Қуаныш ЖИЕНБАЙ.  У мен УЫЛДЫРЫҚ (повесть)

Ертеңгі шайына енді ерін тигізе берген Есберген терезе тұсынан жүгіріп өткен әлдекімнің оғаш қимылын байқаса да, пәлендей мән берген жоқ. Ойпыр-ай, ойындағысын ілезде оқып қоятын осы жұрттың не пәлесі бар-ей, а?! Айтып ауыз жапқанша, «бұл да бір орайы келген олжа болды-ау!» деп қиян шеттегі ауылға көшіп келгеніне кәдімгідей көңілі толып, ошақ аузындағы дөңгелек үстөлге жайлап жайғаса берген. Сексеуілдің шоғы бет шарпиды, пеш үстіндегі қалайы шәйнектің пұшық танауынан әлсін-әлі бу атқылайды. Сүтке бөктірілген қолдан түйілген тарының хош иісі танау қытықтайды. Таза табиғи өнім. Есбергеннің мұнда келгелі ішкен асының бәрі табиғи. Дастарқанда не жоқ дерсіз; өзінің майына қуырылған сазанның алақандай төстігі, құрт-ірімшікті тіске басқан сәтте ары қарай үгітіле жөнеледі. Және тәбет шақыратын да бір құдіреті бар. Себебі, ию-қию қаладағыдай қолдан-қолға өтетін тағамға бірнәрсе қосып жібермеді ме деп қауіптенбейсің. Бидай ұнынан иленген жаппа нанның дәмі де тіл үйіреді. Жалғыз басты еркекке молынан жететін талғажу.
Жә, жаман ішкен-жегенін айтады. Болар-болмас қабағын шытты. Ең басты табысы тіл ұшын түртіп тұр… Үлкен қызметтің құлағын ұстаған адамның қыл үстінде жүргендей мазасыз күй кешетін әдеті. Ертеңді-кеш бір есіктен кіріп, бір есіктен шықсаң да тұсыңнан өтіп бара жатып, бас изесіп күліп амандасқандай рай танытқанымен (бұл сүйекке сіңген дағдыны қойсаңшы) сен бәрібір әлдекімдердің жүздеріне сезіктене қарайсың. Осы тегін жымиыс па, әлде «жасы жер ортасынан ауса да жұмсақ креслодан өлмей айырылғысы жоқ, тыртыңбай тірлік кешкен мына «шалды» ұрғаным!» Әлгі жасанды күлкінің артына жасырынған дөң-айбат мысық табандап келіп, құлақ түбінен қоңыраулайтындай. Әп-сәтте бойыңды тіктеп, жүріс-тұрысыңды жөндеп үлгересің. Қоғамға бір адамдай еңбегім сіңді ғой, сыртымнан бақылайтындай кімге кесірім тиді, жұмыстан он-он бес минут кешіксем де кешіріммен қарар дейтін есекдәмені дереу естен шығарасың да, екі кесе шайды шала-пұла ұрттап, тысқа жүгіресің. Біреу жауырыныңа кездік қадап, алдына салып айдап бара жатқандай. Көзге көрінбейтін спектакль. Басты рөлде – өзің. Әрі бұл рөлді немкетті қоспа-қойыртпақсыз шын ниетіңмен шынайы орындап шығасың. Өмір бойы. Ал шымылдықтың қашан түсірілетіні белгісіз. Бәлкім, ит-ыржыңмен құрметті демалысқа шыққан күні, не денең ақ кебінге оранып, қап-қара көрге түскен сәтте… Түбің түскір, соңғысының қайдан ойға сап ете қалғандығына таңы бар. Болар-болмас бойы тітіркенгендей, жон арқасы шымырлады.
Есбергеннің қазіргі жағдайы ханға сәлем бергендей. Еті үйренген ғадетті мұнда келген соң да тастай алмады. Жалғыз басыма не жетпейді демейді, төсегінен ерте тұрған бойда аяқ-қолын созып, бел-омыртқасын күтірлетіп, арлы-берлі қозғалып, үйреншікті жаттығуларын жасайды. Суық сумен жуынады. Иіссуын бұрқыратып, асықпай қырынады. Таза жейде киеді. Сыз қабырғаға ілінген сынық айнаға әлденеше үңіліп, иегін көтеріп, көзінің астындағы екі-үш сызық әжімді бармағымен басып «массаж» жасайды. Сосын барып үстөлге жақындайды. Жақындағанда да түк көрмегендей, бірден жылы-жұмсаққа құныға кіріспейді. Алдымен түймедей дәріні жылы сумен ары жөнелтеді. Тура каминнің алдында отырғандай. Мұнысын кешегі тірлігімен мүлде салыстыруға келмейді. Жайбарақат. Еркіндіктің тәтті дәмі таңдайда. Бар билік өзінде. Теңізге шыққысы келсе шығады, шыққысы келмесе екі аяқты көсіле салып, жылы төсекке жантая кетеді. Ешкімнен именбейді. Тыныштық. Екі бөлмелі қақыра тамның көзге түсерлік бар жиһазы: тақтайдан соғылған атамзаманғы ескі сандық, киім-кешек ілетін қоңыр шкаф, аяқ-табаққа арналған аласа қобдиша. Түнде ай сәулесі түспесін деп, терезе жапқышты өзі жаңалады. Моторлы қайықтың екі ескегі, анау-мынау ау-құрал кіреберіс дәліздің оң жағына жиналған. Ауданнан арнайы жарлық түсті ме, әлде Есбергеннің елге сіңірген еңбегі ескерілді ме, осындағы ауылнай көшіп келген күннің ертеңінде қасына үш-төрт жұмысшы ертіп, алақ-жұлақ жетіп келді. Қақыра тамды сүріп тастап, жаңасын тұрғызып беретіннен әрі. Көздері жыпылықтап, құдды Есбергеннің алдында өтелмеген қарызы бардай, ауылнайдың екі беті қызарақтап, әлденелерді міңгірлейді. Бөлімшенің жаман-жәутік жатаған үйіне байланып қалған не бар, орталықтағы стандартты пәтердің кез-келгені дайын тұр. Отын-суы ішінде. Жылап-сықтап, экологияның ауырлық нүктесіндегі ағайындарды өлтіремісіңдер деп, жоғары жаққа мың мәрте арыздана жүріп, әйтеуір, үйме-үй газ кіргізіп алған. Газ үшін төлеген тиын-тебенің адал. От тұтатсаң гүр ете қалады. Рақат. Орталықтан жеті-сегіз шақырым қашық қоныстанған Көнебөген қыстағы ол игіліктің шапағатын көре алмады. Ділел-дәйек қолмен ұстатқандай, он-он бес шаңыраққа бола тұрба тарту күллі шығын. Өңшең өлмелі шал-кемпір газ жағамын деп өртеніп кетсе, кім жауапты. Аманшылық керек айналайын!
Ал қызық болғанда мына қырсыққа қарасаңшы; арғысы – облыс, бергісі – аудан көлеміндегі есті азаматтарға есімі мәшһүр Ес-ағаң, Есберген Жұмасұлтанов тірі адаммен ақылдаспастан бір күннің ішінде буынып-түйініп, Көнебөгенге көшіп келіп отыр. Айтатын уәжі де кісі күлерлік, ата-бабамның исі сіңген ақ ордам ғой деп, есік-терезесін құм басқан қақыра тамның атағын аспандатады кеп. Шынттап келгенде, ата-бабасының исі түгіл, сүйегінің қайда жатқандығын таба алмас. Жә, ол тақырыпқа тереңдеп қайтеді, бүгінгі мәселе – Ес-ағаңды жайлы орынға жақсылап қоныстандыру. Бұл келістің мән-жайын кім білген. Бір ай, не бір жыл… Оның анық-қанығын өзінен сұрауға батылы жететін жүрек жұтқан қайда?! Ана жолы бір төтенше тапсырмамен ауылнайдың да үлкен қаладағы Есбергеннің үш қабатты коттеджіне асығыстау бас сұққаны бар. Коттедж деп әне, соны айтыңыз! Кісі бойы әйнектелген терезелері күнмен шағылысады. Аула бұл көрмеген қылқанды жапырақты жасыл ағаштарға толы. Текшелеп өсірген гүл көшеттері де көз жауын алады. Қоршау бетоннан құйылған. Екі бұрыштан бұқадай екі алабай төбет езуінен көбік шашып арсылдағанда қайда тығыларыңды білмейсің. Шынжырлағаны дәтке қуат.
Ауылнай елдегі қадірменді қарияның сәлем-сауқатын жеткізген. Биік сәкіден талтаңдап түсіп келе жатқан жібек халаттың иесі сәлеміне ауыз ұшын ғана жыбырлатты. Бұл соған риза еді. Қол ұсынуды артық санады. Бет-жүзіне дұрыстап назар салмағандығын біледі. Осы тұрғанда таныса, шырамытса «мен сені сірә, бір жерден көрдім ғой» десе де, ауылнайдың төбесі аспан тіремес пе?! Оны естімейтіндер қасындағылар саңырау ма: «Бәли, біздің көкеміз де осал емес-ей, Ес-ағаңмен әмпей-жәмпей амандасты-ей!» Бұдан артық награданың қажеті не? Жетер. Шектен тыс шалқақтағанда не қиратпақ? Қалай дегенде де Есбергеннің Есберген басымен аса сыпайылық танытып, «бізге осы үй де жетеді ғой» деп шорт қайырғаны жұмбақ. Жұмбақтың көкесі, ал жауабы жеті қат жер астында. Ауылнайдың жүрегі атқақтап аузына тығылды. Дыбысы шықпай ма, әлде ішкі әлемінде тосын өзгеріс бар ма, тілін тістеген күйі қақыра тамға бір кіріп, бір шығып, ойын баласындай қолды-аяққа тұрмай жосып жүр. Есбергенге қалай ұнасам дейді, бар ойы, мұрат-мақсаты осы. Бұ кісінің бір қараған жылы көзқарасына зәру. «Сіздің үйіңізде болғам. – Тілін жұтып қойғандай үні шықпайды: – Осы өңірденбіз. Түбі туыс, ағайынбыз. Қонақ болыңыз, келініңіздің қолынан шай ішесіз». Шай ішсе, кәнекей! Көрде тұр, ертең сызданып, аудан басшысы хабарласады: «Ес-ағаңның көңіл-күйі қалай, дұрыстап қарсы алдыңдар ма? Қолдан келген қызметтеріңді аямаңдар!» Аянып жатқан кім бар. Түске дейін қақыра тамның іші-сыртын әктеді, терезелерін сүртті, тілдерімен жалағандай еденін жуды. Бірақ көптен адам тұрмаған соң қабырғаларынан көңірсіген сыз иісі сезіледі. Бәлкім, жүре бара жөнделер. Десе де, қаладағы әйдіңгірдей коттедж бен мына жатаған тамды қалай салыстырарсың.
Сізге тағы не керектігін біле адмадық, – дейді ауылнай. Ұстаз алдындағы сабақ білмеген оқушыдай желкесін қасыды.
Кереует болса, жерге жата алмаспын. – Өлдім-талдым дегенде Есбергеннің аузынан да бір сөз шықты-ау. Қоңыр былғарымен қапталған кресло, екі кісілік польский кереует сол сәтінде жеткізілді. Төргі бөлме кәдімгідей әрленіп қалды.
* * *
Терезе тұсынан жүгіріп өткен адам ақыры дәлізге жетіп, есікті сыртынан ұрғылады. Таң атпай не түлен түртті бұл патшағарды?! Қиналса да амалы кәне, орнынан ақырын көтеріліп, тысқа беттеді. Сексеуілдің қызуын да қимай тұр бір жағынан. Пошташы келіншек жеті шақырымдық марафонға қатысқандай, екі иінінен әзер дем алады. Киімдері де жұпыны. Күздің қара суығына қарамай, қызуқандылықпен шыға салған секілді.
Аманшылық па, жау қуғандай сонша ентігіп! – Жел тимесін дегендей Есберген жібек халатының өңірін қаусырмалады.
– Сұрайды ғой… – Келіншектің үнінде Есбергенге еркелегендей ме, әлде қызметін бұлдағандай ма, назданудың болар-болмас ұшқыны бар: – Түкпірде жатып алып… «кісіні сандалтуды қоймайсыңдар» – Соңғы жағын жұтып қойды. Қатырма қағазға мұқият оралған бір бума газетті сөмкесінен алып, иесіне ұсынды.
Бұл не?
Күнделікті газеттер.
Мен газет оқымаймын, құлдығым. Өткен жолғы уәде қайда?! – Пошташы келіншектің күнге тотыққан қоңырқай жүзіне тіктеліп қарады: – Түсіндірдім ғой ежіктеп. Сонша жерден салпақтап әуіре болма, саясатты суқаным сүймейді, сондықтан газет оқымаймын… Сендер осы, айтқанды қай құлақтарыңмен тыңдайсыңдар, а?! Мә, ендеше, мықтаса отқа тамызық болар. – Іргелікке қарай лақтыра салды.
Менің жұмысым ғой, оның үстіне…
Не, оның үстіне?
Бастықтар барып, жағдайын біліп тұр дейді.
Жағдайым жақсы. Алда-жалда ажал туралап келсе, қайда қашпақсың. Мен үшін бұйырған топырақтың бәрі пейіш.
Ошақ аузына қойылған дөңгелек үстөлден бұрын сексеуілдің қыз-қыз қайнаған шоғы келіншектің көзіне оттай басылды. Суық қарыған саусақтарын көнетоз кәстөмінің қалтасына сүңгітті. Мұның бері қарай жол жүруіне қарап тұрғандай, күн райының аяқ астына түтеп кеткені. Қыркүйектің алғашқы жұмасы өтпей жатып, іші-бауырыңды дірдектетсе қараша туғанда қайтіп жан сақтамақ. Аспан ала-құла, теріскейге жөңкілген қара бұлт теңіз төсіндегі адуын толқындай алас ұрады. Құм жағаны аяусыз тепкілеген соқпа толқындарға тыным жоқ. Төңіректен шашау шыққан кісі қарасы көзге шалынбайды. Толқын тепкісімен пайда болған өліксе балықты бөлісе алмай, бірінің тұмсығына бір жармасып, итәуреге түскен түйе шағалалардың дауысы өктем. Ауа-райының өзгерісіне қыңқ демейтін өжет құс шағала ғана. Ауыздарынан ақ май ағып жатқандай, шағаланың етінен балық исі сасиды деп тұмсықтарын көкке көтереді жергілікті тұрғындар. Жазатайым ауға оралып қалған шағаланың жүнін жұлып, отқа қақтап жеуге де құлықсыз. Шіренеді шіркіндер! Оу, сол жылтың көз шағалалар болмасыншы, солардың жарықшақ дауыстары болмасыншы, толқын тепкілеген құм жағалау өлік жөнелткен үй тәрізді сұп-сұрқай қаңырап қалмас па?! Есберген қолымнан түк келмесе де шағалаларға ара түсетіндей шамам бар екен-ау деп, жан-жағына жітілене назар жықты.
Болдың ба? – деді пошташы келіншекке, – болсаң қайта бер.
Қуасыз ба? – Әзілі ме, шыны ма, о жағын өзі де аңғармады. Есберген ауылдың сарытіс шалдарына ұқсамайды. Екі-үш жетілік газетті әкелсең де, әкелмесең де бәрібір. Жаратылысы бөлек. Ал алақандай аудандық газеттің бір нөмірі әлгі кісілердің қолдарына тимесе, басыңның анық пәлеге қалғаны. Жер-жебіріңе жетіп ұрысатындығын қойшы, дәлел айтсаң көздерін ақшитып, келесі күні үстіңнен арыз жөнелтеді. «Жаз, жазыңдар, астанадағы үлкен кісінің әдресін білемісіңдер?!» деп жұлқынып шыға келуге сенің де артың қуыс. Қиян шеттегі жатаған ауылдағы жұмыстың көкесі осы. Барға – қанағат. Азғантай жалақысы күнделікті ас-суыңа сеп. Бала-шағаң бар, қарап отыруға қайтіп дәтің шыдайды.
Сөмкесіне қайтадан қол жүгіртті. Екі-үш хат пен телеграфпен түнде келген жеделхатты жоғалтып алмайын деп, бешпетінің төс қалтасына салып қойған-ды. Саусақтары дірілдеп, әзер тапты. Оны жедел жолға шығарған да соңғыларының күші еді. Шекесінде «үкіметтік» деген айқұлақтанған белгісі болса, жаның ышқынып, тыпыршымай көр! Бұл түгілі пошта бастықтың өзі асып-сасып, бұтына жіберіп қоя жаздайды. Адасып келгеннен сау ма деп, бір бет қағазға өлгенше үңіледі. Тура. «Бөген ауылына. Есберген Жұмасұлтановтың қолына тапсырылсын!». «Ұш, – дейді тұмсығын көкке тіреп, – жаның бар да Көнебөген қыстағына жет!» Артынша артық кеткендігін өзі де аңғарды білем, пошташы келіншекті жаңа көргендей, айналып-толғанды. Өздерін сарсаңға салған Есбергеннің де түгін қоймады. Қарғап-сілейді. Тып-тыныш қана, қоңырқай тірліктерін күйттеген момақан ел еді. Әрі емешелері құрып, Есбергенді сағына күткен кім бар.
Осы үшін ғой… – Пошташы келіншектің үміті басқада. Есберген құдай болса да қазақшылықты ұмытпаған шығар. Бүрсеңдеп келген кісіні үйіне кіргізіп, дастарқанынан дәмауыз тигізер. Өзіне салса, сексеуілдің шоғына жүзін бұрып, қол-аяғын жылытып алса, одан артыққа иегі қышымайды. Шайына да, басқасына да алдыраз болсын! Төс қалтасындағыларды аздап жан шақырған соң тапсырармын деп ұйғарған: – Алдым деп қол қойып беріңіз? – Шет-шеті түтеленген журналдың бетін әзер ашты. Есберген хаттардың кімдерден келгендігіне көз жүгіртпестен, сойдақтатып қол қоя салды. Келіншек кетуге ыңғайланды. Талай нәрсенің түйіні шешілмей қалды бұ жолы. Жалғыз басты еркек – Есбергенге шынымен жаны ашыды ма, әлде өзінің ішкі есебін түгендегісі келді ме, өткен жолы алыстан орағытып, әлдененің ұштығын түтіндеткен. Осы күндері Бөгенде де, Көнебөгенде де бұлтсыз күнгі жарық ете қалған найзағайдай Есбергеннің ескі қыстауға оқыс көшіп келгендігінен артық елең еткізер оқиға жоқ. Және тұрғындар да екіұдай көзқараста; екі жақ бірімен-бірі бет жыртысып, қызылкеңірдектесіп айтысудан да тайынбайды. Бірі – Есбергенге шық жуытпайды; елге қызмет істеген азамат осындай-ақ болар деп абырой-беделін көтермелеп, жұлдыздардың арасына бір-ақ қондырады. Теңіздің нағыз перзенті осы кісі! Қолында билігі барлардың да талайын көрді ғой бұ халық. Көпшілігі жеке бастың мүддесін күйттейді. Сын сағатта берген уәдесін ұмытып, тайқып шыға келеді. Істің жеңіл жағына жығылады. Ұлы теңіз тартылып, кіші теңіздің кенересін толтырайық дегенде, белшеше кірісіп, сонау Мәскеу, Тәшкен, Душанбеңіздің өңкей шөпкетышар дөкейлерімен бірде араздасып, бірде татуласып, Сырдарияның өзімізге тиесілі суын жырымшыламай бері бұрғызуға көмектескен көкеңнің бірі осы – Есберген, Ес-ағаң Жұмасұлтанов! Айтып-айтпай не керек, атқарылған істі істелді деп айту парыз көзінің тірісінде! Бес тұтам тірлікте адам түсінбейтін қиян-пұрыс құбылыстар аз ба?! Біреулер ел үшін жасаған қызметінің өтеуінен дәмеленеді, жиын-тойларда алдымен менің атым аталса дейді; қашан келмейін менің орным ылғи төрден бұйырса дейді… Үлкен-кіші иіліп-бүгіліп, менің төбем көрінген тұста жапатармағай жүгіріп, алдымнан шықса; қолтығымнан демеп, өзімнің төрдегі орныма жайғастырса… Ал Ес-ағаң қалай, а?! Қарапайым, болмаған қарапайым! Жерлестеріне бірде-бір міндет артуға жоқ. Жеке басы үшін тірі адамның тұяғын қимылдатуға қарсы. Әне, ұлылық, әне, көп көрген деп осыны айтыңыз! Көшіп келуінің өзі – жыр. Кетер-кеткенше жүріп-тұруыма қолайлы тұрғын-жай даярлаңдар десе, осы ауылдың атқамінерлері соның жолында өліп кетсе де қыңқ етер ме?! Ал ендеше… «Ата-бабамның иісі сіңген қақыра тамнан артық жайлы қоныс көріп тұрғаным жоқ». Сөз-ақ! Осы ауылдың үлкеніне де, кішісіне де, мұнан артық қандай үлгі-өнеге керек?! Мектебіңіз мұндай тәрбиеден мақұрым. Есбергеннің мұнан басқа да таңғажайып қасиеттері жетіп артылады.
Екінші топтағылар Есбергеннің бұл өңір үшін ерекше, керек адам екенін білсе де білмегендей, көрсе де көрмегендей, көзжұмбай ниет танытады. Ел айтып жүргендей, бақ-дәулетті белшеден басқан адамның жын ұрғандай, қайдағы бір иесіз қыстауға көшіп келуін қалай дегенде де, ақылға сыйғыза алмайды. Тегін жүріс емес-ау деп, әлденеден секем алады. Сезім-сезігінің тігісін жатқызып, қолға ұстатқандай дәлелдеп беруге келгенде және шорқақ. Әлде қорқақ. Бастарын шайқаумен шектеледі, немесе тисе – терекке, тимесе – бұтаққа деп, айдалаға лағып, қарсыластарға есе жібермеуге тырысады.
Есбергеннің күнделікті тіршілігінен хабары мол пенденің бірі – мына тұрған пошташы келіншек. Осы үйге жиірек бас сұғатын да сол. Өкпелегенсіп, бөксесімен бұрылып, кетуге ыңғайланған-ды.
Қайда? – деді Есберген ақыл-есі енді кірген кісіше.
Қайда болушы еді, орталыққа, орталықтағы мекен-жайыма.
Тоқ-та, мына суықта өлемісің?! – Пошташы келіншекті желкеден түйіп жібергендей, ілгері оздырды. «Джентельмендігі» ұстап, сырт киімін шешуге көмектесті: – Үсіп өлуге келіпсің ғой,– деді және қарап тұрмай. Қамқорсыған түрі ме, әлде «жап-жас болып, боқтарыңмен қатып қалуға дайынсыңдар-ау» деп мұқатқысы келді ме, арғы жағын жылы пейілмен жуып-шайды.
Шайды өзің құйып іш.
Сізге де құяиын.
Мейлі.
Тілдескен түрлері осы-ақ. Қайыс креслоға жайқасқан Есберген әлгі хаттарды көзәйнексіз оқи бастады. Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басшысы Есберген Жұмасұлтановқа «аздап өкпелі». Хатты мұқияттап компьютерге тергізген. Тап-таза, әріп қатесі емге табылмас. Осының өзінен де бір кездері өзі басқарған іргелі ұжымның ықылас-пейілі төгіліп тұр. «… Мұңыңыз қалай, мұныңызды түсіне алмадық. Екінің бірі сіз секілді алпысқа келіп жатыр ма? Біреулер юбилейімді қалай өткізсем деп шарқ ұрады. Жоғарғы жақтан жәрдем күтеді, тамыр-таныс іздейді. Ал бізде бәрі дайын еді… Үкімет те қолдаған. Сізге болмасын дейтін кім бар. Бәрін бүлдіріп жүрген өзіңіз. Із-түсіңізді білдірмей, қашып кетесіз, қайдан табамыз?!..»
Таба алмайсыңдар! Аяғын еркін созып, креслоның арқалығына желкесін қойды. Көз алдынан таныс, бейтаныс бейнелер қылаң берді… Жалға алған театр сахнасына ілінген үлкен портреті… Жиналған жұртта есеп жоқ. Дені Ес-ағаңның тәлім-тәрбиесін көрген кешегі шәкірттері… Отбасы, бала-шағасымен. Оркестрдің күмбірлеген үні көш жерге жетеді. Даңғыр-дүңгір. Екі иықтарын жұлып жеп, дүниедегі небір шұрайлы тіркестерді дәп бір өз жандарынан шығарғандай, тепсініп сөйлейтіндер Есбергеннің өлмес образын жасауда… Бірінен бірі өтеді. Есберген секілді толық адам сирек, болса біреу, не екеу!.. Қол шапалақтан қабырға теңселеді. Сый-сияпат, ою-өрнекпен әдіптелген шапандар… Ежелден белгілі сценарий. Титімдей ерекшелігі болсайшы! Енді бірде елге рақмет айту үшін сахнаның бір бұрышынан немерелерімен бірге бәйбішесін қолтықтап, талтаңдап Есберген шығып келе жатады… Тфу! Қандай жиіркенішті! Дұрыс, дұрыс істедім. Шешімім – шықшеге! Ондай-ондай өтірік қолпаштаудан мына отырысым мың артық!
Пошташы келіншектің жүзіне қан жүгірген. Бір нәрсе айтуға ол да оқталатын сыңайлы. Сазанның майға піскен төстігінен бір жұлып, ауызға салды. Шайдың хош иісіне кісі мас болғандай. «Жаман тұрмайды шалың». Темір көсеумен сексеудің шоғын бері тартты. Болар-болмас тұла бойы жіпсіді. Сыртта өңменіңнен өтетін ызғырық жел.
«Үкіметтік жеделхат» Ес-ағаңды алпыс жылдығымен құттықтайды. Белгілі жарапазан. Осы райдағы телеграмма мазмұнын бір кездері өзі де біреулерге жолдаған. Дүние кезек. Сырты жылтырайды, бірақ ішке түсері тақыл-тұқыл. Мына біреуінің конверті тіпті ерекше. Қайдан, қайдан дейді… Петербордағы мұхит пен теңіз тіршілігін зерттеу орталығының бір топ ғылымдары Ес-ағаңды Ресейге шақырады. «Келіп кетіңіз, бар қаражат біздің есебімізден. Сізбен жүздесіп, жастық шағымызды еске түсірейік. Сізді көрмегенімізге отыз жыл. Бір адамның ғұмыры. Жұмасұлтанович, Баренц теңізіндегі оқиғаны ұмытпаған боларсыз. Сіз секілді водолазды ешжерден кезіктіргеніміз жоқ. Бәріміз, баршамыз су астына скафандр киіп сүңгиміз, ал сіз «мына сауыт-саймаңдарыңды әрі әкетіңдерші» деп әзілдейсіз. Сөйтесіз де жеңіл киіммен қорғансыз қойып кетесіз. Баренц теңізіне батқан кемедегі керек-жарақты су бетіне ай бойы тасымалдадық. Сіз сонда бір мәрте де скафандр пайдаланбадыңыз. Не деген жүрек! Сол жүректің бүгінгі тыныс-тіршілігі қызықтырады біздерді. Жыл соңына дейін бір хабарын беріңіз…»
Норвегиядағы дүниежүзілік аквариум бірлестігіндегілер не дейді?.. Е, жер-көкке сыйғызбайтын баяғы құрғақ мақтау: «Сіз туралы телефильм түсіруді ұйғардық. Теңіз түбіне демалмастан сағаттап сүңги алатын жалғыз адамнан көз жазып қалғымыз келмейді. Алпыс сіз үшін қылшылдаған жігіттің жасы. Сіздің биологиялық жасыңыз шамамен қырық, не қырық бестің төңірегінде. Сізге отандастарыңыз қандай құрмет көрсетеді, онда біздің шаруамыз шамалы. Фильмді түсіру тобы толық жасақталған. Шетелдік телеарналардан да тапсырыстар түсіп жатыр. Асатпай жатып құлдық демейік, десе де гонорардың мөлшері сүйінші сұрауға тұрарлық. Шет-жағасын өзіңіз де сезесіз. Ал көріскенше, құшағымызға қыстық…»
Норвегия немді алған?! Алдымен кіші теңіздің шаруасын тындырып алайын. Облыс орталығындағы бір мектеп кездесуге шақырады. Мектептің мөрі, директордың қолы… Болар-болмас мызғып кеткендігін байқамады. Рабайда, ыңғайсыз жағдайда қорылдаушы еді. Мына келіншектен ұят болды ма. Сексеуіл шоғы қып-қызыл. Дөңгелек үстөлдегі тағамның мұрты мүжілмепті.
Шайыңыз суып қалды, – деп назданды пошташы келіншек.
Бүгін қай күн?
Қыркүйектің үші…
Е, түсінікті.
Мен тұрайын.
Жол болсын.
Бүгін туған күні екендігін тісінен шығармады.

* * *
Есбергеннің елу аттық күші бар «Вихр» моторлы қайығы құйрық-жалы күлтеленіп, желмен жарысқан жарау жылқыдан аумайды. Құстай ұшады. Қуса – шайымға жеткізбей тап басады, қашса – қуғыншыларын шаң қаптырады. Аспандағы жұлдыз тәрізді бейнебір. Қызығушылар кейде таңдай қағып, кейде азу тістерін қышырлатады. Көк теңіз үстінде мұнан артық немен мақтанарсың?! Бұл жағада шетелдік жеңіл мәшиненің құны көк тиын. Жә, бәрін қойшы, жаңа некелескен жас жұбайлардың салтанат шеруі де уақытша көзбояу. Дегенмен жалқы сәт болса да қос аққудай жарасып, ақ тудай сәукелесі желбіреп, анадайдан қол бұлғап тұрған тілеулестерінің жанынан зу ете шыққанның өзі неге тұрады?! Тұнған ләззат. Теңізбен тағдыр байлассаң өмір бойы көретінің – ақ толқын мен ақ шағала. Шағала саған тұлға бола алмайды, ал толқынның жөні бөлек. Толқын – теңіз үстіндегі үлкен емтихан. Түйе толқындардың темірдей тепкісіне жігіттің жігіті шыдайды. Шыдамағандар кезі келгенде жоқтан проблема тудырып, жеңішке сырқатының теңізге шыққалы үдей түскенін айтып, ыңқыл-сыңқылды көбейтіп, ақыры басқа кәсіпке ауысып кетеді. Барсын, алдынан жарылқасын. Нағыз теңізшілердің олардан өтінетін жалғыз ғана тілегі бар, қара жерді қара табаныңмен нық басып, бұйырған несібеңді теріп же, артылып жатса ағайын-тумаңа үлестір. Тек теңізге тіл тигізбеңдерші! Теңіз – тазалықтың тұнбасы. Мейлі, мың мәрте долданып, ақ көбігін аспанға ата берсін. Қайтымы тез, күн тымықта сүтке тойған мысықтай, аспан әлеміндегі сан құбылысты «айнасына көшіріп», тым-тырыс күйде көсіліп жата кетеді. Тазалықтың тез кірлейтіні ежелден белгілі. Кім білсін, адамдардың қолдан ұйымдастырған қысастығының арқасында құм суырған өлкенің жалғыз жанарындай жарқырап жатқан ұлы теңіздің тартылған тақсіретінен күллі жұрт құлағдар. Өтті, кетті. Ол олқылықтың орнын енді ешкім толтыра алмайды. Шаңқай түсте күн астында қалған сиыр терісіндей жиырылып-жиырылып, ақыры көзден ғайып болды. Еске түсірудің өзі азап. Ендігі үміт – кіші теңізде. Кіші теңіздің арқасында есесі кеткен ел қайтадан ес жиды. Жасағаннан жалбарынып тілейтіндері – осының ғұмыр-жасы ұзақ болғай! Әлі сәби ғой жаңа-жаңа талпынып еңбектеген. Мүшелге де толған жоқ. Қырсықтың қай жағынан тап келері белгісіз. Кіші теңіздің кенересінің кеңейуіне ниеттілердің қатары азаймағай!
Кіші деп кемсіткендіктен емес, мұның да бір басына ащу-ызасы жетеді. Төсіне өңшең тікбақайлардан гөрі жүректері жұмсақ, кісінің алажібін аттамаған, қолынан келсе өзгелерге жақсылық жасауға бейім тұратындардың көбірек шыққандығын құп көреді. Міне, мына жас жұбайлардың жан-жағына қызылды-жасыл лента байлап, шетелдік мәшиненің үсті-басын гүлмен көмкеріп, жер үстімен тайраңдауға жағдайлары келмей қап па?! Әке-шешелері аман жүрсе қарызданса да, қауғаланса да бір тыраштануға тыраштанар еді-дағы. Өйтпейді, өйтпейтін себебі, жас жігіт қалған ғұмырыма жетерлік ырысымды кіші теңізден жаза гөр деп, ішінен мың қайтара тілеген. Тілегіне жетсін! Жан жарын теңізге алып шығудағы ойы да беп-белгілі, үйленудің ырың-жырыңы ертең-ақ сабасына түседі. Балықшыны көк теңіз күтіп жатыр. Және жас жігіттің қайрат-күші бойында тұрғанда балық аулап, мемлекетке тонналап балық өткізіп, қаржылық жыртық-тесіктің біраз бөлігін жапқаны абзал. Ерте кетіп, кеш келер. Теңізден шудаланып қара дауыл көтерілгенде қайығың – айдында ыққан ағаш жаңқасы. Асау толқын қайда лақтырса, солай қарай жөңкіледі. Шыбын жан алқынып көкірек аузына тығылады. Теңіз жарықтық талай тағдырдың ту-талақайын шығарған. Батып өлгендерді санасаң, саусақ жетпес.
Қап, мына кісі қайтеді-ей! Сүйіктісін құшағына қысқан жас жігіт елу аттық күші бар моторлы қайық иесінің жанынан ағып өткендігіне зығырданы қайнап, бармағын тістелейді. Жүйріктің аты – жүйрік. Мұндай қайықпен дауыл-пауылға қарамай, теңіздің кез-келген қолтығына тартып кете бер. Әрі қорқынышсыз. Толқын қуалап, басып озуға қауқарлы. Жағалауға қиналмай жетесің. Есберген жаңа үйленген жас жігіттің, өзінің кенже ұлындай азаматтың жүйрік қайыққа тісін қайрап тұрғандығын қайдан білсін. Жарасымды жүпқа сүйіспеншілікпен назар жығады. Уақыттың өзгергендігін осыдан-ақ біле бер, кезінде бүйтіп серуендеу дегенді кім қаперге іліпті. Тамаша сурет. Мойын бұрып қарай бергің келеді. Қыздың үстіне киген ақ көйлегі қандай жарасымды! Қыземшектің өкпе тұсына күн батпай жетіп алуды жоспарлаған Есберген мынадай кереметке тап боларын білді ме?! Шыны, инедей өтірігі жоқ, осындағы балық зауытының бастығы «моторлы қайығыңызды сатыңызшы, он миллион болса да сатып алайын» деп құдайдың зарын қылған. Есберген әдейі қитықты: «зауытыңа айырбастайын». Бастық тілін тістеді. Науалап табыс құйып тұрған зауытты қалай айырбастайды. Есбергенді жеп қоятындай көзі шытынады: «сені ме, сен шалды, реті келгенде бір сүріндірермін!» Қалтасынан шығармай жұдырығын түйді. «Ал сатып алдың, сатып алған соң не қиратпақсың?!» Есберген де қарап отырмайды. «Көкесі-ау, о не дегеніңіз, құс атуға таптыра ма бұл қайық? Қарашада тыңнан тығыншықтай боп семіріп қайтқан қаз-үйрек жолай біздің жағаға бір-екі күн аялдап, әл жинайды. Семіздіктен ұшудың өзі күш. Сонда, сонда деймін-ау, жүйрік қайықтың арқасында енді көтеріле берген қалың топқа кіріп барып, пух,пух… біраз қаз-үйректі жайратып салмаймын ба?!» Бастық қос ауыз мылтығымен Есбергенді жүрек тұстан нысанаға алғандай, «пух-пухын» біраз «әндетеді». Есберген ауыр күрсінеді: «мына сұмырайға қайық сатпағаным қандай абырой! Құс атаулыны қырып салмақ. Обал-сауабын қыстырмайды. Кетсінші әрі! Ал жазатайым жас жұбайлар өтінсе, жүйрік қайығы дайын-ды.
Жағалауға күн недәуір көтерілген соң жетті. Су салқын. Балағын тізесіне дейін түріп, біраз жер су кешіп барды да беті-қолын жуды. Бірнәрселерді айтып, ішінен күбірледі. Теңіз беті тып-тыныш. «Вихрды» қайықтың құйрығына қондырып, кнопканы басып қалғаны сол, мотор дар ете түсті. Теңіз бетін қақ айырып, тыныштықтың мазасын алса да амалы қайсы, Қаратереңнің солтүстік тұмсығын бетке алды. Қолында карта, белгі түспеген әлі де бес-алты нүкте бар. Қыземшектің бергі құламасы қамысты. Суы тайыз. Қамыстың собығы – балыққа таптырмайтын жем-азық. Қамысты жерге балдыр шықпайды. Балдыр шықпаса да, қоң жинаған балық күшті. Қайырға төккен жаңа капрон ау болмаса, анау-мынау шірігендерін місе тұтпайды. Кез-келген тұстан тесіп жүре береді. Әсіресе, көксеркенің құтыратыны осы тұс. Қанша жерден тілді кәлимаға келтіріп, ылғи жақсылық жағына жығылғың келсе де, табиғатта да үнемі әділдік бола бермейді. Әлсіз әлдінің алдында дәрменсіз. Жер үстіндегі қанды қасаптан теңіз жарықтық та құралақан емес, тереңде қандай сойқан болып жатқаны белгісіз. Ақбөкен арыстанның жемсауына жиі түсетін олжа. Шөлдегі аңдардың ақтық айқасын түсіруге шетелдік телеарналар шебер-ақ. Өмірі телевизор көрмейтін Есберген де кейде немерелерімен алқа-қотан отырып, әлгі өліспей беріспейтін айқастарды аңдаусызда көріп қалар еді. Көрмейтін-ақ көріністер. Сөндірейін десе немерелері шырылдайды. Оларға әжесі жәрдемші: «Балаларды хайуанаттар бағына қашан апарып, қыдыртып ең?..» Есбергеннің үні өшеді: «Күнделікті жұмыстан қолым тиіп жүр ме. Сен соны біле тұрып неге нербіге тиесің, а?!» Әңгіме осымен тәмәм. Әне, жабайы жиде тасасынан атып шыққан арыстан құлақтарын қайшылап, алаңсыз жайылып жүрген ақбөкеннің тобына қырғидай тиеді. Шаң көтеріледі. Жүрегің лүпілдеп, байғұс ақбөкен мына аждаһаның тырнағына түспей, құтылып кетсе дейсің. Қайдағы, көзді ашып-жұмғанша төрт аяғы салақтап, арыстаның аузында кетіп бара жатады. Кішкентайлар соны көргеннен бір нәрсе ұға ма?
Балықтар әлеміндегі айқас онан гөрі жұмсақ. Мұхит тілін түсінетін Жак Кусто шал қайтыс болғалы бағалы бастаманың босаңсып кеткендігін іші сезеді. Кустоның киноларындай шедеврді онан өзге тірі жан түсіре алмайды. Иә, түсіре алмайды. Жаңалық ашқан түрі ме? Жо-жоқ, өз-өзіне ренжігені-дағы ит жегір! Адам-ау, осы заманғы мүмкіндікті Есберген пайдалана білмесе, өзгесіне не жорық?! Қазір Қаратереңнің қолтығына жетісімен қайықты қау қамыстың арасына жасырады да аяғына «үйрек табанды» іліп, суға сүңгиді. Скафандрды айтпаңыз. Ұнатпайды. Денесі сауыт кигендей дұрыс дем ала алмайды. Тез шаршайды. Одан екі қол, екі аяғын ерін жіберіп, теңіз тереңіне шым батқаны мың артық. Ұртына ауа толтырып алса, қалған қорқыныш құйрығын қысып жөніне кетеді. Жарты сағат, кейде одан да көпке дейін сыр бермейді. Мұхитқа сүңгитіндердің Есбергенге таңғалмайтыны шамалы. Көбісі соның сырын түсінбей-ақ кетті. Оның шешімін Есберген де қолма-қол судыратып айта алмас. «Құдайдың қарасқаны шығар» дейді бар білгені. Сосын осы тақырыпты ежіктегенді ұнатпайды. Жалғыз жауабы сол – құдайдың қарасқаны! Бала күнінде маяк жағатын әкесімен бірге барып, теңізге түсетіндігін, теңіз астында қанша уақыт демалмастан, балдырлардан тас қылып ұстап алып, үнсіз жататындығын ертегі секілді судыратып айтқысы келмейді. Әкесі марқұм маяк жағып, бір шаруадан құтылған соң қарап отырып не бітіреді. Бір жағынан ермек, әрі ұлының шыдамдылығын сынау. Бірден жүзге дейін санайды. Кейде одан да асырып жібереді. Сандар күн сайын үстемелене түседі. Кейін сағат тіліне көшті. Бұл – шыдамдылық сондағы ұзақ жаттығудың жемісі. Өзгелердің былжырағын ұрғаны! «Есбергеннің жүрегін қолмен ұстап көрсе ғой шіркін, шамасы баланың басындай болар-ау!..»
Сол үлкен жүрек өрге сүйреп келе жатыр кеудесін. Су астына енді қанша жыл сүңгиді, о жағы да бір құдайдың қолында. Күллі дүниені аударып-төңкеріп, әлі күнге дейін қартаю, шау тарту дегенді қаперге алмайтын, қимыл-қозғалысы қырықтағы жігіттей сезілген Есбергеннің ең қажетті шаруаны еске алмағаны қалай? Ұмытып кетті ме, әлде шалағайлығы ма? Ойбай-ау, суға еркін сүңгіген Есбергеннің екі қолы бос қой, қайда сыйғызарын білмей дал. Бұл қателігін өмір бойы кешіре алмас. Су өтпейтін киноаппаратты серік еткенде… Баяғыда Баренц теңізіне батқан кеме жабдықтарын сыртқа тасымалдағанда біреулер бұлармен жағаласып, су астындағы тірлікті киноға түсіріп жүрген. Содан бері қаншама жыл өтті арадан. Сонда деймін-ау, кеңес өкіметінің түкпір-түкпірінен жиналған суға сүңгушілер отряды бірер күннің ішінде жасақталған-ды. Есбергенді кімдердің нұсқауымен тауып алғандары белгісіз. Мүмкін, Арал өңірінен де біреу қажет болған шығар. О кезде қажет, қажет емес деген мәселе қойылмайтын. Қатаң тәртіп. Бірер сағаттың ішінде отбасына да қайда баратынын айтпастан, ұшаққа отырып кете барды. Тыс…с! Екі елі ауызға төрт елі қақпақ. Сыбыр шықса итжеккенге айдаласың. Түсіндірме шаралары ұшақ бортында жүргізіліп, ауызша ант қабылданған.
Теңізге батқан кеме жабдықтарын тасымалдаудың азабы-ай! Трумдегі жәшіктер мұншалық қара тас болар ма?! Орнынан қозғалту – ақырзаман. Қозғалтуын қозғалтарсың-ау, су бетіне аман-есен шығарғанды айтсаңшы. Скафандр кигендер онша асыға қоймайды. Арқасындағы газ балонның қанша уақыт жансақтайтындығын жақсы біледі. Отрядтағы жалғыз қазақ Есберген ғана скафандырсыз. Мықтылығын дәлдегісі келе ме өзгелерге? Жоқ, маяк жағатын әкесі солай үйреткен. Командир қанша үгіттесе де көнбеді. Ауа жетпей өліп кетсе өзі кінәлі, қолхат жаздырып алды. Охот теңізінен келген сүңгуіршілер Есбергенді сырттай бақылауға алып жүрді. Әрине, құпия түрде. Бөтен елдің жансызы боп араға кіріп кететіндер аз ба? Бір бұрылыста бұлт ете қалса, теңіз түбіндегі тасқараңғыда қайдан табады. Есберген берілген тапсырманы мінсіз орындағанда өзгелерді жаңылдырды. Және ылғи мерзімінен бұрын. Ауыр жәшіктерді арқасына арқанмен таңып алған Есберген бір қарағанда екі қол, екі аяғын ербеңдетіп, су бетіне қарай малтып бара жатады. Арқанмен арқаға шантып байлауды көшпелі қазақ ешкімнен сұрамас. Өзгелер Есберген тап бір тосын жаңалық ашқандай таңғалады. Таңғалудың негізгі нүктесі – су астында еркін жүзу. Командир су астында өліксе шамның жарығымен жұдырығын түйіп, бет-аузын тыржыңдатып әлдекімдерді әкесін өлтіргендей сыбап жатады. Себебі, әрбір минут қатаң есепте. Батқан кеменің төңірегі қоршалған. Шыбын жорғаламайды.
Есберген ол құпияны да кейін білді ғой. Сол мың-сан жәшіктердің кейбірінде сом-сом алтын кесектері жатыпты-мыс. Сібірден орталыққа жол тартқан кеменің суға батуының өзі түсінсіз. Жаулық жасалуы мүмкін дейді кейбір білгіштер. Операция сәтімен аяқталды. Есбергенге елде жоқ жалақы төленді. Бірақ жаһанға жар салудың қажеті жоқ-ты. Ондай ашықауызды екінші рет ешкім іздемейді. Ол одан кейін де «аса қиын әрі қауіпті сапарларға» аттанып жүрді. Дем алмастан су астына сүңгуге шеберленген қазақтың құжаттары тек сейфтерде сақталды. Жерорта теңізіндегі шабуылдың төңірегінде де қиял-ғажайып хикая көп. Оларды қағазға түсіруге Есберген олақ. Шыдас беріп бір бет қағаз жаза алмайды. Ал кешегі қиян шеттегі Есбергенді туған күнімен құттықтап жатқандардың ұтқаны… әне, бәрін кинолентасына көшіре білген. Баренцтен елге қайтарда миллиондар жазылған чекті Есбергеннің қолына салтанатты түрде табыстаған ұзын бойлы, еңгезердей командир кінәлі кісідей мұның алдында иегін уқалап, қипақтады: «Кешір, сенен бекер сезіктеніппіз. Сендей жігітпен көрге бірге түсуден де қашпас ем!» Есбергеннің де кәдімгідей көңілі босады. Әлгі сөз тұлабойын дір еткізді. Екеуі қимастықпен қоштасты.
Есберген Үшшоқының бергі құламасына жете бергенде орнынан тұрып, құрыстанған белін жазды. Төңірегіне жітілене қарады. Теріскейден көтерілген қою бұлт жел екпінімен теңіз бетіне тұтас жайылып келеді. Ал теңіз астына сүңгіген кісіге дауыл тұрды не, тұрмады не, бәрібір. Моторды сөндіріп, біраз жерге дейін қайық екпінімен жүзіп барды. Қау қамыстың іргесінен қасқалтақ ұшады пыр-пырлап. Әлденеге риза болғандай, қайықтың артқы белағашына қайта құйрық қойды. Сол, сол әне, адамның есінде көп нәрсе тұра бере ме. Ал кинолентасын өртеп жібермесең өшірілмейді. Миығынан мырс етті. Есберген Жұмасұлтанов тірі екен сүйтсе… Тірілердің тізіміне қайта ілікті. Жарадың, жолбарысым! Мә, безгелдек, алпыс жас! Юбилей! Құттықтау жолдаңдар… Елге шақырыңдар… Есте қалатындай сыйлық дайындаңдар!.. Той тойлауға әу бастан жаны қас. Тойдағы гүмпіл мақтау, жабыла жарыс – жағымпаздық… білсеңіз, жүрегіне шаншудай қадалады. «Одан гөрі сол Баренцтегі кинолентаны салып жіберсеңіздер, одан артық сый-сияпат дәметпеймін!»
Қайықты қамыс арасына кіргізді де, мөп-мөлдір су бетіне қойып кетті.

* * *
Су астымен оң бүйірге қарай ойысты. «Дәу балықтан» ұсақ шабақтар жыртқыш көргендей үдіре қашады. Қамыстың маңайындағы таз басына шыққан үрпек шаш секілді балдырды алақанымен біраз «аялады». Қайран балдыр! Балдырдың жақсылығын су астына түскен ғана біледі. Және бірнеше мамандық иесі – ихтиологке бұл ежелден таныс жағдай. Балдыр қалың өскен өңірде өмір бар. Балдыр – балыққа таптырмайтын оттегі, ал адамға – иод. Кәдімгі медицинада қолданатын ем-дәрі. Балдыр арасында көп жүрсең созылмалы сырқаттан адасың. Ал балдырға «бауыр басу үшін» Есбергендей жүрек керек; Есбергендей су астына дем алмастан еркін сүңгитін «үлкен жүрек иесі» болуың керек! Сол… қол-аяғын жерге тигізбей мақтаған Есбергеннің де мына дүниеден азар да безер боп, қашып кетуге сылтау таппай жүретін сәттері көп! Бес тұтам тірліктегі ала-құлалыққа, қаны көтеріліп басқа шауып тұрған жағымпаздыққа, әділдіктің қауқарсыздығына, әрі осылармен күн сайын, сағат сайын жүздессе де қолынан түк келмейтіндігіне іші өртенеді де қайда кетсем деп, алас-ұра «жұмақ жер» іздейді. Бәли, сол «жұмағы» теңіз астындағы мына балдыр арасы болмасын.
Су бетіне қалғып шығып, қайта сүңгіді. Ұртына ауа толтырып алды да, қай маңда жүргендігін көзбен шамалады. Жүрек соғысында өзгеріс шамалы. Бірқалыпты. Ілгеріде алқынып қалғандай ма, әлде кеуде тұсы бүріп ауырғандай ма, бір жайсыздықты іштей сезетін. Дәрігерге қаралам ба деген де ойы болған. Қазір жеп-жеңіл, төңірегі сұлулыққа толы. Бұл құбылысты көре алмай кеткендер қаншама! Кеше ғана… Қыземшектің бергі құламасы сәл жел көтерілсе бітті, көз аштырмайтын жыландай ирелеңдеген еспе құм үсті-басыңды лезде «үтіктеп» үлгеретін. Есберген кіші теңізді қалпына келтіреміз деп, ойға-қырға шапқылаған жобалаушылар тобымен талай келген бұл маңға. Ғылыми негізге сүйенгендер талай цифрды компьютер «тіліне» салып, соның негізінде өктемірек сөйлейді. Мәскеуден келгендердің екпіні тіпті дүлей. Аспан тіреп тұрған солар. Керек болса, қазір-ақ төбелеріңе тастап жібереміз деп қыр көрсетеді. Ашық айтпаса да соған саяды, ескі «әуендерінен» қол үзіп қалғылары келмейді. Бұл елдің де оқыған-тоқығаны мол ұландары бар шығар, олардың пікірлерімен санаспасақ ізімізге салпақтатын несіне ертіп жүрміз, бұлардың тірліктеріне килікпейік, тізгінді солар ұстасын, жауапкершілікті де өз мойындарымен көтерсін демейді. Кез-келген тұста айқай-ұйқай. Оу, оған Есбергендер көне қоя ма?!
Дәл осы аралықта, айдалада… орталыққа шапқылай бермейік деп, су мамандарымен бірге палатка тігіп, бір жұма аялдаған. Азық-түлік тікұшақпен жеткізіліп тұрды. Несін айтасың, біздікілер де барып тұрған бейшара. Мәскеу десе, Мәскеуден келген еді десе бітті, маскүнем болса да соның алдында қоғадай жапырылады. Ең аяғы ішетін суларын да арнайы құтыға құйып, бүйіріне қағаз жапсырып, алыстан тасымалдайды. Кіші теңізді қалпына келтіретін қаражат шетелдік банк есебінен. Мемлекет басшысы да білек сыбана кірісті бұл ғасырлық жобаға. Есбергеннің қайран қалатыны, ресейлік жобалаушылар мен бөгет құрлысын салушылар араға қалай кіріп кеткен. Жылы-жұмсаққа дәнігіп үйренген қарсақтар! Ішінен күңкілдеді де қойды. Жоғарыдағылардың «төтенше тапсырмаларына» жаның түршігеді… «Тыныш, тыныш жүріңдер, бізге тыныштықтан артық ешнәрсе жоқ. Тым білгішсімеңдер. Жоғалған теңізді қалпына келтіруге біздің іс-тәжірибе кемшін. Сабыр сақтаңдар!» Сол кездегі аудан басшысының Есбергенді жеке қабылдап, төтенше нұсқау бергені әлі есінде: «Сен қызба жігітсің, білем, бізге қарағанда көзің ашық. Ресейде білім алғансың. Теңіз жағдайын жақсы білесің. Ал осы жолы ол белсенділікті ұмыт. Сен үкіметтік комиссияға облыс атынан қатысқан өкілсің. Бекітілген жобаның соңында қолың тұрады. Бүйректен сирақ шығарма!»
Есбергеннің қол-аяғы байлаулы. Ұтырлы тұста үні шықпайды. Судың ескі арна, қуыс-қолтықты толтырып, портты қалаға жетуі – маңызды нысан. Нәтиже сол тұста ғана көзге көрінеді. Теңіздің солтүстік бөлігінің табаны биіктеу, сондықтан бөгет салушылар осы мөлшерді басшылыққа алғаны жөн. Мың қайтара есепте, жүз қайтара жобаның сызбасын жаса. Есберген осы жайды түсіндірумен шаршаған. Біреулер иегін қағады, біреулер жүре тыңдайды. Жүре тыңдайтындарға жұмылған жұдырығы амалсыз кеудесін ұрғылайды… Түн. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғылық. Әлгі тілін алмаған «сболышты» былайырақ шығарып, сілкілеп-сілкілеп алғысы-ақ келеді. Не Қален ағасы құсап, шегендеулі құдыққа батырып жібергісі-ақ келеді. Даладағы жекпе-жек, қара терге малшынып, армансыз шер тарқатса шіркін-ай!..
Бірде қызық болды. Қырық шақырымдай теңіз табанын жаяу аралап келіп, кешкі асты да ашық аспан астында ішкен. Орыс ағайындар «ащы суға» бір табан жақын. Шаршағанды басу үшін кәкір-шүкірге де тост көтереді. Аржағына «ел қонса» барылдап, өлең айтады. Өмір солардыкі. Кіші теңіздің кенересі тола ма, толмай ма, оған несіне бас ауыртады. Жоба мақұлданып, тиісті жалақыларын есепшоттарына аударып алса, сосын шуқарақұйрық! Көрмегенім құм, құмнан басқа көзге түсер қылтанағы жоқ, мына сұрқай даланы желкемнің шұқыры көрсін! Осы жерде ертең теңіз шалқып жатады дегенге де сенімдері шамалы. Кенет желсіз тымық кеште аспан тесіліп кеткендей, құм-жаңбыры себелеп берсін-ай. Ішкен астың берекесі болмады. Жұрт үсті-бастарын қаққыштап, орындарынан тұрып кетті.
Бұл не ақырзаман? – деді тәлтіректеген біреу төңірегіне мұрын шиыра қарап.
Сендердің бізге көрсеткен сый-құрметтерің ғой. – Есберген шап ете қалды.
Не, ол қандай сый-құрмет?
Білмеуші ме едіңіз? Қолдан құм-жауын ұйымдастырасыңдар.
Түк түсінсем бұйырмасын, құм-жауын… Табиғатта тылсым-құпия көп-ау?!
Табиғаттың қатысы шамалы бұл араға.
Неге?
Неге? Бар пәлені өздерің бастайсыңдар да, мылқау боп шыға келесіңдер табан астынан.
О-хо, сен бізді бірден сот залына сүйрегің келеді ғой шамасы.
Сот бер жағы. Ал мына зобалаң халықаралық трибуналда қаралатын мәселе.
Сенің бізге ішің жылымайтындығын алғашқы күні-ақ сезгем. Қолыңа мылтық берсе бәрімізді жайратып салудан тайынбайсың. – Әлгінің мастығы тез тарқады. Саясат аренасындағы айтысқа шыққандай бой-сойын тіктеді: – Құм-жауын жаудыратындай біздің қолда қандай күш бар? Сен былай… кісіні тірілей жұта салуға бейімделген аш қасқыр құсамай, мән-жайды дұрыстап түсіндірсеңші!
Түсінбейтін несі бар. Бәрін сезесіңдер, бірақ үндерің шықпайды!
Көпке топырақ шашпа.
Міне, Байқоңырдан кезекті спутникті тағы ұшырдыңдар. Коммерциялық ұшырудан құм астында қалған момын халыққа түк татырмайсыңдар және де. Сендердің осы астамшыл қылықтарыңа тоқтам бола ма, болмай ма?!
Бұл түн жамылып отырған біз шешетін проблема емес. Тамыры тереңде.
Тамырдың да оталатын кезі келер. Алмақтың да салмағы бар.
Тілің ұзын. Тіліңді кесу бізге де көп қиындық тудырмас!
Кесерсің, кескізермін! Ендігі кезек біздікі. Жуастың жауласқаны жаман.
Бүйтіп бұлданба!
Менікі шындық. Және бұл шындықтан күллі әлем құлағдар! Қазақ халқының алдында мәңгі қарыздарсыңдар!
Екі дәудің текетіресі ақыры төбелеспен аяқталған. Есберген кіші теңіз жөніндегі үкіметаралық комиссия құрамынан шығып қала жаздап, бітімгершілердің арқасында ғана аман қалды… Қыземшектің төңірегі Есбергенге сол үшін де қымбат.
Ауа жетпеген соң су бетіне қайта көтерілді. Сондағы алқынған жүрек қазір орынында. Жан-жағынан қаумалаған балықтардың қарасына көңілі толды. Сазан, шабақ, алабұға, көксерке, жайын… Шоғыр-шоғыр көшіп жүр. Өткен қыста біразы қырылып қалыпты. Балықтың қырылу себебі толық зерттелмеген. Ондай құжатты да ешжерден кезіктіре алмады. Өзіне салса, оған екі жағдай себеп. Біріншісі, балдыр сирек өскен тұста мөлшердегі оттегі бөлінбейді. Сәл күн суытып, кілегейленіп мұз қатса балықтың тыныс алуы нашарлайды. Оған мән беріп жатқандар сирек. Тек әкел, әкеле бер! Жаңадан ірге көтерген зауыттарға балық керек. Әсіресе, көксеркенің қаны жерге танбай тұр. Көксерке судан шыққан бойда пышаққа түседі де, арнаулы қалталарға салынып, шетел асады. Ақшасы да удай. Табыс көзі. Брезентпен бүркемеленген жүк мәшинесінің тұмсығын жағадағы тасалау бұрышқа тыға салып, резина қайығын апыл-ғұпыл суға түсіріп, қытай аумен қуыс-қолтықтан балық сүзетін браконьерлер де жаудай қаптайды. Және бәрінің көксегені – көксерке. Қайығын толтырып көксерке аулаған ағайынның тұрмыс-дәрежесі жақсарған. Астарында құмға батпайтын бір-бір «джип», үстерінде қос қабатты коттедж. Балалары шетелде. Керек тастың ауырлығы бола ма деп, қаладан да бір-бір пәтер сатып алып қойған.
Баяғыда, теңіздің бар кезінде, балықтың көп кезінде де балық зауыттарының саны мұншалық көп емес-ті. Мықтағанда, екеу, не үшеу. Ал мына берекесіздікке күлесің бе, жылайсың ба?! Осы алақандай ауыл төңірегенде төрт бірдей балық зауыты күндіз-түні бір тынбай жұмыс істеп тұр. Мақсат-мұраттары біреу-ақ – кіші теңіз түбін армансыз сүзу. Бәсеке, жанталас. Бірінен бірі озып, озғаны артта қалғанының сағын сындырып, миығынан күліп тұрса… Мұнысын бизнес дейді беттері бүлк етпей. Қайдағы бизнес?! Жаңа-жаңа ұлтанына балдыр өсіп, балығы уылдырық шашып, әлемдік картаға нүкте секілді бейнелене бастаған кіші теңіздің бауырындағы барына ит тартқан қара терідей тұс-тұстан аяусыз тырнақ батырғанды да бизнес дей ме?! Табиғат тепе-теңдігінен айырылса, оның аяғы – құрдым! «Сабақ алатындай оқиға өтті ғой басымыздан. Неге тоқтамайсыңдар, а?! Тонаудың да, ашкөздіктің де жөн-жосығы болмаушы ма еді?! Балық аулаудың атамзаманғы іс-тәжірибесі бүгінде бүтіндей өзгерген. Қытай аудың көзіне ілінген балықтың ғұмыры қысқа. Қақпан кәдімгі. Қылша мойынды қиып түседі. Бұл не сұмдық?! О заманда-бұ заман балықты улы дәрімен аулау дегенді қайдан естідіңіз?! Адам не боп барады, а?! Не боп барасыңдар, ағайындар-ау?! Төрт көздерің түгел отырғанда Аралдың жаназасын шығарып, жаһаннамға жібердіңдер. Ендігі кезек кіші теңіздікі деймісіңдер?! Сірә, сендердің бойларыңда ұяттың жұқанасы қалды ма, қалмады ма?! Сендердің жүздеріңе қарағым келмейді! Одан балдырлардың арасына барып, аунап-қунағаным мың артық!»
Маңайды көзбен шолып, ұзақ қарады. Ертең қыс түскенде осы төңіректің мұзын түгел ойып шығу керек деді ішінен. Оттегі жетіспесе балық қырылмағанда қайтеді?! Суға сүңгіді. Бір жақсысы, балық жолына құрылған ау кезікпеді.
* * *
«Береке» кооперативіне бірігетін төрт балық зауыты басшыларының бүйтіп бастары қосылып, жиналыс өткізбегендеріне қай заман?! Сірә, оны бірде-бірі еске түсіре алмас, еске түсіруді қажетсінетіндер де табылмас… Қаңтардың басында төрт көздері түгел отырып, алақандай теңізді жеребе тастап «әділдікпен» бөліп алған. Балық аулауға рұқсат етілетін лицензия да, заңдылық та, ережелер де соның ішінде. Төртке бөлінген территорияға сырт көздің сұғын қадауға қақысы жоқ.Содан бері мына дөкейлер бірін-бірі көрмеген. Құдды араздасқан кісілердей, телефон арқылы да хабарласпаған.Ал мына шұғыл отырыстың өтуіне не түрткі? Тым-тырыс, өлі тыныштық. Баяғы көл-көсір дастарқан жайылған үстөлдің беті жылан жалағандай. Еңсені езетін ауыр үнсіздік. Үнсіздік әлі де созыла берер ме еді, кооператив басшысы Сапарбек дейтін жас жігіт үстөлдің шетін тырнағымен тықылдатып, «не үшін жиналдыңдар, маған айтар өтініштерің болса, оны да тыңдай отырайын» дегендей, жиналғандарға жағалай назар жықты. Кооператив басшысы қай зауыттың осы күзге дейін қанша балық аулағанын, экспортқа жөнелтілген шикізат көлемін, шетелдік тұтынушылардың кіші теңізден ауланған балыққа көңілдері толатынын, бірнеше мақтау қағаз алғандығын есеп бергендей айтып шығармын деп, жол бойы ойын жұптап келген-ді. Бірақ ондай жаттанды есеп тыңдауға ешкімнің құлқы жоқтығын бірден аңғарды. Бірден аңғарды да портфелінің де аузын ашқан жоқ… Ол бұл қызметке таяуда келген-ді. Бұрынғы басшысы өмір бойы жағалаудан алыстамаған, ана жылдары ел теңіздің қайтқандығын сылтауратып, өзге өңірлерге көшіп жатқанда да, тұяқ қиылдатпаған көреген кісі еді. Есберген де танитын. Кеңес одағы дүрілден тұрғанда Алматыдағы компартия сьездеріне бірге қатысқан. Ауырып жатқанда: «Денемді теңіз суына жуып, шығарып салыңдар», – депті бала-шағасына. Сосынғы өтініші де адам таңқаларлық: «Қырдағы ата-баба зиратына сүйрелеп босқа шаршамаңдар, соқпа толқынның дыбысын естіп жатайын, теңіз жағасындағы жаңа жерге жерлеңдер». Қарт балықшының ақырғы аманаты орындалды. Теңіз жағасындағы Маңғыстаудың ақ тасынан соғылған зәулім зират көш жерден көзге шалынады. Есбергеннің осында келгелі бітірген бір шаруасы сол – Үргеніш ақсақалдың басына барып, аруаққа құран бағыштады. Бойы жеңілденіп қалды біршама.
Сапарбек тәжірибем аздау ғой деп қарап отырған жоқ. Алдымен пласмасса қайық соғатын шағын кәсіпорын ашты. Ағаш қайықтарды түгел жаңалады. Кіші теңізден балық ауланғалы кооперативке кірсем деушілердің арыз-шағымынан аяқ алып жүре алмайсың. Араға кісі салатындар да жетерлік. Беті қайтқандар нәпақамды басқа кәсіптен іздейінші демейді, керісінше өршелене түседі. Сапарбектің бастауыш сыныпта оқитын егіз қызына «қамқоршылар» да оңай жерден табылған; жеңіл мәшинелерімен ертеңгілік мектепке әкеліп тастап, аспай-саспай түстен кейін сол тұстан тосып тұрады. Әйелінің тілін тапсам дейтіндер алым-берімсіз көди-сөди әңгіме айтып, дүкенге бірге барып, бірге қайтады. Десе де Сапарбектің діні қатты, кез-келгенге жібімейді, иілмейді. Осы қызметке келердегі уәдесінен қия баспайды. Аудан әкімдері де оны осы мінезі үшін жақсы көреді. Қабылдауға жазылғандардың еститіні жалғыз жауап: «Бар мәселені Сапарбек шешеді, бар билік соның қолында!»
Басшының бағдарламасы баршаға белгілі. Теңіз жағасының құмды шаңдағын жұтып, не көрсек де осы елмен біргеміз дейтіндердің бала-шағасы бірінші кезекте. Оларға сөз жоқ. Ал ана жылдары топырағы құнарлы, жеміс-жидегі жыл бойы үзілмейтін өлкелерге үдіре көшкендер кіші теңіздің дүңкілдеген жарнамасынан соң өп-өтірік: «өлдік-талдық, атамекенді өлгенше сағындық, өлсек сүйегіміз осында қалсын» деп қайта айналып соққан-ды. Сапарбектің мұндай лирикалық әңгімеге құлағы үйренген. Уәденің аты – уәде. Тоқ етері – құм жағадан алыс ұзамаған ағайынға берілер «лимит» шектеусіз.
Өстіп отыра береміз бе, жасырынбақ ойнап?! – Кооператив басшысының тырнағы жайдақ үстөлге қаттырақ тиді, – шұғыл жиналайық деген өздерің.
Дәстүрді бұзбайық, – деді №2-ші зауыт директоры Бақберген Аяпов.
Ол қандай дәстүр?
Жол үлкендігі.
Үсенгелді Мырзашев, сөз сізде ендеше.
Оққа байлағанды қоймайсыңдар-ау түгелер! – Етжеңді кісі үстөлдің қырына қарынын тіреп, әрең көтерілді, – ертең бірнәрсе болса, бастамашы Мырзашев еді деп шыға келесіңдер-ау сүттен ақ, судан таза боп.
Неден қорқасыз?
Қорықпағанда, мұның артында қандай күштердің бұғып жатқандығын кім білген. Күтпеген зауал төнді басымызға!
Үсеке, орағытпай турасына көшсеңізші! – деді №3-ші зауыт директоры Балтабай Рақметов быртиған сусағымен тып-тықыр басын сипап.
Мәселені қабырғасынан қойсаң, сен немене, қой бағып отырсың ба?!
Әне, ел ағаларына бірдеме айтсаң осы…
Батыр екенсің, ал баста, сөзге шешенсің оның үстіне.
Жаяу керісті доғарыңдар, – деді Сапарбек,– кеңірдектеріңе кездік қадалғандай, бұл не үрей сіздердікі?!
Құлдығым-ау, үрлей бер жағы ғой, бұл ақырзаман осымен бітсе жақсы! – Мырзашевтың дауысы жарқыншақтана естілді, – Ертең банктен алған несиемізді жаба алмай жүрмесек… Бір емес, екі емес, осымен үшінші рет… теңізге төккен ауымыз пырым-пырым. Акула пайда болған ба, әлде кит кіріп кетті ме?! Осы күні бірнәрсеге таңғалу күнә. Арал мен Каспийдің арасын жалғап жатқан арна бар дейші еді. Акула сол арқылы кіріп кетпесе… Аяқөткелге құрған ауымыздың саутамдығы жоқ. Соқыр торта ұстамадық бір апта бойы.
Қорытынды пікіріңіз?
Мен де қайбір қорытынды пікір бар. Ауға балық түспесе, тордың ту-талақайы шығып тілінсе… Айдың-күннің аманында бізге жаулық жасайтын адам қарасын да көріп тұрғаным жоқ.
Мұны адам қолымен жасалған жауыздық дейсіз бе?
Жауыздық болғанда да мұнан артық жауыздық бола ма?! Бала күнімізде ауды жайын жыртып кетіпті дегенді естуші ек…
Бұл пікірге жатпайды, ертегіге елтитін уақыт тапшы. Нақты?!..
Нақты айтсам, бұл адам қолымен жасалған айуандық! Іс насырға шаппай тұрғанда жұдырықтай жұмылып, күш біріктірейік.
Адам қолмен жасалған жауыздық болса, күдіктенетін, күмәнданатын біреуіңіз бар ма?!
Желкесінен қылғындырып ұстамаған соң, кімге тиісерсің… Оу, қараулықтың да жөні болушы еді ғой. Ауды қиып кетудің аржағында не жатқанын түсіне алмадық.
Мырзашев мырза істі қиындатпай, не істеу керектігін айтты ғой, – №4-ші зауыт директоры Ақберген Тұрсынов ешкімнің қолқалауынсыз орнынан ұшып түрегелді, – Үсекеңді сәл-пәл толықтырайын. Акула арамызға кіріп кетті ме деп, бала секілді қиялдауды қоялық. Акула өз арамыздан шықпасын.
Не, бұл не сандырақ?! Арамыздан шыққан акуланы ұстап беруге қауқарың жетпесе, артыңды қыс! Дәлелің болса, оныңды айт! – №2-ші зауыт директоры белсенділік танытты. – Басқасы-басқа, ауда не жұмысы бар құдай соққанның! Барсакелместің оң қапталына төккен аудың бой-бойын шығарып тіліп тастаған. Апандай-апандай тесік, апандай тесікке балық түсе ме? Сапарбек шырағым, біздегі жағдай осы. Не істерімізді білмейміз. Бүйте берсе жоспардан шыға алмасымыз ол анық. Келісімшартты қайта қараймыз ба, қайтеміз?!
Оған үлгерерміз. Бір әрекет жасау керек қой, мына берекесіздіктің алдын алуға.
Ауданнан, төтенше жағдайдың шұғыл отрядын шақыртайық. Теңіздің төрт бұрышына қарауыл-күзет қойсын. Осы берекесіздік бір адамның қолымен жасалып жүрсе, ол өмір бойы түрменің төрінде шірісін!
Әзір асықпайық. Төтенше жағдай жарияланса бізге де оңай соқпас. Дабыра жасамай, аңдысын аңдайық. Сарғыш түсті газетсымақтардың күткендері осы. Бір-ақ күнде жалаулатын әкетеді. Сосын одан жуық маңда құтылып көр. Шетелдік әріптестеріміз бізге қырын қарамаса…
Тоқтаңдаршы, – деді №3-ші зауыт иесі жерден жеті қоян тапқандай өрікпіп, – Тоқтаңдаршы! Біз ғой манадан бері қызылкеңірдектесіп, айтысып жатырмыз. Ал мына Жасан Әлібеков аспаннан түскендей, сөзге де араласпайды. Өзімен-өзі. Осы мықтыны тыңдайықшы алдымен.
№1-ші зауыт директоры Голливудтың шым-шытырық киносын көріп отырғандай, әріптестеріне біртүрлі сенімсіздікпен көз қырын аударды. Мыналардың ауызләмдері қорқынышты. Дүңк-дүңк! Түрменің түбінде шірітеміз деп әлі ұсталмаған айыпкердің статьясын мойынға іледі. Өз жағдайына келсе түк болмағандай. Сарытереңнің қолтығына төккен аулары дін аман. Балықшылары көңілді. Жылымдары майлаған. Бір тартымнан жүз елу центнер балық шығыпты… Қап, аңғал басы-ай! Тілін кесетін де адам жоқ. Бар сырын ақтарып несі бар еді. Елден ерекшеленбей, осылардың дүрмегіне қосылып, бірге шапсашы. Ол суыққол мұның ауына неге тиіспейді? Бұл сонда қайдан шыққан дөкей?! Әлде әлгімен ым-жымы бір ме? Осының айтағымен істелген қараулық боп жүрмесін. Төңірегін шаң қаптырып, жыл соңындағы сый-сияпатқа бірден көміліп қалмақшы. Иә, көміледі, көмілдіреді мыналар! Тоқтай тұрыңыз! Өзіне де сол керек! Қапелімде жердің тесігіне кіріп кететіндей қипақтады. Маңдай тері бұрқ ете түсті. Өзі келіп қолға түскен тұтқындай, мына ашқарақ көздердің сұғынан қаймығып, кейін шегіншектеді. Ақымақ болған түрін қараңыз! Жүз елу центнерде несі бар еді десеңші! Ұсталғанда да оңбай ұсталды…
Сарытереңге әлі шөбі түсе қоймаған-ды Есбергеннің. Өзімен бірге келген жанармай түгесілуге таяу. Жергілікті жігіттерге сауын айтқысы келмеді. Қаладағы кіші ұлымен хабарласқан. Сапалы майсыз елу аттық күші бар жаңа моторды қинау күнә. Бүгін-ертең келіп қалар… Төтенше жиналыс түннің бір уағына дейін созылды. Айтысты-тартысты. Соңғы мәміле мынау: – Бұл адам қолымен жасалған қылмыс. Торды тесіп шығатын жыртқыш балық кезікпейді бұл маңнан. Қаруланған төтенше жағдайдың бір топ әскерилерін шақыруға бір ауыздан уағдаласты. Әркімнің ойында шешілмеген бір жұмбақ… Есбергеннің жүріс-тұрысы туралы ешкім жарытып ешнәрсе айта алмады. Қауға тиген өрттей ие бермес деп қорықты.

* * *
Төтенше жағдайлар комитетінің атышулы «Қаршыға» отряды аса бір қауіпті оқиғалар шектен шығып бара жатпаса, анау-мынауға килікпейді. Бойларын таза ұстайды. Отряд мүшелері де талай сында шыңдалған өңшең сайыпқырандар, дені спортшылар, әскери борыштарын аман-есен өтеп, елге оралған соң осында қабылданған запастағы жауынгерлер. Көбісінің ережесіз жекпе-жек, каратэ, таэквондодан алған разрядтары бар. Мінездері салмақты. Ауыл арасындағы бірді-екілі тентектің шекеқызбай төбелестеріне жоламайды. Ал жазатайым жазықсыз байғұстарды көзбе-көз жәукемдейтін бұзақылардың үстінен түссе, қолға іліккендерінің әкелерін танытып, түтіп жейді.
Сөйткен жүректілерден құралған топтың теңіз жағалауына табан тірегендеріне бүгін екінші тәулік. Моторлары мықты. Елу аттық күші болмаса да, нысанаға іліккендер қашып құтылмайды. Жеңіл-желпі қару-жарақтан да құралақан емес. Кешелі-бері кіші теңіздің қуыс-қолтығын түгел аралады. «Ұры» ұсталмады бәрібір. Осылай қарай жүрердегі екпіндері тау жығардай еді. Ары кетсе жиырма төрт сағат. Айыпкерді одан әрі еркелете алмас. Одан әрі созғыласа өздеріне деген сенімге селкеу түседі. Селкеу күдік тудырады. Жағалауға жақын қамыс қопаның арасы ұядай. Жылы болғаны бар болсын, жаудай қаптаған қара масасынан-ақ ығырың шығады. Жан сақтауың екіталай. Күртешені басыңа бүркеп, қайықтың белағашын жастанып, көз шырымын алуға жаныңдағылардан қысыласың. Осындайда жел соқпай дымыңды құртатын әдеті. Жел көтерілсе маса азаяр ма еді. Тұс-тұсқа дүрбі салатындар да жалыққан. Теңіз бетіне қанша үңілгеніңмен көретінің бірін-бірі қуалаған соқпа толқындар. Екі-үш мәрте «аттандағаннан» түк өнбеді. Жігіттердің де әдеттегідей емес, бірін-бірі қажаған қалжыңдары да сап басылған. Неге келдік дейтін секілді көпшілігі. Балық зауытының басшылары: «Жоспар көлемі күрт төмендеді. Құрал-сайманның саутамдығы қалмады. Апандай тесікке балық түсе ме? Жау бетін қайтаруға көмектесіңдер! Қылмыскер ұсталған күні келісімшартқа қол қоямыз. Қаржы біздің есебімізден…» дегеннен кейін тұра шапқан.
Көзге көрінетін қара болмаған соң, айдалаға далақтап арамтер болып қайтеді. Балық зауытының басшылары да жарытып ешнәрсе айтпайды. Бір адамнан ғана күдіктенеді, оның өзі долбар. Қолға ұстайтындай айғақ-дәлелден мақұрым. Ал егер сол болса, онда күдіктінің атақ-дәрежесі аспан тірейді.
Т…ыс…с! – Қалмахан дейтін жігіт осы өңірдің тумасы. Әрі №3-ші балық зауыты директорының туған інісі. Жағалаудан суыт хабар түсісімен үлкен бастыққа кіріп, бар жайды түсіндіріп, бұлардың жолға шығуына түрткі болған да осы азамат.
Бұғыңдар! – деді жау тылына аттантын жолбарыстай. Ашқарақ көздер жағалауды жаулады. Құдай болса да қылмыскерді ұстағандары абзал. Бала-шағаларын сағынды. Есбергеннің ап-ауыр моторды иығына салып, жағаға жеткен бойда қайықтың құйрығына қондырып жатқандығын бәрі көріп отыр. Асықпайды. Маршрут белгілі. Үшшоқы төңірегін өткен жолы жел көтерілді де асығыстау аралаған. Белуардан өскен балдырға әбден көңілі толды. Бауырын төсеп, әудем жерге дейін балдыр арасымен жүзіп барды. Ішін ит жегір, үлкейгендіктің белгісі ме бұрын су астында қамсыз-мұңсыз демалмастан жүзе беретін. Су кірмейтін қол сағаты төреші. Анау-мынауға сыр бермейді. Адам-ау, өзінің де іздеп жүрген балдыры осы ғой. Балдыр болғанда қандай! Денеге майдай жағады. Және сенімен тілдескендей ақ үрпек шашақтары үздік-создық тербетіледі. Балық балдыр өскен аймақты айналшықтайды. Азот қышқылы бірден-бір азық. Балдыр арасында жүзген балық тез оңалады. Тек әлгі аты өшкір қытай аудың тор көзіне түсіп қалмағай!
Үшшоқы – кіші теңіздегі ең терең аймақ. Тереңдік алпыс метрге жуықтайды. Балықшылар бұл төңірекке әзір маңайламайды. Қыс түсіп, мұздың қатқанын күтеді. Мұз үстінен балық аулаудың да өз қызығы өзімен. Қыс айларында үлкен балықты қолға түсіру ыңғайлы. Қыстық ау ерекше шеберлікпен тоқылады. Жібі жуан, дауылға көп есілмейді. Мұздың қалыңдығы құшаққа жетер. Мұз үстіндегі тау боп үйілген балықты көргенде алыпсатарлардың алақандары жиірек қышиды. Таңдауға мүмкіндік мол әрі шаруаң да тез бітеді. Шынжыр байлаған мәшиненің доңғалағы таймайды, көзді ашып-жұмғанша жағалаудың қара жолына тырнақ іліктіресің де, қыр асып жоғаласың. Жергілікті полицияның да есебі түзу, алыпсатарлықты ауыздықтау басты міндеттері болса да, суқараңғы… дым көрмейді. Ең құрығанда бір-екеуін тоқтатып, құжаттарын тексерсе екен-ау! Құда да тыныш, құдағи да тыныш.
Қашан көрсең де ойықтың маңайы құжынаған мәшине. Оу, ың-шыңсыз аяқталған шараны «атап» өтпегендері қалай. Бизнесмендерден қалған қылмойындар мұз үстіне қаз-қатар тізіледі. От жағылады. Ыстық суға бір малып алған қытай лапшасы таптырмайтын «зәкускі». Күрешкілер сарт-сұрт, ағыл-тегіл тостар. Бірін-бірі мақтаған көпірме сөз. Қызып алған әлдекім күртешесін мұзға атып ұрып, керзі етіктің өкшесін көтеріп, шат-шадыман биге көшеді. Оған екіншісі, үшіншісі қосылады. Мұз үстіндегі «концерт» қараңғы түскенше бір басылмайды. Бірақ кіші теңіздің ыңырсыған аянышты үнін еститін құлақ құлыпта.
Есбергеннің жүзеге асырсам деп жүрген бір арманы осы. Мұз астымен «бишілер қауымына» жақындап келеді де, динаменттің құлағын бұрап кеп жібереді. Гүрс-гүрс жарылыстар… Жұрт тұс-тұсқа тырағайлап қашады. Мастардың естері шығып, мұз ойыққа аяқтарын тығып алып, тырнақтарының көбесі сөгілгеніне қарамай, жан дәрменімен жылтырақ мұзды тырналап, сүйретіліп жағалауға әзер жетеді… Япыр-ау, бұл не масқара?! Сонша жылдан бері мұндай сұмдықты көріп тұрғандары осы! Теңіз астындағы бұл қайдан тап болған құбыжық?! Және оның кенеттен, беймезгіл уақытта жарылуы қалай?! Не жаздық, кімге ұнамай қалдық? Су астынан пайда болған төтенше жарылыс ешбір ғылыми байламға сіңіспейді. Бір кездері суға батқан кеме палубасындағы бомба жарылды ма дейін десең, оған да тұяқ іліктіретін айғақ шамалы. Кіші теңіздің қу тақыр жерден пайда болғаны кеше ғана. Мына дүниенің қызық-шыжығынан құтыла алмай жүрген кім бар? Тегін келген теңгесінің атасына нәлет! Қарасу ішсе де отбасында бала-шағасымен қауқылдасып, көңірсіп отырғандары мың артық. Кіші теңіздің құпия-жұмбағы көбейіп барады күн өткен сайын.
Мұнан соң жүрек жұтқан балықшылардың өзі баяғыша бірден теңізге лап бермейді. Аяқтарын санап басады. Санап басқан сайын Аллатағалаға сыйынудан да бір тынбайды. Сырттан келушілердің де күдігі күшті. Табиғаттың дүлей-күші – қалтаңдағы тенгенің көп-аздығымен санаспайды. Қақ айырылған мұз астындағы күркіреген қара су жүк мәшинеңмен бірге құрдымына жұта салса қайтпексің?! Сосын жата бер жаз шыққанша балдыр арасында бір уыс боп! Су астына сүңгіп, сүйегіңді алып шығатын водолаздар мұндай шараға құлықсыз. Себебі, балық зауытының жұмысшысы дейтін құжатың жоқ. Оның үстіне, кіші теңіздің болмашы байлығына құныққан жырындысың! Қу құлқынның құлысың! Қалта телефондардың «өңештері қып-қызыл», бұлар: «мұз үсті қауіпті, балықты жағаға шығарып беріңдер» дейді; балықшылар одан бетер қыңыраяды; «шағарып береміз, бірақ пұлы екі есе қымбаттайды». Қалай дегенде де жұрт аң-таң. Қаңтардың қақ ортасында мұз жарылды. Жарылыстың күштілігі сондай, жағадағы кейбір қақыра тамдардың терезелері күл-талқан. Дүмпудің дауысы да күншілік жерден естіліпті-міс. Ерекше күтімге алынып, бір-екі жұманың аржақ-бержағында боталауға тиіс-ау дейтін іңгендер қораның басынан бір-ақ секіріп, бастары ауған жаққа бошалап кетіпті-міс…
Жарылыс енді қайталана ма, қайталанбай ма? Бұған кепілдік беретін тірі жан жоқ. Есберген дәрісі көп салынған екінші динаментті көзден тасалау қуысқа апарып тығады. Үстін ескі-құсқымен бүркемелейді. Есбергеннің моторлы қайығының құстай ұшатындығынан «қаршығалықтар» толықтай хабардар. Оған тіреліп тұрған түк жоқ, егер қылмысы дәлелденсе Көнебөгендегі үйінен-ақ ұстап әкетеді. Ал қалай, қайтіп ұстайды?! Міне, мәселе қайда?! Есберген Жұмасұлтанов көп балықшының бірі болса сөз бар ма?! Ол үшін масаға таланып, жасырынбақ ойнап, не бастарының іскені. Бірден, қылмысы дәлелденсе қолға бірден кісен салмас па? Ал Есбергеннің тұлға-бітімі – тау, асқақтаған асқар тау! Былайғы жұрт Есбергеннің қолын алуға зәру, бұлар болса оны қылмыскер деп қолына кісен салып, айдап әкетпек?! Ақылға сия ма? Осының соңы маңдайларына тиетін ауыр соққы болып жүрмесін! Арттарына қарамай әлектенгеннен сау ма? Тас түрменің қалайы табақшаға құйылған сұйық сорпасы оны емес, өздерін күтіп жатпасын! Анау-мынау емес, Есбергенге облыс басшысының өзі аттан түсіп, сәлем береді.
«Қаршығаның» жігіттері бір-бірінің жүздеріне ұрлана қарайды. Жүректің соғысы дүрс-дүрс, кеудені қақыратып тура қашатыннан әрі. Есберген айыпты болғанның өзінде кім оған батылы барып, мән-жайды түсіндіре алады. Су астына түсіп, қылмысын дәлелдейтін кім бар?
Әне, кетті! – деп Қалмахан пласмасса қайықтың еденін тепкілейді. –Баратын жеріне барып алсын, артынан қуып жетеміз.
Сосын?
Не сосын, су астына түнеп қалмайтын шығар.
Суға кім түседі?
Суға түсудің қажеті қанша?
Суға түспесең, бұлтартпайтын дәлелді қайдан табасың? –Қожакелдінің Қалмаханды атарға оғы жоқ; «Пәлені өзің бастағансың, енді өзің аяқта!» – Кәне, суға кім түседі?
Тым-тырыс. Қожагелдінің «Қаршығаға» сіңірген еңбегі өзгелерге қарағанда қомақты. Сондықтан өктем-өктем сөйлеуге құқылы. Шегінетін де амал қалмады. Кінәсі болсын, болмасын Есбергенмен қазір жүздеседі. Түйін сол кезде тарқатылады. Не бел, не белбеу кетеді.
Суға сен түсесің! – деді бұйрық бергендей Қалмаханға сұқ саусағын шошайтып.
Мен! – Ол мұндай үкімді күтпесе керек, қайықтың ернеуіне сылқ етіп отыра кетті. – Үшшоқының тереңіне шыдамаймын.
Неге? Мен жағалаулықпын, балықшының ұрпағымын деп төс сабалайтын едің ғой.
Балалық қой барлығы. – Дауысы бәсең, – тайыз жерге шомылғаным болмаса…
Дегенмен тәуекел жаса!
Жо-жоқ, о не дегеніңіз, Үшшоқының терең тұсы иірімге толы. Иірім адам түгілі үлкен кемені жұта салуға дайын. – Бұтына жіберіп қойған баладай көздері жыпылықтады. – Балаларым әлі жас, алды мектепке де барған жоқ.
Есбергеннің қайығы бұлардың тұсынан зу етіп өте шықты. Қамыс тасасына жасырынғандарды көрді ме, көрмеді ме, оған мән бермеген сыңайлы. Отырысы нық. Рөлді жалғыз қолымен ұстаған. Екінші қолымен күн салып, төңірегіне шолу жасайды. Теңіз беті мана айна секілді жалтырап жатқан-ды. Енді қарасаң, ыбыр-жыбыр, теріскейден соққан желдің ықпалына еріп, майда толқындар жалдана бастаған. Аспан бұлтты. Үшшоқыны бетке алған балықшылардың қарасы шамалы. Төрт бірдей зауыттың балықшылары құмырсқадай қаптап, бір мезгілде шығар болса кіші теңіздің түгін қоя ма? Онсызда балық қоры азайған. Жанында күнделігі. Қалың дәптерге түскен жазулар көңілге күдік ұялатады. Сарытерең мен Аяқөткелде торта-тобырдан басқа түк жоқ. Жылымды жиі қайырған соң ұлтандағы балдыр біткеннің күні қараң. Көп жер таздың басындай тақырланып қалған. Өмір бүгінмен тұйықталмайтын болар, ертең ерте көктемде балық біткен тайыз жағалауға «шабуылдайды». Бауырларымен жер сызып, уылдырық шашады. Уылдырықты жеп кететін жыртқыштар да жетерлік. Балықтан аңқау, балықтан аңғал жаратылыс болсайшы!.. Уылдырық шашты бітті, одан арғысына бас ауыртпайды. Әлде теңіз-анамыз асырайды ғой деген түсінікке күмән келтіріп, табиғи заңдылыққа қарсы келмейік дей ме кім білсін. Әйтеуір, мезгілінде уылдырық шашып, табиғи үйлесімділілікті сақтайды. Ендігісі теңіз жарықтықтың еншісінде!..
Есбергеннің есіне әлдене түскендей, рөлді екі қолымен тежеп ұстады. Жүйрік қайық қарсы келген толқынды қақ бөліп, ілгері ентелейді. Егер Үшшоқыны бетке алғандар кезіксе мұның тілін ала ма, алмай ма бәрібір, жандарына жетіп барып, кері қайтыңдар дегенді ежіктеп түсіндірмекші. «Үшшоқы сендер үшін үлкен қорық. Қорыққа қамқор болар-ды есті кісі. Байлығы да сендердің ертеңгі несібелерің. Кішкене сабыр сақтаңдар, мұз қатсын. Бұйырған нәпақа ешқайда қашпас!» Балықшылар арасында да басбұзарлар жетерлік: «Бізге ақыл айтатын сіз кімсіз, көкесі?! Үшшоқының балығын қашан аулаймыз, ол біздің шаруа. Ал сіз ғылыми жұмысыңызды жалғастырыңыз да, тездетіп тайып тұрыңыз!..»
Әрине, мұндай қатқыл үкімді Есберген де тыңдамас еді. Естіген құлақты кесе алмайсың. Ашу мұрын ұшында. Жүйкенің сабырлы қалыпқа түсуін біраз күтеді. Дірілдеген саусақты бөксесіне басып, қыртыс-тыртысты сөйтіп жазып алуға шеберленген. Артынша әлгі «батырдың» қайығын байқатпай соткасына басып алады: «Тарта бер, алдыңнан жарылқасын! Теңізде Есбергеннің тұяғы тимеген қайран қалды ма? Ауды қай маңға төксең де құтылмайсың. Жыртылған ауға соқыр торта түспесе, өзіңе өкпеле!»
Терең тұсқа келді де дереу көшкі тастады. Балдырлы аймақты армансыз араламақшы. Балдыр арасындағы тыныштықты суға сүңгіген ғана біледі. Көк орай шалғын мәуелі бақтың ортасына түскендей, шабыттансың бір сәтке. Жұлын-жүйкең босаңсиды. Ақселеу шашақтары тұла бойыңды «армансыз шабақтайды». Басыңдағы бөтен ой, ағзадағы қорытылмай қалған қалдық балдыр арасына шым батқаннан азат. Дүниеге жаңа келгендей жеп-жеңілсің. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, салмақсыздық дәрежесін сезінетін аспандағы ғарышкерден аумайсың. Әрине, Есбергеннің шат-шадыман көңілін суға түспегендер қайдан білсін. Оларға таңғажайып ертегі айтқан тәрізді болар. Жә-жә, біреуге есеп беремін деген уәдесі бар ма?! Балдыр арсындағы әсерді тірі адаммен бөлісуге де қошы жоқ.
Тереңге сүңгіген бойда әлдекімдердің дабырласқан дауыстарын естіп қалды. «Сендерге кім керек?» деп су бетіне сопаң етіп шыққысы келіп тұрды да, сәл ірілді. «Қуғыншылардың» өзі туралы өсек гулетіп жатқаны онсыз да белгілі ғой. Есберген оларға беретін жауапты да күні бұрын жұптап қойған. Тек сабырлы қалпынан айнымағаны абзал. Су астына сүңгитін адам өзгелерге қарағанда таза, жан-дүниесі періштедей пәк, балдыр арасынан бойға сіңірген дәруменді пенделігі ұстап, күнделікті кәкір-шүкірге айырбастап жібермесе – Есбергеннің өзгелер таңғалатындай мықтылығы сонда! Жо-жоқ, Есбергеннің тірілер алдында тырнақтай кінәсі жоқ. Ендеше, қашқын құсап, не үшін жасырынбақ? Кәне, жекпе-жек, айтысқа дайындалыңдар! Есберген жүз метрдей қашықтан басын қылтитты. Моторлы қайығының жанындағыларға жайлап қана жүзін бұрды. Жел кәдімгідей көтерілген. Дәу толқындар қос қайықты ағаш жаңқасындай қақпақылдайды.
–Ассалаумаәлейкүм! – Екі жігіт қосарлана қол ұсынды. Олардың көмегін қажетсінбеген Есберген қайық ернеуінен мықтап ұстады да, ішке қарай бір-ақ секірді. Су сінген денесін ақ сүлгімен асықпай сүртінді. Шашын тарады. Жейде ауыстырып киді. Шақырусыз келген қонақтарға бірден қатулы қабақ танытпады. Үшшоқының бергі құламасындағы бірі қонып, бірі ұшып, тамақтан өтер бірнәрсе табылса бәрі жабыла кетіп, азан-қазан боп жататын «Шағалалы» шатқалына мерейлене көз тікті. Өзін барынша салмақты ұстауға тырысты. Мыналармен жағаласа кетіп, ұрыс-керістің көрігін қыздырғаннан қандай ұшпаққа шықпақ?! Және онысы Есбергеннің атақ-абыройымен үйлеспейтін тірлік. «Сендерден мына шағалалар әлдеқайда қайырымды. Ешқашан жағалауды жау қолына тастаған емес!»
Иә, не ғып суыт жүрсіңдер?! – деді Есберген қайықтың белағашына ұшатын үкідей қонақтап отырған «қонақтарға».
Біз…біз алдымен сізге әлем берейік деп… – Қожагелді үлкендігін танытты.
Бұларың жөн, бұларың тәрбие көргендіктің белгісі! – Есберген де солардың ығына жығылды.
Есберген Жұмасұлтанович, сізді ел сыйлайды, осы отырған бәріміз де сыйлаймыз. – Қожагелді мәселені төтесінен қоя алмай біраз қипақтады, – Балықшылардан түсіп жатқан арыз-шағым шашетек.
Олар не дейді, арыз-шағым не туралы? Қолдан келген көмекті біз де аяп қалмаспыз. – Есберген бір «ұпай» алып үлгерді.
Теңіз астында бір айдаһар жүрген көрінеді… Ау-құралды кез-келген жерден дал-дал айырып, кесіп кететін көрінеді. – Қалмаханның одан әріге шыдамы жетпеді.
Айдаһар! – Есберген әдемілеп қырылған қос самайын алма-кезек сыйпалады, – Ол айдаһардың бұған дейін ұсталмай жүргені қалай?
Міне, бізді де осы сұрақ қинайды. Айдаһарды тірілей ұстап, көзіне көк шыбын үймелетсек дейміз!
Сендер қызықсыңдар! – Есберген өзін-өзі қинап күлді, – Су астынан пайда болған айдаһарды су бетінен іздегендерің қалай? Әлде ара-тұра құрлыққа шығып, демалатын сәтін күтіп жүрмісіңдер?! Егер қолға түссе бірден ату жазасына кесіңдер! Алдымен балықшылардың қолдарына ұстатыңдар, әкесін танытып тепкілесін! Теңіз түбінде оған керектінің бәрі бар ғой. Ау-құралға тиіскені несі пәтшағардың?!
Сонысы батады біздің де жанымызға.
Естімеген елде көп. Мұны ұзақ созбағандарың мақұл.
Сіз үнемі су астына сүңгисіз. Сіздің онда қандай ғылыми тәжірибе жүргізіп жатандығыңыздың бізге қажеті шамалы. Жүргізе беріңіз. Бірақ ол пәлекеттің бірде болмаса бірде, сіздің көзіңізге түспеуі мүмкін емес қой. Немесе, қай тұстан қылаң бергенін шамаласаңыз да… Жынды болдық, қайдан іздейтінімізді білмей ит болдық! – Қалмаханның дауысы жарқын-жарқын естілді.
Сен кімнің баласысың, шырақ? – Есберген ауыл шалдарының рөліне көшті.
Өтептің.
Өтеп болғанда… бұл Бөгенде мен білетін үш Өтеп бар. Соның қайсысы?
Ізбасқанов Өтептің.
Е, сүй деп, дұрысына көшпеймісің!
Әкең жақсы адам еді жарықтық! Аздап шәлкем-шалыстау да мінезі болатын. Ең жақсы дүниенің иесі өзім болсам деуші еді. – Ары қарай тереңдегісі келмеді. Мына еңгезердей жігітті енді шырамытты. Туған бауыры осындағы бір зауыттың директоры. Есбергеннің елу аттық күші бар су жаңа моторына құда түскенде өтінішінің орындалмағандығына кәдімгідей қыңырайған. Қыңырайса қыңырайсын, ләппай тақсыр деп алдына жығыла салатын оңай шағылатын жаңғақты тапқан екен!
Егер құпия болмаса сіздің су астында немен айналысатындығыңызды білуге бола ма?
Бұл не, тергеу… әлде ағайынгершілікпен атылған базына ма?
Екеуі де.
Жоқ, екеуіне бірдей жауап бере алмаймын. Біріне тоқта.
Қалмаханның бөксесін біреу оңдырмай мытып алды.
Сұрадың, – Есберген жанындағыларға қуақылана жымиды, – Менімен су астына қазір сүңгитің қайсың бар?
Тағы да үнсідік. Қайық бүйіріне соғылған толқындар ғана мазасыз.
Неге үндемейсіңдер? Бірге сүңгімеген соң менің немен айналысатындығымды қалай білесіңдер?
Сізге сенеміз ғой… – Қожагелді Қалмаханның берекесіздігі үшін кешірім сұрағандай, қоңырқай дауысымен сөзге араласты. Есберген де қасарысуды артық санады. Көптен бері көкейге түйген өтірігін осы жолы ортаға тастамаса, одан кейін кеш. Өтірікті де жұрт сенетіндей қиюластырып айтпасаң өкінесің. Ән салатын кісіше тамағын кенеді: – Мені қинайтын екі нәрсе. Бірі, кіші теңіз түбіндегі Каспиймен жалғасқан ескі арнаны табу. Сендердің кіші теңіз бен Каспийдің суасты жолдарымен байланысатындығынан хабарларың бар ма?.. Әне, қатты айтсам, жатып кеп тулайсыңдар?! Есті кісінің жаңалықтан құлағдар болғаны жөн ғой. Каспийдің суы жеткілікті. Біздің болмашы көмегімізге пысқырып та қарамайды. Егер ескі арна ашылып кетсе, сорлайтын біз. Мамандарға ескертуден жағым талды. Бәрінікі бір сылтау, тереңге түссек тұншығып қаламыз. Сонда немене, мен сендерден ерекше жаратылған жан ба екем?! Бәріміздің жұтып жүргеніміз бір ауа. Ал сонан келгенде Есбергенді алға салуға шеберсіңдер шеттеріңнен! Жас жер ортасынан ауды, онымен де санаспайсыңдар!– Есберген өстіп бір тықсырып алды. «Сендер айтақ десе тұра шабатын арлан төбеттен аумайсыңдар» деген ойдың да ұштығын сездірді. Біразы төмен қарады. Екінші өтірігінің де «бас көтертпейтіндігі» ақиқат.
Екіншісін де естіп кетейік. – Дауыстың қай тұстан шыққандығын аңғармады.
Екіншісі дейсіңдер, ә?! Оны елге жайып, жар салмаңдар. Су астынан адамды қартайтпайтын дәрі іздеп жүрген жайым бар. Мұны естісе, әсіресе, менің құрдастарым көз жастарын көл қылып, үйден шықпас. Ол дәрі оңайлықпен табылып жатса не қылам, суға сүңгіген азабымды бұлдамай-ақ сұрағанын бере салар ем. Ит қылғанда көзге сирек түседі сол дәрісі құрығыр! Өзі де титімдей.
Маржан іздегендей десеңші.
Маржан іздеу бер жағы ғой. Кісіні қартайтпайтын қымбат дәрі балықтың желбезегіне жабысып жүреді де, ыңғайы келгенде балдыр арасына түсіп қалады. Онан гөрі балдыр арасынан ине іздеген анағұрлым оңай. Сендер өзі балдыр дегеннің не екенін білемісіңдер? Балдырдың қасиетін су астына түскен біледі.
Қолға іліккендері бар ма?
Бар деп те, жоқ деп те айта салған дұрыс-ау?! – Есберген түрегеліп бойын тіктеді.
Е, сіздің қартаймай жүргеніңіздің себебін енді түсіндік.
Жылы жымиған Есберген моторды от алдыруға ыңғайланды.

***
Ерте тұрғаны өзіне пайдалы. Қырып тастамаса да аяқ-қолын созып, жақтығу жасағанды жақсы көреді. Сосынғы алар ләззаты – сексеуілдің шоғына маңдайын тіреп, рақаттана шай ішу. Сексеуілдің шоғы ежелгі сырласы. Өткен өмірдің қызық-шыжығын еске түсіруге таптырмайтын тәсіл. Отқа қараған адам ойшыл, оның үстіне сексеуілдің шоғы іші-бауырыңды жылытып, айтылмайтын сырды да бері қарай тартып алады. Кешегі «қуғыншылардың» алдында сайрағандай, бұл жерде бір шымшым өтірік айта алмайсың. Есберген жібек халатының өңірін қаусырмалап, әлденеге таңданыс білдіргендей, басын шайқап, мырс етіп күлді. Өтіріктің де қапысы табылса, арасына сына қаға алмайсың. Түп-түзу, қолмен қойғандай бәрі. Есберген түгілі жіптіктей боп қызмет істеп жүргендердің өзіне сезіктене қарайтын «Қаршығаның» сайыпқырандарының да ауыздарын аңқайтып кетті. Адамды қартайтпайтын дәрі іздеп жүрмін дегені тура төбеден түсті. Кімнің қартайғысы келсін. Сол сабаздардың көкейінде де көп сұрақ кетті жауабы табылмай. Балық желбезегіндегі кісіні қартайтпайтын бір түйір дәрі талайдың түсіне кірген шығар сол күні-ақ. Есбергеннен сұрауға бата алмады. Бір ыңғайы келер деп, алдағы күндерден үміт үзбейді. Себебі, бірден жағаға жармаспастан теңіз үстінде Есбергенмен түсіністік жағдайда әдемі әңгіме өрбітті. Бұл әлгі дәрі туралы тақырыпқа қайта оралудың төте жолы.
Шайды асықпай, баппен ішті. Кіршеңдеу терезеге түскен күн сәулесі арқан бойы көтеріліп қапты. Аспан ашық. Бірақ теңізбен байланысқан тірлікте тыныштық жоқ. Желдің көтеріліп, айдын бетінің тас-талқан болуы қас-қағымда. Қайыс сөмкідегі қалың дәптерге өзі түсінетіндей бес-алты сөйлем жазды. Қолы тисе Барсакелмес аралын да араламақ. Атақты қорықтың қазіргі ахуалымен жақынырақ танысқысы келеді. Арал үлкен құрлықпен жалғасқалы бері бүйірден килігетін жау көп дегенді естіген. Мотоциклмен аң қуатын браконьерлердің көздері түк көрмейді. Қазір қорықта әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Қорықшы есебінде тізімге жазылып, ай сайынғы еңбекақыларын алып тұрған «жатып ішерлердің» кімдер екенін Есберген жақсы біледі. Көбісі аудандағы атқамінерлердің туыс-тумалары. Ара-тұра «кукурозникпен» барып, көже-қатыққа жарайтын аң-құстарын аулап, көңілдерін бірлеген соң обал-сауаты да ұмытпай, бірер апта тыныш жатса сөз бар ма?! Елге келген қалталы азаматтар музей араламайды, теңіздің көрікті жерлерін көруге де құлық шамалы. Есіл-дерті –Барсакелмес. Егерлер қолдарына тиген бес-он теңгені малданып, дыбыс шығармайды. Аралдағы жабайы аңдар бес-алты мылтықтың түтін құсқанына қыңқ демейді. Одан қарақұйрықтың саны азаймайды.
Есберген теңізден тысқары тірлікке араласпайын десе де, мойны құрығыр солай қарай еріксіз бұрыла береді. Кейде күледі, кейде өз-өзіне ұрысады. Не істеп, не қойып жүргендігін білмейтін бәдәуи. Құзырлы мекеменің тапсырмасымен шапқылап жүрсе, ертең аудан орталығына барған соң шіренген шенеуніктер басқосқан жиында теңіз жағасынан көрген-білгендерін тізіп, есеп беріп жатса, қандай жарасымды! Есбергеннің Көнебөгендегі қақыра тамда өткен өмірі сонда ақталар еді толығымен. Күнделіктегі мына жазбалар мен жобаларды кімге көрсетеді? Барсакелмеске қай тұстан барғаным дұрыс деп, бас қатырып отыр осы тұрғанда.
Орнынан ұшып түрегелді. Қақыра тамның едені сыз. Көп жүрсе табанынан ызғар өтеді. Дәу жұдырығымен сылағы түскен қамыс қабырғаны солқ еткізді. Кіршеңдеу терезенің әйнектері дірілдеді. «Өз ар-ожданым, мөрі бар, жарғысы бекітілген мынау деген мекемеңізден мың есе артық!..» Көрдіңіз бе, ағып тұрған шешен! Күнделік жазғалы бері талай дүниелердің өздігінен құйылып келіп, қағаз бетіне түсе қалатындығына қайран. Бұрын мұндаймен шаруасы жоқ-ты. Көнебөгенге келгелі жаңа қыры ашылды. Керек десеңіз, өлең шумақтарының да тіл ұшын түртіп тұрғандығын жасырмайды. Осы әсерлерді жасау-жабдығы келіскен, ауласы бетон қоршаумен қоршалған, есігі кнопкамен ашылып-жабылатын үш қабатты коттедждің қақ төрінде, қайыс диванда шалқайып жатқанда кезіктірсе қайда қалды?! Әне, олжа дегенді айтпаңыз! Көнебөгендегі мына қақыра тамды ата-бабасының рухы көтеріп тұр! Рух – жем ұсынғанның алақанына қалбалақтап қона кететін ақ кептер емес! Рух таза ниетті жандардың жүрегіне ғана қонақтайды. Яғни, атажұрттың келешегіне тырнақтай болса да «өз менін» қалдыруға тырысқан Есбергенді де адаспай іздеп тапты. Енді осы олжадан көз жазып қалмағай! Дұрыс, дұрыс-ақ сол коттедждің төргі бөлмесіне жайылған кең дастарқан басында шалқып-тасып отыратын Есберген қандай, қақыра там ішінде сексеуіл шоғынан көз айырмайтын мына Есберген қандай?! Қалай дегенде де сексеуілдің шоғында бір құдірет бар!
Есберген бүгін ешкімді күткен жоқ-ты. Пошташы келіншектің кезегі келер апта. Топсасы босаған тақтай есік сырт етіп ашылды. Бірінің артына бірі жасырынған жас шамалары он алты-он жетідегі бойжеткен мен бозбала ұялшақ. Кібіртіктеп ішке әрең кірді.
Ал жақсы келдіңдер, шайдың үстінен түстіңдер, жоғарылаңдар! Қай сыныпта оқисыңдар? – Есберген жайдары. Сұрақты да үсті-үстіне төпелейді. – Асықпаңдар, қонағым боласыңдар, балық асамын… Сендер ондай балықты әлі жеп көрген жоқсыңдар. Сазан болғанда қандай! Қазір балықтың оңалатын мезгілі.
Бірінің артына бірі жасырынған екеу есік көзінде әлі состиып тұр.
Сендер немене, қырдағы қойлы ауылдың балалары құсап… Балықшының балалары да өстіп ынжық бола ма екен, а?! – Есберген намыстарын қамшылады білем, бойжеткеннің жебе кірпіктері дір ете қалды.
Асығыспыз!
Бәли, қайтарда пойыз күтемісіңдер?
Жо-ға, жаяулап…
Ендеше дәм ауыз тиіңдер. Немене, қазір сабаққа барамысыңдар?!
Мұғалімдер бүгінгі сабақтан босатқан.
Сол мұғалімдерің үлкен кісінің үйіне барғанда тікелеріңнен тік тұрған күйі шығып кетіңдер деп үйретті ме?
Жо-ға… – Қыз баланың ептеп тілі шығайын деді. – Сол үлкен кісілер де қызық кейде.
Көп сөйлей ме?
Жо-ға, берген уәделерін ұмытып кетеді күн айналмай. Есіне қайта түсіруге тура келеді артынан.
Есберген ошақ аузына жақындады. Екі балаға екі кесе шай ұсынды. Кімге уәде бергені еске түссеші! Уәде беретіндей ешкімнің үйіне бас сұққан жоқ-ты. Қазекемнің қанына сіңген әдет. Қонаққа шақырады. Барын алдыңа қояды. Иіліп-бүгіліп қызмет істейді. Алдыраз болсын деп тысқа беттейсің. Кенет үй иесі қипақтап, желкесін қасиды: «Оу, айтсаңшы, тыныштық па?» «Тыныштық… әлгі жаман баланың жұмысқа тұра алмай жүргені. Үлкен қызмет күтпейді, қара жұмыс та жетеді. Балық зауытына кірсе…»
Бірақ Есбергеннің мақұл деп біреуге тіс жармағаны анық.
Сіз…
Иә, мен.
Тірі жүрсем, кездесуге міндетті түрде келемін дегенсіз. Оны жұрттың бәрі естіді. Мектептегі кездесу өтетін күн бүгін. Ал сіз тараптан барамын, не бармаймын деген хабар жоқ. Сосын…
Кездесудің тақырыбы белгілі ме?
Белгілі. «Есберген Жұмасұлтановтың өнегелі өмір жолы».
Бәли, мен не айтамын сонда? «Өйтіп едім, бүйтіп едім» деп мақтануым керек қой шамасы?
Жо-ға, оқушылардың дайындап қойған сұрақтары бар.
Саясат болмасын, әйтеуір.
Соларға жауап бересіз.
Болды ма?
Болды. Кеш біткен соң сельсовет жеңіл мәшинесімен осында жеткізіп тастайды.
Оны қайдан білесіңдер?
Айтты ғой.
Бозбала бойжеткеннің құлағына әлденелерді сыбырлады.
Айтпақшы, Сержан көкемнің үйінде сізге арнап қонақасы беріледі.
Оның кім еді?
Ақсақалдар алқасының төрағасы. Апамдар кешелі-бері сол үйде. Қой сойып, қуырдақ пісіріп…
Босқа шабылу ғой.
Сіз қолға түспейтін қонақсыз.
Есберген егеудей саусағымен самайын сипалады: – Маған да шегінетін жер қалдырмапсыңдар. Барайын… тек сендер үшін. Қонаққа… білмеймін. Директорларыңа ескертіңдер, кездесу ұзаққа созылмасын. Бір сағатқа талай нәрсе сияды.
Егер кездесу қызықты боп бара жатса…
Ол сендердің сұрақтарыңа байланысты.
Кешке шақырушыларды есік алдына дейін шығарып салды.

* * *
Есберген кейін шегіншектеген. Қылтанақ өспейтін құмды өңір гүл атаулыдан мақұрым еді ғой. Ал мына бір шоқ гүлдің қайдан тап болғаны белгісіз. Қаладан алдырған ба әуре боп? Осынша жасандылықтың қажеті қанша? Жас мұғалиманың қары талып, қадірлі қонақты қарсы алғанша-ақ мазасы кетті. Күнге тотыққан жүзінде ибалы иірім тұнып тұр. Қаздай тізілген оқушылардың дайындығы керемет. Өздері шығарған екі шумақ тақпақты бірінің аузынан бірі қағып алып, одан әрі жалғастырып әкетеді. Мұндай салтанатты Есберген он-он бес жыл бұрын мына тұрған Байқоңырдан кезіктірген-ді. Атақты ғарышкердің шашбауын көтеріп, орта мектеп оқушыларының арасына өстіп түсіп қалғаны бар-ды. Герой басқа еді, көпшілік назары соған ауғандықтан Есберген көп қиналмады, еркіндеу қимылдады. Ал бұл жолғы жүк жеке басына түсіп түр. Мұнысын білгенде өлсе келер ме, жатаған үйдегі сексеуілдің шоғы жұмаққа тең еді. Жонарқасы жіпсіді. Ауа жетпегендей тынысы тарылды. Көгенкөздердің кінәсі не, өздерінше қарсы алудың ерекше жоралғысын жасаған. Бір-екеуін маңдайдан сипап, арқасынан қаққан болды. Гүлді де шеткері тұрған ер баланың қолына ұстата салды.
Мектеп үйі жаңа. Ескі мектептің есік-терезесін құм басқан соң, басшылық жағалауға жақын тақырлықтан жаңа типтегі мектеп салуға ұйғарысқан. Жиналып келгенде, бұл игілік те кіші теңіздің арқасы. Таныс-біліспен амандасуға да мұрша бермеді. Содан кең кабинеттің төр жағындағы арқалығы биік креслоға құйрық қойғанда барып бір-ақ білді. Неге олай, оқушылардың қарасы қораш, дені үлкен кісілер. Мектеп директоры әйел адам. Сірә, әдебиет пәнінің оқытушысы болар, сөз деген жарықтықты түйдек-түйдегімен лақтырады. Есбергеннің күллі өмірбаяны үтір, нүктесіне дейін сол кісінің қолында. Бір кездері балық шаруашылығы институтын бір-екі жыл басқарғаны еміс-еміс есінде. «Сіз сол кезде біздің ауылға қонақ боп келіп, мектебімізге оншақты компьютер сыйлағансыз» дейді. «Қа-шан?» «Охот теңізіндегі ерлігіңіз туралы роман жазар ем, жазушы болсам…» «Керегі жоқ, құдайдан қайтсын. Қолдан құдай жасауды қойсаңыздаршы?!» «Сізге ешнәрсенің керегі жоқ, сіз де бәрі бар. Ары ойлап, бері ойлап, сізге не сыйлаймыз деп басымыз қатты…» «Дұрыс, дұрыс айтасыз, менде бәрі бар. Осы құрметке де айтар алғысым шексіз. Осы тұстан тоқтаңызшы, қалғаны артық». «Атажұртты қадірлеген бір адам сіздей-ақ болар. Әлі күнге дейін туған жерден тамыр үзбейсіз. Бұл мектепте де талай мықтылар оқыған. Бірақ оларды қазір итпен іздеп таба алмайсың. Олардың қасында… сізді олармен теңестіру…» «Тым қатты кеттіңіз, қарғам, тоқтаңызшы, алдымен осыны бойға сіңіріп алайын…»
Сөйлеушілер алдын-ала іріктелген білем. Тірі адамның көзін бақырайтып қойып, мақтаған қандай ауыр?! Бір теңізді жоғалтып, екіншісінің суалған қан тамырына енді ғана жан ене бастағанда ес жиған жағалаулықтардың тағдыры туралы ләм-им деген жан болсайшы!
Қап, асып-сасып жүріп ең басты жаңалықты айтпаппын ғой,– Жиналыс төрағасының келісіміне қарамастан сөйлеп тұрған біреуді мінбеден түсіріп жіберіп, мектеп директоры сахнаға қайта көтерілді: – Есберген Жұмасұлтанович, сіздің елге сіңірген еңбегіңіз түні бойы жырлағанда таусылар ма?! Сізде бәрі бар, иығыңызға шапан жабайық десек, аузынан тісі түскен қарияға ұқсамайсыз. Сосын ұжым болып, сіздің есіміңізбен аталатын класс ашуды ұғардық. Қалай, ұнай ма? Жиналыстан соң класқа кіріп, партасына отырып көресіз.
Есбергеннің есі шықты. Жиналғандардан жәрдем күткендей, маңайын бір шолды. Еден тепкілеген, үсті-үтіне қолшапалақтаған мына жұрттың есі дұрыс па?! Тұра қашуға ыңғайсызданды. Мұнысы, есік алдындағы бүлдіршіндердің күні бойғы есіл еңбегін аяққа таптағандай көрінді. Желке тұсы шым-шым, қырық құмырсқа жабылып жатқаннан аусайшы. Самайдан аққан бір тамшы терді аса ептілікпен алақанымен сүртіп алды. Ақсақалдар алқасының төрағасы да аспайтын-саспайтын біреу екен. Жиналыс тізгіні сол кісіде. Біреуге сөз беру үшін де біраз тарихтың түйінін тарқатады. Залда бірде-бір оқушы қалмаған бұл кезде. Өңкей егделер. Есбергенмен оңаша сырласпақ па сонда? Балалар естімесін дегендей, қандай құпия айтылмақшы? Тағы да қайталау, тағы да Есбергенге деген таусылмайтын қошемет. «Осы топырақтың төлісіз. Сіздің есіміңіз естілген жерде біз де марқайып қаламыз»… «Айтылды ғой, қорған болатындай, пана тұтатындай не қиратып тастаппын?! Қойсаңыздаршы!..»
Екі қолын олай да сермеп, былай да сермеп, шабыттана сөйлеп тұрған шикіл сарыны жыға танымады. Бастауышта бірге оқығанбыз дейді. Кіммен кім оқымай жатыр. Арадағы уақытпен санассаңшы! «Не деген жанқиярлық сіздікі!..» Құлағы бітелді. Теңіздің терең тұсына барысымен судың суығандығына қарамастан, денесін ысқылап-ысқылап, тұңғиыққа бір-ақ секіретін Есбергеннің алдынан кезіккен ауды дал-дал айыратыны бірінің қаперіне кірсеші мына жайсаңдардың?! Бір ғана оқиғаның үстінен түсе алмай шаршады. О заманда-бұ заман балықты улы дәрімен аулау дегенді қайдан естідіңіз?! Көздеріне құм құйылғанша кіші теңіздің болмашы байлығын жамбасқа басып қалайық деп жанталасқандар балық жүретін жолға қытайдың улы дәрісін сеуіп қояды-мыс. Улы дәріні жұтқан балық жантәсіліммен тынысы бітіп, өлі күйінде су бетіне қалғып шығады-мыс. Оңай олжаға киліккендер өлі балықты сүзіп алады да, жағада тыпыршып қайық күтіп тұрғандарға жеткенше құстай ұшады-мыс. Кіші теңіздегі бүгінгі жүріп жатқан «спектакльдің» ұзын-ырғасы осындай. Дәрімен балық аулаушыларға дайындаған Есбергеннің сыбағасы тіпті қомақты әрі ол жоспарды тап-тұйнақтай етіп, қағазға да түсіріп үлгерген.
Төраға орнынан сүлесоқтана көтеріліп, отырғандарға күлімсіреп көз тікті. Директорды саусақ ұшымен шақырып алып, құлағына әлденелерді сыбырлады. Ол басын шайқады да еш кідіріссіз тақтай еденді тықылдатып, сыртқа беттеді.
Бері, бері, Есбергенге жақын отырыңдар, – деді залдағыларға. Төрағаның желпінісі күшті. Финалға жақын қалғандығын желпінісімен аңғартатындай. Әлде марқа қозының былбырап піскен еті, небір қолға түспейтін шетелдік қылмойын қол бұлғап шақыра ма алыстан?! О жағы Есбергенге әлі белгісіз.
Қорытынды сөз Ибадулла Шүрекенов жолдасқа беріледі. – Қолын көтеріп, көзәйнегін қоңқақ мұрын үстіне жеңіл жылжытты, – Дайын отырыңыз, Шүрекенов мырза! Сізге берілетін уақыт екі минут. Қазір емес, сәл кейін. Біз оның алдында аса күрделі мәселені шешіп алуға міндеттіміз! Қарсы емессіңдер ме, басқадай пікір білдіремін дейтін жолдастар табылса, оларға да мұрсат береміз.
Есберген ауыр жұтынды. Есік бекітулі. Терезе жапқыш түсірілген. Мына жарағырлар менің ұрлығымды біліп қалып, буындырып өлтіргелі жатқаннан сау ма?! Бәсе, зауыт директорлары неге төбе көрсетпеген десе. Ақсақалдарға сот жоқ, аузы желімделген қомақты конвертті осылар-ақ тапсырсын!.. Тоқ-та! Көк теңізге жасалған мұнан артық сатқындық бола ма?!.. Жә-жә, бүлінген ешнәрсе жоқ әзірге. Екі кештің арасында Есбергенді қақпанға түсірмек ойларың болса, мықтап қателесесіңдер!.. Дереу бойын тіктеді, саусақтарының дірілін сездірмеді. Іштегі арпалысты сыртқа шығармауға бекінді. Отырысы мығым. Жиналғандардың тілеуі солай болса, жасанды жымиыстың да көкесін көрсетер. Бір-екеуінің көздеріне жылыұшырай қарады. Есбергенге мейірлене түскендер арқадан қағуға асық. Ас дайындалып жатқан үйге Есбергеннің екі аяғын салақтатып, мойындарына мінгізіп апарса да шаршамас,
Төрағаның пайдасыз ыңыранысы ішпыстырады: – Айналдайын, – деді Есбергенге бір адым жақындай түсіп, – мыналар сенің ет-жақын ағаларың. Тамыр қуаласақ, бәріміз бір атаның балаларымыз. Көбіміз қартайдық. Төрімізден көріміз жақын. Бірақ жан тәтті. Әлі де қалтаңдап жүре тұрғымыз келеді бала-шағаның ортасында. Әрине, бәрі Алланың қолында. Мың күнгі жұмақтан – бір күнгі тірлік артық. – Сәл үзіліс жасады да, ұзақ-сонар әңгімені қайта жалғады: – Теңіз түбінен, балдырлардың арасынан адамды қартайтпайтын дәрі іздеп жүрген көрінесің.
Есберген уһ деп бір дем алды, одан арғысын естімесе де түсінікті еді. Арқа-басы кеңіп, асығатын не бар, соңынан дейін тыңдайын деп шешті. Өтіріктің де тез арада өркен жайып кететініне таңданыс білдірді. Кісіні қартайтпайтын дәрісі – құр қиял. Дүниежүзінің ауыздарымен құс тістеген небір оқымыстылары мен ғалымдары ол дәріні таба алмай діңкелеген. Табылмайды! Егер ғайыптан табылып жатса, жер бетіндегі табиғатқа жасалған қасқөй қастандықтың көкесі сол болар еді! Ең оңай, әрі талай заманнан бері тапжылмай орындалып келе жатқан жалғыз аксиома – тудың, өлесің! Мыналардың дәмесін-ай деп Есберген миығынан күлді.
Есбергенжан, көп айтайық, аз айтайық, сенен жасыратын не бар. Ол дәрінің оңайлықпен таптырмасын да жақсы түсінеміз. Түймедей дәріге бола су астына мың мәрте сүңгуге тура келер. Соның өзінде қолға іліксе жақсы… Алдымен керегіңше өзің пайдалан. Сенің қолыңды қағатын адам әзірге туған жоқ. Сол дәрінің қызығын көрдің бе, көрмедің бе, біз оны қайдан білейік. Тәубе дейтініміз, түрің жап-жас. Қырықтағы қылшылдаған жігіт тәріздісің. Оныңды да қызғанбаймыз. Мұнан кейін мына жаман ағаларыңның бар тілегі сенің үстіңде! Теңізге шыққан әр сапарыңда Есбергенжан ортамызға аман-есен оралса екен деп, шыбын жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Бұл да болса Құдайдың саған деген үлкен құрметі. Аз айтайық, көп айтайық, өтінішіміздің бет-алыс бағдары белгілі ғой. Ендігі кезек біздікі. Құммен алысып, тасбақадай тырбынып, тірлік кешкенімізді ұмытпа! Жағалаулықтарға граниттен ескеркіш қою керек депті кеше біреу!.. Бізді аяған түрі ғой. Сол гранитін өзіне-ақ жарата берсін. Бізге Есбергенжан тауып берген дәрінің өзі-ақ жетеді! Бұл хабар облыс басшысының құлағына тимесін. Тисе ұшып келеді әскери тікұшақпен. Одан аудандағы дөкейлер қалыса ма! Кімнің қартайғысы келсін! Осы өңірдің отымен кіріп, күлімен шыққан мына ағаларың… Бірінші кезек біздікі! Сол қаперіңде жүрсін, Есбергенжан! Қаражат керек болса қысылма, оның да мөлшерін өзің айт. Бәріне дайынбыз. Қартайтпайтын дәрінің таңдайға түсер күні алыстамағай! Әмин!
Есберген күлкі қыстаса да, а-ха-ха-лап күле алмады. Дегенмен көңіл жайдары. Қартайтпайтын дәрі іздеп жүргені ертең жалпақ жұртқа жария болады. Осыны ойлап тапқан ақылдан айналайын! Ендігі жерде маңдайға шаң тимейді. Небір қиын өткелдерден кідіріссіз өтіп жүре береді. Жасыл түсті бағдаршамды тірі жан сөндіре алмас жуық маңда. Балық желбезегіне жабысып жүріп, ыңғайы келгенде балдыр арасына түсіп қалатын түймедей дәрі шынымен бар ма, жоқ па, деп те батылы барып, су астына сүңгитіндер сирек. Мерейленгенде сұрамаңыз! Аспанға ұшып кетуге әзер шыдап отыр. Жейдесінің тамақ түймесін ағытты. Пошташы келіншекті кеудеден кері итергенін өмірі кешіре алмас. Жұлдызды аспан астында жағадағы аққайраңды алшаңдай басып, Көнебөгенге жаяулап бірге тартқанда қандай жарасар еді! Ұлы сөзде ұят жоқ. Қартайтпайтын дәрі ішкен кісінің күш-қуатын байқауға ол байғұс та қарсы келер деймісің!
Төраға тағы орнынан көтерілді. Мемлекетаралық қиын мәселені шешіп тастағандай, жанарынан болар-болмас от ұшқындайды: – Шүрекенов, дайынбысың? – деді иек астындағы біреуге. Шүрекенов аса қуанышты хабар айтуға оқталғандай, мінбеге жылдам көтерілді: – Осы ауылдың аты да біртүрлі. Ескіліктің иісі аңқиды. Қазір жаңарудың заманы… Егер Есберген Жұмасұлтанов қарсы болмаса… бұған қарсылық танытпас… Келешекте ауылды Есбергеннің есімімен атасақ… Құжаттарын даярлауды өз мойныма аламын…
Есбергенді отырған орнынан бір ересен дүмпу лақтырып жібергендей, ұшып түрегелді де есікке ұмтылды. Ай жарық. Жұлдыздар жымың-жымың. Теңіз беттен саумал самал есіп тұр.
* * *
Жарығы бір шақырымға молынан жететін қуаты күшті қол фонарын қажеті болар деп, сыртын жұқа матамен орап, тасалау жерге жасырғаны есінде. Ал кеп ізде. Есік алдындағы әлденеге сүрініп кетіп, етпетінен құлай жаздады. Маңдайын жаралап алатын тұстан аман құтылды, әйтеуір. Ағаш шкафтың суырмаларын түгел ақтарды. Іргедегі көрпе-жастықты олай лақтырды, былай лақтырды. Дәлізге қайта кіріп, қайта шықты. Аттап-бұттап жүргенді қиынсынып, құрал-сайман салған қорапты ары ысырды. Қол фонарға кімнің көзі түсуі мүмкін? Күле ме, жылай ма, қанша кекіректегенімен ара-тұра шау тартқандығын мойындағаны да жөн-ау бір есептен. Батереясы отырып қалмасын деп, жайдақ үстөл астындағы аккумуяторға жалғап қойғаны тарс есінен шығып кеткен соң, өзгесінен не сұрайсың?! Суық жымиды. Өз-өзіне риза болмағандай, секең еткізіп қолын бір сілтеді. Сөйтті де жылдам қозғалып, ап-ауыр моторды иыққа салған күйі қайық тұрған тұсты бетке алып, жұлқынып жағалауға тартты. Ай сүттей жарық. Жымыңдаған жұлдыздар. Ұзақты күн тынымсыз дөңбекшіген кіші теңіз аяқ-қолын еркін созып, манаурай керіліп, төбеден төнген аспан әлемімен тілдесуге енді ғана мұрсат тапқандай. Төңірек тыныштық құшағына енген. Қамыс басы қозғалмайды. Жағада жан жоқ. Орталықтың би алаңдарындағы даңғаза әуен әуелеп барып, еміс-еміс құлаққа шалынады. Бір нәрседен құр қалғандай жылдам жүргені соншалық, құм арасынан табылған шіріген балықтың қаңқасына енді тіс батыра берген кірпіні жалаң аяғымен мыжып кете жаздады.
Қайық құйрығына қондырған мотор тыпыршыған жарау аттай нүктені түртіп қалғаннан гүр ете түсті. Қайық екпінінен пайда болған майда толқындар жалалаудан ұзаған сайын жалданып, көбейе түсті. Жеті қараңғы түнде мазамызды алған бұл кім-ей дегендей, айдын төсі Есбергенді жақтырмай, маңдайын тыржитады. Теңіздің терең тұсы екі жүз қадамдай алыста. Түнделетіп тосын табысқа кенелмекші болған жырынды балықшылар да төбе көрсетпейді. Артық теңгенің қалта теспейтіндігі белгілі, десе де тереңге төккен ауың ертеңгі күні дал-дал айырылып, балық ұстайтын тор көздері апандай тесіліп, су бетіне сумаң етіп шыға келгенде кімнен сауға сұрайсың?! Капрон аудың бағасы қымбат. Алыпсатарлар бір тартым аудың айырбасын тым аспандатып жіберген. Және күннен-күнге үстемелетуден де айылын жимайды. Ал теңіз астындағы аждаһаның құйрығын бір тұтам қылатын пенде табылмай тұр әзірге! Сүңгуір қайықтан атылған бомба секілді ол пәлекеттің қай маңнан қылаң берері және белгісіз. Балықшылардың әйелдері де байбаламды үдеткен: «Тыныш, шошаңдама, қара су ішсек те өлмеспіз! Балаларға берілетін жәрдем ақы да талғажуға жарар..» «Қырық мың қызыл болса да қаражаттан қашпаймыз, бізге әлі аты өшкір аждаһаны ұстап берсеңдер болды» деп, арнайы сауын айтып шақыртқан «қаршығалықтардың» тірлігі анау. Сандалып, түк таппастан, келісімшартқа да қарамай, келген жақтарына қараларын батырған. Бір-екеуі осында қалып, құсадан ішті ме, әлде басқадай себебі бар ма, кайф ұстап біраз жүрді де, артынша із-түзсіз жоғалды. Зауыттардың жоспар орындау көрсеткіштері күрт төмендеген. Басшылар өздерінше әліптің артын баққансиды.
Көшкіні тереңге тастады. Төңірегіне жетілене көз тікті. Мұнысы ізімді аңдып жүргендер жоқ па дейтін үрей емес-ті. Манағы көрініс көз алдында. Балық желбезегіне жабысқан қартайтпайтын дәрі туралы ертегінің авторы жападан жалғыз ай қарап тұрып, сақ-сақ күлді. Қол фонардың керегі осындайда ғой. Жарыққа үймелеген балықтар ілгері жылжуға мұрша берсеші. Жалаңаш денең жыбыр-жыбыр. Нәзік қанаттарымен қағып өте ме, ауыздарын ашып, жел-құздан пайда болған сырқатыңды сүлікше сорып алғысы келе ме, әйтеуір, жан-дүниең бұрын-соңды кезікпеген рақат сезім құшағында. Дәу бас сазан қолтықтан қытықтайды. Мұрты едірейген жайын құмырсқадай құжынаған майда шабақтарды киіп-жарып, Есбергеннің жанына келеді де, неге таңқаласың дегендей, бой теңестіріп тұра қалады. Есбергеннің әртұсқа аялдауға мүмкіндігі кәне! Балықтарды қолмен жасқап ілгері жылжиды. Әлгі жайынның ұзындығы шамамен метр жарымға жетер. Неғып ауға түспей жүргендігіне қайран. Мұртын тартқылайды, бір қызығы, балықтар «айдаһардан» қорықпайды.
Сарыарқаның ақселеуіндей белуардан асатын балдыр арасына кеп жасырынды. Су салқын болғанмен балдыр арасы ұядай жылы. Өзі солай сезінеді. Жылысынан бұрын, тұла-бойыңды сылап-сипайтын мамықтай талшықтарын айтсаңшы. Жер үстіндегі адамдар арасындағы ырду-дырду; бірін-бірі көре алмайтын іштарлық, көзіңді бақырайтып қойып өтірік мақтау, шектен шыққан жағымпаздық… Балдыр арасында бұлардың бірде-біріне кезікпейсің. Балдыр – бойдағы қанды іріңді сылып алатын рентген сәулесі!
Тынысы тарылған соң су бетіне қалқып шықты. Ұртын толтырып ауа жұтты. Қайықтың ернеуінен ұстап тұрып, төңірегіне тағы да жітілене көз жүгіртті. Фонардың жарығын өшірді. Айдын беті айнадай. Теріскейден көтерілген жел ілезде ішін тартқан. Төбесінен ұшқан шүрегей үйректердің қанат суылын да анық естіді. Орталықтың би алаңындағы даңғаза музыка қаңғыр-күңгір. Жергілікті жастарды үйлеріне қайтармай тұрған кесапат – жан-жақтан келіп балық сатып алатындардың «мырзалығы». Қылмойындарды клубтың кіреберісіндегі үстөл үстінен тізіп қоятындар да солар, музыкаға үстеме төлеп, таң атқанша тапсырыс беретіндер де солар. Табандап жатып алуларына қарағанда, әлдекімдер «теңізден аман-есен оралғанша бізді күтіңдер» деп емексіткенге ұқсайды. Теңіз түбіндегі ауды тіліп кететін аждаһаның жаны темірден жаралмаған болар. Жеті қараңғы түнде көз шырымын ала бергенде жүрек жұтқандар да бір бүйірден килігер. Мол олжаға кенелудің әдіс-тәсілі санада сайрап тұр. Тосыннан келер кеселден сақта! Өлі балық па, тірі балық па, алыпсатарларға бәрібір. Ай жарығымен шағалалар шаңқылдап, мазаны алмай тұрғанда бұйырған балықты сүзіп алғанға не жетсін!
Есберген танауын мақтамен тығындап алды да, қол фонарын жарқ еткізіп, су астына қайта сүңгіді. Күдігі басым, келімсектердің ауылдан ұзамай «таза ауамен» емін-еркін демалып жүргендеріне қарағанда бір гәп бар. Қолға ұстайтын айғағы болмаған соң, сырттай тон пішу де ыңғайсыз. Ыңғайсыздығынан бұрын Есберген секілді әтібірлі азаматқа жараспайтын қылық. Жарыққа үймелеген балықтарда есеп жоқ. Үміт үзілмеген екен әлі де. Мына балықтардың дені ертең жағалаудағы ақ қайранға бауырларын төсеп, өлгендеріне қарамай табиғат жарықтықтың заңдылығымен мың-миллион уылдырық шашады. Уылдырықтан өсіп-өнгендер балдыр арасындағы оттегімен көректенсе тез жетіледі. Балық азайса ұлы теңіздің ұлтаны айдаладағы қылтанақ өспейтін қу тақыр секілді тез жансызданады. Шыбын-шіркей қағып жейтін алабұғаның су астынан секіріп шығып, жемтік іздейтіні қандай ғажап!
Әдеттегіше балдыр өскен аймаққа жетіп, оң бүйіріне бұрыла бергені сол еді, әлдебір моншақ секілді түймедей затқа көзі түсті. Балық желбезегіне жамысқан дәрі туралы қиял-ғажайып ертегіні ойлауға мұрша қайда?! Жүрегі атқақтай соқты. Қол фонардың жарығын балдыр арасына жақын апарды. Дәл соның өзі! Түймедей затты саусақ ұшымен үгітіп көрді. Көпіршіктеніп, бет-әлпетіне тиген жайсыздықты бірден сезді. Танауындағы мақтаны алып, иіскеп көрді. Кеңсірігіне иод тамып кеткендей, денесі тітіркенді. Міне, балық аулаудың қытайлық айла-тәсілі! Кезікпеген соң сенбей жүрген. Балық өлтіретін – у.
Жанталаса қимылдады. Қол фонардың жарығын күшейтті. Жарыққа үймелеген балықтарды у себілген аймақтан алып шығу үшін тұншығып қалмайын деген қорқынышты да басы бүтін ұмытты. Аяқ-қолы бірдей қимылдап, жарықты жан-жағына аямай себеледі. Балықтың жарыққа арбалып, ізіне ергені қандай қуаныш. Қараларыңды батырыңдар, ажал апанынан аулақ қашыңдар!.. Балық байғұста мұны сезетін ес болса, улы дәріден әлдеқашан бойтасаламас па… Жарық сәуле теңіз түбін найзағайдай тілгілейді. Балық көші өзімен бірге еріп келеді. Шоқ қамысқа аман-есен жетсем дейді бір ойы. Одан соң қауіп-қатер сейіледі. Қамыстың батпаққа шаншылған собығы – балық өрісіне таптырмайтын жайылым.
Қарақұрым балықты қақпайлап, әупірімдеп улы аймақтан алып шықты-ау, әйтеуір! Өзінің де әл-дәрмені құрыды. Қазір су бетіне шыққан соң ауа жұтып алады да қайта сүңгиді. Қайта сүңгіп, балдыр арасына денесін жасырып, біраз уақыт қимыл-әрекетсіз, тым-тырыс дем алады. Балдыр арасының дене шабақтайтын ем-домына жететін шипаны көрген-білгендер болса айтсын! Қамыс арасынан мойын қылтитты. Ай жарығымен екі қайықтың сұлбасы көзге шалынды. Әлдекімнің ащулы айқайы жақын маңнан анық естілді.
Атаңа нәлет, мұнан былай саудагерлерді жолатпаспын!
Улы дәрі бәрін сеспей қатырады дегендері қайда?!
Ана сұмырайларды екі тәулік бойы күттіріп қойдық.
Айып төлетіп жүрмей ме?
Ит білсін!
Қазір таң атады. Біреу-міреудің көзіне түспей тұрғанда қарамызды батырайық.
Есберген қол фонардың жарығын өшіре қойды.
* * *
Күн суытты… Мұз қатты… Күн жылынып, топырақтың тоңы жібіп, құм жағадағы қаңқиған қайықтар біртіндеп суға түсе бастаған көктем айының алғашқы жұмасында артынып-тартынып, «оу, мен келе жатырмын ғой, күтіп алсаңдаршы» деместен, жол талғамайтын көлігімен Есберген баяғы қақыра тамға алқын-жұлқын көшіп келді. Келді де дереу іске кірісті. Қыс бойы оты жағылмаған үйдің қамыс қабырғалары сыз тартып тұрған-ды. Сексеуілдің томарын қаластырып, екі күн ошақ отын өшірмеді. Шойын плитаның бет шарпитын қызуы ылғал бөлмені жылдам құрғатты. Керексіз заттарды сыртқа шығарып, бензин құйып өртеді. Ішкі есіктің сынған топсасын жаңалады. Құм басқан терезелерді ерінбей-жалықпай ыждаһатпен тазалады.
Тосын сыбдыр естілсе жалт қарасатын ауыл Есбергеннің жыл құсындай қайта оралғанын неге көрмесін, неге сезбесін! Бір-бірінен сүйінші сұрамаса да «күткеніміз келді ғой» дегендей, көздері күлімдеп, ескі қыстау жаққа иектерін көтеріп, кәдімгідей елеңдесіп қалған-ды. Қызық болғанда сұрамаңыз, өткен күздің қара суығында әлдекімге өкпелегендей бір күннің ішінде шұғыл жиналып, қақыра тамды сыртынан бекітіп, қымбат моторды кездейсоқ мәшиненің жүк салғышына лақтыра салып, қаладағы мекен-жайына суыт аттанып кеткен. Жасыратыны не, онсызда жапырағы жайқалып тұрмаған төңірек тапа-тал түсте құйын соғып өткендей біртүрлі мұңайып, жетімсіреп, сылқ етіп, көңілсіз күйге түсті де кетті. Әрине, оның бәрі көзге бірден баттиып көрінбес, дегенмен жалғыз адамның да орны ойсырайып, бірнәрсенің жетпей тұрғандығы анық аңғарылып тұрды… Ол кісі жоқта шөпкетышар бірлі-жарым атқамінерлер бұрын-соңды кезікпеген тосындау мінез көрсетті. Үйдің салығы төленбеді, суға, электр қуатына қарызсыңдар деп кемпір-шалдарды қыспаққа алудың қажеті қанша еді. Бүгін-ертең бұл ауылдан көшіп кетсе сөз бар ма, арғы күні де көретінің сол… жүздерін күн тотықтырған және өмірі бірнәрседен құрқалам-ау деп асықпай баяу қозғалатын баяғы жерлестерің болған соң, ол оғаш қылықтан не тапты?! Бұл сұрақты төтесінен қоятын да, оған толыққанды жауап беретін де жөні түзу пендені кезіктірсең кәнекей! Ине ұшында отырғандай үнемі үркектеп, ескі ғимараттың ертеңгілік есігін ашарда да саусақтары дірілдеп, кілтті әзер бұрайтын әпенділеу бір адам болса, ол сөз жоқ, пошта бастық. Пенсияға бірер жылы қалғанда қиян-шеттегі елді-мекенде мынадай жылы орын қайда?! Ал сол жылы орыннан жылжып кетуің де көзді ашып-жұмғанша. Өзінің де бейнеті бесбатпан. Майлы қасықтай кісімен ылдым-жылдым араласуға келгенде барып тұрған мылқау. Ілері жылжуға мойны жар бермейді. Әйтпесе, Есберген әулие жүрді ғой осы ауылда шаруа тындырғансып, аяғын алшаң-алшаң басып. Оның немен айналысқанына бас ауыртқаны не?! Мұнысын тірі жан естімесін, бұл өзі ашқан жаңалық – балықтың желбезегіндегі кісіні қартайтпайтын түймедей дәріні тапқыш адамды әулие демегенде не демексің?! Әулие ғой, әулие! Құрдастары ол дәріні қолға қайтіп түсірсек екен деп, түні бойы дөңбекшіп, жынданған кісіше жұлдызды аспаннан жәрдем тілеп, ауыздарының суы құриды. Өзіне салса, ол дәріге әуестігі шамалы. Ол дәріні ішкен соң жап-жас боп, екі иықты жұлып жеп, екі көзі аларып, кімге тиісерін білмей елеріп жүруді де жүрегі қаламайды. Дәрісі бар болсын, қартайтпайтын дәрі несін алған!.. Құдай беріп тұрған несібені ауызға салып, талмап жұтудан да құр қалды ғой бұл сорлы! Өзін өстіп жерлесе ғана тынысы кеңейіп, жүйкесі жөнге түседі. Оу, жұрт не демейді, жұрттың айтқанына сенсе, әлдеқашан арам қатар! «Есберген шақырған жерге бармай, оқтау жұтқандай сіресіп жүретін ерекше жаратылған адам!» Бәли, сөз болғаныңа! Өстіп те кісі алжасады екен-ау, ә?! Келмесе өзі виноват… мұның міндеті: «Елге келген қонақсыз, біздің үйдің де сізге деген дастарқаны жаюлы. Кесімді уақытын айтыңыз!» Міне, тілді түртіп тұрған болар-болмас бір ауыз сөзді батылы барып айта алмаған соң, өзгесіне не жорық! Келмесе тіпті алақай! Ішім-жемге текке шығынданбайды. Теңіз астында дем алмастан жүзе беретін кісінің де жүрегі жұмсақ болуға тиіс қой әсілі! Сол жұмсақ жүрек бірде болмаса бірде, пошта бастыққа да иіліп, ілтипат танытпас па еді?! «Бұл өзі тумысынан дұрыс адам ғой» десе, мұнан артық мақтау-марапатты қайдан таппақ?! Газет-журналды мезгілінде жеткізіп беретін еді демей-ақ қойсын. Бәрінен бұрын әлгі теңеудің құдірет-күшін айтсаңшы! Пошта бастық өзгелердей емес, сырттай болса да Есбергенмен аз-кем араласты ғой. Сондықтан мұның өтінішінің ескерусіз қалмауы кәдік-ті. Ендігісінің бәрі кеш, бәлду-бәлду бәрі өтірік… Үнемі үрей мен қорқыныш. Есберген елмен араласады, құлашы кең. Бір кәделі жиынның келе жағында: «Сол ауылдағы анау пошта бастық қандай адам өзі?!» дейтін жүрдім-бардым айтыла салатын жүгіртпе сөздің өзі-ақ мұның түбіне жетеді. Анық жетеді. Оқыс соғылған қоңыраудан зәресі ұшады. Аудан шақыртса шаруаның біткені.
Қалбалақтап жүріп, пошташы келіншекті ертеңгі шайын ішкізбестен дереу шақыртып алды. Қозы қарын бүлк-бүлк: – Менің орыным керек болып жүр ме?
Жібек аң-таң. Бастығының әпенделігін түсіне қояды да қулыққа көшеді: – Сауатым шамалы, оқымағам…
Оқу-шоқудың қажеті жоқ бұл араға. Шоқпарың мықты болсын. – Пошташы келіншектің Есбергеннің үйіне соғып тұратындығын араға тықпалап, әлденені түтіндеткісі келіп оқталғанымен, арыға бара алмады. Қозы қарынның қозғалысы жылдам: – Шыда, құтыларсың менен де…
Не дейсіз, пенсияға ма?
Иә, пенсияға… Ал, әзірге… Әлгі кісінің поштасын жеткізіп бер!
Кімді айтасыз?
Есберген деген әулиеге.
Сіз, сізге не болған! Жеңгемізбен ұрысып қалғаннан саусыз ба? – Жібектің жүзіне күлкі үйірілді: – Ол кісі өткен айда көшіп кеткен.
А…а. солай, солай де, мен оны әлі осында жүрген шығар десем… Жә, бопты, боссың. Шаршаған шығарсың, дем ал! Керек кезінде шақыртып аламын.
Есбергеннің төбе көрсеткеніне бәрінен бұрын қариялар қуанышты. Қымбат дәрі әзір қолға түспесе де, жасарып кеткендей бір күннің ішінде. Жүрістері қунақ, ыңқыл-сыңқыл азайған. Сандық түбіне жасырған азын-аулақ тенгесі бар түйіншекті балалардың көздерін ала бере сыртынан сипап қояды. Дайын жүргендері абзал. Көнебөгендегі ескі қыстауға күн сайын үлкен үмітпен көз тігеді. Жақсы хабар жеткізгендерге сүйінші дайын.
Жоғары сынып оқушылары ауылға Есберген қайта келіпті дегеннен сымдай тартылып, жөнге түсе қалған. Бірде-бір сабақтан кешікпейді. Селтеңбай жүріс пышақ кескендей тиылған, қыздарға да жөнсіз тиісуді жөн көрмейді. Сыпайы, салмақты. Дені география пәнін шұқшиып оқиды. Есбергеннің өмірбаянын айшықтайтын ол жүріп өткен жолдар: жер шарындағы мұхиттар мен теңіздер сан түрлі бояулармен картаға түседі. Мектеп мұғалімдері де қулыққа көшкен. Есберген келе ме, келмей ме, о жағымен есептеспейді: «Ағаларың келер айда мастер-класс өткізеді» деп ауызша құлақтандыруды апта сайын жарнамалайды. Бұрынғы директор ауысқан. Өткен жолғы «кездесуді» еске түсіретіндер жоқтың қасы.
Түбіт мұрттылар маңдайға түскен шашты кейін серпиді. Әрбірінің көкірегінде маздаған бір-бір жанартау. Кіші теңіз жағалауына қоныстанған жатаған ауыл – атамекен өмір бойы естен шықпайтын бойтұмар. Ұмытылмайды. Бұл – мәселенің бір жағы, екіншісіне келгенде жұдырықтай жүрек кеудені қақыратып, құс болып ұшып кете жаздайды. Құмды өңірдің келешегі, кіші теңіздің болмашы береке-байлығы жер басып жүрген балықшы қауымның бүгінгі ұрпағына-ақ бұйырсын! Ендігілердің өрісі алыста, қиял жетпейтін қиырда. Жағалаулықтар үлкен теңіздің де, кіші теңіздің де қасиеті мен қасіретін тұла бойға толық сіңірген. Толқын шайған балғын дене шып-шымыр. Асау мұхиттар мен тепкісі күшті теңіздердің түйеөркеш толқындарымен айқасқа түсуге тас-түйін дайын. Дүние аласапыран, күн сайынғы өзгерістердің ұштығына шыға алмайсың. Бүгін бірін бағындырсаң, ертең екіншісі. Құдды айдын төсіндегі ала құйын теңіз мінезінен аумайды. Теңіз мінезді жігіт болсаң, кәне, мұхиттағы дүлей дауылдан қиналмай аман өт. Мұхит – өмірлік сынақ. Осы сынақтан сүрінбей өтсең азаматсың! Мұхит толқындары тірі жанды аямайды. Шыда, шыдамасаң ағаш жаңқасы тәрізді жағалауға лақтырып кетеді. Одан қайтып қатарға қосылуың екіталай. Дүние өзгерісінде есеп жоқ. Жұмыр жердің кез-келген нүктесі егер сен жан-жақты жетілген нар тұлғалы, намысшыл азамат болсаң… жатсынбастан құшағына қысады…
Есберген ағайдың шеберлік сабағында ортаға тасталар әңгіменің өзегі осыған ұқсас болар деп топшылайды көпшілігі. Әлем адамы атанған Есбергеннің осы ауылдан шыққаны қандай мақтаныш!.. Сіз аман жүріңіз Есберген аға!..
Есбергеннің жол талғамайтын көлігін алғаш көргендердің бірі – Жібек еді. Тұла бойы күйіп-жанды. Неге бүйткенін өзі де түсінбеді. Себепсізден – себепсіз үйге бір кіріп, бір шықты. Кішкентайы қыңқылдап жылай берген соң оның да амалын тапты. Шкафтағы тас кәмпиттің бір талын қолына ұстатқан. Жым болды. Береке тапқыр-ау, басқасы басқа, ал мына қылығына не дерсің?! Көршіден көже қатыққа деп сұрап алған бір тостаған сүтті тасытып алды. Сүттің төгілгені қайбір жақсылық. Күйіктің иісі жуық маңда тарқамады.
Мектептен келген үлкен қызы гүлді көйлегін киіп, шашын тарап, айна алдында сәнденіп тұрған шешесін көргенде таңданыспен демін ішке әзер жұтты.
Әсемкүлдің туған күніне барасыз ба?
Әсемкүлі кім? – Жорта білмегенсіді. Жуанданған бөксесі жарып жіберетіндей тарылып қалған көйлектің етегін әлденеше төмен тартқылады. Айнаға қарап шыр айналды. Әсемкүлі ауыл шетінде тұратын жамаағайын туысы. Өткенде аздап жүз шайысып қалған. Жоқ, жынын келтіріп, жер астынан шыққандай кісімсігені. Мұның күйеуі оның байын әдейі мас қылып кетіпті-міс. Жинаулы көрпе-жастық арасына тыққан тенгені қалай тауып алған. Қолдарында ақша іздейтін құралдары бар ма? Тыртыңдап балалардың күзгі оқуға барар киімдері үшін жинаған. Тап бүгін Әсемкүл түгіл әкесі шақырса да барайын деп тұрған ниеті жоқ.
Жараса ма?
– Қызы үндемеді. Мақұлдағандай әнтек қана иығын қозғады. Ол көйлектен өзі де үмітті-тін. Бойжетті. «Зауыт директорларының қыздарына еліктеме. Өңшең шөпжелкелерді қайтесің. Одан сабағыңды оқы» деп ақылгөйсиді шешесі. Бұлар ақыл айтуға шебер ғой. Көйлегі құрығыр жыртылып-ақ кетсін, енді бұған да бәрібір.
Тамақ тоңазытқышта, жылытып іш. – Шешесіне шынымен не көрінген, а?! Бір түрлі ғой өзі, бір түрлі. Бұрын түстік асты өзі әзірлеп, үйдегілерге теңдей бөліп беретін. Төргі бөлмеден әкесінің міңгірлеген дауысы естілді.
Басың ауырса ішіңкіре, – деді шешесі айна алдынан ұзамаған күйі. Осындайлардың ұзақ өмір сүретіндігіне қайран.
Түндегіден бірнәрсе қалды ма? Жылытпа ішсем, жағдайым жақсарар ма еді?
Жылытпаны түсіңде ішерсің.
Қалай? Мені тірілей өлтірейін деп пе ең?
Өлмегенде нең қалды?! – Екі бүйірін таянып, есік көзінде талтайып тұр.
Бәли, биге бармақпысың? – Көзі кіртиген күйеуі сәнденіп алған әйеліне тіктеліп мойын бұрды. – Шығарарсың…
Балаларға бас-көз бол. Мені іздеме. Жұмыс бастан асады. Айдың соңы, атшот. Естіп тұрмысың?! – Дауыс екпінін күшейтті.
Поштаға газет-журнал әкету үшін емес, көз қылу үшін соға салды. Есбергеннің атына жазылғандарды әкетуге арба керек. Тау боп үйілгендерді бәрібір оқымайды. Маңай ұйқыдан жаңа оянғандай тып-тыныш. Жағалаудан қайық жөндеп жүрген әлдекімдердің сұлбасы қарауытады. Ертең балық аулау маусымы басталғанда жан мұрын ұшына тіреледі. Қыс бойы қаңырап тұрған зауыттар үйреншікті тірлігіне баяу кіріседі. Әзірге балықшылардың бәріне бірдей балық аулауға рұқсат берілмейді. Уылдырық шашу қатаң бақылауда. Жазатайым уылдырық шашу кезіндегі жарлықты қыстырмай, жаңбыр-жаңбырдың астымен бұқпантайлап, аман құтылармын деген есекдәмемен балық сорпасын ішкісі кеп, қызылсырап жүргендер ұсталса, айыппұлдың мөлшері жыл бойғы жарты табысқа тең. Оған тәуекел ететіндер шамалы. Дегенмен бірлі-жарым табылмай қалмас. Оған дейін қол қусырып қарап отыруға басшылар да маза бермейді: – Қайықты майладың ба? Ау-құралды әзірледің бе? Алғашқы айдың жоспарын ұмытқан жоқпысың?!..
Жоспарды ұмытып өле алмай жүрген кім бар. Ұлтаны майланған қайық тікелей түсетін күн сәулесіне құштар. Қарамай бірден қатып кетпесе, ертең саңалау тауып, су шығып кетуі кәдік. Балықшылардың дені наурыздың екі-үш жұмасын амалсыз күтеді. Мына жүргендер құсұйқылы шыдамсыздар. Зауыттардың сорайған қаңылтыр мұржаларынан үздік-создық түтін будақтайды. Балық ыстайтын цехтар әзірлікті өстіп бастайды. Келесі айда дайын өнімді әкетуге келген мәшинелер қақпа алдында кезектесіп тұрғанда, түстік асты асықпай ішетін жағдай туса?!.. Тісті балықтың ішін жарып, қоң етін бөлек, төстігін бөлек айырып, өткір пышақтың жүзін қайта-қайта қайрап бел жазбайтын әйелдердің бір-бірімен амандық-саулық сұрасуға да уақыттары тапшы.
Жібек Көнебөген қыстағына туралап апаратын күре жолдан қиыс бұрылып, ұрлық жасағандай құм төбелердің арасымен жаяу жүргенді жөн көрді. Тірі жанның көзіне түсуден қашқақтайды. Өсек өрттен жаман. Оның бер жағында, ілбіп ілгері жылжыған аяғы ғана. Ал жүректің алабөтен бұлқынысын айтпаңыз! Сүйгенімен алғаш жүздесуге келе жатқан бойжеткеннің қайтіп хал кешетіндігі тап қазір есінде жоқ. Ондай күйді бастан кешті ме, кешпеді ме, о жағын да тап басып айта алмайды. Жүректің аласапыран қан айналысы бас сүйекті қақ айырып, мидың ту-талақайын шығаратыннан әрі. Бәли, Жібек шынымен жынданған шығар. Үйлі-баранды, ақыл тоқтатқан, жақсы-жаманды айыра білетін кертақта ұрғашының бұл желігуі қай желігу?! Масқара! Махаббат, мұның аты махаббат деуге өзін қанша қинаса да, аузы бармады. Әлде еркектік борышты басы бүтін ұмытқандай, жанында күйіп-жанып әйел жатқандығын қаперге алмай, аузына жүз грам арақ тисе көңілі көк тіреп, ізінше әнге басып, артынан қор етіп ұйықтап кететін маскүнем күйеудің көзін бақырайтып қойып, өш алғысы келген әрекет пе?! Несін жасырады, еркектің иісіне өлердей аңсары ауған. Бойын буған ессіз құштарлықтың емі қайда?! Реті келсе соның ауыр салмағына жаншылып, жұлын-жүйесін, он екі мүшесін еркіне жіберіп, ол керек қылған қимыл-әрекеттің қандайына да қарсылық жасамай, бір рақаттың жолына жалған намыс, ұят-аятыңды да құрбандыққа шалып, армансыз ағыл-тегіл терлегісі келеді. Жә-жә, осы қылығын жерден алып, жерге салып, Жібекті күстаналайтындар да табылар! Жазғырсын, мың жерден жазғырсын! Мың мәрте дүрелесе де арқасы дайын. Айна алдында баланың басындай аударылып-төңкерілген қос анарын уыстап тұрады да, көзін сығып теріс айналады. Ту биедей толыса бастаған дене былқ-сылық. Балық алуға келген бизнесмендердікі бықсыған бақай есеп. Балықпен байланысы жоқтарға жоламайды. Балықшылардың байсыз отырған балдыздары болса, солай қарай жылыстайды. Бірер шампанды қолтықтарына қысып, түн ауа жағалаудағы жұмысшылар жатақханасының темекі иісі сасыған ыс бөлмесінен табылады. Жібектің ондай-ондай немкетті олжаға жем болғысы келмейді. Әлдекімдердің көзіне түсіп қалдым ба деп, қараңғы қуыстарға бой жасырып, бірдеме болды ма, болмады ма, онысын да анық біле алмай, дамбалының ышқыр бауын жолай байлап, зытып бара жататындарды иттің етінен жек көреді. Ондайларды елемейді, ондайлардың тоят тапқандарына да күмәнді.
Ал Есбергеннің тұлға-бітімін айтпаңыз! Маң-маң басқан жүріс-тұрысы қандай! Көз жанарынан от ұшқындайды. Қиыстап қарағанының өзі көтеріліп-басылған көкірегіңді өртеп жібере жаздайды. Қабағы сұсты, суық. Жасы келсе де бір ұрғашының желігін басуға мықшеге. Жібекке керегі де осындай еркек! Үстінен тер емес, қымбат әтірдің иісі аңқиды. Бара салысымен көптен көрінбедіңіз ғой деп, бас-көзге қарамастан мойынға асыла кете ме?! Сізге өлердей ғашық болғанымды білсеңіз… дегенді қайтіп жеткізеді? Кез-келгенмен тіл табысуға шабан, әр сөзін сатып бергендей ұзақ үнсіздіктен соң ғана дүңк ете қалатын Есберген мұның еркексіреген еркелігін елемей, ұсынған қолын қағып жіберсе қайтпек? А…а? О жағын қаперге алмай еркек иісіне елітіп, тиесілі сыбағадан құр қалатындай қос өкпесін қолына алып, жүгіріп келе жатқаны қалай? Кілт тоқтады. Жыңғыл бұтағының түбіндегі құжынаған құмырсқаның илеуіне көзі түсті де, сол тұрған жерге тізе бүкті.
Күн райы жылы. Құртқашаштың сабағы жасылданып, енді-енді бой тіктей бастаған. Жабайы жиденің жуандау бұтағына ұя салу қамына кіріскен шымшық торғайлар бөтен адамның тосыннан төбе көрсеткеніне болар-болмас қынжылыс білдіргендей, ащылау үнмен үздіксіз шықылықтайды. Құм суырған өлкенің де көктем уағындағы өткінші жауындай сіркіреп өтетін өз қызығы өзімен. Жағалау қан сасиды. Шағала мен қарғаның құдайлары беріп қалатыны осы тұс. Уылдырық шашуға шыққан сазан балықтың жағдайы белгілі. Жанұшырып құмдауыт жерге бауырын төсеген күйі уылдырық шашқанша өлермендікпен ілгері қарай жылжи береді, жылжи береді. Ілгерісі – қара құрлық. Қайтып суға түсе ме, түспей ме, оған бас ауыртатындар шамалы. Шанышқыға іліккендері қазан қайнатуға сеп. Суға жетпей желкесі қиылатындар қара қарға мен шағаланың жемтігі. Төңіректі бастарына көтеріп, ханбазардың қызығына батқандай шаңқылдайтындар да солар. Түнемелікке қарай жемтікке кірпішешен ие.
Орнынан ұшып түргелген Жібек Есбергенмен қалай жүздесудің жоспар-айласын ойлап келе жатыр. Қиналатын түгі жоқ, жолығыспай жүрген кісі емес.
Келетіндігіңізді алдын ала хабарламадыңыз, үйдің ішін тазалап, терезелерді айнадай жалтыратып қояр ем, – деп қамқорсиды Жібек.
Керегі жоқ, керегі жоқ, әзір өз күнімді өзім көретіндей күшім бар. – Есбергеннің жауабы да Жібектің көкірегінде сайрап тұр.
Дегенмен, еркек адамның үй тірлігімен бүкшеңдеп жүргені… – Жібектің өзімшіл ниеті анық аңғарылады.
Осы көңіліңе де рақмет, қалқам! – Есберген сәл сынғандай рай байқатады. «Сізді кім шақырды, неге келдіңіз?!» де бұрыңғыша дүрсе қоя берсе, Жібектің де жүні жығылып қалмас па?!
Осындай диалогтың боларына сенім білдірген Жібек қамыс үйдің есігіндегі қара құлыпты көріп, қалт тұрып қалды.
* * *
Бұлай боларын кім білген. Балықтың уылдырық шашар мезгіліндегі жан алып, жан беріскен тірлігін көз алдына ойша елестеткені болмаса, әлі де көп нәрседен бейхабар екендігін осы жолы аңғарды. Және осылай қарай шығарда орталық теледидардың басшылары үйге арнайы бұрылып, көптен орындай алмай жүрген арман-мақсаттарын да ақылдасу үшін ортаға салған. «Сіз, сізден басқаның қолынан келмейді, осыған шынттап кірісіңізші!» деп бірден бұйрықты бұрқ еткізбесе де, Есбергеннен көп үміт күтетіндіктерін ә дегеннен байқатқан. Алдымен Есбергеннің су астына сүңгуден әлемдік рекорд жаңартқанын, талай мұхиттар мен теңіздердің түбіне батқан кемелердің қазына-байлығын мемлекет игілігіне асыру жолында жанқиярлық ерлік істердің басы-қасында жүргендігін, соның арқасында таңғажайып атақ-абырой иеленгендігін және соған қарамай «мен сондай адаммын» деместен қарапайым өмір сүргендігін… әлгілердің ескі хиссаның түйінін тарқатқандай, түннің бір уағына дейін армансыз жырлағаны. Шау тарта бастағандықтың белгісі ме, әлде құлаққа жағымды термедей естілген әуен-сөздің буына балқыды ма, әншейінде өзі туралы мақтау айтылса үн-түнсіз орнынан тұрып жүре беретін Есбергеннің олай-былай қимылдауға шамасы келмеді. Әсілі, шамасын келтірмеген басты себеп ол емес-ті. Бұйымтайдың өн бойынан ізгіліктің иірімі еседі, бір кезде өзі де қиялдаған, кейін алағай да бұлағай қарекеттердің қамымен жүріп ұмытқан, не ұмыттыруға кінәліні алыстан іздемейтін Есберген де бір желпініп қалды. Мыналардың осал тұсты тап басуын қараңыз! Есбергеннің ойын да оқып қойғандай. Тура ондыққа дөп тигізеді. Өткен өмірден қалғаны құр естелік… Естелікті қашанғы сүйрелейсің. Кей тұстары ескіріп, көнереді. Онысын жаңалап, арасына аздап «тұздық» қосып, жұтындырып жіберуге Есбергеннің шеберлігі жетімсіз. Амалы қайсы, ақырында бармағын тістелейді. Кейбір антұрғандар айтқанына сенімсіздік танытып, бастарын шайқаса: «өй, әкеңнің!» деп шапалақпен жақтан тартып жіберуге енді Есбергеннің қолы көтертпейді. Екінші жағынан – ұят. Ардақтап алақанға салған ақсақалдың ұшқалақ мінез танытуы қайбір адамшылық. Ақсақалдыққа әрине, әзір асықпайды. Десе де көптің аузын қайтіп жабады.
Қазіргі заман естеліктен гөрі нақпа-нақ, қолға ұстайтын шындыққа құштар. Ал кезінде әлгі әлемді аузына қаратқан сіңірі шыққан арық шал Жак Кусто секілді жүрген жолын кинолентасына жаза берсе, Есберген де кездесуге шақырғанда сонысын экранға шығарып, өзі шеттеу бұрышта елдің ықылас-пейілін аңдып, бейқам отырмас па еді?! Эх, өттің дүние құрбекер!..
Ішін ұрайын, ішкісі келді сол жайсаңдармен. Мұз салған вискиден біраз ұрттады. Басы дың-дың… «дүниеден түңілетіндей ешнәрсе болған жоқ…», «сіздің құраттай шымыр денсаушылығыңызбен теңесетіндер сирек…», «сіз әлі де бір қызды молынан қартайтасыз…», «қызық болсын, көре алмайтындар күйініп тұз жаласын, біреуден балпанақтай ұл тудырыңызшы, аға!..»
Сендер немене, мені мас болып қалдыға санаймысыңдар? – Есберген ізінше сілкініп бой тіктеді: – Кәне, негізгі шаруаларыңа көшіңдер! Үндемегенге, басқа секірмекшісіңдер ғой, түге!..
Қонақтардың ауыздарына құм құйылған, үндері міңгір-міңгір.
Сіз, сіздей адам сирек.
Айтылған. Қайталау. Өз шамамды өзім білемін.
Білсеңіз, сіздің де немерелеріңіз өсіп келеді.
Немерелерді неге қыстырасың бұл араға?
Сол ғой…
Не сол?
Бүгінгі балабақшадағы барлық бүлдіршіндер сіздің немерелеріңіз!
Ал?
Сол ғой… солардың телевизордан не көретіндігін білесіз бе? Өңкей шетелдің балдыр-батпақ фильмсымақтары.
Оу, оған менің қатысым қанша?
Сәл тоқтаңызшы, табиғаты тұнып тұрған елміз дегенде кеңірдегімізді көкке созамыз. Қайда сол тамылжыған табиғат?!
Оны экологтардан сұраңдар.
Тоқтаңызшы! Сіз кешегі Арал, бүгінгі кіші теңіздің жанашыр қамқоршысысыз.
Оны кім айтты?
Білеміз ғой, білеміз! Сіз бізді де бірдеме білетіндердің қатарына қосыңызшы!
Ал, иә…
Кіші теңіздегі қазіргі адамдардың балық аулау процесіндегі ашкөздіктеріне қарсысыз. Басы бүтін қарсысыз. Табиғат-анамыздың сайрайтын тілі болса айтар еді перзеттерінің өзіне жасап жатқан жауыздықтарын. Сол шалажансар табиғат-анамыздың басын сүйеп, тамағына су тамызып жүрген жалғыз адам сіз ғана…
Қойыңдар-ау, сендер тіпті… көпшік қоюға мұнша мықты болармысыңдар?!
Бар шынымыз, қылдай өтірігі жоқ, ағасы.
Ал, иә…
Сол немерелеріңізді сіз де аяуға, аяушылық білдіруге тиістісіз ғой…
–Қалай, қайтіп?
Міне, соған келе жатырмыз. Бізде ең құрығанда балаларға көрсететін балықтар әлемі туралы да түк жоқ. Көшірме, көшірме. Мұхитқа түстіңіз…
Мүйіз шықса…
Мұхиты бар болсын, өзіміздің кіші теңіздегі балықтар туралы бір фильм түсіріп беріңізші.
Фильм түсіретін маман емеспін.
Оған маманның шеберлігі шамалы. Операторға да алаң болмаңыз. Ол сіздің еркіңізге жібермейді, қол байлау. Киноаппарат аласыз да осы қалай-ау деген көріністі шетінен түсіре бересіз. Құрап-сұрау біздің шаруа.
Бәли.
Сізден басқа оны бірден-бір пенде түсіре алмайды. Теңіз астына сүңгімек түгілі…
Болды, жетер!
Келістіңіз бе?
Балалар үшін деген соң дымым құрып тұр.
Қазір балықтың уылдырық шашар мезгілі. Өзіңіз үшін жағалауға кетіп барасыз. Таптырмайтын тақырып. Бала түгілі балықтың қалай уылдырық шашатынын өзіміз де білмейміз. Жапонияда жасалған түсіру аппаратын ертең жеткізіп береміз. Келістіңіз ғой, аға, кәне қолыңызды беріңізші!..
Есберген жағалауға күн шықпай келген-ді. Шағалалардың алабөтен шаңқылы үйде тыныш жатқызбады. Оның үстіне қара қарға қосылып, «оркестр әуені» құлақ құрышын қандырған. Ойпыр-ай, мына дәу бас сазандар шынымен өле ме-ей! Ауға түскенде бұлқынып, аудың көзін жыртып, не балықшының қолын қанататын теңіз тағысы ғой кәдімгі. Ондайда балықшы бауырлардан қулық арылған ба? Қайық ұлтанында жататын жеп-жеңіл ағаш балға маңдайға сарт ете түседі. Оған да бірден беріле қоймай, біразға дейін құйрығымен жер сабалайтын қайран сазанның қор болған түрін қараңыз! «Қор болғаны несі?!..» Ара-тұра өстіп шектен шығып кететіндігіне іштей өкінді. Ұрпақ өсіру, ұрпақ қалдыру жолындағы жанқиярлық десе қандай жарасар еді! Теңіздің терең тұсынан жұлдыздай ағып келеді де, ешбір кедергілерге қарамастан бауырын төсеп, қатқылдау жерге жетісімен уылдырықты бұрқ еткізеді. Уыс толы уылдырық алдымен су бетіне қалғып шығады да табиғат жарықтықтың жазылмаған ережелері енді еске түскендей, біртіндеп терең жаққа жылжи бастайды. Жылжығаны білінбейді. Мойын бұрып бір қарағанша уыс толы уылдырық теңіз суына сіңіп жоғалады. Бәлкім, теңіз жыртқыштарының аузына түспей тұрғанда балдырлардың арасына жетіп жасырынуға қам жасайды. Балдырлардың арасына жетсе, одан арғысына тәуекел. Балдыр уылдырықты өлтірмейді. Бойына жан біткенше құшағына қысып тербетеді. Бармақ басындай бір түйір ұрықтан пайда болған мың-миллион майда шабақ топ құрып, дәу бас сазанның үйреншікті жолымен теңіз астындағы қиын да құпиялы сапарға бел буады. Біразы өлер, ауыру-сыр­қауға ұшырар.
Майда шабақтарды қамыс собығының түбінде аңдып жатып, оншақтысын бірден қылғыта салатын бір жексұрын жәндік бар. Оны бичок дейді. Көзге түсетіні бұлтиған ұрты ғана. Тұрқы сондай сүйкімсіз. Бұрын бұл өңірден кезікпейтін. Бұл адамның көзсіз ақымақтығы да кісіні қарадай шаршатады ғой. Бірақ ақымақтық жасадық деп кінәсін мойындайтын бір пенде табылса! Бәрі білгіш, бәрі көреген. Кіші теңіздің кенересі тола бастағанда қолында азды-көпті билігі барлар жағалаулықтардың келешек тағдырына бас ауыртқансып, тосын жаңалық ашқансып, ойға-қырға шапқылаған. Тез арада теңіздің пайдасын көріп, баю мақсат. Тәжірибе алмаспақ болып, теріскейдегі әріптестерімен ақылдасты. Мұндайда оқтаулы мылтықтай әзір тұратын «қамқоршылар» табыла кетпей ме?! Камбала өсіріңдер деді, теңіздің толғанына қарамай, олар тайыз суда өсе береді деді. Әрі сырт елге тасымалдауға ыңғайлы. Камбаласы қабырғасынан күн көрінетін әйтеуір, балық тұқымдасқа жататын жыбырлаған бірдеме! Бұл –бағалы бастама, мұхит өнімін кіші теңізге жерсіндіру деп бөсті біреулер. Арасынан саясаттың саябағын іздеді. Әлгі аты өшкір уылдырық жегіш пәле сол камбаланың тұқымымен бірге келген «ұлы мұхиттың бізге берген сыйлығы». Оу, есті кісі бірер жыл шыдамдылық танытса, осы теңізге жерсінген баяғы балық тұқымы да жетіліп кетпес пе еді!
Жә-жә, Есбергеннің бәрін тындырып тастап, енді соны ойлап, бас қатыруы қалып па?! Ұрты томпайған жексұрынды түп-тұқияңымен құртып жіберуге бұлардың шамасы жетпейді. Мейлі, уылдырықты жей берсін, қалғаны да жетер. Әйтеуір, су бетінде қалқыған уылдырық балдыр арасына жетіп жығылса уәйім жоқ. Балдыр арасына балық түгілі Есбергеннің де аңсары ауады. Мына қым-қуыт дүниенің шаң-тозаңынан шаршап, жан тыныштығын ойлағанда, балдыр арасына барып жата кеткісі келеді.
Уылдырық шаштым, аналық міндеттен құтылдым десе де, одан әрі өмір сүруге қам жасау керек шығар деп, сазан балықтың кері бұрылмайтын қырсықтығына не берерсің?! Өлуге қайлы. Ішін босатып алған соң, қанат құйрығымен ілгері жылжып, теңізге түсуге не кедергі? Жұмыртқадан шығысымен құм бетіне ирелеңдеген із тасап, теңізге қарай жылжып бара жататын тасбақа құрлы жоқ па?! Қайырлап қалған балықты көргенде ала көзі жылтыңдап, шыбын жаны тырнақ ұшына тірелгендей бірде төмен, бірде жоғары ұшып, шаңқылдайтын шағалаларға керегі осы! Ал дүниенің бар қарғасы осы маңнан табылған. Қарқ-қарқ. Олар да Есбергенге өлердей өкпелі. Бұл өзі қайдан тап болған пенде?! Бұрын-соңды мұндай адамды бұл маңнан кезіктірмеген. Кешегі хал-қарази дәуренді көрер-көзге бұлардың аузынан жырып әкетпекші, ә?! Қайраңдағы балық біткенді жалаңаяқтанып алып, кеудесінде жаны барларын есі шығып теңізге лақтырады. Түске дейін дамыл таппады. Неткен қайсарлық?! Қимыл-қозғалысына жан леспейді. Токқа қосылған ойын мәшинесі дерсің бейнебір. Бірақ жаңа ғана уылдырық шашқан балық біткенге жалғыз өзінің шамасы жете ме? Оны қаперге алған пенде болса… Есбергендікі қолға іліккендеріне дем беру… Қан сасыған жағалауды көргісі жоқ. Қап, осылай қарай шығарда бәрін қамдастырып, тек мылтықтың еске түспегендігіне қайран. Төргі үйдің төріне ілінген қос ауызды қолға алмағалы қай заман. Мына төбесінде ойнақ салған көрінде өкіргірлерді үркітуге бірер патрон жетіп-артылар еді-ау! Табиғи жаратылыстың бірі болса да, тап осы қара қарғаға жаны ашымас-ты. Көксегені өліксе…
Терлей бастаған соң, былғары бешпетін шешіп тастады. Кешіп барып, теңіздің кермек суын алақанға толтырып, жұтып-жұтып жіберді. Таң атқалы нәр сызбағаны онсызда белгілі. Құйрық басуға шама қайда, күн қыза балықтың қарасы көбейе түсті білім. Қадам басқан сайын қайраңдап қалған балыққа сүрінесің. Есберген уылдырық шашып үлгергендерін есі шыға теңізге жөнелтеді. Осындайда бір адамның көмекке келмегені қалай?! Басқасы басқа, әлгі Жібек шырағымға не болған?! Былайғы уақытта Есбергенмен тілдесуге сылтау таппай дымы құрып жүреді де, керек кезінде қарасын көрсетпейді. Әділдік пе мұнысы?! Есберген назар салмайтын газет-журналды қолтықтап, есіктен сығалып тұратын сол келіншектің көмегі қажет болып тұрғаны-ай! Әлде балалары мен маскүнем күйеуінің бабын таба алмай жүр ме?
Шағаладан гөрі қара қарға өжет. Жағада ебіл-дебілі шығып, біреу жүр-ау дегенді қаперге қыстырмайды. Есберген қос өкпесін қолына алып, ентігіп жетемін дегенше шашау шықандарды бүріп әкетеді. Бүріп әкетеді де аулақтағы құм төбенің басына шығып, «түстенеді». Қарқ-қарқ. Емін-еркін, жағалары жайлауда. Бейтаныс кісінің мына қимыл-әрекеті де қызық тіпті. Ерсіл-қарсыл жүгіріп жүреді де әлденені ұмытқандай, қобдиша секілді қорапты иығына асып, уылдырық шашқан балықтардың үстіне төне түседі. Мылтық шығар деп күдіктенген. Содан бірі қалмастан желдің ығына қарай дүркірей ұшты. Аңдысын аңдады. Мылтық атылса өлімге бас тігіп қайтеді, бұйырған несібені тағы бір тұстан теріп жер. Қобдидай қораптың мылтық еместігіне ақыры көздері жетті. Сол бойда желдің ығымен бірі қалмастан дүркірей «көшіп» келді.
Түс ауа Есберген шынымен діңкелеп шаршады. Аяғымен тік тұру арманға айналды. Қарны ашты, жүрегі сыздады. Сексеуілдің шоғына піскен қайран балықтың майлы төстігі-ай!. Жо-жоқ, әлі де жағалауды бір айналып шығуға шамасы жетеді… Киноаппарат қолында. Есі ауған кісіше аппараттың тұмсығын төбеден төнген қара қарғаның нөпір тобына қаратып, «пух, пух!» деп «атқылайды». «Сендерде қарғаның жемтігі болудан басқа мақсат жоқ па?» деп ауыздарын ашып, құм жағада пырдай шашылып қалған балықтарға қарап, бірнәрсе айтқысы келеді. Дауысын қатайтып ұрысқысы келеді.
Кенет біреу шалып қалғандай құрғақ жермен ілбіп келе жатып, етпетінен құлады. Ары қарай қимылдауға дәрмені қалмаған. Сулы топырақтың сызын да сезген жоқ. Аяқ-қолын еркін созып, сұлқ жатыр. Дүниенің рақаты тыныштық екен-ау деп тамағын кенеп, әлденені айтуға оқталды. Бірақ оған шөлден қаталаған тілі икемге келмеді. Шөл мен аштық бірге шабуылдады. Теңіздің кермек суы қақыра тамның іргесіндегі гүмпілдеген шеген құдықтың шекеден шығар тастай суындай қайдан болсын. Ең болмаса, соның бір тамшысын тамаққа тамызар иманжүзді пенденің қашан кезігерін кім білсін. Түс көргені де қызық, бір жағынан күлкілі… Су бетіне қалғып шыққан уылдырық атаулы қайыққа айналып кетеді де, Есбергеннің былық-сылық денесін дереу жерден көтеріп алып, балдырлардың арасына қарай ала жөнеледі. Өлі ме, тірі ме? Өзіне салса балдырлардың арасынан мәңгілік орын тапса, ешбір өкінбейді. Былайғы өмірдің қызық-шыжығын бір адамдай көрді ғой. Қалғаны жер басып тірі жүргендерге…
Жағалауға енді табаны тиген Жібек ессіз-түссіз жатқан Есбергенді көргенде жанұшыра жүгірді. Басын сүйеді. Бетіне жұққан құм қиыршықтарын алақанымен сипады, ақшыт орамалын сулап маңдайына басты. Есберген болар-болмас сығырайтып көзін ашты. Жібекті таныды. Аздап ыңырсыды. Бірақ «сен мұнда қайдан жүрсің?» деген жоқ.

Пікір қалдыру