ҚҰС ЖОЛЫ
Құс жолы – кең, ақшыл жолақ болып тұтасқан орасан көп жұлдыздар шоғыры. Ашық аспанға қарасақ, солтүстіктен оңтүстікке қарай бозарып созылып жатқан қалың ақ жолақты көреміз. Бұл – Құс жолы. Оны орыстар – «Млечный путь» деп айтады. Қазақшаға аударсақ – «Сүт жолы» болып шығады. Кей жерде мұны Тырна жолы деп те атайтындар бар. Құс жолы толып жатқан бәсең жұлдыздардан тұрады. Олардың саны 150 миллиардтай. Бұл Қалың жұлдыздар шоғырының ішіндегі бізге ең жақынырағы – Центаврдағы «а» жұлдызы. Құс жолы жаз бен күздің іңірінде солтүстікке қарай созылып жатады. Түн ортасы ауған кезде ол қиғаштанып, іңірде оңтүстікке қараған басы таң ата солтүстікке қарап қалады. Құс жолы қыста да аунап түсіп, бір басы күнбатысқа, екінші басы күншығысқа қарайды. Аспан әлемінде жерді құрсаған шеңбер тәрізді жиі ұйысқан жұлдыздар тобынан тұратын «белдемше»; оның «Құс жолы» деп аталуының себебі жыл құстарының жылы аймаққа көшуінде бағыт-бағдарын анықтап, жол-жорық көрсетіп тұруына байланысты-мыс. «Құс жолы» кейде сабаншының жолы» деп те аталады.
С. СӘРСЕНОВА




