«Өмір сүргім келеді» – менің жан дауысым
Жанар Әбдішова − өмірдің талай сынынан өтіп, 30 жылдан соң әдебиетке қайта оралған жазушы. 1950 жылы Алматы облысында өмірге келген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның кейіпкерлерінің дені қазақ әйелдерінің өмірі мен көңілін, тұрмысын суреттейді. Мысалы, жазушы шығармаларынан күнкөріс қамымен базарда жүрген немесе күйеуі тастап кеткен, біреуге ғашық болған, зорлыққа ұшыраған әйелдерді көріп, олардың тағдырына терең бойлайсыз. Солармен бірге күліп, қабағыңызды түйесіз. Әңгіме кейіпкерлерінің арасында мықты, керемет аналар да бар. «Өмір сүргім келеді» кітап атауы кімді де болса бей˗жай қалдырмасы анық. Сондықтан, жазушымен тілдескіміз, әңгімелерінде неге тек әйелдердің тағдырына қатысты мәселелерге баса мән бергенін білгіміз келді. Ол мақсатымызға жеттік те. Оның сырын жазушының өз аузынан естіген жөн болар.
Жарық дүниені бір күн көргеніңнің өзі бақыт
– Кітапты неге «Өмір сүргім келеді» деп атадыңыз?
– «Өмір сүргім келеді» – шынын айтсам, менің жан дауысым. Дәрігерлер ракты «обыр» деп айтып жүр ғой, бірақ, мен ол атауға қарсымын. Құлаққа түрпідей тиіп, өмірден күдер үздіреді.
Алланың сынағы болар, рак ауруына ұшырадым. Ота жасатып, әрең дегенде жаным қалды. Ауырып жүрген кездері өмір мен өлім туралы көп ойландым. Өлім туралы үкімді естіген қылмыскерлер қандай күйде болатынын білмеймін, бірақ, мен ракты естігенде қатты күйзеліске түстім.
Өлгім келмейді, әрине. Өмір сондай ыстық. Алайда, ауырғаным анық. Қатты қиналдым. Жыладым. Сөйтіп жүріп бір тәубеге келдім. Бір күн жарық дүниені көргенімнің өзі үлкен бақыт екен ғой деп, өзімді сабырға шақырдым. Құран-Кәрімді қолыма алдым. Сабырға шақырған, адамға терең ой салатын сөздерді оқыдым. Бұл да бір Алланың сыны екенін жан-дүниеммен түйсіндім. Құранның ғибратына жүрегіммен бойладым. Пешенеме жазылған тағдырға риза болуға тырыстым.
Рак ауруын бірнеше этаппен емдейді. Мұны көбісі білмейді. Соның салдарынан көптеген науқас ауруды асқындырып алады. Мысалы, ыстық бұлауға, неше түрлі ойға, күйзеліске түсіп, дертінің ұшығуына жол бергендерді көрдім. Химиямен емдеген кезде жақпай өліп кеткендер де болды.
Әйел еркекпен тең құқылы дейміз ғой, бірақ, «қыздың жолы – жіңішке»… қазақта ешқашан да әйел еркектен асқан емес. Көптеген әйелдің басында дертіне байланысты трагедиялық жағдайлар болды. Омырауларын алып тастағанда ерлері «мүгедек немесе өлетін әйелмен тұрмаймын!» деп, басқа әйелдің қолына кіріп алғандар да болды. Сол әйелдердің ескексіз қайықтай жалғыз қалып, тұншыға жылаған кездеріне де куә болдым. Құдай қосқан жарлары жан-дүниелерін түсінбей, қиын жағдайға тап келгенінде тастап кетті. Солармен қосылып мен де жыладым.
Нарық заманы келгелі медициналық көмек ақылы болды. Ауруханаға жату да қиындады. Порталға тұру, квота алудың өзі үлкен күш, қаншама уақыт алады. Мен мұны басымнан өткен соң айтып отырмын. Бұл машақат аурулардың халін қиындата түседі. Докторлардың қалтасына салатындай ақшаң болса жақсы. Соның бәріне жүгіретіндей ракпен ауырған адамда қандай күш болсын? Сол екі аралықта-ақ олар шаршап, қатты күйзеледі. Қағаз жинауға шамалары келмей, ақша таба алмай, «суға кеткен тал қармайды» демекші… өлместің күнімен дәрігерлермен сөйлесіп жатқан әйелдерді көрдім.
«Өмір сүргім келеді» сол кездері жазылды. Осы арқылы рак дертіне ұшыраған әйелдерге кішкене де болса көмектескім келді. Кітаптағы әңгімелер ракпен ауырған адамның жай-күйін дәл береді. Аурулар оқып, психологиялық тұрғыда көмек алса деген ой болды. Өйткені, өліммен бетпе-бет келгенде адамның көңіл-күйі бәрібір бұзылады. Кәкімбек Салықов ағамыз «Бір ауыз сөз» атты өлеңінде:
«Бір ауыз сөз қасіретті тияды,
Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды», – деп жырлайды ғой. Сол сияқты аурулар бір ауыз сөзге қарап қалады. Жақсы сөз естігісі келеді. Бір ауыз сөздің құдыретін ұғынасың.
30 жылдан кейін әдебиетке оралу
– Сіз бұрыннан жазатын ба едіңіз, әлде бұл қасиетіңіз кейіннен ашылды ма?
– Мен әдебиетке ерте келдім. 30 жасқа жетпей-ақ, әңгімелерім жарық көрді. Бірақ отбасы жағдайымен әдеби ортаға еніп, шығармашылық жолына түсуге мұршам болмады. Алайда әңгімелер жазылып жатты. Соны Алла көргендей, осы ауруға ұшырадым. Бұлай деп отырғаным, өзіммен-өзім қалдым. Ота жасатып, үйге келгенімде, ешкімді күтуге жағдайым болмады. Сол күндері бұрынғы жазғандарымды қолыма алдым. Кішкентай қызым Асылша маған ноутбук алып беріп, компьютер үйретті. Компьютерде сүйсініп отырып, жұмыс істедім. Әңгімелерімді үлкен ықыласпен, аса ыждағаттылықпен жаздым. Корректурасын да, бәрін өзім жасадым.
«Жалын» журналында Жұматай Жақыпбаевпен қатар отыратынбыз. Сол уақытта сәбилі болдым. Балам әлсіз болып туылды. Содан жұмысты да тастап, баламның денсаулығымен әуре болып кеттім. Дүниеден хабарсыз болдым. Білетінім − балам, оның денсаулығы, аурухана болды. Сөйтіп жүргенде бір күні Жұматаймен жолығып қалдым. Ол маған «сен бақыттысың, жумайсың ба?» деді. «Нені жуамын?» десем, ол, қалжыңдағаны болар: «Сен бір әңгімеңмен («Беймаза көңіл») классик болдың. Ешкімді мақтамайтын Мұхтар Мағауин мақтап, әңгімеңді жас жазушылардың жинағына кіргізді» дейді. Кітап шыққалы бір жыл өтіп кеткен, ештеңені білмеймін. Қуаныштан жүрегім атқақтап, кітапты іздедім. Дүкендерде жоқ. Кәмила Құдабаева деген жазушы апамыздан сол кітапты аттай қалап алдым. Есімнің шыққаны соншалық, оның қаламақысы бар екенін де білмеппін.
Содан әңгімелерімді алып, Жазушылар одағына бардым. Ойым «Құласам нардан құлайын» – Мұхтар Мағауинге жолықпақшымын. Бір жағы ракпен арпалыстым, екінші жағынан әңгіме жазып, өзімнің жағдайымды түсінбей қалдым. Менен жазушы шыға ма, шықпай ма төрелікті сол кісіден естігім келді. Жазғандарың жарамайды десе, қояйын деп шештім. Ол үшін бірнеше күн даярландым. «Барымды киіп, бақанымды қолыма алып» демекші, бар күшімді жиып бардым. Сөйтсем ол кісі шетелге кетіп қалыпты. Маңдайым тасқа тигендей, жолым болмағанына жылап, Одақтың фойесінде отырдым да қойдым. Бір кезде Берік Шаханов ағамыз көріп, жағдайымды сұрады. Келген шаруамды айтып ем, «Мағауиннің орынбасарлары бар, ол кісіден кем емес, көздері қарақты, соларға жолық» деді. «Жұлдыз» журналында Мағауиннің орынбасары жазушы Тұрысбек Сәукетай екен. Жазғандарымды тастап кеттім. Ертеңіне Тұрысбек телефон соғып: «Сен неғып жүрген адамсың, жазуың тастай ғой, сен жазушысың» деді. Содан әңгімелерім «Жұлдыз» журналына шықты. Төбем көкке екі елі жетпей қалды. Бір әңгімемді Жұмабай Шаштайұлы «Қазақ әдебиетіне» жариялады. Басқа газет-журналдарға жібердім. Бәрі жарияланды. Жазушылар Одағына мүшелікке өттім. Осылайша мен әдебиетке 30 жылдан кейін қайта келдім. Аурудың өзі маған үлкен ой салды. Өмірге басқаша қарайтын болдым. Өмір сүруге, бір күндік жарық дүниенің қадыріне жетуге, талантымды пайдалануға жол ашқандай болды. Ауру мен үшін өте қымбат сынақ болды. Әлі де жүрегім дірілдеп тұрады. Ауруды, сол кездерді есіме түсіргім келмейді. Бір күнгі көрген жарығыма шүкіршілік етемін. Өз аяғыммен жүргеніме тәубе. Өмірге шын қуанышпен қарайтын болдым. Әркім өз өмірін бағалай білуі керек.
Елге де, әйелге де, үйге де еркек ие болуы керек
– Әңгімелеріңізде әйелдер тағдырына басымдық беру арқылы нені жеткізгіңіз келді?
– Негізгі ойым − Алла тағала әйелдердің жанын нәзік, әлсіз етіп жаратқанын, оған еркектің демеуі қашан да қажет екенін жеткізу. Қазақ халқы әйел бақытты болуы үшін, бірінші, ер балаларды жақсы тәрбиелеуі керек. Еркек әйелге ие болуы керек. Еркек − үйдің егесі. Еркек осы дүниенің иесі, қожайыны болуы керек деген идеямен жазамын. Әйел қанша жерден алтын басты болса да, одан бақыр басты еркектің тырнағының да артық екенін жеткізгім келеді. Қазақтың қыздары бақытты болуы үшін, ұлдарымызды оқытып, дұрыс жолға салу – бізде әлі де жетпей жатыр.
Балаларымыз бүгінде кітап оқымайды, соған қатты алаңдаймын. Бұл − идеологиялық олқылық. Бүкіл техника, мәдениет, өнер, бәрі қазақша сөйлесе екен, қазақ тілі тірілсе деп армандаймын. Мұның барлығы, ерлеріміздің осал болмауын талап етеді.
– Ауруды қалай жеңдіңіз?
– Ауруды мен жеңдім деп асылық сөйлей алмаймын. Бір Құдайдың шапағаты, дәрігерлердің көмегімен тірі жүрмін. Рак − емі табылмаған дерт.
Білгіштер, яғни, көріпкелдер ХХІ ғасырдың орта шенінде немесе аяғында мұның емі табылатынын айтуда. Оның емі өте қарапайым, тіпті, аяғымыздың астында жатқанын білгенде естері ауысқандай болады дейді. Демек, рактың емі күнде басып жүрген шөптен не сондай бір нәрседен табылады. Біз оны көреміз бе, көрмейміз бе?..
Бірақ мен ракпен ауырған адамдарға үкімет тарапынан үлкен көмек керектігін айтқым келеді. Соның ең бастысы – ақысыз ем. Ракпен ауырғандар метастаза берсе, біткен адам ретінде қарайды. Содан адам тез күйіп кетеді. Ақшасы болса, жан-жаққа апарып емдетсе, адам өлгенінше бір сеніммен кетеді. Жағдайы жоқ жандар метастаза сөзін естісе, өлім анық келгендей өздерін тастап жібереді.
Бұл дертке ұшырағаныма он шақты жыл болды. Дәрігерлерге барып тұрамын. Кеңестерін аламын. Өзімнің денсаулығыма ерекше күтіммен қараймын дей алмаймын. Адаммын ғой, әртүрлі жағдай болады. Тек, Семей полигоны емес, қазақ жерінің барлығында онкология өршуде. Сондықтан, үкіметіміз идеология мен халықтың денсаулығына баса көңіл бөлуі керек. Қалғанының бәрі болады. Қазақтың болашағы әйелдердің және олардан туылатын балалардың денсаулығында.
Өкініш
– Кезінде қазақ мектебінің ашылуына да атсалысыпсыз…
– Бұрын Боралдайда тек немістер мен орыстар тұрды. Ірі зауыттар болды. Сол кездері Боралдайда қазақша сөйлеу мүмкін болмады. Бізді орыс мектебіне жіберіп қазақ тілінен сабақ бергізді. Бұл қазақ үшін революция сияқты болды. Көп жыл бойы қазақ тілі Боралдай мектептерінде спорт залда, табиғат аясында, коридорда өтіп келген. Бірінші рет маған өртенген кабинет берді. Тұрсынбек Баймолдаев деген алымды, ұлтжанды жігіт болды. Іле ауданында оқу бөлімін басқарды. Сол кісі қазақ сыныптарын ашуға қатты көңіл бөлді. Жас мұғалімдерді барлық орыс мектептеріне жіберді. Ғафура Сағиқызы, Гүлнар Қабиденқызы, Заида Тілепалдықызы сынды қазақтың керемет қыздары болды. Солармен бірге өзге ұлттарға көрсету үшін киіз үй тігіп, қазы-қарта, жал-жаямызды дайындап, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды жаңғыртуға белсене кірістік. Мектепке барғанда білгенім, балалар қазақша сөйлесуге ұялады екен. Содан балаларға өз тілінде сөйлеуге тек құлдар ғана ұялатынын айттым. Сыныпқа кірісімен қазақ басылымдарын оқимын. «Қазақ тілі естуге жағымды ма?» десем, бәрі бірауыздан «иә!» дейді.
Содан қазақтың ұл балаларымен жұмыс істей бастадым. Оларға әр сабақ сайын «Сен осы елдің қожайынысың, «Қожа» деген кинода баланы бекер Қожа атамаған. Ол − өз үйінің, елінің қожасы. Сендер де біздің қожайынымызсыңдар. Сондықтан, өз тілдеріңде сөйлеңдер!» деймін.
Сөйтіп жүріп көшелердің атын қазақшаладық. Ол жұмыстың бәрі үлкен күшпен жүрді. Бір таң қалғаным, ең алғаш Қазақ тілі туралы заң шыққанда өзге ұлттар бірден лап етіп, қазақ тіліне бет қойды. Заңға өзгеріс еніп, орыс тілі ресми екені жазылғанда олардың беті қайтып кетті. Сонда мен қатты өкіндім. Бұл өкініш әлі күнге дейін кеудемде.
Заңға өзгеріс енгізбеу керек еді. Сонда бүгінде елдің кемі алпыс пайызы қазақ тілінде сөйлеп жүретін еді. Заң қабылданғанда өзге ұлттар «Бүйректен сирақ шығарып» ешқайсысы қарсы болған жоқ. Орыстар басқа республикаларға қарап, қазақтың өте қайырымды халық екенін түсінді. Бірақ ол түсінікті біз өз іс-әрекетімізбен жойып жібердік. Қазақтың қазақ болып қалуы әрбір отбасының қолында. Қазақ тілі мен қазақы тәрбиені жоғалтпау маңызды. Дәл қазіргі күні жігіттеріміздің қой бастаған серкелер сияқты еңсесін тік көтеріп жүруі, бізге керек болып тұр.
Мені қыздарымның демеуі қатарға қосты
– Қанша бала-шағаңыз бар?
– Кішкентай кезімнен баламның көп болуын армандағанмын. Бес құрсақ көтердім. Оның екеуі шетінеп кетті. Құдайға шүкір, үш қызым бар. Сол үшеуі мені бағып-қағып жатыр. Солардың демеуінің арқасында аман қалдым. Ең қиын сәттері мені демеп-жебеген қыздарым мен жолдасым, екі бауырым болды. Ыстығыма күйіп, суығыма тоңды. Барлығына шыдады. Әйтеуір тірі жүрсе деген тілекпен емдетіп, жағдайымды жасады.
- Сізге ұқсап қалам ұстаған қыздарыңыз бар ма?
– Кіші қызым Асылшаның жазуы жақсы. Журналистика факультетін бітірді. «Аққуды жаралауға болмайды» деген әңгімесі журналға шықты. Бірақ ол өнерін жалғастырмады. Раушаным әл Фараби атындағы ҚазҰУ-де жұмыс істейді. Францияға барған сапарын, Мұстафа Шоқайдың қабіріне тағзым жасағанын жазды. Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері туралы мақала шығарды. Асылша менің қолыма қаламды қайта алуыма көп атсалысты. Компьютер сатып әперді. Үйретті. Мені жетектеп, үлкен қызмет істеді. Немерелерім бар. Бәрі қазақ мектебіне барады.
Негізінен мен туғаннан жолым ашық болған адаммын. 1-сыныптан бастап маңдайым жарқырап жүрді. Училище бітірдім. Қазақ Ұлттық университетінде білім алдым. Кіл беске оқыдым. Университетте жүргенде Болгарияның астанасы София қаласына барып түрік тілдерінен дәріс алдым. Мен балық болсам, оқу мен үшін су сияқты болды. Оқудан еш қиналмайтынмын. Көп оқитынмын. Бірақ мен ғалым болмадым. Рымғали Нұрғалиев ағай күйеуіме қалжыңдап: «Сен біздің академик болатын қызымызды алдың» деп айтатын. Ғалым болған соң дүниені дүр сілкіндіретін жаңалық ашу керек. Қарапайым ғалым санатында жүргім келмеді. Әлі күнге дейін елді таң қалдыратындай жұмыс істегім келеді. Қартайып отырсам да, ойым – осы. Францияда болдым. Сол кезде байқағаным, олардың мәдениеті қазақпен байланысты. Кезінде репрессияға ұшыраған азаматтарымыздың еңбектерін сол жақтан көрдім. Франциядан алған білімім менің рухани наным болды.
Ертеңгі күннен үміт үзбе
– Қиналғанда өзіңізді қалай сабырға шақырасыз?
– Мен де әйелмін, қиналғанда егіліп жылап аламын. Бірақ көз жасымды ешкімге көрсетпеймін. Ауыратынымды айтқым келмейді. Себебі, айналамдағылардың көңіл-күйін түсіргім келмейді.
Күйзелген шағымда көбіне жұбанышты Құран-Кәрімнен таптым. Ұлағатты сөздерге еліттім. Ұлы Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегенді бекер айтпаған ғой. Құранда адамды шынайы өмір сүруге тәрбиелейтін, астамшылықты басып, сабырға, тәубеге келтіретін мотив бар. Әңгімелерімнің желісі де Құраннан алынған.
Мысалы, қорқынышты басу үшін адам өзін-өзі тоқтату керек. Қорқыныш ракпен ауырғандарда да, сотталатындарда да, жай нәрсені бүлдіріп қойғандарда да болады. Адам қандай жағдайда да сабырға келіп, ертеңгі күнін күтуі керек. Ертең Алла тағала саған не береді соны көру керек. Бұл өте қарапайым қағида. Бұрынғылар неге көп өмір сүрген десек, оларда иман болған. Сабырлы, біз сияқты бірден өздерін бомба құсап жармаған. Ертеңгі күннен жақсылық күткен. Өзінің де, өзгенің де жанын жемеген. Бұл қасиеттің ұзақ өмір сүрудің бір жақсы жолы екенін байқадым.
Әңгімелерімнің арқауы − өмір мен өлім, өмір бар жерде өлім бар. Қазіргі өлімнің көбі экологиядан болып жатыр. Бүгінде маған ракпен ауырған, қиындыққа түскен әйелдер келеді. Маған ауыр болғанымен, білгенімді айтып, ертеңгі күнге үміт үзбеу керектігін айтамын. Не істесең де, Алланың маңдайыңа жазғаны болады. Бірақ адам өзінің энергиясын сақтауы керек.
Бақыт ұсақ-түйек нәрселерден тұрады
– Сіздің ұғымыңыздағы бақыт дегеніміз не?
– Мұқағали ақынның «Бақыт дегеннің не екенін білмей жүргенде бақытты екенмін» деген өлеңі бар ғой. Бақытты болу шартты нәрсе деп ойлаймын. Бақыт, меніңше, бір сәттік нәрсе.
Менің ең бірінші бақытты болған кезім – «Жалын» журналына әңгімем шыққанда, жүрегім жарылып кете жаздады. Мысалы, баламның бір жетістігін көрсем бақытты боламын. Бақыт деген ұсақ-түйек нәрселерден тұрады. Бақыттымын деп аузыңды толтырып айтуды мен күпіршілікке санаймын. Жалпы, Құдайға шүкір. Бір қазақтың әйеліндей өмір сүріп жатырмын. Бақытты адамның қандай екенін мен білмеймін. Мүмкін Ахмет Байтұрсынұлы бақытты шығар, аты ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан. Ал, қалғандары күпіршілк.
- Сүрінген әйелдерге не айтасыз?
– «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». 40 жасымда да мен өзімді ақыл тоқтаттым дей алмаймын. Адам көре-көре көсем болады. Көп қателесетіндердің көргені аз деп ойлаймын. Жезөкшелік жолға түсіп кеткен қыздар туралы жаздым. Бірақ, оларды соншалықты жексұрын етіп көрсетпедім. Сол жолдағылар да жап-жақсы, сұп-сұлу қыздар. Бәлкім, байқамай, қисық жолға түскен, сүрінген шығар. Сондықтан, оларды қаралап, теріс айналғым келмейді. Олардың адасуына біз де кінәліміз. Жастармен дұрыс жұмыс жүргізе алмадық. Егер жігіттеріміз отбасын құра алмай, қыздарымыз жаман жолға түсіп жатса, ол тұрмыстың түзу еместігінен. Егер тұрмысы бақуатты болса, адам жақсы істерге ұмтылады. Жастарға қашан да жағдай жасалуы керек.
– Адамның тағдыры өз қолында деген пікірмен келісесіз бе?
– Адамның өмірі өз қолында дейтіндермен бір жағы келісемін, бір жағы келіспеймін. Өміріміз өз қолымызда болса, бәріміз жақсы болып кетпейміз бе? Қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болып жүрмейміз бе? Мен Алланың алды кең деген сөзге мойынұсынамын. Себебі, алдыңда бірнеше жол тұрады. Мысалы, менің бір інім қалаға келді. Базардан орын алып, саудаға кірісті де байып кетті. Кейіннен оған оқуға түсіп, жақсы қызметке де араласуға немесе отбасын құруға, тірлігін өзгертуге болатын еді. Яғни, оның алдында өмірін өзгертуге бірнеше жол тұрды. Оған мүмкіндігі де болды. Бірақ ол ақшаның соңына түсті. Ақыры сол жолда мерт болды. Інім баю жолына түскенде өзінің тағдырын таңдады. Тағы бір мысал, қыз тұрмысқа шығарда «Қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз айтпайды» дегендей бірнеше жігіт болады. Қай жігітті таңдайды – тағдыры сондай болады. Өйткені, ол қыздың тағдыры жігіттің өмірімен байланысты. Сондықтан, әр жолдың өзіндік соқпағы бар.
Сұхбаттасқан – Түймегүл ИБАШЕВА





