ҚАРА ТАСҚА ТАМЫП ЖАТЫР ТАҒДЫРЫМ
(«Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы»
жобасы аясында жарық көрген «Алматы аспаны» кітабынан үзінді)
АЛМАТЫДАҒЫ
АЛҒАШҚЫ ӨЛЕҢ
Қаңғып жүріп
қараңғы ойдың ішінде,
Мен де есейдім,
Өлімім де есейді.
Түн ұзағы көріп шығам түсімде,
Елде қалған шешейді.
Елде қалған.
Төмен қарап
«Кеп тұр» деп…
Жанын сығып, жігерлі.
Тұрмыс қамы.
Аз тынығу.
Көп дүрмек.
Мені есейтіп жіберді.
Есейгенім –
Құтылғаным отынан,
Жан жылытпас желіктің.
Келешегім еске түспей отырам,
Тас төбемнен төніп түн.
Түнек кезіп,
таппай титтей жалқы нұр,
Жүрем сатып көзімді.
Айнасына қарасам да әркімнің,
Көрем ылғи өзімді.
Шатағым жоқ ұрандармен былайғы,
Жеңілгенім рас па екен ұрыста?!
Жаздыгүні
бір уыс қар жылайды,
Қалып қойған қуыста…
TWISTING
(Алматыдағы бұрынғы Украина елшілігі алдындағы ой)
Үйлер…
Көшелер…
…соғысқа аттанған.
Сүреңсіз.
Сұрықсыз.
Өлі.
Менің де кей-кейде түсіме кіреді –
Кері аққан көз жасы жүрегін суғарған
Кірленген ойыншықтар Елі.
Соғыстан қайтпаған
Жалаулар секілді,
Ойлар да соғысқа сіңген.
Құмарлық бар жерде қиянат боларын
Мігірсіз меңзейді
Бояулар,
Тілдер.
Көз жасы менде емес,
Мен көз жасы ішінде
секілді шақ бұл…
…Сен енді іздеуді доғаршы,
жарығым,
Жүзінші есімін Хақтың.
АЛМАТЫ ТАБЫСТЫРҒАН АРУҒА
(Өлеңдер топтамасы)
Сенің жаның –
Жан ұқпас тылсым алап,
Періштенің кейпінде күлші қарап.
Сен деп қалам көз сұғын қадап тұрса,
Терезенің түбінен нұр сығалап.
Жан ұқпастай тым жұмбақ
сенің жаның,
(Бәлкім,
Бәлкім…
Сол үшін сорың қалың).
Сынық әйнек сыртында
кемпірқосақ,
Кемпірқосақ астында қорым барын
білсең еді:
Бейопа – мына ғалам!
(Қисаймайды қылшығы бірақ оған)
Үрей жұққан көздерді көрсең еді,
Жылы сөздер ішінен сығалаған.
Қиналмайды қайғыңа қала, жатқан,
Асфальтталған –
кеудесін жара жапқан.
Сезсең еді салмағын Уақыттың,
Көтере алмай бауырын бара жатқан.
Ажалың бар дәл менің жасымдағы,
Ажалым бар дәл сенің жасыңдағы.
Қорқытады төбелер
көз алмайтын
Көктас шеберханасы қасындағы.
Содан міне…
Тірлікте өмір мәнін
Барып-барып табармын
жол ырғағын.
Қақ шекеме тигенше сағат тілі,
Аман болғай,
Нұр-Жаным,
Сенің жаның!
* * *
Ай арылттым…
Жыл жеңілттім…
Жол қарап,
Тұнжырайды төбемдегі Ай қорғалап.
Қара тасқа тамып жатыр тағдырым,
Жапырақтың жанарынан сорғалап…
Жапырақтай жүрегің бар гүл-еркем,
Өзіңді ойла!
(Мені қойшы… күнелтем…)
Балпаң басып, балағына сүрініп,
Күз келеді күні ертең…
Мұңды тыным.
Түн-күпінің ілгегі
шешілмепті.
Ашылмапты бүрлері.
Жұлдызы жоқ не бір буаз айы жоқ,
Сонша соқыр түн бе еді?!
Сарсылтты ғой…
Қашан атпақ таң сығыр?
…Қырық бір тас санап отыр балшы қыр…
Тылсым тұнған таңдайына түнектің
Тамып кетті тамшы нұр…
Тұршы, таң атты!..
* * *
Желкемнен жұлдыздар шағып,
Ойларым көктемей жатып
көктей солады.
Болады құрбан.
Түсіме кіреді: маңдайынан
Тәңір нұры жанып,
Балбалдар жусанды белде
қиямда тұрған.
Көнеден бұрын туған тіл-жақ –
Шексіз кеңістіктер ішінде.
Пейіштен түскендігі үшін де Мұңды.
Күнәлар қорымының Егесі
шақша басымды ырғап,
сарсаңға салғаны-ай.
Жалғызын мен өлтіргендей құдды.
Көкке ілінген шағала
қанаты астындағы мекен
Уақытша тұрақ қой.
Мәңгілік мекенді шешеді – күрсі.
Мына түн – қайғылы әрі…
тағы да қайғылы екен,
Түні жоқ жерге барайық, жүрші.
* * *
Жарығым…
Мен, бір күні
Естеліктерімді босағаға жерлеп,
Ырымдарым мен тыйымдарымды
босағаға жерлеп,
Үміттерім мен күдіктерімді
босағаға жерлеп,
Ойым құсеттенген күйде,
Уақыттың гүлдегенін күтіп
Табалдырықта отырсам…
Сан мың тәртіптен
бейберекеттіліктің
туатынын болжап,
Жаңашылдықтың ескі қоғамда өзін жоғалтатынын болжап,
Дірдек қаққан сәуірдің бұрымын,
толассыз
өріп-жазып…
…өріп-жазып
Табалдырықта отырсам…
Түннің жеті пердесінен өткен,
Жердің жеті қабатынан жеткен
Бір үн «Сен біржола
жаратылғансың» десе…
Құдайдан ұмытуын сұраған,
Санамның ол жаққа
аяқ баспауын сұраған
Күнәмнің
босағаның іргесінен өсіп
шыққанын көрсең…
Не ойлайтының ауыр, жарығым!
Не істейтінім қызық, жарығым!
РЕСПУБЛИКА АЛАҢЫ
Өлең шөп барқын қара мақпал сынды,
Мақпалды сусыма құм жапқан сынды.
Құм басып өлген қыздың қолаң шашы,
Бұрқырап сыртқа шығып
жатқан сынды,
Өлең шөп, өлең шөп – Қазақстан.
Есенғали Раушанов
Мұның бәрі де әу баста
қиялда құрылған.
Қаһармандар мен
жендеттердің саны,
Ереуілдер мен үндеулердің ақыры,
Ресми ақпараттардың мәтіні,
Оған деген менің
болжалды жиіркенішім.
Мұның бәрі де әу баста
қиялда тұрғызылған.
Олар қиял қамалы қирамауы үшін,
Өткен көпірлерін өртеп отырды,
«Төккен көз жасы» мен
«шеккен азабын» айтты,
Күнәға баладық.
«Күнә да құдайлық» деді.
(Мұның бәрі де әу баста
қиялда құрылған).
Ескі [Жаңа] Өзен көшелерінде де,
Аспан тамып тұратын Алматыда да,
Қазақ болып өмір сүру мүмкін емес секілді.
Тек, алдымызда күтеді бізді –
Үстіне өрмекшілер тор құрып
үлгерген қалың тұман.
ГҮЛДЕР, ҚАШПАҢДАР!
Мен бұл түсті бұрын да көргенмін,
Қайталап көргім жоқ, досым.
Одан ширек ғасырдан соң шошып
оянарымды білемін,
Қалай жорыларын да, сосын.
Көлеңкемді мәңгілікке
тапсырған күні
Оның қалшылдап тұрғанын көргем.
Және шындықтың
болар-болмас бейнесін
Қолшатырлар артынан, өлген.
Мен тағы да қалғып кетемін.
Құлақ түбінде әдеттегідей
ұранға толы жиын
Түсімде:
Жер бауырлап жылжып келіп
Түрегелген құйын…
Гүлдер!
Сап түзеп, тұрыңдар тапжылмай
Сүйікті һәм сүйкімсіз
Отанды былғағанға дейін.
Мен сендерді көз жасыммен
суарармын
Қарашығым құрғағанға дейін.
Еділбек ДҮЙСЕН





