Әлібек БАЙБОЛ. «ҚҰПИЯ ОҚУЛЫҚТА» НЕ АЙТЫЛҒАН ЕКЕН

Әлібек БАЙБОЛ

Қазақ «сөз өнері» өрісіндегі балалар әдебиеті – кенжелеп қалған, ал бүгінгі қалам ұстаған қауым сол шалғайдағы «ауылға» көп ат шалдырмайтын мөп-мөлдір, аңғал да ақкөңіл, жан тазалығын ерекше қажет ететін тәп-тәтті жанр. Саналы ғұмырын сол салаға арнағандардың бірі де бірегейі – қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, шығармалары қалың жұртқа көптен таныс қаламгер – Өтепберген Ақыпбек. Өтепберген өлеңдерінде үр жаңа үн, өзгеше-өңге қалып, өзгеріске аса төзімді боп келер өнеге-өсиет, ұлт үшінгі ұлағат менмұндалайтыны айқын.
Оның 2004 жылы жарыққа шыққан, «Құпия оқулық» атты көлемді болмаса да, көтерген жүгі ауыр, айтары арыда жатқан жинағындағы «Көрімдік», «Сүндет той», «Азан», «Рамазан айы», «Жарапазан», «Қадір түні», «Ораза айт», «Қазан аузы жоғары», «Жолың болсын, Ұлым!..», «Талдап берген әр санды», «Оқушымыз бәріміз», «Жыл мезгілдері», «Жаз. Аптап. Шаңқай түс», «Лақ пен лак», «Мұрат пен сұрақ», т.б. шымыр, сондай-ақ «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» жырлары – балдырған үшін таптырмас базарлық. Жоғарыда аты аталған балалар ақыны жұмбақ, жаңылтпаш (ұқсас сөзді жаңылтпаш, ұқсас сөзді мазақтама-жаңылтпаш, өтірік өлең жаңылтпаш), санамақ, мазақтама, аңыз, әпсана, ертек секілді ел жанына жақын, фольклорлық мазмұндағы туындыларында мұсылманшылық, қайырымдылық, жыл мезгілдері, жан-жануарлар әлемі, табиғат құбылыстары, өсімдіктер дүниесі, мамандық таңдау тақырыптары кең-молынан қамтылған-ды.

Балалар жазушысы Өтепберген Ақыпбек

Мұның «Құпия оқулық» деп аталу себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ-ау, шамасы. Өйткені, бұл – өмірді енді-енді танып-білмекке талап қылған балауса-балғынның көмекші құралы іспеттес құнды кітап, жақсы-жаманның парқын айыруға үйретер дидактика. Автордың күшенбей, қайта қаламын еркін сілтей, көсіле түсетіні байқалады. Тез, әрі кібіртік-кідіріссіз оқылатыны да сондықтан болса керек деп ой түйдік. Өте-мөте табиғи, жасан­дылықтан ада. «Құпия оқулық» «Мұсылманмын мен енді», «Есті әрі көргенді жігіт болам мен енді», «Қиялдай қилы қызықтар», «Мен таңдаймын мамандық» (Владимир Маяковскийдің ізімен) атты төрт бөліктен құралған-ды. Әр бөлім өз алдына қойған міндет-функциясын толықтай атқарып тұр. Айталық, Ө.Ақыпбектің бөлекше әсерге бөлейтін «Сенім» деген жыры төмендегідей:
Мұсылманмын мен де енді,
Кем-кетігім жөнделді:
Азаматқа айналдым,
Тәрбиелі,
Көргенді.

Маған артар үміт көп,
Сыйлайды жұрт:
«Жігіт!..» – деп.
Сәлем берем үлкенге,
Орнымнан тұрып кеп.

Орынсыз мін тақпайды,
Қолымды да қақпайды.
*«Әпішуден әкел!..» – деп,
Ешкім батып айтпайды.

Қапы қалмай қарап түк,
Үйренем іс талап қып:
Күнә болып саналар,
Енді істеген ағаттық.

Туған елдің ұлымын,
Борышымды ұғындым:
Пайғамбардың – үмбеті,
Бір Алланың құлымын!..

Кітаптың ілкі бөлімінде Құран, қыбыла, Қағба, бата, сәресі, тасаттық, алғыс пен қарғыс, зәмзәм суы, пітір садақа, ораза, Қадір түніндей исі мұсылман мен қазақ дүниетанымына негіз болған киелі ұғымдарды кішкентай оқырманға ойнақы жеткізу тұсына баса назар аударылған. Ал, қалған үшеуінде жас түлекті санауға, жаттауға бейімдеу, дағдыландыру, тілін жаттықтыру, ілім-білім көкжиегін кеңейтуге мән берілгені рас. Мысалы, «Үңгір мақұлығы» делінген өлеңде әдемі өрнек, баланы ізденуге, оқуға бағыттау, баулу бар. Осы тақылеттес тақпақтар қаншама…
Үсті толған тарғыл – дақ,
Қалқаяр – қос дәу құлақ:
Ирелеңдер жыландай,
Төрт аяғы бар, бірақ.

Дене тұрқы: шыбық дәл,
Сырлары көп қызықтар:
Өкпесі бар,
Алайда,
Денесімен тыныстар.

Жұмыртқадан өседі,
Тым өсімтал ол тегі.
Басы бар да,
Көзі жоқ,
Құйрықты қос мекенді.

Жар қабаққа асылып,
Тұрар кейде шаншылып:
«Протей» деп аталар,
Үңгірдегі мақұлық…
Өтепбергеннің:
Ишілік деген –
Игілік.
Иінің түспес –
Имиіп.
Иші –
Илеген ішікті,
Иығыңа іліп, жүр киіп, –
деп келетін жаңылтпашты немесе:
*Он – орман, тоғай, ну, бағым,
Тоғыз – тау, асқар шыңдарым.
Сегіз – су, айдын-шалқарым,
Жеті – жер, ырыс-байтағым.
Алты – аспан, шексіз зеңгіркөк,
Бес – бұлттар бүркер желбір боп.
Төрт – төрткүл әлем, құбылам,
Үш – Ай, Күн, Жұлдыз – шұғылам.
Екі – елім, сақтар өз ғұрпын,
Бір – бірлігі сол ел-жұрттың! –
дейтін кері санамақты, я:
Жел тұрды да желп етіп,
Ебелек ұшты елп етіп:
Қоян қашты жер кезіп,
Елп еткеннен –
Селк етіп…

Гуілдейді бірдеме,
Гүрілдейді бірдеме:
Сұр қоянда зәре жоқ,
Бас салардай бұл неме!..

Көзі ештеме көрмейді,
Күйге жетті өлмелі:
…Қорқақтарды бекерге,
«Қоян жүрек» демейді… –
деген мазақтаманы жазудағы діттеген мақсаты – айқын. Бұл – жеткіншек санасындағы көмескі тартып, көрбілтелене бастаған бұрнадағы образдарды ояту, жандандыру. Автор «Өсімдіктер дүниесі» бөліміндегі ақбас түйежоңышқа, сары түйежоңышқа, түйежапырақ, түйеқарын, түйетабан, алабота, ботабүрген (түйемен аттас өсімдіктер), атқонақ, айғырқияқ, атқұлақ, атбұршақ (жылқымен аттас өсімдіктер), қойбұршақ, қойжелкек, қойжуа, қозыошаған, ешкібұршақ (қой-ешкімен аттас өсімдіктер), сиырсілекей, сиырбұршақ, сиырқұйрық, бұзаубас (сиырмен аттас өсімдіктер) сынды өскін-өнікті жіктеп-жіліктеп, қабылдауға жылдам, түсінуге ұғынықты, қорытуға оңай етіп жазған, жанр жаратылысына сәйкес күрделендірмеуге тырысқан-ды. Мәселенки, ол қойжуа турасында бүйдейді:
Лала гүлдей буыншақ,
Толысады түйін сап:
Жапырағы – таспадай,
Жуашығы – ұзыншақ.

Қаулап өсер,
Қордалы,
Құнарлы азық ол дағы:
Гүлі – алқызыл,
Бітімі –
Бір қарыс бар болғаны.
«Астана айшықтарында» жыл мезгілдері мен урбанизацияланған қазақтың, мазасыз мегаполистың тыныс-тіршілігі, көркем суреті қысқа әңгіме және де тағылымды тақпақ түрінде таныстырылған. «Құпия оқулыққа» енген, бас-аяғы жұп-жұмыр да шап-шағын сюжетке құрылған «Үш қалаш» атты кәсіп туралы ертек ұғымпаз оқушысын ұйыта жөнелетіні, әсте жалықтырмайтыны, бір деммен оқылатыны, тың ойға жетелейтіні шындық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні былайша өрілген: «Міне, былай дұрысы: // Бір қалаш – өз ырысың // Жұбайыңа – ал бірі // Бірі – ұлың мен қыз үшін!.. // Жұрт ұзатып күндерді // Бос сенделіп жүрмеді // Нәсіп үшін – // Әркім-ақ // Адал кәсіп үйренді». Өтепберген Ақыпбек шығармашылығының ең бағалы жері – ол тілге ұста балалар ақыны. Ұтымды-ұтқыр теңеулер, саралы салыстырулар тауып, оны орны-орнымен, рет-ретімен градациялық сипатта қолдана білген. «Құпия оқулықтың» соңында аквалангист, бизнесмен, вело-спортшы, дендрология, имам, йога, лоцман, нотариус, поляршы, саяткер, уролог, үскірік, үйші, һижра, цензор, чекист, щи, эколог, экология, юнга, юнкер, юнкор, юмор, яхта, яхтсмен секілді терминдерге түсініктеме берілген. Бұл бір жағынан кітаптың танымдық қырын, екіншіден жағынан ақынның балаларға деген құрметін, үшінші жағынан мазмұнды материалға деген ықтияттылығын аңғартары анық. Сөз соңында айтарымыз, мұндай қалам иелерінің шырайлы шығармаларын ұмытпауға тиіспіз, сонымен бірге, оларды мектеп, лицей, колледж, университеттің оқу бағдарламасына енгізіп, тұрақты түрде оқытып, айтып, насихаттап, зерттеу жүру – міндет!..

*Түпнұсқада қою қарамен жазылған.

Пікір қалдыру