ҚАҺАРМАН «ҚАРАҚШЫ»
Қабағын жапқан қалың қасын керіп қойып, Брежнев оңаша саяжайында жаңа шыққан фильмдерді тамашалағанды жақсы көрген екен. Совет өкіметін ұзақ жыл билеген генсек бір күні «ХХ ғасырдағы теңіз қарақшыларына» «кездеседі». Сөз жоқ, фильм Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан батырға қатты ұнайды. Соғыста «Даңқ» орденімен марапатталған, «комииссар», «полковник», «генерал» шенін иеленген Леонид Ильяұлы – бейбіт өмірді жақтаған адам болатын. Әйтсе де оның көңіліне «Теңіз қарақшылары» әдемі әсер қалдырады да ол, тиісті орындарға дереу қоңырау шалып, сценарийін Станислав Говорухин жазған режиссер Борис Дуровтың фильмін экранға шығаруға пәрмен береді. Оған дейін аталған фильм көркемдік кеңестің қарсылығына ұшырап, тасада қалған еді. Себебі Совет өкіметі шытырман оқиғалы кинолардың ішіне атыс-шабысты, қанжоса төбелесті қоспайтын. Оның үстіне, фильмде фармацевтикалық бір үлкен кәсіпорынға советтік алып кеме апиын әкетіп бара жатады. Қарақшылар, міне, осы кемеге тосыннан шабуыл жасап, палубада советтік теңізшілер мен қарақшылар қырық пышақ болып қанға бөгеді. Қысқасы, әлгі көрініс көркемдік кеңестің көңіліне жақпаған-мыс. Бәлкім, кинода болса да, Совет өкіметінің есірткі заттарын пайдаланатыны туралы шындық әлдебір құпия адамдардың қитығына тиген де шығар. Бұл – енді басқа әңгіменің тақырыбы.
«ХХ ғасырдағы теңіз қарақшылары» дегенде оқырманның есіне бірден әйгілі актер Талғат Нығматуллиннің түсері анық. Иә-иә, Талғат Қадырұлы Нығматуллин.
Ресми деректер оны «қырғыз елінде дүниеге келген» деп куәлік береді. 1949 жылы 5 наурызда Ош облысы Қызыл-қия айылында туған Талғат 1985 жылы 11 ақпанда Вильнюсте қаза табады. «Жақсының аты ортақ» демекші, нәсілі түрік Талғатты қырғыз ағайындар өзіне тартып, «қырғыз» деседі. Өзбектер: «Талғат – біздің әка», – деп жүр. «Талғаттай матур жігіт бізде ғана бар», – дейді татар бауырларымыз. «Аталары соноу аштық пен зұлмат жылдары Тәшкенге өтіп кеткен Талғаттың түбі – қазақ», – дейді игі жақсыға түгел иелік етіп отыратын қазекем. Жә, мейлі, әлде қырғыз, әлде өзбек, әлде татар, қазақ болсын, Талғат – ғажайып ән мен саздың шекаралармен шектелмейтіні сияқты, кино өнерінің де өлкелер мен аймақтардан шығандап, шырқап шығып өмір сүретінін алғаусыз дәлелдеп кеткен ұлы өнер иесі. Оны айтпағанның өзінде, шахтаға түсіп ажал құшқан әкесінен есін білмейтін екі жасында айырылған, анасы жетім балалар үйіне өткізіп жіберіп қайта алған Талғат Нығматуллиннің талайлы тағдыры мен өмірдегі жеңістерінің өзі-ақ жасыған жігерлерді жанып, адам баласына асқақ Рух сыйлайтыны анық. Алыс қияндағы шағын қыстақта балалық шағын өткерген Талғат қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей тұрып қант зауытында жұмыс жасапты. Етік тігетін шебердің көмекшісі де болыпты. Өзі біртоға, ұяң, момын бала еді. Кішкентай кезінде рахитке шалдығып, қарыны шермиіп, аяғы қисайып, қортиып, қораш боп өскен балақай қатарынан көп кемістік те көретін. Алайда ол өзін ешкімге қарадай басындырып қоймайтын – кіммен болса да жағаласа кететін және жеңбей тынбайтын. Сондай өжет ұл қара басына намысын қалқан етіп, қалқайып жүре берер ме еді, қайтер еді, оны сыптай етіп шығарып, сымбатты жігітке айналдырған құдірет – әйел затына деген ынтықтық болды. Бұтының арасынан бұзау өтетін, аяғы талтақ, басы қалтақ бозбала «жаман» түріне қарамай әсем бір сазды, күйлі кеште мектептегі беткеұстар сұлу қызды биге шақырады емес пе… Тәкаппар сұлу ұсқыны келіспеген биге шақырушының ұсынысын қабыл алсын ба – басын шайқайды, тіпті қорлап, мазақ қылғандай сыңай танытады. Намысқой бозбала би кешінен жылап қайтады. Жоқ, жылап қайтып үйіне бармайды, айдалаға кетіп, Ай астында ботадай боздайды. Өксіп-өксіп шерлене жылайды. «Бүгінгі боркемік ұрпақ мұндай кепке ұшыраса қайтер еді» деп ойлайсың осындайда. Өзін бірден адамның қоры санап, өмірден баз кешуге асығар еді. «Инеге отырып», нашаға жүгінер еді… әке-шешесін, айнала жұртын кінәлап, іштей күйзеліп, психикалық ауытқу дертіне де шалдығар еді. Жұпыны тұрмыс, жадау өмір, дұрыс жетілмеу, кемтарлық, әрине, жас адамның жанын жүдетіп, үмітсіздіктің ұйығына батыруы әбден мүмкін. Сондықтан қиындықтың құрсауына түскен жасөспірімді жөн-жосықсыз жазғыра жөнелуден аулақ болғанымыз абзал. Ал бала Талғат бозбұлау болып ботадай боздағанымен, ертеңінде жаттығу залында тұрды. Шағын қыстақтағы бар спорт секцияларына үзбей қатысты, өзін еш аямады, аяқ-қолын болат ішектей бұрап, түзеп алды да, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған бұлан жігіт болып шыға келді. Адам танымастай өзгерді. Баяғы би кешінде мұны қорсынып, менсінбеген тәкаппар сұлуды үзілдіріп ізіне салып қойды. Қарамады. Қарамауға себебі де жетіп-артылатын. Өйткені ол енді қас қыранның түлегіндей жұтынып, алысқа көз тігіп жүрген. Арманы – ВГИК. Қыстақтағы қара баланы ортасынан оқшаулап, бұйығы өмір сүруге, ұяң, момын болуға итермелеген бір пәле – тіл еді. Орыс тілі еді. Талғат орыс тілін анау айтқандай жақсы білмейтін. Қабылан ерге бұл да алынбайтын қамал емес екен. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын тынбай көшіріп, таңды таңға ұрған ол ақыр соңында орыс тілінің құнарын бойына сіңіріп, орыстың көркем, әдеби тілінде сөйлейтін деңгейге көтеріледі. Кем-кеміс санап, орыс тілін білмейтінін және бетіне басып, түртпек қылғандар қайда – шаң қауып артта қалып, Қадырдың ұлы қасқайып Мәскеуге тартқан: ә дегенде жолы болмады. Армандаған ВГИК-і бұған биіктен қарап тұрып алды. Бірақ Талғаттың десі қайтпады. Барды да цирк училищесіне түсті. Түр-тұлғасы келіскен, жонынан жолақ теңбіл түгі құлаған жолбарыстай шиыршық атып тұрған жігіт цирк училищесінде оқып жүріп-ақ, «Комиссар туралы баллада» фильмінде (1967 жылы) ақгвардияшы офицердің рөлінде ойнайды. Ізінше ВГИК-ке қабылданып, Герасимов пен Макарованың шеберлік мектебінен дәріс алады. ВГИК-те Талғат Нығматуллин бұл күнде есім-сойы КСРО-ның кино тарихына жазылған жұлдызды шоғыр: Вадим Спиридонов, Николай Еременко, Наталья Гвоздикова, Наталья Бондарчук, Наталья Орынбасаровалармен қатар оқиды. «Мосфильмнің» шақыруымен «Комиссар туралы баллада» фильмінен көрінген алғашқы азиялық актер жайлы замандастары кезінде: «Кинода оның дауыс ырғағынан бұрын ерекше бітімді түр-тұлғасы мен төтенше қимыл-әрекеті сөйлеп қоя берді», – деп тамсаныпты.
«ХХ ғасырдағы теңіз қарақшылары» фильміне Нығматуллин бірге оқыған курстас досы Николай Еременкомен бірге келеді. Режиссерге ұсыныс жасаған Еременко: «Талғаттай «теңіз қарақшысын» таппайсыз», – деген көрінеді. 1979 жылы түсірілген бұл фильм – Совет кинемотографиясындағы тұңғыш шытырман оқиғалы, қолма-қол ұрыстың (боевик) тәсілдері молынан қамтылған фильм болды. Кино картинаны түсіру барысында Нығматуллин мен Еременко каскадерлерді керек қылмай, барлық трюктерді екеуара жасайды. Ал каскадердің қызметін артистің орындауы оңай емес еді. Жарақат алуы мүмкін еді. Жарақат алмағанның өзінде жан алысып, жан беріскен қимылдарды көтере алмай, ертеңінде түсіру алаңына келмей қалуы да мүмкін еді. Олай болмады: Нығматуллин мен Еременко Шығыс жекпе-жегіне төселген қарақшы мен теңізшінің рөлін шебер орындады. Содан бері… иә, қазір де айтылады: «бұрынғы Совет киносы мен бүгінгі ТМД киносында дәл Талғат сияқты ұрыс өнерін көрсеткен актер әлі туа қойған жоқ». Қарақшының кейпін қиналмай сомдаған актер аталған фильмге тыйым салынғанда ғана іштей күрсінгенге ұқсайды. Алайда ол сондағы көңіл-күйін пенде баласына білдірмей, әдеттегі сөзін қайталапты: «Мен ешкімге ренжімеймін. Біреуді кінәлап, біреудің ісін талқылайтындай мен кіммін?». Сөйткенде фильм саяжайында жатып алып жаңа киноларды көруді жаны қалайтын Брежневтің көзіне түседі де, көрерменге жол тартады. Ал фильм экранға шыққан күннің ертеңінде «қарақшы» қаһарманға айналады. Тегі қытай, голливудтық ұлы актер Брюс Лидің киноларын енді-енді көре бастаған жұрт сонда: «Талғат Нығматуллин – екінші Брюс Ли», – деп дүр сілкініпті. Өз бетінше қытай, одан кейін жапон тілін оқып үйренген, Шығыс философиясын қайнар бастауынан ұғып түсінуге ұмтылған Нығматуллин атының аспандап кетуіне бір марқайып, әрі «ХХ ғасырдағы теңіз қарақшыларынан» кейін жекпе-жек өнеріне жаппай ден қойған жастардың талабын көріп мерейі тасып, мәртебесі арта түседі. Бірде ол жаңадан бас құраған жас жары Шолпан – Венераны Ташкенттегі ірі кинотеатрдың біріне шақырмақ болып, кассадан билет сұрайды – жоқ. Күн аралатып келіп тағы сұрайды – жоқ. Билеттер жоқ. Өйткені тұтас Ташкент тұрғыны «ХХ ғасырдағы теңіз қарақшыларын» көруге кезекке тұрып алған.
Бір уақытта, бір заманда қатар өмір сүрген айтулы тұлғалардың арасында іштарлықпен, бәсекелестікпен бірге үлкен достық та болады. Талғат Нығматуллин мен Владимир Высоцкий көңілдері жарасқан жақсы дос болыпты. 70-жылдардың аяғы болса керек, әлдебір жайлы отырыcтан Талғат Нығматуллин, Владимир Высоцкий, Всеволод Абдулов бар, үшеуі, кигендері – сәнді былғары куртка, алшаң басып келе жатса, алдарынан кесекөлденеңдеп 6-7 бұзақы ұшырасады. «Курткаларыңды шешіп, тастап кетіңдер», – дейді әлгілер. «Пәледен машайық қашып құтылған» – Талғат достарына ым қағады: «Шешіп бере салайық, құрысын». Үш серіні жұдырық жұмсамастан «аттан аударып алған» бұзақылар желігіп: «Ақша қалдырыңдар», – дейді. Талғат бастап достары оған да көнеді. «Тағы нелерің бар, бәрін беріңдер!» – деп құтырына түседі бұзақылар. Осы сәтте апай-топай алақұйын соғып өткендей болады да, Владимир мен Всеволод жан-жағына қараса, әлгі мықтылар тегіс жайрап жатыр екен дейді. Бәрі құс жастыққа бас қойғандай «ұйықтап» қалыпты. Жетеудің «желкесін үзген» Талғат ентікпестен: «Кеттік, – дейді достарына, – кеттік, курткаларыңды киіп, ақшаларыңды қалталарыңа қайтадан салып алыңдар». Замандастары: «Бір ротаның жауынгерлерін ұрып жығып кете алатын қайраты бар», – деп мойындаған ер Талғат неге екені түсініксіз, Вильнюсте, белгісіз бір пәтерде қабырғасын қаусатып, қол-аяғын сындырған қаскөйлерге қарсыласпай ажал құшыпты.
Ташкентте жүрген Талғат Қадырұлына «бауырлары»: «Вильнюске шұғыл ұшып кел», – деп телеграмма жолдайды. Базар аралап, қауын- қарбызын, жеміс-жидегін сөмкесіне толтырып әуежайға асығып жеткен Талғат ұшақтан қалып қоя жаздаған. Сірә, аяулы азаматқа тағдырдың өзі алдағы қауіп-қатерді ескертіп тұрса керек. Бірақ әйгілі актерді көріп қалған әуежай қызметкері дереу ұшақты тоқтатып: «Талғат әка, жолыңыз болсын», – деп оны қолтығынан демеп жолға салып жібереді. Одан әрі оқиға былай болады.
Вильнюске келген Талғатты «рухани ағасы» Абай Борубаев бастаған «бауырлары» күтіп алады да, қала шетіндегі бір үйге жетелей жөнеледі. «Қайда барамыз?» – деп сұрайды Талғат. «Қонаққа», – дейді Абай. Істің жайын Талғат «қонаққа шақырған» үйге барғанда бір-ақ біледі. Сөйтсе, үй иелері – Абайдың құзырынан шығуға бет бұрған ерлі-зайыптылар екен. «Мыналарды оңдырмай саба», – деп бұйырады Абай. «Қатарымызда қалуды қаламаса, қинап қайтеміз?» – дейді Талғат. Талғаттың аузынан әлгіндей жауап естіген «бауырлары» қолдарын сілтеп сыртқа бет алады. Кепкісі келген үйде қалып қойған Талғат сәлден кейін шықса, «бауырлары» тайып тұрыпты. Такси ұстап Талғат та олардың соңынан салады. Сөйтіп, «бауырлары» тұратын пәтерде кездеседі. «Сен – сатқынсың!» – деп дүрсе қоя береді оған Абай Талғат пәтерге кірген бетте. «Сатқын емеспін». Сол арада «бауырлары» жабылып Талғатты соққыға жығады. Демалып, дем басып, шай ішіп алып Талғатты тағы да тепкінің астына алады. «Мойында, – дейді Абай ақырып, – сатқынсың!». «Жоқ, – дейді Талғат ақтарылып, – сатқындық жасаған кезім болған емес».
Ташкенттегі дәулетті шаңырақта туып-өскен Абай Борубаев комсомолдық лауазымды қызметке ерте ілінеді. Бірақ темірдей қатаң тәртіпке бағынып, белгіленген ережемен ғана жүріп-тұруға көндікпеген ол эзотерикамен айналысып, гуру магиясын игереді. Ондағы ойы – еркін өмір сүру, адамдарды еркінше билеп-төстеу. Дулы жиындарда әредік Талғаттың көзіне шалынып қалып, өзіне баурай бастаған ол бірде кино әлемінде жұлдызы жанып тұрған жастың басына бір шыны аяқ суды құйып жібереді де: «Ертеңнен бастап ойлайтының тек осы болады», – дейді. Ешнәрсенің байыбына жетіп үлгермеген Талғат үйіне қайтып келе жатып, әдеттегі аялдамадан өтіп барып келесісінен түседі. Сыртқа шықса, оны Абай күтіп тұр екен. «Мен сені бағанадан күтіп тұрмын», – дейді ол. Осы кездесуден соң тағдыры күрт аунаған Талғат Абайдың соңынан еріп кете барады. «Талғаттың аузынан Абай түспеуші еді, – деп еске алады досы, актер Николай Попков, – адамзаттың бар асыл қасиетін ол Абайдың бойынан көріп, бәрін Абайға таңатын. «Соның өзі әжетханаға бара ма?» – деп сұрайтынмын мен одан. «Иә, барады», – дейтін Талғат. Содан кейін: «Абай – ол пайғамбар. Қайтып оралуына уәде қылған Иса пайғамбар», – дейтін». Сол «пайғамбардың» «шәдиярлары» ішінен бұзылып, Вильнюстегі ерлі-зайыптылар сектадан бастарын ала қашқанға ұқсайды. Сектадан кетіп, серттен тайғандардың сыбағасын беруге тиіс Талғат оларға мейірбандық көрсеткен соң «пайғамбар» қаһарына мінеді. «Иуда» әрине – Талғат. Ендеше «қайта оралған Иса» «Иудадан» құтылуы керек. Бұл уақытта «Оның есімі – Көктем», «Жетінші оқ», «Қара құм қойнауында», «Кездесу мен қоштасу», «Сиявуш туралы аңыз», «Қарулы әрі өте қауіпті», «Оқ атуға қақылы», «Том Сойер мен Гекльберри Финнің бастан кешкендері», «Қыстағы тұманды күндер», «Бұйрық: Шекараны бұзып өту», «Қасқырдың апаны», «Жалғыз және қарусыз» (т.б.) атты фильмдерден көрініп, суреті түрлі-түсті журналдардың бетін жапқан, тұңғиық түнгі аспандағы жұлдыздай жарқыраған Талғат Нығматуллиннің даңқы эзотерик «ұстаздың» қызғанышын еселей түскен-ді. Актерлік оқудан соң араға жылдар салып режиссерлік мамандықты игерген Нығматулин Абай Борубаевты өзінің «Жаңғырық» фильміне тартқан. Алайда «Жаңғырықтан» көрермен қауым жаңалық таппай, «Жаңғырық» шын мәнінде жаңғырық болып қала берген еді.
«Сен – сатқынсың!».
«Жоқ, сатқын емеспін!». – «Ұстаз» бен «шәкірт» арасындағы ең соңғы жауаптасу осылай аяқталған. Сотта Нығматуллинді жабыла ұрып, 119 жерінен пышақтағанның бірі: «Біз оны әділдікпен жазалағанымызға сендік», – депті. Кейіннен осыны айтқан қылмыскер ақыл-есінен айрылып, жынданып кеткен көрінеді. Ал секта жетекшісі Абай Борубаев түрмеде құрт ауруына шалдығып өлген. Әкесінің жолын қуып, талантты кино актер атанған, белгілі «Балық адам» фильмінде басты рөлде ойнаған Саид Дашук-Нығматуллин: «Ілгеріде «Беларусьфильмнен» шақырту алып, Минскке бардым. Түсіру алаңында маған бір адам келіп жолықты. «Мен бұрын сенің әкеңді өлтірген қылмыскер отырған түрменің күзетшісі болғанмын, – деді бейтаныс адам, – содан білемін, қылмыскер құрт ауруынан өлген жоқ, оны өлтірді, кек қайтарды. Сондықтан сен кек қайтаруға асықпа, ұлым», – дейді бір естелігінде.
Талғат Нығматуллин – Шығыс жекпе-жегінен рухани кемелденуді үйренген тұлға. «Батыл бол, бірақ адам баласына қол жұмсама» деген сөзді берік ұстанған ол әңгіме-хикаяттар мен өлең де жазған екен. 36 жасында ұйымдасқан топтың қолынан қаза тапқан, кинода жағымсыз кейіпкерден жағымды бейне жасаған ғажайып актер «Қарақшыдан» қаһарманға айналып, жадымызда өмір сүріп келе жатыр.
Дәурен ҚАСЕНҰЛЫ