ҚАҺАРЛЫ КҮНДЕР

Жеңіс – 80

(Өлеңдер топтамасы)

 Қасым АМАНЖОЛОВ

 Дариға, сол қыз

I

Өңімде ме еді, түсімде ме еді,

Көріп ем ғой бір армандай қызды…

Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,

Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.

Сапырды дауыл, тебіренді теңіз,

Тулады толқын, шайқалды шың-құз…

Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз,

Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!

II

Оқ тиді келіп, қайратым кеміп,

Барамын сөніп, келмейді өлгім!

Тұрғандай сол қыз жаныма келіп,

Талпына берді қайран жас көңілім!

Барамын сөніп, барамын сөніп,

Жұтар ма мені мына сұм соғыс?

Арманым бар ма өлсем бір көріп,

Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!

III

«Келмейді өлгім, келмейді өлгім!

Қайратым қайда, келші осындайда»,

Дедім де тұрдым, жүгіре бердім,

Қолымда найза шағылып айға.

Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым!

Күркіреп күндей өтті ғой соғыс.

Келемін қайтып, өлеңімді айтып…

Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз!

 

Cырбай МӘУЛЕНОВ

Соғыстан қайтқан солдаттар

Жаутаңдап қарап дала тұр,

Көз жасын сүртіп жаңа бір.

Хабарсыз ұлын сұрауға

Жолыңды тосып ана жүр.

 

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар.

 

Кешікпей жарым келер деп,

Төрінен сайлап орынды.

Батысқа қарап елеңдеп,

Ару жүр тосып жолыңды.

 

Көтерді бәрін ауырдың

Азамат болып арды ақтар.

Көрдің бе жарын арудың,

Соғыстан қайтқан солдаттар.

 

Кетерде солдат жарының

Ішінде қалған ана жыл.

Көкемді айтпай танырмын

Деп бір сәби бала жүр.

 

Қайрылмай қалай кетесің

Хабарсыз қалай ол тоқтар.

Көрдің бе оның көкесін,

Соғыстан қайтқан солдаттар.

 

Қаралы қағаз жіберіп,

Қаншама қайғы салды оқтар.

Барады үнсіз түнеріп,

Соғыстан қайтқан солдаттар!

 

Сағи ЖИЕНБАЕВ

 Сүт туралы баллада

Көшті талай көк аспанның бұлттары,

Кепті жұрттың көзіндегі шықтары.

Төрт жыл бойы асыраған – бірақ та,

Таңдайымнан кетер емес сүт дәмі.

 

…Көктем шығып,

Жер-дүние жылынып,

Жан біткеннің аузы көкке ілініп.

Көкжиектен құлаушы еді бір табын,

Кешкі мұнар арасымен шұбырып.

 

Бәрінің де жұмырланып бүйірі,

Бәрінің де биіктеген иығы.

Ең алдымен жетуші еді елпілдеп,

Біздің үйдің қызыл қасқа сиыры.

 

Қалай ғана шыдайды екен күнімен,

Есі шығып,

еміреніп үнімен,

Келе сала жалап-жалап босатып,

Жылтыратып қоюшы еді тілімен.

 

Одан басқа көрмейтін ол жанды да,

Не қойсаң да қарамайтын алдына.

Тұла бойы дір-дір етіп, жас бұзау

Тығылатын енесінің баурына.

 

Осы кезде

Балбырап ол тұратын,

Жанарына бүкіл дала сиятын.

Осы кезде – үлпілдеген үрпінен

Бір ақ жаңбыр нөсерлетіп құятын.

 

Ақ жаңбырдың исінен-ақ шат болып,

Тұратынбыз бойымызға дәт көріп.

Көтеретін көңілді де,

Көзді де

Ақ шелекте бұрқыраған ақ көбік.

 

Сауу керек үшінші рет,

Соңғы рет,

Бұзауы тұр жіберсе екен енді деп,

Ол да – бала,

Мен де – бала бүлдіршін,

Екі бала елеңдейміз мөлдіреп.

 

Жауып-жауып өте шыққан бұлттардай,

Үшінші рет…

Қояды енді түк тамбай,

Жалғыз ғана өзіне аян бір сырды,

Жануарың ішке бүгіп тыққандай.

 

Мыңқ етпейді –

Секілденіп жоқ есі,

Әлсіз ғана қалтырайды денесі.

Ең нәрлісін,

Ең дәмдісін –

Соңғысын

Бұзауына сақтайды екен енесі.

 

Соңғы иінді…

Ең қиыны осы ара,

Осы арада –

Арбасады қос ана.

Екеуінің екі түрлі тілегі,

Екі тілек қосылмайды –

Не шара?

 

Жануарың жасыра алмай сезімін,

Жаутаңдайды қарашығы көзінің,

Ене байғұс ойлайды тек бұзауын,

Ана байғұс ойлайды тек өз ұлын.

 

Біздер үшін арпалысып, тіресіп,

Тұрады екеу…

Бірі алданып, бірі өсіп,

Түк жоқ ойда,

Мәз боп бара жатамыз,

Екеуіміз екі анаға ілесіп…

 

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Жара

Көршімізде тұрды бір тарлан солдат,

Иығына сұм соғыс салған салмақ.

Дәм бұйырып әйтеуір туған жерге

Тірі оралған жарты әлем, жалған шарлап.

 

Омырауында көп емес орден-медаль,

Иығында жұлдыз жоқ менмұндалар.

Қатардағы, кәдімгі қарапайым

Мұндай атақ, әрине, әркімде бар.

 

Әркімде бар жарақат бар мұнда да,

Әлі күнге сыздайды әрбір жара.

Соғыс салған жараның жалғыз емі

Тазалығы солдаттық Ардың ғана.

 

Бұл да солай, жазылған сол емменен,

(Табиғат қой жасаған шебер деген).

Басқа ажалдан өледі, енді ойы жоқ

Соғыс салған жарадан өлем деген…

 

Соғыс салған жарадан енді өлмейді,

Ауруға ем бар. Аяныш емделмейді.

Соғыс салған жараның сыздауына

Ешбір ауру, аяныш тең келмейді.

 

Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ

 Майдангер ағай

Мектептегі кездесудің бірінде,

Қырық бірден аман жеткен бүгінге.

Ақын айтқан аға отыр аяғын

Басып тұрған сонау Берлин түбінде.

 

Қырық үш жыл бөліп жатыр араны,

Шолып отыр шүпірлеген баланы.

Галстукке мойынына тағылған,

Сəл қызарған көздерімен қарады.

 

Балдырғандар аяп отыр қонақты,

Ол соғыста бір аяғын жоғалтты.

Жапырақтай жұқа ғана дəкені,

Жанталасқан достың қаны бояпты.

 

Соғыста өлген достарының қанына,

Мойнындағы галстугін балапты.

Соғыс өрті балқытты сан болатты,

Фашистер жас сəбиге де оқ атты?

 

Соғыс-қазан шынықтырған болатты,

Неге адамдар бір-біріне оқ атты?

…Көп ештеңе айта алмады, барлығын,

Қайта-қайта көзге барған қолы айтты.

 

Қорғанбек АМАНЖОЛОВ

Қарт жауынгер туралы жыр

«Ерлігі үшін» медалі бар төсінде,

Майдангермен сырласқаным есімде.

Бір мың төрт жүз он сегіз күн және түн

Осынау жан жүрген жорық көшінде.

 

Осынау жан өмір үшін күрескен,

Өмір үшін өлімменен тірескен.

Жанардағы жан шырағы – жарығы

Жел өтінде мың тіріліп, мың өшкен.

 

Қанды майдан, жорықты жол, сыз окоп,

Жүрегінде жауға деген ыза-кек.

Туған жерде жат тұрғанын ойласа,

Бойы суыр салғандай-ақ мұз әкеп.

 

Қарт мінезі әшейінде қатал-ақ,

Немереге отырар тек боталап.

Қарт жүрегі елжірейді, медалін

Сәби саусақ сипағанда «аталап».

 

Осы қартың қолға қызыл ту алған,

Қызыл әскер атанғанда қуанған.

Заман салған сұрқылтай да ол да бір –

Алғы шепке алдыменен сұранған.

 

Ордені жоқ, жалғыз ғана медалі,

Мақтаныш қып өңіріне тағады.

«Медаль ма?!» деп менсінбесе кей шіркін,

Қыран қабақ қырауланып қалады.

 

Мұндар ойға қайран көңіл жабырқап,

Ондайларға қарай қалар таңырқап.

«Ерлігі үшін» деген сөздің бағасын

Бастан кешкен біледі ғой аға ұрпақ.

 

Мәскеуіңнен жолды тартқан Берлинге,

Толған небір қырғын менен сүргінге,

Осы қазақ жауынгердің ерлігі

Дастан болып жазылған-ды әр күнге.

 

Ерлік жасау ойында еш болмаған,

Бар білгені – елін жаудан қорғаған.

Сондықтан да әр қадамы жеңіс боп,

Отанына бейбітшілік орнаған.

 

Соғысып па ерлік жасау үшін ол,

Туған елге сатпайды әсте күшін ер!

Отан бірақ ерлігі үшін деп берген

Сол медальдің салмағын жұрт түсінер…

 

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ

Ұмытпаңдар соғысты

45-тің көктемі,

Дүние тегіс көктеді.

Тынған еді сұрапыл

Сұм соғыстың өкпегі.

 

Сорлы жесір жұбанды,

Сорлы жетім уанды.

«Жеңіс» деген жалғыз сөз

Шарлап кетті қиянды.

 

Соғыс салған зардаптан,

Жүрегіне қан қатқан.

Қайтты үйіне желкен ғып

Сағынышын солдаттар.

 

Сұрғылт тұман ашылды,

Сары дауыл басылды.

Соңғы тәтті Жеңіске

Шашу болып шашылды.

 

45-тің көктемі,

Оңайлықпен кеп пе еді?

Қасиетті бұл күнге

Біреу жетті, жетпеді…

 

Қалайтындар керісті,

Қалайтындар бөлісті,

Тар дейтіндер өрісті,

Ұмытпасын соғысты,

Ұмытпасын Жеңісті!

 

Мәди ҚАЙЫҢБАЕВ

Майдангер

Тербетіп көкірегін туған ұя,

Туған ұя – толқыған Сырдария,

Келеді қарт…

Соғыста Отан үшін

От кешіп қайтқан еді бұл қария.

 

Жүрекке сол соғыста жара салған

Жұлдырды екі аяғын қара саннан.

Бұрынғы көк тіреген бойы да жоқ,

Бұл күнде бетегедей аласарған…

 

Жұрты мақтан тұтады жаралы ерді,

Жеңісті ол қан майданнан ала келді.

Жарғақ киген санымен адымдайды,

Кешіп келе жатқандай қара жерді…

 

Көз салар кешкі ауылға өрге шығып,

Жігерлі жанарынан сөнбес үміт!

Отанға түскен жүкті көтерем деп,

Кеткендей жарты тəні жерге сіңіп…

 

Светқали НҰРЖАН

 Майдангерлермен кездесу сәтінен

Жеңбесе де сендерді қанша сынақ,

Жағылса да сендерге барша шырақ;

Әлі шошып оянып жүрсіңдер ме,

Көздеріңнен от пенен қан шашырап?!

 

Көрмесек те төгілген солдат қанын,

Шер-шежіре бетінде қалды аттарың.

Жау жұлынын әлі де мұздатардай

Солқылдатқан көшені балдақтарың.

 

Бұрын ойлап ошақтан Отан қамын,

Қан кешуден басталған сапарларың.

«Сап түзіңдер!» деп бізге ескертердей,

Селдіреген сендердің қатарларың.

 

Үні естілсе –

Бұлт болып қатер көшкен

Келеді әлі соғыстың аты өлместен.

Менің де тұр санамда жаңғырығып,

Атам кешкен қан майдан, әкем кешкен.

 

Біз де жаңа ғасырдың мінбесінде.

Бір барармыз Ертеңмен тілдесуге…

Ерке, шолжаң ұрпағың келеді өсіп,

Сендер аман, жер басып жүргесін бе?

 

Мініп алып бақидың арбасына,

Жөңкіп бара жатсыңдар алға асыға…

Ерден – ерке,

Еркеден есер туып

Ел иесіз, кім кепіл, қалмасына?!

 

Жанарларға жарғанат – жат ой сарып,

Жатқызбай ма –

Уайым бақай шағып?

Ұйықтап бара жатырған ұрпағыңды

Оятып кет, тағы бір атой салып!..




ПІКІР ЖАЗУ