1. Ертеде жазылса да, өміршең…
( Жазушының кеңес дәуріндегі шығармаларынан)
Жазушының өмірлік материалды көркемдік шындыққа айналдыру ұстанымы, қаламгер шеберлігін анықтау жолының бірі – кейіпкерлер мен олардың прототиптерінің көркемдік шешім барысындағы арақатынасын салмақтауға саяды. Кейіпкер прототиптерін анықтау – әдебиеттану ғылымындағы маңызды мәселелердің бірі, себебі, жазушы кейіпкердің тіршіліктегі бір ғана адамның бойындағы бар қасиетін ғана алумен тынбайды. Әлем әдебиетіндегі басты тенденция – адам өмірін жырлау, жырлағанда да кейіпкерді белгілі бір қоғамдық ортада даму тұрғысынан өсіре отырып, дүниетанымын дамыта тұлғалау. Осы талаптың орындалуы әр жазушыда әртүрлі тұрғыда көрініс табуы – заңды да.
Нұрдәулет Ақыш – ХХІ ғасырдағы қазақ прозасына көркемдік ізденістерімен үлес қосып жүрген қаламгерлердің бірі. Мерзімді басылым беттерінде шыққан, жарияланған шағын шығармаларымен бірге әр кезде жарық көріп келе жатқан прозалық кітаптарының ортақ көркемдік бағытынан осыны аңғаруға болады. Қаламгердің шығармашылық лабораториясына тоқтай отырып, шығармаларындағы кейіпкерлерінің прототиптері, әңгімелеріне арқау болған оқиғалары, әсер еткен жағдайлары және т.б. шығармашылық үдерістердің алғышарттары қалайда назар аударуға тұрарлық.
Шынын айту керек, Нұрдәулет Ақыш қазіргі таңда танымал қаламгерлердің бірі болғанымен, оның шығармашылық ерекшеліктері, жазушы ретіндегі өзіндік зертханасы әлі жете зерттеле қойған жоқ. Осы мақаланы жазу барысында ол кісінің бибилографиялық көрсеткішін шолып шықтық. Жазушының әңгіме-повестері жайында түрлі пікір жазғандардың ішінде С.Сейітов, Ә.Нұршайықов, Б. Соқпақбаев, Б. Мұқай, Б. Тоғысбай, О.Сәрсенбай, Т. Тәшенов, С. Әбдікәрім, С. Еркебаев және т.б. қазақ әдебиетіне танымал есімдер бар екен.
Десек те, Н. Ақыштың шығармаларының жазылу тарихын, сол арқылы алып қарастырған шығармаларын басқа қырларынан талдауға ұмтылдық. Сонымен қатар, соңғы он жылда жазылған шығармаларындағы кейіпкерлердің жаңа жиынтық, яғни, типтік образдары мен баяндау тәсілі сарапқа салынды.
Жазушының «Қиянда» атты әңгімесі 1972 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланып, республика оқырмандарына танылған болатын. Сол алғашқы шығармасы арқылы жұрт назарын өзіне аударып, әдебиет әлеміне жазушылықтың жолы арқылы бет алды.
1972 жылы «Лениншіл жас» газетінің бетіне жарияланған, қаламгерді әдебиетті сүйетін қауымға танытқан алғашқы «Қиянда» атты әңгімесі аты айтып тұрғандай, қиянда шетте орналасқан кішігірім үйде жасы жеткен шал мен оның кіші баласы Бақан екеуі туралы. Осынау шаңыраққа кездейсоқ қоналқалылыққа тоқтаған бейтаныс жігіт бала мен әкесінің тұрмыс тіршілігінің куәгері болады: бүткіл үй ішіндегі тірлікке баласы Бақан жауап береді. Шалдың денсаулығы кемдеу, көксау ауырымен ауырады екен. Қонақ жігіт ұйықтар алдында шалдың бір ескі шапанды құшақтап жататынын көреді. Сөйтсе, қайтыс болған әйелінің киімі екен.
Осы психологиялық эпизод жігіттің көз алдына үйдің артқы жағындағы бейіт басында шалдың таң атпай, құран оқуымен шиеленісе түседі. Бұндай жаңалықтан шошынған жігіт кейін үйге кіріп, туындаған сұрағына жауап іздемекші болып, шалдан қабір туралы сұрайды. Сюжет барысында бұл арада шалдың сүйген жары, Бақан баласының анасы көмілгенін аңғарылады. Өзімізге белгілі діни тұрғыдан қабірдің үй маңында орналасуы – жаман белгі. Дегенмен, бұндай дәстүрге қарамай, сүйікті жарының қазасын ұмыта алмаған шал осындай әрекетке жүгінген екен.
Әңгіме шалдың Бақанның қадірін жігітке айта отырып, сол ұлы Бақансыз қалай қиналатыны туралы оймен өрбиді. Жолшыбай тоқтаған бейтаныс жігіт ақыры өзі жол тартқан ауылға қарай аттанады.
«Әй, ақылсыз шал-ай, – деп ойлады жігіт өзінен-өзі қабағын кіржитіп. – Ең құрығанда, артында қалар ұрпағы, жалғыз тұяғының жағдайын ойламай ма? Күні ертең не болады ана бала? Қазақтың баяғы өлі заманы деп жүр ме өзінше. Жас кезінде ақымақ едім, ақылым енді кірді деп көшелі кісі болғансиды. Сондағысы осы ма, жалғыз баланың бағын байлап…
Ғұмырымды жіберген қателіктерімді осылай жуып-шаям дейді. Тәубесіне келгені дұрыс та шығар. Бірақ…»
Аяғын жасқана басқан атын самарқау қамшылап келе жатып, жолаушы ұзақ ойланды. Өмірінде мұндайды алғаш көргендіктен бе, қияндағы осынау міскін жандардың солғын тіршілігін ақылына сыйғыза алар емес.
Атының басын ірке тоқтаған ол көңілі әлденеге алаңдаулы секілденіп, кейін қарай бұрылды. «Ғұмырында неше рет жаңсақ қадам жасағанын мен қайдан білейін? Бірақ, мынаған, мүмкін, бұл соңғы қателігі шығар, жол бермеу керек».
Желе жортқан құла төбел аттың маңдайға алғаны – тағы да ескі қыстау. Жөн сөзге тоқтап, ақылға көнер ме екен шал? Жалғыз ұлының келешегі үшін…» деген жолаушының ойына оқырман да еріксіз қосылғандай болады.
Сөйте келе жол үстінде сол шалдың өз баласы туралы айтқан сөздері ойына қайтып келіп тұрады, содан жігіттің Бақанға жаны аши бастайды. Өзінің балалық шағының жарты кезеңі сол шалды асыраумен кететінін аңғарған бас кейіпкер соңында бұл баланы қимай, олардың үйіне қайтып оралады, себебі ендігі мақсаты – шалды қалай болса да ел ішіне көшуге көндіру.
Жігіттің бұндай шешіммен баланы өзімен бірге алып кететін де шығар деген ойының тууы таңқаларлық жайт емес, жігіттің осындай шешімге келуінен оқырман бойында үміт оятады.
«Күрмеуі қатты түйіндер» повесінде қаламгер бұрын біздің әдебиетімізде кездеспеген, сол кеңес заманындағы, тіпті қазіргі уақытта да әлі кездесетін қала мұғалімдерінің бейнесін жасауға, қала мектептеріндегі жас жеткіншектерді тәрбиелеу проблемаларын көрсетуге арналған. Шығарма оқиғасы тек қана бір мәселенің, қазіргі ұрпақ тәрбиесінің төңірегінде өрбиді. Бүгінгі таңда жас буынды адамгершілік жолымен дұрыс тәрбиелеудің күрделене түскенін, оған жауапты адамдар тек педагогтер ғана емес, бүкіл қоғам екені жеке деталь мен штрихтармен беріліп отырады. «Нашар отбасыда өскен бала – нашар, ал жақсы отбасыдан шыққан бала – жақсы» деген қарапайым қағидаға құлағымыз үйреніп қалған. Өмірде оған керісінше жағдайлар болатынына көп адамдар оған мән бермейді. Повесте автор осындай күрделі мәселеге басқа қырынан келуге тырысыпты.
Базар есімді мұғалімнің сыныбында Бағила мен Ажар деген озат оқушылар болады, бірақ екеуінің мінезі екі түрлі: Бағила – қарапайым, мейірбан болса, ал Ажар – тәкаппар әрі өнерпаз қыз. Ажардың анасы – ата-аналар комитетінің белсенді мүшесі, ал Бағиланың шешесі ата-аналардың жиналысына да келуге мүмкіндігі жоқ. Сөйте келе, Бағиланың шешесі – маскүнем, қарапайым жұмысшы. Ажардың әке-шешесі үлкен қызметтегі кісілер екен, өз баласының жан-жақты дамуына, өнерді үйренуіне барлық жағдай жасаған. Жеке бөлме беріп, оның ішін түрлі жиһаздармен толтырған.
Ажар сонымен қатар француз тілін үйреніп, музыка мектебіне барады. Екеуі де сегізінші сыныптың бойжетіп қалған қыздары, бірақ үлгілі деген Ажардың күмәнді жүріс-тұрысы, ұл балалармен байланысы еріксіз сескендіреді. Баласына деп барлық ықыласын төккен ана қай жерден мүлт жіберді екен? Ал шешесі маскүнем Бағиланың жақсы азамат болып өсіп келе жатуын немен түсіндіруге болады.
Осы арқылы автор қазіргі жас ұрпақ тәрбиесінің бұрынғыдан да күрделене түскенін аңғартады. Повесте Жәмилә есімді мұғалима апай бар, мектепте ұзақ жылдар бойы қызмет істеген. Алайда қазіргі педагогтің бейнесі қазіргі талапқа сай емес: білімі жете бермейді, әрі жүйкесі жұқарған, ашушаң. Оның мұғалімдер бөлмесінде жылап отыруының себебі мектеп директорынан сөгіс естіген. Әрине, бұл – өте аянышты тағдыр, уақыттың екпініне шыдай алмай, ілесе адасу. Өмір бойы мектепте еңбек етсе де, бір оқушыдан сүйеніш таппады. Жәмилә – өмірден өз орнын таппаған мұғалімнің трагедиялық бейнесі, сондықтан, бұл жолға түскен жастардың мықтап ойлануы керек. Өз бойыңда от болмаса, бала жүрегіне қалай от бере аласың? Онда өміріңнің босқа кеткені ғой. Біздің түсінумізше жазушының астарлап нұсқайтын идеясы осында жатыр.
Еліктеуге әуес жастардың сана-сезіміне, көзқарасын қалыптастыруына кедергі болатын факторларының қалада көп екені повесте баса айтылған. Мысалы, қымбат дүние мүліктер, жиһаздар, модаға немесе «Хэви метал», «Брэйкдэнс» секілді әртүрлі рок, шоу музыкаларға тым еліктеушілік, сондай ағымдарға әуестену. Ондай жат қылықтардан балаларды жирендіру үшін мұғалімнің өзі солардан хабардар болуы қажет.
Повестегі бас кейіпкер Базар мұғалімнің жолы ауырлау – қанша тырысса да, әрекеттерінде сәтсіздік басым. Тіпті, повестің соңында да Базар әрекетінде қайшылықтардың көп екені анықталады, бірақ жұмысы қанша қиын болса да жас мұғалім мектептен кетпейді.
Институтты бірге бітірген басқа жолдастары қызметтерін ауыстырып, жайлы орындарға ығысқан, өз жағдайын жасаған. Ал Базар болса, әлі де шәкірттерінің арманы мен болашағымен өмір сүріп жүр. Өйткені, кейіпкер бүкіл қоғамның озық болуы да, тозық болуы да, тіпті бүкіл әлемдік проблемалардың дұрыс шешілуі де осы сыныпта отырған балалардың тәрбиесіне тығыз байланысты деп пайымдайды. Сонымен қатар, сабырлы да парасатты Шәріпхан бейнесі, тек сағат үшін таласатын Гүлнәр образы да, істің бәрін тек қағаз жүзінде жасап, жоспар толтырып жүрген Бағила Кәкімбаева, тағдыры аянышты Жәмилә апай – бүгінгі мұғалімдердің әртүрлі типтік бейнелері.
Сөз жоқ, осы повесть қаламгердің дүниесінде өзіндік моральмен әлі де ерекшеленіп тұратын шығармасының бірі болып табылады. Дегенмен, бұл шығармаға байланысты жағымды пікірін білдірген тұлғалар да аз емес. Мәселен, кеңес заманында Баққожа Мұқай өзінің жылы лебізін былай білдірген болатын: «Осы ретте өткен 1985 жылы жарық көрген жас прозашы Нұрдәулет Ақышевтің «Сынық домбыраның сазы» әңгімелер мен повесть жинағына енген «Күрмеуі қатты түйіндер» повесі тақырыбының актуальдылығымен құнды. Бүкіл еліміздің мектептері қазір реформа талаптарын жүзеге асыруда. Бала тәрбиелеу тәрізді құрметті жұмыстың қиындықтары, күрделі проблемалары әркімді-ақ ойландыруы тиіс. Мұнда шығарма кейіпкері жас мұғалім жігіттің үлгі аларлық қадамы тілге тиек етіле отырып, ұстаздық мамандығын кез-келген басқа кәсіпке айырбастап, жеңіл күн көріс қамын ойлайтын кей жастардың тоғышар психологиясы сыналады. Жастар қаламына өмірдің өз талабынан туындап жатқан көкейкесті мәселелерге батыл бару, ұшқырлық қажет-ақ…» дейді ол кісі «Лениншіл жас» газетінің тілшісіне берген сұхбатында.
Педагогика мәселесін арқау ететін «Күрмеуі қатты түйіндер» повесі 1950 жылы жарық көрген Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесімен тақырып жағынан үндес болып келеді. Екі шығармадағы бас кейіпкерлерінің (Базар мен Жақыпбек) екеуі де мұғалім, екеуінің де алдарына қойған талап пен мақсаттары – бір, педагогика мен баланы тәрбиелеу жұмысына жаңа көзқарасты ашу, жаңалық енгізуді аңсайды. Осы арқылы оқушылардың бойында оқу-білімге деген ынтасын оятуға шығарма барысында екі жас мұғалім талпынады.
Келесі сөз етілетін шымыр, әрі көркем жазылған «Үндемейтін ұл» повесі адам тағдырының бір тауқыметті сәтін суреттейді. Онда ана деген асыл жанның бала үшін қаншалықты қымбат екенін өзіндік оқиғалармен бейнелі жеткізіледі. Жазушы белгілі тақырыпқа басқа қырынан келеді: бұл шығармадағы ана – жүйке ауруына ұшыраған кемтар жан. Таразының бір басында – анасы, екіншісінде – сүйген жары. Кейіпкер қатты ширығады. Жазушының атап өтілген әңгімелері сыншылар тарапынан тәуір бағаланып отырды; өйткенді бұл туындыларда адамның жан дүниесінің қайшылықтары суреттеле келе әр оқырманның көкейінде жүретін проблемалар бірсыдырғы қызғылықты баяндалған.
Екі ұлының тек бір Мәзімге ғана ауру анасының тауқыметі артылады. Ал Мәзім болса, сол ананың жолында өзінің жастығын құрбан еткен ұл. Сол ана үшін сүйген жарын тәрік еткен жары Қалипаш болып шықты. Ол ақ махаббатын жарына арнағанымен, оны анасымен бөлісе алмады. Ал психикалық дертке шалдыққан ананың «қаланың тікбақайы» көрінген келініне шүйлігуі заңды да. Әрине, бұл жерден ананы кінәлаудан аулақпыз, өйткені, дерт меңдеген жанның ішкі психологиясы өзімен-өзі алысқан күйде болатыны белгілі.
Жазушы кейіпкерлерінің психологиясын ашуға қадам жасаған. Көркем шығармада, оның ішінде повесть жанрында кейіпкер психологиясын жан-жақты көрсете білуі – үлкен жетістіктердің бірі. Жазушының осы талап тұрғысында өзіндік ізденісі бар. Повестің негізгі идеясы – сол заман адамдарының жақсы қасиеттерін, адамдық парасатын көрсету, бірақ кейде олқы соғып жататын осы бір жәйттердің де көлеңкелі жағын дааша білген.
Бұған дәлел – Қалипаш, Мәзімнің ағасы Нәзір мен оның әйелінің әрекеттері. Бұл жерде тағы айта кететін жәйт – жазушы кейіпкерлеріне ат қою жағынан, сараңдық жасағанымен, онысы шығармасына шырай беріп тұр. Кейбір жазушылардың шығармаларында кейіпкер есімдерінен сүрініп жығыламыз, ал Нұрдәулет Ақыштың кейіпкерлері, атап айтқанда, «жеңгесі» Қалипаштың әпкесі мен жездесі, аудан орталығындағы наубайханадағы технолог қыз, тракторшы жігіт – барлығы да есімдерімен аталмаса да повесте көрінген жағымсыз әрекеттерімен оқырманның есінде сақталып қалатын бейнелер.
Шығарма соңында оқырман ақылынан адасқан, ауру шешені де, тіпті ауыр да қиын тұрмысқа шыдай алмай кеткен адал жар Қанипашты да кінәлай алмайды. Тек қайыспас қайсар, ана алдындағы ары мен жаны таза, алапат төзім иесі, нар жігіт Мәзімге толық сүйсінеді. Қайтадан бас құрап, өзге бір әйелге, тіпті ешкімге де көтеріліп ауырған анасын масыл етпеген Мәзім оны ақырғы сапарына дейін шығарып салады. Ана алдында ақ сүтін ақтаған азаматты көре аламыз.
«Үндемейтін ұл» повесі 1982 жылы «Үндемейтін ұл» атты шығармалар жинағына енгізіліп, басқа шығармаларымен бірге жарияланыпты. Онда кеңестік цензураның кесірінен қаламгер аса мән берген полигон мәселесі туралы суреттеп кететін тұстары алынып тасталған. Тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасында тақырыптық деңгейі кеңіп, кеңестік жүйе кезіндегі жазылмақ түгілі айтуға тыйым салынған «жабық» тақырыптарға қалам тарту мүмкіндіктері туды. Сонымен қатар, еліміздің әлеуметтік өмірінде қоғамдық-саяси шешуші рөл атқарған қазақ тарихының ақтаңдақ беттері – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, Семей полигоны, Ауған соғысы туралы тақырыптарына қазақ жазушыларының еркін шабыттана жазуының арқасында біраз сүбелі туындылар дүниеге келді.
Атымен қоса шығарманың біраз жерін өзгертіп, автор шығраманың атын «Өксікті өмір» деп өзгертіпті. Сол нұсқасымен ол Фариза Оңғасырова басқарып отырған «Ақ желкен» журналының 1994-1995 жылдар аралығында сандарында жарияланған екен. Бір повестің екі нұсқасындағы байқалатын тағы бір айырмашылық – шығарманың аяқталуы. Бұны кез келген оқырман екі повесті оқу барысында соңғы сөйлемдерінен анықтай алады. Повестің «Үндемейтін ұл» атты алғашқы нұсқасының аяқталуы:
«Сөз сыңайынан байқағаным – оған қол ұшын бергісі келіп жүргендер осы совхозда да біраз бар көрінеді.
Ертеңіне Мәзім күрегін иығына салып алып, анасының басына қарай бара жатты. Серейген бойына құныс жауырыны онша үйлеспей, арық тайлақтай аяғын қалт-қалт басады.
– Біткен жігіт қой бейшара, несі қалды енді? – деді сыртынан қарап тұрған қасымдағы ауыл адамы маған естірте күрсініп.
Бұл кезде мені Мәзімнің жарқын келешегі жайлы тәтті бір қиял әлдилей бастаған еді. Неге екені белгісіз, көз алдыма Қизаттың қамқор бейнесі келді»
Енді повестің екінші нұсқасы – «Өксікті өмірдің» аяғына соңғы азат жолды алынып тасталып, Қабыл есімді кейіпкердің сөйлеген сөзі қосылды:
« – Жоқ, бейшара емес, – деп қалай дауыстап жібергенімді байқамадым. – Нағыз перзент – ол! Сен де, мен де ондай бола алмаймыз…».
Осы сөйлемді оқи отырып, қаламгердің бұл екінші нұсқасының құптауының тағы бір себебі – сонау әу бастан Мәзімнің басынан кешірген сұмдық тайталастан кейін бойындағы жоғалмаған қайсарлығы мен адамгершілік қасиеттерін Қабылдың сөзі арқылы ашып, «сол қасиеттерді қанша иеленсек те, Мәзімге әлі жету қайда» деген ойымен кейіпкердің ерекшелігін көркем түрде көрсете білді.
Мәзімнің орнына кез келген адам баласы бұндай тағдыр тауқыметіне тап болғанда, есінен адасып, тіпті өз-өзіне қол жұмсап, өмірін осылай аяқтауға жетуші еді. Тіпті, бұлай өз-өзіне қол жұмсауға Мәзімнің қолы жетуі әбден мүмкін еді. Бұл повесті оқу барысында оқырман шығарманың аяғына дейін бас кейіпкер соны істер ме екен деген күдікпен отырады. Осындай тұстарда қаламгердің жазу шеберлігінің ерекшелігін көруге болады, яғни повесть Мәзім не болса да ары қарай жалғыз өзі өмір сүруімен аяқталады.
Повесть туралы айтқан кезде ескерілетін тағы бір қызықты жайт – «Үндемейтін ұл» нұсқасында айтылып кететін Мәзімнің жұмыс орнындағы қызметтес досы Қизат есімді кейіпкер «Өксікті өмір» нұсқасында кездеспейді екен. Жазушының осы қадамынан өз шығармаларында кейіпкерлерді мейілінше аз қолдануды көздейтіндігі байқалады.
2. Елеусіз қариялар
«Сынық домбыраның сазы» әңгімесі қаладан ауылға жаңадан ғана келін болып түскен болып түскен Жарияның атымен баяндалады. Үлкен шаһарда дүниеге келіп, үлкен өмірге тек «балконнан» қарап өскен жас келінге ауыл тіршілігінің бәрі таңсық, сонымен бірге ол айналасына жатырқай, бөтенси қарайды. Оған себеп болатын жағдайлар да түрлі, тіпті өзі келін болып түскен үйдің үлкендерін де бірден қабылдап, жақын тарта қоюы оған қиын.
Сөйтіп жүрген оның жанына жылылық еккен жалғыз адам – ауылдың сыртында жалғыз өзі сиыр бағып жүрген, тіпті жастардың үйлену тойына да шақырылмай қалған саңырау қарт. Оның далада жападан-жалғыз мал соңында жүріп, ыңылдап ән салғаны тойдан кейін қыдырып жүрген жастарға ерекше қызық көрінеді. Жас келін Жарияның өзі әлгі шалды мазақтап күлген жастармен қосылып, сықылықтай күледі.
Ал кейін осы қартты мына бөтен ауылдағы ең бір жақын адамындай қабылдауы, әкесіндей, болмаса басқа бір жақын кісісі тәрізді іштей жақын тартуы суреттелетін тұста психологиялық ахуал басым болып келеді. Момын да еңбекқор саңырау шалдың өзімен өзі жүріп, бір ауық ермек ететіні – ән мен күй. Аса бір жақсы музыкалық таланты болмаса да, бірсыдырғы тәуір орындалған әнді жас келіншек жан жүрегімен түсініп, соған елтиді. Адам өмірінің өткінші екендігі, жарық дүниенің тылсымға толы екендігін енді ғана шым-шымдап сезіне бастағандай болуы – шығармадағы айтылар ойдың философиялық түйіні.
Адам еңбегінің бағаланбай қалу мәселесі ертеде жазылған «Көлік үстіндегі «қызыл көз» әңгімесіне де арқау еткен болатын. Осындағы «Қызыл көз» шал мен «Бейуақта жанған от» әңгімесіндегі Ақылбек ақсақал екеуінің өмірлік ұстанымдары: екеуі де жұртқа тыныштық бермей, тиісе береді, екеуін де ауыл тұрғындары сүйкімі қашқан адам ретінде қабылдайды. Оқырман әңгіменің аяғында ұнамды кейіпкер екенін түсінгенмен, айналасындағы адамдар бұндай өзгерісті қабылдай бермейді. Осы екі кейіпкердің образы арқылы қазіргі уақытта да адал еңбегі бағаланбай жүрген адамдар бейнесі көз алдыңызға келеді.
«Көлік үстіндегі «қызыл көз» шығармасында «қызыл көзді» шалдың сол автобус ішіндегі жолаушыларға істеген ізгі ниеттегі еңбегі жауапсыз қалады. Әңгіме барысында жас жүргізуші уақытты үнемдеймін деп, жолдағы шағын ауылға соқпай, аудан орталығына тікесінен тартады. Осындай жауапсыздыққа ызланған «қызыл көз» айқай шығарып, автобустың өз маршрутымен жүруін талап етеді де, жаңағы ауылға қарай бұрғызады.
Әңгімені оқу барысында «қызыл көздің» ұнамсыз кейпі әу бастан қалыптаса бастайды. Сөйтсе, жаңағы шағын ауылда бір топ адам тұр екен. Іштерінде «қолдарының ұштары қызарған жас балалар да бар». Ақыры оқиғаның даму барысында «қызыл көзді» қарияның істеген ісі үшін ешкім оған рақмет айтпайды. Ол да сол жолаушылардан лебіз күтпестен, автобустан түсе салысымен, елеусіз ғана кетіп бара жатады.
Осы екі шығарманы талдай отырып, келетін қорытындымыз – «қызыл көз» шал мен Ақылбек ақсақал қаламгердің шеберлігімен құрастырған жиынтық образдар. Кезінде «Қазақ қариялары қаламгер көзімен…» атты мақалада осы шығарма туралы былай деп, жазылған еді:
«Қазақ қариясы сомдалған шығармаларының бірі – «Көлік үстіндегі қызыл көз» атты әңгімесі. Ешқандай құзырлы орынның адамы тексере қоймайтынын пайдаланып, алыс түкпірдегі ауылда жүрген автобус жүргізушісі тәртіпке сыймайтын әрекетке барып, ойына келгенін істейді. Автобусқа артық жолаушылар алады, маршрутты өзгертіп, орта жолдағы жолы жаман ауылға ауылға бұрылмай кетеді. Бірақ осынау алыс түкпірде де оны тәртіпке шақыратын адам бар екен. Ол – артқы орындықта мыжырайып отырған бір жүдеу пішінді шал. Автобус ішінде айқайды салып, бақырып-шақырып, жүргізушінің қайтадан маршрутпен жүруге мәжбүр етеді. Базбір жолаушылар «Мына қызыл көз қайдан шықты?» дегендей, оны жақтырмай қалғанымен, шалдың олармен ісі жоқ. Соның нәтижесінде күздің жайсыз күнінде аялдамада тоңып-жаурап тұрған талай жолаушы автобуспен межелі жерлеріне жетіп, мәз болып қалады.
Әңгіменің соңында көліктің заңды маршрутымен жүргізгені үшін шалға риза болып, рақмет айтып жатқан да ешкім жоқ. Мұндай ризашылықты шал да ешкімнен дәметпей, өзіне өзі разы кейіпте жаман қабын арқалап алып, өз жөнімен кетіп бара жатады. Әсер етіп қана қоймай, ойландыратын да көрініс».
Жүрген жерінде осылайша шатақ шығарып, айналасындағы жұртқа жеккөрінішті болып жүретін мазасыз да ашушаң шалдың жан дүниесін жазушы оның іс-қимылы арқылы ашып көрсетеді. Бір қарағанда, осындай жағымсыз әсер қалдыратын ауыл адамының ішкі әлемінің басқаша екендігі, тіпті өзі жасаған жақсылық үшін ешкімнен қайтарып күтпейтіні, тіпті ондайды былай қойып, бір ауыз рақмет те дәметпейтіні қазақи адамгершіліктің үлгісі болып сезіледі.
Көптің бірі секілді ұсақ көрінгенімен, бұл жандардың жандары таза, ішкі әлемі — ірі. Өзі жүрген ортада тек әділеттік орнатуға тырысып, қиянат атаулыға қарсы күресіп жүретін осынау елеусіз пенде әңгімеде типтік деңгейге дейін көтерілген.
«Бейуақта жанған от» әңгімесінде оқиға Маңырақ ауылдық округінің Жаңғызтөбе елді мекенінде орын алады. Шығарма Ақылбек ақсақалдың жат қылығына байланысты Махмұд есімді аудан өкілінің жиналысты ашу туралы шешім қабылдауымен басталады. Махмұдтың бұндай іс-әрекетке жүгінуге әсер еткен жағдай – Кәбен есімді жас жігіт екеуі өріске таласып, екеуара кикілжің туыпты. Ақсақал жігіттің қой жайып жатқан жері өз өрісінің бір бөлігі екенін аңғарып қалып, шатақ содан туындаған. Кәбен болса өзінен жасы үлкен кісімен сөз қайтарып, ұрсып тастапты.
Ақылбек ақсақал Кәбенге кетуге нұсқаса, Кәбеннің өзі де ақсақалға бұл аймақ оған тиесілі және жердің осылай бөлінуін білмегенін айтып, «Керек болса, басқа жерге қоныс теп» дегенге барыпты. Бұндай ерсі мінезге шыдамы біткен ақсақал жас жігітті қамшымен сабап тастайды. Бірақ Кәбеннің өзі дым демей, сабыр сақтап отырды. Бұндай оқиғаны әрине, ұмытып, назардан тыс қалдыру мүмкін емес. Шаруа қожалығының басқа мүшелері болса ызаланып, Ассоциация басшылығына бұл оқиға туралы айтып жеткізеді. Ақыры ауданға да хабар жетіп, қасындағы жас қыз Балшекер «ағалап» артынан еріп жүріп, басқа шаруа адамдарымен қосыла жиналыс бастайды.
«Бейуақта жанған от» атты шығармадағы бас кейіпкер Ақылбек қарияны ауыл округінің адамдары жақтыртпайды, тіпті Кәбенмен болған оқиғадан кейін сол кісіні соттап жіберуге де даяр. Сол себептен Махмұд есімді жоғары жақтың адамы жиналысты ашып, ұрсысып қалған жас жігіт Кәбен мен қабағы жылымаған Ақылбек ақсақалды татуластыруды мақсат еткен. Алайда бұған Ақылбек қырсығып, көнбейді, тіпті Махмұдтың әр сөзін елемей, өрістің тарлығын көлденең тартып, соны мәселе етіп көтеруін сұрайды.
Жиылып отырған шағын қауымның кенеттен назарын аударған – ауылдың ар жағында лап етіп жана бастаған от. Ақылбек ақсақал бір топ жастарды жинап, сол өртті сөндіруге жол тартады. Сол топтың ішінде мәселесі қаралып жатқан Кәбен де жүр. Тек Махмұд қана қыбыр етпей, өз орнында асықпай отыра береді. Ақылбек, Шеризат бастаған жігіттер от шыққан аумаққа қарай келіп, себеп болған құбылысты іздестіре бастайды. Алайда бұған жауап табылмайды. Өйткені, от жоғалып кетіп, жаңағы қыраттың ар жағынан көрінеді. Жұртты тығырыққа тіреген де — осы жұмбақ жағдай. Қуғаншылар енді тылсым күштің араласуы, «шайтан», «аспанда ұшатын тәрелке», «НЛО» деп болжамдай бастайды.
Біраз уақыттан соң алыстағы от кішірейіп сөнеді, бұған бір топ жігіттер қуанады да, ауылға қарай жол тартады. Сол кезде от қайтадан жанып, кең көлемде өсе бастайды. Өмірінің қырық бес жылын шаруашылыққа арнаған Ақылбек ақсақал үшін де бұндай оқиға тосын жаңалық боп шықты. Бәрі не істерлерін білмей, дал болып тұрғанда, от жоқ болып кетеді.
Оттың шығу себебі оқиға соңында ғана ашылады. Сөйтсе, ол ауыл тұрғындарын төтенше жағдайларға даяр ету үшін арнайы ұйымдастырылған «От» операциясы болып шығады. Аяғында «Маңырақ» ауылдың округі сол операцияны ұйымдастырып, тұрғындарды дайындағаны үшін «Жыланбай» шаруа қожалығының мүшелерін емес, оқиға кезінде үйде отырып қалған Махмұдты марапаттайды. Көпе көрнеу әділетсіз түрдегі марапаттау. Ақылбек ақсақалдың ғана еңбегі зор екендігіне қожалық мүшелері, ауыл тұрғындары, Кәбен, Шеризат, Балшекер тәрізді жастар – куә. Бірақ өздерінің мал жаятын өрісі, былайша айтқанда туған жер табиғатының амандығы үшін жанын салып жүрген Ақылбек ақсақал мүлде елеусіз қалады.
Басшылықтың әділетсіз марапаттауы арқылы біздің қазіргі заманымызда да әлі кездесетін мәселелерді қаламгер еліміздің тыныштығын бұзатын басты жайттарды оқырмандарға жиынтық образымен шағын әңгіме арқылы жеткізгісі келген.
Дандай Ысқақұлы,
Жібек Құсайын