ҚОС МАЙДАННЫҢ ҚАҺАРМАНЫ

 Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы Ақмола облысы, Зеренді ауданына қарасты Қойсалған ауылында туған. Көнекөз қариялардың айтуынша, Мәлік жастайынан сөзге жүйрік, еті тірі, қайсар да қайратты һәм батыл болып өсіпті. Сегіз жасқа толғанда ауылынан екі шақырым жердегі Құлет елді мекеніндегі мектепке барып, бастауыш сыныпты сонда бітіреді. Мұнан әрі Көкшетау қаласындағы жетіжылдық қазақ мектебінде білімін жалғастырады.

Мәліктанушы ғалым Серік Негимовтің айтуынша, Мәлік көпбалалы отбасында туған. Яғни, бір үйде 10 бала болған: 6 ұл, 3 қыз. Өкінішке қарай, олардың бәрі 1932 жылғы ашаршылықтың құрбаны болған. Анасы Әлия да осы кезде дүниеден озады.

1931-1935 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінде оқиды. 1935-1937 жылдар аралығында Өзбекстанның Ферғана қаласында азаматтық борышын өтейді. 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне әдеби қызметкер боп орналасады. 1938 жылы «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары, КСРО Ғылым академиясының қазақстандық филиалына қарасты Тіл және әдебиет институтында ғылыми қызметкер боп еңбек етеді.

Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің директоры Құдайберлі Мырзабектің айтуынша, көрнекті жазушы Сәбит Мұқанов пен бозбала Мәлік былайша танысыпты:

– Сәбит Мұқанов іссапармен Көкшетау қаласындағы вокзалға келеді. Онда бір жауынгер тұтқынды алдына салып, айдап барады екен. Қолында қызыл шүберек байланған, қасында бір пионер бар. Баланың түрі есімде қалып қойды. Кейін танысымның үйіне барып демалдым. Біраз уақыттан соң, мені «Сізді бір бала шақырып тұр» деп үйдің иесі оятты. Оянсам, бағана вокзалдан көрген бала маған келіп, сәлем беріп тұр екен. Ол маған «Сізді мектепке кездесуге шақыруға келдім. Атым – Мәлік деп өзін таныстырды. Мен мектепке баруға келісімімді бердім.

Кейін қазақ жазушысы Мәліктің шығармашылық қабілетін қалай байқағанын өзінің естелігінде былай баяндайды:

– Мені мұғалімнен бастап, оқушыларлың өзі жылы қабылдады. Оқушылармен кездесуді өткіздім. Сол кездесуде Мәлік атты бала менің шығармашылығым туралы жақсы баяндама жасады. Мен сүйсіндім.

– Мәлік Ғабдуллин Алматы ауыл шаруашылық институтында оқып жүрген кезінде Сәбит Мұқановтың ақылымен сол кездегі ҚазПИ, яғни қазақ педагогикалық институты филология факультетіне оқуға ауысады. Алғашқы кезде жататын орын болмай, Сәкен Сейфуллинің пәтерінде тұрады. Оқып жүріп, бір күні баспаға келеді. Ауылдан келген бала, кітаптың, газеттің қалай басылатынын көргісі келеді. Осылайша, баспада Мәлік пен Бейімбет Майлин танысады. Ол кісі сол баспаның басқарушысы болды. Екеуі біраз әңгімелескеннен кейін, оның тегін бала емес екенін аңғарады. Баспаға жұмысқа шақырады. «Осында оқып, жұмыс істей бер» дейді. Қателеспесем, Мәлікке айына 80 тиыннан ақша төлеп тұрады, – дейді Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің директоры Құдайберлі Мырзабек. Бұл да – оқырман қауым үшін тың деректердің бірі.

– Бекен деген атамыз болды. Ол – мерген, аңшы екен. Мәлік ағамыз сол кісінің тәрбиесін көрді. Алладан тілеп алған жалғыз ұл еді. Мәлік ағамыз туар кезде Бекен атамыз қасқырдың арланын атып алған екен. Оны інісі Ғабдуллаға берген. Құдайға шүкір, батыр ағамыз қазақ елінің мақтанышы болды, – дейді  Мәлік Ғабдуллиннің немере інісі Сәкен Бекенов «Өмір жолы» атты деректі фильмдегі естелігінде.

Мәлік Ғабдуллин 1941 жылы өз еркімен майданға аттанады. Майданда И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияда шайқасады. Саяси сауаттылығының арқасында политрук болады.

– Ол жауынгерлердің рухын көтеруге бар күшін салды. Соғысқа аттанған қазақтардың көбі орысша білген жоқ. Мәлік ағамыз олардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Қазақ әскерлерінің рухын көтеріп, оларға білгенін үйретеді, – дейді Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Мұратбек Оспанов. Бұл пікір – жоғарыда айтылған сөзіміздің тұздығы.

1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған шайқаста ол басқарған сарбаздар фашистерге тойтара соққы береді. Кескілескен ұрыстың нәтижесінде жаудың екі танкісін гранатамен жарып, жаудың 12 солдатын тұтқынға алады. Осы шайқаста Мәлік Ғабдуллин ауыр жараланады. Соған қарамастан, жауға қарсы оқ боратады. Оның бұл ерлігі алғаш рет белгілі жазушы Борис Полевойдың «Правдада» жарияланған «Эпостың тууы» атты очеркінде баяндалды. Сөйтіп, қазақ батырының есімі бүкіл Одаққа тарайды. Көптеген қазақ қаламгерлері Мәлік Ғабдуллинге арнап  шығармалар жазады.

Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1943 жылдың 30 қаңтарында Мәлік Ғабдуллинге «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріледі.  Бұл атақпен қоса, Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалі қоса тапсырылады.

Жоғарыда айтқанымыздай, Борис Полевой өзінің туындысында ержүрек жауынгерлерін көзі­мен көріп, олардың батырлығына елжі­ре­ген дивизия командирі, генерал-майор И.В.Панфиловтың толға­нысын былайша суреттейді:

– Өзінің көргісі келді. Сұңғақ бойлы, талдырмаш жасты Панфилов ұзақ айналдырып қара­ды. Шынын айтқанда, Мәліктің денесіне соғыстың әскери киімі әлі қона да қойма­ған кезі еді. «Мә, саған ғылым адамы! Жарайсың! Жаман солдат болмас­сың» деді ол Мәлікке жарықшақты дауысымен. Сөйтті де, Мәлікті өзіне қарай тартып алып, кәдуілгі орыс халқының әдетінше, бетінен үш рет сүйді. Бұлардың қасында жақын тұрған адамдар, көп езу тартпай­тын, салқын жүзді атақты генералдың сыр бермейтін жүзінде әкелік қуаныштың лап бергенін байқасып қалысты.

Кеңес Одағының Батыры атағын алардың алдында қуанышы қойнына сыймай, өзінің ұлы да ұлағатты ұстазы Мұхтар Омарханұлы Әуезовке хат жолдайды:

Қымбатты Мұха!

13 қарашада жазған хатыңызды алдым. Аманшылығыңызға қуаныштымын. Мен де аман-саумын. Талай тас қамалды талқандап бұзып, жауды қуып барамыз. Сақылдаған аязда, сартылдаған соғыс сахнасында қолдан келген күшті жұмсап жатырмыз. Мен наградқа «Қызыл Жұлдыз» орденін алдым. Жақында бір тамаша операция жасап, немістің «Қу бас» деп аталатын дивизиясының штабын талқандап шықтық. Осы операцияда тамаша ерлер шықты. Біздің полктан үш адамды Совет Одағының Батыры атағына ұсынды: 1) политрук Клочков, ол 28 батырдың қолбасшысы еді. 2) Тоқтаров Төлеген деген қызыләскер, Риддер қорғасын заводынан келген жас, 21-дегі жұмысшы. 3) Мен. Таяу күнде Указ болып қалар. Дивизия көлемінде абыройым жақсы, бәрі құрметтейді. Әсіресе, Совет Одағының Батырына ұсынылған соң, комдивтің өзі қолымды алып амандасады. Қазір ротаның политругі емеспін, батальон комиссарымын. Жұмыс көп, осы кезде қызу майдандамыз. Бұл хатты оттың сәулесінде түн түскен кезде Сіздің хатқа жауапты тездету ретінде асығыс жаздым. Тағы да хат жазармын. Хош, сау болыңыз. Еңбек творчество майданында жақсы-жақсы шығармалар жазуыңызға тілектеспін.

                                                                                                              Ініңіз Мәлік

Ал Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының Батыры атағын алғанда аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы:

Ел күйзелген кезінде,

Ел намысын құрметтеп,

Ерлік еткен, бауырым!

Ер намысын ардақтап,

Жау жағадан алғанда,

Батырлық еткен, бауырым!

Құтты болсын айтайын,

Шын жүректен Мәлігім! – деп қуана құттықтаған екен.

«Өзіме ғана емес, өзгеге де болсын» деген қағиданы ұстанған Мәлік Ғабдуллин шығыстың қос шынарының бірі – Мәншүк Мәметоваға «Кеңес Одағының Батыры» атағын бергізу үшін үлкен еңбек сіңіреді.

Қазақ халқының біртуар батыр ұлдарының бірі болған ұлағатты ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым һәм жазушы Мәлік Ғабдуллиннің тарихтағы, әдебиеттегі және ғылымдағы орны айрықша. Ол қазақ елі үшін ерен еңбек етіп, артына мол әдеби мұра қалдырады. 1947 жылы «Қобыланды батыр» жырын ғылыми зерттеудің проблемалары» атты кандидаттық диссертация қорғады. Оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы жазған 100-ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды.  «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты  монографиясында қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, лиро-эпостық дастандар, айтыс өлеңдері, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер туралы терең талдаулар жасап, олардың ғылыми танымдық әрі тәлім-тәрбиелік мәнін ашып көрсетеді. Сондай-ақ ауыз әдебиетін зерттеудің ғылыми-методологиялық негіздерін айқындайды. Бұл еңбек бірнеше рет жарық көреді. Сонымен бірге ол 8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті», педагогика институты студенттеріне арналған «Қазақ фольклоры», «Фольклор және әдебиет» оқулығын жазады. Ғалым-ұстаз ретінде ол жас ұрпақтың тәрбиесіне ден қойып, «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» деген кітабын басып шығарады. Ол еңбегінде балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, патриотизмге, адалдыққа тәрбиелеу, олардың болашаққа сенімін арттыру, жас баланы дұрыс сөйлеуге үйрету хақында ата-аналарға кәсіби кеңес береді. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің көп томдық тарихын шығаруға күш салады. Оның «Қазақтың батырлық эпостары» зерттеу еңбегі 1972 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болады. Сөйтіп, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосады.

Жазушының көркем шығармадағы тырнақалды туындылары дивизиялық, майдандық газеттерде жарияланады. Шығармалары соғыстан кейін жеке жинақ болып  жарық көреді. «Менің майдандас достарым», «Алтын жұлдыз», «Майдан очерктері», «Сұрапыл жылдар» атты кітаптарына енген шығармаларында майдан өмірін суреттеп, жауынгер тұлғасын және олардың Ұлы Отан соғысы кезіндегі қаһармандық бейнесін суреттейді.

Мәлік Ғабдуллин – Кеңес Одағының Батыры. Қазақтың қабырғалы қаламгері, ғұлама ғалым, әдебиет зерттеушісі, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

1944–1946 жылдары КСРО Қорғаныс министрлігі Жоғарғы саяси басқармасы үгіт-насихат бөлімінің бастығы, 1946 –1951 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының директоры, 1951–1963 жылдары Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, содан өмірінің соңына дейін Қазақ КСР ҒА-ның М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарады.

Мәлік Ғабдуллин – ӀӀ-ӀV сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің парламенттік тобының құрамында Финляндияға, Бельгияға, Югославияға барады. Ғабдуллин еңбекшілер депутаттарының Алматы облыстық, қалалық Кеңестерінің депутаттығына, Қазақстан КП Алматы облыстық, қалалық, Фрунзе аудандық комитеттерінің мүшелігіне бірнеше рет сайланды. «Ленин», «Қызыл Ту», «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталған.

Мәлік Ғабдуллин 1973 жылы 2 қаңтарда 58 жасқа қараған шағында Алматы қаласында дүниеден озады.

Даңқты батырдың Алматыда тұрған үйі мен қызмет атқарған институтында  мемориалды тақта орнатылған. Өзі туып-өскен аудандағы мектеп пен көше аттары Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталады. Көкшетауда батырға арналған  мұражай  мен ескерткіш ашылған. Астана, Алматы, Түркістан және Көкшетау қалаларындағы көшелерге есімі берілген. Сондай-ақ еліміздегі 8 мектеп Мәлік Ғабдуллин есімімен аталады. Олардың бәрінде «Жас ғабдуллиншілдер клубы» жұмыс істейді. Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейі мен аталған мектеп арасында тығыз байланыс орнатылған. Жыл сайын бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылып, «Ғабдуллин тағылымдары» атты семинарлар, онлайн-конференциялар, жылжымалы көрмелер, жыр мүшайралары өткізіліп тұрады. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген – осы.

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ