ҚАРАСӨЗДІҢ ХАС ШЕБЕРІ. Ж.Аймауытов романдарының көркемдік әлемі

Сан кырлы дарын иесі Ж.Аймауытов халқымен қайта табысып, шығармалары ұлттық рухани қазынамыздың төрінен тиесілі орнын алды. Оның «Ақбілек» романы – жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиетінің биік бір шыңы, профессионал казақ романының озық үлгісі. Роман идеялық жағынан болсын, көркемдік қасиеттері болсын, бүкіл қазақ әдебиетінің классикалық туындыларының қатарында.
Романда революциядан кейінгі кездерде әрі-сәріге түскен қазақ аулының көрінісі көркемдікпен кестеленеді. Алыс Алтай өңіріндегі бір ауылдың тіршілігін суреттеу арқылы автор сол кездегі бүкіл қазақ даласының өмір тынысынан хабар береді. Түкпірдегі қазақ ауылы. Баяғыша бір қалыпты тіршілік… Қызыл әскерлерден жеңіліп, шетке ығысып кеткен ақгвардияшылар…
«Ақбілекте» өмірдің қатал шындығы бір ғана қазақ қызының тағдыры арқылы бүкпесіз шынайы шырай тапқан. Азып-тозған ақгвардияшылардың офицерлері де азғындаған. Оларға адам өлтіру, адам тағдыры түк те емес. Қазақ ауылдарына қасқырша шабуыл жасайды. Ақбілектің ауылын талап, анасын өлтіріп, өзін олжа қылып алып кетеді. Оң жақта солқылдап бой жеткен, құда түсіліп, әне-міне тойы болайын деп отырған ай десе аузы, күн десе көзі бар ақылды ару Ақбілек есірген орыс офицерінің ойыншығына айналды. Бақытты болашағы гүлдей семіп, «орыс көрген» қарабет болып шыға келді.
Бірақ өмір де шахмат ойыны іспеттес. Ақбілек те көптеген тауқыметтерді басынан өткеріп, бақытты өмірге қайта оралады; Балташтай азаматпен бақытты отбасын құрады. Романның соңында күйеуі Балташпен бірге туған ауылына келеді. Өгей шешесіне (бір кезде күн көрсетпеген) дейін тік тұрып қарсы алады. Аулына баяғы қарабет Ақбілек емес, азамат Ақбілек болып оралады. Бір кезде қаншама өкініш, қасірет әкелген, өлдіге санап келген ұлы Ескендірмен табысады.
Жазушының тіл шеберлігіне таң қаласыз. Романды бастап оқығаннан-ақ қазақтың құдіретті қара сөзі бар болмысымен жарқырап көрінеді. Жалт-жұлт еткен, сәуле шашқан асыл сөздер сиқыршыдай арбап, елтіп әкетеді. Тіпті, прозалық шығарма емес, өлең жолдарын оқып отырғандай әсерде боласыз:
«Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар.
Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен күр-күр еткен Күршім бар» (Ж.Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Алматы, 1996, 144-бет). Енді осы сөйлемдерді буын, бунақ, ырғақ, ұйқас, тармақ, шумақ секілді поэзиялық талаптарға орай орналастырсақ,
«Өскеменнің ар жағында,
Бұқтырманың оң жағында
Әлемге аян Алтай бар.
Сол Алтайдың күнгейінен
Құбыла жаққа құлай аққан,
Құлай ағып
Ертіс түскен,
Күр-күр еткен
Күршім бар» –
деген өлең жолдары сияқты оқылады. Немесе, мына бір абзацты өлеңше оқып көрелік:
«Маркакөлдің суы балдай.
Марқакөлдің суын ішіп,
Отын жеген
Сары қарын,
Тұтам емшек
Жануардың бауырынан
СҮТ сорғалап,
СҮТ емес-ау,
Құрт сорғалап
Көнек-көнек лақылдайды:
Қара саба емізіктеп,
Қою салқын сары қымыз, бытылдаған дәрі қымыз,
шара-шара шыпылдайды,
Бір шарасын ішкен адам
дәл қор қызын құшқандай боп, беті шиқан дуылдайды,
аузы қобыз гуілдейді,
мас болады,
жас болады:
Жел жетпеске мініп алып,
Алтай тауын дүсірлетіп,
Таудың тасын күтірлетіп,
Көкпар, жарыс,
алыс-жұлыс, асыр салып жатқаны».
Ақ өлең үлгісімен жазылған бұл жолдардың нағыз поэзиядан несі кем!? Суретшілік жағынан келгенде, анау-мынау поэзияның өзін жолда қалдырып, көркемдіктің кестесі тасып төгіліп жатқан жоқ па?!
Ауылға ақтар шабар алдындағы Ақбілекті былайша көркемдейді:
«Мамырбайдың Ақбілегі,
Ақбілегі – жас түлегі,
Айы-күні жалғыз қызы
Алтын сырға, күміс шолпы,
сылдырлатып,
Ақ көйлегін көлеңдетіп,
Қызыл-жасыл-көрпелерін
Қағып үйге әкелген еді» (Бұл жолдарды да өлеңше бердік. Д.Ы.).
Иә, Жүсіпбектің тілі – өте көркем. Бұл роман ең алдымен, несімен құнды дегенде, көркем тілімен дер едік. «Ақбілекті» сезімсіз оқу мүмкін емес. Ойды қозғап, сезімді селт еткізуге келгенде, Жүсіпбектің тілі – тым сиқырлы.
Өзін ақтың офицері масқаралап, айдалаға тастап кеткеннен соң, Ақбілек әрең дегенде түңде қоршаған қасқырлардан аман қалып, елін іздеуге шығады. Аулына жақындай бергенде, есіне бір жағынан, өлген анасы түсіп, екінші жағынан, өзінің абыройынан айырылып, қарабет болған қалпына күйініп, «Ақбілек жылай берді, жылай берді». Автор осы жерде Ақбілектің мұндай тағдырына шын аяушылық білдіріп, егіл-тегіл сөйлеп, өз сезімін, өз ойын білдіреді:
«Сорлы Ақбілек, Сен жыламай, кім жыласын! Тас емшегін жібіткен, тар құрсағын кеңіткен аруанадай анадан айырылдың! Келешектегі бақытты өміріңнің кілтіндей көріп, сары майдай сақтаған алтын қазынаңнан айырылдың! Ар-ұятың төгілді, адамшылығың жойылды. Жас нәуетек жүрегің – соқпай жатып өрт болды. Жаңа шыққан жауқазын – піспей жатып жоқ болды. Шам-шырақтай жас жаның – жанбай жатып жоқ болды. Есіл ерке балалық – аяққа құйған астайын шолтаң етті тоқталды. Жыла, жасыңды бұла! Жасыңмен қайғың жуылсын! Теңізді дауыл толқытсын! Құтырсын толқын, туласын! Зарлатқан сені мұндарлар тұншықсын – суың да улансын! Қатын-қызы тұл қалып, сендей болып шуласын!» (сонда, 195-бет).
Бұл жолдардан авторлық позиция айқын көрінеді. Өзінің сүйікті кейіпкері Ақбілектің басынан кешірген ауыр оқиғаларды баяндау барысында автор өзінің суреткер екенін кейде ұмытып кетіп, болып жатқан жағдайларға өз көзқарастарын қалай білдіріп қойғандығын байқамай да қалатын сияқты. Жазушы көбіне үшінші жақтан суреттеу, баяндау әдісін қолданады.
Ал соңғы төртінші бөлім «Махаббат» Ақбілек пен Кәмиланың әңгімесіне құрылған. Жазушы өз кейіпкерлерімен бірден таныстыра салмайды. Әдетте кейіпкерін оқиға барысында сырттай бір көрсетіп алады да, «осыған назар аударыңдар, кейін бізге керек, алда кездесетін, ісіміз түсетін кісі» дегендей, ескертіп қояды да әрі қарай оқиға желісін жалғастырып кете береді. «Бұл не қылған адам екен?» – деп оқушы да ынтыға түседі.
Жалпы, романның әр жерінде әлденеше рет автор шығарма сахнасына шығып кетіп отырады. Мұның басты себебі шеберлікпен байланысты болса, кейде автордың азаматтық бағытымен таныстырып отыру ниетінен де туындайды. Мысалы, жазушы оқиғаны ретімен суреттеп келе жатады да тоқтай қалып, оқушысына бір нәрсені түсіндіре бастайды: «Саулы бозінген» дегенге түйе екен деп қалмаңыз. Түйеден кісі ұн сұрай ма? Бұ қазақтың жыны бар ғой, әжептеуір кісіні бозінген деп шығарып. «Бұт жимас» демегеніне де шүкіршілік! «Саулы бозінгеннің» кім екенін айта кетеміз бе? Неміз кетіп барады? Бос сөзге жанымыз құмар ғой, айтсақ айта кетейік» (сонда) деп, қазақтың сөзқұмар, әңгімешіл әдетімен оқушысын өзіне бір қаратып алып, әрі қарай тағы да жалғастырып кетеді.)
Әйтпесе, «Доғаның ойыңда бір сұлу қыз да бар еді. Сол қыздың реті Әбен жақтан келе ме деп дәмеленуші еді. Неліктен оның сұлу қызға құмар боп жүргенін кейін естірсіз. Әзір түсін ашпай тұра тұрайық» /234/ деп, оқырманын онан әрі ынтықтыра түседі.
«Торы шолақты неге сөз ғып отыр деп қоқыраймаңыз. Оның кішкене кілтипаны бар» /281/ – деп, ескертеді.
Біраз күн бірге болған соң, ақгвардияшылар Ақбілекті тау ішіне жалғыз тастап кетеді. «О кезде ызғырығы ызылдап, бойды мұздатып, сабалақ қара бұлттар түн жамылған күздің көзсіз қара бурасындай шөгіп, сай-салаға бауырын төсеп, дүние қарауытып келе жатыр еді». Осы жерде тағы да автордың Ақбілекке араша түсіп, жан ұшырған даусын естиміз:
«Саялдық қара бұлттар-ау! Ақбілектің жанын тұншықтырған қара тұман аз болды дедіңдер ме, үстіне мұнша төнгенше, анау асқар таулардың басына төнсеңдерші!
Күздің сарғыш жапырақтары-ау! Кімді әлдилеп, сыбырлап тұрсыңдар? Қалың бұтаның қайғысыз, қамсыз бөденелері-ау! Несіне қара түнді жаңғырықтырып тұрсыңдар? Сұлудың жүрегін жанышқан ауыр шерді сендер сейілтем дейсіңдер ме?.. Бұлттар-ау, серпілмейсіңдер ме?
Жапырақтар-ау, сыбдырлап жерге төгілгенше, шерлі сұлуға сая болсаңдаршы!
Ызғырық-ау, ызаланғанша, жапанда жалғыз қалған баланың әкесіне хабар берсеңдерші!».
Автордың мына төмендегі сөздерін тебіренбей оқу мүмкін емес. Кімге болса да ой саларлық.
«Ой, қарындастар-ай! Дүниеде сөз баққан адамның атағына қызықпағайсың! Өзіңді өзің күң қыласың! Ой, балалар-ай! Дүниеде бойың өспей, бұғанаң қатпай тұрып, туған анаң өлмесін! Жас жүрегіңді қаңды жаспен шер қыласың! Көк өрім, жастар-ай! Көкірегіңде жылы жүректі бауырмалдықты кім берді саған? Әлдилеп, аялаған, аяған, бәйек болып, бағып-қаққан кім сені? Ана… Ана… Мейірімді ана. Адамды сүйгіш, ар-ұятты, көргенді бала болсақ, әкемізге бір есе, анамызға он есе борыштымыз. Тәжім еттік бізді тәрбиелеген аналарға!»…
Ж.Аймауытов – портрет жасаудың шебері. Мысалы, орыс офицерінің портреті былайша мүсінделген: «Оң қолын Ақбілектің үстіне артып, қақ қасында бетінен түгі шыққан, шашы дудыраған, істік мұрын жирен орыс жатыр. Оның бейнеусіз аңқиған, жырық ерінді, дүрдек аузынан шыққан демі Ақбілектің бетіне тамұқ лебіндей тиіп, денесін тітіркендіреді». Осы сөйлемдердің өзінен-ақ барымталап алып келген жемтігімен жетісіп жатқан жыртқыш офицердің бар бітім тұлғасы толық көрінгендей болады. Немесе, Ескендір дуана былайша суреттеледі: «Тани кетті Ақбілек: етегін кірмен зерлеген, төбесін үкі сәндеген, басына найза ақ тақия, қолында шәңгіші асасы, асасының өн бойы шығыршық, кепшік, сылдырмақ, ұшы қозы жауырын, мойнында хұсыр тасбысы, танауы таңқиған, омырауы аңқиған, кеңірдегі сорайған, жіліншігі сидиған, саусақтары сыпсиған, үркек малша оқшиған, бес тал шашы шоқиған, шынжау етті, шың бетті, жағына пышақ жанитын, бір көргеннен танитын Ескендір екен кәдімгі». Бұдан артық қаңдай портрет керек.
Романда көп сөзділік, ұзақ-сонар баяндаулар кездеспейді. Қысқа да жанды образ айшықты бояулар көз тартады.
Ақбергеннің бейнесі: «Ақбергенде кәрі шеше, екі сиыр, бір қатын, бір ат, содан басқа мал-жан жоқ. Оразасын өз үйінде ашқан, қысы-жазы үйде тұрған жан емес. Ол әрі құсбегі, әрі мерген, әрі әнші, әрі жақсы жолдас». Міне, екі-үш сөйлеммен-ақ Ақбергеннің қандай жан екендігі толық көрініп тұр.
Жалпы, Ж.Аймауытов – психолог жазушы. «Жан жүйесінің» авторы өз кейіпкерлерінің жан дүниесіне терең бойлап, нәзік сезім иірімдерін жіті сезіне білген. «Ақбілекті» қазақ прозасындағы алғашқы психологиялық роман десе де болғандай. Бейнелерді сомдаудың басты құралы ретінде психологиялық толғаныстар жиі қолданылған. Жазушы кейіпкерлерін алғаш шығарма сахнасына шығарғанда, анадай еді, мынадай еді деп көп тәптіштеп жатпайды. Оларды бір-бірлеп сахнадағы артистей оқырман алдына шығарып, өзі туралы, өмір туралы толғаныстарын айтқызады. Бекболатпен, ақ офицерімен, Мұқашпен біз осылайша танысамыз. Романның басталуында оларды сырттай ғана байқап қалсақ, еңді олардың кім екендігін жақсы білеміз, тіпті, олардың жан сырларына дейін хабардармыз.
Жазушы өзінің сүйікті геройы Ақбілекті бейнелеуге барын салған. Ақбілектің жан күйзелістері былайша суреттелген: «Асуға шыға бергенде, артына бір қарады. Аяқ астында томардай томпиып қостар тұр. Анау тау жылғасындағы ағаш, анау көгал, анау сай-сала, анау орқаш-орқаш тас — Ақбілектің адамгершілігін аяққа таптаған, абыройын төккен жер. Оларға көзі түскенде күйінген, өкінген, жиренген, әйтеуір, өзегін өртеген бір жаман сезім пайда болды. Төрдегі таза төсенішті былғап кеткен күшігі желкесінен ұстап, өз тезегіне өзінің тұмсығын тигізсең, қандай жеріп, қыңсылап, кейін шегінеді. Артына қарағанда Ақбілек те сол күшік тәрізді болды. Қарағысы келмеді, теріс айналды».
«…Бір қайғының үстіне бір қайғы жамылып, Ақбілек ең соңғы алданышынан айырылғандай, ойын қара тұман басты. Кешегі «өлгенім жақсы еді» деген ой тағы келді. Өзін бұл дүниеге керексіз, артық адамдай, жұртта қалған бұралқы, жұрын күшіктей көріп, табан тірерлік, сүйенерлік аяқ астында алақандай жер қалмаған адамша жаны түршігіп, жүрегі аузына тығылып, көзінің жасы көл болып аға берді, аға берді»…
Бұл жолдардан өкініш пен өксікке толы күйінішті өмір кешкен Ақбілек бүкіл бар болмысымен, жан дүниесімен көрінеді. Оның жан толғанысы авторлық баяндаумен жымсыз астасып, біртұтас суретке айналады. Іс-әрекеттің ішкі мазмұны мен сыртқы көріністері тұтастық табады. Өмір – өткінші. Тағдыры қайшылығы мол қоғамда өмір тәлкегіне ұшыраған Ақбілектің жан күйзелістері, аянышты халі кімді де болса тебірентпей қоймайды. Романның басында Мамырбайдың толған айдай толықсыған «айы-күні – жалғыз қызы алтын сырға, күміс шолпы сылдырлатып, ақ көйлегін көлеңдетіп» жүрген бақытты ғұмыр иесі Ақбілекті көрсең, артынша-ақ болған қыздың жас өмірі қайғы-қасіретке толады. Қоғамдағы түрлі керітартпа кеселдердің кесірі адам жанын жазылмас жараға айналдырғанына қарамастан Ақбілек жаңа заманның арқасында өз бақытына қолы жетеді.
«Ақбілекте» Ж.Аймауытов адамның ішкі жан дүниесін суреттеудің асқан үлгісін жасайды. Әсіресе, әйел психологиясын терең біледі. «…Дүниеде әйел бір-бірімен өштеспесін. Әйел өштессе, аяу дегеніңді білмейді, ар-ұятты, адамгершілікті ұмытады, қай-қайдағы жараның аузын жұлып алатын нәзік жанды жерді аңдиды, қай-қайдағы жан шошырлық былық іске кіріседі ғой. Әйел шақса, шаяннан бетер шағады. Әйел өмірі кешірмейді».
Әйтпесе, мына бір пендешілік психологияға назар аударалықшы: «өйткені адам-айуанның айуаны ғой. Кімнің басына зобалаң туса, соны табалауға, мұқатуға, одан әрі батпаққа батыруға құмартып тұрады. Табаласа, аяғымен таптаса, сонда айызы қанады. Әсіресе, ел мақтаған, кірсіз адамды кірлеуге жаны өш болады. Өйткені, кір көңіл адам кірсізді көре алмайды, күндейді, оны да өзімен бастас, өзіндей қылуға тырысады». Иә, мұндай ойлы адамдар да кездеседі. Өмірді кейін тартатын да, қиындататын да – осындай ойлар. Кез келген адал ниетті қарапайым адамның да теріс ойдың жетегінде кетіп қалуы мүмкін. Романдағы екі баласынан тірідей айрылып, Мамырбай шалға зорлап қосылған Өрік те өз тағдырының ауырлығын Ақбілекті мұқатудан жеңілдеткендей сезінеді…
Романның сюжеттік желісі мен композициялық құрылымы шебер қиыстырылған. Ә дегеннен-ақ, көркем сөздің құдіретіне елтіген оқушы шығарманың соңына қалай шыққанын байқамай қалады. Бітіп қалғанына реніш білдіргендей, бауыр басып, сырлас болып кеткен кейіпкерлермен қимай қоштасқандай әсерде боласыз. Күтпеген жерден Ескендірдің Ақбілектің баласы екенін білгенде, анасы мен баласының қосылғанын көргеңде, жазушының дарқан дарыны мен шын шеберлігі өзіне тәнті етпей қоймайды. Көтеріңкі романтикалық леппен басталған роман «Марқакөлдің жиегінде Мамырбайдың Ақбілегі, жас Балташтың сүйген жары Ескендірін құшып, сүйіп, бала болып, ана болып, көп әйелден дана болып, кеудесіне бағы сыймай кемерінен аса шыпылдайды» деген жарқын жолдармен аяқталады. Иә, адам өмірге бақытты болу үшін келеді. Сол үшін күреседі. Бақытты болуға әркімнің де хақысы бар. Ақбілек те сол арманына өмірдің қым-қиғаш бұралаң жолдарымен жүріп жетті. Романның соңғы жолдары Ақбілек сияқты қиындықты көп көрген қарапайым қазақ әйелдерінің бақытты өміріне арнап жазылған гимн сияқты.
«Ақбілек» романында орыстар бір ғана жағдайда – қызылдардан жеңіліп, шетке шегініп, ығысқан ақгвардияшылардың бейбіт жатқан елді шауып, адамын өлтіріп, малын талап, қызын алып кеткен кезде және қашып барып, тау ішінде тығылып жатқан жерінде көрінеді. Керек десеңіз, бұлар шын мәніндегі ақгвардияшылар да емес. Соғыста жеңіліп, қашқынға айналған аз ғана арып-азған топ. Олар – халық өкілдері емес, халқы шетке теуіп шығарған азғындар. Сондықтан да олар қандай халықтан болса да қорқады; күндіз елсізде тығылып жатып, күн көру үшін түнде қарақшылық жасайды; күндіз жүріп, адамдардың бетін көруден де сескенеді; сондықтан да түнде жортқан адам кейпіңдегі қасқырларға айналған. Олардың іс-әрекеттері де, мінез-құлықтары да жыртқыштардікінен ешбір аумайды. Тау арасындағы қоныстары қасқырлардың апанын көзге елестетеді. Міне, ромаңда бейнеленетін ақгвардияшылардың кескін-келбеті – осындай. Бұл жерде тағы да ескерерлік бір жәйт автор қызылдардан жеңіліп, қашып шыққан ақгвардияшылардың аз ғана тобы туралы ғана әңгіме қылған. Олар орыс халқының өкілдері бола алмайды. Олар қай халықтың да болмасын, арасыңда бірлі-жарымды кездесетін азғыңдар тобының бірі ғана. Азғындардың шағын тобы мен тұтас бір халықтың арасына теңдік қою қай жағынан келсең де, қалай дәлелдесең де дұрыстыққа жатпайды.
«Ақбілекке» баға бергенде, осындай мәселелерді ескерген жөн. Ромаңда суреттелген патшаның ақгвардияшылары екеңдігі күні бүгінге дейін ескерілмеді, ескерсек те саясат саудасына әдейі бұрмаланып келді. Ж.Аймауытовтың романында барлық жағынан да жеңіліс тауып, қашқынға, азғынға айналған топтың идеялық, моральдық бет-пердесі барынша ашылып көрінген. Жеңілген әскерлерде моральдық-психологиялық ахуалдың барынша төмен болатындағы мәлім. Ертеңгі күнге деген үміттері толық үзіліп, қарақшыға айналғаңдардың іс-әрекеттері де нанымды көрініс тапқан. Қарақшыларға айналса да олардың өмірге деген өз түсініктері бар. Олар да өздерін дұрыс жолда жүрміз деп есептейді. Ақгвардияшылардың «өмірлік философиясы» офицердің ой-пікірлері ретіңде беріледі. Оның да өмір сүргісі келетіндігі, сол үшін күресуге хақысы бар екендігін сыр ғып айтқандығын оқимыз.
Жазушы өз кейіпкерлерін тек іс-әрекеттері арқылы ғана емес, ішкі жан-дүниесін де суреттеу арқылы оқырман талқысына ұсынады. Кейіпкерлерін жағымды, не бірыңғай жағымсыз етіп біржақты суреттеу – Жүсіпбекке жат. Адам жаны, өмір қаншалықты күрделі болса, суреткер сомдаған образдар да – соншалықты күрделі. Сондықтан да «Акбілектегі» кейіпкерлерді бірыңғай жағымды, жағымсыз деп бөліп, бағалауға келмейді. Әрбір кейіпкер қоғамдық өмірмен диалектикалық байланыста бейнеленіп, қоғамдағы қайшылықтар олардың да бойынан көрініс тапқан. Жүсіпбектің ақгвардияшылары да қайшылығы мол, күрмеуі қиын кездерде дұрыс жол таба алмай адасқандар; өмір ағынының ауыр толқындарына шыдай алмай, дауылмен жағаға шығып қалғандар. Енді кері қайтайын десе, өздері қиратып кеткен өткелдерден өздері өте алмай жүрген мұндарлар.
Романда бірде бір ақгвардияшының аты аталмайды. Өйткені, авторға олардың аттарының қажеті шамалы. Жергілікті халық оларды тонаушылық іс-әрекеттеріне қарап бағалап, аттарымен емес, «ақгвардияшыл орыстар», кейде тіпті «орыстар» деп те атаған. Жазушы да алдына олардың жекелеген өкілдерінің емес, коллективтік бет-бейнесін жасауды мақсат тұтқан. Өйткені, олардың, мейлі ол офицер болсын, мейлі қатардағы ақгвардияшыл болсын, бір-бірінен айырмасы – шамалы. Бұл мақсатын жазушы өз дәрежесінде орындап та шыққан. «Ақбілек» романының жетістік жақтарының бірі онда саяси және қарулы күресте ойсырап жеңіліп, аз ғана азғын қарақшылар тобына айналған ақгвардияшылардың біртұтас бейнесі жасалуында жатса керек.
Ақ әскерлердің ішінде тек екі офицердің ғана жекелеген іс-әрекеттері көрінеді. Онда да олардың аттары белгісіз: «қара мұрт», «жирен орыс» аталған. Бұл екеуі де – патша офицерлерінің өкілдері. Олардың да өз моральдары, өмір сүру принциптері бар. Олжаға түскен Ақбілекке екеуі таласады. Кім күшті болса, олжа соныкі. Бір бағытта, бір мақсатта бірге соғысып жүрген, не бір қиындықтарды басынан бірге өткізген қанды көйлек достар нәпсісін тия алмай, жекпе-жекте бірін-бірі өлтіруге дейін барады. Ақгвардияшыл офицерлердің бет-пердесі осындай. Сонда бұлар өзіне-өзі ие бола алмай жүріп, қалайша комаңдир болып, әскер басқарып жүр деген заңды сұрақтар туады.
«Ақбілек» романы алғаш рет «Әйел теңдігі» журналында (1927, №2,5,10,11; 1928, №3,4,9,10) жарияланды да жеке кітап болып шығуға тағдыр жазбады. Романда «орыс» сөзінің көп қолданылуының өзін сол кездегі солақай саясаттың салдарынан солақай сын тұрпайы түрде орыс халқына қарсы жазылған шығарма деп түсіндірді. Авторына саяси кінәлар тағылып, «халық жауы» ретінде қамалып, жазықсыз жазаға ұшырады. Романның сол кездегі өмір шындығын шебер суреттеген көркемдік тамаша табыстары аяқ-асты болып, алпыс жылдан астам зорлықшыл саясаттың салдарынан елде ескерусіз қалып келді. Әрбір қалам қайраткері өзіне дейінгі көркемдік дамуға қандай үлес қосты, қаншалықты із қалдырды деген тұрғыдан бағаланады десек, бүгінгі ұлттық сана-сезіміміздің өсіп, өткенімізді тағы да сын көзімен бағдарлап жатқан тұсымызда Ж.Аймауытовтың өмір шыңдығын шынайы бейнелеген «Ақбілек» романы ұлттық әдебиетіміздің төрінен орын алуға лайықты кесек туынды деп білеміз.
Ж.Аймауытовтың көркем де кесек туындыларының бірі – «Қартқожа». Көлемі шағын болғанымен де жазушы роман деп атап, соған лайық жүк арта білген. Сол себепті де «Қартқожа» қазақ әдебиетінің роман жанрында жазылған тұңғыш толымды туындыларының қатарында. Төңкеріске дейін де, кейін де қазақ әдебиетінде дәстүрлі поэзия басым дамып келсе, әдебиеттің кемелдікке ұмтылуының бірден-бір көрінісі саналатын проза саласында алынған алғашқы асулардың бірі де осы «Қартқожа» романы болатын.
Роман кітап болып 1926-жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылорда қаласында басылып шықты. «Қартқожа» қазақ даласына қазан төнкерісі әкелген өзгерістерді шынайы көрсете білген көркем шығармалардың бірі болуымен де құнды. Осы жерде революция тақырыбына алғаш арнайы жазылған С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романының 1927-жылы шыққанын еске алатын болсақ, одан бір жыл бұрын шыққан «Қартқожаның» қазақ әдебиетінің тарихында аларлық орны да биіктей түседі.
Жүсіпбек романының басты кейіпкері – Қартқожа Жұманов. Қартқожа – өмірде болған адам. Ол қарапайым халық арасынан шығып, төңкерісті қуана қарсы алған, кейіннен партия-совет жұмыстарында бірталай қызметтер атқарған белгілі азамат болатын. Аралас-құралас жүріп жақсы білетін Қартқожаның өмір жолы, тағдыры жазушыны қызықтырып, толғандырып, еріксіз қолына қалам алдырғандай. Автор шын өмірдегі Қартқожаның әдебиеттегі көркем бейнесін жасай отырып, алдына дүбірлі кезеңнің қазақ даласына әкелген түбірлі жаңалықтарын суреттеуді мақсат тұтқан. Қартқожа жүріп өткен жолдар – бір ғана адамдікі емес, сол кездері саяси-әлеуметтік істерге енді араласа бастаған оңдаған, жүздеген қазақ оқығандарына да ортақ жол. Қартқожа – революциядан кейін оянып, қоғамдық өмірде өз орнына ие бола бастаған көзі ашық қазақ жастарының типтік бейнесі дәрежесінде көтеріле алған сом тұлғалардың бірі. Б.Майлин Мырқымбай арқылы кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қазақ жалшыларының классикалық көркем бейнесін жасаса, Жүсіпбектің Қартқожасы да – осы қатарда тұратын оқыған қазақ азаматтарының жиынтық образы. Сол себепті де Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романы жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиеті жеткен жемісті жетістіктердің бірінен саналады.
Романның сюжеттік желісі бір ғана адамның – Қартқожаның өмір жолын баяндауға негізделген. Осы ерекшелігі оған өмірбаяңдық-мемуарлық сипат та бергендей. Бірақ шығармадағы оқиғалар бірінші жақтан баяндалмай, автор атынан суреттеліп отырады да, шығарманың өзіндік ерекшеліктерін құрайды. Романда сол кездегі қазақ даласында бұрқ-сарқ қайнап жатқан оқиғалар Қартқожаның әдеби бейнесін жасау, бас кейіпкердің жүріп өткен өмір жолдарын көркем баяндау барысында көрініс тауып отырады. Яғни, қоғамның жеке бір мүшесінің тағдыры арқылы аласапыран жылдарындағы қазақ даласының көркемдік келбетін жасай алған. Бұл ретте авторлық позиция – анық. Ж.Аймауытов революциядан кейін Қазақстанның жаңаруы жолында жүріп жатқан жұмыстарды қолдайды. Сол себепті де романын «Елі үшін күйген, еңбекті сүйген, ізгі тілекті, ер жүректі, жұртшылық көсемі – жалынды жастарға арнаймын» – дейді. Жазушы өз халқының болашағына, сол болашақтың иесі жастарға сенеді; оларға үлкен үміт артады.
«Қартқожа» үш бөлімнен, көптеген тараулардан тұрады. Бөлімдер рет санымен берілсе, тарауларының әрқайсысына жеке-жеке ат қойылған. Романның композициялық құрылымының шымырлығы соншалық — әр тарау жеке тұрған әңгімедей әсер етеді. Бірінші тарау «Оқу» деп аталады. Осында алғаш кездестіретін адамымыз – Мәжит қожа. Ол жиырмаға тарта баланы алқа-қотан отырғызып, «азан-қазан ғып оқып жатқанының» үстінен шығамыз. Жазушы бас кейіпкерімен таныстыруды да кейінге қалдырмайды. Ол да сол жерде молдадан дәріс алып отыр екен: «Сол балалардың ішінде босаға жақта астында бір жапырақтай тері, мұрнын қос-қостан тартып, қожасының ақ сабауына қарай түсіп, шиге шанышқан бір жапырақ қағазына үңіліп; құнысып бір бала отыратын еді. Жасы 10-11 шамасы болар ма екен, қалай… Екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы сатпақ, көзінің былшығы жөнді тазармайды» ((Ж.Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Алматы, 1996, 32-бет). Бұл романның болашақ бас қаһарманын алғаш көргендегі сыртқы кейпі ғана. Одан әрі автор өзінің кейіпкерімен толығырақ таныстыра бастайды: «Сол баланың қақ-соқпен ісі жоқ, момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрны қоңқиып отырғаны. Жасында болпиған, сүйкімді бір бала болады ғой, тап сол бала осы еді. Құдай оңдап, аты да түріне сай бола кетер ме? Қартқожа… Жас балаға лайық та емес қой» (25-бет). Жазушы өз көңілінің осы бала жағында екенін аңғартып та қояды. Мұндай аттың жақсы естілмейтініне, оның жасқа емес қарияларға лайықтылығына ренішін де жасырмайды.
Автор молданың алдында дәріс алып отырған көп баланың ішінен таңдап жүріп, тауып алған Қартқожасын шығарманың өн бойында көзден таса қылмайды. Кейіпкері қайда жүрсе да артынан екі елі қалмай, не істеп, не қойғанын, не ойлағанына дейін оқушысына ерінбей баяндай береді. Жай ғана баяндау емес, кейіпкеріне деген сүйіспеншілікке толы шабытпен суреттелген кесек-кесек өмір көріністерін көреміз. Барлық оқиғалардың да қақ ортасында қасқиып Қартқожа жүреді. Қасқиып дегенде, үлкен қайраткер ретінде емес, жазушының жан-жақты шебер суреттеуінің арқасында бар болмысымен жарқырай көрінген бас кейіпкердің толық тұлғасының сомдалуын айтып отырмыз.
Жазушы Қартқожаның басынан өткендерін баяңдай береді дегенде, дымын қалдырмай жаза берген екен деп ұқпау керек. Образ сомдауға, идеяға қажетті, әлеуметтік мәні бар оқиғалар ғана қаламның ұшына ілінген. Бұл жайды романның әр жерінде автордың өзі де ескертіп отырады. Мысалы, әскерге алынған Қартқожаның қызмет орнына жеткенше көрген оқиғалары суреттелмейді. Оған мынадай түсінік берілген:
«Аяулы оқушылар! Қартқожаның тартқан бейнетін оқып, жандарыңыз жабыққан шығар, сондықтан сіздерді Қартқожамен бірге қалаға апарып, жігіт алған жерде қаланың саудагерлеріне, бай болыстарға аунатып жегізіп, докторлардың пара алғанын көрсетіп, Қартқожамен бірге жалаңаштап моншаға апарып ауыртып, тоғыз тазбен бірге қамап, дүнгендерден таяқ жегізіп, әуре қылмай-ақ тура майданға алып барғалы отырмыз» (сонда).
Адамды жалықтырар ұзақ сонардан құтқарып, қысқа да болса арада өткен оқиғалардан хабардар қылып, оқырманға «әрі қарай кеттік» дегендей, ынтықтыра түседі.
Романда Қартқожа өмірдің не бір қиын соқпақтарынан өтеді. Қартқожа кедей ортадан шыққан. Әкесі Жұман – момын адам, «ол тірі пендеге зәбірі жоқ», «құдай» деген қоңыр адам. Оның алданышы, азбеніші – ораза ашары; оның қуаты, қуанышы – үш-төрт қарғасы; үшеуі – еркек, бір әйел бала». Ал, шешесі болса, ол да «бір түрлі момын, біртоға жан». Күйбеңдеп шаруасын істеп, балаларының үсті-басын бүтіндеп, анаған да, мынаған да: «Қарағым, шырағым!» – дегеннен басқа, бар дәмін кісіге бергеннен басқа бөтен мінезі жоқ». Осындай от басынан шыққан Қартқожаның мейлінше момын болуы да сенімді. Оның үстіне қатал тағдыр-тіршілік те ел еңсесін көтертпей тастаған. Көптің бірі Жұманның да күн көрісі нашарлап, бала-шағасын асыраудың өзі қиындай береді. Тіршілік жасап отырған төрт-бес малынан айрылады. Оның үстіне табиғат та тырысып, бар кәрін төгіп тұр. «Биылғы қыс қатаң болды. Боқырау болды, боқ қатты. Қарашаның қарын қаңтарға қосты. Ұдайымен алай-түлей ақ түтек боран соқты. Боран ашылса, шартылдаған саршұнақ аяз қысты. Жер – сіреу қар, Жылымық болса, жаңбыр жауды. Жер көк сең, малдың аяғын қызыл жосын қылып, қиып тастады. Күн құлақтанып, шаңытқан ақ пердеге жасырынып, жаңа түскен келіндей ақ дидарын көрсетпеді. Қас қараяр – қараймаста, күн батыстан шатынаған, шақшиған, жалғыз көзді жан алғыштан жаман жарық жұлдыз шығады, күннен күнге шарықтап, көкке өрлейді, жел қасарып, Темірқазықтан таймай ызғырады да тұрады»
Жүсіпбектің қысты суреттеуінде көп сөзділік жоқ. Аз ғана сөзбенен қатал да қатты қыстың қоспасыз көрінісінің үздік үлгісін жасайды. Бұл ретте Жүсіпбектің қыс суретін Абай жырлаған қыс келбетімен ғана салыстыруға келер. Ұлы ақын «кәрі құда қыстың» классикалық образын жасаса, Аймауытов оны ақ пердеге жасырынып, ақ дидарын көрсетпейтін жаңа түскен келінге теңейді. Бұл да жазушының әдебиетімізге қосқан жаңалығының бірі болса керек.
Табиғаттың мұндай жағдайлары елге жамандық әкелмей қоймайды. Жазушының жұтты суреттеуінен де оның тіршілік тынысын терең білетіндігі көрінеді: «Шөптің шығысы жаман, серейген-серейген еркек шөп, бұйдай бас, көде, боз қаптап кетті. Тышқанның шөп жинауы бұзық, інінің төңірегін тап-тақыр ғып тастапты. Құмырсқаның илеуі ортасы шұқырайып кетіпті. Сиыр далаға түнеп, жусамайды, кеш болса, ауылға жүгіреді. Жылқы аңырайып, тыраңдап жатпайды. Малдың ындыны құрып барады, «атау-кересін» жеуге асыққан немеше. Адал құс ерте кайтты (35-бет). Жұт жеті ағайынды дегендей, бар жоқшылық пен қырсық Жұманның үйін де қамалайды. Малды аман алып қалу түгілі жан сақтаудың өзі қиынға түсті. «Қайтсе де, аман қаламыз» деп, Жұман да жанталас әрекетке көшеді. Бала-шағасына напақа іздеп кетіп бара жатқан отағасын көреміз:
«Қарға бір батып, бір шығып, шолақ борбай тырбаңдап, омырауы ашық, көзінен, мұрнынан сорасы ағып, сақал-мұртына сүңгі тұрып, қалтаңдап келе жатқан казақ көрсеңіз, ол – Жұман. Ондай Жұмандар ел ішінде толып жатыр»
Иә, бұл тарихтың ұлы көшінде халқымыздың басынан өткен қиын-қыстау кезендерінің бір көрінісі ғана. Адамдар шыбынша қырылып, опат болған ашаршылықтағы аянышты халі. Халықтық трагедияға жазушы жасаған көркем ескерткіш. Осы қоян жылғы жұтта Жұман да қайтыс болады. Артында аңырап бала-шағасы қалды. Өмір мен өлім бейбіт кезде белдескен ауыр шағы. Автор осындай ел басына ауыр күн туып, «тұрымтай тұсымен» болған тұстарда өз кейіпкерін жолғалтып алғандай болады. Сөйтсек, ол тағдырдың дегеніне көніп, өмір ағынымен молда болып кетіпті. Романда жұттан кейін бір-екі жылдан соң қайтыс болған бір кемпірдің підиясында отырған бір молданы көріп қаламыз. Жазушы кейіннен «Қартқожадағы» підия алатын бала молданы оқысақ, ол – өзім. Қартқожаның әке-шешесін көрсек, ол өз әке-шешем», – деп жазды («Қазақ әдебиеті», 23.ХІІ.88). Демек, Қартқожа образын жасауда өмірде болған адам негіз болғанымен, оны әдеби типтік дәрежеге жеткізу үшін өз басынан өткендерін де молынан пайдаланғандығы көрінеді. Жазушы «осы бала молданы оқушылар өзі танымас па екен? Танымасаңыздар, бұл өздеріңізге мәлім Қартқожа еді» – деп, сүйікті Геройымызды бізге қайтадан табыс етеді. Мұны бір жағынан, жазушы шеберлігі деп білсек, екінші жағынан, оқырманды суреттеліп отырған оқиғалардан бейтарап қалдырмай, қызықтырып отырудың әдісі ретіңде пайдаланатыңдығын да байқаймыз.
Сөйтіп, бала Қартқожа жұттан аман қалды. Ескіше сауатының арқасында молда болып, жан бағып жүр екен. Оның есіл-дерті – оқу. Оқу үшін бәріне де дайын. Өлермендігімен елге келген шәкірттерден орысша хат таниды. Табиғатынан тұйық, біртоға бала жігітті айналада болып жатқан қым-қиғаш оқиғалар ылғи да ойға қалдырады. Бірақ ой түбіне жете алмайды: «Қазақтың қан жылап жатқаны – мынау. Құзғындардың, «жақсылардың», «адамдардың» түрі – анау. Мыңдаған, миллиондаған азамат ажалға кетіп бара жатады. Жүздеген жауыздар масайрап, тамақтан басқа қамы жоқ, елді еміп жатады. Олардың жауыз баласы үшін біз жанымызды құрбан қыламыз. Не өтесісі үшін, не жақсылығы үшін? Әділет, теңдік, адамшылық қайда? Олар бос сөз бе? Оларды кім шығарды? Осының бәрін істеп отырған адам ба? Құдай ма? Егер құдай болса…». Міне, осындай сан ойлар Қартқожаны мазалап, оған жауап таба алмай шарқ ұрады. Жауапты тек оқу арқылы ғана ала алатынына көзі жеткендей болады. Осы кезден бастап оның алдында «білім алсам» деген таудай талап тұрады. Қаладан демалысқа келген Жүніс оны орыс мектебіне түсірмекші де болады. Әттең, алдынан тағы бір қырсық кезікпегенде. Патша үкіметінің қазақтардан қара жұмысқа адам алуға бұйырған 1916 жылғы маусым жарлығы шығады да елде дүрбелең басталып кетеді. Халық көтеріліп, би-болыстарды шабады. Романда басшысы, ұйымдастырушысы, саяси мақсаты жоқ, стихиялы халық қозғалысының патша өкіметінің қарулы әскеріне төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырауы боямасыз шынайы көрінген. Қартқожа сияқты талай боздақтар тағы да тағдырдың дегеніне көніп, қара жұмысқа кете барады. Бұрын мұндай бәлені көрмегендіктен де Қартқожаларды бүкіл ел болып шығарып салады:
«Қартқожа егілді, тұла бойы, бар тамыры солқылдайды. Егілмей қайтсін? Арба басында әжелері күңіренеді, мола басында еркектер күңіренеді, молада аруақтар күңіренеді, далада мал күңіренеді, жалғыз Қартқожа емес, қалың қазақ, Сарыарқа күңіренеді».
Солдаттық өмір Қартқожаның көзін ашқан кезең болды. Ол осында жүріп, елде болып жатқан оқиғаларды түсіне бастады. Оңы мен солын айырып, қараңғылықтан жарыққа шыққандай сезінеді. Оның саяси сауатының ашылуына Андрейдің көп септігі тиеді. Қартқожа сауаты ашылған сайын білімінің жеткіліксіз екенін сезініп, оқуға ұмтыла түседі. патша өкіметі құлап, әскерден елге кайтқан соң да ол оқудың соңына түседі. Көптеген қиыншылықтарды басынан өткере жүріп, ол Баян, Семей, Омбы қалаларында білім алады. Осы кезде алда болып жатқан күрделі оқиғаларды көптің бірі болып басынан кешіреді. Ақ гвардияшылардың совет өкіметіне қарсы күресі, алашорда қайраткерлерінің жұмыстары, большевиктердің жеңіп, билікті қолға алуы шығармада көркемдік шешімін тапқан.
Алаш қаласыңда алашорданың құрылтайы өтіп жатыр.
«Он шақты минут өтер-өтпестен большевиктің комиссары – қасында үш-төрт солдаты бар съезге келді. Қазақ азаматтары үрпиісіп калды. «Бұл съезд байлардың съезі, облыстың атынан сөйлесуге өкілдердің правосы жоқ. Сондықтан, Совдеп атынан съезді тараттық деп жариялаймыз!» – деді. «Алашорданың» азаматтары сьездің болуын жақтап сөйлеп көріп еді, большевиктер білегін білей сөйледі, мылтығын кезей сөйледі. Съезшілер берекесі кетіп, тарай бастады»
Ал мына жолдар ақгвардияшылар келген кездегі қазақ ауылының көрінісі:
«Жер қайысқан ақтардың қалың әскері жолдағы елді қиратып келе жатыр… ат, тамақ, жасау, әйел – бәрін сыпырып келеді, қарсы келгенді атып келеді…
Әйелдер ойбайды салып, жылап жіберді. Шөптің, қидың, жүктің арасына тығылысты. Бөшкенің, әбдіренің ішіне кіргендері де, құдыққа түсіп кеткендері де болды. Ауыл құйын соққандай әлем-тапырық…
…Айғай-ұйғай жүгіріс. Ат, арба, қазық, желке, мылтықтың дүмі, ыңқыл, ойбай. Құшақта киіз-кілем, жасау-қолдарда. Сақина, шашбау, орысшалау, күлкі… Ана үй жақтан мылтық тарс етті. …Шошақ үйде үш солдат, ортасында жабу үстінде жас қатын…» (сонда).
Осы сияқты малды конфискациялап, қазынаға алу кезінде жіберілген асыра сілтеулер, зорлық-зомбылықтар да артық-кемсіз көрінген: «Қарақұрым кісі, қаптаған мал, шабуыл шартыл. Шабарман мен милиция малды айдап, үлкен бір ашық аранға қамап жатыр. Аранның аузында белінде алтыатары, қолында дырау қамшысы, винтовкасы бар, түсі суық адам тұр. Аранға кірген малды санап, таңбалап шығарып жатыр. «Мынау менікі еді, осымен пәлен қарам кірді…» деп ұмтылған бір-екеуі қақ бастан қамшы жеп, шыр айналды… «Мал – адамның бауыр еті ғой», талайлар ойбайды салып, жүгіріп арандады, сыбағасын алды. Қазақ таяқты да керек қылмайтын еді, серпілдірген мылтықтың даусы болды».
Ащы шындық – осындай. Тек байлардың ғана емес, жалпы халықтың малын күшпен тартып алған «жеңістің» зияннан басқа берері болмапты. Бұрын ашаршылықты басынан өткерген Қартқожаға қазақ ауылдарының қазіргі көрінісі көңіліне секем алдырады: «Кейбір ауылдың, қыстаулары иесіз қорадай, маңайы жым-жылас болып, қуарып, сорайып тұрады. Малсыз ауыл – сақал-мұртсыз ауыздай жылмырайып жараспайды екен… Мал кеткен соң, елінен сән кетіп, жерге кінә қоясың… Әлде малға сүйеніп, күнелтетін қазақтың дәурені кеткелі тұр ма?». Ал қазынаға өткен малдар «мал сияғы жоқ: арық, қотыр, жаман жәутік». «Қазынаға осы да жарар» – дейді бақташылар. Иә, біз жетпіс жыл бойы «жауырды жаба тоқып», айта алмай келген шындықты Ж.Аймауытов сол кезде-ақ жасырмай жайып салған екен. «Қартқожа» романының құнды жағы да осы аумалы-төкпелі заманның саяси әлеуметгік көрінісін сол күйінде, қоспасыз көрсете алғандығында болса керек.
Романда Қартқожа сияқты ескіліктің, надаңдық, қараңғылық, әділетсіздік, зорлық-зомбылық сияқты келеңсіз көріністеріне батыл қарсы шыққан жастар да көрінеді. Олар Қартқожаның өмір жолының әр кезенінде кездесіп, бас кейіпкер тұлғасының жан-жақты толыға түсуіне қызмет етіп отырған. Сондай адамдардын бірі – Дәрмен. Патша жарлығына қарсы бас көтерген қазақ жігіттерінің ішінде Дәрмен Қартқожаға ерекше әсер қалдырады. Дәрмен – «жігіт болсаң, осыңдай бол» дейтін, нағыз сегіз қырлы бір сырлы жігіт. Ол – әрі ақын, әрі әнші, әрі балуан, әрі әділ, әрі ақылды, әрі батыр. Дәрмен сияқты жігіттерді көргенде, Қартқожаның өз халқының болашағына деген сенімі арта түседі:
«Дәрмен сықылды ерлері тұрғанда, Алабас сықылды таулары, гүл аңқып, масатыдай құлпырған жерлері тұрғанда, әлекедей жаланған жастары тұрғанда, қазақты еш бір жау ала алмайтындай көрді».
«Қартқожа» романы туған жерге, халқына деген ыстық лебіздерге толы. Оқиға желісінен сәл ғана болса да «шығып», тыныс алған тұстарда Жүсіпбектің шабыты шарықтап, көңілдің көк дөненінің тізгінін жіберіп-жіберіп алады. Тек қана баяндаушы, сырттай бақылаушы болып қана қоймай, өзі де қызып кетіп, тебіреніске толы сөз маржандарын төгіп-төгіп жібереді. Қартқожаның әскерден елге оралып, туған ауылына жақындаған кездегі жүрек лепірісі мен осы оқиғаға куә болып отырған автордың шарықтаған ойлары бір арнадан шыққан:
«Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін?…
Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туған жерге жеткенше, қайтіп дәтің шыдайды? Кім сағынбас өз қағын? Кім сүймесін өз жерін? Сүймесе, сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз… Туғалы ұзап шықпаған, бауырмал әжесінің бауырында еркелеп өскен үлбіреген балапан жүректі Қартқожа қайтіп сүймесін?» .
Ж.Аймауытовтың сол кездегі саяси өмірдің сан сапалақ сауалдарына осы романында қалайша жауап берді дегенде, бәрін тізіп тәптіштемей-ақ бір ғана мысалмен шектелсек те жеткілікті сияқты. Қартқожаға бір жігіт «қазақ саудагер болмаса, ұтылады. Тұрмыс – күн көріс тартысы. Сауда жүзінде тартысқа жарамаған ел – ел болмайды. Елді ішек құрттай жайлап, теспей сорып, жоғалтатын нәрсе – капитал, сауда-саттық. Қазақ сауда саттыққа кірісе алмай, қағылып қалса ұтылғаны, жеңілгені деп ойлау керек» деп, ақыл айтады. Бұл жолдардың қаншалықты өміршең, терең жатқандығына бұл күндері көзіміз толық жеткендей. Жетпіс жыл бойы социализм құрудың даңғыл жолы деп, сауда-саттыққа, жекеменшікке қарсы күресіп келіппіз. Сауда қылғанды саудагер деп, дүние жинағанды дүниеқоңыз деп, миллионер деп, барынша айыптап, қоғамымызға жат құбылыс санадық. Жүсіпбектің білімдарлықпен, көрегендікпен айтқан сөздерінің қаншалықты маңыздылығына өткен тарихымыз дәлел.
Кезінде Аймауытовтар айтып кеткен «егемен болмай, ел болмас», егемендіктің іргесі экономикада, ал экономиканың дамуы еркіндікте, сауда-саттықта екендігіне қазір көзіміз толық жеткендей.
Жоғарыда тоқталып өткеніміздей, Ж.Аймауытовты туған жерінің, халқы­ның тағдыры, болашағы толғантпай қоймайды. Романның өн бойында жарқылдаған жүрекжарды жолдар жиі кездеседі; әйтеуір ығытын тауып автор отан, халық туралы жан-жүрегінен шыққан жалынды сөздерді төгіп-төгіп жібереді. Оқырманның рухын көтеріп, отаншылдық сезімін тәрбиелейді.
Жүсіпбек – жалпы, психолог жазушы. Сондықтан да ол өз кейіпкерлерінің өзіне ғана сыпатты ерекшеліктерін дөп басып, шебер жеткізе біледі. Жан-жүйесі жайлы оқулық жазған жазушы ұлттық психологияға да жетік. Қазақтарға ғана тән тамаша қасиеттерімен бірге мырс еткізер, «қап» дегізер теріс мінез қылықтары да шығармада шымшыланып отырған. Ирония, юмор, әжуа сияқты көркемдік құралдарын пайдалануға келгенде, шын шеберлік танытады. Июнь жарлығынан кейінгі ел билеген би-болыстардың іс-әрекеттері былайша суреттеледі: «Шеткі үркердің ішінде көк шұға киімді, сұр қалпақты болыс отыр. Бастары түйісіп, анда-санда жан-жаққа бір қарап, сыбырласқанына қарағанда, бір құпия қауіпті нәрсені сөз қылған тәрізді.
Әттең, дүние! Қартқожа естіп тұрар ма еді? Қартқожа естісе, біздің құлағымызға да тиер еді.
Жалпы Жүсіпбек Аймауытов — шығармашылық дарыны аса қуатты жазушы. Асқақ шабытпен жазылып, қаламгер қарымын таныта білген «Ақбілек», «Қартқожа» романдары – өткен ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің елеулі табыстарының қатарында өмірге келген шырайлы шығармалар. Жалпы Жүсіпбек шығармашылығының көркемдік қыртыстары – қалың. Туған халқының ұлттық болмысын, басынан кешірген ауыр кезеңнің әлеуметтік шындығын шынайы бейнелей білген Ж. Аймауытовтың артында қалған мұрасы ұлтымыздың рухани қазынасында мәңгі жасай бермек.

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ

Пікір қалдыру