Әсел Оспан. Шығыс шырағданы

                                            1.

«Жаратушы жарылқады: шарапхана ашылды!
Ол жабықта тау мен тасқа ұрып едім басымды»
                                                                Мұхаммед Хафиз

Біздің дәуір дәруіштің дәуренінен әрірек,
Шарап ішкен Хафиздің да ғазалынан ауыр ед(і).

Шырағданы шайырдың түн жамылса жанады,
Қылқаламы айқыш-ұйқыш оятады сананы.

Қызыл шарап бойға енсе балқытады жаныңды,
Иітеді алпыс екі тамырыңды, қаныңды.

Шарап ішіп ғазал жазсам ғаріп деме жазғырып,
Тас үгітер кеудем толы бір беймәлім жаңғырық.

Бас тартпаған біз түгіл сонау көне ғасырың,
Дейін бе енді: «Құдайым, бере гөр деп, ақырын».

Майқорды да жаратқан, ол да пенде зары көп,
Қайдан болсын «Сахидай» ашуланба, сабыр ет.

Тыңдар құлақ қалқайса ғой, тегін құяр ақылын,
Ашар ма еді қос көзін мына әлемнен мақұрым.

Мұңлық еді бұл Хафиз шері қалың дәл мендей,
Түн-түнекті жарып шыққан бәйіттері сәулемдей.

«Қоңыраулатқан өмір-керуен» өтіп тағы барады,
Дәл Хафиздей балбырадым, бойға шарап тарады.

Хас сұлудың меңіне бере салған сыйлығын,
Бұхара мен Самарқандты онан өзге қиды кім?!

Бәрін тастап Ширазыма, кетсем бе екен Хафизге,
Жарылқай ма мына дүние түсіп кетсем софы ізге.
Майқор емен, түсердей жолдан өзге соқпаққа,
Ақымағың мың алжыр, ақыныңды тоқтатпа.

Хауаз толы жүректен сыйқыр сөздер төгілер,
Қолаң шаштың бұрымы ғазал болып өрілер.

Айыптай бер қайтейін, жаман ат қып асылын,
Миымызда әйтеуір, араласқан лас ұғым…

                                    2.

«Ей Сахи дос, құй шарапты, көтерейік көңілді,
Оңай деген махаббаттың қасіреті ауыр көрінді».
Мұхаммед Хафиз

Махаббаттың ғазалдарын
дәл Хафиздей жырлаған кім?!
Шығар жолын бал-шараптан
тапты жолын шырғалаңның.
Шаһнабадтай хас сұлуға
тең келетін жан таппай,
Сұлулықтың гүлзарларын
бәйітімен суғарған мың.

Хафиз-әуен, Хафиз-мұң,
шерге толы бір жүрек,
Бал-шарапсыз жанын қояр
жер таппайды тілгілеп.
Сырлы тостақ сырлас болып,
диуанадай емдейді,
Ғашық жүрек жетсем дейді,
ғашығына түн тілеп,

Сүмбіл шашты жел тараса
одан тағы қызғанды,
Өзгелермен ішпеші деп,
достаспа деп сызданды.
Өзгелерге қатпашы үн деп,
көрмесін деп көзі де,
Өртеші деп тек өзімді,
болшы деді құштар шын.

Наркескендей қос жанар
кірпік қақса шынайы,
Хафиз түгіл Шираздың
көркемденер шырайы.
Сенің адал көңіліңе
тартқан сыйы Тәңірдің,
Шайырлығы оңынан
аттатқызбай нұр-айын.

Сүмбіл шаштың болыпсың-ау,
құл, тұтқыны әй, Хафиз,
Ғашық болсаң бал-шараптан
дәл Хафиздей шайқап іш.

                                           3.

«Ғашық оты тиді басқа, жатыр денем күл-көмір боп,
Бейне шырақ білттесіндей, ширатылған бір қызыл шоқ».
Әлішер Науаи

Мәрһам еді шіркін-ай, қара жүзім шарабы,
Сезімдердің мекені-жүрек жанып барады.
«Көзі ажал, қаһар қас» емес едім хас сұлу,
Уа, әміршім, бер шапағат жүрегіме жаралы.

Құт болмады Иран бақ Науаиға оңайдан,
Гүлістанның сұлуы жанын жеді сан ойдан.
Ми, жүрегің салданар, һижран болса ғарібің,
Жүрегімді менің де жаулап алды талайдан.

Жарқ етеді бұл жалған ашып-жұмған кірпіктей,
Құрсын қайдан салтанат дүнияны сілкінтпей.
Көріп қалсам айнадан әппақ жүзім сарғайып,
Қысыламын көзімнен жаятұғын сыр бүкпей.

«– жанның жібі, жан қылы» шашым тағы ағарды,
Гүлдей нәзік гүл сипат жүрегім де сазарды.
Шынар едім қыр басында секілденген бір ғұмыр,
Қайран басым,
қайда соғар, тағы қандай жаза алды?

Ықтияры кетсе ақылдың ырқың не еді мен көнер?
Шарап құйшы, мүмкін ауыр ойдың жүгін өңгерер.
Тағдырдың да құралайы пана іздейді елсізден,
Түсім болмай бұл күйдің тап қылғаны-ай өңге дер.

Муфтала боп жүрмін енді, сағынышқа сарғайған,
Жүрегімде жарылыстар, толқыныстар, зор майдан.
«Ол дүниенің көшесіне тастаңдаршы апарып»,
Қарсы ала ма жаһанның шайырлары қартайған.

Шарасыздық «қамал» боп түріледі сан перде,
Ардың жүгі тым ауыр көтере ме нар кеуде?
Әлдиледі ғазал-түн Науаи боп, Хафиз боп,
Шығыстағы мың шырақ жүрегімді өртеуде…

                                       4.
«Шүкір еттік болғанына бір Алла,
«Жоқ» біздерді «бар» еткен соң көз жетті.
Шындығында біздер жалған, шын-Алла,
Мал-дүниеге қол созып, не көздепті?»
Жүніс Әміре
Біссіміллә деп бастайын сөз басын,
Балқып жатты миымда ой-қорғасын.
Хақ жолынан бақ іздеген ер шайыр,
Жаратқаным, оған дағы бер қайыр.

Қожа Ахмет Яссауидің жолымен,
Ислам болу қағидасы жанына ем.
Дәруіш боп кезді өлеңмен ел ішін,
Ғибадат қып Хақтың жолын сонымен.

Ерін кепсе қияметте тамшы зар,
Қысып кеуде, күнәлармен жаншылар.
Мүңкір-Нәңкір екі жақтан келгенде,
Ізгі амалым, бір сауабым бар шығар?!

Сырқатыма шипа болмас көз жасым,
Тұрпатыма бөз көйлек те жарасар.
Әй, Әміре, хикмет-жырың тозбасын,
Тәухид еткен тілегіңмен пара-пар.

Бұлбұл гүлге ғашық еді бақтағы,
Құс тілінде шайыр талай үн қатты.
Тамып түсті көз айнамнан жас тағы,
Құдай сүйген құлдарына қымбатты.

Тірлігімнің өңі түгіл, түсі алаң,
Ұшса деймін көктерімнің құсы аман.
Әй, Әміре, Машхар барсам не деймін?
Ақындығым-татып алған күшәлам.

Ажал-Әмір қаша алмаймыз бәріміз,
Ақ шүберек жабатұғын тәніміз.
«Аузын ашса ақым болып қара жер»,
Жетсін тілдер, кәлимаға халіміз.

Толтыр дейсің иманыңның кетігін,
Қара құрттай шайнай берсе жегі мұң,
«Хақтан нәсіп болса жанға мәртебе»,
Бес парызың-екі дүние шешімің.

Тәухид ету-жүзіңді жарық қылар,
Бұл жалғанда демегін ғаріп жылар.
Атағың, жиған-терген байлығың да,
О дүниеде сауапсыз тарықтырар.

Шемен жүрек қара тастай үгілді,
Гүл-хауыздай ауыр ойлар бүгілді.
Аманат қып тастап кеткен біздерге,
Шайырлықтан шариғаттық жүгіңді.

Жалғанымның жалтақ шігі, бүгісі,
Тағдырлардың жолы қисық, жүрісі.
Бір өзіңе сансыз алғыс, Жаратқан!
Әулиесің, Әміренің Жүнісі!…

                                   5.
«Мың адамның ішінде сен жалғызсың,
Мың адамсыз тағы да сен жалғызсың»
Әбу Рудаки

Ақиқат пен әділдіктің жаршысына айналған,
Шайырлығы өнерімен қатар бітіп байланған.
Саманидтің сарайында 40 жылдай үні өшпей,
Сыңғыр қағып тиектен, барбатта күй ойналған.

Жанарына сыйдырып бар ғаламның ғажабын,
Дән егеді жүрекке жан балқытар ғазал үн.
Қайырымды Рудаки-«Ақындардың патшасы»,
Таңдап алды тағдырдан жалғыздықтың азабын.

Өнерімен өзі боп, соқа бастың құрбаны,
Қанша көңілі кетсе де сұлумен бас құрмады.
Ырзығы мен несібе гөзәл мұңға айналып,
Жүрегі оның боп кетті Хорасанның жыр бағы.

Мәджі оқиды шайырдың жырын салып сазына,
Жауар бұлттай төндіріп, қайта апарар жазына.
Рубаилар, бәйіттер білте майын түн жұтып,
Жүректердің шамындай жарқыраған қазына.

Көктен жұлдыз санама, қайғысына жетпейді,
«Шарап-бұлттың көз жасы» қуырады апшысын.
Ақшамдағы шамшырақ өлеусіреп өшпейді,
Жұмыр жердің жарығынан ол іздеді бақ құсын.

Тостақ толы шараптың тіл үйірер шырыны,
Балқуменен тұла бой, өтіп кеткен ғұмыры.
Аққу әні мұңайтып, қалықтайды арфадан,
Тым биікте қалған соң жастығының тұғыры.

Құзғын құстың көп жасар күйінеді бағына,
Бұлбұлы мен ақ құсын аңсап күтер сағына.
«Бір сүюім үшін де керек екен мың өмір»,
Шарап ішіп шайырым айтты талай базына.

Кесе түбі бал шарап балбырадың, Рудаки,
Салтанатта, сарайда жарқырадың, Рудаки.
Таудың мөлдір суындай сарқырадың, Рудаки,
Көңілдерді сәулеңмен аршып алдың, Рудаки.

Жүрегімнің хошы әсте тез тарқалып кетпесін,
Бәдәуилер құм кешіп, көз алдымнан өткесін.
Сырнайымен үндесіп, сыбызғының сырлы үні,
Хорасанның дуалын самал жел кеп өпкесін.

Бар төңірек биге елтіп, мың бұралсын арулар,
Сырлы кесе сыр бүкпес, дертіңе мың дәру бар.
«Сүю деген тұз дерсің, ішерсің де шөлдерсің»,
Жүрек зәмзәм татпаса қатып қалған мұз дерсің.

Жанды баурап сырнай үні, батып кеттім тұмаға.
Ішу, сүю-күнә болса, ғазал жазу күнә ма?!
Аққан жұлдыз ізіменен тағы да атты ақ таңым
Шығыстағы жарқыраған Шолпан қайта туа ма?!…

Комментарий (1)

  1. Reply
    Жұмат ӘНЕСҰЛЫговорит

    Мың ғасырда есімдері ел есінен өшпес ен Рудаки, Хафиз, Науаи дің үндерін естігендей болдым

Пікір қалдыру