…Біз ЦК емеспіз, біреуді бір орыннан алып,
бір орынға қоя алмаймыз. Жазушы деген халық
кісіге өз жүрегінен орын береді. Менің жүрегімнің
төрінен орын алатын – ер інім, еркек інім Жұмабек.
Ғабит Мүсірепов.
Тарих деген – шежіре. Уақыт деген алып бар.
Түптің түбінде сол алып уақыт әркімді өз орнына
қояды. Кімнің кім екені сонда айқындалады.
Жұмабек Тәшенов.
Ақыр түбі осылай боларын баяғыда-а-а-а біліп еді. Білген соң қай құқайға да дайын болатын. Бірақ… дәл бұлайша, тұтқиылдан соққан қара дауылдай қағынып, құйынша ұйтқып кеп, бүкіл дүниесін астан-кестең етіп, асты-үстіне түсіріп, быт-шытын шығарар деп ойламапты. Өйткені өзінің адалдығына, ісінің ақтығына, қызметтес, қанаттас жолдастарының адамгершілігіне, түптеп келгенде үкімет пен партияның әділдігіне сенетін.
Ал партияның ХХ съезіндегі жылымықтан кейін сол сенімі бекіп, нығая түскен. «Халық жауы» деген жаламен нақақтан-нақақ жапа шеккен жандарды ақтағанда да әлдекімдердей кібіртіктеп, айналасына жалтақтай бермей, белін бекем буып, білек сыбана кіріскені содан болатын. Тап жауы саналатын алашордашылардан, үстем тап өкілдерінен, молда-қожадан басқаның бәрін ақтаудың мүмкіндігі туған. Ең бастысы ақтығына, адалдығына көзің жетіп, нақақ күйгеніне айғақ-дәлелің бар болса болғаны… Тіпті әлгі сенімнің күшейгені сонша, көкірегінің терең бір түкпірінен «қашанғы бұға береміз» дейтін асау сезімнің атойлап тұра келгені де рас. Ел басқарып жүрген, қолында әжептәуір билігі бар бұлар бұқса, әбден жалтақ, жасық болып қалған қарапайым халық қайтіп бас көтермек?! Ал нар тәуекел деп күреспейді екенсің, онда Мәскеудің құлақкесті құлы болып, айтқанына көніп, айдауына жүргеннен басқа амалың жоқ. Онда 20-жылдары алаштың асыл перзенттері шырылдап жүріп қалпына келтірген қазақтың қасиетті жерінің телім-телім болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені.
Оның үстіне қабағынан қар жаудырып, мұз қатырған мұртты көсемнің көзі кеткен соң, сұрқылтайлар мен сұрқиялардың да үні өшкендей көрінген. Мүлдем өшпесе де бәсеңсігені айдан анық еді. Жеке басқа табынушылық, әсіреқырағылық, қуғын-сүргін дегендердің бәрі сол заманның міні саналып, әшкерелене бастаған. Саясаткерлер мұны «жылымық» десті. Қаһарлы қыстың алай-дүлей ұйтқыған бораны мен ақырған аязынан кейінгі көктемнің жан жадыратар, сүйек жібітер күншуағы… Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған қосүрей заман да Сталинмен бірге келмеске кеткендей көрінген. Арқа-бас кеңіп, құрыс-тырыс жазыла түскендей еді… Содан ба екен, әйтеуір, бәріне де тас түйін дайынмын деп ойлапты. Дайыны дайын еді, бірақ… тас түйін болмай шықты.
…Жұмабек Ахметұлы бүгін де әдеттегідей таң қылаң бере тұрды. Үйреншікті жаттығуын жасап, жуынып-шайынып келсе, жұбайы Бәтес дастарханын жайнатып қойыпты. Жиырма жыл отасып, әбден сыралғы болған жары біраздан бергі қабағындағы кірбіңді байқап, бірдеңе дей ме дегендей, әлсін-әлсін жаутаңдап қояды. Жұмекең онысын байқамағансып, жақ ашқан жоқ. Әлдекімдерше ырғалып-жырғалмай, жеңіл-желпі тамақтанып, дереу сыртқа шықты.
Алматының аспаны қабағын қарс жауып, түнеріп алыпты. Қаңтардың қақаған аязынан өзгешелеу шыныдай шытынаған ызғар бар. Демін ішіне тартқан сызды ызғар. Өшіктірсең, қабырғаңды қақыратып, омыртқаңды опырмай тынбаймын дегендей аяусыз, тоңмінез кейіп, суық бауыр, жат қабақ. Ал қала жұртшылығы осыдан бірер күн ғана бұрын жаңа жылды сарыла тосып, сабыла тойлағанын ұмытып қалғандай бүгін тым-тырыс. Әлде бірнеше күнгі даңғаза шу мен өрекпіген, лепірме тіршіліктен өздері де ығыр болып, шаршады ма екен?! Жоқ, әне, анау үйдің бұрышы мен көше қиылысынан бірен-саран қара-құраң байқалды. Алайда, олар да мереке кезіндегідей, бір-біріне жарқылдай амандасып, танысын-танымасын «Жаңа жылыңыз құтты болсын! Мейрамыңызбен!» деп, қуана құттықтасқан жандарға мүлдем ұқсамайды. Әлденеден құр қалардай асығып, суыт кетіп барады. Пәлен күннен бері таудай болып үйіліп қалған жұмыстарын ойлап, қат-қабат тірлігіне қайғырып, қапаланатын сияқты. Қабақтары қатулы, түстері суық.
* * *
…Апыр-ай десеңізші! Кеше ғана қалай жағынып-жарамсақтанудың ретін таппай, қипақтап жүргендер бүгінгі басқосу қарсаңында көрмегенсіп, сонадайдан теріс айналды-ау. Әсіресе, анау… Балықшин. Балық десе, балық, нағыз жылпылдаған сужұқпастың өзі. Сөзі мен ісінің арасы не істесең де бітіспес жаулардай дүрдиіп, жер мен көктей болып кеткен бе, немене. Әрі сонысын сездіргісі келмей, маңына жуып кеткен жанның ең жақын жанашырындай бола қалатынын қайтерсің… Бет-аузы да бір түрлі… жып-жылмағай, жып-жылтыр. Көзі сұқ иттікіндей сумақайланып, қойны-қоншыңа дейін тінтіп кетеді. Сөзі мен ісінің үйлеспесін жан баласына сездіргісі жоқ. Бірақ басқасы басқа көкірегіңнің жетпіс жеті қабат қоймасына жасырғаныңды да жазбай танитын Тәшеновтің сұңғыла түйсігін тұмшалау оп-оңай емес еді… Енді, міне, сол Балықшин сияқтылар осындай сын сәттерде қарымтасын қайтарып бағуда. Дүние кезек деген осы да. Әлгінде қызметке ерте келіп, өз кабинетінде бюроның басталуын күтіп отырғанда бірер жігіт қана кіріп, амандасып шықты. Басқалар мұның басына күн туып, мәселесі қаралатынын білген соң көзге түсіп қалмайық деді ме,– маңына жолаған жоқ. Бірде ырқын берер, бірде сыртын берер, беу, дүние-ай, десеңізші!
Ат шаптырымдай мәжіліс залына кіргенде Дінмұхамет Ахметұлы:
– Кел, батыр! Кел, кел! – деді. Бұрын көптің көзінше «сен» демей, «сіз» деуші еді. Сондықтан мұнысы кекесін сияқты естілді. «Ә-ә, жігітім! Түстің бе уысыма! Әншейінде ешқайсымызды көзге ілмеуші едің, енді көрейік әуселеңді!» дегені сияқты. «Қой, менікі не, жоқтан өзгеден күдіктеніп» деп, Жұмекең енді ғана бас көтерген күмәнді ойды дереу тыйып, нұсқаған орынға отыра кетті.
Саяси Бюроның жабық мәжілісін Димекеңнің өзі ашып, Тужиковке сөз берді. КОКП Орталық Комитетінен келген өкіл ұзын-сонар баяндама жасады. Сценарийдің жобасынан да, баяндаманың мазмұнынан да Хрущевтың қолтаңбасы тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр. Тек ол өзінікімен емес, Қонаевтың қолымен от көсеп отыр.
Тужиков мұндай «бұйралаудың» талайын көрген әккі саясаткер еді. Сценарийдің күні бұрын ойластырылғанын, тіпті, түпкі нәтижесі де келісіліп қойғанын сездіргісі келмей, бар өнерін салып бағуда. Даусын неше түрлі құбылтып, мейлінше нанымды шығарғысы бар. Мән беретін тұстарда кідіріп, «Жолдастар, осындай қызықты да көріп пе едіңдер?!» дегендей, езуіне қитұрқы мысқыл үйіріп, отырғандарды көзілдірігінің үстінен тегіс шолып шығып, әрмен қарай жалғайды. Мұндайда Соколов, Козлов, Балықшин сияқтылардың жаны кіріп, мырс-мырс етеді. Іштерінен «әп, бәлем, түстің бе қақпанға, енді қайда қашсаң да құтылмассың» деп, айыздары қанып, алақандарын ысқылап отырғандай.
Әлгілер мұның ұнжырғасы түсіп, бұқпантай күй кешкенін көргісі келгендей бұл жаққа әлсін-әлсін ұрлана қарап қояды. Жұмабек Ахметұлы іштей «сыннан сынатын, жаладан жаситын жанды тапқан екенсіңдер» деп, мырс етті. Бала кезінен оқып өскен Хакім Абайдың бір ауыз өлеңі есіне түсті:
Патша Құдай сыйындым,
Тура баста өзіңе!
Жау жағадан алғанда,
Жан көрінбес көзіме…
Осыны күбірлеп, іштей қайталағаны сол еді, рухы көтеріліп, намысы найзағай отындай жарқ-жұрқ ойнап шыға келді. Иә, бала кезінен біреу жағасына жармасса, дереу делебесі қозып, аруақтанып, бой бермей кететіні бар. Қанша жерден ақыл тоқтатса да, сол әдеті әлі күнге дейін қалмай келеді. Арғы бір аңғарынан өзін-өзі ақтап алар айғақтар атойлайды… Иә, иә, ісің ақ, адал екен, несіне төменшіктеп, бас бағасың?! Қайта сен емес, ақ ісіңді қаралап, дұрысыңды терістеп жатқан мыналардың өздері ұялсын…
«Мұндайда ең бастысы ашуға тізгін бермеу, қателікке бой алдырмау керек. «Осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл» емес пе?! Жасып та қалмайық, тасып та кетпейік!» Енді ол еңсесін көтеріп, әлгі мысықтілеу пенделердің үстінен асыра көз тастап, орындығына шалқайып, ерегескендей шіреніп отырды. Бұлт-бұлт ойнаған бұлшық етті сом дененің серпініне шыдамаған орындық сықыр-сықыр етті.
Жұмабек Ахметұлы бұл кезде қырықтың жуан ортасына келген, орта бойлы, дөңгелекше келген нұрлы жүзді, аққұба өңді жігіт ағасы еді. Қырып алар артық еті жоқ тырыли арық та емес, тырсиып жарылғалы тұрған семіз де емес, жасына сай сәл толысқан, сүйекті де келбетті кісі болатын. Жылылық, әсіресе, оның ақ-қарасы айқын шаралы көздеріне ұялаған еді. Жүрегінің терең түкпірінде құндақталған ізгілік пен мейірімнің қуаты қарашығынан нұрлы сәуле ұшқындатып, төңірекке шуағын шашып тұратын. Сол шуақ арамзалар мен екіжүзділерді, жағымпаздар мен жалқауларды көргенде кенеттен жасындай жарқылдап, әлгілердің бетпердесін Ебінің екіленген желіндей жұлып түсіретін. Міне, сол абыройы айрандай төгілгендер кейін Жұмекеңнің жауларының санын молайтып, сап түзейтін. Иә, пенде шіркін тоқсан тоғыз жақсылығыңды тарс ұмытуға бар, бірақ ақыл-санасының таяқ бойламас таяздығын, көрлаһаттығын бір рет әйгілеп, әшкерелесең, өле-өлгенше ұмытпайды екен. Ұмытқан қайда, қойны-қонышына тас-кесегін тығындап, сүріне қалсаң, тасадан тас жаудыруға дайын жүреді екен… Сонда саясатқа араласқан жан жауырды жаба тоқып, өмір-бақи әртіс болып, рөл ойнап өтуі керек пе!? Ағаттық айтылмаса, мін қалай түзелмек, қоғам қалай ілгері баспақ?! Тіпті табиғаттың өзінде анда-санда сұрапыл дауыл соғып, қураған қу ағашты сындырып, ықтасындағы мүңкіген иісті қуып, соңынан нөсерлетіп жаңбыр құйып, бәрін жуып-шайып, тазалап тұрмай ма?! Ендеше бұған несіне жауласады? Соншалық не бүлдіріпті? Нені дұрыс істемепті? Кімнің жолын кесіпті соншама?
Тәшеновтің көз алдынан республика басшылығында жүргендегі басты-басты оқиғалар кино кадрларындай тізбектеліп, біртіндеп өте бастады…
* * *
Түні бойы Ақтөбенің ақ бораны ұлып, есік-терезені сабалап шықты. Қарлы дауыл қаңтардағы жараған бурадай шабынып, шатынап алған. Әлдекімге кегі кеткен жандай бірде ішін тарта ұлып, бірде солықтап, кейде бұлқынып, кейде толастап, тынымсыз шиыршық атады. Таң ата оянып, қаладағы ең жаңа қонақүйдің терезесінен сыртқа көз салған Жұмабек Ахметұлы «Апырай, мына боран күн шыға толас тапса екен. Әйтпесе, алаңға жинаған халыққа, әсіресе, балаларға қиын болады-ау» деп ойлады.
Кеше түсте облыс белсенділерінің шұғыл мәжілісі өткен. Сонда Қазақстан Компартиясының басшысы Л.И.Брежнев облыстың бірінші хатшысына:
– Алаңға кемінде он бес мыңдай халық жиналатын болсын! Митингі өткіземіз! Никита Сергейч сөз сөйлейді, – деп тапсырды.
– Құп болады, Леонид Ильич! Бүгін-ақ жинап репетиция өткіземіз,– деді орта бойлы, бурыл шашты кісі сөзге келместен. Осылайша әр саланың жауапты адамына жеке-жеке тапсырма беріліп, тап-тұйнақтай етіп, айрықша пысықталды. Ас мәзірін ықтияттап жатқанда:
– Міндетті түрде бір қой сойылып, басы үйтілсін! – деді Тәшенов.
– Жұмабек Ахметұлы! Сыйлы қонаққа бас тарту – қазақтың дәстүрі екенін бәріміз білеміз. Бірақ… Никита Сергейч мұны дұрыс қабылдай қояр ма екен!?– Брежнев жақтастар іздеп айналасына жаутаңдай қарады.
Тәшенов басқалардың оны қоштауына мұрша берместен:
– Леонид Ильич! Мына Сіз де, біз де, Никита Сергейч те, осы отырған барлығымыз халықтан үлкен емеспіз ғой! Ендеше халықтың дәстүрін сыйлайық! Өйтпесек, несіне басшымыз?! – деді жұлып алғандай. Даусы сенімді, мығым шықты.
– Жоқ! Дәстүрге таласым жоқ! Бірақ… мұнымызды Никита Сергейч қалай қабылдар екен дегенім ғой… – бұл жолы Леонид Ілияұлының даусы недәуір бәсеңдеп, күмілжіңкіреп қалды.
– Сіз бен біз бар емеспіз бе?! Айтамыз! Түсіндіреміз! – деп шегеледі қайсар қазақ. Бұдан әрі басшысын тұқырта бермейін дегендей оның даусы да баяулады. – Леонид Ильич! Ол жағын маған жіберіңіз! Өзім реттеймін!
– Жақсы, жақсы. Солай болсын! Бірақ басты жауапкершілік мына жерде екенін де ұмытпайық! – Брежнев қарқылдай күліп, желкесін оң алақанымен басты. Ең әуелі мына пақырыңыздан сұралады ғой, «Қылша мойным – талша» емес пе дегені болса керек.
– Ол жағына қам жемеңіз, Леонид Ильич! Сізді жерге қаратпаймын!
Брежневтің бұлайша қорқақтайтын да жөні бар болатын. Хрущев дегеніңіз – не ойлап тұрғанын адам ұқпайтын және қазір қабылдаған шешімінен қазір айнитын толқымалы кісі. Үндістан сапарынан қайтқанда Булганин екеуі ең әуелі Ташкентке соғыпты. Әуелгі келісім бойынша ондағы қарсы алған халықтың алдында өзі сөйлеуге тиіс болған. Алайда тақап қалғанда шаршап тұрғанын желеу етіп, сөзді Булганинге тапсырады. Тек құшақ-құшақ гүл шоқтарымен қуана қарсы алған халықты көріп, ең соңғы сәтте өзі сөйлемекке бел буады. Өйтіп сөйлегені құрысын, қара басып, теп-тегіс жерден сүрініпті. Оқиғаның ұзын-ырғасы былай көрінеді…
Мінберге одақтың қос серкесімен бірге оларды Ташкенттен қарсы алушы Орта Азия республикаларының басшылары да көтеріледі. Ішінде Қазақстан тарапынан Леонид Ілияұлы да бар. Митингті Ташкент партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Мұхитдинов ашып, Хрущевке сөз береді. Ол микрофонды қолға алған бойда:
– Армысыздар, менің құрметті тәжіктерім! – деп қойып қалады. Әрі өзбектердің көздері тас төбесіне шыққанын байқамастан, сөзін әрмен қарай жалғай береді. – Біз сіздерге көршілеріңіз Үндістан, Бирма, Ауғанстан халықтарының ыстық ықыласы мен жалынды сәлемін ала келдік…
Қасындағылар не дерін білмей сілейеді де қалады. Бір мезетте Брежнев Булганинге қарап:
– Сіз Тәжікстанда емес, Өзбекстанда тұрсыз деңізші оған! – деп, жалына сыбырлайды. Екі көзі өзбектерде. Булганин қасарысып, «Өзің айт!» дейді міз бақпастан. Бейшара Брежнев беттің арын белге түйіп, еңгезердей үкімет басшысын айналып өтіп, ел серкесінің құлағына сыбырламаққа ұмтылса, сөз-семсерді оқша боратып, қызынып алған қызылкөз бәле екі езуі көпіріп, түкірігі шашырап, маңына жуытпайтын көрінеді. Амалсыз қасында мөлиіп тұрып-тұрып, сәл саябырлады-ау дегенде: «Никита Сергейч, Сіздің алдыңызда тұрғандар – тәжіктер емес, өзбектер» дейді. «Не дейсіз?» дейді анау ит көрген ешкікөзденіп. «Иә, иә, Сізді тыңдап тұрған тәжіктер емес, өзбектер… Сіз жаңа байқамай «тәжіктер» деп жібердіңіз…» дейді бұл қыстыға сыбырлап. Анау болса, соның бәріне бұл кінәлідей: «Неге ертерек айтпағансыз?» – деп, тістене зекиді.
Іле-шала микрофонды қайта аузына тақап:
– Құрметті Ташкент тұрғындары мен Өзбекстан халқы! Сөзімді қалай қабылдар екен деп мен әлгінде сіздерді сынағым келді! Ал сіздер, қымбатты тәшкенттіктер, менің әзілімді оңды қабылдап, ықыласпен тыңдадыңыздар! Сол үшін сіздерге көп-көп рахмет! – Не күлерін, не жыларын білмей тұрған өзбек басшылары «уһ, әйтеуір шығар жол табылды-ау» дегендей, ду қол шапалақтапты. Содан рухтанған мемлекет басшысы одан әрі Өзбекстанның табыстарын термелей бастайды. Сөзін бітіре сала, митингті аяқтауды қасындағыларға тапсырып, өзін қала сыртына демалуға апаруды өтінеді. Кетіп бара жатып, Брежневтің құлағына:
– Ертең Ақтөбеде боламын! Ыбылжымай, дұрыстап қарсы алатын бол!– деп, қатаң ескертеді. Ескертуді ести сала Брежнев осылай қарай құстай ұшқан.
Бұл мілади 1955, қазақша қой жылғы қыстың басы болатын. Сәске түсе мемлекет басшысы Н.С.Хрущев пен үкімет басшысы Н.А.Булганин мінген «ИЛ-14» ұшағы Ақтөбенің әуежайына қонған еді. Оларды Брежнев пен Тәшенов бастаған бір топ Қазақстан басшылары құшақ жая қарсы алды. Абырой болғанда бұл кезде түндегі боран басылып, қасат қардың бетінде жаяу борасын ғана жыланша ирелеңдеп сырғып бара жатты.
Никита Сергейұлы орта бойлыдан сәл ғана аласалау, дөңгелекше жүзді, шүңет көзді, бүйрек бет, доптай домаланған кісі еді. Жасы бұл шақта алпысты алқымдаған болатын. Трапқа шыққан бетте-ақ байқалды, бет-аузы қабаржып, бас терісі келіспей тұр екен. Брежнев оның қаһарына ұшырап қалмайын дегендей, қалбалақ қақты. Кезінде әскери кеңестің мүшесі болып, генерал-лейтенант шеніне дейін жеткен, осыдан екі-үш жыл бұрын маршал Жуков бастаған сол әскерилердің көмегімен Лаврентии Берия сынды алапат айлакерді құртқан, ал қазір В.Молотов, Г.Маленьков, Л.Каганович сияқты мүйіздері қарағайдай қарсыластарына есе бермей жүрген Хрущевпен ойнауға болмайтын еді. Қитығына тиген жанды ол бетің бар, жүзің бар демей, орыстың былапыт боқтығымен келістіріп тұрып сыбап салатын. Ал мұндайда өсіп, өрлеуден дәмесі бар әр пенденің «құдайына» жазып, мүләйімси қалатыны бесенеден белгілі. Алда-жалда өйте қоймасаң, өз обалың өзіңе, бар абыройыңнан айырылып, жерге қазық боп қағылдым дей бер. Сонысына қарамай, Никита Сергейұлының қайтымы да шапшаң болатын. Қалай тез тұтанса, солай тез қайтатын. Бұрқ-сарқ еткен ашуы болмаса, пәлендей кекшіл де емес еді.
Ал Тәшеновтей өткір жасты Хрущев осыдан екі-үш жыл бұрын-ақ ұнатып қалған еді. Мұртты көсем мұрттай ұшқан аласапыран шақ. Мәскеуде Бүкілодақтық партиялық кеңесте әлдене қызу талқыланып жатты. Жаттанды пікір білдірген екі-үш кісіден соң қырыққа толмаған жас қазақ жарыссөзге шығып, ойын қадап-қадап тұрып айтты. Сөзі – қиғыр қылыштай өткір де батпандай салмақты еді. Дүйім жұрттың алдында жасындай жарқылдап тұр. Алып империяның тізгін ұстарлары әуелі абдырап қалып, іле-шала зал ду қол шапалақтағанда амалсыз қосылуға мәжбүр болды. Бұл – малжаңдаған, отсыз, жылусыз қарт консерванттарға қарсы тұрар жас буын, жаңа леп еді. Хрущев бірден ұнатып, есімін жадына мықтап түйді. «Міне, міне, осындай жігерлі, жалынды жастарға арқа сүйеу керек! – деп ойлады елдің жаңа басшысы.– Сонда ғана ісіміз ілгері басып, АҚШ сияқты азулы мемлекеттерді қуып жетіп, басып озамыз! Сонда ғана коммунизмді орната аламыз!»
Хрущев өзі билікке келген қыркүйек пленумынан соң қазақ басшыларын қабылдағанда Ақтөбенің бірінші хатшысы болып жүрген Тәшеновтің қолын қысып тұрып: «Дәл сендей жалынды жастар бізге керек» деген болатын. Бір жыл өткен соң Алматыдағы Тың игерушілердің тұңғыш слетінде мінбеде тұрып: «Халайық! Сіздер әлгінде қате айттыңыздар! Тың және тыңайған жерді игерудің бастамашысы мен емес, мына Жұмабек Тәшенов»,– деп жариялаған. Сол сүйікті Жұмабегі жарқырай қарсы алып, қолтығынан демеп, дастарханға икемдей жөнелгенде Никита Сергейұлы еш қарсылықсыз емпеңдей берді. Хрущевтің қаһары мен боқтығынан құтылғанына балаша қуанған Брежнев те Булганинді қолтықтап соңынан ерді. Ол мәскеулік қонағына жүйесіз бірдеңелерді асығыс айтып келе жатып та іштей «свят, свят» деп, күбірлеп қояды.
– Естімедім, не дейсіз, Леонид Ильич?! – деді оған үкімет басшысы.
– Сіздер келгенде боранның басылғанына қуанып келем, – қалың қасты зор денелі Брежнев өзінің тапқырлығына мәз болып, кеңк-кеңк күлді.– Түні бойы жұлқынып, қасқырша ұлыды емес пе?!
– А-а! Солай ма!? Онысы жақсы болған екен…
КСРО қожайыны былтыр тың игеру науқанын бастағанда қолайына жақпай қалған қазақ басшыларын тегіс ауыстырған еді. «Сталиннің кадры» деп, Жұмабай Шаяхметовті алып, орнына П.К.Понамаренконы 1-хатшылыққа, Л.И.Брежневті екінші хатшылыққа қойды. Ал биыл Қазақстанның үш басшысын да жаңартты. Әуелі наурыз айының ең соңғы күні Дінмұхамет Ахметұлы Қазақстан үкіметінің төрағалығына тағайындалды. Осыдан тұп-тура жиырма күн өткен соң бар-жоғы қырық жасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің басшылығына Жұмабек Ахметұлы сайланды. Жеңіс күні қарсаңында Понамаренко Мәскеуге ауысып, орнын Брежнев басты. Өзі өз болып, КСРО басшысын алғаш қарсы алып тұрғандықтан, Хрущевтің көңіл қалауын дәл таба алмай жатқаны да содан болатын.
Қазақстанды былай қойып, Мәскеудегі серкелердің өзі Хрущевқа жүрегі дауалап, жақындаса алмайтын. Ал Тәшеновке әу бастан оң қабақ танытқандыкі ме, екеуі бірден емен-жарқын сөйлесіп, тез тіл табысып кетті. Бірер рюмка көтерілген соң мүлдем жадырап, Үндістаннан көргендерін баяндай бастады. Аса қадірменді қонақ ретінде қойдың басын тартқан Тәшеновке қарап:
– Бір қызығы үндістандықтарды біраз уақыт түркілер билепті. Солар сенің аталарың болып жүрмесін! – деді сосын қағытқысы келіп. «Сендерге ондай қайда-а-а!» деген астамшыл кейіп бар. Қаумалап тұрғандар қошеметтеп, ду күлісті.
Жұмабек Ахметұлының жүзі нұрланып, көздері оттай жанды.
– Иә, иә, Никита Сергейч, дұрыс айтасыз, Үндістанды біздің аталарымыз да билеген! Әуелі Жалайыр Мұқа, сосын Захараддин Бабырмен бірге Мұхаммед Хайдар мырза Дулат билеген. Соңғысы қазақтың Ұлы жүз Үйсініне кіретін Дулат тайпасынан. Захараддин Бабыр да алыс емес, Мұхаммед Хайдар мырзаның қарын бөлесі, – деді дереу нық сеніммен.
– О-һо! Не дейсің, құдайым-ау! Рас айтамысың!? – деді Хрущев таңданысын жасыра алмай.
– Рас, Никита Сергейч! Менің ара-тұра сұхбаттасып тұратын бірер тарихшы танысым бар. Солардан арнайы кітаптарды алдыртып, астын сызып тұрып оқыдым. Тіпті қазақ тарихшысы Мұхаммед Хайдар мырза Дулат атақты «Тарихи Рашиди» еңбегін сонда жатып жазған көрінеді.
– Солай де! Қазақтармен байқап сөйлесу керек деші! – Хрущев әңгіме соңын әзілге шаптырды. Қасындағылар қошеметтеп, тағы да ду күлісті.
– Иә, Никита Сергейч, қазақтар досына – көл, жауына – шөл!
Қонақжай пейіл мен Тәшеновтің тапқыр, ұтқыр сөздеріне риза болған Никита Сергейұлының көңілі көтеріліп, әңгіме тиегін ағытты. Өзі де бір сөйлесе, аузы көпіріп бірер сағаттай тоқтамайды екен. Әлгінде траптан түсе салғанда «Әбден шаршадық. Ешқандай митингінің керегі жоқ. Дастарханнан дәм татамыз да қайта ұшамыз!» деген сөздерінің бәрі далада қалды. «Жазған құлда шаршау жоқ» деген, бұлар тырс етпей тыңдаудан басқа амалдың қалмағанын сезді.
Аттанар алдында Никита Сергейұлы Қазақстан басшысы Брежневті оңашалап алып: «Мынау Тәшеновің қандай адам өзі?!» – деп сыр тартқан сыңай танытты да, анау «енді қалай десем екен…» деп ыңыранып, күшеніп-тышанып, бірдеңе дегенше күтіп тұра алмай: «Меніңше, жас, жалынды, жігерлі, іскер екен. Қайда салсаң да қиғыр қылыштай қиып түседі, не айтсаң да орындап тастайды. Мұндай маманнан айырылмау керек!» деп кесіп айтты. Бірақ ол қателескен болатын. Тәшеновтің өткірлігінің арғы жағында «не айтсаң да орындап тастайтын» көзсіз орындаушылық емес, ең бастысы әділет сүйгіш, ақжарма адалдық, әуелі өз елі мен халқына, қала берді адамзат атаулының баршасына деген ыстық ықылас пен айрықша сүйіспеншілік жатыр еді.
* * *
Бір қараса, Тужиков қып-қызыл болып, сұқ саусағын шошайтып алып, қызына сөйлеп тұр екен. Сөйтсе, мұның басты-басты «кемшіліктерін» термелеуге көшіпті. «Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Тәшенов өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқара алмады… ірі-ірі кемшіліктер мен қателіктер жіберді». Не дейді-ау, мына шіркінің?! Бұл – сценарий ғой. КСРО-дай алып мемлекеттік машинаның бүге-шігесіне дейін ойластырып қойған жазалау тәсілі! Оны мына отырғандардың бәрі біледі. Біле тұра «сенеді». Несін айтасың, Хрущевтың Соколов, Козлов секілді Қазақстандағы қолшоқпарларының айызы бір қанатын болды-ау. Тағдырдың тәлкегін қарашы, талай рет осылардың шовинистік пиғылдарын айдай қылып әшкерелеп, астамсыған немелерді табан астында тәубасына түсіріп еді… Мейлі, мейлі. Бұларды қойшы, тоқпағы мықты ғой. Ал, мынау өз «қандастарымыздың» соларды қуана қолдағанына жол болсын! Жай ғана қуанған жоқ, өмір бойы тек қана осының сүрінуін сарыла аңсап, тықырши күткендей, арттарының ашылып қалғанына қарамастан, жалаңаш сандарын шапаттап тыраңдағандарын қайтерсің!
Бе-е-еу, жалған-ай десеңізші! «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайдының» кері ғой бұл! Мейлі, мұны бетің бар, жүзің бар демей, айтарын айтып тастайтын тік мінезіне бола жақтырмасын, тіпті, жек көрсін. Бірақ бұны мұқатып, кек алу арқылы ата-бабасы қасық қаны қалғанша қорғаған қазақтың қасиетті жерінен айырылып қаларын қалай ғана ойламайды жасаған-ау?! Басында тауықтың миындай ми болса, ең әуелі осыны ойлауы керек қой. Өздері қара басының қамын күйттеймін деп жүріп, халық мүддесіне нұқсан келтірерін сезе ме екен саппастар?! Әлде… мұндайлар үшін ұлттық мүддеден гөрі қара басының қамы әлдеқайда қымбатырақ па екен?! Бәлки, қазақы тамырынан қол үзіп қалған осындай бейшаралардың ми талшығы «ұлттық мүдде», «ұлттық құндылық», «ұлттық болмыс» дегендерді ойлауға мүлдем қабілетсіз шығар?! Әбден мүмкін… Әйтсе де, қайран қазағым-ай, қашанғы өстіп қара бастың қамы үшін ұлттық мүддені табанға таптап, кім көрінгеннің қолжаулығы болып жүре берер екенсің?! Бе-е-еу, жалған-ай десеңізші!
* * *
Ақпанның ақырған аязының беті қайтып, әлдеқайда алыстан бір жылы леп есе бастаған шақ еді. Сірескен сірі қардың асты жағынан елеусіз еріп, күн өткен сайын шөге түскен мезгілі. Компартияның ХХ съезі енді ғана дүркіреп өткен кез. Хрущевтің әйгілі «Жеке басқа табынушылық пен оның салдарлары туралы» баяндамасының атағы аспандап, төрткүл дүниенің төрт бұрышын кезіп кеткен болатын. Маоның аузына қараған Қытай басшылары Сталиннен бас тарту – коммунизмнен бас тарту деп, тұлан тұтса, АҚШ бастаған капиталистік елдер социалистік жүйенің арасына іріткі түсті, енді көп ұзамай біраз елдер социализмнен бас тартып, біздің тарапқа шығады деп, қуана қол соғысты.
Осындай дүрбелең күндердің бірінде Алматыда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросы өтті. Бюро деген әншейін аты ғана. Мереке қарсаңындағы салтанатты мәжіліс пе дерсің. Республика басшысы Брежнев ХХ съезде СОКП Орталық Комитетінің хатшысы қызметіне сайланған соң өз орнына И.Яковлевті, екінші хатшылыққа Н.Журинді ұсынып, Мәскеудің келісімін алып келген екен. Бақыттан басы айналып жүрген Леонид Ілияұлы өз ізбасарларын бюро мүшелеріне таныстырып шығып, «ал, бұған не дейсіңдер» дегендей бір сәтке үнсіз қалды.
Мұндайда басшының күні бұрын дайындап қойған сұрқылтайлары ол ұсынған үміткерді тізгін ұшынан іліп әкетіп, аузы-аузына жұқпай мақтай жөнелуші еді. Осы жолы Брежнев ондайды күні бұрын дайындауды ұмытып кетті ме, әлде, өз-өзіне әбден сенімді басшы оны қажет деп таппады ма, әйтеуір, ешкім де оның сөзін дереу құптай қоймай, бюро мүшелерінің бәрі де бір пәске тым-тырыс тына қалды. Себебі онсыз да түсінікті еді… Қонаев пен Тәшеновтің біреуіне сенім артпай, И.Яковлевті бірінші хатшылыққа ұсынғанының бұлар білмейтін бір кілтипаны бар шығар, бәлкім. Мейлі, солай-ақ болсын! Ал бүкіл номенклатураның ішінен екінші хатшылыққа бір қазақты таппай, Н.Журинді қойғаны қай сасқаны?! Енді бұдан былай қазақ баласы бірінші хатшылыққа да, екінші хатшылыққа да дәмеленбей-ақ қойсын, сендерге бәрібір сенбейміз дегені ме?!
Әділетсіздік атаулыны көрсе, бетегеден биік, жусаннан аласа болып, бұғып қала алмайтын Жұмабек Ахметұлы сөз сұрады. Төрағаның қайсар мінезінен зәрезап болып қалған бірінші хатшы оған бірден сөз бермей, ең әуелі басқалардың пікірін білуді көздеп, қатысушыларды жағалай шолып шықты. Қас қылғандай жан баласы суырылып шыққан жоқ. Тіпті ешқайсысы жүзіне тура қарар емес. Амалсыз Жұмабек Ахметұлына рұқсат берді.
Жұмекең ақ жүректі адамдардың әдетімен жан баласына жалтақтамастан, суырыла сөйлеп кетті. Қоңыр үні күмбір қағады. Әріптестері сілтідей тынды.
– Қазақстандағы игерілген тың жер, одан өндірілген астық көлемі әлемге әйгілі. Мұндай күрделі өзгерістерді жүзеге асыруда қазақ халқы, партия ұйымы тәрбиелеген кадрлар өздерінің зор қабілетін көрсетті, – деп бастады әңгімесін қайсар төраға. – Қазақ жеріне миллиондаған адам келіп, жүздеген кеңшар пайда болды. Оларға орысша атаулар берілді. Қазақтар жақ ашқан жоқ.
Жұмабек Ахметұлының сөз ләмінде осынша әділетсіздікке біз қарсылық көрсетуге, жол бермеуге тиіс едік. Бірақ ісін енді бастаған Хрущевқа кедергі жасағандай, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей болмайық дедік. Бірақ мұнымызды ұғар жан көрінбейді деген базына жатыр еді. Енді ол республика басшысы мен мәскеулік өкілге тура қарап сөзін жалғады.
– Үлкен істе жергілікті азаматтардан талай таланттар өсіп шықты. Облыстарда, орталық аппаратта, министрліктерде екінші хатшыға лайық қазақ азаматтары аз емес. Мынау отырған Орталық Комитеттің ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы Фазыл Кәрібжанов кімнен кем? Ол екінші хатшылыққа жарамай ма? Осындай дайын тұрған кадрларды көзге ілмеу мені қатты қынжылтады. Мен мұны жергілікті кадрларға деген сенімсіздік, не біле тұра білгісі келмегендік деп қабылдаймын! Сіздерге қалай екенін қайдам, меніңше, бірінші, екінші хатшылық қызметке қазақ кадрларын жолатпау кейінгі жылдары кәдімгі дәстүрге айналып бара жатқандай!
Бюро мүшелері дәл мұндай қатаң сынды күтпеген еді. Олар үлкен күнә жасап қойғандай бір-бірінің жүзіне қарамай, төменшіктей берді. Әсіресе, жас баладай көңілі алып ұшып, лепіріп отырған бірінші басшының ашуынан қорқып, жанарларымен жер шұқып қалды. Ал Брежнев төбесінен біреу тастай су құйып жібергендей дереу есін жиып, ақталуға көшті.
– О, не дегеніңіз, Жұмабек Ахметұлы! Бұл – жоғары жақтың шешімі ғой! Менің еш қатысым жоқ!
Жоғары жақтың шешімі болса болар, Леонид Ильич! Бірақ Мәскеу әуелі Сіздің пікіріңізді сұрап, Сізбен санаспайды дегенге кім сенер?! Егер осы жолы бәрі шешіліп кетіп, кеш болып қалса, келесі жолы осы пікірді ескерер деп сенемін! Сол үмітпен айтып отырмын. Құлақ қойып, тыңдағандарыңызға рахмет!
– Жақсы, жақсы! Рахмет! Ескереміз! Тағы кім сөйлейді? – Брежнев мынадай ыңғайсыздау әңгімеден тезірек құтылғысы келгендей бастырмалата түсті. Басшының ау-жайын біліп отырған, күні бұрын дайындап қоюға үйренген жарамсақтар көп күттірмеді. Бірақ Жұмабек Ахметұлының салмақты сынынан есеңгіреп қалған басшы ол сөздердің бірін ұқса, бірін ұққан жоқ. Тек Қонаев сөз сұрағанда ғана есін жиды.
Дінмұхамет Ахметұлы сұңғақ бойлы, ақсары өңді, жылы жүзді, кең маңдайлы, нар тұлғалы кісі болатын. Жасы бұл кезде қырықтың жуан ортасына келіп қалған. Ол өзіне тән сыпайы жымиыспен сөзін бастап, әуелі Леонид Ілияұлын СОКП Орталық Комитетінің хатшысы қызметіне сайлануымен құттықтады. Ресми этикетке дағдыланған Брежнев осымен он нешесінші рет құттықтап жатса да, ризашылығын білдіріп, рахметін жаудырды. Сонда ғана ол терең тыныстап, бәсе, осылай болса керек еді ғой дегендей миығынан күлді.
– Біз Леонид Ильичті сынамайық! Бұл кісі керек. Көресіздер әлі жаңа қызметінде де бізге, күні бүгінге дейін өзі басқарып келген Қазақстанға көп-көп көмегін тигізеді. Мен осылай боларына сенемін! Солай емес пе, қымбатты Леонид Ильич?!– деп жымиды Димаш Ахметұлы.
– Әлбетте! Оған сөз барма! Мен сіздерге көмектеспегенде кімге көмектесем?! – деп, елден ерекше қою қасты, орта бойлы, кең маңдайлы, ердің жасы елудегі кісі недәуір қопаңдап қалды. Отырғандар ду қол шапалақтады. Қазақстанның болашақ бірінші басшысы өз сөзін өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын етіп үйреншікті қалпымен істің тігісін жатқыза аяқтады.
…Ертеңінде Пленум Брежневтің айтқанындай өтіп, И.Яковлев бірінші, Н.Журин екінші хатшылыққа сайланды. Банкеттің үстінде ойындағысын орындаған Брежнев сол жағында отырған Тәшеновке бұрылып:
– Сенің кешегі бюродағы сөздеріңнен жүрегім тоқтап қала жаздады ғой. Өмір бақи ұмытпастай сөз айттың, – деді әзіл-шынын араластыра ақсия күліп. – Десе де адалын айту керек. Нағыз өсетін азаматтың бірі өзіңсің… Бірақ сенің қазіргі қызметің екінші хатшылықтан әлдеқайда жоғары тұр ғой.
Жұмекең де астарлы қалжыңның қарымтасын қайтара жауап қатты:
– Онда бірінші хатшылық бар емес пе!?
– Бұл әзірге менің қолымнан келмейді,– Брежнев шынға көшті.
– Асығатыны жоқ, Леонид Ильич, әр істің өз орайы бар! Елді басқаруға кімнің лайықты екені, әрине, жоғарыдан қарағанда жақсырақ көрінуге тиіс. Кім басқарса да ең әуелі елге жайлы болса болғаны.
– Мен сені түсінем, Жұмабек Ахметыч! Қазақстанға мына сендей патриоттар керек-ақ! Бірақ айналаңдағы әріптестерің… әсіресе, өзіңдей Димаш Ахметович мұны қаламайтын сияқты ма, қалай?! Оған керегі – жан тыныштығы мен карьера ғана сияқты.
Жұмабек Ахметұлы бірінші хатшының жүзіне барлай қарады.
– О не дегеніңіз, Леонид Ильич! Димаш Ахметович – ел қамын ойлайтын, Қазақстанға жаны ашитын адам… Бірақ әркімнің мінезі мен жұмыс стилі әр түрлі емес пе?!
– Әй, қайдам, қайдам…
Артықтау сілтегенін сезгендей, Леонид Ілияұлы көзін ала қашып, теріс айналып кетті. «Мынаның қуын қарай көр, тек кетпей, Димаш екеумізді сүзістіріп кетпек-ау,– деп ойлады Жұмабек Ахметұлы.– Сосын өзі миығынан күліп, ойына келгенін істей бермек қой. «Бөлшекте де билей бер!» Ежелден келе жатқан ескі тәсіл. Оның бола қоймас, Леонид Ильич! Оныңа мен де, Димаш Ахметұлы да көне қоймас… »
Кейіннен Брежнев Тәшеновтен өмір бақи ұмытпастай сөз естіп, жүрегінің тоқтап қала жаздағанын әлсін-әлсін еске алып, әзіл-шынын араластыра айтып жүрді. Ал оның жүрегін тоқтата жаздаған оқыс сын да жауапсыз қалмай, келесі ауыс-күйісте Орталық Комитеттің ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы Фазыл Кәрібжанов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшылығына тағайындалды.
* * *
Мәссаған, мынаны қара, мінбеге Алексей Иванұлы көтеріліпті. Кәдімгі әуелде Қазақ КСР Кеңшарлар министрі, сосын Тың өлкелік атқару комитеті төрағасының орынбасары А.И.Козлов. Қазақстанға келгенше КСРО Ауыл шаруашылығы министрі деген дардай атағы да болған. Сосын әлдеқандай себептермен Н.Хрущевтің қырына ілігіп, қызметінен төмендеп, осында жіберілді. Енді қайтадан қожайынының көзіне түсіп, Мәскеуге қайту үшін шолақ белсенділердей шолтаңдап, жан ұшыра қызмет қылып жүр. Иә, мұның да ештеңеден аянып қалмасы анық. Өйткені азуы алты қарыс Хрущевпен айқасқа шықпас бұрын Тәшенов әуелі оның Қазақстанға жіберген Козлов, Соколов сияқты құйыршықтарын ауыздықтап, тәубасына түсірді емес пе?! Басқасы басқа мұндайды олар өлсе де ұмытар ма екен?!
– Жолдастар, өздеріңіз білесіздер, менің мұнда келгеніме аса көп бола қойған жоқ. Сондықтан мен өзім келгеннен бергі көргенімді ғана айтамын,– деп бастады пікірін Алексей Иванұлы.– Кейбіреулер «Тәшенов – іскер адам» дейді. Оның Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы болғандағы еңбектерін аузының суы құрып айтады. Істесе, істеген шығар. Сіз бен біз де айға бата жасап жүргеміз жоқ.
«Ал, енді көресіңді көрерсің, бәлем» дегендей, «өлкешіл» шешен бұл жаққа қоқилана қарап алды.
– Меніңше, Тәшенов Қазақ КСР Министрлер Кеңесі аппаратының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ете алмады. Қарамағындағы ұйымдар мен мекемелердің жұмыстарын дұрыс ұйымдастырып, Одақтық үкімет пен партияның қаулылары мен шешімдерін орындауды бақылаудың орнына ол «өзім білемдікке» салынып, халық шаруашылығы кеңестері мен облыстық атқару комитеттері басшыларын Алматыға түрлі жиналыстарға жиі-жиі шақырып, уақыттарын зая кетірді…
Хрущев билікке келе сала: «Қазақстан – аумағы өте үлкен республика. Оны бөлшектемесе, басқару қиын» деген байламын алға тартып, Оңтүстіктің бір бөлігін Өзбекстанға беру идеясын көтеріп еді. Қазақтар Хрущевтың шабуылына ашықтан ашық тойтарыс бермесе де, істі екі рет сөзбұйдаға салып, ақыры еш болмаған соң Бостандық ауданы мен Бетпақдаланың бір бөлігін амалсыз өзбектерге берген болатын. Енді өктем орталық Қазақстанның бес облысын қосып, Тың өлкесіне біріктіріп, Мәскеуге тікелей бағындыруға барын салып бағуда. Соны арқаланған Соколов, Козлов сияқтылар басқаны былай қойғанда Қонаевтың өзін жүре тыңдауға көшкен. Қазақстан Компартиясының басшысы Хрущевтың айтқанына келісіп, әліптің артын бағу саясатын ұстанса, Үкімет басшысы Тәшенов Тың өлкесінің Ресейге қосылып кетуінен қауіптеніп, шегінер жер қалмаған соң ашық айқасқа шығып еді.
Жұмабек Ахметұлы былтырғы оқиғаны есіне алды. Осы қазіргі Саяси Бюроның «жабық» мәжілісі өтіп жатқан Үкімет Үйі. Кезекті Үкімет мәжілісінде келер жылдың халық шаруашылық жоспары талқыланып жатты. Кезек Тың өлкесіне келгенде Соколов шықпады. Орнына келген осы Козлов аузын қайысша созып:
– Жұмабек Ахметұлы! Біз сіздерден ештеңе де сұрамаймыз, түсінесіз бе, мүлдем ештеңе! Тек біздің ісімізге кедергі жасамасаңыздар және Мәскеудің бізге бөлгеніне тимесеңіздер болғаны,– деп монтансыды. «Біз Қазақстанға жалынбаймыз. Біздің жарылқаушымыз – сіздер емес, Мәскеу» деген мысқылды емеурін бар еді сөз мәнерінде. Мұндай саяси сайқалдықты көргенде Тәшеновтің қаны басына тепті. Әйткенмен, ашуға бой алдырмай, салмақпен ғана:
– Тың өлкесі әзірше Қазақстанның құрамында, ал Қазақстанды оның Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз – сол партияның мүшесісіз. Мынадай оқшаулану мен қыңыр мінезді қоймасаңыз, партиядан шығарып, орныңыздан аламыз. Содан кейін баратын жеріңізге барып, арызыңызды айта беріңіз,– деді шегелеп тұрып. Алдында ғана Н.Хрущевтің қаһарына ұшырап, Мәскеуден Қазақстанға «жер аударылып» келген А.Козловтың өңі қуарып, табан астында кешірім сұрады.
Мәжіліс біте сала Тәшенов дереу Целиноградқа ұшып барды. Барған бойда өлке белсенділерін түгел жинап, шұғыл жиналыс өткізді. Республикалық Жоспарлау комитетіне келесі жылдың бюджетіне қажет мәліметтерді қасақана бермей, бассыздық жасағаны үшін Т.И.Соколовқа сөгіс берілді. Ал осы жағдай екінші рет қайталанса, оны қызметінен алып, 24 сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберетінін және Тың өлкесі ешқашан Ресейге берілмейтінін шегелеп тұрып айтты. Сөйткен Козлов пен Соколов Тәшеновке кеткен кегін өліп бара жатса да ұмыта қояр ма екен?! Әрине, ұмытпайды.
* * *
Мешін жылғы жаз ортасынан ауған шақ еді. Қырық күн шілде бітіп, сарша тамыз басталған кез. Алатаудың бөктеріндегі Алматы шаһары жаңа түскен жас келіндей жасанып, қырмызыдай құлпырып тұр. Жеміс-жидек пісіп, бал татыған әңгелек пен қауын-қарбыздың саудасы қызған шақ. Жұрт арасында құлықты құлақты елең еткізгендей, сынық көңілдерді сылап-сипап, жамап-жасқап бүтіндердей жанға жайлы жып-жылы леп бар еді. Ол сонау ақпан айында Мәскеуде көбесі сөгілген мұздың әжептәуір еріп, адамдардың көңілдеріне үміт отын жаққан, әлдеқандай бір қуанышты жаңалықтың келе жатқанын сездіретін леп болатын. Адамның адам екенін, оның ат төбеліндей азшылықтың ойыншығы емес екенін еске салғандай бір бөлекше жып-жылы ағыс еді. Алайда осынау жылымықты да әркім әр түрлі қабылдады. Біреулер «Шолақ белсендідей шолтаңдаған мына біреу «халықтардың әкесі» атанған Сталинге бекер соқтықты, отыз жылдай елді басқарып, темірдей тәртіп орнатқан, Фашистік Германияны жеңген көсемнің киесі ұрып, әлі-ақ аяғы аспаннан келеді» деп сыбырласа, екіншілері «халықтың сүт бетіндегі қаймағын сыпырып алып, қынадай қырып еді, енді сұмпайы Сталиннің өзіне кезек келген екен, «мың асқанға бір тосқан» деген осы, көп ұзамай итжеккенге айдалған туыстарымызбен де қауышып қалармыз» деп, қуана күбірлесті.
Осындай үміт пен күдік итжығыс түскен алаңкөңіл күндердің бірінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқа төрағасының жеке ұшағы Қарағандының әуежайына қонды. Ұшақ тоқтай сала үш жеңіл көлік сырғып кеп тұра-тұра қалысты. Өңшең ақ көйлекті, қара костюмді, галстук таққан, орта жастағы азаматтар мінген жеңіл көліктер дереу құбылаға қарай бет алды. Бағыты – ҚарЛагтың әкімдік орталығына айналған Долинка кенті. Бұлар Қазақстан тарапынан құрылған үкіметтік комиссияның мүшелері болатын.
Алдыңғы көлікте келе жатқан Жұмекең терезені ашып, көкірегін кере тыныстады. Балалық шағынан етене таныс Сары Арқаның саф ауасы. Кіндік қаның тамған жердің ауасы да ерекше ғой, шіркін. Таудыкіндей тұнық емес, ойдыкіндей тынық та, тымық та емес, қырдың кермек аралас керімсал самалы. Жарық дүниеге келе сала ана сүтімен бірге жұтып өскендікі ме, көкірек сарайын бірден ашып, сергітіп жіберді. Жұмекеңнің туған жері Танакөл ауылы осы жерден онша қашық емес. Ақмолаға, солтүстік-батысқа қарай тартсаң, жеңіл көлікпен үш-төрт сағатта жетіп барасың. Алғашында ол жер де осы Қарағанды облысына қараған болатын. Кейін Ақмола облысы құрылған соң соның құрамына қосылып кетті. Түу, шіркін, осы қазір Танакөлге бір сүңгіп шықса, қырдың ақиық қыранындай одан сайын дүр сілкініп, қунақ тартар еді-ау. Бірақ оған мынау қат-қабат шаруадан мұрша бар ма?! Оның үстіне қайта-қайта жылтыңдап, ауыл азаматтарын да әбігерге салғысы жоқ.
Осыдан екі-үш күн бұрын ел жақтан бір сенімді жігіт келді. Сол айтып еді, Алаш арыстарының ең соңғы тұяғы, 29-ақ жасында Қазақ АКСР-інің қазіргі аумағын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, В.И.Ленин бастаған КСРО басшыларының алдында баяндама жасаған Әлімхан Ермеков жиырма жылдық айдаудан аман қайтып, Қарағанды Тау-кен институтына математикадан оқытушы болып орналасқан соң, былтыр бұған хат жазыпты. Бар өтініші – 1935 жылы Мәскеудің Жоғары техникалық аттестациясы берген математика професоры деген атағын қайтарып алуына көмектесу. Жұмекең көмекшісіне мұқият іздетіп еді, хат мұнда мүлдем келмепті, әрі жіберген жері де тіркелмеген. Ендеше бұл – басқа емес, үш әріптің тірлігі. Поштаға салған бойда көзін құртқан. Әлекең: «Апырай, мақтаған азаматымыз жауап қатуға да жарамады-ау» деп, налып жүр ме, кім білген. Ал бұл хатты әлгі жігіттің қолынан енді көріп отыр. Онда да түпнұсқасын емес, көшірмесін ғана. Неткен масқара?! Бір қарасаң, ел билеп жүрген басшысың. Алайда басқасы басқа сенің де басқан ізің аңдулы, аяқ-қолың матаулы. Жұмабек Ахметұлы хатпен мұқият таныса сала дереу Мәскеудегі Аттестациялық комиссиямен хабарласты. Төрағасы еңбек демалысында екен. Сычев деген орынбасарымен сөйлесті.
– Жұмабек Ахметыч! Олай істеуге хақымыз жоқ! – деді әлгі орынбасары.
– Неге хақыңыз жоқ?
– Өйткені ол кісі дер кезінде докторлық диссертациясын қорғамаған.
Жұмекең оның ғылыми дәрежесін сұрады. Техника ғылымдарының кандидаты екен.
– Иван Алексейич! Сіз, міне, техника ғылымдарының кандидатысыз. Үш-бес жылда докторлығыңызды қорғауыңыз керек деген шартпен профессорлық атақ берді. Бұған қоса Білім министрлігі Отан үшін аса қажет екі-үш оқулық жазып беруді тапсырды. Шұғыл жазу керек. Оны Сізден басқа ешкім жаза алмайды дейік. Сонда Сіз докторлығыңызды жазасыз ба, әлде Білім министрлігі тапсырған, Отан үшін аса қажет оқулықтарды жазасыз ба?
– Әрине, Білім министрлігі тапсырған, Отан үшін аса қажет оқулықтарды жазамын, Жұмабек Ахметыч!
– Дұрыс, өте дұрыс, Иван Алексейич! Сіздің орныңызда болсам, мен де сөйтер едім. Әлімхан Ермеков те сөйткен. «Халық жауы» деген жаламен екі жыл тергеуде, үш жыл шартты түрде сотталып жүріп, Білім министрлігі тапсырған «Ұлы математика курсын» жазған. Басқа техникалық кітаптарды қазақшаға аударған. Тұңғыш рет қазақ тілінің сөздік қорында бар математикалық терминдер мен ұғымдарды жинастырып, іріктеп-сұрыптап, жоғын өзі жазып шыққан. Бір жағынан докторлығын да ұмытпаған. Міне, сол кезде қайта қуғын-сүргінге ұшырап, Алматыдан Куйбышевқа ауысуға мәжбүр болған. Онда математика кафедрасының меңгерушісі болып жүрген жерінен тұтқындалып, Алматыға әкелген де соттап жіберген. Мінекей, содан 20 жылдай айдауда болып, еліне енді оралып отыр. Өзіңіз білесіз, лагерде докторлық диссертация қорғататын Ғылыми кеңес те, оны бекітетін Аттестациялық комиссия да жоқ. Айтыңызшы, Иван Алексейич, сонда Әлімхан Әбеуұлы докторлық диссертациясын қайда және қашан қорғауы керек?
– Иә, Жұмабек Ахметыч! Ермековтің жағдайы қиын екен!
– Иә, қиын! Өте қиын! Оны түсіне алмаған сіздің де жағдайыңыз оңып тұрған жоқ, Иван Алексейич! Әлде түсіне алмай емес, түсінгіңіз келмей тұрғаннан саумысыз? Ондай болса, ашып айтыңыз! Тәптіштеп тұрып түсіндірейік!
– Жо-жоқ! О не дегеніңіз, Жұмабек Ахметыч! Бізден бір қателік кеткен сияқты. Бастығым отпускіден шықсын! Ақылдасайық. Түзейміз! Түзетеміз!
– Ә-ә, міне! Бір-бірімізді енді түсіне бастаған сияқтымыз, Иван Алексейич! Бастығыңыз отпускіден шықсын! Ақылдасыңыздар. Сосын екеуіңіз Әлімхан Ермековтің «математика професоры» деген атағын қайтарып беріңіздер! Басқадай сөз де, сылтау да естігім келмейді.
– Мен Сізді түсіндім. Толық түсіндім, Жұмабек Ахметыч! Өзім хабарын айтамын.
– Онда сау болыңыз! Мені жерге қаратпассыз деп сенемін!
– Сау болыңыз, Жұмабек Ахметыч!
Көмекшісіне Әлімхан Ермековтің кім екенін түсіндіріп, Мәскеудегі Аттестациялық комиссияға бар жайды баяндап, хат жазуға тапсырма берді. Жеке өзінің қадағалайтынын ескертті. Әлгі ел жақтан келген жігітке кеше хабарласып, Қарағандыға жолға шығып бара жатқанын, сәті түссе, Әлекеңмен кездесіп, сәлем бергісі келетінін айтты. Сөйтсе, Әлекең кеше ғана Көкшетау жақтағы туысының қазасына кетіпті. Бірер күнде келіп қалар деді.
Неге екенін қайдам, Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқан толғауы еріксіз есіне түсті. Ақсақалдар жатқа айтып отыратын. Есінде қалғаны мынау ғана:
Күнбатыста бір дұшпан,
Ақыры шығар сол тұстан.
Өзі сары, көзі көк,
Діндарының аты поп…
Жемқорларға жем беріп,
Азды көпке теңгеріп,
Күндердің күні, Абылай,
Жаяулап келер жұртыңа…
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей ұрар ұртына…
Апырай, неткен сұңғылалық десеңізші. Айтқаны айна-қатесіз келді де қойды емес пе?! Тек ол кезде патша үкіметі болса, қазір Совет үкіметі. Ал ұлыорыстық шовинизм сол күйі қалды. Көкіректері күйше күмбірлеген қайран абыз қарттар-ай!
Есінде, бәрі-бәрі есінде. Жаңылмаса, он-он екі жастағы кезі болса керек. Арқаның айлы кеші. Қам кірпіштен қаланған қоржын үй. Ел орынға отырған шақ. Есік алдындағы көгалға дөңгелек үстел қойылып, дастархан жайылатын. Үстелді айнала әуелі үлкендер, сосын балалар жайғасатын. Алдарындағы аз ғана тамақты тауыса бере шәй сораптап отырып үлкендер сөз бастайтын. Қарашекпендердің осы Сары Арқаға қалай жаяулап келгенін, бұлардың жерін патша үкіметінің қалай тартып әпергенін әңгімелейтін. Қойгелді, Танакөл, Жалтыркөл, Күйгенжардың неліктен орысша аталып кеткенін күйіне айтатын. Иман Жүсіп, Балуан Шолақ, Мәдидей дала қырандарының олармен қалай айқасқанын жыр қылатын. Әлихандай ел көсемінің арманын, алаш әскерінің айбыны мен айбарын сөздің майын тамыза, еліктіре баяндайтын. Ақыры «Е-е, енді ондай ерлер қайдан болсын!» деп күрсінетін. Сонда осы әңгімелерді бала Жұмабек көздері ұшқын атып, зор ықыласпен тыңдайтын. Тыңдайтын да «мына отырған бейкүнә жандар, әкем Тәшмұхаммед* пен анам Гүлсім, ағаларым Қасен, Манап пен қарындастарым Бидан, Сақыш, ана ақсақал мен мына аға, – бәрі-бәрі бақытты болуы үшін мен терең білім алып, көп еңбектеніп, бәрі қолынан келетін бастық болуым керек, мен ел басқарсам, қазақтың жерін ешқандай жау тартып ала алмайды» деп ойлайтын. Осы ойын ешқашан жерде қалдырмай, қандай қиындық болса да төзіп, мақсатыма жетпей тынбаймын деп, өз-өзіне серт беріп еді сонда жасөспірім Жұмабек. Шүкір, әзірге асыл арманынан айнып, сертінен тайған емес…
Ұлы сәскеде комиссия мүшелері Қарлагтың әкімшілік орталығына келіп жетті. Орталық екі қабатты ғимаратқа орналасыпты. Сырт көзге екінші қабаттағы патшалардың ордасының ұстынындай төрт бағаны айрықша айбар, сұс беріп тұрғандай. Бұларды әскери киімді, орта бойлы, бадырақ көзді, жасамыс полковник екі орынбасарымен бірге қарсы алып, өзін Алексей Иванович деп таныстырды. Әскери тәртіпке көндіккен басшы ештеңе сұратпай-ақ жағдайды бастан-аяқ баяндап шықты. Ресми таныстықтан соң жергілікті әскерилердің мәдениет орталығы саналатын сардарлар үйіне ертіп келді. Комиссия жұмысын қашан бастаса, соған сай тұтқындарды топ-тобымен осында әкеп тұрмақ көрінеді.
– Онда не тұрыс? Он бес-жиырма минуттан соң, іске кірісейік! – деді Жұмабек Ахметұлы.
– Құп болады, Жұмабек Ахметыч! Дереу кірісеміз!
Барлығы да сақадай сай тұр екен. Кең бөлменің төр жағына қатарластыра үстел қойып, жасыл мақпалмен көмкеріпті. Графиндерге салқын су құйылып, қастарына қырлы стақан тізіліпті. Үкіметтік комиссия жайғасып отыра бере екі сарбаз екі құшақ папкі әкеліп, үстелдің шетіне қойды.
…Ең алғашқы болып аласа бойлы, бурыл шашты, көздері шүңірейген шынашақтай ғана шал кірді. Басындағы құлақшынын сығымдай ұстап алған, екі қолына кезек-кезек ауыстырады. Бұларға жалтақ-жалтақ қарайды. Ел есімін де, фамилиясын да атамай, Кузьмич дейді екен.
– Не үшін сотталдыңыз, қария? – деп сұрады Жұмабек Ахметұлы.
– Қалай еді, әлгі… Тро…троц-кистерге көмектескенім үшін,– «троцкистер» дегенді кібіртіктеп, екі-үш бөліп айтты.
– Троцкийді қашаннан танисыз? Қай троцкийшілге көмектесіп жүрсіз?
– Троцкийді танымаймын, жолдас бастық!
– Онда троцкийшілдерді танитын шығарсыз?
– Троцкийшілдерді де танымаймын, жолдас бастық!
– Сонда кімге көмектесіп жүрсіз?
– Ешкімге көмектескем жоқ!
– Жұмабек Ахметыч! Рұқсат болса, мен айтайын! – деді лагерь бастығының саяси орынбасары подполковник Суханов.
– Иә, айта беріңіз!
– Бұл кісі Совет өкіметі орнағаннан сотталғанға дейін жиырма жыл бойы Самараның бір деревнясында шошқа баққан! – деді Петр Иванұлы.– Бірде ұзақ тойлап кетіп, қамаудағы шошқалары аштыққа шыдамай, өз торайларын өздері жеп қойған. Сол үшін сотталған!
– Дұрыс айта ма? – қарияның жеке ісін ұстап отырған әріптесіне қарады.
– Дәл солай, Жұмабек Ахметыч!
– Үштіктің үкімімен сотталған ба?
– Дәл солай, Жұмабек Ахметыч!
– Иә-ә, қоғамдық мүлікке зиян келтірген айыбы бар екен. Қамалғаннан бері соны материалдық тұрғыдан өтеп болды ма?!
– Толық өтегеніне екі жыл болды, Жұмабек Ахметыч!
– Онда… бұдан әрі ұстамай, босату керек. «Айыбын материалдық тұрғыдан өтеген, ал саяси тұрғыдан қылмыс құрамы анықталмауы себепті бостандыққа шығарылсын» деген шешім шығарыңыздар! Қарсы пікір бар ма?
– Жоқ! Жоқ!
– Онда ары қарай кеттік. Келесі?
Әбден азып-тозған, құр сүлдері қалған бұйра бас бозбала шықты.
– Не үшін сотталдың?
– 1 мамыр мерекесінде шеруге шықтық. Оқу озаты едім, Сталин жолдастың портретін алып жүруді сеніп тапсырды. Ал мен… дәл басшылар қарап тұратын мінберге тақағанда аяғым бір-біріне шалынып кетіп, портретті түсіріп алдым. Осы үшін сотталдым, жолдас бастық!
– Түсінікті! Мына бозбаланың айтып отырғаны шындық па?!
Оның жеке ісін ұстап отырған әріптесіне қарады.
– Қазір, қазір! Жеке ісімен толық танысып болғам жоқ, Жұмабек Ахметұлы.
– Онда былай болсын! Сіздер, – деді комиссия мүшелеріне қарап,– мына папкілерді шетінен бір-бірлеп алып, таныса бересіздер. Кімнің жеке ісімен толық танысып боласыздар, соны өзіміз фамилиямен шақырамыз. Ісі қаралып болғанның папкасын ары жаққа бөлек қоя береміз. Келістік пе?!
– Келістік!
Енді ол бұйра бас бозбалаға қарады.
– Қай жерденсің?
– Мәскеуденмін.
– Туыстарың бар ма?
– Жалғыз шешем бар.
Бозбаланың жеке ісімен танысқан комиссия мүшесі оның сөзінің бәрі шындық екенін айтты. Тәшенов лагерь бастығына оның жолына тамақ, ақша бергізіп, Мәскеуге шешесіне қайтаруды тапсырды.
– Келесі кім еді? – деп, Жұмабек Ахметұлы алдындағы папкідегі фамилияға үңіліп, дауыстап шақырды: – Сексенбаев Тұрсын!
– Мен!
– Бері жақындаңыз! – деді қазақшалап.
Осыны арқаланған орта жастардағы сырықтай, тақырбас кісі жақынырақ келіп: «Аман-саусыз ба, жолдас бастық» деп, қазақша амандасты.
– Иә, аман-есенбіз! – деп жауап қатты Жұмекең, – орысша білесіз бе?
– Үйрендік қой…
– Еркін сөйлей алмасаңыз, жасырмаңыз, онда қазақша айтасыз…
– Еркін сөйлеймін десем, өтірік болар, шатып-бұтқан шала орысшам бар!
– Онда қиналмай қазақша айта беріңіз! Иә, не үшін сотталдыңыз?
– Уай, бір арзымайтын іс! Иен далада жалғыз өзім совхоздың сиырын бағып жүргем. Соғыстан соңғы уақыт. Жазғы уақ болатын. Аптап. Қапырық. Қарасам, бидай өртеніп жатыр. Үкіметтің бидайы. Ел әне-міне ораққа шығамыз деп, сайланып жүрген. Малды тастай беріп, шауып барып, қанжығамдағы шапанымды шешіп алып, сөндіре бастадым. Сөнген қайда, күш алып алған, көнер емес. Ауыл атшаптырым жер, елге хабар беріп келгенше пісіп тұрған бидайдан түк қалар түрі жоқ. Қойшы әйтеуір, недәуір арпалысып жүріп, ес кетті, жан шықты дегенде зорға сөндірдім-ау! Қаңырығым түтеп, су ішейін десем, жамандатқыр жаман тұғырым басы босаған соң бұлаққа тартып отырыпты. О да шөлдеген шығар-ау, мен де табынды қырдан ойдағы бұлаққа енді құлатып келе жатқам. Не қылайын, малдың артын жаяу күйімде жүгіре басып қайырып, ойға қарай айдап келе жатсам, жанұшыра өкірген үн шығады. Тұра қап тыңдасам, үн бұлақтың аяқ жағындағы қалың қорыстан шығатындай. Малды тастай беріп, екі өкпемді қолыма алып, ұшып жетейін. Барсам, бір аяғы ақсақ, кебеже қарын торпақ бар еді, сол қалың қорыс, тартпа ұйыққа батып барады. Мен жеткенде басы ғана қалыпты қылтиып. Арқаным қанжығада кеткен, жақын барсам, өзімді жұтып қояр ұйық, сөйтіп көзді ашып-жұмғанша батты да кетті. Ертеңінде үкіметтің бидайын өртеп, малын өлтірген халық жауы ретінде айдалып кете бардым.
– Түсінікті, бәрі түсінікті, – Тәшенов басын изеді. – Біреудің жолын кескенсіз ғой. Не бүлдіріп едіңіз?..
– Иә, жолын кескенім де рас. Соғыстан келген бетте ертеңінде-ақ жұмысқа шықтым. Біргәдір шолақ қамшысын шолтаңдатып, бала-шаға мен әйелдерді жазықсыз шықпыртады екен. Ағайындас інішек еді. «Қой, әй» десем, аттың үстінен төніп кеп, өзімді бір-екі тартып өтті. Қайта бір айналып келгенде қамшысынан шап беріп, аттың үстінен жұлып алып, сазайын бергем… Сол біргәдір ғой, ерегесіп айдатып жіберген.
– Енді босатсақ, қайта барып ұрыс шығармайсыз ба?!
– Жо-ға! Бара сала татуласамын. Өткенге – салауат…
– Ә-әә! Соныңыз дұрыс. Жолға жинала беріңіз! Қайтарамыз!
– Рахмет Сізге, жолдас бастық! Көп-көп рахмет! – тақырбас кісі қауқалақтап, қуанып қалды…
Жұмабек Ахметұлы оған «жол болсын» айтып, қасындағыларға Сексенбаевтың «қылмысының» мән-жайын орысшалап түсіндіре бастады. Осылайша түске дейін-ақ он бес-жиырмадай адамның ісі қаралды. Түстенген соң тыңайып, ширап алды ма, әлде тәжірибелері молайды ма, ел орынға отырғанша тағы да қырық шақты адамның тағдырын шешіп тастады. Асықпаса тағы болмайды. Бұларға Мәскеудің берген рұқсаты үш-ақ күн. Одан соң басқа комиссия кіріспек.
Жұмекең ертеңіне комиссияның басшылығын орынбасарына тапсырып, Қарлагтың тыныс-тіршілігімен танысты. Сонау жап-жас кезінде Нұра ауданында істеп жүргенде-ақ үкімет Қарқаралы округінің Бесоба мен Қоянды жәрмеңкесі арасындағы ұшы-қиырсыз жерін бүкіл құрылыстарымен ОГПУ-дің қарамағына бергенін, онда ерекше мақсаттағы лагерьлер құрылысы қызу жүріп жатқанын естіген. Солтүстік Қазақстанға ауысар жылы іссапармен барып, өз көзімен көріп қайтқан. Мемлекет ішіндегі мемлекет сықылды, бәрі бар. Сол кездің өзінде Қарлагтың аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейінгі 300 шақырым, шығыстан батысқа дейінгі 200 шақырым жерді қамтитын. Кейінірек осы аумақтан сыртқары тұрған Ақмола және Балқаш бөлімшелері қосылды. Мұндай алып құрылысты салудағы басты мақсаттардың бірі – енді-енді қарқын ала бастаған Орталық Қазақстандағы Қарағанды көмір алабына, Жезқазған мен Балқаш мыс қорыту комбинаттарына аса ірі азық-түлік базасын жасау көрінеді. Құрылыс аяқтала сала осы лагерьлерге бүкіл елдің түкпір-түкпірінен «халық жауларын» тоғытқан еді. Содан бергі ширек ғасыр ішінде мұнда күн сайын қаншама адам ажал құшып, қанша жан адам төзгісіз азап шекті десеңізші!
Осының бәрімен таныстырып келе жатқан лагерь бастығы:
– Қазір мұнда отыз шақты бөлімше, 200-дей лагерь нүктелері бар. Әрбір бөлімше өз ішінде бірнеше шаруашылық бөлімшелеріне бөлініп, учаске, нүкте, ферма деп аталады. Лагерьде 106 мал шаруашылығы фермасы, 7 бақша учаскесі мен 10 егістік учаскесі бар. Қайсысына барғыңыз келеді,– деп сұрады.
Жұмабек Ахметұлы әкімшілік орталықтағы мерзімін өтеушілердің сұрықсыз барактарына, күзетші жауынгерлердің сұрқай казармаларына, оқшауырақ тұрған лагерь қызметкерлерінің тұрғын үйлеріне қыдырта көз жүгіртіп шығып:
– Иә-ә, сіз айтқан лагерь нүктелерін түгел араласақ, осында қыстап шығуға тура келер. Әлгінде сіздің кабинеттегі Қарлагтың макетінен-ақ біраз нәрсеге қанықтық қой. Енді жүріңіз басты міндетімізге, тұтқындар ісін қарауға кірісейік!
– Айтқаныңыз болсын, Жұмабек Ахметыч! Кіріссек кірісейік!
Үш күндік комиссия жұмысы ойлағандай сәтті өтті. Темір торға қамалып, азапты күн кешкен талай-талай боздақ бостандыққа шығып, туған-туысымен шұрқыраса қауышты. Алайда Алматыға аттанарда Әлімхан Ермековпен кездессем деген жоспары жүзеге аспай қалды. Неге екенін қайдам, сол күні Әлекең келіскен жерге ғана емес, Қарағандыға да келе алмай қалыпты. Әлде… тағы да салпаңқұлақтар араласып, екеуін кездестіргісі келмей, бөгеп қалды ма екен!? Бұл жағы бір Аллаға ғана мәлім еді.
* * *
Тауық жылғы жадыраған жаздың бас кезі еді. Күн әлі ыси қоймаған, жаймашуақ уақыт. Маусымның мамыражай күндерінің бірі. Төралқа Төрағасының атшаптырым кабинетінде Жұмабек Ахметұлы Мәскеуге жиналып жатты. Орталықтағы басшысы Ворошилов еңбек демалысына кетпек еді. Соның орнын жоқтатпай, бір ай Мәскеуде қызмет істеп қайтпақ.
Биыл осы жайтты ести сала, апырай, онда барғанда не бітірсем екен деп толғанған. Үкімет пен партия жүктеген міндетті қойшы, оны қаласаң да қаламасаң да істейсің. Ал ел тізгінін ұстап, соның үміт-сенімін арқалаған соң өзіңнен басқаның қолынан келе бермейтін, бірақ орайын тауып орындауға тиіс арманды да аңсарлы шаруалар болмай ма, міне, соны ойлаған. Ер жігітке еліңнің есебін түгелдеп, еңсесін тіктегеннен, халқыңның алдындағы қарыз бен парызыңды орындағаннан артық рахат та, бақыт та жоқ қой, шіркін! Халқыңның кәдесіне жарағанның өзі шын бақыт қой біле-білгенге. Ендеше осы бір айдың ішінде не тындырса, көңілі көншіп, мерейі өсіп қайтар еді…
Түбірлеп, індетіп ойлап келсе, қазақтың есесі кетіп жүрген мәселесі шаш етектен екен. 1936 жылы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің онкүндігі Мәскеуде бір-ақ рет өтіп, содан бері бұл мәселе мүлдем ескерілмепті. «Тоқта, әуелі қуғын-сүргін, сосын сұм соғыс болған жоқ па» деп, наразылық қылды екінші бір тоқпейіл ойы. Алғашқы ойы оны бас көтертпей, тойтарып тастады. «Болды. Келісеміз. Алайда Жеңіс тойын тойлағалы да бақандай бір мүшел өте шыққан жоқ па?! Бақандай бір мүшел! Мәдениет пен әдебиеттің мәселесін он екі-он үш жылға ысырып қоюға бола ма?!» Тағы бір қызығы алғашқы онкүндікте Күлаш Байсейітова ғана «КСРО халық әртісі» атанса, содан бері осынау ең жоғары атақ бірде-бір қазаққа бұйырмапты. Сонда осыған лайық өнерпаздың болмағаны ма, әлде өзіміз барды бардай көрсете алмай жүрміз бе?! Шындап іздесең, қазақта хас таланттар аз емес. Бірақ мәселені шешетін мәскеуліктердің көзіне түспеген соң оның өнерін кім ескерсін?! Міне, гәп қайда?! Бұл аз десеңіз, Қазақстанның мақтанышына айналуға тиіс Медеу мұз айдыны да баяғыда салынып басталып, әр түрлі желеулермен сақалды нысанға айналыпты. Басты сылтау – қаржының тапшылығы… Қысқасы, бас қатырар мәселе баршылық. Бұған қалғаны соның басты-бастысын іріктеп алып, қолдан келгенше тындырып қайту.
Емен есік ашылып, жалт-жұлт еткен сұр костюм киген, сыптығырдай қара жігіт кірді. Бұл – төрағаның көмекшісі еді. Ұлты қазақ болса да, бет-әлпетінде қазақтың исі де нышаны да жоқ. Бірақ іскер, елгезек. Жоғарғы Кеңестің бар мұқаллиясын бес саусағындай жатқа біледі.
–Жұмабек Ахметұлы! Сіз шақыртқан гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы келді!– деді орысшалап.
– Өте жақсы! Қайда ол кісі?
– Төменнен қарсы алып, осында ертіп келе жатыр.
– Жақсы! Батырды дәлізден күтіп алып, маған кезексіз кіргізіңіз!
Көп ұзамай емен есік қайта ашылып, әскери киімді, кең маңдайлы, қыр мұрынды, қайратты қара шашын артына қайыра тараған жігіт ағасы кіріп келді. Бет әлпетіндегі басты ерекшелігі – өңменіңнен өтердей өткір көзі мен қасының тік өрлеп бара жатып, кілт құлдилап, орта тұсының үшкірленіп келуі. Бет сүйегінің шодырайып, жағының пышақ жанығандай қусырылып тұруының өзі батырдың өңіне елден ерекше айбын мен сұс бергендей. Төраға орнынан жеңіл көтеріліп, қарсы жүрді. Қол алысып амандасып, үстелдің екі бетіндегі орындыққа қарама-қарсы жайғасқан соң Жұмекең жадырай тіл қатты.
– Халіңіз қалай, Бауке?
– Жақсы!
– Денсаулық ше?
– Онша мақтанарлық емес…
Жұмабек Ахметұлы үстеліндегі бір түймесін басып қалды. Көмекшісі лып етіп жетіп келді.
– Дереу Ерастовқа хабарласыңыз! Полковникті Министрлер Кеңесінің ауруханасына тіркесін!
– Ерастовқа еш шағымым жоқ…
– Қажет болса, бұл кісіні ауруханаға, үкіметтік палатаға жатқызсын. Барыңыз.
Жұмабек Ахметұлы енді батырға бұрылды.
– Сіз арақ ішесіз бе?
– Ішемін.
– Сізге сыра да ішуге болмайды. Темекі тартасыз ба?
– Тартамын.
– Көп тартасыз ба?
– Көп тартамын.
– Оныңызды қойыңыз. Сіз бізге өте керек адамсыз. Не істеп жүрсіз?
– Жазып жүрмін.
– Не жазып жүрсіз?
– Көрген-білгендер мен өткен-кеткендер. Менің темаларым…
– Өте дұрыс екен. Ол да бізге өте керек,– деп бастырмалатып батырдың сөзін аяқтатпады. «Е, бұл кісі асығыс екен ғой» деп, Баукең де кідірді. Жазып жүрген тақырыптарын таратып айтқан жоқ.
Тәшенов оған Рақымжан Қошқарбаевтың өтінішін ұсынды.
– Асықпай танысыңыз да пікіріңізді айтыңыз!
Баукең оқып шыққанда байыппен тіл қатты:
– Мен Сізбен осы мәселені ақылдасайын деп шақырып едім.
Его личное заявление не служит основанием…
Қазақша сөйлеңіз!..
– Архивтен мұны растайтын айғақтар керек! Онсыз киліксеңіз, ұялып қалуыңыз мүмкін!
– Мұныңыз өте дұрыс ақыл. Оны қалай табамыз?
– Іздеу керек.
– Сіз іздесеңіз қайтеді?
– Іздейін.
– Қаражатты мен бергізейін.
– Жоқ. Мен қаражат алмаймын!
– Оныңыз не?
– Таба алмасам ше?..
– Жоқ, сіз табасыз. Сіз таппағанда кім таппақ оны?
– Мен іздестірейін. Тапсам – дұрыс, таппасам ешқандай міндеттемені мойныма алғым келмейді…
– Келістік. Сіз іздестірсеңіз, табасыз.
–Тәшенов сәл кідіріп, тағы бір әңгіме бастады.
– Ал енді сіз туралы да көп хаттар бар. Сізді неге Совет Одағының Батыры емес деп жазады менiң атыма…
– Это – компетенция правительства.
Баукеңнің жиырма жылдан астам әскери қызмет атқарып, бірер жыл ғана бұрын демалысқа шыққанын, тек орыс тілді ортада жүріп, соған тілі бейімделіп кеткенін Жұмабек Ахметұлы жақсы білетін. Бұл кісінің орнында қарабайырлау біреу болса, осы жиырма жылда ана тілін ада-күде ұмытар еді. Ал Бауыржан Момышұлы қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған ортада өсіп, ана тілін жан-тәнімен сүйгендіктен ғана ұмытпаған. Естуінше, Баукең соғыста жүріп те күнделік жазған. Онысы мен сөйттім, ол бүйтті деген қарадүрсін есеп емес, орайы келгенде өлеңдер мен ойтолғамдарын да төгіп-төгіп жіберген. Қазақша кітаптарды да жолқапшығынан тастамай ала жүріп, қолы қалт еткенде оқып, қазақ ақын-жазушыларына пікірін жолдап отырған. Сондықтан қайта-қайта ескерту жасап, батырдың қытығына тимейін деді.
– Мен үкiмет бастығы емеспін бе?! – деді ол жай ғана.
– Вы всего лишь Председатель Президиума Верховного Совета Республики.
– Я заместитель Ворошилова…
– Оны мен бiлемiн.
– Сiз менiң атыма арыз, өмiрбаяныңызды толық етiп жазыңыз. Барлық көрсеткен ерлiктерiңiздi тізіңіз. Мен ол мәселенi Ворошиловтың алдында көтеремiн.
– Жоқ. Мен ештеңе жазбаймын. Мен туралы жазылғандар онсыз да аз емес.
– Онда соларды қарастырармыз. Оларды қайдан табуға болады?
– Мен ол жағын бiлмеймiн…
– Жарайды. Мұны осымен тоқтатайық.
Тәшенов енді бұдан да маңызды әңгіме бар дегендей Баукеңе ойлы жүзімен барлай қарап, Солтүстік Қазақстанның Бейнетқор ауданында істеген кезін ойша есіне алды. Бұл қазақтың маңдайына біткен сұрапыл ақын Мағжан Жұмабаевтың туып-өскен жері болатын. Сонда істеген үш жылдың ішінде Жұмабек Ахметұлы сырмінез азаматтардан Мағжан туралы талай-талай әңгімеге қаныққан. «КПСС тарихы» деген қалың мұқабамен қапталған, латынша кітаптың ішіне жымдастырыла тігілген беттерден айтулы ақынның өлеңдерін де оқыған. Енді сол аяулы азаматтың атылып кетті дегеннен кейінгі бір сыбысын естіп, Баукеңнен соның жайын сұрады. Батыр да Жұмекеңе барлай қарады. Іле-шала шұғыл шешім қабылдағандай:
– Секретке қалай едіңіз? – деп сұрады амалсыз.
Намыс найзағайы осып өткендей Жұмекеңнің көзі жарқ етті.
– Сатқындықты суқаным сүймейді!
– Онда мен көзіммен көргенімді ғана баяндайын. Сену-сенбеу өз еркіңізде.
– Жақсы, Бауке. Сізге сенбей, кімге сенеміз. Құлағым сізде.
Бауыржан Момышұлы осыдан он шақты жылдай бұрынғы оқиғаны есіне түсіріп, ойын жинақтап, сөзін жұптағандай недәуір үнсіз отырды да, күмбірлеген қоңыр даусымен тебірене сөйлеп кетті.
1948 жылы мен Сібірдегі 59-бригада командиріне орынбасар болып тағайындалдым. Тұрған жеріміз – Магадан облысы Сусуман ауданы еді. Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүрген кезімде ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері көзге оғаштау, асылы сотталғандар болса керек. Олардан өзгешелеу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Түр-әлпетіне қарасам, қазақ сияқты. Мен соған жақындап келіп, қазақша «Ассалаумағалейкүм!» деп сәлем бердім. Ол менің сәлемімді ерін ұшымен ғана қабылдап, түріме одырая қарады да, үндемей отыра берді. «Бұл не қылған адам?» деп, ойымды жинап үлгергенше, ол теріс қарап отырған күйі:
– Маған жақындама, бәлем жұғып кетеді, – деді таза қазақша. Сол кезде барып менің есіме заманынан асып туған Мағжан ақын түсіп, оның өлеңдерін жатқа айта бастадым. Ол сәл жібіп:
– Жігітім, бізді қоғам алапестей аластап, итжеккенге айдаған. Ендеше сенің де жұғысуың бекер, маған жолаушы болма. Зияным тиіп кетеді!– деп ескертті. Сөйлегенде кісіге тік қарамай, мойнын бір жағына бұрып, қырындау отырады екен. Қанша тырысып үнін қатқыл шығарғысы келгенімен, тумысынан даусы биязы, мінезі жұмсақ екені байқалып қалды.
Не айтпағы бесенеден белгілі еді. «Ертеңгі күнінен үміті бар адам біздейлердің өлеңін де оқымас, маңына да жоламас болар! Нең бар менде? Қараптан-қарап күйіп кетесің, нақақтан күйесің» дегені ғой. Өзінің халі қыл үстінде тұрып, бостандықта жүрген менен көмек сұрағанның орнына қайта маған жаны ашып отыр. Жүрегі аттың басындай, кең пейіл, дархан көңілді, абзал азамат-ай!.. Нағыз ер мінезді, ізгі жүректі жанның қылығы ғой. «Маңыма жолама! Нақақтан күйесің…» Теріс айналып кете беруге дәтім шыдамады. Енді оның қазақтың ақиық ақыны Мағжан екеніне әбден көзім жетіп, шамам келсе көмектескім келіп:
– Бәлкім, бір септігім тиіп қалар, Мағжан аға! Қандай көмек керек! – дедім тамағыма өксік тығылғанын сездірмей.
– Көмек деймісің!? Қапелімде не дейін?! Шамаң келсе, мені елге жеткіз! Әрине, ең әуелі өзіңе зияным тиіп кетпеуін ойла, – деді.
– Жақсы, дегеніңіз болсын! Мен он шақты күннің ішінде қайта ораламын. Сол кезде дайын болыңыз,– дедім де кете бардым. Баяғыда бір данышпанның «Құдайдың ішек-сілесін қатырғың келсе, жоспарыңды жайып сал!» деген әзіл-шыны аралас ескертпесін оқып едім. Айна-қатесіз, дәл айтыпты. Күні бұрын кесіп-пішіп айтуға бола ма?! Әскери темір тәртіп те сенің илеуіңе көне бере ме?! Мен сол сәтте оған қайтсем де көмектесем деп, тас түйін бекіген болатынмын. Алайда, іссапарға аттанып кетіп, келіскен уақытта келе алмадым. Бір айдан кейін келсем, түрменің бастығы маған оның сал айдап жүріп суға кетіп қайтыс болғанын айтты…
Батыр терең күрсінді. Адамзат тарихындағы теңдесі жоқ қанды қасапта жан баласының ойына келмеген шұғыл шешім қабылдап, сан рет қоршауды жарып шығып, әлемдік әскери өнерге жаңалық енгізген Бауыржан Момышұлы қазақтың маңдайына біткен марқасқа Мағжан ақынын құтқара алмағанына өзін кінәлі жандай сезініп, қапаланып отыр.
– Қапаланбаңыз, Бауке! Айдауда жүрген «халық жауын» босатып алу, елге жеткізу ойыншық па екен?! Кешегі көсем Сталин жолдастың өзі туған ұлына көмектесе алмаған. Яков Джугашвили мен Юлия Мельцердің тағдырын менен гөрі Сіз жақсы білесіз ғой, – деп жұбатты Жұмекең.
…Қос сайыпқыран одан арғысын үнсіз ғана ұғысып, іштен тынды. Көп ұзамай Тәшенов ол кезде жұрт атын атаудың өзінен өлердей қорқатын Мағжан Жұмабаевтың жесірі Зылиқаға Алматыдан баспана бергізді. «Ойбай, өйтуге болмайды ғой, «ұлтшыл» деген айып тағып, құртып жібереді!» – деп, сақтандырғысы келгендерге қайсар азамат: «Құртса құртсын, Алаштың арыстарынан жаным артық па?! Маған «ұлтшыл» деп айып тағатындарға түкірдім» – деп, кесіп тастады.
* * *
Мінберге Исмайыл Юсупов көтеріліпті. Ол сөзін күмілжіңкіреп бастап, әрненің басын шалып тұрды да: – Жұмабек Тәшеновтің Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы болып тұрғандағы ағаттығын айтайын, – деді жерден жеті қоян тауып алғандай. – Әлі есімде, иә, дәл бүгінгідей есімде… Бұл кісі 1955 жылы Шымкентке комиссия басқарып келді. Сол жылы Оңтүстіктегі Мақтарал, Бостандық аудандарын өзбекке беру, бермеу мәселесі қозғалған болатын. Ол кезде мен Оңтүстік Қазақстанның 1-хатшысымын. Сонда Тәшенов басқарған комиссия Өзбекстан тарабы мен біздің экономикалық тұрғыдан тиімді ұсыныстарымызды көзге ілмей, өз білгенінше шешім шығарды.
Юсуповтың айтып отырғанының бәрі рас болатын. Ұлттық мүдде мен экономикалық мүдде қашан қабыса қалушы еді?! Жұмабек Тәшенов бастаған үш қазақ, үш орыстан тұратын комиссияны Шымкентте осы Исмайыл құрақ ұша қарсы алған. Кең сарайдай мейрамханаға дастархан жайдырып, аста-төк тағам әзірлетіпті. Той өткелі жатқандай әнші, күйші, бишілерін де сайлатып қойған. Жұмекең оларды дереу қайтартты. Сиыр сәске болған соң ас-ауқаттан да бас тартып, бірден іске кірісті. Жергілікті жұрттың, облыс белсенділерінің пікірін тыңдады. Өзбектердің өтінішімен Алматыда-ақ танысқан. Олар Мәскеуге «мақта мол шығатын аудандардың басшылығын бір қолға беріп, еңбек өнімділігі мен басқаруды қолайлы ету керек» деп жазыпты. КСРО-ның тұралаған экономикасын көтеруді желеу еткен ала тақиялы ағайындар оңтүстік аудандарды өздеріне тұтас қосып алуды көздейді. Ал қазақтар ежелден өздерінің атамекені екенін алға тартып, бұл жерден айрылғысы келмейді. Қазақтың оны игере қоймай, бос жатқаны да рас еді.
Тәшенов комиссия мүшелерімен бірге қос ауданды үстінен тікұшақпен тегіс шолып шықты. Жерге түсіп, мәшинемен де, жаяу да аралап көрді. Мамыр айы еді. Дүние біткен жасыл желек жамылған. Бостандық ауданының жерлері қарасаң көз тоймастай құлпырып тұр. Жұмабек Ахметұлы Юсуповқа қарап:
– Мына жерді Өзбекстанға көзіңіз қиып қалай бермексіз, а, Исмайыл Әбдірасылыч? – деп сыр тартты.
– Жо-жоқ, Жұмабек Ахметыч! Бұл еңбек өнімділігі мен басқаруды қолайлы ету үшін ғой! – Исмайыл әка жік-жапар болды.
– «Еңбек өнімділігі мен басқаруды қолайлы ету» деймісіз?! Тура өзбектердің арызындағы сөздер ғой бұл?! Сіз Оңтүстік Қазақстанның басшысы бола тұра өзбектермен ортақ тіл тауып, ауыз жаласып алғаннан саумысыз?!
– О, не дегеніңіз, Жұмабек Ахметыч? Менікі – тек экономикалық мүдде. Ел мүддесі. Бәрін шешетін – комиссия. Сіздер қарсы болсаңыз, біз қайда барамыз?!
– Ендеше тыңдаңыз! Біз де Алматыда шошқа тағалап жүргеміз жоқ! Бәрін білеміз. Ниязов пен Хрущевтың бірге оқығаны, Насреддинованың қырық есекке жүк болар айласы бізге де мәлім. Біздің комиссияның басқан ізін, істеген ісін Сіз ғана білесіз! Енді осы әңгіме ауыздан ауызға өтіп, Ниязов арқылы Хрущевқа жетсе, өз обалыңыз өзіңізге. Онда менен еш жақсылық күтпеңіз!
– Бәрін ұқтым!.. «Бір елі ауызға екі елі қақпақ».
– Онда есіңізде болсын! Бостандық ауданынан ұлтарақтай да жер беруге болмайды. Келесі Мақтаарал ауданына аттанайық!
Ал Мақтаарал ауданының Өзбекстанға іргелес аумақтарында шөл және шөлейт тұстар бар екен. Ақыры арнаулы комиссия: «Өзбек КСР-іне Мақтарал ауданының кейбір бөліктерін беруге келісеміз, ал Үкіметтің Бостандық ауданын беру туралы өтінішін негізсіз деп санаймыз», – деген шешім шығарып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жіберді. Жұмабек Ахметұлы қасындағы Мәсімхан, Сәлкен деген қазақ жігіттерімен ақылдасып, «Өзбек КСР-іне ешқандай жер берілмесін!» деп, үзілді-кесілді бас тартса, Хрущевтың дереу қайта комиссия шығартатынын, ал олардың екі ауданды тұтасымен беріп жібермесіне еш кепілдік жоқтығын ойлап, осындай ымыра жасауға мәжбүр болып еді. Комиссия қорытындысына сүйенген Қазақстан Орталық Комитеті: «Бостандық ауданы Өзбекстанға берілмесін» деген қаулы қабылдады. Сөйтіп сол кезде Мәскеу мен Өзбекстанның бірлескен қитұрқы әрекетінің жолы шорт кесіліп, өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын аралық жол таңдалып еді.
«Апырай, біздің өзімізден де бар-ау, осы… Әйтпесе, революцияға дейін қазақтан екі есе аз өзбектер бізді сан жағынан қалай қуып жетті екен!?– деп ойлады Жұмекең.– Революция, ұжымдастыру, қуғын-сүргін, соғыс бәрі ортақ, бәрі бірдей. Азар болса, көшпелі өмірге бейім қазақ ұжымдастыруда көбірек шығынға ұшыраған шығар. Бірақ жер мен көктей айырмашылық болмаса керек еді. Әлде, береке-бірлігіміз осал ма екен!? Оларша жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмадық па!? Қайткенде де тегін емес. Біз білмейтін бір кілтипанның болғаны ғой…»
2 комментария
Қайдаров Мәлік Уәйісүлыговорит
26.04.2021в02:48Өткен тарихтты шынайы жеткізген.Рахаттанып, тұшынып оқыдым.Үлкен рахмет!!!
Әбділдабекговорит
09.07.2021в12:02Рахмет, Мәлікжан! Жақсы сөз — жарым ырыс! Алла разы болсын!