Ұстазымның соғып тұрған жүрегі — Бақытжан Қанапияновқа

Кәкімбек Салықов
Ұстазымның соғып тұрған жүрегі
Бақытжан Қанапияновқа

Бақытжан, ақын болсаң жүрген шалқып,
Інімсің ұстазыма туған тартып.
Тәлімгер, асыл тұлға, періштедей,
Үлгісін алдық жастай бойға сарқып.

Ұмытпан Сырымбетте мектебімді,
Оны айтсам, жыр толқындар өктем үнді.
Білімнің бізге алтын ордасындай,
Атағы көркейтіп тұр өткенімді.

Директор – Мұсахан аға қандай еді?
Ажарлы келбеті де хандай еді.
Сайыста Құлагердей көрінетін,
Жан еді кеппей өткен маңдай тері.

Аймаққа біздің мектеп төккен нұрын,
Самғатты талай сырбаз өркенді ұлын.
Шота-Аман, Еркін, Сұлтан, Аманолла
Танытты ұлт санасы өскендігін.

Сырымбет сылаң қағар құздары да,
Білінбес қыста аяздың ызғары да.
Шіркін-ай, әнші, биші, шымқай сұлу,
Жақсы еді біздің мектеп қыздары да.

Көрген жоқ жұлдызымыз жүзбей өрге,
Көтерді ынта, жігер үзбей төрге.
Интернат қара наны жаққан екен,
Жаман ат шығармадық жүрген жерде.

Анаң да АРУ еді өскен еркін,
Айта алман Күләш апай сұлу көркін.
Сымбатты, салауатты, салмақты еді,
Өсірген «Саумалкөлдей» ұлы төркін.

Білуші ем қайын атаң Сейілбекті,
«Супер қарт» Ғалым аға мейірін төкті.
Солардың аруағы желеп-жебеп,
Гүлнарды саған ғашық бейімді етті.
Бақытжан, қозғап көрсем сырыңды аздап,
Сал кербез Сырымбеттей жырың ғажап.

Қай тілде жазсаң дағы
Мақтан етіп,
Сыйлайды ақыным деп бүкіл қазақ.
Көп жаса, Құттықтаймын алпысыңмен,
Әлемге әйгілі еткен талтүсіңмен.
Алтын жас – алпыс деген екендігін,
Осы ағаң өзгелерден дәл түсінген.

Келді ғой Ата-ананың тілегі шын,
Сырымбет, сұлу Көкше түлегісің.
Біреулер: кімің? – десе, айтарым сол:
Мықты ақын, ұстазымның жүрегісің!

 

Шөмішбай Сариев
Жыр-шашу

Қазақтың ақыны Бақытжан Қанапияновтың
60 жасқа толған тойына М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымының жыр шашуы

Бастаған политехтен жол қанатын,
Қазақша ойлап, қазақша толғанатын,
Олжас Сүлейменов ағасының
Жолын қуып өмірде болған ақын.

Ақ тілекпен айтатын алғыс баста,
Ал бүгін ақындарға талтүс басқа.
Қанапия Мұсаханның Бақытжаны
Бүгінде келіп қапты алпыс жасқа!

Еңбегі де айтарлық келуге оның,
Тағдыры басқа берген көруге оның.
Ұлы Әуезов Бақытжанға риза шығар,
Баспагер боп шығарған елу томын!

Өлеңімен ұйытып тыңдатты Елді,
Ұлыларды жүрекпен тыңдап келді.
Орыстың өз тілінде өзі аударып,
«Қыз Жібек» эпосын да жырлап берді!
Тұлпардай жүйіткіп ағып бойлап белді,
Басынан өзі өткізіп ойлы өткелді.
Жамбыл, Кенен дастаны орыс тілде
Бақытжан жүрегімен сөйлеп берді!
Алғандай кең әлемнің қамалын да,
От ойнап отты жыры жанарында.
Бақыт ақын өлеңі Әлемге еніп,
Сөйледі жаһандану Заманында!
.

Төлеген Қажыбаев
ШОРТАН КӨЛГЕ

(«Хан Кене» кітабынан) Бақытжан Мұсаханұлына

Шортан түгіл, шабақ жоқ айдыныңда,
Шортан көлім, қосылам қай мұңыңа.
Сен несіне соншама егілесің,
Бізге қалған нәпақа – қайғыру ма?

Боздатқан өзегіңнің қара нарын,
Сеземін көңілінде нала барын.
Базары ерте тарқар жетім қыздай,
Кім тыңдар қара судың азалы әнін.

Төсіңнен түте-түте бұлт аунап,
Шаңқылдар шағалаң да кетіп аулақ.
Жандар да жуымайды жуық маңда,
Жағаңда отыратын балық аулап.

Өң берген жаһұттайын өңіріме,
Көп көлді жоғалтқаным өмірімде,
Күрсінген алабөтен күбіріңмен,
Күдікті күй әкелдің көңіліме.

Дей алман баяғыдай шараң толық,
Барады күн-күн санап сабаң солып.
Жанымды жылатар деп шошынамын,
Кезекте жоғалар көл өзің болып.

Әзірге келер күннен түңілмейсің,
Толқынға толқын қосып «жүгір» – дейсің.
«Мөлт еткен көз жасындай күміс көлім»,
Ұшында кірпігімнің дірілдейсің…

Серік ақсұңқарұлы
АЛАШ АҚЫНДАРЫ
Бақытжан Қанапияновқа

Бұ Алаштың ақыны,
Күннен тудым деуге де ол қақылы,
Ғұннан тудым деуге де ол қақылы.
Қарсы қарап сұм заманның бетіне,
Сөз айтуға жеткен ақыл, батылы.

Тірісінде еленбей ғап нарлығы,
Айтып кеткен бергіні де, арғыны.
Тар заманда ботадайын боздап бір,
Зар заманда ғұмыр кешті барлығы.

Жаны – көкте,
Тәні – мұнда,
Күй тынды,
(Қандырып ал, қайран, боздақ ұйқыңды?).
Кеткеннен соң бұ жалғаннан, қоғамға
Сенен артық болмайды ешкім сүйкімді…

Күннің нұры тұла бойын жайлаған,
Ғұнның рухы алдына сап айдаған.
Алпыс екі тамырынан ұстап ап,
Алла оны Алашына байлаған!
Алашындай азалы, –
Ғазалы!
Тілін байлап қойса біреу, бәрібір
Ерегісіп ол орысша жазады…

Бұ Алаштың ақыны,
Адамзаттан Алла оның жақыны.
Күннен тудым деуге де сол қақылы,
Ғұннан тудым деуге де сол қақылы.

Ғалым Жайлыбай
Бақытжан Қанапияновқа

Жаны жаз бір ағасың, заты – көктем,
Анасы ақ сүтімен ақын еткен.
Шыр етіп Сырымбеттің бауырында –
Мұхиттың ар жағына аты кеткен.

Басыңнан ақ шабыттың бұлты аунаған,
Нұр саудың өлеңіңе нұр таңдардан.
Кереку – Ертіс бойы – ата жұртың,
Арғы атаң Сұлтан төре сұлтан болған.

Өлеңнің өр шыңына өрлегесің,
Қияға қанатыңды сермегесің.
Музаңның мұхитына қайық салып,
Тербеліп толқындарда сен келесің.

Қара орман қазағыма бар қадірі,
Алаштың сен де ағасы,
Арқар ұлы.
…Жыр жазсаң жер жүрегі бірге соғып –
Бүлкілдер дүниенің қан тамыры.

Тербетіп тарихың мен құса-мұңды,
Ақ бұлттың ар жағына ұша білді.
Алдыңа Бақытжандай жыршы келді,
Кереку, ашып таста құшағыңды.

Ақының сыр айтады,
Жыр айтады.
Сол өлең қуантады, мұңайтады,
Бағыма Бақытжандар болмағанда,
Бүгіннің бүтін сөзін кім айтады.

Алмас Темірбай
«Жұмақ жұрт» кітабынан
Бақытжан Мұсаханұлына

Жазамын өлең, жазамын, жазамын өлең,
Ақыл-сезімнің алысып азабыменен.
Сырласам дағы Хайямның рубайыменен,
Мұңдасам дағы Хафиздің ғазалыменен.

Көз жасы болып төгілем еркенің, кейде,
Шекесінен де шер-мұңның шертемін, кейде.
Қырық бір тасын сөйлетіп құмалақ – күннің,
Еппенен айтам елімнің ертеңін, кейде.

Таласа жүріп тағдырдың тажалыменен,
Тірліктің түрлі тіл жетпес
ғажабын көрем.
Іші тар жандар сырымды іштей ұғынып,
Мақтауды қажет етпейтін
жазамын өлең!..
Жазамын…

Пікір қалдыру