Ұрпақ тағдыры – ұлт тағдыры
Қоғамның ең әлсіз, әрі ең маңызды тұсы – оның болашағы. Ал болашақ – ұрпақтың еншісінде. Бүгінде Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығының дағдарыс кезеңін бастан өткеріп отыр. Бұл – жай ғана әлеуметтік проблема емес, ұлттың тұтас келешегіне қауіп төндіретін мәселе. Себебі баланың жан жарасы – қоғамның ішкі шындығы.
Суицид – бұл үнсіздік. Бұл – көмек сұрап, бірақ айта алмаған жанның шырылы. Әлемде жыл сайын жүздеген мың бала мен жасөспірім өз өміріне өздері нүкте қояды. ДДСҰ мәліметі бойынша, тек 15—19 жас аралығындағы 200 мыңнан астам жас өлімге өзі себепші болады. Бұл – адамзаттың рухани күйзелісінің айқын айғағы.
Ал Қазақстан ше? Өкінішке қарай, елімізде де жағдай мәз емес. Соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші ТМД елдері ішінде жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл бізге дабыл қағып, кеш болмай тұрғанда кешенді шаралар қабылдауға міндеттейді.
Суицидтік мінез-құлық дегеніміз не?
Адам өмірінің мәні – үміт пен тіршіліктің үзілмес желісінде жатыр. Бірақ кейде бұл желі үзіледі. Ішкі күйзелістің, жалғыздықтың, қорғансыздықтың салдарынан адам өзі өмір сүріп жүрген әлемнен үмітін үзіп, ең ауыр шешім – өзіне қол жұмсауға дейін барады. Бұл – суицид. Ал сол суицидке апарар ішкі процестер мен адамның жан дүниесіндегі өзгерістер жиынтығы суицидтік мінез-құлық деп аталады.
Суицидтік мінез-құлық – бұл адамның өлім туралы ойлауы, өзін өлтіруге қатысты жоспар құруы және нақты әрекетке көшуіне дейінгі барлық психоэмоционалдық күйлері мен жүріс-тұрысының жиынтық көрінісі. Бұл – кездейсоқ туындайтын емес, белгілі бір кезеңдерден өтетін күрделі психологиялық процесс. Адам суицидке бір сәтте бармайды, ол оған біртіндеп, үнсіз, жанайқайсыз жақындайды.
Мұндай мінез-құлық көбіне сырт көзге байқалмайды. Адамның жүзі сабырлы, сөзі орынды болып көрінуі мүмкін. Бірақ ішінде жауабы жоқ, тығырыққа тірелген сан-сауал тұрады. Сол сауалды уақытында көрмеген, естімеген қоғам – бір жанның өмірінен айырылып қана қоймай, бүтін бір қайғының куәсі болады.
Суицидтік мінез-құлық – белгілі бір дерттің көрінісі емес, керісінше, терең ішкі жанжалдың, шешілмеген психологиялық жараның салдары. Оны түсіну үшін тек психологиялық, медициналық білім жеткіліксіз – жанға терең үңілетін адамгершілік көзқарас қажет.
Бұл құбылыс көбіне эмоционалдық дағдарыспен, үміттің үзілуімен, өмірдің мәнсізденуімен қатар жүреді. Әсіресе бұл мінез-құлық балалар мен жасөспірімдерде жиі байқалады. Себебі олар өмірдің ауыр соққыларына ересектердей төтеп бере алмайды, ішкі күйзелісін сыртқа шығарудың жолын білмейді. Қорқыныштысы – олар көбіне өздерінің өлімге бейім екенін айтпайды. Үнсіз қиналады. Бала суицид туралы айтып отырса – ол көмектес деп тұрғаны. Ал мүлде үндемесе – ол шын қауіпте тұр деген сөз.
Суицидтік мінез-құлыққа апаратын себептер көп. Жеке басының психологиялық күйзелісі, отбасындағы түсініспеушілік, мектептегі буллинг, достарының сатқындығы, махаббаттағы сәтсіздік, қоғамның қабылдамауы, кедейлік, әлеуметтік қысым – мұның бәрі қатар әсер етуі мүмкін. Әсіресе, өмірден мән кете бастағанда, адам өзін бұл әлемге артық жүк сияқты сезінгенде, суицидтік ойлар басталады.
Психологтар мұндай күйді бастан кешіп жүрген адамда үнемі өлім туралы ойдың көлеңкеде жүретінін айтады. Ол күнделікті өмірде қалыпты жүріп-тұрса да, іштей жоспар құра бастауы мүмкін. Бұл – ең қауіпті кезең. Өйткені мұндай адам кенеттен күтпеген әрекетке баруы мүмкін.
Суицидтік мінез-құлықты ерте кезеңде анықтау – адамның өмірін сақтап қалудың басты шарты. Бұл ретте отбасы, мектеп, достар, қоғам, тіпті әлеуметтік желілердегі белсенділер де үлкен рөл атқарады. Адам тек психотерапевттің кеңесіне ғана емес, күнделікті айналасындағы жылы сөзге, шынайы қамқорлыққа, бір ауыз «қалың қалай?» деген сұраққа да зәру.
Бұл мінез-құлықтың алдын алу – тек психологтардың міндеті емес. Бұл – барша қоғамның жауапкершілігі. Әр ата-ана баласының жан-дүниесіне үңілуі тиіс. Әр мұғалім сыныбындағы оқушының жанарына қарап, жүрек үнін ести білуі тиіс. Әр журналист, әр депутат, әр көрші – айналасындағы адамның жан күйіне бей-жай қарамауы керек.
Суицидтік мінез-құлық – бұл диагноз емес, бұл – үнсіз көмек сұрау. Сондықтан оны ұғыну, түсіну, алдын алу – ең асыл гуманизмнің көрінісі. Біз әр жанды аман алып қалуға міндеттіміз. Себебі өмір – ешқашан жалғыздық пен үмітсіздікке ұрындыруы тиіс емес. Өмір – үмітке лайық.
Торығу мен түңілу – тұңғиыққа шым бату
Қазіргі қоғам балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидті көбіне жеке психологиялық әлсіздікпен байланыстырады. Бірақ шын мәнінде, адамның мұндай шетін әрекетке баруына әлеуметтік орта – отбасы, мектеп, қоғам ықпал ететінін мойындай бермейді. Ақиқатында, суицидке апарар жолдың басы – әлеуметтік қысым мен қоршаған ортаның кері әсерінен басталады.
Әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін әлеуметтік жағдайдың рөлі орасан зор. Себебі олар – психологиялық тұрғыдан ең әлсіз әрі сыртқы ықпалға бейім топ. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемдегі суицид жағдайларының жартысынан астамы әлеуметтік және экономикалық қысыммен байланысты. Ал ЮНИСЕФ пен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы бірлескен зерттеуінде еліміздегі жасөспірімдер арасында өзіне қол жұмсау себептері ретінде бірінші кезекте отбасылық түсініспеушілік, кедейлік, құрдастар тарапынан қысым және қоғамнан қолдау таппауы көрсетілген.
Қарапайым бір мысал: әлеуметтік желіде қатарластарынан салтанатты өмір сүріп жатқан құрдастарын көрген жасөспірім өзін кем, сәтсіз сезіне бастайды. Өз үйіндегі жағдай – тар бөлме немесе жалдамалы пәтер, жетіспеушілік, сәнді киім ала алмау, ата-ананың үнемі жұмысбастылығы, рухани қатынастың жоқтығы – балаға «мен бақытсызбын» деген жалған, бірақ әсерлі тұжырымды таңады. Мұндайда ол ішкі әлемімен жалғыз қалады. Ал бұл – қауіптің басталғанын білдіреді.
Суицидтің тағы бір себебі ретінде қарастырылатын буллинг – тек жеке психологиялық емес, әлеуметтік құбылыс. Мектепте мазақ көрген бала көбіне ересектер тарапынан қолдау таппайды. Кейде мұғалім де, ата-ана да оның жанайқайын «еркелік» деп қабылдап, назарсыз қалдырады. Бұл – баланың «ешкімге керегім жоқ» деген ойға берілуіне әкеледі. Қоғамның суық қабағы, отбасындағы үнсіздік – бала үшін ауыр жазадан да жаман.
Кейбір сараптамалар көрсеткендей, ауылды жерлерде психологиялық көмекке қолжетімділік өте төмен. Психолог жоқ немесе бар болғанның өзінде шынайы маманданбаған. Мектеп психологтары қағаз толтырумен ғана айналысып, оқушының ішкі дағдарысын дер кезінде байқамай қалады. Мұндайда әлеуметтік қолдау мүлдем үзіліп, жасөспірім жалғыздықтың тұңғиығына түседі.
Бала ойының бұзылуына қаржылық жағдай да әсер етеді. Мектеп формасын ала алмаған, гаджеті нашар, жолақысы жетпейтін, туған күніне қымбат сыйлық ала алмаған бала өзін қоғамның шетінде қалып қойғандай сезінеді. Бұл – кішкентай болып көрінетін, бірақ баланың сезімтал жүрегіне терең дақ түсіретін факторлар.
Ал ата-анасы күні-түні жұмыста жүрген, үйге шаршап келіп, баласымен тілдесуге зауқы жоқ отбасыларда эмоционалдық аштық өршіп, бала бойында суықтық, кейін өкпе пайда болады. Мұндай бала ертең қайдан махаббат, мейірім күтеді? Өзіне де, өзгеге де сенуден қалады.
Сондықтан да бізге керегі ересектердің балаға деген қарапайым қамқор көзқарасы. Өйткені өзіне қол жұмсау туралы ойға барған әр баланың артында үнсіз тұрған «маған ешкім көмектеспейді, мені ешкім түсінбейді, мен ешкімге керек емеспін» деген терең, жүрек шымырлатар ой тұрады. Ал бұл – қоғам ретінде бәріміздің мойнымыздағы жауапкершілік.
Суицид – жеке адамның емес, бүкіл ортаның трагедиясы. Әлеуметтік қысым, эмоционалдық оқшаулау мен қоғамдағы немқұрайлылық – адамның өз өмірінен бас тартуына апаратын жолдың басы. Сондықтан бұл мәселеге тек психологиялық тұрғыдан емес, әлеуметтік әділеттілік пен адамгершілік тұрғысынан қарауымыз керек. Әр бала – мемлекеттің болашағы. Ал болашаққа жауапсыз қарау – ұлтқа қиянат.
Қамқорлық – қуатты құрал
Суицидті болдырмау үшін ең бірінші жасалатын қадам – бұл қарым-қатынасты қалпына келтіру. Қоғамда тыңдай білетін, жанын түсінетін ортаның қалыптасуы – басты қорған. Бүгінде балалар мен жасөспірімдердің көпшілігі – психологқа барғысы келеді, бірақ ата-анасының, достарының реакциясынан қорқады. Психологиялық қолдау іздеген адамды «әлсіз», «ақылынан адасқан» деп қабылдайтын түсінік – суицидтің өзінен де қауіпті. Бұл түсінік жойылмайынша, біз нағыз жан жарасын емдей алмаймыз.
Сондықтан ең алдымен қоғамның көзқарасы өзгеруі керек. Ата-ана, мұғалім, дәрігер, қоғамдық орта – бәрі психологиялық сауаттылықты арттыруы тиіс. Қай жерде, қай жастағы адам болса да, қиын сәтте көмек сұрау ұят емес екенін білетін деңгейге жетуіміз керек. Бұл үшін мектеп қабырғасынан бастап менталдық денсаулық туралы ашық әңгіме жүргізілуі қажет.
Тағы бір маңызды қадам – көмек қолжетімді болуы керек. Қазір қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарда да сенім телефондары, мобильді кеңес қызметтері жұмыс істеуі қажет. Бірақ олардың жай бар болуы жеткіліксіз. Адам бұл жерден шынайы көмек, жанашыр тыңдаушы, нақты шешім күтетіні рас. Сол үшін мамандардың кәсібилігі мен адамгершілік этикасы – бірінші орында тұруы керек. Психолог кабинетінің есігі ашық болса да, ондағы маманның алдына келген адамның жан дүниесіндегі өзгерісті түсіне алмайтын біліктілігі төмен болса ол жерге ешкім қайта айналып келмейді.
Суицидтің алдын алудың тағы бір жолы – уақытында араласу. Әрбіріміз айналамыздағы адамның көңіл күйіне назар аударуға дағдылануымыз қажет. Досымыз ұзақ үндемей кетсе, бұрынғыдай әзілдемей қойса, оқушы зейінсіз болып кетсе – бұл жай-күй емес, сигнал. Кейде «бәрі жақсы» деген сөздің артында «ештеңе дұрыс емес» деген жанайқай жатады. Тек мұны сезіне алатын орта болса болғаны.
Мемлекет деңгейінде де нақты әрі батыл қадамдар қажет. Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші жоғары екенін ескере отырып, бұл мәселеге жеке ұлттық стратегиялық бағдарлама қабылдануы керек. Онда әр министрлік, жергілікті билік, білім, денсаулық сақтау, мәдениет салалары суицидтің алдын алуға байланысты нақты жауапкершілік алуы тиіс. Бұл тек Оқу-ағарту министрлігінің ғана емес, тұтас жүйенің міндеті болуы шарт.
Сондай-ақ, сандық технологияларды пайдалану – жаңа мүмкіндіктер ашады. Балалар мен жасөспірімдер жиі уақыт өткізетін TikTok, Instagram, Telegram секілді желілерде арнайы психологиялық қолдау парақшалары, сенім боттары, мотивациялық контент көбейтілуі керек. Себебі бүгінгі ұрпақ сол платформадан көмек күтеді. Ал біз оларға тек қағаз брошюрамен көмектесе алмаймыз.
Тегінде, суицидтің алдын алудағы ең қарапайым, бірақ ең қуатты құрал – қарапайым қамқорлық. Айналамыздағы адамдарға жылы қарау, күлімдеу, есімін атап сәлемдесу, шын ықыласпен жағдайын сұрау – бұл ұсақ әрекет болып көрінгенімен, кейде бір адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Өйткені кей адамдарға өмір сүру үшін ештеңе емес, тек адамдық мейірім жетіспейді.
Суицид – болдырмауға болатын трагедия. Ол үшін бізге ешқандай күрделі құрал, артық теория қажет емес. Бізге қажет – бір-бірімізді тыңдай білу, түсіне білу және өзара қамқор бола білу. Жан дүниесі күйзелген адамға алғашқы медициналық көмек емес, ең алдымен – жанашыр көзқарас, сөзсіз қабылдау керек. Ал бұл – кез келгеніміздің қолымыздан келетін іс.
Үмітің үзілмесін…
Адам жүрегі кейде бәріне төтеп береді. Жеткіліксіз махаббатқа да, ауыр өтірікке де, көзге көрінбейтін қысымға да. Бірақ үнемі күресуден шаршаған сәтте жүрек емес, үміт шыдай алмай қалады. Осы тұста өмір мен өлімнің ортасында тұрған жан үшін ең маңыздысы – оны ешбір пайымсыз тыңдай алатын, ешбір шешім ұсынбай жай ғана қасында бола алатын адам табу. Міне, психологиялық көмек дәл осы міндетті атқарады.
Адамның өз өміріне соңғы нүктені қоюға әрекеттенуі – бұл тек өлім туралы шешім емес. Бұл – тіршіліктен, адамдардан, болашақтан күдер үзудің шарықтау шегі. Жан жарасы сөзге айналмай тұрғанда, көмектің құны еселене түседі. Кәсіби психологтар осындай сәтте адамға «жоқ» деп айтпайды. Олар «неге?» деп сұрайды. Олар себеп іздейді, ал себеп табылған жерде – шешім де табылады.
Батыс елдерінде жүргізілген көптеген зерттеулер психологиялық көмектің суицидтің алдын алудағы рөлін дәлелдеген. Мәселен, АҚШ-тың Youth Suicide Prevention ұйымы жүргізген 2020 жылғы зерттеуге сәйкес, аптасына бір рет психотерапиялық сеансқа қатысқан жастардың арасында өзіне қол жұмсауға итермелейтін ойлардың 63%-ға төмендегені тіркелген. Мұндай көрсеткіш – сөздің емес, әдістің әсерін көрсетеді.
Біздің елде де бұл бағытта талпыныс бар. Алайда Қазақстандағы психологиялық қызметті әлі де кең көлемде дамуымыз керек. Бірнеше орталық бар болғанымен, халықтың оларға деген сенімі тұрақты емес. Мұның себебі – ақпараттың аздығы, кадр тапшылығы және психикалық денсаулық мәселесін ұятпен, әлсіздікпен шатастыратын ескі түсініктер. Ал дәл осы түсініктердің кесірінен көп адам дер кезінде көмекке жүгінбейді. Ал жүгінгені – қайда барарын білмейді.
Психолог – мәселені шешіп беретін адам емес. Ол – шешімді адамның өзінен табуға көмектесетін маман. Суицидке бет бұрған жанның жан дүниесі – тоқтаусыз шырқырап тұрған жүйе. Психологиялық терапия осы жүйені ретке келтіреді. Ол алдымен адамның өз сезімін тануына көмектеседі, кейін оны бағалауға үйретеді, соңында – бақылауға бейімдейді.
Мұндай қолдаудың басты артықшылығы – адамды «нормаға сай» ету емес, оны өзін-өзі тануға жеткізу. Көпшілік психотерапияны дәріс секілді елестетеді. Ал шын мәнінде бұл – адам санасындағы үмітті қайта ояту процесі. Үнемі «барлығы жақсы болады» дегенді естіген жан бір сәтте соған сене бастайды. Бірақ бұл сенімді қалыптастыру үшін сөз ғана емес, жүйелі қарым-қатынас, сенім, төзімділік керек. Бұл – кәсіби психологиялық көмектің негізі.
Жағдайдың қиыны – суицидтік ой кейде адамның өзіне де белгісіз болуы мүмкін. «Шаршадым», «біттім», «жоқ болсам жақсы болар еді» деген сөйлемдер – жай емес. Олар – суицидтік үмітсіздіктің лексикасы. Психолог бұл сөздердің артында не жатқанын түсініп, тереңде жатқан ауыр ойларды ашық әңгімеге айналдыра алады. Бұл – емдік процесс. Адам өзін алғаш рет түсінікті ортада сезінеді. Ал түсіністік бар жерде өмірге оралу мүмкіндігі арта түседі.
Суицидтің алдында тұрған жанға бір сәттік сөздің, бір ауыз «сен керек адамсың» дегеннің құны – кейде шексіз. Бірақ оны тек жақыны, досы немесе ұстазы емес, маман айтуы тиіс. Себебі кәсіби көзқарас эмоцияға бой алдырмай, ең қиын сәттің өзін бағытқа айналдыра алады.
Қазақстанда дәл осындай мамандар саны артса, психологиялық қызметтің беделі өсе түссе – суицид мәселесінің де ауқымы біртіндеп шегінеді. Психолог – жай кеңесші емес. Ол – өмір мен үміттің арасындағы көпір. Бұл көпір әр адам үшін ашық болуы керек. Себебі өмір – бәрінен биік, бәрінен қымбат.
Айта кету керек, егер сіздің айналаңызда мұндай күйге тап болған адам болса, үнсіз қалмаңыз. «Бәрі жақсы болып кетеді» деудің орнына, «сенің жаныңда мен бармын» деп айтуды үйренейік.
Нәтижелі тәжірибе – жүйелі әрекет
Қазіргі әлемде адамның өмір сүруге деген құлшынысын сақтап қалу – кез келген қоғамның маңызды міндетіне айналды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлық – қоғамдағы әлеуметтік, психологиялық және мәдени тығырықтардың ашық көрінісі. Осы бір ащы шындыққа қарсы тұру үшін түрлі елдер өз тәжірибелерін қалыптастырып, нақты нәтижелерге жетіп отыр.
Суицидтің алдын алу жолында Финляндия мемлекеті ерекше қадам жасады. Ел билігі «Ұлттық стратегияны» қабылдап, мектеп жасындағы балалар арасында психологиялық диагностика мен эмоционалдық сауаттылық сабақтарын жүйелі түрде енгізді. Бұл елде әр оқушы өзінің ішкі күйін тануға, басқаруға және көмек сұрауға үйренеді. Фин мектептерінде құрдастар арасындағы қолдау жүйесі бар: оқушының өзі өзге оқушыны психологиялық тұрғыдан қолдап, қажет жағдайда маманға бағыттай алады. Мұның нәтижесінде соңғы онжылдықта елдегі жасөспірімдер арасындағы өзіне қол жұмсау көрсеткіші 25 пайызға төмендеген.
Жапония – суицид деңгейі бойынша әлемнің «қауіпті» елдерінің бірі саналатын. Бірақ дәл осы елде күрес жолдары да өзгеше дамыған. Мемлекет 2006 жылдан бастап «Жан тыныштығы» атты ұлттық бағдарлама аясында ашық диалог мәдениетін қалыптастырып келеді. Мектептерде «өлімді емес, өмірді сүюді» үйрететін арнайы сабақтар өтеді. Қоғамдық орындарда – көпірлерде, вокзалдарда – психологиялық көмек орталықтарының нөмірі ілінеді. Тіпті әдеби терапия мен итпен емдеу сессиялары кеңінен қолданысқа енген. Жапон тәжірибесі – қоғамның ең күрделі мәселесін мәдениет пен психологиялық еркіндік арқылы еңсеруге болатынын дәлелдеді.
Америка Құрама Штаттары бұл бағытта технологияны іске қосқан ел. Мұнда QPR моделі – яғни сұрау, иландыру және бағыттау әдісі – кеңінен қолданылады. Әлеуметтік қызметкерлер, ұстаздар мен тіпті жастардың өзі бұл үш қадам арқылы айналасындағы қауіпті байқап, нақты әрекет ете алады. Сонымен қатар, Америкада тәулік бойы жұмыс істейтін «Crisis Text Line» атты жүйе бар. Жасөспірімдер ол жүйеге қарапайым SMS жазу арқылы дереу кәсіби кеңес ала алады. Жасанды интеллект пен адамның сезімін қатар қамтитын бұл тәсіл көп жағдайда өлім мен өмір арасындағы теңсіздікті бұзуға сеп болып отыр.
Ұлыбритания да өзіндік бағыт ұстанған ел. Мұнда БАҚ-та суицид туралы жазуға этикалық шектеулер енгізілген. Газеттер мен жаңалықтарда суицидті дабыралату, нақты әдістерді сипаттау қатаң тыйым салынған. Сонымен бірге мектеп бағдарламасына психикалық саулық туралы пәндер енгізіліп, балалар ерте бастан ішкі күйін сөзбен жеткізуге үйренуде. Британдықтар суицидпен күрес – тек психологтың жұмысы емес, мәдениетті қоғам құрудың бір бөлігі екенін дәлелдеп отыр.
Жаңа Зеландияда бұл мәселені этникалық ерекшеліктермен байланыстыра отырып шешудің сәтті үлгісі бар. Маори халқы арасында суицид деңгейі бұрын өте жоғары болған. Бірақ «Whānau Ora» атты бағдарлама арқылы мемлекет психологиялық көмекті тек жеке адамға емес, бүкіл отбасына бағыттады. Бұл тәсіл арқылы эмоционалды ауыртпалық тек бір адамға жүктелмей, отбасының өзара қолдауына негізделді. Төрт жыл ішінде Маори жастары арасындағы суицид 30 пайызға азайған.
Инновацияны суицидпен күресте белсенді пайдаланған елдің бірі – Оңтүстік Корея. Мұнда әлеуметтік желіде адамның жазған мәтіні мен эмоциялық реңкін автоматты түрде танитын жүйелер енгізіліп, қауіпті сигналдар дереу психологтарға жетеді. Ал Канадада виртуалды шындық (VR) технологиясы арқылы оқушыны өз эмоциясымен бетпе-бет кездестіріп, оларды өңдеуге үйрететін тренингтер жүргізілуде.
Қазақстан да бұл бағытта алғашқы қадамдарын жасап келеді. «Қауіпсіз мектеп» жобасы, «111» балалар сенім желісі, бірқатар ҮЕҰ-ның психологиялық тренингтері – дұрыс бастама. Дегенмен бізге әлі де жүйелі, ұзақмерзімді, ұлттық ауқымдағы стратегия қажет. Фин, жапон, британ үлгілерін бейімдей отырып, мәдениетімізге сай «психологиялық төзімді ұрпақ» қалыптастыру – суицидпен күрестегі басты мақсатқа айналуы тиіс.
Суицидпен күрес – балалар мен жасөспірімдерге өмірдің мәнін түсіндіру, өмірдің ғажаптығын сезіндіру. Әлем елдерінің сәтті тәжірибелері көрсетіп отырғандай, бұл бағытта нақты нәтиже тек жүйелі әрекет, мәдениетке сай тәсіл, және ең бастысы – адамның ішкі әлемін түсінуге ұмтылыс арқылы келеді.
Өмірге сендірмей ешкімді құтқару мүмкін емес. Ал сенім – ең алдымен, түсінуден, тыңдай білуден, және уақытылы көмек беруден басталады.
Кітап оқитын ұрпақ – мақсатты ұрпақ
Тығырыққа тірелген жанды құтқаратын бір күш бар. Ол – кітап. Себебі кітап – тек білім көзі ғана емес, жан саулығының қамқоршысы, қиялдың серігі, төзімнің мектебі, үміттің тілі. Еліміздегі мектеп оқушыларының суицидке бейімділігі – рухани тіректің әлсіздігі. Сол тіректі күшейтудің бір жолы – баланы кітаппен достастыру. Өйткені баланың жаны – нәзік. Ол сұлу сөзге, терең ойға, жылы сезімге мұқтаж. Ал бұл үшеуі кітапта тоғысады. Әдеби шығармалардағы кейіпкерлер – балаға өзін көруге мүмкіндік береді. Бірі ауыр тағдырын жеңіп шыққан, бірі шеттетілсе де мойымаған, енді бірі қиялымен әлемді өзгерткен. Осындай бейнелерді оқи отырып, бала: «Мен жалғыз емеспін. Мынау менің де ішкі әлемім сияқты» деп қабылдай бастайды.
Кітап – баланың ішкі дағдарысына қарсы ішкі ресурс қалыптастырады. Атақты психолог Карл Роджерс айтқандай, «адамға өзін өзі толық түсіну және қабылдау үшін сөз емес – ішкі диалог керек». Бұл диалогты бала көбіне көркем мәтін арқылы жүргізеді. Ал мұндай ішкі сұхбат өмірдің мәнін іздеуге, психологиялық сауаттылықты қалыптастыруға бастайды.
Бүгінгі баланың шындықпен бетпе-бет келуі тым ерте басталады. Ақпарат ағыны тоқтамайды, әлеуметтік желі шынайылықты бұрмалайды. Осы кезде кітап – тұрақтылық пен үйлесімнің символы ретінде әрекет етеді. Ол баланы асықпай оқуға, ойлауға, сезінуге үйретеді. Бұл – көңіл күйді реттеудің, күйзеліс пен жалғыздықты жеңудің алғашқы қадамы.
Кітап оқыған бала – байсалды келеді, эмоциясын сөзбен жеткізе алады, ішкі әлемін еркін зерттейді. Мұндай дағдысы бар баланың психикасы иілгіш, өмірлік қиындықтарға төзімді болады. Ал бұл – психикалық саулықтың басты көрсеткіші.
Зерттеулер де осыны растайды. Мәселен, Оксфорд университетінің 2022 жылғы зерттеуінде «ерте жастан әдеби көркем шығармалармен жақын болған балалардың арасында жасөспірімдік кезеңдегі депрессиялық күйдің 40%-ға төмен болатыны» анықталған. Бұл көрсеткіш – кітап оқудың тек ойлау қабілетіне емес, жан саулығына да әсер ететінін дәлелдейді.
Жапония, Финляндия секілді елдерде библиотерапия арнайы мемлекеттік деңгейде қолданылып келеді. Бұл әдіс бойынша баланың күйзеліс деңгейіне қарай сәйкес әдеби шығармалар ұсынылады. Кітап тек көңіл көтеру үшін емес, терапиялық мақсатта пайдаланылады. Қазақстанда да мұндай тәжірибені енгізу – заман талабы.
Бала кітапты сүйіп оқуы үшін оны қызықтыру керек. Ол үшін тек міндеттеп оқу жеткіліксіз. Кітап – өмір сүрудің қуанышын сезіндіретін құрал екенін бала өзі түсінуі қажет. Отбасыда ата-ананың бірге кітап оқуы, мектепте заманауи әдіспен талдау жүргізу, шығармашылықпен байланысты оқу формалары – баланың кітапқа деген көзқарасын өзгертеді.
Баланы кітапқа жақындату – оның жанына үміттің дәнін егу. Қиялы ұшқыр, тілі бай, ойын ашық жеткізе алатын бала – өз проблемасын айтып бере алады. Ал өз жанын түсіне білген, өз жанына үңіле білген бала – ешқашан өлімді таңдамайды. Өйткені оның жүрегінде өзге бір әлем бар – ол әлемнің аты әдебиет. Ол әлем – тірі жанға тірек бола алатын шындықтың мекені.
Ендеше, балаға өмір сыйлағымыз келсе – оны кітап оқуға қызықтырайық, баулиық. Кітап оқитын ұрпақ – суицидке емес, саналы тірлікке ұмтылатын ұрпақ.
Суицидтің алдын алу – жеке адамның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Балалар мен жасөспірімдерге өмірдің мәнін ерте ұғындыру – рухани тәрбие мен жан жылуын үздіксіз беруден басталады. Кез келген бала – болашақтың иесі, ал оның ішкі дауысына, жан қалауына құлақ асу – біздің парызымыз. Қиындық – өмірдің бір бөлігі, бірақ одан қорықпай, қарсы тұра білу – тәрбиемен, үлгімен, қолдаумен келеді. Өмірді сүюге, өзіне сенуге, арманын бағалауға баулу – ең ізгі миссиялардың бірі. Әрбір бала өзін жалғыз сезінбеуі тиіс, керісінше – түсіністік пен мейірімге бөленуге лайық. Біз оларға үміт пен сенім ұялата алсақ – олар да өмірді құшақ жая қарсы алады. Суицидке тосқауыл қою – жүрекпен сезініп, жанмен әрекет етуден басталады.
Рәбина ЕНБАЕВА,
Каспий университетінің
педагог-психологы