Әліппесін өмірдің, тауыса алмай келемін…

 Қамшы

Дырау қамшы бұзау тіс,

Бес қарудың бірі еді.

Дойырларға дырау-күш,

Кең даланың жүрегі.

 

Оңында да, солында,

Ер жігіттің пірі еді.

Жайшылықта қолында,

Сәндік үшін жүреді,

Қайшылықта тірегі.

 

Тірлігінен мың күнгі,

Белгісі еді парықтың.

Бүлінгеннен бүлдіргі,

Алмайтұғын халықтың.

 

Осы қамшы есі еді,

Осы қамшы сесі еді.

Бағы да осы бес елі,

Қайтқан жаудың меселі.

 

Қанша мықты аңыз бар,

Пайымдасақ, пысықтап,

Ел басқарған абыздар,

Қамшыменен ұшықтап.

 

Тентектің де ұршығын,

Тезге салған деседі.

Ер жігіттің қырсығын,

Бір тартқаннан кеседі.

 

Би дауына көнбеген,

Айтылмаса жан сыры.

Хан алдына көлденең,

Кесе тастап қамшыны.

 

Дат сұраған уәжді,

Ақиқатты алға сап.

Осы игі дәстүрді,

Жақсылықпен жалғасақ.

 

Жыны буған бақсылар,

Жеткен кезде уағы.

Қолына алып қамшыны,

Сайтандарды қуады.

 

Тасығанда несібең,

Маңдай тер боп тамшылар.

Ал бүгінде сесінен,

Айырылған қамшылар.

 

Жөнді-жөнсіз шатылып,

Мәнсіз болып мұраты.

Сувенир боп сатылып,

Дүкендерде тұрады.

 

Майға салса еріген,

Қамшының да жаны бар.

Түп атасы теріден,

Тобылғыдан сабы бар.

 

Қасиетін қамшының,

Білетұғын ел керек.

Бабасының жан-сырын,

Жаза алмаған зерделеп,

Менің дағы жотамнан,

Тартып жібер кермелеп.

Уа, аруақ!

  Әжем менің…

Қырдан асып қыркүйек те келіпті,

Сонау сәби сәттерімді жетелеп.

Самарқаулау көңіл, шіркін, желікті,

Сары әжемнің елесіне еркелеп.

 

Осы айда мен ырыс-құты тасыған,

Жар сала енген мынау жарық жалғанға.

Бәрін қайта бастайыншы басынан,

Қанат байлап сол балауса арманға.

 

Балалығым базыналы мазасыз,

Сары әжемнің етегіне оралған.

Жүрегімнің төрін де ғана Сіз,

Еркелеткен жалын алған от алған.

 

Сары әжемді сағындым-ау сары күзде,

Құс ұшырмай төбемізден өсірген.

Еркелік те, тентектік те бар бізде,

Түк жұрнақ жоқ кесепаты кесірден.

 

Дағды ма әлде қалыптасқан баяғы,

Қыркүйекті сағынышпен күтем мен.

17-сі әжем маған ұмытпай,

Жаңа кәстөм әперетін дүкеннен.

 

Бірге соққан болашақпен жүрегі,

Бұлдыр қағып сағым күндер өтті алдан.

«Бастық болғын» дейтін және тілегі,

Бастықтардан, сірә, көңілі көп қалған.

 

Зырыл қағып, күнді күнге жықтырған,

Кім тоқтатқан бастығы жоқ уақытты.

Кәстөм емес, қазір ойлап отырсам,

Әжем маған сыйлайды екен бақытты.

 

Келіп қапты қыркүйек те қыр асып,

Абыр-сабыр дүрбелеңге түспедім.

Сандықтағы кимешекті алдым да,

Сағынышпен ұзақ-ұзақ иіскедім.

  ӘУЛИЕАҒАШ

Басың да аман болсыншы отың да аман,

Асыл заман, өтті не бір тасыр-заман.

Жеті құлаш діңінде қарағаштың,

Уақыттың хаты жатыр оқылмаған.

 

Биік қойман мен-дағы өзімді елден,

Жаралған уа, киелім, төзімдерден.

Жеті ғасыр куәсі – Әулиеағаш,

Бабамыздың бабасының көзін көрген.

 

Уақытпен жарысып арындаған,

Кеудесіне жасырған сырын ғалам.

Құдіреті жетеді бір басына,

Қасиеті күн сайын қалыңдаған.

 

Көретін жай зат емес құр сағынып,

Тартады тереңіне тұмса-қылық.

Құдіретіне таң қалып жаратқанның,

Тәу етер «Әулие» деп жұрт ағылып.

 

Болмысында бедерленген бар ғажабы,

Тамыры жалғап тұрған замананы.

Әулиелігі осында шығар бәлкім,

«Бұтағын кесер болсаң қан ағады».

 

Деп әжем аңыз қылып отыратын,

(Әжемнің талайлардан дәті басым).

«Кеспек болған сан есер есі ауысып,

Қаңғып кетті таба алмай қоқым-асын.»

 

Әулиеағаш, құпияңды кім біледі,

Жауыздан аман болғай дүр білегі.

Жер кіндігі байланған тамырыңда,

Өмір күйі үзілмей шертіледі..

УАҚЫТ

Байласаң да тұрмайтын мама ағашқа,

Уақыт деген зулаған құла қасқа.

Кеудесін жел кернеген кеу сөздерге

Ей, жүрегім сен-дағы құлақ аспа.

 

Бұл күнде өмір заңы сірә ,басқа,

Жармасайық жалына құламасқа.

Жасылын жаз біткеннің жаулап алып,

Күз қонақтап қалыпты қарағашқа.

 

Ұқсамайды мұңдасқан, сырласқанға,

Олар да өмір-белес, қырды асқан ба.

Топ-топ ұшқан қарғалар қарылдайды,

Кірпігі сәл дымданған күзгі аспанда.

 

Желпиді кекілімді жел өптікпей,

Жыр төгемін қағазға көлем күтпей.

«Қарқылдаса қарғалар қар жауады»,

Дейтін әжем кәнігі синоптиктей.

 

Қар жауа ма, соға ма қатқақ ызғар,

Әсемдігін жоғалтпас мақта –қыздар.

Күздің де өз ырысы, сәндігі бар,

Қуанышқа толсыншы аптамыз бар.

 

Қалмасын берекеге шалма түсіп,

Жүйткісек жүйткиік тек алға түсіп.

Жасарып бәрі қайта көктемей ме,

Бейбіт күннің тамырын шаламаса үсік.

  өмір әліппесі

Тірлік заңын сан жаттап,

Түсінбей-ақ қойғаным.

Жүргеніммен қалбақтап,

Ал бір басқа ойларым.

 

Қарға біткен қарқылдап,

Қыранбыз деп шулайды.

Өзін-өзі алқымға ап,

Жүрек құрғыр тулайды.

 

Қара жерді басамын,

Өкшем болса сүп-сүйір.

Өз жолымды қашадым,

Шың басына тік те иір.

 

Падишасы көңілдің,

Мен, мен едім, мен едім.

Әліппесін өмірдің,

Тауыса алмай келемін.

  АЛТЫН ТҰҒЫР

Армысың туған елім, туған далам,

Мен де бір белін бекем буған балаң.

Тыныштықтың бесігін сен тербетсең,

Жүрейін аман-есен жылғаңда аман.

 

Қолтығымнан демейсің қуғанда арман,

Өткізіп өткел бермес қорғандардан.

Кең төсіңде думандатып мен жүрейін,

Бай ұлындай бақыттан бұлғаңдаған.

 

Еңбектен өзгеге ойы бұрылмаған,

Ойың да аман болсыншы қырың да аман.

Қойнауы құт-береке туған ауыл,

Шегірткесі шаттықтан шырылдаған.

 

Ауылым қиялыма кепіл берген,

Биік қойман қашанда еркімді елден.

Күн тұрсын төбемізде шуақ шашып,

Әжемнің таба наны секілденген.

 

Өрісі малға толған жоны майлы,

Ауылымды беу, кімдер танымайды.

Ырысын үлпілдетіп, шүлпілдетіп,

Жылдарды жылжытады жонып айды.

 

Балалықтың тел еміп тәтті дәмін,

Шыбықты ат қып мініп шапқыладым.

Дем беріп желпіндірген, жетелеген,

Ауылым – алтын тұғыр, бақ тұрағым.

 

Болмайды ұлдары ынжық, қыз қапалы,

Иманды, инабатты, кіл баталы.

Қуанса аспанға атам бөркімді елмен,

Мұңайса ауыл жүрекке мұз қатады.

 

Жерім аман дейтұғын жұртым аман,

Абыздардан қаншама сыр тыңдағам.

Қариялар аман болсын, буындары,

Есіктің топшысындай сықырлаған.

 

Тірліктің осы емес пе сан ырғағы,

Қуаныштың түйірі қаныңдағы.

Маңдайымнан сипайтын сияқты ма,

Әжемнің қолтаңбасы қамырдағы.

 

Аспаннан жұлдыз түнде жиі ақты ма,

Соның өзі жарасымды сияқты ма.

Гүліңнен күнде искейін о, туған жер,

Мекен болған тұрақсыз, тұрақтыға.

  

ШОҚАН БАСТАУЫ

Тарихтың қоймасында сыр қаптаулы,

Ақиқат көтермейді бұлғақтауды.

Перзентін пейіліне бөлеген жұрт,

Шоқанға теліп қойған бұл бастауды.

 

Қырандай қос қанатын қомдана ма,

Шипалы су таңдайға бал, жанға дауа.

Шоқан болып сылдырап ой төгеді,

Шоқандай нәр төгеді шөл далаға.

 

Ойына тәтті естелік оралды ма,

Жүр-жүрлеп жетелейді жол алдыға.

Бұл бастауға Шоқан кеп шөлін басқан,

Сүйеніп ойға батқан тораңғыға.

 

Сан ойға толған шығар алтын басы,

Туған жердің аялап тау мен тасын.

Қашқардан қажып келген сапарында,

Жусанға төсеп қойып жон арқасын.

 

Оған куә мына тау, әнші құмдар,

Әнші құмдар қиялға қамшы ұрыңдар.

Құпияның қақпағын ашқысы кеп,

Ызыңдайды сонасы – сар шыбындар.

 

Құлағыма ызыңдап сыр айтады,

Күлдіреді, сағынтып, мұңайтады.

Қаңбақты қуып ала жөнелгені-ай,

Жүйрік жел – жүйткіген құмай тазы.

 

Ағады жұлдыз болып ызғып арман,

Арман қусақ шығармыз біз құмардан.

Тарау-тарау тарамдалған соқпақтарда,

Атақты ғалым Шоқан ізі қалған.

 

Шырылдап қорғай да алған сан қатерден,

Парызың туған елге бар ма өтелген.

Айналып кетесің ғой дана жұрттан,

Туған ұлын төбесіне тау көтерген.

 

Ерғазы МАНАПҰЛЫ

 

 




ПІКІР ЖАЗУ