Қорқынышқа ашылған есіктен «иесіз қара көлеңке» енеді

«Иесіз көлеңке» – қазіргі таңда оқырмандар арасында аса танымалдылыққа ие жазушы Әлішер Рахаттың 2026 жылы жарық көрген хоррор жанрындағы романы. Бұл роман журналист, блогер Әлия Әшім бастаған WiK (Written in Kazakhstan) жобасы аясында жарық көрген болатын (Рахат. Ә. «Иесіз көлеңке». Астана: WiK House publishing, 2026).
Жас қаламгерлерді қолдау мақсатында жұмыстанып жатқан бұл жобаның алғашқы өнімі әдебиет сүйер қауымның ықыласына бөленіп, қолдауға ие болуда. Қазақ әдебиетінде жаңа жанрға жол ашып, эксперименттен қорықпаған роман біздің де назарымыздан тыс қалмады.
Автордың өзі «Иесіз көлеңке» роман туралы былай дейді: «Бұл оқиға – қолыма қалам алғалы бері жазуды армандаған дүнием. Әлі есімде, 2010-2013 жылдары қалың дәптерге қаламмен жазатын кезім. Сол тұста осы тақырыпта екі рет әңгіме бастап, аяқтай алмай қойдым. Кейін бір әңгіме, бір пьеса жаздым. Бірақ екеуі де көңілімнен шықпады. Міне, осылайша бұл оқиға бесінші рет жазылып отыр».
«Иесіз көлеңке» романын жазуға автор 2025 жылдың сәуірінде отырған. Бірақ жолы оңай болмапты: алғашқыда он бет жазған соң, өшіріп тастаған. Екіншіде 30 бетке жеткенде қайта өшірген. Тек үшінші рет қана «қолы жүгіріп», роман түпкілікті қалыптасқан.
Автордың айтуынша, бұл – өзін міндетті сезініп жазған шығармасы, идеяларының ішіндегі ең маңыздысы. Алдыңғы екі романы («Махаббатым – constant», «Параллель») көбіне жастарға арналса, бұл жолы «жасы да, жасамысы да оқи алады» деген оқырман қауымға үндеу тастайды.
Романның философиялық негізін автордың өз сөзінен анық байқаймыз. Әлішер Рахат «иесіз көлеңке» ұғымын былай түсіндіреді:
«Ағаштың көлеңкесінің иесі – ағаш. Адамның көлеңкесінің иесі – адам. Ал иесіз көлеңке деген қалай болады? Адамның өз ойынан құрастыра алатын көлеңке. Ойдан шыққан көлеңке. Біз көп нәрсені, кейбір үрейлерді өзімізге өзіміз ауызша айтып құрастырып айтамыз. Ал шын мәнінде ол жерде ешқандай үрей жоқ, тек алгоритм болуы мүмкін. Мен жүзуден қорқамын, себебі жүзудің алгоритмін білмеймін. Қараңғылықта тұратын, біз білмейтін нәрселер бар, олардың себебі де, иесі де жоқ. Сол үшін де романымызды «Иесіз көлеңке» деп атадық».
Осы бір қарапайым, бірақ терең философиялық түсінік романның бар идеялық жүгін арқалап тұр. Шәкеннің басынан кешкен оқиғалар – біз күнделікті өмірде кездесетін, бірақ атын айта алмайтын қорқыныштардың көркем бейнесі.
Шәкен – қоғамда өз орнын табуға ұмтылған, сүйіспеншілік пен шынайы сезімге зәру болған кейіпкер. Қоғамнан жатсынып, «…өзін сый-құрметке, жақсы көруге лайықсыз міскін секілді қор сезінетін…» бас кейіпкердің жан жарасы әкесінен ықылас көріп, алғашқы махаббаты Жазираны кездестіргеннен бері жамала бастағандай. Алайда, ауылда пайда болған қара адам, себепсіз қазалар мен тылсым жағдаяттар Шәкенді де шырмауына оңай түсіріп алады. «Қара адамның» кесірінен Жазира өз-өзіне қол салғанда, Шәкеннің әлемі күйреді. Сүйіктісінен айырылған ол қайғы мен үрейдің тұңғиығына батады. Жазираны өлімге апарған сол тылсым күш енді Шәкеннің де төңірегінде жүр. Ол «қара адамды» көре бастайды. Алғашында ол – көлеңкедей ғана бұлдыр тұлға еді, бірақ бірте-бірте әлгі көлеңке Шәкеннің санасын билей түседі. Оған енді әрбір қараңғы түнекте, әрбір үнсіздікте сол «иесіз көлеңкенің» бар екені сезіледі.
Романның басты күші – осы тұста, яғни адамның ішіндегі қараңғылық пен жарықтың арпалысында жатыр. Шәкен енді екі дүниенің шекарасында тұр: бір жағында өзі аңсаған, бірақ қол жеткізе алмаған бақыт пен махаббат, екінші жағында оны жұтып қоюға әзір тұрған тұңғиық. Автор оқырманды Шәкенмен бірге осы екі аралықты шиырлауға мәжбүрлейді.
«Иесіз көлеңке» – тек мистикалық қорқыныш емес, бұл – адамның ішіндегі ең үлкен қорқыныштың, яғни жалғыздық пен түсініспеушіліктің, өзін-өзі жоғалтудың көркем бейнесі. Шәкеннің «қара адамды» көруі – оның ішкі жан дүниесіндегі дағдарыстың сыртқы проекциясы іспеттес.
Шәкеннің тағдыр тоғысында кездестірген, жанын түсіне білген мұңдасы мен өнерге деген құлшынысы оның ішінде әлі де сөнбеген жарық болып қала береді. Шәкен осы жарықты таба ала ма? Махаббат пен өнер «иесіз көлеңкені» сейілтіп, түнекті ыдырата ала ма? Бұл сұрақтарға жауапты әр оқырман өзі табады.
«Автор шығармасымен бірнәрсені жеткізгісі келуі мүмкін, бірақ, одан қандай әсер алуды, не сезінуді тыңдарман өзі шешеді. Біз де солай жасайық» [Кітапта, 106 б.].
«Иесіз көлеңке» – қазақ әдебиетіндегі кенже қалған хоррор мен психологиялық триллер жанрын жаңа белеске көтерген туынды. Автор тек қорқынышты детальдарды тізіп қоймай, оқырманды психологиялық шиеленісте ұстайды. Әлішер Рахаттың стиліндегі жинақылық пен детальдарға мән беруі – шығарманың кинематографиялық сипатын арттырған. Әрбір дыбыс, әрбір суық леп оқырманның терісіне дейін сезілетіндей шынайы суреттеледі. Автор кейіпкердің ішкі түйсігі арқылы оқырманның төбе шашын тік тұрғызатын атмосфера қалыптастырады.
Романның хоррор ретіндегі күшті тұсы – автордың дыбыс пен үнсіздікті шебер қолдануында. Көп жағдайда қорқыныш көріністен емес, естілген дыбыстан, күдікті үннен туады. Шығарманың алғашқы беттеріндегі мына үзінді осының дәлелі:
«Көзімді жұмғаным сол еді, ауладан біреудің аяғын тырп-тырп сүйретіп жүргенін естідім. Қала шуының фонында анық айырдым. Үрейден мойным ұйып кеткендей болды, одан уыты бетіме, тұла бойыма тарап… «Сол» деймін ішімнен…» [9 б.]
Мұндағы «тырп-тырп» сүйретілген аяқ дыбысы – қорқыныштың алғашқы хабары. Автор оқырманға ештеңені көрсетпей-ақ, тек дыбыс арқылы үрей тудырады. «Үрейден мойным ұйып», «уыт тарап» деген тіркестер қорқыныштың физиологиялық әсерін дәлме-дәл береді.
«Қара адамның» алғаш рет сезілу сәті де дыбыс пен интуиция арқылы берілген:
«Біреу еріп келе жатыр… Бұрылып қарауға батылым бармады. Құдды бойы ұзын, қара киімді бейтаныс тұратындай… Ол өз жүрісінен танған жоқ. Ауыр қадамдар… Сиыр сияқты қатты демалады… Жақыннан…» [71 б.]
Бұл үзіндіде автор үзілістер жасап, оқырманның тынысын тарылтады. Шәкеннің «бұрылып қарауға батылының бармауы» – қорқыныштың психологиялық тұрғыда дәл берілуі. Біз де онымен бірге сол белгісіздікте қалып, артымыздан кім еріп келе жатқанын білмей, үрейленеміз. «Ауыр қадамдар», «сиыр сияқты қатты демалу» – бұл теңеулер қара адамның адамнан гөрі басқа бір күш екенін меңзейді.
Романда Шәкеннің өң мен түс арасындағы шекаралық күйлері де дәл берілген. Түнгі дауыстар, сыбырлар оны әбден мазалайды:
«Біреу сыбырлағандай болды… Өңім бе, түсім бе түсініксіз… — Шәкен?! – сыбырға ұқсас, жуан ер кісінің дауысы даладан, қора жақтан шығып жатқанын түсінген бойда ағама жүгірдім…» [77 б.]
Бұл жерде маңызды деталь – Шәкеннің ағасына жүгіруі. Ағасы – романдағы байсалды, батыл, қамқор кейіпкер. Ол шаруаға ысылған, мал мен үй тірлігін алып жүрген жігіт. Сол түні ағасы далаға шығып, «қара адамды» көреді, бірақ інісінен жасырады. Осы оқиғадан кейін ол Шәкеннің жанынан шықпай, оны күнде бақылап, қасына ертіп жүреді. Рауан өзінің бойындағы балалық жан жарасын сыртқа шығармай, бұл сценарийдің Шәкенде де қайталанғанын қаламаған еді. Бұл – ағалық қамқорлықтың, жақынның қорғауындағы жылудың көрінісі.
Ал ата-ана тарапынан керісінше – түсінбеушілік пен жатсыну бар. Әке-шешесі Шәкеннің ауырып жүргеніне сенбейді. Анасы ұрысып, сабаққа жібереді. Әкесі: «Өнер мектебіне бармадың, босқа доп ойнап жүрсің», – деп ызаланып, үй шаруасына жегеді. Осылайша Шәкен өзін жалғыз, ешкімге керек еместей сезінеді. Бұл әлеуметтік жалғыздық оның мистикалық қорқыныштың алдындағы осалдығын арттырады.
Романның тағы бір стилистикалық ерекшелігі – кейіпкердің қорқынышқа біртіндеп үйрену процесін дәл бейнелеуі. Бұл процесс оның отбасындағы шиеленістермен қатар жүреді. Әке-шешесінің ұрысы мен тозған сезімдеріне үйренген Шәкен, бастапқыда дыбыстан, көлеңкеден үрейленсе, кейін оған да бойы үйреніп кетеді:
«…Кенет терезенің көлеңкесінен адамның сұлбасы пайда болды… Қап-қара… Бірақ сол сәтте денем түршіккенін білемін… Үрейге бойым әбден үйреніп кеткен сияқты…» [90 б.]
Бұл – қорқыныштың эволюциясы. Егер басында әрбір сыбдыр оны дүр сілкіндірсе, енді ол тіпті қара адамның сұлбасына да үйреніп кеткен. Бірақ бұл үйрену – жеңіс пе, әлде жеңіліс пе? Автор бұл сұраққа жауапты ашық қалдырады. Бәлкім, Шәкен қорқынышты жеңген жоқ, керісінше, онымен бірге өмір сүруге мәжбүр болды. Оның «махаббатқа зар» күйі мен қара адамға үйренуі – бір медальдың екі жағы. Ол ішкі дүниесіндегі жалғыздықты, сүйіспеншіліктің жетіспеушілігін осылай толтыруға тырысады.
Автор хронологиялық тәртіпті сақтамай, оқырманды Шәкеннің балалық шағы мен ересек өмірі арасында көрсетеді. Бұл тәсіл оқырманға кейіпкердің психологиясын біртіндеп ашуға мүмкіндік береді. Біз бала Шәкеннің қорқынышын, оның жалғыздығын, ата-анасының түсінбеушілігін көріп, ересек Шәкеннің неге осындай қалпында қалғанын түсінеміз. Бұл – психологиялық триллердің заңдылығына толық сай келетін шешім.
«Иесіз көлеңке» – тек мистикалық хоррор емес, бұл – адам жанының қараңғы тұстарына жасалған терең психологиялық экскурсия. Әлішер Рахат қорқыныштың табиғатын зерттей отырып, оның әлеуметтік, психологиялық және экзистенциалды қырларын ашады.
Романдағы ересек Шәкен өмірінде кездесетін Іңкәр – отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жан. Оның күйеуі – манипулятор, абьюзер. Іңкәрдің көзіне шөп салып, оны эмоционалды әткеншекте ұстайды: бірде жақсы көріп, еркелетсе, енді бірде соққыға жығып, жерге қаратады. Дәл осындай зорлық-зомбылық сәтінде, күйеуі оны соққыға жыққанда, Іңкәр де «қара адамды» көреді. Бұл деталь – романның негізгі идеясын тереңдете түседі. «Қара адам» – тек Шәкеннің ғана емес, зорлық-зомбылық көрген, жараланған, қоғам тарапынан түсініспеушілікке ұшыраған жандардың бәрінің мазасын алатын көлеңке. Іңкәр де Шәкен сияқты «иесіз көлеңкенің» шырмауында. Бірақ оның жарасы басқа – отбасылық зорлық, психологиялық манипуляция, физикалық азап.
Іңкәр мен Шәкеннің кездесуі – екі жаралы жанның табысуы. Олар бір-бірінің қасіретін түсінеді, бір-біріне жылу сыйлауға тырысады. Бірақ екеуінің де ішінде өз көлеңкелері отыр. Бұл – романның оптимистік емес, бірақ шынайы тұсы: жаралы адамдар әрдайым бірін-бірі сауықтыра алмайды, кейде олар бірге қараңғылыққа батуы да мүмкін. Автор бұл кездесудің шешімін өзімізге қалдырған:
«Ортадағы айнаға көзім түсіп кетті… Артқы салонның ортасында қап-қара сұлба отыр.
«– Бәрі жақсылыққа бастайтынына сенемін. «Жақсылыққа апармайды» десе де, мен сол сеніменен айырылмаймын. Өйткені мені бар қылып тұрған сол сенім ғана…» – деді менің не ойлап, не көріп келе жатқанымнан бейхабар Іңкәр» [170 б.]
Романның басты күші – ол қорқыныштың әмбебаптығын көрсетеді. Шәкеннің қоғамға сенбеуі, Рауанның еркіндікке жете алмауы, Іңкәрдің зорлық-зомбылық көруі, Жазираның жетімдігі – бәрі бір түпкі мәселеге тіреледі: адамның өзін сүюге, өзін өзі құрметтеуге лайықсыз сезінуі, жақындарынан қолдау таппауы, қоғамның бұларды жатсынуы, түсініспеушілік… Бұл сезімдер адамды осал етеді, ал осалдық – қорқынышқа есік ашады. Сол есіктен «иесіз қара көлеңке» де енеді.
«– Адам баласы ешқашан ештеңеден қорықпауы керек. Қорыққан жан жасқаншақ болады. Жасқаншақ кісі батылдығын жоғалтады. Батылдығы жоқ адамды бәрі басынады. Қорлық көрген пенде ашынады. Ашынған кісі ақылынан адасады. Адам ақылынан айырылса, бәрі бітеді… Бар бәленің бастауы – үрей» [132 б.].
Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңкесі» – қазақ әдебиетіндегі әлеуметтік-психологиялық хоррордың жарқын үлгісі. Автор дәстүрлі қорқынышты жанр арқылы өзекті әлеуметтік мәселелерді (отбасылық зорлық-зомбылық, газлайтинг, манипуляция, әлеуметтік жатсыну, жалғыздық, балалық шақтағы психологиялық жарақаттар) көтереді. Оның стиліндегі дыбыс пен үнсіздіктің контрасты, детальдарға мұқияттылық, психологиялық өзгерістерді дәл беру – мұның бәрі романды тек жанрлық әдебиет әуесқойларына ғана емес, кең оқырман қауымға қызықты етеді.
«Иесіз көлеңке» оқырманға дайын жауап бермейді, керісінше, сұрақтар қалдырады. «Қара адам» кім? Ол нақты «тұлға» ма, әлде символ ба? Иесіз көлеңкеден құтылу мүмкін бе? Махаббат пен өнер жанды сауықтыра ала ма? Әр оқырман бұл сұрақтарға өзінің өмірлік тәжірибесіне сай жауап табады деген үміттеміз.

Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА,
М. Өтемісов атындағы БҚУ
қауымдастырылған профессоры,
Шалқыма САЛИХАТОВА,
М. Өтемісов атындағы БҚУ магистранты




ПІКІР ЖАЗУ