ҚАЙЫМ және АЛАШ ИДЕЯСЫ

ХХ ғасырдың басында Алаш Орданың туы тігілген бүгінгі Семей өңірі – қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртқан қасиетті мекен. Бұл қала Алаш қозғалысына қатысты саяси, экономикалық, тарихи-әлеуметтік және мәдени-рухани маңызы жағынан айрықша рөл атқарғаны баршаға мәлім. Қазақ халқында «Алаш десең – Семей, Семей десең – Алаш» деген қанатты сөздің қалыптасуы да тегін емес.

Адамзат тарихында тектілік пен ерлік сирек ұшырасатын қасиеттердің қатарында. Табиғаттағы асыл тастар секілді, асыл текті тұлғалардың да саны шектеулі. Солардың бірі – ғалым, қоғам қайраткері, қайсар мінезімен әрі қаһармандық болмысымен дараланған тұлға Қайым Мұхамедханов. Елге адал қызмет еткен Қайымдай қайраткерден тәлім-тәрбие алу – үлкен рухани мектеп.
1990 жылдардың басында Қазақстан идеологиялық дағдарысқа тірелген кезеңді бастан кешірді. Сол тұста ұлттық идея мен тарихи сананың салмақты, өткір әрі айқын тұжырымы ауадай қажет болды. Дәл осындай сын сағатта Қайым Мұхамедхановтың: «Алаш аманатына адал бол!» деген бір ауыз сөзі көптеген азаматтарға рухани тірек болды. Алаш аманатына адал болу – бүгінгі ұрпақтың тарихи әрі азаматтық парызы.
1989 жылдан бастап Семей қаласындағы Н. Крупская атындағы педагогикалық институтта Қайым Мұхамедхановтың дәрістерін тыңдадық. Ол кісі: «Мен туған 1916 жыл – ұлт-азаттық көтеріліс басталған жыл. Мен сол күрестің ұраншысы ретінде қаңтардың қақаған аязында дүниеге келіппін», – деп айтатын. Ол кезде ғалымның жасы 74-те болса да, қимылы ширақ, жүріс-тұрысы жинақы еді. Үстіне қара костюм киіп, жағасы крахмалданған ақ көйлек пен жарасымды галстук тағатын. Біз оны нағыз «интеллигент» ұғымымен байланыстыратынбыз. Қайым аға дәрістен тыс уақытта Алаш арыстары туралы әңгіме қозғап, Алаш Орданың мекемелері орналасқан тарихи ғимараттарға апарып, олардың тарихын егжей-тегжейлі түсіндіретін. «Абайдың жасына келгенде, Алашқа айнымастай бет бұрарсыңдар. Естеріңде болсын, Семей жерінде олардың табанының табы ғана емес, маңдайының тері де, қаны да төгілді», – деп ескертіп отыратын. Осылайша біз Алаш әлеміне тереңдей ендік. Ол бізге Алаш ұлт-азаттық қозғалысын жан-жақты таныстырды. Алаш арыстарының шығармашылығын, тағдырын, қызметін толық дерлік Қайым Мұхамедханов арқылы ұқтық. Ол әңгімесін Әлихан Бөкейханнан бастап, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов және басқа да Алаш арыстарының өмірі мен қызметін сан қырынан тарқатып беретін. Алаш партиясының құрылуы, оның мүшелері, мақсат-мұраты туралы нақты деректермен баяндайтын. Сонымен қатар Көкбай, Тұрағұл және өзге де Абай айналасындағы тұлғаларды түп-түгел түсіндіретін. Кейде бізге әзіл-шыны аралас: «Сендер КГБ-ның адамдары емессіңдер ме?» – деп сұрайтын. Бұл сөздің астарында оның өзі 25 жылға сотталған тағдыры, кеңестік қуғын-сүргіннің елесі жатқаны аңғарылатын. Үйінің төріндегі үлкен кілемнің астында жасырылған 500-600-ге жуық кітаптың бірін суырып алып, бізге оқып беретін. Алаш арыстарының қолында болған барша еңбектерді жатқа білетіндей көрінетін. Ол ешқашан жалықпайтын.
Жалпы Алаш туралы сөз қозғалғанда, ең алдымен қазақтың тұңғыш алаштанушы ғалымы Қайым Мұхамедхановтың есімі аталады. «Алаш» пен «Қайым» ұғымдары өзара егіз түсінікке айналған. Қайымның бүкіл өмір жолы Семеймен, Алашпен біте қайнасып жатыр. Оны жеке дара елестету мүмкін емес, себебі оның артында тұтас Алаш арыстарының рухани әлемі көрініс табады. Семей – Алаштың жүрегі болса, Қайым Мұхамедханов – сол жүректің қайсар рухының рәмізі. Семей десе – Алаш, ал Алаш десе, Алаш арыстарының көзін көріп, ізін жалғаған тұлғалардың бірі – Қайым ағаның еске түсетіні сондықтан. Ол Алаш мұрасын жинап, жүйелеп, жазып, халыққа танытқан бірегей ғалым болды. Семейдің рухани өмірінде Қайым араласпаған сала кемде-кем. Оның мол мұрасын жинақтау – өз алдына іргелі ғылыми жұмыс. Алаш арыстары ақталған кезеңде Қайым Мұхамедханов бейне бір өмір бойы осы сәтке дайындалғандай, мақалаларын бірінен соң бірін жариялап, Алаш туралы барша деректерді ғылыми айналымға енгізді. Бүгінде біз мақтан тұтатын Тәуелсіздіктің негізін қалаған кімдер еді? Әрине, алаштықтар. Қазақстанда тұңғыш рет Алаш арыстары туралы жарық көрген кітап та – Қайымның еңбегі. Осыдан кейін ғана Алаш тақырыбы ұлттық санада кеңінен қозғала бастады. Ол Алаш ұлт-азаттық қозғалысының тарихын, Алаш арыстарының өмір жолын, еңбектерін, шығармаларын, тіпті әрбір өлеңі мен әніне дейін түгендеп, халыққа жеткізді. Алаш ұғымы – философиялық немесе абстрактілі түсінік емес, ол қазақтың ұлттық идеясының нақты көрінісі. Сондықтан Алашқа қатысты айтылған әрбір сөз салмақты әрі жауапты болуға тиіс. Осы тұрғыда Семей қаласының «Жаңа Семей» ауданын тарихи атауы «Алаш» деп қайта атау, облыстық өлкетану музейіне Қайым Мұхамедхановтың есімін беру орынды. Семейдегі «Алаш аралының» тарихи атауы – Түйемойнақ. Бұл мекен Алаш руханиятының маңызды орталығы болған. Мұнда Мұхтар Әуезовтің пьесалары қойылып, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілдерінің бірі, дүлдүл әнші Әміре Қашаубаев Түйемойнақта әуелете ән салған тарихи тұлға ретінде белгілі. Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының ұлы Тұрағұл Абайұлы да Алаш ұлт-азаттық қозғалысының белді мүшелерінің бірі болды. Тұрағұл Абайұлы жай ғана қатардағы тұлға емес, Алаш арыстарымен терезесі тең дәрежеде тұрған, ғылыми ой-парасаты жоғары, зиялы адам еді. Сонымен қатар, ол Абай мектебінің шәкірті ғана емес, сол мектептің қалыптасуы мен дамуына тікелей үлес қосқан қайраткер ретінде танылды. Ал осы аталған тұлғалардың өмірі мен қызметін қайта жаңғыртып, олардың әрбір сәтін, тіпті минутына дейін нақты деректермен жүйелеп, қолмен қойғандай дәлдікпен жазып қалдырған кім деген сауал туындайды. Бұл міндетті абыроймен атқарған тұлға – Қайым Мұхамедханұлы.
Эфиопия халқының тарихи-мәдени дәстүрлерінде отанға деген ерекше құрметті білдіретін ғұрып бар екендігі белгілі. Олар елге келген қонақтарды шығарып салу кезінде, кеме бортына мінер сәтте аяқ киімдерін шешкізіп, табанындағы топырақты толық тазартып береді. Бұл әрекеттің себебі туралы сұралғанда: «Бұл топырақта ата-бабамыздың қаны мен маңдай тері бар. Эфиопияның топырағы Эфиопияда қалуға тиіс», – деп жауап береді екен. Мұндай отаншылдық сезім – туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Туған жерді сүю ата-бабадан қалған қасиетті топыраққа құрметпен қараудан басталатыны көптеген халықтардың дәстүрлерінен де байқалады. Қайым Мұхамедхановтың дүниетанымы мен өмірлік ұстанымы да осы қағидамен үндес болды. Оның Карлагта жазылған «Тарта көр, Семейімнің топырағы…» атты өлеңі туған жерге деген сағынышты, жер киесіне деген терең құрметті айқын бейнелейді. Түркілік және қазақы дүниетанымда «бір уыс топырақ» ұғымы туған жер киесінің, ата-баба рухының рәмізі.
Көрнекті ғалым, ұлт руханиятының ірі тұлғасы, ұстаз, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ КСР гимнінің авторы, Абайдың мемлекеттік музейін ұйымдастырушы, абайтану, шәкәрімтану, әуезовтану, алаштану, мәтінтану ғылымының біртуар тұлғасы Қайым Мұхамедхановтың мінез-құлқы қыран бейнесімен салыстыруға лайық болды. Ол әділдікті ту еткен, талапшыл, бірақ ақыл-парасатты жоғары бағалаған қайсар тұлға ретінде танылды. 1939 жылдан бастап ол «Абайдың ақындық мектебі» тақырыбын жүйелі түрде зерттеп, «Абайтану» ғылымының негізін қалады және «Абайдың әдебиет мектебі» атты іргелі еңбегін жариялады.
Қайым Мұхамедханов Абай музейінің іргетасын қалаған негізгі тұлғалардың бірі болды. Алайда музей құрылған алғашқы кезеңде басқару жүйесі толықтай советтік партиялық құрылымға бағындырылып, басшылық қызметтерде тек коммунистер ғана отырды. Музей ісін басқару формальды түрде партиялық нұсқауларға сәйкес жүзеге асырылды, ал кәсіби және ғылыми даярлығы жеткіліксіз адамдар жетекшілік қызметтерге тағайындалды. Осы жағдайға қарамастан, музейдің нақты ғылыми-зерттеу, ағартушылық және ұйымдастырушылық қызметтері іс жүзінде Қайым Мұхамедхановтың тікелей еңбегімен атқарылды. Ол экспозицияларды дайындау, мұрағат материалдарын жинау, Абай мұрасын жүйелеу және оны көпшілікке таныстыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргізді. Ресми басшылық құрылымының партиялық сипатына байланысты Қайым Мұхамедханов ұзақ уақыт бойы жетекші лауазымға тағайындалмай, аға ғылыми қызметкер мәртебесінде қызмет атқарды. Тек 1947 жылы академик Қаныш Сатбаевтың жарлығымен Қайым Мұхамедханов ресми түрде музейдің директоры лауазымына тағайындалды. Совет Одағы құрамындағы мемлекеттердің мемлекеттік гимндерінде халықтың тарихи өткені мен ұлттық ерлік дәстүріне тікелей сілтеме жасалмайды. Ал Қайым Мұхамедханов сол кезеңдегі қатаң идеологиялық талаптарға қарамастан, гимн мәтінінің алғашқы жолына қазақ халқының батырлық сипатын білдіретін «Ер қазақ» деген тұжырымды енгізуге қол жеткізді. Бұл факт ұлттық тарихи сананың көрінісі ретінде және кеңестік идеологиялық шектеулер жағдайындағы мәдени қарсылықтың маңызды мысалы ретінде ғылыми тұрғыдан бағалануға тиіс. «Ер қазақ» және «Қайым» деген –егіз cөздер.
Бұл ғылыми жолда ол өзінің өмірін қатерге тігіп, ауыр сындардан өтті. Біз Қайым ағадан Карлагтағы заңсыз сот процестері мен көрген қиындықтары туралы сұраған кезде, ол: «Оны қайтесіңдер?» – деп қысқа ғана жауап қайыратын. Алайда 2000 жылы 85 жасқа толған мерейтойы қарсаңында ол Карлагтағы ауыр кезең туралы байыппен баяндап берді. Қайым Мұхамедхановпен бірге Карлагта жазасын өтеген ғалым Л. Н. Гумилев өз естеліктерінде: «Мы учились мужеству в Карлаге у Каюма», – деп жазуы Қайымның қайсар мінезін айқын көрсетеді. Осы деректерден оның «Қайсар» («Несломленный») деген лақап атының қалыптасу себептері анық байқалады. Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы – ұлтқа үлгі болатын тағдыр.
Кемел ойлы кемеңгер Қайым Мұхамедхановтың шығармашылық мұрасы аса кең әрі көпқырлы. Оның 1938 жылы жазылған «Жамбыл» атты толғауы, 1940 жылы Абайға арнап жазған «Орындалған өсиет» поэмасы қазақ әдебиетінің құнды туындыларының қатарында. Сонымен қатар, ол аудармашылық қызметпен де айналысты. Әзірбайжан драматургі У. Гаджибековтің «Аршин мал алан» (1941) және татар жазушысы Ғ. Камалдың «Қажы Әпенді үйленді» (1967) пьесаларын қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ Н. М. Карамзиннің «Бедная Лиза» шығармасын өлең түрінде тәржімалады. Қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейін Шәкәрімді рухани ұстаз тұтқан тұлғалардың бірі де – Қайым Мұхамедханов. Оның «Майданнан, майданға», «Ер Білісай», «Толқын», «Комиссар Ғаббасов» атты драмалық шығармаларының ішінде «Комиссар Ғаббасов» пьесасы 1960-1980 жылдары Семей қаласындағы Абай атындағы музыкалық драма театрында сахналанды. Бұл шығарма әртүрлі редакцияда Қазақстанның халық артистері Бәйтен Омаров пен Есмұхан Обаевтың режиссерлік шешімдерімен қойылды. Қазақстан көлемінде Жамбылға арналған поэма байқауында Қайым Мұхамедханов бірінші орын иеленді. Алайда оның ақындық қыры бүгінгі күнге дейін толыққанды ғылыми тұрғыда зерттелмей келеді. Қазіргі зерттеулерде негізінен ғалым Қайым, зерттеуші Қайым тұлғасы қарастырылып, оның ақындық мұрасы тасада қалып отыр.
Қайым Мұхамедхановтың алғашқы ұстазы – Хайролла Ибрагимов. Ол Алаш мектептерінің алғашқы директорларының бірі болған. 1917 жылы Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесін тәмамдағаннан кейін Семей өңірінде қызмет атқарды. Ақымет Байтұрсынұлымен тығыз қарым-қатынаста болған. Оның сол кезеңге қатысты фотосуреттері қазіргі уақытта жарияланып, ғылыми айналымға еніп отыр. Сол суреттердің бірі 1989 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Суреттің сыры» атты мақала арқылы жарық көрді, мақаланың авторы – Қайым Мұхамедханов. Аталған фотосуретте Хайролла Ибрагимовпен қатар Тайыр Жомартбаев, Мәннән Тұрғынбаев, Ахмет Мәметов сынды ірі тұлғалар бейнеленген. Қайым Мұхамедханов өзінің бастауыш білімді дәл осы Хайролла Ибрагимовтен алғанын жазған. Ұстаз 55 жыл бойы мұғалімдік қызмет атқарып, 1949 жылы қазақтар арасынан алғашқылардың бірі болып Ленин орденімен марапатталған. Сол кезеңде Қазақстан Жазушылар одағының Семей облыстық бөлімін басқарған әрі «Еңбек» журналының редакторы болған тұлға – Тұрлыхан Хасенов. Ол – әлемнің алты дүркін чемпионы атанған балуан Дәулет Тұрлыхановтың атасы. Тұрлыхан Хасеновтің 1924 жылы «Шаруа жастары» мектебінде білім алғаны жөнінде Қайым Мұхамедханов өз еңбектерінде атап өтеді.
Қайым Мұхамедхановтың тұлғасын дәріптеу ісі бүгінгі таңда жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2008 жылы Алматы қаласында «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қоры құрылды. Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде арнайы кабинет ашылып, жоғары оқу орындарында «Қайымтану» пәні енгізілді. Ғалым тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, Абай атындағы кітапхана жанында монументалды стелла бой көтерді. Стеллада Қайым Мұхамедхановтың «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған…» деген аманат сөзі жазылған. Жазықсыз 25 жылға сотталып, Карлагтың азабы мен тозағын бастан өткерсе де, рухы сынбаған Қайым Мұхамедхановтың қайсар бейнесі Семей қаласының рухани кеңістігінде асқақтап тұр. Ақ түспен қабаттасып, төмен қарай сорғалаған татты темір элементтері Қайым Мұхамедхановтың тағдырына жабысқан қатал заманның зұлымдығын көрсетіп тұр. Стелланың оң қанатында Қордайдың қызыл гранитімен көмкерілген пилондар орналасқан. Бірінші пилон «халық жауының әйелі» тақырыбына арналған. Бұл композиция зұлмат жылдарда жарынан безбеген, сатпаған, балаларын қиындықтан аман алып шыққан әйел-аналардың ерлігін бейнелейді. Мозайка ортасында ұлттық киімдегі әйел бейнесінің жас шағы көрініс тапқан. Қара қошқыл түстер мен опырылған шаңырақ зұлмат кезеңдегі отбасы қасіретін айшықтайды. Мозайканың бытыраңқы құрылымы – саяси репрессия салдарынан бөлшектенген тарихи ақиқаттың рәмізі. Орталық пилонда алтын әріптермен «Қайым Мұхамедханов» деген жазу және қыран мен бөрі бейнеленген медальон орналасқан. Бұл – ақиқат пен жалғанның, еркіндік пен зорлықтың мәңгілік күресінің көркем бейнесі. Оң қанаттағы айбатты барыс Сталиндік зұлматқа қарсылықты білдірсе, оның жанында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы және жас Мұхтар Әуезов бейнелері орналасқан. Бұл бейнелер – Алаш арыстарының жиынтық рәмізі. Найзаға шаншылған Қайым бейнесі тағдыр ұғымын, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының тарихын, ұлт тағдырын білдіреді. Бұл – Қайым Мұхамедхановтың да тағдыры. Ол 25 жылға сотталды. Оның әкесі Мұхамедхан 1937 жылы 24 қарашада 67 жасында тұтқындалып, 2 желтоқсанда ату жазасына кесілді. Мұхамедхан Алаш қаласындағы Тыныбай мешітінде дәріс оқыған, ірі ғұлама әрі діндар тұлға болған. 1917-1918 жылдары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш арыстары Мұхамедханның үйінде жиі бас қосқан. Қайым Мұхамедханов «Ұлы ұстаз, қамқор жан» атты мақаласында Алаш арыстарының ортасында өсіп, олардың әңгімелерін, Ақыметтің «Ардағым», Жүсіпбектің «Қызыл бидай» әні мен Әміренің әндерін тыңдап жетілгенін жазады. Сол жиындарда болашақ Қазақ мемлекетінің азаттығы туралы мәселелер де көтерілген. Осындай рухани ортада тәрбиеленген Қайым Мұхамедханов Алаш мұрасының шынайы жоқтаушысы әрі оны кейінгі ұрпаққа жеткізуші тұлға болды.
Қазақстан Республикасының бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бір кездегі «Мұхамедханов… Кто это?» деген пікірі тарихи контексте қарастырылса, қазіргі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішін ашып, оны «ұстаз бен шәкірт, аға мен іні арасындағы рухани бірліктің рәмізі» деп бағалауы Қайым Мұхамедхановтың ұлттық тарихтағы орнын айқындай түседі.
Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен қызметі Алаш идеясына адалдықтың, ұлттық сана мен тәуелсіздік жолындағы күрестің үлгісі ретінде тарихта мәңгі сақталады. Ол күшке емес, ақыл-парасат пен әділдікке сүйенген тұлға ретінде бағаланады. Бүгінгі ұрпақ Алаш арыстарының рухы алдында тағзым етіп, олардың алдындағы тарихи қарызын сезінуге тиіс. Себебі Алаштың тарихи құны әлі де толық өтелген жоқ. Алаш аманатына адал болу – ел мен жер, тарих алдындағы ортақ жауапкершілік.

 

Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,
алаштанушы




ПІКІР ЖАЗУ