ҚҰС ЖОЛЫНДА БІЗ КӨРМЕГЕН ТЫЛСЫМ БАР…

ШАЙЫРЛАР АҚШАМЫ

Түркі елі, сен бәйтерек біз бұтағы,
Бұтақсыз бәйтерек те сыз жұтады.
Жар салып, Түрікпіз деп
жыр арнайын,
Қарсы алып тұрған кезде күзді тағы.

Кеудемде керемет от лаулағасын,
Абызым өзің едің арналасым.
Атырабы кардаштардың аман болып,
Жапырағы бұтағыңның жаурамасын!

Ақын ем көңілде мұң, жанарда өлең,
Асандай жерұйықты табам деген.
Қамықсам Хазар, саған
сырымды айтып,
Жабықсам теңіз кешіп саған келем.

Сырымды тұрған кезде айтам ба деп,
Жанымның толқындары
шайқалма тек.
Асығып Анадолы, саған жеттім.
Хазардан өлең алып қайтам ба деп.

Түркі елі, өзіңменен мұңдасайын,
Қауышып қадірлеске бір жасайын.
Хафизден жыр жаттаған бір қыз едім
Көктегі жұлдызыңмен сырласайын.

Сол кезде көктен шабыт нөсерлесе,
Шайырлар із қалдырған
көшеңде ше.
Түріктен түлеп елге оралайын,
Қазақтың ақын қызы Әсел десе.

МӨЛДІР ТҮС
«Ұшып келем,
Ұшып келем көгімде,
Ұшып келем
Мөлдір аспан төрінде.
Көкте жүріп қызығамын
Жердегі –
Сонау, сонау
Өзім ұшқан өңірге»
С.Жиенбаев

Талпынамын,
Қанатымды қомданып,
Шарқ ұрамын,
Көк зеңгірге жол салып.
Шалқы бағым,
Базарымның барында,
Тау-қыраным,
дәл өзіңдей болса алып

Ұшып келем,
Көктің сүйіп заңғарын.
Ұшып келем
Арманымды жалғадым.
Тамшы үміттің
Жанарымнан аққаны,
Тіршіліктің
артып алып салмағын.

Ұшып келем,
Айым куә, Жұлдызым,
Қанат жайып,
Көктен шолып шың-құзын.
Ұшып келем,
Тәңіртауға ұя сап,
Алатауда ғұмыр кешкен бір қызың.

Ұшып келем,
Жүрек талай өртенді,
Өрт демімді ішке жұттым,
дерт енді.
Ұшып келем,
Көзім алды бұлдырап.
Көлбеңдейді көлеңкелер,
мың сынақ.

Ұшып келем,
Уақыт,
сенен әрі асып,
Ей болашақ,
келер күнге бәрі асық!
Қалдырайын жазып тағы бір өлең,
Жарқырасын нұрға толып қарашық.

Ұшып келем,
Ұша берем, сен бірге ұш,
Меніменен заңғар-заңғар зеңгір құш!
Құс жолында біз көрмеген
тылсым бар,
Қабыл болсын,
ертегідей мөлдір түс…

БІЗ ҮШЕУМІЗ
Біз үшеуміз – бақытты едік, бал едік,
Жаз жайлауда бүршік атқан тал едік.
Қос жапырақ, бір тал гүлі жайнаған,
Ата-ананың бақыты да бары едік.

Біз үшеуміз – дастан едік, ән едік,
Армандарды үйіп төккен мәуе ғып.
Заңғар тауға асығамыз үмітпен,
Жанымызды шуаққа сан бөледік.

Біз үшеуміз – періште едік, пәк едік,
Арагідік арпалысшыл ар едік.
Бір жүйріктен бір жүйрігі озатын,
Ата-ананың мақтанышы, бабы едік.

Біз үшеуміз – дүрсілдеген үш жүрек,
Қиялымыз өзгелерден күштірек.
Сағыныш боп сарғаяды бала кез –
Сағым болып көкжиектен ұшты көп.
Біз үшеуміз – жұлдыз жүрек,
ай қанат,
Алтын кірпік күн күледі ай қабақ.
Болашақтан бала шаққа оралып,
Екеуіңді құшар едім аймалап…

РАКС-САМА* – «АСПАН БИІ»,
ЯКИ «ХӘЛ ТАПҚАН»
ӘУЛИЕЛЕР БИІ
Ғұмырдың ақ-қарасын кезіп
келем өңімде,
Сама-әуені қалықтап,
қоңыраулап көгімде.
Рухындай Румидің жатты айналып
шеңберлер,
Жан тынышын іздеген дәруіш –
қыз өзім бе?!

Нәзік үні флейтаның басты
тірлік қыбырын,
Харам ойлар, лас істер жауып
мықтап тығынын.
Ақыреттің бал дәмін
тату үшін пенделер,
Жаратқанның жаралғанға
ұқтырады ұғымын.

Қасиет бар елітер, әуенінде
мың ұшқын,
Арылатын мұңымнан
асыл-ақық сыр ұқтым.
Санамдағы ұйыған ой үгілді,
босаңсып,
Асылында кілті оның
жүректе екен құлыптың.

«Лә иллаха ил Аллах»
жаңғырады санамда,
Мәуланалық серпін би –
дүниялық балама.
Екі қолды көкке созып,
бір шеңберде айналу,
Зікір ету – дәруіштің
рухты биі Ракс-Сама.

Құран – хатым,
дұғалар үндеседі Сама-мен,
Мінәжат боп, аят боп төгіледі
Сама-әуен.
Дәруіштер ақ, ұзын
қалпақ киіп киізден,
Мерекеде қой терісімен
жабылады бар еден.

Биді бастар әуелі қарадан
киім жамылып,
Тасталады ырғақпен,
ақ дүниеге малынып.
Бұл өлім мен өмірді
жалғайтұғын шеңберлер,
Мәңгіліктің жолына
бастайтұғын бар үміт.

Багламаның сазымен
күнді айналу топтана,
Көңіл ада күпірліктен,
зияратшыл топ дауа.
Өрелінің өрісі өсер,
жарық шашар сәулесі,
Толығады даналыққа,
тазалыққа бос сана.

Жан күйімнен мұңды да,
бақуатты бақ кештім,
Ғұмырымды таң еттім,
әсем еттім, тәтті еттім.
Бәйіт жырдың сиқырлы
саздарына елітіп,
Ғайып күйдің сырына
құнығам деп бас кетті.

Сама әуеннің ырғағы кетті еріксіз
еркімді ап,
Ой толқыды беймәлім,
кестеленді зер-жұмбақ.
Айналады тынымсыз
бір нүктенің бойымен,
Жүрек еріп барады,
ащы жасым там-тұмдап.

Қасірет те қайғы емен,
бұл сопылық күй дара,
Тәңірімен тілдесіп,
шыр айналған би дауа.
Ардың жүгі алты қат аспаннан да
тым ауыр,
Айдың күні аманы сопы жанды
қинады ә…

Дидарынан ұқпассың
не күй барын беймәлім,
Ем бола ма жылы сөз,
қатқан қаймақ, ем-дәрің?!
Сама бимен қауышсаң
жер айналар дөңгелеп,
Өте шығар көз алдан
тағдыр деген жәй сағым.

Жер мен көктің арасы
тоғысатын бір нүкте,
Тоқсан тарау жолдары
қабыспайды тірлікте.
Қара тастай тағдырың
жазылған соң маңдайға,
Сопылардай сезініп,
соларша өмір сүрдік пе?!

Шайыр едім,
тоятты тапқан едім өлеңнен,
Тор ішінде тотыдай
күйді кешкем өлермен.
Сама биге қосылып,
кетер ме едім айнала,
Тамшы жастың ауырын
қара жер де көтерген.

Тарих аттың жолынан
адастырмас сопылық,
Махшар күнде қалмайық
пенделердей опынып.
Көк-Тәңірмен тілдесіп
айналайын тағы да,
Көмескі ойдан көңілдер
кетпесінші тотығып.

Астарменен айтылған сөздің
ұқты кім жайын,
Шайыр шертер сезімнің
мөлдіреген сырнайын.
Ырғағында қасиет бар,
мінәжат бар, қадір бар,
Махаббатпен жүректерге
сән-салтанат құр лайым.

Ракс-Сама – ол тыныштық,
жанға дәру, ар-биі,
Құлшылыққа мейірім ізгі,
тастамайық зарды үйіп.
«Зеңгір аспан қаланғалы дүние
осылай зырлаған»,
Дөңгеленіп жатыр дүние,
дөңгеленіп әр қиыр…

Әсел  ОСПАН




ПІКІР ЖАЗУ