ҚАРАҒАШТАР мен ҚАРА ҚАРҒАЛАР
Біздің ауылдың іргесінен теміржол өтетін. Иә-иә, арқырап келіп, ақырып асып жөнелетін пойыздардың табанын қыздыратын домбыраның ішегіндей созылған қос тарам жолды айтамын баяғы. Дегенмен, әрлі-берлі жөңкілген сондағы составтардың ілуде біреуі болмаса елеп тоқтап, жұрттың амандығын сұрасуға ықыласы ауатыны жоқтың қасы десем сенер ме едіңіздер, әлде сенбес пе едіңіздер? Ілуде біреуі дегенім де тым артықтау. Шындығында жалғыз, оның өзінде жолай ерінбей-жалықпай бағаналар санаған, көрінген шоқыға тоқтаған, сыртқы сыры әр-әр тұстан ұшқан, кеудесін сырыл жайлаған, соған қарамастан екі-үш вагонды сүйреткен ескі тепловоз ғана «Жатырмысыңдар? Жатыңдар, жатыңдар…» дегендей барқ етіп барып бір-екі минутқа аялдаған сыңай танытатын да, артынан «аман болыңдарын» жариялай керенау ысқыра, сықырлаған сүйегін сүйрете жөнеп беретін. Сөйткенмен осының өзі ауыл балаларына таптырмас олжа еді. Тайға мінгені тайын борбайлата, бұзауға мінгені бұзауының құйрығын бұрай мөңкітіп, олардан қара жаяулары тағы қалыспастан борпылдақ жердің шаңын жалаң табандарымен көтере біраз жерге барып қайтатын. Осымен пойыз қызығының бүгіндігі аяқталып, малсақ қазақтың мал қамы деген тірлігі әрі қарай жалғасып кете баратын.
Міне, осы қызығымызға кейіннен және бір ермектің қосылғаны аян-ды. Күндердің күнінде сол теміржол бойында түрлі техникалар пайда болып, олардың бірі жерді жыртса, екіншілері қобсыған топыраққа әлдене сіңіре маңайды азан-қазан етіп жіберген. Мұндайда: «Мыналарың не қылған сүркіл?» – деп сұрай қалғандарға жұмысшылар әдетте: «Қарға тоспа ғой», – деп еріне жауап қайырып, бастаған істерін жалғастыруға құлықты болатын. «Тоспасы несі?» дегендей иықтарын қушитысқандар бұдан былайғы сөздің артықтау екенін түсіне, енді бөгелместен өз жөндеріне жөнеп беретін.
Бала деген де қызық жаратылыс иесі емес пе, үлкендер ендетпеген дүниенің түбіне біз жеткендей едік. Сөйтсек, мыналар тал егіп жүр екен ғой. Кәдімгі шөлге төзімді, табиғатта күй талғай қоймайтын қараағаш талын. Ол қысқы алай-түлей боранда көшер қарды ұстап, теміржол бойына әжептәуір ықтасын болатын көрінеді. Міне, осы ықтасын әрлі-берлі ағылған поездарды қысқы қар кептелісінен сақтап, жол қозғалысын жеңілдетсе керек.
Әп, бәрекелді!
Мынаны білгенде өңшең қарасирақтар дереу жинала қалып өзімізше қауырт жоспар құра бастадық. Тә-ә-әк. Бұлар айдалаға тал ексе бізге неге күз бен көктемде сүйегіңнен өтер суық желден қорғанар тоғай өсірмеске? Ол бір жағынан ауылымызға көрік берер еді, оның үстіне, өскенде өзіміз де бір мезгіл сол тоғайдың ішінде тыныстап отыратын болсақ несі жаман? Жаман емес, қатып кетеді. Ендеше, ұрыста тұрыс жоқ – басталық!
Үйді-үйімізден күрек, кетпен жинап дереу көңілге алған шаруамызға кірісіп кеттік. Біреулеріміз осы лайықты-ау деген тұстан жер аудара бастасақ, екіншілеріміз тал егушілер көшетінен тұқым іздеп босып жөнелдік. Бәрін де үлкендерден жасырын істегеніміз аян. Олар біле қалған күнде осынау әрекетімізге тоқтам салатындары анық-ты.
Қызығының өзі сонда, жұмысшылар жерге сіңірген тал тұқымын табу қияметтің қайымына айналғанын көп өтпей түсінгеніміз ақиқат. Ойлағанбыз, іздегеніміз құрып кеткенде қарыстай шыбық, немесе тамырлары енді-енді байқалған бармақтай шодыр өскін болар деп. Сөйтсек, шемішке дәнінің ол жақ, бұл жағындағы топырақ арасынан көзге ілігер-ілікпес бірдеңелер болып шықты. Дегенмен, қос уыстайын жинап, оны жаңа жерге отырғызғанымызға шүкіршілік еткенбіз.
Бірақ, жол бойындағы екпелер қылтиғанда, әлде отырғызуымыз дұрыс болмады, немесе қылтиған көкті ешкілер жеп қойған, әйтеуір тоғайымыз нышан бермегені өкінішті.
Ал, уақыт өте келе тоспалыққа егілген шыбықтар кәдімгі өскін талға айналып, иен даламызда ені енсіз болғанымен ұзындығы көз ұшындағы қырдан асатын тоғай пайда болған-ды. Сол тоғай аймағымызға жаңа бір леп жеткізгендей-тін – ара-арасында қоян жүгіріп, бұтақтарына құстар қонақтай бастаған. Сосынғы үлкен жаңалық – шалғайдағы, қыстың күні күші барлар болмаса былайғы адам аяғы жетпейтін ескі қорым қонысын ауыстырып, тоғай мүйісіндегі ықтасынға көшірілген де, ауылдан ендігі қайтыс болғандар сол жерге жерлене бастаған. Бәрі уақыттың ырғағына бағынысты өзгерістер ғой.
Жылдан жыл асты. Әрлі-берлі ағылған поездар саны аспаса кемімегені белгілі. «Біз келе жатырмыз» деп қырдан аса шыңғырғанда айнала селк етіп, қара жер қалтырап қоя бергендей. Сол селкіл мен сол қалтырас айналасына тоғысқан өмір бірте-бірте бізді де есейткенін, соның салдарынан біз де өз жөнімізді тапқанымызды мойындағанымызға не заман. Кеудемізде жан барда біріміз қалаға сіңіссек, енді біріміз алыстау аймақтарға қоныс аударып, бақытымызды сол тұстардан тапқандай жайбарақат күй кешіп жатқан едік. Алайда…
Кейіннен, туған жерге қадам басқанда әлгі енсіз тоғайдан сойдиған-сойдиған бұтақтардың ғана қалғанын көріп жүрегіміздің ауырғанын ұмытпақ емеспіз. Қаңқа десе де болғандай. Қаңқа болғанда да көзге қораш көріністер – яғни солып қалған әр діңдегі бұтақтарға ілінген ондаған, тіпті тоғай бойындағы мыңдаған қарға ұялары бірін-бірі кимелей, бірін-бірі ығыстыра ертегіде айтылатын шашы жалбыраған, аяқ-қолы ербеңдеген жалмауыз кемпірлерді көз алдыңа алып келгендей-ді. Жаңадан сойылған малдың кеберге ілінген терісіне ұқсаған кей суреттер де жер басқан тіршілік иелерін мазақ еткендей біреуі шалқайып, екіншісі бүгіле сақ-сақ күліп жатқан сыңайда болатын. Бәрі үрей шақыратын. Қорқынышқа бастайтын десе де болады. Тіпті, «бүгін асыр салып қал, ертең сен де осындай боласың» дегенді меңзей қасақана ауаға өрмелей жабысып алғандай-ды.
Міне, мұның барлығы өлі дүниенің сұлбасын сипаттаса, ғажабының өзі сонда, әлгі жалбырағандардан қарғаның қарқылы төгілетіні тірі әлемнің дулы жаңғырығын жеткізетін-ді. Тап сонда дәл мына арада өлі мен тірінің тайталасы жүріп жатқанына куә болғандай едік. Оның қайсысының жеңері тағы беймәлім-ді. Әрине, тірінің өткінші, өлінің мәңгілік екенін ішіміз сезіп тұрса да үміт дүниесіне арқа сүйейтініміз біздің мына жалғанның жарығынан жарылқануға асыққандығымызды байқататын. Сөйткенмен, тап сол үміттің далбасалық екенін қабылдамауымыз біздің адамдық биікке шыға алмай, тек пенделік деңгейде қалып қойғанымыздың нышанын жариялайтын.
Айнала қарғаның саңғырығына бөгіп қалғандай еді. Топырақ үсті ғана емес, бұта, дің бойы алабажақ, ақжолақ-ты. Ал, сәл ішке қарай өте түссең оңыңнан да, солыңнан да қарқ-қарқ еткен дауыстар аза бойыңды қаза ете азынап қоя беретін. Сөйтсек, бұл ұядан құлап қалған балапандарын қорғаған, солар үшін жанталасқан ата және ене қарғалардың жан айқайы екен ғой. «Қарқ-қарқ!» «Қарқ-қарқ!» Дауыстары бір сембейді-ау, бір сембейді. Тек, сен былайырақ ұзасаң ғана басылатын аза.
Қашуға тырысасың. Мына тұстан безіп кеткің келеді. Безесің де. Алды-артыңа қарамай далаңдап бара жатасың. Бұл қарғалы аймақтан ғана емес, өзіңнен де қашқан түрің болатын.
Біз қараағаш пен қара қарға хикаятына осылай кіріккен едік…
***
«Қарқ-қарқ!»
«Қарқ-қарқ!»
Ұйқысынан оқыстан оянған Мүслима жастықтан басын көтере бере жан-жағына алақтай қаранған. Түс көріп, содан шошындым ба деп те түйген, бозамық жарықтың бөлмені жарыта қоймағанын топшылаған шамада. Сөйтсе, қалың пұлыш пердеден сәуле толық өтпей маңайының қаракөлеңкеленіп тұрғаны содан екен. Әйтпесе атар таң баяғыда атып, шығар күннің өз биігіне көтеріліп алғанын сырттағы қым-қуыт тірлік жаңғырығы айқайлап-ақ айтып тұрғандай-ды. Соның бірі қарғалардың қарқылы еді.
«Алда айналайындар-ай, ашығып қалған-ау шамасы…» – деді мұны жобалағанда Мүслима күбір етіп. Алайда енелерінен жасқанған жас келіндердей орнынан атып тұруға ықылас танытпады, ауызын кере есінеп алды да қайтадан жастыққа қисая кетті. «Қайда асығамын, – деді сол қалпында күбірлей жатып, – Ажал келсе өзі-ақ әй-шайға қаратпай алады да кетеді. Ал басқаларына керек емесім бесенеден белгілі жәйт».
Деуін дегенімен жүрегі шым ете түсті.
«Алда-жалда кетіп қалсам, сонда Қайсарым қайда келгендей, кімге еркелегендей? Жетім баладай әлдебіреудің босағасына жаутаңдап тұрса көрде қалай тыныш жата аламын? Қой, онысы бола қоймас, ондайға Мүслима көне қоймас».
Жаны ышқынды.
«Жоқ, өлмей-ақ қояйын, – деді әріде өзіне-өзі кеңшілік жасай, – Мен өлсем біреудің жері кеңи ме, әлде біреудің қышыған бір тұсы қышығанын баса ма? Қойсын әрі. Жүргізсе әзірге жүре тұрайын қалталақтап. Жалғызым келіп, жаным жарылқанғанда ешқандай уайымсыз жетермін шалымның қасына да».
Осыны айтқанда жоғарыдан Құдайы көріп тұрғандай, мұның дауысын естіп, әйелге деген аяныштан сабырға жүгінгендей қанағаттанған сезімге беріліп, бойы жеңілдеп қалғандай әсерге бөленді.
«Бәсе, – деді сонсын дауысын шығара, – Жаратқан ием кең ғой. Ал, кеңнің кемге қысастық жасамасы әуел бастан айқын. Ендеше, әлдеқайда асығамын деп қимам қышымай-ақ қойсын. Солай. Разымын, Аллам, кеңшілігіңе разымын!»
Ол шалқалай жатып төбеге көз жүгітті. Сылағы түсе бастағаннан ба, әр-әр тұс қарадақтанып қалыпты. Көптен адам қолы тимегенінің белгісі. Әлі келмейтінін білгеннен кейін әктеуді доғарғалы қаша-а-ан. Е-е, ұлы аман-есен келіп, шаңыраққа келін түсірсе бәрі де өз орнына келетін шаруа ғой. Оның несіне жанталасады. Тек сол күнге демікпей, шаршамай, қол-аяғы бүтін жетсе де…
Көңіл жарықтықтың атойлай бастағанын аңғарғанда тізгінді кілт тарта қойды. «Сап, көңілім, сап, – деді сонсын ернін тістелей, – Құба жоннан құлан қашқалы қай заман. Бірақ үміт жоғалмаған. Енді сол үміт аулаққа қашпау үшін алдын ала жол кеспейін».
Мүслима денесінің тоңазығанын сезінді, дегенмен жанында жатқан көрпеге қолын созбады. «Ештеңе етпейді, жаз да жақын, аптабына жылынармын, – деді қанағат қалыпта, – тек Қайсарым оралып, маңдайынан бір иіскетсе, шіркін!»
Кейінгі жылдардағы тапқан әдеті – өзімен-өзі сөйлесіп уақытын өткізеді. Жұрт сияқты үндемейтін жерде үндемей қалу деген атымен жоқ, ерні жыбырлап бірдеңелерді айтады да жатады. Тұрса да солай, жатса да солай. Мынау шым үйдің қабырғасынан әрі аспайтын талай әңгімелердің куәсі сонау бұрышта тұрған ескі сары шифонер. Үйленген жылдарында Ақжолдың аудан орталығынан әкелген алғашқы дүниесі. Көзге де, көңілге де тым ыстық зат. Біреулер жиһаз жинап, соған мәз болып жатса мына шаңырақта бәрі басқаша, осы қалқиғанды күніне бір сипамаса Мүслиманың көңілі көншімейді. Еріне деген ыстық сезімінің суымағанынан, әрине. Соған сайыса мәңгілік сыйластық дегенің басқадай емес, осындай-ақ болар да.
Қайтадан төбеге қарады.
Қайсарға аяғы ауыр кезінде ғой, бірде Мүслима ері жоқта биік орындыққа шығып, төбені әктей қояйын деп жатқанында Ақжолдың беймезгілде үйге келіп қалып, мұның бастауға тырысқан әрекетін көріп ұрысқаны бар.
– Айналайын-ау, ішің шертиіп жүргенде мынауың не қылған қылығың? Байқамай құлап қалсаң қайтесің? Біткенің ғой. Бітіргенің ғой барлық үмітімізді! Доғар мұндайыңды! Екінші рет көрмейін, білдің бе!? – деген қатулана.
Міне, осыны көңіліне ауыр алған келіншек тап сол күні күнұзын жас баладай бұртиумен болған. Тамақ істемеген, диванда теріс қарап торсаңдап жатып алған. Ертеден қара кешке шейін ауызына ештеңе салмады, тіпті су ішпеді десе болғандай.
Кешкілік жұмыстан оралған Ақжол мұны көргенде жік-жаппар болып асты-үстіне түссін. Сырқаттанып қалған деп ойласа керек, тіпті жұмыстан шаршағанына қарамастан шайды өзі демдеп, дастарханға да әйелін өзі шақырған-ды.
Ерлі-зайыптылардың ашуы да жібек орамал кепкенше екен-ау. Ақжол бүйткенде Мүслимаға не жорық, арада ештеңе болмағандай ері құйып берген шайдан сораптаған-ды, сахараның шөлінен келгендей. Тіпті ерінің қамқорлықпен айтқан, бірақ қатқылдау естілген сөздерін әп-сәтте ұмытып та кеткен.
Пай-пай-ой десеңші! «Адам бір минут бақытқа кенелсе мың күндік азабын ұмытып кетеді» деп отыратын ертеректе ауылдың үлкендері. Тап сол ұмытшақтық екен ғой дүниені түрлендіріп тұратын. Әне, соның бәрі өтті де кетті. Енді жер тепкілеп жыласаң да оралмайды, қайран уақыт…
– Уһ!
Терең күрсінді.
Иә, қырықтың үстінде ол кетті, елудің үстінде бұл арса-арса. Бәрі уайымнан. Уайым бір кірмесін, кіре қалса шығуы екіталай. Әсіресе ішке түсіп кетсе қиын-ақ. Алмай тынбайтын қаһарлы аждаһа. Сондықтан, шамаң жеткенше уайымға берілме. Әгараки, шамаң жетпесе онда… Онда да өлгеніңше қарсыласа біл. Сонда ғана түбінде жетер жеріңе бір жетіп тынатының аян.
Тап сол тыну деген аждаһаны әзірге толығымен кіріктірмей, жер табандай кеудесінен итеріп тұрған бұл да ер екен-ау. Ерлік қой, нағыз ерлік! Қайсар есіктен кіріп келгенше осылай ұстап тұра алса жақсы. Қалғанын баласының өзі-ақ шеше жатар. Шегендеп тастаса тіптен оңды болар еді. Ұлының оған шамасы келсе… Неге келмесін. Келеді. Қайсар нағыз батыл да батыр жігіт! Ол қаласа тас түгілі тауыңды қопарып тастай алатын күшке ие. Міне, солай!
Осылай болатынына сенгендей жымиып қойды. Көптен білінбеген, ешкім байқамаған жымиыс. Сәтінде кейінгі жылдарда маңдай мен көз айналасын торлаған әжімдері жазылып, өңі нұрланып сала бергені де ақиқат-ты. Ақжолдың сүйінген, сүйген келбеті.
Есінен шықпайды, Ақжол жұмыстан келіп, бұл қарсы алып тұрғанда ері ең әуелі көзінен сүйетін. Сондағы айтатын сөзі «Мені көріп, жаныңды еріткен жанарыңнан айналайын!» еді.
Келіншек бұған қанағаттанбайды:
– Сонда көзімді ғана жақсы көргенсің бе? Тұтас мен қайда қалғанмын? – дейді өкпелеген сыңайда бұртиып.
Ері кеңк-кеңк күледі.
– Көзің болмаса мені көре алар ма едің? Ендеше, махаббат бастауына дәнекер сенің мына моп-момақан жанарың. Шынымды айтсам мен сенің ең әуелі көзіңе ғашық болғанмын.
– Бұл, өзің мойындағандай, әуелгі сезімің. Сонсын?
– Сонсын ба? Сонсын үлбіреген бетің мен шырын жайған топ-томпақ еріндерің.
– Одан әріде ше?
– Одан әріге бойласам әппақ тамағың мен оны орай құлайтын бұрымдарың.
– Тағы?
Ақжол сәл іркіледі. Абдыраған рай танытады.
– Мен ақын емеспін ғой, сөз таба алмай қалғанымды қарашы…
– Өй, айтқыштығыңа болайын!
– Енді… Махаббат дегенің жариялауға жатпайтын сезімдердің дүмпуі емес пе! Олай болса, мен оны тілмен емес былай, іспен жеткізсем қалай қарайсың?!
Ол бас салып сүйе бастайды. Өзінше қарсылық таныта бұлқынғанымен Мүслима мына үздігістің созыла түсуін іштей тілеп тұрады.
Бұл жиырма жылға жуық бір шаңырақ астында тұрғанда бір сәтте де үзілмеген, қызуынан танбаған ынтықтық. Өмірден ертерек озарын сезді ме, әйтеуір Ақжол жарының қабағына мұң орнықпауы үшін бар күшін жұмсап баққан. Кейіннен айта жүрсін дегенінен шығар…
Пенде деген де қызық қой. Көбісі ойлайды, нағыз махаббат, нағыз сүйіспеншілік адамға жақсы жағдай жасалған қалада деп. Өйткені онда жаннан басқаның барлығы қол астыңда самсап тұрады: ыстық, суық суың тұрбадан ақса, жылуыңа және отын іздеп жүйкеңді жұқартпайсың. Ал әжетханаң… Ұлы сөзде ұяттық жоқ, сарышұнақ аяздарда иегің иегіңе тимей қалтырап емес, жіпсіп отырғаныңа не жетеді. Міне, осыны көргендер жұмақ жерде іңкәрлік аранын ашады деп түйеді. Қайдан білсін, нағыз махаббаттың шалғайда да көктейтінін. Ауыл қорасының айналасында, сиыр сауатын шелектердің қаңғырында, желідегі құлындардың шыңғырған дауыстарында, көгендегі қозы-лақтардың жалынышты маңырағандарында, бәрін былай ысырған тұста түнгі білте шамның күңгірт жарығының сәулесінде сүйіспеншілік тұнатынын оны бастан кешкендер ғана біледі. Тіпті, жаз айларының түнінде құлақ тұндырар бақа үндерінің өзінде де бір сыр жататынын ұқпағандардан жөн сұрамағаның дұрыс. Өйткені, ондайлар табиғилықтан адалар, жасандылықтың басыбайлы құлдары ғана. Ал, жасандылықтың жақсылықтарды жарыта алмайтыны әу бастан-ақ белгілі жағдаят.
Күндердің күнінде Мүслиманың тағдыры да жасандылық ауанында шамырқанудан аса алмай қалғанына сенер ме едіңіздер? Сенгендеріңіз жөн. Оған ерінің қапияда қаза табуы себеп.
Бәрі адам сенгісіз жағдайда жалғасқан. Ертемен аман-есен жұмысқа кеткен жанның айдалада аяқ астынан өлім құшуы жұмбақ-ты. Ақыры жұмбақтың сол жұмбақ күйінде қалып қойғаны өкінішті…
Мүслиманың қосағы Ақжол қаза тапқанда жанында Қатираның ері Еркіннің болғаны мәлім. Екеуі теміржолдың бойын жаяу аралап, жол жайын тексеріп жүрген. Міне сонда, не жағдайдың болғаны бір құдайға ғана аян, әйтеуір аспан ашық, күн жарықта Ақжол басымен рельске құлап жарақат алып, ақыры қапияда қайтыс болған.
Осыған байланысты Еркіннің қамауға алынғаны бар. Аудан із кесушілерінен күнде тексеріс басталсын. Анадан да, мынадан да жауап алу дегеніңде есеп жоқ. Басқа басқа, дәл осы сүркілден Мүслиманың да зықысы шыққаны күні кешегідей. Бұл не айта қойсын, қастарында болмағаннан кейін иығын қушитады, басын шайқай береді.
Тексерушілердің сұрақтары да қызық: «Екеуінің арасында бұрын жанжал болып па еді?» «Бір-біріне өшпенділіктері байқалмады ма?» «Отбастарыңыз тату тұрды ма, әлде арада жанжал шыққан ба еді?» – дейді ежірейе.
«Байқамадым». «Тату-тәтті сияқты едік». «Кішкене ғана ауылмыз, бізде қандай жанжал? Құдайы мен шекеде, той-томалақ пен жаназада дастарханда бірге отырамыз, бір табаққа қол саламыз, бір шелпекті бөліп жейміз. Бірімізге біріміздің жәрдеміміз үзілмеген, көмектесудей-ақ көмектесуден қашқан жеріміз жоқ. Одан артық не болушы еді? Әй, дескен кезіміз еске түспейді».
Сенбейді. Айналпас болған қойдай бір қойған сұрақтарын сәлден кейін қайта қайталайды. Елдің бәрін аңғал бала көретіндерінен бе ауыздарын көпірте не бір хикаяттарды көйітіп ала жөнеледі. Сонсын оны саған әкеліп тірейді де қайтадан сұрақтарына көшеді.
Бәрінен ығыр болған жұрт ақырында бірінен екіншісі қашатын дәрежеге жетті. Көшенің бір басынан көргенің қарсы алдынан пәле ұшырасқандай жалт бұрылып екінші тұсқа ойыса жөнеледі. Бұл сенен емес, осыны әрқалай тұспалға жоритын заң өкілдерінен бой тасалаған түрлері. Мұны да көрді-ау, мына шыққыр көз.
Ақыры іс сотта қаралды. Сол үшін аудандық сот өкілдері разъезге келіп, бастауыш мектептің бір бөлмесінде ашық сот өткізді. Оған Еркінді қолына кісен сала жеткізгенде аһ ұрмаған адам қалмаған. Тіпті масқара екен: атпалдай азаматтан жұрнақ қана жүр. Ұрты суалып, көзі ұясына кіре, шашы ағарып кеткен. Жанарын жерден көтермейді. Жылап жіберуге шақ тұрған баладай кемсеңдей береді.
Мынаны көргенде «Арысым-ай! Тулақ болған мына түріңді көргенше шыққыр көзім су қараңғы болса ет-ті! Мен сені осындай болсын деп тудым ба, жарығым-ай! Ит сілікпеге түскен жанымды тап осы жерде алсаңшы құдайым-ау. Мен құрбан! Жолыңа мен құрбан, Еркінім-ау!» деп дауыс салған Еркіннің анасы — Болған кемпірдің зарына еркектер теріс айнала пысылдап, әйел біткен жаулықтарының ұшымен көздерін сүртіскені көзден кеткенімен көңілден кетпегені анық.
Сот ұзаққа созылмады. Дәлелдің сәйкессіздігінен, тіпті жеткіліксіздігінен, сонсын Ақжолдың әйелі Мүслиманың кешіріммен қарауынан Еркіннің қолындағы кісен алынып, ол бостандыққа шыққан-ды.
Бірақ, мұнымен тыныштық орнай қалды ма? Шуақты күндер қанатын жайды ма? Жоқ, және бір пәле кесе-көлденең түсіп алдарында жатқан-ды.
Сәйкестік дегенді қойсаңшы, дәл осындай оқиға бірнеше жылдан кейін қайтадан қайталансын. Бұл жолғы кейіпкерлер Ақжол мен Мүслиманың ұлы Қайсар мен Еркін мен Қатираның баласы Ерік болатын. Енді оқиғаның бәрі кері бағытта өрбіген. Ажал құшқаны Ерік те, жауапқа тартылғаны Қайсар еді.
Тағы да сол теміржол бойы, жолдың үсті. Ерік жүйткіп келе жатқан тепловозға соғылған. Неге соғылады? Біреудің итеріп жіберуімен болмаса адам баласы өзін өзі өлім қазандығына лақтыра салмайды ғой? Алаңғасар бала да емес, орашолақтығынан немесе шалағай ісінен көретін. Естияр азамат. Естияр болғаннан кейін жұмыс үстінде міндетін түсінуі бір басқа, алды-артын ойлайтыны, келешегіне алаңмен қарайтыны заңдылық емес пе? Ендеше себеп-салдарды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Барлық түйін Қайсарға келіп тіреледі. Өйткені Қайсардың әкесінің өліміне ел арасында әлі де Еркінді кінәлайтын. Дәлелденбесе де осы ойдың бала санасында беріш болып қатып қалғаны анық. Яғни, оның артында кек алу деген түйін тұрады. Қанға – қан, жанға – жан! Бітті!
Қайтадан жауап алу, қайтадан елді дүрліктіру. Қайсар кінәсін мойнына алатын емес. Ол «Мен емес, өзі кінәлі. Жылдамдығын, ептілігін көрсету үшін жолдың арғы жағына қарай қарғып кеткен. Бірақ, үлгере алмады, қатты келе жатқан тепловозға соғылып, сонадайға ұшып кетті. Қан-қан болып жатқанында демемекке, орнынан тұрғызуға жалма-жан жеткенмін. «Үһ» деген дыбысы шыққандай болды да сылқ ете қалды. Жүріп кеткенін білдім», – деуден жаңылмады.
Бірақ, оған сенген тергеушілер жоқ. Оқиға болған жерге алып барып қайта-қайта Қайсарға болған жайды айтқызады және таспаға түсіреді. Жол да нұсқайды. «Мүмкін сен бүйткен шығарсың?.. Абайсызда итеріп қалған шығарсың? Содан ол жолдың үстіне шыққанда тепловоз қағып кеткен шығар? Мұндай-мұндай дегендер бола береді. Әрине, қастық ойламағаның анық. Бәрі қас пен көздің арасында өткендіктен дәл осыны аңдамай қалуың да мүмкін. Әлде, ойнап келе жатып итеріп жібердің бе? Ол да мүмкін жағдай. Кәне, ойланшы, оқиғаны және бір мәрте өткізші көз алдыңнан, осылай болды ма?»
Қайсар шыр-пыр:
– Ағайлар-ау, оллаһи-білләһи, мен әне бір жерде тұрғанмын. Оған бір қадам да жақындамағаныма сеніңіздерші. Неліктен екенін білмеймін, Ерік ауылдан шыққан кезіміздің өзінде біртүрлі көрінген. Шешенсіп кеткендей еді. Астам сөйлеуге құмарланып еліріп келе жатқан. Қалғаны сіздерге белгілі. Осылай боларға көрінген шығар…
Сот барысында Еркін ләм деп ауыз ашпаса, Қатира мұны қарғап-сілеп бақты. Сөздері сүйегіңнен өтеді. Торлы тоспаның арғы жағындағы Қайсар анасынан көзін жазбады десе болғандай. Залда әбден мүжілген, әбден езілген, тірі екендігі күмән тудыратын бір мүскін отырған-ды, бары мен жоғын адам білмес.
Дәл осыған іші қан жылаған. Әкесі болса-болмаса жоқ, енді оның күні қалай болар екен? Уайымы осыны ғана санасына тоқпақтай берген. «Мен келгенше тірі жүрсе екен. Сонсын, барымды салсам да ұшпаққа шығарамын! Айтқаным айтқан!»
Бірақ, дәл сол сәтте анасын соңғы рет көріп отырғанын баласы білмесе, Мүслима да екі дүниенің арасында солықтаған қалпынан жаңылмаған. Ана байғұс өткенді есіне ала отыра сот үстінде Еркін бірдеңе дер деп күткен-ді. Амал нешік, қапсағай еркектің долы қатынынан аспай қалғаны өкінішті еді.
Ақыры сот Қайсарға он жыл кесті. Он ғасырдың жүгін арқалар он жыл! Кім бар, кім жоқ уақыт теперіші онсыз да қажыған Мүслиманы бірден шөктіріп тастады. Сол шөккен денені ақыры сот залынан ауылдастары серейте көтеріп алып шыққан-ды.
Болған-біткені осы.
Содан бері шықпаған жаны әлі сүйретіліп келеді. Қашан тынатыны құдайға ғана аян.
«Қарқ-қарқ».
«Қарқ-қарқ».
Қарғалар қайтадан қарқылдады.
«Өй-бу-у-у! Қара басып жатып алғанымды қарашы! Анау бейшаралар әбден ашыққан шығар…»
Қарғалар қарқылы құлағына қайтадан шалынғанда орнынан сүйретіле тұрып киіне бастады. Үнсіздікке шырмалмағаны тағы белгілі. Бірде: «Құлқын сәріден құлағыма маза бермеді деп мен ренжімейін, талғажауымыздан қақты деп сендер кіналамаңдар», — деп өзін-өзі ақтауға тырысса, артынан: «Осылардың алдында неге төменшіктей беремін? Ал, нан қиқымын бермей қоямын, не істейсіңдер маған!» — деп ірілігін танытқансыды.
Қанша айтқанмен көктем ғой, желең шығуға жүрегі дауаламай, ескіден келе жатқан жеңсізін иығына ілгенде даладағы дауыстар қоюлана түскен-ді:
«Қарқ-қарқ».
«Қарқ-қарқ».
«Ой, қараң қалғырлар! Әне, бұлар қарындары ашша сөйтеді. Мен жетісіп жүргендей. Мен сендерге беретінімді беремін, сонда сендер маған не татырмақсыңдар, ә? Көруге зар болған баламды қанаттарыңа қондырып әкелесіңдер ме?»
Сөйлей жүріп кеше ғана вагон-дүкеннен сатып алған бөлке нанның жартысындайын үгіте, сонсын дәліздегі, кезінде қолына екі-үш қой ұстағанда соларға бересің деп әлдекімдер кіргізіп қойған, сол қалпында бұрышта сақтаулы тұрған қаптан қос уыс жем шығара сыртқа беттегенінде бірнеше қарғаның шарбақ сыртындағы бұрыннан жататын, кейіннен әжетке жарамай қалған астауша ернеуіне қонақтап алғанын, ал олардың айналасында қаздаң-қаздаң еткені бар, бір-біріне қорқылдай қыр көрсеткені бар, басқа да қарғалардың мұны күтіп жүргенін байқады.
«Түрлерін-ай сорлылардың, – деді сол екі арада қайтадан сөйлеп, – Мен болмасам не істер едіңдер? Шөп-шалам теріп кеткендерің ғой, ә, байғұстар?..»
Үйреніп алғандарынан да шығар, Мүслима жақындағанда құстар былайғы тосын адамдардан шошынғандай жанталаса ұшуға қанат қомдай қоймады, астаудың арғы басына қарай ығысқаны ығысып, ығыспағаны бастарын қисайта мұның қимыл-қозғалысын бағып тыныш қана отыра берді.
«Бәсе, осылай болуға тиісті ғой, тамақ берер менің де ірілігімді бір мезет мойындап қойсаңдаршы, – деді мұны көргенде Мүслима кәдімгідей марқая, – Көрерсіңдер, Қайсарым келгенде мықтылығымды сендер ғана емес, тәмәм жұртқа мойындатамын!»
Осыны айтқанда тап сол күнге ебіл-дебіл жеткендей танауын көтере, алыс-алыс жақтарға маңғаздана қарап қойды.
Қарғалардың мына жерге бой үйретуі жайдан-жай емес. Алғашында анау тұс, мынау тұстағы тезек, қыстан қалған сабан-шөп қалдықтарын шоқып жүрген байғұстар күндердің күнінде астаушаға бейтаныс әйелдің шашып кеткен жемін байқағанда бірімен-бірі таласа, біріне-бірі қоқилана тап-тап беріскен болатын. Ақыры бұл әдет күнделіктіге ұласып, мына маң ертеңгілік құс базарына айналып шыға келгендей-ді. Олар келеді, жейтіндерін жейді, сонсын келген жағына қарай қайта ұшып жоғалады. Болды. Әрі қарай маңай қарқылдан ада. Ертеңге шейін айнала тыныштық құшағында. Мұндай қатал заңдылық әскери тәртіпке негізделген теміржол бойындағы жұмысшылардан да табыла қоймас.
Міне, бүгін де сол астау айналасында қан қызыл базар жүріп жатқанда көршідегі ақсақал Елемес сонадайдан бой көрсетті.
– Аманбысың, келін! – деді ол жемге таласқан қарғалардың қылықтарын қызықтағандай сол тұстан көзін алмаған қалпы жақындай беріп.
– Есен-сау бармысыз?
Мүслима да әйелдік ізет танытты.
– Мына жарықтықтар өзіңе әбден үйреніп алған-ау, байқаймын күнде келеді де тұрады, – деп жалғастырды сөзін көрші.
– Енді… Бұларға да жанашыр біреу керек болғаны да.
– Жақсы. Е, бұлар да жаратқан иеміздің бір жандылары емес пе, ендеше қамқорлыққа зәрулік бұларда да болуға тиісті екені даусыз.
– Иә, жаны болғаннан кейін ғой тіршілік үшін нәпақа іздеп босып жүргендері.
– Солай. Нәпақа кім-кімге де қажет-ақ.
– Соны айтамын да.
Екеу ара сөз қайырысу осымен сұйылғандай көрінген. Дегенмен Елемес қанағаттанбады ма, сұрақ ауанын басқа арнаға аударып жіберді:
– Айтпақшыдайын… Бірді айтып, бірге кететініміз-ай, Қайсардан хабар алып тұрасың ба? Қалай екен?
Мүслиманың көзіне мұң тұнды.
– Шынымды айтсам, сол баладан мүлдем дерегім жоқ. Хат-хабар алмағаныма бірнеше жылдың жүзі. Әйтеуір, аман болсын деген тілекпен күн кешудемін.
– Бұл болмаған шаруа екен…
Елемес ойланғандай көзін жұма біршама аялдады.
– Сен хат-хабар жөнінен Қатирамен сөйлесіп көрдің бе? Ол не деді?
– Ауызын қу шөппен сүртумен келеді.
– Мүмкін емес. Қайсар есі бар бала сияқты еді. Олай болса хабарсыз жатып алуы мүлдем қисынға келмейді. Сен, Мүслима, былай етші, тағы да барып, Еркіннің көзінше қатынымен тілдесші. Бәлкім, ол кесір неме сонда ашылар.
– Сөйтейін бе?..
– Иә, тоныңды шешіп алмайды ғой, сөйтші.
– Жақсы. Онда мен кеттім!
Алды-артына қарамады. Жерден жеті қоян тапқандай апырақтай ауылдың екінші басына қарай жөнеп берді. Аяғы аяғына жұқпайды. Құдды, баласынан хат келіп, соны Қатира қолына тап қазір ұстата салатындай безек қағады.
Ауыл деген дағарадай аты болмаса мына қоныс шындығында тығыршықтай ғана мекен-ді. Солай бола тұра екіге бөлінетін: темір жолға жақын орналасқаны разъез, ал сәл әрідегісі, кеңес үкіметі тұсындағы совхоздан қалған белгі ғой, бөлімше деп аталатын. Кереметінің өзі сонда, разъезд бұрынғы қалпын сақтаса, бөлімшеден жұрнақ қалмаған десе де болғандай-тын. Үй орындарынан қалған үйінділер әсіресе қараңғы түскенде айналаға үрейін шашып жататын.
Міне, сол үйінділерді айналып өткен Мүслима аумағы дағарадай көк шатырлы үйге жеткенде ентігін басқандай сәл іркіліс тапты да, артынан шарбақ есігін ашып қалғанда дәл алдынан Қатираның шыға келгені.
– Жау қуғандай жүрісің суыт қой?! – деді ол мұны көргенде амандаспастан, тіпті жақтырмағанын жасырмаған қалпында күңк етіп.
– Жау дегендерің ұзында өші, қысқада кегі жоқ мені қайтсін, одан да айта қойшы, баламнан хат-хабар келді ме, тіпті сағынып кеткенім, – деді Мүслима ананың жақтырған-жақтырмағанын елемеген сыңайда асығыстау сөйлеп.
Қатира мырс етті.
– Пәлі! Мына қатын мені енді поштабай қылайын деді ме? Әй, қанды қол балаңның сәлемдемесін таситын мен саған кіммін, ә? Хат дейді ғой, хатымен қоса қата қалғыр немені әлдеқандай қылып!
Мынаны естігенде Мүслиманың ішінен бірдеңе үзіліп кеткендей болды. Ол сынықси қалды.
– Олай демеші, Қатира. Бала асырап отырсың, қарғысыңды қиға қи. Әйтпесе, айналып келіп өзіңді тапса қиын болады. Осыны ұмытпасайшы.
– Сонда не, мен қанды көз сенің балаңа баламды өлтірді деп алғыс айтуым керек пе?! Тантыпсың! Жатқанынан тұрмасын! Ал, саған керек болса!
Мына сөзден Мүслима іш жиды.
– Болмайтын біреу екенсің, – деді содан әріде шарасыздана, – Құдай көріп тұр ғой, біледі кімнің ақ, кімнің қара екенін. Сондықтан тым шамырқана берме…
– Менің баламды алған құдайда көз бар дейсің бе? Ол соқыр! Ол таскерең! Ендеше онымен мені қорқытпай-ақ қой. Сен өз жөніңді біліп ал. Естідің бе? Енді тайқи кәне!
– Мен… мен…
– Байыңды баяғыда жұтқансың! Енді балаң тірі қалар деп пе едің? Оның да күні санаулы шығар.
– Жағыңа жылан жұмыртқаласын, Қатира! Аудандағы абысының поштада істейтін болғаннан кейін бір дерегін білер деп келіп едім, ауызыңа ақ ит кіріп, қара ит шығып жатыр екен. Айтқаныңның бәрі өз басыңнан аспасын!
Ол ілби басып кетіп бара жатқанында әңгімені тасадан естіп тұрған Еркін басын шайқай әйеліне беттеді.
– Бермегенбісің?
Қатира шап ете түсті:
– Не, бермесем қырайын деп пе едің!?
– Бермегенсің… – деді күйеуі әйелінің көкбеттігіне көнген қалыпта міңгір етіп, – Бұл енді нағыз хайуандық.
Әйелі айылын жимады:
– Сондағы тапқан адамың анау қанышерлерің бе? Жарыған екенбіз! Әй, сен жыртыл, жарыл, сөйттің екен деп мен Мүслима мен баласына енді қызмет ете алмаймын, білдің бе! Кетсін әрі! Тескен тау асса қыңқ демесім анық!
Қатира шарт кеткенде Еркін жасый дыбыстады.
– Сонда обал-сауапты ойламағаның ба?..
– Оныңның олардан асып маған жетпегеніне илан, маубасым.
– Сөйткенмен… Адам дегенде титтей де болса бір-біріне деген мейірім болушы еді.
– Оны өз қалтаңа салып қой! Мен Еріктің қазасын ешқашанда кешірмек емеспін!
– Қайсар кінәлі болмаса да ма?
– Кінәлі болмаса сотталмайтын еді. Сотталды ма, онда барғанынан қайтпасын!
– Қатира-ай! Бүкірді көр түзейді деуші еді, сөйтсем бүкірді ғана емес, сені де бір түзесе көр ғана түзейтін шығар-ақ. Әй-әй, болмайтын бір жан екенсің-ау. Қайтейін, өз қолымды өзім кесе аламын ба…
Еркін шарасыздықтан шырт түкірген.
***
Сол күннің ертеңіне Мүслиманың үйінің сыртқы есігі ертеңгілік ашылмаған еді. Қаптаған қарғалар қарқ-қарқ ете астауды айналшықтап біраз жүріп, ақыр соңында күнделікті нәпақадан күдерлерін үзгендей келген жақтарына қайтадан ұшып кеткен. Жай кетпеген, маңайына саңғып, айналаны у-шуға айналдыра тайып тұрған.
Мынаны көргенде Елемес әлденеден секем алғандай өз үйінің алдында ұзақ бөгелген. Көршінің ауласында қыбыр еткен тіршіліктің жоқтығына көзі жеткендей болғанда іргелес баспанаға кіріп-шығуды да ойына алған. Әйткенмен, ол ниетінен тез айныған. Отағасысы жоқ үйге бөтен еркектің баса-көктеп кіріп баруы қазақылыққа жатпайтын-ды.
Түс қайта да көрші үйден қыбыр еткен нышан байқалмады. Терезедегі перделер жабулы қалпында қалыпты. Ал, қазақ қазақ болғалы ұйқыдан тұрысымен ең әуелі кигіз үйде түндікті, жер үйде сәуле түссін, ырыс иықтассын деп пердені ашқан ғой. Мұны Мүслиманың да жастайынан жанына жақын тұтқаны айдан анық. Ендеше, мынау не қылған жұмбақ жағдай? Біліп болғысыз бір дүние, әйтеуір.
Ауладағы оны-мұны шаруалармен күнұзын айналысып жүргенде де осы сұрақ мазалап қоймады. Ақыры шыдамады, кешке қарай ана үй, мына үйге хабар сала, естиярлар жиналғанда өзі бас болып көршінің баспанасына қарай беттеді.
Сыртқы есіктің тиегі іштен салынбапты. Жақтаумен арадағы қиюласпаған саңылауды байқағанда табалдырықтан аттағандардың әлдебір ызғарды сезінгендей біріне-бірі тығылысқандары нақ. Тіпті араларында әлденеден жасқанғандай кейінге қарай ығысқандары да жоқ емес.
Жарықты қосу түймесін басқанда самаладай жанған шамнан қоржын үйдің оң қапталындағы бөлме іші айқындалып, бұрышқа қарай салынған төсектен Мүслиманың сұлбасы көрінді. Шалқасынан жатыр екен. Көйлекшең. Түнде дене қызуы көтерілгеннен шығар, жамылған көрпесін аяқ жағына қарай ысырып тастапты. Онсыз да сұйылған шашы жастыққа жайыла құлап, қан қызыл тысты жасыра алмаған қалпында қалған.
– Келінжан, аманбысың… – деп дыбыстады Елемес әуелгіде бірден алға өтуге батылы жетпегендей кібіртектеген қалпында.
Ешқандай жауап болмады.
– Келіп тұрған көршілерің ғой, – деді тағы да есі болса танысын дегенді меңзей.
Үнсіздік.
Сонсын соңындағыларға қарата:
– Мынау тегін емес, мен байқайын, – деді де төсектің жанына жетіп, әуелі әйелдің тамыр соғысын бақылап, кейіннен тыныс алу барысын анықтағандай саусағын ананың танау тұсына алып бара сәл аялдады.
– Болмайды. Жүріп кетіпті. Денесі де суып қалыпты. Оң жаққа салайық, – деді артынан дауысы тарғылдана шығып.
Енді ауылдан ұйқы қашты. Әйел біткен бастарына жайшылықта тартпайтын байламдарын тарта жоқтау айтқаны жоқтау айтып, жастаулары қазан ошақпен айналысып кетіскен-ді. Алыс-жақындағы туған-туыстарының бар-жоғын білмесе де сырттан келетіндер болса аш қайтпасын деген ниетпен қой сойылып, қаза міндетін атқаруға кіріскендер басқа да жол-жоралғының ретін жасап жатқан.
Жаназасын шығарған аудан орталығындағы мешіт имамы. Жоқтаушысы жоқтай болмасын деп оны Елемес арнайы алдырған. Сөйтіп, тағы бір күн өткенде, Мүслиманың денесі сұп-суық жер қойнына тапсырылды. Ерінен айырмайық дегенге жүгінген көпшіліктің ұйғарымымен ескі қорымдағы Ақжолдың қасынан топырақ бұйырғаны ғана көңілге жұбаныш.
Осымен кезекті бір оқиғаның нүктесі қойылған шығар деген шамада және бір тосындықтың шеті қылтиған болатын. Мүслиманың қырқы өткен күннен аз қалқыңқыда ойда-жоқта Қайсардың қара көрсеткені бар. Иә-иә, «өлмегенге – өлі балық» дегендейін, кесімді жазасының он жылын толық өткеріп елге оралған азамат жұртты таң қалдырып еді.
Оны да әуелі көрген Елемес. Тірі адам тіршілігін жасайды ғой, қора маңындағы қоқыстарды жинастыра жүріп көрші үйдің алдында тұрған жанды байқағанда басында бата жасай келген бір жақындары шығар деп түйген. Жоқ, анау жан ұзақ бөгеліп, артынан есікке ілінген құлыпты бұзуға әрекет жасағанда бұл:
– Қой, әй! – деп дыбыс салды.
Бейтаныс жан мына дауысқа елең ете сәл іркілгенде Елемес қайтадан үн қатты:
– Кім болсаң да әуелі хабарлассаңшы, ол болмаса да біз бармыз ғой, шырағым-ау!?
Мұны таныды білемін, бейтаныс жан қолына ұстаған темір ме, басқа зат па, әйтеуір бірдеңені жанына қарай лақтырып тастай сала көрші аулаға қарай беттей берді. Таныс адамы сияқты. Сәл еңкіш тартқан жауырыны, сәл бүкірейіп жүретін жүрісі әлдекімді есіне салғандай. Тоқта! Тоқта!! Мынау Ақжол емес пе? Өзі болмаса да көзі ғой! Яғни, Қайсар!
– Ой, айналайын-ай!
Емірене, жанары жасаурай құшағын жайды.
– Бар екенсің ғой, тірі екенсің ғой!
– Мен сізді бірден таныдым, – деп жатыр Қайсар да көңілі босай.
– Танысаң жүгіріп келіп бас салмайсың ба, шырағым-ау!?
– Ең әуелі шаңырағыма сәлем берейін деген түрім де. Қарасам есікте дәу қара құлып тұр. Олай айналдырдым, былай айналдырдым, аша алатын түрім жоқ. Апам бір жаққа кете қалған ба?
– Апаң ба? Апаң…
Тұтығып қалды.
– Жүрші, айналайын, алыс жолдан келдің ғой, әуелі үйге кіріп таңдай жібітіп, жүрек жалғап алайықшы, кейінгі әңгімемізді сонсын жалғастырармыз…
Мына ұсынысқа Қайсардың көнбеске амалы жоқ болатын. Соны түсінгенде ол үнсіздікпен үлкеннің соңынан ерді.
Үйге кіргенде де әңгіме бірден қызып сала бермеді. Елеместің келіні тоқ шәйнекті ызыңдатып, артынан ақыманға шәй демдеп әкелгенде ғана үнсіздік бұзылып, ақсақалға тіл бітті:
– Шырағым, Қайсар, – деді ол ауырлай, – ақылың бар баласың, түсінесің. Ажал деген біреуге ерте, біреуге кеш. Қоңырау біреуге бұрын, біреуге кейін соғылады. Әйтпесе, кейіндегі Мүслимаға емес, бақиға баз кешу кезегі алда жүрген бізге тиесілі еді ғой. Амал нешік, сенің анаң әлдеқайда асыққандай арамызда аялдай тұрмады, әкеңнің соңынан кете барды. Берік бол, айналайын!
Мынаны естігенде Қайсар үн-түнсіз, басы салбырай отырып қалды. Біршамада шықырлата тіс қайрағаны естілді.
– Маған мұны ешкімнің хабарламағаны несі? – деді әндем тұста тістене.
– Шырағым-ау, сенімен байланыс болды ма? Анаң байғұс та шыр-пыр болып жүрді емес пе, ұлымнан хабар ала алмадым деп күйіне. Алғашында екі күннің бірінде Қатираның үйіне қарай жүгіретін. Кейіннен күдерін үзді ме, баруды да доғарған-ды. Өлерінің алдында мен айтқасын сол үйге қарай тағы кеткен. Арғы жағын білмедім…
– М-м, да-а-а…
Жігіт түйіле қалғанда Елемес қайтадан тіл қатты:
– Хат-хабар жолдау ол жақтан қиынға соғатын шығар, ә?
– Оның несі қиын? Айына бір рет рұқсат беретін.
– Ендеше ең құрымағанда жыл аралата дерегіңді неге білдіріп тұрмадың?
– Мен аянып қалды дейсіз бе? Талай рет хат жаздым. Жауап ала алмадым. Тамақ ішуді ұмытуым бар анама бір жапырақ сәлемдеме жіберуді ұмытпасым анық еді ғой.
– Ендеше оны анаң байғұс білмеді. Білмегеннен кейін ішқұсалықпен кетті ме, кім білген…
Бөлмеге өлі тыныштық орнады. Буы көтерілген кесеге қол созған тірі пенде жоқ. Елемес өзімен-өзі, келіні де шәйнекті мүлдем ұмытқандай тып-тыныш. Көздерін жерден көтермейді.
Әндем шамада мына тыныштықты Қайсар бұзды.
– Қызық. Қатира осы ауылдың пошташысы ма еді? Анам ол үйге неге барғыштады? – деп сұрады ол сұрлана.
Елемес күрсінді.
– Негізі бұл жақтың пошташысы совхозбен бірге жоғалған. Ал, Қатираға баруымызға оның ауданда отырған, поштада істейтін абысыны ма, ажыны ма, әйтеуір бір жақыны себепкер. Осы жаққа тиесілі бір нәрсе келе қалса аудандағысы Қатираға жолдайды. Еркіннің көлігі бар ғой, ауданға жолы түскенде содан беріп жібереді. Сонсын Қатира көңілі соқса әлгі затты негізгі иесіне тапсырады, соқпаса жүргенің сол ыңғайын баға сабылып. Солай.
Мынаны естігенде Қайсардың ішіне бірдеңе түйіп қалғаны анық. Көрші ақсақалмен бірге әкесі мен шешесінің басына барып әруақтарға құран бағыштағанда да, кейіннен үйіне келіп бірнеше күн тоң-торыс жатып алғанында да оның сол түйіннің шешуін пысықтағанына Елемес күмән келтірмеген…
***
Мына тығылыстың, мына тыныштықтың артында бір сойқанның жасырынғаны белгілі еді. Қанша айтқанмен, темір тордың арғы жағынан қаны бұзылып келген жан емес пе, Қайсардың күндердің күнінде дүниені төңкеріп тастамаса да біреулердің сабырына ши жүгіртіп, енді біреулердің бөртіп шыққан шиқанын жарып жібере, өзегін жұлып тастайтыны анық-ты.
Осыған сайыса, бірнеше күн ішінде Қайсардың қас қарая ешкімге білдірмей өз үйінен тығылып шығып Еркін мен Қатираның баспанасы жақты бақылауға алғаны күмәнсіз еді. Ауылдың тірлігі де қызық қой – кешкісін өрістен мал қайтады, жылқы ағытылады, қой қораланады дегендейін, абыр-сабырмен жүргендердің түннің бір уағында ғана тамақ ішуге уақыт табатыны ешкімге жасырын емес, әрине. Бұл мезгіл әсіресе әйелдерге сын. Тамақ ішілгеннен кейін еркектер күнұзақты дала шаруасынан қажығандарын таныта отырған орындарына қисая кетсе, әйелзаты дастархан жинау, ыдыс-аяқты жуу деген тірлікпен айналысып ұзақ жүріп алады. Бұл жұмыстың бәрі және көзден таса, сырттағы жеке салынған жазғы ас үйде өтетіні әмбеге аян. Міне, дәл осы тұстың ойға алғанына таптырмас орын екенін Қайсар да санасына әбден түйіп алған. Ақыры кезі келгенде ойлағанын іске асырғанына аспандағы ай куә.
Үлкен қара пышақ кеңірдегіне жанасқанда Қатираның көзі атыздай болған.
– Астапыралла… – деген ол алғашында не болғанын түсінбеген қалпында шошына, – Өңім бе, түсім бе?..
– Өңің ғой, өңің. Оның несіне таң қалып тұрсың, – деген бейтаныс қарақшы сыпайы түрде, – Сағатың соқты, енді сені соттайтын боламын!
– Астапыралла! Ол тағы қандай сот?
– Дыбысыңды шығарушы болма! – деп бұйырған енді әмірші, – Ар соты тыныштықты қалайды!
– Ар соты… тыныштықты… Шығармаймын, шығармаймын, тек жанымды қисаң болғаны, – деген әйел өзінің не айтып тұрғанын түсінбестен.
Әмірші-қарақшы құлақ түбіне қайта сыбырлаған:
– Айтқандарымды орындасаң өлмейсің. Ал, шиқ етсең қара қаныңды ағызамын, білдің бе?!
«Шиқ» етсең дегенді «үн шығарсаң» деп түсінген Қатира басын изей берген.
– Түсіндім, түсіндім.
– Түсінсең ауызыңды жап!
– Жаптым, жаптым. Жанымды қия гөр…
– Онда менімен бірге жүресің.
– Қайда?
– Шиқылдама!
– Шиқылдамаймын, шиқылдамаймын.
Шынында ас үйден шыққанда да, ауылдың сыртын айналып тоғай жақты бетке алғанда да Қатира «шиқ» етпеді. «Шиқ» етпек тұрмақ тілін кәлимаға келтіруге батылы жетпеді. Басына кигізілген қапшықтан пысылдаған дыбысы ғана естіле томпаңдады да отырды. Анда-санда әлденеге сүрініп кеткенде оны жігіттің қуатты қолы құлатпай демеп қалатын.
Бір қызығы, танығандықтан ба, жайшылықта көрінген қараға бола ауылды бастарына көтере үретін иттер, бұл жолы бұлар ауылдан шығып кеткенше балп-балп етіп мазаларын алмады. Бастарын оқыстан көтеріскендерімен «сендер де түн баласында тыныштық бермейді екенсіңдер», дегендей қорқ ете қайтадан қисайып, шөп-шалам айналасында керенау ұйықтай берді.
Олар ұзақ жүрді. Түн қараңғысында бағытты аңғару мүлдем мүмкін емес-ті. Тек, оң жақ тұстан жерді солқылдата өтер поездың жаңғырығы ғана теміржолдан ұзай қоймағандықтарын білдіретін. Ендеше, дәу де болса тоспаға егілген ағаш бойын жағалап келе жатқандары күмәнсіз. Күмәнсіздіктің тағы бір дәлелі анда-санда қарқ еткен адасқан қарғаның түнгі қарқылының алыстан емес, іргеден шығып тұрғаны.
Түннің бір уағында ғана аялға мұрсат тапқан жігіт Қатираны жуандау діңге байлай бастады. Қол-аяғын әбден шандып тастағанда әйелдің басындағы қапшықты жұлып ала, былай қарай лақтырып жіберіп:
– Таныдың ба? – деп сұрады мырс ете.
Тастай қараңғыда қалай танысын, Қатира:
– Жоқ, – деп жауап қатқанда Қайсар жан қалтасынан шырпы шығара, оны тұтатқан бойда өз бетіне жақындатты.
– Енді таныған шығарсың?
– Қайсар?!
– Иә, менмін. Соттатып жібергенде «қарасын батырдым» деп ойлағаның анық қой, ә? Жоқ, қарамды батыруға шамаң жетпепті. Батырмақ тұрмақ бақайымнан келмейтін әрекеттеріңмен мені ширата түскеніңді білемісің, өзің? Әй, бірақ… оған анау торғайдың мыйындай мыйың жете қоймас…
Жігіт сөзінің соңын жұта теріс айналып кетті.
– Мына жер қарғалардың отаны екенін білемісің? – деді әріде қасақана, – Сен сияқты қарғалардың отаны. Қарқ-қарқ етуден басқаны білмейтін, боқ шоқудан аспаған, дүниеде қарадан басқа түс жоқ деп есептейтін, өзгелер қиналса алақанын ысқылап қуанатын қап-қара қарғалардың мекені. Міне, ендігі сенің тұрағың осы жер.
Ол арқасына іліп алған жол қапшығынан қоқырсытып бірдеңелерді шығара бастады.
– Мыналар сол қарғаларды шақыратын, оларды сенің алдыңда таластыратын, жетпей қалса көзіңді шұқытатын жем деген болады. Сен тамақсау емессің бе? Қарғалар да боқ шұқығанда тамақсаулықтан шұқиды. Арасынан бір түйір дән тапса соған мәз бәрі. Сенің де тіршілік үстінде біреулерге қиянат жасасаң жаның жайланады ғой. Солай ма? Енді қарға – адам, адам – қарға болып қосыла қарқылдайтын боласыңдар.
Қайсардың қол фонары да бар екен. Соны жарқылдата жүріп ана тал, мына талдарды аралап қайтты. Әсіресе, ағаш бұтақтарына ілінген ұяларға назар аударып, соңынан көңілі тоғайғандай шат күйде оралды.
– Жақсы, – деді сонсын алақанын ысқылай, – енді таңертең және ұзақты күн мына жерде симфония ойналатын болады. Кәдімгі өмір мен өлім, сонымен қатар адам мен қарға симфониясы. Оның ерекшелігі қарға адам болуға ұмтылса, адам қарға болуды армандайды. Болады да. Өйткені, еркіндікте жүрсе де қарға балапандарына жете алмаса, адам боқ шоқыса да қарғаның еркіндігіне жетпей құсалы. Міне саған пәлсапа!
Мұны құлағы шалғанда Қатира:
– Сонда мені өлтірмекпісің?.. – деп қалғанда Қайсар қарқылдай күлді.
– Сені өлтіріп мойыныма қан жүктеп қайтемін, онсыз да өзің өлесің ғой, дүйім жұртқа мазақ болып, – деді де сәл аялдай қалып сөзін қайта жалғады, – Өлтірсем де обалың жоқ. Өйткені, мен бәрібір балаңның өлімі үшін жаза өтеген адаммын. Жалған өлім үшін жалған жаза өтеген пендемін. Шындығында Еріктің қалай өлгенін айтайын ба?
Қатира үндемеген еді, жігіт сөзін әрі сабақтады:
– Сен оны білмеген емессің — білдің, өйткені ақшаны сенен алып тұратынын айтқан. Ол нағыз нашақор болатын, солай ғой! Әрине, мойындамайсың. Сол күні де ол біртүрлі еді. Еліріп алған, лепіріп келе жатқан. Монстр болғысы келетінін жасырмаған. Дүниені ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауды арман ете сөйлеген. Дәл осы қалпында одан өткен күшті, одан өткен жылдам, одан өткен айлакер адам жоқтай сезінген. Тіпті жүйткіп келе жатқан тепловоздың алдынан қарғығанда анаусы жылдамдықтан шаңына ілеспейтінін дәлелдегісі келген. Не болды? Соғылды. Соғылды да жаны жаһаннамға аттанды. Міне, саған шындық! Ал, сен осы шындықтың құрбандығына мені байладың. Неге? Балаңның ұрлығын жасыру арқылы оны жаман атақтан құтқарып қалу үшін сөйттің. Ақыры…
Қайсар жанарына тығылған жасты жасыру және дауысында пайда болған өксікті басы үшін сәл аялдады.
– Менің бар өкінішім – сенің ойыныңның құрбандығына мен ғана емес, ешкімге ешқандай жазығы жоқ шешемнің де айналғаны. Айта қойшы, мен сотталдым, айызың қанды, ендеше неге менің анама шүйліктің, ә? Оның бар жазығы – байыңды соттатпағаны ма?
Қатираның тілі байланып қалғандай еді. Ол өмір мен өлім арасындағы тайталаста қайсысының жеңерін білмеген қалпы дағдарып тұрған.
Міне, осыны түсінген Қайсар тамақ кенеді.
– Тағы қайталаймын, сені өлтірмеймін. Мен қан иісін сезінсе құтырып кететін қорқау емеспін. Сен өз ажалыңнан өлесің. Ал, оның қалай болатыны екеуімізге де белгісіз.
Жігіт кетуге жиналғанда Қатираға тіл бітті:
– Мені бұл жерде қалдырма, мен қорқамын, – деді ол дауысы жалынышты шығып, – Сен де менің балам емес пе едің…
– Ол сөзді осыдан он жыл бұрын айтуың керек еді.
– Кешірші! Мені құдай үшін кешірші!
– Жақсы. Құдай үшін кешірсем кешірейін. Тек ауызыңды жауып тұршы!
Жол қапшығынан желімді қағаз шығарып оны әйелдің ауызына жапсыра салды.
– Міне, енді есеп айырыстық!
Сонсын қол фонарын жарқылдата жүріп ана тұс, мына тұстағы ұялардан тыныштықтағы қарғаларды мазалай бес-алты балапан ұрлады да, оларды Қатираның аяқ жағына, бас жағындағы жуандау бұтақтарға орналастырған бойда қолын қанат қыла қаққылаған әрекет жасай «қарқ, қарқ» деп атойлап ұша жөнелген кейіпке ене ұзай берген.
Ол шынында ұшып бара жатқан еді…
***
Қатираны жабыла іздеген жұрт, әлдеқандай аттылының «Әрідегі мүйісті қараңдаршы, сол тұста бірдеңе болып жатқандай. Өйткені қарғалардың шуылы қатты» деген сілтемесімен үш күн өткенде тапқанда әйел қараағашқа әлі байлаулы қалпында болатын. Өңнен өң, түстен түс қалмаған оның құр сүлдері ғана тұрған. Ештеңені түсіне алмас, ештеңеге мән бермес мәңгірген біреу талға сүйене қалғып кеткендей-ді. Тек, улап-шулағандардың айғай-сүреңінен оянғандай болған шамада көздері алақ-жұлақ ете тілге келген:
– Ол қ-қа-қарға боп ұ-ұшып кет-кетті, – деген сол қалпында тұтыға.
Жиналғандар түкке түсінбестен иықтарын қушитысқан.
– Кімді айтасың, қарағым-ау?
Қатира кекештене қайта дыбыс шығарған:
– Сол. Со-о-ол ғой… А-нау… Ананы ай-та-мын-н-н… Ол ұшы-ы-ып кеткен…
– Қайда?
– Анау жақ-қ-қа. Алыс-с-қа-а…
Басы қалтақ-қалтақ етеді.
– Айтып тұрғаның кім? Қайсар ма?
– Қарға деймін… қар-р-ға… Маған саң-ғ-ғып кетті-і…
Жұрт түкке түсіне алар емес.
– Сонда ол қараағаштағы ұясын тастап кетті ме?
Қатира қалш-қалш етті.
– Жо-о-о-оқ, мені тастап кетті! Ол қарға! Қарға-а-а-а!..
Дүние қарқ-қарқ етіп дүрлігіп жатқан.
Төкен ӘЛЖАНТЕГІ




