Қызыл тілдің құдіреті

1. Жапалақ пен Торайғыр

Әзіл-қалжың адам бойындағы рухани байлығына дем беретін, сезімі сергек көңіл-күйінің көк жиегін кеңейтіп, өмірін ұзартатын ерекше бір таңғажайып құнды құбылыс… Әзіл деген зілсіз қалжың. Ал, қалжың дегеніміз тапқырлыққа құрылған ойнақы, әзіл сөз. Туа біткен талант па кім білсін, әйтеуір қазақта, керемет әзілқой, күлдіргі, қалжыңбас адамдар болған ғой. Әртүрлі ауызша, жазбаша деректерге қарағанда Ұлжанның (Абайдың шешесі) әкесі Тұрпанмен бірге туысқан ағалары Қантай, Тонтай қалжыңмен даңқы шыққан белгілі мысқылшыл, тапқыр күлдіргілер болыпты. Осы орайда, Кәкітай Құнанбаев былай деген: « Тонтай ауырып жатса, сол елдің бір молдасы қайта-қайта келіп көңілін сұрай беріпті. Өйткені, Тонтай өлсе молдаға түсім түседі. Жаназа шығарады. Молданың осы ойын білген Тонтай тағы бір күні молда көңілін сұрап отырғанда: «Жазыла-жазыла, қожа-молдалардан ұят болды, енді өлмесем болмас» депті. (А. Құнанбаев, шығ. бір томдық жинағы, 16 бет).
Әдетте әзіл-қалжың тек сөзбен ғана емес, әртүрлі әрекеттер, көріністер арқылы да болады. Айтқанымыз дәлелді болу үшін бірер мысал келтірейік.
Шешендігімен, әділдігімен ел арасында аты аңызға айналған, өз заманының ірі тұлғасы болған Сұлтанмахмұттың арғы атасы Торайғыр Найманда Жапалақ деген бимен құрдас болыпты. Олардың бір-бірімен аралас-құраластығы, өзара сыйластығы өзгелерге үлгі боларлықтай дәрежеде өріс алған. Сонымен бірге өзара қатты қалжыңдасады екен.
Жылдағы әдетінше мерзімді уақытын оздырмай Торайғыр жайлауға көшеді. Жолшыбай көш басын бір көлдің жағасына тіреп, бірер күн қоныстайды. Көш ырымы бойынша осы жерге Жапалақты қонаққа шақырады. Мән-жайды түсінген Жапалақ қасына әртүрлі әрекеттерге шебер жиырма адамын ертіп, бір сүліктей қара биені жетекке алып, жолға шығады. Торайғыр ауылдың жақсы-жайсаңдарымен бір жайдақтау төбенің басында оларды қарсы алуға күтіп отырады. Ал, Жапалақ болса көлдің шетіне жеткенде жолсеріктерін тоқтатып, аттан түседі. Аттың ертоқымын сыпыртып биеге ерттетеді. Содан кейін лып етіп биеге мінеді де, жолсеріктеріне: «сендер аяңдап ана Торайғыр отырған төбекшікке қарай жүре беріңдер» дейді де, өзі көлді айнала шаба жөнеледі. Мұның мән-жайын түсінбеген жолсеріктері біраз абыр-дабыр болысып, ақыры бидің айтқанын орындап, төбешікке беттейді. Жапалақ әне-міне дегенше көлді айнала шауып өтеді де, жолсеріктерін басып озып, ағызған бойы төбешікте отырған Торайғырдың алдына келіп, қара биенің артын төсеп тұра қалады. Сонда Торайғыр орнынан атып тұрып, «Әй Жапалағым-ай, мені тәнті ететін сенің осы тапқырлығың ғой» деп, қолтығынан демеп аттан түсіреді де, төс түйістіріп амандасады. Бұл көріністің мән-жайын жұрт артынан түсініп, мәз-мейрам болады. Сөйтсе, бұл әрекеттің мәні былай екен. Әдетте жапалақ көлдің маңын мекендеп, көл жағалай ұшып жүреді. Торайғыр осы жайды қалжыңына арқау етіп, әдейі көшін көл жағасына аялдатқан. Жапалақты сүріндірмек оймен қонаққа шақырған. Алайда, Жапалақтың қарымта қалжыңы одан асып түседі. Биенің артын төсеп тұра қалғаны, мен жапалақ ретінде міндетімді атқардым, енді айғыр ретінде сен де өз міндетіңді атқар дегені екен. Сөйтіп, атақты екі бидің «Жапалақ», «Торайғыр» деген есімдері қалжың әрекет арқылы осы көрініске арқау болып, жұрттың көңілін бір көтеріп тастаса, көп ұзамай бұл оқиға бүкіл Баянауыл өіңіріне тарап кетеді. Мен бұл әңгімені 1967 Семейдің әуежайында жол тосып отырған Павлодардың төрт-бес ақсақалдардың аузынан естідім. Ол кісілерден басқа да естігендерімнің өзі бір төбе. Бұлар да алдағы уақытта сәтіне қарай кәдеге асар деген ойдамын.

2. Омар болыстың тапқырлығы

Бұрынғы Күршім өңірінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында атақты үш болыс болыпты: Ақнайманнан – Омар, Өтейден – Мамыр, Андағұл-Жәркеден – Қатпа деген адамдар екен. Олар тілге шешен, тапқыр, қазақтың салт-дәтүріне ұстанымы берік, өздері өмір сүрген заманының әйгілі тұлғалары.
Ақнайманның Байекештің кіндігінен өмірге келген төрт ұлдың ішінде дан Омардың орны бөлек екен. «Бес саусақ бірдей емес», дегендей, балалардың ішінде біреуі ерекше болатыны өмірден белгілі. Мысалы, Қалмақ ханына елшілікке барған қаз дауысты Қазбек Қоң тажының ордасына түсіп: – О, хан, сен ел шабуды қоймадың, мен елшілікке келуден тынбадым, – дейді. Қоңтажы бұған: – Қазбек би, дұрыс айтасың, сенің қаршадай 14 жасар күніңде айтқан сөздеріңді естіп: «Шіркін-ай, мынадан бір тұқым алар ма еді?», – деп ойладым. Содан барып Қазымбеттей ұлыңды алдырдым. Бірақ сен келіп: «Ерімнің өзі қайтпай тұрып бітім етпеймін», дедің. Не бізге тіліңді кесіп тастап кетпедің. Содан кейін менен іргеңді аулақ салып əәрі көштің. Сені қайта бір келтіру үшін мен артта қалған еліңді шаптырып алдым. Ендігі сөздің турасы – сенімен достасуға құмармын. «Даудың артын қыз бітейді, судың артын шым бітейді», – деуші еді. Сондықтан не қыз бер, не қыз ал», депті. Қазбек ханға: – «Саған беретін қызым жоқ, ал өзің берсең алайын, – дейді. Хан: «Ұлың нешеу еді?» деп сұрайды. Қазбек: «Бір жарым ұлым бар», – деп жауап береді. Хан бұған таңданып: «Бір жарымы қалай? Сенде бес ұл бар деп еститін едім», дейді. Қазбек: «Менің елге ие болатын ұлым біреу-ақ. Аты – Бекболат. Соны бүтінге есептедім. Ал мал мен қатынға ие болатын қалғанын есепке алып жүргенім жоқ» – деп Қоңтажыға қарапты. Сол қаз дауысты Қазыбек атамыз айтқандай, Байекештің балаларының ішінде Омар пысық, ширақ, сөзге шешен, іске икемді, жұртқа жайлы болған деседі. Содан болар, ол Ақнайманға 30 жыл болыс болады. Ол кезде мұндай лауазымды сайлау арқылы таңдаған. Демек, халық кез келген адамды болыстыққа лайық көрмесе керек. Рас, сайлау тәртібінің бұзылатын кездері де болған. Мұндай қараулық уезден сайлау өткізуге келген құлқыны зор ұлықтар тарапынан жасалған. Осындай бақай əәрекет Омардың тұсында да болады. Бірақ халық оны қолдап, шын ниеттерімен сайлап отырған. Ол 25 жыл болыстықтан кейін де кезекті сайлауға түсуге ниет білдіреді. Мұны жақтырмаған шынжыр балақ, шұбар төс бәсекелестері оны бұл жолғы бәсекеде өткізбей тастаудың амалына кіріседі. Оның да себебі бар еді. Омар олардың тарапынан кедей-кепшіктерге зорлық-зомбылық жасауға жол бермейтін. Қашанда қарапайым халықтың сөзін сөйлеп, қорғап, қолдап жүретін. Бұл əәрекет байларға ұнамайды. Сондықтан одан құтылудың жолын іздейді. Жоғарыға құлаш-құлаш арыз жолдайды. Ел ішінде Омардың сыртынан өсек-аяң таратып, қарапайым халықты оған қарсы дауыс бермеуге үгіттейді. Өскемен уезінен келетін ұлыққа пара дайындайды. Оны берудің жолын қарастырады. Омар мұның бәрін сезіп-біліп жүрсе де сыр бермейді. Мені жақтай ғой деп ешкімге бас ұрмайды. Бірақ, өзі де қарап жатпайды, пендеге сездірмей өз жоспарын жүзеге асыруға кіріседі. Өскеменге біраз дайындықпен сапарға шығып, сонда он күндей жүріп ау-жайды түйеді. Әуелі уезден келетін ұлықты анықтап алады. Онымен бірге əәйелінің де келетінін біледі. Бұл өзі көрсеқызар, жылтыраққа əәуес, күйеуіне айтқанын істететін еркетотай екен. Күйеуі елудің бесеуінде болса, ерке келіншек одан жиырма жас кіші. Жуықта отыз бес жасқа толған туған күнін тойлапты. Омар мұның бәрін уезде қызмет істейтін бір тамырынан естіп, біледі. Сайлаудың қашан өтетінін анықтайды. Сонымен барған шаруасын тындырып, елге қайтады. Сайлауға екі-үш күн қалғанда Өскеменнен келетін қонақтарға алты қанат ақ үй тіктіріп, жан-жақты дайындығын жасатады. Барлығын əәзірлетіп, өзі қонақтарды қарсы алуға Ертіс өзеніндегі өткелге аттанады. Сөйтіп олардың алдын тосып, бергі жағада қарсы алады. Ұлық сұлу мұртты, орта бойлы, етжеңді кісі екен. Жүріс-тұрысына, сөз ләміне қарағанда байыпты адам сияқты. ƏӘйелі өте көрікті, нағыз хордың қызы дерсің. Дөңгелек көздерін төңкеріп тастап, жалт-жұлт етіп қарағанда бойыңнан құмырсқа жүріп өткендей сезінесің. Омар да келісті кісі еді. Орысша жақсы сөйлейтін. Дәлірек айтсақ, өз ойын тілмашсыз-ақ жеткізе алатын. Не десек те қонақтармен аман-сәлемі көңілдегідей болады. Омар қонақтарын шатырға кіргізіп, алдын ала дайындалған дастарқанға отырғызады. Дәм алардан бұрын ұлықтың ханымын туған күнімен құттықтап, кішкентай қобдишаны сыйға тартады. Қобдишаның іші әшекейлі заттарға толы еді. ƏӘрине, бағасы да айтарлықтай қымбат екені сөзсіз. Мұны көрген бикеште ес қалмайды. Ұлықтың да қуанышында шек жоқ. Ханым екеуі қосарлана: «Ой, Омар Байекешович, большое спасибо вам!» деседі. Түс ауа қос ақбоз ат жегілген күйме Ақши өңіріндегі Омардың ауылына тігілген алты қанат ақ үйге кеп тұмсық тірейді. Күтушілер құрақ ұшып, қонақтарды қарсы алады. Бұл кезде ауыл үсті құжынаған халық еді. Олар Омарға қарсы наразылық белгісі ретінде бүкіл Ақнайманнан жиналған, Омарға қарсы бай-шонжарлардың сойылын соғып келгендер болатын. «Кедейдің бір тойғаны, шала байығаны» дегендей байшонжарлар оларды ас-сумен тойындырып, айтақтап қойған. Бұл нөпір ақыры ұлықпен кездесіп, арыз-шағымдарын қарша боратады. Арада үш күн өтеді, Омардың болыс болуына қарсылардың ізі суымайды. Үш күннен кейін ұлық Омарды шақыртып, бұл сайлауда оның жолы болмайтынын айтады. Осы тұста күтпеген жерден ұлықтың ханымы сөзге араласып: «В любом случае Омар Байекешович должен остаться на месте», деп айтып салады. Сүйіктісінің сөзін екі етпейтін ұлығың қипалақта: «Да, да, так и будет», деп оның ыңғайына көше берді. Дегенмен, бір қулық ойлай қояды. Онысы: «Мен саған үш сұрақ берем, соған дұрыс жауап қайтарсаң, болыстықта қаласың. Ал бұрыс айтпасаң ла-уазымыңмен қош тасасың», деді. Бұған сүйіктісі де келіседі. Омар да тәуекелге бел байлайды. Ұлық мынадай сұрақтар қояды: Қазақта 18 ғалам бір тарының қауызына сыйып кетеді деген сөз бар екен. Ол қалай сыяды? Орыс халқының əәйел заты ерлеріне адал болады. Көздеріне шөп салмайды. Бұл неліктен? Ұрыс-жанжал неден шығады? Омар бұл сауалдарды тыңдап тұрады да: «Ханым атпен серуендегенді жақсы көреді екен. Бүгін соның реті келіп тұр. Мен екеуіңізге екі жорға даярлатып қойдым. Сіздің сұрақтарыңызға жауапты серуенде жүргенде берсем қайтеді?» дейді. Сөйтеді де Омар ұлық пен ханымды тау өрмелетіп бір биіктен келесі биікке жоғарылата береді. Осылайша Қарасеңгір тауына шығарады. Биіктеген сайын маңайда не көрініп тұрғанын ұлықтан сұрай отырады. Ең соңғы биік тау шыңына шыққанда алыстан Зайсан көлі, солтүстік шығыстан Танаш, Барлыбай құз-қиялары көрінеді. Сонда Омар: «Тақсыр біз осы бетімізбен аспанға көтерілсек, не көрер едік?» дейді. Ұлық бөгелместен: «Әрине, бүкіл əәлемді көреміз», деп жауап береді. Омар: «Оны көздің қарашығымен көреміз. Қарашықтың үлкендігі тарыдай. Олай болса 18 мың ғалам і сұрақтың жауабын тәмамдайды. Бұлар енді Ақши жазығындағы Қалғұты өзенінің төменгі ағысын жағалап жазықпен келе жатады. Судың бір жайдақтау жеріне келгенде Омар шауып барып өзенге түседі. Ағынның ортасына таман барып, суды қамшымен сабалай жөнеледі. Ұлық пен ханым мынау жынданған шығар деп аң-таң болады. Омар біраздан соң қайтып келеді де, ұлыққа қарап: «Жаңа мен сабалаған судың бетінде қамшының ізі қалды ма?» дейді. Ұлық жазғыра сөйлеп: «Суда қамшының ізі қалушы ма еді?» деп, қайыра сұрақ қояды. «Олай болса сіздің халқыңыздың төмен етектері де ерінің көзіне шөп салады, бірақ одан із қалмайды», дейді Омар. Мұны естіген ерке ханымның екі беті ду етіп қызара қалады да теріс айналып кетеді. Сөйтіп, екінші сұрақтың жауабы тәмамдалады. Одан əәрі үнсіздік басталады. Біраздан соң ұлық үшінші сұрақтың жауабын талап етеді. Омар үндемейді. Сауал шегі өтінішін бірнеше рет қайталайды. Бұл үндемейді. Ұлық ашу шақырып соңғы рет талап етеді. Сол кезде Омар жұлып алғандай: «Әй, өзің бір жаман адам екенсің!» дейді. Бұған ашуланған ұлық тапаншасын жұлып алып, оны жауап берушіге бағыттайды. Сонда Омар: «Ғафу етіңіз, тақсыр, ұрыс-жанжал осындайдан шығады», дейді. Сөйтіп ол үш сұраққа да жауап береді. Ұлық та сөзінде тұрады. Сайлау өткізіп, үйреншікті əдетін іске қосып Омарды болыстыққа қайта сайлатады. Сөйтіп, Омар Байекешұлы өз өкімінде тағы бес жыл болыс болады. Қазақтың болыстық жүйесінде жалпы саны 30 жылға созылған болыстық билік Күршім өңірінде Омардан басқа бірде-бір пендеде болмаған.

3.Омар мен Қатпа

Омар мен Қатпа бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болған. Сонымен бірге құрдастықтарын бетке ұстап өзара қатты қалжыңдасқан.
Омар арнайы сапармен Катонқарағай өңірі Шыңғыстай ауылындағы Әбдікерім болыс салдырған мектепті көріп қайтуға елінің бірер әйгілі адамдарын ертіп жолсапарға шығады. Әртүрлі болжамдарға қарағанда, ол өз жерінде де мектеп ашпақшы болған сияқты. Тана мырзамен байланысы осындай ой тудырды ма екен, кім білсін. Барар жолында Өтей жерін басып өтеді. Бірер күн жайлаудағы Мамыр болыстың үйінде еру болып, одан әрі Шүршіт суынан өтіп, Нарын елінің қазіргі Көктерек ауылының үстінен шығады. Одан әрі өрлей жүріп межелеген жеріне жетеді. Қайтар жолы Құлажорға бағытында Қатпа болыстың қарауындағы елді мекендер арқылы болады. Ондағы мақсаты құрдасымен төс түйістіріп, еру боп қайту. Оның ордасына түннің бір уағында келеді. Мұның да себебі бар еді. Жолсерігінің бірінің астындағы аты аяқ астынан ауырып, жүруге жарамай қалады. Маңайындағы ауылдарға кісі жіберіп, мініс ат тапқанша уақыт озып кетеді. Түн ортасы ауғанға дейін тосып, енді келе қоймас деген Қатпаның ауылы жатып қалған еді. Омар келгенде ауыл үсті тым-тырыс, жұрт ұйқыда. Тіпті ауыл иттерінің де үні шықпайды. Омар көп ойланбастан қасына ертіп шыққан ақын жігітке мына көріністі менің атымнан бір ауыз өлеңмен өрнектеп жіберші дейді. Сонда ақын жігіт, Омардың атынан:
«Ертістің бетке ап ақ таңын,
Ауылына келдім Қатпаның.
Тұмшалап ап түндігін,
Тиектеп ап есігін,
Құшағына ап Әппағын,
Құрдасымның қарашы –
Буына мас боп жатқанын!» – дейді. «Әппағы» дегені Қатпаның тоқалы. Мұны естіген жолаушылар рахаттана күліседі. Өлең Омарға да ұнайды. Тағы да бір рет айтқызады да, серіктерін бастап жүріп кетеді.
Ертеңінді бұл өлеңді ескіше жазумен қағазға түсіртеді. Оншақты тәбеттері зор кедей азаматтарын киіндіріп, ат мінгізіп өлеңді Қатпаға беріп жібереді. Мұның тағы бір себебі кешегі өздеріне дайындалған қонақасын осылар ішіп-жеп келсін дегені еді. Ал, Қатпа оларға мұндай сый көрсетпесе сөзге қалары анық.
Омардың түпкі ойын түсінген Қатпа оның жігіттерін айтарлықтай күтімге алғызады. Жігіттер де алдарына келген асты кері қайтармай, қидай сыпырады. Тамақты да түрлеп-түрлеп әкеледі. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда Андағұл-Жәркенің сүйікті асының бірі тары болған. Қонақтар бұл дәмнен де кенде болмайды. Ең соңында жез легенге салып тарының кебегін алдарына қояды. Мұндайды бұрын көрмеген жігіттер бір-бір уыс асап жібереді де «тойып та қаппыз ғой» десіп кейін шегініседі. Ал кебек қол сүрту үшін қойылған болатын. Қатпаның да күткені осы еді. Ол уақыт оздырмай бір шумақ өлеңнің ретін келтіреді де, шытқа орап жігіттерінен Омарға беріп жібереді. Өлеңнің мәтіні мынандай екен:
Көрсемші сендей кезепті –
Ауылды аттап кететін
Сонша саған не жетті ?
Сағындың ба Жүрсінді –
Қамын ойлап кезектің.
Жігіттерің мықты екен,
Алдына келгенді қайтармай,
Асап та жіберді кебекті!
«Жүрсін» «Қызыл мола» деген қыстағында отырған Омардың сұлу тоқалы.
1962 жылы желтоқсанда Күршім ауданына қарасты Теректібұлақ ауылында ақындар айтысы болды. Айтыстың шымылдығын жұмбақ айтыспен сол кездегі аудандық «Коммунистік еңбек» газетінің қызметкерлері ақын Қасымхан Малаев (ол кейін облыстық басылым «Коммунизм туы» газетінде істеді) пен Кеңесхан Әшімов ашып, айтысты одан әрі жүргізді. Осы айтысқа Высокогор совхозының атынан әдебиетші ұстаз, ауданға аты әйгілі ақын Нұрқадиша Молдабаева да қатысып, Маралиха совхозының ақыны Майлыбаев Рамазанды жеңді. Мен осы айтыстың куәсімін. Әскерден келгеніме бір-ақ жыл болған, жиырманың ішіндегі жігіт шағым. Мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Қалам тартып аудандық газетке өлең, мақала жазып жүрген кезім. Талабымды талпынтып, дем берген марқұм Қасымхан аға мен замандасым Кеңесхан еді. Мен сол күні айтыстың басынан аяғына дейін болып, соларға қолғабыс жасадым. Айтыста облыстық «Коммунизм туы» газетінің меншікті тілшісі Марқұм Байқадамов Темірғали аға да болды.
Айтыстан кейін қонақтарды жергілікті орта мектептің ұстазы, тарихшы-әдебиетші, әнші, айтыс десе елегізіп тұратын, ауданға әйгілі азамат Мәжіков Камалиден аға дәмге шақырды. Дастархан басында тілге шешен, шежіреші Әміренов Ғаббас аға да болды. Ол да жергілікті мектепте ұстаз. Нұрқадиша апай, Темірғали, Ғаббас, Камалиден ағалар мен Рамазан ақынның жас мөлшері тым алшақ емес, құрдастар десе де болады. Әдетте өнерге, әдебиетке жуық адамдар бас қосқанда жас ерекшеліктеріне қарамай өзара әзілдесіп отыратын әдет бар ғой. Мұндайда әңгіменің де тиегі ағытылады. Бұл отырыста да солай болды. Жоғарыдағы әңгіме де осы отырыста айтылған еді.
Нұрқадиша апай Қатпа болыс туралы әңгіме желісін үзбей одан әрі жалғастырды. Айтқандарын зер сала тыңдадым. Бұл бір ақындық талантымның қоламтасы қозып, әдебиетке деген, көнекөз қариялар мен көздері көріп, құлақтары естіген жайларды көңіліне көп түйген зерделі адамдардың әңгімелеріне деген құштарлығым артып, естісем, білсем екен деген кезім еді. Естігендерімді қойын кітапшама дереу жазып алатынмын. Одан кейін қайта-қайта оқып, зердеме түйетінмін. Бұл жолы да солай істедім. Енді сонда естіген әңгіменің тағы біріне кезек берейік.
Сонымен, Омар Қатпаның хатын оқып, ештеңе болмағандай сырт көзге сыр білдірмейді. Дегенмен, сабақ болсын деген мақсатпен жұртқа басқа сылтау айтып, топты бастап барған мешкейіне 10 дүре соққызады. Сөз жоқ Қатпаның қалжыңы өтіп кетті.
Сол жылғы жаздың аптап ыстығы ойдағы елді жайлауға бастады. Осы орайда Торайғыр сияқты көш ырымын жасап Қатпа да Омарды дәмге шақырады. Әрине, бұл шақырыстың тегін емес екенін Омар сезеді. Әйтеуір іш пікірі ішінде, керекті кісілерін ертіп межелі күні Қайыңды өңіріндегі Қатпаның жазғы қонысына келеді. Қонақтардың қонақасы Қатпаның өз ордасында бір жерден болады. Ал жатар орыны бөлек. Омар қасына ерген үш әйгілі бай адамдармен арнайы тігілген киіз үйге түнеді. Оның қалған он екі серігін буулы жүк текшеленіп жиылған алты қанат киіз үйге жатқызады. Олар ұйықтады-ау дегенде Қатпаның бірер жандайшаптары үйдің есігін сыртынан мықтап бекітіп тастайды. Осылай боларын Омар қонақасының берісінен сезген еді. Ол жігіттеріне алға келген асты қайтармай жей беріңдер деген. Солай болды, майлы сорпаға быққан тары, қазы-қарта, майы төрт елі қойдың жамбасы, тегенедей құйрық, қос жұмырықтай жұмыр, сары ала сорпа, сары қымыз, сарымай, жент, өрік-мейіз, құрма т.т. қазан қаласына кетіп жатты. Омар жатар алдында серіктерін оңаша шықарып алып: «Біраздан кейін, сендердің іштерің бүлік шығарып, түзге қуалайды, бірақ бара алмайсыңдар. Себебі, есік сыртынан бекітіледі, ірге берік қымталған. Сондықтан буылған теңді шешіп, жайыңдар да ішіне отыра беріңдер. Іштерің босап, мазалағаны басылғанда қайтадан орап, буып-түйіп орнына қойыңдар» дейді. Омардың болжамы дұрыс болды, айтқаны орындалды. Таңертең Қатпа Омарға сәлем бере келіп, қонақтардың жай-күйін сұрайды. Сонда Омар: «Төр жайлауда жатқандай сезіндік, қалған жай-күйімізді жайлауға барғанда білерсің» деп, жымия күледі. Сонымен, Омардың тобы таңертеңгі сый-құрметтен кейін қош айтысып аттанып кетеді. Ал, Қатпа болса Омардың киіз үйде жеке жатқан серіктерінің сол күнгі қылықтарын жайлау үстінде ғана біледі. Сөйтіп, Омардың қарымта қалжыңы сәтті шығады.
Әдетте, қалжың тек құрдастардың арасында ғана айтылумен шектелмейді. «Әзілің жарасса атаңмен ойна» дегендей кезі келгенде ретін тауып, сөз жүйесін әзіл-қалжыңға икемдей сөйлеген адамның бәрі қалжыңбас. Әзіл-қалжыңға, тұтқиылдан тап болған күрделі жайлардың түйінін шешуге құрылған ұтымды тапқырлық, қызыл тіл құдіретінің бір көрінісі екені сөзсіз.

Советхан ҚАЛИҒОЖИН

Комментарий (1)

  1. Reply
    Анонимговорит

    Менің әкем айтады баяғы Қатпа деген арғы атамыз бар еді деп. Біз найман ішінде андағұл едік. Әкем де күршімдікі. Сол осы жерде Қатпа атам туралы жазылған сияқты. Бірақ кішкене күмәнім бар. Өлімі туралы сәйкес келсе мүмкін атам туралы жазылған.

Пікір қалдыру