Қорғанбек АМАНЖОЛ. ҚАЛАМҰШЫН ҚАЛЫҢ ОЙҒА БАТЫРЫП

ТОРЫ БИЕ
Жазда ма еді, ойпырмай, күзде ме еді,
Ит-құсы да ол кездің түзден еді.
Қасқыр жеген құлынын торы бие
Күні бойы кісінеп іздегені?
Күні бойы шырқырап шарқ ұрғаны,
Алқымын тер айғыздап алқынғаны.
Аласұрып қораны бұзардай боп,
Қабырғада тұяғы сартылдады.
Құс ұйқылы көршілер анық көрген,
Болған-ау деп бір сұмдық қауіптенген.
Жын буғандай еліре құтырынып,
Торы бие таң ата шауып келген.
Сауырынан қан ағып, сорғымаған,
Қасқыр тартқан терісі жалбыраған.
Торы бие тыпыршып, көкке шапшып,
Жасқа толып көздері, зар жылаған.
Біздің үйдің албарын көрікті еткен,
Жылқы барда бойға бір желік біткен.
Кеше ғана құлыны құлдыраңдап,
Түнгі өріске шапқылап еріп кеткен.
Қайтқанында ноқталап алушы едім,
Енесінің баурына салушы едім.
Айырықша алабел құлыныммен
Бал қызыққа балалық қанушы едім.
Құлыныммен көңілді өрлетіп ем,
Түнемелмен түрлі күй тербетіп ем.
Құлыншағым, құлпырған ұрыншағым,
Қайтпай қалды ақыры сол бетімен.
Қайтпағаны қатты ұрды, қамықтырды,
Қалың өрттей – енесін жанықтырды.
Шапши өрлеп шарбақтан қарғығанда
Көз алдында сірә да тамұқ тұрды.
Торы бие содан соң сұлық тұрды,
Жан азасы жарықты ұмыттырды.
Апта бойы, ой Алла, нәр сызбады,
Кісінеген күйігін құмықтырды.
Шыққыр көзім соны да көріп еді,
Құлыным-ай, құлыным керім еді.
Құлынынан айрылған қайғысынан
Торы бие торығып өліп еді…

ЕСКІ ӨЛЕҢ

Ескі өлеңім!
Сен әлі есте ме едің?
Ғажап екен жанымнан өшпегенің.
Сен әлі де көңілдің күнгейінде,
Көнермеген керуен көште ме едің?
Ескі өлеңім!
Сен менің есті өренім.
Кешкенім бар басымнан, кешпегенім.
Жүрегімнің шындығын шырылдатып,
Самалы боп сезімнің ескен едің.
Сыр бүгіпті не ғажап ескі өлеңде,
Айналыпты ажарлы кестелерге.
Қимас күндер – күйлері келешектің,
Өткен өмір – қол созған өскелеңге.
Ескі өлеңім!
Сен неткен балғын едің!
Саған сыйып тұрыпты-ау жан-жүрегім.
Сезімімді суретке шырт еткізген,
Тамыршыдай тап басқан алғыр едің.
Сонау сезім, сол бір от, сонау жалын —
Сергелдең мен шеменде жоғалғанын,
Ескі өлеңім, естіртіп тұрсың маған,
Есіл жаным ертерек тоналғанын.
Ескі өлеңім!
Ескі емес, жаңасың-ау,
Жан күйімнің дертіне дауасың-ау.
Қоламтаны қоздатып үрлеп қайта,
Өшкен шоқтан алаулап жанасың-ау.
Өкініште қалдырмас ес көремін,
Өмірімді сен, сірә, кестеледің.
Мөлдірімді кіршіксіз мөлтілдеткен,
Нағыз досым екенсің, ескі өлеңім…

ТАСҚҰДЫҚ

Тасқұдық жайлы бір өлең
Кеудемде көптен жүр еді.
Тұнығын ішіп түлеген
Көктерек түгел біледі.
Көктерек десе тасынғам,
Қызады қаным, жан – жалын.
Сіміріп өстім жасымнан
Тасқұдық кәусар зәмзәмін.
Қақпақтас шоқы етегі,
Ауылдың шеті шоқ тоғай.
Жүрегім ұшып жетеді
Құдыққа шейін тоқтамай.
Қандырып мейір шөл басқан,
Бұлағы тастың бал татып.
Өзектен тартып жалғасқан
Тұмасы түйін тарқатып.
Қыз-келіншектер ырғалып,
Иінағаштары майысып.
Сусындап содан күллі ауыл
Отырар еді шай ішіп.
Бұлдай да берсем бұл жайды
Буланып кетер көз, шіркін.
Жанында соның жырғайды
Жігіт-желең мен қыз-қырқын.
Құйылған сәуле, күн бетің,
Киелі менің әлемім.
Жанымнан өшпей суретің,
Жыр болып құшсын сәлемім.
Шымырлап тастың астынан,
Шегендеп таспен өрілген,
Тасқұдық тұма – жастық ән,
Айырмаң қайсы өмірден?!
Жарқ етер сөнбей басты үміт,
Жылдар да жылжып өтсінші.
Өмірдің нәрі Тасқұдық
Ұрпаққа құт боп жетсінші!..

ЖҮРЕК

Ай інім, жүрек қалай, жүрек қалай?
Қайтсе де болайықшы жүрекке абай.
Тірліктің арпалысқан аламаны
Тиеді деймісіңдер жүрекке оңай?!
Алқымға тығылғандай ақтық рет,
Дүпілдеп неге жиі қақты жүрек?
Қабылда мұны қатаң ескерту
Һәм

SOS-жағдай,

Сұм жүректің сақтығы деп.
Жазмышта күрсініспен күн өткерер,
Зардабын ең алдымен жүрек көрер.
Заржағың тіршілікте таусылмайды,
Зарлыққа бола алмайды жүрек керең.
Сенсең де біліміңе, білекке нық,
Әуелі түседі екен жүрекке жүк.
Дос, аға дегендердің нағыз бәсі —
Көп болса бір базына, бір өкпелік.
Тар болсын заман, мейлі, кең болсын-ақ,
Жүрекке өткел-пәни ол бір сынақ.
Өмірдің көлгірі мен ділгіріне,
Ер болсаң,
Жүрек бол да, көргін шыдап.
Не кәкір кәдік салған жүрегіңе,
Кірбің бе мазалаған?
Кірледі ме?
Менің де жүрегіме жылы тиер,
Жараса жырым осы бір еміңе.

ХАҚЫМ БАР

Әлдекімдер әлектеніп өктейді,
Әрбір сөзден әріп санап ептейді.
Қабырғалы қара жұртым қазақты
Халқым деуге хақың сенің жоқ дейді.
Халқым деуге хақылылар санаулы,
Ең әуелі азамат бол қалаулы.
Ардамысың?
Тұлғамысың?
Кімсің сен —
Уа халқым деп көтерердей танауды?
Елге мәшһүр ерен тұлға болмасаң,
Белге шыққан берен тұлға болмасаң,
Халқым деуге хақың жоқ деп қақсайды,
Кеңге шыққан кемел тұлға болмасаң.
Уа! Не дейді?
Сөз емес бұл,
Алқынды.
Халқым деуге хақым жоқ па халқымды?
Кемеңгері болмасам да бұл елдің,
Кешіп өтсем қайтер едің талқыңды.
Халқым үшін соғады бұл жүрегім,
Халқымменен бірге менің тілегім.
Өз перзенті айта алмаса халқым деп,
Халыққа да оңай тимес, білемін.
Менің өзім көбік буға кедеймін,
Шашылғанды жинап жүріп көбейдім.
Бел баласы бола тұра қазақтың,
Өз халқымды халқым демей не деймін?
Мейлі, мені оқты көзбен атыңдар,
Мылқауға да тіл бітірер датым бар.
Өз еліне өгей қылма өндірді,
Өз халқымды халқым деуге хақым бар.

ШӘМШІ КЕЛГЕН

Көктемді сол ұмытам ба,
Көкшетауға Шәмші келген.
Көңілді әсте суытам ба,
Көрген алғаш ән-шүленнен.
Жетпіс төрттің жазға салым,
Зерен көлдің жағасында,
Жалғастырған ән сапарын
Ну қарағай арасында.
Ақан, Біржан әуелеткен
Ән бесігі тербегендей.
Шәмші де бір сәуені өпкен,
Оқжетпеске өрлегендей.
Айыртау мен Сырымбетті
Ақын Еркеш аралатты.
Құлагерден дүбір жетті,
Қамсақтыда қона жатты.
Бурабайда толқыды да,
Бүркіттіден Шәмші де асты.
Шамырқана шалқыды да,
Шабытына қамшы басты.
Көркем Көкше ән қанатын
Қалықтатып аспанына,
Шарықтатып салтанатын,
Шықты шырқап асқарына.
Еркеш ақын өлеңімен
Кернеп сазы асау қанды,
Ерке Көкше – ерен күннен
Базарлыққа бес ән қалды.
Көкшетауда көктем еді,
Көктем аты – Шәмші келген.
Сағындырған сол әндерді
Күтіп жүрмін әншілерден.

ҚАРА КҮЗ, ҚАРА БАЛА ҺӘМ
ҚАРА ҚЫЗ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Мен өмірге келген шақты қараңыз:
Қара жаңбыр, қара лайсаң, қара күз.
Інісінің ақ жүрегін аңдаған,
«Қара бала» деп ат қойған ағамыз.
Ағалардан қалысқан ба жеңгелер,
Қайнысына олар дағы дем берер.
«Қара бала-ау, қайдасың?» деп қағытып,
Арқама сан аманатын өңгерер.
Тағы мына қызығына қараңыз,
Мейлі, мұны қыдыр-баққа балаңыз.
Кезігіпті сол бір қара балаға
Алтын жүрек, ақ періште қара қыз.
Қара күзден бастау алып сол аңыз,
Әппақ әже атаныпты қара қыз.
Асыл достар «Ақ Қорғаш» деп ат қойып,
Ақырында ағарыпты қараңыз…

АЛҒАШҚЫ ӨЛЕҢ

Жеткін бала шабыт күйін шақырып,
«Анама» деп қояды да тақырып,
Ең алғашқы жыр шумағын жазады,
Қаламұшын қалың ойға батырып.
Өлеңімен аялайды анасын,
Алғауы жоқ аймалайды – нанасың.
Әлемде жоқ асыл теңеу, ай мен күн —
Бәрін соның шумағынан табасың.
Күндер өтіп, күлім қаға түлеген,
Мектебіне арналады бір өлең.
Тұнық тұма жүрегінен сылдырап,
Арманына асқар асу тілеген.
Болсын, мейлі, ұйқасы да тым әлсіз,
Жас талаптың жан кешуін ұғарсыз.
Әлемде жоқ шынайылық, мөлдірлік —
Бұрын бұған кездеспеген шығарсыз.
Бара-бара биіктейді өресі,
«Сүйгеніме» – тақырыбы келесі.
Жыр арнасы жылғасынан кеңейіп,
Желкен керер махаббаттың кемесі.
Бәкенеге бетін ешбір бұрмайды,
Ендігіде елін, жерін жырлайды.
Албырт сезім бара-бара асқақтап,
Ақын жүрек теңіздейін тулайды.
Кіршігі жоқ пәк сезімнің айнасы,
Болмас құйттай қулығы да, айласы.
Айналайын алғашқы өлең, өлме, сен,
Ей ақыным, шындығыңнан таймашы…

ҚЫРЫҚ ЖЫЛ
(Рахилаға!)

Өзің маған жар болғалы қырық жыл,
Біз екеуміз пар болғалы қырық жыл.
Барым саған арналғалы қырық жыл,
Мен бақытты жан болғалы қырық жыл!
Сен екеуміз жұп болғалы қырық жыл,
Біздің үйге құт қонғалы қырық жыл.
Көңіл бекіп мықталғалы қырық жыл,
Әр қадамым нық болғалы қырық жыл.
Шаңырағымыз биіктегелі қырық жыл,
Босағамыз беріктенгелі қырық жыл.
Өміріміз көріктенгелі қырық жыл,
Қасыма адал серік келгелі қырық жыл.
Біздер бірдей ойланғалы қырық жыл,
Бірме-бірге сай болғалы қырық жыл.
Бір кіндікке байланғалы қырық жыл,
Бір бүтінге айналғалы қырық жыл.
Керегеміз кеңігелі қырық жыл,
Жүрегіміз ерігелі қырық жыл.
Жалғыздықтан жерігелі қырық жыл,
Бір тілекке телінгелі қырық жыл.
Біз бақытқа аттанғалы қырық жыл,
Бала сүйіп, бақ қонғалы қырық жыл.
Қылығына немеренің мәз болып,
Шала мас боп шаттанғалы қырық жыл.
Біздер, біздер…табысқалы қырық жыл,
Кейде-кейде…қағысқалы қырық жыл.
Жақсы-жаман жарыстағы қырық жыл,
Өмір-дария ағыстағы қырық жыл!
Аз көрмесек сағынғалы қырық жыл,
Тәртібіңе бағынғалы қырық жыл.
Қуанышта, қайғыда да бір болып,
Сен қасымнан табылғалы қырық жыл.
Қалай ғана өте қойды қырық жыл?
Қайда ғана кете қойды қырық жыл?!
Көп сұрақты төтелейді қырық жыл,
Көп үмітке жетелейді қырық жыл.
Қырық жылда таусылмайтын шуақ бар,
Қырық жылда сарқылмайтын қуат бар.
Қырық жылда махаббат пен мейірім
Қос жүректе қатар аққан бұлақ бар.
Қызығыңа алданайын, қырық жыл,
Жан-жарыммен бар болайын, қырық жыл.
Бергеніңмен бай болайын, қырық жыл,
Алғыс саған, айналайын қырық жыл!

ТОҒЫЗ ҚАЙЫҢ
Мұрат аға Әуезовке

Ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов Шолпан Атадағы үйінің алдына өзінің бауыр етінен жаралған тоғыз баласына ырымдап еккен тоғыз қайың бұл күндері бойлап өсіп, жапырағы шулап, жан-жағын жарқын мұңға бөлеп, әлдебір тылсым сырлы тебіреністі ән салып тұрғандай болады.
Шолпан Ата төрінде тоғыз қайың,
Тамшы мұңды мен неге тамызбайын?
Ыстықкөлдің толқыны тербеп-тербеп,
Алатаудан асырған аңыздайын.
Тоғыз қайың… тоғысқан тоғыз өмір,
Тоғыз тағдыр елестеп көзіме бір,
Тоғыз қайың… төгілген жапырағы
Торқадайын жыртылар кезі ме бұл?
Жағасында Ыстықкөл тоғыз қайың,
Аңыратар бір күйді қобыздайын.
Мейірімін жанардан жаңбырлатқан
Мұхтар әке мәрмәр тас абыздайын.
Шолпан Ата… шолпылы көктем еді,
Түгелбай мен Аалы* жеткен еді.
Тоғыз қайың шыбығын толықсытып,
Албарына үйінің еккен еді.
Тоғыз қайың… ұрпағы кемеңгердің,
Тылсымына мен қалай тереңдермін?
Жапырағын бүрлетіп көктем сайын
Жайқалады жасыл ой, көгерген мұң.
Тоғыз қайың… толғанай өмір дейін,
Толғануға қасында көңіл бейім.
Тоғыз қайың… толқыған тоғыз дария,
Талайына мен қалай егілмейін?!
Тоғыз қайың… саясы көлеңкелі,
Сайрандатқан сабат жай көп еркені.
Жапырағын тараған самалменен
Сағынышын ел жаққа жөнелтеді.
Тоғыз қайың… шулайды тырналардай,
Қанатына ілесіп бір барардай.
Тоғыз перзент…
Мұхаңның тоғыз томы,
Тоқсан толғау сырынан үлгі алардай.
Тоғыз қайың… көзіндей Мұрат ағам,
Асыл тұяқ қалыпты түп атадан.
Тоғыз қайың… толқыған әуезесін
Болашаққа асыру мұрат оған.
Қомыздайын…
Немесе қобыздайын,
Сыңсытады сырлы әуен тоғыз қайың.
Шолпан Ата шәріне бара қалсаң,
Толқытатын осындай аңыз дайын.
* Түгелбай Сыдықбеков, Аалы Тоқомбаев –
қырғыз ақын-жазушылары

ҚҰС ТАУЛАРЫ

Бейжіннің терістігі – Құс таулары,
Көп құстың құз-жартаста қыстаулары.
Шыққанда құс-қияның сеңгіріне
Шарқ ұрып құстарымның ұшты-ау бәрі.
Құйқылжып Құс тауында көңіл құсым,
Қиялым, қандай өзің өмірлісің?!
Қытайдың тау өрлеген қорғанында
Бір мысқал
Биігіңнен кемірмісің?!
Жотасы, жүлгелері, шатқалдары,
Шыршасы, бұталары, шоқ талдары…
Шертеді Құс таулары маған тарих,
Сар желіп шапқан аттай қапталдары.
Қосыны Хан Мөденің жортуылдап,
Бөрілі көк байрағы – көк Туын ап,
Ұлы әні Күн елінің күңіреніп,
Ұраны Ғұн елінің шалқуы хақ!
Ер ме еді Көк Тәңірден нұр құшпаған,
Егілтіп түседі еске Шыңғыс қаған.
Қиқулап Құс тауының бөктерінде
Мұқалы батыр бабам туды ұстаған.
Күн түбі.
Құс таулары.
Ұлы қорған…
Таңғы шық…
Оянады шырын арман.
Ханбалық астанадан Хан Құбылай
Жар шашып жарты әлемді қырына алған.
Солардың бәрін көрген Құс таулары,
Басынан, қайран дүние, ұшты-ау бағы!
Батыр мен бахадүрден басым түскен
Жалмауыз, жәдігөйі, мыстандары.
…Сыңсыған Сары өзеннің сарынымен,
Садағы бабалардың сағым ілген.
Басында Құс тауының қапаланып,
Баяғы аңыздарды сағындым мен.

Пікір қалдыру