ДАЛА

Андрей менің бала кезден бірге өскен ауылдасым. Інімнің жақын досы. Ол екі қарындасымен әкесіз өсті. Анасы неміс қызы жақсы адам еді, балаларын ешкімнен кем қылмай өсіріп, өндірді. Ал Андрейдің әкесі Қаһар Төлебаев соғысқа бастан аяқ қатысып, ауыр жараланып елге оралған. Балалары кішкентай кезінде ауыр науқастан дүние салды.
Андрей бала кезінен Қазақстан тарихына құштар болып өсті. Әсіресе, ата-бабасының шежіресін өте жақсы білетін. Сол рудан шыққан ақын-жазушылар мен би-батырлар туралы қызықты әңгімелерді көп білетін.
Өзімнен бір екі жас кіші болса да, мен оның зеректігіне таң қалатынмын. Ол мектепті үздік бітірді, Қостанайдың ауылшаруашылық институтын қызыл дипломмен аяқтады. Мен Алматыға қоныс аударғанда, ол Мурманск қаласына әскери міндетін өтеуге кеткенін естідім. Кейін сонда қалып, үйленді. Соңыра хабарласқанымда ол маған Примор өлкесінің табиғатына тәнті болғанын аузының суы құрып әңгімелеген. Сонау елге қиын болған 90-шы жылдары Артель құрып, орыс деревньясын қалпына келтіріп, титықтаған шаруашылықтардың өркендеуіне еңбек етті. Өлең кітабын шығарды. Енді міне Андрей Рейзвихтың ата-бабасы туралы жазған «Дала» романы қазақшаға аударылып, оқырмандардың назарына ұсынып отыр.

Ғани Баянов,
суретші

ДАЛА

Романнан үзінді

Өлім ортақ, тірінің сол – кесімі,
Мәңгі өмір сүрер бірақ өшпейтіндер есімі…

Ә. Науаи

Андрей РЕЙЗВИХ
Орыс тілінен тәржімалаған Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Біздің балалық шақ адам өмірінің ең бір мұңға толы естелігі сияқты болды. Көз ұшында көгілжім көкжиекке барып, аспанмен астасып жататын ұшы-қиырсыз кең дала. Бүк
іл әлем мүлгіген мылқаудай тым-тырыс. Күн тас төбеден шаңқайып тұр. Алыста әлдебір тылсым дүниеге шақырғандай болып бозғылт сағым бұлдырайды. Нәп-нәзік сабақтарын шаң басып ауырлатқан шөп атаулы да ұйқыға кетердей маужырайды. Анда-санда болар-болмас бір қоңыр леп қана лып етіп баяу есіп өткендей болады.
Оның осы сәттегі бар ермегі домаланған жалғыз қара қоңыз ғана. Байғұс енді жыбырлап өз бағытымен кетіп бара жатса, бұл оны саусағымен тоқтатып, басын басқа жаққа бұрып қояды. Ал қоңыз бір сәтке қозғалыссыз, жансыз күйге түсіп тым-тырыс бола қалады да, енді бірде мұрттарын жыбырлатып бұның саусағына қарай өрмелей бастағанда бұл оны шертіп жіберіп шалқасынан түсіреді. Қоңыз байғұс екі аяғын аспанға ербеңдетіп тұруға тырысады.
…Бұл естеліктер өмірдің үзік-үзік тұстары сияқты емес, керісінше біресе осынау жалған дүниеден еш қымсыз балалық шағы, ауыл сыртындағы жібектей есілген әппақ сабақтары күн сәулесіне шағылысып, толқындай тербетілген қалың селеулі дала болып, енді бірде жерошақта тезектің ащы иісін кең далаға таратып жатқан таңғажайып жазғы кештей болып көз алдына келе қалады. Жан дүниесінің тереңінен толқып шыққан осы бір тебіреніске толы мұндай сәттерде кім болса да еш уайым-қайғысыз, жылуы мен жарығы қатар тұрған мекені есіне түсіп «үйге, үйге қайтқым келеді» деп қамығатын да шығар-ау.
Ал бұл кездегі өмір ақиқаты мүлде басқаша болатын. Ол бетін жерге төсеп, етпетінен қыбыр етпестен жатыр. Жүрегі атқақтай соғады. Анадайдан оқ төккен пулемет дауысы естіледі. Ажал оғы жатаған ғана қырқаның қалың өскен бұталарын қырқып түсіп, оның төбесінен заулап ұшып өтіп жатыр. Қос қолымен биыл шыққан жас шөпті қысып жерге жабыса түсті. Қол созым жерде шағын жылға көрінеді. Одан әрі азғантай ғана өлі аймақ. Сол жылғаға енді ғана бас көтеріп қарай бергені сол еді, тағы да пулемет сақылдап қоя берді. Иә, барлаушылар жасырын ажал аузына өздері келіп түскендей еді. Енді қайтпек? Жан-жақ теп-тегіс, әр қимылың аңдулы, бас көтерсең, біттің.
Сәуірдің бас кезі еді. Бұл – Кенигсберг түбіндегі тап-тұйнақтай неміс хуторының шетіндегі шағын ғана алаңқай. Шығыс Пруссия.
Ешкім ала алмайды деп мақтаған Кенигсберг қорғанысы үш жерден тас-талқан болған. Бүкіл ұрыс даласында шабуыл басталды, адамдар мыңдап қырылуда. Кейбір жерлерде артиллерия блиндаждар мен баспаналарды быт-шыт қылып, әр шаршы километрге 400 оқпаннан снаряд бұршақша төкті. Соғыс өнері қасапханаға айналды. Ұрыс қаншалықты кең ауқымда жүріп жатқанымен, жермен-жексен болып жатқан мына төрт барлаушы үшін соғыс өрті осы алақандай аймақты ғана шарпып жатқандай көрінген.
Бірнеше күн жауған ақ жаңбырдан кейін күн сәулесі көк жүзінен мейірлене төгіліп, хутордың бау-бақшаларындағы жеміс ағаштары бүр ашып гүлдей бастады. Енді көп ұзамай бұл жер алуан түрлі гүлге бөленеді. Осы алаңқайдан сәл әріректегі шағын орман жақтан пулемет тақылдап тұр. Асай-мұсай арқаланған төрт барлаушы қастарына келіп қара жердің топырағын көкке көтеріп снаряд жарылған сайын дір-дір етіп қу топырақты қаусыра түседі. Иә, бұлар балаша алданып қақпанға түсті.
Көктем. Ауада жаңа бір өмірдің лебі бар сияқты. Ол кезде бұлар мақта күртешенің омырауын ашып тастап, арсалаңдап күліп мәз-мәйрам болып келе жатқан. Немістер қулық жасады. Барлаушылардың жан-жағын хуторда отырып емін-еркін бақылау жасауына мүмкіндік берді де кенет оқ боранының астында қалдырды. Міне, енді бауырын жерге төсеп сол қардай бораған оқтың астында оның сәл де болса саябырлағанын күтіп, демдерін ішіне тартып қимылсыз жатыр. Әйтеуір бір бас көтерер сәт келетінін күтуде.
Қаһар бір аяғын бауырына жинап бүкіл денесін серіппедей жиырып секіруге дайындалды. Ысқырған оқ бас көтертер емес. Өзінен басқа ешкімді көре алмайды. Міне, оқтан босаған лентаның сылдыр етіп жерге түскені естілді. Ол жалма-жан атып тұрды да басын төмен иіп қырқаның бер жағындағы жылғаға қарай емпеңдеп жүгіре жөнелді.
Бүкіл іс-әрекеті соғыс басталған төрт жылдан бергі қанына сіңген дерлік тәжірибесінің жетегінде өтіп жатты. Өзіне-өзі біресе «жүгір», біресе «еңкей», «сол жаққа», «оң жаққа» деп бұйрық беріп келеді. Пулемет қайтадан тақылдағанға дейін жанұшырып енбектеп жылжып барады. Екі барлаушы әйтеуір жылғаға жүгіріп жетті. Біреуі алаңқайдың ортасында қимылсыз қалды. Бұл тірі кезінде өте қатал, әр қадамын есеппен басатын қырық жастағы мұртты Лешуков Илья Петрович болатын. Міне, енді көктемгі шалшық суда қимылсыз жатыр. Пулеметші оның өлі-тірісін білгісі келе ме, қайдам, өлі денесін тағы да оқпен осқылап өтті.
– Енді не істейміз? – деп Трофим Ярчук сұраулы жүзбен бұның бетіне қарайды.
Мақта күртешесінің ашық омырауынан жуып-жуып ақжем болған тельняжкасы көрінеді.
Жауап болған жоқ. Барлаушы топтың басшысы аға лейтенант алға сәл жылжып барып, мойнын созып алысқа көз жүгіртті. Бірақ ілгері жылжу әзір мүмкін емес екенін бәрі біліп отыр. Артқа шегінуге тағы болмайды. Тезірек күн батып қараңғы түссе екен. Әттең, күн әлі тас төбеде. Немістер әр қимылды аңдып отыр. Бұлай көп жатқыза да бермейтін шығар бұларды.
Аға лейтенант еңбектеп қайтып келді.
– Әй, біттік-у, – деді ол кір-кір жерімен маңдай терін сүртіп қойып.
– Не істейміз, жігіттер?
Қаһар бір сәтке көзді жұмып ойланып қалды. Бұнысы несі? Тағы да балалық шақ өткен кең далаға, қара көлеңке киіз үйге қарай жүгіре жөнелгісі келе ме, немене? Қайран ата-анасы сол киіз үйде қалып еді ғой. Тағы да пулемет тарсылдай жөнелді. Шағын бұталардың жапырақтары мен сабақтары жан-жаққа шашырап түсіп жатыр.
– Қаһар осы топтың ең жасы кішісі, жиырма төртке енді келсе де соғысқа қатысқанына төрт жыл болыпты. Бұл төрт жыл кім-кімге де ғасырдан кем соққан жоқ. Ол – орта бойлы, жақ сүйегі шығыңқы, іспек көз, тарамыстай тартылған қазақтың қара баласы. Қазір 1923 жылы туған оның құрдастарының жүзден бірі ғана тірі шығар. Қалғандары бауырластар зиратында. Енді біразының сүйегінің қайда қалғанын кім білсін?! Ол балалар үйінің қиыншылығы мол өмірінде шынығып өскенінің арқасында тірі қалған шығар-ау. Бала болып қиялдап та, армандап та көрген емес. Жасы үлкен барлаушылар Қаһарды өздерінің құрдасындай көреді. Әскерге бұдан кейін келгендер айналшықтап оның қасынан шықпайды, арқасүйер адамындай көреді. Қаһар олардан екі-ақ жас үлкен болса да олар бұған: «Ағай», – дейді. Өмірге оймен қарайтынымен әрі батылдығымен ерекше бозбала полктың барлаушылар тобына келіп түсті.
– Жеке дара еңбектеп жылжығаннан ештеңе шықпайды. Арғы бетке ешкім өйтіп жірі жете алмайды. Сондықтан бәріміз бірдей ұмтылуымыз керек. Мүмкін, біреуіміз болмасақ, біреуіміз тірі жетерміз. Трофимовтың шығарған шешімі үнсіздікті күрт бұзды.
– Осы тұрғанда оның кір-кір бетіндегі көгілдір көздері ауыр ойдың құшағында екені көрініп тұр.
Су құйған қауашағының бұрандалы тығынын ашып бір ұрттады да қалғандарына берді. Тәжірибелі барлаушының бұл сөзі нағыз ақиқаттың өзі болатын. Станокты пулеметтің жанында төрт неміс тұрған болуы керек. Ал қырқаның бер жағындағы жылға да, алаңқай да минаға толтырылып тасталған шығар. Ол аз болса, осы сәтте бір фашист минометшілердің көмегін сұрап телефонды шыр айналдырып жатқан болар.
– Иә, бір-бірлеп емес, бұлар бәрі бір сәтте жан-жаққа түтін шығаратын гранаталарды лақтырып немістерге қарай ұмтылмаса болмайды. Сол жерге жетіп күн батқанын күту керек. Әрі қарай майдан шебі арқылы өзіміздің әскерлерге қосылу ғана қалады.
– Соғыста да, бейбітшілік кезде де қысылтаяң сәт туғанда да «әй, тәуекел» деген бір шешімге келмесе болмайды. Енді, міне, бәрі бір қимылға кірісті. Дорбаларындағы ауыс-күйістерді тастап қалталарындағы патроннан басқаның бәрін лақтырып тастады. Трофимов, мақта күртесінің сыртынан буынған белбеуіне РДГ-1 гранатасын қыстырып, автоматының серіппесін тартып қойды да:
– Тыңда, Қаһар! Ант етем! Соғыстан қайтқасын міндетті түрде саған барамын. Бала кезімнен дала кемесі – түйеге мініп желуді, қымыз бен шұбатты қанғанша бір ішуді армандайтын едім.
Бұл да соғыс кезіндегі дәстүрдің бір түрі болатын. Аттанар алдында әйтеуір біреу Қазақстан туралы, ащы қымыз бен дөңгелек бет сүйкімді қазақ қызы туралы Қаһармен әңгіме соғатын еді. Ал Қаһар болса мұндай әңгіме кезінде жымиып отыра беретін. Бүгін Трофимовтың әлгі сөзіне басын бір изеді де:
– Кел, кел, бауырым! Нағыз той жасаймыз. Түйеге мініп те желесің, ақбоз атпен де шабасың.
Солай деуін десе де ішінен: «Қайда, кімге барасың? Менің үйім де жоқ қой, сол үй менде бола қояр ма екен?» деп көңілі қатты қабарып кетті.
Жоспар іске аспады. Кенет аға лейтенант айналадан әлдене естігісі келгендей басын көтеріп тың тыңдай қойды. Қашанда жаманшылық ескертулі келмей, қапияда сап ете қалатыны белгілі. Бұл жолы да сөйтті. Әуелі екі рет күмп етіп атылған зеңбірек даусы шықты. Сосын тағы қайталанды. Қаһар қос қолымен басын бүркеп жерге жабыса түсті. Ол да, басқалар да бір жаманшылық боларын сезді.
Құлақ тұндырардай ысқырып келіп жарылған снаряд қара жерді қақ айырды. Енді бірде қырқаның ұшар басында екі рет әлдене жарқ етті де ауа толқыны үй орнындай топырақты аспанға бір-ақ атты. Немістер барлаушы топтың келесі әрекетін күтіп жатпастан миномет батареясымен байланысқан еді. Бұл жерден жарты шақырым қашықтықтағы миномет жанында сұр шинель киген адамдар сол сәтте-ақ қарбалас іске кіріскен-ді. Зеңбіректің ұңғысына минаны тығып жіберіп өздері құлақтарын басып отыра қалады. Сөйтіп, нұсқаулық бойынша қарсы жақтың жаяу әскерін жоюға жұмсауға тиісті мина мөлшерін атып тауысқандар: «Бірінші бөлім атысты аяқтады», «Екінші бөлім атысты аяқтады», – деп рапорт беріп жатыр.
Аспан шатыр-шұтыр етіп, миналардың ащы даусы құлақты жарып көкке ұшқан шөп аралас топырақ төбеден жауып жатты. Аспанмен екі ортада алып топырақ діңгектері көтеріліп қайта түсіп жатыр.
Оның көз алдына қайтадан шалқар дала, көк шалғындағы қатар-қатар тігілген киіз үйлер, шұрқырап шауып бара жатқан табын-табын жылқы елестей бастағаны сол еді, жарылған снаряд жаңқасы тұп-тура аяғын жіліншіктің қақ ортасынан кесіп түсті. Қаһар оны сезген де жоқ, оған не болғанын да білмейді. Көзін ашып еді топыраққа жартылай көміліп қалған екен. Миномет гүрсілі де естілмейді. Маңай өлі тыныштық. Мең-зең меңіреу күйде біраз мәнгіріп тұрды. Құлағы шуылдап барады. Жүрегі айныған сияқты. Оң аяғы кеуіп қалған бір жансыз зат сияқты. Сәл орнынан көтеріліп отырған болды. Жан-жақ көкала түтін. Басын сипалап толып қалған құмды қаққылады. Қолы дымқыл, қып-қызыл. Қарсы алдында снаряд қазан шұңқыры мен аға лейтенанттың киімінің жыртықтары бұлдырайды. Одан сәл төменіректе бірге туған тетелесіндей боп кеткен сержант Трофим Ярчуктың бассыз денесі жатыр…
Қаһар аға лейтененттың денесінің қалдықтарына есінен айрылған мәңгүрт адамша мағынасыз көз салып тұрды да жанарын жайлап қана адамның бассыз денесіне бұрып ішінен: «Иә, жақсы жігіт еді ғой. Батыл еді, мансапшыл емес еді. Барлау қызметінде мұндай жігіттерді бәрі құрметтейді. Топырақ түстес бет-әлпетіне, қолдарының сыртындағы терісінің табиғи түр-түсіне қарап осынау қара жермен, оның топырағымен бірге жаралған ба дерсің. Сержант болып ешкімге бұйрық та берген емес. Жәй сұрақ қоятын еді. Ақылдасатын еді. Енді одан қалғаны мынау ырым-жырым киім, басы жоқ дене…». Міне, үш досы үш жерде… Бұл не өзі? Қаһар достарының парша-парша денелеріне, ырым-жырым боп шашылған киімдеріне томсырайып, үнсіз есеңгіреген адамша тесірейе қарап отырды. Үшеуіне алма-кезек қарай береді.
Аздап есі кіре бастады. Жараланған жері қатты ауырып тұрғанын да енді сезе бастады. Еңкейіп аяғына қарады. Балшық пен батпақ жабысқан етігінің қонышын оқ тесіп өтіпті. Былғарысы ырым-жырым. Бір сәт әлденеге қатты қобалжыған жүрегін баспақ болып қатты тістеніп отыра қалды. Қалай дегенде де бұрын да бір мәрте жараланғаны бар, мұндайда не істеу керек екенін Қаһар өте жақсы біледі. Ауыруды көтере алмай есінен танып қалуы мүмкін екенін білгендіктен етігін шешпей тұра тұруы керек. Демін ішіне тартып қиналып тұрып зорға дегенде пышағын суырды. Өткір фин пышағымен қонышын, сосын мақта шалбарының балақ жағын тіліп шықты. Осы істеп отырған ісінен басқа ешнәрсеге назар аудармай сабырлы қалпын сақтауға тырысты. Ұзын балақ ақ дамбал-кальсонның тілігінің аржағынан өзінің әппақ балтыры көрінеді. Жеке қалташасынан резина кендіршені – жгутты алып, сәл ғана ыңырсыған, ауырсынған дыбысын өзі ғана сезіп отырып жараны таңып тастады.
Нағыз жан шыдатпас ауыру енді басталды. Терісі күйіп, өртеніп барады, көз алдында қызыл-жасыл әлдебір дөңгелектер ойнақтағандай. «Жараның жанындағы терісінің ашық тұрған жеріне химкасымен жараны қашап таңғанынды жазып қойсам, дұрыс болар еді-ау» деп ойлап үлгергенімше болмай есінен танып бір бүйіріне қарай құлап бара жатты.
Бұл кезде біздің әскерилер шабуылға даярланып жатты. Әуелі, едәуір кейін шегініп, хутордың аумағындағы шағын орманда не бер, не шебіне инженерлік барлау жасап, батальондардың қалай өтуіне болатынын анықтап алу керек болды. Бұл батальондар бірер сағаттан соң бұлар жатқан жерді басып өтті, ал Каһар мен оның серіктерінің сүйегін атқыштар тобының барлаушылары мен санитарлар тауып алды.
Бірақ ол осының ешқайсысын сезген де, білген де жоқ. Бұл кезде не балалық шақ деуге, не кең-байтақ кеңістік деуге келмейтін әлдебір ағыспен құлдилап ағып бара жатқандай күйде еді.

– 2 –

Жаралыларды алып кету де ең алдыңғы шептегі бөлімдерден басталған. Көлік жетіспеді. Жеңіл жаралыларды алғы шептен санитарлық батальонға жаяу жөнелтіп жатты. Олардың арасында тіпті басынан жарақат алғандар да болды. Байғұстар бір-бірлеп, кейде топталып тылға қарай жылжуда. Жолы болғандар өткен-кеткен көліктерге мінгеседі. Көлікке жарамайтындарды қолдан келгенше ең әуелі өздерімен бірге әкетті, бұл кезде әуеден бомбалау басталса, оның саябырлағанын күтіп жатуға тура келеді. Ал батальондағы санитар-нұсқаушының бар қолынан келері – жараны қайта таңып беру, қан шығып тұрған тұсына стрептоцид себу және құрысып қалуды болдырмайтын дәрі егу ғана. Оның өзінде де мұрша болмай қалатын сәттер жиі ұшырасатын. Ұрыс алқабында атыс-шабыс басталса, ол шаруа да ұмыт қалады. Медициналық-санитарлық батальонда да жағдай оңып тұрған жоқ. «Ұрыс даласынан шалғайдағы госпитальдардан ең болмаса бірінші жәрдем жасалмаған жаралыларды әкелді», «қан қатып қалған киімімен алып келді, жарасы таңылмаған күйде әкелді» деген сияқты шағымдар жиі түсіп жататын. Ең жаманы сол, мұндай аурулардың парақшасына «газ гангренасы» деген де жазулар жазылып қалатын.
Қаһардың уақтылы емханаға келуінің әйтеуір сәті түсті. Қара көздері мөлдіреген, аққұба бетінде қап-қара ғана меңі бар Галя деген аға сержант бойжеткен санитар-нұсқаушы екен. Ол әп дегеннен-ақ санитарларға Қаһардың етігін тіліп, абайлап шешуді тапсырды. Полктағылар барлаушыларға ерекше құрметпен қарайтын еді. Оның үстіне, барлаушылардың омырауында сарбаз түгілі анау-мынау сардарларда жоқ ордендер мен медальдар самсап тұратын.
Медициналық пункт таяуда ғана азат етілген ауылдың бір қабатты ұзын ғимаратында, штабқа жақын жерде екен. Ғимараттың қирап қалған терезелерінің көзі плащ-палаткалармен бүркеулі. Күн шығып, түс болғанына қарамастан үйдің іші алакеуім, күңгірт. Зембілдің үстіне орналасқан ота үстелінен төбеге ілінген керосин шам күңгірттеу ғана жарық түсіріп тұр. Анадай жерде біреу қатты ыңырсып жатыр.
Қаһар енді ғана есін жинап, өзіне келгендей болды. Сосын қатты тістеніп басын сәл көтеріп асулы жатқан жаралы аяғын көрмекші болып еді, оған шамасы жетпеді. Әйтеуір, қан ұйып қалған шұлғауын қайшының қытыр-қытыр кескені естіледі. Аяғының қаны еденге тырс-тырс тамуда. «Аяғының жарасын көрсетіп жазыңдар», – деп, санитар-нұсқаушының бұйрық бергенін құлағы шалды. Табанының орнында қан аралас жентектелген ет бөлшектері, сүйек жаңқасы, керзі етіктің, шұлғаудың жұқаналары ғана қалған сияқты. Есіне Ржев қаласы, артиллерия снарядтары ойып тастаған қазаншұңқырлары қарауытқан қарлы дала, Бакчан-Бақытжан досы, оның да осылайша жараланғаны, ауруға шыдай алмай: «Ойбай-ай, Ойбай-ай, Ой, Алла-ай, саған соншама не жазығым бар еді?! Көрсетпегенің осы ғана ма еді?» – деп зарлағаны түсті. Байғұстың бетін жас жуып кеткен, қос жанары оттай лаулап аласұруда.
– Міне, осылай! Міне, нағыз жауынгер. Енді болмағанда қансырап не болар едің?! – Жгутты кесіңдер! – Бұл санитар-нұсқаушының дауысын анық естіп жатыр.
– Жара байланған тұстан төменгі жақтың бәрі қаракөк түске боянғандай, добалдай боп ісіп кеткен.
– Осы сәтте медбөлімшеге полктың бас сардары, яғни полк командирі подполковник Аляксин кіріп келді де, бұның үстелінің жанына кеп тоқтады.
– Жүнісов! Сен бір өзің қалғансың ба? Басқалар қайда? Сендерге не болған, а, барлаушылар?
Қаһар үндеген жоқ. Қараторы бет-жүзі кенет боп-боз боп кетті, маңдайының терең әжімдері бұрынғыдан да тереңдеп қарауытып сала берді. Маңдайынан түйір-түйір тер тамшылары аға бастады.
– Сендер тәжірибелі едіңдер ғой, – деп подполковник ойланып қалды да, кенет фуражкасын басынан шешіп алып, шашын сілкіп-сілкіп қойып, қайтадан киді. – Сендердің сол алаңқайға барып нелерің бар еді, а? Талтүсте! Бір-екеуің емес, бәрің бірдей! Әлде сол хуторды оңай олжа қылмақшы болдыңдар ма? Бүкіл топ қаза болды. Полкта саусақпен санарлықтай қалды. «Шалдарды» айтам! Бір айдың ішінде құрамамыз түгел дерлік өзгерді. Енді барлаушыларды қайдан аламын, а?
Сардардың өз қайғысы өзінде екен. Ал бұның ахуалы мынау. Сыртта тағы да шабуыл басталып жатыр. Бұлар әлі жаздық әскери киімге көшкен жоқ. Шинельмен пысынап терлеп кетесің, шешсең, тоңасың. Шинельдің үстінен сымдай тартылған портупеяның астынан гимнастеркаға тағылған Отан соғысы ордені жылтырайды. Ол Қаһардың быт-шыты шыққан аяғына қарап-қарап тұрды да санитар-нұсқаушыға қарап:
– Сен оның жарасына неменеге сонша шұқшиясың? Көрмей тұрсың ба, ол соғысып болған адам ғой. Тездетіп тылға жібер, барсын! – деп бұрқылдап тиісе сөйлей бастады.
Санитар-нұсқаушы қыз да дайын тұр екен, оған жалт бұрылып:
– Қабаттаспаңыз, не істеу керек екенін өзім білем, – деп шақ ете қалды. Соған қарап-ақ бұл екеуінің арасында бұрыннан бері келе жатқан, қашанда сәл нәрседен бастала кететін әрі бітпейтін бір кикілжің бар екенін бірден байқауға болатын еді.
Бойжеткен осылай деді де, бұған қарап өте бір мейірлі де жұмсақ үнмен:
– Қаһар! Шыда, қымбаттым. Кәзір жараңды тазалап, қайта байлап беремін. Сен әлі ұзақ жасайсың, көнбіссің! Бәрі жақсы болады, – деді.
Сардар бір сәтке үнсіз тұрып қалды да, сосын бетін Қаһардың бетіне тақап, баяу ғана үнмен:
– Бекем бол, сарбаз! Қызметіңе рахмет! Қош болып тұр! – деді де, сол жақ иығымен әскери әдетінше шорт бұрылып, тез-тез басып шығып кетті.
Жан шыдатпас ауыру енді басталды. Аяғын біреу мұз бұрғымен бұрғылап жатқандай. Қаһар енді өзін-өзі ұстауға шамасы жетпей бар даусымен ыңырсына бастады, тұла бойы қалшылдап барады. Санитар-нұсқаушы жарадағы ет жұқаналарын, етік былғарысының қалдықтарын, шұлғау жыртындыларын үшкір қышқашпен біртіндеп суырып алып жатыр. Міне, болды. Енді жараны стрептоцидпен тазалап, ауруы басылсын деп новокаин салып, жақсылап таңып тастады. Сосын қантты мол қып салған тәтті шай беріп тұла бойын жылытуға, жан қиналысын бәсеңдетуге тырысып бақты.
Ғаріп болып қалған барлаушыны медициналық-санитарлық батальонға жөнелту онша қиын болған жоқ. Өйткені бұл кезде бүкіл ұрыс аймағында шабуылдар басталып, тылға қарай қайтатын көлік тіптен жеткілікті еді. Арада бас-аяғы бір жарым сағатта Қаһар өзге де жауынгерлермен бірге бір жарым тонналық аутокөліктің үстінде ойран-топыры шыққан ойлы-қырлы жолмен жарасының ауыруынан қатты ыңырсып кетіп бара жатты. Бар маңайда шабуылдың басталғаны шет-шегі жоқ зеңбірек пен бомба үнінен анық естіліп жатты.
Иә, соғыс артта қалғанымен Қаһар өзін әлі де соның қалың ортасында жүргендей сезініп келеді. Соғыста келмеске кеткен жолдастарының бет-әлпеті, олардан басқа да жүздеген шейіт болған сарбаздар, желге қарсы ұмтылып алға қарай оқ боратып бара жатқан топ-топ адамдар, от пен жалынға оранған қалалар, жау басып алған аймақта нағыз қызылшұнақ аязда өткерген түндер мен күндер, ең болмаса, қол жылытып алмақшы болып аядай жерге жасырып жаққан шағын от пен оның қоламтасы бәрі көз алдында. Бәрі көз алдынан көлбеңдей беймәлім бір шалғайға сіңіп кетіп барады. Айтпақшы, әлгі жылтыраған отты дұшпан көзі шалды дегенше, тапсырманы орындамақ түгіл, өзің де бір жайлы боласың…
Одан әрі ше? Одан әрі түнгі аспанға жалын шашып жап-жарық қып өртеніп жатқан ауыл-деревнялар, бомбадан күл-талқан болған қала ғимараттары, әр жерде шашылып жатқан адам ішектері, шырқыраған сәбилер мен аңыраған аналар даусы… Міне, осының бәрі мүгедек боп қалған жас сарбаздың ендігі қалған жиырма жылдық өмірінде ешқашан өшпестей боп санасында, әлгінде ғана көргендей боп көз алдында қаларын дәл сол кезде ол біле қоймаған болатын. Әр қуанышы – нағыз қуаныштай, әр қасірет-қайғысы да нағыз қасірет-қайғыдай… Ал аңсаған арманы мен бақытына жету үшін кезектескен күндер мен түндерді бастан өткеру… Осының бәрі – өмір. Осының бәрі ешқашан ұмытылмастай боп есте қалып, санада сақталады екен ғой. Өмір деген сол-ақ екен ғой!
Жүздеген жауынгер майдандас достарының мүрдесі осында көмулі екенін, осы жер үшін қаншама қан төгілгенін көз алдыңа елестетіп, соның бәрі не үшін бастан өткенін түсінгенде ғана мынау жер сенің туған жерің екенін анық сезінгендей болады екенсің ғой. Қаһардың ел, жер туралы түйген ойы да – осы. Демек, Шығыс Пруссия аталатын неміс жері де Қаһар үшін орыстың да, украинаның да, қазақтың да жері деуге болады. Қаһар осы тұжырымға тоқталды.

* * *

Брезент шатырларға орналасқан медициналық батальондағы жаралы сарбаздар әуелі сұрыптау бөлімшесіне түседі. Мұнда бас-аяғы қырық секундта олардың ауруының дәл диагнозын қойып, тиісті бөлімшелерге немесе ота жасатуға жөнелтіп жатады. Кезекші дәрігер Қаһардың дәкесі шешілген жалаңаш аяғына бір қарады да дереу отаға жіберуге пәрмен берді.
Бас киім деуге келмейтін бүркеншігі маңдайын түгел жауып, бетіне әбден жуылған көне дәке тағып алған оташы-хирург оның аяғын арамен үн-түнсіз-ақ кесті де тастады. Палатаның іші наркоздың күші кеткесін-ақ жаралылардың ыңырсып, ыңқылдаған, аһылап-уһілеген дауысына толды. Медбике байғұс біресе анаусының, біресе мынаусының жанына барып, біреуіне су ішкізіп, біреуіне ауруды басатын екпе салып, енді біреуінің босап кеткен дәкесін қайта байлап, қанға толы легендерді әкетіп, әйтеуір бір сәт тыным көрмей зыр қағып жүр. Еденде қан-қан мақта, дәке, тағы-тағылар шашылып жатыр.
Минадан жарақаттанған жаралылардың арасында жиі ұшырасатын бір жағдай бар. Ол мынау, кенет оқ тиген жаралы жер қатты қыза бастайды. Шаң, кір аралас ауадан түскен заттардан ұшыққан тән бірте-бірте аши бастайды, сосын қызарып кетеді де ол қызыл түс бірте-бірте жоғары қарай өрлей береді. Сөйтіп, қан бұзыла бастайды. Бұл – «газ гангренасы» деп аталатын өте қауіпті нәрсе. Бастапқы кезде оларды тылға жібере қойған жоқ. Соғыстың алғашқы жылдарында-ақ бұл істе біраз тәжірибе жинақталды. Жаралылар медсанбатқа жатқызылды. Оларды арлы-берлі тасымалдауға тыйым салынды. Ол үшін әскери трибуналға түсіп кетуге де рұқсат етілді. Санитарлық эшелондар мен госпитальдарда орындар болмай қалмауы үшін оларды шатырларға, яғни палаткаларға жатқыза беретін болды.
Бұның жанында тұлабойы қардан жасаған аққаладай боп дәкемен орап тастаған, денесі түгелге жуық күйген танкіші жатты. Беті де көрінбейді, тек аузының тұсы ғана сәл ашық қалдырылыпты. Оның сол күйінде төсекте жатып алып: «Бауырлар, ағайындар! Мені тылға жібере көріңдерші. Мен жақсы соғыстым ғой. Мен адалмын ғой. Мені тылға жібере көріңдерші. Ол жақта менің кішкентай қызым бар… Жіберіңдерші! Мені үйдегілер емдеп, өздері айықтырып алады!» деп зарлағанын тыңдағанда сай-сүйегің сырқырап, жылағың келеді. Олардың келеге келмейтінін, оларды тек ажал ғана күтіп тұрғанын білетін дәрігерлер мен санитарлар сол бейшараларға қарамауға тырысатын.
Сонымен Қаһар әскерден босатылып, эвакуация бөлімшесіне жөнелтілетін болды. Кеңес өкіметінің кинолары мен басқа да жазбаларында көрсетіліп, айтылып жататын нағыз үлгілі санитарлық отарба-пойыздар, жедел жәрдем көрсеткіш медқызметкерлер мен өте қолайлы емшарасы бар вагондар ешкімнің түсіне де кірген емес. Жаралы сарбаздар бұл кезде селкілдеген аутокөліктерде, кәдімгі жүк пойыздарда, жылуы, ыстық асы жоқ суық вагондарда, ең болмаса, еденге төсеп жата кететін төсек, көрпе-көпшіксіз, ара-тұра нартақтайдың үстінде азаптың неше түрін көріп кетіп бара жатты. Олар кейде 8-10 сағат бойы жарасына жаңадан не дәрі жағылмай, не жаңа дәкемен қайтадан таңылмай қатты қиналды.
Бұл орайда да Қаһардың жолы болды. Оны эшелондағы жылы вагондарға жайғастырды. Өзі де әбден жүдеді, қатып-семіп қу сүйегі қалған жалпақ бетінің шықшыт сүйектері қаңқайып шығып тұрған бір уыс қана тірі жан дерсің. Көз жанары да тым салыңқы, солғын. Жарық дүниеге әлдебір мән-мағынасыз көзбен қарап қояды. Ол шынында да сол кезде ешнәрсе, ешкім туралы ойлауға да қабілетсіз сияқты еді. Анда-санда доңғалақтардың дүрсіліне ғана, сосын әлдебір сырқат жандардың ыңқылдап, ыңырсығанына құлақ түріп қойып, қимылсыз мәңгүрт күйде отыра береді.
Ал түн баласында ұйқы жоқ. «Буржуйка» пешке от жағып, соның аузында қарамайдай қоп-қою қара шайды сораптап, қайта-қайта махоркасын бұрқыратып оттан көзін алмай үнсіз ойға кетіп отыратын старшинадан бұл да көзін алмай қарайды да отырады. Жанына батқан ауру мен еңсесін басқан мұнар-мұңнан сәл де болса арылмақ болып, жақсы бірнәрсені есіне түсіргісі де келеді. Бірақ өйтейін десе, көз алдында қара жер…
Иә, қара тастай болып қатып қалған қап-қара тоң жер, ал кейде окоп-шұңқырдағы су астында қалған, аттасаң, шылқ-шылқ етіп етігіңе жабысып жібермейтін батпақты топырақ көз алдына көлденеңдеп тұра қалады. Енді бірде соның бәрі әлде сап-сары, әлде қарақоңыр түсті қоймалжың, сүреңсіз топыраққа айналып кеткендей болады. Несі бар, сұрапылға толы соңғы төрт жылда ол осындай топырақтың үстімен еңбектеп те, жоғарылы-төменді жерлермен өрмелеп те жылжып, аспаннан бомба жауып, күнде зеңбірек пен мылтық оқтарының жаңбырдай жауған сәттерде осынау қара жерге анасының төсіне жабысқан сәбидей бетін басып жабыса қалмайтын ба еді ?!
Егер күні кешегі Иван, Болат, Трофимдерді өз бауырына айтып мәңгілік құшағына бөлеген осынау жер Қаһарды әліге ала қоймаған болса, онда оны әлі де өзі дүниеге әкелген сәбиіндей болып біраз жүре тұрсын дегені ме?.. Соған уақыт бергені ме?..
Иә, Уақыт! Әлі де болса болашақта өзіне жар тауып, оған бала туғызып, солармен бірге азды-көпті қарһәлләзи күн кешіп, ғұмыр сүрсін деп тағы да біраз уақыт берген шығар. Жаралы болып өлім халінде жатқанда дәрісін беріп, аузына ас-су салып, жаны мен тәніне қатар жәрдем берген Галинаға алғыс хатын жазып, аққұба бетіне жарасып тұрған әдемі меңі бар сол бір сүйкімді санитар-нұсқаушыны түсінде, ал шыр етіп жарық дүниеге келгенде алғаш кіндік қаны тамған Торғай даласын өңінде қайтадан келіп көрсін деген шығар. Өзі сияқты мүгедек болып қалған Бахчан-Бақытжанның туған ауылы – Березовкаға барып, оны құшағына қысып тұрып: «Ассалаумағалейкум, бауырым! Міне, аман-сау кездестік қой!» – деп тебірене амандассын деген болар!
Қалай десе де, соғыстан ол аман оралды. Мейлі, мүгедек болса да әйтеуір аман оралды. Өзгенің бәрі түк те емес. Осылай, ол сияқты сан өліп, сан тірілгендер ғана бұ дүниедегінің бәрі өмір екенін жақсы түсінеді.

-3-

Ал Қаһар үшін әскери өмір 1941 жылдың жазында-ақ басталғанды. Әскерге алынған өндірдей жастар тиелген атарба-пойыз Қостанайдан заулап келіп Орал өңіріндегі шағын ғана бекетке келіп тоқтады. Айнала қалың тұман. Тіпті, эшелонның арт жағындағы вагондар да көрінбейді. Соңғы бір аптадан бері бір тынбай күркілдеп келген таудай қара паровоз да тым-тырыс боп мелшиіп қалыпты. Бұл өз басы бұрын көріп-білмеген шыршалы орман дәл теміржолдың жиегіне шейін жақын өсіпті. Осы бір тұнжыраған, үнсіз, меңіреу орман да кейде оның кесіліп жатқан кең-байтақ даласындай алыптың бірі секілді.
Тым-тырыс осы тыныштықты ышқына шыққан паровоздың даусы мен одан атқылаған будың ысқырығы бұзып жіберді. Есіктер сақыр-сұқыр ашылып, болашақ әскери бозбалалар сыртқа атып шығып жатыр. Әр жерден старшиналардың бұйрықшыл айқай-ұйқайы күшейіп, ақыры бозбалалар мен сақа жігіттер қақтығысып-соқтығысып, кейбіреулері үйреншікті ағыл-тегіл боғауызын үйіп-төгіп әйтеуір он-оннан топтасып сапқа тұрды да сол қараңғы орманға бет алып жүріп кетті.
Әскерге жаңадан алынған бұл көпшіліктің ішінде негізінен орыс пен қазақтың қарасы көптеу еді. Бірен-саран украин, қырғыз, өзбек белорустар бар. Кілең өндірдей жастар. Бәрінің жасы он сегіз бен жиырманың арасында. Біреулерінің кекілі көзіне түседі, біреулері онысын бір жағына қайырып тастаған, басына кепеш кигені де, мейрамға киетін сәнді ақ көйлек киген дейсің бе, эшелондағы кір-қоқыс жабысқан бешпеттілер дейің бе, тіпті жылт-жылт еткен әдемі туфель киген дейсің бе, әйтеуір, бәрінің арқасында бір-бір дорбасы мен қолына ұстаған қоржыны бар үлкен бір қауым. Бәрі де – кеше ғана аналары бетінен, мандайынан сүйіп, бірі жылап, бірі кемсендеп тұрып қоштасқан бір-бір отбасының балапандары. Қаһар сияқты шашын тақырлап алдырып тастаған, қоштасуға келіп шығарып салатын ешкімі жоқ балалар үйінде өскендер тағы бар.
Бұларды карантин мерзіміне бейімдеп, терезелері жоқ жартылай жертөле тектес көкөніс сақтайтын қаракөлеңке қоймаға әкелді. Басы артық полктың әскери қалашығы сонадайдағы биік дуалдың арғы жағында екен. Казарманың едені кәдімгі қара жер. Үстіне шырша жапырақтары төселіпті. Қылқан жапырақты орманның иісі аңқып тұр.
Әскердегі алғашқы күн ұсақ-түйек шаруаға толы абыр-сабырмен өтті. Әскери қалашықтан үш шаштараз-сарбаз келді. Олар ұзақ уақыт ысылдап-пысылдап бұлардың басын тап-тақыр қылып шашын сыпырып тастады. Сосын санитарлық тексеруден өткізілді. Одан кейін моншаға түсіп, әскери киім киіп шыққан кілең тақырбас бозбалалар бір-бірін танымай аңтарылып тұра қалып, сосын барып: «Ой, сенбісің? Ой, сен басқа біреу сяиқтысың ғой», – деп у-шу мәз-мейрам боп жатты.
Олар казармаға кайтып келгенде үйлерінен алып шыққан дорба, қоржындарының ішіндегі тағамдары мен тағы басқа уақ-түйектері жым-жылас болғанын көрді. Жолға алып шыққан сүр еттен де, жылқы етінен жасалған шұжықтан да, қазы-қартадан да, қышқыл әрі майлы құрт пен тәтті бауырсақтан да, майға пісірген күлшелерден де түк қалмаған.
«Білмейтін жердің ой-шұқыры көп» дегендей, бейтаныс ортада өзіңді абайлап ұстауың керек. Әркім қолынан келгенше тіршілік істеуге тырысады. Иә, бәлкім, әскери өмірдің сол бір алғашқы түнінде біреулер төсекте жатып, дыбысын шығармай өксіп жылаған да шығар, біреулер артта қалған бал шырын, балмағыз шақтарын сағынып іші-бауыры уылжылған да шығар. Ал Қаһар ше? Қаһарға мына жаңа өмірге үйренем деп әуреленудің қажеті жоқ тұғын. Ол дәл осындай сан алуан сұрқиялығы мол өмірден басқа өмір барын білген де емес.
Әскердегі алғашқы саяси сабақтар оның есінде тамақ ішпей қарны шұрылдаумен, бір жерден әйтеуір бір қажетін табуды ойлаумен, қару-жарақты қалай пайдалану туралы тәжірибелік сабақтармен, саяси сабақ кезінде көзін ашып-жұмып қалғып-мүлгітіп қойғанымен, ағаш винтовканы шүберек қарақшыға тықпалаумен, сол кездері ми қайнатар ыстық һәм нөсерлі жаңбырымен, жаңадан шырша діңінен жасалған нар үстіндегі шырша иісімен сақталып қалыпты.
Басы артық сөре-төсектерге жараланып қалған немесе талқандалған бөлімшеден, яғни адамдары қаза тауып таратылған бөлімшеден тірі қалғандар жататын еді. Олардың кейбіреулері осындағы жас сарбаздарға тәжірибесін үйретуге келген болса, енді біреулері майданға аттанатын, сөйтіп басқа ротаға қосылатын күндерін күтіп жатады. Енді біреулерінің алдағы майданға жөнелтілетінін, өздері айтатын «құрып кеткір запас полктерді», олардағы жарытымсыз берілетін тамақты, тәртіп дегеннің жоқтығын айтып, боқтық сөздің небір түрлерін төгіп сөйлейтініне таң қаласың. Енді біреулері орысша сөйлей алмайтын, жақсы түсінбейтін азиялықтарға қарағанда өздерін әжептәуір мықты сезініп, осында әлі де емін-еркін жүре тұра берсек деп тілейді.
Уақыт өте келе ротадағылардың біразы жерлестер болып, енді біреулері мінез-құлықтарының ұқсастығы мен өмірге көзқарасы сәйкес келіп дегендей, топ-топқа бөлініп алды. Қаһар сонау Қостанайда эвакуация бөлімшесінде жүрген кезде-ақ Бахчан-Бақытжанмен достасып кетіп еді. Бақытжан бойы екі метрге жуық, аққұбаша, енгезердей келбетті жігіт болатын. Екеуі де – орысша жақсы сөйлейтін, әзіл-қалжыңы әрқашан дайын тұратын көпшіл жігіттер. Екеуінің арасы бірден жақындасып, жұғысып кетті. Талас-тартыс, ерегіс болган жерге екеуі де араласпай тұра алмайды. Бұлар ондайда «мен бірінші болып ұруым керек» деп шешетін. Егер өйтпесең не дер кезінде жауап соққы жасамасаң, біттің. Онда сен – кім-көрінген сенімен аяғын сүртіп таптап, сосын тастай салатын аяқ сүртетін шүберек болғаның. Сондықтан басқалардың бәрі сенімен санасатын, сенің көзқарастарыңа қарайтын еркек бола білуің керек. Міне, бұл екеуінің ұстанымы – осы.
Сарбаздарды арнайы роталарға бөлу кезінде басшыларға жағынып, иіліп-бүгіліп тұратындар көзге түсіп, тамағы тоқ, көп сабылысы жоқ химиялық бөлімшеге, атқора күтушілігіне, азық-түлік бөлімшелеріне орналасты. Қаһар мен Бақытжанды пулеметшілер бөлімшесіне жіберді. Бақытжан зілдей ауыр пулеметті – «максимканы» арқалап жүруге арналған батыр сияқты еді. Ал Қаһар өзінің алғырлығымен, зеректігімен, азды-көпті білімімен көзге түскен. Шындығында, минометшілер мен бронатқыштар тірлігі де жеңіл емес. Олар ұдайы миномет тағандары мен «ПЭТЭЭР»-ларын сүйретеді де жүреді.
…Олардың ұзақ даярлық мерзімі де тәмам. Басы артық полктегі үш ай даярлық та әне-міне өте шықты. Жаңадан келгендерден жаңа рота жасақталып, оларға су жаңа әскери киімдер берілді. Зілдей ауыр винтовкалар мен патрондар, жолқапшықтар, әртүрлі пулеметтер… Әйтеуір, кенеттен әлдеқалай шайқас бола қалса, жауыңа қарсы қолданатынның бәрі бар. Тек қарсыласып, жауыңды жеңе біл!
Бұлар енді сонау ерте көктемде келген орман жолымен, енді күзгі орман жолымен эшелонға бет алып жүріп кетті.
Қазан айының бас кезі. Қаракөк түсті жапырақтары көз тартарлық қалың шыршаның арасынан анда-санда көктеректердің алқызыл, ашық сары жапырақтары жарқ-жұрқ ете қалады. Сонау шалғайдағы занғар көкте тырналар тізіліп өздерінің мұнды әніне басып тыраулап оңтүстікке қарай қалқып барады. Енді бірнеше күн өткенде олар осылай сүп-сүйір тізбектелген күйінде Қаһардың кең байтақ туған даласының төбесімен қалықтап бара жатады-ау, ә?! Мына, тұрған сұр шинель киген көкөрім балаусадай жастардың көбінің туған, түлеп ұшқан даласы ғой ол!
– Бұлар бұрын қатты тыраулап ұшатын еді, бұл жолы неге дыбыстары естілмейді? – Бұны айтқан басқаларға қарағанда сақалау мұртты сержант та бір сәт әрі мұңайып әрі ойланып қалған сияқты.
Қаһар тағы бірнәрсе айтар ма екен деп оның жүзіне біраз көз тоқтата қарап еді, сержант сол үнсіз, ойлы қалпында қала берді.
Бұлар вагонға мініп, жайғасып болғасын да оның есіктері сәл-пәл ашылған күйінде қалды. Ол осы саңылаудан күзгі табиғатқа сүйсіне де, үнсіз ғана ойлана да қарап отырды. Темекі шегетіндер отыра қалып қағаз тіліктеріне махор сеуіп орай бастады. Сөйлеуге ешкімнің зауқы жоқ сияқты. Тіпті, әшейінде ауыз жаппай өзі де күліп, өзгені де күлдіріп отыратын әзілкештер де тілін жұтып қойғандай.
Отарба қатты селк етті де алға баяу жылжи бастады. Енді бірде доңғалақтары рельсті зілдей ауыр бір дүрсілдің астына алып жылдамдығын үдетіп, көп ұзамай барынша заулап келе жатты. Иә. Пойыз алдағы болатын қанқасап соғысқа бет алған еді.
Ол соғыстан, Құдай бұйыртса тірі, тіпті еш жеріне тырнақтай сызат түспей аман-сау қайтуың да мүмкін. Бірақ сен бұрынғыдан мүлде басқа біреу болып ораласың.

— 4 —

Алғашқы ұрысты кім-кім де қанша ұмытпақ болса да, ешқашан ұмыта алмайды. Өткен шайқас қаншалықты қорқынышты, жан шошырлық апатты болса да оның бәрін кейінгі болған шайқастар бәрібір ұмыттырып жібереді. Алайда өзің ең алғаш рет қатысқан ұрыстың әр сәті, әрбір ұшқан оқ пен снарядтың қаһарлы даусы, тіпті түтін иісіне шейін есіңнен еш өшпейді.
Бұлардың полкінің дұшпанмен алғашқы шайқасы бір сәтке де толастамастан он тәулікке созылды. Қосымша күш бұлар Малоярославец маңында жатқанда ғана келіп қосылды. Оларды да эшелонмен әкелді. Иә, сол күні шұбатылған ұшы-қиыры жоқ колонналар келді. Түнгі аспан айқыш-ұйқыш атылған тажал оқтарының жарқылымен ұдайы жарқ-жұрқ етіп, қып-қызыл от пен шоқ аспаннан жауып жерге түсіп жатқандай. Күннің күркірегеніндей бір зор дауыс аспанның бір шетінен екінші шетіне ауып баратқандай.Тіпті, найзағайлы бір нөсер келе жатқан сияқты. Бұлар таң алдындағы алакеуім сәтте әлдебір шоқ тоғайға жетті. Оның ар жағында тағы да шоқ-шоқ ағаштар, көсіліп жатқан жол, сосын тағы бір ашық алаңқай көрінеді.
Кір-кір шинелінің жағасында әскери шен белгілері жапсырылған бейтаныс бір қазақ командир өзін таныстырмастан, бір ауыз бірнәрсе айтпастан келе сала:
– Орындарыңа барыңдар! Жанпидалықпен қарсылық көрсетіңдер! Қашпақ болған біреуіңді көрсем, өз қолыммен сол жерде атып тастаймын, – деп пәрмен берді. Даусы санқ-саңқ етеді. Сосын саптың алдынан өтіп бара жатып қазақ сарбаздарына түйіле қарап тұрып әлгі пәрмен, бұйрығын қазақшалап тағы бір қайталап айтып шықты.
Окоп деп аталатын жеке шұңқырлардың тереңдігі тізеден ғана келеді. Қосымша бронатқыштармен күшейтілген пулеметшілер взводы атқыштар ротасының қапталына жайғастырылды. Олардың қапталына он бес күндік даярлықтан өткен сары шашты бозбалалар жайғасты. Бәрі де – Мәскеу маңайынан келгендер. Қаһармен бірге келген жас сарбаздар сияқты олардың да әйнектей көкшіл көздерінде бір үрей бар екені байқалып тұр. Әрқайсысы өздерінің жансауға шұңқырын қазып жатқанда да тұлабойынан үрейлі бір діріл аңғарылады. Пулеметтің оқтаспасын салып жатқанда да қолдарының дірілдегені Қаһардың есінен кетпейді. Сөйткенше болған жоқ, дұшпан зеңбіректері қаһарлана сарнап қоя берді. Немістер осы шоқ орманды аямай-ақ атқылады. Снарядтар траншеяның үстімен тиер-тиместей болып, тіпті жарқ-жұрқ етіп өте төмен ұшып өтіп әріректегі тоғайға барып гүрс етіп жарылады.
Қаһар үнемі өзіне-өзі: «Қорықпайсын ба?» – деп сұрақ қояды да, сосын: «Жоқ, қорықпаймын», – деп өзі жауап берумен болды. Сөйте тұра, тісі-тісіне тимей сақылдап, тұлабойы дір-дір етеді. Еш нәрсені түсіне алар емес, осының бәрі өзінің емес, басқа біреудің басынан өтіп жатқандай беймәлім бір күйде. Бірақ дәл қазір опат болып о дүниеге кетуі мүмкін екенін біле тұра соған да сенбейді.
Кенет аспан асты ұшақтардың аңыраған, ұлыған ащы даусына толды да кетті. Соның арасынша құлақ тұндырарлық қорқынышты үнмен бомбалар жарыла бастады. О, сұмдық-ай, Жаңағының арасында бүкіл дүние ойран-топан болғаны қалай?
Міне, оның бүкіл жан-дүниесін нағыз қорқыныш осы сәтте басып алды. Жан алқымға тірелген үрей! Шіркін-ай, дәл қазір өзі жақсы білетін жауын құртына айналып сол құртша ирелеңдеп топырақтың астына барынша тереңдеп кіріп жата қалса ғой. Әлде, мынадай алапаттан аулақ басқа бір жаққа қарай қаша жөнелсе ме екен? Тіпті, тап қазір анау ажал тасыған ұшақтардың бірінен бір бомба бөлініп шыға сала тура бұның тақырлап қырғызып тастаған басына келіп түсіп, күл-талқан болған тәнінің жүздеген уыс-уыс бөлшектерін мына ойрандалып жатқан орманның түкпір-түкпіріне, анау жатқан ашық алаңқайдың үстіне шашып-шашып тастайтындай көрінеді.
Қара жер біресе солқылдап, біресе аспанға бұрқақша атылуда. Әлгі жас курсанттар артқа қарай тұра-тұра қашты.
– Танкілер! Танкілер келіп қалды! – деген дауыстан селк ете қалды.
Көкшулан қалың түтіннің арасында әлдебіреулер әлгі жас курсанттардың артынан тұра жүгіріп қашып барады. Кімнің кім екені қашанда алғашқы шайқаста-ақ осылай оп-оңай мағлұм болатын. Әрине, қорықпайтын пенде жоқ. Десе де, адам өзін-өзі ұстай білуі керек. Сабыр сақтай білу керек! Осындайда жаныңда арқа сүйерліктей, қорқынышыңа басу айтарлықтай біреу болғаны жақсы. Сондай адамның бірі Қаһардың пулеметшілер бөлімшесіндегі старшина Иван Кожин еді. Жарықтық, неткен сабырлы, ұстамды. Өзі – помор, яғни Қиыр Солтүстік жақтың тұрғыны. Мұндайда не істеу керек екенін білетін, осының алдында фин соғысына қатысып, алғы шепте болған жалғыз адам осы кісі.
– Кәне, тез пулеметтеріңе барыңдар!
Ол осылай айғайлап, шұңқырдың түбінде жермен жексен болып бүрісіп жатқандарды тепкілеп тұрғыза бастады.
Бұның Бахчан-Бақытжан досы жалма-жан пулеметті басып салған топырақты қағып-сілкіп түсіре салып, сақтағыштан ағытты да пулеметті сарната жөнелді. Тоқтаусыз ұзақ уақыт дұшпан шебіне қаратып бір оқтаспаның оғын төге салды. Қаһар да дереу екінші таспаны ұсынып жатыр. Жүрек лоблығаны басылып, сәл өзіне келген сияқты. Старшинаның:
– Үзіп-үзіп, қысқа-қысқа ғып атсайшы, төге бермей! Көздеп ат, – деп айғайлағаны естіледі. – Гранатаны дайындаңдар!
Танкілер анық көріне бастады. Әке, олар осылай қарай алаңқай жақтан үрейіңді ұшыра жүйткіп келеді. Танкілердің тасасында аутоматтарын кезеп, бастарын төмен салып бүкшеңдеп жаяу әскерлер ентелеп келеді. Танкілер әп-сәтте жақын келіп қалды. Газын күшейтіп, гүрілдетіп, шынжыр табандарының тұлабойды тітіретіп шықырлағаны түгел естіледі. Рота окоп-шұңқырларының бірінен кенет от жарқ етті де, ПТР (танкіге қарап ататын мылтық) жау танкісіне қарай оқты төгіп-төгіп жіберді.
Ол одан арғысын еміс-еміс қана біледі. Әйтеуір, мына әлем атаулы түгел тарсыл-гүрсілге, от пен найзағайға толып кеткендей болды. Оқ әперіп тұратын Таймастың шұңқырдан басын шығарып жақындап қалған танкіге қарай винтовкадан оқ атқаны, сосын бет-жүзі әлемтапырық боп кеткен күйі әлдене деп айғайлап граната лақтырып жатқаны да көз алдында. Гранатасы танкіге жетпей жарылып еді-ау. Сосын дулығасын шешіп тастап окоптың түбіне сылқ етіп отыра кеткен еді ғой, ол.
Сосын ше? Сосын танкілер шоқ орман түбіндегі жалғыз ғана зеңбірегі бар позицияның дәл қасына тақалып тұрып атып әбден талқандап болды да, окопта жатқан сарбаздарды тірілей шынжыр табандарымен жаншып, езгілеп тастады.
Сосын өзінің Есен деген еті тірі пысық досы оталғыш қоспа құйылған шөлмекті танкінің бензин багына дәл түсіргені есінде. Сол Есен екеуі ескерге келе жатып вагонда танысқан-ды. Шіркін, әзілқойлығы сондай Қаһармен де, Бахчанмен де танысқанда да сөздерін өлеңге ұқсастырып, ұйқастырып айтып танысып еді-ау.
Сондағы өлеңі былай болатын:
Мен – Дәуреннің баласы Кеңаралдық,
Маңдайыма жазылған генералдық…
Сосын Кеңарал деген Федоров ауданындағы Үй өзенінің жағасындағы ауыл екенін де ескертіп қойған-ды.
Тарсыл-гүрсілден оның жарылғыш шөлмегі танкінің темір сауытына тиген дыбысы естілген жоқ. Бірақ танк мұнарасының үстін от жауып тастағаны анық көрініп тұрды. Танк оған да қарамастан бір позициядан екінші позицияға ауысып ондағы адамдарды қамырша илеп топырақпен араластырумен болды да енді бірде өзі де түгелдей отқа оранды.
Кенет біреу үй сылақшысының шөткесін қанға малып алып Қаһардың бетіне жағып жібергендей болды. Шошып кетті. Қараса өзінің жерлесі, жаяу әскер сарбазы Болат жерде қанға бөгіп жатыр екен.
Әлдебір тылсым кереметтің күші ме кім білсін, бұлар әйтеуір, дұшпан шабуылына сол жолы төтеп берді. Ашық алаңқайда бірнеше танк өртеніп бықсып жанып, жатты, ал енді біразы мелшиіп тоқтап қалды. Бұл да ұзаққа барған жоқ. Немістер енді бұларда артиллериядан атқылаудың астына алды. Сосын, жербауырлап ыңыранып бомбалаушы ауыр ұшақтар келді. Олар енді бұрынғыдай бас-көз демей шамамен ғана емес, тура қажет жерлерді соққының астына алды. Өйткені, қай жерде кім, қай жерде не бар екені, алдыңғы шайқастан кейін олардың алақанындағыдай айқын да белгілі болып қалған еді.
Бұл кезде Қаһар мен Бақытжан дұшпан көзіне ілікпеу үшін бір ұядан екінші ұяға ауысып жылжумен болды. Бір өздері болса кәнекей, оқтөгер пулеметтері тағы бар ғой! Бұдан өткен азап қайда бар? Сол жұрт аузынан тастамай мақтаған «максим» оқтөгерінің ешқандай да техниканың жегілген түрі емес екені енді көрінді. Өзі ап-ауыр. Нағыз су толтырылған фляга дерсің. Өзі тез қызып кетеді. Қаһар оны старшина айтқандай үзіп-үзіп, қыс-қысқа ғана атып пайдаланды. Ол қызып кеткенде бұлар Бақытжан екеуі қалта сауыттағы өздері ішетін суды да тез қызып кететін осы «максим» жұтқынның өңешіне құюмен болды. Сосын ше? Сосын қорқыныштан есінен айырылып, өң-түсі қалмай, кері қарай «мамалап» қашып бара жатқан жас орыс солдат есінде. Қаһар сол сәтте көршілес иесіз қалған оқтөгерден старшина айтқандай оқты үзіп-үзіп атқылап, танкінің тасасында жүгіріп келе жатқан неміс атаулыны қыра бергісі келгенін де ұмыта алар емес.
Сол жолғы шайқастан ротаның бестен бірі ғана тірі қалды. Иә, отыз шақты адам ғана. Немістер оларды да орналасқан жерінен артиллерияның қарша бораған оғымен талқандап қуып шықты да, бұлар енді орманға келіп тығылды. Бұл жер осыдан бір-ақ сағат бұрынғы сарыала күздің алтынсары, қызғылт бояулы алуан түсті ажарынан ада болып, бұтағынан айрылып дөңкиіп қалған ағаш дөңбектері мен бел ортасынан қақ айрылған қайыңдардың ұсқынсыз мекеніне айналыпты. Ес жинап тілдесуге мұрша жоқ, тек құты түбінде қалған азғантай сумен таңдайын жібітіп, бет-аузындағы қан аралас батпақ, кірін қолдарымен сүрткен болып жатыр. Ақырында ротаның осы азғантай сарбаздарына әлгінде жан-жаққа бытырап кеткен курсанттар мен өзге де бір топ адамды қосып тас-талқаны шыққан позицияға қайтадан әкелді. Олай етпеске болмайтын да еді, өйткені ұрыс болған алаңқайдың арғы бетіндегі жолды немістерге қалдыруға рұқсат жоқ. Ол туп-тура Мәскеуге апаратын жол болғандықтан ол жолды өздерің өлмей бермеңдер деген қатаң пәрмен келді.
Өмір сол күйінде өтіп жатты. Соғыста үш мәрте шабуылдан аман қалған сарбаз ең тәжірибелі сарбаз боп саналады. Қаһар мен Бақытжан бірнеше тәулік бойы жасалған дұшпан шабуылын бастан өткерді. Не істемеді, қандай қаруды қолданбады дейсің. Жанармай құйылған шөлмектің де, гранатаның да талайын жау жаққа жөнелтті ғой бұл екеуі. Ұңғысына от алмай қалған оқ-дәрі толып қақалып қалған оқтөгерді – пулеметті де сақылдатты ғой күндіз-түні. Бұл қолма-қол шайқастарда да жыртқыштарша алысты. Немістермен талай мәрте бетпе-бет келіп, жағадан да алып, алқымнан қысып, нағыз хайуандарша беттерін, құлақтарын тістеп жұлып түкіріп тастады. Винтовкадан да мұндайда көп қайыр жоқ екен. Оны бір атасың да құлағын қайтадан қайырып, қайтадан орнына салуың керек. Оның бәріне қалай үлгересің сол сәтте дереу төніп келген дұшпанмен алыса кетесің. Бомба жарылысынан құлақтары бітеліп таскерең болып та қалды. Түтіні бықсып жатқан топырақтың астында көміліп қалған бірін-бірі суырып алуға да мәжбүр болды.
Қаһардың атасы қасиетті Меккеге жеті мәрте қажылыққа бекерден-бекер бармаған екен да жарықтық. Бұны әуелі Құдай, сосын сол атасының аруағы да қолдаған шығар-ау, бәлкім. Елде қалғандар мүмкін, Бақытжанның аман-сау қалуын күндіз-түні Жаббар Иеден жалынып тілеген шығар. Бәлкім, оны да сонау заңғар көктен періштелері қорғап жүрген болар. Кім біледі?
Иә, Қаһар осы бір өмір мен өлім арпалысына толы күндер мен түндерде ғана сонау бала шағында тәрбиешілері мен әскерде саяси жетекшілер Құдай жоқ деп өтірік айтқанын енді түсінген сияқты. Егер Құдай жоқ болса, адамдардың тілек тілеп, жалынып-жалбарынуы, бірін-бірі құлай сүюі, қуаныш пен қайғысы, уайымы мен сенімі қайдан келеді? Ол бар! Құдай бар! Басына қиын жағдай туғанда Құдайға сенетіндер де, сенбеймін дейтіндер де оған жалынып-жалбарынып жәрдем сұрай бастайтыны тегін деп пе едің?
Ол тағы да өткенді есіне түсіре бастады. Апыр-ай, сонда бұлар соншама топалаңнан, әр сәтте аузын арандай ашқан ажалдан қалай аман қалды екен, ә. Оған не, кім себеп? Алба-жұлбасы шығып, қан сіңген кір-кір шинель, көздері есеңгіреген есі кеткен тірі өліктің көріндей мағынасыз, сөйтіп жүріп бірнеше рет контузия алған адам ғой бұл. Сөйтіп жүріп аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып дұшпанға ұмтылып, ажалға қарама-қарсы атылған еді ғой талай мәрте.
Иә, бес мың сарбазы бар полктан жүз елудей ғана адам тірі қалды. Олардың өзі де өздерінің не өлі, не тірі екенін онша сезе қоймайтын сияқты, біртүрлі боп өзгеріп кеткен. Енді оларды тылға Орал аймағына әкеліп, сосын қайтадан жасақтап, әнеугүні ғана өздері болған басы артық полк, яғни, запастағы полк дегенге тіркеді. Баяғыдай казармалар, баяғыдай ұрандар жазылған штаб үйі.
Олар майданға да осы жолмен аттанып еді, содан бері де жиырма шақты күн өтіпті-ау. Вагондағылар күні кешегідей болған алапат шайқастардан әбден есінен айрылған кілең бір мелшиіп, тұнжырап қалған біреулер. Бір-біріне тіл қату деген жоқ. Олар тыныш өмірге қайтадан үйрене беруі керек сияқты. Адамдар шыбынша қырылған қанқасаптан шыққан біреулер де басқа бұл тіршілік иелері сықылды. Сол қанқасаптан тірі қалған біреу өзін-өзі атып өлтіріпті. Марқұмның қойнында неміспен болған қолма-қол шайқаста қолына түскен пистолеті болған дейді.
Әуелі бірнеше тәулік бойы еңсені басқан сылбыр ақ жауын жауып тұрды да арты дымқыл ызғарлы қарға ұласты. Бір аялдамада бұлар вагонның есігін ашып тастап, сыртқа көз салып отырды. Жер мен көк түп-түгел аппақ, алыста сорайып көрінген биік шыршалар да қар жамылып алыпты. Міне, қыс та келді.

* * *

Сосын нағыз тозақ басталды деуге болады. Ол тозақ Ржев шаһарының жанындағы қалың батпақты жерде он айға созылды. Газеттер Ржев түбіндегі шайқастарды тек сол аумақтағы ұрыс қимылдары түрінде ғана жазып жатты. Ал, ақиқатында бұл жақтағы ұлы топалаң Сталинград шайқасынан еш кем емес еді. Мұндағы шайқас ешқандай есепсіз, ешқандай әдіс-тәсілсіз жүргізіліп төрт жүз мыңдай адамға ажал құштырған іс болатын. Сол жылдары соғысқа қатысқандардың әрбір үшінші-төртіншісі осы маңда соғысқан болатын.
Ржев-Вяземск маңында болған операциялар Ұлы Отан соғысы деп аталған сол қанқасапқа қатысқан кім-кімнің есіне түссе тұла-бойы түршікендей бір күйге түсетін.
Бірде шабуылға шығуға пәрмен берілді.
Немістер биік қырқаның басына жайғасып алыпты. Кеңес батальондары болса ми батпақта жанұшыра еңбектеп соларға қарай ұмтылған болады. Немістер бұларды жоғарыдан оқтөгермен шетінен баудай түсіріп отыр. «Бір адым да артқа шегінбеңдер!» деген пәрмен тек Қызыл әскерде ғана болған жоқ, немістерде кері шегінген адамдарын одан да жаман жазалаған. Ал қаша жөнелген сарбаздарын саптың алдында жұрттың көзінше атып тастап отырды. Тіпті, әлдеқалай ақыл-есінен алжасқандарды да сөйтті. Жерлеу үрдістері алдыңғы шепте мүлде көрсетілген емес. Тек өліктер екі-үш қатар болып көмілген «алқаптар» мен «тоғайлар» ғана есте сақталып қалды. Қыста қар аралас тізеден келетін суға толы окопта өліктердің үстімен аттап өтіп жатқан адамдар көз алдыңнан кетер ме? Траншеяда арлы-берлі қарқылдай күліп жүрген есінен алжасқан жап-жас сарбаздар. Ал бүкіл бөлімшеден бір өзі тірі қалған бір сарбаз езуіндегі ақ көбігін бұрқыратып «Расцветали яблони и груши» деп әндетіп жүр. Ол өзінің бөлімшесіндегілер түгел қырылып қалғанын да, өзін әскер қатарынан шығарып тастағанын да білмейді. Бар ойы өзінің өлі батальонына қайтып бару ғана.
Қаһар әп-әйдік адамдардың – полк командашыларының еңкілдеп, еңіреп жас балаша жылағанын да сонда, сол Ржев түбіндегі шайқастардан кейін көрген.
Қыста оқтөгердің (пулеметтің – М.К.) ұңғысында су орнына қар толып тұрады. Бұлардың кигені сол баяғы жыртық шинель. Қырау қатқан қас-кірпіктеріне шейін аппақ. Аяқ-қолдары үсіген. Өлердей мұңды жүз, мағынасыз жанарлар. Бір күні таңғы қызылшұнақ аязда бүрісіп отырған бұған қарап Бақытжан қазақшалап: «Болды, жетер енді! Бұдан әрі соғыста қалғым келмейді» деді. Қайтсін, бүкіл тіршіліктен күдерін үзгені көрініп тұр. Содан екі күн өткенде оның тізесін снаряд жаңқалап кетті. Қатты жарылыстан Қаһардың құлағы тас болып бітіп қалған. Жан-жағындағы қалың көк түтіннен еш нәрсе көрінбейді. Әйтеуір досының дыбысы шыққан тұсқа еңбектеп шаққа жетті.
Бақытжан қос-қолымен тізесін құшақтап алып қазақша бірнәрселерді айтып шыңғырып жатыр екен.
– Қазір, қазір! Шыдай тұр, – дегеннен басқа бұның айтары да жоқ.
Оның тізесін таңғаннан түк пайда жоқ екен. Қаһар жалма-жан қолтығының асырма тартпасын алмақ болып еді қатып қалған саусақтары икемге келер түрі жоқ екен. Сосын әлгі брезент тартпаны оның мақта шалбарының ішіне сұғып жіберді де аяғын бірнеше рет айналдырып бұрап тастады. Ауруға шыдай алмай ойбайлап жатқан Бақытжанның көзінен парлап жас ағып кеткенін көрді.
Бұл болса:
– Шыда, шыда! Қазір, қазір, – дегеннен басқа аузына сөз түсер емес.
Не істеу керек? Көп ойланып тұрмастан досын иығына сүйей салып алға қарай ілби бастады. Мына тозақы алқаптан сәл де болса алыстау кетуі керек. Беті қар, асты тоң боп қатқан тастай қатты жерді қан-қан саусақтарымен тырналай жылжып келеді.
– Бізге тигізе алмады ғой. Енді тигізе де алмайтын шығар! Ауа жетпей алқынып, қос өкпесі удай ашып келе жатып Қаһар осы сөзді бірнеше рет қайталады. Сосын бірер секунд қозғалмай демалған болды.
Қаһар бұдан түк шықпасын білді. Сосын Бақытжанды шалқасынан жатқызды да өзі де оның үстіне кесекөлденең шалқалап жата кетті де Бақытжанда қаусыра ұстап қайтадан етбетінен аунап түсті. Досы арқасында. Алға төрт аяқтап жылжып келеді. Бақытжанның тақырлап қырып тастаған басы былқ-сылқ етеді. Есінен танып қалыпты.
Қаһар өлдім-талдым дегенде траншеяның тірек пунктіне жеткенде өзі де ешнәрсені сезуден қалғандай еді. Осы тірек пунктінен әрі қарай өтуге болмайды. Бұйрық солай. Әйтпесе, жаралы адамды арқалаған болып әскерден қашып кететіндер де болған. Міне жетті. Бақытжанды жауынгерлер көтеріп әкетті.
«Бақытжан! Бахчан! Бауырым… Олар сені дәрігерлерге апарады. Өлмеші, өлмеші бауырым. Шыда! Мен сені медсанбаттан тауып аламын ғой. Ал, қазір пулеметімнің қасына баруым керек. Сен мені күт, бауырым!» Қаһар жан досымен осылай еңіреп қоштасып бара жатты. Бірақ Бақытжан оның бір сөзінде естіген жоқ еді.
Ұрыс саябырлап, күн ұясына бата бере Қаһар рота командашысына барып, медсанбатқа досының ондай андай-пұндай заттарын апарып тастауға рұхсат алды. Жолқапшыққа неміс пышағын, олжаға түскен қолшамды алды. Ойы медсанбаттағылар тезірек қимылдап, досын эвакуацияға жіберсін дегені еді. Амал не, ол ойы болмады. Дұшпан түнде бұларды тылдан бөліп тастады, содан кейін ол Бақытжанын ешқашан көре алмады.
Ал қоршаудан шыққан соң Қаһардың өзі жараланып қалды. Контузия! Арқасына бірнеше снаряд жарықшағы тиіпті. Ротаның тірі қалғандары кері шегініп те кетті, ал бұл бірнеше сағат қардың үстіне жатты. Әйтеуір, жан-жағы ақ қар, көк мұз екен, ракеталар жарылып, көкке ұшып жатқан ағаш, топырақ, қар көз алдынан кетер емес. Түнде бірнеше адам оның жанына еңбектеп келді де арқанмен мұны орап-орап алып өзінің үйреншікті траншеясына қарата сүйретіп алып кетті. Жарақатымен қоса, қолдарыда үсіп кеткен екен, кейін жан кіріп аусақтарының терісі түсе бастады.
Енді, міне, госпитальда жатыр. Реабилитация. Әуелі 389-ші қосымша полк, сосын 12-полк! Қаһар қосымша полктен қайтадан майданға аттанарда парадта киетін мерекелік киімдерін киіп алды. Омырауы толған белгілер медальдар, қызыл Жұлдыз ордені. Солардың ішінде Ржевті қорғаудағы «Ерлігі үшін» және «Москваны қорғағаны үшін» медальдары ең бастысы сияқты. Бұл-бет сүйегі шығыңқылау келген, сәл қысықтау іспек көздерінен өжеттік, аржағында әлденеге ашу-ызасы да бар екені аңғарылып тұратын батыр, жиырма жасар жігіт Қаһар! Осының бәрі оның Қаһар деген есіміне де керемет үйлесіп тұр.

* * *

Бұған бейне бір ересек данагөй адамша қарайтын жас жерлес сарбаздары қайта-қайта «Айтыңызшы, қалай өзі. Ол жақтағы соғыс қорқынышты ма?» – деп сұрай береді. Баяғыда бұл өзі де осылардай жас сарбаз болатын. Енді оларға не деп жауап беруге болады. Ол жақтағы қасірет-қайғыны тілмен айтып жеткізу деген еш мүмкін емес қой! Тағы да есіне түсті.
Бұл жаңадан жасақталған әскермен бірге 3-белорус майданындағы полк барлаушылары штатына келіп ілікті. Оған тек еріктілерді ғана алатұғын. Қаһар осыған өз еркімен келді. Ол өзінің артында қимайтын ешкімді де, ешнәрсесі де жоқ екенін, бұл өмірден өте қалса өзін жоқтайтын жан да жоқ екенін ол ес білгелі өзінің сұм тағдыры оған тіршіліктің талай тәжірибесін, білімін санасына сіңіргенін, қысқасы, бәрін-бәрін бір сәт таразыға тартқандай болды. Барлаушылыққа сондықтан барды. Оның кеудесіне өзі өткерген өмірге деген ешқашан кетпестей ешқашан өшпестей кек бар.
Ол фашистерге де өте қатал өшпенділіктен қарады. Оларды сұмдық жек көрді. Өздері өлтірген, мауыздаған фрицтердің алған қыздарының фотосуреттерін алып, осыларды Берлинге шейін сақтап апарсақ, сол қыздарға бұл суретті қалай алғанын көрсетсек екен деген кекшілдік пен ызақорлық ойлары да болды. Бұл барлау бөлімінің қамсыздандыру, қорғау бөлімшелерінен өткеннен кейін, дұшпан бекінісін басып алу бөліміне ауыстырды.
Қаһар осылайша Белоруссияға, сосын Балтық жағалауына шейін барды. Берлинге көп қалған жоқ-ты. Әттең, оған жете алмады ғой!.. Бірде Шығыс Пруссияда ілгері жылжып келе жатқан әскерді әп-әдемі жинақы ғана неміс хуторына жете бере сақылдаған оқтөгер тоқтатты.
Санитарлық эшелонда келе жатып Қаһар өткенін бүгін осылай еске алумен болды. Тағы да есіне жараланғаны түсті. Бүкіл денесі от боп күйіп жанып барады. Ерні кезеріп, аузы қурап, тілі тобарсып қалған. Сөйтіп жатып-ақ әйтеуір тірі қалғанына қуанатын сияқты. Ол ілгеріде өзі осы соғыстың ақырына шейіп тірі болам деп ешқашан ойлаған емес. Өзін ажал әне-міне түртіп тұрғандай сезінетін. Бүгін болмаса- ертең, ертең болмаса-бүрсүгіні өлетіндей көрінетін. Ал кейде ол өзі болмаса мына соғыста болмайтын сияқты еді.
Ойын медсанитардың даусы бөліп жіберді.
– Міне, жақындап келіпте қалдық,-дейді ол бұның жарақатын
қайтадан танып жатып. – Онда барғасын біраз емдейді де сосын үйге қайтасыз.
Қуанышқа бөленемін ғой! Қаһар осы сөздің аузынан қалай шығып кеткенін де байқамай қалды. Иә, ол қайда, кімге барады? Оны зарыға күтіп отырған, қуаныштан жүрегі жарылардай боп құшақ жая қарсы алатын кімі бар бұның?
Құдай-тағала оған тек не істесе де қайда барамын деседе молынан жететін уақыт берген екен, сол ғана бар! Сосын онсыз арайлап атып келе жатқан ақ таңды, әдемі қыздардың әсем жымиғанын, шат-күлкісін, алуан гүлдері мен ақ қайың, бозқараған, ақтерек, көктерегі жайқалған бау-бақты көріп жанына жадыраңқы ләззат алуына ғана мүмкіндік беріп қойыпты. Сосын ше? Сосын сол бау-бақтағы әлдебір орындыққа отырып, құстардың сайрағанын тыңдап, күннің нұрына бетін тосуына да болады екен ғой.
Ол ешқашан философтардың кітаптарын оқып көрген емес. Оған ізгіліктің даналықтарын, ақыл-ойын, берер сабағын өмірдің өзі жастайынан-ақ үйреткен. Ол мына өмірге үнемі разы болмай жүретіндер сол өзі армандаған нәрсеге қол жеткізуге лайық адамдар емес деп біледі. Ал бақыт дегенініз әрбір жаңа атып келе жатқан таңға, әрбір күнге қуана білу деп біледі ол. Оған осылай ойлауды да соғыс үйреткен еді! Өмір оны біресе шыр көбелек айналдырып әлдебір қысталаң күйге түсірді, біресе одан шығарып алып түпсіз бір тұңғиық тереңге сүнгітті, тіпті атты да. Ақыры бұған көңілі жібіп, мейірім түсіп міне, енді, еркін тіршілікке жіберді.
Ал сүйікті жерлес мархұм Есеттің, досы Трофимнің тағдыры ше? Сүйектегі «Бауырластар бейіті» деп аталатын немесе ешқандай атауы жоқ әлдебір молалардың астында, ұтыс даласында қалың орманда, ми батпақтың астында қалғандар ше? Ржевтің, Вязьмонын, Малоярославецтің, Серпуховтың, Псковтың түбінде көмусіз қалғандардың, Курск доғасында, Сталинград үшін, Киев үшін, Днепр үшін деп қырылғандар ше?
Қаһар Мәскеу үшін шайқаста өзінің немере ағасы Сұлтанның, Нарбайдың ұлының, атасы Молдарахметтің туған інісінің, үш аталықтан қосылатын туысқаны Сейдақтың тағы басқа ағайын- тумаларының сол Мәскеу үшін шайқаста қаза тапқанын да білмейтін еді. Ол лагерьден шыққасын айыпкерлер ротасына жіберіліп, содан алғы шептегі қан судай аққан шайқаста із-тұзсыз жоғалып кетіпті.
Ал Ұлы Отан соғысы деп аталған сол қынадай қырғынға Қазақстаннан қатысқандардың үштен бірі яғни 630 мыңы опат болды, 497 сіне Кеңес Одағының Батыры атағы, 110 адамға Даңқ орденінің толық иегері атағы беріліпті. Олардың бірталайы опат болғаннан кейін ғана барып, марапатталды.

– 5 –

Житомир, 1945-1946

Бұл госпитальдың артында ертеде үлкен бір монастырь мен оның бағы болған дейді көнекөздер. Кейін бақты отап, шағын скверлер ғана қалдырыпты.
Бұл кезде Житомирдің өзі жасыл желекке бөленіп тұр еді. Шілденің шыжғырып тұрған ыссы күндерінің бірі. Үйеңкі мен теректердің жапырақтарын шаң басып салыпты. Бір қарағанда шаһар соғыстан есін жиып, қалпына келгендей көрінеді. Қоңырауларын сыңғырлатып әрлі-берлі трамвайлар өтеді. Қаланың ортасында серуендеген қалың жұртшылық. Таңертең ертемен шаһар маңындағы мекендерден буы бұрқырап жаңа сауылған сүтін, қаймағын, ертерек піскен картобын, жеміс-жидектерін, қолдың нанын, қуырылған пісте толы қапшықтарын арқалап саудагерлер базарға қарай ағылуда.
Госпиталь қаланың көне бөлігіндегі жағалауы құз-жертасты өзеннің жиегіне орналасқан екен. Екі жүз адамға арналған төсек-орны бар. Бірақ дәл қазір мұнда жатқандар көп. Адам симағасын залға, асханаға, дәлізге қосымша керуеттер қойылған. Орындықтарды бір-біріне жалғастырып, соған жатқандар да жоқ емес.
Қаһардың керуеті ашық терезенің дәл түбінде. Сыры өше бастаған терезе жақтауында күн сәулесі күлімдеп тұрады. Керуетке бірнеше балдақты сүйеп қойыпты. Аяқ сынықтарының терісіндегі қою қызыл түсті тыртықтар көрінеді. Кейбіреулерінің тігісі ашылып кетіпті, аржағынан қан шығып тұр.
Палатада жасы үлкен-кіші адамдар аралас. Көпшілігі соғыстың алғашқы күндері жараланған жас балалар. Одан сәл беріректе аяғы кесілген, алдыңғы күрек тістері алтын түстес рандольмен қапталған, үрпекбас ересек біреу жатыр. Палатадағылар оны Клепа дейді екен. Тылда, сосын зенит батальонында болыпты. Жаралы аяғы шіри бастағасын тізесінен жоғарырақтан кесіп тастаған.
Көпті көрген сақа майдангерлер де бар екен. Қаһардың көршісі жасы қырық бестердегі шашы қудай аппақ сарбаз. Мұртында бір тал қара қыл жоқ, ақшыл сары түс қана. Оны жұрттың бәрі Евгений Павлович немесе жәй ғана Палыч дейді екен. Оның өз бөлімшесінде алуан-алуан көңіл-күй орната алатын еті тірі сарбаз балғаны байқалады. Соғысуды Сталинград түбінде тәмамдапты. Палатада Евгений көп сөйлей бермейді. Шалқасынан көптен бері әктелмеген, ыс басқан, әр жері шытынап кеткен төбеге қарап жатады да қояды. Байғұстың қос қолы да жоқ. Шынтағының кесілген ұштары қызғылт ылғи тартып тұрады.
Палыч палатадағылардың әңгімесіне де онша араласа қоймайды. Кей-кейде ғана бір-екі ауыз бірнәрсе айтқан болады да қайтадан төбеге, бір нүктеге қадалып жата береді. Палатадағылар оған газет қиындысына темекі орап береді. Палыч сол темекіні де сол адамның қолынан сорып шегеді, байғұс.Темекіні кеудесі түтінге әбден толғанға шейін тартады.
Оған тамақты да қасықпен аузына біреу салып беріп отырды. Сірә, мүгедектіктің жалқы да жаншошырлық нәрсе екенін білетіндер екеуі болса, бірі осы Палыч шығар-ау. Оның түнде керуетте әрі-бері дөңбекшіп, аударылып-төнкерілгенін көрген Қаһар ол сірә, түсінде соғысып жүретін болар деп ойлайды. Мүмкін ол соғыс дегеннен, тіпті, шошымайтын, оған еті өліп кеткен біреу шығар. Иә, ол байғұс іштей басқа дүниеге бейімделіп жатыр ма кім білсін ?!
Оның үй-іші қандай қасіретке душар болғанын бұнда жан адам білмейді. Оның бұл дүниеде жалғыз қалғанынан да бейхабар. Ол соғыста жүргенде, қолы бар кезде бір қызбен хат жазысып тұратын-ды. Басқаларда сөйтетін. Қолынан айрылғасын хат жазысу да тоқтады. Палыч әуелі өзі тоқтатты. Бірақ қыздың ақ парақты толтырып жазған үшбұрышты хаттарының әмбесі түгел сақтаулы. Кешқұрым іші темекі түтіні мен иісіне толы жиырма адамдық палатадағылар ұйқыға кетер алдында ол Қаһардың әлгі қыз жазған хаттарын қайта оқып беруін сұрайды. Бұның тұл жетім екенін, тоғыз-ақ жасар бала шағында балалар үйіне түскесін ол ғана біледі. Сондықтан да Қаһарды жанына жақын тартады.
– Тыңдашы, Қаһар… Сол бір сәт әлі есімнен кетпейді. – Палыч бір рет тамағын кенеп алып, өзімен-өзі сөйлескендей бұның бетіне бетін бұрмастан сөйлеп жатыр. Бірде траншеяда неміспен ұстасып қалдым. Өзі еңгезердей нән біреу екен. Денелі. Мені аяғымен шалып құлатты да үстіме мініп алды, енді винтовкамен тамағымды қылғындырып, тастамақшы. Қонышымда фин пышағы бар еді, соны алып үлгере алмай қалдым. Ала алмайтын да сияқтымын. Қолыммен винтовканы әрі итерген болып жатырмын, біттім ғой дедім… Қырылдай бастадым… одан әрі түсініксіз бірнәрсе басталды да кетті. Әлде менің көзіме солай көрінді ме, әлде оны Құдай тәубеге келтірді ме білмеймін. Ол мені қылғындырғызып қоя салды. Сөйті де, кенет өлме, өлмей жүре бер дегенді ыммен ұқтырып, иығымнан жәйлап қағып-қағып қойды. Сосын орнынан түрегеліп, өмірінде үлкен бір істі тындырған адамша маған қарап күлімсіреді де тұрды. Мені аяп тұр. Міне, өмірде не болмайды дейсің?! Қысқасы, ол маған күлімдеп бір қарады да бұрылып траншеяны бойлап кете барды. Ал мен ше? Мен ентігімді басып сәл тұрдым да оның соңынан жетіп барып арқасына секріп міндім де пышағымды өндіршегіне салып кеп жібердім де тамағын орып кеп жібердім. Ол аяқ-қолын селкілдетіп жатты. Мен оның қашан жаны шыққанша үстінен түспей отырып алдым. Айналада әлі ұрыс жүріп жатты. Мен оның үстінде отырып темекі шеккім кеп кетті. Біз ақыры немістерді траншеядан қуып шықтық. Мен астымда жатқан немістің қалталарын тінте бастадым фотосурет шықты. Қарасам менің Настюшам сияқты кіп-кішкентай тұлымшағы селтиген қыздың суреті. Настюшанның дәл осы қыздікіндей тұлымшағын өзім өріп беріп тұратынмын.
Палыч бір сәт жұтынып алды да іші бос салақтаған жеңін көтермек болды. Көзінің жасын сүрткісі келген сияқты. Бірақ қолы жоқ екені енді есіне түскендей басын бір жағына сылқ еткізді.
Қызым мен қатыным мың тоғыз жүз қырық бесінші жылы бомба түскен үйдің астында опат болған. Екеуінің ең болмаса моласы да жоқ. Бұл госпитальдан шыққасын қайда баратынымды да білмеймін. Барар жер, басар тау жоқ. Ешқандайды өмір сүргім келмейді. Құлқымда жоқ. Сол кезде аласұрған етқызумен ол неміс туралы ұмытыпта кетіппін. Енді есімнен кетпейтін болды. Оның жылы жүзі, маған қарап жымиып күлгені, оның фотосуреттегі қызының бет әлпеті … Бәрі, бәрі көз алдыма келеді да тұрады.
Евгений Павлович шашы да, үстіндегі жеңі салақтаған халаты мен өзінің өңінің аппақтығы да сондай ол бір қарағанда ителгі құстай боп көрінеді осы жатқанда. Керуеттін арқалығына жонып тіреп қойып, анда-санда бетін қинала тыржитып, кірпігін қағып-қағып қалып өзінің қасіретке толы өмірін еш бүкпестен асықпай айтып жатыр. Ал Қаһар өзі темекі шекпесе де қағаз қиындысына темекіні әдемілеп орап оны Палычтың ерніне қыстырып отырып:
– Темекі шегіп ал, Палыч. Өзіңді көп жазғыра берме! Бізге мұндай қатыгездік жасауды үйреткен мына соғыс деген бәлекет қой, қалай болғанда да өмір сүру керек. Бұл өмір бізге өте орасан қымбатқа түсті ғой, – деп қояды.
Біреуінің қос қолы түбінен кесілген оның, ал жарты жасындай ғана екіншісінің аяғы жоқ осы екеуінің тағдырына адам баласы көруге тиісті азап пен қасірет-қайғының барлық түрі тап келген деуге де болатындай еді. Өздері осындай аянышты күйге түскен, ең болмаса осынау жер бетінде бірде-бір жақын-жуығы жоқ бұл екеуін бір-біріне сонша жақын сырлас еткен тағдыр осындай болатын.

* * *

Қаһар керуетте санитарка-қыздың еден жуып жүргенінен көз алмай қарап жатты. Тек ол ғана емес палатадағылардың көзі түгел сол қызда. Орта бойлы, аққұбаша келген, қасы қап-қара, орамалының сыртынан бұрымы бұрқырап шығыңқырап тұрған сүп-сүйкімді қыз. Жасы он сегіз – он тоғыздарда. Өзі сондай жап-жас көрінгенімен баласы бар екен. Бұл Житомир шаһары үш жылдан астам оккупацияда, немістердің қолында болып, азаттық алғанына жыл жарым ғана уақыт өтті. Госпитальдағы санитар, медбикелер бұл қыз немістен бала тапқан деп өсек қып жатады. Оны жаралылар да біледі.
Бұл бойжеткен кішкентай ұлымен екеуі қаланың шет жағында тұрады. Жақын-жуық ешкімі де жоқ. Баласын қалдырып кететін ешкімі болмағасын оны өзімен бірге жұмысына ала келіп, медбикелердің бөлмесіне, болмаса кір жуатын бөлмеге отырғызып қояды. Баласы ауырушаңдау сияқты. Анасы босанар кезде шығып кеткен бір аяғын созып жіберіп еденде еңбектеп жүреді. Оның жылағанын да ешкім көрген емес. Анасы байғұс жұмыста тыным таппай жүріп, арасында баласының жанына асығып-үсігіп келіп кетіп тұрады.
Әне, анау рандоль тісі бар Клепа кенет оған қарап:
– Әй, Санитарочка! Жұрттың емешесін құртып қызықтыруыңды қой да менің жаныма келіп отыршы! Әйел жыныстыны сағындым! Кел, қасыма кел, – деп дауыстай бастады. Ол осының алдында еден жуып жатқан қыздан көзін алмай үнсіз жатқан болатын.
Қыз көзіне түсіп кеткен шашын қайырып тастап, оған назар салмастан кір еден жуғыш шүберегін шелектегі суға бұрап сығып үнсіз тұра берді.
– Немене, жиіркенесің бе? Ой, жаман салдақы. – Бұны бүкіл палатаға есіттіріп айқайлаған адам дудар бас мүгедек болатын. Ол онымен де тоқтай қоймады. – Біздікілермен тіпті тіл қатысқың да келмей ме, не? Немістерді жақсы көресің, ә? Ой, фашистің салдақысы! Сені алаңға қалың елдің алдына тыржалаңаш шығарып қояр ма еді? Көрсін сенің анау былжырағыңды. Дұшпандарға көрсеткен жүзіңді бізден аяйсың ба? Қане, маған қарашы, сілікпе!
Клепаның бұл өрескелдігінен палатада біреу-міреу іштей қатты күйзелсе де сол сәтте оған ешкім ешнәрсе айта алмас та еді. Бірнәрсе десе-ақ «Сен не, фашистің астында төсеніш болған жәләпті жақтап тұрсың ба?» деп аузын жаптырып тастаған болар еді. Бірақ майдангерлердің аты майдангер ғой. Олар осындай қыздарға қырындайтын тылда жүрген жәй пенделер емес қой. Бұлар мұндай қатын-қалаштарды иттен де жек көрді. Мұндайлар оларға нағыз сатқындардың өзі. Әрине, орайы келіп жатса оңашада өздері де «кет әрі» дей қоймас еді.
– Не, немісіңді күтіп жүрсің бе? – деп Клепа одан әрмен әкіреңдеді. Біз
оны әлдеқашан өлтіріп тастағанбыз. Өлтіріп тастағанбыз сенің сүйіктіңді. Ішек-қарны ақтарылып қалды. Оның өзін де, достарын да, туған-туыстары мен апа, қарындас, ата-анасын да қырып салғанбыз. Не, біз мына сен салдақылар үшін соғысып па едік?
Қыз әуелі ешнәрсе естімегендей болып мелшиіп тұра берді. Еңкейіп тағы да еденді сүрткендей болды. Сосын тұла бойын жайлаған лас сөздерге одан әрі төзе алмай, шелектегі суды еденге ақтара салып сыртқа қарай тұра ұмтылды. Клеп оның артына құлаштап тұрып балдағын атып кеп жіберді.
Күн өте ыссы болғасын палатаның есігі айқара ашық тұрғанды. Оның айқайы бүкіл бөлімшеге ап-анық естіліп жатты.
– Клепа, жүйкені тоздырма, – деп Евгений Павлович қана баяу басу айтқан болды. Өзі сол әлі де екі көзі төбеге қадалған күйінде.
– Осындағылардың бәрі де соғысқан. Сенен көп соғысқан. Жетер!
– Көп қоқаңдай берме! Есіттің ғой не дегенін! – деп Қаһар да Палычты
қоштап жатыр. – Бұдан былай іщіңе күйігің симай баратса, онымен дәлізге шығып сөйлес. Сосын палатада даусыңды көп көтере берме, білдің бе?
Клепа бұларға ызалана бір қарап қойды да ешкімге қарсы ешнәрсе айта қоймады. Сосын балдағын алуға есікке қарай секеңдей жөнелді.

* * *

Жаз да келді. Жарақат таңатын емшара бөлмесінің ашық терезесінен сарыала, қоңырқай қызғылт жапырақтар ішке ұшып кіріп жатыр. Қабырғалар мен азғантай жиһаздардың үстінде күн сәулесі қырық құбылып ойнақшиды. Үстел үстіндегі темір табақша да, оның қасындағы никельденген медқұралдар да жылт-жылт етеді.
Жаздың жұпар исі бөлмені түгел алып тұр. Аздап йод исі шығады екен. Қолжуғыштан тырс-тырс етіп тамшы ағып тұр.
Балдағына сүйеніп қос қапталына кезек аударылып-төңкеріліп қиралаңдай кірген Қаһарға толықша келген тоқтасқан Анна Николаевна:
– Кәне, отыра ғой, жауынгер, – деп, иегімен ағаш тақтаны нұсқады.
Бұл медбикенің сөйлеу мәнері мұндағы украиндардың жұмсақ та жылы лебізіне, майда сөйлейтініне мүлде ұқсамайды. Білетіндер ол Мәскеудің өзінен дейді. Госпиталь эвакуацияланғанда осында келіп жұмысқа орналасыпты. Қайтадан Житомирге көшірілгенде тағы да қайтып оралыпты.
Николаевнаны бөлімшедегілердің бәрі жақсы көреді. Жүрісі де байсалды, баяу сөйлейтін кеңпейіл бұл әйелмен жәй әңгімелесіп отырудың өзі бір ғанибет. Ол осындағы жаралы сарбаздардың жан дүниесін, бірде олай бірде бұлай құбылмалы мінезін жақсы түсінеді.
Жоқ жерден шу шығарып, ботқа салған табақшаны лақтырып, былапыт сөз айтып жататын айқайшыларды да биязы үнімен, тартымды жұмсақ сөзбен сабасына түсіре қояды. Айтпақшы, бұл бөлімшеде шайқасқа бір-екі –ақ күн қатысып нағыз солдат болуға үлгере алмай да жарақаттанып үлгерген жастар өте көп. Қаһар бірде ақүрпек шашы жалбыраған, екі аяғы бірдей жоқ сондай бір жас жігіт Анна Николаевнаның кеудесіне басын сүйеп еңкілдеп жылап тұрғанын, ал ол кісі оның басын сипалап кішкентай сәбише жұбатып, өзінің де көңілі босап тұрғанын көрді. Кенет жас жігіт қос иығы селкілдеп бұрынғыдан да қатты дауысын шығарып жылады да медбикенің бетіне қарап тым-тырыс бола қалды. Жылағаннын да қойды.
– Қаһар дейсің, ә? Бұл қандай есім? Бұрын-соңды естіген емеспін мұндай есімді.
Қаһар орындыққа отырған бойда Анна Николаевнаның оған қойған бірінші сұрағы осы болды.
– Кахар деп құжатыма орысша жазып қойған ғой, ал дұрысы – қазақша Қаһар. Яғни «айбатты», «батыл» деген сөз. Екінші бір мағынасы – ашулы, күйінішті дегенді білдіреді.
– Түсінікті! Күйініш, қайғы! Иә, күйініш пен қайғының, күйзелістің небір түрін бастан өткергенің көрініп-ақ тұр ғой.
Ол осылай деп бұның қабынып, ұшы қып-қызыл болып кеткен шолақ аяғына сондай бір нәзіктікпен, сондай бір ептілікпен майлы дәрі жағып таңып жатты да:
– Сендер немене бүгін санитарканың жан-жарасына тұз сепкендей қылдыңдар. Байғұстың екі көзі қып-қызыл болып кетіпті. Көп жылаған сияқты. Үйіне сәбиін құшақтап жылап кетіп бара жатты.
– Не оны сен де жек көресің бе? Ұнатпайтының жүзіңнен-ақ ап-анық аңғарылып тұр ғой. Бір жақсы жері сен оны төсекке қарай тартқылаған жоқсың ғой. Бұл жерде ондай қатыгездер өте көп. Жоқ, мен ана төсекке сүйрелейтіндерді айтып тұрмын.
– Фашиспен жатқан әйелді адам деп есептемеймін. Ол мұнда неғып жүр? Бұл ол жүретін жер емес! – Қаһардың дауысы бұл жолы тым қатқылдау шықты.
– Иә, ол жүретін жер емес екені рас. Бірақ, сәбиінің жазығы не, енді оны кім асырайды? Бұл жерден кетсе, жұмысты қайдан табады? Мен сендердің көздеріңе түсе бермесін деп ол бейшараны кір жуатын жерге, ішкиім, көрпе-көпшік тазалауға жіберіп тұрамын. Ал ол байғұс өзі де сендерге қызмет көрсеткісі келеді де тұрады.
Қаһардың қысық көздері сонда да бұрынғысынша түнеріп тұрды. Мына сөздер оның мұздай суық жүрегін мысқалдай да жібіте алған жоқ.
– Сенің тұла бойыңды өмірге деген құштарлық кернеп тұр. Өте дұрыс! – Анна Николааевна оның жарасының үстіне майлы тампон қойды. – Бірақ сен алдағы уақытта адамдарды аяуды, кемтар бейшараларға жанашырлықпен қарауды үйренуің керек. Адам баласы кешірімді болуы керек! Сонда өмір сүру де жеңілірек болады. Мен соғыс басталғанға дейін акушерка болып істегенмін. Білікті, тәжірибелі акушерлердің бірі болдым. Осындай қыздарды талай…
Сен талай немісті өлтірген де шығарсың. Ал мен адамдарды сенен мың есе көп өлтірдім. Дүниеге енді келетін сәбилерді… Әне-міне келгелі жатқан бейкүнә сәбиді дәл бір фашистерше өлтірдім, алып тастадым! Қоқыс салатын легенге лақтырып тастай салғанмын. Ал енді ана қызды неміс зорлады ма, әлде жоқшылықтың кесірінен өзі берілді ме, әлде шынымен ұнатып қалды ма… ол жағын білмеймін. Тек бір риза болатыным оның сәбиін тастамағаны ғана. Білесің бе Қаһар, қаншама қыздар нәрестесін вокзалда, үйлердің алдына тастап кетіп жатыр?! Ал бұл қыз өйткен жоқ. Көріп жүрмін ғой, сәбиінің жанынан бір елі шыққысы келмейді. Ол бала бұл қыз үшін қаншалықты масқара нәрсе болса, соншалықты оның жанына жұбаныш. Міне, ол сәбиін алдырмай сақтап қалғаны үшін де ең зор кешірімге лайық деп ойлаймын. Оны адамдар да, Құдай да кешіреді. Мұны түсіне білу керек. Әттең, екінің бірі түсіне де бермейді ғой. – Жара таңылды. Анна Николаевна бұған қарап жымиып тұрып: – Болды. Ал, қазағым, жүгір үш аяқтап палатаңа қарай, келесілерді шақыр, – деді.
Медбикенің халатының қалтасының сыртынан темекі қорапшасы томпайып тұрды. Ол өзі темекі шекпейді. Демек, осында жатқан біреуге әкелген ғой.
Тылдағы госпитальдарда жабдықтау, күтім жағы өте нашар екені аз болғандай олардың кадрлары да көңіл көншітерліктей болған емес. Соғыс жүріп жатқан аймақтардан неғұрлым алыста жатқан госпитальдар Қорғаныс Халық Комиссариатының құзырына соғұрлым көбірек беріледі. Ал бұл госпиталь Халық Комиссариатының емес Денсаулық Халкомының құзырында. Сондықтан да білікті маман дәрігерлер әскери шендерін сақтап, әртүрлі жеңілдіктер мен паймен берілетін азық-түліктерін молырақ алу үшін соғыс жүріп жатқан жерлердегі госпиальдарға көбірек кетед. Соғыс біткесін олардың бәрі ірі-ірі қалалардағы емханаларға ауысуға жанталаса ұмтылады. Ал Житомир тақілеттес уездік қалашықтарда дүнияның қызық-шыжығына онша көңіл аудара бермейтін, бұл жалғанға тым керенау, енжар, самарқау қарайтындар мен ішімдік ішкіштер ғана қалды. Жан сезімі сергек, өмірге ойлы көзбен қарайтын осы Анна Николаевна сияқты тәжірибелі мейірбан жандар бұндай госпитальдарда өте сирек. Алайда Қаһардың өмір жайлы түсінігі мүлде өзгеше еді. Өмір деген өте күрделі, сан қырлы дегеннің бәрі далбаса сөз, оның ойынша жәй алдарқату ғана. Ол өмір деген бір беті ақ, екінші беті қап-қара бір дүние ғана. Досың бар ма, оның құшақта, сүй! Дұшпан ба, оны өлтір! Сатқынды сабап таста, бет-аузын қан-жоса қыл! Ал анау қыздың мұнда, қанқасаптан қайтқан жаралылардың ортасында жүруі, тіпті орайсыз. Оның фашистен туған баласы да фашист деп біледі.
Кешқұрым жаралылар жатуға даярлана бастайды. Біреулер газет тігінділерін оқиды, біреулер ұйықтар алдында бүгін соңғы рет шегетін темекісін шегіп дегендей… Ал Палыч көрпетысты иегінің астына шейін жамылып алып, сол баяғы тастөбесіне телмірген қалпы. Ол өзінің бұл жерден енді ешқайда кетпейтінін біліп жатыр.
Қаһар палатадағы осы бір өте сұрықсыз көріністі тағы бір шолып шықты да сызық-сызық болып әбден қажалып тасталған сұр қабырғаға қарай аунап түсті.
Бұрын оған тап бұлайша жалығуға да, зарығуға да соғыс мұрша бермейтін-ді. Қалай өлмеуді, тірі қалуды ойлайсың, өзіңмен-өзің сырласып, тебірену деген сезімдер әлдеқашан сөніп қалған. Осы жатқанда оның ойында бір-ақ нәрсе бар. Ол дәл қазір өзінің туған ауылынан болмаса да әйтеуір, бір қазақты көрсем, сонымен қазақша сөйлесіп шер тарқатсам, сөйтіп мауқымды бір бассам-ау деп қиялдайды. Бірақ қазір бұл палатада бір қазақ та қалмаған…
Иә, ол бүгін медбикеге өзінің Қаһар деген есімі жұмбақ, жасырын, өте қатты ашу-ызаны білдіретінін түсіндіріп берді. Бұған шейін ел өз есімінің мән-мағынасы нені білдіретінін де ойлап көрмеген. Тіпті, тума-туыстарын да есіне алып, өткенді сәл де болса көз алдына елестеткен емес.
Оларды ойлай бастаса бұлдыраған бір сағымның ішінде жүрген анасы мен апасының бейнесі елестейді. Бірақ, екеуінің де бет-жүзі көрінбейді. Әйтеуір, балалық-шақтың тәтті бір исін, анасының бетінен сүйгендерін, басынан сипаған алақандарын әлі де сезініп тұрғандай бір ләззаты мол күйге түседі. Сосын қайткенде де қайран Даласының исін сезгісі келеді. Егер көзін тарс жұмып қимылдамай біраз отырса, өзінің алпыс екі тамырына бұдан сан мыңдаған жыл бұрынғы ата-бабаларының – дала көшпенділерінің қанымен беріліп келе жатқан Торғай даласының бір тал шөбі мен бір уыс топырағының исі мен дәмін сезінетінін қайтерсің?!

-6-

Ешкімнің есінде қалмаған ескі бір заманаларда бұл даланың орнында шеті де, шегі де жоқ алып мұхит жатқан дейді білетіндер. Қазір мұнда тек теңіз бен мұхитта ғана болатын қайыр құм, кебіртек сазды алқаптар мен сол заманалардағы су жануарларының сүйектері мен қабыршақтары ғана аракідік көзге шалынып қалады. Иә, сосын бұл жерді ұш-қиырсыз аппақ мұз әлемі басып жатыпты ғой. Ол мұз әлемі де тартылып-тартылып ақыр аяғында осынау құлан өтпес, құс ұшпас қиян далаға айналыпты.
Бұл далада қыста қызылшұнақ сары аяз қырық градусқа шейін барады. Қарлы боранда талтүсте адам адасады. «Жаяу борасын» деп аталатын ақ қар құйылып жаны бар бірнәрсе сияқты тақтайдай тегіс даламен жүйткіп бара жатады. Кейде күн қатты жылынып кетеді де қарлы жердің бетін шылқыған су басады. Сосын қайтадан аяз басталады да бүкіл Дала әр жерде бір-бір тал селеу мен еркек деген шөптің басы ғана қылтиған аппақ мұз алқабына айналады.
Жазғытұрым, яғни, көктем шығысымен Даланың, осы Торғай даласының алуан бояуға малынып, сан құбылып құлпырған көркі мен келбетін суреттеп беруге ешкімнің де тілі жетпейді. Бұл Дала күн жылт етіп, жерге жылы сәуле құйыла басталғаннан-ақ алпыс екі тамыры иіген, жүзіне қан жүгірген анадай жадырап, қарһәләзи шадыман шаттыққа бөленетінін қайтерсің. Әуелі қар астынан ұялшақ қыздай майысып, қылтиып бәйшешек бой созады. Одан әрі қып-қызыл, алқызыл раушан, райхан, құртқашаш, ләйлекгүл, сарғалдақ, қызғалдақтар иен даланы алуан түске малындырып тастайды. Изен, жусан, еркек, сүттіген сияқты исі мұрынды жарып, ішпей-жемей мас қылардай күйге түсіретін малдың негізгі отын былай қойғанда тобылғы, жыңғыл, көкбұта, алабұта, қоянсүйек, дүзген сияқты бұтақтылар өскен маңай енді ішінде қоян, қарсақ, түлкі жортқан ну тоғайға айналады. Тіпті, жаз ортасы ауа пісетін көсік, сағыз, құмаршықтар да жылт етіп мойындарын соза бастайды.
Әттең, сол көрікті көктем бұл өлкеде онша ұзаққа созылмайды. Жаздың ыстық аңызағы басталар-басталмастан әуелі жаңағы қырмызы гүлдердің қауызы ұшып, сорайған сабақтары ғана қалады. Құрғақ жел қаққан көкорай шалғын да сарғайып, су көбірек жиналатын сай, жылғалар мен ылди ойпаттар ғана қара күзге шейін жасыл бояуын жоғалта қоймайды.
Дегенмен кейбір жаңбырлы жаздарда алабұта, еркек, селеу сияқты өсімдік шөптер, жусан, изен, сүттігендер қайта тірілгендей әдемі түске боянып, тобылғы, жыңғыл, ақтікен, тораңғы екінші мәрте өркен жаятыны тағы бар. Мұндай жаз кезінде көбіне-көп орманда өсетін аппақ-аппақ саңырауқұлақтар да қалқайып тұрғанын көруге болады. Көлдер мен көлшіктерде шағала, үйрек, қаз, қасқалдақтар қаптап жүзеді. Әсіресе, күндіз ара-тұра ғана шаңқ-шаңқ ететін шағалалар кешкісін шаңқылын үдетіп, оларға сарыала, торала қаздардың, ара-тұра аққудың сұңқылдаған үні қосылып, аспан асты тылсым сырға толы алуан түрлі әуенге толып кететінін қайтерсің?! Солардың бәрі былтыр қыста, жат аймақта алты ай өткізіп, туып –өскен Торғай даласына аман-сау жетіп, жадыра жазды тойлап жатқан ба дерсің!
Бұл шақта Торғай өзенінің жағалауы да, қазандай қайнаған тіршіліктің думанды ордасындай ғой, шіркін! Жағалаудағы жасыл майсаға жайылып алып, өзеннің арғы бетіне жүзіп өтіп бара жатқан ақбөкендердің, қос мүйізі төбесіне шаншылып, енелері мен құралайларын ертіп, бастарын қайқайтып, кең танаулары желпілдеп топты бастап бара жатқан текелер қандай өжет те, сүйкімді.
Жазғы далада көшпенділердің нағыз думанды да дүбірлі тіршілігі басталады. Ауылдар отар-отар қой мен келе-келе түйелерді табиғаттың өзі қолдан жонып жасағандай қыртыс-қыртыс, қатпар-қатпар жарқабақтардың іргесін қуалай ирелең қағып сарқырап аққан Торғайға қарай қаптатып айдай бастайды. Орал таулары жақтан соққан қоңырсалқын Арал теңізі тұсынан алқынып жеткен аңызақпен араласып жанға жайлы бір леп соғып тұрады. Алыста, сонау көкжиекте бұл дүниеде көрініп тұрса да көрінбейтін, бар болса да жоқ тылсымның біріндей, түсі қандай екені де беймәлім сағым бұлдырап тұрады. Оның алысты-жақын, жақынды-алыс қып көрсететінінің өзі де қызық қой. Көшпенділердің арасында баяғы замандарда далада жолынан адасқан жолаушыны шақырып өзіне тарта беретін, сөйтіп ажалға ертіп апаратын жұмбақ бір от туралы, шөптің бетімен қалықтағандай боп жылжып отырып адамды соңынан ертіп кететін аппақ қатынмен оттай жанған ат туралы аңыз көп айтылатын еді.
Қаһардың руы Арғын болатын. Бұл қазақта Орта Жүздің құрамына кіретін ең ежелгі тайпалардың бірі. Бұл соның ішіндегі Ақташы әулетінен. Олар қыстыгүні қышкесектен салынған бірнеше жатаған үйлерде, көпшілігі киіз үйлерде Кең-Табан деген ойпаттау қойнауды қыстайтын еді. Қора-қопсы, шөп жиналған жаппа, қысқа қажеттілердің бәрі осында. Ал жаз басталысымен-ақ отар-отар қой, табын-табын жылқы, келе-келе түйе кең байтақ далаға айдалады.
Ең әуелі бір замандарда Торғайлық Ақташтар ауқымды, бала-шағасы да көп аталы ру болған дейді.
Бұл әулеттің негізін салып, іргелі ел қылғандардың бірі дәулетті де білікті Қыдыралы деген кісі екен. Малында есеп болмаған дейді. Өзі сол кездегі қоғамдық судья деуге болатын қази, елге өте қадірлі болыпты. Оның артында қалған екі ұлдың үлкені Молдарахмет міне, осы Қаһардың атасы-тұғын.
Иә, Молдарахмет атасы 1844 жылы ел жайлауға көшіп баратқанда Мөлдір деген жерде дүниеге келіпті. Білім-білігі де өзінің есіміне сай болған. Оның тағдыры да екінің бірінде ұшыраса қоймайтын айрықшалау деуге болады. Кішкентайынан молдадан әліпби үйреніп, сауатын ашып, одан медресе, сол кезде «духовное училище» аталған мектепте оқып, араб тілін өте жетік меңгерген, бұратала дін жолына түсіп, біреуге берген уағдасын ешқашан жұтпасқа ант беріп, қасиетті Меккеге жеті мәрте қажылыққа барады. Бұл маңайда ондай сапар шеккен дегенді бұған шейін ешкім естімеген. Молдарахмет әуелден-ақ Меккеге жеті рет баруға серт берген екен. Жеті саны ислам мәдениетінде өте киелі сан деп есептеледі. Мысалы, жеті саны-бір есептік қайырымның соңғы саны, жарық дүниені Жаратушымыз жеті күнде жасап бітірген, жеті түрлі ілім-білім, аптаның жеті күні, тағы-тағы.
Сол замандағы, яғни, 1900-жылдардағы жағдайды есепке ала отырып қажылыққа Меккеге баратындар өздері осы сапардан үйіне сегіз айдан кейін, не болмаса бір жыл дегенде шаққа оралатынын білген. Сапаршылар атпен, түйемен жүріп отырып, қу иен сахара далаларды, тамшы суы жоқ, құс қанаты талатын, адам табаны тимеген меңіреу шөлдерді басып өтуге ықтиярлы адамдар еді. Оларды һешкім зорлаған да, мәжбүрлеген де жоқ Меккеге бар деп. Олар Аллаға, қасиетті де киелі деп есептелетін ислам діні жолына бұратыла берілген пенделер ғана. Қиындығы мен қиянаты көп бұл ауыр сапарға Молдарахмет атасы әрі жолсерік, әрі әлдеқандай жағдайда жәрдемші ретінде өзінің ең жақын да сенімді достарын – Қыржігіт руынан Мұсабай Беркенұлы мен Таз руынан Әлдеш – Алдашты ертіп алыпты. Қаһардың руы Ақташтың жігіттері неге екенін қайдам әйтеуір Таздың қыздарына көбірек үйленеді екен. Ол кісі тағы бір мәрте қажылыққа барып келгенін, 1905 жылы Даланың ең ықпалды да беделді тайпасы Қыпшақтар ортасына меймандыққа шақырып таза арғымақ тұқымынан шашасына шаң жұқпас жүйрік ат мінгізіп, арқасына асыл қамқа шапан жабады. Айтпақшы, кейін Торғай аймағының ханы болған Әбді-Ғаппар осы қыпшақ тайпасының ұрпағы-тұғын. Кейінірек Қаһардың Дала ақсақалы болған осы атасы Торғай өлкесінің қоғамдық та, діни де өміріне белсене араласып Торғай уезінің құрметті қажысы атанған екен.
Иманды болғыр ол кісі дүниеден озғасын 1915 жылы оның басына қызыл кірпіштен көрікті мазар орнатылыпты (Бетпақдаладағы зиратта).
1935 жылы қазақтарды советтендіру, діндарларды қудалау кезінде бұл ғимаратты қажының коммунист жерлестері күл-талқан қылып қиратып, орнына «БҰЛ ЖЕРДЕ ЖЕТІ РЕТ ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРҒАН Молдарахмет Қыдыралы ұлы жерленген» деген құлпытас қана қалған.
Қаһардың атасының өзімен бірге кеткен бір жұмбақ сыр бар. Иә, Меккеге қажылыққа сапар шегу – мұсылман адамының өміріндегі ең бір басты келгерлі уақиға ғой. Қажыға барып келгендердің бойына ерекше бір сабырлылық біткендей болады. Өйткені, олар осынау қу тірлікте жасалған әртүрлі күнәлары болса, солардан арылып, рухы көтеріледі, тұлабой жеңілдеп қалғандай болады дейді. Олардың есімінің алдына қажы деген құрметті атақ қосылып айтылатын болады. Олар қасиетті Қағбаны сағат тіліне қарсы, яғни оңнан солға қарай жеті рет айналып шығады. Ал, Қағба Алланың бүкіл мұсылман жамағатына жіберген қара тасы дейді. Осы сапарға барып келгендердің жер бетінде атқарылмаған парыздары да өтеледі деп есептейді. Ал оның атасы қажылыққа жеті мәрте барды ғой. Соған қарағанда ол жарықтықтың өзінің жеке парызы, әлдебір қарыздары болды ма екен, ол сан парызы мен қарызынан арылғысы келді ме екен деген ой туады.
Кейін оның немерелері мен шөберелері аталарын еске алып отырғанда ол кісінің ел ішінде алдағы болашақта өте қорқынышты небір аласапыран уақиғалар болатынын сезгендей ойлар айтып отыратын сәттерін де әңгіме қылатын еді. Ол Меккеге бара жатқан жолда адам-пендеге тән осынау жер бетіндегі кейбір оғаш әрекеттерінен, күйкі де күнәлі мақсат-мүдделерінен арылып тек Алла алдында айтарын ғана ойлаған шығар, сірә! Және ол өзінің осы ойларын Алла біледі, алдағы замандарда осынау дала көшпенділерінің тағдырын талқыға түсірген небір сұмдық та сұрапыл қолдан жасалған қын-қуыт қасіреттері үшін пенделерін Алла ғафу етеді, кешіреді деген сенімде болған болар…
Ресей империясының бодандығында Орал тауларынан Аралға шейін шалқып жатқан Торғай даласы қазақтың Орта және Кіші жүздерінің көш-көлігі түйіскен киелі дала болды. Сол заманда әлі де болса өркениет дегеннің табаны тие қоймаған, салт-дәстүрі мен ұлттық тағылым-тәрбиесінің еш кіршіксіз тазалығы сақталып, қазақшылығының қаймағы бұзылмаған да осы Торғай даласы еді.
Иен даланы қалың қар басып, малдың қорегі шөп атаулыны түгел көміп тастаған сәтте қазақтар ең әуелі жылқы табындарын алға салады. Олар өздерінің темірдей қатты тұяқтарымен теуіпті қардан аршып тастайды, қылтиып шөп бас көтереді. Бұны тебін дейді. Сосын олардың артына түйелерін, одан кейін отар-отар қойды салады. Қыс тіршілігі осылай басталады. Сосын соғым! Соғым сою кезінде аппақ қардың беті қып-қызыл қанға боянады. Қатындар қазы, қарта, шұжық, әсіп, бұж даярлап қызу іске кіріседі. Ет жайылып, кептіріліп сүрленеді. Сүйектен жазда сақар қайнатылады. Оның жұдырықтай-жұдырықтай түйірлерін бұзаушық деп бір-біріне тегін береді. Сол ырғып көп малдың қырқылған жүнін иіріп, жіп жасап киім-кешек, алаша, көрпе тігеді. Қалың теріден тігілген тон, ішік, шалбардан ешқандай суық та өте алмайды. Ал ұлттық ою-өрнек салынған атлас, жібек, шәйі шекпен-шапандарды басқа өңірдін адамдары да алып жататын. Торғай қазақтары Орынбор, Қостанай, Тройцк, Ақмола, Челябинск қалаларындағы жәрменкеге үйір-үйір, отар-отар, келе-келе малдарын сатуға айдап баратын еді. Қалай болғанда да Торғай қазақтары өздерінің ғасырлар бойғы ұлттық үрдістерін берік сақтап, аш-жалаңаштық көрмей бақуат ғұмыр кешті.
Осынау шат-шадынан қарһәләзи де жамырай бейбіт өмірге өзгеріс байқаусызда, ойда жоқта басқа тараптардан келді.
Еуропада кенет әлдебіреудің пистолетінен атылған оқ үлкен соғыстың бастауы болды. Ал бұл соғыстың ақыры бірнеше империяның жер бетінен жойылуына, бүкіл христиани Еуропада адамдардың бір Құдайға сенімінің сөнуіне, миллиондаған жазықсыз жанның опат болуына қарамастан не жеңуші, не жеңілуші жақтың болмауымен тәмамдалуына әкеп соқты. Бұл кезде Далада осы соғыс жөнінде еміс-еміс хабарлар келіп жататын. Ол жай ғана әңгіме-қауғалық сипатта болғандықтан әуеліде жұрт бұған онша назар аудара да қойған жоқ. Қайдағы бір қалаларда христиандардың бір-бірімен неге таласып жатқанында көшпелі қазақтың шаруасы не?! Кейде қатты нөсер қашан басталғанша күннің күркірегені де естілмей қалады ғой. Тек алыс көкжиекте қара бұлттың арасынан анда-санда жарқ етіп жасын ойнағаны ғана байқала бастайды.
Ертеректе Дала хандары мен Ресей патшалығының арасында әскерге сарбаздыққа қазақтан жігіт алмау туралы келісімге қол қойылған. Соған қарамастан 1916 жылдың 25-ші шілдесі күні орыс патшасы ол келісімді бұзып Орта Азия халықтарынан тылдағы қара жұмысқа 16-жастан асқан еркек жыныстыларды алу туралы Жарлық шығарды. Даланы, уездерді аралап тылға окоп деп аталатын ұя қазуға шақырған жаршылар шықты. Әр ауылдан пәлен адам керек дегендері де болды. Тіпті, әрбір шаңырақтан бір-бір ер адам алынады екен деген де қауесет тарады. Далада аспан астында алапат өрт басталды. Жер қазуға қазақ бүкіл өмірінде екі-ақ мәрте мәжбүр болады. Бірінші – адам ішетін, мал ішетін суға зәруліктен қазақ құдық қазады, өте терең құдықты шыңырау дейді. Екінші – о дүниелік болған адамды жерлеу үшін көр, лақат қазады. Бітті! Ендеше, қара жерді қазып апан, ойық, шұңқыр жасау дегеннен өткен сұмдық бар ма?! Енді міне, бүкіл Орта Азиядағы көшпелі-далалықтар арасында бұған қарсы толқулар, бас көтерулер басталды.
Болыс басшыларының үйлері отқа оранды, әскерге алынатындар тізімі жазылған парақтар өртеніп күлі көкке ұшты, телеграф бағаналары құлатылып губерниялармен байланыс үзілді, пошта бөлімшелері жалын құшты. Ұш-қиырсыз Даланы жайлаған шет-шегі жоқ өрттің сәулесінен басына терімен әдіптелген малақай, бөрік, далбағай киген, бет сүйегі шығыңқы қысықкөз қазақтардың ашу-ызадан ақсиған тістеріне шейін көрініп тұрғандай. Шауып келе жатып қиқулаған дауыстарын айтсайшы! Қырғызстанда Ыстықкөлдегі монастырь қызметшілерін де сабап тастапты. Әрбір уезде өкімет орындары құрылып, хандар сайланып жатты. Ең бір шатақ та тентектеу боп есептелетін Торғай уезіне Қаһардың Молдарахмет атасына қамқа шекпен жауып, сәйгүлік мінгізген Қыпшақ руынан Әбдіғаппар Жанбосын хан болып сайланды. Петербургтегі патша сарайына Даладағы жағдай қатты шиеленіп баратқаны, әне-міне дегенше Орынбор-Ташкент теміржол қатынасы тоқтайтыны туралы телеграмма келді. Бұл патшаға даладан келген ең ақырғы телеграмма болатын.
Петербург көпке шейін бір тоқтамға келе алмады. Ақыры Орта Азияға арнаулы экспедициялық корпус жіберіліп, оның құрамына ұрыс болып жатқан жерден әскери бөлімше енгізілді. Оны генерал Лаврентьев басқарды. Сонымен ауылдар, бүкіл дала отқа оранды. Ашықтан-ашық қарулы-қақтығыстар жиілеп кетті. Сөйтіп, 1917 жылдың ақпан айында бүкіл Орта Азиядағы көтеріліс басып тасталды, тек Торғай уезіндегі Ақташы Арғын руының жерлеріне ешкім тиісе қойған жоқ. Әбдіғаппар хан тағайындаған сардар Амангелді Имановтың жасақтары өте бір тиянақты табандылықпен шайқаса шегініп отырып, даланың шалғайдағы шөлейттеу тұстарына жайғасып алды да партизандық күреске шықты.
Торғайлықтар сол кездегі мына бір көріністі ешқашанда естен шығармайды:
Аппақ қар жамылып мелшиіп жатқан меңіреу Дала. Аспан ашық. Аяз бетті тіліп тұр! Жас-кәрісі, қатын-қалашы, бала-шағасы үстеріне тері тон, ішік, басына сол терімен әдіптелген қыстық малақай, құлақшын киген ер азаматтар аралас қарамы үлкен бір топ асығыс-үсігіс босып барады. Күнделікті тіршілігіне керек-жарақтарының бәрі өгізге жегілген арбаның үстінде.Бұлар жолындағы қазақ ауылдарын қынадай қырып келе жатқан патшаның жазалаушы әскерінен қалай аман қаламыз деп келе жатқан босқындар. Олар мұз басқан өзеннің қақ ортасына келгенде орыс әскерлері қарша бораған оқтың астына алды. Бәлкім генерал Лаврентьевтің әскерлеріне мұздың үстімен бүлікшіл-көтерісшілер кетіп барады деген хабар тиген шығар дейін десең, бұлардың көбі бейбіт қатын-бала, шал-шауқан, кемпір-сампір екені көз ұшынан-ақ көрініп тұр. Бәлкім, бұл орыс солдаттары шайқас кезінде опат болған патша өкіметінің өкілдері мен басқа да қаза тапқан орыс солдаттары үшін мына көшпенділерден өшін алмақ болып қырып тастаған болар?
Қалай десеңіз де осынау оқ бораны тоқтағаннан кейін өзен бетіндегі ақ қар, көк мұздың үстінде жүздеген қазақтың қанға малынған өлігі үйме-жүйме болып жатты. Қызыл-жасыл киінген қыз-келіншек, емізулі баласын құшақтаған ана, қарапайым қыстық жылы тон, ішік киген қарттар бірі бетімен мұз сүзіп енді, бірі қырынан қисая құлаған бейкүнә байғұс қазақтар. Кіп-кішкентай сәбилер ауыздарын ашып, көздері бақырайып жатып өліп кеткен. Қырылып жатқан осы қалың өліктің ішінде өте сұлу әлде келіншек, әлде бойжеткен біреу ерекше көзге түсті. Арудың сабаудай-сабаудай ұзын әдемі кірпіктерінің үстіне майда қар түйіршіктері қонақтап тұрғандай.
Солдаттар өлген қазақ қыз-келіншектерінің алтын-күміс сырғаларын, сақина-жүзіктерін, мақпал мен теріден тігілген, асыл тастармен безендірілген кемер белбеу деп аталатын белбеулеріне шейін сыпырып алды. Бірақ неге екенін қайдам, әлгі аруға ешкім тиісе қоймады.

Екінші тарау
-1-

Осынау Ұлы Дала тұрғындары төрт мың жыл бойы тек мал өсіріп, сонымен күнелтумен күн кешті. Бір кездері осы даланың төсі мыңғырған малын айдап арийлер де өткен еді.. Олардың бір бөлігі орта жолда бүгінде иран деп аталатын елде отырықшы болып қалған көрінеді. Оның Иран деген атауы да осы арий сөзінен, Ариана дегеннен шығыпты-мыс. Одан кейін мұндағыларды гректер Скифтер Даласы деп атады. Орта Азияның, Қазақстанның ежелгі көшпенділері туралы мағлұматтар парсылардың жазуларында әлі ұшырасады. Парсылар бұл көшпенділерді сақтар деп атаған.
Далалықтардың яғни, тек мал өсірумен шұғылданған көшпенділердің бізге беймәлім тарихы мен мәдениеті құпия да жұмбақ тылсымға толы ғасырлар көмбесіне сіңіп кеткен. Қазіргі Торғай даласында олардан тек жерге жартылай шөгіп кеткен жатаған қорғандар, жерде тұрғанда көзге байқалмайтын, құс қанаты жететін қияннан қарағанда анық көруге болатын үлкен-үлкен аумақты төртбұрыштар, шеңберлер мен свастика сияқты геоглифтер ғана қалған бүгінде. Ал енді бір қызығы сол төртбұрыштар мен шеңберлердің ішіндегі ешқандай шөп шықпай қалған. Осы Далада адам санасынан әлдеқашан ұмыт болған сол ғасырлардан жеткен сәлемхаттай беймәлім мағлұматтай болып, теңгелер, мәнеттер, Сармат көсемдерінің қыштан тұрғызылған мазарлары мен қорғандар, алтынмен апталып, күміспен күптелген киімдер, алтын етігімен жатқан жас жігіттің қатырылған (мумияланған – М.К.) мүрделері сол күйінде сақталып қалыпты.
Осынау шөл даланы ықылым заманнен бері бір келіп, бір кетіп жатқан Уақыт деген құдіреттің өзі де еш өзгерте алған емес. Ол қашанда өзінің сол баяғы қалпы. Бар болғаны адамдардың, әсіресе әйелдердің киім-кешегі ғана өзгеріске ұшыраған. Сосын үйдің ұсақ-түйек, қазан-аяғына темір құралдар келіп енді. Ал Дала сол күйінде мәңгілікке қатып қалғандай. Малды ешкім аңдып бағып отырған жоқ. Көшпенділер оның соңынан, сол малдың жүріс ауанымен ілбіп еріп қана отырды. Жайлауға баратын да, күзеу мен қыстауға қайтатын соқпақтар мен жолдар да сол қалпы. Міне, Солтүстіктің адамдарына түсініксіз және мұрты шағылмаған күйінде еш өзгеріссіз жеткен көшпенділер мәдениеті, ғұрып салты дегеніміз осы.
Бірақ Солтүстіктегі тастан салған үйлерде, астанада тұратын шенеуніктерге «Дала байлықтарын игеру үшін көшпелі мал шаруашылығы шынымен ұтымды ма, сол тиімді ме?» деген сауал маза бермегелі де көп болған еді.
Олар ұлы Даланы игеруді крепостниктік құқық жойылғаннан кейін алғаш рет жаңадан тартылған Сібір теміржолымен «переселенецтерді» көшіруден бастады. Ұлы Далаға енді тек теміржолмен емес атқа, өгізге арба жеккен мыңдаған орыс көшпелілері – переселенецтер ағылып келе бастады. Олар қандай жерлерге, қалай қоныстанатынын білмесе де әйтеуір орыс өкіметі уәде берген жер үлестерін алып егін егіп, тұрмысын түзетуді ғана ойлады. Бұрын мұндай күн райын көрмеген, кейде жаз бойы жаңбыр тамбайтын, бір құм, бір сортаң басқан, бұрқыраған құйыны көкке көтеріліп, шаңы аузы-мұрныңды бітеп тастайтын, суы тапшы бұл аймаққа келген «переселенецтер» аспан мен жерге де, өздерін осында әкелген адамдарға да қарғыс пен лағнетті қарша боратты. Ұлы Даланы игеру сәтсіз екеніне көп ұзамай көзі жеткен Дала генерал-губернаторлығы 1891 жылы қазақ Даласын колониялауды тоқтату туралы Жарлық шығарды.
Бірақ далалықтардың ғұмыр салтына тіл жағынан да, дін мен діл жағынан да өте жат переселен орыстардың көбі осында қалып қойды. Жаңа Жарлық пен жергілікті әкімшіліктің сый-сияпатына қарық болды..
Олар көшпенді қазақтардың ұлттық үрдістеріне пысқырмастан ең жақсы жайылымдық, шабындық жерлерді, су қоймалары мен бұлақты, құдықты жерлерді өз әкесінен мұраға қалған мүлкіндей қып емін-еркін басып алып жатты. Қазақтардың 4.5 миллион десятина, 4.5 миллион гектардан астам жерлері мен жайылымдары сол келімсектердің иелігіне өтті. Бұның бәрі аз болғандай қазақтарға әр түрлі салықтар салынып, әскерге көмек салығы деген тағы сұмдық ойлап табылды. Өйткені, Ресей бұл кезде соғысқа кірісіп те кеткен еді. Осының бәрі көшпенді қазақтардың ғасырлар бойы өздерімен бірге келе жатқан қауымдық-патриархалдық қоғамын әлсіретіп, билердің, болыстардың беделін түсірді де 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісіне душар етті.
Бүкіл қазақ даласының өртке тиген дауылдай буырқана көтерілуіне жасы 19-бен 43-тің арасындағы жігіттерді жер жұмысына алу туралы 1916 жылғы жарлық ең басты себеп болды. 1916 жылдың қараша айында Торғай уезінің он үш болысының өкілдері қатысқан жиында далалықтар арасында өте беделді болыс болған Әбдіғаппар Жанбосынұлын өздеріне хан етіп сайлады. Ол далалықтардың осынау қаһарлы көтерілісіне өзі басшылық етіп, Амангелді Имановты көтерілістің сардарбегі, қазіргі тілмен айтқанда бас командашысы етіп тағайындады.
Көтеріліс қатаң жазалау шараларымен тоқтатылғаннан кейін тек Торғай уезінде ғана әлі де қарсылықтар болып жатты. Сосын Ресейде революция басталып, бұл жақтан патша әскерлері кеткесін Торғай Амангелді Иманов жасақтарының қолына өтті.
Ешқандай салмағы жоқ, пайдасынан залалы көп ұшқары да даурықпа бастам алар адамдардың санасына кейде індеттей тарайтыны рас екен. Көп ұзамай Ресей империясы тас-талқан болып, оның орнына қираған алып орданың үйіндісі ғана қалғандай болды. Жаңа өмір қандай болатынын ешкім де жөнді ұғына алған жоқ. Молдарахмет осылайша ерте заманнан айтылып келе жатқан «әкеге-ұл, анаға-қыз қарсы тұратын болады» деген әулиелік дәл келетін заман туарын да сезген болатын.
Әбдіғаппар хан әуелі Кеңес өкіметін қолдап жүрді де, көп ұзамай коммунистер жүргізетін революциялық реформалар қазақ даласына залал мен қасіреттен басқа ешнәрсе әкелмесін түсінгесін оған қарсы шығып, қазақтарды большевиктердің алдау-арбауына шарматылмауға шақырды. Оны сол үшін 1919 жылы намаз оқып отырған жерінде қызыл әскер солдаты атып тастады. Ал Амангелді Иманов өзінің жерлесі, тұңғыш қазақ комунисі Әлібек Жангелдиннің ықпалымен большевиктер партиясына өтіп, Торғай уезінің әскери қызыл комиссарына айналды да атаман Дутовтың ақ гвардияшыларымен шайқасып, алашордашыларға қарсы күресті. Көп ұзамай 1919 жылдың мамыр айында сол алашордашылардың қолынан өзі де опат болды.
Молдарахметтің Ыдырыс деген ұлы да Кеңес өкіметін қолдаушылардың бірі болды. Қызыл армияның Амангелді Иманов басқаратын жасақтарына ерікті болып кірді. Оны 1918 жылы Урицк маңында ақ гвардияшылар қылыштап шауып өлтірді. Бұл шақта Кеңес өкіметі қаншалықты мықтап орныққанымен ол Торғай даласының меңіреу түкпірлеріне әлі де жете қоймаған, тек аудан орталықтарында ғана әмірін жүргізіп жатқан болатын. Сонымен Ұлы Далада ешкім ешнәрсені түсініп болмайтын у-шу, сансыз сапырылыс басталды. Ауылдарға біреулер келіп әскерге қаражат, мінер көлік жинаса, енді бір жерлерде әлдебір ұлт қамқоршылары байлардан жылу жинап жүрді. Ана жерде де, мына жерде де жиналыстар мен шулы жиындар өткізіліп солай қарай шұбырып бара жатқан бір жандар. Ат тұяғының дүрсілі, ауыл үсті көгала шаң. Бір күні ауылда қолдарына қызыл шүберек көтеріп желбіреткен бір топ келіп еді, көп ұзамай жұрт олардың бәрі атылып, өліктері апанда жатқанын бір-ақ көрді. Иен далада атаман Дутовтың эскадрильялары қасқырша жалақтап жортып, ел ішінде білгенін істеді. Көп адамдар отбасын алып шалғайдағы оңаша мекендерге қоныс аударып, мыңдаған қазақ Қытай мен Моңғолияға көшті. Көпшілігі сонда бұратола қалып қойды.
Қазақстан сол бір аласапыран заманда өзінің алты жүз мыңдай қазағынан айрылды.
Қанға малынып, от пен жалынға оранып көрмегенді көрген азалы дала табиғаттың құдіретімен қайтадан біресе қар жамылып, біресе алауланып қызыл-жасыл гүлді көктем мен күн нұрына бөленіп, сарыала күздің жайма шуағына жылынып небір қым-қуыт жылдарды басынан өткізіп жатты.
Мұрагерлік үрдіс-салт бойынша атақоныстың жаз-жайлау, қыс-қыстау болатын жекеменшік жерлері ондаған мың жылқы, түйе, сиыр, ешкі, қой Молдарахметтің бес ұлының иелігіне өткен болатын. Сөйтіп, дала өмірі өз заңымен, ықылым заманнан бергі тарихи қалыптасқан үрдіс пен ілгері жылжып өтіп жатты.
Қаһар мынау жарық дүниеге шыр етіп келген күні сәуірдің жайма-шуақ аспаны қылаусыз көкпеңбек боп бой жарқырап тұрды. Дала түгел гүлге оралып, тіршіліктің ең бір шағымен жазы көктем кемеліне келген шақ болатын. Үйлер ошақтарына шейін сыртқа шығарып ас-суып тыста әзірлейді. Несін айтасыз, уайым-қайғы, ауыртпалық атаулы түгел енді келмеске кететіндей сезінетін бір шақ қой көктем деген.
Қуаныштан табаны жерге тимей зыр қағып жүрген Кенжеғали ежелгі үрдіс бойынша жас босанған қатынына қалжа қылу үшін бір тоқтыны сойып та тастады. Ал қаракөлеңке киіз үйде қарыншашы құйқасына жабысып, бетін тыртитып жылап-жылап алып, анасының емшегіндегі алғашқы күндердің ақ уызына тойып алған нәресте маужырап ұйқыға кеткен. Әлі де өңіне қан жүгіре қоймаса да бақытқа бөленіп оңаша бөлмеде келіншегі Ақжігіт жатыр.
Перзент дүниеге келгесін үш күн өткенде осы әулеттің еркек атаулысы жиылып, баланың алғашқы тойы – шілдеханаға келіп құттықтап, тілек-лебіздерін айтуда. Бала дүниеге келгеннен соң қырық күн өткенше оның анасымен екеуіне әртүрлі бәле-жала, жын-жыпыр әуес болады деген ырым­мен ол екеуі жатқан бөлмеге бөгде адамдардың енуіне болмайды. Сондай ырым, тыйым бар. Ал мүнда келген меймандар басқа бөлмеде жайыл­ған дастархан басында отырып құттықтау, тілектерін айтып, баталарын береді.
Жан-жақтан «Бауы берік болсын!» деген дауыстар естіліп жатады.
Кенжеғали басында әппақ киіз қалпағы бар, дастархан басында қонақтарға ет турап беріп отыр.
Мұндай кеште сәбиге ат қою, есімін беру рәсімі өтеді. Салт бойынша нәрестенің есімін оның атасы, яғни, әкесінің әкесі береді. Бірақ айтпай келетін ажал шіркін Молдарахметті бұл қуанышты күнге жеткізбей алып кеткендіктен, сәбиді ең құрметті ауыл ақсақалының қолына ұстатады.
Даланың дәл өзінің түсіндей қоңырқай түсті, қолдарына шейін әжім-әжім, шошақ төбелі ақ киіз қалпақ киген қарт біраз уақыт ішінен үнсіз күбірлеп дұға оқып отырды да бір кезде қолындағы сәбидің құлағына тақап жәймен ғана:
– Сенің есімің Қаһар! – деп үш мәрте қайталап, сәбиді әкесіне қайтадан берді.
Ақсақалдың сәбиге үлкен бір үмітті де, айбатты да, қасіретті де қатар аңғартатын бұл есімді неге бергенін ешкім түсінген де, сұраған да жоқ. Қонақтардың біразы ақсақал бұл есімді Молдарахметтің 1916 жылғы көтеріліс кезінде опат болған ұлы есте сақталуы үшін берген болар деп жорамалдады да қойды. Бірақ олардың ешқайсысы да бұл есім оған өткенді еске алып отыру үшін емес, осы әулетке алда төніп келе жатқан апат пен қасіретке толы шақтарды ақсақал алдын ала сезгендіктен, соның бәрі осы баланың мұңды жүзінен көрініп тұратынын әулиелікпен болжап бергенін түсінбеген еді.
Үрдіс бойынша баланы – Қаһарды қырқынан шығаруға кілең әйелдер жиналды. Бұл күн олар үшін нағыз мейрам. Құлпырған сәнді көйлек, бешпеттері көздің жауын алады. Әсіресе, өңіріне ұзыннан кесте төгілген қызыл, сары, жасыл қынама бел камзолдарын айтсаңшы: Құлақтарында жылт-жылт еткен күміс сырға, саусақтарында көзіне асыл тас орнатқан сақина, жүзіктер, жеңдерінең сәл төменірек тағы да қымбат бағалы білезіктер. Шошақ бөріктерінің жиегі аппақ жұқа мақпалмен әдіптелген.
Әне, бір-екеуі кестелі үлкен дастархан мен ағаш тостаған алып шықты. Сосын тостағандағы суға қырық күміс сырға салды да молшылық пен тоқшылықта болсын деп тостағанға қырық түйір бұршақ тастады. Еересек қатындар тостағандағы суға қырық қасық су құйды. Көне наным-сенім бойынша осы қырық күн ішінде баланың сүйегі қатып, өзі бойына күш жинай бастайды. Оны сыртқа алып шығуға да болады. Кішкентай Қаһарды осы суға шомылдырып, сосын арнаулы күміс шаппалы пышақпен жәйлап қарын шашын, сосын тырнақтарын алды. Әйелдер бір-бірімен жарысып:
– Міне, енді үйіңе қуаныш, мол ризық-нәсібе келді. Мына балаң өсіп үлкен шаңырақ иесі болсын – деп құттықтар жатыр жас ана Ақжігітті.
Ал сол сәтте өзін әлемдегі ең бақытты әйелдей сезінген Ақжігіт бауырындағы сәбиіне мейірлене, елжірей қарапдәл сол тілектер сөзсіз орындалатындай сенімге бөленіп жанары жайнаған үстіне жайнай түсті. Қонақтар кеткесін жас ана күн ұясына қонып ымырт үйіріле тысқа шықты. Даланы тып-тыныш мақпалдай жұмсақ әдемі бір түн бүркеп тұр. Қараған көз талатын түпсіз түнгі аспанда жыпырлаған сансыз жұлдыз жымың қағады. Көкжиекте күн мен жердің жиектесіп түйіскен тұсында жұлдыздар жерде тура жердің бетінде ілулі тұрғандай. Қоңырсалқын самал ана қырлар жақтан гүлді даланың исін әкеліп баяу ғана желпитін тәрізді. Бүкіл дүние тып-тыныш мүлгіп тұр.
Дәл қазір Ақжігіттің жан-дүниесі де тап осы ғана сияқты бір рахат күйге еніп кеткен.
Егер сенің бүкіл жан-дүниең, ниет-пиғылың қаншалықты кең болса бүкіл тіршілік атаулыға деген шексіз махаббат та сенің кеудеңе соншалықты емін-еркін сыйып кетеді. Әлгінде әйелдердің соншалықты бір шексіз де риясыз көңілмен бұған, бұл өзі осынау жарық дүниеге әкелген перзентіне айтқан ең шынайы ақ тілектерді дәл осы сәтте мына жатқан сайын Дала да, анау қиырда жымың қаққан сансыз жұлдыздар да, айналадағы алуан түрлі өсімдіктер де, бәрі-бәрі жабыла қайталап айтып тұрғандай.
Тағдыр бұның есімі Қаһар деп қойылғаны бекер емес екенін көп ұзамай-ақ бұның алдына көлденең тартты. Көп сөйлемейтін тұйық мінезді Жүністің ағасы шаңырақ көтергеніне көп жыл өтсе де бала сүйе алмай жүргендіктен ақсақалдар Қаһарды соған бала қып беруге ұйғарды. Олар баласыз бұл әулеттің аты өшіп қалмасын ұрпағы жалғаса берсін деп Қаһарды соған бергенде осы ұйғарымға көніп баласын берген қос жұп әлі де талай бала-шағалы болады деп сенген еді.
Баласын басқалар алып кеткесін Ақжігіт неше күн бойы үйден шықпастан теріс қарап бүк түсіп жатып қалды. Ол Жүністің қатыны өзінің туған апасы екенін, баласы басқаның емес соның қолына барғанын білсе де Ақжігіттің жаны қатты жабырқаулы еді. Қалыптасқан үрдіс бойынша ол сәбиін енді ұмытуы керек. Өзінің тұңғышын бұратола берген үйге кіруге бұған енді рұқсат жоқ. Бұл босанғанда сонша қуанып, қолды-аяққа тұрмай, зыр қағып көмектесіп қалжасына шейін даярлап беріп тыным көрмеген Кенжеғали да үнсіз. Ешкімге қарап ешнәрсе айта алмайды. Далалықтардың жазылмаған заңы сондай. Ақжігіттің солқ-солқ жылап жатқанын естісе де үйдің әйеліне бөлінген бөлігіне кіре алмай, қасына бара алмай үйдің ішін кезді де жүрді.
Осы бір қырсықта қияңқы үрдіс үшін бұл далада қаншама қасірет-қайғылы уақиға болды десеңші. Кейбір есінен айрылған әйелдер жерді тоқпақтап шыңғырып, енді біреулері: «Балапанымды бір көрейінші», – деп баласын алып кеткен адамдардың үйіне қарай жүгірді.
Кейін сол баласы есейіп ержеткесін де оларды көрген сайын көздеріне жас үйіріліп: «Құлыншағым, ботам! Сен менің баламсың» – деп ішінен ғана күңірене күбірлесе де оны құшағына қыса алмай өтіп кететін.
Иә, ежелден қалыптасқан жөн-жоралғыға ешкім де қарсы келе алмайды. Мұндайда өзінің әл-мисақтан орныққан қатал тәртібі бар Дала ғана әмірші. Әулет үзіліп қалмауы үшін не нәрсеге де бару да керек, көну де керек. Осы әулеттің адамысың ба, осындағы басқалардың қайғысы – сенің де қайғың, олардың тартар азабын сен де тартуың керек. Олардың қуанышы – сенің де қуанышың. Солай! Дала заңы – осы!

2

Тағдыр бізге келер күннің көзін көруді жазбаған сияқты. Аспан түнеріп, қара-қошқыл бұлт қоюланып, албастыдай қабағы түйіліп төмендеп келеді. Демек, көп ұзамай жаңбыр басталады деген сөз. Түн өте салқын болды, яғни, шөп басын қырау шалады. Біз табиғаттың алдағы болар өзгерістерінің белгілерін, мәселен қысқы, күзгі, көктемгі алуан өзгерістерінің алдын-ала беретін белгілерін білгенмен, уақыттың, алдағы заманалардың не боларын білмейміз. Ал оны болжай алатын, алда не болып, не қоярын білген пайғамбарлардың да кеудедегі жанды қалай сақтай білу керектігін айтып бақиға кеткелі де мыңдаған жылдар өтті. Көшпелі қазақтардың ықылым заманалар бойы қалыптасқан өмір-салтын мәңгілікке жым-жылас жоқ қылып, адам жаны түршігерлік қырғын жасаған ашаршылықтың алдында ірілі-уақты бірнеше сұрқия уақиғалар Қазақстанда адам қолымен әдейі жасалды. Қазақ даласына арбаларын сүйретіп колонистер қаптап келіп, жайылымдар мен шөбі шүйгін, малға да, адамға да пайдалы шабындық, тебіндік жерлерді тартып ала бастады, әскерге елдің малын алды, 1916 жылы бүкіл аймақты көтеріп, ақыры зор ауыртпалыққа алып келген көтеріліс болды. Сосын жазда жаңбыр тамбаған құрғақшылық келіп, шөп қурап кетті, су көздері тартылып қалды да, қияр қыста жылымық болып аяғы қызыл шұнақ аязға айналып, бүкіл дала көктайғақ мұздың астында қалды. Мұз астындағы шөпті жылқыларша теуіп жей алмайтын түйелер мен қойлар ең алдымен аш көтеремдіктен қырылды. Ұлы дала бұл жерде өзі ғана қожайын екенін адамдарға осылай көрсетіп берді.
Сонда да болса ең басты қасіретті адамдардың өздері жасады. Сонау қиырдағы Мәскеуде, жұмысшы-шаруалар партиясы Орталық Комитетінде отырған біреудің басына бір күні «Осы дала ресурстарын кәдеге асырып, пайдалануда көшпелі мал шаруашылығы деген нәрсе шынымен де ең тиімді нұсқа ма?» деген ой сап ете қалады.
Сол Мәскеу төрінде шіреніп отырған біреулер қазақтарды отырықшылыққа көшірсек қайтеді десе, екінші біреулер иә сөйту керек деді. Енді біреулер осының алдында ғана ойлап табылған ұжымдастыруды ерекше екпінмен жүргізуге өз басы даяр екенін өршелене айтса, тағы біреу қалай миллион тонна астық алудың көрнекі сызбасын көрсетіп, тағы бір-екеуі осы аймақтағы ұлтшыл қазақтардың мәселесін көтеріп бәрін бір-ақ сәтте тас-талқан, тал-берен етіп жоқ қылып жаңа дүние орнатуды ұсынды. Және жоспарды кез-келген тәсілді қолданып жасауға болады деді.
Қазақстан өлкелік партия ұйымының хатшысы болып Филипп Исаевич Голощекин (шын фамилиясы Шая) тағайындалды. Ол сонау бір жылы Екатеринбургта патшаның отбасын атуды ұйымдастырушының бірі болатын. Ол Қызыл-Ордаға 1925 жылы келе сала қазақ ауылдарында әлі Кеңес өкіметі орнамапты, сондықтан мұнда «Кіші Қазан төңкерілісін» жүргізу керек деп мәлімдеді. Әуелі күйлі шаруалардың жайылымдары тартып алынды, сосын қазақтың дәстүрлі сағымына қатаң тыйым салынды. Өйткені, азық-түлік қосып толтыру керек деген сылтаумен халықтың қолындағы түйе, сиыр, жылқы сияқты ірі қарасын да, қазақтар жандық деп жалпы атаумен атайтын қой, ешкісін ұжымшарларға өткізу жоспарланды.
Одан кейін маусымдық жайылымда, яғни, жайлауға шекарадан өтіп қоныстануға тыйым салынды. Бұған шейін жем-шөп жоқ қиыншылық болған жылдары қазақтар көршілес Батыс Қытай тарапына көше қоятын. Шекара да болған емес. Дала ол жақта да бұл жақта да бір ғана Дала болатын. Енді шекара белгілері қойылды.
Ұлы даланың әл-мисақтан орныққан, қалыптасқан өмір салтына жасалған алғашқы сұмдық соққы ұжымдастыру, яғни, зорлықпен отырықшылыққа көшіру басталды. Қазақтардың малы түгел тартып алынып ұжымшарларға өткізілді.
Өз қарамағындағы халыққа осындай неше түрлі зорлық-зомбылыққа толы да мазақы тәжірибелер жасау, қияли коммунистік идеяшылары жасаған бұл эксперименттер көп ұзамай бүкіл елді қан қақсатқан қайғылы уақиғаларға душар қылды. Бас-аяғы бір жылдың ішінде мал қырылып, азық-түліктің жоқтығынан малды қынадай қырып сойып азық қылу басталды. 1932 жылы Қазақстандағы қырық бес миллион бас малдан бар-жоғы төрт миллиондайы ғана қалды. Мал басы он есе кеміді.
Ал ұжымшарларда істің бәрі бірдей орнына келе қоймаған кезде оның бәрін кеңес өкіметінің жасырын жаулары дегендерге жабатын болды. Шая Исакович Голощекин жеке өзі Мәскеуге өтініш жазып Қазақстандағы он мың халық жауын жазалауды өтінді. Ол мұнша цифрды қайдан алғаны мүлде түсініксіз. Өлкелік партия комитеттеріне өз халқының қаншасын қыру жоспары көрсетілген тапсырма берілді, ал бұлар өздерінің бұл істі соншалықты ынталы да ықыласпен атқаратынын жоғарыдағы қожайындарына дәлелдеу үшін өздеріне сол көрсетілген жоспардағыдан да көп қыруға міндеттеме қабылдады.
Бұл жарлыққа байланысты рұқсатнама бүкіл қалалар мен аудандарға таратылды. Сөйтіп, чекистердің темекі сасыған кабинетіндегілер жасыл шұға жабылған үстелдердің жанында қуғын-сүргінге ұшырайтындар мен атылатындардың тізімін асығыс-үсігіс үлкен бір ықыласпен жасай бастады.
1929 жылдың қарашасының 12-ші жұлдызында Кең Табан шатқалына ойда-жоқта қарулы жиырма адамнан тұратын атты жасақ пен екі бос арба келіп тоқтады.
Сол күні аспан әлемі де үрейлі бір қарасұр түске боянып, даладағы күзгі қураған шөптерді аппақ қырау басып, адамдардың аузынан ақ бу будақтап тұрды. Мұндайда далада тірі жан көріне бермейді. Маңай мүлгіген тыныштық. Сондықтанда сыртта, анадайдан атты адамдар келе жатқанын көргендер үйлерінен атып-атып шығып, таңдана қарап тұрып қалды. Бұл дөрекілеу матадан тігілген сұр шинель киген, бастарындағы «буденовка» деген шошақ төбелі бас киіміне үлкен қызыл жұлдыз қадаған бұрын-соңды бұл маңай ешкім көрмеген өзгеше адамдар тәрізді. Бет-әлпеттерінде әлдебір ызғар бар, иықтарында бір-бір винтовка, тіпті, бірінен-бірі айнымайтын ұқсас тәрізді.
Жиналған жұрттың алдына әнеугүнгі бұған Қаһар деген есімді берген ақсақал шықты. Ол түрінен осындағы ауыл адамдарынан өзгеше бір сабырлылық, мына келгендерге қарап таңдану белгісі байқалмайды. Мыналардың бұл ауылға не мақсатпен келгенін айтпай-ақ түсініп тұрған адам сияқты. Мылтық асынғандардың қарсы алдына баяу адымдап келді де оларға үнсіз қарап тұра қалды.
Аттылардың ішінен селдір сақалды, сондай селбір мұртты шикесіне қызыл таңбалар тігілген біреу атынан жеп-жеңіл секіріп түсті де аяқтарын қаздақтата басып келіп жұрт көрсін дегендей наганының қалтасын ағыта бастады.
Сөйтті де, жиналғандарға сондай бір жылы жүзбен жымия бір қарап қойды да бәрі анық естісін дегендей қатты дауыстап:
Ассалаумағалейкум! – деді. Бетінде кішкентай шұқыршық пайда бола кетті.
– Құрметті….-і-і-і… Мен сіздердің ауданыңыздың уәкілімін. Біз мұнда осы Ақташы ауылының барлық ер азаматтарын аудан орталығына шақырып келдік. Жиынға сондай директива келді. Кеңес өкіметі сіздермен ақылдасқысы, кеңескісі келеді.
Жұртта үн жоқ. Бала Қаһар болса мына келгендердің бұрын өзі көрмеген киімдеріне, бас киімдеріндегі қызыл жұлдыздарынан көз алар емес.
Тұрсын оның иығына қолын қойып үнсіз тұр. Оның баданадай көздері шарасынан шығып кеткен, жанарында үрейі де, таңданыс та бар секілді. Қаһардың туған әкесі Кенжеғали қой терісінен иленген тон, терімен әдіптелген құлақшын киіп алған екен. Ол да мына келгендерге балаша қайран қалып қарайды. Екі көзі біресе анау уәкілдің селдір мұртында, біресе аттылардың иығына асынған винтовкасында. Жүргіншілердің аттары бір орнында тыпыршып, аяқтарымен жерді тарпып-тарпып қояды.
Ол кенет:
– Бізге не бар ол жақта? Оларға бізден не керек болып қалды? – деп айқайлап жіберді.
– Құрметтілерім!.. Мен ол жиындағы күн тәртібінде не қаралатынынан бейхабармын. Маған осы ауылдың еркектерін алып келуге пәрмен берілген.
Уәкілдің түрінен: «Мені неге қинайсыңдар? Мен басқалардың ықтиярын, қалауын орындаушы ғанамын ғой. Менімен бірге жүріңдерші. Барғасын көре жатарсыңдар. Басшылар сендермен бір шаруа туралы ақылдаспақшы, сендердің ойларынды білгісі келеді» дегісі кеп тұрғаны анық байқалады. Сөйте тұра қолын наганынан алатын емес.
Қаһар сол бір қараша айының қаһарлы күнінің көрінісін кейін тұтас бір сурет қып жинақтап санасына сақтады ма, әлде ол осындай үзік-үзік күйінде көз алдына елестете ме соны өзі де әлі түсінер емес. Әйтеуір, кейін ес жиып, етек жапқан шаққа жеткенде сол күні өзінің туған әкесі де, асырап алған әкесі де, ауылдың бүкіл басқа еркек атаулысы де түгелдей анау уәкілдің сөзіне сенді екен дей талай мәрте ойланып, сол ойының түбіне жете алмай-ақ қойып еді-ау. Әлде олар анау уәкілдің сөзінің күмәнділігін біле тұра оған сенейікші деді ме екен, ә? Олар сол сәтте жүректерін беймағұлым бір үрей билеп, кеуделерін мұздай суық бір күдік қарып тұрса да оған сенгілері келген-ау, сірә. Оның үстіне бұларды аудандық партия комитетінің бастығының өзі арнайы шақырып отыр ғой. Оны сыйлап, құрметтемеуге әрине, болмайды.
Осы сәтте жігіттердің біреуі жанындағылармен үнсіз ымдасып болып көлігінің ноқта-жүген, ертоқымын әкелуге үйіне қарай бет алғаны сол еді, оны уәкілдің айқайы со бойда тоқтатты.
– Тоқта! Тоқта! Қайт бері! Ат ерттеп әуре болмай-ақ қой! Сіздер бәріңіз қазір мына біздің арбаға мініңіздер. Сосын өзіміз қайтадан әкеп тастаймыз, – деп шақырып алғанда да сенумен болды.
Уәкіл қараша халық бір нәрсенің басына сенсе, одан әрі қарай соның жалғасына да сене беретінін біледі. Адам баласы кейде сондай. Міне, мыналар арбаға мініп баруға келісті ме, демек сенімдерін жоғалтпағаны. Енді әрі қарай да сене береді.
Сондай сенімде кетіп бара жатқан ауыл азаматттары тіпті, үй-ішімен қоштасқан да жоқ. Арбаға қарай ең әуелі олардың жасы үлкен ағасы мінді. Түрі бұзылыңқырап кеткен, өте тұнжыр. Бірақ не болса да көріп алайық, маңдайымызға не жазылса соны көреміз де… Жазмыштан озмыш жоқ деген сыңайлы. Одан кейін Жүніс, сосын қалғандары арбаға міне бастады. Ешкім ештеңе түсінген жоқ. Бәрі үнсіз.
Еркек атаулы түгел арбаға мініп болғасын әлгі келгендердің бірнешеуі ешкімнің рұхсатын сұрамастан, еш именбестен жалақтап киіз үйлердің бәріне бас сұғып, тағы да ер адам қалған, қалмағанын тексеріп шықты. Кенет киіз үйдің бірінен әйелдің шыңғырған дауысы шықты. Сөйтсе, маңдайына қызыл жұлдыз қадағандардың бірі әйелдер жататын жерге кіріп барыпты.
Бұған ызаланған бірер еркек орындарынан көтеріле беріп еді қоршап тұрғандардың бір-екеуі оларға қаратып винтовкаларының құлағын шырт еткізіп қайырып кезене қойды. Шаңқ етіп аспанға атылған мылтық дауысы тым-тырыс жатқан ауыл үстін, бүкіл даланы селк еткізді. Шошып кеткен аттар кісінеп аспанға атылды. Ал оның үстіндегі жүргінші ат тізгінін шалқая тартып тоқтатты да, сосын винтовка құлағын қайырып ұңғыға тағы бір оқ салды.
– Тынышталыңдар, құрметті-і…і.і… Әшейін тағы біреулер ұмытылып қалған жоқ па деп тексеріп жатқанымыз ғой. Уәкілдің жүзінде енді көңілі орнына түсіп, бастаған ісін тәмәмдауға жақындатып өзіне риза болғандай жайбарақаттық байқалды. Еркектер енді арба үстінде қыбырсыз қалды.
Әлгі үй жағалап келгендердің бірі ұйлығып тұрған қатын-қалаш, бала-шағаның ортасынан бір баланы сүйреп шығарды. Жасы он бес, он алтыдағы бала екені көрініп тұр. Анау оны шынтағынан қатты қысып ұстап арбаға әкелді. Еркектердің біреуі:
– Бұл менің ұлым! Ол әлі жас қой. Жиында оның не керегі бар? – деп айқайлап жіберді.
– Неге жас? Еркек емес пе? Басшылар көрсін біздің даламызда қандай батырлар өсіп жатқанын!
– Кеттік құрметті… Жетер енді. Біраз айтысып тұрдық. Басшылар көп күтіп отырмайды, – деп уәкіл үзеңгіге аяғын тіреп түрегелді.
Оның шинелінің етегінен шалбары қазақы шалбар емес, орыстың атты әскерлері киетін қою көк түсті матадан тігілген, бөксесінің ерге тиіп тұратын жеріне жұқа тері жапсырылған кавалеристің шалбары екені көрініп қалды.
Есейе келе Қаһар өзінің туған әкесі Кенжеғалидың сондағы бет-жүзі есінде екенін енді ғана білді: ертелеу ақ қырау шала бастаған қою қара шашты, қазақтар «іспеккөз» дейтін сәл томпақтау қисық көзді, сол жақ қабағының үстінде тыртығы бар, ернінде ұсақ қызыл бүртіктері бар сақалау кісі. Ауыл еркектерінің аттанып баратқандағы әр сәті – қазан айының қарақошқыл түкірген аспаны, басында теріден тізілген малақайы бар тұнжырап отырған адамдар да, арбаның сықырлап орнынан жылжып кеткен, жорта жөнелген аттылар… Бәрі, бәрі әлі де көз алдында.
Сол күні бала Қаһар да, сол жерде болған әйелдер мен балалар да, аттанып бара жатқан жігіттер мен үлкендер де сонда Ақташы мен Қыржігіт руларының еркек атаулысы тұтас бір орманды отап жатқанда ағаштан ұшатын ұсақ-түйек жаңқаша жоқ боп кетерін білген жоқ. Олар жоғары жақтан келген нұсқаулық бойынша Батпаққара аудандық партия комитетінің басшысы Әжібаев пен НКВД бастығы Тастеміровтің тізіміне іліккен еді. Оларды қандай себептермен халық жауларының тізіміне қосқаны да беймәлім.
Әлде бұл бейбақтардың бар кінәсі күйлі-қуатты, ешкімге тәуелді кіріптар емес еркін болғандықтан ұжымшарға кіргісі келмегендігінде ме екен? Әлде олар бүкіл уезге есімі мәлім діндар Молдарахметтің туыстары немесе сол кездегі билік басында отырғандармен қаны, тегі жағынан ешбір жақындығы жоқтығы да себеп болған шығар. Оны ешбір жан білген де, түсінген де жоқ.
Олар сол күні ауылдан аттанып бара жатқанда да ешнәрседен хабарсыз болды. Тіпті, ауданға келген күні де, одан бір апта өткесін де аудан орталығындағы абақтыда өздерін кезекпен тепкілеп, бүлік шығармақ болғандарыңды, кеңес өкіметін құлатпақ болғандарыңды мойындаңдар деп жан қинаудың жеті атасын жасап жатқанда да соның бәрі не үшін екенін түсінбей-ақ, білмей-ақ кетті.
Ол сорлылар күн сайын, әр сағат әр минут сайын ішінде аяқ басар орын жоқ, адамға лық толы камераның енді бір сәтте ашылып: «Шығыңдар, біз бәрін тексердік, сендер қарапайым бейбіт жандар екенсіңдер, енді ауылдарыңа қайта беріңдер, қатын-балаларыңмен аман-есен қауышыңдар» деген дауыстың естілер сәтін зарыға күтумен болды. Амал не, оларды оның орнына Қостанайға жөнелтті. Ол жақта бұларды соттап, әрқайсысына он немесе одан да көп жыл түрмеге жіберуге жеке-жеке үкім оқып айдады да жіберді. Бәрінің де аудандағы өкіметті басып алуға даярланғаны дәлелденді деп жазылды. Олар сол үкімді естігеннен соң да ешнәрсе түсінген жоқ. Тіпті, сот аяқталып, сыртқа айдалып бара жатқанда бойы тапалтақ келген шынашақтай біреуі өздерін алып бара жатқан қарауыл ұйғырға қарап: «Бізді неге бүйтті?» деп сұрады.
Ұйғыр оған жауап берудің орнына «Тыныш жүр» – деп дүңк ете қалды. Олардың көпшілігі сол кеткеннен қайтып оралған жоқ. Қаһардың Жүніс, Мұхамбет, Ерғали деген туыстары, Молдарахмет атасының туған бауыры Нарбай мен Темір де сол кеткеннен қайтып келмеді. Сорлы бейбақтардың сүйектері қайда жатқанын бір Құдай ғана біледі. Олардың бәрі де 1991 жылы заң жүзінде ақталып, бейкүнә жандар деп танылды.
Қаһардың әкесі Кенжеғали он сегіз жыл бойы айдауда жүргенде өздерін арбамен алып бара жатқан сол күнді, бір сәтке де есінен шығарған емес. Ол байғұс сөйтіп жүріп әсіресе, өзінің сол күні кетіп баратып сүйген жары Ақжігітпен қоштаспағаны, туған ұлы Қаһарға бұрылып бір қарамағаны үшін өзін-өзі өлердей жек көріп, жанын жеумен он сегіз жылды өткізді. Ол егер сол күні Қаһардың бетіне дұрыстап бір қарағанда ол да бұған бір мәрте сәл ғана назар салған болса өзін бұлай қиналмастай көретін еді. Ол сол кеткеннен елге он тоғыз жыл дегенде аузында бір тісі жоқ, аппақ қудай тек тірі жан болып оралды.
Жүргіншілер мен ауыл адамдары тиелген қос арба қырау басқан күзгі боз даламен бірте-бірте алыстап бара жатты да ең ақырында кіп-кішкентай қара ноқатқа айналып, сосын мүлде ғайып болды.
Ауылда қалған қатын-қалаш ер азаматтары сол кеткеннен енді қайтып оралмасын да білген жоқ. Олар ауданға жиынға кетті деп ойлады. Кешқұрым Тұрсынға Ақжігіт келді. Бұл кезде Қаһар оның өз анасы екенін, ал Тұрсын өзін бауырына басқан, яғни, асырап алған анасы екенін де жақсы біліп болған еді. Бұл кезде алтыға келген ол бұның бәрі неге олай болғанына ой жүгіртіп жатпайтын. Ол үшін солай болуы керек сияқты және екі анасы бар деп ойлайтын.
Бұл апалы-сіңлілі қос әйелдің екеуі екі бөлек адамдар болғаны мен олардың бет жүзінде әйтеуір бір ұқсастық бар екені аңғарылып тұратын. Сұңғақ бойлы, ортасынан қақ айырған қалың қара шашты, қос жанары баданадай, иегінің ұшы сүп-сүйір сүйкімді Тұрсын ауылдың ең сұлу келіншегі саналатын. Ол бүкіл шашын бетінің тең жартысын, әсем бұғағы мен аппақ тамағын, құрықтай мойнын түгел жауып тұратын тұрмысқа шыққан әйел киетін кимешегін шешкенде оның білектей жуан қос бұрымы аш беліне түсіп тұрғанының өзі қандай?!
Ал Ақжігіт одан өзгешелеу. Сымбатты да сәнді, әр қимыл-қозғалысында жарасымды бір маңғаздық пен кермиық кербездік бар, әйелге тән нәзік жанды оның жүзінен әлдебір жұмсақ сәуле сыртқа шығуға ұмтылып тұрғандай көрінеді. Бет-әлпетінің қай жағынан қарасаң да бір-бірімен жарасып тұрған үйлесім байқалады. Күлімдеп қарағаны қандай?! Еріксіз тартып тұрады. Қаһар оның қоңырқай, қой көзді қос жанарының екі түрлі екенін әлдеқашан аңғарған. Көзінің бір қарашығы екіншісінен гөрі ашықтау ма, ақшылдау ма әйтеуір сәл өзгешелеу. Қаһарға соның өзінде бір құпиялылық бардай сезілетін.
Сол кеште Ақжігіттің көздері сәл ісіңкілеу болып, өзі белгісіз бір мұңға батқандай түрде келді. Иә, оның бұл дүниедегі бары да, нары да ұлы мен Кенжеғали ғана ғой. Ұлының өзі басқалардың қолында. Әйтеуір, осы ауылда. Күніге көз алдында екеніне шүкіршілік қылады. Енді бүгін жанындағы жалғыз серігі күйеуін де біреулер алып кетті. Қайда алып кетті? Міне, енді бір орында бір сәтке де отыруға тағаты жетпей сенделіп жүр.
– Уайымдама! Аудан алыста, еркектер ертең-ақ қайтып келеді, – деп
жұбатады Тұрсын оны.
Ақжігіт иә, келеді ғой деп оған бас изесе де көңілі әлденеге қатты қобалжулы. Жүрегі түскір бір сұмдықты сезетін сияқты.
Қаһар сол кеште байғұс анасының неге келгенін, жүзі неге сонша мұңлы болып тұрғанын арада талай жылдар өткенде барып түсінді ғой. Ол сол сәтте бұны, өзінің туған ұлын тағы бір көріп, қолымен құшағына қыспаса да жасаурап тұрған жанарымен аймалап, елеусіздеу бір қимылымен-ақ балапанына деген аналық шексіз махаббатын қалай да сездіргісі келіп, кеудесіндегі жұдырықтай жұмыр еті – жүрегі сыртқа атылып шығардай арпалысқа түскен болатын. Ол сол сәтте қазір басқаның бауырында жүрген бұл дүниедегі ең қымбаттысы – осы балапанына өзі мен оның ортасында әлі үзілмеген, үзілмек түгіл күшейіп, қатайып бара жатқан кіндік бар екенін сездіргісі келген еді ғой. Егер ол Қаһардан кейін тағы бір балалы болғанда әлде қайтер еді. Бірақ ол сосын қайтып бала көтере алмады. Қайран анасының сол кеште неге келгенін, бұлардың жанында отырып қаншалықты ауыр күй кешіп, іші-бауыры уылжып қан жылардай болып отырғанын Қаһар бала қайдан білсін?! Анасы сондай күйде отырғанда бұл өзінің ермегімен әлек болып отырмады ма?!
Екі әйел осылай әңгімелесіп отырғанда бұл үйден тысқа атылып шықты да бағана таңертең салт аттылар мен ауыл адамдары сөйлесіп тұрған жерге қараңғы түсіп кетпей тұрғанда жетіп алмақ болып ышқынып жүгіре жөнелді: Сол жерге келе сала өзі іздеп келген винтовканың оқ қабығын яғни, гильзасын әп-сәтте тауып алды. Ол бұрын мұндай оққабығын көрген емес. Ал ауылдағы ересектердің мылтықтары көне заманнан келе жатқан көне үлгі болатын.
Қазір оның алақанында сопақша келген латунь патрон. Бетіңе тақасаң оқ-дәрінің иісі мүңкіп тұр.. Осы патрон қырғын соғысты да, сонау бір кездері бастан өткерген алуан-алуан жағдаяттарды да, үрейлі, қорқынышты күндерді де бұның көз алдына көлденең тарта беретіні несі екен? Осы патронды кейін ол өзінің жақын достарына да көрсетіп еді-ау. Өмір-ай, десеңші…

* * *

Олар ертеңіне қайтып келді. Сол уәкіл, сол винтовка асынған сұсты адамдар. Тек олармен бірге кеткен осы ауылдың ер азаматтарының бірде-біреуі жоқ. Оларды мінгізген арба тағы келді.
Далада заңғар көк пен қара жердің астасып, түйісіп жатқан қиыр шеті көкжиекке шейінгі кеңістік түгел көрініп жатады. Мылтық асынған кешегі жасақ тағы да келе жатқанын жұрттың көзі қиырдан шалды. Әйелдер мен бала-шағалар киіз үйлерінен сыртқа жүгіріп шықты. Ауыл үстінен ошақтарда жанып жатқан тезектің ащы иісі шығады. Қазандарда бұрқылдап ет қайнауда. Қатындар күйеулерін, балалар әкелерін күтуде. Мылтықты жасақтар жақындаған сайын олардың кеше еркектерді тиеп кеткен арбалары бос келе жатқанын көрген жұрттың жүрегі лүпілдей соғып, әлдебір қорқыныштың бұлты үйіріліп, түрлері бұзыла бастады. Ешкімде үн жоқ. Тұрсынның екі көзі шарасынан шығып барады.
Бұл күн бұған шейінгі уайым-қайғыға толы күннен де қорқынышты, одан да қасіретті болды. Ол енді бүкіл үміт, сенім атаулыны әп-сәтте жоқ қып жіберді. Өмірдің ертеңге, болашаққа бастайтын жолы бұратола жабылды.
– Сендердің күйеулерің еңбекші халықтың дұшпандары ретінде тұтқынға алынды.
Шинелінің омырауында қызыл шүберектен жолақтары бар уәкіл осылай деп мәлімдеді. Ол бұл жолы тіпті, атынан да түспей шіреніп отыр.
Ол енді өткендегідей жымиып күлген де жоқ. Өзіне-өзі өте сенімді, түсі қатқыл. Сығырайған қысық көздері жылт-жылт етеді. Басқалары үй жағалап жүгіріп тінтіп, мылтықтар алып шығып жатыр. Пышақ, оқ-дәрі, патрон тауып алғанына мәз боп жүргендер де бар. Бұның бәрі кешегі еркектердің көтеріліс жасамақшы болды деуге мол дәлел. Мұндағы әр үйдің керегелеріне кілем ілінген. Олар кілемдерді жұлқып түсіріп жатыр.
Кенжеғалидің үйінің жанында Ақжігіт қимылсыз тұр. Олар болса дүние-мүлікті шашып, көрпе-төсекті аударып, көпшіктерді тіліп тінту жүргізуде. Ақжігіт басындағы орамалын жұлып тастаған. Көздері аларып ұясынан шыққан, шашы дудар-дудар, бет-әлпеті күндегі Ақжігітке мүлде ұқсамайды. Қан-сөл жоқ. Не үндемейді, не көзінде жас та жоқ. Екі көзін уәкілден алар емес. Мылтық та, пышақ атаулы да түгел арбаға лақтырылды.
Бір әйел: күйеулеріміз де келер, сонда көрерсіңдер сендер, – деп бажылдап жатыр.
Бұл қатынды да арбаға салыңдар, – деп әмір берді уәкіл – қорқыту, үркіту, қарсыласу, оның бәрі кеңес өкіметіне қарсылықты білдіреді. Барасың сол еркектеріңмен бірге Сібірге. Кәне, тағы да бірнәрсе айтатындарың бар ма?
Бұл даланың тұрғындарының тағдырына талай адам үкім шығарған болатын. Әуелі Мәскеудегі биік те кең кабинетте отырған біреу бір нәрсе айта салды. Жазу машинкасына басылған сол сөзді екінші біреулер оқып алды да ол өз сөзін айтты. Ал мына дөңгелек бет, қысық көз уәкіл сол сөздерді іске асырушы ғана.
Тінту аяқталды. Жалынып жалбарынып жылап жатқан әйелді арбаға мінгізді. Тінтуірлер жұмысын бітіріп көліктеріне отырып жатыр. Қырсық бұл ғана емес екен.
Кәнекей! Бәрің, бәрің тыңдаңдар, – деп уәкіл аяқтарын үзеңгіге тіреп тік тұрды. – Сендердің күйеулерің халық жаулары. Ал өлкелік партия комитетінің Жарлығы бойынша халық жауларының малы мемлекет қарауына өткізіледі!
Олар тігерге тұяқ қалдырмастан, ең аяғы бір ақсақ қойды да алып кетті. Қысқа қарай ол малдың бәрін аумағы атшаптырым қоршаудың ішіне қамап тастады. Сондағы ойлары қатты суықта мал ұйлығып бірін-бірі жылытып тұрады дегендегісі. Ал ол жердегі шөп қардың астында қалса арқанға байланған бөренені атқа жегіп қардың үстімен айдады.
Түйе, жылқы, сиыр мен қой-ешкі сияқты жандықтар қыстауға қамалды. Жұрттық бәрі соғым соятын шақты асыға күтумен болды.
Мылтықты адамдар қорадағы малды айдап шығып, шықпағандарын арқанмен матап сүйрелеп бара жатқанына түсінбеген Қаһар жан-жағына алақ-жұлақ қарайды. Анадайда Ақжігіт әлі сол мелшиген қалпында үнсіз тұр. Бір кезде екі көзін тарс жұмып, көкірегін қысқан ащы айқай сыртқа шығып кетпесін дегендей қос қолымен аузын қатты баса қалды. Ауыл үстін әйелдердің аңырап жылаған азалы үні басты.
– Не істеп жатсыңдар? Қыс келді ғой! Бала-шағамыз қырылады ғой аштан деп шыңғырады үлкен-кіші әйел атаулы. Ауылда бір еркек кіндік қалмаған. Шиеттей жас бала-шаға.
Оларға қосылып балалар шырқырай бастады. Қаһар да жылады. Тұтқындалған әйел арбаға сүйретіліп шаққа мінді. Енді оның алуан-алуан азаптан тұратын өзгеше өмірі басталады. Уәкіл оның еңіреп баратқанына көз қырын да салған жоқ. Осындай жағдаяттың бәріне оның еті өліп кеткен. Ол Алла жоқ деген басшылардың сөзін миына құйып алған. Ол өзіне үйреткен, аспанда ешнәрсе де жоқ, ол бос жатқан үлкен кеңістік қана, адамда жан бар деген де өтірік. Жан жоқ. Бұның һәммасы жалған. Адам маймылдан тараған дегендерге ғана иланады, сенеді, нанады.
Тұрсынның бет-жүзі қатты бұзылып, түрі мүлде өзгеріп кеткен. Қорқынышты.
– Күйеулерімізді қайтарыңдар үйге! Бала-шағамыз бар. Оларды қалай асыраймыз? Олай болса балаларды да әкетіңдер деп шыңғырады.
Бұл бақытсыз бейшара көп ұзамай сол айтқандары да дәл келетінін білмеген болатын.
Қар қылаулап қана жауып тұр. Көп ұзамай Даланы аппақ қар басып салады. Әлгілер бүкіл малды алдына салып айдап кетті. Киіз үйлердің іші ойран-топан. Қысқы қора-қопсы түгіл бүкіл жайылым қаңырап бос қалған. Молдарахмет атасы салған үй, қоралардың да тіреулері ғана қалқайып тұр. Кеше ғана қызу өмір қайнап жатқан қыстаудың орны да қалмаған. Қалғандары енді қыстық отынға жағылады.
Мынадай бір аңыз бар: Есте жоқ ескі заманаларда осынау ұлы Дала өзінің көшпелі қазақ-сәбилерін өте жақсы көргені сондай, бірде оны құшырланып қатты қысып сүйгенде нәп-нәзік сәбидің бет сүйектері сыртына шығып, көздері қатты қысылып кеткен дейді. Кейін Дала-ана оларға емін-еркін көшіп-қонып тамағы тоқ, киімі көк болсын деп есепсіз ырғын көп мал беріпті. Енді міне, қазақ өз даласында күнелтетін сол малынан да айрылды. Сондықтан да осынау шет-шегі жоқ шөл мен шөлейтті, орманы мен тоғайы аралас жазда ыссы, қыста қарлы боран кең өлке қазақтар үшін қатыгез де үрейлі бір кеңістікке айналды.

-3-

Сонау бір жылдары, шамамен Қаһардың төрт-бес жасар кезінде болған тағы бір көрініс оның есінде өшпестей болып қалып қойыпты. Ол өзінің қарны тоқ, киімі көп, ешнәрсеге алаңы жоқ шақтардың көбін ұмытса да тап сол бір жағдай тайға таңба басқандай көз алдында тұр.
Жаз айы. Тыста күн қайнап тұр. Іші пысқан Қаһар үйде киіз үстінде кішкентай қап-қара қоңызды ермек қылып ойнап отыр. Оны ермек қылып дегеннен гөрі азаптап отыр деуге келіңкірейтін еді. Қоңыз оның саусағына тырмысып, терісін жыбыр-жыбыр еткізгені нендей қызық?!
Кенет бұл отырған киіз үйден әріректен әлдебір дыбыс шыққандай болды. Қараса бір сұңқар бір кептерді бүріп астына басып отыр екен. Бейшара кептер қанаттарымен жер сабалап, тыпырлап жатыр. Ал сұңқар апайтөсін керіп тастап, темірдей тырнақтарымен кептерді жерге жабыстыра таптап қойып кептердің басын пышақтай өткір тұмсығымен парша-парша қылып шоқып отыр. Сорлы кептердің мамығы жабысқан тұмсығымен бір-екі шоқып-шоқып жібереді де асықпай, қызғылт жанарын олай-бұлай төңкеріп қойып, мені көрдіңдер ме дегендей жан-жағына қарап-қарап қояды. Сосын, соңғы рет тыпырлап жаны шыққалы жатқан кептерді қайтадан жұлып жей бастайды.
Кептер тағы біраз тыпырлап барып басылды. Ол байғұс айқайлай алатын болса, сол жерде шыңғырып айқайға басар еді ғой. Анаң қара, ол кенет жыртқыш жауының астынан бұлқынып шығып, қос қанатымен жер сабалап қаша жөнелді. Кіп-кішкентай бас қан-қан. Сұңқар оны бір-ақ қарғып барып жерге баса салды да тағы да асықпай шоқи бастады.
Жалған дүниеде осынау қара жердің бетінде күніге, сәт сайын болып жататын бұл көрініс Қаһардың сәби жүрегіне қатты батты. Қас-қағым дерлік аз ғана заматта әлгі құстың ажал алдында тыпырлап қиналғаны, бір сәтке ғана жыртқыш бәлекеттің тырнағынан иә, бір сәтке ғана сытылып шығып, қайтадан ажал тұзағына түскені, осының бәрін бала Қаһар өз басынан өткеріп тұрғандай тұла бойы түршігіп кетті. Әкесінің жанына келіп ананы қарашы дегендей ымдап еді, ол иығын қиқаң еткізді де қойды. Құстың аты құс. Олар адамдар емес. Олар мейірім мен жауыздық деген екі нәрсені білмейді. Олардың аяныш сезімдері жоқ. Өз өміріңді өзің сүр, қалай сүрсең де өзің білесің деген табиғат заңы. Оған адам араша түсуіне болмайды.
Осы бір жыртқыш құс пен оның кірпік қақпай қарайтын қып-қызыл көздері кейін Қаһарға ашаршылық деген зұлматтың рәмізіндей болып көрінетін болды.
Ауылдағы еркек кіндіктінің бірін қалдырмай мылтықты адамдар сыпырып әкеткеніне де міне, үш жылдың жүзі болды. Алғашқы жылы қатындар өйтіп-бүйтіп күнелткен болды. Күміс сақина, жүзіктерін, сырға, алқаларын сатты, азық-түлікке алмастырды. Ұрпақтан ұрпаққа жәдігер есебінде беріліп, аманаттап отырылатын сәукелелердегі теңгелерді, інжу-маржандарды да алып келіп ауқатқа айырбастады. Қымбат маталардан тігілген көздің жауын алатын сәнді киімдер бір қапшық етке айналды. Ел іші осылай бірі сатып, бірі сатып алып тіршілік қамын жасаған болды. Кейін бәрі жаппай бір күйге түсті. Ұлы жұт басталды, одан кейін бүкіл қазақ елін жайлаған ашаршылықтар адам қолымен арнайы жасалып, халықтың үштен бірі қырылып қалды.
Арада талай жылдар өткесін барып оны зерттеушілер қазақ даласы бір жарым миллион адамдарынан айырылып, қалған жүздеген мыңы басқа елдерге көшіп кетуге мәжбүр болған сол ашаршылықтардың себептерін атап көрсеткен болды. Солардың ең басты себептері ұжымдастыру, советтендіру, ата-кәсібі мал шаруашылығынан айырып зорлап отырықшылыққа көшіру екені даусыз. Негізінен ұжымдастыру шаралары елден жиналған малмен ұжымшарлар айналысып, ықылым заманнан келе жатқан атакәсіпті күрт тоқтатып бірден отырықшылыққа көшірмей біртіндеп үйрету керек болатын. Ал жем-шөп жетіспеген мал қыста, көктем шыға көтеремдіктен өлетін болғасын олардың бәрі сойысқа кетті. Малмен бірге қазақ деп аталатын тұтас бір халық та ашаршылықтың аранына түсті.
… Иә, әуелі жер иеленуші Қабыл өзінің малшы бауыры Әбілді өлтірді. Ерте замандағы жазбаларда былай жазылған:
«Қабыл Құдайға өзінің жерде өсіріп шығарған заттарын, ал Әбіл сүт пен малдың алғашқы төлін алып келді. Құдай әуелі Қабылдың өз қарабасы үшін жерден тартып зорлықпен тартып алынған заттарын емес, Әбілдің құрбандыққа әкелгендерін алды».
Жердегі цивильдендіру яғни, өркениет атауы сол Қабылдың жермен айналысуынан басталған еді. Жерді шекараға бөліп қоршаулар мен бағаналар орнатылып, жерді бөліп алып өлшеу басталды. Самсаған қалалар тұрғызылды.
Ал Дала мәдениеті сан ғасырлар өтсе де сол күйінен айныған жоқ. Салт-дәстүр тіршілік көздері сол күйінде қалды. Табиғат пен адам арасындағы үйлесім сақталды. Ақыр соңында Қабылдың жер өңдеушілік өркениеті малшы Әбілдегі игілік атаулыны күйретіп тынды.
Қар астындағы қатқан шөпті шайнағаннан еш пайда жоқ. Іші шұрылдап, аштық әлсіз тәнін мүжіп бітіруге жақын. Сарышұнақ пен суырдың інінен басқа ешнәрсе жоқ.
Бір шеті алыс көкжиекке барып тіреліп, қар басып мылқау дала. Қурап қалған селеудің басы иіліп кеткен сүлесоқ бір нәрсе тәрізді. Бұрын-соңды балығы болып көрмеген көлшіктер мұзға айналған. Қарлы жаяу бұрқасын. Сұп-сұр мұңлы аспан. Оның жанымен бірге жаралғаны, сүйікті де дәл қазір қатыгез үнсіз Дала.
Қаһар ауылға жақындап келіп құлаған кемпірдің өлігін көрді. Бұл жақтың адамы емес тәрізді. Қурап қалған жусанның қақ ортасында шалқасынан жатыр. Басында бір кезде аппақ болған, бүгінде кір мен шөптің шаңы басқан келіншек. Терісі сүйегіне жабысып қалған. Бір қолын созып жіберіп, екінші қолын кеудесіне қойыпты. Аузы ашылып кеткен.
Ауылдың сыртынан бұған дейін де бірнеше әйелдің өлігі табылған еді. Қазір адамдардың қимылы да, бүкіл жүрі-тұрысы да өзгеше. Аштықтан бұратылып әл-дәрмені құрыған жандар бірі шығысқа, бірі теріскейге босып барады. Кейбіреулері жолда құлап жан тапсырады. Олар көмусіз қалып жатыр. Енді біраздан кейін бұл әйелді түлкілер мен қарсақтар сүйегін қалдырып жеп кетеді. Сосын ол сүйектерді қар басып салады да туған даласының топырағына сіңіп уақыт өте келе мүлде жоқ боп кетеді.
Оның бетіне қарама! Қаһар осылай деп өзіне-өзі күңк ете қалды.
Ол отқа жағатын отын іздеп шыққан. Өлі кемпірге қарауға дәті бармай жалт бұрылып ауылға бет алды. Оған анау кемпір кәзір басын көтеріп отырған сияқты сезілді, тіпті, кәзір бұның атын атап шақыратындай.
Бұрын дабыр-дұбыр әңгіме, бірімен-бірі сонадайдан қатты дауыстап сөйлесіп гуілдеп жататын бұл ауыл кәзір тым-тырыс. Бәрі қырылып қалғандай. Қардың бетінде сыңар із де жоқ. Сазбен араластырып құм кірпіштен салынған жатаған үйлердің төбесі опырылып түскен. Бір замандарда ақшаңқан туырлықты, әсем ою-өрнекті есіктері мен жібек баулық, құрлары далаға көрік беріп тұратын ақ боз үй, қараша үйлер иесіз қалғандай. Ошақтарда ат, түйе сияқты көлікке жегетін арбалар қиратылып отын қылып жағуда. Ондай ірі қара мал түгіл жандық деп жалпы атаумен аталатын қой-ешкі де, қалмаған қазақ бұл жағдайды «тігерге тұяқ қалмаған» дейді. Қаһар мен Тұрсынның бұрын түрлі-түсті, жібек шәйіге, құлпырған қалың кілемге жасанып тұрған сәнді сарайдай киіз үйінің ішінде жалмауыздың тісіндей ырсиып-ырсиып тұрған жалаңаш кереге, уықтар мен ескі-құсқы текемет пен алаша ғана қалған. Ошақтағы от та өлімсіреп жылтырайды.
Ауылда еркектер, мал-жан бар кезде отқа жазда әбден кептірілген тезек пен қи жағылып үйдің іші әлдебір жағымды көңірсіген иіске тұнып тұратын, қазір үйде отқа жағатын бір құшақ отын түгіл тамызық та жоқ. Бұлар үйдің ішінде тонын шешпей, киіммен отыратын болды. Тұрсын кәзір ошақтың жанында мүлгіп отыр. Әбден жүдегесін бет сүйектері сорайып сыртқа теуіп тұр. Бұрын бұлтиған топ-томпақ алқызыл еріндері құрғап, солып қалған. Тек өрілген қос бұрымды қара шашы ғана баяғы көріктілік, баяғы сұлулықтан қалған болар-болмас нышан сияқты. Көзі ғана жалт-жұлт етеді.
Ол осылай отырып-отырып, бір кезде Қаһарға жұмбақпен қарап:
– Ақжігіт келіп кетті, – деді. – Бізге енді отын табу керек.Кішкентай Қаһар ошақтың түбінде таза сүлгінің үстінде жатқан аздап қарайып кеткен етті көрді.
Өткен күздің бас кезінде ауылдың әйелдері қолында барының бәріне бір қасапшымен жасырын келісіп бір кәрі бие сатып алған еді. Ең соңғы сырға, жүзіктері мен алқа, моншақтарын ұнға айырбастап жіберген. Олар сол азғантай етті әр шаңыраққа пышақ үстінен тепе-тең бөліп берді. Қазанға шым-шымдап азғантай ғана ет салып, оған шөп қосып қайнататын. Күндердің күнінде ол да қалмады. Мына ошақ басында жатқан бір тұтам сүйек пен бір асымға жетер-жетпес ет соның қалған жұқанасы ғана еді.
Ақжігіт көптен бері Тұрсын мен Қаһарға осындай бір түйір ет пен қол басындай ғана күлше әкеліп тұратын болды. Өзі аштықтан ісініп кеткен. Сөйте тұра, әлсіз жымия күліп әлгі қолындағы кішкентай ет пен бір тілім күлшені далада отын теріп жүріп жүргенде кездескен бір жолаушы беріп кетті деген сияқты ебедейсіз ертегіні айта салады. Мені ойлап уайымдамай-ақ қойыңдар, менікі өзіме жетеді деп қояды. Оны тыңдап отырсаң, ол далада отын жинап жүргенде оған ылғи да бір мейірімді жомарт жандар кездесіп қолына ет, нан ұстатып кетеді-мыс. Біреулер үйіне азық-түлік әкеп тастайды-мыс. Ал Тұрсын оның баяғы сойылған бие етінен алатын үлесіне әлі қол тигізбегенін де сезіп іші у жалағандай ашиды. Ақжігіт ше? Ақжігіт түнде ұйықтар алдында ертең өзінің алпыс екі тамырын алғаш идіріп дүниеге әкелген Қаһарын тағы да көретінін ойлап жатып қана көзі ілінеді.
Оның Қаһардан басқа баласы жоқ. Одан кейін бала көтере алмады. Ол енді тек соны аман сақтап қалуды ғана ойлайды, мына аштық деген тажалдан. Бұл тажалды осылай жеңбекші болды.
Бірде Ақжігіт тағы да келіп кетіп бара жатқанда Қаһар оған ере шықты. Ойында өзге еш нәрсе жоқ. Бар болғаны аузынан «Апа!» деген сөз қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалды. Ол мүмкін Ақжігітті бұған дейін де «апа» деп атаған да шығар, бірақ онысы есінде жоқ.
Ақжігіт жалт қарады. Еріндері дір-дір етіп, көзі ұясынан шығып барады. Бірте-бірте қос жанарына сыймай лықылдап тұрған көз жасы төмен қарай ағылып келіп тамағына құйыла бастады. Кеудесінде талай жылдан бері тығылып жатқан тылсым бір тіршілік толқыны бір-ақ сәтте атылып сыртқа шыққандай. Екеуі бір-біріне аңырап ұмтылып келіп құшақтаса кетті. Бірнеше жылдан бері ет-бауыры езіліп, туған сәбиін шын анасындай құшып сүйе алмай ішқұса боп жүрген ана мен оның мейіріміне бөлене алмай жүрген, есі кіріп келе жатқан баласы екеуі осылай құшақтасып ұзақ тұрды.
Иә, дәл қазір мына жатқан алақандай ғана ет бүкіл әлемнің бар байлығы дерліктей. Тұрсын оны әуелі суға салып өте ұзақ қайнатты. Сондағы ойы оның құрамындағы барлық маңыз сорпаға шықсын дегені. Бірақ еттен ешқандай да май шыға қойған жоқ. Тұрсын ыстық сорпаны түгелдей Қаһарға берді. Сосын етті қайтадан суға салып әбден талшық-талшық болып іріп кеткенше тағы қайнатты. Ашқарынды сонымен де жұбата тұрғысы келеді. Айтпақшы, екінші қайнатып жатқан сылдыр суға даланың шөбін әкеп қосып қайнатты. Сосын бір тұтам сүйекті ұнтап тағы қосты.
Шамсыз тасқараңғы үйдің қабырғаларында ошақтағы оттың әлсіз сәулелері дір-дір қағады. Әлгі шөп салып қайнатқан бірнәрсе қарынға барып түскен сияқты. Тұрсынның жүзіне болар-болмас қан жүгіргендей. Бірте-бірте өшіп бара жатқан отқа үнсіз қарап отыр. Екі көзінің ортасына терең қос сызық-әжім түсіпті. Күйеуін, өзінің бақытқа жарымай өтіп бара жатқан өмірі, туған сіңлісі Ақжігітті ойлайды. Алда келе жатқан апатты қыстан Қаһар екеуі аман шықпайтын сияқты. Кішкентай Қаһар көрпенің сыртынан әкесінің шолақ тонын жамылып ұйықтап жатыр. Түсінде үй іші де, сырты да бүкіл дала неше түрлі тағамға толып кетіпті. Ал өзі соның бәрін қанша жесе де қарны тояр емес.
Таң ата аспан ашылып, селдірлеу бұлттардың арасынан күн нұры сығалай бастады. Шығыста қызылшұнақ аязды күн басталды. Алыстан қарауытқан Орал тауларының арғы бетінен күн көтеріліп қалың ағаш өскен шоқылар да жарқырап көріне бастады. Әрі қарай өтуге тиым салынған тікенек сымдарға да аппақ қырау қонақтаған. Аузынан буы будақтап, таңғы аязда қалтырап-дірілдеп сапқа тұрған үлкен бір топ қарауытады. Олар қазір жұмысқа аттанады.
Дөңгелектер теміржолды тынымсыз дүрсілдетіп заулап келеді. Шынжырын үзердей болып арсылдап ілгері ұмтылған иттерін жетелеп, үстіне жағасы көтерулі ақ шолақ тон, аяғына киіз байпақ киген айдауылдар тұтқындарды бес-бестен бөліп саптағыларды санап келеді. Сондай бір бестіктің ішінде суықтан қатып баратқан қос қолын жыртық күртесінің жеңіне тығып Кенжеғали тұр. Көз жанары сөнген, түрі өте аянышты. Суықтан мұз боп қатқан аяқтарын жылытпақ болып, бір орнында жерді тепкілеген болады. Тайганың үстіндегі буалдыр аспаннан өлімсіреп қараған күнге қарап тұрып туған даласын, әйелі мен ұлын ойлап тұр. Өздерінен кейінгі этаптармен келген қазақтардың айтуынша ел ішін бұрын-соңды адам-пенде естімеген де көрмеген жұт жайлап бара жатқан көрінеді.
Қашанда өзі ғашық күйге түскен адамға өзінен басқалардың өмірі қиын сияқты көрінеді.

-4-

Ал бұл кезде ашаршылық Казақстанда енді ғана басталып келе жатқан-ды. Біреу далада өліп жатқан түлкіні әкеліп асып жейді, басқалары да сөйтетін болды. Сөйтіп, ел ішінде ашаршылық пен безгек қатар өрши бастады. Бір әйел беті сап-сары болып әбден жүдеп кетеді де артынша көшеде келе жатып құса бастайды да үйіне, киіз үйіне келіп жан тәсілім етеді. Оның үйіне жан баласы жуымастан қойды. Киіз үйлердің іші өлікке тола бастады. Аздап болса да күш-қуаты қалғандардың біразы Торғайға, Қостанайға, тіпті Қытайға көшіп жатыр. Олар жолда кетіп бара жатып аш қарынын жұбатпақ болып қойдың жүнін, қап-қара болып кеуіп қалған жусанды шайнаған болады, сөйтіп те ажал құшуда. Қалаға жетіп те аштан өлгендер көп. Мына ашаршылық адамдарды баяғыда Қаһар өзі көрген сұңқардың әлсіреген кептерді қалай шоқып жеп жатқанын тағы да есіне түсірді.
Қазақтар бүкіл отбасымен ауа көшіп орыстар тұратын теміржол бойына келіп жатыр. Мұндағы ой адамдарға көмекке азық-ауқат әкелетін көрінеді. Бірақ олардың көпшілігі мұнда жете алмай жолшыбай жан тапсырған еді. Өлген ит-мысық, тышқан аңдып жеп жатты. Қолында барын түгел сатуда, тіпті балаларын сатқандар да бар көрінеді. Адам жегендер де болыпты. Бүкіл Дала қаңырап бос қалды. Киіз үйлердегі үй жабдықтары, керегелердегі кілемдер мен еденге төселген текемет, алашалар да ешкімге қажет емес. Тым-тырыс ақ қар басқан айдала да түлкі мен қасқырдың ізі ғана сайрап жатыр. Желдің үрейлі ызыңы ғана естіледі.
Қаһардың жасы сол кезде тоғызға келсе де көп нәрсені ұмытып қалыпты. Көз алдында құз басында мұзға айналып қоймалжың тартқан лайлы судай бірнәрселер үзік-үзік болып көлденеңдей береді. Кейде ашаршылықтың азалы күндерінің едәуір тұсы елес берген болады. Азынаған суық үйді сәл де болса жылытуға ошаққа жағатын отын іздеп дала кезгені, тоңып жуыспай қалған кіп-кішкене саусақтарымен бұталардың құрғақ бұтақтарын сындырып әкелгені, сосын әл-дәрмені әбден құрығаны сондай мұздай төсекте қарнының ашқанын да сезбейтін есі-кіресілі күйде киіздің тесігінен ішке ұшып кіріп жатқан қар қиыршықтарына қарап жататыны есіне түседі.
Тұрсын мұздай суық үйде көрпені тас бүркеніп жатыр. Маңай тым-тырыс. Бүкіл ауылдан ыз еткен бір дыбыс шықпайды. Бүкіл Дала мылқау, меңіреу күйге түскен.
Кеше Ақжігіт келген жоқ. Ол соңғы келгенінде жиі-жиі жөтеліп тұрды. Жүдеп күннен-күнге көрер көзге семіп, солып баратқаны көрініп тұрды. Оны бүгін бұлар қанша күтсе де келер түрі жоқ сияқты. Тұрсын Қаһарды жетектеп Ақжігіттікіне бет алды. Адам өмірінде кездесетін белгілі-белгілі жағдаяттар үйреншікті, қашаннан қалыптасқан үрдіс ретінде болып тұрады. Оған онша таңырқап та қарамаймыз. Бұлар үйдің кіре берісіне жеткенде Қаһар кірмей тұрып қалды. Тұрсын киіз үйдің әйелдерге бөлінген тұсына қарай өтті. Ақжігіт түрлі түсті бояулы төсек-көрпеде жатыр екен. Үстінде баяғыда келін болып түскенде киген әдемі той көйлегі, бірақ орамалы жоқ, жалаңбас, не сәукелесі жоқ. Беті сап-сары болып кетіпті. Ернінде болар-болмас жымиыс бар. Жансыз өлі дене. Бас жағында аузы айқастырып байланған шүберек түйіншек. Тұрсын Ақжігіттің кеше өздеріне келмек болғанын, сондықтан өзінің өміріндегі ең бақытты күні-күйеуге тиген тойында қандай көрікті, қандай көркем болғанын баласы көріп есінде сақтап қалсын деген ойда болғанын, бірақ Қаһар екеуіне сол киіммен келгісі келгенін, бірақ оған шамасы жетпей кеткенін түсініп еңіреп отыра кетті.
Тұрсын сол еңіреген күйі, Ақжігітпен қоштасып жүріп оның үстіне өрнекті көрпесін жауып, білетін дұғасын оқып Ақжігіттің Қаһар екеуіне дайындап қойған түйіншегін алып тысқа шықты. Әлі де орнында тапжылмай тұрған Қаһардың жанына келіп:
– Жүр, кеттік Ақжігіт кейінірек келеді. Қазір жағдайы жоқ,-деп үйге
қарай жетелей жөнелді.
Сірә, Қаһар дәл сол сәтте анасының о дүниелік болғанын білмеген де шығар.
Ақжігіт өлімі мен одан қалған түйіншек Тұрсынның есін жиғызғандай болды. Түйіншектің ішінде әйел затының ең бір қастерлі естелігі сәукеле ораулы екен. Сәукеленің төбесінен бастап, беттің екі жағын жауып тұратын қос қапталы толып тұрған асыл тастар. Және бір түйір жылқы етін қоса салыпты, байғұс. Ақжігіт осы бір ең ақырғы сәлемдемесі арқылы Тұрсын мен Қаһарға «Тезірек кетіңдер. Сендердің жолыңа осының жәрдемі тиеді.Тезірек кетіңдер» деп аманат қалдырып кеткендей еді.
Тұрсын қалың тұманнан енді құтылғандай болып, санасында тосын бір ой жарқ ете қалды. Ол енді бұл жақта еш аялдауға болмайтынын, мұнда бірнеше күннен кейін баласы екеуі бірдей ажал құшағына ілінетінін, өздеріне енді: ешкім жәрдемдесе алмайтынын, ондай адам да жоқ екенін бірден ұқты. Ертең-ақ қарлы боран басталады, үйлердің төбесіне дейін қардың астында қалады. Сосын көктем, сосын көкте ұшқан құс екеш құстың да миын қайнататын аңызақты жаз келеді. Бұлар киіз үйде қазіргідей өлім халінде жатады. Ақжігіт дұрыс жөн сілтепті. Жан-жақтан жалмауыздай анталаған ажалдан аман құтылу үшін дереу кету керек бұл жерден.
Ол бүкіл өмірінде өзі білетін жалғыз ғана жол бар. Ол Жүніс екеуінің үйлену тойына өзін алып келген жол. Тұрсын енді сол жолға түсіп алып өзінің кіндік қаны тамған, екі бауыры тұратын Семиозерный поселкесіне аттануға бел байлады. Ол мекен бұл жерден – Кең Табаннан үш жүз шақырымда. Бұл жол, бұл сапар екеуіне оңай соқпасын білсе де Тұрсын бұдан басқа жол жоқ деген ұйғарымға тоқтады. Ол енді өзі мен мына бір асырап алған тірі жетімек үшін арпалысқа түспекші.
Үйге келіп ою-өрнекті сандығын бұтарлап-бұтарлап ошаққа от жақты. Алақандай теріні отқа үйітіп, әбден қырнап жүнінен арылтып, жіп-жіңішке бірнеше тілікке бөлді. Ақжігіт қалдырып кеткен азғана етті бар сүйекпен бірге әбден қайнатты. Кешқұрым Қаһар екеуі соны әлгі тері тіліктерімен араластырып жеп, артынан ыссы сорпамен итеріп ауқаттанып алды. Қалған-құтқанды мұқияттап жинап алып таза шүберекке орап, сорпа-сымақты торсыққа құйып қойды. Бәрін бір қоржынға салып жолға даярланып болды.
Олар ертеңіне күн ұясынан енді шығып келе жатқан алакөбең қысқы таң алдында Аллаға сиынып жолға шықты. Аздап қар қылаулап тұрды. Қалың жүн шарқат орамалға оранған, әбден жүдеп қу сүйегі қалған арық әйел мен қой терісінен тігілген ішік киген, көзіне түсіп кете берген әкесінен қалған көне тері бөрікті қайта-қайта маңдайына көтеріп қойып кішкентай ер бала енді арт жағына бұрылып қарамастан жолға түсіп жүріп кетті.
Олар алғашқы күні қазіргі өлшеммен сегіз-он шақырымдай шамалы қазақтар «құнан шаптырам» дейтін жолды жүріп өтті. Баласы аз да болса әл жинап алсын деген оймен Тұрсын тоқтап тыныстаған сәтте бір-екі түйір ет пен сол терінің бір тілімін беріп, сосын торсықтағы сорпадан беріп қояды. Кешке қарай бұлт ыдырап, аспан ашыла бастады. Аздап аяз білініп тұр. Көл жиегіндегі қалың қамыстың ішіне түнемек болды. Екеуі құшақтасып бірін-бірі демімен жылытқан болып, үйден ала шыққан қой терісін де жамылып алды. Түнімен Тұрсынның ұйқысы ұйқы емес, қалғып-мүлгіген түсініксіз бір жағдайда өтті. Ал Қаһар оның да, тері ішіктің де жылуымен жата сала ұйқыға кетті.
Олар күн қып-қызыл болып, алаулап, арайланып таң атқанда қайтадан жолға шықты.
Сол бір арайлы таң оның әлі де көз алдында. Сол бір жұмбақ суретті бұл өмір бойы ұмыта алмайды. Бұлар жұқалтаң қырбық қар басқан жатаған бір төбешікке шыға келгенде алдарында қол созымдай жерде қаптаған киіз үйден тұрғызылған калашық көрінгендей болды. Неге екенін кім білсін, сол киіз үйлердің бәрі бір қатарға тізіліп тігілген. Киіз үйдің бәрі сәнді ақбоз киізден жасалыпты. Бір қарағанда бұл киіз үйлі қалашық ең әрі кеткенде екі-ақ шақырым жерде тұрғандай. Тұрсын ол жерде ешқандай да тіршілік жоқ екенін білгесін, баласын ертіп ол жаққа бұрылмастан ілгері тартты.
Ал ақиқатына келгенде киіз үйлерден құрылған бұл қалашық 1941 жылы Самара қаласында атылған өлкелік партия Комитетінің хатшысы Голощекин ұсынған көп идеялдардың жүзеге асырылған бір нышаны ғана еді. Бұл ұжымдық шаруашылық-тұғын. Байлардан тартып алынған кілең ақбоз үйден тұратын мұндай поселкелер әр жерде тұрғызылды. Қазір оларда тірі жан жоқ. Қу медиен Даладағы иесіз қалған бұл ұжымшарлар қазір қазақ жерінде жүргізіліп жатқан «ұлы өзгеріс кезеңі» – Ұлы ашаршылықтың рәмізі сияқты. Ал дәл қазір жолда келе жатқан бір әйел мен бір бала бұған шейін тек өз ауылындағы аштықтың ғана куәгері болып, бүкіл қазақ даласын жайлаған бұл сұрапылдың мұндай кең етек жайғанынан мүлде бейхабар.
Тұрсын жүріп келе жатып жанындағы баласына қайта-қайта:
– Жетеміз, қалай да жетеміз, – деп қояды. – Онда менің бауырларым бар.
Ол жақтағылар шетінен байлар, көл де көп. Көлдердің суы мөп-мөлдір, суы сондай дәмді. Қанша ішсең де ішкің келе береді. Ормандарын айтсайшы! Ағаштары таудай биік. Ұшар басымен көкті тіреп тұрғандай. Арша, шырша, қарағайдың исі қандай керемет! Ал қайыңдары әппақ-ау, әппақ! Сен ондай ағаштарды ешқашан көрмегенсің. Орман толы жеміс-жидек. Адамдарынан талы ырғын көп. Біз келгенімізге бауырларымыздың қуанышында шек болмайды. Ет асады. Етпен майлы сорпа ішеміз. Олар бізге қамқоршы болады. Бұдан былай аштық дегенді білмейтін боламыз.
Сосын Тұрсын баласына поселкенің түп-түзу көшелері, оларды бойлай салынған сәулетті, кірпіш, тас үйлер, киелі Әулиекөл туралы, ол жерде адамдардың айтуына қарағанда бір киелі адам, Алланың сүйікті бір пендесінің бейіті бар екені туралы аузы тынбай әңгімелеп келеді. Тұрсынды тыңдаған Қаһардың көз алдына шынында да небір айдын шалқар мөп-мөлдір, кәусар сулы көлдер, ұшар басымен бұлттарды түрткілеген зәулім ағаштар, үй ішінде дастарханға қойылған семіз ет пен бетінде майы кілкіген ыстық сорпа елестеумен болды. Ал сосын ше? Сосын бұлардың артынан анасы Ақжігіт келгесін ол таңғажайып өмір одан да ғажайып бір нұрлы әлемге ұласады. Бала алда әлі қанша шақырым жол жатқанынан бейхабар. Тұрсын баланың соны білмегенін қалайды. Өзі де алдында бір керемет жақсылық күтіп тұрғанын сезетіндей. Қолындағы қоржында Ақжігіт бейбақтың ақырғы берген сыйлығы – тойға киген ардақты бас киімі – сәукеле. Ол «сау» және «келле», «келлә» яғни, бас деген сөз. Сау келле! Бұл сәукеленің құны жүз жылқының құнымен барабар. Одан да қымбат болуы мүмкін. Сәукеле конус тәрізді, төбесі созыңқы, биік шошақ төбелі бас киім. Оны кез-келген әйел заты өзінің ең бақытты күні дерлік той күні киеді. Өте қымбат мақпал бархыттан тігіледі. Қымбат бағалы терімен, құндыз терісімен әдіптелген. Төбесінің ең сүйір ұштарына үкі қауырсыны кадалған. Сол қымбат мақпал немесе барқыт тысына түгелдей інжу, маржан, зүмірет, гауһар, жақұт сынды асыл тастар жапсырылып тігілген. Сол асыл тастар күн нұрымен шағылысып, бір-бірімен жарыса жымың қаққанда кісінің көзін қызықтырады.
Бұлардың ауылындағы әйелдер бұл қымбат бас киімін әлдеқашан ішер асына айырбастап жіберген. Ал Ақжігіт оны осы күнге шейін киелі заттай сақтап келіпті. Міне, ол өзі өлгесін де туған апасы мен ұлына көмектесуде.
Құдайға шүкір кәзір бұлардың қолында өлмес күнін көре тұруға жететін, сатса өтетін өте құнды бұйымы бар. Тұрсын тек енді алдынан әйтеуір бір арбалы көлікке мінген адам ұшырасса екен деп Алладан тілек тілеп келеді.
Оның тілегі орындалып, алдарынан арбалы көлік шыға келді. Тұрсын жүрегі жарыла қуанып ұмтылғанына болған жоқ, андағылар бұның жанұшыра жалына айғайлағанына құлақ түріп, жүзін бұрмастан өте шықты. Бірақ Жаратушының қамқорлығы мен мейірімділігі шексіз. Кешқұрым бұларды қос ат жеккен күйме қуып жетіп, өтіп бара жатты. Тұрсын жалма-жан қоржындағы сәукелені суырып алып күйменің алдына қарай ұмтылды. Қыстық жылы ішік киген еркектің жанында он бір-он екідегі баласымен бір әйел және кимешек киген беті әжім-әжім кемпір отыр екен. Тұрсын әлгілерге қарай қолындағы сәукелені ұсына түседі. Делбеші күшене тартып көлікті тоқтатты да сәукелені мұқияттап қарап болып, үн-түнсіз кемпірге берді. Кемпір қыртыс-қыртыс саусақтарымен сәукеленің құндыз әдібін сипалап-сипалап, сосын, әрбір асыл тасты шұқшия қарап шықты.
– Жақсы! Кемпірдің бар айтқаны сол ғана.
Кешкілік коналқыға келгесін бұл екеуін ыстық шәйға қандырып, біраз сүрленген жылқы етін, орта шелек қуырылған тары берді. Қаһар қашан Тұрсын «болды, бірден көп жеме» дегенше қос уысын алма-кезек толтырып тарыны асаумен болды. Екеуі осы бір мейірімді отбасымен бір апта бірге жүрді де жағалауын қалың қамыс басқан бір көлдің жиегіне жеткенде жолдары екі айрылды. Осы уақыт ішінде Тұрсын да демалып, өзіне-өзі келіп, енді армандап келе жатқан Семиозерныйға жетеріне еш күмән қалмады.
Бұлардың аман-сау осында жетуіне қол ұшын беріп, ауқаттандырған сол адамдардың, Қытайға бет алған сол қайырымды отбасының содан кейінгі тағдыры не болғанын ешкім білмейді. Ол кезде шекарадан екінің бірі өтіп кіре алмайды. Ол үшін түнде «шекара құпиясынан өткізіп», оған жеткенше де жол бастап отыратын адам жалдауға да көп қаржы-қаражат қажет. Ал Шыңжаңның құмтөбелі алқаптарында түнде атылған мылтық дауыстары естіліп жатады.
Ұлы ашаршылық пен Жұт қатар келген сол қасіретті кезеңдерде жүздеген мың көшпелі қазақ Қытайға, Моңғолияға өтіп кетті. Олардың тілінде «арғы бетке» өтпек болғаны үшін мыңдаған адамды кеңес әскерлері атып тастады.
Ақжігіттің сәукелесінен сөгіп алынған қып-қызыл лағыл және асыл тастар да ұйғырдың базарында, өздері атып өлтірген адамды түгел тінтіп шығатын, маңдайына қызыл жұлдыз қадаған қызыл гвардияшылардың сұр шинелінің қалтасына барып түсер еді.

* * *

Расында да Семиорезное қонысының маңайы толған көл, көлшік, ну орман, тоғайлы болатын. Бір замандарда бұл жер Жөкейлі ауылының қонысы болған. Бұл сол кездері оңтүстіктен теріскейге үдере көшіп бара жатқан көшпенділердің көрінбейтін картасындағы асуы, жол торабы болатын, көшпенділер осында келіп көл жағалауларына қыстық мал қоралар салып, арық-тұрық малдарды бағатын ықтасындар, жаппалар тұрғызатын. Айнала толған ұзыннан-шұбақ қора-қопсы, қойма, қатар-қатар тігілген ақбоз қараша үйлер. 1880 жылы осынау ризық пен берекелі аймақты игеруге Ресейден келген колонияшылардың бір шоғыры осында отырықшы болып бұратола қалып қойды. Жерді емін-еркін өзара бөлісіп алып, көше-көшені бойлай үйлер тұрғызып тастады.
Сөйтіп, Жөкейлі ауылы бірте-бірте поселокқа айнала бастады. Оның атауы Семиозерное болды. Кейбір жер ауып келген «переселенцы» дегендер қазақ байларынан жер учаскелерін, егін егетін, шөп шабатын шабындық жерлерді түкке тұрғысыз тиын-тебенге сатып алып, өз меншігіне айналдырды. Сосын олар үлкен шіркеу салды. Енді мұнда Қостанайдан неше түрлі алаяқ-саудагерлер келіп жергілікті қазақтарды былайша айтқанда тонай бастады. Олар да, осында орныққан «пересендер» де қазақтарға ойына келгенін істеп, кемсітіп, өздері шетінен байлыққа кенеле бастады.
Көл жағалаулары жатаған жер үйлер мен биік тас үйлерге толды. Дүкендер, наубайханалар, диірмендер кішігірім май шайқау зауыттары ашылды.
Кейін Кеңес өкіметі оның бәрін экспроприациялады, дәлірек айтқанда тартып алды.
– Міне, әйтеуір жеттік-ау, Қаһар!
Тұрсын осылай деп қарсы алдында көсіліп жатқан үйлерді, құжынаған үлкен ауылды-поселок жақты нұсқады. Олар қос қапталына бұтақтардың қар басқан қалың ағаш өскен жолды қуалай жүріп келеді. Әйелдің бет-жүзіне күлкі, қуанышты бір жымиыс орнағандай.
Әйтеуір, жеттік-ау! Адамдар аштан шыбынша қырылып жатқан, қар басқан өлі ауылдағы киіз үйде аштан қатып қалмай аман-есен шығып кетті. Әуелі Құдай, сірә сосын Ақжігіттің асыл тастар орнатқан сәукелесі десе де… Сөйтіп, Тұрсын Қаһарды жетелеп өзінің туып-өскен өлкесіне жетті.
Енді бірде көз алдына еш қамсыз бала шағы, кесе көлденең көлбең қағып өтіп жатты. Ашық аспан түстес кең көйлекті, қос өңіріне күміс жіппен кесте төккен қыпша бел камзолды кішкентай қыз. Ойын-той, алтыбақан тепкен бойжеткен мен бозбала, сәнді ер-тоқымды сәйгүлікке мінген жігіттер, бала-шағасы шуылдаған ата-ана. Осының бәрі жер бетіндегі жұмақтай дала төсіндегі қарһәлләзи тіршіліктің көрінісі. Бұны бәрі жақсы көреді, бәрі еркелетеді. Тіфә, тіфә, керемет сұлу қызсың дейді.
– Көп ұзамай үйге жетеміз, – деп Тұрсын Қаһарға дем беріп қояды. Ернінде болар-болмас жымиған күлкі байқалады.
Бала жан-жағына тынбастан алақ-жұлақ қарап келеді. Бұлар Таз руының қыстауы жайғасқан көл жағалауына жету үшін поселокті түгел кесіп өтуі керек. Көшелерді бойлап алға қарай жүрген сайын Тұрсынның бет-жүзінен әлгіндегі қуаныш пен серпілістің бәрі бірте-бірте өше бастады. Айнала толған адам. Біреулері жолдың жиегінде отырса, енді біреулері сұлап жатыр. Аштықтан әбден жүдеп, жағы суалып, көздері шүңірейіп ішіне кіріп кеткен, киімдері кір-кір адамдар. Балаларын құшақтап отырып әлсіреп құлағалы қалт-құлт етіп шақ тұрған аналар, өлеусіреген еркектер мен ілмиген жасөспірімдер. Бұлардың бәрі осы поселоктің айналасындағы ауылдардан келіп, енді аштықтан әбден әлсіреп бірте-бірте өліп бара жатқандар. Қарақұрым көп тірілер мен өлілер.
Әлдеқашан тоқтап қалған бұрынғы шағын зауыт жанында тұрған әлгі әйел мен ер бала шалшықтың бетіндегі қан араласқан мұзды көріп тұра ұмтылды. Бұрын осында мал соятын қасапхана болған еді. Осыдан бірер күн бұрын ғана мұнда құжынаған көп малды әкеліп сойған. Әлгілер жүгіріп келіп қан сіңген мұзды апыл-ғұпыл ауыздарына тығып жіберіп, күтір-күтір шайнай бастады.
Осы поселокта бір базар болатын. Соның қасынан өтіп баратып өзі көрген бір жағдай Қаһардың санасына өшпестей болып сіңіп қалған. Қатар-қатар қойылған тақтай сөрелер. Тек біреуінде ғана бір ер адам нан сатып тұр. Үстінде жылы шолақ тоны бар. Қарсы алдында үюлі жатқан сап-сары күлшелер майсыз пісіре салынған. Жерде жағалай отырғандардың бәрінің екі көзі сонда. Қаһар қатарлы ұлы мен үш-төрт жасар қос қызы бар бір әйел тұрған. Олар да анау жатқан күлшелерге кірпік қақпай қарайды. Әйел кенет әлсіздіктен теңселіп, көздері тұманданып күлшелер жатқан сөреге қарай беттеді. Балалары қыбыр етпестен тұр.
Әйел ұйқылы-ояу адамша мәңгіріп келіп, үн-түнсіз бір күлшені алды да баларына қарай жүрді.
– Әй, ақшасын бер! Сатушы айқайға басты.
Әйел үн-түнсіз әлі кетіп барады. Сатушы еркек сөренің аржағынан секіріп түсіп, екі-ақ аттап тәлтіректеп баратқан әйелді қуып жетті де қос бұрымынан ұстап жерге алып ұрды. Әйелдің орамалы бір жаққа ұшып кетті. Еркек әйелдің қолындағы күлшені жұлып алды да өзін тепкілей бастады. Әсіресе, басынан, сосын ішінен тепкілеуде. Әйелде үн жоқ. Қос қолымен басын көлегейлеген болып, бүктетіліп ирелеңдеп жатыр. Ер бала жүгіріп келіп сатушының етігіне жармасып еді анау оны сонадай жерге бір-ақ атып жіберді. Бала тұрмастан қалды. Қос кішкентай қыз шырқырап келіп анасының үстіне құлады. Құшақтап алып шыңғырып жылағанда тұла бойың түршігеді. Ол әйелдің де, балаларының да одан әрі не болғанын Қаһар көрген жоқ. Көз алдында сол жағдай суреттегідей сақталып қалыпты. Тұрсын екеуі көлге қарай бұрылды. Тұрсынның тынысы тарылып Қаһардың иығына асылды. Енді көп болса екі жүз метрдей ғана жер қалды. Үмітіне үміт жалғағысы келеді.
Киіз үйлер. Тіршіліктің титтей де нышаны жоқ. Түтін исі де шықпайды, иттер де үрмейді. Тіпті, жансыз иесіз қалған киіз үйлер үңірейіп қарап тұрғандай бұл екеуіне. Тұрсын әлі үмітін үзген жоқ.
– Міне, осында! Бұл біздің үй!
Ол осылай деп бір үйдің іргесіне отыра кетті. Екеуі үйге кіргенде Қаһардың зәресі ұшып кетті. Ол әсіресе, Тұрсынның түрінен қатты қорқа бастады. Тұрсын екі көзінен бірдей айрылған көрсоқыр адамша тағы бір шығатын есікті іздегендей қыртыс-қыртыс саусақтарымен мұздай көрпелерді сипалап, үйдің ішін айналып жүр. Бірнәрсесін жоғалтып алған адамнан айнымайды.
– Қазір, қазір, – дейді ара-тұра.
Қаһар бақырып жылап жіберді де оны есіктен сыртқа қарай сүйрелей жөнелді. Тұрсын алысқа қарап өз-өзімен күбірлеп тұр:
– Бұл қалай? Бұл қалай болғаны? Ағекелерім, ағатайларым қайда? Оларға не болды екен, а?
Бір кезде бұлардың қасына жүн шарқатқа оранған, екі бүктетіліп имиген кәрі кемпір келді. Тұрсын болар-болмас есін жинағандай болып кемпірге қарады.
– Амансыз ба?
– Менің есімім Тұрсын. Мен Таубайдың қызымын ғой! Мынау менің ұлым. Туысқандарымды, немере ағаларым Кентай мен Кенжетайды іздеп жүрмін. Олар осында тұратын еді. Айтыңызшы, олар қайда көшіп кеткенін білесіз бе? Айтыңызшы.
Кемпір бұл екеуіне соқыр адамша үңіле қарап, ернін тістелеп-тістелеп қойды да:
– А-а, сен Таубайдың қызы екенсің ғой. Сені ұмытып қалыппын-ау.
Ал Кентай мен Кенжетай екеуі де қайтыс болды. Қаш-ш-а-ан! Сонау күзде… Мұндағылар түгел өліп қалған… Мен, мен ғана тірі жүрмін, әлі.
Кемпір мұрнының астынан бірнәрсені мыңқылдап кетіп барады.
Тұрсынның басына қара аспан келіп төңкеріліп түскендей болды. Енді барар жер, басар тау қалған жоқ. Кеудесі қысылып, жүрегі аузына тығылып отыра кетті де екі жағына кезек теңселіп жылай бастады. Біресе еңкілдейді, біресе аспанға қарап ұлығандай үн шығарады, сосын тағы да аңырап айқайға басады. Оған Қаһар қосылып шырқырай бастады. Ол әсіресе Тұрсынның мына түрінен қатты шошынды.
Екеуі поселоктың бір көшесін жағалап жүріп келеді. Әл-дәрмендері құрып, тұлабойларынан күш кеткен. Көз қарауыта бастады. Тұрсын енді әрі кетсе бір-екі күнде орындарынан тұра алмай бұратола о дүниеге кететіндеріне көзі жетті де ең соңғы, ең ақырғы бір қадам жасауға бел буды. Қайткенде де баланы аман сақтап қалуы керек. Осылай ілбіп отырып көлдің қарама-қарсы бетіндегі ұзын ғимарат мектеп-интернатқа жетті екеуі. Бұл қазір балалар үйі. Есікті тарсылдатып ұзақ қақты. Көзілдірік киген мыжырайған ер адам шықты. Тұрсын мылқау адамша тіл қатпастан Қаһарды оған қарай итере салды.
– Иә, сосын… Оны қайда апар дейсің маған. Ол орысша осылай деп қарсыласа бастады. – Немене, бұл жерде керемет өмір деп ойлайсың ба? Мұндағылар да өліп жатыр. Біз енді бала қабылдамаймыз.
Тұрсын оның не деп орысшалап тұрғанынан дәнеңе де ұққан жоқ. Кірпігін де қақпастан анаған қарап қатты да қалды. Осы есіктің аузында жан тапсыруға да даяр. Орыс ішке кіріп кетті. Іштен бір қазақ кісі шықты. Жасы қырықтар шамасында. Әуелі Тұрсынға, сосын Қаһарға қарап тұрды да:
– Біз енді бала қабылдамаймыз. Азық-ауқат жоқ. Маған енді балаларды қабылдауға тыйым салған. Тұрсын оған, тіпті жақынырақ келіп тұра қалды да:
– Менің есімім Тұрсын. Таз руынан. Бұл біздің әулеттің жері, менің туған жерім. Мен бүгін өлемін. Мына ұлымды алып қал. Оны аман сақтап қалу керек қалай да. Ол біздің тұқымның соңғы тұяғы, – деді.
Ол осы сөздердің әрбіреуін анық қылып, нығарлап, бөліп-бөліп тұрып айтып шықты.
Оның шегелеп тұрып айтқан әр сөзі, абыржу мен үрей, тәуекел мен батылдыққа толы жанары, аналық күш-қуаты балалар үйі меңгерушісінің жүрек түкпірінде тұнып жатқан қазақи ұлттық сезімі мен намысын қатты толқытып жіберді. Ол біраз уақыт не істерін білмей толқып, ойланып тұрып-тұрып бір кезде оның ешбір құжаты жоқ кәдімгі көп далалықтың бірі екенін біле тұра «Бұл баланың аты кім?» деп сұрады.
Тұрсын: Қаһар! Жүнісов Қаһар, – деп тақ ете қалды.
– Қа-а-һа-ар! Бастық осы бір ауыз сөзді аузының ішіне бөліп-бөліп салып алғысы келген адамша тағы да Қа-а-һа-ар! Өмір азабы, тағдыр қасіреті, үрейлі тағдыр. Қазір біздің бүкіл қазаққа тағдыр сондай азапты, қасіретті, үрейлі көзбен қарап тұр ғой. Жарайды, ішке кірсін. Есімін Қаһар деп жазамыз. Кім біліпті, мына қатал тағдыр одан кейін оған мейірлене қарауы да ықтимал ғой…
Тұрсын екеуінің жөндеп қоштасуға да мұршасы болмады. Қаһар түкке де түсінген жоқ. Тек оның көз жасы бұның бетіне егіліп жатқанын ғана біледі. Екеуі құшақтасып бетін-бетіне тигізіп сәл ғана үнсіз егіліп тұрды. Қаһар оны қатты қысып құшақтай берді. Жүрегі әлденені сезгендей. Тұрсынның асығып тұрғанын да сезді. Сол сәтте Тұрсынның дәл қазір баласының аяғы астына құлап түссе, ешқашан тұра алмасын білгендіктен қоштасып көп тұра бермей тезірек кеткісі келгенін Қаһар кейін барып түсінген еді. Ол қарсы алдында не бар, не жоғына да қарамастан тәлтіректеп, теңселе басып кетіп бара жатты. Сол бойда, сол шақта миллиондап аштан қырылып жатқан ерлер мен әйелдердің, шиеттей ұл мен қыздың қалың түнегіне сіңіп мәңгілікке жоқ болып кетті. Ал бұны едені тақтай, пештен аздап жылу есіп тұрған ұзын дәлізге ертіп әкелді. Бұл сол есеңгіреген күйі еденге отыра кетті.
– Әй саған не болған? Әне анау есікке қарай жүр. Сонда балалар бар.
Соларға бар, – деп меңгеруші бұған таңдана қарап тұр.
– Мен анамды күтемін.
– Ау, сен анаңмен жаңа ғана қоштастың ғой.
– Жоқ, ол Тұрсын. Ол менің екінші анам. Ол әзір киіз үйде тұра тұрады. Ал менің туған анам жақында келеді. Мен оны күтуім керек. Әйтпесе, ол мені таба алмай қалады ғой.
Ол осылай деп әлдеқайда сыртқа қарап иегімен нұсқап қойды. Қаһар күні кеше ғана өздері ажал аузынан қашып шыққан, бұл жерден үш жүз шақырым қиянда қалған Дала жақты көрсетіп тұр еді.
Ол сол күннен бастап осында екі жыл бойы туған анасын күтумен болды. Ояна салысымен де, ұйқыға кетіп бара жатып та анасын күтіп жүрді. Оған анасы әлі де сол әдемі киімімен, сол гүлдің суреттері салынған әдемі көрпенің үстінде әлі де тірі жатқан сияқты. Ол анасын осылай күте-күте ақыры шаршады ма қайдам, әйтеуір, соңғы кезде оны күтуді қойып, енді баяғы шөлді де шөлейтті, қайсыбір жерлерде қалың қау бұталы шалғынды, шабындықты жерлерді, тезек исі бұрқыраған ошақты ауылдардың үстін өзі басып өтіп, ешкімге хабарламастан ойда-жоқта үйге кіріп келіп қаракөлеңке киіз үйде бірнәрсені тігіп отырған анасы Ақжігітті «апа, мен келдім» деп құшақтай алатын бақытты бір шақты қиялдайтын болды.
Ол сосын Тұрсын апайын да іздеп тауып алады. Екеуін де құшағына қысып, енді қайтып екеуін де ешқайда жібермейді.
Меңгеруші оған жарайды, күтіп отыра тұр дегендей басын изеді де қойды.
– Иә, мұндағылардың бәрі де аналарын күтіп жүргендер, тек сен ғана емес. Ал кәне, жүр, кеттік деп меңгеруші бұны алдына салып есікке беттеді.

Үшінші бөлім
-1-

Житомир, 1947 жыл, мамыр

9-шы мамыр күні Житомирдің орталығында да бүкіл Кеңес Одағындағыдай дыбыс күшейткіш арқылы жеңістік-патриоттық музыка жер-көкті басына көтеріп тұрды. Көшеде көктемгі бозқарағанның исі бұрқырайды. Биыл бозқараған ерекше қалың өсті, қаланың қай жерінде де алқызыл, күлгін түсті бұтақтар басын иіп мүлгіп тұр. Адамдардың мерекелік көңіл-күйін шөкімдей бұлтсыз ашық көк аспан сол аспанның сонау заңғар биігінен жерге күлімдеп көз салып тұрған алтын күн онан сайын көтере түскендей. Бұрыш-бұрышта адамдар балмұздаққа кезекте арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрыпты, киоскілерде әртүрлі сырлы шыныяқтарға құйылған әртүрлі шырын қосылған газды су сатылуда.
Ел соғыстан кейін енді ес жиып, тыныш та жарқын бір тіршілікке көшкен: кәсіпорындар ашылып, дүкендер мен шаштараздар жұмыс істеп тұр. Эвакуациядан оралған, еріндеріне қап-қалың қызыл бояу жаққан әйелдер келіп мемлекеттік мекемелерге қызметке орналасуда. Олар – партия, кеңес қызметкерлерінің әйелдері. Жұмысшылар айлық жалақысын мемлекеттік несиенің облигацияларымен алады. Қала көшелері қираған үйлердің терезе сынықтарынан, қоқыс үйінділерінен арылып, тазаланған. Ал қаланың шет жағындағы жатаған жер үйлердің терезелерінен кешқұрым электр шамдары жымың қағады.
Арада бір-ақ жыл өткенде Жеңіс күні деп аталатын бұл мейрамға тыйым салынды да ол әдеттегі жұмыс күні боп белгіленді. Неге десеңіз Сталин жолдас: «Жауынгерлік ордендерді былай ысырып тастап, елімізді кеуделерінде сіңірген еңбегі үшін берілетін ордендермен жарқыратуға ұмтылуымыз керек» депті. Бұл енді бір жылдан кейін болатын өзгеріс қой. Ал дәл қазір Житомирдің орталығында соғыс жылдарындағы әндер дыбыс күшейткіштер арқылы жер-көкті жаңғыртып тұр. Офицерлер көбелек қанатындай желбіреген жеңіл шыт көйлек киген қыздарды қолтықтап қыдырып жүр. Кішкентай балалар топ-топ болып шуылдап ойын қызығына әбден берілген. Ағаштар жаппай бүршік атып, айнала жап-жасыл бояуға малып қойғандай.
– Самса, самса алыңдар! Пісте, пісте алыңыздар. Көше сатушыларының дауыстары бірінен-біріне ұласып жатыр.
Марк Бернестің зор даусы:
– Екеуімізді бөліп тұр қараңғы түн сүйіктім, – деген әнді шалқытуда.
Халық әсіресе, Житный рынок атты базарда өте көп. Көпшілігі қолында себет толы азық-түліктері бар қалалықтар, сосын жақын маңдағы селолардан келген бастарына ақ шыт орамал тартқан саудагер әйелдер. Олар сүзбе, сары май, сүт тағы-тағы ұсақ-түйектер сатады. Енді бір қатарда шошқаның майы-сало сатып жатыр. Орыстар «карманщик» деп атайтын қалта ұрылары адамдардың арасына әдейі сығылыса кіріп біреудің қолдорбасына білдірмей саусағын тығып жатса, екінші біреуі ақшалы томпиған қалтаны сығалап тұр.
Осынша у-шуды да, репродуктордағы жаңғырған әуенді де елеместен бір аяғы жоқ баяншы қара жерге отыра қалып әлдебір мұңды да айбынды әнді аңыратып ойнап отыр. Ол кенет есіне басқа бірнәрсе түсіп кеткендей құлашын кере созған гармонына қосылып әндете жөнелді
Вставай, страна огромная,
Вставай на смертный бой…
Өткен соғысты, қапалы да, қаралы да қаһарлы күндерді еске салған мына әуенді естіп жұрт бұл жерден тезірек кете бастады. Халық енді сол соғыс туралы айтқысы да, естігісі де келмейді. Қуанғысы, ойнап, күлгісі келеді. Сонау бір кезде эшелонда келе жатып Қаһарда сондай мәз-мәйрам өмірді аңсап отырған еді. Сөйтсе, ол жәй қиял, арман екен.
Мүгедектік! Мүгедектер!
Мәселе олардың саны өте көптігінде болды. Толған мүгедектер
2 млн 576 мың адам
Бір қолы жоқтар. Қос қолы жоқтар.
Бір аяғы жоқтар. Қос аяғы жоқтар
Қолы шолақтар мен аяғы шолақтар
Қос қолы да, қос аяғы да жоқтар. Оларды самаурын дейтін.
Бет-аузы қатты бұзылғандар. Мойны қисықтар
Омыртқасына зақым келгендер
Жыныс мүшелері жұлынып кеткендер
Қатты контузия алғандар

Елде оларға арналған протездер де, арбалар да болған жоқ.
Базардағы сөрелердің шет жағына терезелері күмбез тәрізді көне екі қабатты бір үй тұрды. Бұл үй еңбеккерлік үйі деп аталатын.
Бір замандарда патшалық Ресейдің көптеген губерниялық орталықтарында осындай үйлер болған. Осында бір күнге жалдануға қайыршылар, жоқ-жітіктер мен ел кезіп жүрген диуаналар келіп тұрған. Осындай жалдамалы жұмысшы адамдарды, көбіне күйлі әйелдер де келіп жалдап әкетіп тұрған. Оларға төленетін еңбекақы да кейде ақшалай, кейде азық-ауқат түрінде немесе түнеп шығу сияқты әр түрлі еді.
Қазір бұл үй қаңырап бос тұр. Терезелерінің әйнегі де жоқ. Мұнда сонда да болса бұрынғысынша жұмысшылар, негізінен мүгедектер толассыз келіп жатады. Көпшілігінің үй-күйі жоқ қаңғыбастар. Қысқасы, елге керегі жоқ адамдар.
Үкімет оларды не істеу керегін білмей-ақ қойды. Әзірше госпитальдарға орналастырып жатыр. Бірақ мәселе онымен шешілер емес. Оларды көрген адамның есіне бірден соғыс түсе кетеді. Базарларда бұл мүгедектер осындай үйлерге, сыраханалар маңына жиналады.
Аяқ-қолы, дені-қары саулар әкіреңдей бастаса, бұлар дереу пышағына жармасады. Өлгеніне қарамай төбелесе кетеді. Балдағын лақтырады. Сосын небір лас сөздерді төгіп-төгіп тастайды, «мен мына сен сүмелек үшін аяғымды бердім ғой» деп қалш-қалш етеді. Олар енді өздері осы қоғамға тәуелді екенін біліп, ондай өмірге көндіккісі келмеді.
Қатты мүгедек болып қалғандар интернаттарға жайғастырылды. Оларға күтім жасайтын адамдар табылмай қалғанда бұл бейшаралар осынау жарық та жалған дүниедегі ең елеусіз бір затқа айналды.
Ал дұшпанмен соғысуға да үлгере алмай аяқсыз, қолсыз, соқыр болып қалған жастар мен контузия алып басы қалтырайтындар дені сау адамдардың алдында кінәлілерше оларға жасқана қарап, жасанды түрде жымиятын болды. Асфальтты қос қолындағы кірпіш тәрізді тіреуішпен соққылап бөксесімен ғана жылжитындар адамдардың аяғының астында қыбыр-қыбыр етіп жүріп келе жатқан болады.
Үстіне ине-жіптен енді ғана шыққан жап-жаңа әскери форма киген, хром етікті жас капитан шіреніп тұрды. Оның жанында қызыл шырайлы үлбіреген жас сұлу. Жерде үстінде көнетоз гимнастеркасына ауыр жараланғанын көрсететін сызықшалар қадалған, Жауынгерлік Қызыл Ту және екі Даңқ ордені бар мүгедек аяқ шөткемен оның етігін тазалап бүкшеңдеп жатыр. Оның дәл осы сәтте ішкі жан-дүниесінде нендей аласапыран болып жатқанын өзінен басқа түсінер ешкім де жоқ, әрине.
Басына жұқа орамал тартқан бір әйел күніге осында екі қолы да, екі аяғы да жоқ ұлын балалар арбашасына салып әкеліп тұрады. Жұрт мұндай аяқ-қолы жоқ мүгедектерді «самаурын» деп атайды. Бұл жігіттің тілі де жоқ. Дәл қасына келіп снаряд жарылғанда тілін тістелеп, шайнап тастаған екен. Бүкіл денесі бас пен аяқ-қолы жоқ кеспелтек бірнәрсе.
Анасы оны топтасып отырған мүгедектердің ортасына арбасымен апарып қоя салады. Олар оның аузына стаканмен сыра, арақ құяды да артынан басытқысын тағы да аузына тығады. Ал жігіт оларға көзімен, көзінен аққан жасымен ымдап разылығын білдіреді. Сосын анасы мас болған баласын арбасымен үйіне қарай сүйретіп, ал мас, әрі тілі жоқ мылқау баласы бірнәрселерді мыңқылдап айтқан болып кетіп бара жатады. Ертеңіне оларды еңбеккерлік Үйінің жанында тағы да шуылдаған мүгедектер қарсы алады.
Ол осы бір шуылдаған майдангерлердің әңгімелері мен айтыс-тартыстарын, бірін-бірі боқтағандарын тыңдап жымия күледі. Сосын көктемгі көгілдір аспанда нұрын төгіп тұрған күнге сығырая қарап әлдебір рахат сезіміне бөленеді. Оған бүкіл әлем қуанышқа, мейірім мен қайырымдылыққа толып тұрғандай көрінеді.
Осынау кең дүниеде оның жанындағы жалғыз анасы мен өзін бірге туған бауырындай көретін, жанын түсінетін осы шуылдаған қалың мүгедектерден басқа кімі бар? Ешкімі де жоқ қой! Ол осылардан басқа ешкімге де мүлде керек емес!
– Темная ночь,
только пули свистят!
Ашық тұрған терезеден палатадағы бұған осы ән анық естіледі
Палатаның қабырғаларында көктемгі күн сәулесі ойнап, қырық құбылып тұр. Терезе алдындағы тақтайшаға қойылған шыны ыдысқа бозқарағанның ақшыл-алқызыл бұтақтарын салып қойыпты. Терезеден сырттағы шие бағы, су айдайтын мұнара көрініп тұр. Ол ерте замандарда готикалық мәнермен салыныпты. Одан әріректе трамвай аялдамасы. Тіпті, сол трамвай рельстерінің ортасында өскен жасыл шөпке шейін ап-анық көрініп жатыр.
Мұнда бірнеше орындықтар қатар-қатар тізіліп, біразы бір-біріне қарама-қарсы қойылып әжептеуір үстел құрастырылған. Оның бетіне газет төселіпті. Оның үстінде шишалар, сарқымдар, яғни кружкалар, стақандар, ашылған консерв банкілері, ашытылған капуста салынған тақсы-тарелкалар, өкпе-бауырдан жасалған шұжық… Есіктен медбике жылт етіп бір қарады да кетіп қалды. Ол да мұндай салтанатты күндері ешкімге ешқандай ескерту жасаудың ыңғайсыз екенін жақсы біледі.
– Кәне, осы күнге жете алмай кеткен боздақтар үшін алып қоялық!
Бүгінгі мейрамның құрметіне бола үстіне мерекелік әскери киім киген ішінде қолы жоқ сыңар жеңін галифе шалбарының ышқырлығына қыстыра салған жалғыз көзді мүгедек сөйлеп тұр.
Бәрі қозғалақтап орындарынан тұрды. Таяғына сүйеніп Қаһар да орынан ауырлау көтерілді.
– Олар мәңгі есте болсын! – деп қосып қойды тағы біреу.
Қаһар Житомирдегі осы госпитальда екі жылдай жатты. Үнемі қан шығып қызарып тұратын қолының кесілген жері жазылып қатты сүйелге айналғанын күтті. Аяғында ағаш протез. Таяққа сүйеніп протезбен жүруді де үйренді, бірақ әр адымын аттаған сайын аяғы ауырып бетін тыржитады. Осы екі жыл ішінде госпитальда талай өзгерістер болды. Керуерттерге соғыстың шет пұшпағын да көрмеген жергілікті горнизонның сарбаздарына шейін жайғастырылды. Қаһардың палаталас көршісі Евгений Павлович та қайтыс болған. Медбике Анна Николаевна жұмыстан шығып кетті. Қаһарға әрдайым кешірімді бол деп отыратын еді-ау, шіркін! Қазір мына бөлімшеден басқа барар жері жоқ отыз қаралы мүгедек қалыпты. Олар мұнда әлі қанша боларын енді кім білсін.
Бір кездері Қаһар Украинаның осы бір бау-бағы, жеміс-жидегі мол қаласында өмір бойы қалатын шығармын деп ойлайтын. Қазақстанда оны күтіп отырған ешкім де жоқ. Уақыт өткізу үшін осындағы мүгедектер мен бірге әлгі «Еңбеккерлер Үйіне» барып тұрады, кейде осында отырып істейтін ұсақ-түйек жұмысқа жалдана салады.
Ол осыдан бір-екі апта бұрын баяғыда өзі Ржев маңында өрттің ортасынан аман алып шыққан досы Бахчан-Бақытжаннан хат алды. Хат қасындағы жәшіктің тартпасында жататын. Онда былай деп жазылған еді:
«Қымбатты бауырым, Қаһар! Мен бүгінде Қостанайдағы мүгедектер үйіндемін. Ол жақында ғана ашылған. Мүгедектер артелі ұжымдастырылуда. Мұнда біздің 325-және 50-ші армиядан адам көп. Біздің дивизиядан да бар. Мәскеу мен Ржев түбіндегі ұрыстарға қатынасқандар да көп. 250 сом зейнетақы береді. Әрине, жетіңкіремейді, бірақ жұмыс тауып береміз деп жатыр ғой. Жақында тігін станоктарын әкеледі, сосын аяқ-киім, қолғап-шұлық, бас киім тігуді де үйрене бастаймыз. Бауырым-ау, ол жақта жаңғыз өзің не істейсің, келсейші…»
Сол хатты алған күні түнде бұның түсіне Дала кірді. Ұшы-қиыры жоқ көсілген кең дала. Қар. Аязды түнгі бұлтсыз ашық аспан. Өзі тоғыз жыл өмірін, балалық шағын өткізген шатқалдағы ауыл. Түсінде екі аяғы да сап-сау екен дейді.. Аттаған сайын аяқтарының астындағы қар сықыр-сықыр етеді. Бірақ артында құпия бір сыр бар сияқты ма, қалай өзі? Ертеңіне күні бойы сол түс, әсіресе жүріп келе жатқанда артында із қалмағаны қайта-қайта есіне түсе береді.
Бұл, туған жеріне қайтуға, Қостанайдағы Бахытжан бауырына баруға сол күні бел байлаған шығар, сірә!
Егер Қостанайдан оңтүстікке қарай тура тартып кетсең, шамамен жүз шақырымдай жүргесін Семиозер поселогіндегі балалар үйінен бір-ақ шығасың. Ол үй бұның балалық шағының ақтық күндері өткен көлдің жағалауында. Ал одан да әрмен жүре берсең, Торғайдың шөлейтті даласында бұның қазір иесіз қалған, бәлкім орны да қалмаған туған ауылы. Қазір көктемнің көркіне боянып жатқан ол жерге барса мүмкін, балалық шағының бірер елесін де көзі шалып қалады ма, кім білсін.
Үстінде шолақ тоны, басында үлкен адамның қазандай құлақшыны бар, балалар үйінің дәлізінде Тұрсын тастап кеткен бала қайда? Ол қазір госпитальдағы орындықтардан құрастырылған үстелдің жанында гимнастеркасының омырауы орденге толы, бет-аузы иленген терідей көнетоз, әжім басқан, жан-дүниесі соғыс өртіне шалынып жасына жетпей қартайған жиырма төрт жастағы қысық көз мүгедек қана. Егер уақыт тегершігі сәл ғана кері айналып сол бала мен мына госпиталь «ардагерін» бір-бірімен ұшырастырса бұл екеуі бірін-бірі танымай өте шыққан болар еді.
Ойын көрші палатаның, бір қолының орнына протез қойылған мүгедегінің даусы бөліп жіберді.
– Алаңдағы шіркеу… Әлгі немістер ашқан ше? Қазір сонда қайтадан адамдар баруда. Бір кемпір айтады, күндердің күні болғанда өлгендердің бәрі тіріліп келеді дейді. Ал мен оған: «сонда немістер де тіріліп қайтып келеді ме? Оларды не қыласыз, тағы да соғысамыз ба?» деп сұрақ қойдым.
Осы кезде біреу: «Қаһар, сен не… Үйіңе қайтуға даярланып жүрсің ба?, – деп оның сөзін бөліп жіберді. – Өзің дастархан жайдың, өзің үндемей отырысың мынау».
– Иә, бауырларым мен кетпекшімін. Еліме қайтамын!
Ол кеше ғана базарға барып, алыпсатар біреулерге мархұм Трофим досының швейцариялық сағатын өткізіп ел-жұртына жеткесін Дала балаларының салтымен, мұндағылармен қоштасу дастарханын жайған болатын.
– Досымнан хат алдым. Шақырып жатыр. Енді құжаттарымды реттеп, жол-пұлымды алсам, шығамын. Сондықтан, сендермен қоштасу дастарханын жайып отырғаным ғой, сендерге. Ал, кәне, бұл күнге жете алмай опат болғандардың рухына деп алып қоялық!
Бұлардың қасына мүгедектер арбасына мінген әйел келіп қосылды. Майор! Ұрыс даласындағы лазаретте оташы болып істеген Сталинградты бомбалау кезінде қос аяғынан бірдей айрылған. Соғыс басталғанға шейін күйеуімен тұрыпты. Бұның екі аяғынан бірдей айрылғанын көргеннен кейін ол басқа бір қатынға үйленіпті. Өзі тылда броньмен қалған инженер екен. Ал бұл әйел үйіне барудан бас тартып осында қалыпты. Оған арнап бұрынғы шағын қоймашаны палата қып беріпті.
Ол әуелі арбада отырып госпитальдағы оташылардың ота жасауына көмектесіп, ақыл-кеңесін айтып жүрді. Кейін ішкілікке салынып кетті. Қазір бет-жүзі ісіңкі, бір замандағы әдемі көздері кәзір тұманданып, жанары өшіп қалған сияқты. Ол уақыт өткен сайын азғындап бара жатты. Осы уәзір де бір жерден жұтып келген түрі байқалып тұр. Отырғандарды көзімен айналдыра түгел шолып шықты да сөйлеп кетті:
Кәне, Жеңіс үшін алып қояйық жауынгерлер! Сендер үшін!
Арақты аузына бір-ақ төңкерді де аузына басытқы салмақ түгіл иіскеместен шорт бұрылып палатадан шығып кетті.
Қаһар өзі қимай қоштасқысы келген тағы бір адам қалды. Ол палатаның түкпіріндегі сардарлар керуетінде жатқан. Үстел басындағы думанды дауыстар күшейген кезде бұл ішінде шамалы арақ қалған шөлмекті алып, таяғына сүйене кирелеңдей соған қарай кетті. Соқыр, тұлабойын қатты күйік шалған танкші капитан арқасын көпшікке сүйеп отыр екен. Бетінің жарым бөлігі жансызданған, қалған бөлігі сүреңсіз де қорқынышты. Суқараңғы көздері ағарып кеткен. Үй-іші Минскіні дұшпан бомбалаған күні түгел қырылып қалыпты. Ол да мархұм Евгений Павловия сияқты өмір жайлы өз түсінігі, өз көзқарасы бар адам. Тіршіліктің ұсақ-түйегіне қызықпай білім қуған, өмірді, дүниені танып білуге құштар тұғын. Қазір үстіндегі киімдеріне дейін көнеріп, түсі оңып кеткен. Сөйте тұра жан-дүниесі бұрынғы жас, пәк күйінде қалған.
– Жеңіс күні құтты болсын, жолдас капитан! Міне, мынау сізге, мархұм болғандарды еске алып ішіп жіберсеңіз. Қаһар оның жанына жақындау келіп отырды.
– А, Қаһарсың ба? Иә, мархұмдар үшін ішіп қояйын!
Капитан басын сәл көтеріп, тыртық-тыртық еріндерін арақ құйған шишаға тақап аз ғана ұрттады да қиқылдап жөтеліп қалды. Онымен алуан түрлі әңгіме соғып отырудың өзі үлкен бір ғанибет. Госпитальда жатып осы суқараңғы көзімен-ақ көзі саулар көре алмайтын Құдайды көрген сияқты. Өйткені, ол қырылып қалған өз отбасын жоқтап болған. Қазір ол өлгендердің қайтып оралмайтынына, бірақ өзінің де, мына отырғандардың бәрі де сол өлгендердің артынан баратынына, олармен кездесетініне әбден сенеді. Тап қазір, осы отырғанда ол онсыз да ештеңені көрмейтін тасқараңғы көздерін тарс жұмып алып сырттағы ию-қию алуан дыбыстар мен дауыстарға, алыстағы трамвай дүрсіліне, тағы-тағы бүкіл тіршілік нышандарына құлақ түріп отыр. Ол сөйлеп мына жарық дүниені бүкіл жан сезімі арқылы көзбен көргендей болып отыр.
Ол кенет: «Сен, қазағым! Айтшы, даладағы желден ненің исі шығатынын айтшы» демесі бар ма?
– Мен ол жағын онша білмеймін. Шала-пұла ғана есімде. Әйтеуір, жазғытұрым, көктем басталысымен кеудемізге өзіңе деген үлкен бір Сенім ұялай бастайтын. Ал күз! Күз деген адамның көңіліне көп қаяу түсіретін, тұрғанымен бір мұң ғой. Даланың исіне ешнәрсе жетпейді ғой…
– Сендер жаққа бір барсам ғой… А, иә, сен қоштасуға келдің ғой.
Кетіп барасың ғой. Өте дұрыс. Сенің алдыңда әлі де ұзақ өмір тұр. Ең бастысы – сен тірі қалдың! Өмірге деген наризалығыңды да, үрейің мен қорқынышыңды да, бәрін ұмыту керек! Әрбір атар таңға қуануың керек. Мені ұмытпағаныңа рахмет сарбаз. Қош аман бол!
Қаһар шығып кетті. Ал капитан оның ендігі өмірінен іздеген бақытын табуына тілектес болып қала берді. Ол осы бір мүгедек барлаушы әрі тәжірибелі ардагер, әрі әлі де болса өмірінен үміті мол жас жігіт екенін әлдеқашан байқаған болатын. Ол оның сырты салмақты да сабырлы көрінгенімен, ішкі әлемінде әлі де жастық жалыны лапылдап жатқан, кеудесі қазыналы сырға толы жан екенін де сезетін еді.

-2-

Теміржол бекетіндегі касса маңы үйме-жүйме, қаптаған калың ел. Орамал тартқан әйелдер, қапшық арқалаған селолықтар, бешпет пен қиық жағалы көйлек киген біреулер нағыз алыпсатарлар екені көрініп тұр. Шашын тақырлап алдырған жас сарбаз-солдаттар. Бұлардың бәрі осы маңайға билет алуға тұрғандар. Әскерилердің бронь-билеті де осы терезеден беріледі. Қаһардың таяққа сүйенген мүгедек екеніне де, мерекелік салтанат кезінде киетін гимнастеркасындағы ордендеріне де тіпті, көз қырын да салып жатқан жан жоқ. Сондықтан, бұның да қалың топтың ішіне ентелей кіруіне тура келді. Міне, мәжбүрлік деген осы.
Касса терезесіне енді жеткенде кассашы қатын «билет жоқ», – деді.
Ол осының алдында ғана мұртының жебесі салбыраған біреуге де дәл осылай дегеннен кейін жұрт оны итеріп шығарып тастаған.
– Маған жол құжаттарын рәсімдеу керек. Қостанайға дейін деп қолындағы құжаттарын касса терезесіне сұқты.
– Әскерилердің жол құжаттары тек пойыз жүретін күні ғана рәсімдейді. Ал жолшыбайғы өтпелі пойыздарда бос орын жоқ, – деп кассашы әйел әр сөзін тақылдатып тақпақша саңқылдап тұрып айтып шықты.
– Енді не істеймін? Мен ол жаққа енді қашан жетемін? Мен демобилизацияланған әскеримін ғой. Қаһардың даусы дірілдеп кетті.
– Бос орындары бар өткінші пойыздарды күтіңіз. Жұрттың бәрі сөйтеді. Болмаса әскери комендантқа жолығыңыз, – деп жайбарақат жауап берді де кассашы қатын кербезденіп қол айнасын қолына алды.
Қаһарды жұрт шетке ысырып тастады.
Енді не қыларын білмей амалы таусылғасын сыртқа шықты. Ақшасы бітті деуге болады. Мүгедектігіне берілетін зейнетақыға ломбардтан сағатын қайтарып алған еді. Тәуліктік ауқаты құрғақ тағамдар ғана. Жолқапшығында одан басқа сабын мен іш киімдерінен басқа ешнәрсе жоқ. Пойыздағы жолсерікке ала кетші деп бере қоятын да түгі жоқ.
Ол вокзал алдындағы орындықта ұзақ отырды. Әскери эшелондар мен жүк пойыздары тынымсыз өтіп жатыр, өтіп жатыр. Пойыз басшысымен бе, әлде жолсерік әйелдермен бе келісіп, қалайда бір пойызға ілігу керек. Әлде комендатураға барып жәрдем сұраса ма екен? Бірақ, комендант қайтадан кассаға бар дейтінін Қаһар біліп отыр. Ол енді әскери адам қатарына да жатпайды.
Үстінде тозығы жеткен көне пальтосы бар бір әйел бұның жанынан бұған асығыс-үсігіс қарап өте шықты. Сосын бірер қадам ілгері басып барды да кілт тоқтай қалып, бүкіл денесімен кері бұрылды да таңданғаннан аузын ашып тұрды да қалды.
– О, Құдайым-ау! Сіз екенсіз ғой!
Қаһар оған таңқалып қарады да қойды.
– Село Лозовое… Добропольенің жанында… Ровеньканың түбінде…
Донбасста… Бұның ешнәрсе түсінбей меңірейіп отырғанына қарамастан әлі сөйлеп тұр. – Есіңізде жоқ па? Полицайлар бізді шіркеуде өртеп жібермек болды ғой. Сіз менің қызыма… Марусяға қант салып бердіңіз ғой…
Ровеньки деген сөз Қаһарды ұйқысынан оятып жібергендей болды. Ол 43-ші жылы Ржев түбінде жараланғанды. Ол шайқастың атының өзі жер жарардай зілді болғанымен кәдімгілерден еш артықшылығы жоқ болатын. Ол 43-жылдың ақпанында бұлардың дивизиясы Оңтүстік-Батыс майданына өткізілді. Ал Доброполье, Лозовое деген ауыл атаулары Қаһардың мүлде есінде жоқ. Бірақ «полицайлар», «шіркеу» деген сөздерді естігенде санасы шайдай ашылғандай болды.
Ақпан айындағы жылымық бір күндер… Сіркіреп жаңбыр жауып тұр, орман екеш орман да дымқыл. Бозарып таң атып келеді. Бұлар сібірлеп атып келе жатқан таңның бозамық сәулесінен көрініп тұрған аулаларды, дуалдарды, бөренеден салынған шіркеуді бинокльмен алма-кезек қарап отыр. Немістер деревняны тастап кетіп барады. Бронетранспортерлер мен машиналардың гуілінен құлақ тұнады. Солдаттар көліктерге жапа тармағай жабыса мінуде. Ал аулалардың ішінде кілең қара киім киген біреулер әбігерге түсіп жатыр. Бәрінің қолында винтовка.
– Бұлар полицайлар, – деп Қаһарға сыбыр ете қалды біреуі. Барлаушы топтың командирі екен. Барлаушылардың бір кезде аппақ болған, ал қазір кір-кір маскхалаттары оларды шоқ тоғайдың жиегіндегі кішкентай-кішкентай томпақ төбешіктер сияқты қып көрсетеді. Екі барлаушы оқшаулау орналасқан шоқ ағаштың арасынан барлап жатыр.
Бұл деревняның тұрғындары фашистерге неге ұнамай қалғандары да түсініксіз. Әлде бұл бұрын жөйіттердің мекені болғасын ба, әлде партизандарға көмектестіңдер дей ме екен? Әйтеуір полицайлар деревня тұрғындарын жинап алып, шіркеуге қарата айдап барады. Қатындардың орамалдары ағараңдайды. Шуылдап не айтып бара жатқаны да түсініксіз. Әйтеуір, полицайлар оларды мылтық дүмімен соққылап, алға итермелеп келе жатқаны, баласын құшақтаған бір келіншек тұра қашпақ болғаны, бір кемпір полицайдың тізесін құшып аяғына жығылғаны, бәрі-бәрі бинокльден ап-анық көрініп тұр. Бір кезде полицайлардың біреуі шіркеуге қарай екі темір канистрді алып кірді де, үшеуі үйлерге от қоя бастады.
Селоның әр тұсынан таңғы аспанға будақтап қалың түтін көтерілді.
Барлаушыларға берілген тапсырма дұшпанның қорғанысы қанша жерге дейін екенін анықтау болатын. Сосын селоны көзге түспей айналып өтіп дұшпанның қарамағындағы аймаққа тереңірек барып бақылау керек. Бірақ мына көрініс сол жоспардың бәрін өзгертіп жіберді. Старшина белгі беру бойда барлаушылар тұрғындар шіркеуге кіргізілген сәтте бүкшеңдеп келіп храмның екі жағына тұра қалды.
Бар-жоғы бір-екі минутта бәрі тұманданды. Сегіз полицай сол бойда аутоматтың бір-ақ рет зыр еткенінен қалмай жер құшты. Олар сыртқа күзет қоймағаны тіпті жақсы болды.
Қаһар шіркеуге жүгіріп келіп аутоматпен қара киімді екеуді сұлатып салды, енді біреуі қолын көтеріп тұра қалып еді оны старшина қасынан өтіп бара жатып ата салды.
Атыстың даусын естіген село адамдары әуелі ешнәрсеге түсінбей шіркеу ішінде тұра берді. Естерін жиғасын барып бәрі сыртқа жөңкіле атып-атып шығып ақ киім киген барлаушыларға аң-таң қарап қалды. Бәрі көзді ашып-жұмғанша болды.
Старшина оларға: – Тезірек деревнядан кетіп қалыңдар. Болмаса жасырыныңдар бір жерге! Жақында біздікілер келеді. Сосын қай үйлеріңе қайтарсыңдар, қазір тез қашыңдар, – деп айқай салып жатыр.
Мына әйел Қаһардың енді ғана есіне түсті. Мә, ол соның өзі! Басында жүннен тоқылған қалың орамалы бар, қорқыныштан қаны қашып беті аппақ болып кеткен ол баласын тас қып құшақтап үнсіз тұрды. Бала ең әрі кеткенде үш-төрт жасар. Оны да орамалмен әбден орап тастапты. Қаһар оның не ұл, не қыз екеніне де көңіл аударған жоқ. Жалма-жан маскхалаттың бүркеншігін қайырып тастап, бас киімін шешті де қалташасынан майдалап шағылған қанттың бірнеше түйірін алды. Сосын балаға қарап көзін қулана қысып қантты ұсынды. Сол сәттегі әйелдің аялы, үлкен, қап-қара көзі есінде қалыпты. Ол мына қазақтың бет сүйегі шығыңқы жүзінен көз алмай қадалып қарады да тұрды. Сосын бір кемпірдің старшинаның қолын сүймек болып жатқаны да есінде. Бірнеше минуттан соң барлаушылар орманға сіңіп ғайып болды. Бұл кенеттен болған уақиға еді. Ол туралы барлаушылардың басшыларына берген рапортында да, басқа жерде де ләм-лим деген ешкім болған емес. Тапсырмадан тыс болған бұл әрекеттері үшін олар әскери трибуналмен сотталып кетуі де ғажап емес еді. Ал сол жолы адамдарды құтқаруға бастаушы болған старшина бір аптадан соң минаға түсіп өлді.
Соншама уақыт өткенде ол әйелдің Қаһарды қалай ғана тани қойғаны да бір жұмбақ. Олар сонда бірнеше минут қана көрісіп еді ғой.
– Сіз бізді құтқарып қалдыңыз. Мені де, қызымды да. Мен сізді ылғи есіме алып жүрдім. Қызыма да айтып бергем. Басқаларыңыз есімде қалмапты. Сіз ғана… Біз сосын сайға тығылып қалдық.
Сосын әйел одан әрі не болғанын, жүзге жуық адам сол сайдың ішінде ұрыс шебінің бұзылуын, Кеңес әскерлерінің шабуылын күткенін, сосын өзі кішкентай қызымен көрмеген қиыншылықты көріп, бір ай дегенде Житомирге қалай жеткенін, онда туысқандарының үйінде тұрғанын, бір айдан кейін Житомир жау қолына түсіп, қайтадан баяғыдай күй кешкенін тәптіштеп тұрып баяндап берді.
– Туысқандарым қызым екеуімізге үйінің жарымын босатып берген.
Өзім осында жүк бекетінде істеймін. Мүмкін біздікіне барарсыз? Марусямен таныстырайын. Оған сіз туралы талай айтып бергенмін. Жүріңіз!
Ойда жоқта болған бұл кездесу Қаһарды қатты толқытып жіберді. Тағдыр оны баяғыда жанып кеткен Лозовое селосына сонша уақыт өткенде қайтып апарады-ау деген ой үш ұйықтаса түсіне кіріп пе? Кейде өз өміріңнің аз ғана бір сәті басқа біреу үшін осыншалық есте қаларлықтай ұмыттырмайтын тарихқа айналатынын ол біліп пе еді?
Біз көп жағдайда, әсіресе, соғыс кезінде істеген әр ісіміздің қандай салдары мен салмағы болғанын да, боларын да ойлап бас қатырмаймыз. Жараланғанның жарасын таңып бердік, қан аққан жерін қолымызбен басып тұрып біреулерді оқтың астынан алып шықтық. Оқ атылса «Еңкей, бұқ!» деп айқайладық. Оның бәрі біз үшін өте шыққан бір сәттер болса, ол енді біреулердің бүкіл өміріне әсер еткен, ешқашан ұмытылмас қасиетті шақ.
Оның еліне қайтпақ болып қайта алмай жүргенін естіп болғасын әйел оған осында отыра тұрыңыз деді де өзі вокзалға қарай асыға басып жүріп кетті. Ол кассирді танитын еді. Көп ұзамай Қостанайға шейін орынсыз болса да бір билет алып қайтып келді. Сосын Қаһарды вокзал кезекшісіне ертіп келді. Сол жерде баяғы Лозовоеде болған уақиғаны түгел айтып берді.
Арада екі сағат өткенде әскери патруль вагонға жапатармағай тұра ұмтылған көпшілікті итермелеп, арасынан жол ашып Қаһарды Мәскеуге бара жатқан жолаушы пойызына мінгізіп салды.
Ол вагонға мінейін деп жатқанда әлгі әйел адам:
– Есімің кім еді, сақтаушым менің? – деп сұрады. Қаһар есімін айтты.
Сол кезде әйел сондай бір нәзіктікпен бұны құшақтап тұрып екі бетін кезекпен қайта-қайта сүйді. Сөйтті де сәл артқа шегініп басы жерге жеткенше иіліп тұрып:
– Қайда жүрсең де Құдай саған қамқор болсын, – деді.

-3-

Егер Қаһар Житомирдің госпиталінде бұратола қалып қойғанда оның одан кейінгі тағдыры не боларын болжау да, айту әрине, оңай емес. Бірақ қалай дегенде де баяғы сол базардағы «Еңбеккерлік Үйінің» жанында жүретіндермен бірге өмірі өткен болар еді. Ресми мәліметтерге қарағанда Ұлы Отан соғысы деп аталып жүрген сол соғыстан кейін елде екі миллионнан астам мүгедек болған екен. Олар елдің қалалары мен ауыл, селоларында қаптап жүрді. Өлі деуге, тірі деуге келмейтін бұл пенделер өткен қасіретті кезеңді жұрттың ұдайы есіне салып тұратын болды. Олардың көпшілігінің отбасы қырылып қалған, не хабарсыз кеткен еді. Кейбіреулерін қатындары тастап кетті. Енді біреулер үй-ішіне мұсалдат, масыл болмау үшін қайтпай қалды да «Мен жоқпын. Ұмыт» деп хат жіберді.
Соғыстан мүгедек болып, не жүйкесі бұзылып қайтқандардың да өмірі мәз емес еді. Олар үнемі айтысып-тартысып, туған-туысқандарымен, үйдегі қатын-баласымен ұрыс-керіспен күн өткерді. Өздерін олардың ортасындағы керексіз, басы артық адамдай сезінді. Сәл нәрсеге ызаланып қолына не түссе соны, тіпті, болмаса өзінің балдағын лақтыратын әдет тауып алды.
Олар вокзалдарда, базарларда, дүкендердің жанында жиналып бірімен-бірі айқайласып, боқтасып, жұлқыласып жататын. Ашу-ызадан көйлегінің омырауын қақ айырып, кейде еңкілдеп жылайтын. Ал, түнде түсінде небір қанды шайқастарды басынан өткізіп, танкінің астына түсіп, қарлы, жаңбырлы түндерде өзеннің арғы бетіне жүзіп өтпекші болады.
Ал енді біреулері елге аман-есен оралғанына шүкіршілік қылып, тәубесіне келді. Тіпті, қолтығындағы балдағына, қолындағы таяғына сүйеніп, кирелеңдеп әртүрлі курстарға барып, соғыстың сұрапылынан сәл босағанда қиял қанатына мініп ап армандаған бухгалтерлік, есепшілік қызметіне кірісіп кеткендер де баршылық. Өзін әлі де бомба жарылып, снаряд пен оқ ысқырып, танкілердің шынжыр табандары тұлабойын тітіретіп жақындап қалғандай күй кешуден арыла алмаған күйінде өмір сүріп жүргендер де жоқ емес еді.
Бірінші және екінші топтағы мүгедектерге елдегі айлық жалақының жартысына жуық 300 сомнан зейнетақы төленіп тұрды. Оған қосымша әрбір орденге 10-15 сом тағы қосылады. Бірақ жаңағы жерге жиналып айқай-шу, ұрыс-керіс ұйымдастыратындар ол қаражатын түгел ішімдікке құртады да, сосын көшеде өткен-кеткендерден қайыр, садақа сұрайды. Ал екі қолы да, екі аяғы да жоқ әйтеуір, тірі жандарды жақын-жуықтары орден, медальдарын таққызып әдейі көпшілік орындарға алып шығып қайыр, садақа тілететін болды.
Сол қайыршылықпен тапқан тиын-тебенімен отбасын асырап жүргендер де жоқ емес еді. Пойыздарда екі көзі аппақ болып кеткен соқырлар қайыр сұрап қайыр сұрап жүретін. Кейбіреулері қырылдап, енді біреулері барылдап соғыс әндерін айтып бас киімін жайып қояды. Ара-тұра олардың жанына біреулер келіп, оның бас киімінде жиналып қалған тиын-тебенді алады да оған бір стақан арақ беріп тайып тұрады.
1949 жылы мүгедектерді оларға арнап ашылған үйлерге орналастыру туралы шешім шықты. Мұндай үйлер бұрын да болғанды, бірақ 49-шы жылдан бастап мүгедектерді жаппай осындай жайларға жайғастыру басталды.
Ал 1954 жылы ішкі істер министрлігі қайыршылықтың алдын алу және жою бойынша қосымша шаралар қабылдауды бастауды ұсынды. Мүгедектер бұл үйлерден кетіп қалмауы және ел кезіп қайыр сұрауды доғаруы үшін бұл үйлердің бірсыпырасын ерекше режимдегі жабық жайларға айналдыруға да ұсыныс жасалды. Солай болды да.
Мүгедектер үйіне ең әуелі госпиталь тізімінде тұрғандар жіберілді. Ондағы мақсат оларда дұрыс күтім жасау, жұмыс тауып беру, бір мамандықты меңгеріп шығатын курстарда оқыту, оларды бірқалыпты азаматтық өмірге, ортаға бейімдеу болды. Бірақ мақсат бар да оның жүзеге асуы бар. Екеуі екі түрлі нәрсе.
Идеялар ешқашан өзінен-өзі жүзеге аспайды, оны адамдар жүзеге асырады. Ал адам дегеніміздің түрі көп.
Осындай, яғни, мүгедектерге арналған мекеменің бірі Вологда облысындағы Горицкий деп аталатын әйелдер монастырі болатын. Кейін бұл монастырь туралы аңызға бергісіз әңгімелер тарап кетті. Оның әр бұрышындағы шағын мұнаралары Шексна өзенінің үстінен төніп тұрғандай көрінетін. Бұл өзенді бойлап үш палубалы бу кемелері – пароходтар жүріп жататын. Орыс Сібірі аталатын бұл өлкенің табиғатын тамашалап саяхаттап жүрген мәскеулік, ленинградтық жолаушылар осы монастырьға жақындап қалғанда, оның сыртындағы құлама жағалаудың көк шалғынына «самаурындарды» яғни, екі аяқ, екі қолдан түгел айрылған құр кеуделерді қатар-қатар тізіп жатқызып қойғанын көреді.
Иә, осындай адам кесінділері бір қарағанда жинап қойған әлдебір кеспелтек, жансыз заттар сияқты. Жан-жағында санитаркалар қыбырлап бірнәрсе істеп жүреді. Бір кезде әлгі кесінділер «Бастайық, бауырлар!» деп бір әнді бастап кеп жібергенде әлгі жансыз кеспелтектер одан әрі «Ұшан теңіз шалқып жатыр әнекей» немесе «Тап-тар пештің ішінде от ойнайды», – деп шуылдап қоя береді. Сонда кейбір жолаушылар ойда жоқта болған мына сұмдық көріністен шошып естерінен танып құлап қалған да жағдайлар болған көрінеді.
Екінші бір атақты монастырь Валаам аралында болыпты. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында бұл мекен туралы суретші Геннадий Добровтың «Соғыс аутографтары» деген сериялы суреттерінен ғана біле бастадық.
Бұл – адам баласының бірі білсе, бірі білмейтін, ұмыт бола бастаған тіршілік иелері бейнеленген портрет. Тірілей екі қайтара жерленген жас сарбаз. Ол бүгін «бауырластар бейітіне» көміліп қалған жерден босанып шығып, енді қалған өмірін осы Валаамда өткізуге бел байлаған.
Олар өте көп еді. Жұрттан оқшау, арнайы іздеп бармаса көзге көріне қоймайтын Никольский скитінде (шағын монастырьда-М.К.) аты-жөні, қай жақтікі екенін жан баласы білмейтін жап-жас «самаурын» жігіт жатты. Оның қасындағылардың бәрі контузия алып есінен адасқандар. Ол бір ауыз сөз де айта алмайды. Сондықтан оның кім екенінен бәрі бейхабар. Оқ басының бір қапталынан тиіп, екінші қапталынан тесіп шығып кеткен. Оқтың шыққан тесігі кәдімгідей көрініп тұр. Ол енді үстіне тор тұтылған керуетке өмір бойы жататын болған.
Жетпісінші жылдарға шейін Валаам жер бетіндегі ең тыныш мекеннің бірі болатын. Мұндағылардың көпшілігі о дүниелік боп кетті, ал әкімшілікке сергелдең туғызғандар біртіндеп жабық үйлерге ауыстырылды. Ешкімнің мазасын алмайтын бұл тыныш мүгедектер мен ардагерлер санитарлардың бақылауында, ерте замандарда салынып, бүгінде өше бастаған суреттері бар төрт қабырғаның ішінде күн өткізеді. Бұл да өте бір жұмбақ дүние. Бір замандарда бұл жалғанның қызық-шыжығынан баз кешкен жандар осында келіп тұратын болған. Олар өлсе тірілер емес періштелер жоқтау айтады деген бар.
Тағы бір «самаурын» туралы әңгіме одан да сорақы. Кезінде ол юнгалар мектебінде Соловки қаласында оқыған екен. Біреулердің айтуынша бір күні мұғалімдердің біреуі дін сабағы бойынша бұларды қараусыз қалған көне монастырьға ертіп келеді. Сосын бұларға қабырғаларда, күмбез-шаңырақта салынған киелі адамдардың суреттеріне түкірттіреді. Әулиелік, киелілік дегеннің бәрі жалған екенін көрнекілікпен дәлелдеу үшін ол әуелі өзі түкіріп, сосын балаларға да әлгі суреттерге түкірттіреді.
Сосын курсанттар соғысқа аттанып кетеді. Мынау сол ең алғашқы ұрыста-ақ таскерең болып қос қолынан да, қос аяғынан да айрылып осы «самаурын» күйге түскен екен дейді. Оны Валаам аралына, осы монастырьға, дәл баяғы өзі түкіретін суреттердегідей әулиенің суретінің астына жатқызыпты. Ол күндіз-түні шарасыздықтан сол суреттерден көзін ала алмай жатыр. Өз бетімен бұрылып, теріс аунап түсуге де санитарларсыз шамасы келмейді. Бар қолынан келетіні жылай береді. Оның кейде кенеттен әлсіз ғана жымиып күлгенінің өзі санитар қыздарға үрей туғызатындай еді.
Ол адамның жаны бір Құдайдың ғана құзырында екенін енді білді. Ол жан қашан Құдайға қайтып барғанша тыным таппайтынын да енді ұқты.
Бұның бәрі өз алдына. Ал олардың аналары ше? Олар қандай қасірет шегуде екенін айтып жеткізу де қиын. Тәнінен шыққан кешегі сәбилерін осында әкелген аналар оларға күтім жасауға да күші келмей, әлдебір жерден баспана тауып тұра береді. Санитар қыздар «самовар» тірі өліктерді аулаға көтеріп шығарғанда байғұс аналар балаларының жанына келіп, баласының басын тізесіне қойып сипалап бірнәрселер айтып айналып-толғанып отырады. Жүректері қан жылап тұрады.
Иә, бұлар кеше институт бітіріп жоғары білім алған, қазір аяғымен жазуды үйренген әйтеуір тірі жандар. Сталиннің үндеуімен еңбектегі ерліктері үшін марапаттар алып, қазір «самаурын» атанып, туған анасын құшақтайтын қолынан да айрылған мүгедек жандар.
Иә, бұның бәрі неге ойға оралып отыр?…
Қаһар Мәскеуге келе жатқан жолдағы үлкен-үлкен бекеттерде өзінің тағдырластарының бірнешеуін кездестірді. Біреулері балдақпен қиралаңдап, енді бірі қоларбамен жорғалап тамақ асыраудың қам-қарекетімен жүр. Тағдырластар! Бақытсыздық бойынша бауырластар! Өткен-кеткенге жалбарына қарап қайыр сұрағандар!
Пойыз доңғалақтары дүрсілдеп сайға тартып келеді. Купедегі бір орынға бес адамнан келеді. Алақандай бос жер жоқ. Бәрін қапшық, дорбалар, шамадандар басып салған. Үстіңгі сөреден әлдебіреулердің аяқтары салбырап жатыр.
Челябинскіден түсіп басқа отарбаға отырғасын купенің терезесінен шоқ-шоқ ағаштар, орманды алқаптар көріне бастады. Бұл Ұлы Далаға таялып қалғанының нышаны. Қаһар бірінен соң бірі зу етіп қалып жатқан бағандардан, шоқ ағаштар мен жазық алқаптардан көзін алар емес.
Ерте замандарда адам баласы жер мен көктің ортасында жаратылған дейді екен. Яғни, адамның тәні топырақтан, жаны көктен. Қаһардың бабалары Дала топырағынан жаралған дейді. Жер адамды ұдайы өзіне тартып тұратыны да сондықтан секілді.
Жолда өткен бірнеше күнде оның қазақы селдір сақал-мұрты өсіп, мерекелік әскери киімі де мыж-мыж болып, кірлеп кетті. Егер ол мына қызба мінезімен Житомирде қала бергенде не боларын Құдай біледі. Есік-терезесі темір торлы қапастың бірінде із-түссіз жоқ боп кетуі де әбден мүмкін болатын. Сосын оны бұл дүнияда Қаһар деген біреу ешқашан болмағандай есіне алатын да, іздейтін де адам болмас еді ғой.
Тағы әлдебір кезде госпитальда жатып көрген түсі, сол түсінде қардың үстімен сап-сау аяғымен жүріп келе жатқаны, ал артына қараса қар бетінде бірде-бір ізі жоқ екені есіне түсті.
… Иә, сөйтіп, Молдарахмет атасының жер бетіндегі ұрпағы мүлдем жойылып кетер еді. Бұған Бақытжаннан келген хат оның өткен күндерінен келген сәлемхаттай болды. Міне, енді ол купенің терезесінен сол өткен тағдырымен тағы да жолығуды, онымен ойша болса да қайта ұшырасуды тағатсыздана күтіп келеді.
Ол осы отырғанда қайта-қайта көзіне түсіп кете берген басындағы өзіне шақ емес үлкен құлақшынды қайта-қайта жоғары қарай сырып қойып, ұшы-қиыры жоқ қарлы даламен келе жатқанда «апа, апа» деп еліріп сөйлеген, сосын балалар үйінде жүрген тақырбас бала да өзі сияқты. Ал енді бірде кеудесінде Отан соғысы деген соғыстың ордендері мен медальдары сыңғыр қаққан, сол Отаны үшін бір аяғын, бүкіл жан-дүниесінің бір бөлігінен айрылған мүгедек, бұрынғы сарбазға айналады.

Екінші тарау
Арман болған қайран ел Екатеринослав губерниясы

1762 жылы Ресей патшайымы ІІ-ші Екатеринаның бос жатқан жерлерді игеруге шақырып ағылшын, француз, неміс тілдерінде жазылған манифесі жарияланғанда оған негізінен көпшілік боп үн қатқан меннонит және анабаптист немістер болды. Меннониттер ХV ғасырда өмір сүрген голландық священник Менна Симонс негізін қалаған протестанттық қоғамның ізбасарлары еді. Ал анабаптистер шоқынуды өте бір саналылық таңдауы деп есептегендіктен өздерін шоқынушылар деп (немісше Тәуфер) атағанды жөн көрді.
Меннониттердің басқалардан ерекшелігі олардың момындығы, келісімге келгіштігі және қандай жамандық болып жатса да керенау, самарқау бейжайлығы деуге болады. Олар әскерге барудан, қолына мылтық ұстаудан бас тартты, табиғатпен де, айналадағы қай ортамен де үйлестілікпен қатар өмір сүруді қалады. Олардың үрдіс-кәделері, салт-дәстүрлері ғасырлар бойы еш өзгермеген қалпында қалып келді. Олардың отбасын үлкен беделді ересектер мен қарттар басқарды, айтқанды тыңдамай дәстүрге нұқсан келтіргендер жазаланды немесе қауымнан аласталып, шығарып жіберілді.
Егер қыз бала жаман жолға түссе ата-анасы оны үйден қуып жіберді, оны ешкім үйіне жолатпайтын болғасын ол қыз қауымнан бұратола кетуге мәжбүр болды. Әркімнің өз ісіне дұрыс бақылау жасап, өз жан-дүниесін тазартып отыруын меннониттер адамның ең биік қасиеттері деп есептеді.
Меннонитті ұстанушылар осы наным-сенімі үшін де небір ауыр сынақтарды, қуғын-сүргінді, атып-асуды бастарынан өткерді. Тарихта ХVІ ғасырда өмір сүрген Қандықол атанған герцог Альба туралы әңгіме сақталып қалған Портреттегі үстіне «бес қаруын» асынған, кеудесіне алқызыл жібек мата тартынған сұсты адам осы Альба. Осы бір өшпенді католик герцог меннониттерді католистік шіркеудің шырмауынан шығармай азаптап отқа да өртепті, қылышпен кескілепті. Сол бір азалы шақтар туралы естеліктер көп сақталған. Солардың бірінде «кеше ағамды, бүгін қарындасымды өлтірді, ертең мені өлтіреді» – деп жазылыпты. Уақыт өте келе меннониттерде бұл қорлыққа қарсылық деуге келмейтін ең жасылық қарсылық туындапты. Ол – қуғын-сүргін, ату-асу көбейген сәтте басқа бір жаққа қоныс аударып әйтеуір, дінін және өзін аман сақтап қалу ғана екен.
Екатерина патшайымның Манифесі меннониттер Батыс Германия мен Голландияны тастап Шығыс Пруссия мен Данцигте уақытша аялдаған кезде шыққан екен. Ал бұл жер ол кезде Польшаға қарасты болған.
Екатерина патшайым қоныс аударып келушілерге өздері қалаған дінін тұтынуға ерік беруге уәде қылды. Манифесте «Біздің империяға келгендердің бәріне өз салт-дәстүрлерін сақтап, өз дінін тұтынуына толық рұқсат беріледі» деп анық жазылды. Манифесте тек бір-ақ нәрсеге – өз дінін православтарға уағыздауға ғана қатаң тиым салынатыны баса көрсетілді.
Ал немістер үшін бұрын аюдың Ресейі, жердің ең шеткі қиырындағы мекен сияқты елес беретін еді. Сөйте тұра, пасторлар Санкт-Петербургке делегация жібергенде: «Барамыз. Ол береке мен ризық-несібеге толы өлке. Ол әлі пәк, таза жер. Ол жер өзін жыртатын соқаны күтуде. Көлдер мен өзендерде балықтар құжынап жүр. Орман, тоғайы да жетеді. Жаратушы Иеміз бізге сол жерді беріп тұр. Біз онда барып оның даңқына қызмет етеміз» деп асқақтата ақ сапар тілеген-ді.
Міне, немістердің Руське қоныстануы осылай басталған болатын. Екатерина патшайым қоныс аударушыларды ешқандай әскерге алмауды, ешкім де оларға бастық бола алмайтынына, яғни толығымен өзін-өзі басқаруына, әр отбасына шексіз мерзімге 50 десятинадан жер беруге, жолпұлына 500 рубль беруге, шаруашылық жүргізуге, 10 жылға шейін салық салдырмауға уағда берді. Сөйтіп, кең байтақ Ресей империясына екі бағытпен-біріншісі Поволжьеге (Волга бойына-М.К.), екіншісі Украинаның оңтүстік-батысындағы Днепрдегі Хортица аралына қарай атқа, ат сүйреткен арбаға мінген қарақұрым қоныс аударушылар аттанып кетті.
Украиндар меннониттерді бұрын ешқашан естіп-білмеген, көрмеген бір ғажайыптарды көргендей қарсы алды. Олар орысша бір ауыз тіл қатпайтын үстіне сюртук киген мұртты еркектерге, ерте заманның тақия тәрізді жұқа бас киімі мен алжапқышы бар қара көйлек киген қатындарға қиял ғажайып ертектердің кейіпкерлерін көргендей қайран қала қарады. Меннониттердің үй салғаны тіпті, таңдандырды: олар үй салатын бөліктегі ағаштың биіктігінен әлдеқайда аласа қып салады екен. Сосын оның айналасындағы ағаштарды кесуге болмайды. Себебі, оның ол жерде өсіп тұруы Құдайдың еркінде екен.
Ал егер олардың бұл қауымы далалыққа қоныстанатын болса, ол жерге дереу ағаштар еге бастайды. Учаскелер арасында ашық көше қалдырады да ондағы ағаштардың бірер жылдан соң сая, көлеңке болып тұруын да есепке алады. Олардың әр ауылында бар-жоғы 20-40 аула ғана болады да әрқайсысында шағын шіркеу мен мектеп салынады.
Меннониттердің мектептері де өздерінің ежелгі әдет-ғұрпының негізі іспетті. Бұл үрдіс бойынша ата-аналар жұмыс істей жүріп, балалардың бәрін бірге және бірдей тәрбиелейді. Балалар 5-7 жастан бастап мектепке бара береді. Онда оларға жазу-сызу мен бірге математика, катехизис оқытылады. Мектеп жас баланың тұрақты дүниетанымын қалыптастыруы керек. Яғни, ол алдағы тұрған, үлкен шара – шоқынуға даярлықтың кіріспесіндей болуы шарт. Сондықтан бұл мектептер шіркеумен бір мезгілде, колонияның қақ ортасында салынуы керек.
Украинаның құнарлы да берекелі жері шынымен де олар үшін нағыз арман мен қиялдың жүзеге асқан мекеніндей болды. Жеп-жеңіл, құп-құрғақ майда желі қандай?! Толқып жатқан Днепрдің ерке толқыны ше?! Айнала толған ірілі-ұсақты көлдер мен көлшіктер. Топырағы құнарлы алқапта көп ұзамай егістік жайқалып, бидайдың сап-сары масағы пісіп, күнбағыстар дәнге толы басын көтере алмай жерге жеткенше иіліп тұратын болды. Өзендер мен көлдерде балық асыр салып жатады.
Колонияшылардың балалары да көп болды. Оларға енді жер беру тоқтатылды. Дегенмен, неміс халқына тән еңбекқорлық пен құнттылықтың арқасында олар көп ұзамай-ақ өздеріне жетерлік қаражат жинап, жергілікті помещиктерден жер сатып алатын дәрежеге жетті. Голландтық желдиірмен, будиірмендер, ағаш кесетін цех, ауылшаруашылық шеберханаларын алып алды. Олар салған үйлер ғасырлар өтсе де міні құрымайтын берік болатын.
Ойын-той, мереке-мейрамдар дүркіреп өтіп жатты.
Екатерина патшайымнан кейін таққа отырған 1-ші Александр патша қоныстанушыларға бұрынғыдан да тартымды жеңілдіктер жасады. Украинаның оңтүстігіне тек меннониттер ғана емес, өзге де протестанттық ағымдар өкілдері, тіпті католиктер көшіп келе бастады.
Ал 1844 жылдан бастап Жаңаресейдің жерлерін игеруге тіпті, жөйттерге (еврейлерге-М.К.) рұқсат берілді. Бұл бұрын ешкім сене қоймайтын әңгіме болатын.
Бірақ жөйттер немістерше жер игеруге олақ болып шықты. Олар жерде емес адамдары көп мекендерде пұл табуға икемді екенін көрсетті. Олардың колониялары сондықтан құлдырап, қайта-қайта шығынданып қала берді. Сосын оларға жергілікті христиан шаруаларды үш жылға жұмысқа жалдап алуға тағы да рұқсат берілді.
Дегенмен, бұл жаңа амалдан да жарытымды нәтиже шыға қоймады. Дау-дамай, жанжал басталды. Сөйтіп, 1-ші Николай патшаның 1847 жылғы наурыз айында бекіткен шешімі өз күшіне енді. Еврейлерді жер өңдеумен мал шаруашылығын меңгеруге үйрету және үлгілі шаруашылықтарды көрсету үшін он еврей отбасына бір неміс отбасы есебімен еврейлер мекеніне немістерді тартуға рұқсат етілді. Еврей қоныстарына көшіп баруға тілек білдіргендерге қосымша қырық десятина жер, ұзақ мерзімге салық жеңілдігін пайдалануға және сол еврей қоныстарына өз мектептері мен селолық әкімшілік ұстауға құқық берілді. Шын мәнісінде еврейлер немістердің басқарунына көшіріле бастады. Солай бола тұра, еврейлер оған ешқандай реніш білдірген де жоқ.
Сондықтан да 1850 жылдың бас кезінде Хортицадан Новороссияға елу мыңға жуық неміс отбасы көшіп келіп еврей колонияларына қоныс тепті. Бұл қоныс Луганскіден басталып, баяғыда Екатерина патшайым өзінің атышулы шойын қорыту зауытын салдырған Гуляйпольск уезінің Новозлатопольесіне дейін созылып жатты. Ақыр-аяғында немістер еврейлердің қоныстарынан егістікке, тағы басқа да қажетті шаруаларына арнап жер сатып ала бастады. Ал еврейлер мұнда сауда-саттықпен, айырбастаумен, ұсақ-түйек заттар жасаумен айналысу қиын болғасын басқа тірлікпен айналысу үшін қалаларға көше бастады.
Бірте-бірте қауымдастық мектептерінде орыс тілінен дәріс беріле бастады. Жаңа буын ұрпағы осындағы ортаға бейімделіп, тез көндіге бастаса да олар өздерінің дінін де, ұлттық та болмысын да жоғалтқан жоқ.
Бұл қауымдастықтардың көпшілігі ашық алаңқайларға, сосын шоқ тоғайлы жерлерде орналасқан қалың бөренелерден, берік қызыл кірпіштен, яғни қыштан салынған үйлері бар, дуалдары биік, міндетті түрде шіркеуі мен мектебі, диірмені, ұстаханасы, сыра қайнататын цехы, май шайқайтын ісханасы бар, көшелері қалың ағашпен көмкерген, өрік, шие, бағы бар жанға жайлы өмір ордасы болды. Әр шаруашылықтың он шақты жылқы, сиыры, шошқасы мен үйрек, қазында тіпті, есеп жоқ еді.
Немістер қалың қарлы қыс айларында да іссіз қол қусырып отырмайтын. Олар ең болмағанда бірнәрселер тоқып, тері илеумен айналысты. Рождество күні түнде жаппай тысқа шығып аспаннан алғашқы жұлдызды әрқайсысы бірінші болып көруге таласып шуылдасатын. Сосын түнгі ғарыштан жылт-жылт етіп тұрған бір жарық ноқатты тауып алып сол жұлдыз өзінің киелі сәулесін осы тұрғандардың әрбіреуіне жіберіп жатқандай қарһәллази күй кешісіп, мәз болатын еді.
Бұлар мейрамдарда балаларға алуан түрлі сыйлықтар даярлайтын еді. Біреулері маскарадтың өзгеше киімін киіп алып балалардың өтірік айтқандарын мойындатып, оған бал қосылған пряник пен түрлі-түсті мұзкәмпит беріп қарық қылатын.
Ал балалар да қу. Олар өздерінің жасамаған «күнәсін мойындап» сыйлық алуға тырысады.
Генрих Рейзвихтің үй-іші Хортица аралынан Новозлатопольедегі нөмірі бірінщі еврейлер колониясына алғашқы лекпен көшіп келген-ді. Содан бері қаншама өзгерістер болды десеңші! 1871 жылы колонистердің шетелдік қоныстанушылар деген статусы алынып тасталды. Мұндай адамдар әскери міндеттіліктен босатылмайтын. Бірақ оларға осыған орайлас қызмет ойлап табылғанымен тұрғындардың біраз бөлігі жүз жылдан астам тып-тыныш та тәп-тәуір өмір өткізген мекендерін тастап, арбаларын сүйретіп жаңа «ғажайып жерлер» іздеп босып кетті. Олардың біразы Солтүстік Америкаға, енді біреулері хан сарайын салуға Хиуаға аттанды. Айтпақшы, бұлардың әлгі әскерге алынатындарын қолына мылтық ұстамайтын орманшы және өрт сөндіруші бөлімшелерге жіберетін еді.
Немістердің енді біразы осында қалды. Бұлар келгелі екі ұрпақ ауысқан екен. Сөйтіп, осында кіндік қаны тамған немістер үшін Ресей туған жері, Отаны сияқты болып кетті. Генрихтың өзі қолына бірде-бір мәрте винтовка ұстап көрместен Ресей әскеріне төрт жыл өмірін берді де 1907 жылы Новозлатополье қауымдастығына келіп қосылды. Қоңырқай көздері өте ойлы, қалың күңгірт түсті шашы бар, жүзі жарқын, мұрты қатты ширатылған көрікті жас жігіт. Таныстары мен туған-туысқандарын әскери киіммен аралап шыққасын-ақ көйлектің сыртынан жилет пен бешпет киім шіркеуге барып Құдайға құлшылық етті. Колониядағылар соның арасында ол жақында үйленеді екен деп сыпсыңдасып жатты.
Оның есімі Шарлотта! Көздері ойнақтап тұратын, сары шашты он сегіздегі ажарлы бойжеткен. Өте тартымды, ал еріндері де әсем жиектеліп бояп қойғандай, жүзі алаулап күлімдейді де тұрады.
Үйіне құда түсуге кісілер келгенде ол екі беті бұрынғыдан да албырап қып-қызыл болып шықты. Өзі Генрихті сырттай өте ұнататын. Неткен кісі қызығарлық күйеу! Оның үстіне көзін ашқалы колонияда тұрып үрдіс-салттың «жеті атасынан» хабардар қыз күйеу мәселесінде жолы болғанына дән разы-тұғын. Өйткені, бірде болмаса бірде оны он баласы бар шалға беріп жіберуі де әбден ықтимал ғой.
Меннониттердің салты бойынша құдалықтың екінші кезеңі шіркеуде өтті. Мұнда пастор ұзын-сонар уағыз айтып дұға жасап болғасын Генрих пен Шарлоттаны ерлі-зайыптылар деп мәлімдеді.
Генрих өмірінде алғаш рет сонда, шіркеуде ғана қыздың қолынан ұстап, қолына қолы тиіп еді. Ал Шарлотта ше! Осыдан кейін өзіне анасының бұған шейін жасап көрмеген әдеттен тыс ерекше қамқорлығы мен елжіреп тұрған нәзік бір емеурініне бөленіп те, түсініксіз бір толқыну мен тебіреніп, өзгеше бір қалың ойға беріліп отырып Шарлотта өзінің тойкөйлегін тігіп те қойды. Меннониттерде ерлі-зайыптылардың ажырасуы деген мүлде жоқ дерлік екенін білетін ол енді қашан бұл дүниеден өткенше осы еркекпен өмір өткізетінін іштей мойындаған еді
Бұл тойға бүкіл колония дайындалды. Таңертең Шарлоттаның шашына балауыз бен гүлдерден жасалған сәукеле кигізді. Далада жаңбыр сіркіреп тұрса да ол тек көйлекшең жүрді.
Бұл оның өзінің осынау бір салтанатты сәті, қалыңдық киіміндегі келбеті жұрттың есінде сақталып қалсын деген ойы болатын. Қызын жаңа өмірге аттандырып салғалы жүрген тума-туыстар күйменің жан-жағын гүлге толтырып, жегілген аттардың ноқта, жүген, ер-тұрманына шейін безендіріп тастады. Күйеуі екеуі осынау сәнді ашық күймемен қоныстың көшелерін аралап, жұрттың бәрі бұларды құттықтап, гүлден шашу шашып жатты. Балалар күйменің соңынан қалмай шапқылады да жүрді. Жаңбыр жауып екеуінің де тұлабойлары шылқыған су болды. Генрих бет-аузы түгел су-су болып, сәл тоңазыса да еш сыр берместен сабырлы қалпынан бір тайған жоқ.
Түс ауа бәрі той дастарханының басында отырды. құттықтау сөздер айтылып, көп балалы, бақытты отбасы болыңдар деген ақ тілектер айтылды. Ақырында сағат 22 ні соққанда Шарлоттаның басындағы гүлтәжін шешіп, оның орнына орамал тартылды. Қыз жасауы тапсырылды. Сосын жұрттың бәрі күйеу мен қалыңдықты оңаша бөлмеге қалдырып тарқасып кетті. Ол қыздық дәуренмен қоштасып, бақытқа бөленіп ең ақырғы рет жақсылап тұрып жылап алғысы келді.
Келесі күн тойға жалғасқан жоқ. Тек жақын-жуықтар келіп шәй ішісті. Шарлоттаның жасауы тәп-тәуір болды. Мал-мүлік, үй-ішінің керек-жарақтары, «Зингер» тігін машинасы дегендей… Жас жұбайлардың тек жеке меншік жері ғана жоқ-ты. Кенет қайынатасы орнынан тұрып:
– Осыдан 250 шақырым жерде Шекефельд (Жайлы алқап. – М.К.) деген колониясы бар. Ол да Екатеринослав губерниясына жатады. Сонда немістерге қырық сотоктан жер берілуде. Ол бір өте жайлы өлке. Жез шығарылады. Ал жас отау! Енді сендер сонда барыңдар! Сонда тұрып бала туғызып, бала туып, ұрпақ өсіріңдер, қауым болыңдар, – деді.
Олар аттанып кетті!
Бұл Луганск аймағы Новозлатополье сияқты далалық емес. Орман-тоғайлы, бұйратты, терең-терең сай-саласы мен жыра-жылғасы көп, жарқабақтары сонадайдан әппақ боп көрініп тұратын бор, әк шығаратын кен орны бар. Әлі адам аяғы баспаған, шөбінің биіктігі белуардан жоғары, масағы пісуге жақындап иіліп тұрған қара бидай. Солтүстік Донецкінің құйылысына жақын жер, сосын мұнда қалың қаудың астында ерте заманда қазылған шахта бар. Доброполье колониясы дегеніңіз оңтүстіктен солтүстікке қарай тартылған бірнеше түп-түзу көшесі бар жаңадан салынып жатқан құрылыс алаңы деуге болады. Топырағы өте құнарлы болғандықтан жақында ғана егілген жеміс ағаштары енді бірер жылда өнім беріп, әсем баққа айналары сөзсіз.
Генрих пен Шарлотта екеулеп жүріп баспана салуға кірісті. Карерден арбамен біресе саз, біресе құм мен тас тасып тыным көрер емес. Орманнан ағаш кесіп әкеледі. Үйдің іргетасы енді ғана құйылып болса да Шарлоттаның қиялы көкті кезіп жүр. Көп ұзамай шарбақтың ішінде бұлардың балалары шулап жүретін болады. Осы үйде Генрих екеуі әбден қартайғанша тұратынына сөз жоқ. Ал үй ше? Әдемі оюлы қақпағы бар үлкен терезелер оңтүстікке қарап тұрады. Терезенің етек тақтайында әдемі гүлтостақта хош иісті гүл жайқалып тұр, жұп-жұқа шілтерден тігілген пердені самал желпіп қояды, төбесі әппақ әкпен ақталған. Сап-салқын тас жертөле. Дәліздің сол жақ бетінде ас-ауқат қоятын қойма, одан әрі голланд пеші бар асүй, терезе түбіне қойылған керует пен тағы бір тақтасы бар бөлмеде балалар жататын болады. Аппақ төсек жапқыштар дегендей…
Сосын қабырғада бұлардың бабалары баяғыда Германиядан әкелген көне жарсағат тырс-тырс етіп бұлардың бақытты ғұмырының әр секундын ескертіп тұратын болуы керек. Айтпақшы, кейбір фотосуреттер жарсағат сияқты жарда ілулі тұратын болады.
Ол өзі қашанда бұл үйді мұнтаздай тап-таза етіп қоятынына күмәні жоқ. Балалар кір аяқтарымен үйге кіріп кетпей тұрып аяқтарын сүртіп өтетін дәліз төсеніші де жаюлы жатады.
Екеуі жұмыс істеп жатқанда бұл ара-тұра білдірмей көзқырымен күйеуіне қарап-қарап қоятыны бар. Күйеуіне жәй емес сүйсіне қарайды. Ал ол келіншегінің өзіне осылай байқатпай қарайтынын сезетін. Сезетін де ол да кейде бұған қарап көзі мен ерні қосыла күлімдеп, маңдайының терін сүртіп қоятын.
Не айтары бар, ол бір ертектей ғажайып күндер еді ғой!
Олар таң қылаң бергеннен күн ұясына әбден батқанша жұмыс істеп тыным таппайтын. Ал жексенбі күндері екеуі шіркеуге барып ғибадат етіп қайтады. Жақында ғана салынған шіркеудің ішіндегі ағаштан қиып құрастырған қабырғаларынан шығатын ағаш исі қандай десеңші?! Олар ғибадат етуді әуелі әнмен бастап, сосын орындыққа қатар отырып пастордың уағыз ғибратнамаларын тыңдайды. Күйеуі сөйтіп отырып бұның қолын өз алақанына салып қысып-қысып қоятынын қайтерсің?! Сондай жексенбілік кештерде екеуі есік алдындағы орындықта алаулап батып бара жатқан күнге, күнбатысқа сондай бір пәкизат пейілмен үнсіз ұзақ қарап отыратыны да есте. Ой, дүние-ай, ол кезде бұларға мына жарық дүниедегі өмір ұдайы осылай мейірімін төгіп тамылжып тұра беретіндей көрінетін еді-ау.
Не айтатыны бар, жаңадан шаңырақ көтерген екі жас бір-біріне деген жалын атқан махаббат отының лаззатына, жас отаудың тынымсыз болса да ынта мен ықыласқа толы тірлігіне малтып жүріп сол кездің өзінде-ақ дүниеде ешкімнің еркіне бағынбайтын бір аласапыран сапырылыс басталып келе жатқанын сезген де жоқ.
Олар, тіпті, өздерінің қауымдастығында тұратын еврейлердің әлдебір жаманшылықты сезгендей өз фамилияларын, аты-жөндерін украиншаға неге ауыстырып жатқанына да назар аударған емес.
Бұл кезде сонау қиыр күнбатыста қаһарлы бір қап-қара жел ме, дауыл ма бір бәле көтеріліп, аспан түнеріп, қарақошқыл үрейлі бұлттар шығып солардың арасынан жиі-жиі найзағай жарқ-жұрқ ете бастаған еді.
Еуропада жақында жер-дүниені астан-кестен қып, осынау жаймашуақ жадыра өмірдің ұйқы-тұйқысын шығаратын соғыс сұрапылы жақындап қалды. Бұл соғыс бүкіл әлемге атеизмді таратады. Батыс елдерінде шіркеулер жәй әлеуметтік ғимараттарға айналдырылады. Ал Ресейде священниктер өртенген храмдардың алдында өсіп тұрған алма ағаштарына асылып қойылады.
Екінші жаһан соғысы бірінші жаһан соғысының тікелей жалғасы болды. Сөйте тұра, жер үстіндегі қу медиен Далада жатқан қазақтарға ұқсап, мұндағы Добропольенің халқы соғыс алдындағы күрт өзгерістерді көре тұра оның бізге еш қатысы жоқ деген ойда болды. Неміс Рейзвихтің әулетіндегілер де, Молдарахметтей кемеңгер қарттың әулетіндегілер де жұмыр жердің әр пұшпағында өмір сүріп, әрқайсысы өз тірлігімен күнелтіп жатқан пенде атаулының бәріне ортақ қасірет пен қайғыға, аналардың аһ ұрып жоқтауы мен сәбилердің шырқыраған үніне толып, аспан асты күңіреніске толы тозақы заманға таянып қалғанын сезе қойған жоқ-ты.

(Жалғасын «Таңшолпан» журналынан оқи аласыздар)

Пікір қалдыру