ҚАЙЫН АТА МЕН КЕЛІН

Екінші дүниежүзілік соғыстың тұсында қазақ халқының ерлік даңқын асырған қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы кітап Александр Бектен басталып, Әзілхан Нұршайықов, Мекемтас Мырзахметұлы, Мамытбек Қалдыбайұлы, Мархабат Байғұт, Төлеген Қожекеев, Нұрмағанбет Қапышев қатарлы қаламгерлердің шығармаларымен жалғасты.
Соғыстан кейін бейбіт өмір салтына көшкен батырдың өзі де қолына қалам алып, «Ұшқан ұя» мен «Москва үшін шайқас» және «Соғыс психологиясын» жазды. Бұл туындылардан біз қарағайдың қарсы біткен бұтағы, көкбөрі рухты көкжал Бауыржанды көреміз.
Ал, «үлкен үйдің» қадамына құт дарыған келіні – жазушы Зейнеп Ахметованың естелік-эсселері болса, бізге әулет иесі, киелі шаңырақтың алтын діңгегі – әулие тектес қадірлі ата туралы ғибратты сырлар шертеді.
Биыл қайын ата – Бауыржан Момышұлы 115 жасқа келсе, атасының алтын келіні, бүгінде Момышұлы әулетінің әжесі болып отырған жазушы Зейнеп апай сексен жастың сеңгіріне көтеріліпті. Осы орайда біз жазушының «Қайын ата мен келін» атты шағын әңгімесін оқырманмен қайта қауыштыруды жөн санадық.

 Мен келгенде Бәкең асүйде сусын ішіп отыр екен. Көздері бір түрлі күлімдеп, жүлдеге түсер жүйріктей өзінен-өзі желпініп тұр. Кездейсоқ алтын көмбенің үстінен түскендей лепіріп:

– Мен саған өмірі естіп көрмеген, басқа жерден, басқа біреуден естуің мүмкін емес, ести де алмайтын, өзгенің түсіне де кірмейтін бір нәрсені айтып берейін бе? – деді. Кез келгенге желп ете қоймайтын адамның жел ұшырған ебелектей жеңілтектеніп кеткені қызық көрінді.

– Айтқын. Құлағым сенде, – дедім.

– Әлгінде сөзден-сөз шығып әңгімелесіп отырғанда «Дарвинизмде оны былай түсіндіреді…» деп бір нәрсеге дәлел айтпақшы болып едім, папам сөзімді шорт кесіп, тоқтатып тастады да: «Оның не дегенін маған айтпай-ақ қой. Дарвин екеуміздің сорпамыз үш тұрмақ, мың қайнаса да қосылмайды. Дарвин произошел от обезьяны, а я от волка!» – дегенде алдымен ішек-сілем қата күлдім. Күлуін күлдім, бірақ бұл – сұмдық күшті сөз, ешкім ешқашан айтпаған, адам таңғаларлық сөз. Тура… Как молния… Әлемді аралап кеткен дарвинизм ғылымын түкке алғысыз етіп тұр. Адам маймылдан жаралған дейтін құдайсыз идеяның күл-талқанын шығарды деуге болады. Сен білесің бе, мұның не екенін? Революция бұл! Ерте-ерте заманда бүкіл бір елді жау қырып кетеді. Сонда төңкерілген қазанның астында кішкентай сәби ғана аман қалған екен. Баланы көк бөрі үңгіріне алып кетіп, емізіп, бағып-қағып, асырапты. Сол бала ержеткенде бөрі тектес, бөрі мінездес, қайтпас қайсар, ержүрек, намысты, басы иілмейтін өркеуде, кесек тұлға болыпты. Ол ел-жұртының да, ата-анасының да кегін қайтарыпты. Қайтарып қана қоймай, үлкен мемлекет құрыпты. Бұл – Көктүркілер дәуірі. Көктүркілер бөріні кие тұтып, өздерінің туларына бөрі басының суретін алтын-күміс жіптермен тігіп қойған екен. Біз – сол көктүркілердің ұрпағымыз, – деп біраз жерге кетіп қалды.

Мен бұл аңызды  Бәкең айтқаннан толығырақ білсем де, сөзін бөлмедім. Ол әңгімесін жалғастыра берді:

– Көкбөрі біздің, яғни түркілердің киесі екенін орыстар да жазған. Олар қасқыр асыраған баланың атын Ашина деп атайды. Орыстар Қытай шежірелерінен алған. Содан оның негізгі аты өзгеріске түскен болуы керек. Жарайды, маңыздысы ол емес. Әңгіме біздің тотем – көк бөрі туралы. Адамдар «аң патшасы» деп жүрген арыстанды, алыптығынан адам сескенер пілді циркте ойын көрсетуге үйреткенімен, бөріні иліктіре алмады. Қолға асырауға көнбейді. Етінен ет кесіп алса да, өзіне билік жасағысы келетіндерге бағынышты, жалынышты болмайды. Ит секілді мейірім күтіп қыңсылауды білмейді. Өледі, бірақ өзгенің айдағанына жүрмейді. Көктүркілердің бүгінгі ұрпағы көп өзгеріске ұшырап, бұл күнде майдаланып кеткенбіз. Бірақ киесіне тартқан, киесі қолдап-қоршап жүрген адам екеу болса, соның біреуі, жалғыз болса, соның өзі – ол менің әкем. Өкінішке қарай, құдай маған ондай қасиеттерді бермепті. Мүмкін кейінгі ұрпақтарынан шығар ма екен, кім білсін?.. – деп Бәкең орнынан тұрды да, балконға шылым шегуге кетті.

Ол әңгіме айтып отырғанда менің де есіме бірнәрселер түсіп, сөзге кіріспекші едім, Бәкең өзі сөйлеп, өзі тамамдады. Алайда жас кезімнен білетін Сүйінбай ата Аронұлының:

Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым!

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым! – деген жыр шумағы әлсін-әлсін тіліме орала берді.

…Ұйқыдан оқыс шошып ояндым. Жүрегім қабына сыймай бара жатқандай тарсыл қағып жатыр. Бүкіл өне бойым дірілдеп, әлгіндегі тосын түстің әсері басылар емес. Терезеге көзім түсіп еді, таң рауандапты. Ұйқым ашылғанымен, орнымнан қозғалуға сескенетін секілдімін. Толқыған жүрек дүрсілін тыңдап біраз жаттым. Осыным бекер болды, тұрып кету керек еді. Енді жатқан сайын, жігерімді өткір бірдеңемен қырнап жатқандай, бойымды бір әлсіздік меңдеп барады. «Тұру керек… Тұру керек» деймін іштей, бірақ төсек тартып, жібермейтіндей. «Е, Алла, өзің қуат бере гөр!» – деп ақыры тұрып кеттім. Теңселе басып, сүйретіліп келіп, беті-қолымды мұздай сумен жудым. Кішкене сергіп қалғандаймын. Япыр-ай, бұл неткен түс? Мұндай да болады екен-ау!..

Иығыма түбіт шәлі жамылып, балконға шықтым. Даланың тынымсыз тіршілігі әлі бастала қоймаған. Таңғы тәтті ұйқының құшағында адамдардың қамсыз маужырап ұйықтап жататын кезі. Айналама көз салып біраз тұрдым. Күздің қара суығы денемді тітіркендіре бастаған соң, ішке қайта кірдім. Асүйге келіп, қолымды шайып, нан илеуге кірістім. Иі қанған қамырды жетіге бөліп, жайдым. Май қыздырып, шелпек пісірдім. Мұның бәрін тәптіштеп айтқаным, осыны ойсыз, белгілі бір мақсатсыз, қолдарым өзінен-өзі істеп жатыр. Таң атпай жасап жатқан бұл тірлігімді түсіндіріп айта алмаймын. Әйтеуір көңілім алаңдап, тыныштық таппай, басыма жүйесі бар жұбанарлық ой да келмей, бір түсініксіз күйдемін.

Ертеңгі шайға керек дастарқан мәзірін дайындап, үстін орамалмен жауып, өзім үстел шетіне отырып көзімді жұмдым. Осылай қанша отырғанымды білмеймін, бір кезде атаның жөтелгенін анық естідім. Өйткені көзім жұмулы болғанымен,  ұйықтап отырғаным жоқ. Ақырын шығып қарасам, атаның бөлмесінің есігі ашық тұр да, ваннаның шамы жағулы. Шамалы мерзімде ата жуынып бері шықты. Күндегі дағдымен сәлем рәсімін жасап, қайырлы таң айттым.

– Сонша ерте тұрғаның не? Сағат жаңадан алты болды ғой, – деді ата. Төмен қарап үндемедім.

– Не болды?

– Ештеңе. Ертеңгі шай дастарқанын дайындап қойдым. Сізді күтіп…

– Ұйқыдан ояна салып менің ештеңе ішпейтінімді білесің ғой.

– Шелпек салып едім…

Ата екіұдай ойдың қайсысына тоқтарын білмегендей, үнсіз бөгелді де, маған біртүрлі күмәнді көзбен қарады. Әйтсе де, асүйге келіп, дастарқан басына отырды. Шелпекті көрген соң, күбірлеп қысқа дұға қайырып, бет сипады. Ата шелпектің шетінен бір үзіп жеді де:

– Әй, қарағым, сен әдетте шелпекті бейсенбі не жұма күні салушы едің. Бүгін күн сенбі емес пе? Не жағдай болды? Қане, айтқын!

…Көк майсаға оранған тамылжыған жаз күні екен. Алыстан бұйра белдер, одан ары қарлы таулар көрінеді. Өзім алты қанат келіскен ақбоз үйдің алдында тұрмын. Жай тұрғам жоқ, бір жақтан келуі керек атаны күтіп тұрмын. Алайда ата мен көздеп тұрған жақтан емес, басқа тұстан келіп қалды. Енді солай қарай бұрылмақшы болғанымда, қайдан шыққаны белгісіз, тайыншадай дәу көк бөрі атаның алдын орай, тура маған жақындағанда: «А-а-а-!» – деп айқайладым. Сөйтсем, дауысым жоқ, ышқынғанмен үнім шықпайды. Бөрі жай көк емес, қаракөк секілді. Екі құлағы тікірейіп, көздері от шаша, маған суық қарайды. Бүкіл жан дүнием түршігіп, үрейім ұша атаға қараймын. Ата маған «бөріге үш рет сәлем сал» дегенді қолымен ымдап көрсетеді. Осылай етсем жаным қалар деп дірілдеген денемді зорға игеріп, оң тіземді басып, үш қайтара сәлем жасадым. Сол мезетте бөрінің жанарындағы қорқынышты от сәл-пәл жылығандай болды да, қайтып бұрылмай, тәкаппар басып, алдымнан өте берді. Атаның «қорықпа, қорықпа» деген үні құлағыма келді. Бірақ буын-буыным босап, аяғыма ие бола алмай, жерге тізерлеп құлай бере, оянып кеттім…

Ата едәуір уақыт үнсіз отырды. Бір кезде:

– Көзіне көзің түсті ме? – деп сұрады.

– Иә, тек қас-қағым ғана, – дедім.

– Бұл бір тылсым түс екен. Көк бөрі біздің киеміз ғой. Ешкімге айтушы болмағын. Мен түс жорымаймын, дегенмен осы түстің сырын кейін бір түсінерсің. Нәтижесін де көрерсің, – деп жұмбақтай сөйледі де, орнынан шұғыл көтерілді. Есікке жете бере бүкіл денесімен бұрылып, маған тесіле қарағанда, түсімдегі көк бөрінің шоқтай жанған жанарын көргендей болдым. Жүрегім солқ етті. Ата қайтып қайырылған жоқ, тез басып шығып кетті.

Мен ылғи өзімнің қиялшыл, әсершіл мінезімнен болар-болмасқа да ойсырап қалатын әлсіздігімді мойындаймын. Сөйте тұра, ұрынып жүремін. Атаның жаңағы астарлай сөйлегені, әдейі бұрылып шаншыла қарағаны түсініксіз тосын түстің жауабын одан ары ауырлатып жібергендей. Онсыз да таң атпай санам санға бөлініп, сансырап, бойымды жинай алмай, дел-сал болғаным аздай… Анам марқұм: «Түс мойыны бос» деген, түсті жақсылыққа жору керек. Түнде көрген түсті күндіз шашыратып, әркімге айтуға болмайды», – деп көрген түсімді жорып беруші еді. Ата да «ешкімге айтпа» дегенімен, түсімді жорымады. Мен үміттеніп едім, көңілімдегі түйіншектің түйіні шешілмеген күйі қалды. Егер мұның бәрін қайтадан ежіктеп ойлай бастасам, шығар жолы қиын, ну жынысты қара орманға кіріп кетерім анық. «Тіл – буынсыз, ой – түпсіз» демей ме білетіндер. Сондықтан «өзімді бір түс үшін қажай бермейін, көргенімді де ешкімге тіс жарып айтпайын, тек күнделігіме түсірейін» деген шешімге тоқтадым да, «1973 жыл, қарашаның 24 жұлдызы, сенбі…» деп жаза бастадым.

* * *

Атаның бір кезде «Дарвин произошел от обезьяны, а я от волка» дегені бұл күнде кең таралып, қанатты сөзге айналып кеткен. Естеріңізде болса, осы сөз айтылған күннің, яғни 1973 жыл, қарашаның 24 жұлдызында мен түсімде аса ірі көк бөріні көріп, зәрем ұшып оянғанмын.

Оны атаға айтқанымда: «Бұл бір тылсым түс екен. Көк бөрі біздің киеміз ғой. Ешкімге айтушы болмағын. Мен түс жорымаймын, дегенмен осы түстің сырын кейін бір түсінерсің. Нәтижесін де көрерсің», – деп жұмбақтай сөйледі де шұғыл орнынан көтерілді. Есікке жете бере бүкіл денесімен бұрылып маған тесіле қарағанда түсімдегі көк бөрінің шоқтай жанған жанарын көргендей болдым. Жүрегім солқ етті…».

Бұл үзіндіні әдейі қайталап отырмын. Сондағы көрген түсімді де, атаның сөзін де араға қырық жылға жуық уақыт салып, алғаш рет осы кітапта айттым. Реті келді деп ойлаймын. Атаның сол бір жұмбақтай айтқан түстің «сырын» да, «нәтижесін» де көріп түсінгендеймін…

Мен жазушы да, ғалым да, саясаткер де емеспін. Қарапайым келінмін. Менен әңгіме-сұхбат алатын тілшілердің көбі: «Апай, Үкімет берген қандай атағыңыз бар, қандай марапатқа ие болдыңыз?» – деп сұрап жатады. Сонда мен: «Айналайын, ондайлардан мені құдай сақтап қалыпты. Бірақ ешкімде жоқ, басқаларға бұйырмаған өте жоғары дәрежелі лауазым мен марапатым бар. Ол «Бәукеңнің келіні» деген атақ», – деп жауап беремін.

Кейде мені тым асыра дәріптеп «келіндердің символы» дейді. Өзіме бағыштай айтылған осындай мадақтарды естігенде: «Я, Алла, кешіре гөр!» – деп іштей мінәжат етемін. Өйткені ондай аспандатқан биік мақтауларға сай емеспін. Менікі «күріш арқасында күрмек су ішіпті» дегендей жағдай. Халық ардақтаған ұлы тұлғаның келіні болған соң асырып айтады. Атаға арналған халықтың сүйіспеншілігі мен құрметінің шарапаты маған да тиіп, мені ерекшелеу етіп көрсететін болуы керек. Анығында, қазақ деген іргелі де текті елдің, тамыры тереңге кеткен көне халықтың ішінде Зейнепті он орап, жүз орап алатын небір парасатты аналар, керемет келіндер, құдайға шүкір, баршылық. Кейде әртүрлі кездесу-жүздесулерде үлкен кісілердің өздері: «Шырағым, киелі атаның келінісің ғой, қолыңды алайықшы», – деп өтінгенде көзімнен еріксіз жас шығып кетеді. Бұл менің мықтылығымнан немесе елге сіңірген ерен еңбегімнен емес, атаның сарқытын ішкен, шайын қайнатып берген адам ретінде тәбәрік көргендері. Атаға деген сағыныш сезімдерінің сыртқа шыққан көрінісі. Сонымен қоса, маған жүктелген жауапкершілік деп түсінемін. Шындап келгенде, мені халықтың өзі тәрбиелеп келе жатыр. Кімге кім келін болмай жүр дейсіз, бірақ Момышұлының келіні қалай болуы керек, ел-жұрт оны қандай деңгейде көргісі келеді, міне, соған лайық болуға, ата атына көлеңке түсірмеуге тиіспін. Бұл – менің өмірдегі басты мақсатым әрі өз келініме табыстайтын аманатым.

Атаға келін болу – Жаратқан иемнің менің пешенеме тартқан ғажайып сыйы. Мақтанды демеңіздер, тегінде мен маңдайлы, жұлдызы жанған жанмын. Көргенді де текті ата-ананың аялы алақанында еркелеп бойжеттім. Бақытжандай бір атаның жалғыз ұлына жар болып, қазақ қадірлеген үлкен шаңырақтың келіні атандым. Талайлар бір көруді армандаған ерекше жанның қолына су құйдым. Перзент сүйіп ақ жаулықты ана болдым, немерелер көріп әже дәрежесіне жеттім. Құдай көп көрмесін, бір әйелдің басындағы бақыт менде бар. Әрине, мұның бәрі тер төкпесең, кісілік міндет-парызыңды адал атқармасаң, өзінен-өзі келмейтіні айтпаса да түсінікті.

Былайғы адамдар мені атақты адамның келіні болған соң «жалғанды жалпағынан басып жүр» деп ойлайды. Барлық нәрсем дап-дайын мұқтажсыз өмір сүргендей, кедергісіз тақтақ жолмен зырлап өте шыққандай көреді. Қатаң жүйеге негізделген қоғамға қарсы тұрған қайсар адамның табиғатын, аумалы-төкпелі асау мінезін жап-жас келіннің түсіне қоюының машақаты мен қиындығын басынан өткізген адам ғана біледі. «Отты кім ұстаса, соның қолы күйеді» демей ме халқымыз, алайда ешқашан тағдырыма налып, біреуге шағынған емеспін. Рас, атамен тұрған алғашқы жылы ауыр болды, жасырынып көз жасымды талай төктім де. Бірақ қарсы сөз айтып немесе өкпелеп есікті тарс жапқан жоқпын, үнсіз көтердім. Бұл көнбістік те, жанкештілік те, бейшаралық та емес еді. Құдайдың өзі қуат берді ме, қайратым мұқалып, жүнжіген жоқпын. Атаның айбын-айбарының, ашу-айқайының ар жағында ақ тілеу, таза ниет жататынын, әйтеуір, бір ерекше түйсік-сезіммен ұғып-түсіндім. Кішкентай ғана мысал айтайын, ата оқыстан үстелді сарт еткізіп ұрып: «Көзіме тура қара! Ойыңды ашық айт! Алдыңда қазулы көр тұрса да, шындықты айтудан қаймықпа!» – дейтін. Ол кісінің көзіне тура қарау деген жанып тұрған оттың ішіне түскенмен бірдей ғой. Ата осылай өзінің түрпі мінезіне сай әдістерімен мені «тоқпақтап» жүріп, тіршілік қырларына баулыды, ширатып шынықтырды. Алды-артымды ойлайтын байыптылыққа үйретті. Әдетте, келіндер ене мектебінен өтетін, мен қайын ата университетін бітірдім. Бәкең – Бақытжан Момышұлы: «Келін ененің топырағынан жаралған» деуші еді, сен қайын ата топырағына ұқсап кеткенсің», – дейді. Атаға ұқсау қайда-а-а, әншейін қолпаштағаны ғой. Десе де, атаның алдында жүріп үлгі-өнеге алмау, өмір сабақтарын үйренбеу, көргенің мен естігеніңді көңілге тоқымау мүмкін емес еді. Ата тұнып тұрған шежіре, аса білімді адам болатын. Кім білсін, ата да менің бойымнан бір жылт еткен ұшқынды байқап, соны тұтатуға көңіл бөлген болар. Тіпті өзі мына жалған дүниеден өткенімен ылғи демеп, сүйеп жүретінін анық сезінемін. Сәттілік пен қуанышта асып-тасып кетпеуі үшін, сәтсіздік пен қиындықта жігерім басылмауы үшін атаға жүгінемін әрі іздегенімді табамын. Біреу сенер, біреу сенбес, алайда ата мені бақылап, шалыс басудан сақтандырып, ғайыптан нышан-белгі түсіріп тұрады. Осыған орай бірер ғана мысал айтайын.

…1987 жылы Қызылорда қаласында халықпен кездесуде болдық. Кітап жәрмеңкесіне қатыстық. «Шуақты күндердің» толық нұсқасы шыққан кез болатын. Қаптаған жұрт кезекке тұрып қолтаңба алып жатыр. Адамның көптігінен бе, ұсынған кітаптарға қол қоя беріппін. Жәрмеңкеден келген соң қонақүйдің креслосында отырып қалғып кеткен екенмін… Әлгінде өзіміз болған жерде қалың топтың арасында кітаптарға қол қойып жатырмын. Сол кезде біреу көк желкемнен нұқып қалды. Артыма бұрылып қарасам, ата суық жүзбен сұқ саусағын безеп тұр. Сөйтсем, атаның кітабына қолтаңба жазған екенмін… Оқыс оянып, орнымнан қарғып тұрдым. Бағана аңғармай үлкен ағаттық жасап, қайын ата шығармасына келін басыммен қол қойғанымды, оның атаға ұнамағанын түсіндім. Содан қайтып атаның кітабына не суреті бар жерге қол қоймайтын болдым.

Тағы бірде көшеде алдымнан қарсы кездескен орта жастағы бір әйел: «Әй, сен ана Момышұлының келінісің бе?» – деп төсімді саусағымен түртіп-түртіп жіберді. Аман-сәлемі жоқ, танымайтын адамның сөз мәнері де, кеудеме жабысқан өрескелдеу қимылы да лап етіп ызамды келтірді. «Қателесіп тұрсыз, ол емеспін», – деп бұрылып кеттім. Екі-үш метр жүрдім бе, жүрмедім бе – теп-тегіс жерде етпетімнен құладым. Туфлиімнің өкшесі сынған екен, алғаныма бір-ақ апта болған әдемі шетел аяқкиімі еді. «Қателестім. Өтірік айттым. Оралымсыз мінез көрсетіп көкірек көтердім, кесірлендім. Ең жаманы атаның келіні емеспін дедім…». Осындай өзімді кінәлаған ойлармен үйге келе салып шелпек салдым, дұға оқып құдайдан да, атадан да кешірім сұрап, тәубеге келдім. Сол түні ата түсіме кірді, өңі жайдары екен, кешірген екен деп, шүкіршілік еттім. Екінші қайтып кім жөн сұраса да, сыпайы жауап қататын болдым. Тағы бір жолы Ержан баламыздың көзіне өте күрделі де қауіпті ота (операция) жасалатын болып, қатты уайымдадық. «Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады» демекші, қабырғам қайысып, жан дүнием күйреп кеткендей болды. Таң алдында бір сәтке көзім ілініп кеткен екен, ата түсімде ақ қағазға ма, ақ матаға ма оралған бір шағын затты ұсынып: «Мынаны Ержанға бер! Қорықпаңдар!» – деп, тірі кезіндегі әдетінше жедел бұрылып кетіп қалды. Ертесінде бәрі сәтті өтіп, соңы қайырлы болды. Мен мұндай әңгімелерді айта бермеймін, ал олар менде жеткілікті. Бұл жерде ата рухының желеп-жебеп жүретініне дәлел ретінде бірлі-жарымын ғана айттым.

Бүгінде үлкен мінберлерден сөйлеп, біреуге – «Зәке», біреуге – «Зейнеп апай» атанып танымал болып, талай ортада сый-құрмет көріп жүрген  болсам, оның бәрі атаға тиесілі, атаға арналған деп қабылдаймын. Мен абырой-атақты әдейілеп іздегенім жоқ, тек келіндік міндетімді ата өмірден өткеннен кейін де адал атқаруға тырыстым. Ал атақ атаның атымен бірге келді. Обалды ұғып, сауапты жасау, қанағаттылық пен қарапайымдылықты бойға сіңіріп, кісіге қиянат етпей таза жүріп, ақ сөйлеген адамды Жаратушы ұлы күш те, киелеріміз бен ата-баба аруағы да демеп, Темірқазықтай жол көрсетіп, ауызға сөз салатынына кәміл сенемін…

Зейнеп АХМЕТОВА




ПІКІР ЖАЗУ