ҚАЛТАРЫСТА ҚАЛҒАН АДАМ

Аралықтың қанша екенін анық шамалай алмады, сонау көз талығар қашықтықта бұлдырай шаңытып болар-болмас саңылау ағараңдайды. Кең жайылып, еркін жамырай алмай тұрған тұсаулы түріне қарағанда, таяу маңнан түскен әлсіз жарық емес, сыртта шашыраған мол шұғыланың жолдағы қат-қабат бөгеттерді бұзып өтіп, ішке тараған соңғы жұғыны – сарқыншақ сәулесі секілді. Аса күңгірт, тым бұлыңғыр. Назарға зорға ілініп, санаға әзер жетеді.
Алғашында сол маңнан әлдененің бозғылт жұқанасы назарына шалынғандай болған. Артынша, сонда шынымен-ақ бірдеңе бар ма деп тігіле телміргенде, қадалып тұрған қарашығының қарауытқаны, әлде әлгі жұқа мұнардың жылжып кеткені белгісіз, орнын дереу қараңғылық басып, жер түбінен жанған жалқы үміттей жылтыраған ақ жолақ жалт беріп адастырып кетті. Болған жайға көңілі сенбей, қайырылып қайта зер салғанда тағы да тапты о баста көрген сұйқыл тұманын. Бір өкініштісі, қайыра қауышқан «асылын» бұл жолы ұзақ тамашалап үлгерген жоқ, тұншыға мүлгіген бозамық нұр ауаға сіңгендей сейіле берді де шыңырау түбіне шым батқандай құлағы шыңылдап қала берді.
«Менің дәм-тұзым осы араға төгілген, дән тарпыған тауықтай соны тірнектеп жиып, жыбыр-жыбыр күнелтуім керек» деді ішінен. Неше жылдың алдында лақса төбеттей ұлып жұртта қалып, талай күн іш бұраған аштыққа ұрынып, айларға созылған шатқаяқ, түлкіқұрсақ тірліктен әрең құтылып, үзіліп кетермін деген үрейден арылып (қалай болғаны әзір есінде жоқ), әйтеуір аман қалып, содан барып, ақтық демі бітуге тақағанда жасаған ақырғы байламы осы. Иә, бұрнада ондай қиындыққа ұшырап көрмеген соң қайдан біліпті, басында түкті де байқамады. Өзі не күйде, жағдайы қай деңгейде екенін соңыра пайымдап, ақылы кіргенде бәрінен кеш қалғанын шамалады. Құдай қайтадан басқа салмасын, аяғын тік басып жүруге әлі келмей, мүлде сарқылуға тақап, таусыншақ сәттерінің соңғы демдерін алып, сілелеп жатты бөлмесінде… Есік қағылып, ізінше мұның үнінің босағаға жетпейтінін білсе керек, ішке рұхсатсыз енген осы маңайдағы бір танысы таяп келіп: «бір жұмыс бар, істейсіз бе?» деді сынай қарап. Жылы хабарды естігенде, жүрегі шоршып, қатты қуанбағанмен елең етіп, еліте құлақ түрді. «Қандай жұмыс?» деді тарығып жүріп тірелген тығырықтан шығар төте жол табылғандай ынталанып. «Осы өзіңіз тұрып жатқан бес қабат ғимараттың дәліздерін тазалайсыз» деді анау тік қадалып тұрған көзін ала беріп. Ұсынған жұмысының бұған бап емес екенін өзі де білетін сияқты, назары тайқыған замат ақталғандай, «күніне емес, екі күнде бір» деді үстемелеп. Төбесінен бір шелек суық су төгіліп кеткендей иіні төмен тартып, басыла берді. Тұнжырай тұқырып, үнсіз қалды. «Қиналып жүргеніңізді байқап, көмектесейін дегенім ғой. Ұнамаса, басқа біреуге беріңіз деп айтармын бастыққа» деді танысы, айтқан сөзі көмек емес, мұның намысына тигендей болған соң тез жиналып. «Түріне қарамай тәкаппарын қарай гөр өзінің» дегендей қайта қатайып, кері бұрылып жүре берді. Шығып бара жатқан оның ту сыртынан қадала қарап, не екенін өзі де білмейтін бір алақұйын сезімнің құшағында аңырып, сұмдық қорланып қала берді. Тық-тық басқан өкше тықыры ұзын дәлізді жаңғыртып алыстап кеткен соң да итжығыс түскен ерегеспе ойын жиып, бір жағына шыға алмай, әрі-сәрі күйде ұзақ отырды. Істемейін десе, өзек тырнаған аштық, оның ар жағында әне-міне төбесі көріне бастаған қап-қара құрдым – өлім жаман еді. Ал бос орынды басып қалайын десе, кежегесі кейін тартып, өз-өзінен ынтасы іріп, алдыға қарай аттап бастырмай діңкесін құртты. Сөйтіп, жай таңдау үлкен таласқа айналып, іш жағының туталақайын шығарды. Қуаныш әкелуге тиіс қош хабар солайша өліспей беріспейтін іре тартысқа ұласты да, кескіліскен дода көкпар қып тартып, екі жақтың тақымына кезек түсіп, жұлмаланып кете барды.
Айтқан әлгі «басқа біреуі» әлі табылмаған ба, тазалықшы орнының сол күйі бос тұрғаны құлағына тағы жеткенде арада және біраз күн өтіп еді. «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» деген, осы шығар, сірә. Пешенеге жазылған бұйрықтың сол екенін сезіп, шарасыз мойындап, сол мезет ұстай қалған керібақпа қырыстығының қанша жерден кері тартқанына қарамай, тұйықтан шығар басқа жолдың дәл қазір көрініп тұрмағанын ескеріп, жұмыс берушіге барды. Қырсыққанда, алдыңғы кесірі аз болғандай, айлығын тіке қолдан емес, айдың аяғында әрбір үйдің есігін қағып, тентіреп жүріп өзі жинап алады екен. Бұл шарт жанына әуелгіден бетер батты. Өзінің кім екенін анық біліп, орнының қайда екенін соншалық дәл болмағанмен жобамен шамалап, бәріне әбден мойынсал болғанына қарамай, қырын қараған әлдененің ішкі жағында қасарыса қатып, иліктірмей тұрғанын да қапысыз сезді. Не еді ол қазықтай қақайып, ыңғайға жығылмай шіренген шалқақ пәле? Ойлана келе ұзамай-ақ шырамытты: кеудесін тіреп, шалқалатып баққан қарыспа сұм, сірі сіреспе сол баяғы менмендік екен. О, сұмырай! Пенде баласын кеудесіне жан кіргеннен шалқақтатып, кері бақтырып қоятын кесір-кесапат! Мерейі асып, шарықтап шыңға шыққанда ғана емес, ит көз, түтін танымас болып сүмірейген, кісіге кіріптар боп, күнің қараң болған кезде де пендені оқтау жұтқандай кегжитіп, кесірлендіріп қояды екенсің ғой, қарғыс атқан қу! Сондағы көксегенің не, сүмелек? Шалқайған күйі нәр татырмай жанымды алып, күмірем қаптыру ма, әлде жоқпен алдап, ар-ұжданымды жұлып жегізіп, көтере алмас жүк арқалатпақсың ба? Айтшы, кәне, қайсысын істемексің? Қайтсем құтыла алам сендей ілгері аттатпас етекбасты масылдан, оны да айт! Сенің басыңды игізіп, мысыңды құртар жалғыз құдірет, бәлкім, ішті тырнап, жүректің қанын сорған бұралқы аштық шығар. Таттық қой оның да дәмін бір кісідей. Жетіскеннен өзге біреудің босағасын аттап, құзырына жүгініп, қарамағындағы елдің есігінің алдын аш мысықтай адақтап, сыпыруға келісім беріп отыр деп пе едің? Одан да осыған жеткізбей жоқтауымды асырып, көкірегімді тілімдеп, босқа азапқа салмай, ерте-жарықта көзімді құртуың керек еді! Мынаның аты не енді? Дәрмен бітіп, жан тапсырар алдында жалған намыс деген өртке салып өртемекпісің, найсап?!
Кеуде қуысында өрлік буына семірген тәкаппарлық пен жер бауырлай ыңырсыған дәрменсіз ақыл итше таласқан қиян-кескі арпалыстан кейін өзін-өзі зорға жеңді. Тәлейіне тап келген шаруаны қолға алып, істеуге бекіді. Қажетті зат, керекті құралдар беретін шығар деп сипақтап еді, хабар болмады. Сонда барып оны өзі табуы керек екенін шамалап, ілби басып, кері бұрылды.
Ұрыста тұрыс болған ба? Бастап кетті жаңа жұмысын көпке қалдырмай. Артынан білді, атқарар міндет қанша кешігіп, артқа шегерілген сайын сонша еселеніп, көбейе түседі екен. Армансыз қалыңдаған аткөпір қоқыс алдынан шықты айқара құшақ жайып. Солай болар жөні де бар сияқты, мұнда тұрақты тұратыны, уақытша келіп-кететіні бар, қайшыласқан көп халық кіргенде, шыққанда әйтеуір бірдеңелерін артына тастап, қалдыра береді. Құрып қалғаны аузындағы сағызының қалдығын түкіріп, қолындағы жанып бітуге айналған темекісінің тұқылын лақтырады. Қараң қалғырлар-ай десеңші! Бұл жәйт осы жұрт жөніндегі осыдан көп бұрын қалыптасқан онсыз да мызғымас, тұрлаулы тұжырымын одан сайын бекітіп, нығайта түскендей болды. Дүниедегі ең лас, жалқау, икемсіз халық – осылар! Міне, мына заттар соның нақты айғағы. Сенбейтіндер өзі келіп көрсін. Кісі өмір сүретін, адам баласы жасайтын жер осындай да бола ма екен? Мынау не енді? Шылымның сүзгісі мен шәйірдің сарқыншағы ең төменгі, астыңғы жағы ғой. Не жоқ дейсің ішінде!
Бір жақсысы, ол кезде келесі басына көз талығып әрең жетер дәліздің ұзына бойы самсаған самала жарық еді ғой, шіркін! Кеңес кезінен қалған соңғы бір береке, нұр тарайтын көздердің бәрі керек, керек емес демей, барлық уақытта бақырайып жанып тұратын… Шығар есікке тақалған сайын шаруа бірте-бірте жеңілдей түскен. Түкпірден қашықтап, баспалдаққа жақындаған сайын еден тазарып, реттеле береді екен!
Сол күнгі таңмен таласа басталған тірлік түс ауа, көлеңке басы шығысқа ауған тұста әрең бітіп, соңына шығып еді-ау. Бір тәуірі, жұмыстың ең салмақты бөлігі сол, ауырлығы айқын білінген алғашқы күні атқарылып кетіпті. Кейін өздігінен орындала қоймағанмен, бастапқадай қиын болмады. Әлдеқайда жеңіл, жедел еңсеріліп жүрді. Мейлі ғой. Маңдайға жазылған жалқы нәсіп көзі, қалай болғанда да істелер еді.
Шаруасын аяқтаған соң құрал-сайманын көтеріп, сүлдерін сүйретіп үйіне келген. Бұрын істемеген ісі болғандықтан әбден шаршап, қалжырап қалыпты. Күйбеңдеп, тұяқ қыбырлатып жүргенде ештеңе білінбеп еді, бөлмесіне кіріп, шамалы қисайған соң, бойы босап, денесі дел-сал тартып, ауырлап бара жатқанын сезді. Сірә, бар шаруаны көбінде екі бүктеле, еңкейіп атқарғаннан шығар, белі ауырып, қара саны алдырмай қинады. Оның үстіне, талайдан бері қарны тойып тамақ жемей, титықтап біткен әлсіздік қосылып, әуелгі сергек қалпына келе алмай, жантая кеткен жерінде қыбыр етпей ұзақ жатты. Денің сау болмаған соң көңілдің көгін қаптап, бұлт басатыны әдеті емес пе, әр нені бір ойлап, қаңғыма қиялдардың жетегіне еріп, одан сайын жабығып, жабырқай түсті.
Ғажап! Түсі әлде өңі екені белгісіз, бір кезде өзінің әлдебір ары-бері сабылған бейтаныс адамдардың ортасында сілейіп жалғыз тұрғанын сезді. Жан-жағынан жанаса сүйкеніп өтіп жатыр әлгі шіркіндер. Әлдеқалай іркіліп, мойын бұратын емес. Бетін беріп жақындап келген сұлбалар демде алыстап, ту сыртын көрсетіп ұзап бара жатады. Қалай қараса да қайшыласқан қара нөпір, ығы-жығы халық, кісі біліп болмайтын сапырылыс.
Не себеп болғаны мәлімсіз, осы аралықта бұлдыраған шәлкемшалыс күйден суырылып шығып, есін жиды. Басын көтеріп қараса, сол күйі төсегінде жатыр екен. Айнала тып-тыныш. Содан барып өз дауысымнан оянсам керек деп топшылады. Аз жатқан соң маужырап, қайта ұйықтап кетті ме, білмеді, санасында басқа бір өмір сәулеленіп, соның құшағына ендеп еніп бара жатты…
…Іші-сырты бірдей ақ гранит таспен қапталып, құлпыра сағым атқан еңселі ғимараттың кең есігінен тіп-тік сырт келбетінен аса қатал, тәртіпке берік жан екені білініп тұрған сұңғақ бойлы, сыпайы партиялық стильдегі ақсұр киімі қыпша бел, керме иық, кербез сымбатына құп жарасқан жалындаған жас комсомол қыз шалқақ басып кіріп келе жатты. Босағадан озып, ұзын дәлізге өткенде жан-жақтан байқап қалғандар оның кермаралдай керілген келісті жүрісіне таң қалып, жапа-тармағай ұмтыла қарасты. Дүниеге иек астынан немкетті ғана көз салған тәкаппар бойжеткен ештеңеге мойын бұрмаған қалпы аққудай қалқып әлгілердің тұсынан өте берді. Айнадай жарқыраған шыт жаңа жатақхананың кең, ұзын, еңселі дәлізіндегі тілмен жалағандай ерекше таза еденге төселген ауа түстес шыны шаршыларды кере қарыс биік өкшесімен тық-тық жаншып, екпіндеп келе жатып ештеңеге назар салмаған болып маңайды жағалата бір шолып шықты.
Уысқа ерте түспегендіктен болар, ілкіде мүлде байқамапты, жұмыстың… жоқ, қайдағы жұмыс, зор лауазымның беделі көбінде оның кімге жүктелгеніне, қандай адамның иығына артылғанына байланысты екен. Оның тереңге шөккен сырын енді, осы күндерде, өзі зау біліп, қабылдап алған қызмет құзыретін сарқа пайдаланып, толық атқарып жүрген шақта анық аңдады. Аздың алдында құмырсқаның илеуі құсап былығып, бықсып жататын аты шулы жынойнақ мекенді аз уақыттың ішінде есілген жіптей етіп тынды. Алды партиядан қуылып, ортадан аласталды: ондай надандар даңқты, мінсіз ұйымның кіршіксіз абыройына дақ түсіруге, асқақ мұратты коммунистер сапында болуға қақылы емес еді, керегі сол болатын оларға. Айыбын арқалады да қалаған жақтарына кете барды сүмірейіп. Ал арты, соңғы бір жұғын-жұқанасы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, тиісті сыбағаларын алды. Ұлы көсемнің «Жеңіс – тәртіпте» деген өшпес сөзінің балталасаң бұзылмас ақиқат екенін сонда тағы бір рет тастай қылып дәлелдеді. Еңбек жемісін жеу дегеніміз оның ақырғы нәтижесін көріп, мәуелі миуасының дәмін татып, бал шырынын құныға жұтудан алатын шексіз ләззат екен! Тап-тұйнақтай боп ретке келген жайлы тұрақты аса бір қанағаттанған марқа көңілмен, бір тиындық жұмысы болмаса да, арнайы уақыт бөліп аралап шығу сол тұстағы барақат табар жайлы сәттерінің бірі болатын. Сол үшін ғана соншама ұзақ жолды ерінбей басып өтетін. Содан кейін ғана лауазымына, әкімшілік дәрежесіне сай етіп әлемештеп жасалған, ақ сарайға бергісіз алып бөлмесіне қарай маңдай түзейтін. Талшыбықтай бұралған сұлу мүсінін көптің көзіне кезекті рет тосып, жарқылдаған ашқарақ жанарлардың сұғанақ сұғынан сұмдық қанағат тауып, жұбаныш алып, бір кезде жайлап келіп кеңсесіне кіретін. Өз меншігіндегі ат шаптырым аумақты кабинетті қабырға жағалай айналып барып, былғары тысты жұмсақ креслосына отырған кезде дүниеде жоқ бір ұнамды, тәтті сезімнің құшағында делсал болып, маужырап, уылжып отырып қалатын!.. Содан кейін ешкімге ешқашан ашпаған, жан-жүрегінде мәңгілік құпия боп көмулі қалар жасырын сыр ғой, балғын тәнін бір мамырлаған зауық буып, ынтығы артып, мауыға жөнелетін бір бәдік сезімдері мияулап, сондай бір қуатты құшақтың құмарын қандырып ыңыранта қысуын үзіле аңсайтын… талыға қалайтын! Өліп-өше үздігіп, таусыла зарығатын! Сөйтіп, елжіреп, езіліп отырып, кейде аңдаусызда тақымына ие бола алмай, махаббат сөлін бойынан лақ еткізіп ақтарып алатын… Содан соң барып сәл сабыр тауып, байсал тартатын. Қанша дегенмен ішіндегі жаланған жыланның басы алынды, өзінің де мәйегі төгіліп, былғанып қалды, лып көтеріліп, беті-қолын жуып келуге түкпір жақтағы демалыс бөлмесіне қарай беттер еді.
Сондағы бебеулетіп белін қысқан мекер тілегі, амал нешік, ешқашан орындалмады. Оған өзінің «партиялық этиканы сақтау керек» дейтін ішкі тежеуі себеп болды, әйтпесе, емінген, бір сәттік сүйкеніс үшін неге болса да дайын көзсіз көк аттылар өріп жүрді маңында. Қандай ниетте екендері жырынды қарашықтарынан шайтан отындай жылт-жылт етіп, жымия жақындап, таяп келгенімен, аздан соң, түнере тұнжырап ұзап бара жататын. Біреуін де көзге ілген жоқ. «Еліктіріп қоям деп еркімді алдырар жайым жоқ, аулақ ары» деп жанына жолатпады. Сонысы қандай оң болған! Басы азат, тізгін-шылбыры қолында, еркін жүрді жұмыс барысында! Тек тіке бағынышты бастығымен ғана аздап көңіл көтергені болмаса, әйел болып өңгеге өңеші үзіліп, емексіген жоқ. Бастығының айтуынша, партия мүшесі жоғарының айтқанын екі етпеуі керек екен. Қандай мәселеде болсын. Жазылмаған сол ережеден шыға алмай, өзінің адалдығын дәлелдеу мақсатында бір-екі жолы кеңшілік қылып, тежемін ағытты. Соны есепке алмағанда, ешқашан былғанған жоқ. Таза атқарды мойнындағы міндетін. Есесіне, екпіні ерек, қарқыны қатты болды. Арыны арта түсті. Себебі, қара нардай қолдаушысы бар ғой жоғарғы жақта. Өзіне деген риясыздығын білген соң ба, ол байқұс та қашан қызметінен босап, орнынан кеткенше, қолдауын тоқтатпады. Тек уақыты тым аз боп қалды. Жасы келген кісі болатын, біраз жыл тұяқ қыбырлатып келіп-кетіп жүріп, жайлы орындығында құлап қалмай жарбиып отырды да, бірде, шамасы, ары қарайғыға шыдамаған болу керек, кетуге өтініш берді. Кезекті бір қабылдауында өзі солай деді. Құдай атып, оның уақытша бос қалған орнынан дәмеленіп, иек қышытқаны бар далбасалап. Қанша дегенмен, бұлағынан су ішкен адам ғой, сол жақсылығын ұмытпай, үміткерлер қатарында есімімді атап кетті ме деп, жоққа елеңдеп, жел жаққа ұзақ құлақ түрді. Қалауы болмады, бағына шын бұйырғаны әуелгі орны екен, ешбір жылы жел соқпады өр жақтан. Тырс етпеген күйінде тас керең боп жатып алды. Cонда барып әрең-әрең үміт үзгені бар әлгі орыннан, ұят-ай десеңші! Содан көп ұзамай кейінгі аласыпыран басталып кетті ғой! Біреуді біреу білмейтін заман туды. Соңы шылпара боп күйреп тынды…
Байтал түгіл бас қайғы, аспан асты кісі танымастай бүлініп, ию-қию боп кеткен уақытта кім келіп қол ұшын бере қойсын, біржола құрдымға кетті. Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында қармалып, баяғы өзі басқарып тұрған тұстағы зор салтанатынан түк қалмаған тоз-тоз жатақханадан бір бөлменің бұйырғаны кейін ғана… Соқа басымен қаңғырып далада қалған соң арада қаншама айлар өткенде көз көрген ескі таныс қой деп бұл кезде қаусаған кәрі шалға айналған, кезінде тіке қарамағында істеген бастығының үйіне барды жылап-сықтап. Құдайға қараған кісі екен, сол байқұс ортаға түсіп, қол ұшын созды. Ұзақ жыл партиялық қызметте болған, жоғарғы-төменнің бәрін танитын, одан қалды тәрбиелеген шәкірттері билік тарауларының әр буынына берік орныққан тамырлы адам ғой, көмектесетінін айтып, шығарып салды. Қоштасар сәтте: «сен өте тәтті қызсың» деді. Нені меңзегенін білген жоқ. Үзіліп бара жатқанда қармайтын бұтақ табылып, қолы қуыс күркеге жететін болғанына қуанып, алғысын айта-айта жолына түсті. Әлденеге икемделген сыңайына қарап, басқа бір өтініш айта ма деп сезіктеніп еді, ондайға бармады. Өзі де ілкідегі үлбіреп, үзілгелі тұрған бұла бойжеткен емес қой, кезіндегі керемет ләззаттың әлі ұмытылмаған шырын дәмі есіне түсіп, сол толқытып, тосын қимылға апарған шығар деп топшылады әлгі әрекетін…
Бар деген күні барса… барғанда, салып ұрып бір кезде тізгін-шылбырын өзі ұстап, тәртіпке келтіріп, жымдай қалған жатақханаға барды. Әкімшілік сол ғимараттың астындағы бір бүйірден ұрланып кіретін, жертөле қабаттағы жатаған бөлмелерге орнығыпты.
Әлі есінде, тәлейіне бұйырған бәсірелі бөлмелерінің кілтіне қолдары жетіп, қош көңілмен тарап бара жатқан қара құрым жұмысшының үстінен түсті. Тек әлдебір себепті сүйектен қағылған соңғы салымсыз біреулері ғана қайда барып арызданарын білмей, сол маңды айлаңқастап жүр екен. Кір деген кеңсесіне кіріп, өзінің кім екенін айтып еді, түкпірдегі әлекедей жаланған ақ келіншек орнынан көтеріліп, шын-өтірігі белгісіз, жылы шырайлы қарсы алып, ықыласты амандасты. Сол бойда оңашалап, ішкі бөлмелердің біріне бастады. Қайта-қайта жалтақтап, ана сүйегі саудыраған көккөз көкенің кімі боласың дегендей, күдігінің жауабын дәл қазір тауып алғысы келгендей тігіліп, үңіліп қарай береді.
Шамалыдан кейін сыртына қарай сәл қайырылған қып-қызыл түрік ерін көсіле сөйлеп, жыбырлап отырды қарсысында. Жаман да болса баспаналы болатынына қуанып, басы айналғандай болып, әлгі әйелдің айтқанын мақұлдай берді, одан да асып, алдына түсіп далақтай шауып, басын жиі-жиі изеп, қоштады да отырды. Соншама ұзаққа созылған түсініктемеден ұққаны: жатақхана кеше ғана, бұл білген мезгілде емес, неше айдың алдында, ауқымды мемлекеттік науқан аясында жекешеленіп кетіпті. Жоқ, жатақхана емес, жатақхананы құрамына алған тұтас құрылыс компаниясы. Тік секіріп, әлдекімнің қолына өткен. Ал жатақхана, саяси мақсат үшін, елдің тыныштығына бола жұмысшыларды далада қалдырса, олар көшеге шығып, онсыз да толассыз жөңкілген аш шуылдақтан көше мен алаң босамай жатқан мезгіл ғой, от емес, лаулаған өртке одан сайын май құятын болғандықтан, әлдебір тойымсыз дөкейдің мұнсыз да тоқ жемсауына жұтылып кетуден аман қалыпты.
Алдындағы келіншек, неге екенін, өңменнен өткендей тіміскі жанарымен жан дүниесін оқымақ болғандай тінткілей бір қарап алып, ұзақ баянын қазақша бастады. Сол кездегі жаңа ене бастаған үрдістің әсері болар, солай кірісті әңгімеге. Алғашында түсінбей қалды. Қазақша сөздерді емес, түкке керегі жоқ тілде сөйлеп, өзін төмендетіп отырған осынша мәдениетті, салауатты кісінің санаға сыймас өрескел қылығына.
Екі тілге бірдей екен. Кей атаулар сәтінде таңдайына тақ ете қалмай, мүдіре берген соң ыңғайлы, әбден жатталған ұлтаралық тілге көшті кешікпей. Ойлы-шұңқыр жерде аяғын дұрыс баса алмай, кібіртіктеп келе жатқан су жорға кенет тақтайдай тегіс жолға шығып, бауыры жазыла бір тайпалғандай қарқыны қатайып, әй келіп төрт тағандап көсілді дейсің! Екпінінен тау жығылардай өршеленіп, құйғытып берді. Құлақ қажағандай қораш сөздерді қопсытқан алғашқы қылығы өзін «ауылбай» санап, көзге ілмегендей аса ыңғайсыз тиіп, қиналып отыр еді, мына тым ақылды шешімнен кейін орны дереу көтеріліп, тосын өрлегендей, қарсы жағымен бір деңгейге шығып, құқы кенет теңелгендей, өзіне деген құрметі еселеніп, жаны кіріп, жырғап қалды. Орыс тілі деген де бір ұлы тіл ғой, байлығын, әуезділігін былай қойғанда, көздеген жерге дөп тиетін дәлдігі, түсініктілігінің өзі мақтан тұтуға артығымен жетеді. Қандай данышпан ойлап тапты екен, таң шығындай мөлдіретіп! Ауылдағылар көркем, бай деп қанша кеу-кеулегенімен, қазақтың қарабайыр қауқылдағының ол деңгейге жетуіне қайда әлі… сірә, ешқашан табан тірей алмас-ау ондай биікке… Әңгіме аяқталған соң «түсінікті» дегендей еруліге қарулы ізет жасап, басын аса бір ілтипатпен иіп, алғысын айтып, сыртқа беттеді.
Артынан естіді, әлгі келіншек кезінде Алматының иін тірескен көп үйін соққан алып зауыттың орталық аппаратында есепші ме, заңгер ме, әйтеуір, жоғары мен төменнің арасын жалғайтын аса бір маңызды бөлімде істепті. Кейін өндіріс тұралап, еңбек мүлде қаңтарылған тұста не себепті, қандай мақсатта екені белгісіз, қаланың қақ ортасындағы дулы жатақханаға келіп, әуелі қайта құру, артынан ықшамдау, жекешелендіру науқанын ұйымдастыруға белсене атсалысыпты. Шаруа орайында кейін бір емес, тағы бірнеше мәрте кездесуіне тура келді. Бекер обалы кәне, өзіне деген алғашқы ықыласы бір мысқал кемімеген қалпында жайдары, жарқын жүзді қарсылап, сол пейілмен шығарып салып жүрді. Ештеңесін бөліп бермегенмен, артық нәрсе де талап етіп, қинаған жоқ.
Кейін әлдебір әңгімелер айтыла бастады. Түзде жүрген жолшыбай біреулер емес, бәрі сол атақты зауыттың ежелгі жұмысшылары, ескі жатақхананың талайғы тұрғындары. «Далада жатқан дүние жоқ, иеленген әр бөлмелерің үшін толық құнын болмаса да, аздап ақы төлейсіңдер» деп қиғылық салып жатыр деп гулетті бірде. Мұны естіген онсыз да қам көңіл жұмысшылар бірігіп, наразылық білдіріп, көшеге шығатындарын айтып, қыр көрсеткенде барып, алғашқы арынынан қайтып, «мен жоғарғы жақпен сөйлесейін» деп түлкі бұлаңға салыпты түрік ерін келіншек. «Түлкі бұлаң» болатыны, жұрт та ақымақ емес қой, қарап жатпай, өр жақтағылармен тікелей болмаса да, таныс-біліс арқылы, тіпті, кейде, ол кез бәрі ақшаға айналып кеткен заман емес пе, жең ұшынан алақағаз жүгіртіп болса да, жанама байланысқа түсіп, хабар-ошар алыпты. Сөйтіп жүріп білгендері «жұмысшылардан ешқандай ақша алынбайды» деген нақты жауап болады. Ал аз күннен кейін алдына келгендерді қабылдаған жаңа бастық, «Бар білетін жақтас сөзімді айтып, жалынып-жалпайып жүріп, өлгенде әрең көндірдім: жоғарыдағылар ешқандай ақша алмайтын болды. Тек жекешеленген бөлмелерді рәсімдеуге кететін тиын-тебенді төлесеңдер болды» депті. Алдарындағы ашық ақпаратқа, әлде қағаберісте қолға тиген ақылы мәліметке сенерлерін білмей дағдарған топ оңбай ошарылды. «Сонда қанша?» дейді осы кезде ортадан біреу суырылып шығып. «Екі жүз доллар. Қыздар, шын айтам, купля-продажа, техпаспорты бар… осының өзі жетпей қалады. Аржағын өзім бірдеңе қылып толтырармын» дейді екі көзі шырадай жанған сұлу келіншек қып-қызыл оймақ ерні дөңгелене қайырылып. «Қыздар, айрылып қалмай тұрғанда осыған ептеп жасатып алайық» дейді әлгінде қанша төлейтіндерін сұраған кыз әлде келіншек оны қостай жөнеліп. Ештеңенің байлауы болмай, құбылып тұрған айнымалы уақыт, ертең осының өзінен айнып қалса кімді барып шауып алғандайсың. Оның үстіне, осыған дейін талай нәрсенің қол созымнан желге ұшып, жоғалып кеткені бар, сондайды көп көріп әбен естері шығып қалған көпшілік батылсыздау үн қатып, мақұлдаған болады. «Енді анау-мынау әңгіме, қылтың-сылтың болмасын» деген шартпен келісімдерін береді анталап тұрған ошарлы топ. Бұдан былай ештеңені еш өзгертпеске уәде береді қарға аунаған түлкідей жұтына құлпырған жас әйел. Қайнар көзі бір болғанмен қос айырық жолмен жеткен жұп ақпарларының ортасындағы сәйкеспейтін, үңірейген алшақтыққа илана алмай таңдана тарасқан көптің көкейінде басы ашылмаған күпті күдік кетеді. Кешікпей, шын, өтірігі белгісіз, күндері қолына қарап қалған иелері – иненің жасуынан өткендей самдағай келіншектің жең ұшынан жалғасқан сыбайласы екені туралы сыбыс тарады желдей есіп. Білетіндердің айтуынша, әуелгі ақпарат елді үлкен қаржымен селк еткізіп, бір шошытып алу; ал кенет құлдаған екінші мәліметтегі баға алдыңғыдан тіксініп, іштей бәріне дайын болған жұртты оқ шығармай-ақ, үзеңгімен «ұрып» алу екен. Қандай ұтымды әрі кісі ақылына кірместей жымысқы амал десеңші! Екі жүріс – бір нәтиже. Дауы жоқ, дамайы жоқ алақанға кеп қонақтаған қомақты олжа. Мейлі қандай көзден болсын алынған қос ақпараттың ешбірінің рас-жалғандығына ешқашан көз жеткізе алмайсың. Өйткені, жоғарыда отырғандар (шын мәлімет солардың қолында) ортадағы өзі ұмтылып, есігіне келген «белсенділерді» осылай көрінбес қолдармен жер түбінен иіріп, іске қосады. «Белсенділердің» де ұпайы толық, өргілерден кем болғанмен, далада жатқан мұндай батпан құйрықтан қалай бас тартсын. Ал төмендегілердің өлген-тірілгені ешкімге керек емес. Байқұстардың қолдарында қалған соңғы қаруы ереуілдеу, жиналып алып шулау болса ұрандап көшеге шыққанда да тапқандары шамалы, ұтқандары мардымсыз… әлдеқалай құлағына жеткен осындай таңғажайып «жүріс», ұтымды «ұрыстарды» естігенде, таң қалғаны сонша, шалқасынан түсе жаздады. Қалай қайран қалмассың бұған, дүние не болып кеткен бүгінде? Аспан астын қандай пәле жаулап алған сумаңдап? Сүйікті кеңес өкіметі құламай (шіркін-ай десеңші!) тұра бергенде осындай сұмдықтар болар ма еді бұл елде? Болмас еді ғой! Әлгінде баяндалғандардың бәрі рас болса неге қарап отыр бұл қауым қотарыла аттанып, бір күнде түп тамырымен қопарып, алып тастап, кеңес үкіметін қайта орнатпай! Жоқ әлде кезінде қадірін білмей, бір-ақ күнде құлатып тастаған топастықтарының жазасын Құдай осылай беріп жатыр ма? Ол да мүмкін. Тіпті, бұларды одан сайын қақсатып, зарлатып, ес жиып, жөнін тапсын деп істеп жатқан әдейі қысасы шығар! Әйтпесе, мынау енді адам сенетін сөз бе, тәйірі!
Күн өткен соң өзінің ел түскен бұлтаққа түспей, сарсаң сабылыстан қалай аман қалғанын білмей дал болды. Қалай? Әлде кезінде сол маңда жақсылы-жаман біраз жыл жауапты қызмет атқарды деп есіркеді ме екен? Олай болса, алдында неге далаға тастап, басы артық заттай лақтырып кетті? Әлде… әлгі бір десі жүріп тұрған заманында қамқорлық жасап, қолтығына алған, «тәттісің» деп еміне тамсанған сіңіріне ілінген тірі қаңқаның ықпалы әлі сарқыла қоймаған ба? Неге екенін, осы болжамның қисынына жығылып, қисая берді. Шалмен болған бір кездегі жылы қатынасын соншалық бір ризашылықпен болмаса да аса бір борыштылықпен еске алды. Қай-қашанда айтқанында тұрып, қандай жағдайда да тұрғысынан айнымайтын, сөзге берік кеңес адамдары-ай десеңші! Кім тәрбиеледі екен сол бір алғашқы буын, өз ісіне берілген, қайда жүрсе де бір ниет, бір тілекте болып, сондай тоғысқан жүректерімен қатар, қосыла қимылдайтын бекем білектерінің арқасында адамзаттың асыл арманы болған, мейірімге, ықыласқа толы жып-жылы, баяшат қоғам құрған асыл адамдарды кім дұрыс жолға салып, құрыш қылып құйып шықты екен?! Иә, болған шығар, ұзаққа созылған еңбек жолында кейде бір коммунистік этика өлшемдерінен мүлт кетіп, қызылға, көздің құрты қызға, әйел баласына емініп, үздіге көз салған, сезімге бой алдырған тұстары, пенде емес пе, болды. Өйтпесіне де қоймайды ғой қылымсыған қылықты шайтандар. Керек десеңіз, олар өздері келіп ұрынады қарадай. Өйткені, тепсе темір үзетін атпал азаматтар ғой олар, күш деген жеткілікті… қаусырып әкететін қуатты құшақтарына кіруді кім аңсамайды олардың. Өліп-өшіп құмартады. Енді бір есептен, не бопты, өйтсе?.. Әлде олар татымай ма соған? Сондай биіктегі алтын жігіттер қыз-қырқынның арманына айналып, көкейлерін құрт болып тессе не бүлініпті? Жер бетінде бұрын-соңды болмаған ұлы мемлекет орнатып, ұжмақ қоғам құрған ондай жандар неге болса да арзиды. Керек болса, жанын берсін, онсыз да көше кезген сатымсақ салдақылар! Есесіне олар өз идеяларына берілген, соңына дейін күресуге дайын, ешқашан мойымайтын, жақсы көрген жандарын ешқашан, ешқандай ахуалда сатпайтын, сыртқа теппейтін, қараусыз қалдырмайтын құрыштан құйылған қорғандар… мызғымас қамалдар. Өйткені, олар бір сөзді коммунизм жауынгерлері! Бір сөзді болмаса сол бір жүрек қақтырған жылы ұшырасудан, жабық кездесу, тәтті тоғысудан кейін қаншама жыл өтті? Міне, соншама уақыттан кейін де қанатының астына алып, әлі де қорғап, қолдап келе жатыр! Қазаны бір-ақ рет қайнайтын қазіргінің қайырымсыз пенделері болса осылай тікесінен тік тұрып, түбіне дейін шыдар ма еді? Жоқ, төзе алмас еді. Cебебі, көзім анық жетті, ендігі кездің қағидаты – «сауда сақал сипағанша». Қарсы жақ иегін сылап болмай шаруаны тындыруың керек, әйтпесе, қиын. Үлгере алмадың ба, бітті, түкке қол жеткізе алмай, жер тырнап қаласың. Сол үшін… жасасын бір сөзді кеңес адамдары! Сендердің жолдарыңа бәрі құрбан! Мен де құрбанмын!..
Қайбір жолы жылы жымиғанда көзі күн боп күлімдейтін әлгі келіншектің кеңсесіне барды. Шаруасының жайын білмек еді. Өмірде мұндай да сәттіліктер бола береді екен, пәтерінің дайын болған құжаттарын қолына ұстатты. Қалай, қалай емес деп, ішке кіруге батпай, сыртта тұрып хабар беріп еді, өзі шығып, алақанына әкеп салды. Сатып алу-сату актісі, тех-паспорт, қосымша тағы бір топ қағазы бар, бау-шуымен, толық күйінде.
– Қолға тигені осы болды, – деді кешіктіргеніне қынжылғандай қиыла қарап. – Басқалардікі алда…
Демек, олардікі әлі бітпеген. Өзінікінің қалай елден озып, күн ілгері әзір болғанын ойлап жатпады, шаруасы көп екенін айтып, ғафу өтініп, жылдам бұрылып жолына түскен жарылқаушысының соңынан көзін сатып, «рахмет» деген жалғыз ауыз сөзден басқа аузына ештеңе түспей, толқи тебіреніп, телміріп қала берді. Көңілі шалқып лепіргенмен, әлденеге айызы қанбаған бір қоңылтақ күйде еді. Кім-кімге де әншейін айта салатын жай алғыстан гөрі үлкен, шын ризашылығын төкпей-шашпай жеткізетін бір мелжемді алқау айтпақ ниетте еді, қырсыққанда ондай ештеңенің шілдей шашырап тіл ұшына үйіріле қоймағаны.
Бұрынғы бұрынғы ма, соңғы аста-төк жақсылығынан кейін одан бетер жақсы көріп кетті иненің жасуынан өткендей ыспор келіншекті. Кім не десе о десін, бұдан былай зор құрметінен ешқашан айнымасқа бекіді. Өзі де бір үріп ауызға салғандай көркем жан ғой, шіркін, көңіл марқайтқан көл-көсір жәрдемінен соң тіпті сұлуланып, жұлдыз боп біржола аспанға шығып кетті. Жылтырай сыланған әрлі ажары гүлдей жайқалып, жайнай түсті. Бір ғажабы, сол нұрлы дидар шуақты күйінде көкейіне қонақтап, ұзаққа қалып қойыпты. Жанашыр жақындарының біріндей жадында берік сақталыпты.

ІІ

Несін айтасың, ақ түйенің қарны жарылған ақжарылқап күн туып еді ғой кешікпей! Көктен тілегені жерден табылып, тар болса да баспанасы бар, ертең қайда қалам деп уайымдап, берекесі кетпейтін, оған дейін көрген қиыншылықтарының бәрі сырғып артта қалған барқадар уақыт басталды. Алда қайғысыз, қамсыз ғұмыр кешетініне кәміл сенді.
Дегенмен, тынбас тіршіліктің кедір-бұдыры таусылып біткен бе, арада ай өтіп жарытпады, кілкілдеген уайым қайта келіп алды кеңірдектен. Басы бүтін басыңа жазылып, тұтастай қарамағыңа көшкен меншікті тұрағыңды бұрынғы тұрғынынан босатып, толыққанды құзырыңа алу деген дүниедегі қиямет істердің бірі екен, ілгері бір қиялына кіріп шықсашы! Не басталса, соның көлеңкесі құсап тағы бірдеңелер қабаттасып жүретін шақ еді ғой, «Біраз адамның құжаты жалған боп шығыпты» деген сыбыс тарады кешікпей тұрғындар арасында. Ал келіп жүрегі атқалақтап аузына тығылсын! «Біреулер алданыпты. Арзанға жасатамыз деп өз қолдарына алған екен, алаяқтар отырғызып кетіпті» деген тағы бір қауесет желдей есті. Ал келіп ұйқысы безіп, мазасы қашсын! Кірпік ілуді ұмытты. Қалғи бергені сол, біреу келіп, «үй менікі, босат үйді» деп, бүйірінен түртеді де орнынан атып тұрады алақтап. Ол өткелектен де өтті-ау, әйтеуір, тісін тісіне басып жүріп аржақ жағада тұрды бір күні ентігіп. Ешкім келіп түртпектеген жоқ. Өз күдігінен өзі үркіп, берекесі кетіпті. Бірақ, «айналдырған ауыру алмай қоймайды» деген рас екен, ең ақырғы өткел оңайға соқпады. Қаңырап бос қалған үй болған жоқ қой ол заманда, ұзақ жыл сонда тұрған, қырсық шалып, соның алдында ғана жұмыстан қысқарып, үлес алуға құқылы болмай қалған жалғыз басты ананың қолында екен бұған тиесілі бөлме кілті, ал шығарып көр оны! «Келіңдер, көз алдарыңда өзімді өртеймін! Онсыз да аянатын ештеңем қалған жоқ!» деп бір-ақ кесті. Әбден тозып біткен репетсіз өң-тұрқы-ақ айтып тұрды, оның бәріне тастүйін дайын екенін. «Ештеңеден тайынбайтын көкайыл адам» деді жайын білетін көршілері тұтанған отқа май құйып. Бұдан бұрын да жетісіп жүрмеген болар, соңғы кездері тіпті асқынып, құтырып кетті деді ежелгі таныстары. «Екі балама ғана қарайлап жүрмін, әйтпесе не қалды бұл тіршілікте мен қимайтын» депті таяуда бір күреңқабақ боп қалған біреулерге. Онсыз да сырына қанық кісілер пәледен аулақ деп, содан былай үндерін шығармай, аяқтарының ұшымен басып, желіп өтетін болыпты маңынан. Оған тағы «Кетсем де тек кетпеймін, жастығымды ала кетемін» деп тістене, ызбарлана, зәрлене айтқан, соңғы мәлімдемесі іспетті, ескертпеге толы екпінді сөздері де еселеп үрей қосты.
Бірақ, бұл дүниеде алынбайтын қамал, асу бермейтін асқар болған ба, не сиқыры бар екенін, оның тілін де мың болғыр әлгі түрік ерін келіншек тапты. Жөнге тоқтап, ештеңеге илікпей қойған соң барып, мән-жайды баяндап еді, «саспаңыз» деді. Арада екі күн өткен соң жеке шығарып, жайлап сөйлесті де шамалыдан кейін жынын алған бақсыдай қылып қайта жетектеп келді қасына. «Ертең босататын болды. Жинала беріңіз!» деді. Айтқандай-ақ, ертесі бір сеніп, бір сенбей, екі өкпесін қолына ұстай ұшып жетсе бөлмесі бос тұр екен. Егде жастағы жұмысшы әйелдің екі баласымен қайда қаңғып кеткенін ойлап басын ауыртқан жоқ, соншама долы, дауасыз әйелді көкейінен орын алған көркем жанның қандай айламен арбауына түсіріп, айтқанына көндіргеніне ақылы жетпей қала берді. «Не айтып, қандай амал қолданды екен?» деген шешілмес шие қалды көкейінде. «Не істесе де… керемет екен!» деді ешбір жіп ұшын тауып, ойын ары жалғай алмаған соң ақыры шарасы құрып.
Бұрын тұрып келген жері алтынмен аптап, күміспен күптеген хан сарайы болмағанмен, айналасы ашық, маңайы гүлзар, кәдімгі үй еді. Есік алдына шықса саябақтың бүйіріндегі жалғыз кісілік темір есікке тап болады. Бекер обалы кәне, соның тұтқасына қол ұзартсаң, арғы жақ – кең аула, қызыққа толы қызылды-жасыл әлем-ді. Асықпай аралап, бір сәт сарығыңды басып, самалдап қайтуыңа артығымен жететін. Негізі, сенің, сендей адамның маңдайына жазылуға тиіс бәсірелі орын, түбелікті тұрақ сол еді. Қайтесің енді, теңшелмеген дүние ғой бұл, ол маңнан тар болса да жалғыз ауыз тас босаға бұйырмады. Күтпеген жерден жекешеленіп, әлдекімнің тақымында қысылып, сытылып кете берді де сен болсаң аңырап далада қалдың. Оған дейін – анық сыртқа тебіліп, шет қақпай көргеніңді білгенге дейін ештеңенің парқына бармай, дымның қадірін ұқпай, босқа салақтап, текке бой соқтырып келіпсің. Бұқаның мұрнын жұдырықпен тескендей сол жолғы жойдасыз зорлықтан соң аяқ асты келген панасыздықтың түртпегінде дүниенің басқа бағытқа бет алып, лағып бара жатқанын әрең пайымдадың. «Қайда кетіп барады бұл дүние?» деп әуелі өзіңе үлкен сұрақ қойып алдың да артынша «Көрініп тұрған жоқ па, тіке құрдымға қарай маңдай түзеді! – дедің оған өзің зілдене жауап беріп. Өйткені, айла-шараң тақа таусылған еді. «Адамдар неге мұны байқамайды? Неге сәтінде сезіп, дер уағында амал қолданбады?! Ешбір қарсылықсыз, тіпті, тұяқ серіппей қарсы алып, үнсіз келіскені, күрессіз көнгені несі бұл зобалаңға? Ертең жауап бермей ме осы қимылсыз, әрекетсіз қылмыстары үшін?!» дедің сен тағы әлдекімге еріп, қиян шетке қаңғып кетіп, ақыр аяғында адасып, жапанда жалғыз қалған жалқы жаяудың күн қағып, шөл қысқан, әлденеге зар болып, дәрмені құрыған жадау халін кешіп.
Иә, сол тұс қой… ешбір шүбәсіз сол кезең… өзіңнің ешкім емес екеніңді, бірден құлдырап, түкке керексіз болып, қайраңға шыққан балықтай шалажансар күйге енгеніңді анық сезіп, жұртта қалған иттей ұлып, арыз-арманыңды, мұң-зарыңды көкке қарап ақтарып, әй келіп бір арыла аңырағаның! Құлындаған дауысың көкке жетті. Оңай ма енді, аздың алдында ғана өзіңді дүниенің қожасы есептеп, ештеңеге мойын бұрмай, ешнәрсеге алаңдамай, дым түйсінбей келіп, бір-ақ күнде, әне-міне дегенше болмай, сымпиып күл-қоқыс толы күресіннен бір-ақ шықсаң! Дүние тосын артын беріп, айнып кеткен құбылмалы мезетте шақша басың шарадай болып, жан ұшыра ойбайладың. Бұрын неге уайымсыз, қайғысыз жасап келіп, енді неге алтын басыңның бағасы кеміп, құның көк тиынға татымай қалғанының себебін ақылың жеткен шектен ойша бір шолып өттің ебіл-дебіл күйіңде. Бірақ, түпсіз айдынға ойда жоқ тастай салған жалаң қармаққа бірден кеп іліне қояр қайдағы олжа? Талайға дейін қиял мініп сабылғаныңмен қармай алмадың ештеңенің құйрығын. «Қайдан болды мұның бәрі? Неден?..» дедің сосын әнтек тізгін тартып.
Сөйтсең, ілкіде бір ден қойып, байыптасаң, қара басыңның қадірі садағасы кеткір кеңес үкіметінің кепиетіне мықтап байланған екен, әлдеқашан бір дене болып біте-қайнасып, бөліп-жаруға келместей бірігіп кетіпсіңдер, тұтас тұлғаға айналып. Нар көтере алмас өлшеусіз нарқың бір кезде жарқыраған шам сынды бүкіл әлемге нұрын шашқан социализмнің шуағы мол сәулелі өміріне тікелей қатысты екен! Ешбір күдікке орын жоқ, басы ашық ақиқат. Ал соңғы кезде салмағың тосын жеңілдеп, қаңбақ боп қаңғып кетсең, ол әлгі берік тұтасқан алып діңдердің, болат діңгектердің тосын босап, түбі орныққан тұғырларының кенет шіріп, жеміріліп кетуінен бастау алыпты, сол тұстан сыздықтап арна тартыпты бері қарай… «Күнсіздерге күн болған қайран кеңес өкіметі! Шынымен-ақ көз жазып қалдық па сенен! Біз секілді миллиондаған шаруа, еңіреген еңбекші халықпен қоса, өз қамқорлығыңда жаңа қаз-қаз басып, қалыптасып келе жатқан қазақтың жап-жас жұмысшы табын далаға тастап қайда кеттің? Бұл олардың өсіп-өркендер ең керекті мезгілі еді ғой, аса қажет тұсы-тұғын, қаңғыртып, зар еңіретіп орта жолда лақтырып кеткенің қайткенің?! Аса қат едің сен бізге! Әбден нығайып, ешкімге есе бермес болғанға дейін сенің әкелік қомқорлығың ауадай зәру едік. Солай болғанда, біз қолымыздағы билікті қандай жағдайда да басқаларға бермес едік. Даңқты орыс жұмысшы табы секілді әлеуеті асқан, қуаты кемел сұрапыл күшке айналар едік толықсып! Дүниені өзгертетін ең маңызды алғабасар топ болып пісіп-жетілетін едік. Осы зәрулік үшін қайтып кел, ұлы кеңес билігі, бізді орта жолда қалдырып кетпе! Ұстаз деген осындай да бола ма екен?!
Аспан асты, жер үстіне шұғыла шашып, дәурендеп тұрған заманыңда өмір есігін ашқан біздің буын – жас ұрпақтың құны қазіргіден әлдеқайда жоғары болды! Біздей даңқты жолға шын берілген жалынды жастардың шалқып-тасуы тікелей сенің арқаң! Біз сенен басқаны қаламаймыз! Басқаны білмеймін, әйтеуір, өз басым сені бар болсаң да, жоқ болсаң да мәңгі сүйіп өтем! Себебі, бұл дүниеде сенен асқан бақыттың жоқ екенін анық сезіп, көз жеткізіп жатырмын! Орнымның, дәрежемнің сенімен ғана биік екенін анық пайымдадым! Жасасын күнсіздерге күн болған даңқты партия! Мәңгі жасасын нұр шуақты кеңестер билігі!» Осылай деп зарладың сен артынан.
Ал жаңа қоныстағы тәлейіңе тап келген, тұңғыш көргенде-ақ «О, Құдай!» дегізіп озандатып, құлындаған дауысыңды көкке жеткізген ендігі қоңсыларың кім еді десеңші?! Басқа ешкім емес, кешегі қаптап жүрген кеңес адамдары екен. Бірақ, өспей, өркендемей, жетілмей, жер бауырлаған күйінде жатып қалған, соншама ұзақ тәрбие көре тұра, мұндай да бола береді екен, санасы сол баяғы өтіп кеткен, әлемде өзі түгіл, көлеңкесі де қалмаған феодализмнің шырмауына шандылған, салбөксе сасық қазақтар! Бұл қызықты көріңіз енді! Сол кездегі және бір таңқалған нәрсең, кеше ғана осы жатақханаға күн құрғатпай келіп-кетіп жүргенде көретінің ақ-бозы аралас сүп-сүйкімді, биік санаттағы бірегей кісілер еді, енді бажайласаң, олай емес. Әлде өздеріне ығын беріп, ыңғай танытқан тарихи қолайлы уақытты пайдаланып, жең ұшынан жалғасып, бір-бірін тартып, осында қоғамдасып, жиналып алған, қара құмырсқа құсап жер-көкке сыймай қаптап, өріп жүрген таңқы танау, жалпақ бет азиаттар – күн қақтаған күрең жүзді қоңырқай мәмбеттермен бетпе-бет келдің. Анда-санда емес, аттап басқан сайын. Бұлармен бірге өмір сүріп ит болғанша осы қорлықты көрмей-ақ күн ілгері өліп кеткенің артық еді, амал қанша! О баста пешенеңе жазылған, қалайтын-қаламайтының жайлы ешкім сұрамаған ащы шындықтың ашық ақиқатын қабылдай алмай қатты қиналдың. Не істерге білмей дал болдың. «Үш күннен соң көрге де үйренесің» деген сөз рас екен, кейін амалсыз көндіктің, безіп кетер басқа жерің болмаған соң шарасыз тұсалдың. Уақыт өте келе қазан-аяқтарың араласып, тым жақын болып кетпегенмен тату жүріп, сыпайы сыйластыңдар. Тәрбиелі кісі болғандықтан жасырып-жаппай, шынын айтқан дұрыс, жақсылығын көріп, дәмін татқан кездерің де болды бұлардың дастарқанынан, үйіңде тіске басар азық қалмай, қарадай аш қалған шағыңда.
Сондай бір көкірегің ризашылыққа кілкіген сәтте ғой, о бір кезде, заманның оң уағында, бұлардың осында – қалаға келгісі келген бір-екеуіне, қанша дегенмен адам баласы ғой және кеңес азаматы, әрі кеңес үкіметінің ардақты атын алға тартып алдыңа келген соң, қарап тұра алмай, ықыластана қол созып, көмек бергенің есіңе түсті. Соған қарағанда, адамның өзгелерге жасаған жақсылығы ешқашан ұмытылмайтын болса керек. Бөтен біреу емес, осы мекеменің сырт жердегі бір бөлімшесінің көп жылғы, былайша, еңбегі сіңген сақа жұмысшысы екен. «Бала-шағам бар. Барлығы да болашақ коммунизмнің сенімді ізбасарлары. Қалада тұрып, дұрыс білім алуы керек. Өзің білесің, біздің қазақтар көп оқымайды. Қалада тұрғысы келмейді. Тау сағалап, тағы боп, мал соңында жүргенді артық санайды. Содан барып түгел надан, дөкір боп қалған. Ал мен балаларымның ондай болғанын қаламаймын. Оқытсам деймін. Ұлы кеңес өкіметінің алақанының жылуын онсыз да сезіп жүр, одан да жақын жерден тіпті де анық таныса, жақсы болар еді. Сен де бір сондай, кеңес үкіметі тәрбиелеп жеткізген, көзі ашық, саналы қызсың, айналайын… жақсылығыңды екі дүниеде де ұмытпайын, көмектес жеткіншектеріме» деді. Тақ осындай өз жұртының кемшілігін айқын танып, соған сәйкес дер кезінде шара қабылдап, өсу, жетілу жолына түскен немесе түсуге бел байлаған, көкірек көзі жарқырай ашылған қазақты бірінші рет көруің! Таң-тамаша қалдың! Таңғалып қана қойған жоқсың, айтқандарын естіп «қандай ақылды адам, кеңес үкіметінің қадірін ерте сезінген қандай көреген кісі» деп, қарап тұрып толқып кеттің. Көзіңнен бір-екі тамшы ыршып кетті ме, ол жағы есіңде жоқ… тебірене ұмтылып, қолынан ұстай алдың әлгі әйелдің. Мәймөңкелеп жатпай, «көмектесем, – дедің үзілді-кесілді уәде беріп. – Кеңес үкіметінің адамдарға деген ең негізгі және басты қамқорлығы тәрбие беру емес пе, олардың көзін ашу, содан соң барып, нұрлы болашағына жол сілтеу… шала сауат екеніңе қарамай, осыны тани алғаныңа тәнтімін! Жан түбіңе жеткен екен ғой самала сәулелердің соңғы жұғындары! Күдігің болмасын, көмектесем».
Сол бір жүрек елжіреткен толқымалы шақта сен, негізі, өзіңе емес, тағы да құшағы кең, өзім дегеннің бәріне шапағатын аямай төге беретін ұлы кеңес өкіметіне сенген едің. Барлығы айтқаныңдай болды. Сәті түсіп, босай қалған жатақхана бөлмесінің біріне әлгі жесір әйелді лып еткізіп орналастыра қойдың. Кілтін алақанына салған сәттегі бой кернеген масат, мақтаныш сезімнің қуаттылығын атама, әлдененің ыстық ағыны жөңкіліп келіп, кеудеңді дамыл-дамыл соқты да тұрды. Соның әсерінен болар, желпініске толы сол бір жеңісті мезет сол күйі мөлдіреп жадыңда қалыпты! Ол да болса артыңда тіреп тұрған, кісіге көмектесе алатын әлетке жеткізіп, қатарға қосқан, әлеуетті кісі қылған шапағаты мол кеңес өкіметінің арқасы еді. Болмаса, сен кім едің жақсылығың өз басынан артылып, басқаға тиетіндей? Кеше ғана қара түнек басқан надан ауылдан келіп, қалада оқып, көкірек көзі ашылған жесір қатынның қызы болатынсың. Міне, бүгін, шуағы мол нұрлы күннің шүлен шұғыласына бөленіп, жоғарылап оқудың арқасында біраз нәрсеге қолың жетті, сонымен ғана тынбай, реті келіп, өзіңдей тағы бірнеше болайын деп тұрған баланың бағын ашып, келешегі жарқын даңғыл жолға салып жібердің. Кеңес өкіметі болмаса осы теңдесі жоқ игілікті істі істей алар ма едің? Қайда, ештеңенің ебін таба алмай, тентіреп жүріп не істей алғандайсың… түк те жасай алмас едің! Жасасын, кедейлерге… тоқта! Қайдағы жасаған… ол жарық күн баяғыда батып кеткен жоқ па қайта шыға алмас ұясына барып! Қайдағы жасаған?..
Осы бір жүрек қарыған суық хабар санасына келіп қалай ұрылды, өткенді ойға алып, шамалы шалқып кеткен көңілі солай басылып, дауыл ұрғандай есеңгіреп, күйреп қалды. Отырған орнында теңселіп кетіп, зорға оңалды. Еңсесін тіктеп, арқасын артындағы қабырғаға тіреді. Алдыңғы жағы әлі сол қап-қараңғы көр қалпы екен. Сәуле жүгірмепті, саңылау сығаламапты. Өзі білер қисынға салса, осылай болар жөні де бар еді. Бір тоқтап қарағанда дәл осы заматта ғана емес, әлгі бір қарғыс атқан қаралы хабарды естігелі бері әлемнің жартысы түртініп, қараңғы жамылған осы бір қара түнекте өмір сүріп келе жатқандай сезіледі! Бағыт-бағдар баяғыда адыра қалған. Алыстан өшіп-жанып өзіне шақыратын, алда-жалда адасып бара жатса, жөн сілтеп, қайта әкеліп дұрыс жолға салып жіберетін асыл шырақ – төбе басында сорайған жалғыз көзді жол нұсқаушы да жоқ қазір. Төрт құбыла түгел ашық болғанмен мақсат, мұрат деген бұйдаұстар бастаушыдан мақұрым қалған томағалы хал. Желкен көтерер жетекшіге зәру, ешкім келіп маза алмайтын, ешкім келіп шылбырға жармаспайтын құлағы бітеу түпсіз түнек. Маңдайыңды қалай түзесең де тұңғиыққа барып батып, біржола жоқтауың асар жосықсыз жылым. Жуық маңда айдынын ашып, аясын кеңейтетін емес. Дәл мұндай күні тұтылып, айы күйген тұтқыр заманмен салыстырғанда бұрнағы жарық дәурен… төбеден нұры төгіліп, шуағы себілген қайран кеңес билігі! Қайдан іздеп табарсың оны… теңі де, теңдесі де жоқ ондай жарылқаушыны енді кімнен қалап, сұрап аларсың!.. Осы отырғанда сарыла күткен жарық та түбі бір күн келер-ау, қайда кетер дейсің, оралады – шырақтар да бір кезде қайта самала боп жанар, бірақ, шын мәніндегі шуақты сәуле – күн сипатты қамқоршымыздың нағыз жүрек жылуын, махаббат мейірімін ешкім бізге қайтарып бере алмайды! Жолына нені құрбан етіп шалсам екен ондай әлемде жоқ асылдың? Бодауыңа нені атасам қайтып келесің, күнсіздерге күн болған ұлы жарық?!
Осылай деп іштей қыстығып жыладың. Өзіңді өзің тоқтата алмай ұзақ еңіредің. Қолқа қуысың шер-шеменге толып қалған екен, аздан кейін кәдімгідей босап, жеңілдеп қалғаныңды сездің. Кісінің көз жасы, соған қарағанда, шараға толған сұйық, мөлдір зат емес, көкірек тырнаған күйіктің тамшыға айналып, қыл кірпіктен сорғалаған сығынды сөлі болғаны ғой. Шамалы жайланып қалғаныңның себебі, сірә, содан.
Сол кеңіп қалғанның әсері болар, артынша көтеріліп, қанаттанып, желпініп отырғанда, дәл алдыңғыдай, сәті түсіп, тағы бір кісіге жақсылығыңның өткені қаперіңе ұрылды. Жасаған зор көмегің үшін емес, енді ойласаң, артынан естіген сұмдық жаңалығына бола біржола жадыңда қалыпты тасқа ойылған жазудай таңбаланып. Бір күні өмірі көрмеген бейтаныс адам күтіп алды кеңсеңнің алдынан. Ертеңгілік уақыт болатын. Жұмысқа деген ынта-жігерің қолды-аяққа тұрғызбай алып-ұштырып тұрған шағы. Кесікті мезгілден жарты сағат бұрын жетіп едің желпініп, соның өзінде әлгі кісі келіп алыпты. Аса маңызды шаруасы барын сол оза шапқан озат белсенділігінен айтқызбай-ақ білдің. Қалыптасқан дағды бойынша, аса сызылып кетпей (ондай әдет бойыңда онсыз да жоқ болатын), салқын райда, сәлемдесу ырымын жасап, ерін жыбырлатып өте шықтың жанынан. Әуелгі екпініңнен жазбай бірден ішке ендің. Орныңа әбден жайғасып, орнығып алған соң, хатшы қыз арқылы хабар салып, алдыңа шақырдың бұрын көрмеген күтпеген қонақты.
– Тыңдап тұрмын, – дедің сосын маңғаз қалыпта, қарсыңа келіп жайғасқан көлденең кісіге көзіңді қадап.
Сонда көрдің, егделеп қалған адам екен. Қалалық не ауылдық екенін (негізі, бұл өте маңызды) ажырата алмадың. Дегенмен, көпті көріп ысылған ысқаяқтың өзі екенін қапысыз шамаладың. Өзің де талай өткелектен өтіп, біраз жайды аңдап, ширап қалған кезің, әуселесін көрейін деп түйдің ішіңнен. Алда басатын әккі қадамын қай тұстан тастар екен деп, сақтана аңдып, жіті бақтың сақа қарсылас жүрісін.
– Қызым, мен…
– Қыз-мызды қойыңыз, бейтаныс жолдас! – дедің сен осы тұста, ауыз ашқаннан кеңселік әдепті ұмытып, жабайылыққа көшкен ауылбай шалды ап дегенде бір сүріндіріп алмақ болып. Одан аман өтсе де құлағына қамшы тиген жаман аттай жасқана басып, сақтана ілгерілеп отырар деп топшыладың іштей. – Қайда отырғаныңызды ұмытпаңыз. Адамды өз аты-жөнімен атаған дұрыс. Басқаны болмаса да осыны білетін уақыттарыңыз болды ғой, – дедің артынан тағы тықсырып.
Ауыл қазақтарының бар атақ-дәрежеңді, лаузым-мансабыңды бір жаққа сырып қойып, өзім білемге басып осылай жаймашуақтатып сөйлейтіні шынымен ұнамайтын. Өздері, тіпті, жыланның аяғын көрген қу. Түрлеріне қарамай, жақын тартқан боп, әуелі сенің кім екеніңді өзіңе ұмыттырады. Ал кім екеніңді ұмытқаның – бұлардың айқара ашқан құшағыңа өздігіңнен барып құлап, түбіне сүңгіп кетуге өз қолыңмен есік ашқаның. Ары қарай өздері билеп-төстеп, білгенін істеп, еркін жайлап, кеуделеп жүре береді. Сөйтіп қарап тұрып айбыныңнан айрылып, бүгежектеп қаласың. Саудаңның бір демде біткенін байқамайсың да. Сондықтан, бұл жымсыма шабуылдың алдын алып, қолма-қол қарсы шара қолдануың керек. Алдыға қарай еркін аттатпай, бастаған жерден тиып тастасаң, тасырқаған ат құсап байқап басатын болады табанының астын.
– А!.. Ондайы бар ма еді тағы… – деді сасып қалған шал жан-жағына қарап, демде берекесі кетіп қалыпты. – Кім біліпті… – деді сосын қарадай сипақтап. Суық тер бұрқ еткен болу керек, іле алақанын маңдайына апарды. – Күнде бет көрісіп жүрген қанық кісілер емеспіз. Жад да тозған… Есімің кім еді, қарағым…
– Есіктің сыртында жазулы тұр үлкен әріппен.
– Жаңа бір қарай салмағанымды қарашы! Онсыз да біраз тұрып едім… енді қиын болды ғой…
– Осы сіздер қызықсыздар… жұмыстарыңыздың біткенін сонша қалайсыздар, ал оны шешетін кісінің кім екенін, тиесілі аты-жөні бар екенін қаперге алмайсыздар. Сіздер үшін ол шаншып қойған қурай… лауазым-мансабының да көк тиындық құны жоқ. Дәл осы қарапайым нәрсені үйреніп алу үшін тағы қанша ғасыр керек сіздерге?
– Әй, соны үйрене алмадық қой, әйтеуір, Құдай атып… әрі сен өзіміздің… – Шал солай деп барып, тағы бір пәлеге ұрынам ба дегендей сөзінің соңын жұтып, тежеле қалды.
– Жарайды. Болар іс болды, қарт жолдас. Айта беріңіз енді келген шаруаңызды…
Алғашқы соққыдан-ақ есеңгіреп қалған егде кісі талайға дейін ес жия алмай, қарадай берекесі қашып отырып қалды. Сондай бір ыңғайсыз күйге түсті. «Өзіне сол керек! – дедің ішіңнен рахаттана масайрап. – Сендерді анда-санда осылай ұшықтап қоймаса болмайды».
– Қысылмаңыз… кәне, айта беріңіз, – дедің сосын өзіңе аса риза көңілмен қанағаттанып. – Асығып отырмын…
Шал сонда барып зорға дегенде бойын жиып, сөйлеуге икемделді.
– Мен сен өскен ауылдан келдім. Өзімсініп «қызым» деп отырған себебім сол…
– Айта беріңіз… «Тапқан екенсің өзіңе қыз болатын адамды».
– Жақын туыс боламыз….
– Иә. Айта беріңіз… «Білем, мұқтаждық кейде кісілерді тым тез туыс қып жібереді»
– Біздің үйде бір сіңлің бар. Осы Алматыда жақында оқуын тауысты. Қалада қалсам дейді… Ары қарай оқысам, қызмет істесем деп талаптанып жүр. Өзіңді біледі… үлгі тұтады. Жақыннан бері маған «бар» деп қоймай жүр… соған қол ұшын бере ме деп келіп едім…
«Айласын қара бұл мыжырайған шалдың! «Өзіңді біледі… үлгі тұтады» дейді. Соны жалау етіп көтеріп, «ішке» ену ғой көксегені. Тапқан екенсің ақымақты. Дегенмен, артын бағайын. Бұдан ары не дер екен?» дедің ішіңнен.
– Қол ұшын бергенде… нақты не керек? Не істей алам қызыңыз үшін? Аспанның бір шетін тіреп тұрғам жоқ…
– Жоқ. Сен үлкен жұмыс істеп жатырсың, қызым. Кешір… біз сені мақтан тұтамыз.
«Солай ма? Мақтан тұтамыз дейді. Онысы қызық екен? Сонда мені ауыл… алыстағы жұрттың бәрі білетін болғаны ғой… Әлде қармақ қаптырмақ болғандағы шырғасы ма екен? Көрейік онысын да ары қарай…» Ерніңді үйіріп, икемдегенің болмаса дымыңды шығармай, іштен айттың бұл сөздерді де.
– Солай деңіз… – дедің ілгері ұмсынып, сол күйі үнсіз қала алмай.
– Солай, қызым. Сен үлкен жұмысқа тұрып, көп адамның үстінен қарайтын партияның сенімді адамы болдың. Соны естігенде ауыл болып қуандық.
– Сіздер де естіген екенсіздер ғой…
«Бұл қызықты көріңіз енді! Ауылдағылардың естігені қандай жақсы болған. Кезінде көзге ілмей, қор қылып еді. Бәлем, енді таныған шығар менің кім екенімді» дедің ішіңнен.
– Естідік, қызым. Қуанышымыз қойнымызға сыймады. Өзің білесің, біздің ауылдан оқыған адамдар көп шықпаған. Қыз да болсаң, сол олқылықты толтырып, өрге жүздің. Бағың жанды. Біз де ризамыз…
Неге екенін, үстел үстіндегі қағаздардан көзіңді алмай, үңіліп қалдың. Соған қараған болып тырс етпей отыра бердің. «Кейде бұлардың… ауыл адамдарының кісіні осылай желпіндіріп тастайтын тазалығы, кіршіксіз көңілі, соқпа желпімесі бар. Өздері қарабайыр болғанмен, жүректері пәк. Толымды тәрбие жетпей жүр ғой, әйтпесе, әлдеқашан-ақ тік көтеріліп, жетіліп кетер еді. Міне, мына қарт жолдас – солардың ортасынан шыққан көшелі адам. Оқымаған демесең, пейілі – ақ, ниеті – таза. Айтқандарының бәрі рас. Біз жақтан әлі ешкім биік қызметке жете қойған жоқ. Үкіметтің арқасында, әйтеуір, біраз адамның үстінен қарайтын әлетке мен жеттім. Соны біліп, бағалап, мақтан тұтып жатса, бұлардан неге айналмасқа. Бірақ, байқау керек, әуектетіп алып, ертең құтыла алмай жүрмейін».
– А, қайдағы… Біздікі әншейін жұмыс қой… Дегенмен, рақмет, қарт жолдас, жылы лебізіңізге! Кішілікпен алғыс білдіремін! Сонда не істеуім керек… айтпадыңыз ғой…
– Жаңағы айтқан сіңліңнің қалада қалуына көмектес, айналайын! Екі дүниеде ұмытпайын! «Бар», «бар» деп, жанымды қоймаған соң келдім кәрі жанымды сүйреп.
Шал алға қарай ұмсынып қойды. Ортада қалыптасқан жылымық жағдайдан қанаттанып, қайта көтеріле бастаған сыңайы бар. Жүзіне күлкі үйіріліпті.
– Қызыңыз не оқып еді?
– КазГУ-ден физика-математика бойынша…
– Біз құрылыс компаниясымыз ғой…
«Мына шалдың есі дұрыс па!» – дедің іштей.
– Жоқ, қызым, сен түсінбедің. Қазір түсіндірем… оның жайы былай, қалада қалу үшін кісі қалада тұрақты тіркеуде тұруы керек екен. Сол бізде болмай тұр…
– Оны кім айтады?..
– Ол бұрыннан солай, қызым. Ежелден солай. Сен жассың ғой, саясаттың ұңғыл-шұңғылын әлі білмейсің. Қала тұрғындарының санын шектеу мақсатында қолданылған сондай жабық саясат бар ішкі жақта. Сондықтан, жұмыс тапқаныңмен, тұрақты тіркеуің болмаса, қалада қала алмайсың.
– А-а? О жағын білмедім… Сонда менен қандай көмек керек?
«Сауап болған екен бәлемдерге. Әйтпесе, жер-әлемге сыймай, қаптап кетпей ме бұлар шұлғауын сүйретіп».
– Жатақханаңа тіркеп бер, айналайын!
– Компанияда жұмыс істемейтін адамды қалай тіркеймін?
– Онда… алдымен жұмысқа ал… әрине, уақытша… – Шал өзінің тапқырлығына қуанғандай кеңк-кеңк күлді.
«Мынаның әккісін қара, алай бұлтарсаң, алай, былай бұлтарсаң, былай орағытады алдыңнан».
– Мамандығы сәйкес келмейді ғой. Әрі ғалымдықтың оқуын оқып алып, жұмысшы болып жүргені дұрыс емес, – дедің аузыңа өзге сөз түспей.
– Қала тізіміне ілінсінші әуелі… қалғаны кейін бірдеңе болар…
Сен ойланып қалдың. «Ауылбай деп менсінбей отырған балшық табан шалым жер түбіндегіні білетін сұңғыла пәле екен және құрған жоспарының тастайын көр өзінің. Жапсарынан жел өтпейді». Не істесең екен? Орын жағына келсең, есіңде бар, көп ұзамай бір орын босауға тиіс. Босамаса да, жұмысшымыз деп тіркеп, артынан жұмыс тауып беруге де болады. Оған кеңшілік те, мүмкіншілік те жетеді. Ал, алмасаң… қабылдамасаң не болмақ? Аспан құлап түспейді, әрине. Бірақ, біріншіден, өміріңде бірінші рет туып-өскен ауылыңнан кісі екен деп, жақын тұтып іздеп келіп тұр. Қол ұшын берер деген үміті бар. Өзі жөн білетін, арғы-бергіден хабары бар, көзі қарақты жан екен. Көп оқитын болуы керек, қызметің өскенінен де хабардар екен. Сонда… бұл жаңалық жер түбіне жетіп қойған болды ғой. Сен әлі ешкім білмейді деп жүрсең. Демек, сөйлеген сөздерінен байқалып тұрғандай, сауатты, салауатты кісі. Әйтпесе, оқу, білімге жарымаған ауылда кім біліп жатыр есейіп қалған кезіңде қалаға кетіп қалған сені?! Сол үшін болса да көмектескенің жөн. Ал, екіншіден, өз бетімен алға ұмтылған қазақ екен. Алыс-жақындағыны түгел білетінімен қоса, қызын оқытыпты. Бұл деген көмектесуге тұратын іс қой. Бір адам болса да жасап жатқан заманының шуағына шомылып, ыстығына жылынса, жүрегіне нәр құйылып, отанын шын сүйетін өзім секілді патриот болып шықса жаман ба? Сол үшін де жәрдемдесу керек, бұл партияның күткен үмітін ақтап, үкіметті жақыннан қолдағаным болмады. Қайда кетпеген көмек, кімге көрсетілмеген қолдау, демеп жіберейін күні түсіп келген болашағы зор, қыршын жас кеңес адамын. Мүбәдә, бас тартсам, қиналғандарға қол ұшын беру сынды комсомолдық борышым өтелмей қалатыны өз алдына, ауылға барып анау-мынау деп жүрсе, естіген құлаққа ерсі ғой. Тәуекел, көмектесейін.
– Жақсы, – дедің ақырғы байламың пісіп, соңғы шешімге келгеніңді аңғартып. – Орын бар-жоғын сұрастырып көрейін. Қызыңыз келесі аптада келіп, жауабын білсін.
Арғы жағы есінде қалмапты. Бірақ, шал айтқан әлгі бір «жабық саясат» жайы, тосындау естілгендіктен болар, жадыңа таскене боп жабысыпты. Әлі күнге сайрап тұр ақыл сарайыңда. Себебі, күн өткен соң ол сөздің алып-қашпа қаңқу емес, айнамас ақиқат екені қапысыз дәлелденді.
«Шақырып жатыр» деп хатшысы хабарласқасын бастығыңа құстай ұшып бардың қос өкпеңді қолыңа алып. Өзінің қашанғы ешқашан іш бермейтін, тек көргеніне қуанышты екенін ғана сыздықтатып жеткізетін ескі дағдысына басып, басқа ештеңеден дерек білдірмей, маңғаз жымиыспен жылы қарсы алды шұнақ шал. Күткеніңдей болмаса да ретін тауып, орнында отырып-ақ кәдімгідей ілтипат көрсетті. Саған бұл кісінің дәл осы тым байсалды, нағыз коммунисттерге тән сабырлылығы ұнайтын! Әр жолы келген сайын адам басқару өнеріндегі жаңа қырларын ашып, өзіңнің тәжірибеңді толықтырып, зор әсермен желпініп кері қайтатынсың. Бұл жолы да солай болды. Әуелі соншама салмақтылықпен ана-мынаны сұрап, жұмыс жайынан мәлімет алды суыртпақтап. «Дұры-ы-ы-с» деді бір кезде бәрін мұқият тыңдап болған соң, алдындағы текеметтей жайылған кең үстелге қарай итініп келіп, доғал жиегіне шынтағын қойып. Мүйіз жақтаулы қымбат көзілдірігін алып, қағаздарының үстіне қойды. Бар болмысымен ошарылып, алға ұмсынған бұл әрекетінен аса маңызды нәрсе айтпаққа ниет қылғанын аңдадың. Көп істес болған бастықтың белгілі бір мағыналарды білдіретін қимыл-қозғалысы ешкім айтпай-ақ санаңда сақталып қалады. Соған сай, әрине, сен де еруліге қарулы, «дайынмын» деген бір «жауап» жасауың керек. Онсыз да әуеде қалқып тұрғандай, астыңдағы орындықтың бір шетіне ғана ілініп отырған жеріңнен жылжып, одан сайын ернеуге тақалып, шын «адалдығыңды» сездірмек болғанда жасайтын, өзің ғана бара алатын, өз ойыңша, әлемдегі ең жағымды, сүйкімді қылық жасап, қылмың етіп, бетіңді төрге бере көзіңді төмен қарай қиғаш тастап, бар ықыласпен қос құлағыңды тігіп, еміне қалдың. Жүрегің де езіліп, елжірей бастап еді осы сәт. Бұл дүниеде жетекшіңнің аса зор сенім білдіріп, өзіңе үлкен міндеттер жүктеген кезінен асқан әсерлі шақ болмайтын шығар-ау, тегі. Бойыңды тәтті діріл басып, соншалық қатты толқымасаң да іштей еміреніп, қорғасындай балқыған толқымалы күйге ендің.
– Жақсы. Жұмысыңды осылай атқара бер. Партия өзің секілді жас кадрларға үміт артады. Өзің білесің, компартия басшылығындағы социализмнің ұлы міндеттерін о баста соншама балаңдығына қарамай алғабасар жастар атқарған. Сол себепті, партиямыз жас адамдарға үлкен сенім білдіреді. Соған сәйкес, әрине, жастар да өздерін үнемі жетілдіріп, ширатып отыруы керек, міндет алуға қашанда дайын болуға тиіс. Жұмысымыз сонда ғана іркіліссіз алға басады, – деді сұңғыла басшы бір дамылдан кейін. Іле сөзін қайта жалғады. – Бүгін басқа шаруамен шақырып отырмын. Мұқият назар сал.
Басшының алдында отырған соң қағаз-қаламсыз бола ма? Қалыптасқан дағды бойынша, айтқандарын түртіп, хатқа түсіріп алуға ыңғайланып, дайын отырғансың. Қолынды жиып, алдыңа ала қойдың. Кім себеп болғаны, қашан орныққаны белгісіз осы мызғымас әдеттің кейде үлкен пайдасы бар: бар ықыласыңды беріп, жүзіңді төмен салып, естігендеріңді жылдамдата сүйкектетіп отырғанда, сөйлеушінің түп назары сенде болады. Басқаны қайдам, бұл өзіңе бұрнадан қанық жай – ылғи да солай. Алдыңдағы тапсырма беруші жүктеп жатқан міндеттерін сыртылдатып қағазға түсіре бастағаннан-ақ тақ бір ертең артығымен орындалып кететіндей риза болып, үңіле түсер еді… Әлде басқа бір құпиясы бар ма, өзінен өзі жымиып, көзі сенің ашық ажарыңа қадалып, өліп-өшкен улы шегір қарашығы оқ болып телміруден жазбайтын. Айтарға болмаса, бұл ынталы қарас сені де рахатқа бөлейтін. Неге олай болмасқа… қарт коммунист, тәжірибелі жетекші, одан да маңыздысы, қанша айтсаң да еркек кіндікті ғой, кезінде талайдың қол жетпес арманы (өзі солай деп біледі) болған келбетті жігіт, бүгін сырттай білдірмегенмен өзі дегенде өліп қалуға дайын іштей лаулаған зор махаббат иесі атпал азамат сол барша адамдық ұлы сезімін жанарынан жаңбыр ғып төгіп, ішіп-жеп тігіле қараса не болыпты. Кішкене жасамыс тартқаны болмаса әлі де сиқы қашып, сыны кете қоймаған сайыпқыран. Осы түрімен-ақ таяу маңдағы талай төмен етектіні көрген сәтте қылмыңдатып жіберетінін талай байқаған. Не сиқыры бар екенін, орыстың қыз-қырқыны ерекше әуес. Құшағына құлай кетуге шақ тұрады. Енді сол өзгенің қолы жетпеген ыстық ықылас үйіріліп сенің үстіңде тұрса, өзі келіп қонған толағай бақты, оның ойда жоқ желпіп өткен жылы самалын сезінбей, түк білмес болып қалай тымырайып отыра бермек. Қобалжыр еді. Жамалын алыстан аймалаған асыл пейілдің қызу табы сәлден соң ішке өтіп, жүрегіне жетер еді. Іле бойын айтып жеткізгісіз бір масаттану кернейтін. Осындай бір жалын шарпып, аптап ұрған шетін сәттер бек ұнайтын. Әйтпесе, жады тозған қаусаған кәрі емес, бастықтың аузынан шыққанды, қанша көп болса да және қанша жылдан кейін сұраса да үтір-нүктесіне дейін қалдырмай жатша судыратып беру деген не, тәйірі, барлығына тастүйін әзір болатын. Бірақ, бүгін не пәле қаққанын, жаны сүйетін сол жосын – бұлжымас қағидаға айналған қалыпты сүрдек кенет сүрлеуінен жаңылыпты, еш себепсіз қажет болмай қалған. Жетегіне алған жалғыз жолбасшысы түбіне дейін бойлап кететін сол терең ләззаттан мезгілсіз айырып, айтқанымды хатқа түсірме, қағазға алма дейді. Одан да… сен маған ұнамай қалдың, саған бұдан ары екі көзім жебедей қадалмас деп «гүрс» ете қалғаны әлдеқайда рауа еді. Олай болғанда істің мәнісі түсінікті болар еді. Мынауы көңілге көлеңке түсірер аса томпақ жай болды. Не боп қалды екен сонша? Бүйте қояр жөні жоқ еді ғой. Әлде көре алмас біреулер құлағына бірдеңелерді сыбырлап кеті ме екен?.. Жә! Болар іс болды, енді тағат қылып артын баққаннан өңге түк қалған жоқ, соңын күтейін. Бірдеңе болса, өзі де бір белгі берер…
Тосын бұйрықтан тосырқап, алдыңдағы ашық жатқан блокноттың жаялықтай бетін жауып, аңыра қарсы жағыңа қарадың. Өзің күткендей алып бара жатқан ештеңе жоқ секілді, жайбарақат қана бір шолып өтіп, сыздықтатып әңгіме бастады қарт коммунист.
– Маған жоғарыдан қоңыраулатып жатыр. Өзің білесің, қаланың халқын белгілі шектен асырмай, тұрақты деңгейде ұстап тұру деген ішкі пәрмен бар. Әрине, бұған байланысты басқаша ой тумауы керек. Бұл халықтың тікелей өз мүддесі үшін, астананың әлеуметтік жағдайына бола жасалған оң шешім. Оның үстіне, Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орталасқан. Сақтану керек. Мұны былайғы жұрт көп біле бермейді. Өзің секілді партияға шын берілген, сенімді адамдар болмаса… Соны есіме салып, қайта-қайта хабарласып жатыр. Тексеру нәтижесіне қарағанда, жабайылар… тойс, қалалық емес адамдар… басқа тесік таппағандықтан, жақыннан бері түрлі мекемелердің жатақханаларын жағалап, соны ішке өтер тұрақты дәліз қылып алыпты. Бізде де біраз жатақхана бар ғой. Тіркелуге болатын біреуін біраздан бері өзің басқарып отырсың…
Аздың алдында ғана тал бойын шарпып өткен «басшының өткір сұғына қақталудай рахат істен қағыс қалдырдың» деген болмашы өкпе, әйелдік наз кенет сейіліп, орнын демде сұп-суық тіксініс, тіпті, өзі де түсіне алмаған бір сызды тітіркеніс басып бара жатты. Есіне бірден өткендегі қарт ауылдасы түсті. «Қырсық! Оны қайдан біліп қойды екен? Әлде артымда аңдитын біреулер бар ма?.. Бәлкім, сол шалдың өзі мені қайтер екен деп сынап көруге барған тексеруші шығар… пәле деген, міне, аяқ асты!» деді ішінен қалтырап кете жаздап отырып.
– Жоқ, – деді сосын бастықтың бақылай қараған тіміскі жанарынан жалтара беріп. – Ондай жағдайды білмедім. Бізге таяу уақыттан бері екі адам ғана тіркелді. Біреуі өзіміздің аймақтан келген жұмысшымыз. Екіншісі, жаңа оқу тауысқан қажетті маман. Басқа… басқа ешқандай тіркелу болған жоқ. «Соларды бекер жолатқан екем-ау» деген ащы өкініш те тұрды қайбір жерін жараға сепкен тұздай ашытып. Осы сөздерін бастаудың алдында қарсыдағы кісінің құрметті аты-жөнін атауы керек екені іс біткен соң барып есіне түсіп, жылдам серпіліп қоса қойды. – Кешіріңіз, Иван Васильевич!
– Онда тіпті жақсы, – деді бір сәт айтқандарың рас па дегендей жүрегінің түбіне дейін үңіле қараған бастық өзі әкеп қамаған тұйықтан өзі оңай алып шығып. Шыны керек, мұның өзі әкеліп тіреген дағдарыстан өзі тез құтқаратын осы мінезі де бек ұнайтын бұрыннан. Сірә, кәнігі тәсілдерінің бірі, лып еткізіп бір қысып алып, іле қапысын тауып қайтадан қол ұшын созып, бір демнің ішінде өзіне қарыздар етіп тастайтын кісіні. Ұтымды-ақ жүріс. Мұндай ұпайлы қадам көпті көрген көшелі жетекшілерде ғана болады. – Сақ болуымыз керек, – деді сосын арқасын кеңге сала, қайта артына қарай шалқайып. Төніп келген қауіптің жете бере тайқып, жанап өтіп кеткенінің белгісі еді бұл.
– Бұл жайында ілгері ескертпеген менде де жауапкершілік бар. Ендігі жерде есіңде болсын! Осындай жұмыстарға кез болып жатсаң, негізі, ерінбей, маған бір құлаққағыс етіп ал. Қанша дегенмен, жоғарғы жақ қырағы көзбен қадалып отырған шаруа ғой. Ши шығарып алсақ, жарамайды. Өзің білесің, қазір жағдай күрделі. Біреулер аңқау, ақ қағаздай тазалығыңды өз пайдасына жаратып кетуі мүмкін. Екінші жағынан, соншама алаңдайтын да ештеңе жоқ. Жатақхана тек бізде ғана емес, талай мекемеде бар. Кілтің сол жақтан шаң берген болуы ықтимал. Дегенмен, бұл жағдай жұмысқа атүсті қарауға себеп бола алмайды. Түсіндің ғой?
Түсінгенде қандай! Көкейіңе құйып, көкірек түбіңе тас қылып жазып алып қайттың. Бері шығып, «үһ» деп бір бел жазған соң есіңе тағы әлгі «жабайы» шал түсті. Қандай пәлекет еді өзі! Сонау шалғай – айдалада жатып жер түбі қияндағы, жабық есік, бітеу тамның аржағындағы құпиясы қалың, сыры шүңет жасырын жайларды біледі екен. Білгені ештеңе емес-ау, оған қарсы қолданған «шарасының» ұтымдылығын көр өзінің! Сұмдық қой мынау! Партия саясатына ашық қарсылық болмағанмен, соған парапар құйтырқылық!
Көлденең пәлеге шатылып қала жаздап, аман қалғаныңа төбе шашың тік тұра шошып, шүкіршілік айттың! Бұдан кейін өңге тұрыпты, көрде жатқан әкең тіріліп келіп өтініш айтса да көмектеспеске, тіпті, мойын бұрмасқа өз-өзіңе нық сеніммен уәде беріп, үсті-үстіне ант ішіп кеңсеңе жеттің.
Қиюы қашқан дүние-ай десеңші! Бір кезде сол жабық тапсырма, жымысқы жарлықпен жан сала қорғаған қамалы мықты жайлы жатақхана енді бүгін… иесіз қалып, есігі айқара ашылғанда, кебісін сүйретіп кімдер келіп алмаған десеңші! Құмырсқа болып өріп жүр әншейін, суқаны сүймейтін ауылбайлар. Сеңдей соғылысады. Оны айтасың, кердеңдей басып, көзіңді бақырайтып қойып таптап кете жаздайтынын қайтерсің! Адам екен деп елемейді. Көбі кеудесіне нан піскен желөкпелер. Ненің не екенін айырудан қалған парықсыздар!.. Осындағы бұрынғыдан қалған соңғы бір сарқыншақтар әлі де болса именіп, аяқтарын тартып басады алдында. Соларды көргенде ғана өзінің кім екені, кезінде кім болғаны есіне түсіп, кәдімгідей еңсесі көтеріліп қалады. Бірде сол екпінімен барып, әкелерін көздеріне көрсетіп, өздерінің қайда жүргендерін қаперлеріне салып, тәубелеріне түсіріп қоймақ болып қабақ шытып, тәртіпке шақырып еді, жабайының аты қашан да жабайы екен, дауа жоқ оларға, өзіне шапшып, бетін тырнап, өткір тырнағымен бет-жүзін оңдырмай орып тастады. «Кімсің сен? – деді жетіп келіп, жеп жібере жаздап тепсініп. – Қайдан жүрген немесің? Неге әкіреңдейсің? Не, біз өз еліміз, өз жерімізде жүріп… еркін жүріп-тұруға қақылы емеспіз бе? Әлде сенің сатып алған құлыңбыз ба, айтқаныңды істеп, айдағаныңа көніп, алдыңа түсіп өңкілдей беретін? Жайыңа жүр! Ұнамаса көшіп кет басқа жаққа!». Енді болмаса, жұмарлап жұтып қоярдай, тап-тап берді көзапара. Не құдіреттен қуат алып тұрғаны белгісіз, баяғы өзі білетін жасқаншақ, жалтақ, төменшік сорлылар енді нығызданып, анау-мынау бопсадан ыға қоймастай нығайып алыпты. Онымен қоймай, екпіні қатты, өздерінше асқақ кейіпке еніп, есіріп алған. Айтарға болмаса, қарадай cасып, жасып қалдың. Үндей алмадың. Сондағы сағың сынып, көңілің ит ұлығандай құлазығаны-ай! Жүрегің өткен бір асыл дүниені аңсап, қарадай алабұртып, ішің қан жылады. Уа, қайран, күнсіздерге күн болған…
Кейін уақыт өте келе білді. Сөйтсе, айықпас аласапыранда ертеңгі күнім не болады деп есі екеу, түсі төртеу боп сансырап жүргенде асыл жатақхана саусылдап далада қалған екен, артынан жемтік іздеген иттей шұбырып қалаға ағылған қалың тобырдың қолына өтіпті. Жекешеленіп, іле-шала сатылып кеткен. Меншік иесі ауысқан соң кіндік байлайтын тұрғындары да өзгереді екен. «Жарайды, жекешеленіп-ақ кетсін… – деді бірде бір нәрсеге ақылы жетпей тосылып. – Қазір не жекешеленбей жатыр, одан әрмен құри берсін. Бірақ, сонда… әлгі көз алдымызды гүлге толтырып, өздері де гүл-гүл жайнап жүретін ақ нәсілділер қайда? Оларға ешкім тиіспеген секілді еді ғой бұл маңда?..»
Көмейінде сондай бір сұрақ қалып еді түйіліп, көп ұзамай жауабын естіді. Бұрыннан таныс, көне көздердің бірі айтты: «Ұрғаны бар ма олардың мұндай жаман жатақхананы! Шуылдақтардың ортасы арман болса, саған ғана арман. Олар үшін түк емес. Жер түбіндегіні еститін ұзынқұлақтардың дегені өтірік болмаса, жатақхана, негізі, дәл солар үшін жекешеленген. Олардың наразылық танытып, буырқануынан сескенген үкімет баршаға ортақ қылып қыл үстінен үлестіріп беріпті. Ал үлесін алған «құрметті кісілер» құмырсқаның илеуіндей құжынаған, әбден былыққан, өңкей жоқ-жітік, жарлы-жақыбайлардың бас сауғалар ұясына айналған сұрқай мекенде тұра ма, иттермен бірге ит болып… бәрінің әлдеқашан алып қойған үш-төрт бөлмеден үйі бар екен, бағасы келген жерден келісіп, ойланбай-ақ сатыпты да жөніне кете беріпті» деді осыларды бірге жүріп істегендей өз сөзіне сенімді кейіппен. «Солай ма!» деп жағасын ұстап қала берді. Нанайын десе болады деп ойламаған жәйт, иланбайын десе естіген сөзінің тастай берік қисыны қия бастырар емес, есі ауысқандай әңкі-тәңкі боп тұрып қалды. Қалай болғанда да, ұзақ жыл кеңес тәрбиесін көрген, жылы алақанда жетілген адамдардың істейтін ісі емес еді бұл. Өте-мөте, аналарға… ұстаз болып, алға жетектеп жүрген ұлы ұлт өкілдерінің мінсіз бойына жараспайтын-ақ қылық. Іштей қимай, тотияйын құйып жібергендей өзегі дуылдап ашыды дейсің! Демек, олардың да жайы белгілі болды… Құлағына жеткені ғана емес, куә болғанының өзі қалыптасқан қасиетті ұғымдарға кереғар еді. Мың құбылған дүние-ай! Кеше ғана жылтыраған бетіңді көріп жүр ек, енді бүгін шімірікпей артыңды да бағуға тура келген екен ғой!
«Бұл не? – деді сосын әрең анық таныған дүниесінің шын кеспіріне әлі толық сене алмай. – Әлде әлгі… пәлесі осы ма? Әлгі не еді? Сатқындық! – деді сәлден соң айтуға дәті бармай тұрған сөзді тіліне орап, аузынан зорға шығарып. – Сатқындық! Қандай аянышты еді! Кім ойлаған адам баласының мұндай да сұрқиялыққа баратынын! Басқа-басқа, естияр халықтың өкілдері өңге емес, өздері жемісін жеген ұлы мұраттарды, төбесін көкке жеткізген ұлы идеяларды тәрк етпеуі керек еді ғой! Амал қанша, шыққыр көзім мұны да көрді. Кімге сеніп келгеміз сонда? Бүйтері бар, сол баяғыда-ақ босқа талпындырып, жоқтан дәмелендірмей жөнімізге жібергенде құда да тыныш, құдағи да тыныш, жайымызда қалар едік қой. Ешқашан далбасалап, мына күйге түспес едік. Бұл тұрғыдан көз салғанда, жетеміз деген әлгі… жүзеге асады деп күткен әлгі ұлы үміт… бос әңгіме болғаны ма?..
Ары қарай ойлағысы келмеді. Анығында, бұл туралы толғануға дәті жетпеген. Өйткені, ол ұлы арманды… адамзаттың соңғы мұратын іштей қимайтын. Әлдебір болмашы нәрселерге бола соншама көркем дүниенің жүзіне селкеу, сызат түсіріп алғысы келмейтін. Сол себепті, шалқып кеткен шалқымасын осы арадан доғарып, назарын қайта жиып әкеп қоңсылардың төңірегіне қоғамдады.
«Сонда мына сеңдей соғылысқан сұмырайлар солар лақтырып кеткен сүйек-саяққа қолдары жетіп, жетіскен жеңімпаздар екен ғой. Мәре-сәре, мәз-мейрам әншейін! Қағанағы қарық, сағанағы сарық деп осындайды айтатын шығар. Бет қарататын емес. Қалалық атанып бір жетіссе, алда да көздеген биік мақсаттарына талпынып, тынымсыз өрлей бергілері келетін тәрізді өздерінің. Сырт кейіптерінен сондай бір зор өлермендік, табандылық байқалады. Ешкімнің қаладан қуып шыға алмайтынына көздері әбден жеткен түрлері бар, ештеңеден айбынбайды. Ешкімге дес бермейді. Оны айтасыз, өздерін әлдененің жалғыз дара қожасы сезінеді. Кеуделері аяққаптай. Осы жаман жатақхананы мекендеп, базардан тірнектеп табыс тапқандарының өзіне шат-шадыман… Балақтағы бит басқа шыққан алмағайып заман орнапты… алда не болмақ?»
Басқалардың қамын жеп, қайғырғаннан айтқан сөз емес, шегіне жете нашарлаған өз халін уайымдап, сескене қойған сұрағы еді бұл. Адам деген пәленің қиыншылығы бір бітсеші! Күні кеше ғана барар жер, басар тауы қалмай, тентіреп жүріп, пана болар осы қалқаны әрең тауып еді және бар мәселе түбегейлі шешілді деп ойлаған, сөйтсе өмірі толмайтын құлқын деген құдық бар екен ғой… жұртта қалған жаман күшіктей ұлып алдынан шықты кешікпей. Енді не істесе екен… Қайда барса екен емініп?..
Әлі есінде, біраз күн елден сұрап, ұят-намысты қойып (әншейінде үзеңгі бауы алты қабат болғанмен, ол дағы бір тоқшылық белгісі екен), қошыналарының буы бұрқыраған тамақтарының үстінен түсіп, өзек жалғап жүрді. Нәр татырмай қуып шыққандары да болды араларында. Ондай имансыздар да бар екен момын қазақтың ішінде. Әншейінде «үйге кірген жыланның да басына ақ тамызып шығарамыз» деп күпінгенімен жеме-жемге келгенде жағдайлары белгілі екен, арты қуыстары да жетерлік болып шықты. Дегенмен, көзінің бір анық жеткені, сұрларына қараймай, өздерінің аузының салымы мол-ақ, дүкен біткен қаңырап бос қалып, ел сатып аларға ештеңе таппай сасқанда да қайдан іліктіретіні белгісіз, бірдеңе алып келіп үйінде шыжылдатып қуырып жатады. Онысын кейде жасырып, былайғылардың назарына түсіргісі келмей, жатып кеп тыққыштайтынын қайтерсің. Бірақ, көзің болған соң көресің… Әрі таң атқаннан кеш батқанша баққаның солардың қара қазанының шұрқылы болса қайтесің енді… сыбыс шығармай жайғап тастамақ болған арам ниеттерін табанда әшкерелеп, хабар салып отыратын жаңылмас, жазбас «тыңшы» – еш қайырмаға көнбейтін, қандай тосқауыл болса да не тесіп, не айналып өтетін, сөйтіп, жұпар лепті өле сағынып отырған аш, ессіз танауға дәл уағында адастармай жеткізетін ұры иісті қалай бөгеп қала алмақ… мұрныңды бір тартып қойып, соның меңзеген жағына қарай етегің желбір қағып ұшасың да кете бересің. Жетесің сосын түк білмеген болып таныс есіктердің біріне. Мүлт кетпейсің. Үстінен дәл түсесің. Жиып алуға үлгермей қалады. «Бет көрсе жүз ұялады» дейтін қазақ баласы қанша жерден жақтырмай тыжырынып, тістерін қайрап тұрса да «кел… кел» деген болады. Ал қабақтары түксиген, қар жауып, аяз бүріккен күйінде қала беретіндер де бар. Мейлі ғой, оған қарап, тосылып тұратын уақыт па, тәйірі? Барлығын түгел қайырып қойып, төрге озбай (онда тым артық кетесің), сол кірген жердегі төмен жақтан орын алып, беттен қағылудан қанша алаңдасаң да шыдамай, емініп, өңмеңдеп келіп дастарқанның шетіне ілінесің. Арғы жағың бөрідей шулап, ұлып жатса да, қанша дегенмен кісінің үйі, өзі кедей, соған қарамай шұбырған көп баласы бар, иығын жұлып жеген құтырық ындыныңды күшпен тежеп, тартына қимылдап, қасықты табаққа қарай сирек созасың. Соның өзінде, қалай болғанда да, шақырылмаған қонақсың, үй иесінің кірпігінен жебедей атылып, инедей қадалған суық сұғы сенде… сенің қасық қармаған сұғанақ қолыңда. Оған аса сәп салып жатқан сен де болмайсың, сәп салар болсаң, әрине, онда сенделіп бармас едің… қызыл кезеңнен асырып, аржаққа шамалы ел қондырып алғасын, астың соңын күтпей, әлдене сылтау айтып, шыға жөнелесің. Аяғына дейін отырсаң, өз есебіңше, тамақ іздеп келген сұрқия атанасың, арам пиғылың әшкереленіп қалады. Сол себепті көп бөгелмей, құйрығыңды бұтыңа қысып зытып беруің керек. Табалдырықтан аман аттасаң болды, құрсағыңа құйып алғаныңның өзі неше күндік азық, соның қуатымен талай жерге шауып, біраз аралыққа жетіп аласың ілдалдалап.
Көршілер кейін, тым тасжүрек екен, есіктерін тас қылып бекітіп алып, ілгектерін ашпайтынды шығарды. Әр есікті қаға-қаға бір күні дәрменің құрып, құлап түстің бір босағаның түбінде. Адамдар дәтінің тым берік екенін алғаш сезгенің сол жолы, біреуі келіп тұрғызып алуға жарамапты. Онда да… дәл қазіргідей көзің қарауытып барып, түнекке сүңгіп кеттің. Қай уақ екені белгісіз, бір заманда есіңді жисаң, тас қараңғы үңгірдің түбінде жатыпсың есеңгіреп. Оны сонау алыстан жаңа сыз берген күңгірт сәуленің болмашы үзігін көргенде білдің. Тірсегің майысып, қисая берген сәтте сол күйі қырқылып, үзіліп кетпей, барып-барып кері бұрылыпсың – көрер жарығың бар екен, тірі қалыпсың. Жер түбінен сыздықтаған өлмелі саңылау әлі жанып бітпеген тіршілігіңнің соңғы ұшқыны екен. Артынан күшейе келе алауға айналып, жарқырап жана түсті. Оған аса қуана қоймадың. Өйткені, оны септеп, ары жалғау таусылып бітпейтін азап еді, қиямет-қайым болатын.
Содан сәл кейін ғой әлденеден дәметіп мешітке барғаның! Қайтесің енді, көзің бақырайған күйі үзіліп бара жатсаң! Аштық қысып, жаныңды қоярға жер таппай қысылған сондай күндердің бірінде бошалаған інгендей басың ауған жаққа тартып кеттің. Қайда баратының, не іздейтінің өзіңе де беймәлім. Болса бір үзім нан табылар, болмаса онсыз да құр бекер жатырмын, бір айналып келейін деп тәлтіректей басып жүріп кеттің. Құдай оңдағанда, тұяқ қыбырлатуға дәрменің жететін.
Базарға бардың бастабында. Қара қазандай қайнаған «Тастақ» маңы. Сонда ірге тепкен ежелгі көкөніс жаймасынан ендеп өтіп, арғы беттегі жаңа бой көтерген сауда алаңын араладың бірдеңе алатындай тіміскілеп. Еш мақсат, мұратсыз. Қайтарыңда әлдеқайдан бабына жетіп піскен семіз мәнтінің ақылдан адастырғандай иісі келді мұрныңа. Танауыңды жарып кете жаздады. Жаныңның терең түкпірінен құлындай көтерілген құмарлық, оңаза ындын, соған жанасалай қосылған тежеусіз аштық дедектетіп сүйреп әкетті. Есіңді алып, дәрменіңді құртып бара жатса не істейсің енді? Біреу келіп құлағыңа жақсы хабар сыбырлағандай асығып, аптығып, алақтап кете бардың. Бірақ, алысқа ұзамадың, маңдайыңнан біреу шоқпармен қойып қалғандай дір етіп, кенет жөнге келдің де пенде баласынан табылмайтын шыдамдылықпен өзіңді іркіп, тізгініңді тарттың. Бірақ, соншама шұғыл тежелудің себебін түсінбедің. Ілгеріде келіп бір оңбай меселдең қайтты ма екен, әлде өзіңді әулиелерге тән төзімділікпен меңгеріп, нәпсіге бой алдырмайтын беріктігіңді дәлелдегің келді ме, межелі маңға қарай аттап басуға құлқың болмай, бағытыңды дереу басқа жаққа бұрдың. Солай бет алып, адымдай жөнелдің. Сол бойда көшенің қарсы тарабына өтіп, жиектегі жіңішке жүргіншілер соқпағына түстің. Сол мезет тік төбеңнен тосын озандап азан дауысы қалықтады. Қалт тұра қалып, өрден саулаған оқыс үнге қыбырсыз құлақ қойдың. Осы маңда қаншама жыл жүргенде мұнда мешіт бар екенін байқамапсың. Жаңа біліп, қайран қалдың! Әлдебір қамқор құтқарушың алдыңнан шығып, тосын ұшырасқандай аса бір үміткер күйге ендің. Ғибадат үйін жоқ-жітікке қол ұшын созатын жомарт мекен деп білетінсің, беретінін қай тұстан лақ еткізер екен деп жан-жағыңа жұтына қарадың. Сонда көрдің, темір қолшаудың сыртында сенсіз де «жетім-жесірлер» тола екен. Әлдекім бірдеңе беруге уәде етіп, соны алуға асыға жеткен адамдай көп мұқтаждың арасындағы бір ашыққа барып, қаздиып тұра қалдың. Арада шақ өткен жоқ, көкжелкеңе кеп киіле кеткен әлдене қуатты құрсау алапат әлеуетпен тік көтеріп, өлген-тірілгеніңе қарамай, аяғыңды салақтатқан күйі тырбаңдатып апарып, андай жердегі қазан шұңқырға тастай салды дік еткізіп. Бар салмағыңмен топ еткен орныңнан, өзің ойлағандай қирап қалмай, тіпті, еш жерің ауырмай, аман қалғаныңа шүкіршілік етіп, білегіңе таяна түзеліп, тіктеле бердің. Сүйретіліп тұрып келе жатқанда не болғанын, қандай жағдай орын алғанын аңдаған жоқсың. Тек бір бет қаратпас сұрапыл күштің ызғарлы үрейінен ығып, алды-артыңа қарамай безе жөнелдің. Ұзаңқырап шыққасын ғана зор қауіп құрсауынан құтылдым-ау дегендей батылсыздау бұрылып, артыңа қарадың. Сонда көрдің, жаңағы бос деген орныңда басына дағарадай етіп сәлде ораған, ет-жеңді, еңгезердей біреу тұр екен. Қолтығында балдақ, мүгедек екен байқұс. Ал сол жарымжан түріне қарамай қарының қайратты, тегеурінінің тебінділігін атама, тура тау көтергендей екен, шеңгеліне іліп, әуелетіп әкеткен сәтте буырқанған бұла қарымның дүлей пәрменін қапысыз сезіп, зәрең зәр түбіне кетіп еді, сондағы үрейің әлі толас таппапты, қашықтап кеткен қазіргі мезетте де денеңді қалтыратып, дәрменіңді құртып, қуырып тұр. Артық бөгелген жоқсың, жіті басып жөней бердің. Кімнен естігенің және қалай түсінгенің белгісіз, ілкіде бір тегін дүниенің бәрі сол маңда тау болып үйіліп жатқандай, иесін күтіп сарылып тұрғандай боп сезілуші еді, сөйтсең, бекер екен. Өз басыңнан өткерген соң ғана анық көзің жетіп, күдерің үзілді, түк те жоқ екен оңда, қаңырап бос жатыпты. Құдайдан шын тілеген тілек қабыл болады деуші еді, азан дауысы құлағыңа жеткенде бір жылт етіп, қайта жоғалған зар тілегіңді ескерген шығар, өшіп бара жатқан үмітің мешіттен алыстап, бері шыққан соң барып әрең ақталды. Жаратқан жарылқаймын десе пендесін құлшылық үйінің босағасында емес, айдалада, еш қисыны жоқ ашық алаңда, төңірегінен түк табылмас тақыр түзде де жақсылығына кенелте береді екен – қисынсыз жерден ебін тауып, біразға жетер ырыздық нәсіп етіпті. Кәдімгідей аулақ кетіп, жолдағы бір бұрылыстан айнала бергенің сол еді, жабық тұрған есіктің сыртына ілінген, үлкен әріптермен қыңыр-қисық қып қалай болса солай жаза салған «жұмыскер аламыз» деген жазуы бар қатырма қағазды көзің шалды.
Сөйтіп, көп ұзамай үзіліп кетеді-ау деп қауіптенген өмірің жіңішкеріп барып, ширыға түскен бір сәтте кенет созылып, ары жалғанды. Тар жерден талқан тауып жеп, таңдайыңды жібіттің. Сондай ес жиып, ақылың кірген тәлейлі күндердің бірінде ғой бір кезде ашсаң алақаныңда, жұмсаң жұдырығыңда болған салтанатты, думанды жұмысшылар тұрағының не күйге түскенін байқағаның. Оған дейін қалай назарыңа түспеген, шамасы, басыңмен қайғы боп кеткен шығарсың, жұлығы шығып, жұлым-жұлым боп түтіліп бітіпті. Іші ғана емес, сырты да кісі танымастай болып тозған. Ат шаптырым айналасымен қоса көнеріп, итаяққа айналған алтын астаудай сыры ғана емес, сыны да қашып, оңып тыныпты.
Әуелі іштегі «өзгерістерді» көрдің. Ортадағы неше жүз қадамға созылатын ұзын дәліз әуелгі орнында. Ал оның екі қапталы тұтас бекітіліп, бітеу қабырғаға айналып, жым-жылас болыпты. Аралықтағы ілкіде жиналып теледидар көретін, бөлініп ап үстел доп ойнайтын бір емес, бірнеше кең зал, кір жууға және оны жаюға арнап қалдырған, тіпті, жай отырып әңгімелесуге, темекі шегуге бөлінген, терезесі ғана бар бос кеңістік, ашық бөлмелер болушы еді, соның бәрі түгел көзден бұл-бұл ұшыпты. Жеке-жеке үй болып, орнатылған есіктерге үлкен-үлкен қара құлпылар ілініп, тұмсығынан сыздана салақтайды – қатар самсап күзетте тұр. Екі қанатты тура ортадан қақ бөліп, астыдан өрлеп шығатын баспалдақты қоспағанда қарашық талып зорға жететін ұзын дәліз сыртқы әлемнің ұланасыр мол жарығынан мүлде қағылып, аузы-мұрны жоқ тұйық үңгірге айналыпты. Үміт артқан жалғыз жылт көзі төбедегі сүзіліп сәуле себетін жұдырықтай ақ жұмыртқалар әлдеқалай сөне қалса, сыз исі тараған қамырық кеуек бір пәсте-ақ шөгіп, түнектің түбіне кетердей.
Ал сонан соң… содан сәл кейін, сәті түсіп, сен сырттағы… аңырайған ашық ауладағы «жаңғырып-жаңаланудан» гөрі еңіс құлдаған, біржола ылдиға кеткен «азып-тозуды» көргенде, тіпті, шалқаңнан түсе жаздадың. Өз көзіңе өзің сенбей, дал болдың. Бірақ, амал не, бет тырнай бақырайған шімірікпес шындық осы еді.
Төңірек түгел қоқсық пен сыпырындыға толыпты. Ыбырсыған керексіз зат. Қарыс жерде тұрған қорапқа апарып тастай салуға ерінген тұрғындар қолындағы жарғақ қалталарын жолай әлде терезеден, бәлкім сыртқа шығып, есік көзінен серпе лақтырып, айналаны аузы-мұрнынан шығара көміп тастапты. Жүрер жолда, басар жерде өкшеңе жабысып, аяғыңа оралып, аш ішекше шұбатылып әлек қылады. Кейбірі, тіпті, артыңнан қалмай еріп, сүйретіліп қайта кіреді үйге. Құшақ айқастырып, біте қайнасып, айырылмас болып бірігіп кеткен етене дүниелер әншейін. Кеше ғана жылан жалағандай боп жарқырап жататын таза маң еді десе ешкім сенбестей.
Алғаш көргенде… төбе шашың тік тұрып, зығырданың қайнады. Жаныңды қоярға жер таппай, ызалана тызақтадың. Аз күннен кейін кіреберістен сәл қашық жердегі түбінде ғана жылтырап ағып жатқан шалшық суы бар арықты көргенде біржолата құладың. Жүдә үнің өшті. Қанша дегенмен, кешегі еткен еңбегіңнің көзге көрінген нәтижесі еді, қарап тұрып селге кеткеніне өлердей налыдың! Бүкіл Қазақстанның түбі тесіліп, босап қалған күллі сусын құтысы, арасында әйнек, шыны, пластмасы бар, үлкенді-кішілі барша шөлмегі түгел осында жиналыпты – көзіңе күйік, кірпігіңе тікенек боп қадалып қарсы алдыңда үйіліп жатты. Қағаберіс қалқасы осындай болғанда, тұтас Алматы… бір кездегі гүл жайнаған бау-бақшалы шаһар баяғыда-ақ алапат қоқыс алаңына айналып, тұншығып қалған болды ғой! Сірә, сөйткен болар!
Ал оны дәл мынандай қажетсіз қалдықтар ордасына кім айналдырып жүр?.. Осы сұрақ қалай санаңа сап етті, солай есіңе бір кезде шұлғауын сүйретіп іздеп келген ауылбай шал айтқан, естігенің болмаса көзіңмен көрмеген, мүлде хабарың жоқ әлгі бір «жабық саясат» жайы оралды. «Қандай көрегендік, неткен данышпан шешім!» дедің ішіңнен сүйініп. Сондай жасырын әрі қатаң саясаттың арқасында қылауы қисаймай аман қалыпты ғой ару Алматы! Алманың отаны! Қандай жақсы болған! Олай болмағанда, дәл солай көздің қарашығы құрлы қорғалмағанда әлдеқашан шаң-тозаң басып, тау-тау күресіннің астында қалғандай екен ғой әлемде теңдесі жоқ әсем қала, аяулы астана. Әкелік қамқорлық деп осыны айтады! Тарихында (сол өзі бар ма екен осыларда) үлкен қала емес, бес түтіннің басы біріккен қожалақ қыстақ салып көрмеген жабайылар күтпеген жерден аласапыран басталып, аңырая ашылған қақпа күзетсіз қалғанда, тиегі ағытылған алапат бөгеннің көзсіз құлаған суы құсап лап қойған екен ғой, жау шебіне атой сап кірген жарақты жасақтардай. Әуелі түгін қалдырмай тонаған болуы мүмкін. Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ, иесіз қалған бас шаһарда еркін сайрандауға тиіс. Ал артынан, қалада не көп – базар көп, соларды қарамағына алып, топырлап толып алыпты әншейін. Ал дулы, шулы, бас-аяғы ат шаптырым жайқын жаймада қоқыс неге аз болуға тиіс? Алматы аз жылдың ішінде кісі танымас болып өзгеріп, жиналған сыпырындыға кеңірдектен мелдектеп көмілген де қалған. Содан кейінгі лас ауаға ғана емес, қойын-қонышын сіреп, жайлап алған қалың-қалың қалдыққа да тұншығып, еркін дем ала алмай, алқынып жатқан байқұс қаланың бар сиқы осы болмай, не болушы еді? Аздан соң-ақ тынысы мүлде бітіп, құрдымға кетердей әбден әлсіреген. Ал онымен мүлде жұмысы жоқ жабайылар есіре сайрандап, білгенін, ойына келгенін қылуда. Құтыра түсіп, екілене тайраңдауда.
Баяғыда күллі Алматыда тек екі-үш жерде ғана базар болған. Қашықтығынан қажып, әбден зәтте болғанда кейде соны неге сонша қасқалдақтың қанындай сыздақтатып қойды екен деп ойлаушы еді. Енді шамаласа, солары бекер емес екен. Бәрін бастан өткеріп, тікелей куә болған соң барып толық көзі жетті, астарында үлкен себеп бар екен. Тазалық үшін қажет болыпты ғой ол. Еркіне жіберсең, жертөленің қырықаяғындай қаптап, бір демде өріп шыға келетін сауда алаңдарын барынша тежеп, қатаң тізгіндемесе, көретінің осы екен. Екінші жағынан, ол елдің ниетін, пейілін бұзатын, өзінің ұлы мұратын өзіне ұмыттыратын сиқырлы жылым екен ғой, енді пайымдап жатыр, содан елді аулақ ұстау үшін барынша құрсаулап, жан сала шектепті. Жұрттың көкірек түбінде жым-жырт ұйықтап жатқан аш арыстандарын түртіп оятып, күндіз-түні ұйқы көрсетпей әлекке, арпалысқа салатын қоздырмасы бар қызыл көз шайтан екен пәлекет. Байқамасаң, тереңіне тартып, батырып әкететін жұтпа тұңғиық секілді… Ойласа болды, жүрегі дірілдеп, жаны жылайды: қайда кешегі жетпіс жыл бойы бар ынтасымен беріле тәрбиелеп, жетектеп жүріп өсірген, шарболат қылып шыңдаған, нұрлы болашаққа жебе қылып жебеген нағыз коммунизм жауынгерлері, даңқты кеңес адамдары?! Қайда?.. Базар-нарықтың бір сілкігеніне шыдамай, жаһаннамға аттанып кеткені ме бәрінің?! Әлде…
Дәл сол алмағайып тұста ғой… сол бір аласапыран кезде титықтатқан аштықтың кесірі, әлде буындырған ашудың салдары, екі арасын ажырата алмаған, жүйкесінің «тыз» етіп сыр беріп, әлдебір заржақ қоңыз құлағына кіріп кеткені. Құтыла алсашы! Күндіз-түні тынбай, төбесін тесердей зар қаға шыңылдайды әлгі сұм. Әлденеге қасарысып, ерегескен біреу таяу маңға әдейі келіп, тұрақтап орнығып алып, шарыққа ұстап балта қайрап жатқандай. Жүре келе білді, бұл жай ғана бастамасы екен, кейін тіпті асқына түсіп, темір кесетін алмас арамен білектей жуан болат шыбықтарды тура шықшытының түбіне әкеп бажылдата турағанда неше мәрте есінен танып, неше мәрте оянды. Кей кезде не әсер еткені белгісіз, сәл саябырлап, тыншығандай болады, ізінше, соның жақсы хабарын естіп қойғандай-ақ келесі бір қоздырғыш құтырып шыға келеді… Жазатайым ұстап қалса, жүйкесін жүн қылып түтетін ащы шыңылдан басын алып қашып, жанын шүперекке түйіп, тызақтап жүрген мазасыз күндердің бірі еді, ит жарыстырып ойнауға болатын кең әрі ұзын дәліздің бойы даңғаза-дабыры көкке ұласқан шу-шұрқанға айналды да кетті. Көшіп кіріп, қотарылып шығып жатқандар өз алдына, енді күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Біраздан бергі тапқан-таянғанын жұмсап, сатып алған қуықтай бөлмелерін ретке келтіріп, әрлемек қой баяғы. Қалаға қоныс аударды ма, қалалықтарға ұқсап таза бөлме, жайлы орында жайнап жүруі керек. Өздерінің әбден былыққан қоқыс полигонына көшіп келгендері естерінде жоқ, әлденеге талпынбақ, бірнәрсеге талаптанбақ. Бір есептен оларға сын да жоқ-ау, ілкіде таза ортада тірлік кешіп көрмесе қайдан білсін қаңғырып қайда келіп қалғандарын? Сонау бір жылдары атақты Париждің өзімен бәсекеге түсуге жетіп-артылатын көркі болған Алматы ғой бұл, ертедегісінен хабарсыз болған соң, көздері әбден үйренген бүгінгі қалпында екен деп жүр ғой байғұстар, қайтсін! Түрлеріне қарамай, өз қиялдарындағы шоң шахарға сай болып өмір сүрмекке ұмтылып, аяқ асты желпініп, жедел жұмыс бастап кетіпті.
Талайдан бері жайма жағалап, тірнектеп тапқан азды-көп табыстары бар, соны елге көрсетсек деген іштерін тесіп, өлтіріп бара жатқан жымысқы пиғылдары бар, қызу еңбек тосын екпін алып кетті. Бір байқағаны, тобырдың мінезі қызық екен: біреуі қыбырлап бірдеңенің шетін қылтитса, соның өзі жетіп артылатын болып шықты… Қалғандары сол дүрмекке еріп, әлі келсін-келмесін бәрібір, айғайға аттан қосып, далбақтап шаба жөнеледі. Басқаша бір ой, өзгеше өрнек, оқшау жаңалықты былай қойғанда өзіне ғана тән даралық, басқалар қайталай алмайтын бәсірелі бөгенай деген атымен болмайды екен шіркіндерде. Әрлеу жұмысында алғашқы пәтердегілер жасаған әсерлі айшық, болар-болмас қана бірдеңе қосылып, соның өзі кең етек алып, келесі пәтерлердің қабырға-керегесін қуып, еденін жағалап, еркін жайылып кете барды. Араларында ептеген қазақы бәсекенің белгісі білінетін жапалама тірлік күн өткен сайын өрге шапшып, үзеңгі қағыстырып, қызыл танауланып қыза түсті. «Қазақ жылқы мінезді» деп текке айтылмаған сияқты. Маңайынан дүбір естілсе елеңдемей қалатын қылқұйрық бар ма? Шамасының жеткен-жетпегеніне қарамай өре түрегеліп, жаныға ұмтылған іргелес қызуқанды қызғаншақ топтың тұяқ дүрсілінен қуат алған қара нөпірдің жол таласқан мағынасыз жарысы ұзаққа созылды. Қандай тауды тесіп, нендей тасты кесіп жатқандары белгісіз, сәт сайын тарсыл, замат сайын гүрсіл таласып, талайға дейін толастамады. Күндізді түгел қамтып алып, бәзде шырын ұйқының есебінен жеті түннің түңлігін түріп, еңбек жалауын желпілдетті-ай келіп. Қала дегенде заң, тәртіп, ереже атты көпке арналған қатаң тыйымдар болатынын қаперге алмастан иықтаса ырғасып, жандаса байқасып, биттерін сала бастырмалатып жатты. Шаруалары ілгері басса болды, қалғанының құны көк тиын тәрізді. Айналаның тыныштығын да, басқасын да ұмытқан дүлей дүрмек барған сайын дүркіреп, дүбірлете түсті. Жаралғанда жабысқан жабайылық дегенді қойсаңшы!
Бас-көз жоқ сабалай берсе сабырдың да сарқылатын шағы болады екен, төзімі әбден таусылып, шыдамы біткен күндердің бірінде тып-тыныш тұрған мылқау телефонның тұтқасына қол созды. Маңайында не болып жатқанын тиісті мекемеге хабарлады. Ар жағы не болғанын білмеді, содан былай түннің бір уағына дейін толас таппайтын тарсыл қылышпен қиғандай кесіліп, қырқыла үзілді. Қазақстанда өлгеннің артынан өлмеген, аруақпен бірге кетпеген көзі тірі үкімет деген пәрменді күш барын сонда ғана білді. Басқасын қайдам, тәртіп сақшысы жұмыс істеп тұрыпты бұл елде!
Қайран қалды! Айран асыр болды! Қойын дәптеріне қашан түртіп алғаны белгісіз ежелгі бір нөмірді шарасыз теріп, тіршілік белгісін бермегенде езілген халықтардың қамқоры, заң-законның мызғымас кепілі болған Кеңес Одағы құлап, келмеске кеткелі (айтуға ауыз бармайды) өзінің тұяқ қыбырлатып, итшілеп болса да тірлік кешіп жатқанын былайғы жерде бірде-бір рет сездіріп көрмеген әжептәуір құзыретке ие биліктің бар екенін, әлі де түртініп ғұмыр кешіп жатқанын сол күйі ұмытып кеткендей екен. Бұған да шүкір! Бар екен! Ешқайда кетпей, осы маңда жүріпті. Іздейтін бір жоқшысын көп жылдан соң қайта ұшыратқандай қатты қуанды. Қажет болған кезде іркілмей қоңырау соғып, хабарласып тұрды содан былай. Бірақ…
Бірақ, баяғыдай тұрғындарға жығылып жастық, иіліп төсек болатын қамқор үкімет қайда… қайдан болсын ондай! Ол да бір армансыз сүрген дәурен екен, шіркін! Артыңда тірегің, маңайыңда қалғымас қорғаушың бар алаңсыз өмір екен ол. Білінбей жылжып, өтіп кетіпті басынан. Ал мына талай жылдан кейін ойда жоқта қайта тапқан оқыс қуанышы ұзаққа созылмады, аз күннен соң телефонды алған адам өзіне қайыра сұрақ қоятынды шығарды дікеңдеп. «Қазір сағат қанша?». «Білмеймін» деді бұл тіксініп. «Түскі екі ғой!». «Бола берсін… сонда не демексің?». «Күн төбеде шаңқиып тұрған күндізгі уақытта құрылысқа… жөндеу жұмыстарын жүргізуге ешқандай тыйым жоқ». «Бірақ менің жүйке ауруым бар ғой». «Онда дәрігерге көрініңіз». Соны айтып, тастай салды тұтқаны. Ал керек болса! Қапыда қауышқанда қабағат шаттанған қайырымды құтқарушысы, сөйтіп, бір-ақ сәтте жалт беріп, құба шөлге лақтырып, адастырып кетті. Далада қалды құлазып. Өзінің шын иесіз екенін жан-жүрегімен сезініп, бүкіл болмысымен анық ұққаны сол сәт, сол шақ болды. Сондай бір жабыққан, жалғызсыраған жаман көңілмен нағыз жетімнің күйін кешті. Артынша онсыз да ызыңдап тұрған құлағы одай сайын шыңылдап, дәрмені құрып, құлап бара жатқандай болды тізесі бүгіліп. Есін жиса емханада жатыр екен. Жоқ, емханада емес, санасына сәуле жүгіріп, өзінің тірі екенін білгенде тас қараңғы зынданның түбінде жатты талықсып. Жан-жағын сипалап көрді. Саусақ ұшы барып әлдебір жұмыр темірге тигендей болды. Іле орнынан қозғалып кетті ме, астынан сықырлаған дыбыс шығып, жамбас тұсы саз бетіндей ойылып, былқ ете түсті. Сонда ғана серіппелі темір төсек үстінде есеңгіреп жатқанын аңдап, көкірегіне дем кіріп, кеудесіне жан шақырды. Түнекті тінтіп, алысқа көз тастады. Іле сонау бір жер түбінен өлеусірей жылтыраған болмашы саңылауды көрді. Қадалып қанша қарағанмен ненің сарқыншақ сәулесі екенін, қайдан түсіп тұрғанын айыра алмай, мысы құрыды. Солай телміріп, кірпік ілмей жатып таң атырды. Сөйтсе, шыңырау түбінде емес, жер бетінде, жарығы сөніп қалған емханада екен, есі кіресілі-шығасылы. Әлдебір мұсылман қоңырау соғып, содан құлақтанған жедел жәрдем тізгін ұшымен жетіп, алып кетіпті. Тексеру әлі аяқталмаған. Содан кейін тағы қанша күн сүйреледі, тозығы жеткен түрлі ескі аппараттар түк таппады. Ең аяғында «бәрі әлсіздіктен болған» деген қорытынды шығарды. «Бұдан кейін жақсылап күтініңіз. Қаныңыз азайған. Сорпа ішіп, дәрумен жеп, әл-қуат жинауыңыз керек» деді аз күн қарап, шамалы тәуірленген соң үйге шығарар алдында жауапты дәрігер. Анау-мынау дәрілер берген болды. Өзіне салса, шыққысы жоқ жылы палатадан. Анда-мұнда сүйреп, мазалайтыны болмаса өзі бір жайлы жер. Үш уақ, жоқ, арадағы тағы бір жеңіл-желпі азықты қосқанда төрт рет тамағың дайын, мына қыспақ заманда Алатауды алты айналсаң да таптыра ма мұндай далада жатқан батпан құйрық. Осындай жер үстіндегі ұжмақты қалай қиып тастап кетпек?.. Тастап кетпес еді-ау, кетіреді екен олар, неге болса да көне беретін төркініңнің үйі емес, еркіңнен тыс тықсырып, қуып шығады екен. Онысы артынша-ақ анық болды. Ал сонда… енді қайда бармақ тентіреп?
«Емдейтін нақты ауруыңыз болмағандықтан бұдан ары ұстай алмаймыз» деді. Денесі бір ысып, бір суыды. Тәнінің ыситыны – қуаныштан еді, сау екен, саламат екен. Шикі етіне дерт дарыса не болмақ? Соңы өлім ғой оның, төбе шашы тік тұрып қорықты. Ал өне бойының мұздап, суитыны – орын босатасың деген жайсыз хабарды естіп, көңілі түсіп кетті – жылы ұясына айналған мына ұйық ортадан айырылса қайда барады қаңғырып? Аштан қатады ғой. Дегенмен «шүкір» деді артынан жөніне келіп. «Үзіліп бара жатқанда болса да ұшып келіп, өзегін жалғап алатын бір қамқор қол бар екен ғой жуық маңда» – деді таяудан бері осымен үшінші рет Қазақстанда әлі де үкімет деген басие барын шала-пұла болса да сезініп. Бірақ толыққанды тұшынып, жүрек түбіне еркін жеткізе алмаған, шала бауыздалған күйі емхананы қимай-қимай артына тастап бір күні жөней берді орталық жақтағы аяз бүріккен жалғыз ауыз жадау тұрағына.
Пәтеріне аман-есен қайтқанымен көңілі алаң. Алдында аурудан бетер ауыр күндер күтіп тұрғаны өзіне белгілі, зіл-батпан уайым қонақтаған салбыраңқы қабақпен түнере жетті есігінің түбіне. Көршісінен кілтін алып, ішке кіргенде де өзін аса жайлы сезіне алмады. Дегенмен, бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеп, әлденіп қалғанын түйсінді. Қимылы ширақ, қозғалысы қунақ тартыпты. Қалай болса солай қылып жұмарлап жия салған төсегіне келіп отырып, ыбырсып жатқан жан-жағына сүлесоқ назар жіберіп, керек-жарағын түгендеді. Әй, құрып қалғыр қу дүние-ай! Ұшы-қиырына жете алмайтындай не мүлік бар еді мұнда, барлығы түгел, өз орнында секілді. Соны білген соң барып бір жағына қарай қисайып, жантая берді.
Алғаш келгенде тыныш сияқты еді, жатақхана өмірінің әуелгісінен бетер бұрқ-сарқ қайнап, ернеуінен аса тасып жатқаны соңыра мәлім болды. Төңірек сенің бар-жоғыңа, өлген-тірілгеніңе қарамайтын сықылды, арнасына толған арынды ағын құсап алқына жөңкіліп, тынымсыз алға шапшуда екен. Өзі көптен бері көміліп, өтінде жүргенімен, терең иіріміне бойлап, іштесе алмаған, араласа алмай, тыс қалып келе жатқан мұндағы екпінді тірліктің ернеуіне қайтып келіп, жағада тұрып тағы да бажайлап бақылауға кірісті. Енді не істемек, қол-аяғы бос, ай күзетіп, жұлдыз санап, ұя басқандай жай қарап жатпайды ғой! Қаңғып жүргенде «жөргем боп ілініп» қарсы кездескен әлгі бір орайлы жұмысы әлдеқашан адыра қалған. Сонда тапқан табысының соңғы тиын-тебенімен өзек жалғап, итшілеп күн кешіп жатты.
Тірі кісі, дені сау адам ешқашан тыныш қарап отыра алмайды екен. Болмады дегенде, маңайдағы қыбыр-жыбырға назар аударып, төңіректе түртініп ғұмыр кешіп жатқан тірілердің әрекетіне зер салып, солардың жайынан хабар алып, жағдайын ұғуға тырысады. Сондай бір басалқы барлау барысында анық байқады, төңеректегі көршілердің көбі жалғыз басты аналар. Әрине, түтіні түзу, жұбы бүтін толық отбасылар да бар бүлінбеген. Бірақ, аз. Басым көп сандысы ажырасқан, божырасқан, одан қалды, жолдан тауып алған балаларымен базар болып отырған жартыкеш жанұялар. Ештеңеден хабары жоқ кінәсіз өскіндердің алды, ержетіп, азамат боп қалыпты. Басында таң қалып, «сонда әлгі кеңестік әділ заң қайда?» деп ойлап еді, артынан, елде «азаматтық неке» деген заң екені де, кеңшілігі мол ереже екені де белгісіз, көше сыртындағы суық жүріске көбірек мүмкіндік беретін, қауқары кәдімгідей бірдеңе бары санасына сап етіп, сабасына түсті. Бірақ, бәрібір, о пәлені көңілінен өткізе алмады. Бұрынғыдай жаға жайлауға кеткен, мамыражай заман болса мейлі, мынандай қара басты асыраудың өзі қияметке айналған қабағы қату қытымыр уақытта ауыр жүк қылып жолдан бала тауып алу деген заң рұқсат етсе де ақыл ырық беретін шаруа емес. Ал, еріксіздік болса, әрине, оның жөні бөлек.
Осыны ойлағаны сол, кенет есіне осында көшіп келген алғашқы күндердің бірінде болған бір жай түсті. Түн жарымынан ауған уақыт, әлдененің тықырынан оянып, есік жаққа еріксіз құлақ түрді. Жағаласып екеу тұрыпты босағаның түбінде. Тыста. «Жаныңның барында шеш» деп бұйырды тістене сыбырлаған еркек жанындағыны жеп жібере жаздап кіжініп. Аузы солай деген, екі қолы алдындағы қыстыға өксіген шарасыз әйел затының ышқырына жүгіріп кеткен тәрізді, болмашы қарсылықты елең қылмады білем, сырылған киімнің сытырлаған дыбысы іле төмен құлай берді де, ізінше өршелене пысылдаған есірік дем екілене апшып, қиян-кескі «шайқас» шырқау шыңына қарай шапшып бара жатты. Соның арасы болған жоқ, шүйдесіне шоқпар тигендей тосын үзілген құтырық үн бір сәттен кейін «үһ» деп қайта жалғанып, іштегі жалынын өрге қарай жалғыз тыныспен бүркіп тастап, балақ тұсына былш етізіп бір түкіріп алып, аяңдай басып кете барды жайына. Тұрған орнында арқасымен там сызып төмен қарай сырғып түскен байқұс қыз алқымын өксік буып, құмыға қыңсылаған күйі болған жайға еш айла қыла алмай, тұншыға ыңырсып қала берді… Міне, шарасыздық. Осыдан соң ерік туралы әңгіме айтуға бола ма, сірә? Былайша бәрінің беті жылтырап, ештеңе байқатпағанымен маңайда қорғансыз қалған бейбақтар толып жүр. Бас иесі кетіп, қараусыз, қараң қалған қайран дүние-ай! Жас бойжеткендер құсап тәлкекке түсіп, намысы тапталмағанмен, басқа зорлыққа амал таба алмай жаны күйіп жүрген сүйеніші жоқ салымсыз міскіннің бірі өзі екен, ойлап отырса!..
Ал, кіріптарлықтың кесірі ше? Ол да бір көзге көрінбес тұсау ғой, төрт тұрманы толық боп жаралмаған жұмыр басты пендеге. Осы жайды ойлағаны сол, құлақ түбінде бір таныс үн жаңғырды жер түбінен ызыңдап.
– Жұпа! Оу, Жұпа! Қайдасың, жаным? Мен сені сағындым! Келдім, міне, күнім… құшағыңды аш!
Әлемнің сонау бір алыс қиырынан шыққандай құмыға көтерілген еркек дауысы көш құлаш аралықтан үзіле қалықтап таяп келе жатыр. Айдалада жер тарпып, жар сүзіп, бойын қысқан бұла күшін қайда апарып саруды білмей өкіріп, лағып кеткен қаңғыбас бұқа дерсің. Таныс дыбысы құлаққа таңсық естіліп жақындай берді артынша. Маңайларында пайда болғанына біраз болған, ешкімнен именбейтін, айналадағылардан тірі жан, тісті пенде екен деп жасқанбайтын, ештеңеден қаймықпайтын көн бет, тексіз айғай барған сайын тақала түсті жақындап. Жанаса бере кенет мазмұны өзгерсін. Әлгіндегі өліп-өшкен махаббат, шексіз сүйіспеншілік жайында қалып, енді өзегіне кіжінген боқтық араласты. Ғашығымен орталарында болған әлдебір келіспестік есіне түсіп кетсе керек, аузындағы сөз тосын құбылып бет шыдамас янатқа ауысты.
– Жұпа! Қайдасың, Жұпа? Мен сені өлтіремін. Алдымен келістіріп бір нетіп алайын. Содан соң қылғындырып өлтіремін. Сен маған өтірік айттың!
Далада, аулада тұрып, өрге қарап, төрт әлде бесінші қабаттағы әлдекімге төте бағыттап, еркін жіберді. Әсілі екеуі оңаша отырып, бөлек айтатын әңгіме. Соны жұрт естісін, білсін деп терезе тұсынан әдейі әуелете ме, бар айтарын аспанға қаратып бүкпей, төкпей-шашпай армансыз аңыратты.
– Мен сені өлтіремін, Жұпа! Сен маған өтірік айттың! Бірақ, алдымен неғып алайын… қатынсырап өлетін болдым! Сосын… мен сені…
Тапа-тал түс пе, жоқ түн жарымы ма, уақыт талғамай келіп, іргеден озандайтын түйтіксіз жігіт тағы бірде күндіз келді, сонда көзі шалды, үстінде прокуратураның көкала киімі бар екен. Бет-жүзіндегі қытық-қымсынысты біржолата жиып, қалтаға басып қоятын кекселеген қырт емес, қырыққа толық іліне қоймаған, толған шағындағы келіскен азамат. Әрине, сырттай қарағанда. Ал ішінде ит өліп, сасып-шіріп жатқан болар, санасының тысқа тепкен сәулесі есебіндегі отыз тістен тараған одағай лепесі ешқашан оңалған емес. Ертесі есіне келіп, үсті-басы реттеліп, қарға аунаған түлкідей қайта бабын тауып, cымдай тартылған жарасымды жүріспен ұзап бара жатқанда, шалып қалған көз қарадай сүрінгендей еді. Әдібі мен әлпеті ешқашан бір деңгейден көрінбейтін пенде-ай десеңші! Қайбірінің жолы өрге тартылып, қайсы бірінің тағдырының еңіс құлдағанын қоян-қолтық араласпаған кісі қайдан білсін, әлгі пақырдың басындағы бағы шайқалған бейбақ екенін кейін естіді. Сонысына қарамай, тағы өзі тым зомагер, зорлықшы. Әлде сол өктем, әпербақандығы үшін соры қайнады ма екен?
– Апай, ашыңызшы! Құдай үшін, ашыңызшы… жалынам! – деді бірде әлдебір әйел жеті түнде есігінің сыртын жанұшыра тырмалап. Шырт ұйқыдан шошып оянып:
– Кім? – деп жастықтан басын жұлып алды.
– Мен ғой, көрші… тірі жан есігін ашпайды…
Дәу де болса біраздың алдында жалға алып көшіп келген, екі есіктің арғы жағындағы аяғы ауыр келіншек боларсың деп түйіп, барып ілгекті ағытты.
– Жаныңызда кішкене отыра тұрайыншы, өтінем, – деді табалдырықтан аттаған жас әйел жалбарынып. – Мені іздеп келетін жігіт бар ғой, сол тағы келе жатыр. Астыңғы қабаттардың бірінде жүр. Қазір келеді… сол кеткенше жасырына тұрайын.
Ай-күні жақындап қалғанынан ба әлде алқымдаған үрейдің қыспағынан ба – көмейі бітеліп, демі таусылып, айтқан сөзін ырсылдап әрең жеткізді.
«Иә» деп үлгерген жоқ, ұзын дәліздің арғы басынан тықыры білінген екпіні қатты еркек «Жұпалатқан» айғайына басып, бүкіл ғимаратты төбесіне көтеріп, таяп келе жатты.
– Құтыла алмадым бұдан, – деді келіншек қорыққаннан тізесі бүгіле отыра кетіп. – Құдай не оны алмады, не мені алмады… бүйтіп ит қорлықпен өмір сүргенше өліп қалғаным артық еді…
– Тс-с-с! – дедің сен қасыңдағы адамның қыңсылынан гөрі сырттағы сұмырайдың сұсты әрекеті маңызды сезіліп.
Есікке жеткен жігіт тұтқадан алып біраз сілкіледі, аямай кіжінді, оңдырмай балағаттады. Кекілге басылған қазандай қара құлпыны артынан барып байқаған болуы керек, енді кері бұрылып, азуы толы боқтықты залды бойлата іркіліссіз лақылдатты.
– Жұпа, шық бері! Бәрібір тауып аламын. Қошынаңның қойнына емес, жердің астына кіріп кетсең де суырып шығарамын. Жаныңның барында шық!.. Әйтпесе менен аяушылық күтпе…
Солай деген шылқа мас «таз ашуын тырнадан алыпты» дегендей есікті келістіріп бір тепті дейсің. Шалт қимыл кезінде өз аяғына өзі шалынған болса керек, артынша опырыла құлап, еденге «гүрс» ете түсті.
– Өлді-ау! – деді орнынан атып тұрған келіншек бармағын аузына тығып.
– Тихо!… – дедің сен оның білегін үзе шымшып. – Құтыла алмай жүріп, жаның ашыған неңді алған, байғұс-ау. Өшір үніңді!
Кейде сондай да бір сәттіліктер бола береді, құлаған замат қалт есі кірген сияқты, өлді деген оңбағаны қылпығы да қисаймай, орнынан сау-саламат сүйретіле тұрып келе жатқандай болды. Ыңырсыған, ыңыранған жоқ, түк болмағандай сылбыр қимылмен тіктеліп, аяғын басты да ләм демеген қалпы кете берді жөніне. Сәлден соң маңай жымып, тілін жұтып, тынып қалды.
Төңірек түгел білетін шетін әңгіменің мән-жайын сәлден соң… шай ішіп отырғанда естіді. Шақырусыз келген қонақтың аузынан таңдана отырып, тікелей тыңдады.
Келіншек емес, қыз екен. Шарасыздан «шалға» тиген үлбіреген бойжеткен. Қалаға жақын аудандардың бірінде тұратын інісі істі болып, осыдан екі-үш жыл бұрын абақтыға түсіпті. Жастықпен жаза басқан жақын туысты көзі бақырайған күйі бүлк етпей қапаста тастап қойған бар ма? Жан-жаққа шапқылап, жанұшыра әрекет етіпті. Біреудің дәнекерлігімен сонда танысады қазіргі қадірлі «күйеуімен». Артық айыптауға бармай, «мына кісі» деп атап отырды әңгіме барысында. Қазақта жақындықты білдіретін «мына кісі» деген атау жоқ. Басқа не деп атауды білмегендіктен, солай деп тергегені болса керек.
Белді, беделді прокуратура қызметкері. Байсалды, сыпайы, өз ісіне берілген атпал азамат. Жұмыс барысында істес бола жүріп тереңдей біліседі. Таныстық арта түседі. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде жайсаң кісі «ғашық екенін» айтады. Бас тарта алмайды. Бауырдың жайы белгісіз ғой әлі. Әрі жақын болсам, бірден еркіндікке шығарып бермегенмен, кінәсін жеңілдетіп, жаза мерзімін қысқартуға қол ұшын созар деген үміт те қылаң ұрады бір тұстан. Бір көргенде жайдары көрінген жігіт адал жан екенін көрсеткісі келгендей басындағы бар ахуалын жасырмай жайып салады. Отбасылы екен. Бір-екі емес, бақандай алты қызы бар. Қысқасы, бір ұлға зар. Өзін көргенде ұнатып қалғаны өз алдына, асыл арманы қолма-қол орындалатындай күй кешіпті. Сөйтіп, қалада тұратын кіші жар қылуға тастүйін бекіген. Жағдайы жаман болмайды. Көзімен көріп тұр, қызметі жақсы. Бұдан кейін бұдан да тәуір болуға тиіс. Өйткені кісің шаруаға шөгел, іске тыңғылықты. Ол қалай ойдан тасалансын, болашақ балдызының жайы да есінде, оны ескерусіз қалдыруға еш қақы жоқ, сәтті түссе, кешікпей бостандыққа шығуы мүмкін. Қатысты адамдармен сөйлесіп, жолдағы кедергілерді тазалап жатыпты. Амандық болса, көпке қалмай бір жағына шығады. Оң шешіледі деген үміт басым.
Күтпеген жерден болған оқшау ұсыныстан кейін қатты ойланады. Бар-жоқты, келер-кетерді таразыға тарта келе тоқал болуды ар санайтын ішкі ыңғайсыздығымды төбеден бір ұрып тұншықтырып, келісім берсем бір оқпен екі қоян атқалы тұрмын: бірі, қалада жүрмін дегенмен, басымда баспанам жоқ, ол шешіледі; екіншісі, інімнің бас азаттығын ешбір шығынсыз қолға келтіремін деп түйіндейді таласқа түскен тартысты пікірін. Және ұзатпай осы шарттар орындалса, созылған қолды қармауға кет ары емес екенін жеткізеді. Әңгіме барысында көңілдері тоғысып, кең төсекте бастары қосылып, араға көп салмай жүкті болады. «Күйеуінің» ішімдікке жақын кісі екенін кешірек, сол шамада байқайды.
Бақыттан басы айналған «бал айы» болмағанмен, соның есебіндегі алғашқы тәтті кезде ауыздан не шықпайды, сезімге тояттап, шаттанған бір сәтте, қосағын да марқайту мақсатында, «саған ұл тауып беріп, бақытты етемін» депті, қалай айтқаны есінде жоқ. Көп өтпей аппаратқа түскенде, құрсақтағы шақалақтың «жылқышы» екені анықталады. Сол сол-ақ екен, барлығы өзгеріп, көтінен кейін кетеді. Ішкілікке біржола салынып кетті дейді жайсаң жан. Әдейілеп жаттап алғандай, таңертең де, кеште де аузында жалғыз ауыз сөз болды дейді. «Сен мені алдадың!». Ерніне бірдеңе тиді болды, соны айтып ұрандап, «Жұпаны» жан сала іздейтін болыпты. Жоқ, Жұпа емес, Жұпар. Еркелеткен түрі екен «Жұпа» дегені.
Кешікпей туған отбасы кетеді теріс айналып. Көлкілдеген көнтері алқашқа қайдағы есіркеу, артынан жұмыстан қуылады. Ендігі кезде арқа сүйер таяныш емес, көтеріп жүре алмас масыл боп бір-ақ шыққан. «Жайыма қалдыр» деп жалынса, «жарайды» деп кетіп, аз күннен соң қайта айналып соғады екен. Болмаған соң, із жасырып қашып осында келіпті. Бірақ, қалай дәл басқанын, ай өтпей соңынан қуа жетіп, тауып алыпты.
– Енді құтылам! – деді келіншек, жоқ, некесі қиылмаған екіқабат қыз. Осы тұста әлдебір бұлжымас шешімге бекінгендей тастүйін түр танытып. – Біржола құтылам!
Ертесі шынымен-ақ шұғыл жиналып, көшіп кетті. Бағыт, бағдары белгісіз. Бұл не деген махаббат екенін, араға апта салмай іздеп келіп, таба алмай кетіп жүрді «ана кісісі». Кейде еңіреп жылайды. Неге… қор болған алтын басына ма, әлде некесіз туылатын баласының тағдырын ойлай ма, беймәлім… өзін өзі тоқтата алмай, ал келіп ашына өксиді. Оның өкірген үнін естіп ары-бері өткендер түкке түсінбей дал болады.
Ал енді бұл жайды неге жатқызуға болады?
Аузында, бер жағында «көңілімнен өтпейді» дегенмен, осы бір ілкіде көп естіген, ал енді көміліп ортасында қалған жаппай етекалды құбылыстың сырына кәдімгідей саңы ауғанын артынан, арада күндер өте келе аңдады. Басында түкке түсінбей, не себепті осылай болатынына мән беріп, қадала бас қатырыпты. Алғашқы арында, тіпті, «Нәпсісіне ие бола алмаған ұшқалақ қаншықтардың жеңіл жүрісінің салдары» деп бір тоқтап еді, артынан шамалы іркіліп, аз-кем ойланған соң, «жасы өтіп, алда өзінің тағы біреумен бас құрайтынынан үміті қалмаған, отырып қалған қыздардың ақтық демде қармаған жағадағы жалғыз талы шығар» деген уәжді көлденең қойды өзіне. Іле «Онда әлі он екіде бір гүлі ашылмаған жап-жас бойжеткендер неге жасына жетпей пұшпағы қанап жатыр?» деген сұрақ ұрандады ішкі жағынан қарсы шауып. Бірақ, оның да жауабы табылды. «Әлі ес жиып, етек жауып үлгермеген желөкпе немелерді «сүйемін», «күйемін» деп қармаққа іліндірген жырынды қулар мақсатына жеткесін обал-сауапқа қарамай, мөлдіретіп тастап кетеді жолда. Бәрін іс біткен соң барып бір-ақ ұққан сормаңдайлар кері қайтатын жол таппай, құрсағын құшақтап, зар-еңіреп қала береді артта» деді жалма-жан. Осындай бір сұрау-жауабы арпалысқан итжығыс пікірлерге тым беріліп, бойлап кетіпті, соның неге керек болғанын соңыра барып әрең байыптап, сол арадан тізгін тартты. Сөйтсе, сол маңайдан, сол төңеректен өзі де бір «олжа» іздеген екен ғой әлдеқашан уақытын өткізіп алып, тұлыпқа мөңіреген құнажынның кебін кигені санасына кіріп-шықпай. Қайда?.. Түсіп қалған қайдағы батпан құйрық енді бұған мына жасында? Қайыс боп қатқан тұтам құйыршық болмаса, басқа еш нәрсе бұйыра қоймас мезгілінен кеш сермелген қолға… Соны байыптағанда, айтарға болмаса, еңсесі түсіп, кәдімгідей басылып қалды. Осы жайында неге ертерек ойланбады екен! Жастық қой баяғы… еш жағына қаратпай қарыса қақпайлаған. Өмір о бір кездегідей алаңсыз, уайымсыз өте береді деп қалыпты қара басып. Басыма қайғы келер, мұң үйірілер деп ешқашан күтпеген. Тіпті, жыл жылжыған сайын жас артып, адам баласының ақыры мәлкілдеген қарт қаңқаға айналатыны, сөлі қашып, тарамыс боп тартылатыны қаперіне келмеген. Қылаяғы сол ащы шындық та бір ұрылмапты санасына сарт етіп. Иә, махаббат жалынына шарпылып, жүрегі қатты-қатты соққан бір тәтті күндер болды. Бала кезі еді ғой… әлі мектеп құшағындағы балауса, балғын оқушы болатын. Қыздармен бірге үйірмеге қатысып, би билеп жүрді. Ауыл-аймақ түгел мереке шаттығына шомған бір думанды күні орталыққа жақын орналасқан әскери бөлімге барып, консерт қойды. Сонда көрді әлгі… әскери киімдегі от болып жанған орыс баласын. Байқамайтын ба еді, біріккен сауық кеште талайды тамсандырып ән шырқады әуелетіп. Үні қандай әдемі! Адам баласында ондай да көрікті келбет, сүйкімді әлпет бола береді екен. Соған бір сеніп, бір сенбей, қадала қарап, аңырып қалыпты. Қасындағы қыз түртіп оятқанда барып есін жиды. Сөйтсе өнер көрсететін сәттері келіпті, шұғыл қамданып, сахнаға қарай жүгіре жөнелді. Қаңғырып келіп қалған қатардағы кезек болса шықпас еді, өзін көрсететін ұтымды шақтың ай болып туған орайын заматта шамалап үлгерген шайтан қыз мұрсатты қолдан бермей, тұра ұмтылды.
Билеп жүргенде жігіт отырған жақтан көз алмады. Сахнаның сыртында тұрып оның қайда барып жайғасқанын байқап алған, назары бастан-аяқ сол тұста болды. Оның алдыға беріле ұмсынып, үңіле қарап, өздерін қызыға тамашалауға кіріскенін көргенде жаны қалмай, барын салып бақты. Топтық бидегі орталық рөлде ойнайтын. Соңына шыққанда дүр көтерілген шапалақ даусының мұқым залды басына кие түңлікті желп-желп еткізген алапат жаңғырығынан жаман өнер көрсетпегендерін байыптады. Өте-мөте ана жас сарбаз, тым әсершіл болар, қопаңдап орнынан тұрып кете жаздады. Соңына таман шыдамай тұрып та кетті. Жалғыз қара боп сорая бой созып, шаттана, шабыттана алақан соқты. Соның өзі ештеңеге айырбастамас жеңіс болды сол күнгі. Қалғанының құны көк тиын еді.
Қоштасар кезде жігіт өзі келіп, таныстық берді. Биік өнеріне деген сүйінішін ашық білдірді. Жүзіндегі сондай сүйкімді жымиысының өзі айтқанынан да артық, жеткізгенінен де мол мағынаны айпаралап тұрғандай болды сол мезетте. Соңына дейін қастарында қалып, аттандырып салды. Сөйтіп, бала жүрегін алғашқы бұлқынысымен қоса көгендеп, сонда қалдырып кетті. Содан кейін сол бір қайта айланып соқпаған толқынысы мол, тәтті шақты есінен еш шығарған емес. Тіпті, дәл қазірге дейін сол күйі жадында жаттап, сақтап келеді. Санасында ерекше тебіренісімен таңбаланып қалған ғажайып уақытты өмірдегі бірден бір бақытты шағым, ештеңеге теңгермес асыл кезім деп ойлаушы еді, енді сабырлы ақылмен сараптап қараса, ол – бақыты емес, соры болған секілді. Сондай бір оңсыз оқиға болып ұшырасыпты кездейсоқ кездескен бейсауыт жан тайқы маңдайына. Олай болатыны, таяу уақыттан бері ғана байқап жүр, адам біткенді сол жігітпен салыстыра, салғастыра қарайтын шетін әдет тауыпты содан былай. Және ешкімді теңі көрмей, мұрын шүйіретін кесірлі әдет жабысыпты кене болып. Одан да сорақысы, сол сүйексіңді нашар дағды осы күнге дейін бір елі арылмапты бойынан. Сонда ол қалай бақыт болмақ! Айдан анық – бастан ұшқан бақ құсы екен! Дегенмен, жасырып керегі не, жарық дүниенің жалғыз мәні сол жігіт болып сезілуші еді-ау о бір шуаққа толы ертегідей күндерде. Сәті түсіп, тағы бір кездесуді ұзақ аңсады. Іздеп баруға ұялды. Соған қарамай, неше рет сол маңайды алыстан айлансоқтап, айнала торуылдады. Бірақ, еш нәтиже шықпады. Сандалып қайтып келді жұтаған жадау ауылына. Өзі ұмтылып, іздейтін шығар деп еді, не болғанын, ол тараптан ешбір әрекет болмады. «Бәлкім, келген шығар, кездестіре алмай, ақыры үміті үзіліп, тайып тұрған болар. Белгілі бір уәделескен жер болмаған соң, қайда барады, жан-жағына қарай-қарай, қабағына қалың мұң ұялап ұзай берген болуы мүмкін тұратын тұрағын бетке алып» деп ойлады кейін бір еске алғанда.
Баянсыз болса да сонда бұлқынған бұла сезімнің ыстық алауына шарпылып, шат болған шадыман қалпында біраз жыл ғұмырын алаңсыз өткізді. Кейін қалаға келген соң да алдынан қарсы кездесіп қалардай бір әсер иектеп, елеңдеп бағып еді, жоққа далбақтаған далбаса сезік екен, түк шықпады. Бірақ, біржола күдер де үзген жоқ. Сол үмітпен күн кеше берді қиялына қанат жалғап. Дәл казіргі қиын күндерде де есіне алса, кәдімгідей жеңілдеп, жетісіп қалады. Көрген түстей бір жалт етіп өте шыққан елес болса да, жүрегіндегі бәсірелі орнын ешкімге бастырмады жазған. Соған қарағанда, оны шын сүйген болдым ғой деп, масаттана марқаяды кейде. «Мұндай шын бақытты бүкіл болмысымен сезініп, бар ділімен түйсіне алмай өткен қаншама мұңлық бар өмірде! Олармен салыстырғанда мен, қол жеткізе алмай қалсам да, сүйдім ғой, әйтеуір, арыстандай бір азаматты! От болып күйдім, өрт болып жандым! Бақыттымын!» дейді қайта тұтанған жанартаудай жалын атып. Ал әлгі… оның қайта кездеспей кеткен сұлу бейнесіне алданып, елесін малданып, басқа еркектің ыстық пейілінен құр қалдым-ау деген оқыс күдіктің омыраулап жүргені кейін… мұнда. Қараңғы үңгірге еніп, дүниеден түңіле бастаған таяу кезде ғана ойсыратқан оқшау ой тосыннан сап ете қалды. Онда да соншалықты бір кектеніп емес, солай болды ма деген батылсыздау байламмен жақаурата шолып өткен. Сол-ақ екен, тұйықсыз салмағы артқан сол тұспал шүңетке шөккен тастай шойлап, байырқалап қалды. Содан қайтып іргесін көтеріп, көшіріп жібере алмай қор болды келген жағына.

ІІІ

Кісі қиялындай жүйрік нәрсе болсашы бұл жалғанда! Қас-қағымның арасында аш ішекше созылған соншама ұзақ уақыттың аясын тінтіп, тіміскілеп, аралап өтіпті. Ал өзі әлі түртініп түнек ішінде отырған. Тас қараңғы үңгір. Соның соңғы көлденең қабырғаға тіреліп тоқтаған түкпірі. Өз үйінің есігінің алды. Жаңа бір әзірде күнделікті міндетімді атқарып тастайын деп сыртқа шығып еді, сол орнынан ешқайда қозғалмапты. Неше күннен бермен жарық жоқ екені есінен шыққан ғой, табалдырықтан аттаған қадамын кері алғысы келмей, табан тіреген жерінде бөксе басқан астындағы кішкене орындыққа жамбасы жабысып, сол беті байланып қалыпты. «Ішкі жақ көрмей жүрген жерім бе, сонда омалып отырып-отырып әлгінде ғана құйрық үзген жоқпын ба» деп ойлаған еді артынша. Несі бар екенін, осы дәлізге шықса басқа бір әлемге кез болғандай күй кешеді… үнемі бола бермейтін сол сезімді де қиып тастап кете алмаған-ды екінші жағынан. Шынымен, қызық жағдай. Жатып-тұрып әбден жалыққан бөлмесінен алыстап, шаруасына дендеп кіріскен кезде ой мен қиялдың еңсені езген салмағынан құтылатындықтан болар, бойы кәдімгідей сергіп, жеңілдеп қалатын. Оның үстіне, бұл ара күндіз аса тыныш болады. Тұрғындардың қарасын қайда батыратыны белгісіз, ұзаққа созылған кең дәліз қаңырап бос жатады. Тықыр еткен дыбыс естілмей, сілтідей тынады. Ел көшкендей құлазыған сол үнсіздіктің сырын кейін білді. Сөйтсе, адамдар, шамасы, уақытты солай өткізуді жеңіл санайды, ес-тұстан айрылып, аямай келіп ұйықтайды екен. Жұмысы барлары таң бозынан тұрып, жолына түсіп, қалған қолы бостары нас басқан жатыстарын арыға жалғайды екен. Не кінә қойғандайсың оларға, ерте тұрғанда не істейді түртініп, қой бағып, қора тазалайтын ауыл емес, көрпесін басына бүркеп, үлпершегі көмейіне жабысып қорылға баспағанда, не істемек? Жерге түскен алғашқы жарықпен таласып, өкшесі тыным таппай шапқылайтын уақ әлі келеді алда. Сол кезде табанынан тозып армансыз сабылмай ма жетпегірлер!
Түске таяу, сәске мезгілінде басталады мұндағы тіршілік. Бұрқ-сарқ қайнаған қызуы басылмас қара қазанға айналады. Алдымен балалар қимылға келеді, бірден, екіден тіріліп. Басым көп сандысы әлгі әкесінің кім екенін білмейтін, нағашылырының тізімін толықтырған тірі жетімдер. Оны ойлап жатқан олар жоқ, өздерін осы дүниенің жалғыз дара қожайыны сезінетін қараборбайлар түннің тең жартысын бастарынан аударып, қара тұяқтарынан хал кеткенде барып, тұмсықтарынан шаншылып тыным тапқан. Содан қайта бас көтеретін уақыттары, мана айтылғандай, келесі күннің сиыр түс әлеті, яғни, дәл осы шақ. Алтын күн тік төбеге көтеріліп, шарқыштана шақыраятын тұс. Әр үйдің есігінен жылтың-жылтың қарап алып, суханаға қарай кезек-кезек бет алады. Таныс боқмұрындардың осы қызық қылықтары қалай есіне келді, солай сап етіп өз өмірінде болған, өзіне қатысты бір түсініксіз оқиға жадына оралады. Осыдан талай жыл ілгері танымайтын біреудің күтпеген жерден назары ауып, әлдебір құпияны ашқысы келгендей тікендей қадалып, құйтырқы сұрақтың астына алған-ды… сол жаңғырады сана түкпірінен жылтыңдап. «Сенің фамилияң – Қапанова ғой, ә?» болды қаймана кісінің алғашқы сауалы. «Иә» деді бұл ойында ештеңе жоқ жайбарақат бас изеп. Көкөрім жас болатын, бөгелмей, кідірмей, қолма-қол жауап бере берді білгісі келгеннің бәріне ағытылып. «Ал анаңның фамилиясы кім?». «Қапанова». «Ал әкеңнің?.. ». Осы тұста іркілді. Төбеден ұрғандай бөгелді. Өмірі тап келмеген кілтің сұрақ. «Қайтыс болған» деген жалғыз сөзді ғана білетін, аржағы күңгірт. Тіпті, сұрап та көрмепті. Мүлде тектемеген. Дәл мына көлденең түсіп, алдын кескен қиғаш сұраққа дейін. Жауабын айтарда… жолы ғана емес, бүкіл ғұмыры тосылып, бұйымтайсыз кідіріп, ошарылып қалғандай болды. Солай болып барып, қайта жалғанды. Жауап бермеуге де құқы бар еді. Біреу айтқан, соттың алдынан басқа жерде таңдау бар деп. Тергеуде, тексеруде тұрмағаны мәлім. Дүкенге, шешесі жұмсаған бір зәру затты әкелуге жүгіріп келген беті болатын. Соңғы сәттегі шешімнен кейін, сірә, басындағы ахуал күрт өзгерді, кенет батылданып, «Оның сізге қандай керегі бар?» деді әлгі кісіге тік қадалып. Енді қарсы жақ мүдірді көзі жыпылықтап. Ішінде «жын» бар секілді, жүзі бірден төмен құлағанмен, қабақ астынан қарашығы тынымсыз ойнақтап қарай берді ұрланып. Сатушы есеп-қисабын жасап, ақшасын санап алып жатқанда да, артынан тиесілі дүниесін ұсынып, беріп жатқанда да беймәлім бір мазасыз күйге түскен көлденең көк атты андай жерде тұрып тынбай жалтақтаумен болды бұл жаққа. Бұрын көрмеген адамның мұнысы несі екенін білмесе де көңіліне қарадай күдік қашып, лып етіп сыртқа шықты да алды-артына қарамай безіп берді. Соңына қайырылған жоқ. Бірақ, әлгі төңіректі түгендеген тіміскі жанардың ізін баса тысқа беттегенін, есіктен озғасын да сондағы бір ағаштың қалқасын тасаланып тұрып жон-арқасынан манағы аяздай зәрлі ащы сұғын өткізе, ұзақ телміргенін, сол сұғанақ қараспен ұзатып салғанын көңілдегі бір жаза баспас сергек көзбен анық көріп, қарасын үзіп еді. Әлденеден секемденіп аласұрған жаны әбден алыстап, ұзап кеткенде барып әрең жай тауып, тыныштанғандай болды.
Сілеусін көз сілімтіктің ойға келмес сауал тастап, «тергеуге» алғанын, артынша жауырын тұсын от боп қарыған сұқсыр қарашығымен жалынша қақтап жолына салғанын үйге келген соң анасына айтпады. Не дейді түктен түк жоқ, өзі ауырып жүрген адамға. Әкесі жайлы ешқашан айтқысы келмейтін, өткенін әлдеқалай есіне алса кірпідей жиырылып, күйген терідей қуырылып, аяқасты бүрісіп қалатын. Онсыз да науқас меңдеп, қатқан тулақтай құрыса беретін тырысқақ кісіге ауыр тие ме деп аяды. Екінші жағынан, қаны қашқан әлгі бір сиықсыз жүзді, көңіліне күдік қашырған құйтырқы сауалдарды жадына қайта алғысы келмеді. Жастықтың әсері болар, сол оқиға сол күйі ұмытылып кетіпті. Содан кейін сол бір үсті-басыңды тінтіп, ішіп-жеп қоярдай бағжия бағатын сүмелек көз, тозғын бейне де назарына қайта шалынбады. Енді ғой… арада көп жыл өткен соң, қапияда… өзі емес, өзі бұл уаққа жетпей баяғыда-ақ жер жастанған шығар, тегіне жете тергеген тікенек сөздері және бір айналып соғып, тақыр қолтық, талма тұстан қадалып, найза боп шаншылып тұрғаны. Айтарға болмаса, тіксініп-ақ қалды. «Рас, ә, осы уаққа дейін неге ойламағам… тегім кім менің осы? Мен кіммін? Өз жөнімен ойнап жүрген балаларды «жолдан тауып алған» деп қыжыртып қоям, ал әлгі… нағыз не қылған… жолдан тауып алған «жолдыбайдың» үлкені өзім болып жүрмейін!..».
Барынша тез, жылдам құтылмасаң басыңды жеп, жұтып қоятыны анық оппа қиялдан өзіңді аулақтатпақ боп назарыңды басқа тарапқа салдың. Дәл казір жүзіңді беріп отырған ұзын дәліздің келесі түкпіріне қададың. Айнала жым-жырт, тып-тыныш. Демек, осы бір жүріс-тұрыс әбден саябырлап, ел-жұрт толық жусап қалған тыншу аралық жұмысты еңсеріп, тындырып тастаудың таптырмайтын уағы. Талайдан бері қалыптасқан үйреншікті дағдымен үртіс қимылдап қалуға бекіп, жедел әрекетке көштің. Қырсық шалғанда, күтпеген бөгеттің алдыңнан қарсы шауып, қасарыса жол кескені – көз көлегейлеген қараңғылық жайы есіңнен шығыпты. Санаңа қайта сап еткенде, қыларға айла таппай, таусыла тоқырап, басыла бердің. Қарадай мысың құрыды. Манадан бері жолын бағып, сарғая күткенің аз болғандай, алда да сарылып, қарайлайтын түрің бар. Ештеңенің ентігіп жетіп келер сыңайы байқалмайды. Арасынан бірдеңе іздегендей бөксе басқан тұстан қадалып қанша тігілсең де, тұтасқан түнек ішінен дым шалындыра алмай, діңкең қатты. Соған қарағанда, қарашық қамаған көлкеш мұнардың жуық арада іргесі сөгіліп, ыдырай қоймасы анық. Дегенмен, жазған құлда шаршау бар ма, көрген дүниеден көңілің қалып, десің қайтқан жоқ, ары қарай да тесіліп, ала алмай жүрген көзақың бардай телміріп, баға бердің.
Түбі көрінбес терең қуыс. Таяқ тастам жерден ауаға шашылған бор тозаңындай болмашы ғана алаңғыт тұман байқалады. Шамалауынша, ол – астыңғы қабаттан көтерілетін баспалдақтың сырт жағындағы қабырғадағы терезеден түскен селдір жарық. Күңгірттеніп, аласақсақтанып түсетіні, онда әйнек жоқ. Қысқы суыққа қамсау болсын деп көлденең тақтайларды қатарлап қағып, ілдалдалап қойған. Даладағы кең дүниені нұрға бөлеген шүлен шұғыла сол жалпақ ағаштардың арасынан қысылып-қымтырылып өтіп, соңғы жұғындары ғана ішке өлеусірей жамырайды. Одан сәл қашықтағы аяқ басар текпішектерге жеткенше және біраз әлсіреп, сұйылып, тегіс текше – енді еденге ақтық жұқанасы ғана жағылады. Сүт төгілгендей сәуле тарап тұруға тиіс ауқымды аумақ соның кесірінен бұлыңғыр, бұлдыр.
Одан ары – саңылаусыз түнек. Ілгері үңгіп кеткен дәліздің ол жақ бөлігі – қасат қараңғы ұйыған тілсіз кеуек. Түсі суық, меңіреу үңгір. Мың жыл бойы осылай демін ішіне тартып, тынып жатқандай түнере тұнжырайды. Артына бір қарауытқан құбыжық жасырынып алғандай, жүрек шайлықтыра, көңіл қаймықтыра сазарады. Сағаты соққан бір мезетте әлгі пәле қарғып шығып, бері қарай оқ болып атылардай. Сондай бір сұсты үрей тарайды маңайға. Қарап отырып адамның зәресі ұшады. Жанарын жылжытып басқа жаққа алып кетейін десе, қарашық тиянақтар өңге ноқат жоқ – назар ілетін, ықылас байлайтын жалғыз алданыш сол, енді сол маңды – аңырайған апан аузын аңдып, омалып отырғаны.
Сескене үңілгендіктен болар, қайдағы жоқ ойына оралып, қарадай зықы кетті. Әйтпесе, күнде көріп жүрген жері. Бір емес, екі – қос кезек басып өтетін жолы. Алдымен табалдырық басын түгендеп, сырғытып сыпырып алады. Артынша сол ізді суытпай, үстін басып жүріп, суға малынған кенеп сүрткішпен айнадай қып сипап, сүртіп шығады. Күн құрғатпай емес, ара салып. Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері. Сол себепті онда қарашығы қадалмаған бүдір, табаны тимеген нүкте жоқ. Түк қалдырмай адақтап шыққан. Өйткені, артында қылайған қылпық қалмауы керек. Талап солай ғана емес, бастысы, жұмысқа айғайлап тұратын сондай адалдық керек.
Лат, қораш болғанымен, осы жұмысқа тұрғалы бері көңілі алаңнан, басы уайымнан арылды. Тазалайтын жеріне таскене боп қадалатын мұқияттылығының арқасында неше рет көлденең олжаға да тап болды. Кісі қиялына кірмейтін жәйт. Бір жолы шиыршықтап бүктелген көк қағазды түкпірдегі бір қуыстан көзі шалып, не екенін білмекке алып қарағанда су жаңа шетел ақшасы боп шығып, шалқасынан түсе жаздағаны бар. Қорыққаны да, қуанғаны да белгісіз, жүрегінің тас төбесіне қарғып, қапелімде не істерін білмей, қатты састы, әлі есінде. Қойнына сүңгітіп жіберді ізінше. Бағып тұрған ешкім байқалмағасын, жұмысын ары септеп, жалғастырып әкетті. Шаруа біткен соң, үйге әкеліп қайта баққанда, шынымен-ақ АҚШ доллары екенін көріп, кезекті рет әрі-сәрі күйге түсті. Санын шапалақтап шаттана да алмай, бейжай боп бейтарап та қала алмай, екіұдай халдің тартысында әбден абдырады. Нәпсісін қытықтаған әлдене тәтті дүниенің дәмін күні бұрын сезгендей көңілі құрғыр құмарта, құтыра лепірсе, артынша өзіне қатыссыз затты қанжығасына байлап, заңсыз иеленіп кеткен «қарақшылығы» есіне келіп, қарадай қорқып, іле, бар-жоғы белгісіз әлгі ар соты деген, сірә, сол болар, тамағына бірдеңе тұрып қалғандай жайсызданып, қарап тұрып қорланып, қай тарапқа ауарын ұқпай, қатты дағдарды. Аз іркілістен кейін ал келіп еңіреп жылады дейсің, өксіген баса алмай ұзақ солқылдады. Сабырын шақырып, өз-өзіне келген соң да әуелгі қалпын таба алмай, кәдімгідей берекесі кетті. Алдыңғы салған салабасы аз болғандай, енді қайтсем екен, не істесем жөн болар деген жауапсыз сауал тура өңменнен килігіп, қайдан барып шығарын аңдатпаған қуатты қақпақылдың ит жығыс додасында лақ боп тартылды. Неше рет орнынан атып тұрып, алған қуысыма апарып тастайын деп оқталса да, жеме-жемеге келгенде, бәрібір, өзін-өзі жеңе алмай, құйымшағына қорғасын құйылғандай зіл тартып, омалып орындығында қалды. Ал тыныш отыра берейін десе, өзі де білмейтін тағы бірдеңелер бүйірінен түрткілеп, жайына қалдырмай қинады. Сөйтіп, талайға дейін бір бекімге келе алмай, санасы сан бөлініп, бірде қарсы жағынан тас түрменің темір есігі елестесе, енді бірде ішіне әлі кіріп көрмеген, сырты әйнек, шыны тақталардан қалап салған, еңсесі биік, маңы әсем су жаңа сауда сарайларының айнадай жарқыраған кіреберісі шаң беріп, екі ортада алақтап, қарадай аласұрды. Қапелімде қақ жарылғаны сонша, қос басты қоржынның ешбіріне ауытқи алмай, еш тәуекелге міне де алмай, иден енді шыққан шылғи қайыстай кергіге түсіп, әбден кергіленді. Сағызша созылғаны сонша… жаны оңбай қысылып, соның аяғынан ақыры тағы бір кезек егіліп, көз жасына ерік берді… Кісі ақысын қисынсыз қымқырып кету деген айтарға болмаса, аса жеңіл шаруа емес екен. Масқара болғанда, жығылғанға жұдырық болғандай, қап түбіндегі жарты бақыр талқанның таусылар күні таяу еді ғой, бір қапталдан ол да қосанжарласып; ертең келіп біреу кеңірдектен алардай болған үрейлі, үркек хал де екілене қара таласып, екі ортада көкпар боп тартылып, дал-дұлы шықты. Аяғында, әйтеуір, өз қисынына өзін зорлықпен жығып, ұрлап алған зат емес, тауып алған дүние, орнына апарып тастағанда, иесі сол араға жасырған болып, қолына тисе жақсы, ал іс жайы басқа болып, аңдаусызда түсіп қалған, кейін жер сыпырған балақ лебімен сырғып, өзге жаққа қаңғып кеткен, әлгі қуысқа барып бекініп, нық орныққан нәрсе болса, қаймана біреудің қанжығасында кетпей ме, одан да тәлейіме тура келген «табысым», жанымда қалсын, деп ақтық шешімін әрең қабылдады… ал біреу-міреу байқап қалса, реті келгенде кейін бір қайтарармын деп, іс түйінін өлгенде барып зорға түйді. Сол байламды жөн көріп, құны артық көк қағазды шөнтегіне сүңгітті. Сөйтіп, қайта шыға алмас қылып құз тереңге тастады.
Осында келіп ірге бекіткеннен бері бір аңдағаны: мұнда жарық жиі сөнеді. Рас, алғашқы кезде ондайы жоқ болатын. Қайталана беретін үйреншікті дағдысын кейін, жүре келе тапты. Жылжыған жылдарға ілесіп, тіпті, үнемілік іске айналды. Түсте кетіп, кешке келсе тағы мейлі ғой. Апталап, тіпті, айлап жоғалатын болды. Сондай ұзақ-ұзақ үзілістерден кейін білді, жарық деген тек айналаны жарқырататын шам ғана емес екен. Бұл оның, бар болғаны, бір қыры екен. Оған талай нәрсенің тағдыры ажырамас болып байланыпты. Тірнектеп жүріп тапқан тиын-тебеніне алып келген көже-қатығы кеңірдегі жұлынғандай сілейіп үнсіз қалған тоңызтқыштың ішінде бір жетіге (бәлкім, одан да аз) зорға шыдайды екен. Сонан соң ол ішпей-жемей бұзылып, қараптан қарап тұрып керексіз затқа айналды екен. Бәрін бірден пісіріп жеп алуға үлгермейсің ғой, өйткені. Сол қолдағы азық-түлігіңізді әзірлеп, алдыңызға ас қылып дайын ететін қазан-ошақ деген қат құралыңыздың кіндігі де сол қуат деген әлеуетті көзге шандыла маталыпты. Дамыған заманның күнделікті тұрмысты жеңілдетеді деп жиып алған жетістіктерінің бәрін қозғалысқа келтіріп, ырғап тұратын көмескі күш сол өзегі темір ұзын таспаларды қуалай жылжитын көрінбес ағын екен, ал аналар – соның ұзына желісіндегі бұршақтарға бекітілген басы байлы көген. Ал нәрін беріп, емізіп тұрған жомарт желін тосын қожырап, суала сарқылса, әлгінің бәрі табан астында түкке жарамай, қажетсіз терсек үйіндісіне айналып шыға келеді екен. Соған куә болды. Сонда барып қадірін білді о пәленің. Ал ол қасқалдақтың қанынан құнды зәрует дүниенің неге үнемі жоғалып, мұндағы жұртты қараң қалдыра беретінінің сырын одан сәл кейін, тағы сондай бір қолдан ештеңе келмей бос қаңтарылған шарасыз күндерде байыптады.
– Қыздар… қыздар, тез жиналамыз! Тез! – деп жаңғыртты бірде қаңырап қалған қараңғы дәлізді жау қуып келе жатқандай ұрандаған әлдебір әйел дауысы.
Есіктің ашығынан басын шығарып қараса, астыңғы қабатта тұратын жүз таныс кәрі қыз екен. Жолдан тауып алған баласы бар өзінің. Сірә, некесі түспегендіктен болар, пұшпағы қанағанына қарамай «қыз» аталатын. Дігірлеп таяп келген сол «бойжеткен» осындағы тірі жанның түгел көшіп төменге түсіп, есік алдына жиналып жатқанын хабарлады. Дауысының тым жарқын шыққанынан ұйымдастырушының өзі екені анық аңғарылады.
Не болатынын көппен бірге көрейін деп, бірдеңе шығатынына бір сеніп, бір сенбей, аяңдап еңіс құлдады. Шамасы, мұның осында тұратынын көп ел білмейді, байқап қалғандар мынау қайдан жүр дегендей таңданып, үдірейе қарады. Көбі елең еткен жоқ, гуілдеп өз әңгімелерін жарыса гулетіп тұра берді. Әлдеқашан ұмытып қалған, бір кезде өзінің осы жатақхананың түкірігі жерге түспейтін әміршісі болғанын әлгіндегі тіксініске толы суық әлпеттерден жадына алып, әлденеге кінәлі адамдай ығысып, шегініңкіреп барып, бір шетке табан тіреді. Жоқ. Сол алғашқы қырағы назарлардан өзге танитындар кездеспеді. Мүлде өзгеріп кеткен беймағұлым қауымды көрді қарсы алдында жыпырлаған.
Іле камераларын көтеріп, аш итше жаланған тілшілер де келе қалды сау етіп. Тұрғандар лап қойып солай жапырылды келесіде. Еріксіз ілесіп, соңдарынан ілбіді. Қызық екен. Бұрын-соңды араласып көрмеген тың өмір ғой, шымылдығы енді түрілген су жаңа қойылымдай көз алдындағы бейтаныс тіршілік жанданып, қозғалып қоя берді. Ілкіде теледидардан ғана көзайым болатын алыстағы жағдай мысықтабандай жылжып, әлдеқашан іргеге жетіп алыпты. Енді, міне, мені көрдің бе дегендей тұмсықтың ұшынан қылаң ұрып, жүзіңе тосылды. Жоқтан дәмеленіп, мойындамай жүргенімен, дүниенің тоны баяғыда айналып, өзгеріп кеткенінің бір дәлелі осы болар, тегі!..
Түсініксіз ғана емес, алғашқы сықпыты білініп, қалыпқа түсіп келе жатқан бүгінгі күн қызық та екен. Неге екенін, біреуді біреу біліп болмайтын қым-қуыт жағдай орнапты бұл елге. Бұрнада барлығы бір жерден, бір қолмен басқарылатын дүние енді тарау-тарау боп бөлініп, қырық тарапқа тарап, бытырап кетіпті. Басын қосудың өзі қиямет. Соның бір мысалы, міне, бүгінгі ахуал: жарқырап жанып тұрған жарық жалп етіп сөне қалса, себебін білетін тірі адам табылмайды жер-көктен. Білмеген соң, әрине, жан баласы жауап қатпайды жақ ашып. Еститін құлақ, көретін көз жоқ алыс-жақында. Сосын қайтесің? Қаңтарылып қараңғыда қалған мүшкіл халіңді үкіметке жеткізуің керек. Ол үшін, міне, дәл мыналар құсап, тайлы-таяғың қалмай қотарылып шығып, дауысың жеткен жерге дейін үн қоса айғайлауың шарт, солай етуге міндеттісің. Оның өзінде елең еткен жан, тұяқ қыбырлатқан ынсан болмайды. Сонан соң не істейсің? Келесі зор, түкке керексіз болғанымен, аса қажет алып қадам тасталады – не көшеге, не үні бүкіл республиканың түкпір-түкпіріне жетіп, еркін тарап тұрған теледидарға шығып жабыла, жар сала, бөрінің көтіндей шулайсың. Жаппай. Сонда ғана бір тұстан жеті қат жер астынан шыққандай құмыға талыққан «мыңқ» еткен бір дыбыс келеді құлағыңа. Сәті түссе, содан былай ғана сірескен сең біртіндеп қозғалады, ал сәті келмесе, ол да жоқ, қайта барып құрдымға батып, төңірек баяғы саңырау, мылқау қалпына тағы түседі. Ары қарай тым-тырыс, жым-жырт мүлгіген өлі үнсіздік. Кісі екен деп бір пенде тырп етпейді. Әншейінде мемлекеттің басты байлығы, биліктің қайнар көзі деп есептелетін, саясаткерлер биік мінберлерден солай деп күнде озандап жатқан, өтірік-шыны белгісіз, әлемнің қай түкпіріне барсаң да қауқары күшті Ата заңдарына солай деп жазып қойған, соған қарамай, қазіргі таңда бәрі керісіне бағып, тындырған ештеңесі жоқ, кешке шейін үкіметке қол жайып, сұрамсақтық қылғаннан басқа қолдарынан келері кем деп күстаналанып, қатардан шығып қалған, ендігі жерде бақыр басының көк тиындық құны қалмаған екі аяқты нәсәлдің қадірі әбден қашқан алмағайып заман орнапты. Ешкімді ешкім біліп болмайды. Басқалардан бағы үстем болуға тиіс адам баласының осынша құлдырап, қорадағы қой құрлы нарқы қалмаған жарытымсыз жағдайына таң қалып, бармағыңды шайнайсың? Бірақ одан не пайды? Жауап болмайды ешқайдан. Қимыжық, ұғынықсыз бір уақыт кезек алыпты сағаты соғып.
Ал сен білгенде, осыдан аз жыл ілгері… еңбек адамдарының, мемлекеттік қызметкерлердің мұндаймен шаруасы болмайтын. Әркім мойынына алған өз міндеттерімен айналысатын. Мынау сияқты көди-сөди істердің жауапкершілігі арнаулы мамандарға тиесілі еді. Бір жерден ақау шықса, қайдан білетіндері белгісіз, тізгін ұшымен келіп, бір демде жөргегінде тұншықтырып, тындым қылатын. Мынаның аты не енді бейкүнә тұрғындарды босқа шулатып? Бұлар сандалып мұнда, болмас істің артында жүрсе, жұмыстары қайда қалады арқаларына артқан? Онда қалай шаруашылық ілгері басып, қоғам алға жылжиды? Осындай да бассыздық, жүгенсіздік бола ма екен, тәйірі? Осының бәрін ретке келтіретін бір пәрменді күштің болмағаны ма сонда? Ғасырлар бойы аңсап, өзгенің қолынан өлгенде әрең қайтарып алдық деп жер-көкке симай, масаттанып жүрген әлгі оңаша отау, көтерген шаңырағың, оның мықтап уысқа түскен жеке «тігін-шылбыры» осы ма сонда? Ой, бүйткен…
Бірінен-бірі асып даурыққан елдің дабыры біразға дейін басылмады. Қара сөздің нар қайысар салмағы, әлде басқа түскен жағдайдың қиындығы, бәлкім, кешке экранға шығатынын білгендіктен абдырап, ішкі тепе-теңдікті жоғалтқанда лықсып сыртқа тепкен толқу әсері, әйтеуір, сөйлеп тұрып өздерін тежей алмай көз жастарына ерік біріп, сорасын сығып алғандар да болды араларында. Лепіре көтеріліп, әуелей қалықтаған дауыстар жай ғана өжеттік боп қалды оның қасында. Соңыра барып ап етпедігі екпіндері қайтып, түгел сабыр тауып, сабаларына түсе бастады.
Іле жеке адамдарды оңаша шығарып алып, сөзге тартқан оқшау сұхбаттар басталды. Бәрінің ту сыртында топырлаған ашулы топ тұрды артқы көрініс болып. Барлығының қайталайтындары жалғыз ауыз сөз: жарық өшкелі жарты айдан асты. Қайда әлгі бар болғыр үкімет? Не қарап отыр?
Дәл осы кезде көше жақтан жиналғандарды бетке алып шыттай киінген, ресми адам екені сонадайдан танылған көзілдірікті жас жігіт келе жатты жаймен аяңдап. Қолтығында қарны қабысқан жұқа папка. Соған қарағанда, дәу дөкей емес, қатардағы «жауынгер». Байқап қалғандар, беттерін солай бұрды. Күтпеген қадамын бажайлап, журналистер шақырған шығар деп топшылады ішінен. Іле алға аттап, топ бүйіріне барып қосыла берді.
– Жақсы… жақсы! – деді жас жігіт анталағандарды сабырға шақыра, қолын көтеріп. – Сабыр сақтаңыздар. Шуламаңыздар! Жағдай бізге белгілі. Өшіп қала беретін баяғы жарық қой… қосамыз. Қазір қуатпен қамту орталығымен келіссөз жүріп жатыр. Экранға шығарып, дуылдатпай-ақ шешетін едік. Болды енді… болар іс болды… соңын күтейік.
– Біз шарасыз қалдық, – деді осы кезде тұрғандардың біреуі жігіттің сөзін бөліп. Сөйтіп еді, қалғандар да кезек тоспай жамырай жөнелді. Армансыз бір ақтарды дейсің іштеріне жиналып қалған талай заманғы шер-шемендерін.
Шыққаным дұрыс болған екен дедің сен айтылғандарды тыңдай келе. Өйткені, арадағы әңгімеден өзің білмейтін, тіпті, болады деп ойламаған талай сұмдықты естіп, көп сұрқиялыққа қаныққан едің. Бұрыннан бар, әлде кейін төбе көрсетті, ПИК деген бір пәле шығыпты. Тіркеудегі тұрғындар қатарында жарық, жылу, суы бар айлық пәтерақыларын соған апарып төлейді екен, ал ол одан ары… тиісті жеріне. Мәселе ушығып, ашыққа шыққан осы кезде мәлім болыпты, көптен бері жарықтың ақшасы қажетті көзге жетпеген. Тау болып көбейген алашағын уағында ала алмаған жарықпен қамту орталығы одан арыға шыдамай, келген де, желіні қиып тастаған. Қарыз төленбесе, ендігәрі қоспаймыз депті. Мұны естіген тұрғындар одан сайын өршеленді. Айтуларынша, пәтерақыны уағында төлеп тұрыпты, ендігісіне ПИК жауапты екен. Керек болғанда естеріне түсіп, оның жауаптысын іздеп еді, маңайдан таппады. Барам деп уәде берген кісі жеме-жемге келгенде жалт беріп, басын алып қашып, өкілін жіберген. «Мұнысы несі?» деп көзілдірікті жігіт қатты ренжіді. Өкіліне қайта-қайта хабарластырып жатып, ертесі әкімдікте өтетін жиналысқа қатысатын етіп, бұлтартпас қылып шегелеп тынды. Бір рет алданған үкімет адамының істі түбегейлі бітіргісі келсе керек, «бізге ұсыныс енгізіңіздер» деді жауар бұлттай түнеріп. Биліктің иек астына баратын болғанына қуанған жұрт әлденеден үміттеніп, ақшаны бұлай далаға шашқанша, жарық есептегішті үйлерге кірізіп беруін сұрайық деп шешті ақылдаса келе. «Ортақ өгізден оңаша бұзау жақсы» деген осы болады» деді араларындағы есеп-қисапқа жүйрік үлкендері. Тоқтам осы болып тарасты.
Ертесіне бәрі қотарыла көшті әкімдікке қарай. Сонда көрді өздерін көрдей қара түнекке қамап қойып, көлеңкесін көрсетпей жүрген қашаған сұмырайды. Жиналыс тізгінін ұстаған көзілдірікті жігіт мәртебелі мейман – әкім орынбасарынан кейін едел-жедел «тұрмыс» деп аталатын ПИК-тің төрайымы Айжан Жақыповна деген біреуге сөз беріп еді, зал тілін жұтып, тынып қалды. Көп күттірген жоқ, алдыңғы қатардағы орындықтардың бірінен үлбірей көтерілген, өткендегісінен де әсем киініп, одан сайын құлпыра түскен әлгі бір түрік ерін келіншек тақ бір салтанатты рәсімде үлкен сыйлық алуға риза көңілмен қадам тастағандай жымия күліп, ырғала басып сахна шетіндегі баспалдаққа қарай қаздай қалқып жылжып бара жатты. Сен неше күннен бері есімі жиі аталып, елді ұлардай шулатқан, жұрттың діңкесін құртып, әбден шаршатқан дауасыз сұмның өзің танитын, танитын ғана емес, сұлулығына таңдай қағып қатты арбалған, басың айналып, әлдеқашан құлап қалған кербез сылқым екенін біліп, есіңнен танып қала жаздадың. Бірақ, шыны керек, оны мұндай жаман атқа қимадың. Артынан «ондай қадамға барса, ел білмейтін бір себебі болған шығар» деп, қолма-қол ақтап алып, өзіңді әрең жұбаттың. Сен сөйтіп өзіңмен өзің итжығыс түсіп, керісіп отырғанда басқышпен жоғары көтеріліп, бойына жабысқан асыл мата сымбатты тұлғасын одан сайын бадырайтып аша түскен, толысқан аршын төсі алдыға озып, қайқы қылыштай қайқиған қақпан белі жұмыр бөксесін бұлтитып кері толқытқан бұла бітімін ел көзіне бір сәт тосып алғысы келгендей толықсыған мінсіз мүсін бір шетке қарай ысырылып, көлбірей түрілген шымылдыққа жетіп, әнтек кідірді де, іле ілгері аттап, сол маңға орын тепкен шешендерге арналған микрофоны бар мінберге жақындай түсіп тізгін тартты.
Ары қарайғы сөз көпке созылған жоқ, жұмыс салған жерден ойдағыдай болып шешім тапты.
– Әкім орынбасарынан қорыққаннан ғана шартқа келісті. Әйтпесе, қашқан түлкідей тағы бір бұлтаққа салар еді… Ертең оған күні түседі ғой. Соны ойлап, амалсыз мақұл болды, – деді кеше «оңаша бұзау» жайлы айтқан кексе әйел есіктен шыға бере. – Бірақ, бұл пәленің қашанда есебі түгел. Айтпады демеңдер, ебін тауып және бір жерден есесін қайтарып алады. Қара да тұр!
Ал, сен болсаң, Қазақстанда әлсіз де болса әлі де үкімет барына анық көз жеткізіп, таңырқап қалдың. Бірақ, тым дәрменсіз, пәрменсіз екен. Биліктің осыншама қауқарсыз болғанын көруің бірінші рет. Билік дегеннен гөрі елдің арасына кіріп, дау-дамайын реттейтін араағайын, үйлестіруші деген әлдеқайда дұрыс сияқты. Қайтесің енді, осының өзіне шүкір етпеске шара не қазір. Қайда… баяғы дүниені төңкеріп, орнына шыт жаңа әлем орнатқан жасампаз кеңестер билігі?! Жоқ қой ол! Қандай тегеурінді, қандай жойқын еді десеңізші?!. Дүниенің бір бетін аударып, астына түсірді ғой өзінің дүркіреп тұрған шағында!
Араға аз күн салып барып жарық келді. Айға жуық жылт көрмеген тұрғындардың көздері ашылып, әй, бір жетісіп қалды дейсің! Кәдімгідей мерекеге айналды самала жамыраған шырайлы сәт. Балалар тіпті шаттыққа шомды! Бір таңқаларлығы, сондағы үй бас сайын салынған салық – жүктелген қаржылық міндеттеме, барлығы дерлік, тағы да айналып өтті сенің маңыңнан, шеніңе жуымай. Неге олай болғанын кім білсін, тартқан жарық желісі мен орнатылған есептегіш үшін ешкім келіп ақы сұрамады. Сен де үндемедің. Қалай үндейсің, алдыңғысының өзін тиыннан құрап, тырмаштап жүріп әрең төлесең. Сол тырс етпеген қалпы жабулы қазан жабулы күйі қала берді. Әлгі әсем жаратылған әдемі келіншектің үнсіз келіп шарпып өткен кезекті шапағаты екенін сен іштей шамаладың. Бірақ, «неге» деген сұраққа қанша бас қатырсаң да, жарытымды жауап таба алмадың. Ақыр аяғы, құдды өткен жолғылардай өзіңнің кезінде тіке бағынышты болған бастығың тарапынан бір пәрмен болғанына жорып, төбеден нұр саулаған жарық бөлмеңде отырып, зор тебіреністен жүрегің тағы да дірілдеп, көзіңе жас алдың. «Қандай асыл адамдар! Кеңес үкіметі тәрбиелеп жетілдірген бір ауызды, уәдеге берік, көңілі құлаған адамын жер түбіне дейін арқалап апаруға дайын құрыштан құйылған болат бітімді сом жандар ғой олар!» дедің қатты толқып. Тағы бір жеріңде «Қаусаған кәрі болса да кезінде содан бір бала тауып алсам жағдайым бұдан да жақсы болғандай екен ғой! Онда тіпті қала сыртындағы коттедждердің бірінде отырар ма едім, кім біліпті?» деген бір өкініш жылт етті тереңіңнен. Бірақ, бұл әттеген-айға артынша «шал байқұстың оған шамасы келмей қалды ғой. Әйтпесе, жайдан-жай мені жайыма қалдырар ма еді?» деген бір құпия күдігің тізгін ұшымен келіп жауап берді ізінше. Сөйтіп, жаңа басталған тәтті қиялың қас қаққанша болмай үзіліп, жөргегінде сөніп тынды.
Білінбей жүргенмен, «оңаша бұзаушыл» әлгі тәте әулие екен. Айтқаны айдай келді. Жарықтың жарты әлемді жаңғыртқан жыры бітіп, арада көп өтпей, басқа бір, мүлде күтпеген, ойға да кіріп-шықпайтын, тіпті, жүзеге асуы да мүмкін емес істің құлағы қылтиып, ұзын-сонар қиссасы басталып жүре берді. Басында бірден-бірге өтіп, сыбыс боп тарған қауесет ақыры шындыққа айналар болып, онсыз да күпті көңіл жандардың көмейіне тас болып тығылып, ары-бері ас өткізбей кептелді де қалды. «Сухана жабылады екен!». «Сухана жабылады екен!». «Жарандар, сухана жабылады екен, естідіңдер ме?».
«Онда ел қайдан су ішеді?». «Білмедік!». «Түкпір жағындағы дәретхана ше?». «Ол туралы әңгіме жоқ әзірше».
Бұның елдің аңысын аңдыған алғашқы сыбыс екені айдан анық еді. Болмаса, бесенеден белгілі емес пе, сырттағы есік бекітелсе, іштегі бөлменің не болатыны. Ауыз ауыртуды қажет етпейтін шаруа.
Осы араның тұрақты тұрғынына айналғалы бері жел боп ескен кез келген лепестің түптің түбі шындыққа айналып тынатынына әбден көзің жеткен сен бұл қаңқуға аса мән бермедің. Ал, басқалар тың жаңалықты бастарына қара бұлт үйірілгендей ауыр, тұншыға, түнере қабылдады. Жайсыз хабарды естігенде ашу қысып, қатты ашынған біреу «сонда біздің алды-артымызға ағаш тығып, бітеп қоя ма екен?» деп мырс етіпті. Кешікпей сол сөз құйын қуғандай құйғып, жылдам тарап кетті сыбыр баққан жарғақ құлақтарға. Сыбысқа арқау болған іс бірден жүзеге аспай, сан саққа өріп, жылдам өрістеді де, қарға аунаған түлкідей болып неше құбылды. Кәнігі тәсіл. Ақыры алып соқпай қоймайтын жымысқы амал. Сырын білгендіктен, тырс еткен жоқсың сен елден озып.
«Дәретхана мен суды ақы-пұлсыз өздері үйге кіргізіп береді екен» деп гуледі мазмұны бір өзгерген, жарқылы басымдау кейінгі жаңалық. Қарауындағы соңғы телім өрістерін тартып алғандай болған ыңғайсыз ісінің өтеуіне тағы… бұрын болған, бірақ, көптен бері қаңтарылып, тоқтап тұрған құбырдағы ыстық ағынды қайта қосып, сарқыратып ағызып бермек бопты қожайын және. Бұдан былай науамызға жылы су толып, қажет кезінде үстіден жаңбыр боп жауып, аядай айдында балық боп жүзеді екенбіз, кәдімгі қаладағы басқа үйлердегі секілді бақытты өмір басталады деп қағылды соны бір даңғаза дабыл алдыңғы қауесеттердің құйрығын баса бере. Біреулер оған тіс-тырнағымен қарсы болып, табанда шабуылға өтті. Ал сен… солай болатынына еш күмәнданбай жылы орныңда жымиып отыра бердің. Осында болған біраз жылдың мұғдарында мұндағы көрінбейтін пәрменді биелеушінің жұмыс тәсіліне біршама қанық боп қалғандықтан, ашыққа шығармағаныңмен, есебіңді түгендеп, шотыңды қақтың да сарыла күттің ақырын. Жинаған тәжірибең негізінде хабары сан тарау боп тарағанмен қолға алынған шаруаның аяғы, соңғы есепте, алдынала көздеген меже маңында орын болатынына нық сеніп, артын бақтың. Алаөкпелене алға түсіп, аңқылдауға болмас еді, олай еткенде, қарап тұрып арандауың әбден мүмкін-ді.
Қарсылық танытушылар кешікпей жұдырықтай жұмылып іске кірісті. Жетекші, кейін белгілі болды, осы жердің ежелгі тұрғыны, алдыңғы неше ретке мүлік бөлісінде есесі кеткен, сол себепті өте ашулы, қайтпайтын қайсар, күрескер әйел екен. Болғызбаймыз депті. Кезінде несібесінен қағылған жалғыз ол ғана емес қой, артынан табандап еретін жақтаушылары да табыла кеткен жабыла ұрандап. Енді бәрі тізе қоса отырып жойқын шабуылға өтпек. Қалай дейсіз ғой. Ойлана келе, дәл осы тұста сөзі аса өтімді боп тұрған жүйрік журналисттерден біреуін табу керек деп шешіпті. Іздегенге – сұраған, ол да табыла кетеді тура іргелерінен. Әлекедей жаланған нағыз жалаңтөстің өзі боп шығады. Бірақ, өзі тікелей іске кірісе алмайды екен, себебі, жұмысы басқа бағытта. Бәлкім, өзін алдыға шығарып, ел көзіне түсіргісі келмейді. Бірақ, басқалардың қолымен көсеу ұстап, от көсейтін болып келіседі. Сол замат әлде кіммен қолма-қол хабарласады. «Жақсы, – дейді қарсы жақтағы адам бірден құлай жығылып. – Жұмысты мен өз бақылауыма аламын. Анау-мынау емес, біздікі қалалық әкімдіктің көз-құлағы, орган газет. Істі бастау үшін алдымен оннан артық адам қол қойған арыз керек. Еш ақысыз тексеріп, қоясын ақтарып, қолына ұстатамын. Заң тұрғысынан алғанда, олай істеуге ешкімнің құқы жоқ. Сухана мен дәретхана толығымен тұрғындарға ортақ мүлік».
Дереу қол жию басталады. Арыз қағазды көтеріп кеткен әлгі әйелдің сол күйі қарасы батады. Жоқ. Жер-көктен іздеп таппай қалады артындағы самсаған «қалың қол». «Өзіміз әрекет етейік» дейді басқа амал қалмаған журналист. Серкелерінен айрылып, аяқ асты жүні жығылған шуылдақ топ ойланып қалады. Ойлану емес, анығында, олардікі тұралаған дағдарыс еді. Себебін білгісі кеп қадала сұрағанда «Айжан деген өте айлалы сұм, қыламын деген ісін қылмай қоймайды. Заңына да, басқасына да жүйрік. Ештеңеге қарамайды, ешкімге тоқтамайды, Бір жерінен, әйтеуір, бір тесік тауып, кіріп кетеді, ал ұстап алсаң, бұлт етіп шығып кетеді. Жоғарыда отырған тамыр-танысы да көп. Қарсы келсек, босқа жексұрын боп, бірдеңеге ұрынамыз» дегенді көйтеді алдында тұрғандар. «Айтпады демеңдер, алдыңғы кісінің жоғалып кетуі тегін емес. Мен бірдеңені білсем, ертең-ақ оның Айжанның қасында сөзін сөйлеп, сойылын соғып, сайрап тұрғанын көресің» дегенді қосады соңынан. Қасындағылар үнсіз келісіп, бастарын изейді. Түрлерінен жер түбіндегі әлде бір сұмырайдың суық сұсынан қаймығып, жүрексініп тұрған жасырын сескеністері анық аңдалады. Сөйтіп, жаңа басталған әрекет сол арада пышақпен қиғандай тиылады. Алдыңғы арызға, қадалып тұрып алған соң, қайтесің, сен де қол қойып жіберген болатынсың амалсыз. Орта жолда үзілгеніне кәдімгідей қуандың. Өйткені, найза ұшының кімге барып тірелетінін жобамен болса да білетін едің. Екінші жағынан…
Арқаң кеңіп, жетісіп қалатын тағы бір себебің, алда жабылмақ сухана мен дәретхананың тазалығы сенің мойныңда еді ғой. Кісіні ығыр қылар лат қана емес, әжептәуір қол ұстайтын қиын жұмыс. Зіл салмағы иыққа ғана түссе мейлі ғой, ауырлықтың бәрі жиналып келіп намысқа тиіп, насырыңды қаситын! Онда да басқа біреулерден емес, өзің аса ұнатта бермейтін жабайылардан қалған батпан «тең» болса, кісіге одан сайын ауыр тиеді екен! Тіпті, көзапара масқара! Ал енді… иініңді көтертпей, еңсеңді езіп жүрген осы қорлықтан аз күнде құтылатын болсаң, неге қуанбасқа? Қалай жұбанбассың?
Бірақ, бір өкініштісі, не себеп болғанын, Айжан төбе көрсетпеді бұл жолы. Араға ай салып, тұрғындар арасында «қарамағындағы ПИК-ті басқа біреуге өткізіпті» деген сыбыс тарап еді, сол сөз шынға сайып, аяғы рас болып шықты. Біржола қоштасыпты шаруасы жалын боп шарпыған жатақханамен. Рауа болған екен дедің сен ішіңнен. Артынан шұбыртып сөз еріткенше, түбелікті қол үзгені оң болыпты. Енді іші-сырты бірдей таза, жарқыраған жақұттай пәк, жарқын өмір сүретін болды деп қуандың алыстан тілекші болып. Қанша дегенмен, ыстығы өткен, ықыласың кеткен адам ғой, бұдан былай жолдарыңның түйіспейтінін ойлап, ептеп қамықтың да.
Жоғалып кеткен күрескер әйелдің болашағын болжаған әлгі кісі көреген екен. Айтқаны келді. Төрт қабатты ғимараттың бір қабаттындағы сухана мен дәретхана соған тиіпті. Қалғаны түгел сатылған. Айжанның жолына көлденең тұрған соңғы тосқауылды дер кезінде байқап, шұғыл шара қолданып, тоқтау салған зор еңбегінің бодауына, әлде бұрыннан қалған бітпеген есептерінің ақырғы нүктесінің қойылуы, қайсысы екені білгісіз, ескіден қалған түйін әлгіндей боп тарқатылыпты. Өз аузынан емес, ұзын құлақтан естіді. Ақшаға айналған басқа үш қабаттағы жаңа бөлмелердің біреуінен түскен түсімнің өзі жатақханадағы барлық үйге су тартып, түзге отыратын үйшік салып беруге артығымен жетіпті. Қалғаны түгел тап-таза пайда ретінде қалтаға сүңгіген. Көк қағазға сындырып есептегенде, елу-алпыс мыңның айналасы. Құдай сәтін салғанда, күн тәртібіндегі басқа істер де жоспардағыдай болып рет-ретімен атқарылды.
Бірдеңе сұрап қала ма деп алаңдап жүрген сенің жүрегің сонда барып орнына түсті. Бүйіріңді түртіп, бүлкілдетіп баққан тағы бір уайымың да дәл өзің күткендей болмай, оңымен, сенің миятыңа жығылып, сәтімен шешілді. Оны, тіпті, былай жүрген жан баласы елеген де, ескерген де жоқ: ендігі кезде көлемі кәдімгідей тарылған (сухана мен әжетхана жоқ қой) тазалайтын жер үшін төлейтін ақшаны қысқартам деп ешкім келіп қиғылық салған жоқ, бәрі түп-түгел бұрынғы күйінде қалды. Білген адамға бұл дағы бір жеңіс еді.
Жарығы бар, жылы суы дайын, әуелгісінен әлдеқайда жеңілдей түскен ырғақты өмір жаңылмайтын өз екпінімен алға шапшып, алқынып кете берді. Сол қарқынын жоғалтпай ұзаққа шапты. Өтемақы төлейтін уақытта болмаса, дүниеде қуат деген сиқырлы нәрсе болатынын, оның кейде арнасы құрғап, тартылып қалатынын ел есінен шығара бастаған бір кезде… иә, осы бір тақау күндердің бірінде, міне, атың өшкір әлгі пәленің неше жылдан кейін қайта айналып соғып, кісінің зықын кетіріп отырғаны. Не болғанын, барша тірлікті қозғайтын көмескі күш кенет тоқтап, бірнеше аптадан бері қаңтарып қойды. Қарашық қамаған қараңғылықта қалып, қиын болды, тіпті.
Ал, Айжанмен… әлгі бір әкімдіктегі жүздесу ақырғы кездесу болыпты. Кейін мүлде төбе көрсетпей кетті. Жұртпен бет келуге жүзі шыдамады, әлде басқа бір себебі бар, әйтеуір, жатақхана маңына аттап баспады. Бұрын да жолап жүргені шамалы еді, соңғы кезде, тіпті, қарасы біржола батты. Оның жарқын ажарына тәнті болғаннан басқа, жалпы кісілік келбетіне, адамдық сипатына анық жіп таға алмады. Алаяқ дейін десе, тікелей жақсылығын көріп отырып, қалай аузы барсын ондайға, жазықтылар қатарына еш жатқыза алмады. Жібі түзу дейін десе, естіп-білгендері ондай байлам жасауға көпе-көрнеу тосқауыл болып, қолын байлады. Сосын ақыры, көзқарасын толық түйіндей алмай, үнсіз қалды. Өзі тұманданып тұрған санасы одан сайын ылайланып, ол туралы пікірі, соңғы есепте, нақты бір тоқтамға келіп, айқындалған жоқ. Қалай болғанда да, оның бүгінгі бұлыңғырлау кейпі өзіне соншама қанық, ет пен терідей жақын, тым етене даңқты кеңес адамдарының нұрлы бейнесіне сәйкес келмейтіні анық еді. Тіпті, маңайламайтын. Ал сонда оның кім болғаны? Білмеді. Сол… бір қабат тұман ішінен көрінгендей, күңгірт күйінде бірте-бірте алыстай берді арайлы асыл мүсін. Бәлкім, көп жылдардан кейін өсіп-жетілетін, жоқ, қайдағы көп жыл… дәл қазірдің өзінде, тіпті, әлдақашан есейіп, ержетіп, бүгінгі күннің бұрқ-сарқ қайнаған қызу тіршілішіне белсене, бел шеше, қоян-қолтық араласып кеткен сырты мен іші бірдей жылтыр жаңа заман адамдарының көркем кескіні осындай болатын шығар, кім біліпті. Нақты бір тұжырымға табан тіреп, тиянақтай алмады. Тағы сол бұлыңғыр, бұлдыр қалпында қала берді таныс, біліс, сүйікті өң.
Құдды дәл қазір көз алдында бұлдырай көрініп тұрған ұзын дәліздің ұзына бойы секілді. Шынтуайтында, әнтек шаңытып, көлкеш мұнар ішінде қалғандай көмескілене мұнартқан айнала маңы ғана емес, біраз жылдың алдында аспандағы «алтын күні» сөніп, адамзат баласы тас қараңғыда қалғалы бері барлығы… бүкіл әлем түсініксіз бір тұңғиық құшағына сүңгіп, батып кетті ғой! Әне, содан бері… әлі күнге сол мәңгі айықпас соқыр тұман аясында малтығып, шығар жол таппай адасып жүр. Тым қарақұрықтанып кеткен әлем содан қайтып жарқырап, шүлен шұғылаға мандып бір малына алмады. Самала сәулелер жамыраған ашық кеңістікке шығып, шексіз шуаққа шомылып, айызын бір қандырған жоқ. Түнек торлаған сол түпсіз кеуекте мігірсіз маңып келеді. Ал мына қарауытқан жатақхананың қалтарыста қалған аядай қуысы соның кішірейген бір көрінісі, үзігі, ажырамас пұшпағы тәрізді… Жоқ, бір бөлшегі емес, дәл сол құрдымның өзі болуы да мүмкін. Сондай бір сезік білінген… кеше, бүгін емес, осыдан біраз күн ілгері. Басында не болғанын өзі де пайымдай алмай қалды. Қараңғыда қамалып отыра берген адамды, сірә, сондай бір шетін сезім иектейді, қашан түсіп кеткені білгісіз, қайдағы бір терең шыңыраудың түбінде үйелеп, мәңіріп жатқандай сезінді өзін. Бұрынғы түнек түнек пе, түк көрсетпес қалың пердесі одан сайын қаттала, қабаттала түскен беймәлім ортаға – адам түсіне алмас сондай бір жат әлемге тап болып, ғазіз басы маталып, байланып қалғандай сонда! Бір ғажабы, тыныстайтын ауасы, қажет деп тапса, қол-аяқ көсілтетін кеңістігі бар, әйреуір. Бірақ, қаншаға жететін ені, нешеге созылатын ұзындығы бары белгісіз. Әзірге қысылғаннан, қымтырылғаннан аулақ. Дем сығып, тұншыққаннан да аман. Бар гәп өзін жер бетінен тым алыс сезінген, айналасын жан ұшыра жатырқаған тым жиіркенішті сезімде еді. Ит байласа тұрмайтын ығыр маңнан қайткен күнде де құтылуға бүкіл ынтасымен бейіл болатын. Бірақ, қыларға айла кәне! Қанша тызақтаса да түк бітіре алмай, тізгінін тартып, талыға күтуге мәжбүр-ді.
Қиындыққа тап болғанда сансырап, ақылын шашып алмаған пенденің амалы таусылғанмен, сабыры сарқылмайды екен, тісін тісіне басып, ақырын бағып, түбін күтті. Ілгері мұндайды кім көрген, аздан соң үрей не мазасыздық екені мәлімсіз, бойы қатты ысып, терши бастады… сондай бір белгі білінді.
Жылан көрген кірпідей жиырылып, жиналып алғаны қандай жақсы болған, бір сәттен кейін – тағаты әбден кеміп, төзімі қожырай бастаған бір кезде сұмдық қорқыныштан безіп кетейін деп тұрған жанын қармап, кеудесінде ұстап қалды. Әлгінде бір жүрегі тас төбесіне шыға шошығанда «көрер жарығым таусылып, тамұққа құладым ба» деп, қойын-қонышын бір сұрқай күдік кеулеп еді. Бақса, ондан аман екен. Кісі қиялындай жүйрік нәрсе болсашы, не екенін өзі де ұқпайтын, оқыған кітабынан, әлде естіген әңгімелерінен, қашан екені белгісіз, сондай бір сұмдық… түбі жоқ құрдым болатыны, онда адамдардың тіршілікте істеген күнәлары таразыға тартылып, жасаған қылмысының ауыр-жеңілдігіне қарай жаза кесіліп, тиесілі қабаттарға орналасатыны санасына кіріп алыпты да, бір түкпірде бұғынып жатыпты… сөйтіп бұғып алған әлгі пәле шыбыны шырқырап мұрнына тақалған мына тұста тік қарғып, қаперіне ұрылып, алқымына жармасыпты. Қола кеңірдегін оңдырмай бір қысып алып, жағдайдың өзгеруіне байланысты, қауқары кеміп, шеңбектеген шеңгелін босата беріпті. Дегенмен, ақыл аударғандай зәрлі сесі жер түбінен сезіліп, жұртына тастап кеткен суық сұсы бойын құрсап, талайға дейін бүрмендеп, жібермей тұрды. Ең бастысы, өзі күткен жай болмай қалған-ды, соған қуанды. Өйткені, ол арғы дүниенің еншісіндегі… сол жақта өтетін өткелек қой. Беті аулақ екен. Іле белгісіз бір түйсігімен табы қайта бастағанмен, қоз астында көміліп, маздап жатқан тірлік шоғының әлі сөнбегенін сезді. Есі екеу, түсі төртеу боп сансырағанымен, кеудесіндегі жан сол орнында екен. Демек, тірі болғаны… пәни дүниенің қайбір жерінде жүріпті меңдуана жеген жаман түйедей мәңіріп. Ес тапқаны сол, бар екеніне шүкіршілік етіп, босап бара жатқан арқауын шұғыл ширатып, қайта тіктелді. Дегенмен, қандай ахуалға тап келгені әлі беймәлім еді. Түсініксіз, ұғынықсыз болатын.
Аздан соң маңайы мамыражай қалыпқа енгенін шамалады. Жым-жырт. Мүлгіген өлі үнсіздік. Уақыт ұзара келе аңдады, әлгіндегі бейтарап, мағынасыз, тілін жұтқан тылсым сәт болар деп күткен сұмдығы болмай қалғандағы көңіл аулаған, алдамшы жайлылық екен. Арада аз өткенде, құлаққа ұрған танадай тынып қалған меңіреу мылқаулықтан ығыры шығып, тұра қашуға тағы да дайын болды. Бірақ қайда? Өзінің қайда екенін білмей тұрып қайда зытпақ,? Сол тұсады аяғын тобанаяқ қылып. Жойдасыз жағдай жолын кесті. Кезекті рет талықсып кетіп, артынша ақыл жиып, сарылып соңын күтті.
Әлден уақыттан кейін сонау бір көз ұшынан әлдене жылт көрініп, шайтан отындай өшіп-жанып, жымың қақты. Бірде жақындап, бірде алыстаған тиянақсыз ұшқын не біржола сөніп қалмай, не күшейіп, отқа айналмай, жылыстай көшіп жүрді жүрді де, аздан соң қазығын тапқандай бекем байланып, бір орында қалтылдап тұрып қалды. Білтесінің ұшы қиылып, боғынан тазарғандай шамалы жарық тартып, бірте-бірте жандынып, таяп келе жатты. Ұлғайған, өрістеген сәуле жан-жаққа жайыла жамырып, құлаш жетер жерді өзінің қылаң нұрына бөледі. Кешікпей сол бозамық сағымды кешіп өтті ме, аттап өтті ме, білмеді, бері қарай озған әлдекімнің сидиған қос сирағының көлеңкесі кезек алмасып, жіті қадаммен жақындай түсті. Артынша тық-тық басқан өкше тықыры да естіліп, тақала берді. Тық, тық… тық, тық!.. Андай жерге жеткенде әнтек іркілді. Үдірейе ошарылып, үркектей бөгелді. Азкемнен соң тәуекелге мінгендей қайта қозғалып, ілгері басты.
Манағы бір бөрте мұнар артта қалыпты. Сонадайда көлкілдеп бозара шаңытады. Көлеңке түсіріп жарытпағанмен, алыстаған кісінің тізеден төменгі балақ тұсын көруге артығымен жетердей. Соның көмегімен барлап, кірпік қақпай бақыланған бейтаныс қонақ әбден тақала бере, табанын бір жарқ еткізіп, басынан аттап өтті. Жасқана бұғып, еңкейіп қалып, ізінше қайта түзелді. Әлгі жан артқа кеткендіктен болар, енді ешкімнің қарасын көре алмай, жер сипап қалды.
Арада көп өткен жоқ, қайшыласа сабылған қалың адамның арасында, түкке түсінбей тосылып, аңтарылып тұрған жерінен өзін тапты. Үлкен алаңның ортасы секілді, мереке күні болар деді, сел болып ағылған бұқара-халық ана тараптан мына тарыпқа сеңдей соғылысып өтіп жатыр, өтіп жатыр. Қайда баратындары мәлімсіз, бағыттары әр жақ. Кенет есін жиып, тани қойды: өзінің бұрынғы отандастары, осы қаланың байырғы тұрғындары. Бірақ, қотарыла көшіп қайда бет алғандары белгісіз, бірін-бірі білмей, тасыған судай толассыз жөңкілуде. Мағынасыз сапырылыстарының жуық арда саябыр табар түрі көрінбейді. Керісінше, сәт сайын саны артып, молая түскендей. Бір демнен кейін ешкім айтпай бәрі мәлім болды, шұбырынды боп жосылған пенделер шуақты күнінен айрылып, қараң қалған әлемнің түнек аясынан бір уыс сәуле іздеп, шарқ ұрып жүрген пақырлар екен. Аш, арық, талайдан бері нәр татпаған ашынған босқындар. Өзім де солардың бірімін ғой деп ойлағаны сол, жер бетінен енді табылмас әлдебір асылды аңсап, көмейіне ал келіп өксік тығылсын. Өрекпи лекіп, өңеші түйілді. Неше қайтара ықылық атып барып өзін әрең тежеді. Көптің бәріне ортақ осы міскін халін мүсіркеп, жартыкеш жағдайын еске алғаны жаңа, пәни жалғандағы тамұққа бергісіз тұйықтағы өзінің қалтыраған суық сүлдерімен қауышты. Тірі екен. Бөксе басқан жерінен әлі қозғалмапты. Бірақ арқасын артындағы қабырғаға тіреп, жабысып алыпты. Аздың алдындағы ақыл-естен айырып, жұтып қойған жалмауыз оппаның не екенін ажырата алмай дал болды. Талып қалдым дейін десе, ауытқымай, аумай, қазық боп қадалған орнында әлі отырыпты, ал саумын дейін десе, қайда барып келмеді соның арасында өлі мен тірілер шегіндегі бұлыңғыр аумақты шарлап. Аң-таң! Тұйықсыз соғып өткен соқтықпалы халін шамалағаны сол, басына келіп байырқалаған қиын жайының мүлде ауыспағанын пайымдады. Баяғы қараңғылық бәз қалпы екен. Іш пен сырт қойындаса тоғысқан шәлкемшалыс күй енді қайта ажырамас болып кіріге ұстасқандай.
Иә, қақырай ашылған жер жарығына түсіп, біржола өшіп тынбаған болса, келер-ау бір жарық деген әлгі жарымаған немесі! Арайлы таң да бір атар, көбесі көктей сөгіліп! Бірақ… бірақ, одан не пайды… не қайыр? Келуін келгенмен, аспан асты, бәрі бір, баяғыдай жарқырап, нұрға бөленбейді ғой. Адамдар алдағы уақытта оң-солын, күңгей-теріскейін тани алмаған, баратын жері де білгісіз, баянсызға кеме салған бағдарсыз теңізшідей, сол жарықтың өзінде жүріп те адасып, лаға бере ме, кім біліпті?! Айқын, анық сілтенген айнымас бағыт жоқ қой, өйткені. Ал, адаспаса, лақпаса, мынау не… саулаған шүлен шұғыла астында жол таба алмай, тентіреп келіп тірелген тығырық? Басқаша қалай атауға болды мұны… немен сипаттау ләзім? Шамасы, адамдардың осы адасқаны – адасқан. Өйткені, ана… әлгі… не жоқ қой, ана… не еді… жоқ, болды, құрысыншы бәрі… қайтем соны, ол енді жоқ қой, бәрібір… жоқ дүниеге басымды қатырып кайтем…
Жоқты ойлап, болмас іске бас қатырғың келмеді. «Ми қажап, жүйке тоздырғаннан бірдеңе шықса, осы уаққа дейін шығар еді ғой? Одан да ертеңгі күнім не болады, соны ойлайын» деп шештің ақыры.
Жанарың үйреніп, жандүниең бейімделгендіктен бе, сонадайдағы бозамық нұр аздың алдындағыдан сәл молайып, алакөлеңке тартқан еден шамалы қылаңдап қалыпты. Баспалдақ маңы кәдімгідей айқындалып, ақсағалданған. Аз болмаса, бері жылжып, көлеңкелерді іргеге тықсырып, орнына өзінің тоқ бөрте бояуын жаққандай. Толық күш алып, еркін жамырай алмай жатқанына қарамай, өзі өте өміршең, қайтпас қайсарлықтың тебінін танытып, тегеуірінін көрсетеді. Соған қарағанда, сыртта күн шыққан болу керек.
Неше күннен бергі торлаған тұман сейіліп, аспан астын шашылып шуақ сүйгенін білді. Бірақ, одан не қайыр? Шаңқай түсте шақырайған ол шалқар әлемнен не іздемек? Іздейтіндер іздей берсін, қарсылық жоқ. Ал өзі… одан ештеңе дәметпейді, дәнеңе күтпейді. Өйткені, түк таппасын жақсы біледі. Себебі, адам ретінде несібесі осы қараңғы қамаған аядай аралыққа шашылған. Соны теріп жеп, тағы біраз жыл өмір сүрсе, жетеді, соған қанағат. Бұйырмаған және бірдеңелерге талпынып, сағым қуып, енді қартайған шығында таңы айырылып, жолда қалар жайы жоқ. Өткен күндерде өзелене ұмтылып, үзіле тентірегені жетеді. Тапқаны кәне содан? Неге ие болды? Сымбылбайдың сирағы да жоқ. Ақыры айналып келіп, қалқаға қамалып, қалтарыстан ырыздық емді. Енді отырған отырысы мынау, түңліксіз түнектің түкпірінде жынмен сырласып, шайтанмен сыбырласып! Тілдесетін жан-пенде қалмады қасында. Демек, ештеңенің керегі жоқ. Тек… беті келмеске бұрылғанда, жүзін жасыратын біреу табылса болды, жетеді сол. Дегенмен, оған әлі бар. Ертең-бүрсүгіні емес… кейін. Кетейін деп жатқан өзі де жоқ, денсаулығы жақсы, қол-аяғы қимылға келеді… әзірше өстіп, қыбырлап жүре тұрса… соңғысының тағы бір жөні болар…

IV

Қамалып отыра алмай бүгін де ілбіп сыртқа шыққан. Сырт болғанда есіктің көзі ғой баяғы – қарға адым жердегі қараңғы дәліз. Талайдан бермен жазбас дағдысына айналған міндетті жұмысын атқарып тастамақ боп аяғына тұрған еді, онысының шамалы жеңілтектік болғанын артынан аңдады. Бұл ұмытшақтық деген қырсықты қойсаңшы, таяуда кеп жабысқан сол құрғыр түптің түбі басын жеп тынбаса жарады.
Табалдырықтан аттаған замат тақыр еденге табан тіреген. Артынша қос қабырғаның ортасындағы үңірейген ашық аралыққа қарашық қадады. Сонда ғана келіп санасына мұнда біраздан бері жарық жоғы, тіпті, талай күннен бермен тышқаққа қас қылғандай қасарысып келмей жатқаны ұрылды. Маңдайдан біреу періп кеткендей ошарыла тоқтады. Жоқ, электр қуатының маңайды нұрға бөлеп, төбеден саулап тұрмағанына емес, жадының, еске сақтау қабілетінің соншама әлсіреп, тозып кеткеніне. Болған істі жарты күнге жетпей ұмытып қалатындай не көрінді сонша? Бүтін сияқты еді ғой. «Сірә, көп ойланып, ұзақ толғанғанның салдары… қояйыншы осы күндіз-түні салынып сағым қуғанды! Содан бірдеңе шықса, шығар еді ғой осы уаққа дейін. Ащы ішекше созылып, өзі аз миымды жеп бітетін болды».
Білек сыбанып шыққан шаруасын бірден бастап кетпегенімен, ішке қайта кіруге жеткілікті себеп те таппай, тұрған жерінде байланып, қалып қойды. Шамалыдан соң жартылай ашық есікті жауып, өкшесімен жер сызып кері шегінді. Талайдан бері мызғымас боп орныққан артындағы кішкене орындыққа жетіп, бөксе басты. Бос отырған кісі не істемейді? Әуелі ерігіп, көзін түнекке сүңгітіп, кеуек кеңістіңті аямай тінткіледі. Әр ненің басын бір шалып, қыдырта шолды. Сергімейтін, серпілмейтін сол бұрынғы мыс басқан қасат қараңғылық. Қамалаған ол құрғыр да қай-қайдағыны еске түсіріп, онсыз да қиян құмар қиялды қаңғытып жіберетін қоздырғы емес пе, кешікпей зіл тартқан бойын әлгінде әкеп шөгерген жерінде қалдырды да, өзі… алып ұшқан асық аңсары, әлде басқа бір сиқыр, тік көтеріп әуеге қалқытты да, соның жетегіне еріп, алыстарға самғап кете берді.
Сірә, құсқа айналып қанат қақты… ашық тұрған терезе көзінен сып беріп сыртқа шықты да, алдымен төңіректі түгендей бір шолып өтіп, сонан соң шу қарақұйрық деп шалғайды бетке алып көсіле бір топшы сермеді. Кеудесін желге тосып, ауылға қарай маңдай түзеді. Көп жыл көрмеген бір кездегі қораш қонысқа әлдеқалай саңы ауған екен, ырқына көніп, еркіне бақты. Соншалық бір жалындаған махаббаты болмағанмен, қанша дегенмен, балалық шағының ұмытылмас бір бөлшегі қалған сүйікті орта ғой. Қарқынына қарқын қосып, құмарлана құйғытты… Міне, демнің арасы болған жоқ, сағындырған сабат мекеннің шетіне де ілінді. Жылдамдықтың бұл түрін не деп атаса екен, межелі маңға соншама тез жетіп келгеніне өзі де қайран болып, таңғалды.
Бәрі орнында екен. Анау ортадағы оқшау үй, маңдай тұсына желбіреген қызыл ту ілініп, аумағы қоршалған ауқымды жай – мектеп. Өзі оқыған таныс аула. Еш жері өзгермеген. Бірақ, неге екенін, қыбырлаған жан иесі көрінбейді. Сірә, жазғы демалыс кезі, жан біткен тыным тауып, үйінде жатыр. Сыныбының есігінен кіріп, терезесінен шықты да, одан ары тік көтеріліп, ескі жұрттарына қарай бет алды. Міне, мынау баяғыда өздері отырған жұпыны үй. Іргесі жерге кіріп, шөгіп кеткен жатаған там. Бұлар көшкен соң, ешкім келіп кірмеген, қарамаған сияқты, одан сайын жүдеу тартып, бұйыға түсіпті. Төңерегі тым-тырыс. Ием келді деп селт еткен жоқ. Самырқау, салқын, сүлесоқ қалыпта немкетті қарсы алды. Маңайын бір айналып шықты да, енді қайда барарын білмей әнтек қаңтарылды. Шамалы іркіліп, әуеге ілініп, даладағы бозторғай құсап бір сәт далбыр қақты.
Неге екенін, анасы осы ауылды ұнатпайтын. Біраз жыл қоныс етіп, тұрғанына қарамай, есіне де, аузына да алмайтын. «Барайық» деп бір ықылас аударып, ынта білдіргені жадында қалмапты. Неге? Белгісіз. Қысқасы, шешесінің өзіне ғана мәлім бір мәңгілік жұмбақ бар. Шешілмеген күйі бірге кетті. Бірнеше рет білмекке талпынып, айналдырып көріп еді, сірә, аса бір аянатын жері болар, тік шапшып, айқұлақтана осқырынбағанмен, салған жерден түлкі бұлаңға салып, ізін бастырмай, адастырып кетті. Содан кейін бұл тақырыпта әңгіме қозғамайтын болды. Тереңіне бүккен ішкі сырын сол жабық, құлпы басылған құпия қалпында өзімен ілестіріп ала кетті ана дүниеге.
Алаңсыз асыр сап мұнда жүргенде көп нәрсенің байыбына бармайтын бала болды ғой, албырттығы тағы бар, өз жобасымен, туыстарымыздың, не нағашыларымның, бәрі болмаса да, біразы осында ірге бекіткен деп ойлайтын. Соларды қара тартып келген ғой, әйтпесе, ешбір ілігі жоқ қаймана жұртқа ат басын бұрып несі бар деп, алдыңғы байламын одан сайын бекіте түсті кейін. Сол қисынға нанып, иланып алғандікі болар, соңыра кімнің кім екенін басын ашып сұрап, аражігін ажырата тектемей, үздіксіз алға шапшыған өмір ағысына еріп, ілгері озып кете беріпті. Енді ойласа, онысы аңқаулық та, алаңғасарлық емес, үлгі, өнеге жемісі екен: еркек тұрмаған үйде қазақтардың баласының тілі шыққаннан бал таңдайына, сол арқылы көкейіне тамшылатып құя берітін ата тек, әулет, тұқым қуған туыстық жайы көп қуыстырылмапты, тіпті, о тарапта ешбір сөз қозғалмаған. Содан барып маңайдағы жұрт өзіне алыс та емес, жақын да емес, жай ғана таныс, ары кеткенде, қиналғанда қол ұшын беретін қайырымды ауылдас, қомқор көрші ретінде ғана қабылданып, санасында сол бейнеде сақталып қалыпты. Енді байыптаса, солай болыпты.
Рас, мұндай ой қаперіне әлі келмеген кезде, сәл есейген шағында қалаға келген соң анасының артта қалған ел жайында, сол араға кіндігі байланған туыс, тамыры терең нағашылары төңірегінде жұмған ауын ашпайтынын аңдап, таң қалса да, ағайын арасында бола беретін өкпе-реніштің әлі тарқамаған салқыны деп, аса мән бермепті. Тек бертінгі бір жылдары, оқуын таусып, қоғамдық жұмысқа енді араласа бастаған бір тұста анасы қатты ауырып, төсек тартып жатып қалғанда, өзі шаруа басты болып, қарайтын кісі қажет болғанда, ауылдағы жақындарыңның бірін алдырайық дегенде ғана, «Қайдағы туыс… мен онда жұрт көзінен тасалану үшін барғанмын» деді бұл тараптағы әңгімені түбегейлі үзіп. Тілін жұтып қала берді айран-асыр болып. Жер жүзінің әйтеуір бір бұрышында қарайласып жарытпаса да, жан тартар бір жанашырымыз бар ғой деген пікірінің быт-шыты шығып, күл-талқан болғанына емес, шешесінің онда, әлгі талай жыл тұрған алыстағы елді мекенге неге барғанына, рас, «біреулерден тасаланып» деді ғой, сонда олардан не үшін жалтарып, қандай сұғанақ көздерге түсіп қалудан қорқып, тұра қашып, қиыр жайлап, шет қонған түсініксіз ахуалын ұға алмағаннан тосылып, дал-дұлы шығып еді. Демек, қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман орнаған кеңес уақытының өзінде де сондай бір біреуден біреу безгелдек боп безіп, із жасыра қашқан, қашыққа бой тасалап, жүз көлегейлеген шетін жәйттер болған екен ғой… қызықтың әкесі осы емес пе?
Осы жайларды ойша бір шолып өткені сол… оқыс тіксініп, денесі түршікті. Аспан астында ешбір жақынсыз, сүйенішсіз сопайып жалғыз қалғанына емес, туған шешесінің қара басы ғана қалқиған тұлдыр жетім… жоқ, қайдағы жетім, өмірлік қосағы жоқ жарсыз жесір, қу тізесін құшақтаған Құдай атқан кәрі қыз боп шыққанына. «Сонда сенің әке-шешең, өңге туыстарың жоқ па?» деп сұрайын деп оқталып еді, әлде шын, әлде өтірік, сол замат сырқатының қатты ұстап қалып, дәнеңенің жіп ұшын бермей, жалғанатын жіптік ұстатпай жалтарып кеткені. Кейін де ештеңені құтқуырлап, жоқты құзғындатуға ыңғайлы орай табылмады. Ұзамай қайтыс болды да, соңынан үн салып іздеген ешкімі болмай, жалғыз қызының аса ұзаққа созылмаған құрғақ өксігімен ғана аттанып кете барды. Соңғы бақылдасудың барлық жұмысын «жерлеу бюросы» атқарды. Оның болғанына да шүкір, әйтпесе, бас-көз болар естияр жақыны жоқ, әбден қиналғандай екен!
«Сонда менің туыстарым кім… олар қайда? Менде аса көп жақын-жуық болмағанмен, өмірге әкелген әкемнің біреулері болуға тиіс қой?» деген түйткілді арқалап от басында қала бердің сен жалғыз сопайып. Содан былай жүрегіңе тікеннің ұшы боп тиетін өткір сауалдар күрт көбейіп кетті. Жауабы жоқ нәрседе тиянақ та болмайтын сияқты, ұзамай олар есіңнен шығып, жадыңнан өшіп, сол күйі қарасын батырыпты. Тек енді… қашықтағы тұйыққа тірелген мына жағдайдан соң… аспан кезіп, алысты қыдырып жүрген сандалбай шағыңда ғана солардың бір ұшқыны санаңда қайта жылт етіп, ештеңені байыптауға үлгертпей, жел үрлеген білте шамдай жалп етіп, едел-жедел сөне берді. Іс жайы бұлай болғанда, қаңғырып тағы қайда барғандайсың? Ешқайда бұрылмай, тіке неге қарай тарттың сен… әлгі неге қарай…
Иә, сен ештеңеге қарамай, ешкімге назар салмай ауылдың желке тұсындағы бір кезде үлкен әскери бөлім ірге тепкен оқшау тұйықты бетке алып қалықтап кете бардың. Ол маң да тып-тыныш екен. Қазір адам тұрмайтын секілді. Қатар-қатар салынған ұзын-ұзын жатаған үйлер, аралықтағы жаттығу алаңдары, ығы-жығы машық құралдары, үстіне неше қайтара ілмекті темір сымдар тартылған бойшаң бетон қоршаулар… бәрі-бәрі қаңырап бос жатыр. Ал мұндай тоны тозған, заманы озған қораш ортада баяғы балғын жігіт қайдан жүрсін? Жоқ еді. Бірақ, бәрібір, аз жыл болса да тағдыр жазып тұрақтаған жері емес пе, бір түрлі ыстық сезіледі екен… бір бұрыштан жарқ етіп шыға келердей сезіліп, тыншымас көңілі талмай елеңдеп, елегізумен болды.
Аздан соң бетін қайта төмен салды. Қанша дегенмен, ес біліп, етек жапқанша мекен еткен тұрағы ғой, төңірегін айналдыра орап жатқан дөң-жоталармен қоса, күллі таныс алапты кеудесімен омыраулай сүзіп, аралап өтті. Бөтегесі жер соғардай төмендеп, қанатының суылын естірте, қауырсын ұшымен аялай сипап, түгендеп шықты. Одан қайта кері бұрылып, қалаға қарай тартты.
Жоғары оқу орны. Ашық қалған терезе көзінен еніп, дәріс тыңдаған ат шаптырым аудиторияларды, далиған кең сыныптарды жоғалтқан бірдеңесін іздегендей бірін қалдырмай армансыз тінткіледі. Үздік оқып еді. Одан да маңыздысы, топтағы қоғамдық жұмыстарға белсенді, елпек студенттердің бірі болды. Сол озат, озық қасиетін алыстан таныған көреген комсомол ұйымы бірден ішке тартып, коммунизм істерінің келешек ізбасары ретінде жан сала баулыды. Сен де аянып қалған жоқсың, бойыңдағы барды түгел сарқып, сауып бердің. Жетекшілеріңе жақын жүріп, жақсы сәйкесіп, беріле жұмыс істедің. Сол негізде, өзіңнің нағыз, шын мәніндегі коммунизм жауынгері екеніңді көп өтпей-ақ дәлелдеп шықтың. Соның арқасында, өзің секілді өрімдей жастар босқа қор болып, қараңғы қазақ даласының түкпір-түкпіріне бытырай тарап кетіп жатқанда, жалғыз жарылып, топтан озған үздік маман ретінде таңдалып, сол тұстағы дәурені жүріп тұрған үздік өндіріс орындарының біріне жолдама алып, қалада қалдың. Бақыттан басың айналып, көтеріліп кете жаздадың. Өйтпегенде-ше! Қатарластарыңды, сырттай білдірмегенмен, іштей биттерін салып қара таласқан бесекелестеріңді артқа тастап, шаң қаптырып кеткенің өз алдына, алып шаһардағы дабысы алысқа кеткен құрылыс компаниясында шыңдалып, коммунизм істерінің тез қарқынмен алға басуына басқалардан артық, мол үлес қосатын мүмкіндік туып жатса, қалай ғана мақтанбассың, неге шаттанбассың?! Қуаныштан есің кетіп, өліп-талып шалқыдың!
Өндіріс орны жаңа келген жас екпіндіні жылы қабылдап, ілгері алған теориялық білімін нақты іс жүзінде толықтырып, молықтара түсуіне, ұшталып, өткірленуіне, жетіліп, жебелуіне әкелік қамқорлық жасап, еңбектің ең қайнаған жері – құрылыс метериалдарын өндіретін, тау-тау құм, тонна-тонна цемент жұтып, тақта-тақта қабырға, құлаш-құлаш арқалық шығаратын, басқа да сан алуан бетон құймалар құятын, ат шаптырым алқапты алып, қайнап жатқан алапат цех-қа тізгін ұшы бағыттап жіберді. Бір жақсысы, онда да комсомол ұйымы бар екен. Бірден соның тізгінін ұстатты. Жұмысты жаман істемеген болу керек, еңбектің домна пешіне түспей-ақ, ақ саусақ, балғын білек, қып-қызыл шикі қалпында біршама уақыттан кейін… алты-жеті айдан соң әкімшілік маңына тартылып, өрге қарай өрмелеп, өсу жолына түсті. Арада жыл аунамай ашыққа шықты, оған өзі кейін тікелей бағынышты болған басшысының көзіне түсіп, назарын аударғаны себеп болыпты. Алдында жұмыстағы шөгелдігім, тиянақтылығым даралап көрсеткен шығар деп ойлап еді, көп өтпей жетекшісінің кеңсесіне жиі шақырғыштай беретін шетін әдетінен өзінің өң-түстен де құр алақан емес екенін аңдады. Заты әйел пенде ретінде бұл жайды түк жек көрген жоқ. Шаруа қажетімен шапқылап жүріп, еркек жайын ұмытқан екен, сол керекті нәрсені алғаш рет мейірімді де қамқор сақа меңгерушісі есіне салды есіркеп. Сұмдық қуанып кетпегенмен, аса тыжырынып, қыңырая да қойған жоқ. Қайтесің енді, жас деген құрғыр да күте тұрмайды ғой адамды. Әне-міне дегенше болмай майда жастың бәрінің басына су құйып, бір қараса, отыз деген оқшау ортаға қарай үдіре көшіпті. Одан қалды, әкімшілік аталатын жұмысы таусылмайтын қарбалас маң еркек кіндіктіден басшылар мен оның жүргізушілерін қоспағанда, бірен-саран кәрі-құртаң күзетші, жұмысшы болмаса, бір ыңғай шүйке бастар өріп жүретін жер екен. Қайдан таңдау болсын ондай мүмкіндігі аз, орайы кем арал текті арада. Барымен базар деп, бұйырғанына шүкіршілік етті. Сонысы өте дұрыс болыпты да, егер олай болмағанда, мәңгілікке өкініште қалып, бұл әлемде жер бетінің қай қиырынан шам алып іздесең де таба алмайтын құшақ ләззаты деген тәтті нәрсе болатынын мүлде білмей, кісі баласына тән жан рахатынан ада-күде мақұрым қалғандай екен…
Кешікпей самғап ұшып, бұл күнде жұртында жұрнағы ғана қалған, ұзын мойын крандары төбесі көкке жете сорайып, қармағына іліп алған затын көтерген күйі тоқтап қалған, тоқтаған замат жарандардың жадынан шығып, содан бері жан баласы тимеген иесіз цехтың орнына келді. Көптен бері маңайына жан жуымай, әбден тозған, тот басқан темірлері тау-тау боп үйіліп, төңірегіне сондай бір жағымсыз иіс таратқан алып алаңның үстінен қалқып өтіп, қос қапталдағы қабырғалары болмаса, кірер-шығар екі тарабы толықтай ашық, зәулім павильонның ішіне енді. Іле қалықтай ұшып қайта шықты.
Енді құйындатып қайда барса екен? Одан кейінгі өмірі әлгі жатақханамен байланысты болды ғой, біраз уақыт сонымен біте қайнасып, құшақтаса өрілді. Бірдеңеден құр қалғандай екпіндете құйғытып солай қарай тартты кешікпей. Екі өкпесін қолына алып ұшып жетсе, жатақхананың өзі білетін әуелгі тұрқы жоқ, орнында әбден көнеріп біткен, иінінен су кеткен ескі қаңқасы ғана қалыпты. Құлап қалуға таяп, иығынан дем алып, қалтырап әрең тұр. Көрген сәтте есіне өзі түсті. Кәдімгі өзі. Бағана сытылып шыққан терезенің жел көзінен қайта сып беріп ішке кірді де, тас қараңғы түнекпен бетпе-бет келіп, шамалы іркілді. Әлден уақыттан кейін бұрнағы орнында, кішкене орындықтың үстінде, алдындағы ұзын дәліз – үрейлі үңгірге телміре қарап, тесіліп отырған өзін көрді. Айтарға болмаса, жүдеп, жадап-ақ кеткен екен байқұс. Әбден қажып, қартайған секілді. Көз алдындағы томпақ еттің маңы домбығып, ісініп кетіпті. Сораның сорабы болар деді, суағардан төмен тартылып бірнеше жолақ тік сызық ылдиға қарай ағып түсіпті.
Қарап тұрып аяп кетті. Адамның өзін өзі сыртынан көргені қиын екен. Негізі, қызық болуға тиіс жай, күнде кездесіп жүрген жоқсың ғой өйткені. Бұйрық осылай болса, қайтесің енді, мүсіркей көз салып, қиыла қарап аз тұрдың. Аздан соң орныңнан қозғала бергенің сол еді, қыран құстай қалықтап келген өзің… қиялың, әлде аңсарың, шыбын жаның болуы да мүмкін, сып беріп ішіңе – қуыс кеудеңе ендің де, жылы ұяңды қайта тауып, тас болып орнығып алдың. Сөйтіп, қайыра тоғысып, қауыша біріктің біраздан бері ажырап қалған арса-арса қаңқаңмен. Сөйтсең, бұл қызықты көріңіз енді, әлгі бір қараңғы кеуекте әлі отырыпсың қамалып. Әлгінде бөлініп шыққан бір бөлігің қайтып келіп ұшқасқан соң, толық адам ретінде бәрі айқындалып, санаң тұнып, мөлдіреп жүре берді… ал сен болсаң, әлде бір шеңбектеген құрыш құрсаудан құтылғандай жырғап қалдың. Сонда білдің – ешқайда да кетпепсің. Тіпті, орныңнан қозғалып, ары-бері жылжымағансың, керек болса.
Ары қарай… манағы сейіл серуеннің әсері, әлде өзі тысынан байқаған өз ахуалының тым мүшкілдігінен, көңілі сондай құлазып, жаман боп қалды. Талайдан бері ойда жоқта тап келіп, тұрақты серігіне айналған сүркейлі халімен тағы бір беттесіп, қалтырай ұшырасқандай болды.
Жан түбінде қаталаған бір зарық бар еді. Ешқашан басылмайтын, ешбір қанбайтын шөл. Нені қалайды, нені сағынады, белгісіз. Әйтеуір, бірнәрсені сарыла, үздіге аңсайды да тұрады үзіліп. Тапса, қасқалдақтың қанындай сол зәрует дүние кенезесі кепкен мосқал жүрегіне дәру болардай. Аңқасы кепкен аңсарын басып, арқалап жүргелі көп болған зіл-батпан салмақтан ада-күде арылардай. Құлындаған құмарының қалтылдаған басын кесіп, көкірегін кемірген жегі құрттың көзін құртып, ауыр азаптан құлантаза айығардай. Күндіз-түні құлшынып іздейтін сол бір жанға дауа асыл нәрсеге қолы жетсе, уа дариға, әлдеқайда алып-ұшып тоқтамайтын алаң көңілі тасуы қайтқан дариядай арнасын тауып, жаны біржола жай табар еді-ау, шіркін! Не еді ол тұңғиық түбіне тартып, талықтырып біткен сұрамсақ күй, тілемсек ындын?
Білмеді.
Осы жақында ғана келіп түп етектен алды. Сол бойда көкірек түбіне терең бойлап, қақ төріне барып қонақтады да, шипа табылмас жерік хал болып, бебеулетіп ала жөнелді. Содан бері бір басылып, сәл де болса тыныстамады!
Аз күннің алдында бір сырттан келе жатқанда қойын-қонышын жел кеулеп, зәрлі ызғар бойын қарып, қарадай жауратып ала жөнеліп еді. Күздің қара суығы сүйегімнен өтіп, аш өзегімді жалап, мұздатқан шығар деп аса мән бермеген. Соның соңы не көзге көрінбейтін, не толас тауып басылмайтын, азынаған аязға айналды да, тұла денесін тоңдырып, қалтыратып әкетті. Содан былай сумаңдаған сызды леп төңерегін торып, тәнін тітіркентіп, әлдеқайдан гулеп тұратын болды. Кейде, тіпті, ашық қалдырмай қымтаған күздік киім ішінен де боран соққандай боп сезіледі. Күндер өткен соң байқады, ұлыған үскірік, шынымен-ақ, көкірек тұсында екен. Неден болғанын кім білген, қолқа қуысы үңірейіп бос қалыпты. Улы үскірік сол маңнан сыздықтап, ысқырып тұрыпты. Содан бері жарып бір жылыған жоқ. Әрекет етіп, қам жасағанмен, түкке себі болмай, далаға кетті. Жылан көзіндей жылтырап, салқын дем бүріккен түпсіз кеуек сол аңыраған күйі қала берді.
Осы уаққа дейін өз өмір жайлы дұрыстап бір ойланып көрмепті. Жалғыз шешенің қамқорлығында бұлаңдап өсті. Алаңсыз, қамсыз. Әрине, оның ту сыртында жетімдерге әке, жалғыздарға пана, жоқ-жітіктерге жақ болған қомқор кеңес үкіметі тұрды алақанының табы алыстан сезіліп. Соның арқасында оқыды, жетті. Топтан озып, қалада қалды. Ол да талайдың маңдайына жазылмаған бақыт. Сонан соң жұмыс. Жұмыс болғанда, анау-мынау емес, ұлы коммунизм істерін ілгері жылжытушы – қарқынды еңбек басы. Қызу шаруаға жаңа кіріскен сәті… жоқ, одан сәл кейін, шешесінен айырылды қапыда. Ұзақ ауырып, мазасы болмай жүрген кезінде, қайта-қайта емханаға түсіп, етегінен тарта берген соң… мойын бұрмайын десе, басқа ешкімі жоқ, үкімет ынталандырып отырған іс – баланы неге кезінде көп туып алмағынын, шарасыз іркіліп, жиі-жиі қарайлай берді артына. Тышқаққа қас қылғандай жұмыстың қауырт кезіне тура келді ғой өзі де қасарысып, ондай кезде қатардан қалсаң, мәңгілікке құрдымға кетесің. Барын салып, тырысып бақты. Сөйтіп жүргенде ғой, анасының көзі жұмылғаны. Қалай аттандырарын білмей сасқанда… дәл сондай қиын тұста тіке басшысы қол созып, жанынан табылды. Жәрдем бергенде, өзі келіп, көр қазып, көміскен жоқ, жол нұсқады. Сөйтсе, жастықпен, тәжірибесіздікпен білмей жүріпті, бәрі оңай екен. Қажет десең, тіпті, сондай іспен айналысатын арнаулы мекеме бар екен. «Жерлеу бюросы» дейтін. Барлығы сәтімен бітті. Көңілдің бір бұрышын иелеп алып, мазалап жүрген алаңнан солай құтылып, өле бір «үһ» деді. Ешкім іздеп келген жоқ. Сол қаралы уақытта да, кейін де.
Бірақ, шынын айту керек, жақыннан айрылу деген өте қиын іс екен, бастапқыда қатты қиналды. Аңырап айдалада жалғыз қалғандай өзін өте жайсыз сезінді. Желкесінен бір зіл қара тас басты да жүрді ұзақты күн салмақ салып. Соның кесірінен еңсесін тіктей алмай, жігері құм болды. Күндіз жұмысқа алданып ештеңе сезілмегенмен, кешке қайтып келгенде, қаңырап бос тұрған иесіз бөлме тозақтың есігі боп елестеді көзіне. Бір кіріп кетсе, мәңгілікке шыға алмай қалатындай қаймығып, қарадай тайсақтайтын.
Тұрмысқа аса қырсыз боп өскенін сонда білді. Шешесі үйретпеді, әлде өзінің құлқы болмады, қазан-аяқ жағына олақ, кір-қоң жууға салақ, тым икемсіз болып өсіпті. Әйтпесе, ол кезде де, қазіргідей болмаса да, мың болғыр үкімет халыққа қолқабыс тигізетін қолбала техниканың бәрін жасады ғой әлі келгенше. Тау-тау киім-кешекті демге қалдырмай шатырдай қылып тазалап шығартатын кіржуғыш тұратын бір бұрышта жұтынып. Ал қара қазан астын бөрте бұзаудың тілі болып жалаған көк жалын ішіндегі ет емес, қатқан қайыс болса да, бір сәтке жеткізбей былбыратып пісіріп тынатын. Бірақ, соның бәріне, соншама жеңілдігіне қарамай, меңгере білетін еп керек екен. Бірде құрылдаған құрылғының көмейіне сүңгіткен кір-қоңын қара басып ұмытып кетіп, керек болғанда іздеп жүріп әрең тапса, келесіде, тетігін бұрап қанша қосса да, жайшылықта өзі тіленіп лап ете қалатын ошақтың өндіршегіне от тұтата алмай әлек-шәлегі шықты. Артынан көршісін шақырып келгенде, бөшкесінің ішінде тамшы газ қалмағанын естіп, сонша жыл бірге өмір сүріп, қайнатқан асын аямай жегенде о пәлені үнемі ауыстырып тұру қажет екенін бірінші рет аңдап, қайран қалды. Шешесінің қашан, қалай, қайтіп алмастырғанын есіне түсіре алмай дал болды. Артынан осы мехнатқа байлап, неге тастап кетесің деп ышқынып, тұншыға өксіп, анасын кінәлады түк таппағанда. Жас бала құсап жер текпілеп жылады.
Рас, алғашында алдынан қарсылаған осы ауыртпалықтардың барлығының бастауы өзімнің тұрмысқа бейімсіз, кіділігімде жатыр деп топшылаған, тіпті, тіршілікке керектінің бәрін басқалар секілді жүре келе игеріп, алып кетермін деп ойлап еді, сөйтсе, іс мәнісі болжағанындай емес екен. Балғын, жұмсақ кезде бойға сіңбеген нәрсе, кейін желіммен жапсырсаң да жұқпайды екен, түк қонбады. Боғы ботқа, сідігі сорпа болған былықпа өмір аяғын бір көрсетер болмады. Сол тұста ғой жанына жұбаныш, тірлігіне таяныш болар бір жақын іздеп, шарқ ұрғаны. Құлындаған дауысы көкке жетті. Бірақ, қалың түсқағазбен әдіптеген төрт кереге тамның құмығыңқы жаңғырығынан басқа мәу деген жан болмады. Дүние тым тасбауыр екен. Сол кезде анық көз жеткізді, кісі баласының бүйіріндегі бір уыс ет қара тасқа айналған безбүйрек әлемде қалтырап, дірілдеп күн кешіп жатыпты және сол ақылға симас қаттылықтан сескенгеннен арқасына тірек болар таяныш іздепті. Ал ол жуық маңнан табылып, жуырманнан қол ұшын созса, кәне! Алақаныңа шам қондырып тінтсең де табылмайды екен таяу арадан. Сондай жаны қысылған шақта шолақ ақылымен бір түйгені, пенде баласына жақындық, еметайды езер етенелік қан арқылы беріледі екен. Басқаша болуы мүмкін емес. Пайымдауынша, жоғалтып алған соң шешесінің соншама ыстық, жұрттан асқан қормал сезілуі сол жүрек сөлі араласқан тамырластықтан екен. Демек, туысы көп, қарындасы мол адам – аспан астындағы ең бақытты адам. Ал әкесі бар және ол тірі болғаны – жер бетіндегі төрт құбыласы түгел, дүниесі толық жан. «Ал солардың бірі де жоқ мен қандай сорлымын!» дегенді ойлағанда, құрдымның түбіне бір-ақ құлады. Бұрынғы қайғы қайғы ма, құмыға күңіреніп, қасірет теңізіне одан сайын батты.
Онсыз да иінінен су кетіп, жадап-жүдеп жүрген күндерінің бірі еді ғой, жығылғанға жұдырық болғандай жұмыста бірге отыратын апай ешқашан естімеген, мүлде күтпеген, бөгенайы бөлек әңгіме айтты. Әуелі о дүниелік болған анасын меңзеп, қайтқан адамға арнап апта сайын жеті шелпек пісіріп, таратып тұру міндет екенін ескертті. «Мұны саған мен айтпасам, кім айтады?» деп түйіндеді сөзінің соңын. «Неге?» деп сұрап еді, «солай» деп сабақтап, ұзақ бірделерді шұбыртты артынан. Түкке түсінген жоқ. Ұзын-ырғасынан там-тұмдап ұққаны, өлген адамға артынан барып тұруға тиіс «сауап» деген нәрсе болады екен. Жаңағы шелпекті жегенде ауыз тиген кісілер «тие берсін» деп, бетін сипаса, содан пайда болған әлгі киелі нәрсе сол заматта адаспай, лақпай тура барып арнаған адамның рухын табады екен және қиналғанда жанына медеу болса керек. Тыңдап отырып, «қара жердің астындағы қабірін қайдан тауып, тау қылып үйіп тастаған қара топырақты қалай тесіп өтеді?» деп бір тұрды да, ары қарай басын қатырғысы келмей, қоя салды. Қараңғыда қалған жабайылардың әлі тастамаған далбаса қылықтарының біріне балап, жайына жіберді. Елеп, ескеретін несі бар, қарасын батырсын деді. Бірақ соған жалғап айтқан сұмдық әңгіме бей-жай қалдырмады. «Қазақта «тек» деген нәрсе болады» деді баптап сөйлейтін байыпты кісі қадай таптап. Соған жалғап тарайтын руын сұрады. «Білмеймін» деді бұл аса мән беріп кетпей. Апайдың көзі атыздай болды. «Білмегені несі дап-дардай басыңмен! Осынша өмір сүргенде ай қарап, жұлдыз санап жүрдің бе?» деді тақ бір алдында үлкен қылмыс өткізіп қойғандай ежірейе қарап. «Руын білмейтін қазақ бола ма екен? Жолдан тауып алған біреу болмасаң. Онда да ол кейін бағып алған кісінің тұқымы болып, соның руының өкілі боп саналады» деді сосын, бұл қазақ болуға соншалық құмартып, ұмтылып тұрғандай-ақ, толыққанды жабайы болудың шартын алдына көлденең тартып. Сөйтті де мұның қалаған-қалағанына қарамай «қазақта «тек» деген нәрсе болады. Онсыз – оңбайсың» деп, түкке қажеті жоқ, түсініксіз бір хикаяны бастап кетті. Айтуынша, тек деген әлгі пәлесі сонау бір жер түбіндегі «Алаша» дей ме, «Қазақ» дей ме, бір ақ сақалды дәу шалға барып тірелетін тізбек екен. Ол өзі хан ба, би ме, бір үлкен лауазымды жан болыпты. Асқан бір феодал болса керек. Үш ұлы бар екен. Олар кейін өсіп, «үш жүз» деген бірдеңеге айналыпты. Одан қаншама тармақ тараған. Қысқасы, қазіргі қараңғыда қалып, тау-тасты кезіп, жер-көкке симай кеткен қазақстан тұрғындарының көбі солардың бүгінге жеткен ұрпақтары екен. «Ал сен қазақ болсаң, қалай болғанда да, осылардың біріне барып қосылуға тиіссің и содан тарауың керек. Әйтпесе, жағдайың қиын» деп түйіндеді алысты шиырлаған салақұлаш мыжымасын. «Қиын болатыны қалай?» деп сұрап еді, «Онда тексіз болғаның. Некесіз туған балада ғана тек болмайды» деді, «білдің бе» дегендей көзін бақырайтып. Төбе шашы дүркірей көтерілді. Бұла денесі түгел түршікті. Күтпеген жағдай. Болады деп ойламаған іс. Еркінен тыс ығына алған ашу, не үрей екені белгісіз бір алапат сезім алпыс екі тамырын қуа, тұла бойын тінткілей барып, тас төбесін шымырлата ұшып бара жатты. Демін ішіне тартып түйілген күйі үнсіз, қыбырсыз отырып қалды. Тісін тісіне басып шамалы отырды да, әлдебір өксік қысып шыдатпай бара жатқасын, орнынан көтеріліп, тысқа қарай ата жөнелді.
Жас деп аяған шығар, таныс апай сұқсаусағын көзіне сұға жаздап айғайлаған жоқ, бірақ «сен тексізсің» деп бар дауысымен тістене айтқаны анық еді. Әрине, ішінен. Сондай бір сыңайды айқын сезді қараған қарас, құбылған өңінен. «Мен тексізбін!» деген бір ащы айғай содан былай жаңғырып, талайға дейін басылмай, шыңғырды да жүрді жүрегінде. Әлде жан түкпірінде ме екен? «Мен тексізбін!». «Мен тексізбін!». Кейде келіп, құлағының түбінен жаңғыратын.
Жабайылардың бағзы бір заманнан келе жатқан негізсіз сандырақтарының біріне себепсіз мойынсұнып, сонша мән бергеніне, мән беріп қана қоймай, өзіне қабылдап, қара басын сонша жерлеп, қарадай қорланғанына күн өткен соң түк түсіндей, қайран қалды. Не себепті болды бұл жағдай? Тегін тектеп, түбіне жете алмай, «арты» ашылып қалғаннан ба, әлде тағы бір құпиясы бар ма? Өткен-кеткенді түгендеп, толғана келе соңында, «құлан таза боп арылатын уақыт өткен жоқ қой, қалай болғанда да, бойымда жабайылардың былғаныш қаны бар, өлмей келе жатқан сондағы бір құтырық нәрселер әлгі ауыр сөздерді естігенде қопси көтеріліп, дүрлігіп кеткен шығар… денемнің түршігіп, дүр сілкінуі соның әсері болар» деген түйін жасады. «Қайтер дейсің, – деді сосын жаймалап. – Мына қиыншылықтан ептеп бір өтсем, бәрі сыпырылып артта қалады». Осылай деп басықтырды ішінде апшыған аласапыран шуды. «Сондан кейін барып жаным жайланып, өзімнің о бастағы жаймашуақ халімді табармын» деп қосты іле коммунизм ізбасарларының қай кезде де алға басар, үміткер болуы керек екені жадына оралып.
Бірақ, неге екенін, өзін қанша жерден алып қашып, алдаусыратса да «Мен тексізбін!» деген зәрені кетіретін зәрлі айқай маңында үйіріліп қалып қойды. Не істесе де ада-күде арылып, құтыла алмады.
Дегенмен, бұл пенденің құпия сырлары таусылған ба, кейін жұмысы көтеріліп, білдей бір директорға айналып шыға келгенде, әлгі пәлелер санасынан сәл де болса көмескіленіп, көлеңке тартыпты. Түбегейлі ұмыт болмағанмен, көңілінен көлегейленген. Содан тосын қайта жанданып, жанын жұлмалап кеткені әнеу күні… әлгібір жетімектердің кім екенін ойлаймын деп байқаусызда өлеттенген бітеу жараға тырнағы батып, соның салдарынан ендігәрі сақаймайтын сыздауықтың аузы біржола алып кетіпті… қайта-қайта жадына оралып, мазалауды бастап жіберді артынша. Ал енді емдеп көр оны, дәрулі дәрісін тауып!
«Мен тексізбін! Тексіз болмасам, неге менің туысым жоқ, неге жалғызбын? Ал шешемнің неге жақыны болмаған?». Жанын мүжіп, жүрегін қажаған бұл сұрақтарды өзіне қайта-қайта қоятын болғаны содан кейін… осы жақыннан бері. Маңайдағы әкесіз балалардан «шабыт» алып жиі-жиі ойлайтын болды. Сонда қалай? Менің анам кім? Ал одан туған мен кіммін? Бұл сұрамапты, ол айтпапты кезінде. Түкке керек болмаған ғой. Жабулы қазан жабулы күйі қала берген. Бәлкім, шынымен де ешкімі болмаған шығар… онда қазір де жоқ деген сөз! Іздегенмен, табылмайды…
Рас, әлгі көршінің қараборбайлары қайда жүр екен барған жерлерін думанға бөлеп?
Бірақ, қалай болғанда да, кім болса да, мейлі, біреуі болуға тиіс қой, әйтеуір…. шешесі күлге аунап таппаған шығар жарық дүниеге әкелерде? Біреумен жақындасты. Ал сонда ол кім? Қайда қазір? Жарайды, барлар құсап жеті атасын түгендемей-ақ қойсын… алайда, бір ие шығуы керек қой жалғыз қара болса да. Құдай бетін аулақ қылсын, арғы жағын қаза берсе, мына түрімен нағыз жетімектің… жоқ, қайдағы жетімек… жетім болса жақсы ғой, өлген біреудің артында қалған үзілмеген жалғасы, кейінгіге ұласқан құйрық-жалы, жалғыз тұяғы болып шығасың… мейірін, шапағатын көрмесең де, тапқызған кісің бар болып шығады, қандай жақсы… ал басындағы қарғыс атқыр мына жайдан көңілі бірдеңені сезеді, шамалауынша, жағдайы мүлде жаман… сорақы, тым сорлы болғалы тұр. Келген ізі де, кеткен сорабы да жоқ, жарық дүниеге бекер келіп, босқа өткен тұлдыр сормаңдай. «Сонда… өткеннен табар жұбанышы, келешекке байланар үміті жоқ, нағыз орта жолда қалған міскін мен болдым ғой, – деді ішінен күйрей құлазып. – Жоққа алданып, сағым қуып, қаңғып жүріп кеп тірелген тұйығым – мына жатақхана, оның түк көрінбес түнек түкпірі болғаны ғой».
Ары қарай қуып, құзғындата беруге жүрегі дауаламады. Онсыз да біраз жай белгілі боп қалды емес пе… қайтеді енді аржағын қазбалап. Сұм көңіліне суық күдік қашқалы қашқан?! Өз өмірі жайлы ғана емес, бақытты ғұмыр кештім деп келген өткен дәурені жайында да. Сонда ол уақытта да тегі белгісіз шаталар туылып жатқан болды ғой жалбызбалап. Қандай ауыр?!
Салмақты ойдың әсері шығар, осы аралықта ішіндегі аязды ақ боран қайта басталды азынап. Тұла бойы қалтырап, тоңып отырып өзіне не болғанын… не керек екенін тағы бір тектеп өтті тереңнен. Не керек? Жырым-жырым болған жетім жанына не зәру? Не?
Қайта бұрылмас болған баяғы жастығы ма? Әлде баста тұрған тұста бағы, бағасы болған, қадірін арттырған, тіпті, дүрілдеп, тасы өрге домалаған қан қызыл ту астындағы қызыққа, еңбекке толы және мақсаты айқын, нысанасы берік, сенімі кәміл, ал үміті мен межесі қол созым жерде ғана алау боп жанып, нұрлы болашаққа қарай жетектеп, сәт сайын желпіндіріп отырған, көңілде ешбір алаң жоқ дүркіреген сәл кейінгі заманы ма? Сірә, сол шығар… сол болуға тиіс. Олай дейтіні, сол бір арман құшағындағы арынды кезеңі есіне түссе, жүрек күйінің пернесі дәл басылғандай, кенет жадырап, жырғап сала береді. Жаны кіріп, жетісіп қалады. Еңсесі көтеріліп, желпініп кетеді… Омыраулап кешіп жүрген тұсында онсыз да қымбат бағасы одан сайын еселеніп, артып кетеді деп бір ойлап па еді! Енді соның бәрі айықпас арман, жер бетінен таптырмас сағынышқа айналып алыстап, құйрық ұстатпай кетіпті, қандай кереғарлық! Ойласаң, тіпті, жаның күйеді. Ол ештеңе емес-ау, қашықтаса, заңдылық шығар, шараң жоқ, бәрінен ауыры, жығылғанға жұдырық болғандай, келіп қалған жас құрғыр да көкірек түбіндегі зар-запыранды молайтып, отқа май құяды екен. Бұған енді не істерсің? Соған қарағанда, жоққа қол созып, болмасты аңсау дегеннің тағы бір аты – дәрменсіздік, шарасыздық. Басқа бірдеңе болуы мүмкін емес.
Бажайлап қараса, шынымен де бәрі сол әлсіздіктен балалап, қауқарсыздықтан туындап жатыпты. Сүйеніші жоқ, саркідір тартқан жалқы бас адамға одан басқа не бұйыра қойсын енді діті қатты, діңі бекем бұл өмірде?
Әлден уақтан кейін есін жиса манағы тұрақты орнында отыр омалып. Көз алды ұзаққа созылған бітеу үңгір. Түкпір жағынан өшіп-жанып бірдеңелер жылтылдайды.
Жарық әлі келмепті. Оған сонша елеңдеп, құмартып отырған бұл да жоқ. Бейтарап, тыныш күйінде тырп етпей қала берді бөксе басқан жерінде. Білген кісіге табылған ақыл осы еді.

 

Серік НҰҒЫМАН




ПІКІР ЖАЗУ