де, ауылға қарай салып ұрып желе жөнелді.
Құз түбіндегі жіңішке сүрлеудің үстінде жатқан өлі қасқырға бару үшін сонау тұмсықты айналып өту керек екенін білетін Қойлыбай атын қамшылап, шоқырақ шабыспен келе жатыр. Малақайының қос құлағы қара қарғаның қанатындай қалбаң-қалбаң етеді. Тұнжыр қаралау бетіне күреңіте бөртіп қан теуіпті. Дөңгелек көздері жылт-жылт етіп, алдыңғы жағына сұғына, еміне қарайды. Ол таудың иір тұмсығын айналып барып көкжалдың жатқан жеріне жеткенде, астындағы атынан бетер өзі қатты алқынып қалған еді.
Тұмсығынан құйрығының ұшына дейін құрық бойындай болатын алып көкжал алдыңғы аяқтарын бүккен күйінде ұзынынан сұлап жатыр екен. Қып-қызыл көзі шоқтай жайнап, тірі қасқырдай қарайды. Оқ оң жақ иығынан тиіпті. Жарадан аққан қан жоғарғы қолтығынан төмен сырғып, тап-тақыр сүрлеу үстімен еңіске қарай екі-үш қадамдай жерге жылғаланып аққан.
Қойлыбай мына жатқан өлі көкжалдан ат үстінде тұрып сескенетіндей. Ырсиған езуінен сойдақ-сойдақ болып көрініп жатқан азу тістері қандай қорқынышты! Желкесінен жауырынына дейінгі қаракөк қылдары әлі де дір-дір етіп қимылдайтындай. Желмен желбірегені ғой, сірә. Мынау астына мінген ақымақ торы аты көкжал қасқырдың қасында тұрғанын сезінбейді-ау! Селт етсеші! Жылқы деген сезімтал, сергек болмаушы ма еді?! Мынау тұр сүмірейіп!
Қойлыбай торы атты қамшымен бір салып жіберді де, қайтадан тізгінін тартып, құз жартастың қожыр тастарына назар салды. Дәл осы сәтте оның есіне Әлиханның тасқа қойып кеткен құлжаның басы түсе қалғаны!
Ол ерден сыпырылып түсіп, атын тұсай салды да, құлжа басы қойылған биік сандықтасқа қарай өрмелей жөнелді. Дәл тапты. Сандық тастың үстіндегі құлжа басы ақ сүйектеніп, сөңкеленіп қалған екен.
Мұрын тұсы сәңірейіп, екі көзінің аңғалағы үңірейіп тұр. Жақ сүйектеріне жағалай біткен қазқатар аппақ тістері ана жатқан көкжалдың тістеріндей қорқынышты емес, адам көзін қызықтыра, сүйсіндіре тартатын сияқты. Серкенің бас сүйегіне ұқсайтын мынау бас сүйекке анау алып мүйіз қалай біткен десеңші! Енді бұл мүйіз күні ертең-ақ Қойлыбайдың үйінің сыртқы есігінің маңдайшасында тұратын болады! Келген-кеткеннің бәрі қарасын бір, тамашалап!
Қойлыбай мүйізді басты зорға көтеріп төмен түспекші болып еді, шамасы жетпейді екен. Әуре болам деп жүріп, тастан өзі ұшып кетуі мүмкін. Сәл ойланып тұрды да, мүйізді басты төмен қарай аяғымен итеріп, домалатып түсірді. Оны көкжалдың басының қасына қойып, қос мықынын таянып, үзақ қызықтап тұрды.
«Қой, менің бұл тұрысым не?! Күн де еңкейіп кетті. Қимылдайын!» деп, торы атты көкжал мен құлжаның басы жатқан жерге жақындатты. «Қасқырды бөктергенде шошынып, үркіп жүре ме?» деп, атты мықтап тұсап, тізгінді ортасынан шорт түйіп, ердің қасына ілді де, тұқырта қаңтарып қойды.
Көкжал қасқырды көтеру де оңай емес екен, әупірімдеп жүріп ертоқымның артына салуға икемдей беріп еді… Кенеттен оң жақ санына бірдеңе сарт ете түсті. Жаны шығып кете жаздады. Бір-ақ сәтте дүниенің не боп кеткенін де сезбеген. Білетіні – құшағындағы қасқырмен бірге құлап түскені ғана.
Есін жинаса, көкжал қасқыр мұның қара санынан қапқан күйінде сұлқ жатыр. Бағанағы шоқтай жайнаған қызыл көздері жұмылған екен. «Өтірік өлген екен ғой» деп күбірледі Қойлыбай.
Қойлыбай қасқырдың азуын қара санынан айырмақ болып қанша жанталасса да, қарысып қалған жақ сүйекті ажырата алмады. Аққан қан қалың шалбардың сыртына шығып, күреңітіп кеткен.
Қаңтарулы жуас торысы оқыранғандай болды.

* * *

Шынымен суық тиіп қалған ба, әлде Қойлыбайдың қылығына қатты ренжігендіктен бе, өне бойы сал тартып, көңіл күйі мүлде төмендеп, үйіне зорға жетті. Кертайлақты жаппаның астына кіргізіп байлады да, оның мойнынан қағып, кекілінің астынан сипады. «Бір сағаттай суып тұр. Шыда. Содан соң жіберемін» деді аттың құлағына сыбырлап. Кертайлақ та түсінгендей болып, ауыздығын кеміріп, басын шұлғып-шұлғып қояды.
Үйге кірерде бас киімін шешіп, маңдайына алақанын төсеп еді, жанып тұр екен. «Осы мен шынымен-ақ ауырайын деп тұрмын-ау!» деп күбірледі өзіне-өзі.
Әлихан кіріп келгенде, бір қызы мен екі ұлы «о-о, папамыз келді!» десіп, әкелеріне қарай лап қайысқан. Үстел басында еттің қамырын жайып тұрған зайыбы Бұлбұл ғана оқтауын екі қолдап ұстап, қалт тұрып қалыпты. Ол күйеуінің пәс қабағынан олжасыз оралғанын бірден біліп қойғандай:
– Қанжығаң қандабаған-ау, мерген?! – деп, істеп жатқан жұмысын жалғастырып кетті.
– Қанданды… Жоқ, менікі емес, Қойлыбайдікі… Ол көкжал қасқыр атып алды, – деді Әлихан зорлана жымиып.
– Бәрекелді! Жақсы болған екен! – деді Бұлбұл.
– Арқар төменге түсіп кетіпті. Кешігіп қалыппыз, – деді сырт киімдерін шешініп тұрып, – Биікте отырғанымызда суық тиіп қалған сияқты, менің дәрімді әкелші. Қара бұрыш қосып ішейін. Содан соң сорпаланам ғой.
Бұлбұл қос алақанын шапаттап жұққан ұнын қаққан болды да, тоңазытқышта тұрған арақты алып, үстел үстіне қойды.
Әлихан әдеттен тыс тез қимылдап, үлкен айғыр стақанға ақ арақты толтыра құйды да, оған қара бұрышты молынан салып, шәй қасықпен араластырып-араластырып, тікесінен тік тұрған күйі жұта салды.
– Ем болсын! – деді Бұлбұл.
Жасаған емі жанына жаққан Әлихан етті де жеп, сорпаны да ішіп, енді әбден суып болған Кертайлақты суғарып, босатып жіберейін деп далаға шықса, Қойлыбайдың әйелі Ғалия осылай қарай ұшып келеді екен.
– Әй, Әлихан, Қойлыбай қайда? Өзің бағана келіпсің ғой. Ол әлі жоқ! – деді ол аман-сәлемсіз.
Әлихан:
– Мен ауырып ерте қайтып кеттім. Ал Қойлыбай қасқыр атып алған! Соны әкеле жатқан шығар. – деді қабағын тыржитып.
– Аңға бірге шығып, жанындағы жолдасын жалғыз тастап кеткен дегенді сенен көрдім! – деп Ғалия теріс айналды да, үйіне қарай жөнелді. Өзі бірдеңе-бірдеңе де долданып бара жатыр.
Әлихан «тфу» деп, жерге бір түкірді де, Кертайлақтың қасына барып, ертоқымын алды. Содан соң науаға насос құдықтан су ағызып, атын суғарды да, енді босатып жібермек боп тұрып, әлдене ойына түсе қалғандай тез тоқталып қалды.
Өзінің үйге оралғанына екі сағаттай уақыт болыпты. Қойлыбайдың мұнша кешіккені несі? Әлде… бір бәлеге ұшырап қалды ма? Қасқыр атып ап, қуанышы қойнына сыймай тұрған кісі алды-артына қараушы ма еді?! Көкжал қасқырды бөктеріп, бағана жетер еді ғой.
«Қой, мынауым болмайды! Оны іздеуім керек. Келе жатса, қарсы ұшырасармыз» деп тез шешім қабылдаған Әлихан кер атты қайтадан ерттеп қойды. Өзі үйге кіріп тез киінді де, «қазір келем» деп, асығыс-үсігіс шыға жөнелді.
Бұл кезде көз байланып, қараңғы түсуге айналған.
Тізгін тартпай тез жүріп, көкжал құлаған жерге жетсе, қаңтарулы торы ат тұр, серейіп-серейіп қасқыр мен Қойлыбай жатыр. Жүрегі кеудесіне сыймай атқақтап кеткен Әлиханның есі шығып кетті. Аттан қарғып түсіп, Кертайлақты қаңтара салды да, Қойлыбайға жетіп келіп, бетіне үңілді. Тонынан қымқыра ұстап, жұлқыңқырап көріп еді, байқұс жігіттің ыңырсыған дыбысы естілді. Тірі екен! Әлихан қасқырдың Қойлыбайды қапқан күйінде жатқанын көріп, оның қарысып қалған жағын ашамын деп көп әуреленді. Ақыры қалтасынан бәкісін алып, екі езуін бірдей тіліп тастағаннан кейін ғана, қасқырдың жағын зорға айырды. Мойнындағы ұзын шалмасымен Қойлыбайдың жаралы санын қатты тартып таңып тастаған соң ғана, кеудесін керіп тұрып кең тыныстағандай болған. Қаны көп кетіп, әлсіреп қалған ірі жігітті атқа қалай көтеріп мінгізерін ойлап, көңіл күйі қайтадан төмендеп, абыржи бастап еді, сол кезде сұлқ жатқан жаралы: «Басымды көтерші! Атқа мінгізші» деп ыңырсығандай болды. Қуанып кеткен Әлихан екі қолтығынан тік көтергенде, Құдай дем бергендей, Қойлыбай сол аяғын жерге тіреп, тік тұра қалды. Оң жақ қолын иығыннан асыра салып оны торы атының қасына апарғанда, Қойлыбай аттың жалына жармаса кетіп: «Көтер! Мінем!» деді. Әлихан Қойлыбайдың сол жақ қара санынан құшақтап, бар күшімен демеп жіберіп еді, ауыр жараланып, қатты қансыраған жігіт қайрат көрсетіп, ер үстіне дік ете қалды.
– Жарайсың, Қойлеке! Нағыз жігітсің! Ер қазақсың! – деді дән риза болған Әлихан.
– Әлихан! – деді Қойлыбай әлсіз дауысын көтере түскісі келіп, – Ана қасқырды өзің ал. Енді көрмегенім қасқыр болсын!
Әлихан үн-түнсіз жүріп, жіңішке сүрлеу үстінде жатқан құлжаның мүйізді басын құз етегіндегі дөңбек тастардың арасына апарып қойды. Содан кейін көкжалды көтеріп алып, Кертайлаққа салайын деп еді, ол осқырынып, тіпті, қашып кетуге ыңғайланған соң, оны Қойлыбайдың артына бөктеріп берді.
Әлихан Қойлыбайдың дым сезбес, момын торысын жетелеп ауылға беттегенде, жап-жақын жерден қасқыр ұлыды. Сірә, арланын жоқтап айналсоқтап жүрген өлекшін болса керек.
«Енді бөлтіріктеріңді өзің өсір, байқұс! Арланыңды атқан мен едім! Айыбымды кеше көр!» – деп күбірледі Әлихан.

Өмір жұпары

Түні бойы түрлі-түрлі ойға батып, тәтті-тәтті қиялдар кешіп көз ілмеген Шерәлінің түске дейін ұйықтайтын жөні бар-ақ еді. Сенбі мен жексенбі – демалатын күндер болған соң, ұйқысы қанғанша жатып алатыны әдетке айналып кеткен. Ал бүгін… Күн жарығы үйге түсісімен орнынан атып тұрды. Ұйқтаса, екі-үш сағаттай ғана ұйқтаған шығар. Сонда да бойы сеп-сергек, санасы тап-таза. Төсегінен тұра салып күнде жасап жүрген жаттығуларын да ұмытпай, аяқ-қолын сермелеп, иіліп-бүгіліп біраз әуреленген соң, ваннаға кіріп, душ қабылдады. Тісін тазалап, сақалын қырды. Мұртын өңдеді. Күнделікті қалыптасқан осындай шаруаларын тындырып болған соң, әдеттен тыс, айна алдында өзін-өзі қызықтап ұза-а-қ уақыт тұрып қалған.
Қарап тұрса, өңі жап-жас – жиырма бестегі жігіттей. Отыз бесте деп ешкім айта алмас. Қап-қара мұрты аққұба өңіне қандай жарасып тұр. Мұның үстіне қиылып тұрған қасы мен бұйралау келген шашын қос. Кең маңдайы мен жұлдыздай жанған екі көздің арасынан тік түскен түп-түзу қыр мұрыны да бет сұлулығын үстеп тұрғандай. Анау жылы қосыламыз деп жүргенде аяқ астынан өзін ұнатпай қалған Биғайша айтып еді ғой – «Лермонтовтан аумайсың» деп. Мұның өзі әдебиет жағынан дымсезбес болған соң, сөзді ары қарай созбайын деп, басын изеп, күле салған.
Жаны-тәнімен жақсы көретін сұлу ғашығының әдебиетті өте сүйетінін білген соң, өзінің де бұл тараптан қаражаяу емес екенін өтірік те болса сездіріп қою үшін, сол күннің ертеңінде өмір бақи есігін ашпаған кітапханаға барғаны да есінде. Кітапханашы қызға Лермонтов туралы білгісі келетінін айтып еді, ол бұған энциклопедия әкеліп, ақынның суретін шұқып көрсетті.
Сонда Михаил Юрьевич Лермонтов деген ұлы ақынның суретіне қадала қарап ұзақ отырған. Көргісі келгені – өзіне ұқсастығы. Иә, шындығында да аздап келіңкірейді. Өзі орыс ақыны болғанымен, орысқа онша ұқсамайды екен. Қазаққа да. Ал, Шерәлі қазақ қой… Ақырында басын шайқап-шайқап алды да, ақын туралы сөздерді оқып шықты. Жаттап алу үшін арнайы алып келген қағазына қажетті тұстарын жазып алуды да ұмытпады.
Биғайшамен келесі жолыққанында қолтығында келе жатқан оған:
– Сен өткен жолы мені Лермонтовқа ұқсаттың-ау, өзі! Шын айттың ба? – деді.
Қыз бұған жабыса түсіп, сықылықтап күлді. Күліп алды да:
– Шын айтпағанда… мен ол ақынның суретін бала күнімнен көріп келе жатырмын. Лермонтов менің ең сүйікті ақыным! – деді.
– Ә-ә! Сүйікті ақыным де. Мені жақсы көріп жүргенің де содан екен ғой. Бірақ… ол… дурак!
– Дурак? Қалай?
– Дурак болмаса өзіне зиян өлең жазып, жап-жас басымен Кавказға жер аударыла ма? Онда да тып-тыныш жүрмей, анау бір Мартынов деген офицермен атыса ма? Әне, өлді де қалды. Отыз жеті-ақ жасында. Қай жерде еді?.. Пятигорскіде. Өзіне де обал жоқ.
Биғайша «осы шын айтып келе ме, әлде, қалжыңдағаны ма?» дегендей, жігіттің жүзіне барлай қарады. Оның бап-байсалды түрі мен түйіліңкірей түскен қабағынан шын ойын айтып келе жатқанын байқағандай болды.
– Рас айтып келесің бе? – деді жігітке шытынай қарап.
– Рас. Мен ондай есерсоқтықты ұнатпаймын, – деп, Шерәлі сырт жағына шырт еткізіп түкіріп жіберді.
Биғайша Шерәлінің қолтығынан білегін ақырын суырып алды да, екі қолын алдына ұстаған күйінде сұлқ қалды. Аздан кейін басын көтеріп, тік қарады.
– Мен поэзияны сүймейтін, ақындарды жек көретін адамдарды түсінбеймін, – деді сонсоң.
– Онда мені де түсінбейсің ғой?
– Иә. Тіпті, түсінгім де келмейді.
– Қой. Ашуланба. Жоқтан өзгеге бүйте берсең, не боламыз, жаным-ау! – деген Шерәлі ашулы қызды бауырына тартқан болды.
Сол түні қыз салқын қоштасқан. Кездесулері де сирей берді. Ақырында, кетісіп тынды…
Айнаға қарап мөлие қалған Шерәлінің көзі кенеттен жай отындай болып жарқ ете түсті. «Мен сол немені неге ойлап тұрмын? Кетсін әрі!» деп ашулана күбірлегенін өзі де сезбей қалды.
Осы сәттен бастап-ақ бағанағы шадыман шағы бірте-бірте алыстап бара жатқандай болып, керісінше, өзінің өткен өмірінің сұрқай мезеттері мысық табандап көз алдына жақындап келе жатқан сияқты. Кешкі кездесуге киетін киімдерін дайындап қойсам деген ойы бар еді, оған да зауқы соқпай, әдемілеп жинап қойған төсегінің үстіне сұлай кетті.
Ойлап қараса, осыған оқу деген нәрсе қонбақ түгілі, маңына жоламапты ғой. Сегізінші сыныпты сүйретіліп жүріп зорға бітіріпті. Одан кейін ауылдан қалаға келіп, кәсіптік-техникалық училищенің тігіншілер даярлайтын бөліміне түсіпті. Оның да себебі бар. Айналайын анасы ұлының түз жұмысына ебі болмаса да, үй шаруасына икемді екенін байқап, бұған ас пісіруді, нан илеуді, тіпті, киім тігуді де үйретті ғой. Аспаздықтан гөрі тігіншілікке жақын екенін байқаған соң сол оқуға да бағыттаған – анасы байқұс. Кәсіп қылсын, нанын тауып жесін дейді ғой, әрине.
Енді, міне, сол оқудан жақсылықтан басқа, не жамандық көрді?! Құдайға шүкір, жұрттан озбаса да, көштен қалған жоқ. Тек қана отыз бес жасқа келгенше үйленбей, соқа басының сопиып жүргені болмаса. Үйленбейін деген жоқ, өзіне лайық қыз кездеспей қойды емес пе?! Әлгі тігіншілікті төрт жыл оқығанда, самсаған сары қолдай қаптаған қалың қыздың арасында қаздай қалқып жүрді. «Арпа ішінде – бір бидай» дегендей, бұлардың тобындағы жалғыз еркек өзі еді ғой. Әй, сонда… сол қыздардың бұған сүйкенбегені жоқ шығар. Бұл ешқайсысымен жүрмесе де, жүрмек тұрмақ, ешкімге қарамаса да, осы жалғыз бозбаланы бірінен-бірі қызғанатын еді-ау сол қыздар!
Дегенмен, бұл төртінші курста оқып жүргенде оныншы сыныпты бітіріп келген анау бір ару… Баян… мұны өзіне қатты ғашық еткені рас қой. Құдай-ау, сол қыз не «иә» демей, не «жоқ» демей, осы Шерәліні төрт жыл бойы артынан салпаңдатты ғой. Бұл кездесуге шақырса, келеді. Саусақтарынан ұстатады, біраз уақыт бірге қыдырады. Сыйлық ұсынса, оны да кері қайтармайды. Сөйте тұра, тіпті, мұның бетін бетіне таятпайды. Икемделсе болды, ытырынып, кеудесінен кері итеріп тұрғаны. Төрт жыл бойы сол қыз үшін қанша уақытын, шыдам-төзімін, ең бастысы, қыруар ақшасын сарп етіп жүріп, ернінен бір сүйе алмағанын ойласа… жылап жібергісі келеді. Оның Шерәлідей сымбатты да тұлғалы жігітті ең қорлағаны – айына екі-үш рет болса да бірге қыдырып, кино мен театрға да бірге барып жүріп, бірге кафелерде отырып… бір күні «әйт, шу» деп, күйеуге тиіп кеткені.
Кейіннен ойласа, сол қыз мұнымен басқа қыздардың ішін күйдіру үшін ғана жүрген болу керек…
Бұдан соң Күлтай деген қызға жолықты. Ол кезде тігін ательесінде орналасып, шаруасының жүріп тұрған кезі еді. Ақша мол. Бірақ мол екен деп оны қалай болса солай шаша беретін ақымақ емес қой. Керегіне ғана жұмсап, артығын банкке тығындай береді. Анау Баян деген сұмырай қыздан аузы күйіп қалған екен, Күлтаймен күліп-ойнаған болып жүрсе де, оған көп шығындала бермейтін. Екеуі бір күні әлдеқандай кішкене дүңгіршектен самса алып жеп тұрғанда, бұған Баян қадала қарап: – Айтшы, өмірде ненің иісі жақсы? Мына самсаның ба, әлде… – деді сөзін жұтып.
– Немене «әлде»? – деп бұл да қадалды.
– Әлде… Әлде, ақшанікі ме?
– Ақшаның несі жаман? «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» демеуші ме еді.
– Сен неге талтаңдап жүрмейсің? Әлде, қалтаңда ақшаң жоқ па? «Табысым көп» деп мақтанасың ғой.
– Болашақты ойлаймын. Біздің болашақты. Екеуміздің, – деді бұл сұқ саусағымен қыздың танауынан басып. Қыз үндеген жоқ. Бір күрсінді де, босап қалған май-май қағазды қоқыс тастайтын жәшікке лақтыра салды.
Екеуі сегіз айдай жүріпті. Жүрген деген аты ғана. Тіл мен жағына сүйенген қуақы қыз өне бойы бұны кекетіп-мұқатып, келемеждеумен жүрді. Сонысына ыза болып, намыстанып, тіпті, аяғында кек тұта бастады. Бұл да Күлтаймен кездесуге шығар алдында оның жанына тиетін тікенек сөздерін сайлаудай сайлайды-ау, бірақ, амал қанша, әлгі сөздер дер кезінде аузына түспейтінін қайтерсің. Өзінің ездігі ме, әлде, қыздың мысы баса ма?
Бір кездескендерінде Күлтай иісі керемет әтір сеуіп келіпті.
– Түу, біртүрлі мүңкіп тұрсың ғой! – деді бұл танауын тыржитып.
– Француз әтірі! – деді Күлтай паңдана керіліп.
– Сенбеймін. Оған ақшаң жете қоймас.
– Алып беретін адамым барда, ақша туралы ойламаймын да, – деді қыз бұған мүсіркей қарап.
Қыз жігіттің жанына тиейін деп ойлап еді, онысы іске аспай қалды. Қайта, Шерәлі қуанып кеткендей болып жадырай күліп:
– Ойбай-ау, олай болса менің қасымда неге тұрсың? Сол әтір алып беретін адамыңа бармайсың ба? – деп салды.
Күлтай жауһардай жарқыраған отты көздерін Шерәліге қанжардай қадап аз тұрды да:
– Шын айтып тұрсың ба? – деген.
– Иә, – деді жігіт міз бақпай.
– Сен өмір мәнін мүлде түсінбейді екенсің. Сондықтан, түсініп, біліп, ал. Жақсы өмір, жаман өмір деген болады. Жақсы көңіл, жаман көңіл деген болады. Жақсы өмірдің жұпары пәк сезімнен аңқиды. Көңілі кір адамның өмірі де лас. Сен солардың қатарынансың. Ал, аман жүр. Ша-о! – деп, оң қолын көтеріп, саусақтарын жыбырлатты да, өз бетімен кете барды. Жәбірленген баладай боп жерге қараған күйінде бұл қалды…
Төсегінде екі қолын басына жастанып жатқан Шерәлі өзін тастап кеткен опасыз қыздарды есіне алып, опынып, өкінгендей болғанына намыстанып, тез басын көтеріп алды. Сәл дүрдіктеу еріндерін шүйіріп отырып: «Елеулі шаруаның қарсаңында тұрғанда мұным дұрыс емес. Ырымға жаман» деп ойлады.
Шерәлінің «елеулі шаруасы» – кейінгі кезде жүріп жүрген қызы Гауһармен бүгін кешке кездесуге барады. Кеше қыздың өзі хабарласып, «Шарапат» кафесіне шақырып тұрмын» дегенін айтсаңшы! Не деген ғажап сөз!
Сол сәтте қыздың бұл ұсынысына көңілі шалқып, сүйегі балқып кеткен Шерәлі: «Ох, Гауһар! Гауһар десе, гауһарсың ғой!» деп, екі қолын артына ұстап алып, үйдің ішін кезіп кеткен. Айтар сөзі не екен соншалық? Әдейілеп кафеге шақырып… Жиі-жиі кездесіп жүр. Шерәлінің таяуда ғана сатып алған мына пәтерлерінде де талай болды. Тіпті, екі-үш рет қонып кетті. Иә… қонып кетті. Батыр-ау, алғаш рет қонған түні таң ата бір қызық сөз айтып еді ғой. «Шерәлі, тыңдашы, менің аяғым ауыр болып қалса қайтемін?» деп. Жігіт сонда қасында жатқан жалаңаш қызды қапсыра құшақтап, қарқылдап күлген. Содан соң ақ төсінен аймалап жатып: «Қайтуші едің? Үйленеміз. Онсыз да үйленейік деп жүр емеспіз бе?» деп, қыздың төсінен жоғары тұстарын түгін қалдырмай сүйе берген.
Сәлден соң терең тыныс алған Шерәлі байсалды түрге еніп, ерекше бір әңгіме бастады.
– Әнеу күні менің неге осы уақытқа дейін үйленбей жүргенімді сұрағаныңда, сол сәтте айтуға ыңғайым болмағандықтан, шолақ жауап бере салып едім. Енді жайласып жатып айтайын.
Өзің де байқаған шығарсың, мен – өте талғампаз адаммын. Киген киімім, қолымдағы сағатым мен жүзігім де соны байқатады. Ал жігіт болып қызға қарау жағына келгенде, менен өткен кінәмшіл кісі жоқ. Осы жасқа келгенімше… иә… сонау тойда сені көргенімше, бір қызға мойын да бұрмаппын ғой. Мен… жалпы… затымнан адамның қандай екенін бір көргеннен-ақ сезіп қоямын. Болашағымды да болжай білетін сияқтымын. Мысалы, күндердің бір күнінде өз көңілімнен шығатын бір арудың алдымнан кездесетінін былтыр сезгем. Өзімнің болжамым мүлт кетпейтін болған соң, ертерек қам жасадым. Ең бірінші баспаналы болып алайын деп ойладым. Осыдан екі-үш жыл бұрын сән салонын ашып алғаным қандай жақсы болған – жатпай-тұрмай шапқылап жүріп, соны жаңа технологиялармен жабдықтап алғам. Ендігі мәселе тек пәтерге ғана тіреліп тұр екен. Мына мен бір істі бастап алсам, тоқтамаймын ғой. Дереу банктегі ақшамды санап кеп жіберсем, екі бөлмелі пәтерге бес миллиондай жетпей тұр екен. Аттың басын ауылға қарай жібердім. Бардым да сондағы туған-туыстардың малының ішінде жүрген жылқыларым мен сиырларымды жыпырлатып саттым. Бес миллион теңге тікесінен тік тұра қалды. Өзімнен үлкен екі ағам да «алдымен отауыңды сайласаңшы» деп жүрген. Содан болар, олар да мені қатты қостап, қолдарын шапалақтады.
Сөйтіп, биыл, Наурыз мерекесінің қарсаңында (әдейі солай ырымдағам) осы жап-жаңа пәтерді сатып алдым ғой. Содан көп өтпестен-ақ өзің кездесе қалдың. Егер сол бір тойға бармай қалғанымда, сенімен жолығам ба, жолықпаймын ба, бір құдайдың өзі білсін!
Шерәлі сәл ұзақтау әңгімесін аяқтап болғанда, Гауһар ерекше сүйсініп кеткендей болып, жігіттің мойнынан қатты құшақтап, «Жаным, әншейін!» деді.
– Сен «аяғым ауыр болып қалса, қайтемін?» дейсің. Егер солай бола қалған күнде, одан өткен бақыт бар ма?! Сразу үйленеміз! – деген Шерәлі мойнын босатып алып, – Гауһар, біз осы үйленіп алмай неғып жүрміз? Кедергі боп тұрған ештеңе де жоқ. Ұзатпайықшы! – деді.
Гауһар терең бір күрсінді де, үндеген жоқ. Үйдің төбесіне ойлана қарап, күлімсірегендей болып жатыр.
– Айтқаным жөн емес пе? – деді Шерәлі қыздың маңдайынан сипап.
– Ойланайын, – деді Гауһар…
…Шерәлі ернін шүйіріп отыра бергенді қойып, орнынан тұрды да, бір-екі рет керіліп созылып алып: «Уа, Шерәлі! Сенің Гауһар жаның үйлену туралы мәселені шешіп тастамақ! Сол үшін шақырып отыр!» деді өзіне-өзі. Дауысынан салтанатты леп білінеді.

* * *

Гауһар бұны бір бұрыштағы оңашалау орында күтіп отыр екен. Кафеде кісі аз. Әлдекімнен қорққандай болып, қайдағы бір қаракөлеңке пұшпаққа тығылып алғаны несі?! Егер орнынан көтеріліп, дауыстап, қолын бұлғап шақырмаса, оны көрудің өзі қиын сияқты.
«Е-е, белгілі болды, – деп ойлады Шерәлі қызға қарай беттеп келе жатып, – Ең есте қалатын ұмытылмас сәтімізді ел көзінен тасалау жерде өткізейік деген ғой».
Ғашық қызы өзін жарқырап, жайнап қарсы алар деп еді, ол орнынан баяу көтеріліп, тұрған жерінен аттап баспай, ерін ұшымен амандасты. Қолын да селқос созғандай. Шерәлі қыздың бұл қылығынан тіксініп: «Шақырғанда «шарапат, шарапат» деп еді, шарапаты осы ма?» деп ойлады.
Гауһар өте мұңайыңқы екен. Қашанда көрген кісінің жүрегін елжіретіп тұратын қуаныш пен шаттыққа толы баданадай үлкен көздерінің ағы қызарыңқырап кетіпті. Жылағанға ұқсайды. Түйілуге жаралмаған ашық қабағына да күнгірт көлеңке түскендей.
Шерәлінің жүрегі дүрсілдеп кетті. Бойын әлдебір белгісіз үрей билеген сияқты.
– Саған не болды? Өңін сынық қой. Ауырып тұрған жоқсың ба?
– Жоқ. Отыр. Әңгіме бар, – деді Гауһар тым ақырын дауыспен.
– Қайдан білейін. «Шарапатты болсын деп, «Шарапат» деген кафеге шақырып тұрмын» деген сияқты едің.
– Иә. Мен сол сөзді саған ойланып барып айттым.
– Неге?
– Қазір бәрін білесің. Қарның аш емес пе? Заказ берейін.
– Жоқ. Аш емеспін.
– Сен арақ-шарап ішпейсің. Онда… тәуір шырын ішейік, – деп, Гауһар даяшыны шақырып, тапсырыс берді.
Шерәлі кешке кафеге барамын ғой деп, күні бойы екі жұмыртқадан басқа нәр татпап еді. Осында келе жатқанда көзіне алуан түрлі тағамдар елестеп, қайсыларына тапсырыс беретіндерін де белгілеп қойған. Жаңа Гауһар «қарның аш емес пе?» дегенде «жоқ» дегені несі?! Не деген ақымақ?!
– Гауһар, – деді Шерәлі, – Осындай әп-әйбат кафеге келіп отырып, тамақ ішпегеніміз ұят болады. Даяшыны шақырып, мен тапсырыс берейін… Официант!
Гауһар үндеген жоқ. Тек даяшы келгенде ғана:
– Менің тамақ ішкім келіп отырған жоқ. Батпайды. Көңілімді көтерейін – екі жүз грамм тәуір коньяк пен шоколад алдырсаң болды, – деді.
Даяшы тапсырыс алып кеткеннен кейін, Гауһар Шерәлінің сымдай тартылған салалы, жіңішке саусақтарын қызықтағандай болып, үстінен сипалап отырып:
– Шерәлі, – деді, – сен менің коньяк алдырғаныма ренжіп отырған жоқсың ба?
– Жоқ. Несіне ренжимін. Шарап көңіл көтереді ғой. Сен оданда маған жағыдайыңды айтшы.
Гауһар терең бір күрсінді де, қос алақанымен бетін басып отырып қалды. Иығы дір-дір етеді. Жылап отыр.
– Гауһар! Гауһар! Не болды саған? – деп есі шыққан Шерәлі қыздың білегінен тартқылады. Қыз бетінен қолын алғанда байқады – көзінің жасы бұршақтап кетіпті. Ол қасында тұрған сөмкесінен қолорамалын алып, асықпай сүртіне бастады. Екі көзі алақ-жұлақ етіп Шерәлі отыр.
– Енді айтшы. Шыдамым таусылып барады, – деді бір кезде.
– Жаным! Жүрегім! – деді Гауһар жігіттің жүзіне зор сүйіспеншілік толы үлкен көздерімен аялай қарап, – Саған жыламағанда, кімге жылайын… Менің басыма зор қайғы түсті.
– Не? Не деп отырсың?
Гауһар орамалымен көзін басып, еңкілдей бастады.
– Қой, Гауһар! Жылама! Сен мықты қыз емессің бе, – деп, Шерәлі тағы да әбігер болып қалды.
– Қыз қолорамалымен көзін сүрткіштеп біраз отырды да, терең бір күрсініп, бойын тіктеп отырды.
Осы кезде даяшы келіп, берген тапсырыстарын алдарына қойды. «Астарыңыз дәмді болсын!» деді кетерінде.
– Шерәлі! Менің ағам машинасымен адам қағып кетті, – деді Гауһар дауысын қатайтып.
– Не? Қалай?
– Біздің үй Қызылордада ғой. Қартайған әке-шешем де, жалғыз ағам да балаларымен сонда. Ағамның жұмысы жоқ. Такси болып, кісі тасумен ғана айналысады. Күн көрістері өте төмен. Жалғыз бауырым болған соң… әр жалақымнан жинақтап… анда-санда ақша салып тұрамын. Жеңгем емшектегі жас баласымен отыр. Әйтеуір, кемпір-шалдың пенсиясы бар. Жарытымсыз. Міне, енді… көрдің бе… Құдайдың бізге салғанын…
– Қаққан адамы тірі ме? – деді Шерәлі шыдамсызданып.
– Тірі. Жағдайы өте нашар.
– Ағаңды қамап қойды ма?
– Ана… ағам қаққан кісінің көзі нашар көреді екен. Қараңғыда алдынан шыға келген ғой. Ағам тормозды басып үлгере алмай қалыпты. Дереу ауруханаға алып барған…
– Содан.
– Содан, ағам мен әке-шешем әлгі кісіден жата жабысып кешірім сұрайды. Тіпті, екеуі қосыла жылапты. Сол кісілерді аяп кеткен болу керек, бір кезде әлгі кісі: «Апыр-ай, үлкен адам екенсіздер, не істейін?» деп біраз ойланып жатып: «Менің енді орнымнан тұрып, жүріп кетуім екіталай. Бала-шағам бар. Қырық жастан енді ғана астым. Біліп отырсыздар – қаржы-қаражат жағы да жетіспейді» депті. Сол кезде менің әке-шешем қосыла жамырап: «Әкетай, көкетай, қанша сұрасаң да, тауып берейік. Тек баламызды заңға бере көрмеші!» деп жалыныпты.
Әлгі кісі тағы да біраз ойланып жатып: «Түсінем ғой. Сіздерге де оңай емес. Ұлдарыңыз өтініп болмай қойған соң, полицияға да хабар бердірген жоқпын. Дәрігерлерге: «Өзім білмеймін. Есім ауып қалыпты. Санам кірсін дедім» дегенде, әке-шешем: «Қанша сұрайсыз? Тауып береміз» деген ғой. Әлгі кісі «он бес миллион теңге» депті…
Осы тұста арқа-басы шымырлап кеткен Шерәлі: – Ой-бо-ой! Көп ақша ғой! – деп орындығына шалқалай отырды. Қабағы түйіліп, еріндері шүйіріліп кетіпті.
– Міне, мәселе осында болып тұр, – деді Гауһар, – Кредит ала қояйын десем де, айлық табысымның мөлшері оған сәйкеспейді екен. «Кепілге қоятын заттарың болса, береміз» дейді. Немді қоямын?! Осы хабарды естіген екі күннен бері не қыларымды білмей басым қатып кетті. Ойланып-ойланып, кеше саған звондадым. Әрине, телефонмен айта салатын шаруа емес, кафе дұрыс деп, осы «Шарапатты» таңдадым. Саған да айтқаным сол ғой. «Шарапаттан» шарапат бола ма деп. Ырымшылдық қой баяғы… Айтшы, не істейміз? Сенен басқа кімім бар? Ең жақын адамымсың. Болашақ күйеуімсің.
Шерәлі мең-зең боп, тұғжиып отыр. Бір кезде мұрнының астынан міңгірлеп: – Менде де ақша жоқ. Бәрін үйге салып жібердім ғой, – деді.
– А-а-а!.. – деп Гауһар қуанып кеткендей болды, – Айтпақшы, сенің үйің бар ғой. Өзім де көріп жүрмін. Екеуміз соны залогқа қойсақ қайтеді? Өзіміз таяуда үйленейік деп отырмыз. Амандық болса, ай сайын кредит төлеу екеумізге сөз бе!
Мына ұсынысты естіген Шерәлі де шаттанып кетті.
– Мынауың ақыл ғой! – деп, орнынан ұшып тұрғанын өзі де білмей қалды, – Ертең-ақ аламыз кредитті! Он бес миллион!.. Жоқ! Он алты миллион алайық. Сенің жүріс-тұрысыңа.
Шерәлі ертеңінде Гауһарды банкке ертіп барып, пәтерін кепілдікке қоятын болды. Сол күні банктен арнайы адамдар келіп, пәтердің жағдайымен танысып, бәрі дұрыс болған соң, келісімдерін берді.
Ақша толы дипломатты маңғаздана көтеріп Шерәлі банктен шыққанда, Гауһар бір күлді, бір жылады. Болашақ жұбайының қолына дипломатты ұстатып, таксиге отырғызып жіберерде Шерәлі: – Ал, Гауһарым! Асылым менің! Сақ бол! Қызылордаға аман жет! – деді.

* * *

Арада екі жылдан астам уақыт өтіп кеткен.
Міне, Шерәлі қиыр шеттегі шағын қалашықтың ең шетіндегі жаңадан салынған өз үйіне бүгін кіріп, есік алдында самаурын жағып отыр. Бармақтай-бармақтай ғана ағаш жоңқаларын самаурын өңешіне бір-бірлеп тастайды. Өзінің түрі жайдары. Әрине, жаңа ғана салынып біткен меншік үйіне кіріп отыр ғой. Кей сәтте бет-жүзі балаша құбылып, жымиып күлгендей болады. Сірә, тәтті қиялдарға батып отырған болу керек. Мүмкін, өткен өміріндегі күлкілі сәттері есіне түскен шығар.
Бір кезде сыртқы есікті ақырын ашып, жайымен жауып бір келіншек үйден шықты. Топ-тоқ балтыры дір-дір етіп, аяғын еппен басады. Ақырын жылжып, теріс қарап отырған Шерәліге жақындай түсті де, «аф» деп аңдаусыз отырған оның мойнынан құшақтай алды. Селк ете түскен Шерәлі келіншектің қос білегінен ұстап: – Баламды түсіре жаздадың ғой, – деді, – Алла-а! Адамды аямайсыңдар!
– Өзің қорқақ екенсің ғой. Өй-бүу! Көп қорққаннан болар, қырыққа жетпей жатып, шашың да ағара бастапты, – деді келіншек Шерәлінің төбесінен сипап.
– Е-е, ағарды ғой, – деді Шерәлі.
Содан соң әлдебір ойға батып кеткендей болып отырып: – Сәті түсіп тұрған сияқты, мен саған сәл-пәл ауырлау бір сырымды айтып берейін. Өзіңе орындық әкелші, – деді.
Келіншек жүгіріп барып орындық әкелді. Ол жайласып отырған соң Шерәлі самаурынның көмейіне ағаш жаңқаларын тоғытып-тоғытып жіберді.
– Енді жана береді, – деді сонсоң.
– Ал, айт сырыңды, – деді келіншек. Өзі Шерәліге сұғына қарап отыр.
– Айтсам… Бұл сырыма күлер ме екенсің, жылар ма екенсің, білмей отырмын.
– Айт енді! Құдай жылағаннан сақтасын! – деген келіншек етегін тізесінен төмен түсіре тартып-тартып қойды. Көзі күлмеңдеп, бетіне қан теуіпті.
– Мәриәм… Мен – әңгіме де айта алмайтын, біреуге сырымды да аша алмайтын адаммын. Екеуміздің үйленгенімізге де көп болған жоқ. Сондықтан, мен туралы біле де бермейсің… Отыз бес жасыма дейін екі-үш қызбен ғана жүрген болыппын. Ешқайсысынан опа таппадым. Әсіресе… ең соңғысы. Гауһар деген. Ол мені тотитып кетті.
– Қалай?
– Жалғыз ағам мәшинесімен кісі қағып кетті деді. Қаққан кісісі ауыр жағыдайда деді. Соған он бес миллион теңге бермесек, ағам сотталып кетеді деді. Таяуда үйленеміз ғой, сенің үйіңді кепілге қойып, он бес миллион кредит алайық деді. Мен келістім. Алып бердім…
Шерәлі тізесіне қойған қолымен жағын таянып, мұңды бір ойға шомып кеткендей болды.
– Иә, содан кейін не болды? – деді Мәриәм шыдамсызданып.
– Не болсын?! Ақ болды, көк болды. Ақша тұрмақ, Гауһардың өзі жоқ болды. Ол мені алдап соғыпты.
– Сонда… мүлде таптырмай кетті ме?
– Иә. Мен не деген ақымақпын десеңші, сол қыздың атынан басқа ештеңесін білмейді екенмін ғой. Фамилиясын да ұмытып қалыппын. Сонысын айтты ма, айтпады ма?..
– Қалай кезігіп жүрсіңдер?
– Мен бір тойға бара қалып едім, әлгі жерде бір керемет сұлу қыз жүр. Өзі маған қарай береді. Бір кезде биге шақырдым. Той аяқталғанша, тойдан кейін де бірге болдық.
– Кәдімгідей ме?
– Ол не сөз?
– Енді, «бірге болдық» деп отырсың ғой.
– Ой, сен де… жүріп жүрдік деймін. Шынымды айтайын, менің үйіме де қонып кетіп жүрді.
– Сонда тыныш жаттыңдар ма?
– Өзің түсініп отырсың ғой, несін сұрайсың. – Ол, тіпті, «аяғым ауырлап қалмай ма?» деп, өп-өтірік қорыққандай болып жүрді. Мен «әлі-ақ үйленеміз ғой» деп, жұбатып қойғам.
– Сонымен… әлгі кредитің не болды?
– Төлеп тұруға шашым жетпеді. «Төле! Төле!» деп, банктегілер күніне он рет звондайды. Проценті өскен үстіне өсе берген соң, кепілге қойылған жаңа пәтерімді банк бір-ақ күнде тартып алды. Өзім көшеде қаңғырып қалдым. Бүкіл арман-мұратым әдірем қалып, жұмыс істеуге де, жұмыс тұрмақ, өмір сүруге де ниетім болмай жүргенімде, осы Оспан ауылдасым жолығып, өлім аузынан аман алып қалды ғой. Оның өте бай адам боп кеткенін білмей жүріппін. Маған: «Сән салонын ашамын. Соған басшылық жасайсың. Жүр бізге, бәрін істеймін» деп болмай қойған соң, осында келдім.
Иә, Оспанға мың да бір рақмет! Оны Құдай жарылқасын! Сенімен таныстырды. Сен де мені күткендей болып, тұрмысқа шықпай жүр екенсің. «Іздегенге – сұраған» деген – осы! Өзің білесің, осы үйді де Оспан бес-ақ айдың ішінде салдырып берді. Қазір өткен өмірімді ойлағым да келмейді. Саған сыр қылып айтып отырғаным ғой. Білсін деп. Мен қазір мүлдем өзгерген адаммын. Өмірге деген көзқарасым да басқа. Жаңа самаурынның түтініне қарап ойлап отырмын – «Міне, бұл – менің үйімнің түтіні, менің ұрпағымның түтіні» деп. Бағанадан бері осы арадан қозғалмай неге отыр дейсің. Мына самаурын кернейінен шыққан түтін иісіне рахаттанып отырмын. Осы иісте, өмірдің иісі бар. Біздің өміріміздің иісі! Жай иіс емес, жұпар иіс!
Шерәлінің әңгімесін ден қоя тыңдап отырған Мәриәмның екі көзіне жас толып кетіпті.
– Қандай ғажап адамсың, Шерәлі! – деді ол орыннан түрегеліп. Сонсоң күйеу­інің келте қидырған бұйралау қою шашынан сипап, иіліп маңдайынан сүйді.
Шерәлі жағын таянған күйі әлі де ой үстінде. Қалашық шетінен әрі қарай басталып кететін сайын дала көкжиекпен шектесіп кетеді екен. Ол соған қарап отырып:
– Мәриәш, – деді бір кезде, – біздің жеріміз не деген кең!
– Иә-ә!.. – деп, өзі де көкжиекке қадала қараған келіншектің ойына әлдене түсіп кеткендей, шұғыл ширап кетті. – Әй, Шерәлі! Біздікі не?! Кешке келетін қонақтарымыз бар. Дайындалуымыз керек. Алдымен шәйімізді ішіп алайық. Әне, қайнап та қалыпты. Самаурынды өзің әкелерсің.
Келіншек тез-тез басып үйге қарай жөнелді. Шерәлі орнынан тұрып кетейін десе, әлдебір терең ойдың шырмауынан шыға алмағандай, немесе өмір жұпарымның иісіне масайып қалғандай болып манаурап отыр.
Осы сәтте баяғыда өзі өле ғашық болған, біраз уақыт бірге жүрген, содан соң тез суысып кеткен Күлтай қыздың айырылсарда айтқан сөзін есіне түсіре қалды. Ол: «Жақсы өмірдің жұпары пәк сезімнен шығады» деп еді-ау! Әй, сол қыз… сол қыз жаман емес еді. Былжыраған өзі ғой, өзі! «Барлық бақыт – байлықта!» деп ойлаған. Өзі!..
Шерәлі оты сөніп болған сары самаурынды көтеріп, қалтаң басып үйге қарай жөнелді.

Пікір қалдыру