Қалкештің сапсау санасына салмақ түсірген одағай оқиғаның ұзын ырғасы мынандай еді.
Таңғы шайларын ішіп болып, орындарынан енді тұра бергенде, бір мотоцикл «дыр» етіп есік алдына тоқтай қалғандай болды. Қалкеш атып тұрып, терезеден қараса, көрші ауылдағы түйедей құрдасы Дауылбай екен. Жел үрленетін екі кішірек дөңгелегі бар жапжалпақ арбаны көк «Уралының» артына тіркеп алыпты. Өзі көлігінің қасында қаудырлақ сары плашын шешіп тастайын десе, шеше алмай, басына қаптап киген күләпараның тамақ бауымен алысып тұр. Шиеленісіп қалған ба, немене?
Қалкеш бәйбішесі Қаракөзге: – Мені үйде жоқ деп айт. Қайтер екен, – деді де, өзі түпкі бөлмеге зып берді.
Есіктен ең алдымен Дауылбайдың жуан қарны кірді, содан кейін ғана жалғанның жартысындай жалпақ беті мен қолағаштай қоңқиған мұрыны көрінді.
– Уа, Алакөз қатын, амансыңдар ма?
– Аманбыз. Аманбыз, Далбай. Қош келдің. – деді Қаракөз, дастархан үстіндегі кеселерді жиыстырып тұрып.
– Әлгі адамсымағың қайда?
– Бағана шығып кеткен. Не? Шаруаң бар ма еді?
– Ә, жоқ. Әлгі баяғыдағы сиыр базын бұзып жатыр екен ғой. Соның ағаштарынан отындық бірдеңелер болса, тиеп қайтайын деп едім. Көмірге тамыздық болса да.
– Алла-а-а! Қанша жерден Далбай болсаң да, қағып кетуге, алып кетуге дайын тұрасың ғой.
– Өй, сен, Алакөз қатын, менің пайдакөстігімді қашан көрдің. Бит қабығынан биялай тоқитын өзің емессің бе, осы!.. Амандаса кетейін десем… Кеттім!
Осы кезде түпкі бөлмеден «Ассалаумағалейкөм» деп, дауысын мәнерлей созып Қалкеш шыға келді. Абдырап қалған Дауылбай:
– Өй, сен осында ма едің? Мына қатын… – деп, құрдасына қарай тұра ұмтылды. – Бар екенсің ғой. «Әулие аттаған оңбас» деп, өзіңе сәлем берейін деп…
– Төрлет, төрлет. Аяғыңды шеш.
– Өй, мына етікті шешкен де күш, киген де күш.
– Әй, Қаракөз, жақсылап, сулап трәпкі әкелші. Мынау аяғын сүртсін, – деді Қалкеш Дауылбайдың етігіне тыжырына қарап. Содан соң оның қарынын сұқ саусағымен түртіп көрсетті.
– Аяғы ауыр. Күні таяу.
Сәттің арасында жайнай қалған дастарханға отырып, Қаракөздің қашанда дайын тұратын тәуір арағынан екі-үш рет алғаннан кейін Дауылбай ыстықтай бастады. Ең бірінші тұйық жағалы тоқыма жемпірін шешті. Аздан кейін «Тү-у-у, үй ыстық па, мен ыстық па?» деп, тор көзді қалың көйлегін де сыпырып тастады. Көйлектің ішінде кірлеңкіреп кеткен тозыңқы жылылығы бар екен, «бар бәле осыдан» деп оны да лақтырды. Өзі мәйкімен қалды.
Алла-а-а! «Аласа ғана бойы бар, қабат-қабат тоны бар» деген жұмбақты шеше алмай жүр едік. Шешуі Далбай екен ғой! – деді Қаракөз таң қалған адамдай көзін бажырайтып.
– Қой, Қаракөз, бойы енді жіби бастады. Қазір етігін де шешеді. Шеше алмаса, сен тартып жібересің. – деген Қалкешке Дауылбай көзін тікірейте қалды.
– Не сонда?! Етігімді тартуға намыстанады деймісің? Тартады. Мә, Алакөз, тартып жіберші, – деп, ыңғайланып отырып, бір аяғын көтеріп еді, Қалкеш:
– Тарт! Тарт! – деп, Қаракөзге көзін қысып, иегімен нұсқады.
Жолдың шаңы баттасып, саталданып кеткен қос етікті Қаракөз суырыпсуырып алғанда, кір-қожалақ шұлғаулар шұбатыла төгіліп, үйдің ауасы бірақ сәтте әлем-жәлем болды да кетті.
– Есік-терезенің бәрін ашып тастау керек! – деді Қаракөз.
– Әй, сенің Далбайға жаулығың бар ма, немене? Енді терлеп келе жатқанда… күздің салқынында… – деп Қалкеш зекіңкіреп тастап еді, әйелі жүгіріп барып ауа тазартқыш пышылдағын әкеліп, дереу іске қосып жіберді….
– Әжің-күжің әңгімемен екіүш сағат отырған құрдастар Қаракөздің асқан еті дайын болғанда ғана өздерінің біраз жерге барып қалғандарын сезінді.
– Ал, мына тамақтарынды ішіңдер. Енді арақ жоқ. Мына Далбайдың шаруасы да бар! – деген Қаракөздің сөзінен – сыз, көзінен мұз сезілгендей болды ма, Дауылбай:
– Өй, сен де… қазір мен… – деп, далаға қарай тұра жөнелді. Шыққанынан кіргені тез болып, газетке оралған үлкен бөтелкені үстел шетіне әкеп қоя салғанда, Қалкештің өңіне қан теуіп, Қаракөздің жүзі сұрланғандай болды.
– Мынауың не? – деді Қалкеш аңтаң болған адамсып.
– Бұл… анау сиыр баздың төбесін бұзып жатыр ғой… Соларға деп әкелгем. Ағаш алайын деп… Чистый самогон. Перваш… – деді Дауылбай теңселіңкіреп тұрып.
Ас үстінде Дауылбай ерекше бір әңгіме қозғады. Алдымен былтыр сатып алған ала сиырының асыл тұқымнан екендігін, бір өзінің бағасы екіүш жылқының құнына татитындығын біраз әңгімелеп алды да, содан соң осыдан үш айдай бұрын сол сиырының бұзаулағанын, қазір тайыншадай болғанын, өзінің ұрғашы екендігін, құдай бұйыртса, есейген соң енесіне тартқан, желіні жер сызған сүтті сиыр болатынын, солар үшін биыл шөпті де көп жинағанын бір қауым жыр етті.
– Бірақ, – деп терең күрсінді бір кезде, – Бірақ сол бұзаудың денсаулығына байланысты бір гәп боп тұр. Саған да сол үшін келіп отырмын. Бұрынғы мал дәрігерісің ғой. Баяғы сәбет кезінде жақсы еді – мал дәрігер іздеп жүрмейтінсің.
– Бұзауыңа не болды? Соны айтшы. – деді бұрынғы мал дәрігері.
– Үстін бит басып кетті. Қара бит. Сондай да бит болады екен. Сен білетін шығарсың?
– Білемін. Сиыр биті ғой. Ол үлкен сиырларға емес, бұзау мен торпақтарға үйір болады, – деді Қалкеш, – Өте қауіпті. Малды тез жүдетіп жібереді.
– Рас, айтасың. Бұзауым жүдеп кетті. Өөй, әукіштайымау, сол! – деп, Дауылбай алдында тұрған стақанды ауызына төңкере салды. – Жүрегім ауырып жүр! – деді сонсоң.
– Иә, сиырың бұзаулағанын естігенбіз, – деп Қаракөз әңгімеге араласты. – Қара қатының сол сиырдың сүтін саудалап жүріпақ, алтыннан алқа, күмістен білезік тақты дей ме?
– О-о-о, асыл тұқым ғой. Өне бойының бәрі сүт! – деді Дауылбай дөйман құмыраға тағы да қолын созып.
– Сонда, күніне неше литр сүт береді? – деп, Қаракөздің де жанары нұрлана түскендей болды.
– Жиырма литр!
– Әй, жамағаттар, негізгі әңгімеге ауысайық! – Қалкеш мұндай сөздерді ұнатпайтын адамдай, алдында жатқан қасықпен үстелді тықылдатты.
– Далбай, менен не сұрайын деп едің?
– Әлгі биттің емін. Біздің ауылдағы анау бір зоотехник-сымақ бар еді ғой, Жұмаш деген. Соған барып едім, бұзаудың бауыр жүніне аздап от ұстасаң, барлық бит тымтырақай тұра қашады деді. Ағаштың басына майлы шүперек байлап, тұтатып алып, бауырына біраз ұстап көріп едім, түк те болған жоқ. Әлі бит-теп жүр.
Қалкештің езуіне күлкі үйірілді. Көзіне қуақы жылтыл жүгірді.
– Ол негізі дұрыс айтқан, – деді сонсоң сұқ саусағын шошайтып, – Бауырына от қойған жөн. Бірақ оның мәні бар.
– Қандай? – деп Дауылбай дауыстап жібергенде, оның екі құлағы бірдей қозғалып-қозғалып кеткендей болды.
– Жұмаш та қызық, – деді Қалкеш, таң қалғандай басын шайқап-шайқап қойып, – бұзаудың бауырына қойған отқа бүткіл биттің бәрі өзі жүгіріп барады деп кім айтыпты оған?!
– Ал, жүгіріп бару үшін не істеу керек? – деп емінді Дауылбай…
– Саған бензин жалкы емес шығар?
– Бар ғой, бар! – деді Дауылбай үміт толы көздерін жыпылықтатып.
– Ендеше, сен үйіңе барған соң былай істе. Жарты шелек бензин құйып ал да, бір үлкендеу шүперекті соған малып-малып ап, бұзаудың бауырынан басқа жерін түгел ысқылап шық. Сонда бүкіл бит біткен бұзаудың бауыр жүніне қарай қашады. Әрине, бес минуттай күте тұр. Биттің бәрі төмен түсіп болдыау дегенде, бауыр тұсынан қолыңдағы отпен қақтап-қақтап жібер. Міне, болды.
– Мынауың ақыл екен! – деді Дауылбай шын қуанғанын жасыра алмай. Содан кейінақ байыз тауып көп отыра алмай, бағана шешкен киімдерін бірінен кейін бірін үстіне сұға бастады. Тек етігін кигенде ғана, еденде отырып, ырсылдапкүрсілдеп біршама әуреге түсті.
– Әлгі ағаш-шұғашты да кейін алармын. Күн батпай тұрып, бұзауымды емдейін. Ал, хош! Жақсылықта жүздесейік!
Осы сөзін асығыс айтқан Дауылбайға сүйсіне қараған Қалкеш оны көлігіне дейін шығарып салды.
* * *
Таңартең ерте тұрып алған Қалкештің бірінші шаруасы қорақопсысын жөндеу болды. Кеше келіп кеткен Дауылбайдың малжандылығы мен пысықтығының бұған әсер еткені сонша, өзінің жалқаулығына жыны ұстады. Ойлап тұрса, мал шаруашылығымен айналысатын қайын ағасының қолындағы бір бұзаулы сиыры мен өгізшесін және жиырма шақты қойын алып келуі керек. Әнеміне қар да жауады. Жылқыдан басқа мал біткен қолға қарайды. Қаракөздің де қайтақайта қақсап айтатыны бір толғау: «Әкім подругамның табалдырығын тоздырып жүріп екі телешке шөпті де мен түсірттім! – деп бастайды ол толғауын. – Ана азынаулақ малымызды да бағатын күйіміз жоқтай – көкеме бақтырып қойдық. Сенде елдің байы сияқты еркектік болса, тым құрымағанда, сауын сиырымызды қолға ұстап, балалардың таңдайын ағартып отырмас па едік! Бала демекші, бала бағып басыңды ауыртып отырған тағы сен жоқ. Әне, апайыңның үйінде тұрып оқып жатыр. «Аудан орталығындағы мектеп сапалы білім береді» деп қоясың. Алла-а-а! Өзің қадағалап, сабақтарын қаратып отырсаң, өнерге әуес ұлың мен кітап құмар қызың кімнен кем қалады дейсің. Жоғары білімің бар. Қазақстанның тәуелсіздік алғаны, әсіресе, саған жақсы болды. Аяғыңды аспанға асып қойып жатырсың. Қарын тоқ, қайғы жоқ. Айтшы өзің, егер мен медпунктті ұстап отырмағанымда, қайтер едің? Қайтер едік? Ана менің көкем малыңды бағып беріп, жыл сайынғы соғымың мен алты ай жаздағы сойысыңды даярлап қойып отыр. Ойлашы өзің, мен аудан орталығындағы, қаладағы таныстарыма жалғасып, қымбат, тапшы дәрі-дәрмектерді тауып әкеліп, сатып отырмағанда, дәрігерліктен алатын азын-аулақ жалақым неге жетер еді?! Өзің күніне бір пашка темекі тартасың. Түк пайдасы жоқ дос-жарандарың да осы үйге келгіш-ақ. Сен ұялмасын, сенің еркектік намысың жер болмасын деп, тамағымды да, арағымды да солардың аузына тосамын. Айтшы өзің, осы мен әйелге ұқсап, үстіме бірдеңе жапсырдым ба, әлекей-шүлекейге құмарттым ба?! Осы сендерді қалай тойындырам, қалай киіндірем деп-ақ діңкем құрып, сілем қатып, өлетін болдым!..».
Қалкеш қора-қопсысын жөндеген болып жүріп, қайта-қайта күрсінеді. Күрсінеді де, төңкерулі жатқан тесік науаның үстіне отыра қалып, ащы темекісін құшырлана-құшырлана сорады. Өзіннің құлағына әбден сіңіп қалған Қаракөздің әлгі толғауымен қабаттасып, кеше кешкісін шәй үстіндегі сұп- суық сөздері де жүрегін мұздататындай. Тілінің аштысын-ай өзінің! «Алла- а-а! – деді-ау, әдеттегісіндей аузын аңқайтып. – Дауылбай… Дауылбай десе, Дауылбай ғой. Бір тынбайды-ау, бір тынбайды. Әне, қарашы, көк мотоцикліне арбасын тіркеп алып, сонысымен шөбін де тасиды, жемін де тасиды. Отынын да тасиды. Мотоциклі де бір тоқтамайды. Елдің техникасын да жөндеп беретін – сол. Содан қанша пайда табады десеңші! Қолы біліп тұр ғой. Сен өз кеспіріңе қарамай, тәп-тәуір Дауылбай атын бұрмалап, Далбай дейсің. Мені де солай атауға үйреттің. Ол да есесін жіберсін бе, менің жапжақсы Қаракөз деген атымды Алакөз деп атап, жұртқа күлкі етіп жүр. Сені де оңдырып жүрген жоқ. Әнеу күні өзің бармай қалған бір қонақта отырғанымда, жұрттың көзінше: «Әй, Алакөз қатын, әлгі адамсымақ Қалкеш – жәркешің қайда? Қуып жібердің бе, әлде, от жағып, шай қайнатып отыр ма?» деді. Жерге кіріп кете жаздағанымай!?».
Қалкеш темекісін тартып болып, «Бүгінге осы істегенім де жетер, енді жантайып жатып, телевизор көрсем де болатын шығар» деген сияқты бір ойға батып отыр еді, үйден жуған кірлерін көтеріп Қаракөз шықты. «Жоқ, – деп ойлады Қалкеш, – қазір барып жата қалғаныммен, мынау тыныштық бере қоймас. Ең дұрысы түскі асқа дейін түртінектей берейін. Кешегіден басым да ауырып тұр. Әлгі Далбайдан қалған сомогон да бірталай еді, мына қатынның лып еткізіп тыға қойғанын көрмейсің бе?! Мыстан! Түске дейін біраз шаруаны бітіріп тастасам, тыққан құмырасын өзі де шығарар».
Осы шешімге тас түйін бекініп, енді орнынан тұра берейін деп еді, Қаракөздің қасына көрші тұратын екі әйел жетіп келді.
– О-о, Қаракөз, қал қалай? Кір жуған екенсің ғой? – деді екі үйден кейінгі көрші Мағрипа. Қос қолын қусырып алып, басын қалтаңқалтаң еткізеді.
– Үйлеріңде Қалкеш екеуіңнен басқа ешкім жоқ. Осынша кір қайдан шыққан? – деп таңданыс білдірді боянбаса жүре алмайтын бойдақ келіншек Баян. Бұл – жамбас көрші.
Өмірбақи басынан сөз асырмайтын Қаракөз есесін жіберсін бе, жауабын бірден қайтарды.
– Шүкір Аллаға! – деді ол жуған кірін жайып жүріп, – Байың бар болса, өзі нар болса, киімін күнде кірлетіп тұрса, соны жуып, жайғанға не жетсін! Соған мың да бір тәуба деймін. Бір өзінің бетаузымен ғана алысып жүргендер де бар ғой. Құдай сондайлардан сақтасын!
– Рас айтасың, – деп қостады Мағрипа.
Әлгі сөз Баянның жанды жеріне тиіп кеткен болуы керек, бетін жартылай жауып тұрған көнектей көзілдірігін үлкен құлшыныспен жұлып алды да, Қаракөзге кектене, кекете қарады.
– Пах, пах, пах! Жердің құртындай жаман байыңды көкке бірақ шығардың ғой. Адам таппас арам ақылын айтып, ана Дауылбай байқұстың бұзауы мен шөбін түгел өртетіп жіберген Қалкеш пе, жаңағы айтып тұрғаның? – деді тепсініңкіреп.
Тесік науаның үстінде темекісін тағы тартып отырған Қалкешке көрші келіншектің мына сөзі оқтай тиді. Өзін жердің құртына теңегеніне емес, «өртетіп жіберген» дегеніне.
– Не дейді?! – деді Қаракөз.
– Естімеп пе едің? – деді Мағрипа Қаракөзге мысқылдай қарап, – Ел естімегенді де сен естуші едің ғой.
– Өртенді дейсіңдер ме? Айтсаңдаршы енді! – деген Қаракөздің екі көзі бажырайып қалыпты.
– Кеше осында Дауылбай келмеп пе еді? Сол байқұс үйіне бара салып, ем жасаймын деп жүріп, бұзауының үстіне бензин құйыпты да, шырпына тартып жіберіпті. Бұзау байлап қойған бас жібін үзіп, өкіріпбақырып шөп қораға кірген. Қурап тұрған шөпке от тиген соң, белгілі ғой, жанған да кеткен. Түк қалмапты. Әйтеуір, көршіқолаң, ел мен жұрт жабылып жүріп, мал қора мен үйді аман алып қалған көрінеді, – деді Мағрипа.
Мағрипаның сөзінің аяқталуын асыға күтіп тұрған Баян өзіне сөз кезегі жеткенде, екіүш қадам алға аттап түсті.
– Жиналған елжұрт Дауылбайға «Неге бұлай істедің?» десе, «Әлгі көрші ауылдағы Қалкеш айтты» депті. «Бұзауға бит қаптап кеткен соң, мамандығы мал дәрігері ғой деп, соған бұрып ем» депті. «Үстін бензинмен жуып, от қойсаң болды, бит құрып кетеді деген – сол» депті.
Қалкеш әйелдердің сөзін тыңдап отырып, екіүш рет орнынан атып тұра жаздады. Жүрегі кеудесіне симай, «дүрсдүрс» етеді. Баян әлі сөйлеп тұр.
– Сол Дауылбайдың аудандық полицияда істейтін туысы бар екен ғой. Соған әйелі хабарлай қойған екен, ол түнделетіп жетіп келіпті. «Қалкештікі үлкен қылмыс» депті. «Шыққан шығынның барлығын өтемесе, ісі сотқа кетеді. Оны құртып жіберемін» депті.
Баян сөйлеп-сөйлеп осы тұсқа жеткенде, алқынып барып, зорға тоқтап еді, оның сөзін Мағрипа іліп әкетті.
– Олар қазір келіп те қалар. Шені жоғары дейді ғой өзінің! Қиын… өте қиын! Жинаған шөбі үш тележкедей дейді. Әлгі полицай туысы «ол шөпті Қалкеш қораға өзі түсіріп беруі керек» деп отыр дейді.
Ал енді… ана бұзауы… аса қымбат тұратын асыл тұқымды мал екен. Байқұс бұзау өртеніп жүріп, өкіріп құлапты ғой. Тірі қалса да, мал болмайтын еді. Не деген аянышты!..
– Сонда ол бұзаудың құны қанша екен? – деді Қаракөз өзінің өр еңсесін төмендетпей, – Кісінің құны емес шығар, енді! Азар болса, бір сиыр.
– Ә-әй, Қаракөз, айтасыңау сен де. Асыл тұқымды мал дегенің… қымбат қой, өте қымбат, – деді Мағрипа басын қайтақайта шайқап.
– Алла-а-а! Бұзаулы сиырдан артық емес шығар, сірә?.. Ал, барыңдар үйлеріңе. Құдай не салса да, өзіміз көріп аламыз, – деген Қаракөз, қолын бір сілтеп, үйге кіріп кетті.
Көрші тұратын қос қатын бірбіріне жабыса түсіп, әлденелерді айтып, ауыздарын баса күлісіп үйлеріне қарай беттеген соң, Қалкеш те орнынан тұрды. «Ойыннан от шығады» деген осы екен ғой» деп күбірледі ол.
Үйге кіре салысыменақ Қаракөз қарсы алдынан шықты. «Қалкеш» деп әңгімесін бастай берейін деп еді, «бәрін естідім» деп, бұл да қолын бір сілтеді.
* * *
Екі қолын шүйдесіне қойып, төбеге телміріп, шалқасынан түсіп жатқанына да біраз уақыт. Бағанағы Баян қатын «полицияның өзі осында келгелі жатыр» деген сияқты еді, ол немесі қайда жүр? «Е, келсе келсін, кесіп алады ғой деймісің?! Мұның жазығы не? Құрдасына қалжыңдады. Ана ақымақ соны шын көріпті. Бұзауына өз қолымен бензин құйып өртепті. Ал енді, өздері ойлап көрсінші, есі дұрыс адам бензиннің үстіне от қоя ма? Әрі-беріден кейін,оның осы үйден мас болып кеткені де тілге тиек. Келген де – өзі, ішкен де – өзі, мас болып кеткен де – өзі, шөбі мен бұзауын өртеген де –өзі! Ал осы Қалкештің оны сыйлағаннан басқа не жазығы бар?».
Осы бір ойлардан кейін бойы жеңілдеп, сезімі сергіп қалғандай еді. Алайда, «қалжыңның да қалжыңы бар ғой» деген ұнамсызбір сөзді әлдекім құлағына сыбырлап тұрғандай болып, кеудесінен кері қарай итере беретін сияқты.
Иә, Қалкештің шексіз қалжыңбастығы сонау жас кезінен бері білетін жұрттың бәріне мәлім. Қазіргі қырықтың қырқасынан асқан шағында да сол атағы қыр соңынан қалар емес. Тіпті, мұны «Қу Қалкеш» деп атқайтындар да бар екен. Әрине, ұнатпайтындар ғой. Ал, ұнататындар, әсіресе жақын жеңгелері мен құрбы қызкеліншектері: «Әй, күлдіргі Қалкеш-ай!», «Әй,бүлдіргі Қалкеш-ай!» деп, сылқ-сылқ күліп, мұның кімді қалай қатырғанын аңыздан артық етіп айтып отыратын көрінеді.
Осы қалжыңбастықтың кесірінен қанша құрдасын ренжітті, ызаландырды. Бірақ солардың ешқайсысы көрместей болып кетіскен жоқ. Кетіспек түгілі, бұрынғыдан да жақындасып кеткендері қаншама. Бірақ… Бірақ, мойындау керек, құрдастарына жасаған кейбір рабайсыз істері туралы ойласа, өзі де жерге кіріп кете жаздап ұялады. Әсіресе, Алмабекке істеген қылығын есіне алса…
Онда жастау кездері ғой. Ылғи достар Мерейдің үйінде басқоса қалып, түні бойы тойлатып еді, сонда. Түн ортасы ауа Алмабек былжырап, аузына келгенін көкіп, мас болды да қалды. Тіпті, отырыстың шырқы бұзыла бастаған соң, оған тағы да едел-жедел іштіріп, алдап-сулап отырып, ұйықтатты да тастады, бәрі жабылып. Оләбден ұйықтады-ау дегенде, Қалкеш сұқ саусағын шошайтып, үлкен бір ұсыныс айтты.
– Мына шошқаның ызасы әбден өтіп кетті. Соның есесін қайтарайық. Айша, сен жарты шәугім су жылытқылай қойшы. Ыстық болмасын, – деді Мерейдің келіншегі Айшаға.
«Бұл тағы нені бүлдіргелі отыр?» дегендей, достар бір-біріне аңтарыла қарасты. Ішінде жылымшы суы бар шәугімді қолына алған Қалкеш, еппен басып Алмабек жатқан биік төсектің жанына барды да, аса бір сақтықпен оның шалбарының ауын ағытты. Аңқиған аудан әлгі суды сыздықтатып, құйды да, епті саусақтарымен қайта түймелей қойды.
Алмабекті жазалау түрінің осындай екенін енді білген жігіттер жырқылдап күле бастағанда, Қалкеш сұқ саусағын танауының астына апарып: «Түш-ш! Қызықты таңертең көреміз» деп маңғазданды. Содан соң Айшаға қарап: «Алмабек орнынан тұра салысымен-ақ, астындағы көрпелерді сыртқа шығарып, айып қой» – деді.
Бірақ, күн көтеріле жігіттердің бәрі тұрғанда, Алмабек жатып алды. Оятқандарға «қойшы, ұйықтайыншы», деп басын бүркей берген соң, жігіттер онсыз-ақ бас жазуға кіріскен. Бір уақытта бет-аузы умаждалған қағаздай болып, өзі жатқан бөлмеден Алмабек шықты. Отырғандарға назар да аудармастан: «Жігіттер, мен кешігіп барамын» деп, міңгірлегендей болды да, аяқ киімін сұға салып, тайып тұрды.
Жігіттер ду күлді.
Осы оқиғадан кейін, Алмабек бұлармен суысып кеткендей болып бір жылдай жүрді де, үйреніскен үйіріне қайта келіп қосылып еді. Бірақ, арақ ішуді мүлде қойып кеткен болатын. Сірә, анандай жағдайдан кейін өзін-өзі қолға алса керек. Жігіттер де бұл оқиға туралы ешкімге тіс жарған жоқ…
Фермада мал дәрігері болып жүрген кезінде Әмір қойшыға жасаған қылығы да жойдасыз екен. Ол да түйедей құрдасы.
Бір күні мал аралап келіп, жол жөнекей темекі алайын деп дүкенге соқса, сатушы келіншек:
– Ой, Қалкеш, бүгін дүрілдетесіңдер ғой! – деді.
– Дүрілдеткені несі?
– Жаңа Әмір құрдасың келген. Он жарты арақ, кәмпит-сәмпит алды. Сені «ауылда ма?» деп сұрады, мен «білмеймін» дедім. Сірә, сендердің үйлеріңе беттеп кетті.
Қуанып кеткен Қалкеш атына міне салып, желе шоқытып үйіне келсе, Әмірдің жирен аты боз қырау күйінде байлаулы тұр екен. Ердің артқы қасында қанжығамен мықтап байланған тоқ қоржын.
Үйге кірсе, құрдасы төрдің басына енді ғана жайғасыпты. Құшақтасып, амандасып болған соң:
– Иә, қайдан жүрсің? – деп сұрады Қалкеш.
– Өрдегі, ауылда бір шаруам бар еді, сол жақтан келе жатырмын. Бой жылытатын бірденелерің болса, Қаракөздің шайын ішем де, қайтамын.
– Бой жылытатын дейсің бе? Оған шайдан артық не бар? – деді Қалкеш.
– Өй, сен де… Бой қыздыратын нәрсе Қаракөз айымда қашанда болады ғой. Бар ғой, Қаракөз?
– Бар. Бар. Саспа! – деді Қаракөз.
«Қоржынында он сауыт арақ тұрғанын білмейді деп ойлайды ғой, сорлы! Қаракөзге емінуін қарашы. Ой, шакал! Саған көрсетейін емінгенді!» деп ойлады Қалкеш.
Өткен бір жолғы қонақ шақырған кезден қалған бос бөтелкелер жәшіктегі орнында самсап тұрғанын күнде көріп жүр. Солар есіне түсе қалып:
– Қаракөз, мынау «шай ғана берді» деп сөз қылып жүрер. Өзі жақсы көретін таза қуырдағын қуыр! – деп бұйырды да, төргі бөлмеге барып, үлкенүлкен қос жастықты әкеліп, Әмірдің жанына қойды. – Көсіл. Жат. Досыңның үйі – өз үйің! Мен әжет жасап келейін, – деп, сыртқа қарай жөнелді.
Қалкен төрт бос бөтелкені лып еткізіп ала салып, жирен аттың қасына барды да, қоржынның бір басынан екі жартылықты, екінші басынан да екеуін суырыпсуырып алып, бос бөтелкелерін орындарына қоя салды.
Қоржынның ауызын мықтап байлап, төрт жарты арақты жәшікке сала салып, үйге қайтып кірсе, Әмір нағыз әмірлерше қос жастықты қолтығына қойып алып, қарқ-қарқ күліп, Қаракөзге әңгіме айтып, масайрап жатыр екен…
Сол күні кештетіп қайтқан Әмір түн ортасында қайтып келіп, бұлардың есігін қақты. Үстіне – тон, басына түлкі тымақ киіп алыпты. Үскіріп тұрған түнгі аяздан сақтанғаны ғой.
Өй, бұл жүрісің, қай жүріс? – деді Қалкен, – Шошытып жібердің ғой!
– Төрт арақ жоқ! – деді Әмір екі иінінен дем алып.
– Төрт арағы несі?
– Мен кеше неткем… он арақ алғам, соның төртеуі жоқ. Орнында бос бөтелкелер.
– Мынаның есі дұрыс па?! Алла-а-а! – деп ернін сылп еткізді Қаракөз.
– Қаракөз, – деді Әмір қалың көк халатына қымтанып алған келіншектің білегінен ұстай алып, – осы ауылға келіп, қонақ боп жатқан жастар жоқ па? Бозбала жігіттер? Біреулер…
– Сәрсенбектің студент баласының келгеніне екі-үш күн болды. Жанына ерткен досы бар.
– Е-е-е! Солар алды десеңші! – Әмір отыра кетті.
– Қой, олай деме. Олар жап-жақсы балалар. Әй, Қалкеш, мынауыңның есі ауысқан! – деді Қаракөз Әмірді нұсқап.
– Әмір, сен түсіндіріп айтшы, ол қайдағы арақ, не үшін алынған арақ? – деді Қалкеш.
– Маңайдағы малшы ағайындарды соғым басына шақырып едім. Ертеңге.
– Кеше бізге ештеңе айтпадың ғой.
– Есімнен шығып кетіпті.
– Қаракөзден арақ сұрағанда да, есіңе түскен жоқ па?
– Ой, әңгімеден әңгіме болып кетті ғой.
– Енді не істейсің? Сәрсенбектің үйіне барасың ба?
– Жоқ. Не деп барамын?!
Қалкеш сұқ саусағын шошайтып, кенеттен ойланып кеткендей болды. Әмір әлде бір үміті орындалатындай, оның бетінен көз алмай қарауда.
Былай істейік, – деді Қалкеш қос алақанын сарт еткізіп, – Мен ертең сендер жақтағы малды аралаймын. Ақшаң қатқат болып қалтаңда жүруші еді ғой. Содан пұлын тастап кетсең, ертең төрт арақ сатып алып, сендерге апарып берейін. Енді қайтесің?! Ұрланған нәрсе – ұрланды. Мына тау ішінде милиция да жоқ.
Қалкештің мына ұсынысына қатты қуанған әмір орнынан атып тұрды. Дереу қойын-қонышындағы ақшаларын шығарып, төрт жарты араққа жетерлігін ерні жыбырлап есептеп алды да, тағы бір нәрсе есіне түскендей қалт тұра қалды.
– Қалкеш. – деді сонсоң – Әй, Қалкешжан, ертең сен барғанда, екеуіміз бос қарап отырамыз ба? Мынау ақша тағы екеуіне жететін сияқты, төртеу емес, алтау ала салшы! – деді.
– Міне, жігіт! Міне, азамат! Біздің Әмір де жөн білетін адамдардың қатарынан ғой! – деген Қалкештің екі езуі екі құлағына жетті-ау, сонда. Әмір мәз болып қайтып кетті.
Қалкеш таңертеңгісін, ішіне симай бара жатқан соң, барлық жайды Қаракөзге күліп отырып айтып беріп еді, өзінің басы бәлеге қалды.
– Алла-а-а! Қандай ұятсызсың! – деді Қаракөз, – Қалай дәтің барды? Қазір атыңа мін де, ана арағын да, түнде берген ақшасын да тұтас апарып бер. «Құрдастық қалжыңым еді» деп, кешірім өтін! Егер өйтпесең, оллабіллә, мұныңды бүкіл елге жаям!
Келіншегінің айтқанынан қайтпайтынын білетін Қалкеш айып төлем ретінде өз ақшасына тағы да бір жарты арағын сатып алып, Әмірдің қыстауына қарай аяңдап кеткен…
Қалкеш осындай естен кетпесс естеліктерінен арыла алмай жатқанда, бір мәшіненің келіп тоқтағанын сезіп, басын көтеріп алғанша, бір топ адам сал ете түсті.
Бұлар полиция туысын алдыға салып келген Дауылбай мен оның үшкіртұмсық қара қатыны – Күләш болатын. Өздерінің өңдері сұпсуық екен. «Өрт сөндіргендей» деген осыау деп ойлады Қалкеш. Ең жақсы көретін құрдастарының бірі Дауылбайдың мұндай түрін ешқашан көрмепті.
* * *
Арнайы келген «жәберленуші» топ Қалкештің айтқан уәждерінің бір де бірін құлақтарына да ілмеді. Әсіресе, полиция капитаны қос мықынын таянып, ерсіліқарсылы жүріп сөйлегенде, қара аспанды – су, қара жерді өрт алғандай болып, Қалкештің арқасы мұздай бастады.
Дауылбай үстел үстіне етпетттей жатып алып, қабағынан қар боратты да отырды. Ал, Күләш болса, полицияның әр сөзіне үстемелер қосып, «Бұл –адамды қорлау ғой!», «Бұл – адамның намысын таптау ғой!» деген сөздерін қайталаумен болды.
Әбден төзімі таусылып болған соң, Қалкеш орнынан тұрып, оң қолын жоғары көтерді.
Уа, ағайындар! – деді ол дауысын барынша мәнерлеп. – Бұл жерде біз қара қылды қақ жаратын әділ биді іздеп отырған жоқпыз. Сіздер айттыңыздар, біз түсіндік. Аталардан қалған бір сөз бар еді: «Қазақтың қалжыңы кісі өлтіреді» деп. Сол сөзді «Құрдастың қалжыңы» деп түзеткім келіп тұр. Мына Далбайдың… Дауылбайдың еңсесі тым төмен түсіп кетіпті. Құрдасымды мен де қатты аяп тұрмын. Менің қызып отырып қалжыңдап айта салған бір сөзім мұны қаншама шығынға батырды. Сондықтан, мен өзімнің жалғыз бұзаулы сиырымды осы құрдасыма жетелеп апарып берсем деп тұрмын.
– Бұл бұзаудың құны ғой. Ал, шөп ше? – деді Күләш бойындағы бүкіл қанын ішіне тартып.
– Бұзау – бұзаудың орнына, сиыр – шөптің орнына! – деді Қаракөз оған оқты көзін тереңдете қадап.
– Дәуке, сіз Қалкештің айтқанына келісесіз бе? – деді полиция капитаны.
– Мен… Мен… жоқ… шөпсіз қалып отырмын ғой. Сатып алар едім, оған ақшам да жоқ, – деп міңгірледі Дауылбай.
Осы кезде түрегеп тұрған Қаракөз Дауылбайдың алдына жетіп барып:
– Әй, Далбай! – деді сұқ саусағымен кеудесінен шұқып, – Ағымызды аптап ішіп, асымызды күптеп жеп жүрген ең жақын досымыз едің. Ендігі сөзің – мынау! Егер Қалкеш құрдасың мына қатыныңды қуып жібер десе, сөйтер ме едің? «Орға түс!» десе, орға түсер ме ең, «Сорға бар!» десе, сорды кешер ме ең? «Бір бұзауымды жоқ етті, бір шөмеле шөбімді өртеп жіберді» деп бізден құн сұрап отырсың. «Шөп… Шөп… ақшам жоқ» дейсің тағы. Ендеше, былай істе, біздің биыл соғымға соярмыз деп отырған өгізшеміз бар. Соны да ал. Сатып, малыңа шөп ал. Бірақ біліп қой, біз өз малымызды өзіміз айдап апарып бермейміз. Бұзаулы сиыр да, өгізше де менің ағам Төлегеннің малының ішінде жүр. Төлегенді өзің білесің. Мен қазір-ақ хабарласып, ескертіп қоямын. Бар да ал! Атпен барып айдап аласың ба, мәшинеге тиеп аласың ба, өзің біл! Біліп қойыңдар, біз – текті атаның ұрпағымыз!
Отырғандардың бәрі тымтырыс.
Бір уақытта Дауылбайға жан кіріп, тамағын кенеді.
– Қаракөз…
– «Алакөз» деуші едің ғой? – деді Қаракөз.
– Ол қалжың ғой… енді… сенің айтқаның болсын, – деп орнынан
шұбалаңдай көтерілді. – Кешіріңдер! Біз… Біз кетейік. Сау болыңдар!..
Міне, құрдасына қалжыңдаймын деп, осындай одағай оқиғаға тап болған Қалкеш, қарап жүріп, қара малсыз қалды. Оның ең қатты қуанғаны – жинаған шөбі ендігі қыста қойларына емінеркін жететін болып тұр. Ал, Дауылбайдың қылығына бүкіл құрдастары түкіріп кеткелі қашан! «Оның құны – бір-ақ тиын!» дейді барлығы.