ҚАЗАҚТЫҢ ЖЫР КӨГІНДЕ ҚАЛДЫ-АУ ІЗІМ…
ӘН МЕН КҮЙСІЗ,
ӘЗІЛСІЗ ЖЕТІМ ЖАЛҒАН
Ән мен күйсіз, әзілсіз жетім жалған
Жыр Жәкеңнен ауданым енші алған.
Наурызда таң атқанша кәрі, жас боп,
Айтысатын жақсы салт, ежелгі арман.
Ұлысың құт болсын деп көрісетін,
Қырық үйден ең кемде көже ішетін
Қыз қуу, ат жарысы, алтыбақан,
Әйел мен ер балуан белдесетін.
Бұл күні күн менен түн теңесетін,
Көктемнің жібек тінді желі есетін.
Аспаннан сәлем жолдап құс тізбегі
Үлкендер көк төбеде кеңесетін.
Көргем жоқ көптен бері мұндай қызық
Бүгінгі қызығыңа тең түсетін.
Уа, халқым, айтыс десе қолды ұрасың
Ұйытып кеудеге жыр қондырасың,
Келеді кейінгі ақын жалғастырып
Сүйекең, Жәкең, Үмбет мол мұрасын.
Орыстар «хрустально чист» деп айтады,
Мәтелді халық айтса деп айтады.
Ақынның кеудесіне мөлдірлік шарт,
Жырларын елі үшін молайтады.
Ақынға және керек гүл нәзіктік,
Жүрекке жібек мінез жол табады.
Қаражорға Үмбеттің дәл өзіндей
Жемісін ақындықтың мол татады.
Кірді ғой ел мен жердің берекесі,
Көктемнің құтты болсын мерекесі
Бөленген нұр мен нуға жерімізге
Түспесін еш дұшпанның көлеңкесі.
БОСАҒА
Азғана үй, бауырсақтай бір уыс,
Адам тұрар мекен бе екен бұл қуыс!
Кешір мені, «Қызыл әскер» селосы,
Менсінбеген сөз қаттым-ау, мен осы.
Сен де біреуге жер жаннатсың, алқасың,
Сенде тапқан көп жігіттер қалқашын.
Теңгермейсің проспектіге бар сұлу,
Көшеңді де орып кеткен тау суы.
Ұзатылған келіншектің түсінен,
Тәтті әндей шықпай жүрсің, түсінем.
Бұлағыңа сәуле шаша тараған,
Бала қыздар айнамыз деп қараған.
Соғыс біткен… өте берсін жыл неше,
Шеткі үйде жол тосады бір шеше.
Қала, дала ұл-қызы жүр баршылық,
Оларынан көрген емес таршылық.
Ұл көшіріп әкетпекке оқталды,
Қызының да тілін алмай тоқталды:
«Босағамда отырмын… ол анық,
Келер әлі-ақ кенжекейім оралып!
Мен бекітіп кетіп қалсам есігін,
Сағынбай ма, алтын елім, бесігін…»
Кешір мені «Қызыл әскер» селосы,
Асылық бір сөз қаттым-ау мен осы.
АР-ОЖДАНЫМ ЖЕТКЕНШЕ
Ар-ожданым жеткенше,
Халықтың жоғын сұрадым.
Сөзін ұстап жиында,
Ғайыптан өлең құрадым.
Домбырамның құлағын
Бірде босаң, бірде ащы,
Ыңғайға қарай бұрадым.
Орыстың аппақ қызымын,
Мәймөңке жоқ, тұрамын
Жеме-жемге келгенде,
Қазаққа көбірек бұрамын.
Санатына қоспағын,
Қарапайым әйелдің.
Бір жүректі қақ бөлген,
Өкілімін екі елдің
Кіл шалдармен айтысып,
Көктен жұлдыз әпердім.
Бұл өмірге енген соң
Дей алмаймын бекермін.
Жолсызбенен із кесіп,
Мен де біраз сенделдім:
Артық шығып біреуден,
Кейбірімен теңелдім.
Қызығы, қайғы аралас,
Қайнар-бұлақ пендеңмін.
Ұстадым сөйтіп жалынан,
Абырой менен беделдің.
Қазақтың төлін көбейттім,
Етегін ұстап бір ердің.
Сусыным қанбай өлеңге,
Ерінім күнде кезердің.
Құрбандығы боп жүрмін,
Бой ысытып, есті алған,
Шабытым тасқан кездердің.
Ұстазбын тілін ұсартқан,
Сүйкімді қара көздердің.
Пенсия алам азғантай,
Айтпасам жайды сезер кім.
Дерт меңдеген қызым — сал,
Тағдырым неден безерді?
Жанымды жеген жегідей,
Жағдайлар қайдан кез келді?
Қысылғанда Қызыр жұрт
Қол ұшын, деймін, берер-ді.
АҚЫН СӨЗІ
Тәй басқаным, құлағаным белдесіп…
Әркімнің-ақ тарих тұтқан кеудесін.
Отаным бір, заман ортақ болған соң,
Тағдырымыз ұқсас екен, теңдесім.
Тазалыққа тағар едім тапсам-ай,
Шын асылды кім өтпейді аңсамай.
Сол асылым – өмір екен өлшеулі,
Кеш ұқтың-ау жұмыр басым ақ самай.
Өткенімді таспих қылып тізгем-ді,
Соны тартып санаймыз кеп біз енді.
Үзгеннен соң жеңілденген денедей,
Мәз ғып тірлік батырдың-ау тізеңді.
«Жер серікпен» ғарыш бардық шарықтап,
Тірі адамның жүрегінен жарықты ап.
Бесік жырын ұмыттырған биігің,
Қайсымызды бақытты етті жарылқап?!
Құра алсақ адамшылық өткелін,
Болашақ қой – бүгінім мен өткенім.
Асығыспыз, жүгіреміз әйтеуір,
Сезінбестен қырдың бір гүл төккенін.
Күннен-күнге жылдамдықтар үдеген,
Қайырлы ғып оралта гөр жүлдемен.
Жігіт қызға сыр ашпаған өлеңмен,
Басымызға зауал түсті не деген?!
ЕЛ БАҒЫНА ТУҒАН ҰЛ
Жай жырдан қиын екен қаралы жыр
Жай күннен қиын екен қаралы күн.
Бәрінен қиын екен, Ел-Анашым,
Ақтық рет жүзін сипау қарағыңның.
Өлімі шөліне тең Қарақұмның,
Жылаған жұлдызы ма қара түннің.
«Нұрым!» – деп еңіреген Ел-Анаға
Жұбатар сөз таба алмас бар ақының.
Тұқтубай қобызы ма, ескен жел ме,
Өзегін қайғы дерті тескен ел ме,
Сыңсыды өксіп дүние ішін тартып,
Сабыр ғып тоқтар ма екен, дес бермей ме?
Күзеліп ен далада тұлпары жүр,
Шаңқылдап көз ұшында сұңқары жүр.
Жәкеннің қолдан еккен нән терегі,
Шатырлап найзағайша сынғалы тұр.
Көздерге кесе-кесе толды қайғы,
Құмырсқа илеуіндей жол да жайғы.
Өнердің аспанында қаралы ту,
Желбіреп қош-қош айтып қол бұлғайды.
Арқырап шуыл өзен тоқтағандай,
Алатау басын иіп жоқтағандай.
Күй болып жан түбінен балқып-еріп,
Бұрқанған ер қанынан шоқ қалғандай.
Осы шоқ – талай ұрпақ табынатын,
Білмейтін таусылуды ағылатын.
Нұр-аға болмағаңмен, құдіретті
Туады ел-жұртыңның бағыңа ұл!
Ұқсас та өнерлінің артылмасын,
Ұқсас та жол мен күйдің таусылмасын.
Күйініп, өртенеді үлкен-кіші,
Ағаның жерге қимай нар тұлғасын.
Ән-күйі туған жердің қырын кезіп,
Жәкеннің жатар болсын жырын естіп.
Қызғалдақ қаптай шығып белестерге,
Тынықсын сырлы өмірдің сырын сезіп.
БІЗ СІЗДІ САҒЫНА БАСТАДЫҚ…
(Нұрғиса Тілендиев аруағына)
Сапардың таңдап келмесін,
Санамда қалды кеңесің.
Иманның міндің кемесін,
Саздарың қалды, елесің.
Жетісу жоттап, тал-қайың,
Әніңе сусап балдайын.
Биіксің заңғар таудайын,
Жаннатта болғын, Ағайым.
Бір күнде қырық ұл туса да,
Ән-жырдың жолын қуса да.
Ақылы асып тұрса да,
Орны толмас бұл қаза.
Тойларда талай бас тартқан,
Таңдай мен құлақ асатқан.
Асын беріп, ат шапқан,
Аман жүр елі аңсатқан!
Алқалы топты қақ жарған,
Не жақсы қалмас ажалдан.
Алтындай көшіп наз, арман,
Қайтпайды кімдер базардан.
***
Өлеңнің мінгізді деп сағым атын,
Мені де шығарсыңдар сағынатын.
Қазақтың жүрегінің жалыны ғой,
Жыр қайда онсыз маған ағылатын!
Жәкемнің жыр-дастаны бойтұмарым,
Қамданар бір қазақтай ой-қиялым.
Жақсысын дүмбірлетіп еске алған,
Халқым-ау, таусылмасын той-думаның!
***
Қазақтың жыр көгінде қалды-ау ізім.
Талайды ұйытушы ед бал дауысым,
Жүрсінжан, жүйрік қалар, елең қалмас.
Айтысқа шақырмадың бірде-бір раз,
Қолымда Баукең батыр таққан сағат.
Бойымда сексен бесім қаққан қанат,
Ауылдың бастап жүрмін алтыауызын,
Қазақтың жыр көгінде бал дауысым.
Бізден де дүние өтіп қалар-ау бір,
Кемімес еселенер алатау жыр.
Қытығын көңілдердін ақын тауып,
Құрышы құлақтардың қанар-ау мың!
Надежда Лушникова





