ҚАЗАҚТЫҢ БАС АҚЫНЫ

Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білмейтін адам кем, тіпті жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан Абайдың сөздері кітап болып, басылып шыққанша, Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді.

Қай жерде ақындар жайынан, я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмады. Абайдың сөзін көрмей тұрғанда мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінез болушы еді, мақтап отырған Абай біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім.

1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес, олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі.

Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларын да сынайды. Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен үздік артық.

«Қазақ», 1913, №39.

(Ықшамдалып алынды)

 Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген нәрсесі жалғыз өлең емес. Көп нәрсені Абай сөз қылған, сол сөздерінің бәрінде де Абайдың әр нәрсенің асылын танығаны, білгені көрінеді. Абайдың өлеңдері қазақтың басқа ақындарының өлеңінен үздік артықтығы әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылынан қарап сөйлегендіктен. Басқа ақындардың сөзге шеберлігі, шешендігі Абайдан кем болмаса да, білімі кем болғандығы даусыз. Абай сөзінен Әубәкірдің «шайды, кебісті әркім тұтынып кеткені асылды қорлау болды» деп қайырған сөздері табылмайды. Басқа ақындар аз білімін сөздің ажарымен толтыруға тырысқан. Абай сөздің ажарына қарамай, сыпайылығына қарамай, әр нәрсенің бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуды сүйген. Мысалы, «Аттың сыны» деген өлеңінде сыпайышылық жүзінен құлаққа жағымсыз тиетін сөздер бар. Бірақ аттың сынына керек мүшелері болған соң оларын айтпаса, аттың сыны толық болып шықпас еді. Абайдың «Аттың сыны» деген өлеңін оқығанда көз алдыңа келетіні – сол жақсы аттың жақсы атқа бітетін мүшелердің бірін қалдырмай жазғандықтан. Абай көп нәрсені білген, білген нәрселерін жазғанда мынау халыққа түсінуге ауыр болар, мынаның сыпайышылыққа кемшілігі болар деп тайсақтап тартынбаған, хақиқатты қалыбында, тереңді терең қалыбында жазған. Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге бойына біткен зеректігінің үстіне Абай әр түрлі Европа білім иелерінің кітаптарын оқыған.

…Абайдың терең пікірлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады. Абайдың өлеңдерін мың қайтара оқып, жаттап алып жүрген адамдардың да Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасына түсініп, жетпей жүргендерін байқағаным бар. Тіпті осының мағынасы не деп сұрағандары да бар. Сол өлеңді алып қарасақ, айтылған пікірде, ол пікірді сөзбен келістіріп айтуында еш кемшілік жоқ. Түсіне алмаса, ол кемшілік оқушыда. Сондай түсінуге қиын көретін сөздерінің бірі мынау:

Көк тұман алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.

Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат та, сурет те жоқ көзім талған.

Ол күндер өткен күнмен бәрі бір бәс,

Келер, кетер артына із қалдырмас.

Соның бірі – арнаулы таусыншық күн,

Арғысын бір-ақ алла біледі рас.

Ақыл – мен, жан – мен өзім, тән менікі

Менімен менікінің мағынасы екі.

Мен өлмекке тағдыр жоқ әуелі бастан,

Менікі өлсе өлсін оған бекі.

Шырақтар, ынталарың менікінде

Тән құмарын іздейсің күні-түнде.

Ғадаләттік, арлылық махаббатпен,

Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.

Адам ғапыл дүниені дер менікі

Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Соны ойлашы болады не сенікі?

Көптің бәрі көп деме, көп те бөлек,

Көп ит жеңіп, көк итті күнде жемек.

Ғаділет пен мархамат көп азығы,

Қайда көрсең болып бақ соған көмек.

Әркімнің мақсұты өз керегінде,

Біле алмадым пысығын, зерегін де

Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,

Хақиқатта дін-дағы тереңінде.

Абайдың осы сөзінің дұрыс емес қате айтылған, теріс айтылған, жұмбақ қылып, ашпай айтылған еш нәрсесі жоқ. Бәрі де дұрыс, түзу, тиісті орнында айтылған сөздер. Оған оқушылар түсінбесе, ол Абайдың үздік, ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді. Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек.

«Қазақ» 1913, №43.

(Ықшамдалып алынды)

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ