ӨМІР ТҮБІ ЖАЛҒАСАТЫН СЫҢАЙЛЫ…

Дәулет Жадырасын

 

Түкпір бөлме

Ұмыта алман ешқашан, ұмытпадым әлі оны,
Бала кезім болса да ішке жұттым «бәлені».
Біздің үйде – ескі үйде үлкен әрі әдемі,
Маған жұмбақ, құпия түкпір бөлме бар еді.

Түкпір бөлме ішінде көкем, жеңгем, қос інім,
Той тойлатып жатқандай жауып алып есігін,
ынтық қылған. Ол мейлі болмаса да мұратым –
Бір тылсым күш сол жаққа тартатын да тұратын.

Іштей тынып, содан соң «кеткендігін есемнің»,
Ұмытамын ұйықтап құшағында шешемнің.
Қос ініме заң «жұмсақ», маған «қатал» неге тым?
Сонда әйтеуір баруға кедергілер көп-етін.

Мысалы, әжем ентелеп ене кетсем бөлмеге:
«Емешегің үзіліп бара ма?» – деп сөгетін.
Ашу келсе әжеме жағдайың қиындар,
Кіргенменен ол жақта қалуға ұзақ тыйым бар.

Қайтып шығам түсінбей, сол тыйымның сырын түк,
Көңілімде қалатын басылмаған бір ынтық.
Ешкім жоқта кіремін, аласы бар адамдай,
Дал боламын ішінен жоқ нәрсені таба алмай.

Бозбала шақ келгенде, (өкінерім сол, әттең)
Көшіп кеттік басқа үйге әкем, анам және әпкем.
Жұмбақ болып қалды ойда ескіргенше сол бөлме,
Жұмбақ болып қалды ойда ес білгенше сол бөлме.
Кейін білдім, қиыны, жеңге менен көкенің
мені өмірге әкелген әке-шешем екенін.
Сырын білдім, о, солай, маған кемшін теңдіктің,
Әжем неге ұрысты? Ұрысыпты (енді ұқтым):

«Жеңешесі құшаққа алып қояр ма екен деп,
Байғұс бала екеуін танып қояр ма екен деп».
Той тойлатып жатса да жауып алып есігін,
Бір тылсым күш сол жаққа жібермейді осы күн.

Жасырғаны секілді түкпірдегі бөлменің,
Тұншығады бір ойлар түкпірінде кеуденің.
Ер жеттім де, ел кезіп, тұрақтадым жыраққа,
Түк бір маза бермеді түкпірдегі ой бірақ та.

Бәрін тастап өзіңе барам десем, Сыр елім,
Бір тылсым күш ұстайды перзентіңнің жүрегін.
Саған барсам, туған жер, болатындай «ұятты»,
Ескі үйдегі баяғы түкпір бөлме сияқты.

Еркіндік сублимациясы

Бақ деп ұққаным сорға айналған күні,
Сор деп ұққаным зорға айналған күні,
Қайсар ұлдар қайтпас жолға айдалған күні,
Тілім – тілім-тілім, қол байланған күні,
Құмар қара суға қанбай қалған күні,
Құмаршық та қолда қалмай қалған күні,
Шараналар туып шалға айналған күні,
Қара көздің жасы қанға айналған күні,
Жарық күнім ғаріп шамға айналған күні,
Шамның өзін көру зарға айналған күні,
Арман жолым ақыр жарға айналған күні,
Төңірегім тұтас торға айналған күні,
Бостандық,
Біз сенің атыңды атауға жасқандық.

Ата Заңым асқақ Арға айналған күні,
Ана тілім ақсақ сауға айналған күні,
Жоқтау, зарым бітіп, әнге айналған күні,
Дастарханым бүтін дәмге айналған күні,
Ішкен У-ым іште балға айналған күні,
«Шала» деген атым шалғай қалған күні,
Қайта тумас қазақ ханға айналған күні,
Жоғалтқандарым, тоналтқандарым
барға айналған күні,
Антым бұл –
Даңқыңды дастан қып,
Мен сені сүйемін, Бостандық!

Баспаға шағым
(утопия)

Әдебиет бағы бүгін – Құс үркек…
Туындылар – сия соры үшін тек.
Жандос Жүсіпбек.

Мақсаттары мезі ету ме, басқа ма?
Өлең-сөздің алқымы тұр аспада.
Ұлы ақынның қанмен жазған өлеңін,
Қап-қара ғып көшіріпті баспаға.
Масқара!..
(Жан әлемін ұғына алса жазудан,
Түркі бабам таңба салған тасқа да).

Дүрмекке, жету үшін жыр көпке,
Жинақ етіп жая салу міндет пе?
Бір ғұмырға сыймай кеткен ақынның,
Бір өлеңін сыйдырыпты бір бетке.

Көңіл сосын күйгелек…
Сыптай өлең кімге қандай сый беред(і)?!
Қолдан келсе қояр ма еді бейнелеп:
ай-күнін, қай жылы,
қандай күйде жазылғанын қай жыры,
күйінішті, қайғыны
сия үстіне сіңіп кеткен көз жасын
суреттеуден бастар едім сөз басын,
өз басым.

Сосын сия жұмсалмайды тек сорға,
(Тосын сый, ә, жыр жинағы көп шалға).
Мың ақын бар мынау біздің өлкеде,
Шын оқырман қалар еді тек сонда,
Шын ақындар қалар еді тек сонда.

Мұғжизаның тарлығы…
Бар болмысы, жан суреті, зар-мұңы
бейнеленсе жан азабы, ой жүгі,
жанарының жаңбыры,
ақындардың тағдыры,
Баспа, баспа, баспаңдаршы басқалай,
Сөз қадірін сезу үшін барлығы.

Жарақат

Батыстағы аждаһа уыз-күнді жұтқан шақ.
Қара бұлттың астында көрінбейді түк моншақ.

Қара қала. Қара адам. Қара көше. Қара жол.
Қара жолдың үстінде қадам басып барады ол.
Қара қала қалыпты ізгіліктен арылып,
Уақыттың өртенген қалдығына малынып.

Күбір-күбір қара тал жазмышын өсектеп,
Қара адамның ғұмырын қадамынан есептеп.

Шаршау дене, аз қайрат дүниеден бірі кем
Шаңырағына асықты арылам деп жүгінен.

Әл-қуатын жымқырған қайтарады ұры күн,
Жарын сүйсе, маңдайдан иіскесе құлынын.

Қадамының дыбысы кенет тынып қалды да,
Тұрып алды бейтаныс қап-қара адам алдына.

Қап-қара адам қарсыда қарашығы жалынсыз,
Дірілімен тіл қатты, тұрды-дағы сәл үнсіз.

«Жаратылған сыңардай жан едіңіз қандай сіз…
Менің де ағам бар еді… Сол ағамнан аумайсыз…

Сізді көріп жанымның сырқатына ем қонды.
Ол да осылай жүретін… ол да осылай өлген-ді…»

Аппақ елес: тентек ұл, ерін күтіп отқан жар.
Қара көше. Қара жол. Қап-қара адам. Ақ қанжар.

Жылдар. Жылдар. Жесір жар ұлын мақтап отырды.
Ұлы ілулі суреттің түрін жаттап отырды.

Process

Жасын сығып барады жаз жылыстап,
Қауқарым жоқ қалатын аз күн ұстап.
Барамын-ау дейді ме жат құшаққа,
Қала мынау етегін мәз дұрыстап.

Боздап-боздап алады Көк інгенше,
Қала қыздай дірілдер жел үрген соң.
Жаңбыр деген – көз жасы кеткен жаздың,
Жаңбыр – күздің аузынан бөлінген сөл.

Естелігін жаз жайлы ұрлатты әлем,
Тек сәуледен болмашы жұрнақ көрем.
Аспан ауыр күрсінді ауық-ауық,
Тұншықтырып жатқандай кір мақтамен.

Ғұмырының келгендей аяғы сұм,
Ықылассыз жасаған баяғы ісін,
Нұрсыз көзін қадайды қайыршылар,
Жаз жымқырып кеткендей таянышын.
Үміт табар үйсіздер енді неден,
Жанарында жауабы мөлдіреген.
Көше бойы жаяулар бірді-екілі
Данышпанның шашындай селдіреген.

Жұлқып, түртті талдарды жел де есіре,
Қырындаған жігіттей жеңгесіне.
Ескі көйлек шешкен соң қала қыздай,
Ескерусіз күндерім енді есіме.

Өткен жайлы шырқамақ түз бір әнін,
Келтіре алмай әлек ол жүз бұрауын.
Жазға айтып үлгермей қалған сырды,
Естимін деп тосады Күз құлағын.

Айт дейді Күз. Күз, саған нені айтайын?
Кеш келеді миыма талай пайым.
Жазбағанда қайтемін осы өлеңді
Естіп тұрып дүниенің жанайқайын.

Split personality

Барар жерін білмейтін жүргінші едім,
Бір күн күдік жеңеді, бір күн сенім.
Ұрттап-ұрттап аламын,
О, сол шақта,
Жапырағы жұлынған гүлдің шерін.

Көкжиекте ақырғы шұғылаға,
Ұқсаймын да басымды бұғып алам.
Әлдебіреу күрсініп, шылымының
Қызыл шоғын үрлейді құбыладан.

Қадам бассаң қарсы алар қақпан оқыс,
Іңір келді, ібіліс шаттана түс!
Көп бояумен әрлеген көңіл-күйім,
Ақшам туса қайтадан – ақ-қара түс.

Көшелерден іздеймін көңілді ырғақ,
Сағат тілі барады өмірді ұрлап.
Қоштасу да қоштасу көз ашқалы,
Әне, тағы біреу тұр қолын бұлғап.

Ойлар, ойлар қоршады оянғалы,
Құр сүлдерім сол баққа аяңдады.
Көз жасыммен суарам шөбін, гүлін,
Мұңлы әуенді жаңғыртып қоям-дағы.
Сосын кері қайтады құр сүлдерім,
– Жо-жоқ, мен жыламадым, күрсінбедім
деймін де, домбыраға салып қоям,
Жан мұңын, жүрегімнің дүрсілдерін.

Қайта ішімнен оянып бұрынғы адам,
Айтып отыр екенмін ыңылдап ән.
Мен – Гүлмін, жапырағы жұлынбаған,
Құдайым, не болды екен бүгін маған…

Диссоциация

Өмір түбі жалғасатын сыңайлы,
Уақыт қана алмасатын сыңайлы.
Бір балақай иемденіп бүгінді,
Сәби орнын шал басатын сыңайлы.

Басқа мүлдем сипат алып бас-қайғым,
Жаңаша өмір – қараша өмір бастаймын.
Күндерімді, жылдарымды аяулы,
Бәрін, бәрін балақайға тастаймын.

Сонсоң ол да ертең менше сүйеді,
Жан-жүрегі өртенгенше сүйеді.
Күйеді.
Енді өтпестей тарпаң басын жастықтың
Уақыттың құрығына иеді.

Ажал деген жасанды ойға алданып,
Адам біткен қабір қазар, қамданып,
Өлмейді адам. Ұмытады тек бәрін.
Сәби орнын басқан кезде шал ғаріп,
Өлім деген тайқып кету бәрі қалып,
Өмір деген қайтып келу таңданып.

Мендік өмір – ендігі өмір миымда,
Мидағыны жоғалту да бұйым ба?
Кешегімді кешпегендей адаммын,
Бір дәуірді ұмыт қылу қиын ба?

Өмір түбі жалғасатын сыңайлы,
Шақтар ғана алмасатын сыңайлы…

Пікір қалдыру