ҚАЙДАСЫҢДАР АЛАШТЫҢ, АРЫСТАРЫ?!.

 

 

«ӨЗГЕ ЖҰРТТАН

ҚАЗАҚТЫҢ СӨЗІ ҰЗЫН БА?..»

Қысыр сөзден кей жандар  қайтпаған ғой,

Бірін-бірі бос алдап «майттаған ғой».

«Өзге жұрттан қазақтың сөзі ұзын» –

Дегенді Абай текке айтпаған ғой.

 

Қақшитындай оп-оңай ұядағын,

Қыран көзі шалатын қиядағын,

Бос сөз қуған желөкпе жанды көріп,

Қарап тұрып сол үшін ұяламын.

 

Бұным үшін сен мені сөк те мейлің,

Мен несіне кімдерге өкпелеймін.

Жалғыз Абай кезі емес бұл күнде де,

Қысыр сөзге үйірлер көп пе деймін?

 

Шірік сөздің арт жағы лай тағы,

Жала жауып, кім кімді мұңайтады?

Жағымпаз бен мақтаншақ өріп жүрген

Мына заман – қай заман,  кім айтады?..

 

Артта қалған сияқты тамаша күн,

Өкпелгіш бұртаңдап балаша кім?

Көріп, біліп жүрсем де көп жағдайды

Содан шығар жол таппай адасамын…

 

ҚАЙДАСЫҢДАР

АЛАШТЫҢ, АРЫСТАРЫ?!.

Қайран елдің мөлтілдеп жас көзінде,

Сына түскен сын сәтте тас төзімге,

Бір топ ұлан «Алаш!» деп суырылды

Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде.

 

Ғаламат күш тереңде тұнып келді,

Сай тасындай кілең ер іріктелді.

Абылайдың ақ туын арқаланып,

Тұңғыш «Алаш ордаға» біріккен-ді.

 

Бірдеңені сезгендей дала тынған,

Көз шалады бүркіттің қанатын қан…

Жарқылдады Алтайдан найзағайлар

Ер Түріктің тегінен жаратылған.

 

Аз уақытқа халқымның бағы жанды-ай,

Болашақтың атады таңы қандай?..

Ұл шыққын-ды: Әлихан, Ахметтей,

Міржақып пен Мұстафа, Мағжандай…

 

Бар қазақтан Арыстар – алдасыңдар,

Бәріңнің де бүгіннен жалғасың бар.

Бақытжан, Райымжан, Тұрағұлдар,

Халел, Жаһанша, Қошкелер, қайдасыңдар?

 

Көктесіңдер, білемін Айдасыңдар,

Қазағымның төріне жайғасыңдар.

Мұхаметжан, Cұлтанбек, Шәкәрімдер,

Алаштың арда ұлдары қайдасыңдар?

 

Уақыт жылжып, өткен күн алыстады,

Отқа өртенді Арыстар намыстары.

Сендерді іздеп, бұл қазақ алаңдауда,

Қайдасыңдар Алаштың, Арыстары?!.

 

Бұл қазақтың жайлауы, күздеуменен

Түгі қалмай жоғалған сіздерменен.

Тәуелсіздік алғалы қанша жылда

Қазағым жүр Бақытын іздеуменен.

 

Алаяқтар жортып жүр бездеңдеген,

Үндемейтін қауіпті сезгенменен…

Өтсе дағы бір ғасыр содан бері

Қазақ әлі сол кезден өзгермеген

 

Кенеуі жоқ тұратын қыл-құрттардан,

Кілең қызыл Мәскеуден бұйрықты алған.

Атып-асып Алаштың көзін құртқан

Кілең тексіз құл-құтан билікті алған.

 

Әулекілер төрімде тайраңдаған

Шүлдірлеген тіліне қайран қалам!..

Құл жиылып, бас болмас…» деген сөзді

Бостан-босқа айтпаған қайран Бабам!

 

Бір-бір нары қазақтың – шет күндерде,

Шыңдарына Алтайдың шөктіңдер ме?

Күннен туған кілең ер отқа оранып,

Күнге сапар шынымен шектіңдер ме?

 

Құм болғанын көргенде кектің демде,

Көлдей-көлдей көз жасын төктіңдер де,

Әділеттік таба алмай алты Алаштан

Көкбөріге айналып кеттіңдер ме?..

 

Туған ұлттың жүргенде қозғап халін,

Қия жолдан сан рет озды аттарың.

Ел болғанын көре алмай бұл Қазақтың

Кеттіңдер ме, арманда боздақтарым!?

 

Қояр емес отпенен ойнағандар,

Обып жатыр, жеп жатыр…  тоймағандар.

Сенесің бе, саусақпен санарлықтай

Қазақ қамын бүгінде ойлағандар…

Қажет емес ақылгөй, ақын елге,

Жарымаған ұлт болдық:

Батыр, Ерге!

Келіп алып Билікке тексіз құлдар

Әңгіртаяқ ойнатып жатыр елге.

 

Сол баяғы өңшең құл асап жатыр,

Бірін-бірі ұруға тас ап жатыр…

Дінсіз, тілсіз құл-құтан елді тонап,

Ойларына келгенін жасап жатыр…

 

Талтаң қағып қазағын танымаған

Биліктегі төренің бәрі надан.

Құл-құтандар – шетінен  жағымпаздар

Және жемқор уызға жарымаған.

 

Жағымпаздар – ерекше еленгендер,

Билік тұтас тұрады кереңдерден.

Ұры-қары жайлаған қазақ ішін

Келімсектер – құрметке бөленгендер.

 

Сіздер барда жағдайым ертегі еді,

Өкініштен бүгін іш өртенеді.

Осылардан ұлтымды құтқаратын

Қайдасыңдар Алаштың, Серкелері?!.

 

Сіздер еді-ау ұлтымның нағыздары,

Қайдасыңдар Алаштың, Абыздары?!.

Құл-құтандар қазақты  қорлап бітті-ау,

Шайнаңдаған ауызда сағыздары…

 

Сендер еңдер – Қазақтың  намыстары,

Сендер еңдер – ұлтымның нар  ұстары!

Құтқаратын Қазақты тексіздерден

Қайдасыңдар Алаштың, Арыстары?!.

 

Сол бір күндер ертегі алыстады,

Құл-құтанның билеген ауыштары.

Құтқаратын Қазақты кірмелерден

Қайдасыңдар Алаштың, Арыстары?!.

 

ҚОС БӘЙТЕРЕК

                        Ахмет Байтұрсынұлы мен

                        Міржақып Дулат рухына.

                                                                      Автор.

Ахаң, Жақаң — бірін-бірі толықтырған тұлғалар,

Екеуінің жанын жеген   көздерінде мұң да бар…

 

Ұлт жолында қажымастан  еңбек еткен екеуі,

Екеуі де лапылдаған жанып тұрған от еді.

 

Жол бастаған Алашының  Серкелері болатын,

Қай жағдайда ұлтпен өсіп, ұлтпен бірге толатын.

 

Ахаң ұлтын ұйқыдағы «Маса» болып шағатын,

Жақаң болса, «Оян, қазақ!» деп бірінші шабатын.

 

Екі тұлға шын мәнінде – тіреуі еді ұлтының,

Ал жаулары екеуіне даярлаған мылтығын.

 

Ахаң болса, Қазағының Әліппесін жасады,

Жақаң болса, ақ жүрегін өз ұлтына ашады.

 

Ұшан-теңіз болатын-ды  екеуінің білімі,

Қай заманда қадыр тұтқан Ұлы ғана — Ұлыны!

 

Екеуі де – өз ұлтының Азаттығын көрмеді,

Ешқашан да қолдарынан ұлт  намысын бермеді.

 

Арман етті ұлы ойларын барша  Түрік халқының,

Туы болды екеуі де ұлттық ғұрып-салтының.

 

Көк Түріктің сарбаздарын екеуі де үлгі етті,

Ұлт жолында бұл пәниден екеуі де бірге өтті.

 

Қайда болса құтылмаған  жендеттердің торынан,

Екі боздақ өлтірілді қызылдардың қолынан.

Олар  өлді, бірақ ұлты  аман жетті бүгінге,

Ұйықтап жатыр екі боздақ қос бәйтерек түбінде…

 

Біздің қазақ біліп айтқан:

«Текті, – дейді, – Тектіні!»,

Ұлт қолында желбірейді

Көк Түріктің көк туы!..

 

МҰҢ-ДӘРІ

(Элегия)

Рас, соңғы жылдары –

Қозды ненің жындары?

«Айтып, айтпай не керек»,

Болды дертке Мұң-дәрі.

 

Алда көрер күн аз ба,

Алда көрер түн аз ба?

Құрғыр жасың тоқтамай,

Келген сайын біразға,

 

Жоғалтқанын жоқтамай,

Ой жүйткиді тоқтамай.

Сүйегімнен өткендей

Бір ызғырық соққаны-ай.

 

Марқайтардай әр ісі,

Кім ұлтынын арысы?

үміт пенен күдіктің

Басталғандай жарысы.

 

Қажып, талып, терлеймін,

Өзімді өзім тергеймін.

Күнде таңның бозынан

Мүлдем ұйқы көрмеймін.

 

Өз-өзіммен таласып,

Санаспаспен санасып,

Ой-орманның ішінде

Жүрем жалғыз адасып.

 

Алға баспай қадамым,

Бір тоңып, бір жанамын…

Әр күн сайын ой-орман

Құрсауында қаламын.

 

Мүмкін болмай мүмкіні,

Жайым болмай күлкілі,

Құлазыған көңілмен

Адасамын күн-түні.

 

Бұлдамасын бұлдады,

Кімді кімі тыңдады?

Айтып айтпай не керек,

Емім бүгін: Мұң-дәрі…

Жұмаш Кенебай-Көкбөрі




ПІКІР ЖАЗУ