Кеше ғана сияқты еді, оның қайтқаны… Көзді ашып-жұмғанша, бір жыл өте шығыпты… Келімді‑кетімді кісімен сонша уақыт өтіп кеткенін байқамай да қалыпты.
Күйеуінің жылын өткізді. Адам аяғы басылған соң, атшаптырым аулада ары жүріп, бері жүріп, ұсақ‑түйек жұмыстарын бітірген соң, үйге кірді.
Киім шкафында ілулі тұрған ескі киімдерді күнге жайды. Қараса, үйленіп кеткен баласының бес жасында киген пальтосына дейін ілулі тұр. Өздерінің де қазір ешкім кимейтін, сәннен қалған, бір кезде анау‑мынау кісінің қолына оңайлықпен түсе қоймайтын кремплин, синтетикалық матадан тігілген киімдері қылы қисаймай, ілулі тұрғанын көріп, «Е, дүние‑ай, осыны алып берген Есмұқан да кетті. Бұларды енді кім киеді дейсің?» – деп, жинап, ауызғы бөлмеге алып шықты. Біраз қарап отырды да, тастай салуға қимай, өткір қайшыны алып, тігістің бойымен сыртылдатып кесіп еді, алақандай‑алақандай шүберекке айналды. Оларды қиықтап кесіп, қырық жылғы «ескі досы» тігін машинасын алды да, құрақ құрауға отырды…
Берілгені соншалық, кейде тамақ ішуді ұмытып кетеді. Кәмеш бірте‑бірте әр шүберекті алақанына салып, қалай тігетінін, қайда жарайтынын, қалай құрайтынын ойлап, басқа дүниеге бұрылмайтын болды.
Тіпті, кіріп‑шыққан туған‑туысты да, оны‑мұны сұрап, ауыс‑түйіспен араласатын көршілерді де, сыртына шығармаса да, жыландай жиырылып, жаратпайды. Бір шайын беріп, қақпадан шығарып салып тұрғанда, «түүү‑һ, ертегі айтып тұрып алды ғой, ерігіп…» дейтін іштей сөгіп…
Ыбырсыған шүберектердің ортасында отырып, үсті‑басын жүн‑жұрқа, жіп, қиқым жабысқан күйі мызғып кетіп жүрді. Әңгередей үйіндегі төрдегі төсектерін көмпиген‑көмпиген көрпелерге толтырды. Тіпті оларды қонақ тұрмақ, өз балалары кішкентайларын ертіп келгенде, төсегісі келмей, «былғанатын болды» деп, іші ашитынын да байқады.
Көп жылдан бері аракідік күйеуінің денсаулығы сыр беріп, сырқаттанып қала берген соң, әйтеуір «бір күнге» даярланып, қолына түскен ақшаны да қысып ұстап, малдың да басын көбейтіп қоюға тырысып, бір тақылдаған үнемшіл өмірге төселіп алған еді… Сондықтан қырық жыл бұрынғы алынған заттар күтіліп ұсталғандықтан, қылы қисаймай, қойған орнында қойған күйі тұр…
Енді бұл үйдің ең қадірлі, ең қастерлі мүлкі құрақ көрпелер болды. Кәмеш не жасамады десеңізші… жиектеріне кішкентай жүрекшелер салып, орындықтарға лайықтап, томпиған‑томпиған көрпешелер, көлемі әр түрлі төр көрпелер, бір салар көрпешелер, диванға лайықталған көрпелер… қыста жамылатын, жүнін жұқа қылып тартып жазда жамылатын көрпелер, астыға төсейтін төсек көрпелер, ат көрпелер – үйіле берді, үйіле берді.
Өлім‑жітімге бара қалса, қалай болса солай құралып, әйтеуір көрпе деген атауға ие болған төсеніштерге қарап, ішінен: «Көк инені көтіне түртпейтін байғұстар!» – деп мысқылдай қарап, менсінбей отыратын.
Таң сыздықтап атқанда, сиырын сауады, елден бұрын бадаға қосады. Атшаптырым ауланы жылан жалағандай қылып, сыпырып шығады да, абажадай үйдің еденін дымқыл шүберекпен бір сүртіп алады. Сосын қаймақ қатқан шайын ішіп алып, құраққа отырады.
Балалардың алды үйленіп, өз алдарына отау болып кеткен. Келсе айына бір, не екі рет келіп, қонақ болып кетеді. Келгенде, сымпиып, қалай болса, солай келгендерін жақтыртпайды. Өзінікі өзіне жетіп тұрса да, «алмаймын!» деп айтпайды… әкелгендерін ала салады. Тіпті, кейде құры қол келсе, көңілі толмай, қабағы кіржиіп, іші қоңқылдап қалатыны бар. Төрт ұлдың ішінде біреуі жағдайына қарап, «керегі жоқ, тұра берсін!» дегеніне қарамай, ескі телевизорын қоймаға шығарып тастап, заманауи телевизор әкеп қойып берген. Қалғандары өздерімен өздері… Тіпті, анау енесі баққаны көп келмейді де, келсе, бала‑шағасымен үдірейіп, сіңбей, бөтен құсап тұрады.
Осы бір өзімен‑өзі болған әлемін, бір жапырақ шүберек болса, «қайда жапсырсам екен?» деген ойдан басқа көңілін бөлетіні – бағындағы алма піскен кез еді… Оның бір талын шірітпей кесіп, кептіріп алған соң, қаладағы сіңілісі асханаларға өткізіп, ақшасын әкеп береді. Құраған құрақ көрпелері тау болып үйілгенде, ішіне салатын меринос, ақ қойдың жүнін жуады.
Кәмеш сөйтіп, жүн жуып, құрақ құрап, қақ жасап жүріп, темір қақпасын тас бекітіп алып, келген адамдарға да есікті ашпайтын болды.
Жаздың бір күні, сағат бестерде кіші сіңілісі Мейраш телефон шалды. Радиотұтқадан өзіне таныс сандарды көрген соң, тігіп жатқан ісін тастап, жақтыртпай, құлағына тосып, әмірлі суық дауыспен:
– Не болды? – деді.
Телефонның ана басынан біраз үнсіздіктен соң, қырылдап:
– Тәте, ауырып жатырмын, үйде ешкім жоқ. Болат ана мәліге Жақай шалдың қырқына түсіп кеткен…
– Қай жерің? – деді Кәмеш сіңілісінің сөзінің аяғын күтпей, дігерлеп.
– Тамағым…
– Е, тамағың болса, тұз, содамен шайқа… «Денем күйіп бара жатыр дейсің бе?» Аспирин ішіп, бүркеніп жат, бала емессің ғой! – деді жақтыртпай… – Медпунктке звондадың ба? «Икрам аканың жүрегі ұстап қалып, екеуі де сонда жүр дейсің бе?» – Онда келмейді олар… «Жаман болып тұрмын!» деген не сөз, баласың ба? Қой, қазір бара алмаймын, қолым тимейді. Кешке кіріп шығармын, – деді де осынша уақытын алған сіңілісіне зығырданы қайнап, қайта құраққа отырды.
Кеш батып бара жатқанын байқамай қалыпты. Бада келетін уақыт болыпты. Шайға қатық болып отырған қызыл сиырдың алдынан шықпаса, жол бойындағы картон, қағаз, оны‑мұныны жеп, үйдің артындағы жазыққа шығып кетуі мүмкін.
Үсті‑басына жабысқан жіптерді, қиықтардың қиқымын қағып, тігін мәшинесінің үстін шүберекпен қымтап жапты. Төртбұрыштап, қиюлап, құраған құрақтарын санаса, бір төр көрпеге жететін болыпты. Түтілген жүні жетсе, даяр…
«Ойбу‑йи, ана қарасан келгір қаңғып кетті‑ау…» деген оймен үйден асығыс‑үсігіс шыға келсе, бада келіп қалыпты. Батар күннің қызыл арайымен қара жолдың топырағын бұрқылдатып, ауылға кіріпті.
Маң‑маң басып келе жатқан сиырын тауып, қолындағы шыбығымен жайқап, бүлкектетіп айдап, аулаға кіргізді. Халатының қалтасындағы қалта телефоны безілдеп, маза берер емес. «Осы Мейраш та қызық, төрт баланың анасы болса да, қит етсе, өстіп маза бермейді…» деп, сиырын байлап, шелегін ала беріп еді, телефон тағы безектеді. Жұлынып, қабағы түсіп, телефонын ала беріп еді, жымы білінбей жабылатын темір қақпаны біреу дүрсілдетіп қаға бастады. Ит үріп, есіктің алды азан‑қазан болды.
«Екі кештің арасында бұл кім өзі?» – деп, күңкілдей сөйлеп, шелегін қоя салып, көлденең темірін кіргізіп, тас қып бекітіп тастаған қақпаны ашқанша, ар жағындағы адам қояр емес қағуын…
– Бұл кім? – деп зілдене айғайлады.
– Тәте, ашыңыз, тез ашыңыз! – дейді ар жағындағы ышқынып. Ашса – сіңілісі Мейраштың көршісі Бекен.
– Не болды? – деді Кәмеш оқты көзімен қадалып.
– Тәте… тәте… – дейді жігіттің аузы жылауға икемделіп қисайып, – бағанадан бері жүз рет звондадым, алмадыңыз… шыдамай, жүгіріп келдім. Мейраш тәтем шақырған соң барсам, жаман болып жатыр екен. Үлкен легенге суық су құйып, соған түсіпті. Тісі‑тісіне тимей, қалшылдап кеткен соң, халатын кигізіп жатқыздым. Дем алмай қалды. Көкпеңбек болып кетті. Жүріңізші! – деді де бұрылып алып, жүгіре жөнелді.
– Не дейт! – деді де дедектеген жігіттің артынан сүріне‑қабына әрең ілесіп жетсе, төрдегі төселген көрпенің үстінде Мейраш оң жағына қисайған күйі мына жалғаннан жүріп кетіпті. Ауа қармаған балықтай көзі адырайып, аузы ашылып, мойны, кеудесі, беті – бәрі көкпеңбек болып кетіпті…
Кәмеш есеңгіреп, не істерін білмей қалды.
– Суға түскен бе? – деді Бекенге қарап.
– Иә, ыстығын басамын деп, суық суға түсіпті, – деді.
– Ойбай, жаным‑ай, – деп, Кәмеш дауыс салып, сіңлісінің үстіне құлады. Көршілер жиналып қалды. Біреулер келіп, Кәмешті қолтығынан сүйемелдеп отырғызып, Мейраштың көзін жапты. Басындағы жастығын алып, жағын байлады.
…Сонымен «ажал ғайып деген осы екен ғой!» десіп, ел‑жұрт болып, Мейрашты жөнелтті. Жан бағудың қамымен біреуі жүкші, біреуі таксист, біреуі құрылысшы болып, қала жаққа кеткен балалары үй‑іштерімен келіп, шешелерін жөнелтті. «Мен кеткенде, сап‑сау еді!» – деп, күйеуі де «аһ!» ұрды.
Ауылдағы елуден асқан осындай қырқылжыңдардың жұмыс жоқ болған соң ба, жақын‑жуық адамдардың өлім‑жітіміне, ас беру, қырқын өткізу сияқты хабары келсе, қолқабысым тиіп қала ма дей ме, әлде үйге сыймай ма, екі‑үш күн бұрын барып алатынынан елдің бәрі хабардар…
Мейраштың күйеуі де «көмектесіп келейін!» деген желеумен үйден кеткеніне екі‑үш күн болған… Хабар жеткен соң, келіп тұрғаны қазір…
Сіңілісін жөнелткен Кәмеш ертеңді‑кеш үйіндегі жұмысын жөндеп, ерте кетіп, кеш келетін баласының ас‑суын даярлап қойып, «келімді‑кетімді кісі бар дегендей, сөз болмайық!» деп, жетісіне шейін сол үйде болды.
Жетісін өткізген соң, Кәмеш бұрынғы тіршілігін қайта бастады.
Зарылдаған тігін машинасының дауысымен жарысып, көп жылады. Көз жасын көп төкті, өкінді. Сіңлісінің жанталасып, дауысы қырылдап, бірнеше рет телефон шалғанын ешкімге айтпады. Бірақ Мейраштың өлер алдындағы дауысы құлағынан кетпей, жанын жегідей жейтін болды.
Бәрі ішінде…
«Егер барсам, тірі қалар ма еді? Ірің кеулеп кеткен тамағын тіпті болмаса, саусағымды ірі тұзға батырып алып, жыртып жіберсем, әлде қандай болар еді…» деп ойласа, көзінің жасы бұршақтап кетеді…
Сөйтіп жүргенде, сол қолы ұйып, саусақтары жансызданып, шымырлайтын болды. Бір күні тіпті сол аяғы икемге келмей, ұйып, жап‑жазық жерден сүрініп, оңбай бетімен түсті.
– Доқтырға қаралсаңызшы, – деген балаларының сөзіне:
– Ей, қойшы, жүн жуғанда, суық сумен шайқаушы ем, тамырымды суық қармап қалған болуы керек, – деп, онша мән бермеді.
Ақыры балалары көндіріп, Алматының бір айтулы ауруханасына жатқызды. Оның өзінде де таныс арқылы…
Туыстарының арасында, Кәмештің сырқаты емес, сол ауруханаға жатқызудың жыры көбірек айтылды. Ағасының арқасында жатқан соң, Кәмеш бәрі тегін деп ойлаған. Бірақ «ана емге мынандай ақша, мына емге анандай ақша төлейсіздер!» дегені шымбайына батып кетті. Азын‑аулақ жалақыға жұмыс істеп, күнін әрең көріп жүрген балаларын ойлап, Кәмештің емі ем болмады… Таяққа сүйеніп, жүретін болып, он күн дәрі‑дәрмек алған соң, шығып кетті.
Кәмештің қазір тау қопарған бұрынғы қайраты жоқ. Бұрын біреу «ауырып отырмын!» десе, ішінен «ырбиып отырысын‑ай!» деп, жақтыртпай қалатын. Солардың халін қазір, басына түскен соң түсінгендей болды…
Жүректің майда тамырлары жарылып, осындай күйге түскеніне қатты қамықты.
Кенжесінің: «Үйленсем қалай болады?» – деп, көрсетуге әкелген қыздардың көбі шешесінің сөзімен айтсақ, «біртүрлі» болып шықты… Өзі ұнаса, әке‑шешесі ұнамайды. Сонымен кенже ұл «үйлен!» десе, ат‑тонын ала қашатын болды. Қалаға кеткен балаларының біреуін алып келейін десе, ауылда жұмыс жоқ. Бір үйлі жан күнін көре алмай қалатын сұры бар…
Кәмеш неше жыл тапжылмай отырып құраған, әңгередей үйдің екі кісілік төсектерінің бесеуінде теңкиіп жиналып тұрған неше түрлі құрақ көрпелерін, жастықтықтарын қарайды да, семіп, әлі кетіп бара жатқан саусақтарымен сипап қойып, көзінің жасын бір сығып алады. Өздерін қыста бір – аязда, шілдеде бір – шыжыған күнде жайып кептіріп алушы еді, ауырғалы бері жайылмаған соң, дымқыл тартып, зіл көтерем болып кетіпті.
Балаларына бөліп, тарқатып бермекші болып еді:
– Үй тар, өзіміз сыймай, киімдерімізді қайда қоярымызды білмей отырмыз, алмаймыз! – деп, азар да, безер болды.
Кейде Кәмеш «мен де, көрпелерім де мына өмірде керегіміз болмай қалды ма? «Ұл туған қатынды ханым десе болады!» деп, күйеуім марқұм әспеттеп отырушы еді… Ал, сол ұлдардың өздері де, алғандары да көңілімнен шықпайтыны несі? Әуелі сол келіндердің ішінде маған жаны ашитыны бар ма? «Қолдарынан түк келмейтін, көргені аз, өңкей бір босбелбеу, май бас, шу аяқ!» деп көп сынап едім… Соның әсері ме!» деп, көп ойланатын болды…
«Қалалықтарды қойшы… Балалары да, өздері де «қара орыс» – шүлдірлеп… «Доча, моча» дегенде еміреніп, орыстың маржасы үйге кіріп кетті ме деп, ойлайсың! Аурухана анау, өңкей қаракөздер – қыр қазағын жабайылар сияқты көреді. Қазақ тілін белден басып, сындырып сөйлеп, өздері қалса, шүлдірлей жөнеледі…
Енді ауылда жұмыс таба алмаған балалар қалаға барып, біреудің жер кепесінде өмір сүргеніне мәз болып, дүбәра болып бара жатыр… Балаларының да не орысша сөйлегенін, не қазақша сөйлегенін түсінбейсің…
Әйтеуір нағыз қазақ емес… Келіндер де қазанға от жағып, тамақ жасап, нан пісіріп жей алмайды…
Ауыл ұмытылғалы нағыз қазақ та өзгеріп барады… Қазақтың берекесі ауыл да тозып барады… Телевизордан «ауылым, менің ауылым!» деп, аңыратып, ән салғанда, керемет бұлар… Келіп, сағынған ауылында нан жауып, сиыр сауып, қыста мына үйді от жағып жылытып, жанын бағып көрсінші… Жұмыс болса жоқ, жұрт малын сатып, өлместің күнін көріп жүр… Оны да алыпсатарлар басын айналдырып, арзанға алып кетеді.
Жүнді анау… тау‑тау қылып, «күйе түсіп кетті!» деп, өртеп жатқаны… Малдың терісін анау… «өткізетін жер жоқ!» деп, бүрістіріп‑бүрістіріп, құрттатып, қатырып‑семдіріп, шірітіп, қоқысқа лақтырып жатқаны…
«Қалалық» болған балалардың өмірлері де жетісіп тұрғаны шамалы… істеп жүрген жұмыстарының сұры анау: елу мыңға күзетші, жиырма мыңға базарда арба айдаушы, алпыс мыңға құрылыста қара жұмысшы…
Тапқан ақшасы не тамағына, не жалға алған баспанасына толық жетпейді… Келіндер «ана қарызды, мына қарызды қайтару керек, кредит алу керек!» деп, тақылдайды да отырады әйтеуір… Сондай жерде өскен немерелер не болады? Қазақтың кеңпейілін бойына сіңіре ала ма? Жоқ, тапқанын тығып жейтін, қарақазан, бойкүйезге айнала ма? Бұрындары аталарымыз: «А, Құдай, пейілімді алғанша, өзімді ал!» деп отырушы еді…
Енді не боламыз?!
Ауыл деген береке емес пе еді… Ауыл деген қазақтың өзі емес пе еді…
Кәрілер, жастар күнкөрістің қамымен қалаға кеткен соң, ешкімге керегі жоқ болып, мал қарап, шөп шабатын шама жоқ, не жаятын өріс жоқ, ақиып отыра‑отыра, қиналған соң, баяғы «қартайғанда бағады» деген түйсікпен әркімнің босағасында баспақшылап, жанын баға алмай жүрген балаларын көңілдеріне медет қылып, қалаға көшіп жатыр…
Өздері жарымай жүрген адамдар, кімді жарылқайды!?
Міне, бір кезде мамыражай тірлікпен қазақтың берекесі, жаны болып жатқан ауыл құлазып, ыдырап барады…» деген уайыммен Кәмеш далаға шығып, асқақтаған тауға ұзақ қарады…
Сиыр саууға қолының шамасы келмеген соң, қызыл сиырды Іле өзенінің бойында мал бағып жатқан туысқандарына кенже ұлы айдап апарып, қосып келген. Содан бері қаймақтап ішетін қызыл қоңыр шай да көзден бұлбұл ұшты. Көршіден алатын бір литр сүт көбіне шай ішетін бұларға жетпейді.
Бұрын дүкеннің нанын алып, вермешелді сұйық майға қуырып жеп отырған отбасыларын көрсе, сыртына шығармаса да: «Осыны да тамақ деп жеп отырған сұрларың құрысын!» – деп, мұрнын шүйіретін.
Денсаулықтан айырылғалы бері осының бәрі өз басына түсті.
Алматыдан оқып келген баласы жұмыс таба алмай, қиналып жүр. Зейнет жасына жеткен ауылдасын «кетеді» деп күткеніне үшінші жыл. Жасы отыздан асып барады. Үйленейін десе, шешесі дені сау кезінде көрсеткен қыздардың ешқайсысын жақтыртпап еді, енді өзі ешкімді жақтыртпайтын болды. Біресе ана жері, біресе мына жері дегендей… лап ете түскен сезімі басылып, лездемде айнып қалады. Бір жағы… «жұмыс болса жоқ, ана шалдың қашан кететіні белгісіз. Танысы күшті екен. Қазір орнын босататын сұры жоқ… үйленсем, балам болса, әйелім екеуін қайтіп бағамын? Шешемнің зейнетақысына көзімді сүзіп отырайын сол… Жоқ, кейін… Жұмысқа орналасайын. Сосын көрермін!» деген оймен үйдің күйбең тіршілігімен қайта айналысады…
Аңғал‑саңғал болып, мал кіріп кете беретін үйдің айналасындағы қоршауды жаңалап, жас талды кесіп алып келіп, тоқып тастады. Ол кепкен соң, шегедей қатып, тас болып қалды. Айналаны мұнтаздай қылып тазалады. Қора‑қопсы бәрін ретке келтірді.
Жұмысының жоқтығы болмаса, үйдегі шаруаны тап‑тұйнақтай қылып, тындырымды істегені шешесіне ұнады.
«Менің хал‑жағдайым мынау… күннен күнге жүріп‑тұруым қиындап барады. Әуелі жатып қалсам, Құдайым оның бетін ары қылсын, мені кім қарайды? Келіндердің ауылға келетін сұры жоқ… Мына баланың үйленетін ойы бар ма, өзінен сұрап көрейін!» деп ойлап жүргенде, аяқ астынан жұмысқа шақырды.
Зейнетке шығып, жұмыс істеп жүрген адам аяқ астынан жүрегі тоқтап, бақилық болыпты. «Баланың көңілін алаңдатпайын, жұмысына үйренсін!» деген тоқтамға келді.
Сөйтіп жүргенде, жағдайы мүлдем нашарлап, орнынан тұру мұң болды. Екі аяғы жаны кетіп, жатып қалды. Баласының жұмыстан қолы босамайды.
Келіндері кезек‑кезек келіп қарағанымен, көңілінен шықпады. Өмір бойы түнгі сағат тоғыздарда жатып, таң бозарғаннан тұрып үйренген адамға, олардың таңғы тоғызға, онға шейін бықсып, ұйықтап жатқандары басынғандық, әрі қорлық сияқты көрінді.
«Жатыңдар!» деген сөзін тыңдамай, түнгі сағат он бір, он екіге дейін телміріп, телевизор көріп отыратындары да титықтатып бітті. Шұбатылып жүріп, жасаған тамақтары да, төсек‑орнын жөндегендері де, қолдарының ұшымен аяқ‑қолын уқалағандары да ұнамады. Лыпып, қас‑қабаққа қарап, шын жаны ашып, көңілінен шығып тұрған біреуі жоқ-ау, біреуі.
Олар мына кең үйге ұйықтап, тамақ ішіп, демалу үшін келген адамдар сияқты көрініп, зығырданы қайнап, қан қысымы да көтеріліп кететін болды. Тілі де тиді, қабағы да ашылмайтын болды.
Осы жағдайды көріп жүрген кенже бала «үйленсем» деген ниетінен мүлдем айнып, бәрін кейінге қалдырды.
«Жандары қалмай, қарап жүрген жеңгелерді жаратпай жатыр. Біреудің қызын алып келсем… өстіп, зекіп, жақтыртпай жатса, ары қарата онымен қалай өмір сүремін?! Қой, өстіп жүре берейін…» деген байлам жасады.
– Үйленсеңші! – дегендерге:
– Ұнатқан қыздарым апама ұнамады. Олардың бәрі тұрмысқа шығып кетті. Жас қыздар ауылда тұрғысы келмейді. «Қалаға кетейік!» – дейді. Жөнді ешкім жолықпай жүр, – дейтін.
Кәмеш жиналып келген ұлдарын оңаша алып қалып:
– Қаладан келіп, әйелдерің кезек‑кезек қарағанмен, маған жақсы болып жатқан жоқ. Олар да балаларына алаңдай ма, түрмеге түскендей, қабақтары ашылмайды. Сендерге барғаныммен жағдайым болмайтынын біліп жатырмын. Оның үстіне үйді де тастап кетуге қорқамын. Одан да маған бір күтуші тауып беріңдер. Ақшасын кезек‑кезек төлейсіңдер, – деді.
Балалары бастарын салбыратып отырып тыңдады, біраздан соң.
– Жарайды, қалаға барғыңыз келмесе, солай істейік, – деп келісті.
Күтушіні тез тапты. Ауылға қырғыз жақтан бір келіншек келіпті. Басында іш киім, байпақ, сиса сатып келгенімен, ауыл ұнапты. Жұмыс табылса, тұратын жер болса, қалайын деген ойы бар екен.
Сонымен ол келді. Орта бойлы, қара торы Әсима деген әйел… Бір‑екі күн Кәмештің қасында болып, қарағаны, массажы, лыпып тұрған жүріс‑тұрысы ұнаған соң, қалатын болды.
Балалары күнде хабарласып, шешесінің жай‑күйін біліп тұрады.
– Күтушіңіз қалай? – деген сұрағына,
– Болады! – деп қояды.
Әсиманы Кәмеш бір сәт бос қоймайды. Тамақ жасаған, дәретханаға барған кезде ғана іздемейді, қалған уақытта: «Мына жерімді уқала, шалқамнан жатқыз, қолымды көтер, сол жаққа аудар, оң жаққа аудар! Иығымды уқала, сулы орамалмен арқамды сүрт! Қатты ысқылама, қанша жаным бар дейсің? Астымды ауыстыр. Үстімдегі көрпені далаға жайып кел, басқасын жап! Шашымды жина, желке шашым қалып қалмасын! Еденді сүртіп шық, шүберекті көп сулама, ағаш шіріп кетеді, шөлдедім, қасымда отыр, мызғып алайын!» деген бұйрық райда айтылған сөздер арнасынан асқан судай тасып, толастамай айтылып жататын…
Көрпе жайып тұрып, айналасына қарап, сәл тұрып қалған Әсимаға:
– Әсима, қайдасың? Қайда құрып кеттің? Өліп қалдың ба? – деген айқай естілісімен, жүгіріп келетін.
– Қайда жүрсің? Жоғалып кеттің ғой!? – дейтін ажырая қарап.
– Осында… – дейді Әсима басыңқы дауыспен…
Балалары ай сайын еңбекақысын кешіктірмей төлеп отырған соң, тамақты осы жерден ішіп, ақ төсекте жатқан соң, Кәмеш бұл әйелді сатып алған күңіндей көретін.
Екі айдай жанын жалдап, Кәмештің алдынан қия өтпей, бұйрығын қалтқысыз орындайтын Әсима үшінші айда өзгере бастады. Астындағы жаймасын ауыстырғанда, сілкіп жіберіп, шашын тарап, төбесіне жинағанда, «болды ма?» деп, асығыс түйе салып, арқасын сүрткенде, қалай болса, солай жатқыза салып; далаға шығып кетіп, ұялы телефонмен сөйлесіп, шақырғанда, бірден жетіп келмей, қабағы түйіліп, өңі тұнжырап, біраздан кейін келіп, мінез көрсете бастады.
Тіпті бір рет:
– …Тапқанда, жұмысы құрсын, төлегендері мизер, мына қатын күні‑түні маза бермейді, мойныма мініп алды, шаршап кеттім,– деген сөзін анық естіді.
«Ммм‑мм, бұл кетейін деді… байқау керек…» деген ой келді.
Содан бір күні туысқанының қызы келгенде, қалтасындағы кілтін беріп:
– Түпкі бөлмеге кірсең, сандық тұр. Үстіндегі көрпелерді алып, мына кілтпен аш. Оң жақта, астына таман қолыңды тықсаң, қызыл орамалмен оралған түйіншек тұр. Соны маған әкеп бер. Кілттеп, көрпелерді орнына жина да, аузын жаба сал! Жарай ма? – деді.
Қолына тиген қомақты түйіншекті қасында ешкім жоқта ашып көрді. Өмір бойы жинаған алтын жүзік, білезік, сырға, алқалар жалт‑жұлт етіп, көзіне оттай басылды. «Жинағаным болмаса, жарқыратып тағып, қызығын да көрмедім‑ау» деп ойлады. Көңілі босады. «Ана келіндерге қимаймын. Не қыз жоқ менде… ылғи ұл туған қатынмын. Кенже ұлдың алғаны жақсы болса, соған тапсырамын ба деп жүр едім, бұның үйленетін түрі жоқ… Қазір өлейін деп жатқан мен жоқ, жанымда болсын!» деген ойлармен жастығының ішіне салды да, басына жастанып жатты.
Күнде алтындарын тексеріп қояды. Қолына түйіншек қатты болып тигенде, көңілі жайланып, мызғып кетеді.
Үшінші ұлының Әсимаға еңбекақысын төлейтін күні де жақындап қалды.
Баласы қаладан келді. Сиырдың етін, тауық, вермешел, айран, сүт, ірімшік, күріш, памперс – бәрін алып келіпті. Әсима бүгін көңілді. Жылпылдап, жаны қалмай, жүгіріп жүр. Дастарханға отырғанда:
– Аға, сіз «еңбек демалысымды алып келдім» дегендей болдыңыз. Мен осы жағдайды пайдаланып қалайын деп отырмын. Мамаңызға сіз қарап тұрыңыз. Мен жиырма күннен кейін келемін. Мамайды өзім қараймын. Анам ауырып қалыпты. Ақшасы да таусылыпты. Ол Өзбекстанда тұрады. Айтқан уақытта келуге тырысамын, – деді.
Ұлы басын салбыратып, ары отырды, бері отырды. Сосын:
– Жарайды. Анаңыз ауырып қалса, барып келіңіз. Қашан кетесіз? – деді.
– Таңертеңгі жетідегі автобуспен кетсем деймін, – деді.
Әсима лағман жасады. Үй ішіндегілер кешігіңкіреп піскен асты ұйықтар алдында бір-ақ жеді. Дәмді болыпты.
Бәрі ұйқыға бас қойды. Кәмеш жатарда:
– Әсия, мені түн ішінде қарап қоясың ғой! – деп ескертті.
– Жарайды, Мамай, сіздің ұйықтай алмай жататыныңызды білем ғой! Күндегідей, екі‑үш рет тексеріп қоямын, – деді.
Кәмеш пен ұлы оянғанда, сағат тілі он бірді көрсетіп тұрды. Көздерін аша сала, бастарына келген ой: «мына сағат дұрыс па?» болды.
Дұрыс екен.
– Ой, тоба‑ай, әшейінде кірпігім айқаспайтын мен қатып ұйықтап қалыппын. Басым да зіл‑көтерем болып, ауырып тұр. Тура ішкен адам сияқтымын… Ананы бір ойлап, мынаны бір ойлап, түнімен көзім ілінбеуші еді… Мынау бір қызық болды ғой!? – деп Кәмеш басын көтерді. Ұлы шешесіне қарап, тілі байланып қалған сияқты, бақырайып қалыпты.
– Не болды? – деді Кәмеш.
– Басыңыздың бәрі жастықтың мамығы, – деді.
Кәмеш жалма‑жан жастығын алып қарап:
– Жоқ! – деп, айғай салды. – Ұрлап кетіпті! – деді кемсеңдеп жылап.
– Нені? – деген сұрағына.
– Алтындарымды! – деді ботадай боздап…
Бірден полицияға хабарласып, Әсимаға іздеу салынды.
Бірақ ондай адам Қырғызстанда да, Өзбекстанда да жоқ болып шықты… Шамасы жететін жерді таныстарын салып, аяқтары жеткен жерлерді өздері де аралап, іздеп көрді. Бірақ Әсима деген адам бу болып, аспанға ұшып кеткен сияқты, еш жерден табылмады…
Баласы асүйден ұйықтататын дәрінің қағазын тауып алды. Бірақ шешесіне айтуға батылы жетпеді… Енді бір түйір артық салса, апасының бүгін оянуы неғайбыл екен…
Кәмештің денсаулығын тексеруге келген дәрігер айтты.
Кәмештің жағдайы осыдан кейін мүлдем нашарлап кетті. Бұрын белі талғанша шоқиып отыратын адам мүлдем арқасын көтере алмай, жатып қалды. Балаларымен сөйлесіп отырушы еді, енді ұялы телефонын ұстауға қолының шамасы келмейтін болды. Тамақты алдына алып, өзі ішуші еді, енді одан да қалды.
Әйтеуір бөліп‑бөліп сөйлейді. Бірақ санасы айқын. Денесі салданған соң, сүйегі ауырлап, әлжуаз келіндердің киіндіріп, астын тазалап, қарауға шамасы келмейтін болды. Ұлдары кезек‑кезек келіп, шешелерін өздері бақты. Балаша көтеріп алып, киімін де ауыстырады, жуындырады да…
«Е, Құдайым, ұл тумаған әйелдерді «Жаман қатын қыз туады» деп, мысқылдай күліп, қалжыңға айналдырып, сөзбен түйреп кетуші едім… Осы үшін әдейі берген екенсің ғой мына ұлдарды басын қазандай‑қазандай қылып… Бұған да Құдайға шүкір!
Қайтейін, кеудеден жан шықпаған соң, бәріне көніп жатырмын… қор болдым, одан да шыбын жанымды қинамай, алып кетсең болар еді…», – деп, көзінің жасын сықпаған күні жоқ…
Кәмеш балаларынан ұялып, тамақ ішпейтін болды. Құры қу сүйегі қалды. Дәретке отыратынын ойлап, тілі таңдайына жабысып, қанша қаталап жатса да, шыдап бағады. Тамақты бір‑екі қасықтан артық татпайды.
Осы ғұмырында әтуерлемеген нәрсесі денсаулық екенін, қолы ұйығанда‑ақ қаралып, қу тіршілікке алданып, айналшық жегендей, жүре бермей, дер кезінде емделсе, осынша қор болмайтынын анық түсінді…
Екіншісі, айналасындағы туған‑туысқан, көрші‑қолаң, абысын‑ажын, әріптес… бір сөзбен айтқанда, адамдарды, тіпті өзінің келіндерін де, олардан туған немерелерін де, балаларын да қадірлемепті. Барлық адами қасиеттерден өз тіршілігінің күйбең тірлігін бірінші орынға қойыпты… Жадырап, жайнап, жақын‑жуығымен бір шәугім шайды риясыз көңілмен бөліп ішпепті. Шенді, шекпенділерді күткенде ғана мына «қамалының» іші жұмаққа айналыпты. Көңіл де аппақ болып жайылыпты, ақ дастарханы да молшылықтан қайысыпты, жайтаң қағып, өзі де жаны қалмай жүгіріпті, қолындағы жақсысын шын көңілден сыйға тартыпты… Қайда солар, құлағалы бері біреуінің төбесі көрінбепті…
«Барын бағаламады!» деген осы…
Төсекке таңылғаннан бері өз өмірін көңіл елегінен өткізіп, көп қателескенін біліп жатыр, іші күйіп жатыр, өкініп жатыр…
Амал жоқ, өткен өмірінде қолынан бәрі келіп тұрған соң, көп астамшылыққа барыпты. Әлсізді менсінбепті, боқ дүниені молынан жинағанына масаттаныпты. Келіндерін кемсітіпті… Осқырынып, бәрінен мейманасы асып тұрған соң, ешкімді өзіне тең көрмепті…
…Бір бума алтыны есіне түсіп, іші удай ашыды. Дәрігерге қаратуға, дәріге ақша таппай қиналған балаларына, кредитін төлей алмай жүрген келіндеріне таратып бергенінде ғой, шіркін, осынша өкінбес еді…
Енді, міне, кетті бөтенге…
Осындай ойлар күнде жанын жеген Кәмеш көп ұзамай, қайтыс болды.
Оны білетіндердің есінен аппақ сазандай, такаппар, өр мінезді әйелдің, қолынан бәрі келетін, ерекше қайратты, бесаспап, мықты Кәмештің бейнесі көпке шейін кетпей қойды…
Көбі қатар келген таңқалу мен аяушылық сезімнен арыла алмай, «ойпырмай, ә!» деумен болды…