Әлем сұлулығы – әйелге құрметтен басталады…
Отбасы құндылықтары
Қазір дастархан басындағы, баспасөз бетіндегі, фейсбук парақшасындағы әңгіменің басым бөлігі қазақ отбасының қазіргі хал-ахуалы. Көп жағдайда ер мен әйел бөлініп алған. Бір-бірін аңдып отырған секілді. Отбасының тыныштығынан маза кеткен. Ер әйелге, әйел ерге шамадан тыс талаптар қойып, екі жақ та жауапкершілікті өздерінен басқаларға аударып, шаңырақтың шайқалуына соқтыруда. Отбасының бұзылуы – біле білгенге мемлекеттің ірге тасына үлкен қауіп. Ішкі, сыртқы саясаттағы ең үлкен мәселе – отбасының ынтымағы болуы керек. Сондықтан бұл мәселеге мемлекетіміз бей-жай қарай алмайды. Президент жанынан «Әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия» құрылып отыр. Ол қазақ ұлтының ұлт болып еңсе көтеруіне, азаматтардың азамат болып намыс қайрауына, әйелдің әйел болып мәмлемен іс шешуіне мұрындық болады деп сенеміз.
Отбасы қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіпті сақтаудың негізі дейміз. Дегенмен:
1) Ажырасу көбейіп отыр. Себеп?
2) Бала тәрбиесіндегі олқылықтар күнде алдымыздан шығады.
3) Рухани құндылық емес, материалдық құндылықтың басым болып отырғаны даусыз.
4) Псевдокаучтар мен 1-2 ой оқып психолог деген сертификат алғандардың ел алдындағы жалған әңгімесінің әсері.
1. Ажырасу неге көбейіп отыр? Отбасылық өмірдің жауапкершілігін түсінбеу, алдын алу деген талпыныстың болмауы. Шығыста мынандай бір аңыз бар. Бір адам ұстазына келіп: «Мен Құдайды шын беріліп сүйгім келеді. Маған осы жолды көрсетіңізші» – депті. Сонда ұстазы: «Сен өмірде әйелді шын беріліп сүйіп көрдің бе?» – деп қарсы сұрақ қойыпты. Оған әлгі адам шамданып: «Мені әйел де, басқа да қызықтырмайды, мен Құдайды ғана сүйемін, соған баратын жолды көрсетіңізші», – депті қайталап. Сонда ұстазы: «Онда бұл жол сен үшін жабық екен. Сен алдымен әйелді, жарық дүние сыйлаушыны сүюге тиіс едің. Бұл – Құдайға барар алғашқы баспалдақ. Құдай – сол жолдағы жоғары сатыда. Ал сен болсаң алғашқы баспалдақты баспай жатып, ең соңғысына бір-ақ секіргің келеді. Әйелге деген махаббат ұрпақ, өмір ғой. «Құдайға барар жол сол баспалдақтан басталады» – деген екен.
Отбасылық ынтымақты сақтау әйелге құрметтен басталады да, әйел де өз кезегінде еріне сондай жанашырлықпен қарайды. Мен жазушылық өмірімде жазушы жарларынан біраз сұхбат алыппын. Содан бір ұққаным – әйел жүрегінің төзімділігі. Қазақ халқының ақиық ақыны Жұбан Молдағалиевтың жары София Мәлікқызымен сөйлескенімде: «Енем ауылдық кеңестің басшысы болған адам ғой. Үйге қонақ көп келеді. Күніне қол диірменге бидай тартамыз. Үйдің барлық шаруасының басын қайырып қойғаннан кейін қол диірменнің жанына отырамыз. Бір-біріне үйкескен екі тастың сарыны ұйқы келтіреді. Қалғып кетеміз. Мамамның «Әй!» деген даусы ұйқыны шайдай ашып жібереді. Жұмысты жылдамдатамыз. «Мен неғып отырмын, апамның қасына барып жатпай» дегендей, мен апамды шешіндіріп жатқызып, басына сусынын қойып, аяғын уқалап беріп отырып, апамның жанына жата кетемін. Сонда ол кісі елудің ар жақ, бер жағында болатын. Мен ол кісінің маған қойған талаптарының бәрін орындадым. Маған жас кезімде жалғыз ұлдың, жалғыз баланың анасының сезімін, мінезін түсінуге сабыр, ақыл берген Құдайға мың тәуба деймін, – деп еді.
Жұмекен Нәжімеденов деген сұңғыла ақын болғанын білесіздер. Сол кісінің жары Нәсіп Мұстахова: «Келін болып түскен соң сол шаңырақтың әдет-ғұрпын, ұстанған жолын ұстану міндетің. Күйеуіңе толық мойынсұнасың. Қазіргілер ойлағандай ол «күйеудің құлы» болу емес. Үлкен үйдің абыройын асыруға өз бойыңдағы барыңды әкеліп қосасың. Менің ерке мінезімнің кейбір артық кеткен жерлерін жан дүниесінің сабырлылығымен икемге келтіріп алды. Кейде енеме «қойшы, апа!» деп бір пікірлерін кесіп тастайтын көрінемін, сонда апам тігін машинасының жанына үн-түнсіз барып, көйлегінің бүрмелі белін сөгіп, оны қайта тігіп отыратын. Мен бастапқыда бүтін дүниесін сөгіп, қайта тігетініне түсінбейтінмін. Сөйтсем «қойшы, апа!» деген сөзіме сабырмен берген жауабы, сөзді көбейткісі келмеген әркеті екен ғой» – деген әңгіменің тұсы есімде қалыпты.
Қасым Аманжоловтың: «Отбасы шағын мемлекет, мен – президент, сен – премьер» – деген жарына арналған өлеңі бар. Шындығында, әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері болатыны секілді әр отбасының соған ұқсас жақтары бар, оның құрылымы да басшылық пен қосшылықты, оның бірінің – әділ, ұстамды, екіншісінің мейір-шапағатты болуын қажет етеді. Қабақ жарасымдылығы мен жан жарасымдылығының үйлесімді болуы отбасы мәртебесін арттыра түсетіні ақиқат. Әйтсе де, бір құдайшылық анықтама бар, ол отбасының отын лаулатып отырған әйел еңбегінің өзгеше ерекшелігі мен өзгеше жауапкершілігі дер едік. Ажырасуды азайтуға бола ма? Бұрындары да дәл қазіргідей көп болмағанымен, болған ғой.
Естіген бір ескі әңгімені де айта кетейін. «Ертеде бір батыр болыпты. Жекпе-жектің перісі атанған оның атын естіген жаудың құты қашады екен. Ел жаңағы батырдың арқасында барақат өмір кешіпті. Бірақ батырдың «үні» шықпайтын жері бар екен. Қатыны көрікті, бірақ шайпау болыпты. «Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатынның» нағыз өзі болыпты. Бұның да сол жөніндегі атағы ерінен кем түспеген көрінеді. Бір күні алыс-жақындағы інілері жиналып «Жерге қарап отырған жоқ, елуге толған еркекке төсек жаңғырту деген немене? Тек ел ішінен таңдап, қалағанын айтсын», – депті. Жұрт жиылып келгенде батыр қуана қарсы алыпты. Қонағасы желінгеннен соң келгендер шаруасын айтады.
Қонақтарды тыңдап алған батыр:
– Үш уәжім бар. Айтайын, қалғанын өздерің шешіңдер, – депті.
– Ал, айт!
– Бұл жеңгелерің бір байдың ерке қызы еді. Өзін ұзатылу тойы үстінде көрдім. Көрдім де ғашық болдым. Ол да маған қарай берді. Содан бір жеңгесі арқылы сәлем айттым. Сайдың ішінде қос аттың жалын құшақтап тұрып, Алладан не тілемедім десеңізші. Егер қолым жетсе, өмір бойы аялап өтуге, үстінен қатын алмауға серт еттім. Бір кезде шолпының сыбдыры естіліп, күткен аруым жарқ ете қалды. Мені толық білмесе де, азаматтығыма сеніп, әке-шешесін, болашақ келін боп түсер жұртын жерге қаратып, етегімнен ұстаған сол ерлігін ұмыта алмаймын.
– Екінші уәжіңді айт! – дейді жиналғандар.
– Мұның шайпаулығын қойдыру үшін мен не істемедім? Жай ескерттім. Талай рет қамшының астына алдым. Қоймады. Бір күні шаңыраққа асып қойып, астына от жаққыздым. Кешірім сұрар дедім. Қайдағы. Содан сүтпен біткен мінез сүйекпен кететінін ұқтым.
– Үшіншісін айт!
– Жеңгелеріңнің мінезі шайпау болғанымен, жатыры алтын, алты ұл туды. Қазір олар алты бөріге айналды. Шешелеріңнің үстінен қатын алсам, алты ауыл болып отырған олар не айтады?
Ал мен айтарымды айттым. Қалғанын өздерің шешіңдер – депті.
Жиналғандар үнсіз қалыпты. Сонда босаға жақта қымыз сапырып отырған әйел:
– Ай, батыр-ай, бір қатынның еркелігін көтере алмай әңгіме қылып отырған осыларға сөз шығындап отырған сенде ми жоқ екен, – депті.
2) Бала тәрбиесіндегі олқылықтар дейміз ғой. Ол не? Тамағы тоқ, киімі бүтін, еш нәрседен тарығып отырған жоқ дейміз ғой. Гаджет, телефонның мойнына тәрбиесін беріп қойдық. Олармен әңгімелесуге уақытымыз жоқ.
Мағжан Жұмабаев: «бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер…. Бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау, жынды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы», – деген ғой. Данагөз халқымыз: «ұлға – отыз үйден, қызға қырық үйден» тыйым салған.
«Баланы бес жасқа дейін патшаңдай сыйла, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сыйла» – деген де қазақ.
Бастысы – еңбекке баулу, ынтымаққа үйрету.
Ерлі-зайыптылар бала-шағасын өзен жанына апарады да, қолдарына түбі тесік ыдыс беріп, арба үстіндегі бөшкеге су толтырыңдар депті. Тесік ыдысқа су тұрушы ма еді. Балалар: «Бұл мүмкін емес қой», – деп шулапты. Сонда әке-шешесі: «Біз осы ыдыстармен бөшкені толтырамыз» – депті. «Қалай толтырасыңдар?» дегенде әке-шешелері бір тесік ыдыстың тесігін екінші ыдыстың бүтін жерімен жауып су алып, бөшкені толтырыпты да:
– Ынтымақты, еңбекқор болсаңдар, өмірдегі орындарыңды табасыңдар, – деген екен. Бұл енді әке мен шешенің тәрбиесі қандай болса, ұрпағы сондай болады деген әңгіме ғой.
3) Материалдық құндылық неге алға шығып отыр. А. Байтұрсынұлы «Білімді болу үшін – оқу керек, бай болу үшін – кәсіп керек» деген екен. Ел қатарлы өмір сүру үшін денсаулық, билік, білім, ақша керек. Жанның хақысы білім мен руханият болса, тән хақысы – дүние. Екеуін баланста ұстамаса, материалдық құндылық алға шықса, санада шектеу болады.
Отбасылық бақыттылық деген шыли бақыттан тұрмайды, жаман деген нәрсе шыли жаманнан құралмайды.
Тарихымыз ақылды, қайраткер әйелдерге бай. Барлық ой-пікірде, қайраткерлікте азаматтармен тең түскен, елге сөзін өткізген, жұртқа өзін сыйлатқан ханшаларымыз, болыс болған тамаша аналарымыз болған. Осыған орай шын адамгершілік, ірі, парасатты азаматтарымыз да жетерлік. Олар жалпы қоғамның рухын алға сүйрейді.
ХХ ғасырдағы әлем әдебиетіндегі тақырып – әйел тақырыбы еді. «Анна Каренина», «Бедная Лиза», «Бақытсыз Жамал», «Кім жазықты», «Қалың мал», «Ақ білек» өмірге келген.
Енді ХХІ ғасырдың тұлғасына лайықты кейіпкер іздеуіміз керек.
Гендерлік саясат және менің көкелерім
Қазір жұрттың көңілін аулайтын іс көп. Болмағаны түріктік фильмге елігіп, елітіп отырып, қорасындағы сиырын емізіп алады. Саясат таласы, дін дауына кіріскендер бір дастархан басында отырып бір-бірінің жағасын жыртуға әзір. Жұрт әйтеуір санасына орнығып алған ойлардың ырқымен олай бір теңселеді, былай бір теңселеді. Енді гендерлік саясат деген күш алып келеді. Астарында ешқандай жаманшылық жоқ. Ағылшыннан аударғанда әйелдер мен еркектердің арасындағы әлеуметтік айырмашылықты жіктеп, жіліктеп беретін ұғым. Қазаққа таңсық емес. Оның өткелінен өтіп қойған. Қыз баланы үй тірлігіне, ұлды сырттың жұмысына қалыптастырудың несі жаман екен деп қолды бір сілтеп жүре береміз.
Қол сілтеп демекші, осы тақырыптардағы жиналыс, конференцияларға қатысып отырғанда, менің есіме баяндамашының сөзін ұғып алу емес, ауылдағы ағайымның қылығы есіме түседі де отырады. Мен келін болып түскенде ата-енем жекешенің малын бағатын. Ауылда бес-алты шақырым жерде. Екі ортада бейіт, төбешіктер бар. Күндіз қаздаңдап барып келгеніңмен, кешкілікте жалғыз жүріп кетуге жүрегің көп дауалай бермейді. Кейде бару керек болғандықтан барасың. Қой қоралайтын уақыт таянғанда солай бет алдым. Аяғым аяғыма ілеспей келеді. Алдымдағы құлама жардың етегінен ербеңдеген біреу көзіме шалынды. Тоқтап, көзілдірігімді сүртіп тағы қарадым. Билеп тұрған адам секілді қол мен аяғын кезек-кезек көтеріп секіреді. Көзім бұлдырады ма десем, бұрқ-бұрқ еткен шаңды да анық кө-ретін секілдімін. «Шайтан! Албасты!» деп діңкелеп отыра қалдым. Тағы қарадым. Тағы сол ербең-ербең. Маған жақындамайды да, менен алыстамайды да. Жүрек атқақтап аузыма тығылып, қол-аяғымнан дәрмен кетті. Қандай ой ойлап үлгергенімді де білмеймін, құлағыма мылтықтың тарс-тұрс етіліп атылғаны келетін секілді. Әлде жүрегімнің дүрсілі ме… Жоқ, мылтық екені анық. Жастық қой, қазір болса бас амандығын ойлап келген ізіммен кері қайтар ма едім, әйтеуір, шайтан емес екеніне көзім жеткен соң, алға жүрдім.
Көрші ауылдың жекеше малын бағатын көршіміз. Қолында мылтық. Әйелін көз көрер жерге тұрғызып қойып нысаналап атып жатыр. Оқ жетер, жетпес жерге түсіп, жердің шаңын аспанға бұрқ еткізді. Әйелі ол кезде бізге кемпір болып көрінеді, қазір ойласам елудің о жақ, бер жағындағы ғана адам екен. Үсті басы шаң мен терге малынып тұр. Ол кездегі үлкендердің иманы басым ба «Әй, оңбаған-ау, келіннен ұялсайшы, тым құрыса!» дегеннен кейін мылтығын лақтырып жіберіп, атына қарғып мініп, отарына қарай шаба жөнелді. «Жеңеше!» – деуім мұң екен, қойшының әйелі ебіл-дебілі шығып бір жылады-ау. Бағанадан бері, денеме оқ тигізіп алмасам» деген ойдан басқа ешнәрсе ойламаса керек, енді қауіп алыстағаннан кейін қырық жылғы қорасын ақтарып бір еңіреді. «Біздің үйге жүріңіз!» дедім. Жылап келеді, сөйлеп келеді, күйеуден көрген қорлығын айтып келеді. Бұл дүниеде еркектерден артық ақымақ, миғұла болмайтындығын айтады. Менің бүгін ойламаған жерден үстерінен түсіп қалғандығым болмаса, күйеуінің мұндай қылығын ешкімге, соқталдай-соқталдай болып қалған жеті баласына да айтпайтындығын жеткізді. «Балаларыңызға неге айтпайсыз? Бір күні мерт етіп жүрмей ме?» десем, «Балалар әкесін жек көріп кетпесін деймін де» – дейді. Мен үндемеймін. Бір жағынан түсінбеймін. Өзін қорлаған адамды балаларының жек көргенін қаламайды. Түсініксіздеу екен деймін де қоямын. «Бүйтіп оқтан қорқып дірдектегенше ажырасып кетпейсіз бе?» деймін сол кездегі ұғымымның өлшеміне салып. Жеңешем енді маған таңырқай қарады. «Жынды болса да аман болсын, одан ажырасқанда шекем қызар деймісің?» деп күйеуіне өкпелеуін қойып, мені жақтырмай қалды.
«Мына әйелдің өзі ауым-саумылдау ғой деймін, күйеуі атады, күйеуін жамандайды, сөзін сөйлеп жақтасаң, жақтырмайды» деп мен де кілт ете қалдым. Сөйлемейінші өзіне дедім. Үйге келдік. Жуынып-шайынып, шайға отырдық. Жеңешем оқ астынан келген адамдай емес, біздің үйдегілерден гө-рі әйелі бәйек болып төрге шығарып жатыр. «Ағаңа лағманыңды ащылап, шайыңды қызылдап құй» деп маған нығарлап қояды.
Мен ашығын айтқанда екеуін де жақтырып отырған жоқпын. «Екіжүзділер!» деймін ішімнен. Жаңа ғана бір-бірін өлтіруге әзір тұр еді, енді сыйласа қалуын қарашы. Жаным күйіп, өз-өзіме сыймай мен отырмын. «Бұл жақтың адамдары да қызық екен ғой», – деп ауылымды, ауылымның адамдарын сағынып көңілім кілт бұзылды.
Арадағы аз уақыт өткенде төркініме келдім. Ауылдың шетінен автобустан түсіп, үйге келе жатырмын. Ру жағынан маған жезде болып келетін кісінің үйінің алдында біраз адам топырлап жиналып қалыпты. Адамның басына әп дегенде жаман ой сап ете түседі емес пе, бір түрлі қорқа-қорқа жиналған топқа жақындадым. Жаманшылық болмағанымен бір түрлі үрей бар секілді. Әпкем теректің басына қарап: «Айтқаныңның бәрін істейін, түсші!» дейді жалынып. Биік теректің ұшар басында жездем отыр. Өзі толық адам. Отырған бұтағы әні сынып кететіндей, міне сынып кететіндей былқылдайды. Егерде құласа, жездемнің мына жерде сүйегі шашылып қалатыны анық. Теректің түбінде 2-3 жолдасы қолдарына арақ ұстап: «Ой, басқаны қайтесің, кел стақаныңа құйып қойдық, сенің денсаулығың үшін алып қояйық!» деп «гуілдескенсиді». Жездем: «Осы жерден секіріп өлемін, содан кейін үйдегі барлық арақты құшақтап жат!» деп әпкеме қоқиланып қояды. Не керек, бір кезде жездем отырған бұтақ сынып, гүрс етіп құлады. Қораның төбесіне, одан оның жанында тұрған машинаға, одан домалап жерге түсті. Еш нәрсесі қалмаған шығар деп сілейіп тұрмыз. Не істерін білмей жұрттың бәрі бір сәт абдырап қалып, ес жиғандары жездеме қарай жүгірісті. Жездем бұл кезде өзі де домаланып тұрып келе жатқан. Құдайдың құдіреті шығар, сырт киімдерінің далба-дұлбасы шыққанымен еш жері еш нәрсе болмапты. Тұра салысымен әпкеме бас салды. «Өлтірем, қырам, жоям» дейді. Айналасындағы адамдардың көмегіне сенді ме, әпкем жездемнің алдында мөнді-мөнді болып тұр. Өзі әбден жылаған. Ара-арасында: «Балалардың әкесі, сен аман болшы!» деп күйеуінің үсті-басын ретке келтіріп қояды. Оқиға дұрысымен аяқталып жатқан соң мен өз жөніммен кеттім. Бірақ, ойланып келемін. Еркектер туралы көзқарасым өзгерген. Қызық деймін, 1917 жылы да, 1937 жылы да ерлікті де, сатқындықты да осылар жасаған. Қазіргі саясатта да, тіршілікте де солай. Не сұмдық, өз әйел-бала шағасын осынша зорлайтын, жылатып-сықтатып, қолдан жүйкелеткені. Жеңге, әпкелеріме де қайран қаламын. Шеттерінен кешірімшіл, кешіре салады. Өбектеп жүргені. Не құпиясы бар. Ашылмайтын кілтсіз қара құлып секілді.
Өмір жылжытып бізді солардың жасына жеткізді. Азды-көпті тәжірибе жинақтатты. Жастық шақтағы көңіл олқы тартып туратын біраз нәрсеге қазір күле қарайсың. Еркек пен әйелдің терезесі тең екендігін де, бірақ, керделенген бір айырмашылықтың бар екендігін де мойындайсың. Қазақта еркектің десі басымдығының ақиқатына көз жеткізесің. Біздің зиялыларымыз әйелдің көзін ашуды, әйелді оқытуды көп айтып кеткен. Олар адамшылықтың негізі әйелде жатқанын ұғып, ұрпаққа жақсылық тарап, адам баласына пайдасы тисе екен деп тілеген. «Әуелі ана балаға байлық, барлықтың өзінде болғандағы бағасы, дәмі қандай, өзгеде болғандағы бағасы, дәмі қандай, өзгеде болғандағы көзге күйіктің пайдасыздығы қандайын үйретеді. (М. Әуезов) – деп осыдан аулақ болу үшін, әйелді парасаттылыққа жеткізетін ортаға тарту керек, бесікті түзеу керек деген болса, қазіргі гендерлік саясатты ұстанушылар ер мен әйелдің жылы, жазылмаған тепе-теңдігіне суық су шашып шошытатындай ма? Қанша еркек мұғалім, қанша әйел мұғалім, неше әйел директор, неше әйел депутат, неше әйел министр. Олар осы орынға келгенде қоғамдағы тепе-теңдік орныға қалатындай. Мәселе олардың қызметке келуімен, қызмет атқаруымен емес, ішкі дүниесіндегі кеңдік арқылы ұрпақ тәрбиелеуінде болса керек. Менің жоғарыдағы жеңгем мен әпкем: «Ой, біздің әйелдік құқымыз бұзылды» деп шәк-шәлекейі шығып ажырасып жатқанда не ұтар едік? Оларға гендерлік әлеуметтік теңдік деген саясаттың қажеті жоқ. Ұлы аталарының, ұлы аналардың өнегесінен таймаса болды.
Жалпы, теңдік деген дұрыс ұғым. Табиғи үйлесімдікпен болып жатса, әрине. Бізде ондаған жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді. Онда негізінде әйелдердің әлеуметтік, моральдық мәртебесін көтеруге көбірек маңыз берілген. Бәрін керісінше істейтін менің көкелерім енді еркектер қозғалысын ұйымдастырып, еркектер партиясын құрамыз демесе болды. Олардың өздеріне тартып туған балалары гендерлік теңдікті желеу етіп әскерге барудан бас тартса ше…
Менің көкелерімнен бәрі шығады.
Ділдәр Мамырбаева