Қаламымның ұшынан қаным тамып…
* * *
… Қайран, Жастық, жасындай жанып-өшкен!..
Өте шықтың жұлдыздай ағып өткен…
Құлазыған көңілдің гүлзар бағы
Қазан ұрған ағаштай сәні кеткен!..
Қайран, Жастық!.. Өмірдің сәні ме едің?!.
Сәні ме едің, әні ме ең, мәні ме едің?..
Сырласымдай көруші ем мына әлемді –
Қимасымдай болушы ед бәрі менің!..
Қайран, Жастық!.. Келмеске кеткенің бе?..
Кеткенің бе, шынымен өткенің бе?!.
Көктемімді ұрлады ұры уақыт
Көз жеткізіп күздің де жетпегіне!..
Қайран, Жастық, қайтейін, қош бол енді!..
Бекер ме еді барлығы, босқа ма еді?!.
… Білмеймін батамын ба, қаламын ба –
Ұстаған адамдаймын қос кемені!..
* * *
Біреу Айға ынтық боп, біреу Күнге құмартқан,
Бірді барға мәз етіп, бірді жоқ қып жылатқан…
Бірді шыңға шығарып, бірді орға құлатқан –
Жаратқанның ісіне амал бар ма бірақтан?!.
Тынбай пенде шіркіннің таусылған ба арманы?
Ойында жоқ ешкімнің күннен күннің озбағы…
Көшкен, өшкен ғұмырдың бар ма қайта жанғаны?
Келдің екен – кетесің, Тәңірдің сол жазғаны!..
Алдамшы үміт жетелер сездірмеген салмағын,
Әркім өзі көтерер тағдыр басқа салғанын…
Қарғадайын боқ терген білмейтұғын тойғанын
Тірлікте кім ескерген бұл Фәнидің жалғанын!..
* * *
Қарызым көп мойнымда өтелмеген,
Ертелі-кеш өмірден өтер келген.
Пенде шіркін тыншымай тыным таппас –
Алдамшы арман, қу тірлік жетелеген…
Бұл жалғанға кім келіп, кім кетпеген
Біз де өтерміз дүние-дүрмекпенен.
Гүлзарларға қарашы дірдектеген –
Тырналарға қарашы тізбектелген.
Көктемің де, жазың да, күзің де өтер
Қаһарлы қыс сізді де дірілдетер.
Мың сынбаған шөлмегің бір күн сынып –
Мың өшпеген шырағың бір күнде өшер!..
Көкшолағын тебініп, тепеңдеген
Жанталасып, жанығып жетем деген,
Жан-жағыма көз салып, қайран қалам –
Бір пенде жоқ Құдай-ау кетем деген!..
* * *
Сырт-сырт…
Жылжып,
Жүргені білінбей…
Сырғиды уақыт
Сағаттың тіліндей!..
Сырт-сырт…
Сырғып,
Үнсіз қозғалып…
Ағады уақыт
Ақырын айналып!..
Сырт-сырт…
Мүлгіп,
Қалғыған бөлмеден…
Жүректің үнінен –
Естілмейді өзге әуен!..
Сырт-сырт…
Түртіп,
Жан-жаққа қаратпай…
Асыққан уақыт –
Тоқтайды сағаттай!..
Сырт-сырт…
Дүрс-дүрс!..
Сырт-сырт…
Дүрс-дүрс!..
* * *
Ырық бермей көк тіреген кеудеміз,
Ақыл айтып, жөн сілтейміз елге біз.
Айып көрме артық кетсем, әйтпесе –
Біз де өзіңдей пендеміз.
Кейде сөнбей көңілдегі наламыз,
Өкінеміз, өтінеміз, жазамыз.
Жазылмаған жүректегі жарамыз –
Біз де өзіңдей адамбыз!..
Асық айтқан артық сөзге сенбеңіз,
Біз де сіздей аспанда емес жердеміз.
Қуанамыз, мұңаямыз: өйткені
Періште емес – пендеміз.
Келер күнге үміт арта қараймыз,
Атқан таңды жақсылыққа балаймыз.
Сағынамыз, арыламыз: себебі
Сайтан емес – адамбыз!..
* * *
О, Тәңірім! Не берсең де молдан бер,
Абырой бер, асқар таудай арман бер.
Бақ пен сорды қатар берсең егерде
Құтқаратын қорған бер!..
О, Тәңірім! Не берсең де көп қып бер,
Ұл-қыз берсең көкірегін от қып бер.
Бақыт берсең, байлық берсең көл-көсір –
Көтеретін шоқтық бер.
О, Тәңірім! Не берсең де мол ғып бер.
Ұлтымының алдын даңғыл жол ғып бер.
Не берсең де етек-жеңін кең ғып бер –
Алды-артын тең ғып бер!..
О, Тәңірім! Не берсең де көптен бер,
Ақ алмастай асыл сүйек тектен бер.
Ұмытпасын келгендер мен көргендер –
Айта жүрсін Көк пен Жер!..
* * *
Онсыз да көбі кетіп, азы қалды
Көңілде ұмытылмас сазы қалды.
Азайды құрбы-құрдас, сырластар да –
Бүгінде кім тыңдайды базынаңды!..
Өмірдің көктемі өтіп, күзі қалды
Жанымда жазылмастай ізі қалды.
Сезгенде күз біткен соң не келерін –
Жүрегім қара тастай суынады…
Тірліктің несі бітіп, несі қалды?
Күмәнсіз күн батқан соң түн туары.
Жапырағың жел ұрып шашылады –
Ай жүзіңді қара жер жасырады…
Өмірдің көбі кетіп, азы қалды
Көңілдің жазы көшіп, назы қалды.
Азайды құрбы-құрдас, сырластар да –
Кім енді тыңдар сенің базынаңды?!.
* * *
Есепсіз өткен күндердің, қалқам, есесін
Қайтарсам деппін бекер шын.
Келмеске кеткен жастығың қалай өтелсін? –
Көнесің дағы, нетерсің?!.
Көктем де өтер, алыстап кеткен армандай,
Көңілге, жаным, жетер күз!..
Кеш ұқтық бәрін, айды аңсап жүріп аңғармай
Ақымақ болған екенбіз!..
* * *
Мәңгілік ешнәрсе жоқ, өтеді барлығы да,
Кетеді қуаныш та, өшеді қайғы мұң да.
Көшесің сен де бір күн…
Амал не, шараң қайсы?! –
Нетерсің, не қыларсың тәңірінің жарлығына?!.
Мәңгілік ештеңе жоқ, күн батса түн шығады…
Жанды ма – сөнері хақ жүректің нұр шырағы.
Тынады тірлік біткен, сөнеді, тыншығады
Таусылар тыныс дем де…
Иә, хақ тұншығары!..
Мәңгілік ештеңе жоқ… Өледі, жоғалады:
Өмірдің өзенімен талайлар ағады әлі.
Құриды әлі талай тірліктің қара қаны –
Ұлиды әлі талай қайғының ғазал әні!..
Мәңгілік ешнәрсе жоқ, өтеді барлығы да,
Кетеді қуаныш та, өшеді қайғы мұң да…
Көшесің сен де бір күн…
Амал не, шараң қайсы –
Нетерсің, не қыларсың Тәңірінің жарлығына!..
* * *
Сергелдең болдым сенделіп,
Сабылып босқа шаршадым.
Алдады арман, ақ үміт
Айналам тұнған сар сағым!..
Таусылды тағат-төзімім,
Қырқылды қиял-қанатым
Өтеусіз өткен өмірім
Қай жаққа кетіп барасың?..
Күндерім қайта оралмас,
Түндерім түнек жамылған…
Жүрегім мынау – жалаңаш,
Тірегім қайда табынған!..
Сенімнің сынып семсері,
Жігердің жүзі мұқалды.
Үзілді ме әлде жол шегі
Сөнде ме сезім шырағы?!.
Жеткізбес жүйрік уақыт,
Кеудеден қағып қарсы ағын…
Қажеті қанша жұбатып –
Шаршадым, жаным, шаршадым!..
* * *
Өткінші бәрі, бәрі де
Өткінші бақыт, бақ деген.
Алдамшы мынау өмірде
Өлімнен шындық жоқ бөтен!..
Өңмендеп, өктеп, өзеуреп
Жарқыным, босқа аптықпа!..
Даурығып сонша не керек –
Бір күндік аштық-тоқтыққа?!
Жанықпа, жаным, желігіп
Алдың – жар, артың – қара түн…
Дегбірің қашып, демігіп
Құдай-ау, қайда барасың?!
Жанарың жаудай арбасып,
Жағаға қолың жармасып,
Жүргенде көзді шел басып
Өмірің өтер сорлатып!..
…Жоғалтқан жарық, жылуын
Жүрегім – жамау, ой – құрау…
Онсыз да қысқа ғұмырдың
Қадірін білмей қойдық-ау!..
КӨҢІЛСІЗ СӘТ
Кең дүние-ай, көп пе еді қиянатың?..
Қиянаттан жерім жоқ сия алатын.
Мынау құнсыз өмірдің құны қазір
Насыбайдың құнындай бір-ақ атым!..
Көп екен ғой көргеннен көрмегенім,
Көп екен ғой бергеннен бермегенім.
Сен емес боп шықты да сен дегенім –
Мен емес боп шыққандай мен дегенім…
… Көп екен ғой, құдай-ау, көрмегенім!..
Көп екен ғой татқаннан татпағаным,
Көп екен ғой тапқаннан таппағаным.
Мынау тұман тіршілік қазір маған
Жасырынбақ ойнындай жас баланың!..
* * *
Қыз қуып, қызық қуып
Жоғалттым жылдарымды.
Жел қуып, желік қуып
Жоғалттым жырларымды!..
Сән қуып, сауық қуып
Өсірдім көңілімді…
…Бәрі енді жалықтырып
Өшірді-ау өмірімді!..
ШАБЫТСЫЗ ШАҚ
… Жалыны сөніп сезімнің,
Арылған майдай тортасы
Айтайын деген сөзіңнің
Аузыңнан шығар қаңқасы.
Көбелек-көңіл гүл қуған,
Талпынып қанат қағады…
Жеткізбей судай сырғыған
Күндерім кетіп барады.
Жарықсыз, нұрсыз құр кеуде
Меңіреу, мылқау табыттай…
Ұстатпай қойды-ау бұл неме
Тереңдегі алтын балықтай!..
Жалтара қашып құйын күн,
Жанымды салды азапқа.
… Толғағы қатты жырымның –
Қуаныш па, әлде, мазақ па?!.
* * *
Көрдің бе, айтшы, бар болса мәңгі жастықты
Көрсетші маған, бар болса мәңгі ғұмырды.
Тірлікте мынау мәңгілік деген жоқ тіпті –
Өмірдің өзі – қиынды!..
Көрдің бе, айтшы, бар болса мәңгі өмірді
Көрсетші маған тыншымас тірлік бар болса!..
Жоқ етер жылдар жан түгіл тасты, темірді
Мәңгілік деген далбаса!..
Өткінші бәрі, тұрса да жанып, жарқырап
Кім білген бір күн сөне ме күн де көктегі?..
Дүние шексіз, дауым жоқ оған, ал бірақ
Тіршілік біткен шектеулі!..
* * *
Күпір болма кең әлемге симастан,
Көкте күн боп жанам деп.
Өкінерсің!.. Өлім жолы бір басқа –
Жеңілмеске шараң жоқ!
Керілдейміз кеудемізге нан пісіп,
Атағымыз қалар деп…
Ойладық па құрыймыз деп жай түсіп, –
Өкінгенмен амал жоқ!..
Тіршілікте тырбанамыз тынбастан,
Кім ойлаған табар деп?..
Табады Ажал! Оның жолы бір басқа
Алысқанмен амал жоқ!..
Кім едің сен, кім едім мен, кім еді ол?..
Жоқ енді ешбір бөлегі…
Дүниеге сыймадың ба, сене бер –
Сыйғызады сені Өлім!..
Күпір болма кең әлемге симастан,
Көкте күн боп қалам деп.
Өкінерсің!.. Өлім жолы бір басқа –
Жеңілмеске шараң жоқ!
* * *
Кім ойлаған алдайды деп ақ үміт,
Тыншығар деп дауылым.
Құлап түсті жүрек-жұлдыз жарылып
Түгеспестен жарығын!..
… Кім ойлаған, әттең, енді не шара?
Оралар ма қайта өмір?!
Жазымыштан жол анасы – босаға,
Доғабасы – ит өлім!..
* * *
…Көз жасына қарамай төккен жас пен кәрінің,
Жанталасқан, құдай-ай, бұл не тірлік Тәңірім?!.
Барар жері біреу-ақ асыққанмен бәрінің,
Жете алмасты қуалап қажеті не, жарығым?!.
Сүрінгенді құлатып, құлағанды ұратын,
Жазықсызды жылатып тапқан кім бар мұратын?..
Желіккеннің бәрінің шыңы біреу шығатын –
Жын қуғандай жанығып керегі не, қуатым?!.
Құтырған аш қасқырдай талаған өз баласын.
Тойымсыздың түбінде берер Құдай жазасын!..
Жұмыр басты пенденің тұрағы бір баратын
Оған сонша құмартып не қыласың, қарағым?!
* * *
…Тырбанған тірі жанбыз!
Тірлікті де түбі ақыр ұғынармыз.
Білте шамға жиналған көбелектей
Жарығына өмірдің жылынармыз!..
…Өйткені – тірі жанбыз!..
Әзірге тірі жанбыз…
Әлі талай сүрініп, жығылармыз!..
Тәуба қылып содан соң тіршіліктің
Құшағына қайтадан тығылармыз!..
…Себебі – тірі жанбыз!..
Біз деген тірі жанбыз!..
Құмартамыз сондықтан, қызығамыз…
Адасамыз жетпеске жетпек болып
Таласамыз – тағы да ұрынамыз!..
…Ақыры жығылармыз!..
Тырбанған тірі жанбыз!..
Тірі жанның ертеңгі күні қарыз…
Ертелі-кеш пенденің бұл өмірге
Неге келгендігін де ұғынармыз!..
…Өйткені – тірі жанбыз!..
* * *
…Мен не істемедім?..
Ерте кетіп әйтеуір, кеш келемін…
Тауға да ұрып басымды, тасқа да ұрып
Қу тірлікті қанша жыл өкшеледім!
Сонда да бос келемін!..
Мен не істемедім!..
Қарамастан бетіне ештеңенің,
Өмір бойы шарқ ұрып шабылсаң да
Жеткізбесе қайтесің көксегенің?..
…Құдай-ау, не істегенің?!.
…Мен не қылмадым?..
Жас та болып жалындап, арындадым!..
Мас та болып тірліктің тарылғанын
Көрдім талай!..
Жанымның, жарығым-ай,
Көзім жетіп бекерге сабылғанын –
Ақыры дамылдадым!..
…Мен не іздедім?
Жер тағында тұрғанда, көгінде – Күн!..
Неге сонша жанығып, жанталастық?
Енді міне, көзде – жас, көңілде – мұң!..
…Не іздедім?!.
* * *
Жатса да шаттық сәулесін сеуіп,
Жастықтың жалынды әнімен.
Жетеді апат белгісі келіп
Жүректің тамырларымен.
Жатса да бақыт шапағын шашып,
Арайлы армандарымен…
Уақыт уын жатады тасып
Жүректің арналарымен.
Күн – өмір жанның жарасын мәңгі
Жазса да шуақтарымен.
Ағады қайғы қара сулары
Жүректің бұлақтарымен.
Сарқылып сенім, арманың алдап
Күн көзін жұмбағанымен.
Тіршілік түнін жатады жалғап
Жүректің жылғаларымен.
Жастықтың жалын – алауы сөніп,
Төзімің таланғанымен.
Жетеді өмір хабары келіп
Жүректің тарамдарымен.
Өмірдің барлық сырлары келіп,
Кеудеме қаланғанымен…
Тарайды қайта жырларым болып
Жүректің каналдарымен!..
СЕН…
Ештеңені жасырғам жоқ мен сенен,
Зіл батпан күш басса да езіп еңседен.
Шындықты айттым. Өйткені мен өмірді –
Өлеңіммен өлшегем!..
Ештеңемді аяғам жоқ өзіңнен,
Сені ойламай күнім де жоқ көз ілген.
Айнығам жоқ сөзімнен һәм өзімнен –
Тек бүгінде бағам төмен бөзіңнен!..
Ештеңе де күткен жоқпын халқымнан,
Сый-сияпат, атақ, дәулет шалқыған.
Жырым – сырым, жырым – шыным, түбінде
Сен іздейтін артымнан!..
* * *
…Қайран елім, қазағым қалың ірге
Ақыныңмын әрқашан жаны бірге.
Еске аларсың мені де күні ертең-ақ
Ақпандатқан аязды долы күнде!..
Сұм тағдырдан сан рет соққы жедім,
Ит тірлікте қаншама кетті кегім.
Өзім құлап жастам да Жаратқаннан –
Сенің туың тік тұрсын деп тіледім!..
Ақталғам жоқ көшімнен қалдым-ау деп,
Мақтанғам жоқ өзгеден оздым-ау деп.
Шағым айтпан саған да, сөнсем егер –
Күнім жетпей тым ерте солдым-ау деп!..
Бәрі Алланың қолында – білем оны,
Білем оны, мезгілсіз кім өледі?!
Өзің барда біз бармыз, ақыныңның –
Жаратқаннан жалғыз сол тілегені!..
* * *
Қаламымның ұшынан қаным тамып,
Қаным тамып, құмарым, жаным қанып
Бір жыр жазсам, содан соң өкінбес ем –
Өкінбес ем кетсе де барымды алып!..
Тірлік біткен жеңілер түбі өлімге,
Сұрарым тек сол ғана – тілерім де…
Бір-ақ өлең, жыр құмар бар қазақтың
Мәңгі-бақи қалатын жүрегінде!..
Қаламымның ұшынан қан тамызып,
Кең далама қалғыған ән салғызып
Бір жыр жазсам, шіркін-ай, бар ақынды
Бұл кім өзі дейтұғын таң қалдырып!..
… Содан кейін!..
Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЕВ