ҚОС ЖАНРДЫ ТЕЛ ТІЗГІНДЕГЕН
Әділбек Ыбырайымұлының шығармашылық әлемі хақындағы эссе-толғаныс
СӨЗ СӘУЛЕСІНІҢ СИҚЫРЫ
немесе әдебиеттің сүйегі – сөз, жаны – көркем де бейнелі тіл
Өнериет яғни шығармашылық дегеннің өресі биік, құпиясы шексіз жұмбақ дүние екенін ішкі түйсікпен аңғаратынымыз рас. Солай бола тұра кейде руханият адамының қосалқы өміріне айналған іздену үрдісіне үстірт қарайтынымыз жасырын емес. «Қосалқы» дейтініміз – көптеген салада өнерпаз, мысалға әртіс, спортшы – өз ортасында, өз қазанында қайнап, қабілетін шыңдаса, қаламгерлер күнкөріс үшін жегілген жұмысын атқара жүріп, жаны қалаған жазушылықты жанама тындырады. Баяғыдай, бірнеше қарындашты ұштап ап, алаңсыз қалам тербеу келмеске кеткен.
Әдебиетті жасаушылар осы сүрлеуде қаншалық михнат шегетінін толық біліп ұғынсаң, тірмізік тіршіліктерінен жүрегің шайлығады. Әрине, ондай жанкештілік бәрінің бойына біте бермейді. Ілгері жылжыған минуттармен тайталаса отырып, ақ қағаз бен қаламға сыр төгу – әрі-беріден кейін қажытуы мүмкін. Әйтсе де зейіні терең, зердесі биік жандарға «өз әлеміне» кіріп алып, сан қилы кейіпкерлермен «тілдесіп жүру» бақыттың бақыты. Ізденіс жолында «өз әлемін» таба алған адам ғаламат шедеврлерді өмірге әкеледі.
«Бүгінде көркем ой мен көркем әдебиет жасап жүргендердің қатарында кімдер бар?» дегенде алғашқылардың бірі болып Әділбектің есімі ойға оралады. Қазақтың соңғы ханы Кенесары жөніндегі «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы оның әбден қалыптасқан жазушы ғана емес, аса шебер майталман екенін көпшілікке танытты.
Үлкен прозаға тыңғылықты дайындықпен келген жазушының қолтаңбасын айқын көрсететін туынды – осы роман-трилогия. Тақырыбының өзі бұрын құлаққа сіңісті емес, тосындау тіркеспен адамды селт еткізеді. Қазақтың үш-төрт ғасыр бойы басынан кешкен хикметтерін сипаттайтын трилогияның алғашқы томында сонау Тәуекел, Есім ханнан бастау тартып, Абылай дәуірінің ақырына дейінгі кезеңге көркемдік стильмен тарихи-әдеби шолу жасалады. Ортаңғы томда Кенесары ханның азаттық пен тәуелсіздік жолындағы арпалысқа толы өмірі мен күресі нақты оқиғалар негізінде шеберлікпен бейнеленген. Үшінші томда Кенесарының ержүрек ұлы Сыздық сұлтанның әке мұратын көздеген жанкешті әрекеті әңгіме болады.
Эпопеялық пландағы бұл еңбекті қазақ халқының бодандыққа қарсы ұлт-азаттық күресі туралы біртұтас туынды деп қарасақ, бірінші кітап осы тарихтың басталуы, кіріспесі сияқты көрінеді де үшінші кітап – сол күрестің кульминациялық шырқау шыңындай әсер етеді. Ал Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның ұлы «Кенесары сұлтан семсердің жүзін сүйіп, серт етіп, азаттық үшін күрес жолында атқа қонған» (2-том, 81 б.) оқиғаларды суреттейтін екінші кітап – үлкен туындының идеялық өзегі. Осы үш тараптың арасын жалғастырып тұрған логикалық байланыс пен әдеби бірізділік – көркем шығарманың үзілмес жүлгесіне айналған.
Тұтас халықтың бірнеше ғасырлық тарихына қатысты оқиғаларды бір адамның басынан кешкен өміріндей рет-ретімен жіпке тізгендей баяндап беру мүмкін де емес, қажет те емес. Автор осыны дұрыс түсініп, шығарма кілтін сәтімен таңдай білген. Уақыт жағынан да, кеңістік өлшемімен де осындай ауқымды тарихты түгендеген шығарма бірінен екіншісі туындайтын жалғаспалы сюжет арқылы емес, ірі оқиғаларды суреттеу арқылы жинақтап, түйіндеп, әрі көзбен көргендей сезімге жетелейді. Мұндай амал – ұзақ уақытты қамтыған романдардың бәрінде кездесетін тәсіл, Есенберлинде де бар. Бұлай етуге шығарма табиғатының өзі сұранып тұрады. Әділбектің трилогиясындағы, әсіресе, бірінші кітаптағы тарихи шолу іспетті эпизодтарды осылай түсінген жөн. Бұл – трилогияның құрылымдық жүйесіне қатысты мәселе.
Автор романдағы оқиғаларды үш кезеңге бөліп, Кенесары тұлғасы мен ол бастаған ұлт-азаттық қозғалысын өзек етіп алған, бұл – дұрыс шешім. Тарихшылардың межелеуінше, патшалық және кеңестік отаршылдыққа қарсы қазақ даласында екі ғасырдың ішінде 300-ден аса қарулы қарсылық туындаған екен, солардың арасындағы ханның өзі бастап, бүкіл ұлтты тұтас қамтыған бірден-бір көтеріліс дәл осы Кенесары қозғалысы. Оның үстіне, аталмыш трилогия – Есенберлиннің «Қаһарынан» кейін Тәуелсіз Қазақстан әдебиеті тарихында тікелей Кенесары күресіне басы бүтін арналған ең алғашқы кесек туынды. Кеңестік кезеңде жазылған сол Есенберлиннің «Қаһарында» да, одан кейінгі Ғалым Ахмедовтің «Жем бойында», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романдарындағы Кенесары есімі аталатын эпизодтарда да ұлт қаһарманының «бейбіт елді шапқаны» туралы айтылады. Алайда бұл кеңестік саясаттың зорлығымен Кенесарының бетіне амалсыз жағылған күйе болатын. Әйтпесе, кезінде ұйқыдағы халықтың ұлттық рухын оятқан «Қаһар» романы жарық көрмес еді. Сол үшін де ол кездің «бодан буынға» айналған авторлары кейбір жәйттерді жаба тоқып, ақиқаттың жүзін бүркемелеп болса да шындықты ашуға тырысқан. Сол бүркеуді жұлып тастап, әр парағы Кенесары хан мен Наурызбай сұлтанның қылша мойнынан шапшыған қызыл қанның түсіндей ұлт рухының нұрлы шуағына боялған «Семсер жүзіндегі серт» сынды шындықпен суарылған шығарма тудыру мәртебесі жаңа ғасыр әдебиетінің тарланбозының бірі – Әділбек Ыбырайымұлының еншісіне бұйырыпты. Автор алдына қойған миссиясын жоғары деңгейде атқарып шыққан.
Роман – кез келген қаламгердің тісі батпайтын күрделі жанр. Ал трилогия – алып титандар ғана тудыратын күрделі туынды. Роман, оның ішінде үштомдық жазу үшін қаламгерге әңгімешілдіктен бөлек өзгеше ойлау жүйесі мен логикалық байланысты мінсіз сабақтастыратын шеберлік керек. Бірінші кітаптағы кішкентай деталь үшінші кітапта үлкен оқиға тұрғысында көрініс табуы әбден заңды.
Кеңес дәуірінде романшылар қатары біршама бар еді. Өйткені, әдебиет идеологияның «сиқырлы аспабы» ретінде мемлекет іргесін нығайтудың, көп ұлтты алып державаны ұстап тұрудың нақты секторына айналды. Оған ұдайы көңіл бөлініп, жүйелі менеджерлік жұмыс жүргізілді. Солардың негізгілері — оқыту, талдау, насихаттау және жазуға үндеу, қаржыландыру. Осы жұмыстың нәтижесінде талай-талай шырайлы шығармалар берген қаламгерлердің қатары қалыптасты. Тамаша романшылар шықты. Әйткенмен, Сайын аға Мұратбеков, Дулат Исабеков, талантты Дидахмет Әшімханов, Мархабат Байғұт, Серік Асылбекұлы сынды майталмандар да роман жазбады, «ұлы әңгімеге» (А. Байтұрсынов) қол артпады. Өйткені оның батпан салмағын, михнатын білді.
Бүгінгі уақытта романистер сирек. Сирек болатынының себебін жоғарыда айттық. Осы сиректердің қатарынан көрінген Әділбек Ыбырайымұлы ақын еді. Сәулелі сөздің сиқырын жетік меңгеруге ынтыққан ол үздіксіз ізденуден жалыққан емес.
ЖҮРЕКЖАРДЫ ЛЕБІЗ
немесе жыр пырағы
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қым-қуыт қоғамның тіршілік-тынысын, қоян-қолтық араласып жүрген адамдардың пиғыл-ниеттері мен іс-әрекеттерін өлеңмен өрген ақынның «Пір мен Пырақ» деп аталатын тұңғыш жыр жинағындағы лирикалық, эпикалық өлеңдері елең еткізген. Әр өлеңнің өз үні, өз айтары бар:
Құс қайтады, иектейді бір бәле,
Сен көрмейсің, есікті ашып кірді, әне.
«Атым бар» деп қоймай қойды мазаны ап,
Тұлпарына мінейікші жүр, кәне.
Ақ боз ат қой: ақ сұлы жеп жараған,
Шапқан кезде кедергі емес жар оған.
Бұлт еліне сіңіп кетіп барамыз,
Аспан шалдың кіндігінен тараған.
Құстар қайда-а, тым төменде тізілген,
Әй, бәлекет, қалдың ба ақыр ізімнен.
Қобызы бар ұшырастым Қорқытпен,
Нарға мініп,
Жетелеген жүз інген.
Тірі екен ғой, ажал бұған жетпеген,
Қандай ғажап қасиетті ең Көк деген.
Тізгінімді тарттым сәл-пәл аңырып,
Керуенге…
Күнге қарай беттеген…
Соны тіркестер бірден миға сақ етіп тиеді әрі шынайылығымен ұйытып әкетеді. Ұлттық ұғым мен мистикалық сарын байқалады. Енді мына шумаққа зер салып көрелік:
Үлбіреген үстіңде көне көйлек,
Сұлулықты тұрғаны көлегейлеп.
Қос анардың ұшында барқын дағын,
Сипап өттім жабысқан кене ғой деп.
Уағында Тұманбай ақын Әділбекке мынадай хат жазған: «…Пір мен Пырақтың» менің алдымда жатқанына екі айдың жүзі болды. Оқып шығудың реті келмей-ақ қойды. Әділбек жолыққан сайын өз кітабы жайлы бірдеңе айта ма деп аузыма қарайды. Мен оны байқамағансып өтіп кетемін. Осы бір-екі жеті шамасы болды-ау деймін, Әділбек Ыбырайымұлының «Пір мен Пырақ» атты кітабын парақтай бастадым. Алғаш кітапты жаратпай тастадым, бір түрлі суық, бір түрлі жат көрінді маған. Біртіндеп жақындастым. Біртіндеп Әділбек жүрегімнің қылын шерте бастады. Біртіндеп жыр пырағы мені алыс бір жақтарға алып кеткендей болды. Еркін, еркелеген муза ырқымнан айырып, алыс қияларға, алысқа, айға, жұлдыздарға қарай алып ұшты.
Пірге ілесіп әмбимен жолығыстым,
Періштемен періште болып ұштым.
Пайғамбарлар сөз айтты парасатты,
Жөн үйрендім Абызға қонып үш күн.
Қыдыр көрдім, Бақ көрдім, есендестім,
Енді ала алмас бұдан соң есемді ешкім.
Пенделердің арасы пәтуасыз,
Періштелер ішіне көшем… көштім.
Егде тартып, еңсең түскенде, қарттықпен ұшырасқанда, бойыңдағы отыңнан, қойныңдағы тотыңнан айырылғанда айтылар сөзді жас жігіт неге сонша ерте айтты екен деген күдікті ойға берілгенім болмаса Әділбектің осы бір жүрек жарды сөзіне мен әбден сендім. Сергелдең күндер кешкелі, сезіммен күбірлеспей, ақылмен арыздаспай ақын байқұс бақытқа ұшыраса ма? Ақын деген алдымен мазасыздық. Әділбектің кітабында әбігер тіршілік бар. Шимай-шимай шындық шырылдап тіл қатады. Ағындаған тұлпар, сағынбаған жар, арылмаған сор, бағыңды алған ор, қазылмаған көр, жазылмаған жыр, айтылмаған сыр – бәрі қанаттасып, бәрі қабаттасып көңіліңді бей-жай етеді. Кейде май ішкендей санаңда, жүрегіңде бір нәрсе кілкілдегендей зілденесің. Ауырлық көтергендей алқынасың. Бұ қалай?
Кітабын оқып отырып Әділбек ініммен айтысып, айқайласып отырған сәттерім де аз емес. Қараңғыдан жарық іздеу, оны табу, арықтан семіз, жалқыдан егіз, жаманнан жақсы, қарадан ақ іздеу ақынның ісі, ақын мұраты. Күдікшіл көңілден, секемшіл сенімнен сергитін күш табу мүмкін емес. Сондықтан өмірге баланың, сәбидің көзімен де қарап үйрену керек. Ұлы жырдың бәрі батырдың жеңісімен, ұлан-асыр тоймен бітеді. Осыны да ойлау керек, Әділбек. Өмірдің қараңғысынан жарық табу үшін ақындық сенің жүрегіңе қонған, шырағым. Сен мені сергек ойға, асыр тойға баста.
Ақындықтың арғымағына мінген, қолында қаруы жарқылдаған жақсы ініден, жақсы ақыннан ерлікке бастар, ізгілікке жетектер ақпейіл жырлар, жақұттай ажарлы жырлар күтуге хақымыз бар. Өйткені оның ақындық дүниесінде менің де қосқан үлесім, өз еңбегім бар екеніне шүбәм жоқ. Үлкен ақын ұлы көштің алдында атой салып жүрсе ғой, шіркін. Көштің шаңына көмілмей шырқап шық, інім. Соңымнан туған оқшау жұлдыздардың жарығы қазақтың аспанын нұрландыра берсін, жарқырата берсін демекпін, жұлдызым менің. Тұманбай ағаң», — деп аяқтапты ақын інісіне арнаған хатын.
Әуелгіде біз де Әділбекті сырттай ғана танитын едік. Үлкен өмір баспалдағын республикалық жастар басылымы «Лениншіл жас» газетінен бастағаннан кейін, ондағы журналистерге барлай қарайтынбыз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Ыбырайымұлы бас редактор Уалихан Қалижанның шақыруымен 5-ші курсты бітірмей «Лениншіл жастың» секретариатына қаңтар айында жұмысқа тұрды. Мамандардың бәрін секретариаттан өткізіп алу әдісі Сейдахмет Бердіқұловтың кезінен қалыптасқан дәстүрі еді. Жас жігіттің алғашқы мақалаларына, өлеңдеріне зер салып жүрдік. Бір жылдың ішінде журналист ретінде танылды. Ақын тұрғысында да көңілдерден жылы орын тапты. Әдебиет бөліміне тілші болып ауысты. 1993 жылы Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың, одан кейін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды. Бірақ ұйқыл-тұйқыл заман орнады да тұрақсыздық белең алып, ешкім ештеңе білмейтін күн туды. Жазу-сызу саласы – әдебиет ақсады. Бұрынғыдай баспалар жүйелі жұмыс жасамады. Кітаптар шықпай қалды.
Қаламгердің ең алғашқы жинағы 31 жасында өз қаржысына жарық көрген. Бұл шығармашыл адам үшін тым кеш сияқты. Әйткенмен сол уақтағы қоғамдық-саяси ахуалды ескерсек бәлкім кеш те емес шығар. Әдебиет тұрмақ таңғы ақыл түске ас болып жарымайтын кезге тап келген тәлейге не шара?.. Соған қарамай, қолына түскен тиын-тебенін бала-шағасының аузынан жырып, әдебиетке жұмсау – аңғалдық па, ақымақтық па? Меніңше, «дертіне» дәру іздеген қадамнан шыққан көзжұмбайлық сияқты.
«ЖОҒАЛҒАН БУЫН» ӨКІЛІ
немесе руханият қараусыз қалғанда
Дәл осы тұста үлкен өмірге араласқан жастардың дені негізгі бағытынан айырылып қалды. Соның салдарынан университетті бірге бітірген елуге тарта құрбыларының бірде-біреуі көркем шығарма жазбақ түгіл журналистика саласында аялдай алмай, күнкөрістің қамымен кетті, рыздықтарын өзге өрістен терді. Руханиятқа қызмет етуге тиіс бір буын құмға құйған судай үшті-күйлі жоғалды. Бұл да Әділбектің ілгерілеуіне бөгет болды. «Жүйрік қосағымен жүгіреді» деген сөз бар. Әрі қанаттас тілеуқорларынан тірідей айрылды. Сөйтіп «жоғалған буынның» өкілі болып қаламгерлер қауымдастығында, шығармашылық өрісте жалғыз қалып қойды. Оның үстіне өзі де көп ұзамай әдеби ортадан алыс, сырт салаға ауысты. Назарға бірден іліге қоймауына да осы «әлеуметтік салдар» үлкен кедергі келтіріп, «жалғыздың үнін шығартпады». Әрі-сәрі заманда «байтал түгіл бас қайғы» боп, әдебиетті, руханиятты ойлайтындар некен-саяқ қалған.
Жас қаламгер оған да мойымады. Насихаты мен қолдаушыларының аз болғандығынан да табандап еңбек етті. «Пір мен пырақ», «Көктемсіз жыл», «Сүмбіле шуағы» жыр жинақтарын, «Ақкекіл» хикаяттар мен әңгімелер топтамасын, «Адам-айуан», «Ұяластар» романдарын жұртшылыққа ұсынды. «Сүмбіле шуағы» өлең кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Кейіннен «Ақтамақ қарлығаштар», «Жерұйық жұмбағы», «Күнге бет алған керуен» жыр жинақтары, «Мизамкөк» хикаяттар мен әңгімелері жеке кітап болып жарық көрді. Әйткенмен көрмес, білмес, мылқау ғалам жақ ашпады. Керісінше, «бүгінгі заманның әлпетіне сай шығарма жазылған жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп, жылай берді.
Сөйтіп, әуелде әдебиетке өлеңмен келген Ыбырайымұлы бірте-бірте ауыр жанр – прозаның да жілігін шаға бастады. Осы уақытқа дейін «Зауқайыр» роман-триллерін, «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясын, «Ақылға атой» интеллектуалды романын ұсынды. Мұның бәрі нарыққа, қаражатқа тірелетін заманда бір адамға таудай жүк еді. Баяғыда қаламгерлер әр кітабына бопыр ақша алып байыса, енді жазушылар әлдекімдерге қолын жайып, көмек сұрап, ақырында өз жанынан ақша жұмсап, кітап бастыратын, кедейленетін болды. Қажыр-қайраты ғана емес, несібесі де сыртқа шашылды. Кітапты жазу бір проблема болса, оны бастырып шығару одан да күрделі мәселе-тін. Жалпы, нарық – несібемізбен қатар иманымызды да шайып жібергендей…
Ал жетпіс жыл құдайсыз қоғамда өмір сүрген қазақ елі нәтінен ажырап, ежелгі санасын жоғалтып, жаратушы нәсіп еткен тілін ұмыта бастады. Түрі ұлттық болғанмен мазмұны социалистік, дүбәра болып кетті. Орыстанды. Қайсыбірі тіпті ана тілінде сөйлеуге жерінді, әрі-беріден кейін ұялды, қорланды. Осы сезімдері арқылы құлақкесті құлға айналғанын аңғармады. Еліне, жеріне жаны ашымайтын мәңгүрт ұрпақ арамшөптей қаулап өсті. Олар – оккупанттар тойындырып, ішіндірген аға буынның жалпы адамзаттық құндылықтарды пір тұтқан, ата-баба тегінен айрылған глобалист ұл-қыздары еді. Енді билік басына солар келді. Онысыз да үстемдік езгіден ассимилияцияға ұшырап, рухы жанышталған қазақ атқа мінген иісалмастардың зардабынан зауалға бата берді. Халықты қан жылатқан отарлау саясаты Тәуелсіздігімізге 34 жыл болып қалса да әлі күнге дейін өктемдігін жүргізіп отыр. Ана тілінде сөйлейтін ұлт кадрлары басқарушылыққа барған жоқ, мемлекет құрушы ұлттың мүдделері теңдей қорғалмайды, Конституциялық нормалар өз мәртебесінде сақтала бермейтіні қалың жұртты қынжылтады. Бірақ осы шындықтың бәрі әдебиетімізде өз деңгейінде көркем дүние ретінде көрініс тапты ма? Жоқ. Ал Жазушылар Одағының мүшесі мыңның үстінде…
Қатып-семген қоғамда өмір сүріп, әр қадамы аңдулы болғанына қарамастан әдебиетіміздің алтын ғасырын жасаған аға буын келмеске кеткен кеңес дәуірімен бірге қаламгерлігін доғарған сыңайлы. Жасы жетіп, қалжыраған қайсыбіріне кешіріммен қарағанымыз да дұрыс шығар. Өліара шақта шабыстарынан жаңылып, аяқтарына жем түскен аттай кібіртіктей берді. Тәуелсіздіктің таңы атып, цензурадан біржола құтылып, еркіндікке қол жеткізген уақытта көкірегі сәулелі суреткерлеріміздің көсілетін уағы еді. Қоғамның өңезін ақтарып, қат-қат дүниені зерттеп, халықтың зар-мұңын көркем шығармаларына арқау етуі тиіс болатын. Бірқатары қаламын суытып қойып, бір қатары ата-жұртын түгендеп, өз руынан шыққан батырлар мен билер туралы адам сенбес «триллерлік» романдарды бірінен кейін бірін балалатып жатты. Сөйтсек, біз жасанды қоғамда ұлттық ауқымға көтеріле алмай, езілуші тап ретінде рулық деңгейде қалып қойған екенбіз. Еркіндік тигенде «бодан буын» қаламгерлері өресінің төмендігін көрсетіп алды. Ілгерілеудің орнына кері кетті. Осындай уақытта Әділбек кеңес дәуірінің әркім білгенін істеген соңғы сәті мен Тәуелсіз қазақ елінің алғашқы жылдарындағы ел ішіндегі ахуалды суреттейтін «Адам-айуан» романын жазды. Онда қайткенде де ақша табудың қамына кіріскен бандалық топ кісі ұрлау, адам саудасы, нашақорлық пен апиын өткізу желісін жолға қойып, ауыр қылмысқа жең сыбана кіріскені, олардың артында жұмсақ креслолардың иелері – жүнді білектердің тұрғаны шытырманды оқиғалармен әсерлі әдіптеледі. Оның соңын ала бере «Ұяластар» романы жарық көрді. Мұнда да тәуелсіз ел болып қалыптаса бастаған мемлекеттегі шынайы өмір қаз-қалпынша суреттелген. Желтоқсан оқиғасы барынша көркем әрі ауқымды түрде ашыла түскен. Әрі бұл туындылар қызыл империялық идеологияға байланған бұрынғы әдебиеттен батылдығымен, еркін ойымен және реалистігімен ерекшеленді. Ал осыдан үш жыл бұрын қазақтың соңғы ханы Кенесары туралы «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясының өмірге келуі үлкен рухани жаңалық болды. Алайда кітаппен көзін ашып, құнды шығармалармен бой түзеген алғы лек кетіп қалған еді. Оның үстіне жойқын зұлмат – жаһандану дәуірі мықтап орнығып, құты қашқан құндылықтарды одан сайын санадан өшіріп, бірыңғайлыққа қарай икемдей берді. Кітап оқымайтын, кибертехнологияның тұзағына түскен – гаджеттің жетегіндегі бүгінгі жұрт ғажайып дүниенің бағасына жете алмайтыны өкінішті. Өйткені олар бір парақтан артық қағаз оқуға жігері жетпейтін, екі минуттан артық роликті көруге шыдамы жетпейтін кеңкелес кейіпке ауысып барады.
Қоғамдық құрылым мен идеологиялық ұстанымның өзгеруіне сай әдеби процестегі бағзы сүрлеудің жіңішкерген тұсындағы «жоғалған буынның» парызы мен қарызын арқалаған қаламгер жауапкершілікті бір сәт ұмытқан жоқ. Тасқа басылған тәуелсіз рухтағы дүниелері арқылы тоталитарлық тауқымет бітеп тастаған ұлтының рухани-мәдени жанарын ашуға аянбай атсалысты. Қызыл империя әлемі бір кездері сұрқия идеологиясымен мүлдем мәңгүрттікке жеткізген санаға бостандық саңылауын түсіріп, прозалық еркін ойдың бастауына жетелеген Әділбек Ыбырайымұлы жақында ғана «Ақылға атой» романын оқырманына ұсынды.
«Ақылға атой» – жаңа өлшем мен стильдегі роман. Шығарма бүгінгі күнгі тыныс-тіршілікті, заманауи Қазақстан ғана емес, тұтастай жер-жаһанның кескінін суреттейді. Оқиғасы шиырлы әрі қазіргі заманғы кейіпкерлердің бейнесі сомдалған.
Биолог ғалым қазақ жігіті Сәметтің ғылымға деген ынтызарлығы мен еңбегі әдемі өрбиді. Көкше көлдерінің жұмбағы мен Оқжетпес шыңының түбіндегі қайнар құпиясы оқырманды елең еткізеді. Сутегі бомбасын жасауға қолданылған дейтерий суының қазақ топырағында бары бұл күнге дейін беймәлім болып келген. Осы құпияны телескоппен барлаған әрі ұштығын Америкада жатып ұстаған шетелдік инвесторлардың «Астанаға Ертістен ауыз су әкелеміз» деген жақауратқан қам-қарекеті нанымды бейнеленген.
Бұған параллель өрбитін NASA-ның ғарыштық жобалары мен Марс аумағынан ашылған «Астрономиялық Байланыс Айлағындағы Йель» (АБАЙ) кеңістігі адамзат өркениетіндегі ғажайып жаңалық еді. Галактикадағы АБАЙ-ды тапқан америкалық астронавт Қазақстанға келіп, кездейсоқ ғұлама Абайдың философиялық ойларын оқығанда хакімнің жандүниесіне ерекше құлқы ауады.
«Йельдің» («Yale») мағынасы «координат» деген ұғымды береді екен. Романда қоғамның атрибутына айналған дін мəселесі де көркем түрде жазылған. Иса (ғ.с.) бейнесі ашық, Мұхаммед (с.ғ.с.) бейнесі жасырын беріледі. Бұл да жазушының өзіндік ізденісі болса керек.
Әлемдік оқиғаға айналған Украина соғысы да шынайы әрі көркем көрініс тапқан. Еуропа құрылығындағы майдан үшінші дүниежүзілік соғыс емес, ғаламдық жұлдызды соғысқа айналып бара жатқанын адамзат әлі біле қоймайды. Сонымен қатар, туындыда ұрпақты ұлт тарихына, құндылықтарына үлкен мəн беруге үндейді.
«Ақылға атой» романы – парасат майданының парқын танытып, әдебиетті кісілік күмбезінің киесі деңгейіне апарған туынды. Адамзат ақыл-ойына ар-ұждансыз әрекеттер шабуыл жасап жатқанын көріп, қынжыласыз. Бұл ғылыми-интеллектуалдық аспектілерді көркем дүниеге ұштастырған тың тұжырымдағы шығарма қиялға да орнымен ерік беріп, фантастикаға да ұштасып отырады. Ұлттың жан дүниесінің сыр-сипаты бас кейіпкер Сәметтің, Бенджамин Роджерстің қолында жүргендей көрінгенімен, соңында жазушы қаламының ұшында тұрғанын аңғарасыз.
Романның оқиғасы қызық, әр грамының бағасы екі жүз мың АҚШ долларына тең сирек металл осмийге таласқан ғарыштық держава өкілдері Қазақстанда тоқайласады. Бұл руданы әлемде қазақ елі ғана өндіріп, сатылымға шығаратын. Оған жергілікті коррупциялық күштер араласады. Романшының тілі шұрайлы. Тосын байлам, шешімімен оқырманға түрлі ой салады.
Кезінде Әділбек Ыбырайымұлының шығармашылығына қатысты алаш абызы Әбіш Кекілбаев төмендегідей пікір білдірген: «Өмірімізге тоғышарлық пиғыл елеусіз дендеп бара жатқан бұл уақытта Әділбектің қолтаңбасынан ұлттық тектілікке үндейтін сарынды молырақ аулаймыз. Жалпы, қазір рухани жалқаулыққа ұрынған тұтастай ұрпақтың әдебиетке деген салқындық ахуалын серпілтуге өзіндік үлесін қосып жүрген бұл азаматтың ең бірінші қасиеті – ұлттық таным-түйсігінің молдығы, екінші, еңбекқорлық ерекшелігімен үндесетін болмысы арқылы көзге түсіп келеді. Профессионалдық қалыптасу жағы ақынның өмірлік тақырыпты таңдаудағы жауапкершілігінен танылады.
Әділбек Ыбырайымұлы кейінгі толқынның арасынан қазақ өлеңінің әлеуметтік ес-жадысын жаңғыртуға қабілетті жігіт. Әсіресе, өмірді көре біліп, құбылыстарды көкірегіне қондырып барып қорытынды жасай алатын ойшылдығы байқалады. Творчество иесінің еңбегін бағалағанда ата-бабалық салтпен еркін суарылған әлеуметтік жадысының тереңдігін бірінші кезекте ескеру қажет. Өйткені ол ұлттық арна, ұлттық бояу-құнар. Тап осынау талап бойынша қарағанда Әділбек Ыбырайымұлы өз қатарының арасынан оқ бойы озық тұр» дейді. Сол кезде-ақ ғұлама Әбіш өмірлік тақырыпты таңдаудағы жауапкершілігін, ұлттық бояуға қанық ес-жадысын, қорытынды жасаудағы ойшылдығын аңдаған екен.
Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік «Әділбектің тілді сергек сезінетіні, әдебиет мүддесін қалтқысыз аңғаратыны, бәрінен де бұрын жазу өнеріне деген ілтипат, құштарлығы зор. Ойды еркін жеткізіп, еркін тебіренетін ұшқырлығы, әріден қозғайтындығы үміттендіреді. Сондай-ақ, «балуанға оңы да, солы да бір» дегендей, оның өлеңге де, қара сөзге де тосырқамайтындығы, өзгелерден ерекшелігін айғақтайды» десе, қазақтың мықты ақыны Есенғали Раушанов: «Өлең мен қара сөздің тізгінін тең ұстаған ол өзінің қабілеттілігін қай жанрда болсын анық байқатып келеді. Бірақ осы уақытқа дейін тиіп-қашып болмаса, барынша бой көрсетпеуі, ауызға алынбауы оның дүниеге салқынқандылықпен қарауынан шығар, әдеби ортадан үнемі сырт жүргендігінен де болар» деп түйіндейді.
Иә, әдебиетіміздің тамыршылары, сөз өнерінің сүлейлері дарынды жазушының қарым-қабілетін дер кезінде аңғарып, үлкен жанашырлықпен адал бағасын берген екен. Шынында да сорғалап төгілген маңдай тердің уақытында бағаланып, талғамы биік оқырман үдесінен шыққаны абзал-ақ.
БЕЛ ЖАЗБАҒАН БЕЙНЕТКЕР
немесе қағажу қағидасы
Ұзақ уақыт әдебиеттің ауылынан алыс, өзге салада жүрсе де Әділбек Ыбырайымұлы руханиятымызға толассыз тер төгіп келеді. Оның осы қажыр-қайраты мен табандылығы кім-кімді де сүйіндіретіні ақиқат. Бірақ соны мойындауға дәтіміз жетпейді. Ол аздай, біздің қаламгерлер төңірегінде қалыптасқан бір жайсыз іс, астыртын «элиталық пул» жасап алып соларды дәріптеуге, насихаттауға жабыла жұмылады. Әлгі санатқа енгендерді ғана министрлікке, Үкіметке, Президент Әкімшілігіне ұсынып отырады.
Әлбетте, өздері керексіз деп тапқан адамдарын санға да, санатқа да қосқысы келмейді. Өйткені бәсекелеске айналып, кедергі тудырады деп сақтық ойлайды. Өзіндік ерекшелігі мен қолтаңбасы бар қаламгер әдебиет ардасымыз деп жүргендердің көпшілігіне бірден ұнай қоймайды. Бар кінәсі сол – жақсы жазғандығы. Іші тарлардың алдында бәріміз кінәліміз. Жақсы жазған сайын доспен бірге жау да көбейе береді. Сондықтан ондай таланттар туралы тіс жармай, мейлінше жылы жауып қоюға ұмтылады. Осылай дымын құртып, өзін-өзі мүжіп жеуге тастайды.
Бұдан Әділбек басқаша сабақ алып, жасанды адамдардың арасынан алшақ, жалғыз жортқан көкжалдай өз жолын өзі салып, талантсыздарға үрей тудырып келеді. Осыдан біраз жыл бұрын әлемнің жетекші алты тіліне аударылған жүз қаламгердің арасында да оның аты-жөні жоқ. Бірақ сол туындылардың ішінде әлемді айтпақ түгілі, қазақ оқырмандарын да тәнті ете алмаған халтуралар пәленбай елдің тіліне аударылып кетті. Соның салдарынан бүгінгі ұлттық әдебиетімізді халықаралық деңгейде әлсіз көрсетіп, бәрімізді жерге кіргізгендей ұятқа қалдырғанын осы істің басы-қасында жүргендер біледі. Оған аударма сапасының да ықпал еткені аян.
Алайда, істің басында отырғандар қасақана назардан тыс қойса да Ыбырайымұлы тәуелсіздік жылдардағы төл әдебиетімізге өзгелерден көбірек еңбек сіңіруде. Ол еңбекқор, еңбекқордан бұрын бейнетқор десе орынды. Қазіргі руханияттағы тынымсыз қажыр иесін кімдердің ортаға тартпай жүргенін бәріміз топшылайтын сияқтымыз.
Көпшілікті былай қойып, әдебиетті зерттеуші ғалымдар да іріктелгендердің ішінен ғана суыртпақтата оқитын сыңайлы. Жалпы тәуелсіздік дәуірінің әдеби-көркем бағыты мен қарымды қаламгерден шыққан туындылар қазір ешкімді қызықтырмайтындай. Уағында ұлы жазушы Л. Толстой да: «Қазір сыншылар туралы ойға кетіп отырмын. Сынның шаруасы – қаламгерлердің өмірге әкелген туындыларын түсіндіру, ең бастысы – біз жазған түкке алғысыз дүниелердің ішінен – ең үздігін бөліп көрсету. Және де олар осының орнына не тындырып жүр өзі? Өздерінің өздері жандарын қинап, көбіне нашар, бірақ та жұртқа танымал жазушылардың жылт еткен ойын алтынмен зерлеудің соңына індете түседі... Бұл – енді сын деп аталады.» (см.: Лев Толстой об искусстве и литературе. – М.: СП, 1958, т.2. – С. 521), – деп қынжылыпты.
Осындай әрекеттің салдарынан қоғам алдында ат төбеліндей топтың шығармашыл ақын, жазушы ретінде бейнесі қалыптаса бастайды. Елдің бетке ұстар зиялылары болып іріктеледі. Депутаттар да, мемлекеттік марапаттанушылар да, стипендиаттар да, мүшәйрашылар да, қаржысы қомақты конкурстардың жеңімпаздары да, қазылары да солардың арасынан шығады. Бұдан соң наразылықтан кикілжің өрбіп, Жазушылар одағының іші жанжалға батып жатады. Әлгіндей келеңсіздікті көргеннен кейін «неге біздің әдебиетіміз өркениетті елдерден үлгі алып, алға ұмтылмайды?» деген ойға қаласың.
Кеңес дәуірінде лайықты қаламақы қаламгерлерді құлшындырса, қазір әдебиетке деген жанкештілік пен ұлтына деген сүйіспеншілік қана жігер береді. Әйтпесе, өмір бақи ақысыз қалам тербеу басқа жұрттың қолынан келмес еді. Соның айқын бір дәлелі – Әділбектің өнімді еңбегі. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, түптің-түбінде өзіне лайық бағасын алатынына сөз жоқ. Әдебиеттің төңірегінде жүрген бүгінгі тоғышар топ көз жұма қарағанмен, ертең руханиятты түгендеуге келетін демократшыл, трайбалистік дерттен аулақ, елдік ұғымдағы ұрпақ оның дүниелерін тереңнен аршып алады. Осындайда еріксіз ақиық ақын Мұқағали еске түседі. Ол кісінің құдайсыз қоғам болғанмен, имандылығы басым кезеңде өмір сүргеніне қуанасың. Сол талантымен қазіргі ортаға түссе әлдеқашан жынданып кетер ме еді, тағдыры бұрынғыдан да қасіретке толы болар ма еді деп ойлайсыз.
Бүгінгі таңдағы тағы бір үрейлі нәрсе, оқырмандардан жазармандардың қатары артып барады. Өйткені, қазіргі үрдісті көз алдынан көшіріп отырған жастар шығарманы әлдекімге хат жазғанмен бірдей санайды. Себебі, олар әдеби мектеп дәстүрін көрмеген, көркем ойлау мен көркем жазудың жауапкершілігі мен ауыртпалығын сезінбейді. Оның үстіне оқығандары өзі сияқты айналасы мен қаптаған коммерциялық негіздегі арзанқол туындылар. Әрі, жанындағы жолдасының оп-оңай «жазушы атанғанына», Одаққа мүше болғанына куә. Одан бұның қай жері кем? Содан кейін олақтың сылақ жаққанындай көркем сөздің мүсінін ойдақ-сойдақ, ойпыл-тойпыл сөзімен бүлдіреді.
Екіншіден, жазуға ниеттенген талаптанушыларды іріктеп, тектеп отырған және ешкім жоқ. Бұрын жас жазушылар редакцияға барса да, баспаға барса да кәнігі қаламгерлермен ұшырасатын. Тырнақалдысын соларға оқытып, солардың пікірін естіп, әуелгі арынын басып, іздену деген нәрсеге мойын бұратын. Әділбектер осындай мектептен өтті, үлкен қаламгерлердің алдын көрді. Қазір ондай жосық та, жүйе де жоқ. Баспалардағы редакторлардың орнын кітап жазбайтын корректорлар басты. Олар жас жазушыға ешқандай кеңес бере алмайды, тіпті сөйлеспейді де. Сондықтан, ешкімнен ескерту мен есті сөз естімеген «туабітті таланаттардың» «осы бағытым дұрыс екен» деген ойдың сүресіне малданып, шатпырақтап жүргендері қаншама…
Өлең деген дүние мүлде тылсым әлем, сол тылсымдықты түйсінбей ұйқасқа салып шатпақтар құрайтындар, ақ өлеңшілерміз деп мантырайтындар жетіп артылады. Бірер кітабын шығарып, аяғын басарға жер таппай қалған жастарды көріп жағаңды ұстайсың. Шетінен «классик». Қарапайым ғана нәрсе – сынықтық, сыпайылық байқалмайды. Бәрі Толстой мен Тургенев болып алған. Қазір жазарман көп, шығарма да мол, алайда татымдысы аз.
Азаматқа ең керекті имандылық пен ізеттілік әдебиетке де ауадай қажет. Көркем шығармада кісілікке қатысты құндылықтарға басымдық берілмесе қаражүректік пен қанішерлікті ерлікке балаған туындының қажеті қанша? Кейде өте сауатты жазылғанымен өзегіңді иітер «жаны жоқ» дүниелерді ұшыратасың. Ондай әдебигершілік, литературщина көсегені көгертпейтіні аян.
МЫҢЖЫЛДЫҚТАР АРАСЫНДАҒЫ ЖАҢҒЫРЫҚ
немесе жазушының олжасы
Бір қуанарлығы, Әділбек ұдайы өсу үстіндегі қаламгер. Әуелгіде прозасынан кібіртіктеу аңғарылған, кейін оны түзеп алды. Мәтінмен көп жұмыс жасайды әрі үзбей оқиды. Осы мақаланы жазу барысында сан мәрте жолығыстық. Бірақ ол ішкі жоспарымнан бейхабар еді. Әдебиет пен шығармашылық жайында біраз жайды қозғадық. Кейіпкерімнің жан сарайына үңіле түсу мақсатында «өмір деген не?» — деп сұрағанмын.
– Жаратушы тарапынан берілген пенденің кісілігін сынайтын уақыт кеңістігі, – деді ол. Ұлт туралы ойлары тіптен қызық көрінді. – Ұлт дегеніміз әйел, – деп жалғады уәжін. — Ол – тіршілік, болмыс, өркениет өрбитін ұжданның ұясы. Ал осы алтын құрсақтан талай халық перзенттері, ұлт көсемдері өмірге келді. Сондықтан, ұлт тағдыры әйелдің қолында. Кеңес өкiметi орнағанда «әйел теңдiгi» деп зарлады. Сондағы саясаттың құлқы – тездетiп жаулықтылардың бетiн ашып (бетінің қытығын қашырып, тілін шығару деген мағынада), қолтығына су бүркiп, ибасы мен иманын бұзу еді. Мұны Бейімбет Майлиннің «Раушан коммунисінен» көруге болады. Ондағы айтылғандарды кері мағынада қабылдау керек. Атасының көзін бақырайтып қойып жұрттың алдына шығады, жиынның төрін бермейді, мінберден сөйлейді, күйеуінен ажырасады, партияға өтеді, жесір әйел қалпында кіл саусылдаған еркектердің арасында жүреді. Осындай «жаңашылдығымен» жат әрекеттерді ұлтқа теліді. Тіпті, көркем дүниедегі әйелдің алғаш ерінен ажырасуы осы шығар. Ұрғашы дiннен шықса қоғамның өзiнен өзi қожырайтынын қызыл сұңқарлар екшей білген. Қазiр Қазақстан тәуелсiздiк алған тұста «ана тiлiміздің теңдiгiн» iздеп отырмыз. Осының өзi бiр кезде еркекпен тең боламын деп орысша оқып, билікке ұмтылып, ұрпақ тәрбиесінде ұлттық ұстанымдарды мансұқ еткен көкбет келiншектiң құрсағынан өрбіген көкжалқақ ұлдардың шалағайлығы. Сол кезде әйел ибадан безбесе қағанағын жарып түскен ұрпақ тiлден кетпейтiн едi. Өзбектің әйелдеріне де осы амалды қолданып көрді, әйткенмен олар ибадан аттамады. Қатын бұзылғанда қадыр-қасиет құритынын білді. Ақ патшалық империяның езгісінде жүрсе де ана тілін ұмытқан шешен, ингуш, грузин, әзірбайжан көрдік пе? Тіпті, отаны жоқ, әлемге тарыдай шашылған сыған, ұйғыр, курд халықтары да ана тілін ұмытқан жоқ. Бiр әйелдiң қулығы қырық есекке жүк болса бiр әйелдiң қырсығы қырық жылға да жүк. Құдай жаратқанда жылқыдан жылқы, түйеден түйе туады. Тек қазақ әйелдері ғана түрі ұлттық, мазмұны социалистік «ұрпақты» өмірге әкелді. Біртекті этнос қалыптасуы үшін әйел санасы ұлттық жадқа қайта оралуы тиіс. Сонда ғана көкжалқақ ұрпақ емес, көкжал ұландар шығып, жаһандану амалдарына қарсы тұра аламыз. Ұлт – тегің мен мақсат-мүддеңді танытатын өлшем ғана емес, салт-сана мен ата-баба ұлағатының ошағы болып қалуы керек.
– Ащылау естілсе де ақиқатқа жақын мәселе екен, жаңа Бейімбетті айтып қалдың, кімдерді жазушы дейміз?
– Бақилық үнге айналған адам ғана жазушы.
– Бақилық үн… Мәселенки?..
– Жазушы – ұлт мүддесінің жоқтаушысы. Ол үнемі ой үстінде жүреді де әлдебір эпизодтардан көркем шешім жасауға, сол арқылы халқының мұң-зарын айтуға жанталасады. Елінің пайдасына өлмес парасатты уәж айта алса ғана ұлт санасында жазушылық ғұмырын жалғастырмақ.
– Ақынға қандай сипаттама беруге болады?
– Ақын – ақыл мен шалықтың арасындағы найзағай.
– Жаратушыны қалай ұғынасың?
– Ол менің жалғандағы жалғыз қамқоршым. Бір Алланың жар болуымен ғана келе жатырмын. Шүкір, бәріне қанағат.
– Азаматқа ең керекті имандылық пен ізеттілік әдебиетке де ауадай қажет деп қалдың, иман деген не өзі? Орыстар мораль деп жүр…
– Иманын қасым еткендер қаншама. Бірақ пенде атаулы иманнан айырылғысы келмейді. Сондықтан мүрдені ақтық сапарға шығарарда соңындағы тірілердің барлығы «иманды болсын», «иманы жолдас болсын» деген ниет білдіреді. Алайда бұл пәниде имансыздыққа барғандардың со заматта иманы ұшып кетпеді ме?.. Иманның негізгі атауы мейірім, шапағат, кісілік. Ол – жүректегі нұр. Әркімнің кеудесіндегі осы болымсыз ақ сәуле сөнбесе екен деп тілеймін. Өйткені иман өліден гөрі тіріге көбірек керек.
– Жазушы бақыты деген не?
– Көкейіндегі дүниесін келісті етіп жазып, оқырманға ұсына алуы және жұртшылық тарапынан бағалануы.
– Өмірде қанағатшылсың ба?
- Күйкі тірлікте барға қанағат жасаймыз. Бірақ шығармашылық жолда тоқмейілсу дұрыс емес деп ойлаймын.
Әділбектің жауаптарына ойланып қалдым. Қарапайымдылық қаламгерлерге қажет дүние. Осы уақытқа дейін он бес-он алты кітап жазса да кеудесін көтеріп, кісімсігенін байқамадық. Үнемі кішіпейіл, ізетті мінезінен айнымай келеді. Әдебиеттегі өз жолын тыңнан омбылай салып, шығармашылыққа адал қалпын сақтай алған. Сонысына орай, туындылары мықты. Егер бірыңғай әдебиеттің соңына түскенінде бұдан да мол дүние беретініне шүбә жоқ.
Осы ретте айтулы ақынымыз Фариза Оңғарсынованың: «Жалпы, шығармашылығын сырттай бақылап, өзім оқып келе жатқан соңғы лектің ішіндегі Әділбектің аяқ алысы өзгешелеу. Зейін салып, ден қойсаң, жазғаны қатпар-қатпар қыртыстардан тұратын күрделі ақын. Дүниетанымы, көркемдік-эстетикалық концепциясы, образды ойлау жүйесі, логикалық құрылысы өлеңмен сұхбаты аз, өнермен таныстығы үстірт кез келген адамға бірден ұғыла қоюы қиындау соғуы да ықтимал» деген байламы жадыма оралды. Сондай-ақ, белгілі жазушы Шәрбану Құмарова да: «Автор осының бәрін өмірден ойып алған. Кейде бұлыңғыр, кейде бұлттың арасынан жылт етіп көрінген күн көзіндей оқиғалар керуені осылайша тізіле береді. Талантты жазушы Әділбек шындыққа оқушысын мойындатып, ешкімді бейтарап қалдырмауға тырысады» деген тұжырым жасапты.
Әділбек ұзақ жылдар бойы уақытың мен жігеріңді жеп қоятын мемлекеттік қызметтің атқарушы буынында жүрді. Бас көтертпес қағазбастылықтың қара жұмысына жегілді. Күнде сағат 21-22-ге дейін жұмыста болса таңертең 8.40-та тағы да жұмыс кабинетінде отыратын. Сенбі де міндетті жұмыс күніне айналып кеткен. Осындай қарқынмен жүріп, жазуына мардымсыз ғана уақыт қалатын. Жан аямай түнгі бір-екіге дейін тағы үстелінің басында отырды. Мұндай тегеуірінді болу үшін таудай қажыр мен табандылық қажет.
Тәуелсіздікпен қатар қанат жайған оның әдебиеттегі жолы даңғыл болмады, бірақ қазір лайықты туындылары бар бүгінгі заманның өз жазушысы. Жеңдібілектер қасақана көзіне ілмесе де жасып, беті қайтқан емес.
Әділбектің өзіндік олжасы – үлкен әдебиетке жиырмасыншы ғасырдың, тіпті екінші мыңжылдықтың соңында келуі. Бұл бір тұтас дәуірдің ауысуымен тұспа-тұс ұшқасқан ескі қоғамның күйреп, жаңа қоғамдық құрылымның қалыптасып жатқан кезі еді. Түсініксіз аласапыран уақыттағы саяси-әлеуметтік мәселелермен қатар кісілік парасат пен мінез-құлықтың да өзгеріске түскен уағы десек жаңсақтық болмас. Нарықтық қатынас орнап, әркім өзін-өзі қаржыландыруға ден қойып, меншіктік сана ояна бастаған. Ескі жүйедегі көзқараспен өмір сүріп үйреніп қалған қоғам жаңа заманның талап-нормаларына көндіге алмай, болмыстың боқырауға ұшыраған сәті. Осы тарихи құнды көріністер мен дүниелер Әділбектің шығармасында молынан кездеседі. Оны поэзиясынан да, прозасынан да анық көресіз, оңай табасыз. Ертең әлеуметтік жүйені зерттейтін ғалымдар Ыбырайымұлының шығармасына бажайлай үңілсе өтпелі кезеңдегі өліара шақтың кеспірін тап басып танитын болады. Социализм орнай бастаған тұстағы оқиға мен көріністерді суреттеген Бейімбет Майлиннің шығармалары қандай өзектілікке ұласса, нарықтық дәуірге қадам басқан кезеңді барынша сипаттаған Әділбектің шығармасы да кісіліктің қалай деформацияға түскенін көруге мүмкіндік береді.
Екеуміз де жер жәннәті Жетісудың түлегі екенімізді кейін білдік. Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылында туған қаламгер інімнің құнарлы топырақтан өнгені қарымынан байқалады. Болашақта «Жиырмасыншы ғасырдағы ұлы кітаптар тізімі», «Жиырма бірінші ғасырдағы ұлы кітаптар тізімі» деген өлшеммен төл туындыларымызды жүзжылдықтар бойынша сараласақ, осы екеуінде де Әділбектің аты аталатынына күмәніміз жоқ.
ТҮЙІН
немесе эссеміздің эпилогы
«Қолда өскен жүйріктің тай аты қалмайды, қолда өскен жігіттің бала аты қалмайды» дегендей, Әділбек бізге әлі жас сияқты болып көрінетін. Сөйтсек, осынша өндіріп жазған қаламгердің уақытпен тайталасып келе жатқанын енді аңғарып жатырмыз. Ол да алпыстың асқарына иек артыпты.
«Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясына алғысөз жазған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғара ағамыз: «Жақсылыққа қуануды ұмытқан сәтте ардың ісі әдебиет те бұзылады. «Семсер жүзіндегі серттің» соңғы бетін жапқанда бұрынғыдай саясаттың қолбаласы болмаған қазақ романының жаңаша бітімін көріп, бойымды қуаныш сезімі кернеп, төңірегіме марқая қарадым. Кенесары мұрат тұтқан тәуелсіздік рухымен оянған буын келе жатыр. Үш жүз жыл ұрпақты ділінен ажыратып, ұлттық құндылықтарынан тұттай жасаса да бұл – ес пен сестің қанша ғасыр өткеніне қарамай бабадан балаға ауатынының көрінісі. Тілінен айырылған тобыр мен отаршылар отықтырып тойындырған обырлар қанша бұлқынғанымен ұлттық ділдегі бүтін бұқара оларды бауырына басып, байырғы болмысына сіңдіріп әкетеді…» деген керемет сөз айтқан екен.
Осы Тәуелсіздік жылдарында ұлт мұратын баянды ету тұрғысынан Әділбек- қаламгер еліне адал еңбек сіңіріп келеді. Кемеліне келген қарымды қаламгердің тегеуірінді туындылары оқырманға әлі де жол тартатынына сеніміміз мол. Тек сәттілік серік болса екен деп тілейміз.
Астана қаласы
Жанат ЕЛШІБЕК,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.