ҚЫЗ МҰРАТЫ – КЕТУ
Соғыстан кейінгі бауырын әрең көтерген, алыс түкпірдегі бір елді мекенде тіршілік бүлкілдеп, өз арнасымен жүріп жататын.
Қан майданға аттанған еркек кіндіктілердің көбі оралмады. Менің шешемнің алты ағасы хабар‑ошарсыз жоғалды. Қара қағаз да келмеді.
Таудың баурайында орналасқан біздің ауылда тамыз айының соңына таман селдетіп жауған жаңбырдан кейін үйге от жағып отырады. Үйдің көбі төбесі жайдақ қоржын там. Ортадағы бөлмеде мұржасы тіке шыққан темір пеш болады. Ол кезде көмір деген атымен жоқ. Елдің бәрі қарағай жағады. Пештің аузы ашылып кетсе, шатырлап жанған қарағайдан қып‑қызыл шоқ ыршып кеп, айналасында шүпірлеп, жылынып отырған біздердің киімімізге түсіп, заматта матаның иісі бықсып шығып, тесіп кетеді. Онда шұр ете түсіп, қолмен қағып жібереміз. Оттың қызуына жарылып кеткен қолымызды жайып отырғанымызда, нарттай болып, бетіміз ысып, қызарып кетеді. Қайнап жатқан қазанда тамақтың иісі мұрынға келіп, үйдің іші мүлгіп тұрады.
Біздің қолымыз жетпейтін жерде білтесі сабырлылықпен айналасына жарық сеуіп, ондық шам мүлги жанып тұрады. Оны көбіне ұстайтын жеріндегі тесіктен қабырғаға мықты шеге қағып, іліп қояды.
Шамның жарығы қарсы беттегі қабырғаға ары‑бері өтіп, дастархан жасаудың қамымен жүрген апам мен әкпемнің орамалы жалпайған, мұрны шошайған, еріндері салпайған көлеңкесін зорайтып, көлбеңдетіп, әр қырынан көрсетеді.
Басында осыны қызық көріп, аузымызды басып, жырқылдай күліп, бір‑бірімізге ыммен көрсетіп, қызықтағанымызбен, тез жалығып, бойымыз жылынған соң, тізелерімізді қағыстырып, бір‑бірімізді итеріп, сиыспай, улап‑шулай бастаймыз.
Атам осы кезде жөткірініп қалады. Дымымыз шықпай, тыныштала қаламыз. Себебі ол кісінің ашуы қатты. Біз ғана емес, осы үйдегі үлкендер де оның қас‑қабағын бағып, алдынан қия өтпейді. Тіпті атама бетіне тура қарап, «Сен!» деп, сөйлеген кісіні естімек тұрмақ, көрмеппіз.
Атам біз үшін құдіретті тылсым күштің символы іспетті еді.
Кешкі асымызды алдымызға ала бергенде, үйге бір бәкене бойлы адам келіп кірді. Біз, балалар, шұр етіп тұрып, амандасып, атамыздың қасынан орын бердік. Амандық‑саулықтан кейін құйылған кеспені сырпылдатып, ішіп біткеннен кейін атама қарап:
− Ертең селсебет келейін деп жатыр. «Осы үйге түсемін!» депті, − деді. Оның құрметіне асығыс жасалып, құйылған шайдан да тура кеспені ішкендей, сырпылдатып, екі кесе шайды асығыс ішіп, қасында жатқан қамшысын іліп алып, шығып кетті.
* * *
Сонымен біздің үй даярлыққа кірісті. Апам төрт құлағын едірейтіп, тоқаш пісірді. Бауырсақты біз жақта «тоқаш» деп айтады. Бес‑алты тоқашты аузымызға тоғытқан соң, ішімізге «ел қонып», өз жөнімізбен ойнап кетеміз.
Қойды бауыздарда, атам бата жасайды. «Бисмилаһи Рахман Рахим, Уа, жануар, сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ. Алла Тағалам, балаларыма бұйыртып, жегізе көр! Аумин Аллауахпар!» дегенде, біз де бетімізді сипаймыз. Төстің етін істікке тығып, бас‑сирақ үйітіп жатқанда, отқа қарып, жегізеді. Елбіреген, ып‑ыстық майды сылп еткізіп, бірақ асаймыз. Қойдың өкпе‑бауырын, ішек‑қарнын үлкен тегешке салып алғаннан кейін, біреумізді табақ әкелуге жұмсайды. Жүгіріп барып, әкеп береміз. Оған қойдың буы бұрқырап, жайрап жатқан тушасының ішіндегі қарақошқыл қанды уыстап, салады. «Апаңа апарып бер!» − дейді.
Пысықсынып:
- Апа, «шыж‑мыж» жасайсыз ба?» − дейміз шұрылдап.
- Иә, әне күрішін бықтырып жатырмын, − дейді апам. – Ана шәугімдегі суды ала кетіңдер. Қазір ішек‑қарын тазалаймыз, алысқа кетіп қалмаңдар! − дейді.
- Жарайды, − деп, жақын маңда жүреміз.
Ішекті тазалағанда, суды бір‑бірімізбен таласып, кезек‑кезек құйып береміз, ал ыстық суға бір салып алған қарынның түгін тазалағанда, қашамыз. Оны екі жағынан қатты күшпен тартып тұрып, пышақтың қырымен қырғанда, түгі бетіңе де шашырап кетеді, бос ұстасаң, жақсы қырылмайды.
Сондықтан апам қарын тазалауға бізді араластырмайтын. Артымыздан айғайлап:
– Алысқа кетіп қалмаңдар. «Шыж‑мыждың» ішіне салатындарды ет тартқыштан өткізіп беріңдер! – дейді. Тегешке салып әкелген қос бүйрек, ұсақ‑түйек май, өкпе, бауыр, көкбауыр – бәрін бірімізден кейін біріміз кезекке тұрып, ет тартқыштан өткізіп береміз. «Енді не істейік?» деп, әлекедей жаланып тұрмыз. Баланың үлкені маған қарап:
– Бүйенді әкел! – деді.
Жүгіріп барып, тазаланған ішек‑қарынның ішіндегі ішектен жуанырақ біреусін әкеліп едім апам:
− Андағы ұлтабар ғой… Жүгір, Әлтай екеуің екі жағынан ұстап, тегешті алып келіңдер, − деді.
Екеуміз әкелген соң, апам бүйенді тауып алды да:
− Шала бықтырған күрішті әкеліңдер, − деді.
− Енді осыларды араластырып, қазір бүйенге құямыз, − деді.
Әлтай екеуміз ертең өзіміз пісіре қоятындай, қадалып қарап тұрмыз.
Апам бағанағы табаққа жинап берген қанды, күрішті, біз ет тартқыштан өткізген ұсақ‑түйекті, ұсақ қып тураған пиязды тегешке салды, тұз, бұрыш қосып араластырды да, «ішіндегісі сұйықтау болса, жұмсақ болады!» деп, аздап су қосты. Мен пысықсынып:
− Апа, ет турамадық қой, − деп едім.
− Етті көп тураудың қажеті жоқ. «Шыж‑мыжымыз» қатты болып қалады. Бұл тамақты әжең жақсы көреді. Сол кісі сүйсініп жесін деп, әдейі жұмсақ қылып жасайын деп отырмын, − деді.
Жаңағының бәрін қосқанда, қоймалжың бір сұйықтық пайда болды.
Әлтай екеуміз бір‑бірімізге қарап, апама көрсетпей, мұрнымызды тыржитып қоямыз. Апам әбден араластырып‑аралыстырып алып, қасықпен бүйеннің ішіне құйды. Толған соң, тобылғы істікпен бекітіп, мықты жіппен байлап тастады.
− Ал, жақсы. Жасап біттік. Екеуің болмасаңдар, жалғыз өзіме қиын болатын еді, ойнай беріңдер! − деді апам жымиып.
Екеуміз көмектескенімізге мәз болып, ойнап жүрген балаларға қарай жүгіріп кеттік.
Ошақтағы асылған үлкен қазанда былқып, пісіп жатқан еттің иісі мұрын жарады. Апам тынбай сапырып, шымырлатып қана қайнатады. Қазанның астындағы жанған қидың лапылдап жанғанын көрмейсің, бір қалыпта, маздайды да жатады.
Бір сағаттай өткенде, бәрімізді шақырып, сорпа құйып берді. Бозторғайдың көзіндей дөңгеленген майы қалқыған, иісі аңқыған, мөлдір сорпаның бетіне қарасам, аспандағы жыпырлаған жұлдыздардай әсер етеді. Сорпамызды ішіп бітіре бергенде, шала піскен бауырды тұздыққа салып, атамның алдына қояды. Атам ауыз тиген соң, біз де бес саусақты саламыз.
Түске таман тұрқы ұзын ат мінген, бір әйел келді. Селсебет әйелді бірінші көруім. Ол да көйлек киіп, апамдар құсап, орамал салыпты. Аяғында етік… Ол маған кепкен ағаш сияқты әсер етті. Оған қарағанда, менің апам әдемі сияқты…
Ағам алдынан шығып, атын мамағашқа байлады.
Қолтығынан демеп, аттан түсірген әйел тым паң. Бірінші атаммен амандасып, қалғандарымен иек қағып, амандасудың ишарасын жасады.
Ол келе салысымен үйде қарбалас басталды. Төрт қабат қылып төрге төселген көрпеге атам қолтығынан демеп, отырғызды. Шәугімі мен легенін, иығына кестелі орамалын салып, ағам бірінші атама барып еді, ол кісі қонаққа қарап, иек қақты. Ағам селсебет әйелдің алдына келіп, иіліп тұр. Ол қолын сылбыр жуып, ұсынған орамалды самарқау алып, сүрткеннің ырымын жасап, ағамның иығына аса салды. Көрпенің үстіндегі көмпиген‑көмпиген екі жастықтың біреусін бауырына тартып, шынтақтап жантайды. Сосын атама қарап:
− Иә, қалдарың қалай? – деді.
Бүкіл ауыл, үлкен‑кіші демей, алдынан қия өтпейтін атама мына әйелдің «сен» деп, сөйлеп отырғаны бір сұмдық сияқты көрініп кетті. Саусағым суынып, атама қарадым… Атамның көзі көкпеңбек болатын. Ашуланған кезде, тұздай болып, шақырайып кететін.
Жоқ, жайбарақат, ана әйелдің сөзін шыбын шаққан құрлы көрген жоқ.
− Шүкір. Аман‑есенбіз, − деді.
Буы бұрқырап, үйеме табақ ет келді. Үстінде көзі қысылған қара қойдың басы бар. Бөлек, жайпақ табаққа біз жасаған «шыж‑мыжды» салып алып барды.
Атам бата жасады. Басты алып, әйелдің алдына қойды.
«Сіз тұрғанда…» деп, басты атама қарата сырғытар ма екен деп, қарап тұрғанмын. Бірақ әйел қабағын да қақпады. Алдындағы пышақты алып, езуінен бір кесіп алып, ауыз тиді де, бір құлағын кесіп былай қойды. Інім екеумізге ұсынар ма екен деген ойым орындалмады. Сосын басты үн‑түнсіз атама қарата сырғытты.
Соның арасынша әкпем бізді жинап алып, қазан асылып жатқан асүйге алып кетті. Барсақ, сирақ, жақ, ішек‑қарын, омыртқалар салынған үйеме табақ ет күтіп тұр. Біз шұрылдап, бас салдық.
Етімізді жеп біте бергенімізде, төргі бөлмедегі отырған қонақтарға тартылған табақтан «сарқыт» келді. Оны жеңгем иіліп сәлем салып, алып келгенін көріп отырмыз.
− Мына табақтан ауыз тиіңдер! «Шыж‑мыж» да бар. Сендер де селсебет болар ма екенсіңдер, − деген жеңгемнің сөзінен кейін төрде қайқайып отырған, сылыңғыр қара әйелге таң қалып қарап қалдым.
− Жеңге! – дедім. – Менің ана қатын сияқты селсебет болғым келмейді! Оған қарағанда, апам әдемі. Анау қатып қалған ағаш сияқты, − дедім.
Жеңгемнің жаны шығып кете жаздады.
− Ойбай, жап аузыңды! Атаң естімесін, − деді ол сыбырға жақын үнмен. Сұқ саусағын безеп, төргі бөлмеге жалт қарады.
Олар естімеген сияқты. Иінінен дем алған сары самаурыннан апам шай құйып отыр. Атам, әжем, ағам, апам – селсебетті тыңдап отырған сияқты… Бірақ ол тек атаммен ғана сөйлесіп отырды.
Қоржын тамның ең көрнекті деген түпкі бөлмесіндегі қып‑қызыл оюы бар текемет төселген, кестелі төсекжапқышы бар, «болыскей төсек» деп аталатын, серіппелі темір төсекке, үстіндегі жиналған қырық көрпесін алып тастап, құрметті қонаққа төсек салынды.
Біз балалар сілеміз қатып, әлдеқашан ұйықтап қалғанбыз. Кенет мен оянып кеттім. Құлағыма күңгір‑күңгір еткен дауыстар естілді. Көзімді ашсам, біреулер сөйлесіп тұр. Көрейін деп, орнымнан тұрғаным сол еді, апам сыбырға жақын үнмен:
− Жат, қайда барасың? – деп, қолымнан тартты.
− Түзге отырамын, − дедім ыңырсып.
Далаға шығып бара жатып қарасам, селсебет іш көйлекпен атаммен сөйлесіп тұр. Басындағы орамалын алып, екі өрім қылып өрген жіп‑жіңішке бұрымын арқасына жіберіп қойыпты. Ырғайдай мойны тым ұзын көрінеді екен. Маған оның қолдары да, аяқтары да тым ұзын сияқты көрінді.
Көзімді уқалап, «ағаш сияқты дедім ғой» деп қоямын ішімнен.
Қолындағы темекісін бұрқыратып, қатқыл дауыспен:
− Биыл колхоз екі баздың малына молынан жететін шөп жинап алды, − деді. Сұқ саусағымен сорайып шыққан темекінің күлін аяғының астында қып‑қызыл текемет жатыр екен‑ау демей, қағып‑қағып қояды да, темекісінің ұшы қып‑қызыл болғанша, құмарлана сорады. Тіпті, түтіннің бәрі ішіне кетіп, сыртқа дым шықпайтын сияқты көрінді маған.
Ішкөйлектің алдында шілтері бар екен, астынан салбыраған арық төсі көрінеді. Бақырайып қарап қалған мені шешем сүйрелегендей қылып, далаға алып кетті.
Іш киіммен тұрған селсебетті бірінші рет көруім. «Атам да темекі тартушы еді, мүмкін, мына әйел темекі сұраған шығар?» деп ойлап қоямын…
Кеше апама «шыж‑мыж» жасауға көмектесіп жатқанымда:
− Апа, селсебет деген кім? – сұрағанмын.
Апам:
− Осы ауылдың бастығы десе де болады. Бәрімізді есептеп жазып отырады. Мысалы, сен туғанда, әкең сенің метіркеңді осы кісіден жаздырып алып келді, − деді.
− Ол атамнан қорықпай ма? – дедім.
− Жоқ! Ол өзін атаңның ең жақын досымын деп есептейді. Сыйлайды. Сосын осы үйге атаңмен сөйлесейін деп, іздеп келіп отыр ғой, − деді.
− А, − дедім мен көп нәрсені анық түсінбесем де…
* * *
«Бастық әйел екен» десе, сол селсебет әйелдің тіп‑тік иығы, ішкөйлегіндегі шілтері, салбыраған төсі, жіп‑жіңішке екі бұрымы, сорайған мойнындағы бұрылмайтын басы… баданадай тесіле қарайтын қап‑қара көзі, жымқырылған, жіп‑жіңішке ерні, шегелегендей қоңыр даусы, сосын… сұқ саусағымен қағып түсіріп тұрған темекінің күлі, аяқтың астындағы біздің сол кездегі ең қымбат дүниеміз – қып‑қызыл текемет көз алдыма елестейді…
* * *
Одан бері біраз уақыт өтті.
Қоржын тамдардың орнына еңсесі биік, шатыры шифермен жабылған еңселі үйлер салынған. Көшелерде су ағатын коллонкалар орнатылған. Ауылдың батыс жағынан арқырап ағып жататын өзеннен су тартылған.
Өзгермеген баурайындағы тоқымдай жерге орналасқан ауылға төніп тұрған тау ғана… Сол бұрынғыдай асқақ, сол бұрынғыдай жұмбақ, сол бұрынғыдай көркем…
Жоқ, жоқ, онда да өзгеріс бар екен… Біздің бала кезімізде қара орман болып, қарауытып тұратын қалың қарағайдың қатары сиреп, адам қолы жетпейтін шыңдарға тырмыса өрлеп, жоғары өсетін болыпты.
Тау жадағайланыпты… Арқырап, асып‑тасып жататын өзеннің суы азайыпты, ағысы баяулапты.
Тура сол кездегідей қазақи төбеттер байланбай бос жүр екен. Түнде олар тура сол баяғы біздің балалық шағымыздағыдай, ауылдың әр тұсынан маңқ‑маңқ етіп үріп қояды. Ай сол баяғыдай, жарты тоқаш болып, төбеде ілініп тұр, түн сол баяғыдай тылсым жұмбаққа, жасырын сырға толы…
− Апа, иттерін ешкім байламай ма, олар біреу‑міреуді қауып алмай ма? – деймін.
− Осы ауылда ит байлайтындар көп емес. Бір‑екі үй бар, қаладан әкелген алабай, овчарка деген иттерін байлап қояды. Ал, мына төбеттер адамға тиіспейді, түнде мал қораны күзетеді. Бос жүреді ғой, әйтеуір, − деді.
Сол кездегі тұлымшағы желбіреп, үстіміздегі апам тігіп берген, барқыт бешпенттің алдын моншақ, тиын, неше түрлі салпыншақтарды толтыра таққызып, беті‑қолымыз жарылып, кешке пештің түбінде тізе қағыстырып, ойнайтын біздердің өзіміз де екі‑үш баланың анасы болдық.
Бір күні шешемнен:
− Апа, біздікіне келіп, атаммен сөйлесетін селсебет әйел бар ма? Неше баласы бар? Қызметі өсті ме? – дедім.
Шешем мырс етіп күліп жіберді.
− Е, ол селсебет болған соң, тек ер адамдармен ғана сөйлесетін әдет тапты ғой… Оның үстіне анау‑мынаумен емес, ел ішінде салмағы бар, сыйлы адамдармен ғана жұмыс жөнінде тіл қатысатын. Бұтында галифе сым, үстінде былғары күртеше, аяғында былғары етік… далаңдап жүріп, сонымен күні өтті ғой.
Еркектер құсап, сықпыртып боқтайтын бір әдет тапты… кейінгі кезде өзі де еркекке ұқсап кетті. Тіпті, айтқанын орындамаған бір‑екі адамды қамшымен сабап кетіпті деген де сөз шығып жүрді. Оны кейін ел ішінде бұтына киген сымына қарап, «калипе қатын» деп атап кетті. Әрине, сыртынан…
Аттан түспей, қақшиып қалған әйелде қайдан бала болсын?! Шешесі жақсы адам еді, қоярда‑қоймай жүріп, бір жақын ағайынның бір қызын бағып алып, соның атына жазып қойған. Кейін шешесі қайтыс болғанда, артында қарайып, сол қызы үй‑жайға ие болып, ес болып отырды.
Қазір соның қолында, белі бүкірейген, беті шұбар‑шұбар кемпір болды.
Сол баяғы кекірейген қалпы…
Қызмет адамды танымастай етіп, өзгертіп жібереді екен ғой. Әйтпесе, екеуміз бір класта оқығанбыз. Біздің қызыл атқа мінгесіп, орталықтағы мектепке бірге баратынбыз, бірге қайтатынбыз. Арасы бес‑алты келеметр.
Шешесі күнде келіп әкеме:
− Жарығым, Нұреке, Балым Әниқаны ала кетіп, ала келсінші! Жалғыз өзі келе жатқанда, аң‑құс шығып қалып, жазым қыла ма деп, жаным шығып кете жаздайды. Атпен барады ғой, − дейді.
− Уайымдамаңыз! Айтамын. Бірге барады, − дейді әкем жұбатып.
Сонымен мінгесіп, бірге барып жүрдік.
Әжеңнің қолы шебер, маған түлкі ішік тігіп беріп, ескі қоян тонымды әкем Әниқаға бергізген, оған аздап үлкендеу болып, қолпылдап тұратын.
Мен тығыршықтаймын. Шашым ұзын, қалың, алды бұйраланып, самайымнан қошқардың мүйізі құсап, ширатылып, шығып тұратын. Сенің әкең бізге сабақ беретін. Осы Әниқадан сабақ сұраса ұялып, үні шықпай қалатын, беті, екі құлағы қып‑қызыл болып кететін:
− Отыр, даярлан! − дейді.
Ол мұрны пысылдап, төмен қарап отырады.
Онда әкең де жап‑жас. Жаңадан келген кезі. Менен де сабақ сұрайды. Мен де даярланбай келетінмін.
− Неге оқымай келдің? «Екі!» − дейді. Әниқа құсатып, «отыр!» демейді.
Мен кітап, дәптерлерімді жинап, орнымнан тұрып, есікке беттедім.
− Қайда барасың? Сабақ әлі біткен жоқ! − деді әкең даусын көтеріп.
− Беті шиқандай болған Әниқаны оқыта бер! − дедім де, есікті тарс жаптым.
Содан қызыл атыма мініп, салып ұрып, үйге келдім. Әкем есіктің алдында күн шуақтап тұр екен. «Әниқа қайда?» деді. «Сабақта, өзі келеді!» дедім жыным түсіп.
Содан әкем үн‑түнсіз шананы қызыл атқа жекті. Кетті. Көзінің тұздай болып, шақырайып кеткенін көрсем де, қорыққан жоқпын.
Мұғалімнің Әниқаны аяғаны ішімді күйдіріп барады…
Содан оны әкем үйіне апарып, шешесіне тапсырды.
Ертесінде тағы сабаққа барған жоқпын. Әкем маған қарайлап‑қарайлап, шанамен Әниқаны өзі алып кетті.
Түстен кейін мұғалім келді. Амандық‑саулықтан кейін дауысын кенеп:
− Ақсақал, мен үйіңізге мына қызыңыздың тәрбиесі жөнінде сөйлесейін деп келдім. Бірінші, сабақ оқымай келеді. Оқыса, алғыр − жақсы баға алады. Екінші, менсінбейді… Рұқсатсыз, сабақты тастап шығып кетеді, болмаса, оқушылардың көзінше жаман сөз айтып тастайды…
Әуелі «енді не қылық шығарады?» деп, қорқып отыратын болдым. Ақылыңызды айтып қойыңызшы. Биыл соңғы жыл, аман‑есен бітірсін, −деді.
Соның арасынша шай қайнады. Кең‑мол жайылған дастарханнан жарытып, ештеме жемеді. Оқты көзіммен атып отырған менен қаймықты ма, білмедім…
Әкем сөйлесетінін айтты.
Мұғалім кеткен соң, үйде бір сәт үнсіздік орнады. Мен сыртымнан быдырайып, білдірмегеніммен, ішімнен «не болады екен?» деп, тықыршып барамын.
− Балам, − деді ыңыранып, − сені ағаларының жалғыз қарындасы деп, бір жағы артыңнан бала ермеген соң, еркелетіп, бетіңнен қақпай өсірдік.
Атқа да шаптың, көкпар да тарттың, қой демедік. Міне, биыл он алтыға толдың. Оқуыңды бітіргеніңде, он жетіге толып, он сегізге аяқ басасың. Құдайға шүкір, артыңнан ерген екі інің, сіңілің өсіп келеді.
Бұл қалай?
Мұғалімнің тәртібің үшін үйге келгені, мені жерге қаратып отыр. Оқығың келмесе, ұзатайын. Анау Қожахмет деген кісілер «құда болсақ деп» емеурін білдіріп жүр. Өсіп‑өнген, текті жерден шыққан, өз шаруасына мықты, бақуатты адамдар… Ойлан, − деді.
* * *
Содан оқуымды бітірейін деген шешімге келдім.
Әниқа екеуміз қызыл атқа мінгесіп жүріп, бітірдік.
Бір күні Әнес деген кісі үйге келіп әкеме:
− Қызыңыз колхозда хатшы болса дейміз. Оқуы жақсы екен. Үйреніп кетеді. Одан ары қызметі өсуі мүмкін, − деді.
Әкем біраз үндемей отырды да:
− Қыздың жұмыс істеуіне келіспеймін. Ұзатайын деп отырмын. «Қыз баланың мұраты – кету, жолаушының мұраты – жету» деген. Мына көршіміз Бәтес кемпірдің қызы Әниқа да жақсы оқыды. Сол жұмыс істейтін қыз. Барып көріңіз, − деді.
***
Бұл әңгімені естіп, мұғаліммен сөз байласып жүргенімді айтып, әкеммен ашық сөйлесейін деген ойға келдім.
Шешеммен ақылдасып едім, ол кісі:
− Мен жеткізіп көрейін. Ашуланып, тілі тиіп кете ме? – деді…
Әкем қарсы болыпты.
− Ол жалғыз екен. Қу жетімге қызымды бере алмаймын. Мен сөйлесіп жүрген жерге барсын. Өсіп‑өнген, бақуатты, текті жерден шыққан адамдар.
Қалыңмалының жартысын төлеп қойды. Ойлансын! − депті әкем.
***
Ойландым, көп ойландым… Әкеме қарсы шыққым келмейді.
Мұғалім мен қалың малын төлеп қойған адамдардың баласын қатар қойып, салыстырамын. Әкеңнің ақшыл жүзі, кең маңлайы, жайлы қоңыр дауысы көз алдыма келсе, жүрегім бүлк ете түседі, жақын адамым сияқты… Ал, анау балуан денелі, ылғи тайпалған жорғамен жүретін, қызылшырайлы, түсі сұсты Ғаббас көз алдыма келсе, бөтен сияқты, денем тітіркеніп кетеді.
Жеңгеммен ақылдасып көріп едім, ол кісі: «Атамның ашуы қатты, тыңдамасаң, не болатынын көз алдыма да елестете алмаймын, − деп, біраз төмен қарап отырды. − Өзімнің не ойлайтынымды айтсам, сен, Еркеқыз, өте ерке өстің. Бетіңнен ешкім қақпағандықтан, бөтеннің сөзін көтермейсің… Қыздың киімін киіп жүргеніңмен, еркекшора болып жетілдің. Алдыңа ешкімнің түскенін қаламайсың. Осы кезге шейін бәрімізге айтқаныңды істеткізесің.
Ал, ана Ғаббастың үйіндегілердің бәрі сызданып, өз бағасын біліп, ыңыранып қалған адамдар… Соған қарағанда, ана мұғалімің дұрыс қой деймін. «Өзің – би, өзің − қожа…» – деді.
Содан мұғаліммен қол ұстасып, қашып кеттім.
Әкем көп уақыт бізді қабылдамай қойды. Әке‑шешенің батасын алмай кеткеннен бе, өмірімізде көп қиыншылықтар болды, − деді шешем көзі жасаурап…
Ол қиыншылықтардан хабардар едім…
Жиырмаға жетпеген жас келіншектің тұңғыш қызын босанғанына бір ай толғанында, әкемді «халық жауы» деп ұстап кетіп, жеті жылғы өмірін Колымада ағаш кесуменен өткізгенін білетінмін. Шешемнің сол уақытта көрмегені жоқ екенін де естігенмін.
Жазасын өтеп келген соң, еш жерге жұмысқа алмай, алыс бір қаладан жұмыс табылып, бір жылдан кейін сол жаққа көшкенімізді әжем айтып берген. Шешемнің жүрегін ауыртпау үшін, сөзді басқа жаққа бұрайын деп:
− Ал, сізге құда түскен адамдар… Ғаббас – олар қайда? – дедім.
− Оларда алтын көп екен… жамбы дейді ғой… Соларды біреулер біліп қойып, өкіметке жеткізген екен. Бір түнде Қытайға қашып кетіпті, содан кейін оларды ешкім көрмепті, − деді шешем.
− Апа, − дедім, − ана селсебет әйел атама неге «сен» деп сөйлейді? Соны түсінбедім, − дедім.
Шешем күліп жіберді:
− «Сен» деп сөйлеуді селсебет болғаннан кейін шығарды. Қызметтің буы қиын екен ғой… Әсіресе әйел адамды бұзып жіберетін сияқты… Темекі тартуды үйренді. Екі сөзінің бірі боқтау… Біреудікіне барса, қамшымен есік қағып кіреді екен. Көп қызық қылықтарын ел айтып, күліп жүретін әйтеуір…
Біз өмір бойы көрші тұрдық. Әкесі аурушаң адам болатын. Ылғи жөтеліп отыратын. Сол кісі өлерінің алдында әкемді шақырып алып, «менің күнім санаулы. Әниқа мен Бәтеске көз қырыңды салып, қарап қоярсың. Туған‑туыстан ада екенімді білесің. Әсіресе, қызымды аяймын. Отын‑суға бұрын да көмегіңді аямадың, рахмет. Жақсылығың Құдайдан қайтсын! Саған екеуін тапсырамын!» деп айтыпты. Сонымен Әниқаның қолы өз аузына жеткенге шейін, әкем сол үйдің отынын түсіріп берді ғой… Ағам жарып беретін. Кейін орталыққа көшіп кетті, − деді.
Менің де көз алдыма ішкөйлекшең, темекіні құшырлана тартып, күлін қып‑қызыл текеметімізге түсіріп тұрған арық әйел елестеп кетті…
* * *
Сол кездегі селсебет әйелмен сөйлесіп тұрған асқар таудай атамның, өмірі бір қатты сөзін естімеген, сыңқылдай күліп, бәрімізді еркелетіп қоятын әжемнің, шешемнің алдынан қия өтпей, аялап, сыйлап өткен әкемнің ақ құба өңі көз алдыма елестеп, олардың бұл өмірде жоқ екенін қазір ғана сезінгендей, көзіме жас толды.
Ұлы Абай ақынның:
Алдыңғы толқын ағалар,
Алдыменен кетілер…
дегені осы екен ғой деп ойладым.
Шүйкедей болып, жүн түтіп отырған шешеме қарап, «жаным апам арамызда өстіп жүре берсе екен» деп тіледім.
Жанар ӘБДІШОВА