ҚЫРСЫҚ КІСІ
Қала қапелімде оған жат көрініп кетті. Баяғы күндерде шаһарды жаяу кезе беретін-ді. Бұл көрмеген отыз жылда қазақтың бұрынғы астанасы қанатын кең жайып алған екен. Жаңа ғимараттар озық үлгімен көз тартады. Бой көтерген көп қабатты үйлерде есеп жоқ. Шаһардың суықсыған кейпінен томсарыс байқаған кәрі шөңге күрсінді. Қапелімде оны сағыныш буды. Болмашыға кідие қалатын әдетпен баласының жетегіне илікпей қиыс тарта берген.
– Әкей, бері жүр.
– Мына тұста емес пе әлгі біз баратын кеңсе?
– Одан көшіп кеткен, әке!
– Жарайды, сенің айтқаның болсын.
Ондағы шаруаны тиянақтаған соң, әке мен бала тағы бір тұсқа бағыт алды.
– Мәшинеге мінбейміз бе? – деді әкесі баласына жаутаңси қарап. – Белім тұтасып жүргізбей келеді.
– Шыдаңыз! – деді баласы. – Кептелістен мәшине бес баса алмай тұрған жоқ па.
– Онда ол темірі түскірді несіне жүргізесің?
– Жаяу қалып не бітіремін, әке!
– Ә, солай екен ғой, – деді қария тұтасқан бой-басын зорға билеп. – Енді қайда барамыз?
– Дәріханаға! – деді баласы наразы пішінде. – Қант өлшегішім істемей қалды деп түнімен күңіреніп шыққан жоқсың ба.
– Немене, ақшасын ауырлаймысың?
– Әне сөйтеді! – Баласы шырт етті. – Бұл кісіге жағу қиын. Тым қиықтана берме, әке! Мені оқытып жеткізгенің шамалы.
– Өзіңнен көр! – деді қария сәл қолайсызданып. – Жетекке көндің бе, сен ит! Әскерден тәп-тәуір шенмен оралып едің. Мелицияға тұра ғой дегенімде, безе қашқан өзің емес пе. Ендігі полковник дәрежесінде жүретін едің.
– Оны мойындаймын, – деді елуді еңсерген сақа жігіт. – Жетегіме көнбедің дегенің, жалған жала, әке! Арақ ішіп шатылып жүрген кенже балаңды тыйып ал алдымен! Өзіңізді де тәртіпке келтіріңіз. Келіндерің зар жылайды, атаға жақпай-ақ қойдық деп.
– Солай ма еді! – деді қария оқыс тіксініп. – Қауіптенбе, бұнда байлап қойсаң қалмаймын. Сенің жетегіңе көнетін жайым жоқ. Келін екеуің екі жақтап ит жыныма тиіп біттің. Тамақ ішкенімді де сөлекет көріп…. обырланба деп, жатар орында тамақты тоя ішуге болмайды деп… көрінген жерге түкіргіштей берме деп… шарапқа жуымаңыз деп… жастар көретін киноға үйір болмаңыз деп… намаз оқы деп… Өлдің қалдың қу сүйексің! Тоңқаңдап намаз оқыған маған жараспайды. Түп қазықта қалған жалғыз кәмөнеспін.
– Райдан қайтқаның жөн, әке!
– Қайтпасам ше?
– Қыңырлықтан тапқан пайдаңыз шамалы, – деді баласы орындыққа жайғасқан әкесінен жүзін сырттата беріп. – Жекешелену науқанында өзің еңбек еткен құрылыс мекемесінен сынық кірпіш те алмай… Оның дұрыс болмады, әке! Жылжымайтын мүліктен қарпып қалғаныңызда, ендігі шалқып отыратын едіңіз. Бас құрылысшы болдыңыз емес пе?
– Оттама, сен! – Қария төс қалтасынан өңі тоза бастаған партбилетін қолына алды. – Партбилетім бойымда жүргенде сұғанақсыған маған қасиет емес. Ортақ меншіктен қоғамдалған халық дәулетін жырмалағанша тек жүргенді дұрыс көрдім. Партия қатарына өткенде қызыл билетті қолыма ұстап тұрып ант еткемін. Анттан жаңылсам мені Коммунистік партияның киесі ұратын еді. Сексен асқанша аман жүргенім, марксизм, ленинизмнің қуаты. Мен табынатын тәңір солар.
– Құдайды қайтесің, әке?
– Ә-ә-ә, кім біліпті!? – Шал баласынан қарадай ықтады. – Намаз оқып жүрсің ғой, білсең айта қойшы. Құдай қайда өзі?
– Құдай әркімнің жүрегінде, әке!
Шал тоқталып қалды. Осы мына ортаншы баласын құрылысқа икемдеген өзі еді. Әскер қатарында жүргенде, құрылыста істеп елге шыңдалып оралған баласы бүгінде кәттабай қалаушы. Қаланың шет жағынан қалың ағаш ортасынан ойып тұрып бес бөлмелі үй салып алған. Екі-үш күшігі жетіліп қапты. Әкесіне болысып құрлыста істейді екен. Елуден енді ғана асқан баласының жайнамазға жығылғаны шалға сөлекет көрінеді.
– Жүрмейміз бе, әке!
– Қайда? – деді шал қиқтанып. – Мені сүйрелей бергенше, өзің барып алып келмеймісің.
– Сізге адам жаға ма? – деді баласы әкесіне кекірейе қарап. – Дұрыстауын алмапсың деп пәле салып жүрерсің. Дінсіз адам міншіл келеді. Құдайдан біліп, бұйырғаны осы дейтін сіз бе едіңіз!?
– Онда өзің барып алып келе ғой. Мен сен келгенше, әне бір бөпеттен шай-пай іше тұрайын. Баяғы күндерде талай-талай аяқ суытып, көпіршіген сырасын жұтушы едім. Сол есіме түсіп тұр.
– Бірдеңе ішіп қойып… келініңнен, немерелеріңнен ұятқа қалып жүрме, әке!
– Қызыл-пызылда тұрған не бар? Одан қалған соң, ғұмыр-тіршілікте нендей мағына қалады? Шешең кеткелі үш жылдан асты, тіземді жылытатын біреуді ыңғайлайтын сенің түрің мынау. Елдің сендей баласы әкелерін саунаға апарып, арқа-басын жұмсақ алақанға сипалатады. Сен болсаң міне… тергеушідей сұрақтың астына алып… Ел дәулетін жырмалап қызыл аяқ ақ күмісті қойны-қоныштарына тықпалғандар да жер басып жүр ғой.
– Солардың дені коммунистер, әке.
– Олар шетінен екі жүзді жалған коммунистер! – деді шал мұртын қопсытып. – Ақшаға партбилетін сатып жіберген.
– Құдайды ұмытқан сіз де жүрсіз ғой жер басып…
Баласына ежірейе тесілген қиқар шал: «Мен сол кәмөнес қалпымда кетем!» – деді қолы-басының дірілін зорға тежеп. – Құдайды бір алдап, өкіметті екі алдап, халыққа мүнәйім софияна көрінген жалған діндарлардың қатарында жүргенше осы бетімде кетейін.
Шауқан қария қапелімде жайсызданды. Орындықтан ауып бара жатқан әкесін баласы сүйемелдей берген.
ҚАРА ЖАЯУ
Есіркепте қашаннан желігіс жоқ. Сол әдетіне баққан ол сауда-саттық алға шығып, базарлық экономика белең алған қарбаласқа еліге қоймады. Теміржол саласында бір мекемеден табан аудармай келе жатқан ол жұмысқа бір ізбен барып, бір ізбен қайтады. Содан да болар, желдіаяғы өңін бермей жылтырап тұрады. Кіші баласы туған жылы тақымына басқан еді. Кенжебайы осы биыл мектеп бітірді. Ескіріп тоза бастаған желдіаяғын жаңасымен ауыстыруға құлқы жоқ. Әрі ескі мінгішін ырым көріп, одан тақымын ажыратуды қош көрмейді. Желдіаяғы сыр бергенде епсекті қолы тіке ойнап кетеді. Ақауланған тұсқа сұғынған сауатты саусақтары темір қысқаштан бір де кем емес. Күресінде қалып кеткен ескі-құсқы бөлшектерді кәдеге жаратып, көне мінгішін жылтыратып қояды. Күресінді түртпектейтін ұсақтығын ілік қылған көрші-қолаң Есіркепті «дүниеқоңыз» деп ілмелейтін еді.
Желдаяғының қоржындығында ең құрығанда, бөлек-салақ бірдеңе келе жатады. Жолда түсіп қалған тақтай, иә болмаса, ірі көмір түйіршігі болсын іліп әкетеді. Шахтада кеудесін тасқа жегізіп алған көксау әкесі көп жүрмеген. Бір сөзі құлағында қалған еді. «Керек тастың ауырлығы жоқ», – деп айта түсетін-ді.
Жетімдікке шешесінің дімкәстігі қабаттасқан Есіркеп еңбекке жастай араласқан еді. Өзінің сауаты аз болғанына қарамастан жалғыз қарындасын оқытты. Дімкәс анасын жыл сайын курортқа жіберіп тұратын. Кедей қолды біреудің қызына үйленген еді, төрт-бес күшігі бар. Балаларын жеткізудің қамындағы бұған «кедейдің кер келетіні несі» деген қаңқу сөз ілескен емес. Желдіаяғымен желіп жүріп жиыстырған оны-мұны зат есігінің алдында үйіліп жатады. Осы тырбанысымен жүріп-ақ басына үй көтеріп алды, монша да тұрғызған. Сөйтіп жүргенде, жекешелену науқаны басталып кетті. Иесіздікке ұшыраған нәрсе – қара жылпыңдардың иелігіне көшіп жатты. Жиырма мың тұрғыны бар кент аудан жабылғанда құлаудың аз-ақ алдында қалған еді. Теміржол мекемелері жаппай жабылудан аман қалып, Есіркеп жұмыс істейтін жүк түсіретін қойма қалыпты жұмысын жалғастырып жатты. Балалары бірі жолшы, бірі электровоз машинісі болғандықтан, қысқартуға түспеген еді. Әйеліне қиын соқты. Ауданның бір ірі мекемесінде еден сыпырушы еді, кеңсе қысқарғанда жұмыссыз қалған Күміскүл от басына оралып, моншаны ермек қылған еді. Өзі болса үйреншікті жұмыс орында қала берген.
Осы күндері Есіркепте таңданыс басым. Өңі ме, түсі ме соны ажырата алмай дал болады. Жанның бәрін бірдейшілікте ұстаған кешегі жүйе ыдырағалы – жабыға жал, кедейге аяқ астынан мал бітіп, қатарға қосыла бастады. Өзі болса, баяғы сол өнімсіз түртініспен жүр. Сөйтіп жүргенде, зейнет жасына да іліккен. Табан аудармай жұмыс істеген қойма ұжымы Есіркепке су жаңа велосипед мінгізіп, зейнетке салтанатпен шығарып салған-ды.
Жаңа желдіаяқ тепкелі өзіне кеуде біткен еді. Көлденең көзден ықтайтын әдеттен тыйылып, иығын көтеріңкі ұстайды. Сол екпінмен келе жатқанда, балдызы Күнімхан қарсы кезіге кеткен-ді. «Мінгес артыма!» – деген жездесі аузынан қағынып. Еркек мінезді одағай әйел жездесін белесебетімен қоса домалатып ала жөнелген-ді. Балдызынан әупіріммен құтылған Есіркеп тағы бір кедергіге тап болмасы бар ма! Жол ережесін бұзғаны үшін қызыл жағалының қырына ілгіп, полиция бөлімшесінен бір-ақ шықты. Жәбір көрген азамат қатты қасарысты.
– Сізден жалтарам деп су жаңа мәшинемді бүлдіріп алдым.
– Кешір, қарағым! – деді Есіркеп мөлтеңдеп. – Құлағым мүкіс, көзім жөнді көре қоймайды. Айыпқа белесепетімді ал.
– Өйтіп мүләйімсіме! – деді иномаркасын зақымдап алған жігіт жыларман болып. – Сотқа берем сен шалды! Сот арқылы өндіріп аламын маған келтірген залалыңды. Білеміз ғой сізді, дүниеқоңыз екеніңді ел біледі. Өзіңнен басқа қай қазақ «шайтан көлік» мініп жүр? Үлкен балаң мәшенес, кіші ұлың путейіс. Жанның бәрі иеленген мәшине тақымыңнан түсіп қала ма? Отқа қарап отырған жоқсың. Баяғы сол ит көтінен ине тартқан дүниеқоңыз сараңдығың кежегеңді кейін тартырып… Соның әуселесімен жүріп, ақырында маған тиді кесірің.
– Белесебетімді ал, сонымен бітісейік те, балам!
– Белесебетіңмен қоса құры!
Есіркеп үйіне жаяу қайтты. Ілбіп зорға жүріп келеді. «Ескісімен жүре беруім керек еді, – деп түйілді іштей. – Жаңасының қайыры болмады».
Көптен жаяу жүргені осы шығар. Жүрісі өндімей ит зықысы шықты. Сүрініп кетіп тізесін тасқа соғып алған оны: – Мынаған ненің сілесі өткен!? – деп күңкілдесті епетейсіз жүрісін ерсі көрген жүз таныстар. – Қаражаяу қалыпты-ау, пақыр!
Қаратерге түскен ол үйге зорға жетті. Ескі желдаяғы тұрған сарайға бас сұққаны сол еді, бәйбішесі жеңінен тартып: «Оныңды балалар темір-терсекке өткізіп жіберген», – деді жайымен ғана.
Ескі жүргішін қимаған Есіркепті қапелімде өкініш қармады. Өткен күндерге деген аңсары мұңын қозғап жіберген еді.
ТҰЗЫ ЖЕҢІЛ АДАМ
Бақтыбекпен көңіл қостығым бар, әрі ауылдаспыз. Кездескен жерде жаны қалмай жалпылдап амандасып жатады. Берген сәлемімен-ақ астыңа бір ат мінгізе салады. Қазіргі адамдардың бір-бірімен шүйіркелесуге уақыты жете бермейді, әрі жағдайы көтермейді. Содан да бүгінде сәлемі салқын адамдар пайда болған. Біздің жігіт «ішімдегіні таптың» санатына жатпайды. Кездесе қалғанда, астын-үстін сөйлеп, өз жайынан хабар беріп жатады.
– Жағдай нешік, туысқан?
– Өмір ғой енді, кеңседе өзіммен бірге істейтін жесір келіншектің аяғы ауырлап қап, мені тіке сотқа сүйреп…
– Содан қайттің?
– Әбүйір болғанда, бала менен болмай шықты.
– Жақсы болған екен! – деймін отбасы бар оның бір жаладан аман құтылғанына ризалық пейілде. – Енді бұдан былай ондай аусарлықтан қашық жүр. Еркекті бұзатын арақ пен әйел.
– Білем ғой, аға! – дейді ол көзін жыпылықтатып. – Жалтарып-ақ бағам. Өмір ғой енді.
– Тіршілік тұщынысы жардың құшағында, баланың қылығында, бауырым! – деймін білгішсіп.
Сонымен біраз күн өтті. Ауылдас інімнен хабар болмай кетті. Бір қараға ұрынып жүрмесе деп іштей уайым етемін. Кейінгі кездері ол менен сырттайтынды шығарған.
– Әй, осы Бақтыбек қайда жүр? – деймін жүз таныстардан.
– Естімеп пе едіңіз!? – дейді ұсақ сөзге үйір көршім. – Ішіп алып жеңіл мәшинесін жарға соғып… шыпасы бітті оның.
Сәрсенбінің сәтінде төбе көрсеткен Бақтыбек баяғы сол жете амандасатын әдетімен асты-үстіме түсіп бәйек болды.
– Белесебетпен жүргенің қалай!? – дедім салған бетте. – Жеңіл мәшине алған жоқпысың?
– Өмір ғой енді. Біреумен соқтығысып қап, жол апатына түсіп…
– Иә, содан?
– Өмір ғой енді. Кінә менен болмай шығып, соғылысқан адамым бала-шағалы екен. Аядым да кешірім еттім.
– Уай, сенде қатын-бала жоқ па!?
– Өмір ғой енді. Жұмыссыз қалған біреу екен, кеңшілік жасадым.
– Сенің сондайлық шылқамайға батып жүрген жайың жоқ еді ғой?
– Менде жұмыс бар ғой, ағасы!
Сонымен, біраз күн өткенде ел іші дүңк ете қалсын. «Ойбай, әлгі есепші Бақтыбек пара аламын деп ұсталып қапты!».
Бір күндері төбе көрсетті. Әншейінгі жалпақтаған амандық жайына қалған. Көзін менен алып қаша береді.
– Не болды-ей, саған!?
– Ұсталып қалдым…
– Қайтіп?
– Біреу әдейілеп қалтама ақша салып қойып… Әбүйір болғанда, ақшада қол таңбам болмай шықты.
– Дұрыс болған екен! – деймін дүдәмалсып. – Орыншамысың, әйтеуір?
– Есепшілікпен қоштастым. Күзетшілікке сырғытып жіберді.
– Е-е, орныңды жаңа тапқан екенсің! – деймін еш құйтырқысыз. – Бүгіндегі ең бір өтімді жұмыс қарауылшылық, бауырым! Не дегенмен де, жауапкершілігі басым. Сергек болғаның жөн.
Сонымен біраз күн өтті. Бақтыбектен хабар болмай кетті. Ауыз байлықтан аса алмайтын менен қайыр жоғын біледі. Сырттайтыны содан да шығар деп ойлап қоямын. Қанша дегенмен туысқан ғой, оны көңілімнен шығарған емеспін. Жиі еске аламын. Тағы бір шырғалаңға тап болып қалмаса екен деп ойлап қоямын.
Біз тұратын кенттің етек-жеңі жинақы, тоғыз жолдың торабынағы елді мекен тап-тұйнақтай тазалығымен көз тартады. Шаруа қамымен көшеге шыққан едім. Әкімшілік ғимыратының алдымен өте бергенімде, кәсіптік киім үлгісімен жүрген көше сыпырушылардың арасынан Бақтыбекті көріп қалдым да, бұрылып кеп жөн сұрадым.
– Уай, бауырым, жаңа жұмысың құтты болсын! – дедім бүкпесіз көңілмен. – Дамыған жапон жұртында ең бір қадірлі мамандық көше сыпырушылар екен. Жапондар тазалықтың құлы. Біз деген былықпыз ғой. Орныңды енді тауыпсың, бұдан артық жұмыс таппайсың, айырылма осыдан.
– Өзімнің де ойым сол, – деді ол жұмсақ жымиып. – Күзетшілік деген бас кететін жұмыс екен. Ұйқы дұшпан ғой. Кеңсеге ұры түсіп, содан әупіріммен аман қалып… Көз көрген жора-жолдастың көмегімен мына бір жұмысқа ілігіп… тартпайды, бірақ. Көргіш көздің сұғы деген болады ғой, аға. Солардың күңкілі қинайды. «Шот қаққан мынауың сыпырғыш ұстап қалыпты» дегені емеурінінен-ақ байқалады.
– Шұрқ етпе! – дедім оған дем беріп. – Екі қолға бір күрек, сыпырғыштан айырылма!
Бәлен жыл ақша санаған оның ептейтсіз саусақтары сыпырғышқа үйлесе алмай тұрғанын байқадым да, ойыма күдік алдым. Тұзы жеңіл жазған көше сыпырушылықтан шығып қалса далада қалғаны-ау!
ОҚЫМЫСТЫ
Балпан үлкен елді мекенде жылу жүйесінің маманы ретінде нандығын айыратын еді. Жазғы үзілісте құбырды жөндеумен айналысады. От жағылатын маусымда орталық қазандықтың күлін көсейді. Мектепте әдебиет пәнінен сабақ берген әкесі оқымпаз болатын. Әкесінен қалған көп кітап Балпанға ермек болды. Қолға алған кітапты бір күннен асырамай оқып бітіретін еді. Бала күннен әдеті солай.
Жылу қазандығы кенттің шет жағында. Қолы епсекті ол от жағатын орынды тәртіпке келтіріп жұтындырып қояды. Бұрышта үстел тұрады. Үстелді жиектей ұзынша орындықтар қойылып, қабырғадағы ағаш сөреге кітаптар текшеленеді.
Коммуналдық шаруашалық жетекшісінің от көсеушімен жұлдызы қарсы.
– Әй, мынауың не!? – дейді көзін ежірейтіп. – От жағылатын жерде бөтен бастақ нәрсе-қара тұрмауға тиісті.
– Зияны жоқ қой, – дейді Балпан ішінің қыжылын зорға тежеп. – Кітап – адамың досы емес пе. Мен сияқты жалғыз-жарым адамға серік.
– Оттапсың!? – дейді пысықай бастықсымақ. – Ертеңнен қалдырмай құрт көзін!
– Құрымайды! – дейді от жағушы бастығына көрінеу қарсы шығып. – Кітап құрығанша сендер құрыңдар!
– Оқымысты болғандағы сиқың осы ма!? – дейді бастығы сұқ саусағын өңменіне төндіріп. – Кітап сенің неңді алған? Отқа итінген сиқың құрысын!
Балпан қазымыр бастығының жеңерақы сөзінен тайсалады. Оқымай қалғанына іштей қорланғанда, әкесі есіне түседі. Бұны университеттің тіл-әдебиет факультетінен қақпайлап заң оқуына түсірген еді. Жүрегі қаламаған оқуды тастап кете барғанда, әкесі үш қыздың ортасындағы жалғыз ұлына «ғұмырың итшілеумен өтсін» деп қарғыстан бетер налығаны бар.
Балпан кезекшілік еткен күні жылу орыны дүбірлеп жатады. Бұнда келмейтін адам жоқ. Әсіресе оқушылар үйір. Өздеріне керекті кітап жаздырып алған соң, от көсейтін «жырауға» құлақ тосады. Көсеуді домбыра орнына оңтайлаған Балпан төгіліп бір кетеді дейсің! «Баяғы өткен заманда, дін – мұсылман аманда, Бәйбөрі деген бай бопты, төрт түлігі сай бопты. Бір перзентке зар бопты»…
Балпан қызды-қыздымен өзі оқыған романдардан үзіндіні жатқа соғады. Одан мақал-мәтелге ойысады. Іргедегі мектеп оқушылары жылу орынын босатпайды. Мектеп басшылығы да наразы от қағыстырушы «оқымыстыға.» Одан әкімшіліктің белсенділері шүйлігеді.
– Тоқат мына бассыздықты! – деп дігір салған. – Бізге сендей «оқымыстының» керегі жоқ.
– Тоқтатпасам ше!?
– Онда жұмыстан қуыласың.
– Үш балам мен үйде жұмыссыз отырған әйеліме кім нан тауып береді? – деген Балпан жыларман болып. – Мендей әмбебап сантехникті қайдан табасыңдар?
– Кітапты жойсаң орныңда қаласың.
– Болмайды оларың! – деген ол қыңырлығына басып. – Кітап жойылғанша сендер құрыңдар, түге!
Арада екі-үш апта өткенде Балпан жұмыс орынын ауыстырды. Кенттегі орталық кітапханаға қарауылшы боп орналасты. Былайғы жанашыр қауым: «Оқымысты» орынын енді тауыпты!» – деп күңкілдескен.
Өмір КӘРІПҰЛЫ