Әліпби ауыстырғаннан не ұтамыз…
Кез келген тілдің дамуы оның ғылымының дамуымен тығыз байланысты. Ғылымы дамыған елдің тілі де бай болады. Тіл күнделікті өмірде ғана емес, ел билеу ісінде, саясатта, ғылымда кеңнен қолданылғанда ғана дамып, кемелдене түседі. Өкінішке қарай Кеңес Өкіметі кезінде қазақ тілінің қолданылу аясы тарылып, жоғары оқу орындар білімді орыс тілінде бергендіктен қазақ тілінің ғылым саласында қолданылуы кібіртіктеп қалды. Еліміз тәуелсіздік алғалы барлық жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдері ашылып, қазақ тілінде оқулықтар мен оқу құралдары жазылып, көптеген оқулықтар орыс тілінен аударылды. Қазір қазақ тілінде жазылған және қазақ тіліне орыс, шетел тілдерінен аударылған оқулықтар жеткілікті, дегенмен оларда кемшіліктер кездесіп қалып жатады. Бұл әсіресе техникалық ғылымдар мен медицина саласында көбірек кездеседі. Оған бұл салалардағы жоғары оқу орындарында білім негізінен орыс тілінде берілуі, қазақша ғылыми стильдің, терминдердің қалыптаспауы себеп болды. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру үшін атқарылатын жұмыстар аз емес. Сала мамандары мен тілі ғылымы мамандары бірлесе жұмыс істегенде ғана жақсы нәтижеге қол жетпек.
Ғылымды дамыту үшін ең алдымен оның терминдерін қалыптастыру керек. Ал термин сөздер ғылым саласына қатысты ұғымдарды берумен қатар, тіл заңдылығы аясынан шықпауы керек. Термин қалыптастыруда ең бірінші орында тілдің өзінің ішкі мүмкіндігін сарқа пайдалану тұруы тиіс.
Тіл – ұлттың айнасы, жаны. Тілді қарым-қатынас құралы деп қана қарау дұрыс емес. Әр ұлттың тарихы, дәстүрі, мәдениеті тек тілі бар болса ғана сақталады. Ал осының бәрі сақталуы үшін халықтың өзінің тілі, сол тілдің табиғатын дәл беретін жазуы болуы керек. Ұлы ғалым А.Байтұрсынұлының: «Өз тілінде сөйлескен, өз тілінде жазған жұрттың ұлттығы һеш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздырады», – деген пікіріне мән беріп қарауымыз керек.
Жаулап алушы ел бодан халықтың тілін, мәдениетін ұмыттыруға тырысатыны белгілі. Өз жазуын тықпалаған Араб халифатының да мақсаты осы болды. Ислам дінін тарату мақсатында мектеп, медреселер ашқан арабтар өз жазуларын пайдаланып, өз сөздерін қолданды. Сөйтіп, түркі халықтары арасына араб-парсы сөздері көптеп ене бастады. Араб-парсы тілінен тек діни сөздер ғана емес, ғылым мен білімге, мәдениет пен әдебиетке қатысты сөздер де енді. Өйткені сол кездегі Араб халифаты ғылымы мен білімі, әдебиеті мен мәдениеті дамыған ел болатын.
1907-1914 жылдар аралығында көптеген қазақ зиялылары араб жазуын қазақ тіліне бейімдеуге талпыныс жасады. Олар жасаған әліпби нұсқалары баспалардан шығып, аз уақыт қолданыста да болды. Бірақ бұлардың ешқайсысы ұлы ғалым А.Байтұрсынұлының 1912 жылы жасаған әліпбиіне тең келе алмады. Ол әуелі қазақ тілінің дыбыстық жүйесін ретке келтіріп, сонан соң араб әліпбиін қазақ сөздерін дәл таңбалауға бейімдеп, ұлттық тілдің төл дыбыстарымен толықтырды. Бұл әліпбиді қазақ халқы ұзақ уақыт пайдаланып келсе де тек 1924 жылы ғана ресми түрде қабылданды.
Ұлы ғалым А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін нақты анықтады. Ол бұған дейін орыс ғалымдарының назарынан тыс қалған, қазақ тілінің өзіне тән ерекшеліктерін көкірек көзімен түйсініп, дұрыс тұжырымдар жасады. 1912 жылы «Айқап» журналында жарияланған «Жазу тәртібі» деген мақаласында А.Байтұрсынұлы қазақ тілінде 24 дыбыс бар, олардың бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты дыбыс деп жазады. Сөздердің жіңішке екенін білдіру үшін дәйекші белгіні ұсынады. «Сөздің алдында тұрған жіңішкелік белгісін көріп, ол сөздің ішіндегі дауысты дыбыстардың қаріптерін жіңішке оқимыз; дауысты жіңішке оқылса, олармен қатар дауыссыз дыбыстар да жіңішке оқылады»,– деп, қазақ тілінде дауыссыз дыбыстар толықтай дауысты дыбыстың ықпалында болатынын дұрыс көрсетеді. А.Байтұрсынұлы жіңішке дауыстылардан е дыбысына ғана арнайы таңба ұсынды. Ал ә, ө, і, ү дыбыстары қолданылатын сөздердің алдында дәйекше қою арқылы бұларды жіңішке дауысты ретінде оқуды ұсынған. Бұл – түркі (қазақ) тілдеріндегі ең басты заң, үндестік заңына негізделген бірден-бір дұрыс ұстаным еді.
XX ғасырдың басындағы қазақ зиялылары Е.Омарұлының, Қ.Кемеңгерұлының, Х.Досмұхамедұлының және т.б. қайраткерлердің қазақ тілі туралы жазған мақалаларынан А.Байтұрсынұлының осы тұжырымына сүйенгенін байқауға болады. Х.Досмұхамедұлы өз еңбектерінде «Тіл-құралда да осыны айтады» деген сияқты сөйлемдер арқылы сілтеме жасап отырған. Сол кездегі қазақ зиялылары әр түрлі мамандық иелері болса да қазақ тілін, әдебиетін зерттеуге, халықтың сауатын ашуға барынша атсалысқан. Олардың тіл, әдебиет жайлы, ғылымның түрлі саласында термин қалыптастыру туралы жазған еңбектері әлі күнге дейін маңыздылығын жойған жоқ, себебі олардың ұстанғаны – ұлттық бағыт еді. Сол кездегі қазақ зиялылары ұлт тілінің тазалығын сақтауға тырысты, ғылыми терминдерді ұлт тілінің негізінде қалыптастырмақ болды, басқа тілден кірген сөздерді ұлт тіліне бейімдеп алуды қолдады. Олар А.Байтұрсынұлының көзқарастарын қолдаушылар еді.
Өткен ғасырдың 20-жылдары Кеңес Өкіметі өзінің құрамындағы түркі тілдес халықтардың жазуын латын әліпбиіне көшіру туралы ұсыныс жасады. Араб жазуын пайдаланып отырған түркі халықтарын мұсылман дінінен ажыратудың қиын екенін білген сұңғыла саясаткерлер осындай жолды таңдаған сияқты. Бірден кирилл әліпбиіне көшірсе түркі тектес халықтар арасында толқу болып кетуі мүмкін деп қауіптенсе керек. Олар кезінде «Қазақ» газетінде А.Байтұрсынұлының: «Араб әрпі ислам дінімен бірге келіп, қазаққа орнаған. Дінмен байланысқан жазу дін жоғалмай жоғалмайды», – деп жазғанын да ескерген болса керек. Оның үстіне араб жазуының ғылымды дамытуда кемшілігі көп екендігін, ғылымы мен білімі дамыған еуропа елдері қолданып отырған латын әліпбиіне көшу қажеттігін түріктердің, әзербайжан мен татарлардың зиялы өкілдерінің біразы XX ғасырдың басында-ақ сөз қылып жүрген.
1924 жылы Орынбор қаласында өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезінде» қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі сөз болды. А.Байтұрсынұлы араб әліпбиін жақтап баяндама жасады. Ол әліпбидің шығу тарихына, түркі халықтары қолданып жүрген әліпбилерге тоқтала келіп, жақсы әліпбидің қасиеттерін сипаттап берді. Оның: «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Өлшенбей тігілген, о жер-бұ жері бойға жуыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып, тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби де қолайсыз болады», – деген пікірінің өзектілігі бұл күндері арта түспесе кеміген жоқ.
Сол кездегі қазақ зиялылары да, орыс ғалымдары да А.Байтұрсынұлы жасаған емленің өте дұрыс екенін мойындаған. Дау араб жазуы мен латын жазуының қайсысы қолайлы деген мәселеден туындады. Сол кездегі қазаққа танымал қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов латын әліпбиін жақтаушылардың басшысы болды. А.Байтұрсынұлы да, Н.Төреқұлов та өздері жақтаған графиканың артықшылықтарына нақты дәлелдер келтіруге тырысты. Латын әліпбиін жақтаушы Н.Төреқұловтың өзі де А.Байтұрсынұлы жасаған емленің артықшылғын жақсы түсінген. «Жазудың емле жағы қазақта бітейін деп қалған. Атақты тархишы Нажиб Асим (Нәжиб Ғасим») «Түрік» деген сөзді баяғыша «трк» түрінде емес «түрік» деп үйрету үшін 20 жыл тер төктім, «т»-дан соң «уау» хәрпі керек дегені үшін көп заманға дейін «Нажибесімді» «уаули түрік» деп Стамбул келеке қылды, тағдырға шүкірлер болсын, Байтұрсынұлы Ахмет мұнан он шақты жыл бұрын тілге туралап түзеткенде барлық жұрт керектігін біліп, қабыл алған»,– деп әділін айтқан. Сондай-ақ латын әліпбиін жақтаушылардың бірі Т.Шонанұлы да: «Емлеміз жақсы дегенге қосыламыз. Бірақ таңбамыз – әліппеміз, әрпіміз жақсы дегенге қосылғым келмейді»,– десе, Әлімқан Ермекұлы: «Ақаң емлені түзеп, қазақ тілінің негізінін орнатқанына біз түгіл орыстар да қарсы емес. Емлеміздің дұрыс шешілгендігі, басқалардың көбінікінен артық екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Сондықтан біз Ақаң мәселенің қиынын шешті дейміз», – деп араб әліпбиін қолдамаса да А.Байтұрсынұлының емлесін мойындайтынын білдіреді.
1929 жылы Қызылорда қаласында ресми бекітілген латын жазуына негізделген тіліміздің әліпбиінің емле ережесі А.Байтұрсынұлының әліпбиінен алшақ кеткен жоқ. Соның дыбыстық құрылымын басшылыққа алды. Бұның себебі ұлтық болмыс пен ұлттық тілдің қадір-қасиетін жақсы түсінетін Алаш арыстарының көзі тірі еді. Олар орыс сөздерін жазып-айтуға бейімдейтін бөтен дыбыстарды латынша түр алған «төл» әліпбиге енгізуге қатты қарсылық көрсетуі мүмкін болатын.
Мәселен, қазақтың латынша әліпбиінің 1929 жылғы еміле ережесі бойынша өзге тілдік сөздерді қазақша жазу: «1. қазақ емлесінің негізі дыбыс жүйесінше болұу керек; дыбыстың өзгерүуі осы күнгі қалық тілінде айтылған, есітілген күйінде жазылұуы керек. Сөз-сөздің ішіндегі дыбыстардың бірінің біріне ұқсап өзгергені де – еліктірүу, ұқсамай өзгергені де ірітүу, әсіресе бірыңғай жуан, жа бірыңғай жіңішке болып өзгергендегі – өзгерген күйінде жазылұуы керек. Жазудың бұл дыбыс жүйесіне келмейтін жерлеріне осы қаулыда айырықша ережелер болұуы керек. 2. шеттен кірген сөздердің емлесі дыбыс жүйесі мен жазылұуы керек те, айағы қазақтың сөз жүйесіне көнүу керек», – деп белгіленген.
Ұлы Абайдың: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы», – деген ұстанымын ту қылып ұстанған А.Байтұрсынұлы жат сөздерді қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына бейімдеу керек деген пікірінен айныған жоқ. А.Байтұрсынұлының әліпбиінде қазақ тіліне ғана тән дыбыстар болған соң басқа тілден енген сөздер тек осы дыбыстар арқылы жазылатын болды. Яғни басқа тілден енген сөздер қазақ тіліне бейімделіп жазылады. 1912 жылы «Айқапта» жазған мақаласында тобы бөтен болса да қазақ тіліне еніп, қазақ сөзі сияқты болып кеткен сөздерді сақтау жағындамын, сол жобамен әліппе бастырмақшымыз деп жазады.
Әліпбиде тілге тән дыбыстар ғана болуымен қатар емле де тіл заңдылығынан шығуы тиіс деп есептеген ұлы ғалымның «емле – жазу үшін шығарылған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарылған нәрсе», «тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек» деген ұстанымдары Кеңес Өкіметінің саясатына сай келмейтін еді. Кеңес Өкіметінің мақсаты аз ұлттардың тілін жою болды. Ал тілді жоюдың бірден-бір жолы – аз ұлттар әліпбиіне орыс тіліне тән дыбыстарды енгізу арқылы олардың дыбыстық жүйесін бұзу. Тілге кірген бөтен дыбыстар өзі кірген тілді құртатын жегі құрттар. «Орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген сөздерді орыс тіліндегідей етіп айтамыз және жазамыз» деген ереже қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің тамырына шабылған балта.
Кеңестік саясатпен жасалған әліпби тілімізді ғана емес, сана-сезімімізді де мүлде өзгертіп жіберді. Бір кезде Елдес Омарұлы жат сөздерді тілімізге бейімдемей алатын болсақ, бір түрлі ерсі сөз болады десе қазір жат сөздерді тілімізге бейімдесек бір түрлі ерсі сөз сияқты сезінетін болдық. Мұның бәрі қазақ жазуының ұлы реформаторы А.Байтұрсынұлы салған сара жолмен жүрмегеніміздің нәтижесі. «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін», – деп еңбектенген А.Байтұрсынұлының идеялары тәуелсіз елімізде жалғасын табуы тиіс. Ұлт ұстазы бастаған алаш ардақтыларының арманы орындалып, ана тіліміз де өз тұғырына мықтап қонатынына және өзінің күмбірлеген қоңыр үнін табатынына сеніміміз мол.
Төлеубек Зайсанбаев,
С.Ж.Асфендияров ат. ҚазҰМУ
Тілдік пәндер кафедрасының профессоры,
ф.ғ.к.