ҚАЙДАСЫҢ, ШЕРЛОК ХОЛМС?..

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ
«Аса қымбатты, мистер Шерлок Холмс!..»
Осылай деп басталатын хаттар легі Тұманды Альбионның
көне шаһары Лондондағы Бейкер-Стрит көшесі, 221-Б үйге
күні бүгінге дейін толассыз ағылыл келіп жатады.
Жазушы қиялынан туып, адам таңқаларлық
ғажайып «өмір сүрген» және мәңгілік тірі тұлғаға айналған
әдеби кейіпкер Шерлок Холмсты іздеушілердің
бас-аяғы бұл емес деседі білетіндер.
Бәлкім, солай да шығар.
Шерлок Холмсты іздеушілердің қатарына біз де қосылдық.
Ағылшындардан басқа өркениетті елдерде қалай екенін қайдам, әйтеуір, біздің қазақ болмысында (ауыз әдебиетіндегі Қожанасыр мен Алдаркөсені қоспағанда) әлемге әйгілі ондай шоң кейіпкер әлі дүниеге келе қоймағаны анық. Осылай кесіп айттық десем, ешкім де ренжи қоймас.
Жалпы, әдебиетте Роулингтің Гарриі, Линдгреннің Карлсоны, Твеннің Сойері секілді оқырман жүрегінен орын алған кейіпкерлер баршылық. Алайда, әйгілі детектив-жазушы Артур Конан Дойльдің дүниежүзінің барлық тілдеріне аударылған және миллиондаған данамен тарап кеткен шығармасының кейіпкері – Шерлок Холмс мырза әзірше алдына жан салмай тұрғаны рас. Ол туралы түсірілген кинофильмдер де есепсіз. Сондықтан болар, детектив жанрының шыңына шыққан бұл ұлы шығарманың оқырманы да, табынушысы да өте көп. Оң-солымызды тани бастаған бала кезімізден бастап-ақ есімі кұлаққа етене таныс, атақты ізкесуші Шерлок Холмстың Бейкер-Стрит көшесіндегі Музей-үйінің табалдырығынан аттағанымызда, оған көзіміз толық жеткендей де болды.
Шынында да, мұнда қысы-жазы, құдайдың құтты күні меймандар үзілмейді екен. Жер-жерден ат арытып келіп, өзінің сүйікті кейіпкерінің құтты шаңырағына тәу етіп жатқандардың арасында кім жоқ дейсіз? Бәрі бар. Зәйтүн майын жағып алғандай шекесі жылтыраған негр де, басына сәлдесін, үстіне жамылғысын оранған араб та, тізесінен юбка киген шотландық та, қызылды-жасылды үндістер де өріп жүр.
Бір қызығатының, бәрі дерлік ағылшынша сайрап тұр. Әлемді жаулаған өктем тілден мақұрым – біз пақыр ғана. Конан Дойльдің шығармаларын бір кісідей-ақ оқып білсек те, біліп тұрғаныңды жат ортада жеткізе алмау деген қиын екен. Мылқау адамдай айтарыңды ишарамен білдіресің. Жетіскен тірлік емес, әрине. Осыдан бірер жыл бұрын көршілес Қытай елінің ішкі жағын аралағанымызда да, осындай дәрменсіз күйді бастан кешірген едік. Ағылшыншаң болмаса, шегараның арғы жағында емін-еркін жүре алмайтын алапат дәуірмен бетпе-бет келдік. Мойындамасқа лажың жоқ, әлемдегі 200-ден аса мемлекеттің 160-сы ағылшыншаны пайдаланып, латын әліпбиін қолдануға көшкеніне біраз заман өтті. Солай. Үйден көп ұзап шықпаған адам өзге жақтарда болып жатқан өзгерістерді көп байқай бермейтіні рас. Байқасақ та, мән бермейміз.
Бір түсінгенім – баяғыда, оқушы кезімізде талай жыл көз майымызды тауысып, ежіктеп оқыған орыс тілі әлемнің азулы елдерінің есігінен де сығалай алмайды екен. Ақиқаты сол. Хитроу әуежайынан түскен сәттен бастап-ақ, орыс тілі жайына қалады. Сен де мүсәпір күйге түсесің. Сондайда, еш кәдеге аспайтын бөгде тілді үйренуге кеткен соншама есіл уақыттың зая кеткеніне қынжыласың. Өкінішті-ақ!..
Хош, сонымен тізгіні бөлектеу әңгімені қоя тұрып, музейімізге оралайық. Шерлок Холмстың музей үйіне сапарымызды осы жерден үш сағаттық жердегі Кардифф қаласында тұратын Жанар қызымыз мойнына алды. Варшава университетін бітіріп, кейінірек Кембридж университетінің магистратурасын аяқтаған ол осындағы бір ірі компанияда қызмет істейтін. Үйде отырып-ақ музейге кіретін билетке тапсырыс бере салғанына таңырқай да, қызыға қарадық. Бір билеттің бағасы 6 фунт-стерлинг екен (көзіміз үйренген американ ақшасына шаққанда, 10 долларға тең ).
Музейдің бірінші қабатында шағын дүкен орналасқан екен. Қазақтың көзімен қарасақ, қуықтай ғана бөлме. Есеп-қисапқа жүйрік, үнемшіл ағылшындар соның өзінде жоқтан бар жасап, ұсақ-түйек сувенир заттармен толтырып қойған. Байырғы заманның ізкесушілері мен тыңшылары ғана киетін жылтыр қара кенеп сулық, резіңке етіктер, былғары кепкілер самсап тұр. Одан басқа Шерлок Холмстың қолшатыры, үлкейткіш шыны, шегірен сөмке (планшет), шиті мылтық, оқшантай, мүштек сияқты дүниелер көздің жауын алады. Байқасам, бағасы да ұшып тұрған секілді. Қаперге алатын, үйренетін-ақ нәрсе. Бөлменің іші күңгірттеу секілді ме, қалай? Бәлкім, әдейі солай жасалған болар. Қос терезенің екі жақтауында шырағдан жылтырайды. XIX ғасырдың үлгісімен безендірілген суретті қабырғаларды көргенде, бірден басқа бір әлемге кіргендей әсер аласың. Біз де құр қол кетпейік деген ниетпен Шерлок Холмстың кепкамен тұрған бірнеше қыш мүсінін, лупа, мүштек сатып алдык.

Шерлок Холмс музейі
Кіреберіс бөлмеге жапсарлас шағын залға «Миссис Хадсон» мейрамханасы орналасқан екен. Қарабайыр үстелдер, орындықтар, ыдыс-аяқтардың бәрі де қызыл қоңыр ағаштан ойып жасалған. Ағаш күрешке, ағаш қасық. Басы артық ештеңе жоқ. Қабырғадағы төрт қырлы сәулелі шырағдандар әлсіз жылтырайды. Скрипкадан төгілген мұңды әуен баяу естіліп тұр. Сонда да мейрамхана ішінде жанға жайлы бір жылылық бар. Өзіміз іздеп келген кейіпкерлердің шаңырағын көрген сәттегі толқыныс сезім болар, сірә. Енді сәл тұрсаңыз: «Мырзалар, түскі асқа балық етінен жасалған тәтті сорпа бар» деп, қолына ожауын ұстап, жымия күлген ақ шашты миссис Хадсон апамыз шыға келетіндей.
Әйгілі ізкесушінің әріптесі Доктор Ватсонның айтуынша, Шерлок Холмстың бұл әйелге деген кұрметі шексіз, өлшеусіз болған. Жалпы әйел затын онша жақсы кермесе де, онысын сыртқа білдірмей, өзін рыцарьлар сияқты ұстайтын мистер Холмс миссис Хадсонды ерекше сыйлайтын еді дейді ол. Кітапта оның өмірі туралы көп ақпарат жоқ, тек жесір әйел екендігі ғана айтылған. Ақылды, үнемшіл және ішкі дүниесі өте таза жан. Сол үшін де Шерлок Холмс ерекше сыйлап, реті келгенде, ай сайынғы пәтерақыға молырақ үстіме қосып, жомарттығын байқататын. («Шерлок Холмстың соңғы ісі» атты әңгімеден).
Бейкер-Стрит көшесіндегі 221-Б нөмірлі бұл үйде жан аяспас екі дос – Шерлок Холмс пен доктор Ватсон ширек ғасырдай уақыт «бірге тұрған» көрінеді. Жазушының ізкесуші туралы тұңғыш жазылған «Қошқыл түсті этюд» шығармасына сүйенсек, олар мұнда шамамен 1881 жылы «қоныстанады». Үндістан мен Ауғанстандағы ұзаққа созылған мағынасыз соғыстан жүдеп-жадап, еліне қайтып оралған доктор Ватсонның «Критерион» шайханасында Шерлок Холмспен жүздескен күндерінен басталатын достықтары кімді де болса сүйсінтері хақ. Олардың кездесуі де қызық.
– Сәлеметсіз бе? – деді Холмс жылыұшырай қолымды қысып. Денесінің шағындығына қарамай, қолы өте қарулы екен.
– Байқауымша, Сіз Ауғанстаннан келген сияқтысыз ғой?
– Иә, оны қайдан білдіңіз? – дедім мен таңырқап.
– Өңіріңізге қарақошқыл дақ жұғыпты. Шала жуылған. Сіз көше бұзақыларына мүлде ұқсамайсыз. Сондықтан мынау қатып қалған дақ қанмайданның таңбасы болуы керек… (Үзінділер орыс тіліндегі нұсқадан аударылды – Авт.)
Осылайша құмырсқаның илеуіндей қайнап жатқан үлкен қалада пәтер іздеп жүріп, кездейсоқ жағдайда басталған жүздесудің соңы ғұмырлық берік достыққа, сыйластыққа ұласады. Кейінірек доктор Ватсон ғашығы Мэри Морентке үйленіп, бөлек үй болып кеткен кезде де, қимас досы Холмсқа жиі келіп тұратын.
Рас, алғашында Ватсон Шерлок Холмстың өзгеше мінез-құлқын, саяқ жүретін бітім-болмысын, өмірге өзіндік көзқарасын түсіне алмай дал болады. Шерлок Холмс – табиғатында өте мәдениетті адам болған. Скрипкада ойнаған, музыканың қыр-сырын жақсы білген, Страдивари мен Амати шығармаларын ажырата білген. Бұған қоса Холмс көркем әдебиеттен де алыс болмаған. Гете мен Флобер шығармаларынан мысалдар келтіріп отырған. Арғы-бергі заң тарихын, құқық ережелерін жетік білген. Спортпен де айналысып, боксшы, әрі қылыштасу шебері атанған. Десе де, Холмс ақылды, айлалы, жігерлі бола тұра, кейде бала секілді тым аңғал да еді. Ол жаңа танысқан Ватсон досынан Жердің Күнді айналатынын естіп, таң-тамаша қалады. Кез келген мектеп оқушысы жақсы білетін Коперниктің кім екенін есіне түсіре алмай қиналады. Әдебиет, саясат, философия дегендердің мүлде хабары жоқ.
Соған қарамастан, жарты әлемді қадағалап отырған барлау органы Скотленд-Ярд ізкесушілерінің арасында Холмстың беделі өте жоғары еді. Ғажап емес пе! Бір адамның бойында кездесетін осынау қарама-қайшылықтарға толы қарекетке доктор Ватсон іштей қайран қалады.
Ал, Холмс болса, өзінің дүние-танымдық көзқарасының бір ғана мамандық шеңберінде шектеулі болғанына қысылмақ түгілі, айылын да жимайды. «Маған Жердің Күнді айналғаны немесе Айдың Күнді айналғаны аса маңызды емес. Мен үшін маңыздысы — әркімнің өз кәсібінің шебері болғаны. Жұрт мені осы жоғары кәсібилігім үшін бағалайды. Сол үшін іздеп келеді…» дейді ол.

Шерлок Холмс Музейінің іші
Шерлок Холмстың адами болмысының бір қырын, образын аша түсетін осынау қарапайым сөзінде жан бар секілді. Әсіресе, қазіргі адамдар үшін өте қажетті ой бар. Біз кейде, «әркім өмірдегі өз орнын табуы керек» деп жатамыз. Дұрыс та шығар. Оқы, ізден, кәсіп меңгер. Сол кәсібіңнің жемісін көр. Ғалым кісі өзінің ғылымымен терең айналысуға тиіс. Дәрігер науқастарды қапысыз емдеуге міндетті. Ұшқыш самолетін ұршықтай ойната білуі керек. Өркениетті қоғамдағы басты талап осы.
Ал, жабайы нарық билеген біздің қоғамдағы жағдайымыз қалай? Қараңыз: күнкөріс қамы мәжбүрлеген мұғалімдер базарда сауда жасап жүр. Ғалымдар поезда жолсерік. Тойынған бизнесмендер сахнада ән салып, әншілер болса теледидарда бағдарлама жүргізіп, ақындар мен журналистер той басқарып кетті… Құрылыс инженері мәдениет министрінің, гинеколог генералдың орнын басты. Тіпті, одан да сорақысы, ақысын дұрыстап төлеймін десеңіз, біздің етікшілер тіс салып беруден де тайынбауы мүмкін. Кәдімгі қара балға, қысқаш тістеуікпен-ақ. Міне, Шерлок Холмстың айтып тұрғаны осы – қоғамды тұралататын зор кесел кәсіби сауатсыздық. Ол адамдардың өз кәсібін жан-жақты меңгермей тұрып, жалған «универсализмге» ұрынуына жан-тәнімен қарсы адам.
Тағы бір жолы «Дүниені ұстап тұрған күш не деп ойлайсыз?» деген сауалға Холмс «Табиғатқа деген сүйіспеншілік» деп жауап беріпті. «Адамға» деп айтпайды. Өйткені, ол адамзат баласы сол тұтас табиғаттың бір бөлшегі ғана екенін жақсы біледі. Оның түсінігінше табиғат әлемін адамдардың санасыздығы тоздырады, өз бетімен күн көріп жүрген тілсіз тіршілік иелерін адамдардың қаскөй ниеті аздырады. Адамның айналадағы ортамен қарым-қатынасы қандай болса, нәтижесі соған лайық болады. «Шұбар лента» әңгімесіндегі ширығып ашыққан, ашынған жыланның өз иесін шағып өлтіруі осының бір айғағы.
Адамзат пен тылсым табиғат өзара үйлесімділікте тіршілік кешкенде ғана, жұмыр жердің бетіндегі әсемдікті сақтап қалуға болатынын Холмстың қандастары, өз еліндегі Ұлыбритандық азаматтар ешқашан естен шығармайтынына көз жеткіздік. Лондонның (басқа да қалаларының) көшесінде келе жатқаныңызда, шаһар ортасындаға ойдым-ойдым, жап-жасыл желекке бөленген шағын алқаптарды жиі ұшыратасыз. Ежелгі табиғи қалпын сақтаған бұл алқаптар мемлекеттің ерекше күтімінде. Бұл аймақтарда үй салуға, құрылыс жүргізуге тыйым салынған. Оның есесіне алқаптардың ортасында қолдан жасалған айдынды көлшіктер бар. Айналасы толған жабайы құстар. Су бетінде бірін-бірі қуалай жүзіп, ойнақ салған құстардың тірлігіне қызыға қарайсың. Атлант мұхитының жылы ағысының әсері болар, мұнда қыс қатты емес және көктем ерте шығады. Құстардың басқа жаққа ұшпай, үнемі топтанып осы аралды мекендейтіні де содан-ау деймін.
Ең бастысы, олар тілсіз мақұлық болса да, адамдардың өздеріне деген жылы қарым-қатынасы мен қамқорлығын жақсы сезінетін сияқты. Жасанды көлдердің нағыз иесіне айналған жабайы қаз-үйректер (алғашында мен оларды үй құстары екен деп қалдым) топ-тобымен жағаға жүзіп келіп, күн шуағына қыздырынып үйіріліп жатады. Үрікпейді, қорықпайды. Бөтекесі тоқ, семіздіктен түгі жылт-жылт етеді. Мұны менің ауылдың арасын шаңдатып жүрген аңшы достарым көрмесін деңіз. Көре қалса, бір түнде аумен ұстап, кәуапқа жөнелтеріне күмән жоқ. Иә, қалжыңсыз айтам. Мұндай мамыражай тіршілік, тоқшылық, сарқыраған өзен, қаз-үйректердің қаңқылдаған дауысы, жасыл тоғай кезінде біздің ауылда да болған. «Қарақол» дейтін өзен мен «Жүзағаш» деп аталған тамаша ну өлкенің жұрнағы да жоқ. Қалың тоғайдың саясын көріп, суынан балық аулаған көнекөз кариялар оны бертінге дейін сағынып еске алады.
Адам мен табиғатты бөле-жармайтын Шерлок Холмстың бастан кешкен хикаялары, тек, шытырман оқиғалардың жай ғана тізбегі емес, оқырмандарды небір түрлі ойларға жетелейтін, толғандыратын нәрі мол көркем дүниелер. Әлсіз бен әлдінің, әділетсіздік пен әділдіктің, өтірік пен шындықтың, зұлымдық пен мейірімділіктің мәңгілік күресін бейнелейтін кесек туындылар. Шерлок Холмстың заманындағы бітіспес сол күрес әлі де тоқтаусыз жалғасуда. Бұл жаңалық емес, әрине. Билік пен байлық жолында бірінің басын бірі жұтқан корольдар мен герцогтардың іс-әрекетін еске салатын жаңа заманның алпауыттарының лаңын көріп отырмыз. Әділетсіздіктен жапа шеккен, кімге шағынып, қайдан көмек сұрарын білмей дал болған қорғансыздар легі аз емес. Сондайда, бізге де бір Шерлок Холмс сынды тұлға қажет-ау деп күйінесің…
Иә, мистер Холмс пен доктор Ватсон қанша жапа шеккен адамның тағдырына ара түсті, қол ұшын берді, оны санамалау шарт емес. Ең бастысы, кітаптағы оқиғалар уақыт айырмашылығына қарамастан, кімге де болса әлі күнге дейін үлкен сабақ екендігі даусыз.
Енді, осындай ғажап туындыны дүниеге әкелген шотландық жазушы Артур Игнатиус Конан Дойльдің өзі туралы да аздап айта кетсек, артық болмас дейміз. Эдинбург университетінің медицина факультетін бітірген ол бірқатар тарихи, журналистік, фантастикалық және юморлық жанрлардағы шығармалардың авторы атанып үлгерді. Үш томдық өлең кітабы да жарияланды. Көптеген хикаят, әңгімелеріне оның өмірбаяндық деректері сынамалап енгенін жақсы білеміз. Оған Холмс пен Ватсонның арасындағы пікірталастардың көбінесе медицина, химия тақырыбына ойысып кете беретіні дәлел. Себебі, жазушының негізгі мамандығы дәрігер. Көп балалы отбасында туып-өскен Дойльдің тұрмыстық жағдайы өте ауыр болды. 1876 жылы Эдинбург медицина университетінде оқи жүріп, ол дәріханада түнгі көмекші болып жұмыс істейді. Қолы бос уақытында қосымша қаламақы табу мақсатымен алғашқы әңгімелерін жаза бастайды. «Алқап құпиясы», «Сүйек», «Тотаның жүзігі» атты тырнақалды дүниелері «Корнхилл» журналында жарияланады. Әрине, оның иі қанбаған алғашқы жазбаларын тәкаппар ағылшын оқырмандары бірден жақсы қабылдады деу артықтау болар. Тіпті, сыншылар көп уақытқа дейін оған назар аудармады да.
Сөйтіп, оқырмандарға Шерлок Холмстың жетуі қиын болды. Бұл кейіпкерге 1886 жылы «Ward and Lock» баспасы қызығушылық танытқанымен, олар авторға небәрі 25 фунт стерлинг қаламақы төлейді. Одан бөлек, еңбектің баспаға шығуы тек келесі жылға қалдырылып отырды. Себебі оны «арзан әдеби шығарма» деп есептеген.
Алғашында, қаламгер өз кейіпкерінің есімін Шерринфорд Хоуп деп атамақшы болған. Өйткені жазушы детективін жаза бастағанда Хоуп деген корабльде әскери қызметте болған көрінеді. Алайда бұл есім құлаққа жағымсыз болған соң, Англияда ХІХ ғасырда танымал болған америкалық жазушы, ақын Оливер Уэнделл Холмстың атын алған көрінеді. Ал Шерринфорд дегенді де баспагерлер ұнатпағаннан кейін, автор ақыры Шерлок Холмс дегенге тоқтапты. Кейіпкер Шерлок Холмс бүкіл адамзат тарихына жаңашылдық әкелгені анық. Оның қырсық-қыңыр мінезімен қатар, әділетті, шыншыл, еңбекқор, қарапайымдылық пен жанашырлық сияқты адами қасиеттері миллиондаған үлгі бола білді.
Бір қызығы, Шерлок Холмстың жалпы әйел қауымынан бойын аулақ ұстайтынын байқайсыз. Бір-екі жерде, қылықты Ева Брэкуэл ханым («Чарльз Огастес Милвертонның ақыры») мен опера жұлдызы Ирен Адлер («Богемиядағы жанжал») екеуіне көңілі құлағанымен, сезімін сыртқа көп сездірмейді. Оның сырын атақты Холмстың өзі былай деп түсіндіреді: «Белгілі бір іс-әрекетке қарап, әйел затының табиғатын ұғыну өте қиын. Өзін қарапайым ұстаған әйелдің де жасыратыны көп болуы мүмкін. Және абдырап, асып-сасқан нәзікжандының бар бас ауруы шашындағы титтей түйреуіш болуы ғажап емес… Махаббат деген – эмоционалды дүние. Сол себепті ол таза, сабырлы ақыл ой-санаға керағар. Мен болсам ой-сананы бірінші қоямын. Үйленгім келмейтіні де сондықтан».
Шерлок Холмстың «Тыныштықтан асқан байлық жоқ» деген қағидасы оқырманды тұрақтылыққа, сабырлыққа шақырып, әрбір қиын істің түбінде әділ шешімі болатынына кәміл сендірді. Сол үшін де бұл ерекше кейіпкерді оқырманы жақсы көріп, құрмет тұтады.
Конан Дойльдың шығармалары жұртты қызықтыра бастағанын бірден аңғарған «Стэнд» баспа үйі оның Шерлок Холмс оқиғалары жайындағы әр хикаясына енді 50 фунттан төлей бастайды. Бұған ынталанған жазушы шытырман оқиғалы көркем туындыларын жаңаша өрнектеуді алдына мақсат етіп қояды. «Странд» журналында жарық көрген «Отставкадағы әскери дәрігер, доктор Ватсонның естелік жазбалары» атты әңгімесі елді елең еткізеді. 1887 жылдың 1 желтоқсанында жарияланған «Қып-қызыл реңдегі этюд» хикаяты да оқырмандардың жүрегін бірден жаулап алады. Әдебиет зерттеушілері жаңа детектив Шерлок Холмстың прототипі ретінде – Эдинбург медицина университетінің профессоры, хирург, доктор Джозеф Белл алынған деп тұжырымдайды. Оның білімділігі, аңғарымпаздығы, түрлі оқиғаларды айна-қатесіз дәл бағалауы, логикаға жүйріктігі, адамдарды киген киімінен-ақ кім екенін айтқызбай тануы жазушыны тәнті еткен секілді.
Конан Дойльдің есімін әдебиет сүйер қауымға кеңінен танытқан тағы бір шығармасы – «Төртеудің таңбасы» атты хикаяты. 1890 жылы Америкада жарық көрген бұл кітаптың данқы дүниенің төрт бұрышына тарады десе де болады. Қазына іздеуші әйгілі қылмыскер Джонатан Смоллды қалай қолға түсіргенін бейнелейтін шығармадан бастап, Шерлок Холмстың мәңгілік өмірі басталды. Ол ең басты кейіпкер ретінде осындай тақырыптағы 56 әңгіме мен төрт хикаятқа арқау болып, тұтас бір галареяны құрады. 1891 жылдан бастап, бүгінге дейін ізкесуші Шерлок Холмс 200-ден астам сериал мен анимациялық фильмнің басты кейіпкеріне айналып, Гиннес рекордтар кітабына да енді.
Ары қарай мол табыстың көзіне айналған әрбір хикаят үшін қаламақы көлемі 1 мың фунт стерлингке жетті. Тез арада халыққа танылған Шерлок Холмсты оқырмандар кереғар мінезіне қарамастан, қатты ұнатып қалады. Негізінен Холмстың мінезі көбінесе өте салқынқанды, әрі ұстамды. Бірақ бір шытырман іске шындап кірісіп кеткенде, оның мінезі күрт өзгеріп, қызу қанды болып шыға келеді. «Масгрейв рәсімінің хикаясында» Ватсон оны өте тәртіпсіз етіп көрсетеді. Холмс өздері тұратын бөлмелердің ішінде әр жерде шашылған қолжазбалардан бастап, түрлі химиялық тәжірибе жасалған қоспа қалдықтарына дейін бейберекет қалдырып, тіпті, темекісінің тұқылын өзінің персиялық үй шәркейінің ішінде ұмытып кетеді. Тағы бірде тапаншасымен атып, тұрғын бөлмесінің қабырғасына «VR», яғни Victoria Regina (Виктория патшайым) деген белгі салған әпендігіне куә боламыз. Ол осы бір ерсілеу қылығы арқылы туған елін сүйетін отаншылдығын көрсетпек болған екен.
Қалай десек те, Шерлок Холмстың болмысы қарама-қайшылыққа толы. Ең бастысы, ол әділеттілікті бірінші орынға қояды. Жұртқа сонысымен ұнайды. «Бәрін ақшамен кесіп-пішетін байларды жек көремін. Бұл әлемде жоғары билікте отырған ақымақтар орнын босатпайынша, логикаға орын жоқ. Қай жерге логика жетіспесе, демек бір былықтың бары рас… Мен математикке ұқсаймын. Себебі, қиын есептің шешімін тапқаннан рахаттанамын. Бірақ, шешімім біреуге қалай әсер етеді, ол туралы бас қатырмаймын» дейді.
Міне, ені өте тар, өзі тіп-тік, сықырлауық ағаш баспалдақпен музейдің екінші қабатына көтеріліп келеміз. Кіре беріс бұрышта екі дос әңгіме-дүкен құрып отырғанда, бірде Шерлок Холмс «Ватсон, осы баспалдақта неше текпішек бар?» деп сұрайтын сәті бар еді ғой. Ватсон тосылып, тұрып қалғаңда өзі «17» деп жауап беріп, сынай қарамаушы ма еді. Міне, сол баспалдақпен санап басып келеміз – тұп-тура 17 текпішек. Ай, сабаздар-ай, десеңші! Музейді ұйымдастырушыларды айтамын да. Осы детальға дейін ұсақ-түйек деп қарамай, дәлме-дәл қиюластырғанын көрмейсің бе!
Жалпы, 2-ші дәрежелі архитектуралық және мемлекеттік тарихи ескерткіш санатына қосылатын, ауызекі тілде «Шерлок Холмстың үйі» аталып кеткен төрт қабатты, сұрғылт түсті осынау көне ғимарат 1815 жылы тұрғызылыпты. Ал, музейдің өз басы бертініректе, 1990 жылдың 27 наурызында ашылған екен. Ашылуы да қызық. Әлемнің әр қиырынан көмек сұрап бөгде адамдар іздеп келіп, әрі хат тасқыны еш толастамаған соң, әбден ығыр болған үй иесі оны ақырында Шерлок Холмс атындағы Халықаралық қоғамға еріксіз сатуға мәжбүр болыпты. Олар қуана-қуана келісіп, оны әп-сәтте музейге айналдыра қойыпты. Бір кездері қаланың ең шеткі, тылсым көшелерінің бірі саналғанымен, бұл күңде шулы орталықта қалған музей үй қазіргі уақытта Лондонның ең мақтанышты жәдігерінің біріне саналады.
«Бізді хозяйка сынай қарсы алды. Пәтерде екі жатын бөлме және Бейкер-Стрит жаққа қараған қос үлкен терезелі шағындау қонақ бөлмесі бар екен. Пәтердің ақысы да аса қымбат емес, екіге бөлгенде қалтаға салмақ түсірмейтіні көңілімізге қонды…» деп жазылған доктор Ватсонның күнделігіндегі конақ бөлме расында да тым тарлау екен.
Бұл ғана емес, жалпы Англияда көне үйлердін бөлмелері тегіс осындай, құрқылтайдың ұясындай кішкентай болып келеді. Және дүние-жиһаз атаулыны қажеттен тыс көп жинамайтын халық. Мұнда да солай. Екі адам айналып жүре алмайтын кабинетте шағын шкаф, журнал үстелі, екі кресло ғана тұр. Тағы басқа ұсақ-түйек заттар, мұрағаттық құжаттар қойылған кішкентай шыны витрина. Ол шамасы кейін қойылған. Витрина ішіндегі 1891 жылы жарық көрген «Странд» журналының сарғайған беттері, ескі газет қиындылары, Скотленд-Ярдтың әйгілі ізкесушісі Тобиас Грегсонның Холмсқа жазған хатының көшірмесі өткен уақыттың тілсіз куәсіндей.
Естуімізше, Конан Дойль мұрағаты өте бай болған. Бірақ ол мұнда жоқ. Оны 2004 жылы жазушының ұрпақтарынан Британ ұлттық кітапханасы аукцион арқылы тұтасымен сатып алып, өздерінде сақтап отыр. Солардың арасында Дойльдің ең шулы шығармасы, осы күнге дейін айтыс-тартыс туғызып келген «Баскервиль тазысы» аталатын хикаятына қатысты мынандай бір қызық мәлімет бар.
Анасына жолдаған бір хатында Конан Дойль: «Робинсон екеуміз Шерлок Холмстың ендігі баратын бағытын айқындап, орман ішіндегі сазды ұйықты зерттеуге кірістік. Иесіз қалған тас үй кездестірдік. Жұмыс сәтті басталды» деп жазыпты. Мұндағы Робинсон – белгілі ағылшын журналисі Флетчер Робинсон екені дәлелденді. 1901 жылы гольф ойнап жүріп, ол жазушы досына бала кезінде естіген құбыжық ит туралы әңгіме айтып береді. Ел-жұрттың арасында зор үрей туғызған елес-ит Баскервиль – Вогановтар отбасынан біреу-міреу қайтыс болған кезде, түн ортасында кенеттен пайда болып, жан түршіктірер дауыспен ұлиды екен. Бұдан кейін жергілікті тұрғындар түнде далаға шығудан қалады. Оқиғасы тосын, әрі қорқынышты, үлкенге де, кішіге де қызықты бұл тақырыпты бірден ұнатқан Дойль екеулеп жазып шығуды ұсынады. Бірақ Робинсон жұмысының көптігін алға тартып, Дойльдің жеке жазуына қарсы еместігін білдіреді. Сөйтіп, жаңа туындының алғашқы тараулары «Стрэнд» журналына жариялана бастайды. Бірақ қызғаныш отын көсеушілер оның авторлығына күмән келтіріп, бықсық күңкіл таратып жібереді. Сол күңкілдің әлсіз жаңғырығы бүгінгі күнге дейін жетті. Дегенмен, жоғарыда айтылған хат Конан Дойльдің бұл шығармасын өзі ғана жазғанын, Робинсон тек идея беруші екенін дәлелдейді. Холмстың музей үйіндегі жұмыс кабинетінде Баскервиль тазысының қап-қара кішкентай қыш мүсіні қойылған.
Тағы бір айта кететін жайт, Шерлок Холмс пайдаланған әдістер – шылым күлі мен темекі тұқылын жинап, сараптама жасау, жазба машинкаларының қаріптерін айыра білу сияқты криминалистика әдістерін кітап жарыққа шықпай тұрып, ешқандай полиция қызметкері білген емес. Шығарма халық арасына кең таралған соң барып, бұл әдістер тәжірибеде қолданыла бастаған.
Жылдар өте айтары да, жазары да таусылып, Холмстан әбден шаршаған Артур Конан Дойл кейіпкерін «өлтіруді» ойлайды. «Холмстың соңғы ісі» әңгімесінде былай дейді: «Жүрегім сыздап, досым Шерлок Холмстың керемет дарыны туралы естеліктердің соңғы жолдарын жазудамын. Бір-бірімен байланыссыз – оны өзім де сезіп отырмын және маған мүлде тән емес үлгіде досыммен бірге бастан кешірген таңғаларлық шыт-шытырман оқиғаларды аяқтауға тырыстым. Ол «Қоңыр-қызыл реңді этюд» деп аталған қысқаша жазбадан басталып, «Теңіз келісім шарты» оқиғасына дейінгі аралықта созылған түрлі дүниежүзілік ірі қиындықтар туғызарлық жағдайлардың алдын алып, жұмбақтарды өзіндік ерекше тәсілмен шешіп отырғаны күмәнсіз. Мойындауым керек, осымен соңғы нүкте қойып, өмірімнің екі жылы да толтыра алмаған қуыстың пайда болуына себепші болған оқиға туралы жазғым келмеді. Бірақ, жуырда жарияланған полковник Джеймс Мориартидің марқұм ағасын ақтамақшы болған хаты маған қайтадан қолыма қалам алғызды. Бүкіл ел-жұртқа шындықты айтуды өзіме міндет санаймын…».
Әңгіменің соңында Шерлок Холмс Европадағы ең ықпалды қылмыстық топтың ұйымдастырушысы, профессор Мориартимен жекпе-жекте құздан бірге құлап қаза табады. Жекпе-жек Швейцариядағы атақты Рейхенбах су сарқырамасының жағасында өтеді. Өз кейіпкерін шексіз жақсы көрген оқырмандар Шерлок Холмс өмірінің бұлайша қайғылы аяқталуына наразылық танытып, авторға хат жаудырады. Наразылық білдірушілердің арасында ұмытпасам, сол кездегі Ұлыбритания мен Ирландияның Біріккен Корольдігінің патшайымы Виктория ханым да болған деседі. Сондықтан, Конан Дойль 1903 жылы өз кейіпкерін қайта «тірілтуге» мәжбүр болады, «Стрэнд» журналында жарияланған «Бос үй» әңгімесінде Холмс өзін іздеген халықпен қайта қауышып, сүйікті ісіне оралды. Бұдан соң «Шерлок Холмстың қайта оралуы» атты этюдтар топтамасы өмірге келеді.
Музей үйдегі әрбір заттың елесі санаңда жатталып қалғандықтан болар, көзге ыстық көрінеді. Кітаптағы әр түрлі оқиғаларды («Шұбар лента», «Суссекстегі қанішер», «Бүкір» т.б.) көз алдыңа алып келіп, еріксіз есіңе түсіретіндей айнытпай жасалғаны ғажап!
Кабинеттің бір қапталындағы екі кішкентай бөлмеге бас сұқтық. Ұйықтайтын бөлмелер. «Шерлок Холмстың соңғы ісі» дейтін әңгімеде Ватсон досының өз бөлмесінде сырқаттанып жатқан сәтін былай еске алады:
«Миссис Хадсон өңіндегі алаңдаушылықты жасыра алмады.
– Мен көп нәрсені айта аламын, сэр, – деді ол дауысы дірілдеп.
– Шамасы, ол Розерхайтта болған бір істі тексеріп журіп, өзен жағасындағы кішкентай лас көшеден ауру жұқтырып алса керек. Сәрсенбіде түс ауа жатқан күйі әлі тұрган жоқ. Осы үш күн бойы нәр сызбады.
О, құдайым-ай! Неге дәрігер шақырмадыңыз?
– Сіз оның бірбеткей мінезін жақсы білесіз ғой. Шақыртпады. Ал, мен оган қарсы келуге батпадым. Өзіңіз қазір көресіз, халі мүлде нашарлап кеткенін.
Тездетіп жоғары көтерілдім. Төсегінде сұлқ жатқан Холмстың өңі құп-қу екен…».
Сыртқа қайтадан сол кабинет арқылы шығасың. Міне, мынау төр жақтағы Шерлок Холмстың креслосы. Оған отырып, мүштегін қолға алып, кепкісін киіп, суретке түсу – қонақтардың бұлжымас дәстүрі секілді. Адамдар кәдімгідей кезек күтіп тұр. Біздің де кезегіміз тез-ақ келді. Креслоға жайғасып отырған кезде, үлкен терезелер ту сыртымда қалды. Холмсқа қастандық жасаушылардың түнделетіп оқ атып, оның жасанды мүсінін тас-талқан ететін терезе осы.
Тұра бере, көз қиығым даладағы көшеге түсті. Алақандағыдай бәрі ап-анық. Бейкер-Стрит көшесіндегі тіршілік ағымы өзгерген. Сықырлаған тарантас күймелердің орнын енді ерсілі-қарсылы ағылған машиналар басқан.
Қарсы алдымдағы баспалдақпен сықырлата басып, тағы да адамдар легі көтеріліп келеді. «Келген қонақтың алып тұлғасы бүкіл бөлмені толтырып жіберді…» дейтін жолдар есіме түсті.
«Интернаттағы оқиға», «Теңіз келісімі», «Богемиядағы жанжал» сияқты толып жатқан шытырман әңгімелердегі детективтен медет сұрай келген пақырларды Холмстың осы кабинетте отырып қабылдағанына біртіндеп сене бастағандаймын…
Ойдан шығарылған әдеби сұлбалардың оқырманын жаулап алып, осыншалықты өміршең болуын бұрын-соңды кездестірмегенімді іштей тағы да мойындадым.
Конан Дойльдің қалам қуатының кұдіреті де осында шығар!
Алматы – Лондон – Алматы