Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арнаймын!
* * *
Бектері, халқы адал болмағандықтан, Табғаш қағанның алдауына сенгендіктен, арбауына көнгендіктен, ағалы-інілінің кектескендігінен, бектер мен халқы бір болмағандықтан Түрік халқы елдігінен, елінен айырылды.
Кұлтегін ескерткіші.
732 мешін жылы
Е, мәңгітас,
Сөйле, сөйле тарихты!
Кіл қапастан енді көрдік жарықты.
Сары даланың сағымына алданып
Өлер болдық,
Өзегіміз талықты.
Қариядай тік отырған, байыпты
Сөйле, cөйле,
Сөйлеші сен тарихты!
Сөйле, сөйле!
Сөйлеші сен мәңгітас!
Менің мұңым саған айтпай айықпас.
Ел қағанның рухына қарыздар
Түгел түркі тағдырлас,
Алты Есірден тараған жұрт―
Алты Алаш!
Алтай таудан ауа кеткен арда Алаш.
Сен мәңгісің,
Мәңгісің сен Ел қаған.
Ер едің сен оңды-солды сойқаған.
Түркің сені ұмытпайды артыңда
Талай ғасыр қалсадағы кер табан!
Бабаларға тартып туған бөрі едің,
Жау алдында бой бермейтін өр едің.
Түлістегі түгел түркі еліңді,
Өле өлгенше жебедің.
Құмдан жаққа
Қол бастадың сан түмен,
Ту көтердің
Бабалардың антымен.
Төгіл суға төніп барып тоқтадың,
Табғаш қаған қатты састы халқымен!
Ат ойнатып келді Табғаш қағаны,
Сес көрсетіп,
Тіксіндірмек − амалы.
Салығыңды төле маған!
Әйтпесе,
Босат дедің Құмдан деген қаланы!
Бұл да менің,
Шынын қуса,
Өз жерім,
Өз жерімде қақысы жоқ өзгенің!?
Түре тиіп Алты қырдың шетінен
Есіңде ме түрен салған кездерің?
Түрен салып,
Алдың тартып Өртөсті,
Амалсыздан теріскейге ел көшті.
Қалды қыстау,
Қоғалы көл,
Қом сулар,
Қара дөңде қара суық меңдетті.
Содан барып
Шұғай құзын қыстадым,
Талай көрдім
Табиғаттың қыспағын.
Ақ сүйек жұт кезінде де кешегі
Бастырмадың
Өртөстің бір пұшпағын.
Бізде қандай
Қалсын енді басқа амал −
Мәңгілікке
Салдың тағы тас қамал.
Тағдырымды талқым еткен,
Тар еткен
Тас қамалдан қасіретім басталар.
Қарғыс атсын
Сенің мынау еліңді,
Ақтамаған атасынан сенімді.
Сары бабалық заманынан берменгі
Алғал келдім алынбаған кегімді!
Босат енді,
Ескі қоныс төрімді,
Қыстауымды,
Қара суат көлімді.
Саржайыққа қысы-жазы сал айдап,
Қыран бабамам қыстау қылған Төгілді.
Қара мекен,
Күн бабамнан қалған жер,
Боз қараған,
түйелерін жайған жер.
Төбесінде жасын ойнап,
Әз жүріп
Қысы-жазы
күнгейін күн шалған жер.
Сол мекенге
Ат тұяғын бастырдым.
Шыбын жанды
Тек Тәңірге тапсырдым.
Күйігінен
Қайран қара мекеннің
Кіреукелі темір сауыт қапсырдым.
Деп Ел қаған буырқанды,
Бұрсанды,
Жыға тартып жебе толы қылшанды.
Адырналар ала өгіздей мөңіреп,
Сұр жебелер көк жүзіне шырқады.
Алай-дүлей
Дабыл-сырнай кернеді,
Оқтын-оқтын
Оқ жаңбыры селдеді.
Жанұшырып жерде айғай,
Көкте айғай,
Екі жақ та есі кетіп меңдеді.
Табғаш қаған
Туын жықты,
Жеңілді.
Қанға бөкті қара қаптал, тебінгі.
Елдесейік,
Елдеспейтін кім едік,
Алған болсаң алынбаған кегіңді.
Деді дағы қосшыларын шақырды,
Өзі келіп Ел қағанға бас ұрды.
Қара дабыл, бөрі басты байрақты,
Қошаметтеп қос қолымен тапсырды.
Жолы қиын еді бөрі байрақтың,
Белгісі еді ол −
Еркіндіктің,
Айбаттың.
Тұрушы еді көк ордада тігіліп,
Киесіндей қару менен қайраттың.
Туды көріп
Қалт ойланды Ел қаған,
Айбаты да,
Қайраты да өр қаған.
Екі бүктеп
қамшысын тік көтеріп,
Бір қария дәт тіледі ортадан:
– Қаракөктен
Қадірің артқан қағаным,
Неге сонша қабарыңқы қабағың?!
Топ ішінен
Саған тоқтау айтайын,
Енді ғана ашылғанда араның.
Дүбірлетіп жеткеніңде даланы,
Қалқан құрлы болмай қалды қамалы.
Қыл бұрауың
Тақымына батқанда,
Алдыңа кеп басын иді қағаны.
Естілгенде
ұрандары ескінің,
Қан қасапта десі басты дестінің.
«Қылша мойын талша» – деген
Емес пе!?
Келсе алдыңа
Әкенің де кеш құнын!
Деп қария кеселдене тоқтады,
Жанарынан жарқылдады оттары.
Екі қолын еңселей тік көтеріп,
Ел қаған да сөзін оның қостады.
Жүгінісіп уәде түбі – сабырға,
Бүлінбеске
Табғаш-Түрк тағы да.
Серт берісті сол арада қос қаған,
Қолын малып
Боз биенің қанына!
Осылайша
Табғаш-Түркі серттесті,
Бірге жайлап-төстейміз деп Өртөсті.
Ата қоныс,
Қыс қыстауым қайда деп,
Саржайықтан сапырыла ел көшті.
Қотарылды
Қалың ауыл түйелі.
Түйелі – көш тумысынан киелі.
Ежелгі жұрт –
Алты қырдың астына,
Арта келіп қонақтады иегін.
Олар бекер мақтамайды Өртөсті,
Өртөсінде ғұндар кеше ерке өсті.
Жатып қалған бір қозысы
Жайылып
Мың қой болған мекен еді
Ол текті.
Сол арада жайлы бір қыс өткерді,
Көне қоныс еске салды өткенді.
Жер аяғы құрттай келе,
Қалың көш
Салқын-сабат солтүстікке беттеді.
Кең көсілген сары белін арқадай,
Түркі жұрты тұрсын қалай аңсамай.
Саржайықтан өтіп шыққан
салқар көш,
Сары жонына бара жатты шалқалай.
Сары белін жаздай тағы жайлады,
Салқар төрі −
сайран салар ардағы.
Құрты қандай өре толы ақ жарма,
Бармақ елі түсетұғын қаймағы.
Беттің айын келтіретін қырмызы,
Қандай күшті буырқанған қымызы.
Тоқты етімен тостағандап сімірсең
Күн ұзақта
Бойда тұрар қызуы.
Әне-міне өте шықты жаз айы,
Сары белде сауық-сайран азайды.
Салқын демі солтүстіктің білініп
Қоңыр күздің күреңітті қабағы.
Қаздар қайтты терістіктен –
Байқалдан,
Оңтүстікке жасыл желек жайқалған.
Тыныштықта тыраулаған тәтті күй,
Естіледі күні-түні аспаннан.
Қаздар қайтты,
Қаздарменен ел қайтты,
Боқырауда қырау түсті,
Жер қатты.
Шұғай таудан
қотарылған қалың көш,
Жағасына Саржайықтың кеп жатты.
Бірақ, өмір
Аяқасты өзгерді,
Тағы қысты
Тағдырдың қыл безбені.
Саржайықтан өтем деген қалың ел,
Самаладай қалың қолға кез келді.
Ат-көлігі қыр астында байлаулы
Тұрған екен бес қаруы сайлаулы.
Қапелімде мұрттай ұшты қалың ғұн
Ат сауырын сипай түсіп айдары.
Бет қаратпай суылдаса сақпаны,
Қапысыз-ақ
Қапты құрған қақпаны
Ел қағанды өкіндірді
Жауының,
Кек қайтарар жерін жақсы тапқаны.
Тайды осылай
Табғаш қаған сертінен,
Боз биенің қаныменен бекіген.
Жараспайтын іс жасады ерлікке,
Өлтірердей ар-ұяттың өртінен.
Десе дағы
Арғы тегі текті ұлан,
Сәнбі жұрты нағашысы көкшулан.
Кезеп еді сәт сағаты келгенде
Бауырын да билік үшін мерт қылған.
Одан енді тілдескеннен не қайыр?
Оныменен жолым болсын екі айыр.
Түркі жұртым
Сені өрге сүйреймін,
Болса дағы заманақыр,
Жер тақыр!
Деп Ел қаған
кері бұрды ат басын.
Сүйемекке Үш сораңға арқасын.
Көк бөрісі тістеп жүріп өсірген,
Түркі жұртым,
Тәңірім сені сақтасын!
Аман болсын
Ата қоныс – Үш сораң,
Үш сораңда жатыр көне құт қораң.
Сол арада
Жағын тартып садақтың,
Ата-бабаң жебелерін ұштаған.
Үш сораңға қайта айналып ел қонды,
Бөрілі тау,
Шұғайқұзға тел қонды.
Бөрі басты белдеуіне ту қадап,
Көк орданы айналдыра мор көмді.
Сол араны қалың түркі қыстады,
Тәңір оңдап қыс қаһары қыспады.
Берен киіп, бес қаруын,
Бедеуін,
Ала қыстай белдеуінде ұстады.
Аңдып басып әрбір істе қадамын,
Арлан бөрі ашты қайта аранын.
Күтіп жүрді қыр басында күні-түн,
Табғаштардың
жаңа жылын – шағанын.
Шаған күні
Чан-ан чэнда шам жанды,
Шамды көріп періштесі шамданды.
Қара сүңгі қағанға ерген қалың қол,
Түн ішінде тимек болып қамданды.
Түн ортасы қала түгел масайды,
Аттың тауы
қалқалады жарты айды.
Естіген соң тыныштықтың дабылын,
Табғаш қаған төсегіне жантайды.
Cәлден кейін,
Айғай-сүрен басталды,
Ашулы қол аямады жаттарды.
Чан-ань менен Алты қырдың арасы,
Аттылардың табанына тапталды.
Чан-ань түгел жатыр еді ұйқыда,
Әрең тұрды
Мастығынан бұлқына.
Аңдыған жау алмай қоймас
деуші еді,
Жеткен екен бірақ күнде тырқына.
Қалалары қалың өртке оранды,
Қазынасы ақыр-тақыр тоналды.
Табғаш жұрты
Тұрғандай боп сүзектен,
Айлар өтіп әупіріммен оңалды.
Кетті жаудың қарсы келер шамасы,
Арта түсті Ел қағанның бағасы.
Қыр соңынан
қанша айналып түссе де,
Жеткізбейді ғұнның байтақ даласы.
Жеткізбейді
қарасына Ел қаған,
Не бір жүйірік
Шаңға бөкті кер табан.
Чан-ань чэнға қайтып келді
Табғаш хан,
Мысы құрып бар амалы ортаған.
Қайтып келіп
уәзірлерін жинады,
Тайжі-гоңның түгел келді қулары.
Ел қағандай аты шулы кезептің,
Қайтсек басын аламыз?! –
деп бунады.
Табғаш ханның
кең аспаны тарылды,
Таусылғандай болды бірде сабыры.
Топты уәзір
тон пішкендей кеңесіп,
Ең соңында бір амалы табылды:
Хан алдында
көп ойланып-толғана,
Пәтуаға келісті олар бір ғана −
«Уды умен», «жатты жатпен»
деген бар,
Жақындарын тартайық деп шырғаға.
Көздеп ұшса
қыран құстай жырақты,
Қапталдағы
қос қанаты сияқты.
Ел қағанмен жаны бірге шығарда,
Таңдады олар бас бұйрығы
Сымақты.
Жатқан кезде
Өтукенде жырақта,
Кісі салды ебін тауып Сымаққа.
Ашына Жоң Адал деген бар еді,
Табғашшалау аты-жөні құлаққа.
Болғанымен ата-тегі Ашына,
Құмар еді ақша менен асылға.
Болып күнде майлығы мен сулығы,
Көптен ерген
Табғаш ханның қасына.
Дегендейін іштен шыққан
жау жаман,
Кезеп еді барлық жайды
қаузаған.
Аялдамай Өтүкенге тез жетті
Адамдай-ақ сауда дауын даулаған.
Қасында бар
Соғдының төрт сартбауы,
Шай мен қант,
Торғын-торқа артқаны.
Асыл кездік, алқа, белдік, білезік,
Кілем-кілше, зібу-зинат бар тағы.
Соны көріп тұнды көзі халықтың,
Сауда ісіне атасынан қанық тым.
Көз тартады құмандары
Қашқардың,
Құтылары Бағдаттың, Балыхтың.
Қандай ғажап,
Хаңжоу, Сужоу жібегі,
Оны киген арулардың гүл өңі.
Ол заманда
Жібек,
Жібек,
Жібек деп
Соғып тұрды дүниенің жүрегі.
Тоғанағы қашан да тоқ келетін,
Алыстардан ізгі хабар беретін.
Жүрген жері әлем-жәлем
жәрмеңке,
Саудагерді халық жақсы көретін.
Бір болғасын ата тегі, жатыры,
Ел қаған да көрді мынау пақырды.
Сартбауларын сыртта
бөлек қалдырып,
Өзін ғана көк ордаға шақырды.
Жүргендіктен бөгде жұртта, жырақта,
Қаған оған қарады сәл сынап та.
Ашық күнде қабағынан қар жауып,
Отыр еді бас бұйрығы Сымақ та.
Ашына Жоң
Айтты жайын сауданың,
Байқамаққа Ел қағанның аужайын.
Ел арасы қанша қиын болса да,
Жасадың деп саудагердің
жағдайын.
Қаған оған шыныменен мәз болды,
Айдынына
аққу ұшып, қаз қонды.
Қасындағы бас бұйрығы Сымаққа:
− Сауда жайын
қарауыңа ал! – деді.
Ашына Жоң жорта ойлап алысты,
Сымақпенен емен-жарқын танысты.
Күнде кіріп-шыға жүріп алдына,
Көңіліне түйе жүрді әр істі.
Сымақпенен қырға шықты бір күні,
Соқты аямай
Бөрте қарсақ, түлкіні.
Қайтып келе жатты олар ордаға
Қанжыға да аң мен құстың түр-түрі.
Келе жатып бас бұйрықты
мақтады,
Қас-қабағы еді күнде баққаны:
Тайзоң патша
Сәлем айтты арнайы,
Қаған болса дайын дейді тақ-тәжі!
Ашынаның әулеті екен ол дағы,
Маңдайында ашылмай жүр
мол бағы.
Ойдағысын айтсын
Егер қаласа,
Қашандағы болам, –
дейді қормалы!
Деп саудагер
Бетін ашты шындықтың,
Жілік шағып,
Майын ішкен қулықтың.
Сымақ сонда қалды бір сәт тіксініп,
Дәл үстінен
түскендей-ақ сұмдықтың.
Түсіп аттан
Көлік белін көтерді,
Ойға беттеп алған еді кеселді.
Тұрды бір сәт
Өз-өзімен ауаша,
Дөп келгендей көптен бергі есебі.
Ашына Жоң айтты
Ханның нақ ойын –
Қойсын деген жылда
салған әлегін.
Ел қағанды ұстап берсе егерде,
Берем деген қағандықты сәлемін.
Мұны естіп Сымақ қалды ойланып,
Қыран құстай
Қанаттарын қомданып.
Тілегені жерден бүгін табылды,
Жүргенінде көкке күнде қол жайып.
Ел қағанды құрықтаудың амалын,
Құрып шықты,
Күні-түні толғанып.
Бағы жанып
Түлістегі Түркінің,
Алған еді осы кезде бір тыным.
Оңға-солға қол бастады Ел қаған,
Жамаймын деп
Ел-жұртының жыртығын.
Тұрған еді елде аман, жұрт та аман,
Бақыт құсы бастан әлі ұшпаған.
Ата жолын ер түріктің әспеттеп,
Қол бас сайын
Бөрі байрақ ұстаған.
Әр заманның қағаны да әр басқа,
Арқасына бітпеген-ді жал босқа.
Отыратын мұртын сылап
Ел қаған
Алынбаған кегім бар деп Табғашта.
Бірақта бар түркінің де түрігі,
Елім деген күліктердің кұлігі.
Жұмыртқаның бір ұяда шайқаған,
Шығады екен неге кейде шірігі?
Сымақ солай Табғаш ханға сатылды,
Тәңіріне бас ұрғандай бас ұрды.
Ашына Жоң
Майлық-сулық боп жүріп
Ақырында айла-амалын асырды.
Күзге қарай
Шұғай тауға ел көшті,
Елмен бірге сан аламан қол көшті.
Қолдың көбін Сымақ ертіп соңынан,
Табғаш ханмен екі мәрте сөйлесті.
Табғаш қаған уәде берді қайталап,
Бекіткендей болды сөзін балталап.
Сәтін күтіп
Табғаш ханның көп қолы,
Шұғай тауға
Келіп тұрды анталап.
Шыққан сәтте
Аңға жалғыз Ел қаған,
Қойып кетті
Сол қалың қол ортадан.
Қалды қаған арпалысып, алысып
Арасында қалың жаудың қоршаған.
Сымақ қолын жібермеді қағанға,
Түссін деді құрып қойған аранға.
Он түмен қол қайда? – деді Ел қаған,
Түркі жұртым,
Түстің қалай талауға!?
Қайдан жетті
Бізге мұндай зобалаң?
Не боп кетті
Аяқасты бұ заман?
Түркі жұрты,
Қандай күйге тап болдың,
Енді-енді қатқан кезде бұғанаң!?
Сымақ қайда?
Қайда қолы түркінің?
Бөрі азды ма
Түрін көріп түлкінің?
О, Тәңірім,
Өзің ғана қолдай көр!
Құлы қылмай
Құзғындар мен құнының.
Қайран елім,
Сені бүгін жау басты,
Жау басарда басты солай албасты.
Түркі жұртым
Қағаның мен бектерің,
Бағы қайтып,
Ата жолдан адасты.
Аман бол! – деп,
– Түлісім мен Тардұшым,
Аямаған өмір бойы бар күшін.
Осылайша
Қолды болды Ел қаған,
Ер жігітше көріп тағдыр талқысын.
Алып келді ажырғылап Чань-анға,
Талатқандай көк бөріні қабанға.
Тамашалап шықты түгел көрмекке,
Табғаш халқы
Көшелер мен алаңға.
Көкжал бөрі
Аласұрған азулы,
Түсті торға,
Түсті көрге қазулы!
«Мың асқанға бір тосқан» – деп
Осында,
Болды бұл жәй әңгіменің азығы.
Құрттым ба деп
Елге келген кесірді,
Табғаш қаған
Аласұрып есірді.
Ашына Жоң,
Ашына Сымақ екеуін,
Қошаметтеп құзырына келтірді.
– Ашына Жоң,
Үмітімді ақтадың.
Ала жаздай
Бел шешіп бір жатпадың.
Есесіне
Саған тарту етейін,
Әулетінен бір шүйкебас патшаның.
Деп Таң Тайзоң,
Күйеу бала етті оны,
Толған айға қолы жетті көктегі.
Мәртебеге биіктеді
Табғаштың,
Сәлем беріп тұратындай бектері.
Патша қайтып
Жүзін бұрды Сымаққа,
Жеттің бе? – деп, –
көптен күткен мұратқа.
Биік мансап, байлық неткен
Бағалы ең!
Қаратпаған
Ар-намысқа, ұятқа.
Моншақ тағып
Алтын баулы, таналы,
Қамар белдік
Тарту етті бағалы.
Өз қағанын жығып берген Сымақты
Етті бірден Түліс Түрік қағаны.
Бұл жалғанда
Кімдер кие, кім ие?
Қас қағымда кілт бұрылды дүние.
Қапияда
Қия жолда мерт болды,
Атын салып жүрген ерлер күдірге.
Парықтамай
Дос пен қасты,
Қаскөйді,
Түркі жұрты бодандыққа
бас қойды.
Ел қағанның сынамаққа тағатын
Табғаш қаған
Талай күнге аш қойды.
Аш қойды олар
Әйелін де, баласын,
Сексендегі селкілдеген анасын.
О, дүние-ай,
Дегдар басың қор болды-ау,
Кім береді
Мұндайлардың жазасын!?
Көз қарайды,
Тіл байланды, әл кетіп,
Аштық дерті бара жатыр меңдетіп.
Тартты Ел қаған,
Қолына алып қобызын
Бір зарлы күй
Аңыратып, еңіретіп.
Еңіреді –
Тау мен дала – ұлысы.
Тарылғандай болды демі, тынысы.
Зарлы мұңмен,
Елін, жерін жоқтады,
Таң қалдырды
Таң Тайзоңды мұнысы.
Еркіндіктен
Айырылып Елі де,
Түсті сорға,
Түсті түгел телімге,
Құлағында құр бақа ойнап
құланның,
Шыбын-шіркей үймеледі көзіне.
Әттең дүние-ай,
өкінгенмен кеш енді!
Деді жұртым
Көре алмасам
Қош енді!
Өлсем орным қара жер
деп баптанып,
Жамбасына қамыс бойра төсенді.
Шек келтірмей
Келешекке, сенімге,
Әлдиле деп
бетін бұрды өлімге!
Табғаш қаған
Нөкерлерін шұбатып
Келді бір күн тұтқын жайын көруге.
Тайзоң оған
Көрмегенді көргізді,
Қапасына бақа-шаян өргізді.
Жемеген соң
Сынамаққа тағы да
Қағанға деп
Бір кесек ет бергізді.
Ел қаған да
Етті көріп ұмтылды.
Ойламайтын
жан болар ма құлқынды.
Бірақ қаған
Қолына алған сол етті
Ең әуелі анасына ұсынды.
Аш болса да
Балалары, әйелі,
Сексендегі
Анасы еді бар ойы.
Анасы оның қормалы еді,
Қорғаны!
Дамылдайтын алтын төрі, дәргейі.
Перзенттігін
Көріп оның бұл ізгі,
Табғаш қаған ойға батып кідірді.
– Мен ардақтай алдым ба – деп
Анамды?
Жау да болса
Ел қағанға сүйінді.
Сүйінді ол
Анасы бар адамға,
Ана алдында
Алаң көңіл балаға.
Е, дүние-ай,
Мен де сондай күй кешсем,
Ел қағанның ісін істей алам ба!?
Е, Тәңірім,
Сақта мұндай тағдырдан,
Тар қапаста
Шарасыздан дағдырған.
Болсаң-дағы қаракөктің тұқымы,
Сен білмейсің
Не боларын алдыңнан?
Осылай деп
Тайзоң қайта серпілді,
Өзі қылған қараулыққа өкінді.
Хан тұқымы ханға азар бермес деп,
Ел қағанды
Шығаруға бекінді.
Өзін бөлек
Аманаттап ақ үйлі,
Жағдайын да
Жасап берді бар игі.
Өнерпаздар қосып берді қасына,
шалқысын деп
Шұғай таудың ән-күйі.
Тау ішінен
Бір қойнауды жайлатты,
Желісіне асау құлын байлатты.
Құмарлығын естіген соң аң-құсқа,
Тазы беріп,
Қыран бүркіт сайлатты.
Көк ордасын
Құрып берді басына,
Көп нөкерін жиып берді қасына.
Ауық-ауық
Ұлы думан той қылып
Мақтап жатты бағасын бек асыра.
Сонда да ол
Отыратын көңілсіз
Көзінде мұң,
Көкіректе шер − үнсіз.
Ел-жұртының бодандығы меңдетіп,
Ертелі-кеш елеңдейтін дегбірсіз.
Қайран Елім,
Болдың кімнің боданы,
Бақ жұлдызың
Тұрушы еді жоғары.
Жазымөткел
жақыныңның мойнында
Бұла-бұла көз жасыңның обалы.
Қойсадағы
Құйқылжытып жан-жағын,
Шайнап жатты өкініштен
бармағын.
Жұдалықтың дертінен ол көз жұмды,
Көтере алмай көп
қайғының салмағын.
О, Ел қаған,
Өлді елінің дертінен,
Айнымады адал айтқан сертінен.
Атқосшысы бар еді
оның – Тұйғынжал,
Тұрып алды
Бірге өлем деп еркімен!
Ешкім оны бөгеп қала алмады,
Ғұннан қалған ата жолын жалғады.
Бірге жүріп,
Бірге кіріп көрге де,
Бар ғұмырын қағанына арнады.
Бұйым ба оған
Бұл өмірдің қыспағы!?
Тілегені Тәңір жолы, ұшпағы!
Табғаштардың ханы менен қарасы,
Көріп мұны
Жағаларын ұстады.
Қаған болса
Ел қағандай болсын! – деп,
Қосшы болса
Тұйғынжалдай болсын! – деп,
Өре тұрып
Бірін-бірі қостады.
Дүниеден
Өтті солай Ел қаған,
Түгел Түркі –
Түлісіне бел қаған.
Қолына алып
Көкбөрі көк байрағын,
Арыстандай айға шапқан
шер қаған.
Артта қалған ата сөзде кешегі:
Құс жаңылып
торға түсер – деуші еді.
Ер жаңылып
қолға түсер, – деуші еді.
Арғы-бергі тарихында түркінің,
Кім бар дейсің
Түгел жүрген есебі?
Өтті өмірден
Ел қағандай есіл ер,
Жүрген жолы,
Басқан ізі ертегі.
Өтүкен мен
Ордостың сары даласы,
Сол күндердің күйін әлі шертеді.
Содан бері
Ізі қалған сойдақты,
Дала талай есіл ерге толғатты.
Ел қағанның,
Көп ойланып Таң Тайзоң,
Жау да болса
Ескерткішін орнатты.
Жау да болса
Аруағына бас иді,
Оны ойласа бойда қаны тасиды.
Көк бөрілі
Көк түріктің рухымен,
Талай-талай ойын іске асырды.
Жақсы көрді,
Содан бастап Түркіні,
Түркілермен дүниені сілкіді.
Бағындырып Тибет,
Таңғыт, Көрейді,
Аттың басын Алатаудан іркіді.
Басып алды
Тардұштағы Он оқты,
Қара қаған
Қарсы алдынан жолықты.
Оны дағы алдап соғып ақыры
Табғаш қолы түркілермен толықты.
Түркілердің
Елін, жерін жау алды.
Бастан кешті
Нағыз сұмдық, зауалды.
Елді халық елдігінен айырылды,
Қағанды жұрт қанатынан қайырылды.
Елу жылдай көрді осындай зұлматты,
Табғаштардың
тіс-тырнағы тым батты.
Құтлық қаған Елтерістің кезінде,
Қайта құрды қағанатын қуатты.
Қыдырханнан
Қол бастады Қырымға,
Жарқылдаған алмас қылыш сияқты.
Күлтегін мен Білге сынды өрені,
Бірге туған екі тарлан бөрі еді.
Ел қағандай ер бабаның рухымен,
Түркі жұрты жақсылыққа кенелді.
Содан бері өтті талай ықылым,
Ұлы дала алғаны жоқ бір тыным.
Тардұш қыры
Кең-керістің төрінде,
Желбіресін
Көк байрағы Түркінің!