Қамкөңіл жандарды қолдау қоғамның парызы

Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсету, қоғамдағы инклюзияны дамыту және мүмкіндігі шектеулі адамдарға құрметпен қарау мәселелері қазіргі таңда тек әлеуметтік саясаттың ғана емес, сонымен қатар мәдениеттің, білім берудің және еңбек нарығының ажырамас бөлігіне айналды.

Қазақстан Республикасында ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік қолдауы мемлекеттік заңдар мен нормативтік актілерге негізделеді. Мысалы, «Мүгедектердің құқықтары туралы» заң жобасы жүзеге асырылып, мүгедектерге арналған әлеуметтік жәрдемақылар, тұрғын үй субсидиялары, медициналық қызметтер мен білім беру саласындағы артықшылықтар қамтамасыз етілді. Бұл заңнама азаматтардың құқықтарын қорғауға және олардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасауға бағытталған. Өйткені ерекше қажеттілігі бар жандарды қолдау әлеуметтендіру саласындағы маңызды мәселенің бірі. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуы, білімін жетілдіру мен жаңа кәсіп игеруі кәсіби бағдарды қажет етеді. Мамандардың пікірінше, олардың әрқайсысына жеке назар аударғанда ғана қоғамнан өз орнын тауып, кәсіби маман ретінде дами алады. Осы орайда өткен жылы Жетісу облысында 16 мыңнан астам адамға қолдау білдіріп, әлеуметтенуіне жәрдем көрсетілген.

Жетісу облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев, өңірдегі инклюзивті жобалар туралы ойымен бөлісіп, өзін-өзі дамыту курстарының тиімділігі туралы айтып өтті.

«Бүгінде облыста 25 мың мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 3 мыңға жуық. Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтендіру және олардың жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында «TenQogam» мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау орталығы» жобасы жүзеге асып келеді. Орталық мамандары жұмысқа орналасудың бастапқы кезеңінде өз қамқорлығындағы адамдармен тығыз жұмыс істейді.

Осы санаттағы азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында облыс, аудан және қала әкімдерінің мүгедектігі бар азаматтар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілері тағайындалды. Бүгінде өңірде осындай 11 кеңесші жұмыс істейді.

Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр. 2024 жылы 16 мыңнан астам адам қажетті құралдармен қамтылып, бұл көрсеткіш 99 пайызға жетті. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімдеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2027 жылға дейін 1 120 нысан бейімделеді деп жоспарланған.

Сонымен қатар, өткен жылы облысқа 11 жаңа «Инватакси» автокөлігі сатып алынды. Бұған 293,4 млн. теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар, «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілігімен 3 арнайы автокөлік берілді. Нәтижесінде «Инватакси» автопаркі екі есеге ұлғайып, 20 көліктен 32 көлікке дейін артты.

Облыс құрылған сәттен бастап ауылдық елді мекендерде ерекше қажеттілігі бар балаларға қызмет көрсететін 5 жаңа орталық ашылды. Бұған дейін кейбір аудандарда мұндай орталықтар болмаған.

2023 жылы Талдықорған қаласында «Қамқорлық» қорының қолдауымен аутизм және ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық ашылып, 125 балаға қызмет көрсетуде.

Ақши ауылында ерекше балаларға арналған «Жансая» жазғы лагері ашылды. Өткен жылы лагерьде 127 бала, ал 2024 жылы 142 бала демалды. 2025 жылы 160 ерекше бала демалады деп жоспарланған.

2024 жылдан бастап облыста 3 345 балаға 6 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы жәрдемақы беріле бастады.

Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға кешенді оңалту қызметін көрсету үшін 2025 жылдың мамыр айында Талдықорғанда 150 орындық жаңа Оңалту орталығының құрылысы басталады. Жоба құны – 8,8 млрд. теңге.

Сонымен қатар, «Асар» спорттық-оңалту кешенімен бірлесіп, 445 мүмкіндігі шектеулі азаматқа оңалту шаралары көрсетілуде. 2025 жылы алғаш рет мүмкіндігі шектеулі адамдарға үй жағдайында көшпелі оңалту қызметтері ұсынылады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Техникалық құралдармен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеу, жаңа оңалту орталықтарын ашу және арнайы қызметтерді кеңейту жұмыстары алдағы жылдары да жалғасады. Бұл бастамалар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған», – дейді басқарма басшысы.

Облыста есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдарды қолдауға арналған «Инклюзия» қоғамдық бірлестік ұйымы бар.

«Біздің қоғамдық бірлестіктің ашылғанына 2 жылдай уақыт болды. Бұл ұйымды ашу менің қаншама жылдан бері жоспарда жүрген арманым еді. Жастармен жұмыс жасай келе, әр түрлі жобаларға қатысып, өздерінің өмірден орнын тауып, кәсіптерін ашса екен деген ниетте болдым. Мұнда «Мансап» орталығы арқылы жұмыскерлер алуға болатынын естідім. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға субсидия беретінін білдім. Өзіміздегі Жұмыспен қамту орталығы мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан керек ақпараттарымды алдым. Қазіргі уақытта ұйымнан 60-70 адам қызмет алады. Бүгінде 3-топтағы мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтып отырмын. Мұнда қызметкерлерге жалақыны мемлекет 70 пайызын төлейді, 30 пайызын өзім төлеп отырамын. Осындай мемлекеттік бағдарламалар болмаса, көптеген мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыссыз қалар ма еді деп ойлаймын. Бұл оларға берілген үлкен мүмкіндік», – дейді «Инклюзия» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Окбаева.

Сондай-ақ, «Nazirym» жеке кәсіпкерлік басшысы Гүлнұр Қалиякпарова Мансап орталығы арқылы мүгедектігі бар азамат үшін арнайы жұмыс орнын ашуға 300 АЕК (1 179 600 теңге) көлемінде субсидия алып, 1 жұмыс орнын құрған. Субсидия қаражатына кәсіпкер лазерлік эпиляцияға арналған құрылғылар мен мобильді телефон сатып алды. Құрал-жабдыққа арналған көмекпен қатар, бұл жұмыс орнына жолданған жұмыссыз азаматтың жалақысы да мемлекет тарапынан субсидиялануда. Аталған жұмыс орнына Талдықорған қаласының мүгедектігі бар, жұмыссыз тұрғыны орналасқан.

«Мен enbek.kz порталы арқылы онлайн курс оқып, сертификат алдым. Лазерлік эпиляцияның қыр-сырын меңгеріп, алғашқы тұтынушыларын қабылдай бастадым. Жұмыс барысында тұтынушымен немесе жұмыс берушімен түсінісу үшін арнайы ғаламтор желісіне шығу мүмкіндігі бар мобильді телефоны арқылы ымдау маманы хабарласып отырады», – деді Галина Муравьева.

Қоғамдық сананы өзгерту және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру үшін өңірде кең ауқымды ақпараттық науқандар жүргізілуде. Арнайы роликтер, мақалалар мен әлеуметтік желілердегі посттар арқылы мүгедектердің қоғамдағы рөлі мен маңыздылығы насихатталады. Жергілікті телеарналарда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірі мен қол жеткізген жетістіктерін көрсететін бағдарламалар таралуда. Сондай-ақ, жастар арасында түсіністік пен толеранттылықты арттыру мақсатында арнайы сабақтар мен семинарлар ұйымдастырылып, мүгедектерге қатысты қате көзқарастар мен стереотиптер сын көзбен талдануда.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдағы рөлін арттыру, олардың өздерін осы қоғамның тең құқылы мүшесі ретінде сезінулері үшін мәдени және спорттық іс-шаралардың да маңызы жоғары. Арнайы ұйымдастырылған фестивальдер мен көрмелер арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсете алады. Мысалы, былтырғы жылы алғаш рет Алматыда өткен «Инклюзия» фестивалі ерекше қажеттілігі бар жандардың өнері мен шығармашылығын насихаттауға арналды. Алдағы уақытта да осындай шараларды өңірлерде көптеп қолға алу керек.

Ал спорттық іс-шаралар мүмкіндігі шектеулі жандардың физикалық дамуын қолдап, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруда үлкен рөл атқаратынын айтпасақ та түсінікті. Еліміз бойынша өткізіліп жатқан осындай спорттық жарыстар мен марафондар, бұқаралық іс-шаралар қамкөңіл жандардың өз-өзіне деген сенімін арттырып, рухани және физикалық тұрғыдан шыңдалуларына көмек тигізіп жатқанын анық.

Еліміздегі ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсету, қоғамдағы инклюзияны дамыту және мүмкіндігі шектеулі адамдарға құрметпен қарау – кешенді және көпқырлы саясаттың бір бөлігіне айналды. Мемлекеттік және жергілікті деңгейдегі шаралар, қоғамдық ұйымдардың белсенділігі мен ақпараттық науқандар арқылы мүгедек жандардың әлеуметтік, мәдени және экономикалық интеграциясы қамтамасыз етілуде. Алдағы уақытта үкімет, жергілікті билік органдары мен қоғамдық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты тереңдету арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын одан әрі арттыруға үлкен мүмкіндік туындайды.

Арайлым НҰРЖАПАР

 

 




ПІКІР ЖАЗУ