ҚАЗАҚТАР ХАҚЫНДА ОРЫС ДЕРЕКТЕРІ НЕ ДЕЙДІ

1793 жыл.

«Ресейдің тарихи, географиялық, саяси және азаматтық сөз қоры». Құпия кеңесші әрі Астрахань губернаторы Василий Никитич Татищевтің жазбалары.

Қырғыз бен қайсақ. Татарлардың ең үлкен халқы, ұлы даланы мекендейді, солтүстігінде Сібірді қамтиды, кейде Тобыл мен Ертіс өзендерінің оң жағалауын жайлайды, әлсін-әлсін жортуыл жасап тұрады, бірақ жоңғарлар күшейгеннен бері ондайға батылдық ете бермейді, оңтүстігінде Жайық пен Ембі өзендерінің бойын жайлайды, онда түрікпендермен, торғауыт қалмақтармен жиі қақтығысып қалады, шығысында Бұқардың көптеген жерлерін иемденіп кетті, қарақалпақтар, Арал бойының халықтары және хиуалықтар оларға бағынуға мәжбүр болды. Кейін оларды жоңғарлар Бұқар жерінен, парсылар Хиуадан қуып шықты, жоңғарлар олардың көпшілігін, әсіресе Үлкен Орданы түгел бағындырды. Батысында олар башқұрттармен және Жайық казактарымен, қазір Орынбор губерниясымен шектеседі, бұрын олар бір ханға бағынатын және әжептәуір қуатты болатын, тіптен жоңғарларға көп зардап шектірді, бірақ осыдан біраз уақыт бұрын үшке бөлініп кетті де Үлкен, Орта және Кіші жүз деп аталып, үш ханға бағына бастады, Кіші жүзді Әбілқайыр хан биледі, ол 1732 жылы араға башқұрттарды салып, алғашқы болып Ресейдің қол астына өтпек болды және одан қорғаныш іздеді, бұл тілегі қабыл алынды. 1738 жылы Орта жүзбен бірге Орынборда құпия кеңесші Татищевтің алдында белгіленген тәртіппен ант берді және балаларын аманатқа қалдырды. Содан бастап біздің ішкі халқымыз болып саналатынына қарамастан башқұрттар мен басқа да өздеріне жақын орналасқан Ресейге бағынышты халықтарға жортуыл жасауын қойған жоқ. Кейде жоңғарларға қарай ауа көшеді. Қырғыз – далалық, көшпенді деген сөз, ал қайсақ – аласталған, бөлінген, бөлек шыққан деген ұғымды білдіреді.

1799 жыл.

Ресей мемлекетінде тұратын барлық халықтардың, олардың тұрмыс-салтының, әдет-ғұрпының, киім-кешегінің, тұрғын жайларының, күнделікті іс-әрекеттерінің, ермектерінің, наным-сенімінің және басқа есте ұстарлық жәйттердің сипаттамасы. Иоганн Готлиб Георги неміс тілінде жазып қалдырған, одан орысшаға аударылды. 2-бөлім.
Қырғыздар. Қазақ ордасы деген атпен белгілі қырғыз ордасы өздерін Сары қайсақ (дала қазағы) деп атайды, қырғыз деген сөз татар тілінде жексұрын адам дегенді білдіреді, оны өздері ойдан шығарған, өмірде болмаған тайпа көсемінің аты дейді.
Кейбір аңыздарға сүйеніп өздерін Қырым ханы Құндығырдың ұрпақтарымыз деп те соғады, олай болса олар нағыз ноғайдың өзі болып шығады. Осы айтқандарына сенер болсақ, ата-бабалары туыстарына өкпелеп ұлы далаға кетіп қалған болып шығады. Ол жақта басқа да қашқан-пысқандарды қосып алып, жалпы саны қырыққа жетіпті. Өзгелердің малын ұрлап, әйелдерін тартып әкетіп, жалпы жұртқа Қырық Қырсық деген атпен танылады. Сөйтіп көшіп жүре берген және жол-жөнекей өздері сияқты қашқындарды топтастырып, саны көбейе түседі. Әбілғазы оларды Ұлы Моғолдың ұрпақтары, атап айтқанда Оғыз ханның немересі Қырғыздан тараған деп санайды. Әуелі олар Қытай қорғаны маңындағы Икран өзенінің бойында тұрған, сосын көптеген татар және моңғол тайпалары қоныс аударғанда солармен ілесіп батыс жаққа қарай ойысқан. Бұл халықтың ежелгі өмірі туралы деректер тым күмәнді, өйткені Ресей қарудың күшімен Сібірді жаулап алғанға дейін олар туралы ештеңе естілмеген.
Осы жаулап алу кезінде қырғыздар Енисей өзенінің жоғарғы сағасын бойлап Июс, Абақан маңында және одан әрі оңтүстік пен шығыс жақ бетте көшіп жүрген. 1606 жылы барабиндықтармен бірге Ресейдің қол астына өтті. Содан бері өздерінің тұрақсыздығы, бүлікшілдігі, басқыншылығы, өзге халықтармен одақ құруы, оларды құлдыққа салуы, тежеусіз өскен дала халқына тән қатыгездік, тонаушылық, опасыздық тәрізді жүгенсіздіктің бәрін істеуімен танымал. Олар Ресейдің, Алтын Орданың, жоңғарлардың одақтасы болды, кейде олармен жауласып шыға келетін. Сібір халықтары, әсіресе Қрасноярск, Чулым, Барабинск және Алтай татарлары олардан көп зардап шекті. 1632 жылы қырғыздар түркістандықтармен бірлесіп ортақ хан сайлады, енді өздерін түркістандықтар деп атайтын болды. 1636 жылы жоңғарлардың қанатының астына кіріп, кенеттен қауіп төндіре бастады, оның есесіне 1643 жылы қалмақтар оларды ойсырата жеңді. Осындай өзгерістерге байланысты олар Енисей мен Обь өзендерінің бойынан аулақтап, батысқа және оңтүстік батысқа қарай ауып кетті.
Қырғыздардың қай кезде және не себепті үш ордаға бөлінгенін ешкім айтып бере алмайды. Содан бастап олар Үлкен, Орта және Кіші орда болып үшке бөлінеді.
Үлкен орда буруттармен дос, тіптен бір халықпыз және басқа халықтардың түп атасы да біз деп есептейді, сөйтіп орта жүз бен кіші жүзді өздерінен таратады. Олар көбінесе оңтүстікке қарай көшіп-қонатын, ақыры Алтай тауларына қоныстанды, ол үнді тауларының солтүстікке қарай созылған жотасы, сондықтан Алтай қырғыздары деп аталады. Бұл орда қазір де Ташкенттің арғы бетінде, Түркістан маңында, Сырт өзенінің жоғарғы ағысын бойлап көшіп жүреді.
Олар 30 мыңға жуық атты әскер шығара алады, оның тек үштен бірін ғана нағыз жауынгер деп атауға болады. Басқа екі орда секілді олар да қарақшылықпен айналысады, тыныш жатқан көршілерінің жерінде ғана тонаушылық жасап қоймайды, сонымен қатар көпестердің керуендерін тонайды, мысалы 1738 жылы Ташкент маңында Ресей керуендерін тонаған. Жоңғарлар оларды езгіге салмақ болды, бірақ ержүрек халықты бағындыра алмады, оның үстіне биік таулар да олардың тәуелсіз болып қала беруін қамтамасыз етті. Кейін жоңғарлардың шапқыншылығынан қорғану үшін олармен одақ құруға мәжбүр болды.
Үлкен орданың қырғыздары немесе буруттар қыс кезінде ағаштан тұрғызылған үйлерде тұрады, жазда қамыстан тоқылған күркеге көшеді, қоныстанған жерлерін өзгертпеуге тырысады. Кейбіреулері егіншілікпен айналысады, бұл жағынан басқа қырғыз ордаларының халықтарындай емес, едәуір жемісті еңбек етеді; бірақ олармен салыстырғанда ұрлық жасауға және тонаушылыққа неғұрлым бейім. Соғысқа шыққанда үсті-басына неше түрлі сылдырмақтар жапсырып алады, солардың сылдырлаған, салдырлаған дыбысынан жауларының аттары үркеді. Олардың бәрі мұсылман дінін ұстанады.
Орта және кіші жүздер де сондай. Осы ғасырдың басында олар жоңғарлардан жеңілді, сосын жоңғарлар тәрізді Сібірді босатуға тиіс болды, сөйтіп далалық жерлерге қоныстана бастады. Әр орданың өз ханы бар, өздеріне тиесілі жерлерді ұлыстарға бөлген. Олар мекендейтін далалық жерлер батысында Орал (қырғызша Жайық) өзенімен, солтүстігінде Үй өзенімен және жаңа Сібір немесе Есіл желісін бойлап Тобылдан Ертіске дейін созылып жатыр; шығысында Сураза өзеніне, Хиуа мен Түркістанға дейін жетеді; оңтүстік-шығысы мен оңтүстігінде Сырдария өзенімен, Арал көлімен және Каспий теңізімен шектеседі. Батысы мен оңтүстік-батысын Кіші орда, шығысы мен солтүстігін Орта жүз мекендейтін бұл дала негізінен өзен-көлден ада жазық жер болып келеді, құмдауыт және сортаң жерлер де жиі кездеседі. Құнарлы топырақ жоқтың қасы, орман-тоғай одан да аз. Ауыз су жетіспейді. Көлдердің көпшілігінің суы ащы, ал тұщы сулы көлдер өте сирек. Шекаралық өзендерді қоспағанда олардың көпшілікке белгілі өзендері мыналар: Тобылдың жоғарғы сағасы мен Ертіске құятын Есіл; сондай-ақ Ембі, Ырғыз және Торғай өзендері; бұл үшеуінің алғашқысы Каспий теңізіне құяды, қалған екеуі Ақсақал көлін толтырып жатыр.
1731 жылы Кіші орданың ақылды бірақ жортуылшы ханы Әбілқайыр өзіне бағынышты халқымен бірге Ресейдің қол астына өтті, сөйтіп жоңғарлар мен башқұрттардың қысымынан құтылды. Ол Ресейге адал болуға уәде етті. 1738 жылы халқы түгел қолдамаса да Хан мен оның қасындағы ел ағалары салтанатты ант берді; содан кейін Әбілқайыр өз ұлдарының бірін аманатқа қалдырды. Сәмеке хан билеп тұрған Орта жүз де Кіші орданың үлгісін қайталады, содан кейін көп ұзамай анттарын бұзды, бірақ соған қарамастан 1739 жылы Әбілмәмбет хан Кіші жүздің билеуші топтарының үлгісімен Орынборда салтанатты ант берді. Келіссөздерді куәландырған жазбаларда қырғыздар өздерін қырғыз-қайсақ әскері деп атаған. 1749 жылы осы екі орданың арасында кикілжің туып, Әбілқайыр хан опат болды, содан кейін оның ұлы, бұл кезде Хиуада хан болып тұрған, Ресейге дос ниетті Нұралы қырғыздың ханы болып бекітілді. Ол кезде Орта жүзді ақсүйек (сұлтан) Абылай билеп тұрған, бірақ ол хан деп аталған жоқ және ішінара Кіші орданың ханына бағынатын. Екі орда өзара тату болды, тіптен Орта жүздің кейбір ұлыстарына билеуші ретінде Нұралының сұлтандары сайланған.
Орта жүз найман, арғын, уақ, керей және қыпшақ тайпаларынан құралады, ал кіші жүз өзін қыпшақ еліміз дегенімен алшын және жетіру болып бөлінеді. Олар да өз кезегінде саны жағынан әрқилы руларға бөлінеді және ұлыс деп аталады, бұл ұлыстар руларға немесе аймақтарға жіктеледі. Әр ордада отыз мыңға жуық түтін немесе отбасы бар; осы шаңырақтардың әрқайсысы ең кемі бір жауынгерден шығара алады.
Хан немесе оның әкімқаралары келіссөз жүргізіп, ант бергеннен кейін сол орданың халқы Ресейдің қамқорлығына өтіп, оған тәуелді болды, бірақ оның тікелей бағыныштылары секілді мемлекеттік заңдарға бағынбайтын және алым-салық төлемейтін. Кавказдың кейбір елдері сияқты бұл ордалар да Ресейдің достарымен дос, жауларымен жау болуға міндеттенді; Ресейдің қол астындағы халқына сауда барысында жан-жақты жағдай жасаумен қатар оларды қорғап, көмек көрсетіп, әділдік танытып, сұраныстарын қанағаттандырып, жалпы бір билікке бағынған халықтар тәрізді болуға тиіс. Ордалардың халқы да сауда жасау барысында қандай да бір қысым жасалудан қорғалады, өзара қарым-қатынаста тиісінше пайда көреді, өздеріне тиесілі жерлеріне еркін иелік етеді, өздеріне тән қоғамдық құрылысын, заңдарын, дінін, көршілерімен қарым-қатынасын сақтап қалады, жан басынан алым-салық төлемейді, өздеріне қатысты жарлық шыққанға дейін тұрмыс-салттары сақтала береді, жалпы ешқандай шектеу қойылмайды. Өз міндеттемелерін адал атқаруының кепілі ретінде ханның немесе басқа да беделді адамдардың ұлдарын аманатқа береді, олар Орынбор қаласында тұрады және Ресей тарапынан жалақы алады. Осы жөніндегі келісімнің шарты бойынша олардың әрқайсысына күнінен 15 тиын, қызметшілеріне 5 тиын төленеді, бұл олардың күнкөрісіне молынан жетеді, өйткені олар Ордадан арнайы әкелінетін қойдың етін ғана жейді, басқа тамақ іздемейді. Хан Орынборға келгенде, бірақ оны губернатордың рұқсатымен ғана істеуге тиіс, билеушіге құрмет ретінде зеңбіректен дүркін-дүркін оқ атып, марапат көтсетіледі, ту еңкейтіледі, музыка ойналады, арнайы қарауыл күзетіп жүреді, басқа да сән-салтанат ұйымдастырылады. Олардың әкімқараларының көпшілігі үкіметтен жыл сайын сыйлық алып тұрады, бұл оларға әдейі жалақы тәрізді ұсынылады, оның ішіне ақша, мата, ұн, жарма және басқа заттар кіруі мүмкін. Ханның өзіне жыл сайын 600 сом қолма-қол ақша және 20 түйеге артылған азық-түлік беріледі, кейбір әкімқаралар 300 сомға дейін сыйақы алса, қарапайым старшындарға 20 сом беріледі. Егер Хан әлдебір мәселеге қатысты губернатормен кездеспек болса, бір немесе бірнеше өкілетті старшынды аттандырады, олар мәселенің мән-жайын ауызекі түрде жеткізеді. Ондай елшілердің бәріне алқызыл матадан тігілген көйлек сыйға беріледі. Губернатор керек кезінде Ханға қарамағындағы қызметкерлерді жібереді, оларға да тиісінше тарту тартылады, бірақ оның бағасы арзан болады, көбінесе жылқы сыйланады. Өзара сауда-саттықты дамыту мақсатында екі орда да алым-салықтан босатылған, егер біреу-міреу ауыра қалса науқастың қалауы бойынша Орынбор дәрігерлері дәрі-дәрмекті тегін береді, бірақ олар мұндай ізгілікті шараға сирек жүгінеді. Барлық келісім-шарттарға, берілген антқа, аманатқа және көрсетілген сый-құрметке қарамастан олар тежеусіз өскен арда халық, сәл нәрсені сылтауратып тонаушылыққа салынуы мүмкін, ондайды тек күш қолдану арқылы немесе ішінара кейбір атқамінерлердің кеңпейілдігі, жанашырлығы, ықпал етуі, өзара сауда-саттықтың қомақты пайда түсіретіндей тиімділігі арқылы ғана тоқтатуға болады. Көпшілікке танымал Орал өзені арқылы өтетін шекара бойында жаппай бекіністер салынып, ор қазылған. Келісімді өрескел бұзғаны үшін Ордаларды жазаға тартады, соған қарамастан Ресей иелігінен адам ұрлау, мал барымталау кездесіп тұрады және даланы басып өтіп, Бұқардан немесе басқа жақтардан Ресейге келе жатқан керуендерді тонайды. Алдағы уақытта қырғыздарға қатысты айтатынымның бәрі Орта және Кіші ордаларға қатысты, өйткені Ресей мен Үлкен орданың арасында келісім жасалмаған, сауда-саттық жолға қойылмаған.
Қырғыздардың сырт келбеті Қазан татарлары тәрізді сүйкімді әрі өздерін еркін ұстайды. Көздері қысыңқы келеді, сары даланың шыжыған ыстығынан немесе жарқыраған қардың көзді қарықтыруынан қорғану үшін солай қалыптасып кетсе керек. Сырт келбеті қаһарлы емес, ақжарқын мінезді. Табиғатынан ақылды, әңгіме-дүкен құрғанды, сәнді киінгенді ұнатады; кеңпейіл, бауырмал, білмекке құштар, сондықтан қанқұмар емес. Тонаушылықпен айналысу, қатыгездік пен қиянатшылдық олардың туа біткен мінезі деуге болмайды, шамасы, бұл қатал да еркін өмір салтынан, қарымта қайтару, намыс пен батылдық туралы түсініктерінің терістігінен туындайтын болса керек, сондықтан Ресеймен арадағы сауда-саттық жолға қойылғаннан бері мінездері түзеліп келеді. Әйелдері үй шаруасына мығым, мейірімді әрі жанашыр, кейде өздеріне қауіп төнуі мүмкін екендігіне қарамастан тұтқындардың қашып кетуіне көмектеседі.
Оларда мектеп жоқ, өз тілінде жаза алатын адам некен-саяқ, білетіндердің айтуынша, тілдері татар тілінің бір тармағына жатады, бұл түсінікті де, жан-жағынан ылғи татарлар қоршап жатыр, басқа халықтармен ешқандай қарым-қатынас жоқ, солай болмағанда қайтеді.
Оларда ақсүйектер көп: төменгі сатыдағылары – Қожа, орта сатыдағылары – Би, жоғарғы сатыдағылары Сұлтан деп аталады. Қожалар Түркістандағыдай немесе басқа халықтардағыдай Мұхамметтің ұрпағы емес және табиғатынан адал адамдар. Билердің қарамағында батырлар болады, ал Сұлтандардың немесе Төрелердің ата-бабалары ел билеген адамдар болуға тиіс. Әйелдерді қалыңмал төлеп сатып алады, сондықтан оларды шежіреге қоспайды. Ру-тайпалар мен аймақтар өзара одақ құра алады және ауқатты да атақты ақсүйектердің арасынан өздеріне басшы сайлап алады. Басшыларына ешқандай жалақы төлемейді, қарамағындағы халқы мен басқа байлар оларға бұрын басшы болып сайланбай тұрғанда қандай көзқараста болса кейін де сондай болып қала береді. Ханның өзіне көрсетілетін құрмет те көбінесе старшындарға байланысты, олар ханның бірге туған аға-інілерінің, көкелерінің немесе достарының арасынан тағайындалады. Аймақ басшыларының ортақ шешімімен шығарылған жарлықтарды халық өздерінің қолайына жақса ғана орындайды және олар әр адамға пайдасын тигізетіндей болуға тиіс.
Баршаға жар салынып, соғыс жарияланса және халық оны түгел қолдаса соғысқа қабілетті адамдар белгіленген жерге жиналады, башқұрттар тәрізді олар да екі немесе одан да көп атымен, қару-жарағымен келеді. Жорыққа өздері сайлаған қолбасшылардың бастауымен аттанады. Әркім өзін-өзі асырайтын болғандықтан ондай әскерге қазынаның да, азық-түлік қамдаудың да қажеті болмайды. Жорық кезінде алды-артын түгел тонап, тып-типыл қылады. Сойып жегеннен ауысқан мал мен шапқыншылықтан аман қалған адамдарды, әйелдер мен балаларды құлдыққа әкетеді. Шапқыншылықтан жалыққан кезде біртіндеп өз мекендеріне оралады, сөйтіп әскер саны азайып, қатары сұйыла береді. Қарсыластары батыл тойтарыс берсе жеңіске жете алмауы да мүмкін. Садақ атуға машықтанбаған. Мылтықтарының шүріппесі болмайды, оқ-дәріні ежелгі әдіспен білтемен тұтандырады. Оны ату үшін аттарынан түсіп жерге жата қалады да арнайы жасалған тағанға мылтығының ұңғысын төсеп, ұзақ көздейді, кейде қарсыластарының өздері жалығып кетеді. Егер жорық сәтсіз болса немесе жеңіліп қалса әрқайсысы өз ұлыстарына қайтады. Әскери қарым-қабілеті өздерімен шамалас дұшпандарын көбінесе жеңіп шығады.
Ұлыстарда старшындар қазылық етеді, ал Ханның бұл тұрғыдағы билігі ел басқарудан да ауқымды; өйткені әркім өз елінде қолданылатын заңдардың үнемі бақылауда болуын талап етеді. Бұл заңдар көбінесе Құран сүрелері арқылы дәйектеледі немесе ежелгі әдет-ғұрыптарға негізделеді, ерекше жағдайларда ғана табиғи әділдікке сүйеніп үкім шығарылады.
Ер адамды өлтірген кісіні марқұмның туыстары екі жыл бойы қудалайды, сол уақыттың ішінде оны өлтіре алады, бұл үшін жазаға тартылмайды. Егер тірі қалса марқұмның туыстарына жүз жылқы, бір құл және екі түйе көлемінде құн төлейді. Бес қой бір жылқының орнына жүреді. Әйелді, баланы немесе құлды өлтіргені үшін және әйелге тіл тигізіп, соның салдарынан түсік тастаған жағдайда осы құнның тең жартысын төлейді. Барлық жағдайларда достары мен жақындары екі жақты татуластыруға тырысады, бұл орайда зардап шеккен жақ көбірек ымыраға келуге тиіс.
Адамды кемтар қылғаны үшін белгіленетін жаза да кісі өлтіргені үшін төленетін құнның тең жартысындай мөлшерде. Бас бармағын шауып тастағаны үшін 100 қой, шынашақ үшін 20 қой, басқа саусақтар үшін төленетін қойдың саны 30-дан 60-қа дейінгі мөлшерде белгіленеді. Біреу құлағын кесіп алған адам өрескел кемтар болып саналады, бірақ жазықсыз жапа шексе де бұл үшін құн төленбейді, кемтарлығы үшін кемсітілмейді. Ашу үстінде біреуді сақалынан алса немесе ерді де, әйелді де жыныс мүшесінен ұстаса қазылар оған ауыр жаза кесіп, азаптауға бұйырады. Ұрланған зат үшін оның құнынан тоғыз есе артық құн төлейді, тағы сол сияқты жаза кесіледі. Ешкім де өзі үшін ант бере алмайды, егер достары мен жақындары ол үшін ант бермесе немесе ант беруден бас тартса ол адам айыпты деп танылады.
Қырғыздар көшпенді халық, жиналмалы киіз үйлерде тұрады, өздерінің ең басты, бәлкім бірден-бір ісі – мал шаруашылығының қамымен өздері ен жайлаған ұлы даланы кезіп жүре береді. Көші-қон барысын малдың ыңғайына қарай анықтайтын болғандықтан көбінесе солтүстік жақта жүреді, қыста ғана оңтүстікке қарай ойысады. Аңшылық құру мен балық аулау олар үшін қосымша күнкөріс, егіншілік туралы ойламайды да, өйткені одан пайда жоқ, жерлерінің басым көпшілігі сортаң әрі құрғақшылыққа бейім.
Мал дегенде негізінен жылқы, түйе, мүйізді ірі қара мен қой-ешкі ұстайды. Ішіп-жемін де, киер киімін де малдан өндіреді, байлығы да, жиын-кеңестердегі алатын орны да, басқа артықшылықтары да малмен есептеледі. Ең кедей деген малшының қолында кем дегенде 30-дан 50-ге дейін жететін жылқысы, одан екі есе аз сиыры, 100 қаралы қойы, бірнеше түйесі болады, ешкісінің саны 20-дан 50-ге дейін жетеді, соған қарамастан, қолы ашық, жомарт болып келеді. Естуімізше, Орта жүздегі кейбір байлардың жылқысы 10 мыңға жетіп жығылады дейді, 300-ге жуық түйесі, үш мыңнан төрт мыңға дейін сиыры, 20 мыңдай қойы және мың қаралы ешкісі болады екен. Жылқысының саны бес мың бас құрайтын, басқа малы да соған сай келетін байлар Кіші жүзде де бар.
Мал өсіру дағдысы тұрғысынан башқұрттарға ұқсайды. Жылқылары мен сиырларының тұқымдары да бірдей, бірақ башқұрттардың малы жылы жақта өскендіктен суыққа, аштыққа төзімсіз, ал қырғыздардың малы әрдайым тың, арда әрі қоңды. Жылқылары жегінге көнбейді, тек сұлымен ғана жемдеп, шөп бермесе аштан қатуы мүмкін, өйткені жайылымға үйренген, жемшөпке біртіндеп үйрету керек.
Түйелері жылы да сортаңды жерлерде жақсы өсіп-өнеді. Түйенің бір өркешті түрін – нарды да, екі өркештісі – інгендерді де ұстайды; бұлардың алғашқылары шөлге шыдамды, сондықтан алыс сапарларға қолайлы, екіншілерінің жүні қалың. Қыста түйелерге киізден жабу жабады. Жас ботаны енесін еміп жүрген кезінен бастап «Тәк» дегенде шөге қалуға үйретеді. Бота бір жылдан кейін тайлақ болады, сол кезде мұрын шеміршегін тесіп, мұрындық өткізеді де мінгенде қақпайлап отыру үшін бұйда тағады. Түйелер шаруашылық үшін өте пайдалы. Көшкенде үйлерін артады, үй мүкәммалын тиейді, жалпы салмағы отыз пұтқа жететіндей жүк артады. Алыс жолға шыққанда түйелерге 16 пұттан артық жүк артуға болмайды. Жыл сайын әр түйеден 10 пұттан 12 пұтқа дейін жүн қырқады, оны Ресейге немесе Бұқарға сатады, ішінара өздері пайдаланып, киім тоқиды, арқан еседі. Сүтін сауып ішеді, шұбат ашытады, құрт жасайды, май алады, онысы сиырдың майынан да қою болады; шұбаты жылқының сүтінен ашытатын қымыздан әлдеқайда шұрайлы; түйенің етін жейді, терісінен сүт құятын ыдыс – үлкен-үлкен саба жасайды.
Қырғыздардың мүйізді ірі қара асырауды қолға алғандарына көп уақыт болмағанға ұқсайды. Қалмақтарға шапқыншылық жасағанда айдап әкелген сиырлар тез арада өсіп кеткен де олардың көбейе беруіне ешкім кедергі келтірмеген. Қалмақтардан көргенін істеп, сиырды шаруашылықтың әр саласында пайдаланады, мініс көлігі ретінде қолданады, түйе сияқты мұрындық тағып, бұйдалап алады.
Қойлары құйрығы тегенедей, бастары үлкен, құлақтары салбыраңқы болып келеді. Кең далада емін-еркін өсіп жатқан қойларды қанша сойып жатса да басы азаймайды, қойларының тұрқы ірі болады. Кейбіреулерінің тұрқы есектей, құйрығының салмағы бір пұттан асады. Жүнінің түсі ақ, қара, боз, ала, жирен болып келеді, бәрінің құйрығы үлкен. Қырғыздар тамақсау, сондықтан күн сайын қойдың етін жейді, сонда да азаймайды, көбісі егіз табады, бағлан қозыларды сойып жей береді және Ресей мен Хиуаға сатады. Қойларының еті өте дәмді, бальзамға бергісіз, талғамы жоғары адамдардың айтуынша, бұл олардың басты азығы жусан болғандықтан екен. Бағлан етінің дәмділігі соншалық, патшаның дастарханына қою үшін жыл сайын Орынбордан Санкт-Петербургқа біршама қозы жөнелтіледі. Бұқардікін қоспағанда, Қырғыз елтірісі өте сапалы әрі арзан, сондықтан кең таралған және қырғыздармен сауда-саттықта басты тауар болып есептеледі… Қойдың жүні тым қатты, сондықтан саудаға шығармайды, одан киіз бен шұға басады.
Осы малшылардың көпшілігі бай әрі қолы бос, сондықтан ермек үшін аңшылықпен айналысады, оның да пайдасы көп, аңның етін жейді, жұмсақ терісін пайдаланады. Далалық жерлерде қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, құстың неше атасы, киік, ақкіс, суыр, саршұнақ және басқа аңдар кездеседі. Арқар мен қалмақ сиыры – сарлық, қарақұйрық, шиебөрі, жолбарыс, тарпаң деп аталатын жабайы есек тәрізді жануарлар да бар. Аңға шыққанда ит ертеді, құс салады, солардың көмегімен ұстаған аңды ауыр қамшымен ұрып өлтіреді.
Оларда ұсталар да бар, бірақ шеберлігі төмен: сондықтан балта, пышақ, қару-жарақ, шақпақ тәрізді заттарды көбінесе сатып алады.
Кейбіреулері оқ-дәрі дайындауды біледі. Қол жұмысқа үйренбеген, сәл қимылдаса пора-пора терлеп, әлек-шәлегі шығады. Бір мысал келтірейік. 1770 жылы Ресейдің ауыл шаруашылығын жүргізу тәсілдеріне сүйеніп, ауру малды тыңайту үшін Хан ұзындығы бір аршын болатын шағын шалғының бірнешеуін сатып алады. Қырғыздар оны біресе шөптің үстімен сілтеп, біресе топыраққа қадап алып, ақыры шаршап, шалғыларын тастай салып өздері де құлай кетіпті. Сөйтіп Хан шөп шабу үшін орыс казактарын жалдауға мәжбүр болған екен.

* * *

Қырғыздар көбінесе қарақалпақтарға, бұқарлықтарға, парсыларға, түрікпендерге және басқа көршілеріне жорыққа шығып, адамдарын құлдыққа әкетеді, малдарын барымталап, тауарларын тартып алады; қалмақтарға соны қуана-қуана істейді, тыйым салынғанына қарамастан ішінара ресейліктерге де тиіседі, кейде шектен шығып кететін бұл істері үшін ұялмайды, керісінше ерлікке балап, айырықша қаһармандық көрсеткендей-ақ өзара мақтанышпен айтып отырады. Оқыстан шапқыншылық жасау­мен қатар жеке-дара бұзақылық жасау үшін өз елінен басқа жерлерге аттанатындар да бар, ондайлар көбінесе қарақшылар тобына қосылады, оларды көбінесе атақты жортуылшылар басқарады. Өз даласында немесе одан тысқары жерлерде керуен тонау үшін кейде тұтас ұлыстармен келісім жасайды. Шапқыншылық кезінде көптеген қырғыздар тұтқынға түседі немесе қаза табады, сөйтіп құны сұраусыз кетеді. Ұсақ жортуылдар кезінде барымталаған малын әркім өзіне қалдырады, үлкен жорықтардан түскен олжаны бөліске салады. Онда да малды әркім өзі алады, олжадан түскен әйелдер жаңа күйеулеріне адал болатындықтан оларды қолдарынан шығармайды; тұтқындар мен тауарларды өздерінің байларына өткізіп, малға айырбастайды немесе Бұқарға апарып сатады. Әсіресе орыс тұтқындарды сатып жіберуге тырысады, сонда айғақ қалмайды әрі бұқарлықтар олар үшін көп ақша төлейді, өйткені олардың қолы шебер әрі егін салуды жете меңгерген.
Қырғыз шапқыншылығынан қорғану үшін Ресей шекара желісінде бекіністер тұрғызды. Шекара өзен арқылы өтпейтін жерлерде бір бекіністен екіншісіне дейін шыбықтан кесілген қадалар қағылады, үнемі аттың үстінде жүретін қырғыздар шекараны кесіп өтсе солардың майысып-бүлінуінен білуге болады; содан кейін оларды ұстап алуға амал жасалады. Ресейліктердің малын салтатты бақташылар бағады, олардың қаруы болады. Қырғыздар соған да қарамастан шапқыншылық жасаса немесе өз жерлерімен өтетін керуенді тонаса Ресей бастықтары Ханнан тоналған дүниені қайтаруды талап етеді; егер Хан мен оның атқамінерлері тоналған заттарды қайтара алмаса негізінен башқұрттардан тұратын әскер жіберіледі, олар басып кірген алғашқы ұлыс өздері бәлеге қалмау үшін керуен тонағандардың ауылын көрсетеді, содан кейін әскер есеп айырысу үшін бірнеше қырғызды және олардың малын Орынборға айдап әкеледі. Есеп айырысу аяқталған соң әлгі қырғыздар мен басқа да ұсталған адамдар өздерінің аймақтарына қайтарылады. Ал жеке жортуыл жасап қолға түскен қарақшылар бекіністерде орналасқан қамау орындарына жіберіледі.
Еліміздегі өзге көшпенді халықтармен салыстырғанда қырғыздар әлдеқайда бақуатты өмір сүреді. Тежеу көрмей еркін өскен олар ішіп-жемі мен басқа да қажеті үшін малды көп жияды, бірақ ешкімнің құлы немесе қызметшісі болғысы келмейді, өзгелердің оған туған бауыры ретінде қарағанын қалайды. Сондықтан байлардың құл ұстауына тура келеді, неғұрлым құлы көптің сән-салтанаты соғұрлым арта түседі, малы да көбейе береді. Ақсүйектердің бәрі құл ұстайды, ал Ханның құлдарының саны елуден асып түседі. Қырғыздардың салтымен өмір сүретіндер үшін құлдықтың ешқандай ауыртпалығы жоқ, өйткені қожайындары оларды туыстарындай көреді, бірге тамақ ішеді, керегінің бәрін беріп отырады; ондай өмірге бейімделмеген адамдар ғана құлдықты ауырсынады. Қашып құтылмақ болғандар мен оларға көмектескен әйелдерді қатаң жазалайды, кінәлі адамдар кейде өліп те кетеді.
Мал бағу үшін жеткілікті құл ұстай алмаған байлар кедейлерге мал бөліп береді, соның қарымтасы ретінде олар байдың малын бағады. Біреудің малы тез көбейіп кетсе ол мұны Жаратқанның нығметі деп біліп, садақа ретінде кедейлерге біраз мал таратып береді. Егер дәулеті шайқалмай, сол күйі таси берсе әлгі мал берген адамдар оның алдында қарыздар болып саналмайды, ал егер жұттан немесе шапқыншылықтан яки басқа бір себептермен байлығынан айырылып таяқ ұстап қалса оған бұрынғы алған малының басын, кейбіреулер төлінің өсімімен қосып қайтарып береді, өздерінің малы азайып қалғанына қарамайды. Мұқтаждарға осылай қарасу арқылы ірі байлар малы ешқашан таусылмауына қол жеткізген.
Олар башқұрттар тәрізді жиналмалы киіз үйлерде тұрады, бірақ үйлері олардікімен салыстырғанда едәуір үлкен әрі таза. Ақсүйектер мен байлар үйлерін ақ киізбен қаптайды, әйелдері мен балаларына, ас үйге, кейде ауырған малды күтіп-бағу үшін арнайы үй тіктіреді. Үйдің ішінде, қақ ортада ошақ болады, түтіні шаңырақтың күлдіреуішінен шығады. Ошақты айналдыра киіз, кейде парсы кілемі төселеді, кейде көпшік тасталады. Байлардың үйлерінің керегесіне көбінесе жібек матадан тігілген жабынды ұсталады. Керегені жағалай сүт пен сүттен ашытылған сусын құятын күбілер мен әртүрлі заттар салатын кебежелер қойылады, қабырғаға қару-жарақ, ат әбзелдері, сырт киім, тағы басқа заттар ілінеді.
Қоныстары киіз үйлерден тұрады, аймақтардың одақ құруға бейімдігіне байланысты ондай ауылдар едәуір ірі болып келеді. Ханның ауылында мыңға тарта киіз үй болады, оның есесіне айналасындағы елу, кейде жүз шақырым аумақтан бірде-бір үй кездеспейді. Малдың қамымен қысы-жазы қоныс ауыстырып отырады, ру-тайпалар бір-біріне қысым жасамау үшін көші-қон жайын алдын-ала келісіп алады. Отын ретінде малдың қиын жағады, сондықтан үйлерінің іші қыстыгүні салқын болады.
Олар шығыстық үлгімен, басқа татарлармен салыстырғанда әдемі киінеді. Еркектері шашын тықырлатып алдырады, тек мұрт жібереді және айдар қояды. Кең балақ шалбар киеді, қысқа қонышты етіктерінің тұмсығы үшкір болып келеді, ұлтанына айналдыра шеге қағылады, етігінің тігісі алтын түстес жіппен әдіптеледі. Көйлек кимейді, оның орнына ұзын ішкөйлек киіп жүреді. Белдіктің орнына кісе байлайды, оған шақпағын, пышағын тағады. Басына төбесі үшкіл тақия киеді, сыртынан башқұрттар тәрізді бөрікпен бастырып қояды, оның құлақшынын түсірмейді, керісінше, жоғары қайырады. Сырт киімдерін жібекпен, басқа да қымбат маталармен қаптайды, жағасы мен жеңін, етегін аң терісімен көмкереді.
Өздерін қалай мақтан тұтса жылқыларын да солай мақтан етеді. Мініс аттарының ер-тұрманын әсемдеп безендіреді, жүгенін де әшекейлеп, тоқымы мен терлігіне дейін өрнектеп қояды. Атқа мінгенде міндетті түрде қару асынады және қолынан жуандығы бармақ елі қамшысын тастамайды.
Қырғыз әйелдерінің киім киісі татар әйелдерінікіне ұқсайды. Шашына черемис әйелдерінің әшекейлері тәрізді шолпы мен шашбау тағады. Жайшылықта басына орамал тартады, мейрам күндері башқұрт сұлулары киетіндей моншақ, тана секілді әшекей заттар тағылған тебетей киеді. Байлардың әйелдері басына түріктердің шалмасына ұқсайтын биік те сәнді кимешек салады. Қыздары шашын көп бұрым етіп өріп қояды. Ақсүйектер мен сұлтандардың қыздары басқалардан ерекшелену үшін шашына мүйіз секілді шошайтып тырнаның қауырсынын қадайды. Байлар мен ақсүйектердің әйелдері жібектен, қымбат маталардан, шұғадан, көбінесе барқыттан тігілген көйлек киеді, өңіріне алтын әшекей тағады немесе қымбат бағалы аң терісімен жұрындайды.
Жейтін тамағы мен ішетін сусынына қатысты Мұхамметтің сүннетін ұстанады. Қыс кезінде негізінен қойдың етін жейді, жазда тек қымыз ішеді. Одан басқа тамақ түрлерін, тәтті тамырлар мен сүттен жасалған дәмді тағамды тек мейрамдарда және той күндері немесе жеңсік ас ретінде жейді. Тамақ пісіру әдісі тым қарапайым, тазалық сақтай бермейді, дәмдеуіш атаулыдан тұзды ғана қолданады. Ұн мен жарманы Ресейден, Бұқар мен Хиуадан алады, сондықтен кейбіреулері нан мен ботқа дегенді өмір бойы көрмей өтуі ғажап емес. Сүт көп болғандықтан көбінесе қымыз ашытады, одан арақ деп аталатын ішімдік жасалады. Ет көп, сондықтан қыс кезінде шөл басу үшін сорпа ішеді. Майды сүйсініп жейді, тіптен уыстап асай береді. Тамақ жеуден тартынбайды, аңшылықтан келген төрт адам бір отырғанда бір қойдың етін тауыса алады.
Өзара және шетелдіктермен қарым-қатынаста сыпайылық таныта қоймайды, бірақ дос пейілмен қарсы алады және шын көңілімен қонақ қылады. Бір-бірімен татарша амандасады, қонақтың алдына ең тәтті-дәмдісін қояды, әдетте қонақтың құрметіне қой сойып, бес саусақпен жейтін тағам (бесбармақ) дайындайды, башқұрттарша оны алақанымен қонақтың аузына тығып, асату рәсімін жасайды. Ондайды ақсүйектер де жасай береді, сонымен қатар, қарапайым адамдармен дастархандас болса оларға да асатады. Тіптен Хан да қонақтарына ет асатады. Егер шетелдіктер әлдебір ақсүйек адаммен немесе байлығымен аты шыққан қырғызбен достасып кетсе онда сол кісімен аралас-құралас болғандықтан Ордада өзін мүлдем қауіпсіз сезінеді, тіптен қасында қарулы жасағы болса да саны көп қарақшыларға жолыға қалса оларға қарсы тұра алмас еді. Әлгі қырғыз шетелдік өзінің қонағы екеніне қарақшылардың көзін жеткізсе олар арам пиғылдарынан дереу бас тартып, жөніне кетеді. Егер қырғыздардың бірі сондай қамқорлық көрсетуге уәде етсе оның сөзіне толық сенуге болады. Ресейдің көптеген көпестері, әсіресе татардан шыққан саудагерлер Бұқарға, Хиуаға, басқа да қалаларға сапарға шыққанда осы жеңілдікті асқан тиімділікпен пайдаланады.
Ақсүйектер мен байлар да қарапайым халықпен бірдей өмір сүреді; оларды тек ауылындағы үйлердің көптігіне қарап ажыратуға болады: олар әйелдері мен балаларына жеке-жеке үй тігіп береді. Халықпен тең дәрежеде араласады; бәрі де еркін адам болғандықтан олардың кез-келгені кенеттен байып кетуі мүмкін, сондықтан кедейлер байларды соншалықты қолпаштамайды, үйлеріне шақырусыз кіре береді, қатар отырып тамақ ішеді, ойына келгенді айтады, олардың бұйрықтарын өзі үшін пайдалы деп тапса ғана орындайды. Ханға да сөзсіз бағына бермейді, бірақ оған әулиені әспеттегендей айырықша құрметпен қарайды. Кіші орданың Ресей бекіткен ханы Нұралы өте ақылды, әділ адам әрі Ресейге шын көңілімен қызмет етеді; оның мың жылқысы, 4000 сиыры, 200 түйесі, 4 мыңға жуық қойы, бірнеше жүз ешкісі бар; байлығы жағынан орташаға жатқызуға болады. Оның мұрагерлері толып жатыр, солардың бәріне мал бөліп берген, сөйтіп ақсүйектік дәрежесін көтерген; оның үстіне туған-туыстары да, қонақтары да, жалпы келім-кетімі көп, олардың бәріне мал сойылады, қызметшілері мен құлдарын асырауы керек, тұрақты түсіп жатқан табысы жоқ, сондықтан мол байлық жинай алмайды. Дегенмен ордасы өте әсем, әсіресе Ресейден әкелінген сыйлықтардың орны бөлек. Оның қонысында киіз үй өте көп және бәрі әдемі, әсем безендірілген. Ол да, әйелдері мен балалары да қымбат маталар мен барқыттан тігілген киім киеді. Халық Ханның өзін Тақсыр деп ұлықтайды, әйелдерін Ханым, ұлдарын Сұлтан, қыздарын Қаныкей деп атайды. Ханның төрт әйелі, сегіз кәнизагы бар, әйелдері атақты әулеттерден шыққан, кәнизактары қарапайым қазақтардың қыздары немесе тұтқындап әкелінген, негізі­нен қалмақтардың қыздары. Солардың бәрінен 25 перзент сүйген. Ұлда­рының арасынан Бекқали айрақтының ханы, ал Пірғали сұлтан бас­қа түрікпендерді билеп тұр. Ең кіші екеуін қоспағанда ұлдарының бәрі ақсүйектердің қыздарына үйленген және екі ордадағы аймақтарды басқарады. Сондықтан Ханның ықпалы зор. Құрандағы нұсқауларға сәйкес Ханның қыздары туысқандарына күйеуге шыға алмайды, қанша бай болса да қарасүйектерге өздері шыққысы келмейді, сондықтан олардың көпшілігі тұрмысқа шықпаған, кейбіреулерінің жастары ұлғайып қалды. Қырғыздардың өздері Ханның әйелдері мен қыздарын тек көшкен кезде ғана көреді, ол кезде олар әсем киініп, аттың немесе түйенің үстінде салт отырады. Қарапайым қырғыз далада жүріп Ханға жолығып қалса атынан түсіп, сәлем береді де Құдай қолдасын деп тілек айтады. Хан оны қолымен иығынан сипап немесе қамшысының сабымен түртіп ризашылық білдіреді, олар мұны ханның берген батасы деп қабылдайды.
Қырғыздар күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың бәрін Ресейден, Бұқардан, Хиуадан және басқа көршілес елдерден сатып алады. Сауданы айырбас арқылы жүргізеді, сауданың негізгі өлшемі қой болып есептеледі. Ресеймен сауда-саттық ең маңызды болып саналады, өйткені бұл олар үшін қолайлы, оның үстіне, орыстар мен татар халқынан шыққан Ресей көпестері қырғыздар не әкелсе де бәрін сатып алады. Көпестер үшін қырғыз даласы қауіпті болғандықтан олар Ресейдің сауда орындарына өздері келеді. Ең ауқымды сауда-саттық Орынбор қаласында өтеді, Орал өзенінің қырғыздар жағында, қаладан үш шақырымдай жерде қамал тәрізді төртбұрышты етіп салынған, бірнеше жүз ләпкесі бар әйгілі Азия меймансарайы орналасқан. Қақ ортасында бұқарлықтарға арналған тағы бір кішірек сауда орны бар бұл меймансарай қазынаға тиесілі. Қауіпсіздік мақсатында ләпкелердің бәрінің есігі ішке қарай ашылатын етіп жасалған және от-қарулы солдаттар күзетіп тұрады. Кіші орданың бүкіл саудасы осында өтеді деуге болады, өйткені Орынбор желісіне кіретін Орал және басқа қалалардағы сауда-саттық ауқымы болымсыз ғана. Орта жүз халқы Тобыл өзенінен ағып шығатын Ұй өзенінің жағасындағы Троицк қаласында, Есіл өзенінің бойынан тұрғызылған Петропавл бекінісінде, Ертіс өзенінің жағасында орналасқан Омбы және Өскемен қалаларында сауда жасайды. Сауда жасағаны үшін қырғыздарға алым-салық салынбайды, Ресей көпестері оннан бір мөлшерде салық төлейді, соған қарамастан бұл сауда олар үшін өте тиімді. Қырғыздар біртіндеп жайлы өмірге бой үйретіп келеді, сондықтан сұраныстары жыл санап арта түсуде. Олар жылқы, сиыр, қой, елтірі, өңделмеген тері, түйенің жүні, шекпен, қасқырдың және түлкінің терісі, киіз, басқа да ұсақ заттарды саудаға шығарады. Тек Орынбордың өзінде ғана жыл сайын 150 мыңдай кейде одан да көп қой сатады, олардың басты тауары сол. Кейде қызылбастар мен түрікпендерден түскен тұтқындарды сатуға әкеледі, бірақ бұл өте сирек кездеседі. Өздері шұға, оның қызыл түстісін, жібек және жүннен тоқылған мата, етік, белбеу, лента, алтын түстес жіптен жасалған шашақ, жіп, қазан, шойыннан жасалған таба, таған, кәмшат терісі, ат әбзелдері, әйелдердің әшекей бұйымдары, моншақ, ине, оймақ, сырға, сақина, жүзік, шақпақ тәрізді толып жатқан заттар мен қыран құс, ұн, тары және басқа дәнді дақылдардың жармасын алады.
Бұқарлықтар, хиуалықтар, ташкенттіктер, егін шаруашылығы мен қолөнері дамыған басқа да көршілес халықтар қырғыздардан сойыс малын, сауда керуендерін жүргізу үшін түйе сатып алады, оның орнына айырбас ретінде Ресей көпестерінің сатуына тыйым салынған қару-жарақ пен сауыт-сайман және жұқа мата, көйлек-көншек, тағы басқа заттар береді.
Олар үйленгенде шығыс халықтарының салтымен қалыңмал төлейді, Мұхамметтің дініне сәйкес төрт әйелге дейін алады, кейбіреулерінің кәнизактары болады, оларды әйелдерімен тең ұстайды, олардан туған балалары заңды мұрагері болып есептеледі. Қарапайым адамдардың бәрінің дерлік бір ғана әйелі болады, оны да көбінесе жортуыл барысында көрші елдерден алып қашады. Қалмақ қыздарын көбірек ұнатады, аңыз бойынша, олардың дене құрылысы еркектің құмарын қандыруға көбірек бейімделген және басқа әйелдермен салыстырғанда жастық шағы ұзағырақ сақталады; сондықтан қырғыз ақсүйектері қалмақ қыздарына үйленіп, оларды мұсылман дініне өткізеді. Парсы қыздарын қызылбас деп жек көреді, сондықтан оларға өздерінің құлдарын үйлендіреді. Алғашқы қалыңдығы қырғыз қызы болса оның қалыңмалына 50-ге тарта жылқы, 25 сиыр, 100-ге жуық қой, бірнеше түйе немесе құл және сауыт береді. Бұл тек орташа баға. Сараңдыққа бейімдері одан да аз төлеуі мүмкін, ал байлар көбірек береді. Екінші әйел бұдан қымбат тұрады, үшіншісіне одан да көп төлейді.
Үйлену тойын Қазан татарлары тәрізді өткізеді, қалыңдыққа арнап жаңа үй тігіледі. Ұзатылатын қызды кілемнің үстіне отырғызып, басқа қыздар онымен қоштасу рәсімін жасайды, арнайы өлең айтады. Қалыңдық таза болмай шықса қонақтар ертесіне күйеу жігіт мініп келген атты жарып тастайды, үстіндегі көйлегін жыртады, қалыңдыққа ауыр-ауыр сөздер айтады. Қыздың әкесі күйеу жігіттің барлық шығынын өтеп береді. Егер бәрі дұрыс болса той бірнеше күнге созылады, ән салып, би билейді, әңгіме айтылады, балуандар күреске түседі, ат жарысы өткізіліп, жамбы атады; сайыста озып шыққандарға көйлек-көншек пен басқа да тарту-таралғы беріліп, кейде жылқы сыйлайды. Қоштасарда қонақтардың алдына мал салып береді.
Бірнеше әйелі бар адам әрқайсысына жеке үй тігеді, әр әйел балаларын өз білгенімен тәрбиелеп өсіреді. Көп балалы әйелдер айырықша құрметтеледі, баласы жоқтар оларға қызмет етеді. Ақсүйектер балаларына мағынасы терең, асқақ есім береді. Мысалы Нұрғали, Ерғали, Досқали, Батыр, Темір деген сияқты.
Кең далада еркін де қарапайым өмір сүріп, таза ауамен тыныс алғандықтан олар сирек ауырады, көпшілігі қартайса да мықты болады. Оларда тек қотыр, безгек, жөтел тәрізді ауру түрлері ғана кездеседі, ішінара кейбіреулер ғашықтықтан құса болатыны бар. Оларда шешек те кездеседі, бірақ ешқашан жаппай індет сипатын алған емес. Созылмалы ауруды шайтанның істегені деп санайды және оған қарсы қолданатын ырымдары болады. Көбінесе қан алу, жараны жусанмен және күкіртпен күйдіру арқылы емделеді.
Мәйіттерін мұсылмандық тәсілмен жөнелтеді. Қабірді терең қазбайды, көмгенде топырақпен бірге тас та салады. Ер адам қайтыс болса оның ең жақсы киімін тәбәрік деп жыртып, азалап келгендерге таратып береді. Марқұмның киіз үйіне қаралы белгі тағып, бейітінің басына найза шаншып қояды. Марқұмды еске салмасын дейтін болар, кейде қабірге оның тұтынған заттарын қоса көмеді. Бай және атақты адамдар өлгенде оларды әулиелердің немесе бұрынғы хандардың, болмаса туыстарының қасына жерлейді, оған дейін аттың үстіне отырғызып, жетектеп апарады. Егер ондай адамдар жаз кезінде қайтыс болса еті мен ішкі ағзаларын жақын жерге көмеді де сүйегін әулиелер немесе атақты туыстары жерленген зиратқа жеткізіп, сонда апарып қояды.
Атақты немесе ақсүйек адам қайтыс болған жылы оны үш рет еске алып, ас береді. Жесірлері мен балалары жоқтау айтады, достары мен жақындары сәнді киініп келеді, марқұмның жүйрік аттары мен қару-жарағын тамашалап, жаппай мақтайды, ағыл-тегіл ас беріледі. Жесірлері жоқтағанда құр қайғыра бермей, марқұмның жасаған жақсылықтарын, мырзалығын, жорықтарын өлеңге қосады: оның ішінде атқа қонып, жауға шапқаны, барымталап мал алғаны, жорықтардан құл әкелгені, тағы басқа ерліктері айтылады. Қалмақ әйелдері марқұмның өзіне айырықша көңіл бөлгені, өйткені оларды басқа әйелдеріндей малға сатып алмай, басына қатер төнгеніне қарамастан ерлік көрсетіп әкелгені туралы айтады. Соңғы аста жесірлер сайыста жеңіп шыққан жігіттерге марқұмның мінген атын, киген киімін, ұстаған қаруын сыйға тартады. Осыған қосымша әр ұлыста жыл сайын бейіт басында тағы бір ас беріледі, онда ежелгі пұтқа табынушылық кезінен қалған әдет бойынша құрбандыққа жылқы шалынып, еті желінеді. Еттен марқұмдарға да ұсынылады, бірақ, әрине, өздері жейді. Жақын достары бейіт басына барып, марқұммен тілдеседі, қабіріне атының жалынан кесіп алған бір шоқ қылын қояды. Әйелдер мен балаларды жерлегенде де осыған ұқсас жәйттер қайталанады.
Өткен ғасырдың бас кезінде Түркістан діни қызметкерлерінің күш салуымен қырғыздар бұрынғы бақсылық жоды ұстанып, пұтқа табынудан бас тартты, мұсылман дінін қабылдады. Олар діндеріне адал, бірақ ешқандай мектептің болмауынан, соның салдарынан тұтас ұлыстарда молда жоқтығынан надан болып қалған және соқыр сенімге бой алдырған. Ішінара кездесіп қалатын молдалары Ресейден немесе басқа елдерден тұтқынға түскен татарлар, олар оқып-жаза біледі, сондықтан, бір жағынан, дін қызметкері, екінші жағынан, қырғыз ақсүйектерінің хатшысы ретінде қызмет етеді. 1774 жылы Нұралы ханның бір ғана құпия хатшысы болды, оның өзі де тұтқынға түскен қарапайым Қазан татары, сауаттылығы жоқтың қасы, оның есесіне татар және орыс тілдерін біледі. Ондайлар арабша сауат ашқан болуы мүмкін, бірақ қолданылып жүрген заңды білмек түгіл Құран оқи алмайды. Ордаларды бір шетінен екіншісіне дейін кезіп жүрген абдалдарды немесе басқа да ағартушыларды кездестіру қиын емес, олар дін амалдарын үйреткені үшін мал алады, сондықтан көпшілігінің қой өсіретін жеке зауыттары бар.
Олардың арасында сиқыршылар да толып жатыр, бар білетіні алаяқтық пен алдау ғана. Көбінесе олар жұлдызшы болып келеді, әрбір ұсақ-түйекке дейін жұлдызға қарап болжайды, қолайлы және жайсыз күндерді айтып береді. Енді біреулері ауа райының қандай болатынын алдын-ала білетіндігімен шектеліп қалмай, сонымен қатар жаңбыр жаудыру, жел тұрғызу, күнді ысыту-суыту, жұтты болдырмау немесе қолдан жасау секілді құдіретке ие. Қырғыз ақсүйектерінің әрқайсысының қасында сондай бақсы-құшынаштың ең кемі біреуі болады. Олар жындармен байланысқа түсе аламыз деп мақтанады, кейде соларды көмекке шақырады, барабан ұрады, ананы істе, мынаны істеме деп бұйрық береді, біреулердің бойына еніп алған жындарды қуып шығады, пұшпағы қанамай жүрген әйелдерге бала көтертеді, мал басын көбейтеді, шөптің бітік шығуына септігін тигізеді, сырқаттарды емдейді, болашақты болжайды. Ібілістің арбауына түскендердің бәрі солардың көмегіне жүгінуге тиіс. Олардың көпшілігі байып алған. Сондай-ақ жауырыншылар мен балшылар бар, олар отқа қыздырылған қойдың жауырынына қарап отырып болашақты болжайды, ұрыны тауып береді, махаббат мәселесіндегі опасыздықты әшкерелейді, сапарда жолы болатын-болмайтынын айтады. Бұл жағынан олар кофенің қалдығына қарап бал ашатын біздің көріпкелдерге ұқсайды. Олардың бұл өнерін үйрену түк қиын емес, кез-келген адамның қолынан келеді, сондықтан оларды көп құрметтей бермейді.

Пікір қалдыру