ҰCТАЗ

Әнуар Әлімжанов туралы айтарым көп. Себебі, ол мен үшін айрықша бағалайтын, кісілік келбетіне үнемі сүйініп, бар болмысына іштей табынатын санаулы адамдарымның бірі еді. Өмірінің соңғы отыз жылында онымен бірде алыс, бірде жақын жүріп, атқарған қызметіне, тындырған істеріне куә боп, жазған шығармаларын оқып, қандай адам екенін жақсы танып білгендей едім. Менің оны алғаш көргеннен бастап ұзақ жылдар бойына ол туралы қалыптасқан пікірім, оған құрметім ешбір өзгерген емес. Ол маған қашан да заманнан озық туған, өзгеге ұқсамайтын дара тұлға ретінде биік болып көрінеді. Менің көз алдымда бірде-бірі төмендеген емес.

Ол өзінің ел-жұртына керек адам екенін түсініп, ерте оянған секілді. Тағдырдың жазуы ма, әлде таланты мен талабының күштілігі ме, аты ерте шығып, атағы ерте жайылды. Үлкен жолдан шеткері жатқан шалғайдағы Қарлығаш деген ауылда туған, елеусіз, ескерусіз өскен талдырмаш бала отызында орда бұзды. Елдің сөзін сөйлеп, өзекті мәселеге дер кезінде үн қататын журналист, жазушы болып жұлдызы жанды. Бірден елге танылды. Өйткені ол елуінші жылдардың аяғында «Литературная газетаның» меншікті тілшісі қызметін атқарған алғашқы әрі жалғыз қазақ еді. Сол кездің өзінде-ақ ұлттық мүддені ішкі ұраны етіп, орыс тілінде жазғанмен, қаны қазақ екенін дәлелдеп жүрді. Батылдық, күрескерлік оның табиғатына тән қасиет еді. Жазғандары жұртқа ұнады. Көптің көңіліндегі толғақты мәселелерді дөп басып, дер кезінде көтерді. Ойы айқын, сөзі өткір, өзіндік баяндау стилі қалыптасқан. Орталықтағы беделді газетте орыс тілінде жарияланған соң жазғандары елге тез тарады, бәрі де оқыды. Осылайша журналистік қырынан тез танылып, атағы аспандай берді. Орыс-қазақ, алыс-жақын Әлімжановты білді, мойындады, бағалады. Бұдан кейін ол жазушы ретінде де ауызға алынып, жақсы атала бастады. Сол кезде Мұхтар Әуезовтің назарына ілініп, ықыласына бөленгенін білетінбіз. Себебі, Мұқаң оның повесіне алғы сөз жазып, ерекшелігін атап, жылы лебізін білдірді. Оны да оқығанбыз.

Ешкімге ұқсамайтын қолтаңба, авторлық мол таным. Дүниенің сан тарабы қамтылған, өрісі кең сан тақырып. Өз аяғымен барып, өз көзімен көрген соң, не жазса да сендіреді. Оқырманды жалықтырмай жетелеп, қызықтырып отырады. Міне, осының бәрі Әлімжановқа ықылас-ынтаңды арттыра түседі. Біздегі саясатқа бағынатын, ауыл арасынан ұзамайтын жатаған, жалтақ журналистикаға ұқсамайды. Қалам сілтеуі еркін, айтар ойы батыл. Қайда жүрсе де, нені жазса да қазақ топырағына қайырылып, бір қиырдағы туған ауылы Қарлығашты үнемі еске алып отырады. Кейде Мәскеуде шығатын газеттердің еркіндігі біздегіден гөрі көбірек пе деп ойлайсын. Әйтеуір, Әлімжановтың қаламы ұшқыр, ойы өткір екені белгілі болатын.

Әлімжановтың біз үшін әсерлі, әйгілі болуының өзіндік себебі де бар еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары басында Қазақ университетінің журналистика бөлімінде оқып жүрген кезіміз. Әрине, біздің де жақсы жазып, көзге түскіміз келеді. Өзіңе бағыт-бағдар іздеп, жақсы болуға талпынасың. Сонда кімдерден үлгі алып, кімдерге еліктеу керек деген құлшыныс еріксіз ойға батырады, мазаңды келтіреді. Сөйтіп, өзіміздегіні оқисың, орталықтағы орыс басылымдарына үңілесің. Үйренудің, ізденудің жолы көп қой. Бақсақ, Әнуар Әлімжанов та біздің университеттің түлегі екен, журналистика бөлімін бітірген. Сонда «қалайша тез өсіп, биіктеп кеткен» деп, іштей қызығасың. Өзі көзге түсіп көріне де бермейді. Өмірде қандай адам екенін де білгің келеді. Бір күні ойламаған жерде Әлімжановпен кездесудің сәті түсіп, журналистика бөлімінің орыс, қазақ тобының біраз студенттері шағындау аудиторияға жиналдық. Кафедрадағы оқытушылардың бірі орта бойлы, ашаңдау, аққұба өңді жігітті ертіп кіріп, «Әнуар Әлімжанов» деп таныстырды. Қимылы шапшаң, қағілез көрінеді. Қайратты қара шашын салалы саусақтарымен кері қайырып, түрегеп тұрған қалпында «кімсіңдер» дегендей бәрімізді тегіс шолып өтті. Аздан соң адамды баурайтын жайлы қалып орнады. Оқытушымыз «Әнуар ақырын сөйлейді, жақындау отырыңдар» деп ескертті.

Студенттік аудиторияда кездесу көп болады. Келген адамдарға сынай қарайтынбыз да. Әркім әрқалай әсер қалдырады. Біреулері ақылгөйсіп ұзақ сөйлейді, біреулері бастан-аяқ өзі туралы айтады. Ал бұл кездесу әдебі, мәдениеті жөнінен басқаларына ұқсамады. Дәл бізге қажет, пайдалы кездесу. Осыдан сегіз жыл бұрын біз секілді осы аудиторияда отырған, ал қазір жер – дүниені аралаған атақты журналист қарсы алдымызда тұр. Астамшылдығы жоқ, тым қарапайым. Сөзі сыпайы, мінезі ұяңдау. Әріптестерінің ортасына келгенін сездіріп, бізді өзіне тең санаған сынай танытты. Керісінше, біз жасқаншақтанып отырмыз. Қалай дегенмен «Литературная газетінің»  меншікті тілшісі. Бізге оған жету қайда. Журналистика бөлімін бітіргеннен бергі сегіз жылда қанша іс бітіріп, қаншама жерде болған. Осы отызға толар-толмас жасында төрт кітабы жарық көрген. Жазған мақала, очерктері өз алдына. Бұның бәрі біз үшін қол жетпес арман секілді. Кітабына ұлы Мұханның өзі алғы сөз жазған. Мұхаңмен сапарлас болғанын да естігенбіз.

Міне, осы адамның мысы басып, бәріміз де үнсіз қалдық. Біздің осы бір күйімізді сезінгендей, ол сыпайы ғана күлді де сөз бастады. Сөзінің түйіні: «Журналист көп жүріп, көп көріп, көп білуге тиіс. Көргеннің бәрі кейін кәдеге асады. Қалай болғанда да туралықтан, шындықтан ауытқымау керек»  деді. Осының бәрін жеке басының тәжірибесіне, өмірлік ұстамына сүйеніп айтқанын ішіміз сезеді. Бұл сөздер бізді еріксіз ойлантты. Басқаша бір талап, басқаша бір талғам. Ізденіске бастайтын қарапайым, көңілге қонымды түсінік. Өзін ұстауы, сөйлеу мәнері, кішіге ілтипатты ұнады. Үлкен мәдениеттің, өрелі ойдың иесі екенін еріксіз мойындатып, жақсы әсерде қалдырды.

Сондағы бір кездесу, арада қырық жыл өтсе де, күні бүгінгідей көз алдымда. Кейін де, қандай жағдай болса да, сол өзгермеген қалпында жадымда қалды. Сирек кездесетін құбылыс… «Асыл адам айнымас» деген ғой Абай. Ақыл айтып, жол көрсетпесе де, бар болмыс-бітімімен өзіне баурады. Кісілік келбетімен, бар іс-әрекетімен өзі туралы жақсы пікір туғызып, жұрт алдында үлкен беделге ие болды. Оның өзінен кейінгі жасқа ықпалы күшті еді. Біреуіміз оны үлгі еттік, біреуіміз одан үйрендік. Біреуімізді ашықтан-ашық қолдап, қолынан келгенше көмектесті. Осыдай қасиеттері әр кезде әр жайдан белгі беріп отыратын.

1965 жылы университетті бітіріп, «Лениншіл жас» газетіне кызметке орналастым. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, Әлімжановтың үлгісі ойды мазалайды. «Лениншіл жастағы» (қазіргі «Жас алаш») жағдайым жаман емес еді, екі жылдан кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне ауыстым. Осы әдеби ортада, Жазушылар одағы үйінде Әлімжановты жиірек көріп, сәлемдесіп жүрдік. Сол баяғы кішіпейіл, қарапайым қалпы. Бұрынғыша қаламы жүрдек, дүрілдеп тұрған кезі. «Көгілдір таулар» кітабы үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болған.

«Махамбеттің жебесі» романы жарық көрген. «Қарасұңқар көпірі» кітабы да оқырман қолына тиді. Көп ұзамай «Отырардан жеткен сый» және Үндістан тақырыбына жазған басқа да шығармалары үшін Джавахарлал Неру атындағы халықаралық сыйлық алды.

Өзім іштей үлгі тұтып, биік санап жүрген осы бір адаммен ойламаған жерден бір редакцияда бірге қызмет атқаруға тура келді. 1969 жылдың күзінде «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, белгілі жазушы Нығмет Ғабдуллин өз өтінішімен қызметтен босап, Абай атындағы педагогикалық институтқа оқытушы болып орналасты. Оның орнына бас редактор боп Әнуар Әлімжанов тағайындалды. Мен осы редакцияда әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген едім.

Орыс тілінде жазатын Әлімжановтың «Қазақ әдебиетіне» бас редактор болуы жұрт күтпеген жаңалық еді. «Қазақша жазбайтын, қазақша кітап оқымайтын адам «Қазақ әдебиетін» қалай басқарады?» деген сұрақ туып, әртүрлі әңгіме тарады. Шындығында, жоғарғы орын «Осы бас редакторлық қызметке бара тұр. Кейінгісін көреміз» дегенге ұқсайды. Осының өзі Орталық комитеттің кадрлар қызметін сатылап жоғарылату саясатының көрінісі тәрізді.

Ә. Әлімжановтай адамның бас редактор болғанына біз қуанбасақ, ренжіген жоқпыз. Айтары мол, өнегесі көп адаммен тез тіл табысып, үйренісіп кеттік. Табиғатында талантты журналист емес пе, міндетін ойдағыдай атқарып кетті. Заман талабына сай бағыт-бағдар сілтеп, тың тақырыптар, жаңа айдарлар тапты. Газет беделі төмендеген жоқ. Баратын материалдарды Әнекең өзі оқыды. Редакцияда еркін шығармашылық ахуал қалыптасып, жарыса жазуға, пікір таласына толық ерік берілді. Бас редакторымыз дауыс көтермейді, бетіңнен қақпайды. Жақсыңды бағалап, кемшілігіңді көрсете біледі. «Қалай басқарады?» деген бастапқыдағы алып-қашпа әңгімелер де тыйылды.

Бірге қызмет атқарған бір жарым жыл тез өте шықты. Осыдан кейін Жазушылар одағы басқармасының сол кездегі басшысы Әди Шәріпов М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына директор болып, оның орнына біздің Әнуар сайланды. Баяғы біреулер тағы да өре түрегелді. «Қазақша жазбайтын, қазақша кітап оқымайтын адам Қазақстан Жазушылар одағын қалай басқарады?» десті. Бұл орыннан үміткерлер тыныш жата алмады. Ауық-ауық шу көтереді. Қарсы шабуылға шығады.

Қалай десек те, бұл орынға келісімен Әлімжанов одақтың жұмысын биікке көтерді. Әдебиетке қатысты небір күрделі, қиын шараларды күн тәртібіне қойып, бірінен соң бірін кезегімен жүзеге асырды. Осы қызметтегі барлық әрекеті ортақ іске арналды. Қазақ әдебиетінің беделін көтеріп, өрісін кеңейтуге жұмсалды. Айта берсе, бұған нақты мысалдар көп, оны әркім де біледі. Көпшілік куә болған, көз алдымызда атқарылған, бәріміз игілігін көрген шаралар.

Дегенмен, 1973 жылы қыркүйек айында Алматыда өткен Азия-Африка елдері жазушыларының V конференциясын айрықша сезіммен еске алғым келеді. Ол қазақ әдебиеті ғана емес, қазақ елі өміріндегі бұрын-соңды болып көрмеген, есте қаларлық елеулі оқиғалардың бірі болды. Жазушылар одағының басшысы ретінде де, ұлтжанды азамат ретінде де Әнуар Әлімжанов осы конференцияның Алматыда өтуіне бар күшін жұмсап, ақырында көздеген мақсатын толық жүзеге асырғанын білеміз.

V конференцияның Алматыда өтуінде үлкен мән бар, әрі өзіндік тарихы бар. Азия-Африка елдері жазушыларының І конференциясы 1958 жылы Ташкентте өткен еді. Сонда конференцияны ұйымдастырушылардың бірі ретінде Мұхтар Әуезов сөз сөйлеп, терең оймен, шешендік өнерімен, бейнелі көркем сөзімен жиналғандарды тамсандырып, өзіне табынтқанын ел біледі. Сонда 28 жастағы Әнуар Әлімжанов та «Литературная газетаның» тілшісі ретінде осы конференцияға қатысып, Мұхаңның соңына еріп, екі құрлықтың көрнекті жазушыларымен кездесті. «Литературная газетада» конференцияның жұмысы туралы көлемді мақалалар жарияланды. Осы конференция кезінде Мұхаң оңаша бір отырыста Әнуарға көңіл сырын жеткізіп: «Шіркін, дәл осындай конференция Алматыда да өтсе ғой» деп армандапты. Сол жолы Мұхаңның осы бір сөзі Әнуарға өсиет боп естілді. Өзінің де ішкі арманына айналды.

Тағы да сол Әлімжановтың талаптануы, табандылығы арқасында араға он бес жыл салып, V конференцияны өткізу кезегі Алматыға да жетті. Мұхаңның өсиеті, өзінің де арманы жүзеге асатын осындай жауапты сәтте ол шабыттанып, арқаланып алды. Конференцияға дайындық жұмыстар ың-шыңсыз, рет-ретімен уақтылы атқарылып жатты. Жазушылар одағы үйінің қосымша ғимараты ретінде конференц-зал салынып, конференция қарсаңында іске қосылды. «Қаламгер» кафесі ашылды, бірінші рет «Бар»  дегеннің не екенін білдік. Конференцияға арналып салынған осы конференц-зал, кафе, бар кейін одақтың еншісінде қалып, қызығын жазушылар қауымы көріп келеді.

Конференцияға 70-ке жуық елден 200-ге тарта жазушы келді. Азия мен Африка елдері ғана емес, Еуропаның, Американың бірқатар елдерінің өкілдері де конференцияға қатысты. Алматы, қазақ жері бұған дейін осыншама елден осыншама құрамда келген жазушыларды қабылдап көрген емес. Бір апта бойына Алматы әлемдік әдебиеттің орталығына айналды.

Жасы бар, кәрісі бар қазақ жазушылары – біздер де осындай айтулы шараға өзімізді тікелей қатысты санадық. Қонақ қабылдайтын елдің өкілі ретінде күні-түні дамыл таппай, конференция жұмысына қызмет еттік. Бұл бір ұмытылмас күндер еді. Осы күндері Әлімжановтың ұйымдастырушылық қабілеті, кісілік қасиеті, азаматтық тұлғасы, парасат биігі, ақыл-ой тереңдігі толығымен танылды.

Конференцияның алғашқы күнінде Республика сарайында өткізілген жиында жасаған баяндамасы ерекше мағыналы болды. Көп елдің делегация басшылары оның қолын алды, ризалығын білдірді. Конференцияның бұдан былайғы жұмысы Жазушылар одағының жаңа конференц-залында өтіп, шетелдік жазушылармен бірге біздер де қатысып, олармен танысып, аралас-құралас жүргеніміз бар. Дүниежүзіне танымал ірі қаламгерлердің жүзін көріп, сөздерін естудің өзі неге тұрады. Біздің олармен жақын танысып, араласуымызға қолайлы жағдайлар туғызылды. Біреулер шетелдік жазушыларды үйлеріне қонаққа шақырды. Конференция күндерінде олармен бірге жүріп тұрды. Сондағы мына бір оқиға есімнен кетпейді. Конференция кезінде өзіміздің жазушыларға қонақтарды қабылдап, күтуге, жөнелтуге байланысты түрлі міндеттер жүктелді. Шерхан Мұртаза ағамыз бен маған қонақтардың тамақтану мәселесі тапсырылды. Конференцияның соңында «Алматы» қонақ үйінің ресторанында қабылдау жасалып, банкет фуршет түрінде өтетін болды.

Әдеттегідей ресторанға белгілі тізіммен кіргізіп, есікте тексеріп тұратын боп келісілген еді. Өзіміздің жазушылардың, оның ішінде жастардың қабылдауға қатысуға мүмкіндігі болмай, есік алдында топталып тұрып қалды. Кіруге рұхсат жоқ. Сол кезде сырттан Әлімжанов келе қалып, жағдайдың қиын екенін бірден түсінді.

– Әнеке, не істейміз? Залда бос орын жоқ. Мына кісілер кіргісі келіп, өтініп қоятын емес, – дедім.

Әнекең аз-кем ойланды да бірден кесіп айтты:

– Есікті ашып тастандар. Кірсін, көрсін. Бұл жағдай енді қайтып қайталанбайды, – деді.

Сөйтіп көңілінің кеңдігін, қиыннан жол тауып кетер батылдығын танытты. Оның орнында басқа адам болса қасарысып, не ештеңе істей алмай, аяғы айғай-шуға айналар еді.

Әнекеңнің ерекше бір қасиеті – әр нәрсенің амалын тауып, әдемі қиыстыра, орнымен келістіре білетін. Өз идеясын жүзеге асыруға келгенде шебер-ақ. V конференцияның соңын әл-Фарабидің туғанына 1100 толуына арналған ғылыми конференцияға ұластыруы да үлкен тапқырлық. Таяу Шығыс елдерін аралап, Мысырда, Шамда болғанда әл-Фараби есімі, оған қатысты жағдайлар үнемі есінде жүріп, мұрасына зер салғаны даусыз. Өзбек ағайындар «Екінші ұстаз» атанған әл-Фарабиді иемденгісі келіп, әрекет жасай бастағанда Әлімжанов әлемге жар салып, оның Отырардан шыққанын дәлелдеді.

Дүниежүзі жазушылары алдында әл-Фараби қазақ жерінің тумасы екенін айтып, тағы да баяндама жасады. Бұл да азаматтық ерлік, ұлттық намыс, патриоттық, перзенттік адал сезім.

Конференциядан соң әл-Фараби атына Алматыда көше берілді. Ұлы ғалымның мұралары біртіндеп жарыққа шыға бастады. 1978 жылы Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» деген роман жазды, басты кейіпкері – әл-Фараби еді.

V конференциядан кейін бір жылдан соң Алматыда кеңес әдебиетінің күндері өткізіліп, одақтас республикалардың, Мәскеудің небір көрнекті ақын-жазушыларымен жүздесудің тағы бір сәті түсті. Олар облыс-облыстарды аралады, қалың оқырманмен кездесті. Осы күндердің соңында халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың 90 жылдығы аталатын боп, Алматыға жиналған ақын-жазушылардың бәрі Кенен ақсақалдың ауылындағы тойға аттанды. Бұл да жаңағы әдеби күндерге байланысты әдейілеп алдын ала жоспарланған әдеби шара болатын.

Ә. Әлімжанов Жазушылар одағына басшы болған тоғыз жылда жазушылардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында бірталай игілікті жұмыстар жасалғанын да білеміз. Жазушыны қинайтын – ең алдымен пәтер мәселесі. Отбасы ұлғаяды, балалар өседі, тұрмыс құрады. Міне, осы кезде пәтердің тарлығы сезіледі. Үйде жазу жазуға жағдай жоқ. Қазіргідей емес, өз ақшаңа пәтер сатып алу деген де жоқ. Пәтер алу үшін тізімге ілініп, ұзақ жылдар кезегіңді күтуің керек. Қатаң тізім бойынша бір жыл ма, он жыл ма, пәтерге қолың қашан жетері белгісіз. Зарығып күтіп, әр есікті бір ашып, пәтер сұрап табаныңнан тозасың. Жазушылардың көбі сол кезде тар пәтердің тауқыметін тартып, тұрмыстың жайсыздығын бастан кешті.

Әди Шәріпов Жазушылар одағына басшы боп тұрғанда беделін салып, әр жақтан жазушыларға біраз пәтер алып берді. 60-шы жылдардың аяғында жаңадан 16 пәтерлі үй салынып, жазушылардың пәтер мәселесі едәуір шешіліп еді. Дегенмен түгелдей жақсы боп кетті, түбегейлі шешілді деу де қиын. Пәтер сұрап өтініш берушілер тізімі жылдан-жылға ұлғая түсті. Бәрі де арыз айтып одақтың бірінші басшысына барады. Қарап жатпай жоғарғы органдарға, Мәскеуге шағымданып, көмек сұрайды. Ондай шағымдар «рассмотреть» деген бұрыштамамен қайта айналып Жазушылар одағына келеді.

70-жылдары мен бес жыл бойына Жазушылар одағында қоғамдық негізде кәсіподақ ұйымының басшысы болдым. Сондықтан пәтер сұраушылардың өтініштері, түрлі арыз-шағымдары, отбасылық мәліметтері кәсіподақта жинақталып, қажет болғанда одақтың басшыларына жеткізіліп отырылатын.

Обалы нешік, Әнекең пәтер мәселесіне бел шешіп, кірісіп, ешбір аянбады.

Бұл уақытта Мәскеудегі Әдеби қордың қаржысымен 40 пәтерлі үйдің құрылысы қолға алынып, жұмыс қызу жүріп жатты. Бәрі де жаңа пәтерден үміткер, құрылыстың бітуін асыға күтеді.

Үйдің құрылысы белгіленген уақыттан бұрын бітіп, пәтер бөлісудің науқаны басталды. Міне, осы тұста Әнекеңнің ешкімді алаламайтын әділдігіне, өзіне бұрмайтын, өзгеден аянбайтын тазалығына, көңілінің кеңдігіне тағы бір куә боп, іштей басымды идім.

Одақтың бұған дейінгі де, бұдан кейінгі де бірінші басшысы пәтер бөлісінде бар билікті өз қолына алып, «анаған, мынаған берілсін» деп, негізінен, тізімді өзі жасап, өзі билік жүргізетін. Секретариат мәжілісінде бұл жолы пәтер бөлу мәселесі түгелдей жаңадан құрылған комиссияға жүктеліп, «ешкім де комиссияның жұмысына кіріспесін, бөгет жасамасын» деп, ашық айтылды. Жеріне, жақындығына, тамыр-таныстығына қарап ешкімге бұрмауың керек. Сырттан «қалай болар екен» деп әр әрекетіңді бағып отырғандар бар.

Комиссия құрамындағы үш адам да – Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы Шерхан Мұртаза да, әдеби қордың бастығы Ғаббас Қабышев та, кәсіподақ ұйымының басшысы мен де әділдік, тазалық жөнінен бірімізден біріміз асып түссек керек, пәтер бөлісі кезінде өзара талас тумады.

Әнекеңнің комиссиядағы адамдарға сенгені соншалық, күнделікті жұмысымызға кіріспей, өзін аулақ ұстады. Барғандарға «бәрін комиссия шешеді» деді. Комиссия отырысында жазушылардың жағдайын мұқият тексеріп, қажет болса үйлеріне барып, көзімізбен көріп, ақылдасып-кеңесіп, бір тоқтамға келетінбіз. Ұсыныс бізден болғанмен шешуші сөз, соңғы байлам, әрине, одақтың екінші басшысы Шерхан Мұртазада еді. Обалы нешік, ол кісі әділдіктен тайған емес. Бәрі де келісілді, сарапталды, електен өтті.

Не керек, жаңа қырық пәтер бөлініп, иелері анықталды. Бұған қоса тағы да қырық шақты отбасы басқа пәтерге көшетін, жазушылардың босаған пәтерлеріне баратын болды. Жазушылыр одағының жаңадан салынған үйі де, жазушылардың босаған пәтерлері де түгелдей одақтың еншісінде болуы керек деген Халық Комиссарлар Кеңесінің И. Сталин қол қойған қаулысы бар екен. Әдеби қор соны алға тартып, қаланың атқару комитетіне бірде-бір пәтер берілмей, жаңасы да, ескісі де өзімізде қалды. Жазушылар одағының тарихында бірінші рет пәтері жоқ бірде-бір жазушы болмады. Кәрісі бар, жасы бар – сексенге жуық адамның пәтерге қолы жетті. Пәтерлерін жаңартты, кейбірі босаған пәтерлерге кірді. Бұдан артық қандай жақсылық жасау керек?!

Пәтер бөлісі кезінде «не істеуім керек» деп, қиналған бір сәтті бастан кешкенім бар. Пәтер алушылардың тізімі жасалып, секретариат мәжілісінде соңғы рет талқыланды. Енді бірінші басшы қол қойып, бекітуі керек. Мәжілісті Әнекең басқарып, мен түрегеп тұрып, тізімдегілерді оқып, кім қанша бөлмелі пәтер алатынын баяндай бастадым. Бір уақытта Әнекең сөзімді бөліп, отырған жұртқа қаратып, күтпеген жерден:

– Ахат скромный адам. Өзі сұрамайды. Жаңа үйден төрт бөлмелі пәтердің біреуін Ахатқа беру керек, – деді. Ешкім үндемеді. Қарсы емес секілді. Мен не істеуім керек? Нағыз сыналар сәт екенін сездім. Анам, әйелім, екі баламмен үш бөлмелі ірі панельді үйде тұрамын. Кірпіш үйдегі төрт бөлмелі пәтер маңдайыма тарлық етпес еді. Келісе салсам, кілті қолыма тигелі тұр. Бірақ іште әлдебір қарсылық оянды. Егер жаңа пәтерге іліксем, әдебиетке еңбегі көбірек сіңген, жасы үлкен ағаларымның бірінің жолын кескелі тұрмын. Кімнің жағдайы қандай екені өзіме белгілі. Пәтер мәселесімен тікелей айналысқан соң жақсы білемін. Әнеке, рахмет, пәтер алмаймын, – дедім. Төрде отырған Олжас Сүлейменов бірден: «Бұның қате», — деді. Үндемедім.

Тізімді жалғастырып ары қарай оқи бердім. Менің шешімімді, ішкі ұсынысымды Әнекең бірден ұқты. Түсініп, бағалағанын, іштей келіскенін көзінен байқадым. Пәтерден бас тарту ауыр соқса да, көңіл-күйімді сездірмеуге тырысып бақтым.

Беріп тұрған төрт бөлмелі пәтерді алмағаным кейін біраз елге тарап, біраз жерге жетіпті. Қабырға газетінде осы жөнінде бір шумақ өлеңмен достық әзіл де шықты. «Неге өйттің?» деген сұраққа күмілжіп, жалтара жауап беретін болдым. Ішкі ұстанымыңды кімге қалай түсіндіресің. Үйге келіп, «берген пәтерден бас тарттым» дегенде әйелім өкініштен көзіне жас алды. Үндемеді. Терезе алдында теріс қарап тұрды…

Өзі одаққа басшы болып тұрғанда Әнекең мені біраз қоғамдық жұмыстарға жекті. Кәсіподақ ұйымын басқаруымды қалады. Жазушылар одағына мүшелікке қабылдау комиссиясының хатшылық жұмысын тапсырды. Ешқайсысынан бас тартпадым, сенімін ақтағым, көмектескім келді. Турашылдығыма, адалдығыма күмән тумаса екен дедім.

Әнекең де үлкен жақсылығын үндемей жасайтын адам. 1972 жылы «Жұлдыз» журналының басшылығы өзгеріп, Әлімжановтың ұсынысымен осы редакцияға жауапты хатшы болып орналастым. Мәскеуде өткен КСРО Жазушылар VII съезінде сөйлеген сөзінде менің «Егес» романымды атап, жылы лебізін білдірді. Әнекеңнің айтуымен 1971 жылы түркіменнің классик жазушысы Кеминенің 200 жылдығына арналған мерейтойға барып, Ашхабадта төрт күн бойы Сәбит Мұқановпен сапарлас боп, бірге тұрып, бірге жүрдім.

Жалғыз мен ғана емес, өзінен кейінгі жастардың талайына жақсылық шапағаты тиді. Үлкен жазушылармен бірге жастарды да түрлі делегация құрамына қосып, мерейтойларға, әдеби күндерге қатыстырды. Көпке танымал алдыңғы ағаларымыздың соңына еріп, Ә. Әлімжановтың қолдауы арқасында кейінгі жастар ел көрді, жер көрді, басқа республикалардың жазушыларымен танысып, жақын араласты. Үлкеннің өнегесі, беделі, өмір тәжірибесі кейінгіге жұғысты болсын, жолы ашылсын деген мақсат көзделді және бұл оқта-текте емес, жүйелі түрде жүргізілді.

Әнекеңнің басшылығы тұсында, әсіресе, жастардың көп нәрсеге көздері ашылды. Үлкен жиындарда, алыс-жақын жерлерде, Мәскеуде ел атынан сөйлеп, сөзге ие бола бастады. Бұрынғы басшылардың жасы үлкен, атақтары зор болған соң ба, жақындау қиын, жуыта қоймайтын. Ал Әнекең өз адамымыз, тіпті құрбымыз секілді. Оған үйірсек болдық. Қағылез, жүріп-тұруы жылдам, қарым-қатынасқа жеңіл еді. Жазушылар одағы томаға тұйықтықтан арылып, басқа республикалармен, туысқан әдебиет өкілдерімен барыс-келіс күшейіп, өзгелерді көріп, өзімізді таныттық. Біз бұйығы қалыптан арылып, ашылайын дедік. Тіпті Жазушылар одағы үйіндегі «Бар» да біз үшін жаңалық болды. Жеке-жеке көше кезбей, бір-бірімізбен қалаған уақытта кездесетін, ортақ үстел басында оңаша бас қосып, сырласатын, сыйласатын тұрақты орын табылды. Қол боста «Барға» асығатынбыз. Достарыңды іздейсің. Әңгіме «Барда» отырып бірдеңе ішуде емес. Өзара қарым-қатынастың, жанға жайлы еркін отырыстың жаңаша түрі бізді бірден биледі. Ол да бір қызық дәурен еді.

Иә, Әнекеңнің арқасында біз көп нәрсені жаңадан үйрене бастадық. 70-жылдарда Жазушылар одағында қай жағынан алсақ та үлкен серпіліс болды. Бұны мойындамау мүмкін емес секілді.

Жалпы, жалғыз қазақта емес, қай елде, қай ғасырда болсын, жазушы қауымы – тым күрделі орта. Күнде кездесіп, қол алысып жүрсе де, бастарының қосылуы қиын. Себебі, бәрі де білгіш, шетінен – классик. Тіпті осалы жоқ. Бәрі де бірінші орыннан, бас бәйгеден үміткер. Басқаға қимайды. Бұған қоса жершілдік, топтық мүдде сырқатынан арылу қиын. Тамыры ортақ, түбі бір болғанмен, қарап отырмай, «анау жақтың, мынау жақтың адамы» деп өзара бөлінетін жазылмас ауру және бар.

Мен 1967 жылдан 1997 жылға дейінгі аралықта «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінде Бас редактор боп істеп, отыз жыл өмірім үзіліссіз осы Жазушылар одағы үйінде өтті. Көп нәрсені көріп, көптеген оқиғалардың тікелей куәсімін деуге болады. Жазушылар одағының басшылығына кімнің қалай келіп, қалай кеткенін де жақсы білемін. Бәрі де біреуден естіген емес, көз көрген, өзім куә болған жағдайлар…

Жазушылар ортасының дау-дамайы, айтыс-тартысы біткен бе. Бірде артық, бірде кем соғып, тереңге тартады.

Қолда барды қадірлемейтін халықпыз ғой. Ойды, қырды шарлап, қазақ әдебиетінің достарын көбейтіп, не істесе де, әйтеуір, жазушыларға жақсы болса екен деп, тыным көрмеген, тигізер пайдасы көп, зияны жоқ Әнекеңе де небір қиянат жасалып, үстінен арыз жазылып жатты. Сондағы жазығы не?

Абыройын қызғанғандық па, орнына қызығу ма, қалай? Әйтеуір, жанын ауыртып, жүйкесін тоздырып, қарсыласуға, қорғануға мәжбүр еттік. Ол да ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе, айтыс-тартыста артық кеткен, кем соққан жерлері бар шығар, бірақ әділдіктен айнымағаны, ары алдында адал болғаны анық. Пәле іздеп, біреуге бекерге соқтыққанын, жазықсыз жазғырғанын білген де, естіген де емеспін. Жасынан таласып, тырмысып өскендіктен ешкімнен тайсалмайтын, бетке тура айтып, тік сөйлеуге әдеттенген. Бойына тектілік, күрескерлік қасиет туа біткен секілді. Топ алдына шыққанда қара қылды қақ жарып, айбаттанып, арқаланып кететін Әнекең жайшылықта оқшауланып, оңашалау жүргенді ұнататын.

Басшы адамның елдің бәріне бірдей жағуы қиын. Абай айтқандай: «Жақсылығың күнде ұмыт, бір жаңылсаң болды кек». Біреудің өтініші орындалмаса, әлденеден есесі кетсе, дереу өсек-аяң, анау-мынау алып-қашты әңгімелер туындайды. Яғни жамандауға жақын тұрамыз. Мәселенің себебіне үңілудің орнына салдарын малданып, соқтығуға, кек алуға үйірміз.

Мен 1967 жылдан 1997 жылға дейінгі аралықта «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінде Бас редактор боп істеп, отыз жыл өмірім үзіліссіз осы Жазушылар одағы үйінде өтті. Көп нәрсені көріп, көптеген оқиғалардың тікелей куәсімін деуге болады. Жазушылар одағының басшылығына кімнің қалай келіп, қалай кеткенін де жақсы білемін. Бәрі де біреуден естіген емес, көз көрген, өзім куә болған жағдайлар…

Жазушылар ортасының дау-дамайы, айтыс-тартысы біткен бе. Бірде артық, бірде кем соғып, тереңге тартады.

Қолда барды қадірлемейтін халықпыз ғой. Ойды, қырды шарлап, қазақ әдебиетінің достарын көбейтіп, не істесе де, әйтеуір, жазушыларға жақсы болса екен деп, тыным көрмеген, тигізер пайдасы көп, зияны жоқ Әнекеңе де небір қиянат жасалып, үстінен арыз жазылып жатты. Сондағы жазығы не?

Абыройын қызғанғандық па, орнына қызығу ма, қалай? Әйтеуір, жанын ауыртып, жүйкесін тоздырып, қарсыласуға, қорғануға мәжбүр еттік. Ол да ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе, айтыс-тартыста артық кеткен, кем соққан жерлері бар шығар, бірақ әділдіктен айнымағаны, ары алдында адал болғаны анық. Пәле іздеп, біреуге бекерге соқтыққанын, жазықсыз жазғырғанын білген де, естіген де емеспін. Жасынан таласып, тырмысып өскендіктен ешкімнен тайсалмайтын, бетке тура айтып, тік сөйлеуге әдеттенген. Бойына тектілік, күрескерлік қасиет туа біткен секілді. Топ алдына шыққанда қара қылды қақ жарып, айбаттанып, арқаланып кететін Әнекең жайшылықта оқшауланып, оңашалау жүргенді ұнататын.

Басшы адамның елдің бәріне бірдей жағуы қиын. Абай айтқандай: «Жақсылығың күнде ұмыт, бір жаңылсаң болды кек». Біреудің өтініші орындалмаса, әлденеден есесі кетсе, дереу өсек-аяң, анау-мынау алып-қашты әңгімелер туындайды. Яғни жамандауға жақын тұрамыз. Мәселенің себебіне үңілудің орнына салдарын малданып, соқтығуға, кек алуға үйірміз.

Әнуар Әлімжановтың заманы кеш туды. Туған елі тәуелсіздік алғанын көріп, арада екі жыл өткен соң дүние салды. Әу баста жарқырап шыққанмен коммунистік идеологияның тар құрсауына қамалып, саясатқа бағынды. Бірақ қанша тежеу, тосқауыл болса да, ол айтар ойды, азаматтық ұстанымды жазғандарына сыналап кіргізіп, шама-шарқынша, өлшеулі мөлшерде сыйғыза білді. Көңілі қаламаған бағытқа қалам сілтемеді. Саяси науқандарды, партиялық насихатты қолдап жазған шығармалары болған емес. Басқалар жазсын дегендей үн қатпады. Жалған патриоттармен жаны қас боп, ұлтына қажетті дегендерді жария етіп, азаматтық міндетін мінсіз атқарды. Өз кітаптары туралы: «Сол кездегі цензураның қатал бақылауымен солай жазылды. Кең заманда қолға алғанда басқаша болар еді» дейтін.

Ал өрісіңді тарылтқан, әр ісіңді аңдаған сол заманның өзінде ол айтатын сөзден тосылмады. 60-жылдардың аяғында Алматы қаласының партия комитеті идеология қызметкерлерінің басын қосып, саяси оқу үйінің кең залында үлкен жиналыс өткізді. Партияның саясатын қолдау бағытында небір мадақ сөздер айтылып жатты. Бір мезгілде мінбеге Әлімжанов шықты. Жиналыстың тақырыбына қатысы жоқ мәселені қозғап, ұлттық құндылықтарды қорғау керектігі туралы сөйледі. «Айша бибі ескерткішінің кірпіші ұстағанның қолында кетіп, қирап жатыр» деді. Сөзінің соңында сәл бөгеліп, жұрттың назарын еріксіз өзіне аударып: «Дүниежүзінің талай елін аралап, қойылған талай сұрақтарға жауап бердім. Бірақ бір жолы голландия журналисінің: «Қазақстандағы Ермак қаласы неге бар? Онда ескерткіш не үшін қойылды?» деген сұраққа жауап бере алмадым» деді. Зал сілтідей тынды. Әлімжанов сөзін осымен аяқтап, орнына барып отырды. Саяси мәні терең, астарлы сөз жауапсыз қалды.

Кезінде Жазушылар одағының кезекті бір пленумында Мұхтар Әуезов сөз сөйлеп: «32-жылғы ашаршылық туралы жазуымыз керек» депті. Жазбақ түгілі ауызға алып айтуға болмайтын жабулы тақырып. Бір жиынымызда сол тақырып сөз бола қалғанда: «Жиналысты басқарып отырған Әлімжанов не дер екен?» дескен жұрт Әнекеңнің аузын үнсіз бақты. Одақтың басшысы бұндай сөздің шыққаны үшін ертең Орталық Комитеттің алдында жауап беретінін бәрі де сезіп отыр. Әнекеңнің сондағы айтқаны: «Ашаршылық болғаны рас. Жазылмайтын тақырып жоқ. Бұның да кезегі келер, жазушысы табылар» деді. Саясатқа бағынып, жоғарғы жақтан сақтанып қорғалаған жоқ.

Әнекең сол жылдары жасы жетпістен асқан, әлі де көзі тірі Жақан Сыздықовты қатты сыйлап, ақындығын жоғары бағалап жүрді. Оның бір себебі, Жақан ағамыздың 32-жылғы ашаршылық туралы «Әли қарттың әңгімесі» деген поэма жазғанын Әнекең жақсы білсе керек, айтылған жаңа үйден төрт бөлмелі пәтер берілуін мүмкін етті.

Ә. Әлімжанов желдің өтінде, жардың жиегінде сан тұрса да, ұлтының жоғын жоқтап, тарихын тірілтуден бір танбады. Ұзақ ізденіп, әл-Фарабиді туған топырағына оралтты. Мұстафа Шоқай туралы қазақ баспасөзінде бірінші болып көлемді мақала жазды. Еңбек адамы деп Ыбырай Жақаевты дәріптеді. Отырарды әлемге әйгіледі. Алғашқылардың бірі боп тарихи тақырыпқа «Жаушы» романын жазып, қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресін баяндады.

Қысылшаң кезде Әнекеңнің азаматтық ашық үні естілетін. Қатпары қалың күрделі мәселелерге араласып, елді елең еткізіп, «Әлімжанов жазды»  дегізетін. Оның қашан да азаматтық ұстанымы айқын, ойы өткір, пікірі ашық болатын.

Қалай десек те, ол өмірде жасарын жасап, айтарын айтып, қоғамға қажетті адам екенін дәлелдеп өтті.

Ахат ЖАҚСЫБАЕВ




ПІКІР ЖАЗУ