ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ТЕЛҚОҢЫРЛАРЫ
Тоқаш пен Мұқағалидың достығы хақында
Қазақтан сөз қалған ба?! Сол қазекем достық жайлы былай дейді: «Бір дос бар – астыңнан тақ кеткенше, бір дос бар – басыңнан бақ кеткенше, бір дос бар – қолыңнан мал кеткенше, бір дос бар – кеудеңнен жан кеткенше». Олар кеудеден жан кеткенше дос болды.
Бұл жалған дүниеде кім кіммен бірге жүрмеді, кім кіммен дос болмады! Мәңгілік «дұшпандар» Абыл мен Қабыл да өзара қарым-қатынастарын дос болып бастаған. Әйтседе, екі ақынның сыйластығы ұзақ өмір сүрген достық болды, араға сызат түсірмей ақиретке дейін созылды.
* * *
Олар қазақ поэзиясының телқоңырлары еді. Екеуінің жас айырмашылығының едәуір екендігіне қарамастан ақындар бірге жүрді, құрдас жандар секілді әзіл-қалжыңы жарасты. «Екеуі бірге жүргенде қызық көрінетін және оларға ешкім тең келмейтін, үлкен күш еді» еске алады көзкөргендер. Мұқағали алпамсадай ірі жаратылыс, ал Тоқаш тапал, Мұқағалидың жартысындай ғана, бірақ қатқан қайыстай сіңірлі, от пен суға әбден қақталып өскен жан. Бір көрген кісіге жас айырмашылығы онша білінбейтін.
Қарап отырсаң екеуінің тағдырында ұқсас нәрселер көп. Екеуі де әкесіз өсті. Мұқағали туған ауылы Қарасазда бірде аш, бірде тоқ бола жүріп жетілсе, Тоқаш бес жасынан Ташкенттегі жетім балалар үйін паналаған. Бозбала шағында Мұқағали Шибұтта ауылдық кеңестің хатшысы, мектеп мұғалімі, колхоздың қабырға газетін шығарушы болып істесе, Тоқаш Қошқарата мен Бесқұбырда ауылдық кеңестің хатшысы, мақташылар бригадасының есепшісі болып істеген, 17 жасқа толар-толмаста өзі сұранып майданға аттанған. Оқ-дәрінің иісімен тыныстаған. Тағы бір ұқсастығы екеуі де қарапайым өмір сүріп, қу дүниеге қызықпады, атақ-мансап қумады, қызмет көксемеді. Сүйеніштерін тек өлеңнен іздеді. Жазушылар одағындағы дембе-дем қайталанып тұратын қақ-соқпен шаруасы да болған жоқ. Әдебиетке де шамамен екеуі бір мезгілде аяқ басты. Айырмасы – Тоқаш қан мен оқтың күлімсі иісі сасыған майдан даласынан оралса, Мұқағали соғыстың ауыр зардабынан әрең-әрең есін жия бастаған шалғайдағы ауылдан келді. Біріншісі бес жылға созылған аласапыраннан әбден қажыған, күйзелген, мүжілген, еңсесі түскен жұртын «күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден аяқталатын» азаматтық лирикасымен жұбатса, екіншісі «қазақтың қара өлеңімен» оқырманды ой орманына жетелеп, халықты ауызбіршілікке, кемелдікке үндеді. Екеуі де өз әріптестерін поэзияда қуаты қасаң ескі ойлар мен ауыр пәлсапалардан бас тартып, өткір де тұщымды мазмұнмен поэтикаға жетелеп, өмірге жақындауға шақырды. Егер өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ поэзиясына деген талап пен сұраныс жаңа сүрлеуге түсіп, жаңа биікке көтерілген болса, онда, сөз жоқ, біз тілге тиек етіп отырған қос ақынның қосқан үлесі ұшан-теңіз, еңбектері орасан.
Екі ақында тағы қандай ұқсастық бар? Жасыратыны жоқ, екеуі де «шеңберге сыймаған», «қоғамға қолайсыз ақындар» ретінде аттары шықты. Біріншісі – «тентек Тоқаш» атанса, екіншісі – «мұзжарғыш Мұқағали» деген атпен дүркіреді.
Қазір де оқырмандар арасында әдебиет, өлең туралы сөз бола қалса, екі ақынның есімі қатар аталады. Бірінің аты тілге тиек болса, міндетті түрде екіншісінің есімі алдан шығады.
Мұның бәрі екі дос араларында қалыптасқан осы бір ыстық ықылас пен сыйластықты, жарасымдылықты өте қымбат санаған-ау деген ойға жетелейді. Олардың өз ара құрметтері сондай, бір-бірін ешуақытта ұятқа қалдырмаған. Айналасынан тепіріш көріп, зәбір шегіп жүргенде де бірін-бірі «жауға» тастамаған. Мұндайда әрқашан бір-бірінің жанынан табылып, дем беріп, қолдау көрсетіп отырған. Әнеу бір жылдары кеңес жазушысына тән емес (ішкіш, төбелескіш, боқтағыш) қылықтары үшін екеуін бірдей қосақтап Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып тастады емес пе… Сол үшін хатшылық шақырып, хаттама толтырып, әбден әбігерге түсті. Мақсат – араға жік салу, қолдан келсе ақындардың сағын сындыру еді. Болмады, оған күші жетпеді. Қайта осы оқиға екеуін одан сайын жақындата түссе керек.
Екі ақынның бір үйдің баласындай осы татулығы, араға кір түсірмеген сыйластығы біреулердің қызығушылығын тудырса, екінші біреулердің қызыл иттей күшіктеген қызғанышын қоздатты. Араны бұзуға әрекеттенген арандатушылар да, айдап салушылар да, тасадан тас атушы батыраштар мен қотыраштар да – бәрі болды. Бірақ, қос ақын екеуі туралы айтылған пыш-пыш улы өсекке «пішту» деп те қарамаған сияқты. Өйткені, екі достың бір-біріне лайық сақтаған сырлары да, айтатын әңгімелері де көп болғанға ұқсайды.
Қос ақынның айнымас достығы жайлы Мұқағалидың жары Лашын Әзімжанова былайша еске алады: «Достық» деген қасиетті ұлы сөз ғой, Мұқағали мен Тоқаштың айнымас достығын тілімнің жеткенінше сөз етейін.
…Алдымен Тоқаш Бердияровты алғаш қалай көргенімді еске түсірейін. Мұқағалимен қосылғанымызға екі-үш жыл болған. Екі баламыз бар. Қарасазда мұғаліммін. Мұқаң «Жоғары білім алмасам болмайды» деп Алматыға оқуға түскен. Сонда оқып жатыр. Күздігіні апақ-сапақта от жағып үйде отырғанбыз. Апам бар. Есік шалқасынан ашылып, екі ер кісі кіріп келе жатты. Бірішісі – нар денелі Мұқаң ғой, көзіңе оттай басылады. Ол алдымен балаларын құшақтап, солармен қызыққа батып жүр. Апам да орнынан тұрып, мен де есік жаққа барып, екінші қонақты қарсы алуға ұмтылдық. Бұл қонағымыз Мұқағалидың жартысындай, сұрлау, арық кішкене жігіт екен. Алдымен апаммен амандасты. Мұқағали: «Бұл менің Тоқаш деген досым, ақын жігіт. Елді, жерді көрсетейін деп ертіп келдім!» – деді. Киімдерін іліп, өздерін төрге отырғыздық. Тамақ дайындалғанша олар оқудың жайын айтты. Алматының, ауылдың жайын сұрасып жатты. «Адамды толық тану үшін бір пұт тұз керек» деген орыс мақалы бар емес пе. Таныс емес, бөтен адамға не деп болады. Байқауымша, өте ашық емес адамдай көрінді. Көбінесе апаммен сөйлесіп отырды.
Қонағымыз үш күн болды. Екінші күні тау жақтағы ауылға менің төркіндеріме баруға жиналды. Менің әке-шешемнің үйінде бір күн болып, амандасып қайтты…
Үш күннен соң екеуі Алматыға қайтып кетті. Тоқаш Бердияровтың мінезінің тұйықтығын ойыма алып жүрдім. Неге олай екен?! Өзі музыканы сүйеді. Оның жанын өнер сүюге үйреткен бір қасірет бар сықылды маған. Жүрегінде не жұмбағы бар екен деп ойға қалам, бірақ батып сұраған емеспін. Сұрауға тілім жүрмейді. Не болса да оны Мұқағалидан естіп білемін.
Кейін өзіміз Алматыға көштік. Алматыға келіп үлкен қайғыға ұшырадық. Үлкен қызымыз Майгүл (он бір жарым жаста, алтыншы класта оқып жүр еді) көлік апатына ұшырап қайтыс болды. «Нағыз дос бақытсыздықта танылады» дегендей Тоқаш біздікіне жиі келіп тұрды. Кейде түнеп те қалады. Мұқағали екеуі сөйлеседі, сырласады. Жолдасыңның анық жанашырлығы осындайда білінеді екен.
Мен бірінші Алматыда мұғаліммін. Ерте кетіп, кеш келімін. Мектептен келе сала үй жинап, балаларға тамақ әзірлеймін, сабаққа дайындалам, шаршап мұрттай ұшамын.
Міне, осындай ауыр жағдайда Тоқаш келіп жүрді. Ол қазақы қалжыңды, біреулер құсап күле сөйлеп, дабырлай беруді ұнатпайды. Оның тілін табатын, мінезін білетін Мұқағали.
…Екеуі Мұқағали бақи дүниеге кеткенше айырылмас дос болды. Екеуінің арасындағы жарасымды татулықты, әзіл-қалжыңды қызғанғандай боласың. Кейде ренжіп жүрсем де, Тоқаңның өмірлік жағдаяттарын ауызба ауыз сұраған емеспін. Мәселен, әйелі, бала-шағасы бар ма, ол туралы сұрауға тілім келмеді. Өзі «бізге жүр, үйімді көр, таныстырайын» деп айтқан емес… Мұқағали Тоқашты ертіп біздің ауылға талай барып жүрді. Біздің ауыл, әсіресе Шалкөде оған қатты ұнады. Ол туралы жазған өлеңдері де бар.
Мұқағалидың достары көп болды… Солардың ішінде Тоқаштай мықтап ұзақ дос болған адамы жоқ.
Екеуінің дос болып жақындасуына екеуінің де бір сөзділігі, тұрақты, табанды мінездері сай келді ме деймін. Тоқаң сырға берік, айтқанын орындайтын ер мінезді жігіт еді. Өңі суық болса-да оның осы мінезі маған ұнайтын. Кейде мен «Тоқа, жасың үлкен, Мұқаңның ағасысың. Ағалық ақылыңды айтып қой, ол сызықтан шыға береді» дегенде, «Қайда барады дейсің, түбі қазақ қой» деп қана қоятын. Біреуді жамандап, не мақтап отырғанын көрмедім. Ақ жүрек адал адам еді.
Олардың әр бас қосуы бір-біріне үш жігер беретін, сенімге сенім қосатын. Кездескендегі көңіл-күйлерін көрсеңіз, көптен алыстап кетіп қауышқан шын достардың көрісуіндей болатын. Қайран қаласың!
Екеуі бірін-бірі қалай жақсы көрді, қалай қорғаштады десейші! Біреуі нардай, екіншісі қошақандай, табиғатында ұқсастық жоқ сияқты, ал жан дүниелері қандай жақын еді!» (Күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден аяқталатын әңгіме. «Zaman – Қазақстан» газеті, 6 қараша 1998 ж.).
Мұқағалидың ұлы Жұлдызға құлақ түрейік: «Әкем ауылға жиі келетін. Келгенде жанында шағын денелі, жүзі сұсты бір мұртты кісі еріп келуші еді. Кейін білдім, бұл қазақтың танымал ақыны Тоқаш Бердияров екен. Ол кісі жас шамаларының алшақтығына қарамай әкемнің шын досы еді. Өмірінің соңғы кезіне дейін Тоқаш ағамен байланыстары үзілген жоқ» (Әке туралы ой, Madeniet. kz).
Осы ретте тағы екі мәлімет: «Мұқағали өзі дүниеден қайтқаннан кейін ғана дүркіретіп аты шыға бастады емес пе. Біздің Мұқағалимен туыстығымыз да бар. Үйге жылда келетін. Кейде көктемде, қой төлдеп жатқан кезде, кейде жаздың бел ортасында, жайлауға шыққанда келетін. Жаңағы маған галстук таққан жылы жанында Тоқаш Бердияров аға болды. Мұқаң ол кісіні сұмдық сыйлайды екен. «Аға, аға!» – деп бәйек боп жүрді. Бастығы шығар деп ойлағам, кейін білдім, мықты достар екен» (Мұхтархан Қалиұлы. «Өзеуреп сөйлеу, көкіректену жоқ еді». Zanmedia. kz; 20.02.2025 ж.).
Ұзақ жыл малшылықпен айналысқан көкірегі даңғыл қария Мұхаметжан Іліпбаев та осыған ұқсас жайтты айтады: «Мұқағали қасынан Тоқаш досын тастамайтын. Бізге келсе екеуі жұбын жазбай бірге келеді. Кешке қарай екі ақынның әңгімесін тыңдау үшін айналадағы малшылар түп-түгел біздің киіз үйге жиналады. Суыртпақтап отырып бәрімізді сөзге жетелейді олар. Тәтті сөйлейді. Бір кезде қалай ақтарылғаныңды білмей қаласың. Ақындарды біздің де жібергіміз келмейді. Таласып жүріп қонақ етеміз. Сырттарынан түрлі-түрлі сөздер айтылады ғой, өз басым олардан ешқандай теріс мінез байқамадым» (Б. Мәжитұлы. Мұқағали ақынның рухымен сырласу. А: «Шартарап». 2001 ж.)
Естелік айтушылардың сөзіне қарағанда, Тоқаң досына еріп Қарасаз, Шалкөде, Шибұт, Кеген жаққа талай рет ат басын бұрса керек. Кейін шалғыны шалқыған Шалкөденің тұмса табиғат ерекшелігі жөнінде тамаша мақала да жазғаны бар. «Шалкөде», «Ақ самауыр», «Ескі көпір», «Саржайлауым – Шалкөде», «Кеген асуында», «Нан дала», «Ұйқыдағы бұлттар», тағы басқа сияқты көптеген өлеңдерін дүниеге әкелді.
Соның бір мынадай:
Шалкөдедей жер бар ма,
Жайлау бар ма Шибұттай.
Хан тәңірді көрдің бе,
Аппақ қозықұйрықтай.
Айғайынан шопанның,
Тау жаңғырып, деседі «Ей!».
Киіз үйлер сайдағы,
Төңкерілген кеседей…
Мұндай сурет-өлеңді Шалкөде мен Шибұтқа есі кеткен ақын ғана жырлайтын шығар. Құдды өлеңмен қашалған ескерткіш! Жазушы, өлкетанушы, ғалым Сағатбек Медеубекұлы «Назерке» әні неге ұмытылды?» атты зерттеуінде «Тоқаш Бердияров кезінде жұрт жақсы қабылдаған «Фарида» повесін осы Шалкөдеде тұратын Мұқағалидың бала досы әрі кластасы Мәжиттің үйінде екі-үш ай жатып жазған екен» деген бұрын-соңды біз естімеген мәлімет келтіреді (23 тамыз 2012 ж. Madeniet. kz).
***
Қос ақынның достығы туралы Аралбай ақсақалдың да айтары бар еді. Аралбай – Тоқаңның туған інісі, Келесте ауылда тұратын. Бұл кісіні өз басым жеке танитын едім, бірнеше рет дастарқандас болғанымыз да бар. Бүгінде арамыздан алыстап бақиға сапар шегіп кеткен. Ақсақалмен әр жолыққан сайын Тоқаң туралы әңгіме қозғап, Мұқағалимен арасындағы қызықты жайттар туралы сұрайтынмын. Бірде былай деген: «Тоқаң мен Мұқаңның сыйлас достығы туралы әңгіме кезінде кең тарады ғой. Оған өзім де куә болдым. Ағамның менен 15 жас үлкендігі бар, Ол 1925 жылғы, мен 1940 жылғымын. Ағамды Алматыға жиі іздеп барамын. Неге екені, ол ауылға көп ат ізін салмайтын. Қалаға барғанда жанынан ылғи Мұқағалиды көремін. Зор денелі, етжеңді ірі кісі еді ғой, жарықтық. Сондай ірілігіне қарамай қызбалау секілді көрінетін. Не болса соған ренжіп, терісіне сыймай жер тарпып жүреді. Меніңше, екі ақынның ішкіш, тентек аты жай сөз сияқты. Шын мәнінде, олар ішкіш болған жоқ, талант болды. Оларды мұндай жолға түсірген осы таланттары. Ортасында таланттары тиісінше бағаланбады. Ортаңқол таланттарға беріліп жатқан атақ, сый-сияпат екеуін айналып өте берген соң, соған қысас қылып ішетін сияқты. Асылық кетсем, Құдайым өзі кешірсін, маған солай көрінетін. Бірде мынадай оқиға болды. «Алматыға келген едім. Әлдебір себептермен үйге кеш оралдым. Ішке кірсем, Мұқағали отыр екен, сәл қызулау көрінді. Ағам сау. Мұқағали мені көре салып қуанғаннан: «Тоқа, күткен ініңіз де келді. Ешқайда жоғалмапты, аяқ-қолы да бүп-бүтін. Енді сөзіңізде тұрып жуып беретін шығарсыз?», – деді гүр-гүр етіп. Маған дейін араларында не болғанын білмеймін, бірақ Тоқаң міз бақпады. Көз қиығында да аудармады. Салқынқандылық танытып отыра берді. Сәл үнсіздіктен соң: «Мұқаш, сені түсінемін. Бірақ, татып алмаймыз деген уәдеміз бар емес пе?! Уәде – Құдай сөзі. Уәдемізде тұрмасақ, біздің кім болғанымыз?», – деді Мұқағалиға қарап. Үндемей қалса Мұқаң бола ма: «Уәде… Кімге уәде беріппіз?! Түкірдім сол уәдеңе! Мен саған қазақ тілінде айтып отырмын ғой… Өзім иттің етінен жек көретін әлгі есекбасты кездестірдім деп… Соны көрсем қаным басыма тебеді, бірдеңе істегім келіп тұрады… Түсінесіз ғой?..» – деді жұдырығын түйе әлдекімге кіжініп. Тоқаң осы сөзден соң аздап жібігендей болды: «Жазған-ау, сонда не істе дейсің маған?», – деді кенет. Алғашқыдай емес, дауысы бәсеңдеу шықты. Мұқағали едәуір қызу отырса да, қалт жібермеді: «Менің не істеп, не қоятынымды сізден артық кім біледі, Тоқа?!» – деген жұмсақ жымиып. Ол жымиғанда сұмдық мейірімді болып кетер еді. Осы бір оңтайлы сәтті пайдаланып, мен де лып ете қалдым. «Ағалар, рұқсат болса, бүгінгі ашуларыңызды маған қиыңыздар, мен көтерейін», – деп әзілге бұрып, екеуін қояр да қоймай майханаға сүйрей жөнелдім. Несі бар, ауылда тұрамын, тұрмысым жақсы, ақшам да жеткілікті. Майханада көп әңгіме айтылды. Өлең оқылды. Біз өлеңнен алыс адамбыз. Бірін түсінсек, бірін түсінбейміз. Сонда қос ақынның бір-біріне деген ілтипатынан айнымас достықтың нышанын байқаған едім. Мұқаң масайып қалса да, Тоқаңның бетіне бір келмеді. Бір-бірінің тілін тауып, жақсы отырды. Меніңше, олар ақын ретінде де, дос ретінде де бірін-бірі керемет толықтыратын. Бірақ, Лашынжеңгеміз «Мұқағалиға ішкізеді» деп Тоқашты жаратпаса керек. Расы, Мұқаңның ішетіндігіне ағамның түк қатысы жоқ еді. Құдай берген мінез ғой… Сонда де екеуінің достығына ешкім селкеу түсіре алған жоқ. Мұқаң да, Тоқаң да бір-біріне адалдықтарын ақырына дейін сақтап, аялап өтті».
Аялап өтті демекші, екі ақынның өз ара қарым-қатынасы жайлы Тоқаңмен біраз уақыт бірге жасаған Үміт пен Клара апайлардан да сыр суыртпақтап сұрағанымыз бар еді. Олар да басқа достарына қарағанда Мұқағалидың үйге жиі келетінін, кейде қонып қалатынын, тіпті екеуінің ішкен де, ішпеген де кездеріне талай куә болғандарын әңгімелеп берген. «Мұқағали ұзақ ауырып дүниеден қайтқанда Тоқаш сұмдық жалғызсырады», – деп еске алды Клара апай.
Қос ақынның айнымас достығы жайлы аңыз әңгіме замандас қаламдастарының назарынан да тыс қалмаған. Мысалы, жазушы Дулат Исабеков пен Төлен Әбдік Жазушылар одағындағы «Қаламгер» дәмханасында Тоқаш пен Мұқағалидың бір-біріне қарама-қарсы қарап шахмат ойнап отырған үстінен түскенін және оған өздерінің таң қалғанын қызықты етіп баяндаса, ақын Мінуар Әкімханов екеуінің сонау шалғайдағы Нарынқолда жергілікті шахматшылармен бәсеке жарыстырып отырғандарын сөз етеді. Мұндай тосын әрі қызықты штрихтар ақындар Өтежан Нұрғалиев, Есенғали Раушанов, Аманхан Әлімов, Айтақын Әбдіқалдардың жазбаларында да кездеседі. Демек, екі ақын қайда барса да жұптары жазылмай бірге жүрген болып тұр ғой. Әйтпесе, екеуінің қосақтылып бірге жүрген жүріс-тұрысы мұншама қаламгердің ілтипат қаламына ілікпес еді.
Осы жерде өзімді көптен мазалап жүрген ойымды ақтарудың орайы келіп тұр, енді соны айтып тынайын.
Бұл күнде көптеген замандас ақындар «Мен Мұқағалимен дос болып едім», «сырлас болып едім» деп жүр. Меніңше, олардікі тым асыра сілтеу. Бұған ешқандай негіз жоқ. Әрине, күнделікті қызметте жүз көрісіп, қол алысып, бір бөлмеде қатар отырып жұмыс істесе істеген шығар, бірақ мінезі адуынды, сәт сайын құбылып тұратын Мұқаңдай «нестандартный» ақынмен дос болу, оның үстіне сырлас-мұңдас болу оңай шаруа емес, тіпті де оңай шаруа емес. Мұқаңдай мұзжарғыш арқалы ақынмен дос болу үшін соның өзіндей «арқалы болуың» керек. Тым болмаса Мұқаңның ақындық қуаты мен мысына шыдап беретіндей шақар болуың керек. Әйтпесе, бәрі бекер. Сондықтан, «Мұқағалимен үзеңгілес дос болып еді» деп жүргендердің біразы өзін-өзі жарнамалау сияқты. Одан басқа түк те емес. Өйткені, Мұқаң арқалы ақын ғана емес, ол өз рухани кеңістігін жасап алған, сол әлемде өзіне-өзі сыймай асып-төгіліп, үнемі шиыршық атып буырқанып-бусанып жүретін индивуд. Оған ілесу екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл Мұқаңның басқа достары болмады деген сөз емес. Оның достары болды және олар аз да емес еді. Өлең түсінетін, өзін түсінетін достарының қатарында Шәміл Мұхамеджанов, Әнуарбек Дүйсенбиев, Төлеген Айбергенов, Төлеухан Исмайлов, Асқар Сүлейменов, Тұрсынзада Есімжанов, Әділбек Абайділданов, Ізтай Мәметов, Еркін Ібітанов, Өтежан Нұрғалиев, Бекен Әбдіразақовтарды атауға болатын шығар. Міне, сол достардың ішінде, әсіресе Тоқаш Бердияровтың есімі ерекше қастерлі. Мұны Мұқағалидың жан жары Лашын да, ұлы Жұлдыз да өз естеліктерінде жақсы айтып өтеді. «Мұқағали осылардың бәрімен дос болды, туысқан болды, араласты. Бірақ, осылардың ішінде Тоқаштай мықтап ұзақ дос болған, сырлас болған адамы жоқ», – дейді олар ағынан жарылып.
Тоқаш пен Мұқағалидың айнымас достығы туралы бұдан басқа да әңгіме көп. Соның бір-екеуіне тоқталайық. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Құлбек Ергөбек: «Тоқаң Мұқағалидың поэзиядағы ұстазы еді. Төлеген, Мұқағали, Қадыр, Өтежан өздеріне арқалы ақын Әбділда Тәжібаевты ұстаз санады. Төртеуі де Әбекеңе өлең арнаған. Төлеген Айбергенов тұтас жыр жинағын арнаған Әбекеңе. Оның бәрі де дұрыс. Алайда, Төлеген, Мұқағали, Қадыр, Өтежанның бір ұстазы – Тоқаш Бердияров. Оны өздері де айтып өткен. Өлеңдерін бажайлап оқып қарасаңыз, өзіңіз де аңғарасыз. Мұқағалиға ұстаз болып қалмай, ақиреттік досына да айнала білді Тоқаш» дейді. Одан әрі ғалым ойын былай сабақтайды: «Жасыратын не бар, екеуі де «тентек» сумен нәдәуір дос болды. Алайда, екеуіде әдеби ортада абыройлы жүрді. Ол мінезінің жайдарлығынан емес, әдеби орта – ақын-жазушылар екеуінің де ірі дарын екенін білді, поэзиясын сыйлады, өлеңі арқылы өздерін сыйлады. Екеуінің де табиғи өз өмірінен гөрі әдеби өмірі қызықты жандар еді, жарықтықтар! Ал, ішу себебін жыр жинағының жұқалығынан көру – әншейін сөз. Екеуі де әдеби ортадан шет қақпай көрді деп айта алмаймын». (Тоқашқа айналған Торқысбек. «Жалын» журналы, №4, 2011ж.).
Енді өзі де өзгеше ақын Өтежан Нұрғалиевты тыңдап көрейік: «Тоқаш Бердияров қазақ лирикасын жасаған тұңғыш ақын. Оған дейін бізде лирика болған жоқ. Абайдікі әрине «песенный жанр». Біз лириканы Тоқаштан үйрендік. Екі ауыз сөз болса жұдырық ала жүгіретін «жүйкесі бұзылған» ол үшін лирикадан басқа жол жоқ еді. Оның ғұмырын ұзартқан да осы жанр болды. Адам баласының ешкімге айтпайтын сырын алғаш рет кестелеген де осы Тоқаш. Бірақ оның бұл еңбегі еш кетті. Қазір ондай адамның болғанын, Мақатаев сияқты талай ақындарды дүниеге әкелгенін бәрі ұмытты. Мен де сол Тоқаштың «өнімімін». Ал, оның өлеңдерін оқу үшін 48-ші жылдарға бару керек. Сол жылдары тек Тоқаштың поэзиясы салтанат құрды. Себебі, ол кезде ондай өлең біздің түсімізге де кірмейтін. Оны сол уақытта орыстың Есенинімен салыстыруға болар еді. Қазақтың нағыз мәдениетті лирикасының негізі осылай қаланған. Біздікі дайын үлгіде «тік қасық». Біз Тоқаштың штамповкасынан шыққанбыз. Тоқаштың штамповкасын сәл қисық бассаң, бояуы жайылады да, өзіңдікі боп шыға келеді. Әрине, мен Тоқаштан оздым, заманым озық болғасын, өзім тірі болғасын. Тірі адам тірлігін істейді. Мен ғана емес. Тоқаштан Мақатаев та озды. Мақатаев одан үйрендім деп айтпайды. Екеуі көп бірге жүрді. Мен шындықты айтып отырмын. Шындық қашанда «грубый» болады.
…Тоқашты жек көрмеген адам жоқ. Тек оның қасында Мақатаев қана қалды. Мақатаев Тоқаштың қасында өзінің поэзиясы биіктегенге дейін ғана жүрді. Бүгінгі Мақатаевтың ескерткіші Тоқашқа да орнатылған ескерткіш деп есептеймін. Бірақ Тоқаш салған жолмен қазақ лирикасы дамымай қалды. Ондай тұлға қайтып туған жоқ. Өйткені, Тоқаш –Тоқаш! Бұл сөзіме ешкімді сендіре алмаймын. Осыны айта-айта мен де қартайдым. Себебі, заман өзгерді, ұрпақ ауысты. Мұны түсіну үшін сол жылдарға бару керек». (Бердияров, мен және басқалар. «Кентавр», 15 маусым 2007 ж.)
«Екеуінің бірі кісі алпамсасы, екіншісі нәшайы бола тұрып ажырамас дос болып, оның кір шалмай өтуі таңданарлық жай, – дейді ақындардың ізбасқан ақын, Қазақстанның халық жазушысы Аян Нысаналин. – Тоқаш жазираның майда желіндей аймалап, сарқырап өте шықса, Мұқағали бүкіл қазақ даласын жырмен тербетіп кетті. Ойларында еш тоғышарлық жоқ оларды салыстыру тым сөкет. Екеуінің құдай берген жаратылысы мүлде бөлек-бөлек. Бірі – толқын, бірі – жалын. Әйтеуір тызақтатып шарпысып жатқан сезім ұшқындары. Қабылдамай көр!..» (Шабыт шабандоздары. «Қазақ әдебиеті», 8 сәуір 2016 ж.).
Не керек, тонның ішкі бауындай болған екеуі әрдайым бір-бірімен иық тіресе, араласа-құраласа жүріп, шұрқыраса табысатын асқақ дауысты ақындардың ағалы-інілі туыстығы шын мәнінде ерекше еді.
Ал, мінез кімде жоқ? Қанша адам болса, сонша мінез бар. Оны саралау, сараптау, типтерге ажырату – ол психологтардың еншісіндегі шаруа. Ал, біздің сөз етпегіміз, ақындық мінездегі ерекшелік. Мәселені осы тұрғыдан қарастырсақ, ақын да бір – бала да бір… Біресе көл, біресе шөл… Біресе дана, біресе шала… Жағымды деп ме, жағымсыз деп те айту қиын. Аяқ астынан өзгеріп, тез құбылады. Қарапайым адамдарға бұл құбылыс түсініксіз, әлбетте. Көп адам ақынның ақындығына, талантына ғана көңіл бөледі де, басқа кезде ұмытып кетеді, тіпті оның өзгеге ұқсамайтын мінез ерекшелігімен де шаруасы болмайды. Неге? Себебі, көпшілік жұрт ақын өлеңін ұнатып, құрмет көрсеткенімен, «ит мінезін» кешіре алмайды. Ал, біресе бала, біресе дана мінезді ақын мені жұрт осы мінезіммен қабылдаса екен, жақса көрсе екен деп дәметеді.
Ақынды мінезі тым құбылмалы, тұрақсыз деп жек көрейін десең, дананың сөзін айтып, сертінен айнымайтыны тағы бар. Демек, ақындық мінез ешбір қалыпқа сыймайды, ол-әуелгі жаратылыс. Жаратылыс – жүрекке жүгінеді, соған тәуелді.
Мұндағы айтпағымыз, мінезде тым тұрақсыз қос ақынның өмірдегі үйлесімдері ұлы мәртебелі өлеңде де керемет үндестік тауып жатты. Олар бір-бірінен болар-болмас емеурінен түсінді, оны көңіл көрігіне салып өздерінше қыздырды, содан ой түйді, сыр сабақтады. Тіпті, олар айтөбелдей жырларын жарысып жазғандай әсер қалдырады. Мысалы, Тоқаш ақын: «Аспанның астары мен мысы бар ма? Өлеңнің жазы бар ма? Қысы бар ма? Тәуір өлең жазамын қуанғанда, Дауыл өлең жазамын қысылғанда, – десе, тау мінез Мұқағали: «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта, – деп аға досын қостай үн қатады. Ішкі үндестік, мазмұндағы ұқсастық көзге ұрып тұр.
Бұл ішкі үйлесім мен үндестік, поэтикалық ырғақ пен сөз ойнату, шығармашылық мінез жақындығы олардың бір-біріне арнаған өлеңдерінде де анық байқалады. Мысалы, «Сен менің еліме бар» өлеңінде Мұқағали былайша төгіледі:
Сен менің еліме бар, жерімді көр,
Жандар бар әр нәрсенің жөнін білер,
Қонағы бол жыл сайын көріп жүрер,
Ардағы бол артатын сенім, жігер…
Мұнда анық кімге арнағаны анық көрсетілмегенімен, өлеңнің жазылған жылы, стилистикасы мен мазмұнына қарап, ақын оны нақты біреуге арнап жазғанын бағамдау қиын емес. Шын мәнінде, бұл өлеңді дауда да жауда да бірге болған досы Тоқаш Бердияровқа арнап шығарған болатын. Енді Мұқағалидың осы өлеңімен толықтай үндесетін Тоқаштың «Саржайлауым – Шалкөде» өлеңінен үзінді оқиық.
Шалкөде – жатқан ырыс, байтақ әлем,
Қарасаз таң атқанша айтады өлең.
Сан рет көрсем дағы бұл өңірді,
Бір нәрсем қап қойғандай қайта келем.
***
Сұрша бұлт бірін-бірі жетектеді,
Ақ жаңбыр алақұйын төтеп берді
Сары ала қаз сықылды Елшенбүйрек,
Мұқағали ауылы-ай етектегі.
Жалпы, екі дос ақынның бір-біріне арнаған өлеңдері бірталай. Айталық, Тоқаш жоғарыдағы жырдан басқа «Қымыз құйған қыз», «Ақ көйлек», «Қызыл көйлек», «Өзенді өрлей біткен…» деген өлеңдерінде досы жайлы төгіле, тебірене сыр ақтарса, «Тау ұлы едің» деген эллегиялық реквиемінде өзінің Мұқағалисыз жалғызсырап қалған ауыр халін ақ қағазға мейлінше сыр қып төгіп, ақыреттік досына өлеңнен ескерткіш қояды. Ағысқа қарсы жүзуді өзіне мұрат санаған Мұқағали да ағасының алдында қарыз болып қалмайын деді ме екен, жоғарыдағы «Сен менің еліме бардан» басқа, «Адасқанда», «Адасқанда 2», «Тауда, түнде» деген өлеңдер жазып, онда Тоқаш екеуінің қараңғылықта таудан жүрер жол таба алмай қатты қиналғандарын әдемі суреттеген, ал 1968 жылы әлеуметтік-философиялық мән-мағынасы терең «Тоқашқа» деген өлеңін өмірге әкелді. Ендеше ақындар сөйлесін. Алдымен Мұқағалиды оқиық:
Алматының шәрісі таныс маған,
Таптағамын көшесін, жаныштағам.
Әне біреу кассадан ақшамды алып.
Мына біреу кассаға табыстағам.
Әне біреу мүйісте тұра қалып,
Сылқытушы ек топ-торғын сыраны алып.
Мынау бақта масайрап отырушы ек,
Күлуші едік алдымен жылап алып.
Не істемесін жас ғұмыр шөлдегенде,
«Атағымыз» таралды елден-елге.
Қалтамызда болмай-ақ қара бақыр,
Қараушы едік аяқ пен кеуделерге…
Іше жүріп күн кештік сырамызды,
Кім не десе о десін мына бізді.
Алматының аяулы ақ нөсері,
Ағыл-тегіл жуады күнәмізді.
Жонымызды төсейік тұра қалып,
«Жын ұрған ба?» – деп қалсын мына халық.
Күлейік алдыменен жылап алып,
Жүрейік алдыменен құлап алып…
1968 жыл.
Бұл жолдар жай көзбен қарағанда қой мінезді қоңыр сөздердің ұйқасқа құрылған әдемі жиынтығы сияқты. Солай ғана ма? Өлеңді назар қойып, тағы бір оқып шығыңызшы. Әр сөз, әр шумақтың астарынан уақыттың үні, жүректің дүрсілі естіліп тұрған жоқ па? Өлеңнің екпіні мен ішкі динамикасы теңіз толқынындай лықсып көтеріліп тарпаң қажыр мен қайратқа табан тіреп алғандай серпінді. Олай болатын болса, мұндағы «Мына бақта масайрап отырушы ек, күлуші едік алдымен жылап алып», «Қалтамызда болмай-ақ қара бақыр, қараушы едік аяқ мен кеуделерге…», «Алматының аяулы ақ нөсері, ағыл-тегіл жуады күнәмізді» сияқты әдемі жолдар өзінен өзі туа салған жоқ, бұларды ұлы мәртебелі уақыт пен заман деміне шарпылған ақындық үн дүниеге келтіріп отыр.
Енді Тоқаштың Мұқағалиға арнаған «Тау ұлы едің» атты жоқтауына (өлең 1976 жылы жазылған) кезек берейік.
Сен жоқсың!..
Жан табылмас енді сендей.
Мен жүрмін бірде сеніп, бірде сенбей.
Таусылған ішіндегі сыбағасы,
Жатырсың төңкеріліп дәу кеседей.
Еңіреген Елшенбүйрек еркесі едің,
Дүрілдеген қауымның серкесі едің.
Білектей болат едің… ширатылдың,
О, неліктен өмірің келте сенің?!
***
Қара бұлтқа найзасын көсіп-көсіп,
Неліктен күркірейді аспан бөсіп?!
Мүшелтойда ішетін шарабыңды,
Азалы күнде іштім мен жаспен қосып.
Жүруші ең жайраң қағып арамызда
Құлпырып тұр, қарашы, дала-қызға!
Деп енді кімге айтамын, қайран досым,
- Қошқарға, Мұқағали барамыз ба?
Ұмытып бал қымызын Шалкөденің,
Әлегіне түстік қой әлдененің.
Ағалық, ақылымды айта алмаған,
Қателігім бар ма екен әлде менің?..
* * *
Қайран ақын, жатырсың бүгін, міне,
Жыр жазған столыңды төсек етіп.
* * *
Сыйладың шын пейілмен іні-ағаны,
Күліп жүрді жүрегің… жыламады.
Бесігің тербетіліп Қарасазда,
Шыңында Алатаудың тына қалды.
Бұл жолдардан, біздіңше, ақын позициясын анықтаймын деп арамтер болудың қажеті шамалы. Нағыз дос қана ішкі шерін осылай ақтара алса керек. Тоқаң нағыз ақын ретінде ішкі сезім-шерін іркіп қала алмаған. «Сертіңе болаттай берік едің, о, досым, неліктен өмірің келте болды?!» деп егілді. «Қошқарға барамыз ба деп енді кімге айтамын, қайран досым?!» деп жылады. «Ағалық ақылымды айта алмаған, әлде менің қателегім бар ма екен?!» деп шерленді.«Қарасазда тербетілген ағаш бесігіңнің Алатаудың шыңында тына қалғаны-ай!» деп қабырғасы қайыса еңкілдеді. Қысқасы шыңда да, сында да қостықталып қатар жүрген жан досы Мұқағалидың қапыдағы қазасы Тоқаңа өте ауыр тиді, қатты қайғырды, ұзақ уақыт жалғызсырап, өзіне келе алмады деседі көз көргендер. Достықтың қадір-қасиетін терең сезінген, қайран қазақтың текті асылдары-ай!
Сонда мүбәрак болмыс-бітімі мүлде кереғар екі ақынды мұншама жақындастырған, ақиретке дайын айырылмас дос қылған не нәрсе? Қандай құдірет күш? Тек тағдыр тамырластығы ма? Мінез ұқсастығы ма? Әлде, ішкі дауыс үндестігі ме?
Меніңше: біріншіден, рух тазалығы. Олар өмірі бір басқа, өлеңі бір басқа көңілі кір, жүрегі лас күшеншек ақындар мен екіжүзді есепшіл доссымақтарды маңына жуытқан жоқ. Екіншіден, екі бөлек жаратылысты бір-біріне жақындастырған нәрсе, олардың өзгеше ойлайтын ерекшеліктері болса керек. Біле білсек, Мұқағали да, Тоқаш та өздері өмір бойы күрескен, өздері дұрыс деп таныған жолды ғана хақ деп таныған, соны ғана мойындаған. Үшіншіден, оларды етене еткен нәрсе – еркіндікке құштарлық, яки еркіндік сүйгіштік қасиет. Қос ақынның өмірдегі де, өлеңдегі де басты табан тірейтін тұғыры – еркіндік болды. Еркіндік болмаса өлең де, отан да жоқ деп түсінді. Төртіншіден, екеуінің де азаматтық жауапкершілігі әуелден жоғары болды. Адалдық жолында адасқан емес. Екіжүзділік, екі сөйлеу, сөзде тұрмау, әлсізге әлімжеттік көрсету, біреудің сыртынан сөз тасу тумасы жат еді оларға. Әділдікті ту етті. Дос үшін отқа да, оққа да жалаңаш кеудесін тосуға дайын. Бесіншіден, жандары әрқашан қарапайымдылықты қалады. Қандай кезде де қарапайым қалыбынан танбады, айналасында топырлап үкімет адамдарының жүргенін жақтырмады. Жақын адамдарының айтуынша, кей-кейде олар өз-өздерін мазақ етіп, кемшіліктерін жақындарына жасырмай айтып, іштегі кір-қоқыстан арылуға, рухани тазарып алуға тырысқан. Мысалы, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Темірхан Медетбек Тоқаң поэзиясы туралы білдірген пікірінде: «Оның өлеңдерінен «тектілік» көрсетіп, тепсініп, кеудесіне нан пісіп пәлсініп тұрған бірде бір өлеңді кездестіре алмайсыз. Бәрі де қарапайым жұмыс киімін киіп алған, қажетіңе жараса құлшынып қызмет көрсетуге дайын тұрған елгезек, бейнетқор өлеңдер», – дейді. Шын мәнінде Тоқаш өлеңдерінің бүкіл сипаты осыған саяды, анықтама дәл берілген. Ақын өлеңдері құдды Тоқаштың өзі сияқты – «тектілік» танытып тепсінбейді, кеудесіне нан пісіп пәлсінбейді. Ақынның өзі қандай болса, өлеңдері де сондай. Мұқағали шығармашылығы жайында да тап осыны айтуға болар еді.
Әлеуметтік желіде біреулер «Поэзияға Тоқаш пен Мұқағали екеуінің қайсысы көбірек еңбек сіңірді?» деген сұмырай сұрақ ойлап тауып, әлінше әртүрлі салыстырмалар жасап жүр дегенді естідім. Өзім көрмедім, бірақ естіген құлақта жазық жоқ. Пікірлер екіге айырылған. Дегенменен пікір айтушылардың көпшілігі ұстазы Тоқаштың жанында жүріп, тәлім-шалымын үйреген мұзбалақ Мұқағалиды алға салады екен. Ал, осы дұрыс па?.. Меніңше, жалпы өнерде, оның ішінде ақындықта қай мықтыны анықтаудың нақты параметрлері жоқ. Оны әлі ешкім ойлап тапқан жоқ, ойлап табу да қажетсіз. Ежелгі грек ойшылы Демокриттен «Әрбір адам – өзінше құбылыс, ешуақытта зерттеліп бітпейтін тақырып» деген көз қалыпты. Философ осы сөзін Тоқашқа арнап айтқандай ма деп қаласың. Заманында ешбір шеңберге сыймай «дауылдатып, селдетіп, борандатып, желдетіп» (С.Адамбеков) өткен біртуар ақын Тоқаш Бердияров дәл осындай әлі аяғына дейін зерттеліп бітпеген тақырып. Әрине, мұны Мұқағалиға қаратып айтсақ та еш қателеспесіміз анық.
Алайда, бір нәрсені ұмытпаған жөн. Телқоңыр қос ақын өмір сүрген кезең соғыстан кейінгі «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен тар уақыт еді. Халық кедей, аш-жалаңаш, әл-ауқаты әлсіз, рухысынған қылыш сияқты жаралы. Сәл болмаса опырылып түсуге таяу. Осындай қиын кезеңде қазақ халқын сақтап қалудың жалғыз жолы – әдебиет майданында жұп жазбастан бірге болу деп түсінді қос ақын. Сөйтіп, қазақтың табиғи жаратылысына етене поэзия әлеміне ат басын тіреп, жан аямай осы саланың мәртебесін барынша биікке көтеруге кірісті. Бұл ретте екі ақынның тілегі де, жүрегі де, мақсаты да ортақ болғандығы даусыз. Сондықтан көзі тірісінде айнымас дос бола жүріп, қазақ поэзиясының туын жоғары көтеруде, ұлт рухын түлетуге өлшеусіз үлес қосқан телқоңыр ақындардың арасын өлгеннен соң жоғарыдағыдай бақас сұрақтар қойып, қыжыртып, қайшыластырудың қаншалықты қажеті бар?! Қажеті бар ма өзі?!
Мысалы, М.Мақатаев өлеңдерінде көркемдік шындық басым болса, Т.Бердияровта өмірлік шындық, яки реалистік шындықбасым тұр. Бірінші ақын бүкіл адамзат баласының басына түскен қауіп-қатерді өз басына түскен қауіптей қабылдаса, екінші ақын, керісінше, өз басына түскен күйзелісті реалистік шындық тұрғысынан суреттеп, оны заман мен уақыт күйзелісінің бір бөлшегі ретінде қатар қарастыруға бейім. Қос ақын – дос ақын, ортаға деген екі түрлі қарым-қатынас, бірақ азаматтық кредо бір. Екеуі де осы уақыт денесіндегі рухани бөлшектер, алайда әркімнің құбылысты көру нүктесі әр қалай – өз көру нүктесімен қатар өз қолтаңбасы, өз үні, өз шындығы бар тылсым әрі жұмбақ әлем.
Бұл дүниеде ешкім кемшіліксіз емес. Өмірге келдің бе, әркім өз кемшілігі арқылы келеді. Бұл дүниеде кемшіліксіз жаратылыс – жалғыз Құдай ғана. Мұқағалидың да, Тоқаштың да кемшіліктері бір басына жетеді. Абайда да кемшілік болған. Кез-келген жаратылыс иесінің өз кемшілігі бар. Айтпағымыз, екеуінің арасында «кім мықтыны» анықтауда шекісіп-бекіскен, тартысып-табысқан жерлері болса болған шығар, бірақ екеуінің бетпе-бет келіп жаға жыртысқан дұшпанға таба болысқан сәті жоқ. Ондайды ешкім көрмеген. Ендігі оны ешкім де ешқашанда білметін болар. Ақындық ғұмырларында сталиндік қуғын-сүргін, 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс терең із қалдырған екеуінде де бір-бірінің басын аман-сақтап қалу, бір-біріне қорған болу инстинкті бәрібір жоғары тұрғандай. Олар бір-бірімен дос болып бірге жүргенін мақтан тұтқан секілді. Ол екі ақынның бір-біріне арнаған өлеңдерінен де байқалады. Сөйте тұра бір-бірінің атақ-абыройынан, айбынынан қаймыққан, жасқанған да тәрізді. Қазіргі мәдени кеңістіктен өзін іздеп жүрген қазаққа не керек? Қазіргі қазаққа екі дос – қос ақынның осы биікте қалғаны керек, оны біз соңғы уақыттарда қатты сезіне бастадық.
Осы орайда көкейге тағы бір ой оралады. Ол – қос ақынның әдебиетімізден алар ойсыраған орнына, поэзияда көтерілген асқар биігіне байланысты оларға өшпес рухани ескерткіштер орнату мәселесі. Біздіңше, Тоқаш пен Мұқағалидың өмірдегі де, өлеңдегі де ұлы достығы қандай да бір іргелі құрметке лайық.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі достық деген ұғымның құнын түсіріп жібердік, бағасы арзандап кетті. Достық, сүйіспеншілік, махаббат ұғымдары – отаншылдық, елдік, азаматтық ұғымдармен теңесетін. Қазір ондай жоқ. Оның орнына мүдде деген ұғым алға шықты, соған салмақ салатын болдық. Досты құдайдай сыйлаушы едік. Досын ешкім жауға тастамаушы еді. Досыңды жауға қалдыру – кешірілмес күнә саналатын, қорқақтық, сатқындық деп есептелетін. Оларды жауапқа тартатын, қатаң жазалайтын. Бәрінен ауыры – досын жауға тастаған адам өмір бойы ар жазасын арқалап, қиналумен өтетін. Жазушы Ғабит Мүсіреповтың ерлігі есіңізде ме? Бейімбет Майлинді «жапон агенті», «контра» деп Жазушылар одағында жауапқа тартып жатқанда Мүсірепов: «Егер Бейімбет халық жауы болса, онда мен де халық жауымын. Мені де жауапқа тартыңдар» деген. Міне, нағыз достық!
Қазір бұл ұғым өзгерді. Қазір досты жауға да, дауға да тастап жүре беретін бейшара халге түстік.
Қазір «пайдалы достық,» «пайдасыз достық» деген ұғым топ жарып тұр. Көпшілік жұрт «пайдасыз достықтан» өзін аулақ ұстайтын болды.
Қазір «Доспыз!» деп көпшік қойып, көпіртіп айтатындар көп, ал ақиреттік достық ілуде біреу болмаса мүлдемге кездеспейді. Тоқаш пен Мұқағалидың достығы осы ақиреттік достыққа ұласқан болатын.
Достықтың қадірі кеткен қазіргі заманда, «достық» ұғымын қайта тірілту керек деп жүр емеспіз бе?! Дәл осындай кезде тағдыр тауқыметін көп көрген, қазақ әдебиетінің өркендеуіне зор үлестерін қосқан поэзияда өз қолтаңбалары айқын біртуар ақиреттік дос ақындар – Тоқаш Бердияров пен Мұқағали Мақатаевтың Астанада, Алматыда, Түркістанда, Шымкентте, тағы басқа қалаларда сәулетті де еңселі ескерткіші достықтың символындай болып қатар тұрғаны ұлтымызға керемет үлгі, тамаша өнеге болар еді. Халық қызметшілері осыны ұмытпаса екен…
Болат ШАРАХЫМБАЙ