ӨНЕР БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ

«Жұлдыздың» шеберлік мектебінің осы жолғы дәрісін жапон жазушысы,
әлем әдебиетінің классигі Акутагава Рюноскэ (1892-1927) жүргізеді.
«Өнер бәрінен жоғары» деп түйіндейтін қағиданың шыңы – Флобердің шығармашылығы. Оның айтуынша, «Құдай өзі жаратқан нәрселердің бәрінің бойында бар, бірақ адам баласына өз бейнесін ешқашан көрсетпейді. Суреткердің өз шығармашылығына көзқарасы да сондай болуға тиіс». Сондықтан «Мадам Боваридағы» өзіндік әлем сезімімізге ешқандай әсер етпейді.
«Өнер бәрінен жоғары» деген қағида адамды жалықтырып жібереді, тіптен ұйқың келеді – әйтеуір әдеби шығармашылықта солай.
ЕШТЕҢЕНІ АЛЫП ТАСТАУҒА БОЛМАЙДЫ
Тозығы жеткен киім киген біреудің басындағы қалпағы жап-жаңа делік. Көптеген адам сол қалпақты кимей-ақ қойғаны дұрыс еді деп есептейді… Мәселе мынада, оның әлгі қалпақтан басқа тәуір киімі жоқ. Өзі де ұсқыны келіспеген біреу.
Біреудің жазған әңгімесі жылаңқы сезімге толы, екіншісінің драмасынан зиялылық байқалады, бұл да әлгі қалпақ сияқты. Егер қалпағың ғана тәуір болса, оны шешіп тастаудың орнына соған сәйкес жаңа шалбар, пиджак пен пальто ки. Жылаңқы жазушылар кейіпкерлерінің сезімін тежеуге тырыспай, зиялының бойына өмір нәрін сіңіргені жөн.
Бұл мәселе өнерге ғана емес, өмірге де қатысты. Бойындағы бес сезімін түгел басып ұстайтын діндәрдан әулие шықты дегенді естімеппін. Бес сезімді бірдей тежей отырып, басқа қасиетін дамытқан діндәр ғана әулие дәрежесіне жетпек. Әсіре діндәрларды малша піштіріп тастайтынын естіген Унсенің өзі де (1827-1909 жж.. өмір сүрген буддист) шәкірттеріне: «еркектік қабілет толық көрініс беруге тиіс» деп ақыл айтқан.
Бойымыздағы қабілеттің бәрін шегіне жеткізе дамытуымыз керек. Кемелдікке жетіп, Буддаға айналудың бірден-бір жолы осы.
ШЫНДЫҚТЫ АЙТУ
Сіздер маған ылғи: «Өз өмірің туралы жаз, сырыңды ашудан қорықпа!» – дейсіздер. Онсыз да ештеңе жасырмауға тырысып жүрмін. Менің әңгімелерім – белгілі бір деңгейде өз басымнан өткен жәйттер. Бірақ сіздер үшін бұл аз. Одан әрі итермелей түсесіздер: «Әңгіменің кейіпкері өзің болып, басыңнан өткен оқиғаны ұялмастан жазсаңшы». Сосын тағы қосасыздар: «Әңгіменің соңында таблица жасап, кейіпкерлердің ойдан шығарылған есімдерінің қасына шын аты-жөнін жазып қой». Жоқ, ондайға бара алмаспын!
Біріншіден, сіздерге қызық болса да өмірімнің қыр-сырын түгел жайып салғым келмейді. Екіншіден, бар сырымды ақтару арқылы атағымды шығарып, ақша табуға арланамын. Егер мен де Исса секілді (1763-1827 жылдары өмір сүрген жапон ақыны, швед Стриндбергтің француз тілінде жазған шығармасының еркін аудармасын жасаған) «Кого-кироку» тәрізді өлең жазып, оны «Тюо-коронның» немесе басқа журналдың жаңа жылдық санында жарияласам оқырмандар шу ете қалар еді. Сыншылар жаппай мадақтап, достарым мен таныстарым ақыры ішін ашты-ау деп риза болары сөзсіз… Соны ойласам денем түршігіп, жонымды суық тер басып кетеді.
Егер ақшадан тарықпаса Стриндберг «Ақымақтың жан сырын» жарияламас еді. Басқа амалы қалмаған соң ғана, соның өзінде ана тілінде емес, өзге тілде жарыққа шығарды оны. Қарным ашса мен де өйтіп-бүйтіп тамағымды тауып жермін. Әзірше кедей болсам да ашыға қойған жоқпын. Тәнім ауру болса да жаным сау. Мазохизмге де шалдыққан жоқпын. Еске алуға ұялатын жәйттерді көркем шығармаға айналдыруға кімнің дәті барады? Сол үшін алғысқа бөленсе де!
МЫСЫҚ
«Гэнкай» түсіндірме сөздігінде мысыққа мынадай анықтама беріпті.
Мысық… тұрқы шағындау үй жануары. Кең танымал. Қолға оңай үйренеді, еркелей біледі; оны тышқан аулайтыны үшін асырайды. Бірақ ұрлыққа бейім. Сыртқы түрі жолбарысқа келеді, ұзындығы екі сякуға (30,3 см.) жуық.
Әрине, мысық үстелдің үстінде жатқан балықты жеп кетуі мүмкін. Саған қарап оны «ұрлыққа бейім» десек, онда иттер – ұятсыз, қарлығаштар – бөтеннің баспанасына басып кіргіш, жыландар – қатер төндіруші, көбелектер – қаңғыбас, акулалар – жаналғыш болады. Меніңше, «Гэнкай» түсіндірме сөздігін жасаған Оцуки Фумихико – біреулерге жала жабуға бейім кәрі шал, әйтеуір жан-жануарларды қаралауға құмар жалақор.
БОЛАШАҚ ӨМІР
Болашақта танымал боламын деп ойламаймын. Жұртшылықтың, қоғамның пікірі үнемі қате кетіп жатады.
Қазіргі қоғам туралы айтуға да тұрмайды. Периклдің кезіндегі афинылықтар мен Қайта Өрлеу дәуіріндегі флоренциялықтар үлгі тұтар қоғам бола алмағаны тарихтан белгілі. Кешегі және бүгінгі қоғам сондай болғанда ертеңгілер қандай болатынын болжап білу қиынға түспес. Өкінішті, бірақ солар жүздеген жылдан кейін де алтын қиыршық пен кәдімгі құмды ажырата алмай ма деп күмәнданамын.
Жарайды, жұртшылық күндердің күнінде кемелдікке жете қойсын делік, бірақ өнер әлемінде мінсіз сұлулық болуы мүмкін бе? Менің бүгінгі көзім – бүгінгі көз, ол ешқашан ертеңгі көз бола алмайды. Сосын ол европалықтың емес, жапонның көзі. Уақыт пен орынға бағынбайтын сұлулық болады дегенге не үшін сенуім керек? Бірақ Дантенің тозағының жалыны Шығыстың ұлдарын да тітіркентпей қоймайтыны рас. Алайда сол жалын мен біздің арамызда тұманданып он төртінші ғасырдағы Италия жатқан жоқ па?
Оның үстіне, мен қарапайым әдебиетшімін. Бәлкім жалпыға ортақ сұлулық деген шынымен бар шығар, бірақ мен өз шығармаларымды таудағы үңгірге тыққым келмейді (бұл жерде Қытай тарихшысы Сыма Цянның: «жазған кітаптарымның тізімін келер ұрпақтарға жеткізу үшін тас жәшікке салып, таудағы үңгірге тықтым» деген сөзін келтіріп тұр — аудармашы). Мені келер ұрпақ мойындайды деп күтпеймін. Он бес, жиырма, тіптен жүз жылдан кейін мен секілді бейбақтың бұл өмірде болғанын да ешкім білмейтінін көз алдыма анық елестетемін. Мүмкін сол кезде шығармаларымның жинағы Кандадағы (Токио қаласындағы кітап дүкендерімен аты шыққан көше) букинистің сөресінде оқырманын күтіп шаңға бөгіп жататын шығар. Әлдебір кітапханадағы жеке томдығымды қағаз құрттары жеп, әрпі танылмастай болып іріп-шіріп кететін болар. Дегенмен…
Кейде ойлаймын, дегенмен…
Дегенмен біреу-міреудің қолына шығармаларым кездейсоқ түсіп қалып, әлдебір қысқа әңгімемді немесе соның бірер жолын оқитын шығар? Тәтті үмітке осылай бөленеміз — сол әңгіме немесе әлгі жолдар болашақ бейтаныс оқырманыма қысқа да болса бір сәттік ләззат сыйлап қалар?
Қайткен күнде де болашақтан мойындау күтпеймін. Сондықтан ондай қиял атаулының бәрі сеніміме қайшы келетінін түсінемін.
Әйтсе де сол оқырманды – жүздеген жылдардан кейін шығармаларымның жинағын қолына ұстап көретін оқырманымды көз алдыма елестете беремін. Болашақ оқырманымның қиялында сағымданған тұманды бейнем пайда болар ма екен?..
Ақылды адамдар бұл аңғалдығыма күлетінін түсініп тұрмын. Мен де күле аламын, ол жағынан ешкімнен кем түспеймін. Алайда өзімнің аңғалдығыма күле тұрып, сол аңғалдыққа алданған әлсіздігім үшін өз-өзіме жаным ашиды. Өзіммен бірге барлық әлсіз адамдарға деген аянышым оянады…
КЛАССИКТЕР
Классик жазушылардың бақыттылығы сонда, олардың бәрі өліп қалған.
СОЛ ТУРАЛЫ
Біздің – әлде сіздің бе – бақыттылығымыз да олардың өліп қалғанында.
СЫР АШУ
Ештеңені жасырмай, бар сырын жайып салуға ешкімнің дәті бармайды. Алайда ішкі сырыңды ашпасаң жан байлығыңды жеткізе алмайсың.
Руссо сырын жасырған емес. Бірақ ол «Жан сырында» бар шындықты түгел ақтарып салды деп күтпей-ақ қойыңыз. Мериме ішкі сырын ақтаруды жаратпаған. Бірақ қанша жасыруға тырысса да «Коломбода» өзі туралы айтып тұрған жоқ па? Әдебиетте мына шығарма автордың жан сыры, ал мынау олай емес деп нақпа-нақ ажыратып беру мүмкін емес.
ШАЛАҒАЙЛЫҚ
Шалағай шығарма, көлемі қанша ауқымды болса да, терезесі жоқ бөлме сияқты. Қанша үңілсеңіз де адам өмірінің қыр-сырына қаныға алмайсыз.
ДОСТОЕВСКИЙ
Достоевскийдің романдары карикатураға толы. Бірақ, солардың көпшілігі ібілістің өзін мұңға бөлеп, жабырқатар еді.
ФЛОБЕР
Менің Флоберден үйренгенім – адамды жалықтырып жіберетін әсемдік қана.
МОПАССАН
Мопассан мұз сияқты. Бірақ кейде мұзкәмпитке ұқсайды.
ПО
«Сфинксті» жазбас бұрын По анатомияны зерттеген. Кейінгі ұрпақты таң-тамаша қалдырған құпияның сыры осы зерттеуде жатыр.
МЕНІҢ СҮЙІКТІ ШЫҒАРМАЛАРЫМ
Менің сүйікті шығармаларым, әдеби шығармаларды айтып тұрмын – автордың өзі адам ретінде сезіліп тұратын шығармалар. Миы, жүрегі, шынайы сезімдері бар кәдімгі адам ретінде. Бір өкініштісі, жазушылардың басым көпшілігі әйтеуір бір кемістігі бар мүгедек болып келеді. (Бірақ кейбір мүгедектердің ұлылығына тағзым етпеу мүмкін емес).
ТАЛАНТ
Талант пен біздің арамыз бір-ақ қадам. Сол қадамның қандай екенін түсіну үшін жоғары математиканы меңгеру керек, өйткені онда жүз ридің (ежелгі жапон өлшемі, 3,927 км.) тең жартысы тоқсан тоғыз риге тең.
СОЛ ТУРАЛЫ
Талант пен біздің арамыз бір-ақ қадам. Замандастарымыз сол қадамның мың риге тең екенін ешқашан түсіне алмайды. Келер ұрпақтың көзі соқыр, олар да түсінбейді. Замандастары талантты сондықтан өлтіреді. Ұрпақтар сондықтан талантты көкке көтереді.
СОЛ ТУРАЛЫ
Таланттың қасіреті оның «сүйкімді де жанға жайлы даңққа» бөленуінде.
ӘДЕБИ ШЫҒАРМА
Әдеби шығармадағы сөздер сөздіктегідей жалаң да әрсіз емес, көркем болуға тиіс.
1922-1926 жж…
Орыс тілінен аударған Нұрлан Қами





