Ғылым, білім саласындағы заманауи өзгерістер Қазақстанға батыл түрде дүниежүзілік білім кеңістігіне ену талабын қойып отыр. «Білекке сенер замандаешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмейік», – деген сөзді Абылай ханайтыпты деседі. Расында қазір білімге сенетін заман туды. Қазіргі пандемия кезіндегі қашықтан оқыту білім беру жүйесінің ғаламдық заманауи беталысына назар аударып, білім беру жүйесінің алдына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Ол үшін отандық жоғары оқу орындарымыз әлемдік ең озық білім беру технологиясы мен жүйесін басшылыққа алып, оқытудың сапасын көтеруді басты мақсат етіп қоюы керек. Уақыт отандық білім беру жүйесінің әлемдік білім үдерісіне интеграциялануын талап етеді. Бұл – тек біздің қалауымыз емес, бүгінгі күннің шындығы. Сондықтан, дүние жүзіндегі жоғары білім жүйесінің даму тәжірибесін зерттей отырып, ұлттық білім беру жүйесін халықаралық сапа стандарттарының талаптарына сәйкестендіру бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр.
Еуропаның жоғары білім беру аймағына енудегі басты мақсат – қазақстандық жоғары білімді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру. Беделді еуропалық ұйымдармен байланыстары, ЕҚЫҰ-на төрағалық, Еуроодақпен сыртқыэкономикалық тауарайналым байланыстары, т.б. ең алдымен, жоғары білімі бар адамдар тарапынан жүзеге асрылады. Сондықтан жастардың білімдерінің соған сәйкес халықаралық деңгейде болуы талап етіледі.
Еліміздің әлемнің дамыған отыз мемлекеті қатарынан орын алуы үшін бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған жас ұрпақты қалыптастыру мәселесі алға шығып отыр. Өйткені, тек бәсекеге қабілетті азаматтар ғана Отанымыздың тұрақты дамуына, бәсекеге қабілеттілігіне өз үлесін қоса алады. Адамның өзін-өзі ұстау мәдениеті мен өзгелермен қарым-қатынас жасау мәдениетін болашақ ұрпақ бойында қалыптастыруды білім беру үдерісі мен өз құқығын қорғай білетін сауатты тұлғаны тәрбиелеу үдерісінен бөліп қарастыруға болмайды.
Білім беру — «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді даму Стратегиясының маңызды басым бағыттарының бірі болып саналады. Қазақстандағы білім беруді жаңғыртудың негізгі мақсаттарының бірі — білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу. 2007 жылы мемлекеттік деңгейде «Тілдердің үштұғырлылығы» Ұлттық мәдени жобасы қабылданды, оның негізгі мақсаты — қазақ тілін әлемдік деңгейге көтеру, елде үш тілдің: мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінің толыққанды және терең үйрену мен қолдануына барлық жағдайлар жасау. Бұл құжатта Елбасы Н.Назарбаев: «Мен қазіргі қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін. Сондықтан 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс. Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деп атап көрсетті. [1]
Қазіргі таңда білім беру саласында болып жатқан өзгерістер оқытуды, оның ішінде шетел тілдерін оқытуды жаңа сатыға көтеруді талап етіп отыр. Соның бірі үштілділікті жоғары оқу орындарында оқыту мәселесі. Осыған орай білім беру саласына «Көптілділік» термині дендеп енуде.
«Көптілділік» термині (татар тілінде – күнтеллелек, ағылшын тілінде – multilingualism, mehrsprachigeit) орыс тілінен шыққан, қоғамда әртүрлі тілдердің таралуы, жеке тұлғалардың бірнеше тілдік құралдар арқылы сөйлесу мүмкіндігі ретінде түсіндіріледі. [2]
Біздің республика көптілді болып табылады, өйткені мұнда жүзден астам халықтар және Ресейдегі 130 ұлттардың өкілдері өмір сүреді. Ал бүкіл әлемде 3 мыңға таяу тірі тілдер бар деп саналады.
Энциклопедиялық сөздіктерде көптілділік белгілі бір көпұлтты аумақта бірнеше (үш және одан да көп) тілдердің әрекет етуі ретінде түсіндіріледі; сөйлесу қажеттілігіне қарай адамның бірнеше тілді білуі мен қолдануы. Көптеген аймақтарда көптілділік құбылысы қостілділік сияқты жиі кездесе бермейді, себебі, бірнеше тілдерді қолданудың деңгейі және қызметтік мәртебесі шағын аймаққа ие. Ол көбіне жалпы білім беретін мектептерде және басқа да оқу орындарында оқытумен шектеледі.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті — мектептерге педагог мамандар даярлап келе жатқан, тәжірибесі мол ұстаздар шоғырланған байырғы мемлекеттік жоғары оқу орны. Жоғарыда аталған міндеттерді орындауға атсалысу мақсатында үштілді білім беретін мектептерге мұғалімдер даярлауды жолға қою жұмыстары жүргізілуде. 2012 жылдың 27 қыркүйектегі университет ректорат мәжілісінде Көптілді білім беруді дамыту орталығы құрылып, орталықтың ережесі, штаттық бірлігі және жұмыс жоспары бекітіліп, университет ректорының 2012 жылғы 24 қазандағы №143 бұйрығымен Көптілді білім беруді дамыту орталығы ашылды. Осыған орай, 2012 жылы Университетте Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында университеттегі «Қытай тілі», «Түрік тілі», «Парсы тілі» арнайы кабинеттері және ағылшын тілін тереңдетіп оқыту үшін интерактивті тақтамен, мультимедиялық құралдармен жабдықталған жаңа кабинет ашылып, олар «Көптілді білім беруді дамыту орталығына» шоғырландырылды.
Көптілді білім беруді дамыту орталығының атқаратын қызметі – еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды және үш немесе одан да көп тілдерді еркін меңгерген көптілді тұлға мамандарды даярлау.
Университетте Көптілді білім беруді ұйымдастырудың Ережесі мен Көптілді білім беруді енгізудің Бағдарламасы даярланып, Университет Ғылыми Кеңесінде бекітілді. Бұл құжаттар Қазақстан Республикасының білім саласындағы мемлекеттік саясатын жүзеге асырудың ұйымдастырушылық негізін құрай алады және әлемдік еңбек нарқының талаптарына сәйкес келетін болашақ мамандарды мақсатты түрде дайындауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Көптілді білім беру — индивидті тілдік білім, білік және дағдыларға, тілдік және сөйлеу іс-әрекетіне жинақталған адамзаттың әлеуметтік мәнді тәжірибесінің бір фрагменті саналатын бірнеше тілді бір уақытта меңгеруі негізінде көптілді тұлға етіп қалыптастырудың мақсатты бағытталған, ұйымдастырылған, нормаланған үштағанды оқыту, тәрбиелеу, дамыту үдерісі. Әзірленген бағдарламада көптілді білім беру үш тілді оқытуды кезеңдеп ендірудің үдерісі ретінде қарастырылады.
Университеттегі Көптілді білім беруді ұйымдастырудың Ережесі мен Көптілді білім беруді енгізудің Бағдарламасы мынадай міндеттер мен құзыреттіліктерге қол жеткізуге бағытталған:
— көптілді қатысымдық құзыреттілікті ары қарай дамыту (тілдік, сөйлеу, әлеуметтік-мәдени, компенсаторлық, оқу-танымдық);
— сөйлеу құзыреттілігі — қатысымдық біліктер мен дағдыларды жетілдіру (ауызша және жазбаша сөйлеу);
— тілдік құзыреттілік – қатысымдық мақсаттарда тілдік бірліктерге сүйене отырып дағдыларды дамыту, жаңа тілдік құралдарды игеру, бұрын оқыған материалды жүйелеу;
— әлеуметтік-мәдени құзыреттілік — оқылатын тіл елінің әлеуметтік-мәдени ерекшелігі туралы білімін жетілдіру, өзінің туған елі мен тілін үйренетін елдің мәдениетіндегі ортақ нәрселер мен өзгешелікті аңғару дағдысын қалыптастыру;
— компенсаторлық құзыреттілік- көптілді ақпаратты алу және беру кезіндегі тілдік құралдардың жетіспеушілігі жағдайында проблемаларды шешу дағдыларын ары қарай дамыту;
— оқу-танымдық құзыреттілік- білімнің басқа да саласындағы өз қызығушылығын қанағаттандыру үшін шетел тілін үйренудегі іс-әрекетін жетілдіруге мүмкіндік беретін жалпы және арнайы оқу біліктерін дамыту.
Басты мақсат: оқу үдерісіне үш тілде оқытудың инновациялық технологияларын енгізе отырып бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған көптілді білім беруді жүзеге асыру.
Көптілді білім беру қағидаттары білім мен ғылымның негізгі қағидаттарына сәйкес студенттердің академиялық ұтқырлығының жетістіктері мен оның халықаралық еңбек нарқындағы тиімді бейімделуіне негізделе құрылады.
Пәндерді оқытудың білімдік стратегиясының бірлігі мен көптүрлілігі дегеніміз:
барлық факультеттер үшін базалық тұжырымдама, курсты ұйымдастырудың бірлігі, бағалау өлшемдері, формалары және бақылау құралдарының тоқайласуы;
бітіртуші кафедраның сұранысына сәйкес нақты курс мазмұнын дайындау кезінде әртүрлі факультеттердің мақсат-міндеттерін есепке алуды бағамдаудағы стратегияның икемділігі, сонымен бірге негізгі курсты таңдау курстарымен толықтыра алу мүмкіндігі;
пәндерді оқытуда заманауи білім беруді жаңғырту талаптарына сай оқыту әдістемесі, әдістемелік тәсілдер мен бағдарларының кешені болып табылатын қазіргі заманғы білім беру технологияларын қолдану.
Пәнаралық қатынас. Оқыту шектес пәндер оқытушыларымен ынтымақтастықта және осы пәнді баяндау мен оқыту үшін ыңғайлы тілде жүргізіледі.
Қойылған мақсаттарға төменде көрсетілген міндеттерді жүзеге асырғанда ғана қол жеткізуге болады:
университетте үштілді орта жасау;
үштілді білім беруді жүзеге асыру арқылы білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін дамыту үшін жағдайлар жасау;
университетте үш тілді оқытуды енгізу;
ағылшын тілінде оқулықтар, оқу құралдарын жазу;
тілді үйренудің деңгейлік моделін енгізу;
білім беру бағдарламаларының құзыреттілік-тілдік моделдерін әзірлеу.
Бағдарлама нәтижелері іс-әрекеттік, жекелік-бағдарлық, қатысымдық-когнитивтік және әлеуметтік-мәдени бағдарларды жүзеге асыруға; түлектердің зияткерлік және тәжірибелік іс-әрекетті меңгеруіне, тұлғаның күнделікті өміріне қажетті және әлеуметтік бейімделуінде маңызды, оның әлемдік мәдениет құндылықтарын игеруіне ықпал ететін тілдік құзыреттіліктерді меңгеруіне бағытталған.
Біз білім беру саласының өзекті мәселелерін қайта қарастыруды талап ететін, адам қызметінің барлық салалары жаһандану үдерісін кешіп жатқан дәуірде өмір сүріп жұмыс істейміз. Сондықтан, бүгінгі таңда ақпараттық және коммуникативтік құзыреттілікпен қатар көпмәдениеттілік те жаһандық білім беру қауымдастығының тануынша білім беру саласының негізгі құзыреттілігі және жаһандық білім кеңістігін қалыптастырудағы басты бағыттардың бірі болып саналады. Бұл жөнінде Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында былай деген еді: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында.
Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы».
Осыған орай Университет факультеттерініңстратегиялық даму жоспарының негізгі бағыттарына төмендегідей толықтырулар енгізілді:
— мемлекеттік, ресми және шет тілдерін 90% меңгеру;
— үштілді оқытуды іске асыру мақсатында жаңартылған оқу-әдістемелік базамен қамтамасыз ету;
— үштілді оқыту саласының мамандарын дайындаумен олардың біліктілігін арттыруды жүйелі түрге келтіру;
— үштілді оқытуды есепке ала отырып, бакалавриат және магистратура оқу бағдарламаларын әзірлеу;
— жаратылыстану,техникалық бағыт бойынша отандық және шетелдік оқу-әдістемелік кешендермен 100% қамтамасыз ету;
— профессорлық-оқытушылар құрамын шет тілінде сабақ жүргізуге дайындау үшін жеделдетілген шет тілі кустарын ұйымдастыру;
— профессорлық-оқытушылар құрамын, ғылыми қызметкерлер мен оқушыларды жетекші шетел университеттері мен алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың негізінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы, біліктілікті арттырумен қамтамасыз ету;
— шетел бейінді ЖОО-мен халықаралық бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға үздіксіз қатысу;
— халықаралық аккредитациядан өткен докторлық бағдарламалары бар шетел жетекші ЖОО-мен бірге PhD докторларының дайындығын жүзеге асыру, ЖОО-ның кафедрааралық байланыстары негізінде магистратура бағдарламасы бойынша қос дипломдық білім беруді іске асыру.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы үштілді білім беру жоғары білім беру саласының негізгі бағыттарының бірі болып саналады. Үштілді тұлғаны қалыптастыру жолында жоғары оқу орнының рөлі зор, себебі негізгі құндылықтар мен өмірлік қағидалар осы уақытта қалыптасады. Жоғары оқу орнында студент өзінің мәдени-ұлттық, этникалық қажеттіліктерін жүзеге асырып, оның бойында гуманистік, жалпы адамзаттық қасиеттердің қалыптасуына қолайлы жағдай мен орта жасалады.
Еліміздің индустриалды-инновациялық даму жағдайында оқыту үдерісіне үштілді білім беруді ендіру мен оны дамыту қажеттілігі өзекті болып табылады.Бірақ ескеретін бір мәселе бар. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте білім беру жүйесінің үштілділік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне қатысты:»Бұл — өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек», — деген сөзі қазіргі Қазақстан қоғамының басты қағидаты болуы тиіс.Шын мәнінде үштілділік саясаты мемлекеттік тілге көлеңкесін түсірмей, керісінше оның ұлтаралық және мемлекеттік тіл ретіндегі функциясын жан-жақты дамытуға септігін тигізуі тиіс. Бұл тұрғыда білім беру деңгейлеріне лайықты оны жүзеге асырудың оңтайлы механизмдері мен кадр сапасына айырықша мән берілген жөн. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген бабаларымыз осындай заманның боларын біліп, ұрпағының замана көшінен қалыспауын меңзеген болар.
Т. Ермекова, С. Асанбаева