Шариғат: Ойланбай илан – десе,
Мен:
Илану үшін ойлаймын.
Абай.
Екінші тарау: СЕГІ3 СИФАТ, БІР СЫР
I.1. Жар – Алла, Алла – Жар. Шындығында да, осы игі ихсанды мүсілім, соның ішінде сопылар, неге мәңгілік ессіз ғашық зауықты күйде жүреді. Неге соншама ынтызарлықпен, «ойланбай иландырып», ой-еркіңді билеп, жан-жүрегіңді баурай исіндіріп: «Сағынса да, сарғайса да, қорлық пен мазағын ризалықпен» (Абай) қабылдайды. Неге: «Аспанда Ай менен Күн шағылса да» онсыз көңіл-айнасына жарық түспейді. Неге онсыз тағат та, «сабыр да, рақым да, қалам» (сөз) да жоқ? Сонда, Онсыз жанын жұбата да алмайтын таңғажайып Ғайып-Дидардың иесі кім және оның сыр (құпия)-сифаты қандай? Абайдың осы зауық-күйді:
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда Ай менен Күн шағылса да.
Дүниеде, сірә, сендей маған Жар (Алла) жоқ,
Саған Жар (Алла) менен артық табылса да.
Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,
Жар (Алла) тайып, жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды риза болып Жар (Алла) ісіне,
Қорлық пен мазағына табын(л)са да, –
деп еске түсіретін және бір шумақта екі рет, екі шумақты қысқа өлеңде үш рет қайталанатын осындағы «Жар» кім?
Анығы, мүслимдердің де, сопылардың да, Абайдың «қорлығы мен мазағына табылса да» ризалықпен шыдайтын «асық Жары», сөзсіз Ай дидарлы әйел заты емес. Ол – пендешілік сыпат пен әйелдің ажарынан тыс кеңістікті білдіретін мағына иесі.
Ол – Ай мен Күннің шарпысқан жарылыс жарығы да оның қараңғы тұңғиығына жарық түсіре алмайтын, басталуы да, аяқталуы да белгісіз, бастапқы шегі де, аяқталу шегі де шексіз, біздің ақылымыздың өлшемі жетпейтін, одан тыс мәңгілік Һаят кеңістігінің иесі – Жар – Алла, яғни, Алла-Жар. Ол Ғайып-Дидар – Алла-Жардың дидары. Ол сифат – Алла-Жардың сифаты. Яғни, Жар – Алланың бір есімі.
Жар-Алланың, яғни, Ғайып-Дидар Иесінің тоқсан тоғыз сифат-есімі бар, ал Оның сыр-құпиясы Біреу. Ол сыр – Оның өзіне ғана аян мәңгілік жұмбақ күйінде қалатын Тылсым сыр.
Талданатын тақырыптың зауық-ырғағына сай көңіл-күй ауанына бейімделген бұл ишара-емеуірінді сөз тіркестері имам Ғазали мен Абайдың ғұламалық толғамалы-толқулы, лықсымалы-толқынды ойларының ықпалымен қағаз бетіне түсіп отыр. Бұл ұғымдардың астарын олардың ғибырат санифтері мен ғақлият-тасдихтары ашып, әдібін жазып береді. Ал, ой-ырғақ, мәтін мақамын сақтау – сопылық пәлсападағы қағидаға пара-пар әдеп-дәстүр болып табылады. Абай да өзінің «Қарасөздерінде» сол зауықты баяндау дәстүр ауанын ұстанған.
Әсіресе, иман шарттарын талдаған тұстағы Абайдың пайымдауларынан имам әл-Ғазалидің «Тура жолға бастайтын ғибыраттар негізі», «Ақиреттің азығы», «О, перзенттерім», ««Исламның дәлел сөзіндегі кемел адамдар» атты кітаптарындағы рисалар мен фаслдеріндегі (дәлел, түсінік) ой орамдарының ықпалы анық аңғарылады.
Абайдың «Қарасөздерінде» Калам мен Софылық ілімге тиесілі пайымдауларды бір-біріне толықтыра баяндауы да, оның имам әл-Ғазалидің «дәстүрлі сүннит ақидалары мен софылықтың аңсарлы қағидаларының және діни-философия мен адап тілімнің негіздерінің басын қосып жасаған ортақ қағидасының» үлгі-өнеге болып табылады. Абай Калам ілімінің шарты мен Софылық тариқаттың аңсарын астастыра ой қорытады. Алланы тануда – Каламға, Алланың сифаттарын тануда – Софылық тариқатқа, Иман азығын анықтауда – «Ақирет азығына» сүйенген. Бұл тек қана сопылық тариқаттың ғана емес, мұқым ислам ілімінің негізгі мүнәжаттық қағидасы мен тәжірибесін қамтыған, мұсылман дүниесінде энциклопедиялық мағлұмат пен пәндік сыпатқа ие «Бидайат ал-хидайат» (араб тілінде) – «Тура жолға бастайтын ғибыраттар негізі» (Начало наставления на истинный путь) және «Кимийа-йи сағадат» (парсы тілінде, 4 томдық) – «Бақытқа жету әліппесі» атты көлемді тәфсірлерінің жиынтықталған ұйытқысы болып табылады.
Біздің Абайға қатысты талдауларымызда ерекше орын алатын бұл еңбектің қысқаша мазмұнын, әл-Ғазалидің «Ақирет азығының» академиялық басылымын аударып, түсініктеме берген шығыстанушы-исламтанушы А.Хисматуллиннің жүйелеуі бойынша шолақ таныстырып өтеміз.
Бірінші бөлімде, ислам ілімін игерудегі басты талаптың бірі – адап (ғылымды игеру жүйесі, ереже-тәртібі) мәселесіне, Алланың сифаттарына ерекше тоқталады және пәнді игеру тәртібі мен «Алланы еске алу мен жалбарынудың» жорасына назар салады. Егерде Жаратушыны танудың және оның жарлықтарының мазмұны мен расмияттық үйлесімі сақталмаса, онда барлық заңдылықтардың бұзылып, жалған сенім-нанымға, әділетсіздікке, күфірлік күнаға батуға жол ашатыны, сөйтіп, Алланы танудағы қайшылықтарға ұрындыратыны дәлелдер мен фаслдер (түсініктер) арқылы тәфсірленеді.
Әгарәкім, мұндай қайшылықтарға жол берілсе, онда Жаратқан иемнің жаратушылық құқына және ол жаратқан жаратылыстың үндестігі мен үйлесіміне нұқсан келетіні талданып көрсетілген.
Екінші бөлімі, тек қана пенденің өзін-өзі тазарту (муракаба уә мухасаба) жолдарына, сөйтіп күнәдан сақтанудың амалдарына, діни ілімнің дүниелік құрылымына (мироустройства), Әділетті сақтау жүйесіне талдау жасайды. Сондай-ақ, осы бөлімнің бірінші және екінші тарауында тән мен жанның бұзылуы, яғни, күнаға батуы, одан сақтанудың, тазартудың жолдары қарастырылады. Соның ішінде, ағза мүшелерінің, мысалы, тіл мен көздің, пейіл мен пиғылдың, ашу мен кекшілдіктің, қызғаныш пен мақтаншақтықтың, өзімшілдік пен күншілдіктің қалай адамның ниетін бұзып, нәфсісін қоздыратыны жайлы айтылып, «күнәлары» сараланады.
Алланы танудың қисындық реті тән мен жанды тазартудың жолдары туралы имам Ғазалидің «Ақирет азығы» деп арнайы тәфсір жазуы – бұл мәселенің исламиятта аса жоғары маңызға ие екенін көрсетеді.
Ал, Абайдың «Қара сөздерінен» имам әл-Ғазалидің «Зад-и ахират» – «Ақиреттің азығы» және «Аййуха ал-валад» – «Ей, перзанттерім» атты еңбектерінің ұзына сарыны мен баяндау желісінің ықпалы танылады. Әрбір дербес ойын «Ей, перзенттерім!» деп бастаған әл-Ғазали сияқты Абай да, оқырмандарының назарын өзіне аудару мақсатында өзінің «Отыз сегізінші сөзін»:
«Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім! Сіздерге адам ұлының мінездері туралы біраз сөз жазып жәдігер қалдырайын. Ықыласпен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббаттың төлеуі – махаббат…» – деп бастап;
«Енді біліңіздер, ей, перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол – Алла тағаланың өзіндей ниһаятсыз (шексіз) болады», – деп ойын әрі қарай сабақтайды.
Бұл тұрғыдан алғанда, Абайдың «Отыз сегізінші» сөзін пәлсапалық ой мен талдау жүйесі орайына қарап, имам әл-Ғазалидің «Ақирет азығының» үлгісінде жазылған иманның шарты десе де шындықтан алыс кетпейтін сияқтымыз. Өйткені, «исламның бас құжаты» атанған имам әл-Ғазали бұл еңбегін жамиғат қауымның өтініші бойынша, жас шәкірттерге арнап, олардың ұғымына лайықтап, өзге күрделі еңбектерінің һашиясы (конспектісі) іспетті етіп қысқа әрі қарапайым тілмен түсінікті етіп жазған болатын. Ондағы мақсатын имам әл-Ғазали:
«Сонымен, біз, кейбір дін адамдарының өтініші бойынша, «Ихиа улум ад-дин» – «Сенім туралы ғылымның қайт жаңғыруы» (Воскрешение наук о вере) мен «Кимийа-йи сағ`адатты» (парсы тілінде) – «Бақытқа жету әліппесін» ауырлау қабылдайтын қарапайым қауым үшін «Ақиреттің азығы» атты осынау шағын таснифті (шығарманы) жаздық. Алайда, біздің араб тілінде жазған «Бидайат ал-хидайатты» (араб тілінде) – «Хақ жолына бастайтын ғибыраттар негізі» атты еңбегіміздің көлем-мазмұны оларды толық қанағаттыра алар еді. Бірақ, олар: «Бидайат» кітабімен парсылардың да танысып, сол арқылы Алланың разылығы үшін қамданатын жол азығы туралы білгісі келетіндіктерін айтты. Біз бұл кітаптың еш жаңалықсыз және пайдасыз болып қалуынан сақтанып, мұны иман жолына түзу бастайтын ұстанымдармен толықтырдық. Сондықтан да, бұл кітапта ақиреттің азығы толық қамтылу үшін Аллаға жалбарын жолдарының қисыны (теория) мен тәжірибесін біріктіре баяндадық», – деп түсіндіреді.
Абай да тура осы мақсатты көздеген. Кезінде көпшілік арасында қолжазба ретінде «Ғақлия» немесе «Ғақлият тасдихат» – «Кітап тасдиқ» деген атпен кеңінен тараған «Отыз сегізінші сөздің» жазылуы себебі мен таралу жағдаяты соны анық растайды. Ол туралы Абайдың немересі Уәсилә Мағауияқызының:
«Әкем балаларды жеті жастан сегізге шығарында оқуға беретін. Еркек балалармен қабат қыздарын да оқытатын. Мен де сегіз жасқа шығарымда оқыдым. Ол кезде молда балаларға дін оқуын оқытатын, қазақ тілінде кітап жоқ болатын. Сондықтан балалардың ойы, дүние тануы кемсін болады – деп әкем көп айтып жүрді. Әлі есімде, бір күні біздің оқып отырған үйімізге әкем келді. Әдеттегідей бәріміз орынымыздан тұрдық. Әкем айнала қарады да: «Отырыңдар!» – деді. Біз отырып жайғасқаннан соң молдаға қарап:
– Балаларға мына бір кітапты әкелдім, осыны көшіріп көбейтіп, бала басына бірден таратып бер. Бүгіннен бастап осы кітапты қоса оқыт, – деді.
Біз қуанып кеттік. Әкем үйден шыққан соң, молда әлгі кітапты алды да, бас жағын оқыды, кітап қолжазба екен. Біз ол кітапты көшіріп алып, оқи бастадық. Басқа кітаптарға көп көңіл бөлмейтін болдық. Өйткені, бұл жаңа кітаптың тілі ұғымды, сөзі түсінікті, ыңғай ақыл айтып отыратын жақсы кітап болды. Кейіннен байқасам, сол кітап әкемнің «Ғақлия» атты қара сөзбен жазған кітабі екен. Біздің молдадан бұл кітапты естіген басқа молдалар келіп көшіртіп алып, өз шәкірттеріне оқытып жүрді», – деген естелігі соған толық дәлел.
Ендеше, Абай да рухани ұстазы әл-Ғазалидің үлгісін ұстанып, иман жолын түсіндіріп, шәкірттердің «жол азығын» қамдау үшін қолына қалам алған.
Біздің мақсатымыз, даналардың ойын жарыстырып, олардың даналық пікірлерін бақастыққа бастау емес, керісінше, ұлылардың бір-бірінен алған білім нәрінің тамырластығын көрсете отырып, Абайдың таным деңгейінің биіктігін таныту және оның ғұлама ретінде өзіндік пайымдау ерекшеліктерін аңғарту. Көкбай ақын айтқандай:
«Абай шын мағынасында мұсылман еді… Жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің барлығын да білетін», – деген пайымының растығына қауымның назарын аудару.
Өйткені, әр кезеңде Абай туралы айтылған қағыс және қаңқу сөздердің дені оның осы білім деңгейіне деген сенімсіздікке қатысты болып келеді. Қанша сабыр сақтап: «Ит үреді, керуен көшеді» деп көмпістік танытқанымызбен де, бұл – қаперсіз қалдыруға болмайтын, намысқа сын қасиетсіз пікір болып табылады.
Біз, көлденең сөзді былай ысыра тұрып, енді ұлы ғалым, «исламның Басқұжат кепілі» имам әл-Ғазалидің «Ақиреттің азығы» мен қазақ ой-санасының Бас кепілі Абайдың «Ғақлия», яғни, «Отыз сегізінші сөзіндегі» Алланы тану, таным баспалдақтары, қисын мен тәжірибе туралы пайымдауларын салыстыра пайымдаймыз. Екеуі үшін де: Алла – бір. Құран – шын. Мұхаммед оның елшісі. Яғни, ешқандай ауытқуға болмайтын қасиетті бір қағидамен бекітілген тақырып. Тек, ойлау қабілеті мен ой жүйесі, түсінуімен түсіндіруі, жазу мәнері мен ғибыраттарды арнап жазған оқитын қауымы ғана басқа.
I.2. Хақтың «затия, субутия уә фиғлия сипаттары». Ең бірінші Алланың жаратылыс сифаты туралы міндетті түрде мойындалуы тиіс, сол арқылы иман азығынан дәм татуға ұмтылуға жол ашатын басты мінәжат – Жаратқанның сифаттарын танып-білу мен еш күмәнсіз мойындау. Алла тағаланың құдіретті мән-мазмұнға ие сифттары туралы Абай «Отыз сегізінші сөзінде» :
«Сіз «Әмәнту билләһи кәма һуә би әсмәйһи уа сифәтиһи» (Мен Аллаға, сол сияқты Оның есімдері мен Оның сипаттарына иман келтірдім) дедіңіз. Ол исмуллалар (Алланың есімдері) һәмма Алла тағаланың фиғыл ғазимдерінің (ұлы істерінің, ұлы әрекеттерінің) аттары, олардың мағынасын біл, һәм сегіз сипат затиялары (Алланың өзіне тән, өзіне лайық заттық сипаттары) не деген сөз, (соны) кәміл үйрен. Өзіңді Оның құлы (деп) біліп, өзіңе муслим (мұсылман) ат қойып, (өзіңнің) тәслим (иланушы, мойындаушы) болғаныңа рас (сенімді) боласың (да). (Енді) Өз(іңнің) пейілдеріңді Соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл.
Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе. Ұқсамақ – (Онымен) дәл бірдейлік дағуасыменен емес, соның соңында болмақ. Оның (Ол) үшін Алла тағаланың сипаттары(н біл, олар): Һаят (Мәңгілік тірі, яғни, мәңгілік өмір иесі), Ғылым, Құдірет, Басар (Көру, яғни, бәрін көріп отырушы), Самиғ (Естуші, яғни, бәрін естіп отырушы), Ирада, (Қалау, Еркі өзінде), Калам (Сөз), Такин (Жаратушы, Барлығын, яғни, жоқты бар етуші). Бұл сегізінен Алла тағаладағыдай кәмаләт-ғазимәтпен (кемелдікпен) болмаса да, пендесінде де (сол сифаттардың) әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты. Жә, біз өзіміздің бойымыздағы сегіз зәррә (зәредей, кішкентай) аттас (сондай-ақ қана) сипатымызды ол Алла тағаланың сегіз ұлық сипаттарына(н) бас бұрғызып, өзге жолға салмақпен (салғанменен), біздің атымыз муслим бола ала ма? Болмаса керек», – деп жалпылама таныстырмалы мағлұмат береді.
Бұл ‒ талдауға жатпайтын, сөзсіз мойындалуға тиісті ақиқат қисыны. Онсыз жиған тән мен жан азығының бәрі күфірлік һарами азық.
Ал, сол сифаттардың құбылысы мен өлшем-таразысы, тұрақ-мекені туралы имам әл-Ғазали өзінің «Ақиреттің азығы» атты тәснифінің бастауында, яғни «Бірінші сөзінде»:
«Ол өзінің мәні бойынша субутия да (субстанция, жауһар) емес және кездейсоқ құбылыс та емес. Ешқандай дене оған сай емес. Ол ешнәрсеге ұқсас та емес. Оған ешнәрсе де ұқсамайды. Онда түр (форма) де жоқ. Сапа мен сан деген ұғым Оған сай емес. Ол сапа мен санға тиесілі барлық есептен тыс және таза. Өйткені, барлық сапа атаулының өзін Оның Өзі жаратқан, ал Ол Өзі жаратқан нәрсесінің ішіндегі сапа күйінде бола алмайды. Сонымен қоса, Ол ‒ елестете және өлшей алатын құбылыстардың барлығын өзі жаратқан. Оған: аз, не өлшеусіз көп деген кез-келген өлшем жүрмейді, өйткені ‒ оның барлығы ғаламдағы денелердің ішіндегі өлшемдер. Ал Ол ‒ дене емес және еш бір денеге қатысы жоқ. Ол ‒ жоғарыда да, төменде де, онда тіпті мекен де жоқ ‒ Лә-макан. Сондықтан да, Ол ешқайда тұрмайды және ешнәрсенің ішіне сыймайды» , – деп түсіндіреді.
Абай имам Ғазалидің бұл ойын «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты өлеңінде:
Мекен берген, халиқ қылған ол лә-мәкән (мекенсіз)
Түп иесін көксемей бола ма екен?
Және оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?–
деп тәфсірлеп береді:
Абай өлеңдегі өзінің осы пікірін «Қарасөзінде» одан әрі дамытып, «исламның құжат кепілінің» пікірін:
«Құдай тәбәрәкә уә тағала (игілікке бастаушы ұлы Алла) кітаптарда сегіз субутия (Алла Тағаланың өзіне тән айғақты сифаттары) сифаттарымен, уә (және) тоқсан тоғыз Әсмәи-хуснәлермен (көркем, яғни, көркем бейнелі, көркем сыптты мағыналы аттарымен) білдірген. Бұлардың һәммасы (барлығы) Алла тағаланың затия, субутия уә фиғлия сифаттары-дүр»,– деп үстемелей қостайды.
Ал, имам әл-Ғазали «Ақиреттің азығында»:
«Ол қазір де Ұлы Тақты (Арышты) жаратқанға дейінгі қалпынан өзгермеген. Өйткені, ол өзгермейді және өзгеге айнала да алмайды, өйткені, егерде оның өзгеруі кемелсіздікпен (несовершенством) байланысты болса, онда Оның өзі де Кемелсіз болып шығар еді, ал ол тіпті де мүмкін емес, өйткені, Аллаға кемелсіздік келіспейді. Егерде бұл мәселе кемелденуге қатысты болса, Ол кемелденуге мұқтаж болса, онда Ол бұрын Кемелдікке жетпеген болып шығады. Демек, Ол ‒ Жаратушы емес, Жаратушыға мұқтаж болғаны. Мұндай сапалық деңгейдегілерге Жаратушы болу жараспайды», – деп ескерту жасайды.
Міне. Осындай күдік-күманнан ада, кемел, хикметпен, өзіндік ерекше сифатпен және бүкіл тіршілік атаулының, соның ішінде адамзаттың тағдыр-талайын анықтайтын:
«Алла тағаланың затия, субутия уә фиғлия сипаттарына» ие, сегіз сифаттан тыс (Мысалы, Көру, Естіту, Сөз, Жарату) өзге сифаттары (Мысалы, Рахман (Қамқор), Рахим (Рақым), Ғафур (Кешірім), Уадуд (Сүйкімді), Хафиз (Қорғаушы), Сәттар (Айыптан ақтаушы), Раззақ (Ырыздық, Қызық көрсетуші), Нафиғ ( Жарылқаушы: нәфақа, ырыс, пайда беруші), Уәкил (Басқарушы, реттеуші), Ләтиф (Кіршіксіз,Таза) «оған шарх» (түсінік, мағына, қимыл, себеп-салдар беретін), бойында сол сифаттардың екеуі – ғылым мен құдірет бірлік ретінде сыпат беретін, Қалау-Ерік сифаты өзін бар етіп жаратқан, қалған алтауының (ғылым мен Құдіреттен басқа) бірі – Һаят, яғни, тірілік.
Ғылым болса – Қаламақ (Жарату) бар, Жарату болса – Құдірет бар, екеуінің бірлігі – Һаят екені мәлім».
«Бұлардың барлығына харакет беретін Оның Өзі. Пендесінде ақылды – үкімші, қайрат, қуатты – қызмет қылушы берді». «Құдай Тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, у» (және) ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф (міндет)қылмады (жүктемеді). Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар…». (Мысалы) «Жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі – хайуандарды жаратты, жанды хайуандардан пайда алатұғын – ақылды инсанды (адамды) жаратты.
Сондықтан да, «Ғұмыр өзі (де) – хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда (ол жерде) кәмелет (кемелдік те) жоқ»
Сондықтан да, «біздің ауамға, ғылымға махаббаты барларға парыздарды білмек (үшін) ыждағат лазым, сіздер әрбір амалды – ізгілік деп қыласыз, ізгілікке бола қасд (талап) етіп, ниет еткеніңіз».
Барлық сифаттардың харакет бірлігі болып табылатын Һаяттың, тірліктің, яғни, ғұмырдың, өмірдің мән-мазмұны, міндет-мақсаты, ихсаны мен ілхамы – Жаратқанның өзге сифаттарын тәфсірлеу барысында ашылатындықтан да және жан иесі бізге де етене болғандықтан да, оның басты бір міндеті «жол азығы» мен кеңістік өлшемі Ниһаят мәселесін қысқаша ғана қаперге іліктіре кетеміз.
I.3. Ниһаят (извечность) пен Мәңгілік (вечность). Сопылардың танымы бойынша, олардың тәжірибе арқылы мойынсынып істеген тәубәсі мен ғибадатының барлығы да сол Алланың Һаят сифатының дәргейіндегі түпкі кеңістік (рабат, тұрақ мағынасында) – ақирет және ондағы сұраққа жауап – ақиерттің азығы болып табылады. Имам Ғазалидің:
«Сенің барлық ағзаң – ол сенің жамағатың (саған сеніп тапсырылған сенімді мүше). Сен оны қалай күтіп жүргеніңді байқап қарашы өзің. Алланың жаратқан құлдарының ішінде сенімді жамағат мүшесі жоқ ешкім жоқ және солар үшін сұраққа алынбайтын адам болмайды», – деп айтқанында, осы тәжірибемен астасып жатқан үлкен мағына бар.
Және бұл тәфсірдің мағынасы: әрбір зат, қыл аяғы тозаңға дейін Алла жаратқан қасиетті зат, ал ағзаң – саған тіршілік етуге мүмкіндік беруі үшін жаратқан аса қажетті мүше. Сол үшін де оны иманыңмен бірдей қастерлеуің керек және сол ағзаларыңның өзі де, яғни, қазақы тіркеспен айтсақ, он екі мүшең мен алпыс екі тамырың да Жаратқанына деген махаббатпен үнемі егіліп-елжіреп, тәу етіп тұруы тиісті. Сол үшін де Алла тағалам адамға ақыл мен иманды дін, харакет қабілетін берген. Сондықтан да сен әр мүшелеріңнің иманы үшін де жауап бересің – деген ишаратты білдіреді. Мысалы, намаздағы әрбір дене қимылында Аллаға деген құрмет-мінәжаттың рәсімі бар. Имам Ғазали өзінің «Ақиреттің азығы» ғибыратнамасын:
«Ей, қамсыз бейшара, сен – жүріп келе жатқан жолды да, жолыңда күтіп тұрған құмшөлейтті де қаперіңе алмайтын жолаушысың. Сенің бұл құмшөлейттегі алғашқы тұрағың – әкеңнің белі, содан кейін шешеңнің жатыры, содан кейін мына дүниедегі кеңістік, ақырғы тұрағың – бейіт. Бейітке жеткен соң сен құмшөлейтке қадам басасың. Оның қай арадан бітетіні ешқандай жаратылысқа мәлім емес. Құмшөлейтті артта тастаған соң, сен бесінші тұраққа жетесің. Ол – Түлен жазығы. Сол тұрақтан сен өзіңнің мәңгілік мекеніңе, не жұмаққа, не тозаққа барасың… Ниһаят (извечность) – бұл сен жаратылмай тұрғандағы және бастауы жоқ мерзім. Ал, мәңгілік (вечность) – сен бұл дүниеден өткен соңғы мерзім, ол уақыттың соңы жоқ. Сен осы дүниедегі ниһаят пен мәңгіліктің арасындағы бірер күндік өміріңде не бітірдің?.. Бұл өмір саған бір күндік тұрақ (рабат) қана… Әкенің белінен, анаңның жатырынан шығып, ештеңеге алаңдамастан және ешқандай азық алмастан осы тұраққа жеттің. Кім де кім Түлеу жазирасына (Пустыня, равнина Воскрешении) жол азығынсыз (құрбандық малынсыз) және жол серігінсіз кірсе, онда мәңгілік құтылмайтын қинаумен жаны шығады…», – деп бастауы да сондықтан.
Философиялық-рауияттық сарындағы ой ағымына құрылған адамзаттың ғұмыр туралы имам Ғазалидің бұл салыстырмалы фасілінің (дәлел-дәйегінің) ұзына сонар ырғағы мен емеуіріні түсінкті болғанымен, «исламның құжаттық кепілінің» шендестіру орайында қолданған кей ұғымдардың мағынасы мен Абайдың ишара етіп түсіндірген «түйін сөздерінің» ауқым-ауанын салыстыра түсіндіре кетудің реті бар сияқты.
Имам Ғазали өзінің ғибыратнамасында, ниһаят ұғымын:
«Ниһаят (извечность) – бұл сен жаратылмай тұрғандағы және бастауы жоқ мерзім. Ал, мәңгілік (вечность) – сен бұл дүниеден өткен соңғы мерзім, ол уақыттың соңы жоқ. Сен осы дүниедегі ниһаят пен мәңгіліктің арасындағы бірер күндік өміріңде не бітірдің?», – деген мағынада қолданады.
Имам бұл сөзді: шексіздіктен басталып, аяқталмайтын шексіздікке жалғасқан адамзат сапарының кеңістік пен уақы арасындағы шексіз мерзім ретінде баяндайды, яғни, ол – белгісіздіктен басталып, белгісіздікпен аяқталатын өмір мерзімі.
Мұны, қазақтың бейнелі сөзімен, мазмұнын уақыт пен кеңістікке орайластырып, «өліара», «бейуақ», «ант мезгілі», тіпті, «дүние – жалған» деп те шендестіріп қолдануға болады. Ал, Абай «ниһаят» ұғымына сәл «затиялық» сыпат беріп «шексіз, өлшеусіз», «ғайыптық қасиет» деген аяда қолданып, оның өлшемін адамның жаратылыс-болмысына қарай кезге (өлшемге) салады. Мысалы, Абай Жаратушы туралы ұғымның, соның ішінде Жаратқанның сифатының бірі – Қалау-Еркінің өлшемі мен мағыналық кеңістігі туралы:
«Бірі – тәкуин (Барлығын Жаратушы), яғни, барлыққа келтіруші деген сөз. Егер барлыққа келтірмегі бір өз алдына сифат болса, Алла тағаланың сифаты өзіндей қадим (шексіз көну) һәм әзали (ежелден бар) һәм әбәди(мәңгілік) болар да, һәмише (қашанда,үнемі) барлыққа келтіруден (Жаратудан) босанбаса, (онда) бір сифаты бір сифатынан үлкен я кіші боларға жарамайды. Олай болғанда ғылым, құдірет сифаттары секілді босанбай, әр уақыт жаратуда болса, бір ықтиярсыздық шығады. Ықтиярсыздық Алла тағалаға лайық емес. Оның барлыққа келтірмегі – құдіретіне және бір шәрх (себеп, сын). Бұл ғылым (және) құдірет (деген) екі сифатпен сегіз сифат бұзылмастан түгел болады. Ол ғылым (да), құдірет те ешбір ниһаятсыз (мәңгі шексіз), ғылымында ғапілет (қапылық, ғапылдық), құдіретінде епсіздік, я начарлық (шарасыздық) жоқ. Саниғын (өнерін, құдіретін) сунғатына (шеберлігіне) қарап білесіз. Бұл көзге көрілген, көңілге сезілген әлемді қандай хикметпен жарастырып, қандай құдіретпен орналастырған, (оған) ешбір адам баласының ақылы жетпейді. Бірақ пендесін(д)е ақыл – үкімші, қайрат, қуат – қызмет қылушы болушы еді. Соған қарап ойлайсың: Алла тағаланың сифаты (н) да солай болмаққа тиіс. Олай болмаса, сифаттар өз орталарында бірі – тәбиғ (бағынушы, бас июуші), бірі – мәтбуғ (бағындырушы, бас идіруші) болады ғой. Бұл болса, тәғрифи Рәббәға (Раббімнің, Жаратушының болмысына) жараспайды», – деп баяндайды.
Сырт сөздің ағымы мен сұлбасына қарасаң, «ниһаят» сөзін екі ғұлама екі түрлі мағынада қолданып отырғандай сыңай танытады. Алайда, уақыт пен кеңістіктің өлшем бірлігіне салсаң, екеуінің де мағынасы бірдей. Ниһаят – о дүние мен бұ дүниенің, бұ дүние мен о дүниенің арасындағы, басталуы да белгісіз, аяқталуы да белгісіз шексіз болмыс. Ғазали «ниһаятты» – адам өмірімен, Абай, бұл өлшемді – Алланың сифатымен шендестіріп баяндап отыр.
Сонымен қатар, «ниһаят» ұғымы, сөйлемнің мазмұнына бейімделе аударылғанда, орыс және қазақ тілдеріндегі мағыналық тіркесі табиғи түрде өзгеріске ұшырайды. Сондықтан да, араб тіліндегі аясы өте ауқымды әрі терең, ауыспалы, ишаралық, тұспалды, емеуіріндік сыпат беретін «ниһаят» сөзінің түбірі «һаят» – «өмір» екенін ескерсек, онда мұның мағынасы «бейуақ», «беймезгіл», мәңгілік қараңғылық пен ұлы жарылыстың арасындағы қадым мезгілі, яғни, «өліара» деп түйсікпен түсінген абзал. Абай осы «ниһая» «ғымыр» Жаратқан иемнің бойындағы өзі айтып, талдаған сегіз сифаттрына, соның ішінде ғылымға тели пайдаланады.
Ал, «ниһаяттың» шексіздігі туралы бұл ойын «Құдай жолына» бағыттап, енді мұсылмандық шартпен сабақтастыра:
«Енді біліңіздер, ей, перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол – Алла тағаланың өзіндей ниһаятсыз (шексіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің ниһаяттысың, ол жол – Құдайдың жолы емес. Әлемнен жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген, ол – не деген ынсап? Сенен не түрлі болса да: я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан әділет, шапқат (шапағат) секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – Құдайдың жолы. Ол – ниһаятсыз жол, сол ниһаятсыз жолға аяғыңды берік бастың, ниһаятсыз Құдайға тақарруб (жақын) хасыл (серік) болып, хас (нағыз) ізгі құлдарынан болмақ үміт бар, өзге жолда не үміт бар?», – деп жалғастыра пікір сабақтайды.
Мұндағы, екі ғұламаның да айтып отырған жолы – «Құдай тағаланың «ниһаятсыз жолы», имам Ғазали айтқан: «мәңгілік (вечность) жол» – сен бұл дүниеден өткен соңғы мерзім, ол уақыттың соңы жоқ», яғни,ақиретке бастаған жол. Онда ұжмаққа барасың ба, жоқ, тозаққа түсесің бе, ол сол жолда жинаған азығыңа тікелей байланысты. Ғазали оны «ақирет азығы», ал Абай «ақиреттің егіні» деп атайды.
Һаятқа қозғау салған Алланың Қалауы мен болмыс-бітімі, кемелдігі – оның басты сифаттарының бірі болып табылады. Себебі, он сегіз мың ғаламның жаратылуының өзі Алланың Қалау-Еркімен жүзеге асқан. Бұл туралы пікірді Абай де дәйек ретінде ұсынып:
«Егер барлыққа келтірмегі бір өз алдына сифат болса, Алла тағаланың сифаты өзіндей қадим (бар болуының бастауы жоқ, яғни, белгісіз, арғы тегі түпсіз шексіз – деген мағынада), һәм әзали (шексіз ежелгі кезден бар) һәм (және) әбәди (мәңгілік) болар да, һәмише (қашанда, үнемі) барлыққа келтіруден босанбаса, бір сифаты бір сифатынан үлкен, иә, кіші боларға жарамайды. Олай болғанда – ғылым, құдірет сифаттары секілді босанбай, әр уақыт жаратуда болса, бір ықтиярсыздық шығады. Ықтиярсыздық – Алла тағалаға лайық емес. Оның барлыққа келтірмегі – құдіретіне және бір шәрх (айғақ), – деп имам Ғазалидің алдыңғы ескертуін қаперге алады.
Сонымен қатар, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты өлеңінде Абай имам Ғазалидың бұл ойын:
Әмәнту (Иман шартын) оқымаған кісі бар ма?
Уә кутубиһи (Оның кітабіне сенемін) дегенмен ісі бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді Ол сіздерге сөзді ұғарға.
…Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,
Әһли кітап (Кітаби ғұлама) бұл сөзді бекер демес, –
деген жолдармен жеткізеді.
Бұған қоса, Абай, өзінің «Отыз сегізінші сөзінде» бұл мәселе туралы пікірін одан әрі сабақтап:
«Біз Алла тағала «Бір» дейміз, «Бар» дейміз, ол «Бір» демектік те – ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол «Бір» демектік те Алла тағалаға лайықты келмейді. Оның үшін мумкинаттың (жаратылыстың) ішінде не нәрсенің ужуді (болмысы) бар болса, ол бірліктен құтылмайды. Әрбір хадиске айтылатұғын бір қадімге тәғриф (түсінік) болмайды… » – деп арнайы атап өтеді.
Осы арадан барып, Абайдың пәлсафалық-уағыздық пайымдауларының имам Ғазалиден, жалпы ислам ғұламаларының ғибыратнамаларынан айырмашылығы анық танылады. Діни пәлсапа оқымыстылары өзінің таснифтеріндегі әр пікірін, әрбір мысалын, әрбір дәйегін, әрбір дәлелелін, әрбір фаслін (түсінігін), әрбір қорытындысын, міндетті түрде, діни сарындағы мифтік, аңыздық, шариядтық рауияттар арқылы тәмсіл етсе, Абай, оның орынына осы фанилік өмірдегі, адам бойындағы, ұлттың ділі мен діліндегі, тұрмысындағы көріністерді мысалға алып, нақты тіршілікпен байланыстыра талдайды. Жаратқанның сифаттарының ішінен ғылым мен һаятты (тіршілікті) даралай алға шығарады. Бұл, оның «Қарасөздерінің» тек діни-танымдық сыпаттағы мағынаға ие болмай, өмірлік мазмұнға ие боп, адамның адамгершілік сыпаттарының маңыздыларына баса назар аударған һаят философиясы ретінде ырыздығы күнделікті тіршілікке тиесілі рәуішті ой азығын жеткізген, әсері терең туынды болып шығуына ықпал еткен.
Тариқаттағы «ақирет азығын», Абай, тек қана біз түсінетін мағынадағы қиямет күнімен басталатын ақиреттің қамы деп қарастырмайды, оған һаяттық инсан (өмірлік адамгершілік) категориясы ретінде астарлы мағына беріп, тариқаттың талаптарын – игілікті, ізгілікті, адал өмір сүрудің талаптары ретінде мәселе етіп қойып, соны адамның:
Туыс-болмысы, ата-аналық борышы, перзенттік парызы, өсіп-жетілуі, өлім-жітімі, ес-ақылы, ой-өресі, тар-ожданы, әлім-тәрбиесі, салт- санасы, дәстүр-заңы, іс-әрекеті, талап-танымы, ынта-ықыласы, мінез-құлқы, пейіл-пиғылы, ақ-қара ниеті, тараз-тағылымы, әдеп-әдеті, зерде-зеректігі, өріс-өресі, тұйық-ашықтығы, дәрмен-пәрмені, үйі-күйі, күн көрісі, сауда-саттығы, ылдым-жылдымы, салдыр-салақтығы, жалақор-жалқаулығы, мейірім-қайырымы, махаббат-ғадауаты, керенау-кердеңдігі, алым-берімі, сараң-жомарттығы, пайда-зияны, арам-адалдығы, қайырым-қатыгездігі, мінсіз мінезі, кірсіз жүрегі, өтірік-өсегі, пәле-жаласы, күйініш-сүйініші, сүйкімді-сүйкімсіздігі, обал-сауабы, қасиет-кепиеті, қызығу мен қызғанышы, шүкіршілігі мен сабыры, тәуекелі мен тәубесі, қисық-түзу түтіні, есік пен төрі, кереге-босағасы, жайлау-қыстауы, сал-серілігі, немкеттілігі мен неғылайыны, ылдым-жылдымы мен ыржаңы, ерлігі мен ездігі, біліп-білмегеннің парқы, тілеуі мен тілемсектігі, бағы мен бақастығы, кедейлігі мен мырзалығы, алары мен берері, билігі мен бітімі, берекесі мен берекесіздігі, кісілігі мен иттігі, жан жалдауы мен мал жалдауы, ұқсатуы мен шашуы, шындығы мен шырғасы, алдауы мен арбауы, айласы мен амалы, бақ пен соры, тағдыр-талайы, өшкені мен жанғаны, ділі мен діні, бары мен жоғы, парқы мен нарқы, ұяты мен арсыздығы, ауыр-жеңілдігі, жоқтау мен көрісуі, тән азабы мен жан азабы, шешендігі мен көсемдігі, қимасы мен сыйласы, жақыны мен жаты, шабаны мен бәйгесі, бөстегі мен баспағы, әулиелігі мен әуейілігі, әділдігі мен әрекесі, үкіметі мен үкімі, билігі мен байлауы, тағы басқа да мінездері тұрғысынан талдайды.
Бұл орайдан алғанда, жоғарыдағы ұғымдарды Жаратушылық таныммен астастыра, кіріктіре, тіршілікке бейімдей талдау ерекшелігі – Абайдың «Қарасөздерінің» тариқат тәснифшілерінен, соның ішінде «Ақирет азығынан» басты айырмашылығы болып табылады. Яғни, Абайдың сепкені – таза «ақиреттің егіні» емес, адамгершіліктен нәр алып, адал, шыншыл, қайырымды, парасатты өмір сүрудің рух дәні. Имам Ғазалидің «Ақирет азығында» Жаратушыға және оның жеке сифаттары мен құдіреттерінен сабақталатын ой ұшығын Абай өмір құбылыстарымен өзектестіре баяндайды. Біз, тариқатқа кірудің басты һаяти талаптарын келтіре отырып, соны өмірбен байланыстырған Абайдың ойларын дәлел мен дәйек есебінде қысқа-қысқа үзінді арқылы назарға ұсынамыз.
I.4.Ирада-Қалау. Әрине, Тариқаттың басты талабы – Шариғаттың болмыс-танымын мойындап, оған сөзсіз және еш күмәнсіз құлшылық етіп, сол ұстанымды естен ешқашан шығармау. Бұл – Абай айтқан, Алланың тоқсан тоғыз сифатын түгел қамтиды. Ол сифаттардың сегізін Абай бөліп алып, дербес қарастырады. Өйткені, бұл сегіз сифат та адамның өмір-танымымен, тіршілігімен, талап-құлшынысымен, ырыздыққа ұмтылуымен тікелей байланысты. Соның ішіндегі ең шетін және ықыласты мойындауға сенімсіздеу көрінетін, қазақтың, Абай айтқандай: «Е, соның бәрін Алла көріп тұр деймісің?» – деп жиі айтатын мәселе – Ирада, яғни, Алланың: қаласа – бар ететін, қаламаса – жоқ ететін Қалау-Еркі мәселесі. Алланың Жаратушылық құдіретіне күфірлікпен қарау. Егер, Жаратқан иемнінің Қалау-Еркіне сенбесе, онда Алланы да мойындамағаны, демек – құдайсыздың нағыз өзі. Жаратқан ием – Ең Жоғарғы билік, жарлық және жарылқаушылық қасиеттің иесі.
Ол туралы имам әл-Ғазали, «Ақиреттің азығында»:
«Оның билігі ешнәрсеге ешқашанда ұқсамайды. Ол ‒ барлығының билеушісі. Оның билігі мен құдіреті кемелдікке негізделген, оған ешқандай да дәрменсіздік, кемшілік және әлсіздік тән емес. Керісінше, Ол нені жаратқысы келсе, соны жаратты және не қаласа соны істей алады. Жеті қат аспан, жеті қат жер, Аспан тәжі мен Тағы (Арсы мен Күрсі – Т.Ж.), тағы да басқалардың барлығы да Оның билігі мен әміріне бағынады және мінәжат етеді. Ол өзінен басқа ешкімге бағынбайды және мұқтаж емес. Оның Жаратушылық құдіретіне өзінен басқа қатысушы да, көмекші де жоқ», – деп баға береді.
Ал, Абай өзінің «Отыз сегізінші сөзінде» Аллатағаланың Қалау еркі мен құдіретін – Ирада, яғни, Жаратқан иемнің бір сифаты ретінде қарастырады:
«Бірі – тәкуин (қалағанын жаратушы, сондай-ақ, қалағанын жаратады, қалағанын жоқ етеді – деген мағынада), яғни, барлыққа келтіруші деген сөз… Саниғын (шеберлігін) сунғатына (өнеріне) қарап білесіз. Бұл көзге көрілген, көңілге сезілген әлемді қандай хикметпен жарастырып, қандай құдіретпен орнастырған, ешбір адам баласының ақылы жетпейді», – деп түсіндіреді.
Абай, Жаратқан иемнің Қалау Еркін, яғни, Ираданы тек қисынмен ғана қиыстырып қоймайды, өзінің ұстанған қалам дәстүрі бойынша, мына тіршіліктен, ғылым тәжірибесінен мысал келтіріп, Ираданың сырын, оның күнделікті тұрмыстан алатын орынын:
«Бұл сөзіме нақлия (нақылдық, айқын) дәлелім – жоғарыдағы жазылған Алла тағаланың есімдері. Ақлия (ақылмен ойлап тапқан) дәлелім – Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтұғын келісімменен жаратқан, онан (кейін) басқа(ларды), бірінен бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты. Жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі – хайуандарды жаратып(ты), (ал) жанды хайуандардан пайда алатұғын ақылды – инисанды (адамды) жаратыпты. Хайуандарды асырайтұғын жансыздарды (өсімдіктерді) – еті ауырмайтұғын қылып, жан иесі хайуандарды – ақыл иесі адам баласы асырайтұғын қылып, һәм олардан махшарда (қияметтегі адамзаттың жиналатын орыны) сұрау бермейтұғын қылып (жаратыпты). Енді бұлардың һәммасынан пайда аларлық ақыл иесі қылып жаратқан адам баласынан махшарда сұрау беретұғын қылып жаратқандығында һәм әділет һәм махаббат бар. Адам баласын құрт, құс, өзге хайуандар сипатында жаратпай, бұл гөзәлл (келісті, келбетті) сипатты беріп, екі аяққа бастырып, басын жоғары тұрғызып, дүниені көздерлік қылып, өзі хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет қылдырып, аузына қолы ас бергенде, не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп, иісін алып ләззәттанғандай қылып, ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстінен тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нәзіктігінен, зарардан қорғап тұрарлық қылып қабақ беріп, ол қабақтарды жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оны жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойын біреуіне ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмақ қарыз емес пе?» – деп кеңінен шола баяндап береді.
Ал, Абай Жаратқан иемнің Ерік-Қалауы қақындағы ілгеріде тәмсілдеген пікіріне тіршілік харакеттерінен дәлел мен дәйек келтіре отырып, әрбір жаратылысты Алланың не үшін жаратқанына тоқталып:
«Ақыл көзіменен қара: күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен, ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзінде неше түрлі даналарды өстіріп, жемістерді өндіріп, көзге көрік, көңілге рахат гүл-бәйшешектерді, ағаш-жапырақтарды, қант қамыстарын өндіріп, неше түрлі набататтарды (өсімдіктерді) өстіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтар ағызып – өзен болып, өзендер ағып – дария болып, хайуандарға, құсқа, малға – сусын, балықтарға орын – болып жатыр екен. Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер – гүлін, құстар – жүнін, етін, жұмыртқасын; хайуандар – етін, сүтін, күшін, көркін, терісін; сулар – балығын, балықтар – икрасын, хатта (тіпті) ара балын, балауызын; құрт жібегін – һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе жоқ, бәрі – адам баласының таусылмас азығы (болды). Миллион хикметпен жасалған машина, фабрика адам баласының рахаты, пайдасы үшін жасалса, бұл – Жасаушы махаббатпен адам баласын сүйгендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе? – деп ұзақ түсіндірме береді.
Мұндай өмірлік тәмсілдер «Ақирет азығында» және өзге де діни ғибыраттарда кездеспейді. Бұл, Абайдың өзінің «Қарасөзін» барынша көпшілік қауымға арнағанын, діни философияны өмірлік тәжірибемен ұштастыруды мақсат еткенін анық байқатады. Осы пәлсапалық қисын мен өмірлік сыпат беретін баяндардың арасындағы байланысты ашуды көздеген және соған дәлел ретінде келтірген ұзақ-ұзақ үзінділерді осымен тоқтатып, ендігі тәмсілдерде қысқа да нұсқа үзіктерге кезек беретін боламыз. Өйткені «Тариқат» тарауында біз сопылық жолдың «ақирет азығына» қатысты сыртқы сыпаты мен іс-тәжірибе барсында игеруге тиісті қағидаттарының жалпы мазұнымен ғана таныстырып өтеміз. Ал, Иман, Ар-ождан, Ғылым, Инсан, Махаббат, Жүрек айнасы, Ерік-жігер, Жан қуаты мен Тән қуаты, Дидар нәсіп сияқты адамның жан дүниесіндегі рухқа қойылатын талаптар мен пайымдаулар тікелей сол мәселелерді қозғайтын Мағрифат, Ақиқат тарауларында дербес талданады.
I.5. Ғылым. Абайдың исламдық ойлау жүйесі мен өмірлік ұстанымы, тіпті, барлық шығармашылық ілхамының тіні – өнер, білім, ғылым. Қай жастағы туындыларын алсаңыз да, бұл инсан оның көкірек көзі, ақыл-сарасы, ішкі шығармашылық аян аңсары ретінде көрінеді. Ал, «Қарасөздерінде» бұл оның басты көңіл ауаны, жүрек қалауы, аманат-аңсары болып табылады. Жалпы исламдық дүние таным мен иман қалауын сөз еткенде де, қандай ауанда жазылған туындысы болса да, өнер, білімге, ғылымға, адамгершілікке, махаббатқа тамыры суарылмаған көркем-ой дүниесі жоқ. Елдің талас-тартысынан суынған тұсында, сөз өнеріне ден қойған шағында жазған:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, –
деген өлеңінен бастап, ең соңғы туындыларының біріне саналатын:
Ғаділетті жүректің,
Әділетін бұзыппын.
Ақыл менен білімнен,
Әбден үміт үзіппін, –
деген жолдардан сол өкінішті аңсар анық аңғарылады.
Абайдың ұстанымы бойынша: «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес». Алланың құдіретін біліп, оны «кім ғылым арқылы ақылмен таныса – сол шын мүһминун». «Мені таныған ақылменен таныр» – деген Жаратқан Иемнің білімі – шексіз. Оны ғылым арқылы ғана игеріп, жүрекке, санаға сіңіруге болады. Абай «Он сегізінші сөзінде»:
«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық», – дейді.
Абай тек ғылымның, білімнің игілігі мен сауабын мұсылмандықтың басты белгісі ретінде бағалайды.
«Қош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айрылады. Бейнет, күйігі, ызасы сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды».
Демек, Абай үшін ғылым – иамнның басты шарты. Ол туралы имам әл-Ғазали, «Ақиреттің азығында»:
«Ол бәрін біледі. Оның білімі бәрін қамтиды. Шексіз биіктен бастап ең төменгі тұңғиыққа дейінгі аралықта Оның Қатысуынсыз (қалауынсыз) еш нәрсе орындалмайды, өйткені бәрі де Өзінің қатысуымен (қалауымен) және Өзінің билігімен істеледі», – деп анықтама береді.
Ал, Абай, ғылымды:
«Бұл ғылым, құдірет – екі сифатпен (қосылып) сегіз сифат бұзылмастан түгел болады. Ол ғылым, құдірет те ешбір ниһаятсыз (бұл арада – шексіз, шексіздіктен бастап, Жаратылыс жаралғанға дейінгі шексіз), ғылымында – ғапілет (ғапылдық, қапылық), құдіретінде – епсіздік, я начарлық (шарасыздық) жоқ… Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым – құдірет сипатымен сипаттадық. Бұл бірлік, барлық ғылым, құдірет өлуде боларлық нәрселер ме? Әлбетте, ғылым құдіреті бар болады: хаяты – мәлім, бірі – ирада, яғни, Қаламақ. Ғылым бар болса, Қаламақ та бар», – деп аса жоғары бағалап, оны Алланың бір құдіретті сифаты ретінде түсіндіреді.
Сопылық тариқаттың басты мақсаты да – дүниенің әр құбылысын, соның ішінде жаратылыстың сырын ғылым арқылы білу үшін Аллатағалам ақыл беріп жаратқан адамзатқа тапсырған аманатын мүлтіксіз орындау үшін, қандай жұрттың дағуасына кірсең де, оның ғылымын игеру. Абайдың:
«Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол ‒ мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң – бала болсын десең оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?» – деп батыра, батыл айтуы да сондықтан.
Бұл бүгінгі ислам ғұламаларының да басты аңсары. Тегерандағы Аятолла Хомейнидің мұражайындағы ашулы тұрған «Күнделігінің» бетінен: «Ғылым үшін шайтанмен де тіл табысуға бармын», – деген сөзді оқып, таң қалғанымыз бар. Міне, бұл да исламның ғылым, білімге қандай маңызды көңіл бөлетінін танытады.
Сауатты, саналы ақылдың саумалы – ғылым мен білімді осыншама жоғары бағалай отырып, Абай, пайдасыз, теріс пиғыл мен қаскүнемдікке, залымдық пен қулыққа жол ашатын бақастық тудыратын ғылымнан сақтандырады.
Пайдасыз ғылымменен ми кептірер,
Дос-жарға мақтан етіп, бұлдап көрер, –
ғылымның пайдасынан зияны басым, зарары мол.
Имам Ғазали де «пайдасыз ғылым мен білімге» «ұмыт болар, жоғалар, көпке бармас» деген көзқараспен қарайды. Ол:
«Ең жоғары және парасатты саты – білім алу, адамдар білім деп атағанның бәрін емес, Алланың елшісі: «Бізді пайдасыз білімнен сақтай көр, Алла!», – деп айтқанындай, өзіңе көмектесіп, пайда әкелетін білімді игеру керек. Пайдалы білім дегеніміз – Сен ең бірінші өзіңе тиесілі жеке міндетіңді орындауыңа септігін тигізетін білім. Ол сенің жүрегіңе Жаратқан иемнің алдындағы сескене білу түйсігін оятып, Оның алдында өзіңнің жіберген қателерің мен игіліктеріңді тексеуге, оны жете білуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, пайдалы білім, сенің мына дүниеге – фаниге деген ессіз қимастығың мен қаперсіз ғапыл іс-әрекетіңді суытып, білімнің сыртқы құрылымына ғана емес, егерде шын ниеттеніп, ықыласпен оқысаң, осы кітапта және «Кимийа-йи са`датта» баяндалған, оның ішкі мағынасын да түсінесің… Одан уақытың асып қалса, Фиқһ (мұсылмандық заңы) пен Пәтуәні меңгер, жұрттың дау-шарын шешесің. Мына екі жағдайда мұның сауабы өте жоғары… Осы кітаптан оқығандарыңды тоқып, тәжірибеде қолданасыңдар. Екінші, сенің ниет-пиғылың – атақ-мәнсапқа, адамдардың алдындағы абыройыңды асыруға, біреудің мүлкін иемденуге емес, сенің мақсатың – Жаратқан иемнің жаратқан игіліктерін игеру барысында бұл фаниде жеткен ғылыми дәрежең мен атағың о дүниеде ақиреттің азығы болып шығуы үшін ұмтылу», – деп ғылымның бар мақсатын өзінің «Ақирет азығы» атты кітабының жазылу мақсатымен байланыстырады.
Ал, Абай: «Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің ниһаяттысың, ол жол – Құдайдың жолы емес», – дей келіп, ғылымды және оны игерудің мақсатын күнделікті өмір тәжірибесімен және оның адамға әкелетін игілігімен байланыстырып:
«Бұл күндегі тәхсилул-ғулум (ғылым мектептері) ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманға пайдасы жоқ болды. Соған қарай (сондықтан да) Усманияда мектеп хәрбия (әскери), мектеп рушдиялар (даналық мектептері) салынып, жаңа низамға (жадидтік оқу жүйесіне) айналған. Мұндағылар (ескі медреселер) ұзақ жылдар өмір өткізіп, ғылымда пайдасыз ұзақ бәхстармен (пайдасыз талас) күнін өткізіп, мағишат (күнделікті өмірде) дүниеде надан бір ессіз адам болып шығады да, ешбір хәрекетке лайықты(ғы) жоқ болған соң, адам аулауға, адам алдауға салынады. Көбінесе мұндай ессіздердің насихаты да тәсірсіз (үлгісіз, әсерсіз) болады… Бәлки, күллі дүниені уә ғылымын білмей қалмақтық — бір үлкен зарарлы (зиян) надандық, ол Құранда сөгілген… Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Малмен ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан. Бірақ ол өнер әділеттен шықпасын, шарғыға (шариғатқа) муафық (лайық) болсын», – деп талдап, түсіндіреді.
Абайдың бұл арадағы «жаңа низам мектептері» деп отырғаны – исалми ойлау жүйесі мен білім жүйесіне, жалпы мұсылмандардың тұрмыс-тіршілігі мен салт-санасына өркениеттік төңкеріс әкелген жадидтік бағыттағы оқу орындары. Даналық ұстазы Шаһабуддин Маржани мен мектеп ұстазы Камалидден (Камаридден) хазіреттен алған тәлімі бойынша, діни білімді ақыли әдісімен алған Абай, ұлы Тұрағұлдың естелігінде айтылғанындай, «жаңа оқудың келетініне сеніп, оны күтумен өмірін өткізді». Себебі, астарсыз-мағынасыз жаттанды тәсілмен оқытылатын қасаң нақыли әдісі өзінің өмірлік-тәжірибелік маңызынан айырыла бастап еді. Сондықтан да, ғылым мен ғылым ұстазына Абай қатаң талап қойып:
«Адамға халінше ихсанды болмақ – парыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес. Молдалар тұра тұрсын, хусусән (әсіресе) бұл заманның ишандарына бек сақ болыңдар. Олар – фитнә (бүлікшіл, теріс оқытатын) ғалым, бұлардан зарардан (зияннан) басқа еш нәрсе шықпайды. Өздері үкім шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін-өзі әһлі тариқат біліп және біреуді жеткізбек дағуасын (бақас, жалған білімді үлгі) қылады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың (мақсатқа, білімге) жеткізбегі мұхал (мүмкін емес), бұлар адам аздырушылар, хатта (тіпті) дінге де зарарлы-дүр (зиянды). Бұдардың сүйенгені – надандар, сөйлегені – жалған, дәлелдері – тәсбиғі менен шалмалары, онан басқа еш нәрсе жоқ», – деп сынға алады.
Ондай жалған ғылым иелерінің берген дәрісінің «әсері», «қызуы жоқ, тәсірсіз». Сондықтан да:
Көп салқын бірін бірі ойына алмас,
Кетер жым-жырт, артына із қалдырмас.
Ой қозғарлық артқыға түк қалдырмай,
Ұмыт болар, жоғалар, көпке бармас.
Өйткені, Абай үшін:
«Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ өнерсіз иттің ісі.
I.6. Әділет. Аллатағаланың Қалауы да, сол қалағанын жүзеге асыратын Еркі де шексіз. Ол: Қалағанын бар етіп, не Қаласа – жоқ қылып жіберетін құдіретке ие. Осы ретте, Алланың Қалау-Еркі мен Ғылым сифатының құдіретіне шарасыздық танытып, барлық жамандық атаулыны Алладан көріп, жазмышқа жала жабады. Имам әл-Ғазали, «Ақиреттің азығы»:
«Ғаламдағы барлық жаратылыс Оның қалауы бойынша және еркі бойынша өмір сүреді. Ешнәрсе де – аз бен көп те, кіші мен үлкен де, жақсылық пен жамандық та, тәубә мен тілазарлық та, сенім мен күфірлік те, табыс пен шығын да, молшылық пен жоқшылық та, азап пен сабыр да, ауру мен денсаулық та ‒ Оның жазмышы мен еркінен, Оның үкімі мен жарлығынан тыс жүзеге аспайды… Ол не қаласа сол нәрсе ғана өмір сүреді, Ол не қаласа сол болады. Оны кері қайыру ешкімнің қолынан келмейді. Не нәрсе бар, не нәрсе болды және болашақта не пайда болады, мұның барлығы Оның орналастыруымен және анықтауымен жүзеге асырылады», – деп бұйрық райда сыпаттама береді.
Бұл, Абайдың пайымдауынша, әділетсіз жала, Алланың әділдігі мен рақымына, кешіріміне күмән келтіру. Ол жөнінде өзінің «Жиырма сегізінші сөзінде» Абай:
«Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді бұлар неліктен десе біреу, сіздер айтасыздар: құдай тағаланың жаратуынан, яки, бұйрығынша болған іс деп. Жә, олай болса, біз құдай тағаланы айыбы жоқ, міні жоқ, өзі әділ деп иман келтіріп едік… Осының бәрі құдай тағаланың айыпсыз, мінсіз ғафур (ғафу, кешірімді) рахимдығына (рақымына), әділдігіне лайық келе ме? Жұрт та, мүлік те бәрі құдайдың өзінікі. Бұл қылғанын не дей аламыз? «Өз мүлкін өзі не қылса қыла береді. Оны айыпты» болады – дей алмаймыз десең, ол сөзің: «Құдай тағаланың айыбы, міні жоқ емес, толып жатыр, бірақ айтуға бата алмаймыз» – дегенің емес пе? Олай болғанда, пенде өз тырысқандығыменен не табады? Бәрін қылушыға қылдырушы – өзі екен. Пенде – пендеге өкпелейтін ешнәрсе жоқ. Кім жақсылық, кім жамандық қылсадағы: «Құдайдан келген жарлықты қылып жүр екен – дейміз бе?» – деп сауал қояды.
Бұған имам әл-Ғазали өзінің «Ақиреттің азығында»:
«Ғалам және ондағы барлық нәрсе – Оның Жаратуының мәні болып табылады… Демек, Ол өзінің жаратқан нәрселерінің барлығын да, әділдікпен, кемеңгерлікпен, қалай болуы тиіс болса, солай жаратты. Ол не жаратса да, оны қасіріттен, аурудан, дәрменсіздіктен, кедейліктен және жексұрындықтан жаратты. Өйткені Одан әділесіздіктің шығуы мүмкін емес, әділетсіздік дегеніміз ‒ басқа патшалықты билеп-төстеу. Ал, ол басқаның патшалығында билеп-төстей алмайды, өйткені Онымен қатар (өмір сүретін) өзге патшалық жоқ және мүмкін де емес. Бар нәрсенің Барлығы да, мүмкін (алдағы уақытта) бар болатыны да тек қана оған бағынады», – деп жауап береді.
Өзі айтқандай, аса шетін, Аллаға жабылған жаланы ақылға сап, оймен таратып, жамандық пен жақсылықтың түпкі себебін талдап барып, оның негізі Ғибадат пен Парызды орындау екенін ескерте отырып, Абай:
«Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады? Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе жоқ», – деп жауап береді.
Осы ретте, Абайдың ислам дүниетанымы қақында жиі айтатын: «Шариғат ойланбай илан – десе, Мен: Ойлану үшін иланамын», – деген тәмсілі еске түседі.
Имам Ғазали мұны «Ақиреттің азығында»:
«Егерде Аса таза және Аса мәртебелі Алла тағаламның өзіне құлшылық етушілерінің ырыздығын анықтап, олардың кейбірін қиыншылық пен кедейшілікке тап келтіріп, кейбірін – бақытқа бөлесе, оның себептерін адамдар өз бетінше түсіне алмаса, онда (біліп қойыңдар): Ол өзінің Мәртебісі мен рақымына орай (оларға) пайғамбарлар жіберді… Олар адамдарға қандай жағдайда бақытты және сорлы болатынын: иманы барларға – жұмақтың, күфірлерге – тозақтың бар екенін, бақыт пен қиыншылыққа ұшырағандар үшін жұмақтың есігі олар үшін әлі де ашық екенін жеткізуі тиіс болатын… Шариғат бойынша, жақсылыққа құлшынғандарды – Алланың алғауы, тиым салынған әректтерге барғандарды қинау барын пенделер білуі керек…» – деп Шариғаттың аясындағы исламдық қатаң қағидамен түсіндіреді.
Яғни, әркім өзінің ниет-пиғылына, тәуекелі мен тәубәсына қарай ырыздыққа ие болады.
I.7. Есту, Көру құдіреті. Жаратқан Иеме тән басты сифаттарының қатарына Есту және Көру құдіреті жатады. Имам әл-Ғазали, «Ақиреттің азығында» оған:
«Оның тануға болатын нәрсенің бәрін біліп отыратыны сияқты, Ол көруге және естуге болатын нәрсенің бәрін Көреді, Естиді. Оның Есту мен Көру қабілеті – алыс пен жақынға, жарық пен қараңғыға бірдей жетеді…» – деп анықтама береді.
Бұл арада, Абайдың имам Ғазалидің пікірін толықтырып тұрған Ғылыммен, Естумен, Көрумен байланысты, «ұлы жарылыстан да бұрынғы» әу бастағы қозғалыс иесі, Алланың аса маңызды сифаты Ирада, яғни, Қозғалыс иесі туарлы пікірі бар. Ол:
«… (ғылым) еш нәрсеге харекет бермейді. Һәммаға харекет беретұғын (оның) Өзі. Ол – Ирада, Енді олай болса, айтқандай қылып білдіретұғын құдіреті және – бәсәр (бәрін көруші, бәрін көріп тұрады – деген мағынада), сәмиғ (бәрін есітуші, бәрін естиді – деген мағынада), ол – көруші, есітуші деген (сөз). Алла тағаланың көрмегі, естімегі – біз секілді көзбенен, құлақпенен емес. Көргендей, есіткендей болатұғын ғылымның бір сипаты», – деген пікір.
Ғылым да, Есту де, Көру де, Сөз де (сөйлеу, дауыс) Ирадасыз жүзеге аспайды. Демек, Қозғалыс – он сегіз мың ғаламның қозғаушы Құдірет күші. Сырын (құпиясын) білмей айту оңай, бірақ, тылсымның тылсымы – осы Ирада. Бұған қарап, біз Абайды: он сегіз мың ғаламның сырын білген, шексіз ғарыш әлемінен терең мағлұматы болған деп айтуға батылымыз жетпейді. Бірақ, «біле-дүр, жүрек, сезе-дүр» – деп өзі айтқандай, түйсік-саңлауында қандай да бір аңғарлы сезім-елес болғаны анық. Әйтпесе, «Аспанда Ай менен Күн шағылса да» деген ғарасаттық ғарыш теңеуі тек өлең жолдары үшін ойға оралуы неғайбыл.
Тұжырып айтсақ, Аллаға тиесілі Іс-әрекет және оның Әділдікпен орындалуы осы Ирадаға – қозғалыс иесіне тікелей қатысты.
I.8.Сөз, Калам. Жаратқанның адамзат үшін ең қасиетті қабілеттің бірі – Сөз, яғни, Калам. Егер Сөйлеу қабілеті болмаса, исі адамзат мылқау тіршілік кешіп, мешеу күйінде, дін атаулының барлығынан да ада қалар еді. Сондықтан да барлық киелі кітаптардың алғашқы аяны «Сөзден басталады». Егерде, Жаратқан Иемнің Сөз құдіреті болмаса, онда біз оның барлық жаратылыс құбылысынан мақұрым күй кешетініміз анық. Сондықтан да имам әл-Ғазали «Ақиреттің азығында»:
«Алла тағаланың сөйлей алатынын біліп қой. Оның Жарлығы барлық пенделерге ортақ. Ол не айтса да – шындық… Оның сөзінің кеңсірікпен, тілмен, ерінмен, ауызбен қатысы жоқ. Адамның жүрегіңмен сөзсіз, дауыссыз түсініскені сияқты… Ал оның сөзі – оның сапасы-сифаты болып табылады» ‒ деп ескертеді..
Бұл пікірді Абай, «Отыз сегізінші сөзінде»:
«… ғылымның бір сипаты, (екінші) бірі – кәләм, яғни сөйлеуші деген, сөз әріпсіз, дауыссыз болушы ма еді? Алла тағаланың (сөзі) – әріпсіз, дауыссыз», ‒ деп растайды.
Бұл пікірді бұдан әрі қарай түсіндіріп жатудың өзі артық сияқты. Өйткені, Жаратушының бар екенін, оның ғайып-дидарын, сифаты мен сырын, рақымы мен қайырын, «әріпсіз, дауыссыз» Сөзін үнемі діл-түйсігіңменмен сезініп, Құдіреті мен Қалауын Естіп, Көріп, Біліп, ғазауаты мен ғадауатының Әділдігіне тәубе етіп, оның «махаббатына – махаббатпен жауап» беру – әрбір «жүрек айнасы таза» мүһминнің парызы.
Махаббат пен Рақым – Алланың тоқсан тоғыз сифатының ішіндегі мейірім мен қамқорлық, ізгілік пен игілік ұйыған ұясы, адамзатқа деген сүйіспеншілігінің ұлы кепілі. Сондықтан да Абай өзінің өмір соңындағы өсиетті өлеңінде:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және сүй Хақ жолы деп әділетті.
Осы үш сүю болады иманигүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ (анық) біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл, –
пеп, Махаббатты – Алланың қасиетті әрі құдіретті бір сифаты ретінде шендестіре баяндайды.
Махаббаттың ұлы көрінісі – адамның өзіне Ақыл-ес пен Сезім мүшелерін беріп, кемелдікпен жаратқан Жаратқан иеге деген махаббат. Сондықтан да, ондай сезімнен ада адамды Абай:
Махаббатсыз – дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар,–
деп сөгіп, сол адамға: Жаратқанның тіршілік иесінен мақұрым қалған, адамдық қасиет бойына бітпеген хайуан есебінде түңіле қарайды.
I.9. Махаббат пен Рақым. Абай үшін махаббат та Алланың бір сифаты. Абай махаббат пен Рақымды сол сегіз сифатқа ортақ мән мен мағына, түсінік беретін себеп (шарх) деп және оны өмір тәжірибесінен мысал ала отырып талдайды. Ол өзінің «Отыз сегізінші сөзінде»:
«Жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі – хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайда алатұғын – ақылды инсанды (адамды) жаратыпты. Хайуандарды асырайтұғын жансыздарды – еті ауырмайтұғын қылып, жан иесі хайуандарды – ақыл иесі адам баласы асырайтұғын қылып һәм (және) олардан махшарда (қиямет күні адамзаттың жиналатын алаңы) сұрау бермейтұғын қылып. Енді бұлардың һәммасынан пайда аларлық ақыл иесі қылып жаратқан адам баласынан махшарда сұрау беретұғын қылып жаратқандығында һәм әділет һәм махаббат бар», – деп, жаратылған барша мақлұқаттың (өсімдік, хайуан, адам) өмір сүру құқына ие болғанына Жаратқанға ғана қарыздар екенін тәмсіл етеді.
Сондықтан да, Абай сол жанды-жансыздардың бойындағы барлық келісімді және сол келісімнің өмірлік себеп-салдарын тізбелеп көрсете келіп, оны дәйек ретінде ұсынып:
«…біреуі ойын біреуіне ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмақ қарыз емес пе?» – деп, мұны – Алланың Махаббаты мен Рақымының белгісі деп есептейді.
Абай: адамзаттың бойынан табылатын надандық, залымдық, дұшпандық, жалқаулық сияқты қорлыққа жетелейтін қасиетсіздіктердің орын алуы да сол Махаббат пен Рақымның жетіспегендігі деп санайды. Ол бұл мәселені:
«Күллі адам баласын қор қылатұғын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық. Білесіз, надандық – ғылым-білімнің жоқтығы, дүниеден ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік – хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінді, бір жыртқыш хайуан есебіне қосылды. Бұлардың емі – Халлақына (Аллаһқа) махаббат, Халиқы (Жаратушы) ғаламға шапқат, қайратты, тұрлаулы, әділет ісінің алды-артын байқарлық білім-ғылымы болсын. Әуелі, білім-ғылымы Құдайға муқтади (мұқтаж, бағынышты) болсын. Яғни, Құдай Тағала бұл әлемді жаратты, ерінбеді. Құдай Тағала келісімменен, хикметпенен кәмелетті (кемелдікті) бір жолға салып жасады, сіздердің ісіңіз де бір жақсылықты бина (ғимарат, бұл арада нысана, мақсат мағынасында) қылып, арқа сүйерлік шеберлікпенен болсын. Және Құдай Тағала әрне жаратты, бір түрлі пайдалы хикметі бар. Сенің де ісіңнен бір зарарлар (залал) шығып кеткендей болмай, көп пайда боларлық бір үміті бар іс болсын. Бұларсыз іс – іс емес. Бәлки (Бәлкәм), бұларсыз тағат (тағзым, құлшылық) – тағат та емес,– деп түсіндіріп, Махаббат пен Рақымды өмірдің мағынасы ретінде түсіндіреді.
Абайдың, ілгеріде келтірген өлең жолдарындағы: «Махаббатсыз – дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар», – деуінің мағынасы да осында. Ал, біздің ұғымымызға үйірілетін адамдардың: ана мен баланың, жігіт пен қыздың арасындағы махаббат – пенденің ішкі түйсі талшықтарына тән ішкі мәселе. Ол – бұл тақырыптың арқауы емес әрі арнайы тарауда оқшау талданады. Осы арада, реті келгенде айта кетуге тура келеді. Өздерін абайтанушымын деп есептейтін жастар мен жасамыстардың және тариқаттың өзге бағытын ұстайтындардың арасында «Махаббатсыз – дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар» – деген өлең жолындағы сызықшаны алып тастап, оны «дүние» дегеннен кейін қойып: «Махаббатсыз дүние – дос» деп оқу керек. Сонда, шын мұсылманға мына дүниенің байлығы – дос емес» – деген ұғым шығады – деп өзеурей талдайды. Бұл, Абайдың ғана емес, жалпы Аллаға деген махаббатқа шәк келтіретін, ислами шариғатқа қарсы мүлдем теріс түсінік. Абайға, Абайдың көзқарасына, мұсылмандық намысына қиянат.
Имам Ғазали, «Ақирет азығында»:
«Ғұламалар мен қайырымды-парасатты адамдардың ең басты міндеті – олардың өзінің ішіндегі кірден арылуы үшін өзінің жүрегін өзі тазарту болып табылады. Бұл сапалық қасиеттердің барлығы бір тамырдан нәр алады. Оның тамыры – мына дүниеге деген махаббат. Міне, Алланың Елшісінің: «Мына дүниеге деген маххаббат – барлық һам-харакеттің (прегрешений, күнәнің -?) бастауы» – деп айтуы да сондықтан. Бұл өмірдің сыбағасы (напасть, залалы-?) осындай… Кім бұл өмірден молшылық (роскош, байлық-?) іздесе, ол орын оның көріне айналады», – деп түсінік береді.
Абай «махаббат» мәселесі жөнінде имам Ғазалиді қостай отырып, жалпы адамзатқа тиесілі ырыздықтан бас тартуға келіскен сыңай танытпайды. Өткені, сол ырыздықтың өзі – Алланың адамдарға бұйыртқан игілігі емес пе – деген уәж айта отырып:
«Құданың (құдайдың) соңында болмақ(ты), өзін (Алланың алдында) құл (деп) біліп, бұл пейілдерге ғашық болып тұтынбақты – пайғамбарлар үйретті әулиелерге, әулиелер оқыды, ғашық болды. Бірақ, ухрауи (ақиреттік) пайдасына (үшін) ғана күзетті. (Олардың) Ғашықтықтары сол (сондай) халге жетті: (мына) дүниені, дүниеде тиерлік пайдасын ұмытты. Бәлки (бәлкім), есепке алмады. (Ал) Хакімдер (адамға) дүниеде тиетұғын пайдасын. Бірақ менің ойыма келеді, бұл екі тайпа (топтағы) әр кісі – өздеріне бір түрлі нәпсі(сін) пида қылушылар деп. Яғни, пенделіктің кәмелеті (кемелдігі) әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып, «һу» деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі», – деген қадымдық ислами ұстанымға қарсы сұрақ қойып, жадидтік көзқарасты емеурін етеді.
Демек, Абай, Жаратқанның Махаббат пен Рақымына – махаббатпен, рақыммен жауап бере отырып, оның өзі берген ризыған бас тартуды «ақылға, әдепке, ынсапқа» қарсылық деп бағалап, мұны – мына өмірден бас тарту деп түсінеді. Ал, Алланың бұйырған ажал сәтін – ант мезгілін күтпей, өз еркімен өмірден бас тарту – исламдағы ең ауыр күнәнің бірі.
I.10. Сыр сифаты. Сонымен, «исламның құжат кепілі» имам Ғазали мен қазақ ойының сана мен ар-ождан, әділет пен ғылым, махаббат пен рақым кепілі Абайдың ойларын жарыстыра-салыстыра талдай отырып, Абай дана сыпаттап берген Алланың тоқсан тоғыз сифатының сегіз сифатына – Һаят (Мәңгілік тірі, яғни, мәңгілік өмір), Ғылым, Құдірет, Басар (Көру, яғни, бәрін көріп отыру), Самиғ (Естуші, яғни, бәрін естіп отыру), Ирада, (Қалау, Еркі), Калам (Сөз), Такин (Жаратушы, Барлығын, яғни, жоқты бар ету) сифаттарына аз аял жасап, қал-қадерімізше олардың арасындағы ортақ пікірлерді алқалы қауымның назарына ұсындық.
Ондағы мақсатымыз, қайталап айтамыз, қос ойшылдың (Өмір, тіршілік) танымын бақастық талқыға салу емес, керісінше, мұқым ислами ойлау жүйесі ғұламаларының таным-таразысы мен пайымдауларының Жаратқан ием қақындағы ғибырат-түсінігі және олардың тамыры бір екенін, олардың арасында Құран мен Сүннеттен туындайдың Шариғат заңдары мен Тариқат жолдарының негізінде талдаған пікірлерінің өзара сабақтастығын, тұжырым-түсініктерінің ұстаз бен шәкірт деңгейінде жалғасып жататын үндестігін, ғибыратнаманы арнап жазған жамиғаттарының талап-түсінігіне және тіліне байланысты тек таза шығармашылық сыпатты қамтитын жазу мәнері мен ойды дамыту үрдісінің, дәйек пен дәлелдерінің арасындағы табиғи айырмашылықтардың ұзын сонарын ғана атап өттік.
Бұл – заңды, кез-келген ой иесіне тән ерекшелік. Ғибыртнамалардың толғауы тоқсан, тұжырымы бір. Алланың тоқсан тоғыз сифатының барлық мағынасының иесі және оған мазмұн беруші, дүниенің қозғаушы күші Жалғыз. Ол – Жаратқан Ием. Ал, оның сифаты мен тылсымы «біздің өлшеулі ақылымыздан» тыс. Оның Сыры – Жұмбағы да біреу. Ол Сыр – тек сол Жалғыздың өзіне ғана аян.
Бұл тараудағы тәфсірлер – Тариқаттың таным-түсінігіне қатысты жалпы исламиятқа ортақ және міндетті түрде мойындалуға тиісті ұғымдарға ғана арналды. Оның өзінде де, біліміміздің шектеулі екендігіне байланысты, тереңдеп талдап кете алмадық. Бұл сифаттарға:
«Алла тағалада болған құдірет – ғылым һәм құдірет һәм рәхмәт (Рақым, мейірім-қайырым). Ол – Рәхмәт сипаты, сегіз сипат ішінде жазылмаса да, Алла Тағаланың Рахман (Қамқор), Рахим (Рақым), Ғафур (Кешірімді), Уадуд (Сүйкімді), Хафиз (Қорғаушы), Сәттар (Айыптан ақтаушы), Раззақ (Ырыздық, Қызық көрсетуші), Нафиғ ( Жарылқаушы: нәфақа, ырыс, пайда беруші), Уәкил (Басқарушы, реттеуші), Ләтиф (Кіршіксіз,Таза) деген есімдеріне бинан (Лайықты, негізді) бір ұлық сипатынан есептеуге жарайды. Бұл сөзіме нақлия (нақылға айналған сөз) дәлелім – жоғарыдағы жазылған Алла тағаланың есімдері. Ақлия (Ақылға жүгінгендегі) дәлелім Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтұғын келісімменен жаратқан, онан басқа, бірінен бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты»,– деп Абайдың өзі атап айтқан сифаттар аталып қана өтті.
Себебі, Абай атап өткен бұл «шарх» (себепкер немес себеп-салдарды түсіндіретін) сифаттардың мағынасын тарқата, тереңдете талдау – біздің діттеген тақырыбымыздың аясынан тыс, арнайы діни бағыттағы дербес зерттеулердің еншісі болса керек. Сондықтан да, біз енді Тариқаттың ең басты парыздарын қамтитын имам Ғазали тәснифтеген «Ақирет азығына», Абайша айтқанда «жол азығына» көшеміз.
Үшінші тарау:
«АҚИРЕТ АЗЫҒЫ» НЕМЕСЕ «ЖОЛ АЗЫҒЫ», ЯҒНИ, «ИМАН ІЗДЕ!…»
Алланы, яғни, ислами дүниетанымды түсінудің, Жаратқанның сифаттарын танып-білу мен мойындаудың, Аллаға деген рухани мінәжаттың, оған шын бойсынып жалбарынудың барлық арнасы осы «жол азығына» кеп тоғысатын болғандықтан да, біз, енді осы «жол азығы» туралы негізгі қағидаттарды имам Ғазалидің «Ақиреттің азығы» мен «Абайдың «Қарасөздеріндегі» пікірлер арқылы жарыстыра-салыстыра назарға ұсынамыз. Тек имам Ғазали өзінің пәлсапалық ойларын мұқым мүхминге қарата айтса, Абай имани талаптарды адамға, адамтану іліміне, соның ішінде адамгершілік мәселесіне әкеп тірейді. Мұндағы әр пікірдің дәлелі мен дәйегін қазақтың өмірінен алып, сөзін тікелей соларға арнайды және жәй ғана арнап қоймайды, өзінің көрген-түйгенін алға тарта отырып, оны дамтудың не түзеудің жолдарын мекзейді. Оқырманын өзімсіне жанына жақын тартып, ащылы-тұщылы пікір ұсынады. Сөйтіп, ғибадатпен қоса тәлім де береді.
Сондықтан да, бұл салыстырулар, қайталап айтамыз, бақас пиғылдан туған жоқ, керісінше, Алланың құдіреті мен сифаттары туралы исі ислам ғұламаларының бір пікірде екенін, ұлылардың ойларының ұқсап жатуы ‒ олардың Жаратқан ием мен жаратылыс, болмыс, инсан-адамгершілік қақындағы ой-танымдарының үндесіп жатқанын, Алланы тануда олардың арасында ешқандай алшақтық жоқ екенін көрсету мақсатында, былайша айтқанда, сұхбат түрінде берілді. Бұл ескертудің мәнін тәфсір барысында түсінерсіздер деп ойлаймын.
I.1.Тәубе. Жалпы, дүние таныммен, ақыл-ойдың даму тарихымен, төрт қасиетті кітаптағы діни құндылықтармен танысуды, олардың «барлығына сынмен қарап, ақиқат діні, таза ақыл діні» деп үлкен сынмен табылған діннің негізін, мақсат, бағытын ғана алып» (Көкбайдың естелігі), «жол азығын» жинауды Абай қаперіне ерте алған. «Ерте оянып, ойланып, жете алмаса да», тіршіліктегі «әурешілікті көре-көре келген» ғұмыр сапарының соңында «бәрі қоршылықпен» өткен мына жалған-дүниенің «байлаусыздығын, баянсыздығын» білді. Сондай бір мезетте «ел бағудан», «мал бағудан» (дүние қуудан), «ғылым бағудан», «софылық қылып, дін бағудан», «бала бағудан» баз кешіп, «ақыры оңашада» өзімен-өзі мұңдасып, «ақ қағаз, қара сияны» «ермек етуге» бекінді. Оның көз алдынан тіршіліктің сыртқы қызығы мен ырду-дырдуы басылмайтын фани мен мәңгілік тыныштықтың әлемі бақидың арасына, яғни, ақиқат пен жалғанның арасына – «елсіз, күнсіз күндердің куәсі» көк аспанының көк шымылдығы, яғни, шетсіз-шексіз жаратылыстың дидары ғана ысырыла ашылды. Сөйтіп, Абай – толық адамның ең соңғы сатысы кемелдікке бет алды.
Бұл – даналардың ғана еншісіне бұйырған «сыр әлемі», сопылардың «түйін сөзімен» (Абай) айтсақ, «құпия құбылысты әлем». «Дүниенің сырын (құпиясын) ғылым арқылы ақылымен біліп, Бір Жаратушының рас және жалғыз екеніне көзі жеткен адам – шын мүһминун (таза адам)» деп өзі айтқандай, ақыл-парасатын, ақыл азабын, тіршілік табасын ой жұбанышына (ермегіне) айналдырды. Мұндай мағмұрлы ақыл-ой мұғжизасын адамзаттың бақ-талайына берілген барлық данышпандар басынан кешкен. Сондай айшықты мезетте олардың даналық парасатының түйсік талшықтары, яғни, «Тәңірінің берген өнері, Көк бұлттан ашылып», «Кірлеген жүрегін жуады», «көңілдің көзі ұйқыдан көзін ашады».
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша қарап Қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар.
Әділет пен ақылға,
Сынатып көрген-білгенін.
Білдірер алыс-жақынға,
Солардың сөйле дегенін…
Имам Ғазали де өзгенің де назарын осындай мұғжизалық көңіл-күйіне аударып, пенде атаулыны күнәдан арылуға шақырған. Сонда, күнаһар пендені қинаудан құтқарып, «жүректің кірін жуатын» «жол азығы» не?
Имам Ғазали, «Ақирет азығы» туралы таснифін:
«Егерде сен: «Сонда мен осы өмірдің қызығынан бас тарта отырып: Ақирет үшін ғана жинауыма тиісті жол азығы мен «жол серігі» дегеніміз не?» – деп сұрасаң, онда біліп қой: «Ақиреттік өмірге тәубеден (Алладан именуден – таква) басқа азық жоқ және сенімнен (иманнан) басқа серік жоқ (Алладан басқа Жаратушы жоқ, Мұхаммед оның елшісі). Бұл туралы Хақ тағала (Ақиқат иесі): «Жол азығын қамдаңдар. Шын мәніндегі ең жақсы жол азығы – алладан имену»,– деген фаслмен (түсінікпен) бастайды.
Бұл сөз «Ақирет азығының» бүкіл мазмұнын түсінуге жетелейді. Демек, фанилік мүһминдік үшін де, бақытты ақирет үшін де «жол азығы», оның ішінде – иман үшін де ең маңызды мәселе.
Сөйтіп, барлық дана атаулыларға тән ұстаттардың ұлағатымен Абай өзінің ғұмыр бойы жиған «жол азығын» тексеру мақсатында, «ойға түсіп, толғанып, өзінің мінін қолға алды». Жеткен нәтижесіне көңіл толмай:
Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез,
Қалайша қылып тыя алдым?
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наза емес,–
деп налый толғанды.
Иә, соншама жан тазалығына, әділдік пен рақымға ынталана ұмтылуына қарамастан, сүйіп, сүйінген, сүйенген «елінен етекбастылықты көп көрді», «өзі ермей, не ерік бермей жұрт қор етті». Сөйтіп, қашан «Қарасөзін» жазғанша «дүниені көре-көре келген» тіршілік талқысынан бетін теріс қаратқан күннен кейін ғана «өзін тексеруден» өткізді. Сол тексерудің нәтижесі, Абайды өзінің «жол азығының» аздығына көзін жеткізіп, ақылын алаңдатқан. Оның: «Менің де күнім – күн емес, Жол азығым – мол емес»,– деп шағынуы да сондықтан. Сол қамсыздығына құса болғандай қапалы күн кешкен Абай:
«Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки, бөтен бір себептен бе? Еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі» [1.446-447], – деген күйге түскен.
Сондайда құмығып кеткен Абай:
Егер менің ішімді жарып көрсең,
Жылауыңды ұмытып, шошыр едің, –
деп түршіктіреді адамды.
Бұл – ақылдың да, жандүниенің де, пендешіліктің де қатар тартқан азабы еді. Сондай бір, фани мен бақидың алмағайып арасында Жаратқан иесінен жұбаныш іздеп, ақиретті есіне ап, ақиреттің азығы туралы ойға қалуы, сондай ант мезгіліне жақындаған тұста ызалы, құсалы күймен «Қарасөзін» қолған алып, оны:
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл.
Не жазып кетсе – жайы сол,
Жек көрсеңдер өзің біл, –
деп ашына жазғанын мойындайды.
Сондықтан да, даналардың шыншыл болмысына тән «ащы сия мен улы тілдің» «Қарасөзде» батым қолданылуы да табиғи. Мұның себебін, түсіндіруге ұмтылып, «өзі ермеген, не ерік бермеген жұртына» қайырыла бір тіл қатып:
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма, –
деп жанын жұбатқысы келеді.
Өзі көрген тән азабына, жан азабына, ар мен ақыл азабына түсіністік іздегендей болады.
Сондықтан да, «Ақиреттің азығы» немесе «Жол азығы», тән азығы мен жан азығы туралы тәмсілдеріне ауыспас бұрын, Абайды осындай қияметтік ойға шөктірген көңіл-күй ауанына аял жасамаса, онда кейде ашық, кейде ишарамен айтылған жайларды түсіну ауырлау соғуы мүмкін. Себебі «Ғақлияны» жазар алдында Абай:
«Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!», – деп өзінің өзгеге айтқан ақылын әуелі өзі басынан кешіп, өзінен өзі сынақ алғаны анық.
«Ойға түсіп, толғанған». Өйткені, Абайдың жеке өз басына қатысты «ғапыл өткізген өмірінде» өкінетін де, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан» ғұмырлық құмыл құбылыстардың:
Бұл мақұрым қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім? –
деп өкіндірген де жайлары жеткілікті болатын
Білім-ғылымға «қолын кеш сермегені» өз алдына, ол қашан «Ғақлияттарға» ден қойғанша, яғни:
«Бұл жасқа келгенше жақсы өткізді ме, жаман өткізді ме, әйтеуір бірталай өмірін өткізді: алысты, жұлысты, айтысты, тартысты ‒ әурешілікті көре-көре (осы күнге) келді. Енді жер ортасы жасқа келді: қажыды, жалықты; қылып жүрген ісінің баянсызын, байлаусызын көрді, бәрі қоршылық екенін білді. Ал, енді қалған өмірін қайтып, не қылып өткізеді? Соны таба алмай өзі де қайран» қалды.
Ақыры, Иманнан басқа:
Нені тапсаң, оны тап,
Жарамайды керекке.
Өңкей уды жиып ап,
Себеді (себесің) сорлы жүрекке, –
деп көңілі қалған ортасына налып барып, жол азығын жиюға бекінді.
«Бірінші сөзінің» өкпелі мәнері мен мағынасына қарап, Абайды өмірден түңіліп кетті деп бағалау үрдісі басым. Мұнда «ызалы, құсалы ғұмырдың» көңіл таты бар шығар, алайда:
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен қайратың екі жақтап, –
деп, немесе:
Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, терең бойла,
Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме, –
деп өзіне де, өзгеге де қайрат берген Абайдың бұл пікірін тікелей тек қана «Ғақлияттарға» қарата қолдануға болмайды.
Себебі, Абайдың ойлау және көркем қабылдау мен көркем бейнелеу жүйесі сопылық-пәлсапалық кеңістікпен тікелей астасып жатқандықтан да, ол барлық шығыс ғұламалары мен тақуларына тән дәстүрді ұстанып, өзін мына дүниенің қызығынан алшақ ұстау, оған немкетті қарау, сол арқылы ақыл-санасының ой сарынын, көңіл-ауанын оқшау күйде көрсетуді мақсат еткен, яғни, Ғазалише айтқанда, «тақуалық оқшаулануды» «таснифтің», қазақша айтқанда, «Қарасөзінің» баяндау тәсілі, әдеби мәнері, авторлық «меннің» ішкі дауыс-ырғағы етіп алған.
Сонымен қатар, «дәрілқарап» заманда өмір сүріп отырған ел-жұртының «жол азығын» ұмытып, жаттың дағуасына кіріп, өзінің тіліне, дініне, діліне немқұрайлы қарағанына, әсіресе, архимандрит Сергийдің қазақты жаппай шоқындыру пиғылымен діни бақастық жасау үшін Семейге келіп, өзімен оңаша өткізген пікір таласындағы көтерілген күфірлендіру саясатына алаңдап:
Шыдасаң есті қашырмай,
Құлдатып, қор қып жібермек, –
деген қатерлі алаңмен жас өркеннің ислами танымының анық та қанық болуы үшін «Ғақлиятты» жазуға шешім қабылдаған. Иә, сөйтіп, ол:
«Ақыры ойлады: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, иә, оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі», ‒ деді де, ‒ «осыған (бел) байлады, енді(гі қалған өмірде) мұнан басқа ешбір жұмыспен» алаңдамауға бекінді».
«Қарасөздер» – сондай ширыққан, ашынған ақылдың нәтижесі. Алла мен иман, иманның басты қағидаттары – ар-ождан, талап, ғылым, білім, ерік, әділет, махаббат, сөз, игі әрекет, ғибадат, т.б. сияқты ақирет азығы ‒ жол азығы туралы пікір білдірмеген, не оларды еске салмаған бір де бір «Сөзі» жоқ. Осы ретте, тараудың соңғы тұсында айтылатын қорытынды пікірдегі тұжырымда жасалатын түйін сөзді ескерте отырып, әзірге, қаперге іле кетеріміз – Абайдың жалпы ислами иман туралы қозғаған, талдаған, түсіндірген ойларының барлығы да бір-ақ мәселеге алып келеді. Ол – адамдық ізгі қасиет, саналы, парасатты, мағыналы өмір, адал тіршілік, мейірім-қайырымы мол рақым, махаббат, жылы, ақ жүректі таза пейіл, қанағат, талап, еңбек, мақсат, жан қуаты мен тән қуаты, ар-ождан, фанидің мағмұрлығы мен бақидың ақихаты. Мынау он сегіз мың ғаламның сыры, Жаратқанның жасырын сырын ақыл иесі – адамның өз түйсігімен тауып, шешіп, шешім қабылдауы, рухани тәуелсіздік, дәрілқарап дәуірдің дағуасынан бойың мен ойыңды азат ұстау. Оның кілті – бақассыз ғылым, суық ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректе. Оны санамен түсініп білмеген:
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін-дағы тереңінде,–
екенін үнемі қаперге салып отырады.
Сондықтан да, бұл мәселені, яғни, Абайдың ислами ойлау жүйесінің түпкі мақсатын пайымдап, мағынасын түсініп алмай, жалпы оның шығармашылық әлемі, соның ішінде «Қарасөздері» туралы пікір қозғау ‒ үстірттік, тіпті, жөнсіздік болады.
«Жол азығы» мен «Отыз сегінші сөз» жалпы қарапайым мүһминге арналған ғибыратнама: онда, Шариғаттан кейінгі екінші баспалдақ – Алланы мойындау, Шариғаттың шарттарына бойсыну, мінәжат етудің жолын, яғни, Тариқатын ұстану; мұсылманның ішкі жетілу әлеміне қатысты үшінші баспалдақ – «жүрек айнасын таза ұстау», сезім-түйсіктің түкпірінде түйнектей кір қалдырмай ағартуға бастайтын – Мағрифат, төртінші баспалдақ – Алланың дидарын көріп, онымен өзін тұтастықта сезінуге жетелейтін – Ақиқат мәселелері барынша ұғымды, халықтың қабылдауына жеңіл, бір сатыдан – екінші сатыға, бір күйден – екінші күйге табиғи сатылана жетуі үшін Абай өзінің «Қарасөздерін» уағыздық мәнерде талдай отырып түсіндіру әдісін қолданған. Яғни,
Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
Қарашы, дүние біткен ретімен.
Істің басы – ретін танымақтық,
Иман білмес тағатты қабыл демен, –
деп өзі айтқандай, барлық танымдық ұғымдарды рет-ретімен таратқан.
Біздің осы тарауда арнайы салыстырмалы талдауға арқау етіп отырған «жол азығы» немесе «ақирет азығы» мәселесі, негізінен адамның жанына жұбаныш пен сабыр, парасат, ақ пейіл, инсани махаббат сыйлайтын пәлсапалық түйінді ұғымдардың мәнін тәфсірлейді. Әрине, бұл азықтар – тәнге көрек беретін заттық ырыздықтар емес. Ол өзінің ғақлияттарын:
Ар мен ұят ойланбай, тәнін асырап,
Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар, –
жандарға, немесе:
Саудасы – ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын тыйғалы, –
дегендегі сумақайларға арнамаған.
Ондай адамсымақтар, Абайдың пікірінше:
«Ішсем, жесем, кисем, көрсем, басқадан бағым артық, мысым басым болса екен» – деген надан һам һарам пиғылдың құлдары.
Демек, Абайдың бұл айтып отырған жол азығы – тән азығы емес, жан азығы, иман азығы. Яғни:
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті,
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Сонымен қатар, «Отыз сегізінші сөзінде»:
«Әд-дунийә мәзрә‘әтул-ахирәт» (Дүние – ақиреттің егіндігі) – дегендей, ақиретке егіндік болатұғын дүние сол», – деп Абайдың өзі айтқанындай, ол азық – рух ырыздығы, «жан азығы» екені өз-өзінен түсінікті болса керек.
Жалпы, «жол азығы» мәселесі Абайдың шығармаларынан жас кезінен бастап берік орын алған тақырыптың бірі. Аллаға деген мінәжат, қашанда, ишара, емеуірін арқылы жеткізіледі. Бұл ретте поэзиядағы емеуіріннің кеңістігі мен тереңдігі, тіпті, астарланып, мағыналанып, түйсіктеніп, әсіреленіп кетеді. Имам Ғазали мен Абайдың, жалпы софылық ілімнің басты дүниеауилық ұстанымының бірі, жоғарыда келтірілген: «Әд-дунийә мәзрә‘әтул-ахирәт» (Дүние – ақиреттің егіндігі)», – деген тәмсіл. Егерде бұл дүние – «ақиретке егіндік» болатұғын» болса, онда адамның туғаннан бастап о дүниеге аттанғанынша жасаған іс-әрекетінің барлығы да, яғни:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең, –
деген «екі өлеңнің» ортасындағы дүние сапарында тапқан рухани ырысыңның түгелі – «жол азығың» болып табылады.
Мұны, Абайдың адамның тал бесіктен бастап жер бесікке дейінгі өмірін астарлап суреттеген «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен» атты өлеңін сол «жол азығын» ұмытпау туралы ой салу деп толық түсінуге болады.
Мұнда пенденің әр жастағы өміріне орай ишаралы мағына жасалып отырады. Өлеңнің астарын жазсақ, адам жас кезінде:
Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен,
Мен-мен, кердең, қайғысыз ер көңілмен.
Жасырып жазғытұрым жердің бетін,
Бойжеткен жасыл шөппен, егінмен тең, –
болып келетіні ақиқат қой – ақиқат.
Бұл: сен өмірге келдің, Жаратқан ием ырыздық пен тіршілік берді. Өстің, жетілдің. Бірақ, «жол азығын» жинауға кесір келтіретін басты дұшпандарды – «мен-мендігіңді», «кердеңдігіңді», «такаппарлығыңды», «өзімшілдігіңді», ақиреттің қамын ойламаған «уайымсыздығыңды» қаперге алмадың – деген ишара ғой. Қош, сонымен:
Сонан бері рахымсыз жылдар өтті,
Орақ келер, орылар мезгіл жетті.
Жылы менен суықтың бәрін көріп,
Қайран көңіл қайыспай қайрат етті.
Қайратты кезің, жалған дүниенің – саған рақымы жоқ «рақымсыз жылдардың» жанталасымен өтті. Енді басың иіліп:
Көтеріп ауыр ойды ауырған жан,
Қайғы, қасірет жүзіңе белгі салған.
Дәні толық, басы үлкен егіндей-ақ,
Сенің де басың имек жерге таман, –
деген күйге түсіп, ой кірді:
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгін өмір жарқылдап алдар бірақ, –
деген уайым мен алаң түсті. Бүгін мындайсың, ал:
Ертең өзің қайдасың, білемісің?
Білмейсің. «азығың тапшы», не мүлде жоқ екеніне көзің жетті. Бірақ, кеш қалдың. Сені ақиреттің азабы мен ғазабы күтіп тұр. Сондықтан да, «жол азығыңды», мәңгілік өмірдің қамын ерте ойластыр. Өйткені, сені өлтірмейтін иман берілген. Иманыңды берік тұт. Сондықтан да Абай:
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ», –
деп ескертеді, яғни, жол азығыңды – тән азығы мен жан азығын жасыңнан жи – деген ишарат танытады.
Қазақтың тақуа мұсылман қауымына, оның құлшылығына көңілі толмаған Абай, оған өнеге ретінде дініне берік мұсылман жамағаттарының діни ұстанымынан:
«Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды», – деп дәлел келтіреді.
«Ақирет азығы» таснифінде тура осы тақылеттес пікірді имам әл-Ғазали де айтады. Тек имамның шығарманы жазған тілі мен арнаған қауымы басқа. Ғазали өзінің таснифтерін қауымға үйрету үшін жазса, Абай
Қайратым мәлім,
Келмейді әлім,
Мақсұт – алыс, өмір – шақ.
Өткен соң базар,
Қайтқан соң ажар,
Не болады құр қожақ?!
Кеш деп қайтар жол емес,
Жол азығым мол емес, –
деп, «жол азығының» жеткіліксіздігін өзінің елі мен өзінің жеке басының жанкүйігі ретінде күйініп жазған.
I.2. Иманның иғтиқады мен күзетшісі. Сонымен, «Ақирет азығын», біз Абайдың қолдануы бойынша, «Жол азығы» деп алайық, әр күнді бастан өткізген сайын:
«Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек. Бұл жанның тамағы (…). Тәннен – жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызсақ керек еді».
Ендеше: «біз (неге) олай қылмадық», неге «ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық? Жан бізді жас күнімізде билеп жүріпті. Ержеткен соң, күш енген соң», неге «жанға билетпедік», неге «жанды тәнге бас ұрғыздық?».
Сөйтсек, жолға шығу үшін де, жол азығын көтеріп жүру үшін де әуелі сол азықты салатын «сауытты» түгендеп алу керек екен. Ол үшін әуелі:
Қарашы, өз бойыңа, түгел ме екен,
Ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш?.
Демек, «жол азығының сауыты – жүрек, ақыл (өң-шырай), қуат (жан қуаты), қайрат (күш, жігер, ынта) екен. Жол азығын қамдаған қам-харакеті түгел емес екен. Себебі, шариғаттың талабымен тепе-тең бұлжымайтын иманның жол азығын жиюдың:
«екі шарты бар, соны білу керек екен» және оны күдіксіз орындау керек екен. Ол үшін: «Әуелі иманның иғтиқадын (имани сенімді) махкемлемек (бекемдемек, бекем бекіту) керек екен». Өйткені:
«Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды» [1.448].
Ал, «енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек» болатын.
Бұл кезде мұндай қатаң талапты орындауға Абайдың ақыл-ойы мен ағзасы дәрменсіз болатын. Өйткені, Абайдың жүрегі:
Жүрегім менің – қырық жамау,
Қиянатшыл дүниеден, –
деп өзі айтқандай, айыққысыз дімкәс еді.
Оның жүрегі өзі кешкен тіршілікте «кімді сүйсе – сол жау болғандықтан», кімге сүйенсе – сол «қастық қылғандықтан», «кейі – өлі, кейі – тірі» сол «қайғысыз асаулардың» табасына қалған «қиянатшыл дүниеден қырық жамау» болатын. Сондықтан да, өзі сияқты «жүрегі жаралы» жаннан:
Қан жүректі қайғылы-ау,
Қайырыла кет сен маған.
Қасиетін ойлан-ау,
Қам көңілдің тынбаған, –
деп медет сұрайды.
Бұл өзі тура өзі сияқты ақыл-ойдың азабынан қамжүрек болған бәдәуи пендеден демеу сұрау ма, жоқ, Жаратқанға жалбарыныш па? Шарасыздықтан шалықтағандай бұл неғылған пәрменелік соншама? Бұрынғы өткен өмір, кешкен ғұмырдың азап-мазағының табасын былай қойғанда, дүниеден озарда Абайдың сондай бейдауасыз күй кешкені анық. Мұны «құсалық», тәні мен жаны ойдан тозған – деседі замандастары. Кім білсін? Анығы, тек Жаратқан иеме ғана аян. Әлде, Жардың дидары көз алдына елестегендегі ақихаттың мұғжизасы ма? Қайдам?
Иә, қалай болған күннің өзінде, «Қан жүректі қайғылы, қам көңілдің де қасиетін» бір сәт сезініп, соның қамын ойлағанды сауап көруі де мүмкін-ау?!. Мүмкін.
Ал, бұл – озаны азанмен тең ұлы жауапкершілікті талап етеді. Ал, біз:
«Кімде-кім жақсы-дүр, жаман-дүр ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин (бірақ), сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен», – деген тілек қосумен шектелеміз.
Бұл – иман қанағат табатын мінәжат емес. Қимастықпен емес, немқұрайлықпен: «Әркімге тілеу қостық қой», бірақ соның дені: «Бәрі алдамшы саудагер– боп шықты. Бір сәт біз де Абайды арбаған сол көңіл-күйге түсейікші. Себебі бұл сұрқия шындық бүгін де бар. Иә, «болсын, болмасын деген – оңбасын» деп қазір де көпке тілеу қосып жүрміз. Сол көптің дені алыпсатар, яғни, саудагер. Өзімізше, «бизнесмен» деп еркелетіп қоямыз. Сонда, біз саудгерлердің заманында өмір сүріп отырғандықтан да, бүкіл қоғамымыз саудагер қоғам болып шықпай ма? «Шықпайды» емес, әлдеқашан көпестеніп кеттік емес пе. Ендеще, алушы кім? Ол да саудгер ме? Тұтынушы кім? О, сол баяғы бейшара халық! Енді: «Кеңесерге адам жоқ», ал «Досты қайдан табарсың».
Абайдың заманын бұл заманмен неғып араластырып жіберді демеңіз, өтінемін, өйткені, сіз бен біздің де: «Бұл неғылған заманға күнім түсті» дегеніміз қашан, тіпті, «қорқамын кейінгі жас балалардан» деген үрейдің жеңе бастағаны да шындық-ау.
Сүйсе – жалған, сүймесе – аямаған,
Бұл не деген заманға ісім түсті? –
дегізген мына сөз, Алла сақтасын, бізді де осылай дегізіп, жағамызды ұстатып жүрген тура бүгінгі біздің қоғамымыз ғой!
Мүмкін: Е, бұл да Абайдың заманынан қалған мұра екен ғой – дерміз. Сонда, ертең де солай болмақ па? Осы, дін, иман дегеніміз осындай «жалған сүйіп, сүймесе – аямайтындардың» бетін қайтарып, түсін жылытудың Жаратқан ием жіберген амалы емес пе екен?
Абайды түңілдірсе – түңілдіргендей бұл сұрақ кеше де қойылған, бүгін де қойылып отыр. Ертең де қойылмақ. Өткені, Абай қойып отырған «жол азығы» мәселесіне жауапты әр ұрпақ өзі беруге тиісті. Ал, сұрақтың мазмұны ұрпақ ауысқан сайын жаңғырып, жаңаланып, түрленіп отырмақ. Ар-ождан, иман, ихсан, ілім – қашан да күн тәртібенен түспек емес. Өйткені, бұлар адамның адамдық қасиетін сақтап қалатын мәңгілік киелі ұғым-категориялар. Сондықтан да, иманыңды үйіріп, Діліңмен шын иланып, ынталы ниетпен істеген мінәжатыңның сауабы қаныңмен бірге «Бар тамырды қуалау…» керек. Өйткені:
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар… –
дейді Абай.
Ашығын айтайық, осы тақырыпқа қалам тартуға біздің де жүрегіміз дауаламаса да, ынталы болды. Сол ынталы ыстық ықылас қырық жылға жуық жүрегімізді шайқап, ойымызды тербетті. Асылық айтты демеңіз, әрине: «Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек, – дегендей, біздің ойымызға да осы тәмсіл қуат берді. Мүмкін: «Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек» – дегендей «ақылға сәуле қонған» шығар. Анығы, қалай да, Абайдың: «Аспаса ақыл қайраттан, Тереңге бармас, үстірттер, – деген тәмсілін үнемі есте ұстап, өзімізше тереңге баруға ұмтылдық. Өйткені:
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса? –
дегенді түсінетін ақыл саңлауы ілгері лықсытып отырды.
Жол азығын жиғанда, Иманнан басқаға бас ұрғандардан Абай:
Нені тапсаң, оны тап,
Жарамайды керекке.
Өңкей уды жиып ап,
Себеді (себесің) сорлы жүрекке, –
деп сырт береді.
Ондай жалған амал иесін: күйбең тіршіліктің таусылмайтын қам-қаракеті мен қанағатсыз бақталастың бақастығына салынған, «жол азығының» татымын кетіретін, иманға қиянат ететін «усойқымен» теңестіреді. Өйткені:
Дүниеге дос – ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей
(боп – Ш.Марсеков қолжазбасы) орныға алмас.
Дүниеге – ынтық, махшарға амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас.
Ал, осындай құштарлы ынтамен ұмтылып, ұқыпты жиған «жол азығың» не? Ол неге керек? – деп, мүмкін, бір мезет ойымыз өріс таппай: «Адасқан күшік секілді, Ұлып жұртқа қайтқан ой», – деп Абай айтқандай, адасқан күшік секілді жұртқа ұлып қайтқан бір сәттерді біз де бастан кешкен кештік. Іле: «Өкіндің, жолың бекіді, Әуре болма, оны қой», – деп қайтадан Абайға тағзым етуге мәжбүр болып, есімізді жиғанымыз да есімізде.
Сондайда, «Ақыреттің азығының» бетін ашып қалсаң: «Жол азығыңды жи!» – деп бұйырады имам Ғазали. Ал, жиған азығыңды қайда апарасың? О дүниеге – бақиға алып кетпейсің ғой. Тәнің, қайратың, көрік-келбетің, ақылың, жүрегің, ілқамың, ижтиғатың, әлгі «көркем мінезің», дауысың, естуің, тілің, сөзің бәрі фаниде қалады? Сонда, не алып барасың о дүниеге? Ғазали мен Абайдың пайымдауынша, «Иманның ұясы» жүрек жарылып, тоқтаған соң о дүниеге – Рухың, яғни, иманың ғана барады. Оны «денемен» – түйсікпен ғана сезесің. Сонда, түйсік дегеніміз – санадан да қасиетті болғаны ма? «Иә» деу керек шығар, өйткені, Түйсік-Сезу-Сезіну алланың бір сифаттық қасиетінің белгісі болып табылады.
Егерде, түйсігіңе түйсінбей, иманыңды таза ұстау үшін пейіліңді, ниетіңді таза ұстамай, пиғылға, нәпсіге жеңдірсең, онда: «Ермен шықты ит қылып, Бидай шашқан егінге», – дегеннің керін құшасың. Яғни, еккен егініңнің орынына ермен шығады. Жасаған құлшылығыңның барлығы зая кетеді. Одан да: «Жай жүргенді уерд (осы сөзді – әдет, машық деген мағынада түсіндіру тым қарабайырлау, үстірт сияқты) көріп, Тыныш өлсеңші тегінде» [1.289] – дегің келеді.
Осы, «одан да тыныш өлгеннің өзі жақсы» дегенді Абай жиі және нығарлы мағынамен айтады. «Тыныш өлудің» өзі дербес бір категорияға, көңіл-күйіне ие «тиянақ сөз бе», әлде реті келгенде, ойға түскенде айтыла салған сөз бе? Кім білсін? Анықтау керек. Ал, анығы: «Көптің аузын күзетсең – Күн көрмейсің, Өзіңді – өзің күзет те», «Адалдан тапқан тиынды, Сал да сақта қапшыққа». Абайдың мұндағы «қапшық» дегендегі қапшық – осы жол азығының қапшығы. Мінезіңді ақылыңа билетіп, арам пиғылдан сақтап «адалмен» жиған иманыңа Ар-ожданыңды күзетке қой? – дейді. Шәкерім айтқан, «білімнің мақсаты – ар ілімін игеру» дегеннің мағынасы да осы. Бұл жолда:
Сезімпаз көңіл,
Жылы жүрек.
Таппадым деп түңілмес.
Бір тәуір дос
Тым-ақ керек,
Ойы мен тілі бөлінбес.
Иә, мұндайда, «Сезімпаз көңіл, Жылы жүрек, Ойы мен тілі бөлінбес, бір тәуір дос» әркімге керек-ақ. Біз де мұқтажбыз. Бірақ, қашан да жақсыға жарлы «бірі кем дүние», жарылқай қояр ма екен? Ал, әзірше Абайдың келген қорытындысы, досқа жары, жарыма мейлі, бәрібір:
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа.
Абай үшін осыдан асқан не жұбаныш бар еді? Жоқ болатын. Сондықтан да, жүрегін «Қарасөзбен» жұбатты. «Қара сөзді» оқып отырғанда, Абайдың: «Жанында суықтық бар бір жасырын, – деген М.Лермонтовтан аударған өлеңінің бір жолы үнемі санаңда үйіріледі де тұрады. Иә:
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.
«Замана оны – адамды – «илемек пе», «билемек» пе (Ш.Марсековтің көшірмесінде солай). Мағыналас. Бірақ, илеу – қайырымсыз үкім, билеу – өмірлік шындық. Сонда бізді, замана илеп отыр ма, билеп отыр ма? Мұны тіршіліктен көрген әркімнің рахат-жапасына қарай бағалау керек шығар.
Мейлі, біздің әдейі еліктіріп-желіктіріп жазған шалықтама тәфсірімізде жазылғандай, Абай алағай да бұлағай күй кешті ме, жоқ па, кім білсін. Бірақ, «Қарасөзді» жазған кезде ақыл-ойдан ұшынғандай алабұрта күй кешкені өмірлік шындық. Біз сондай күйге өзіміз де түскендей боп ойды алыс-шалыс баяндауымыздың басты себебі, Абай кешкен алабұртуды өзіміз басмыздан кешкендей сезіндіру үшін, жол азығын жинау – рухани шіміркенумен келетінін сезіндіру еді. Оған ғафу өтінеміз.
Ал, Абайдың иман азығын жинауға тілек еткенде сақтандырып, ескертетіні мынау:
Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,
Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған.
Мұсылман болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол.
Шын илан да, таза ойла бір иманды,
Мұнафиқ (екіжүзді, жүзқара)
намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.
Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла,
Пендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мү’мин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!;
немесе:
Күйлі, күйсіз бәйгеге,
Қажыды көңілім көп шауып.
Көп қинамай әрнеге,
Енді семірт, жем тауы, – дейді.
Яғни, өзінің жол азығын азсынып: енді сен иманыңды байыт, жан азығыңды өзің молайт – дейді шарасыздықпен жанашыр жандарына тілек қосып.
Абайдың ислами пәлсапаны желі ете отырып, яғни, ақыл-ойын азық ете отырып, ол аңсаған аңсарлы өмір – мінсіз адамдардар қам-қаракетсіз, қайғы-уайымсыз, қулық-сұмдықсыз, ізгі ниетті, әдебі мен әділдігі жарасқан, білімі мен ғылымы жүрегіне кір түсірмейтін, махаббат-рақымы шексіз, талаппен қанаттанған, еңбектен рахат тапқан, мақсаты – тек қана жақсылыққа толы жарық келешекке ұмтылу ғана болатын жұмақ өмір. Ал жұмақ – мәңгі бақилық, яғни, мәңгілік өмір. Сондықтан да, өмірдің, яғни, фанидің мақсаты – мәңгі бақилық жұмақ дүниеге әзірлік, соның қамын жасау, жол азығын жию. Мына өмір – соның дайындық майданы.
Имам әл-Ғазали, «Ақиреттің азығында» мына дүниені:
«Сонымен, мына үй (фани) – ақиреттің азығы, ал ол (бақи) үй – мәңгі бақилықтың әлемі әрі сауап үйі. Мына (дүние) – осындағы бар ырыздықты – жол азығын жинап, ақиретке алып кететін тұрақ…»,– деп бағалайды.
Екі данышпанның да мақсаты – иманмен сақтандыру арқылы адамзаттың мінсіз, таза, адал ғұмыр кешуі, мына дүниенің қадірін біліп, тәубе мен қанағатты шүкірлікпен қабылдап, ғұмыр кешуге бағыттау.
«Өзі ермей, ерік бермей қор еткен жұртына» қарсы «мыңмен жалғыз алысса да, жетпеген», жеткізбеген ол мақсатына, тым болмаса ислами уағыз-тәрбие ұсыну арқылы үміт шылбырын алдарына тастағысы келді. Оның дәрілқарап дәуірде жаттың дағуасының ықпалына елігіп:
«өнбес іс» пен «сұм-сұрқия айланы малданып», «қулық сауып, күн көрген», «Орыс айтты, ояз айтты» деп, «арқаға ұлық қаққанға, Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жапқанға» «мәз болатын, «Ұрысса орыс, Елге болыс, Үйден үрген итке ұқсаған», «Танымадық, Жарымадық, Жақсыға бір іргелі. Қолына алып, Пәле салып аңдығаны өз елі» болған, «Бейілі шикі, Ақылы күйкі», «Қарғағанын жер қылмақ, Алдағанын зор қылмақ, «өзі залым, закүншік», «Алдадым, ұрдым, қырдым деп, Шалықтап, шалқып, шататын, Қапысын аңдып тұрдым» деп, Қулығын бұлдап сататын», «Келелі кеңес жоғалған, Ел сыбырды қолға алған», «Орыс сияз қылдырса, Болыс елін қармаған», «Өзі шошқа, өзгені «ит» деп ойлаған», «Заманының тарлығын ойламаған», – «Қызығы кеткен елді бағып, Қызуы кеткен сөзді бағып» қалғысы келмеген Абайдың күйініп:
Күйесің, жүрек, күйесің,
Күйгеніңнен не пайда?
Дүниеде нені сүйесің
Өмір қайда, дос қайда?, –
дейтіні де сондықтан.
Ол – «Жарлы емес, зарлы». Тек, осындай наданға тән қылықтарын көріп: Өзге жұрттың алдында қорланып, Жұртым деуге арланады». «Тым болмаса мал баға алмай кеткен» жұртына, құс мұңлығы байғыз екеш байғыздың:
«Ей, адам баласы, жол алыс, жүк ауыр, ақирет үшін амал қылыңдар», – деген түнгі сұңқылын еске салады.
Байғыз да Жартқаннан иман дәметіп, жақсылыққа, ізгілікке ұмтылғанда, сен – адамсың ғой, адамдық қасиетіңді біл, тәубеңе кел! – деп шақырады өзінің «Қарасөзінде» Абай.
Мұны біз де тәмсіл етеміз.
I.3. Имани шарт пен парыз. Сонымен, Абайдың ыза мен құса бойын буып, ойы толысып, өзі айтқандай, «Қайғы, қасірет жүзіне белгі салған, Дәні толық, басы үлкен егіндей» болып толған кезінде қамданған «қияметтік ақирет азығы» – «жол азығының» басты мінәжат-міндеті не? Анығы, оның: «күйіп тұрып, көңілі сүйгені» – бір Алла және Жаратқанның жолы, соның ішінде адалдан жиылатын «жол азығы» – иман.
Сонда, иман дегеніміз не және оның талаптары қандай?
Иман – сопылық тариқатының негізгі ұйытқысы. Сопылар үшін бұл дүниенің басты мақсаты – иманның парызын орындай отырып, «ақиреттің егінін ору», яғни, «жол азығын дайындау». Бұл – ең ұлы, ең қасиетті, ең құрметті мінәжат. Исламның бес парызының (1. Имандылық. 2. Бес уақыт намаз. 3. Ораза.4. Зекет беру. 5. Қажылық) бастысы да – иман. Ал иманның өзінің жеті парызы бар. Олар:
«1.Аллатағаланың бар екеніне, Біреу екеніне сену, иман келтіру. 2. Періштелердің бар екеніне сену. 3. Құранға илану. 4. Пайғамбарларға сену. 5.Ақирет күніне сену. 6. Жақсылықтың да, жамандықтың төркінін Аллатағаладан деп білу (Жамандықтың да, жақсылықтың да тағдырын Аллатағаладан деп сену исламда даулы мәселе болып табылады. Өйткені, кей дін ғалымдарының дәлелінше, жақсылық – тек аллатағаладан да, жамандық – тек адамның өз пейілінен табатын тағдыр ісі). 7. Өлгеннен кейін ол жақта да өмір бар екеніне сену».
Абай өзінің «Он үшінші сөзінде» иманның бұл шарттарын:
«Иман деген – Алла тәбәрәкә уә тағаланың (игілікке бастаушы ұлы Алланың) шәриксіз (серіксіз, серік қоспай), ғайыпсыз, бірлігіне, (Оның) барлығына уә (және) әртүрлі бізге пайғамбарымыз саллаллаһу ғалайһи уәсәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойынсынып, инанмақ (илану). Енді бұл иман дерлік инануға (илануға) екі түрлі нәрсе керек. Әуелі не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел ыспат (дәлел, айғақ) қыларға жараса, мұны яқини (шүбәсіз, шынайы. Яғни, шынайы иман (Мұны кейде тәхқиқи иман деп те атайды) десе керек. Екіншісі кітаптан оқу бірлән (менен), яки, молдалардан есту бірлән (менен) иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға (болу) керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып (кетпейтіндей), көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман тақлиди (білген адамға ілесіп иман келтір, илану) дейміз», – деп атап өтеді.
Шәкерім Абайдың бұл пікірін:
«Иманның жеті рәкіні бар: әуелі Аллаһи тағаланың барлығына, Бірлігіне нандым, періштелерінің барлығына нандым, пайғамбарларына жіберген кітаптарының баршасына нандым, барша пайғамбарларына нандым, ақирет күнінің болмағына нандым, барша жақсылық, жамандық істер Алла тағаланың тағдырынсыз болмайтынына нандым һам (және) өлген соң тіріліп сұрау беретұғынымызға нандым… Тақуа деп сақтанғандарды айтады. Адам әр уақыт Алла тағаланың ғазабынан – қорқынышта, рахметінен – үмітті болып, қауіп пенен үміттің ортасында болуы керек», – деп одан әрі тиянақтайды.
Имам әл-Ғазали, «Ақиреттің азығында» мұны:
«Біліп қой, сен жаратқанның жарлығын орындай отырып, Алладан имене жүріп, бүкіл тәніңмен қоса өзіңнің жүрегіңді үнемі тексеру мен сақтандыру арқылы бір демге де, бір сәтке де өзіңнің бойыңды қамсыздыққа жеңдірмесең ғана сол дәрежеге көтерілесің және Аса Жоғары даңқ иесі Аллатағала мен Хақ тағала сенің сыртқы және ішкі жандүниеңнін әр сәтінен хабардар екенін, сенің ойлағаның мен ойыңдағыны қаперіне алып отыратынын, сен не айттың, не көрдің, неге күйіндің және сенің тәніде не болып жатқанын білетінін ешқашанда есіңнен шығарма. Бүкіл ғаламда Алла тағала көрмейтін және білмейтін, Оның қалауынсыз қозғалысқа түсетін не тыныштық алатын зәрредей зат жоқ»,– деп тереңдете тәснифтейді.
Абай иманды адамгершіліктің барлық үлгілі қасиеттерінің жиынтығы ретінде қарастырады. Сондықтан да, иман өздігімен келмейді. Ол тән мен жанға біткен игі сезім түйсіктерінің талшығы. Аса кірпияздықты, талғамды, тәубәні, әділет, рақымды, махаббатты, парасатты, кіршіксіз таза «қорықпас жүректі, айнымас көңілді, босанбас буынды» талап етеді: Абай:
«(иманның)… екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі иманның иғтиқадын (сенімін, яғни, «айнымас көңілін») махкемлемек (бекіту, яғни, «босанбас буын»)керек, екінші үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды (деп есепте), (оның) ғибадаты – ғибадат болмайды. Уә-ләкин (Егерде), кімде-кім иманның неше нәрсе(мен) бірлән кәмәләт (кемелдік) табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, пірәдар (әулие сопы) атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүргені – көңілге қалың бермей (толық сіңірмей) тұрып, жыртысын (бетін жәй бүркей) салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін өзі аңдып (тексеріп), шын діни шыншылдап (шыншылдықпен) жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды, – деп иманның осы шарттарын толық орындамайтын «Иман білместердің тағатын қабыл демейді».
Ал, осындай қатал талап қойылып, орындалу міндет саналған жеті шартқа Абайдың өзі берген жауаптарынан қысқаша үзінді берумен шектелеміз.
Иманның бірінші шарты: Жалпы мағынасы жалпыға таныс Аллаға сөзсіз илану. Бұл еш күмәнға жатпайтын күдіксіз мінәжат болып табылады. Абай да оған сендіріп, иландырып жатпайды, бірден оның жөнін нұсқайды:
«…Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана «жәлб-и мәнфә‘әт (пайдалысын ғана алып) дәф‘-и музәррәтләрді (зарарына, зиянынан қауіптеніп, оның пайдасынан бас тартуды)» айырмақлық» керек. Сол жақсы мен жаманды, пайда мен зимянды ажырату үшін «ғылым-білімді үйренсе», сонда әр істің пайда-зиянын «білер деп үміттенуге болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала».
Бұл – тас қараңғы түнде ақ пен қараны ажыратқандай қылуеттік қиямет, түйсік пен сезімнің, таңдау мен талғамның ғылым-білім арқылы шешілетін шетін мәселе.
Өйткені: «Иман дегеніміз бір ғана иланбақтық емес, сен Алла тағаланың бірлігіне уә (және) Құранның Оның сөзі екендігіне уә (және) пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа саллаллау ғәләйһи уә сәлләм Оның тарапынан елші екендігіне инанумен (иланумен)» іс бітпейді».
Мұны Абай өзінің өлеңдерінде де:
«Алла!» – деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа қол емес, –
деп, анық көрсетіп:
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақихат та, дін-дағы тереңінде, –
екенін ескертеді.
Абайдың өзі жиі қолданатын: «Шариғат: Илану үшін ойлан!» – десе, Мен: Ойлану үшін иланамын! – деген тәмсілі айтуға жеңіл «Алла» деген сөздің астарындағы сол тереңдікті мекзейді. Сондықтан да ол:
«Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның хақиқатын білсін»,– деп ұстанатын жолды нұсқап алады да:
«Жә, (сонымен) не бітті? Сен Алла тағалаға Алла тағала үшін иман келтіремісің, иә өзің үшін иман келтіремісің?»,– деп сауал қоя отырып:
«Сен иман келтірмесең де, Алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Я өзің үшін келтірсең, жә иландың. Ол иланбақтығың құры ғана иланбақтықпен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің иланбақтығыңнан пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады»– деп анықтама береді.
Ал «кәміл мұсылман» болғың келсе, онда ең алдымен сол Алланың есімдерін:
«Исм-ул Алланы һәмма (және) Алла тағаланың фиғл ғазимдерінің (ұлы құдіретті істерінің барлық) аттарын, олардың мағынасын біл, һәм сегіз сифат затиялары (Алланың заттық болмысы) не деген сөз, (соны) кәміл үйрен. Өзіңді – Оның құлы (деп) біліп, өзіңе муслим (мұсылман деген) ат қойып, тәслим (толық иланып) болғаныңа рас боласың да. Өз пейілдеріңді Соған (Алланың сифаттарына) өз халіңше ұқсатуды шарт қыл», – деп талап қояды.
Талап қоя отырып, Алланың тоқсан тоғыз есімі мен оның сифаттарына сыпаттама жасап, терең түсіндіріп береді. Алланың есім мағынасы мен сифаттары алдыңғы «Шариғат», «Тариқат» тарауларында барынша кең мөлшерде түсіндіріліп берілгендіктен де, бұл арада оған аял жасамаймыз. Пікіріміздің тізгінін осы арадан қайыра отырып, керексіз жерде килігіп кеткендей болған, кезектен тыс кезекті ескертуімізге ғафу өтінеміз. Біз, бұл тарауда сол Абай тәмсіл еткен жеті парыздың сыртқа көрініп тұрған ашық талаптарына ғана тоқталамыз. «Ал, оның – бек шетін, бек нәзік жолдары» түйсікпен тамырласқан ішкі дүниеге қатысты сыры мен сыны тәфсірленетін, Абайдың өзі:
«…бұл жол – бек шетін, бек нәзік жол. Бұл жолда риясыз, жеңілдіксіз бір қарар тұрып (ұзақ уақыт бөліп) ізденген ғана кісі ісінің кәмелетіне (кемеліне, кемелдігіне) жетпек. Бұл заманда надир (сирек, ондай адамдар сирек кездеседі деген мағынада), бұған ғылымның да зоры, сидқ (шыншылдықтың да, шындықтың да), қайраттың да зоры, махаббаттың Халлақына (Жаратушы иесіне, Алласына) да, уә Халиқ (Жаратқан ие жаратқан) ғаламға да (ықылас-ынтасы) бек зор(ы) (талап, мақсат иесі) табылмақ керек. Бұлардың жиылмағы – қиынның қиыны, бәлки, фитнә (теріс) болар»,– деп сыпаттаған.
Бұл мәселелер – «жүрек айнасын таза ұстауға», яғни, «ар ілімін игеруге» қатысты мәселелер Мағрифат бөлімінде тереңдете таратылады.
Сонымен, жоғарыда аталған иманның жеті парызын өтеу рәсіміне қойылатын ортақ шарттардың алдыңғы легіне Абай әділет пен парасатты (рәфғәт, ғылым) қатар қояды. Себебі:
«… Иман құры (тек) инанышпен (иланумен) болмайды, әділет уә (және) рәфғәтпен (аса мәртебелі құрметпен, ізетпен, ізгі ниетпен) болады», – деп алдын-ала ескертіп, оның басты шартымен таныстырады.
Әділетті Алланың бір сифаты ретінде аса жоғары бағалаған Абайдың өзі есігінен бастап төріне дейін жүріп өткен өмір сапарында әділет пен шафһатты ешқашанда қаперінен шығарған емес. Ол үшін әділет, шафһат – барлық игіліктің, ұйытқысы. Ғылым, рақым, мейірім, махаббат, ізгі сезім, ақыл, ынсап, ұят, бір сөзбен айтқанда, парасат атаулының барлығы – әділеттен тамыр тартады. Себебі әділетсіздік – ықтиярсыздықтан, яғни, күні түскендіктен, мұқтаждықтан, жетімсіздіктен, зорлықтан, ізгі қасиетінің жеткіліксіздігінен туады. Ал, «ытиярсыздық Аллатағалаға лайық емес», өйткені, Ол ешнәрсеге тәуелді де емес, мұқтаж да емес, Қалағанын – бар, қаламағанын – жоқ етеді. Ирада (Қалау Еркі) – Алланың құдіретті сифатының бірі. Тіпті:
«Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һам ғадаләт, һам махаббат бар».
Әділетсізге – иман қонбайды, яғни, ол адам – адамгершілшік қасиеттен ада адам. Өйткені:
«Адамшылықтың алды – махаббат, әділет, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі… Бұл әділет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил (кемеңгер, яғни, кемел ақыл иесі)».
Демек, әділетке байланбаған жаратылыстың құбылысы жоқ. Жаратқан Ием он сегіз мың ғаламды сол әділеттің ұстанымымен билейді. Әділеттің қуатынсыз, Абайдың өзі аса сүйініп баяндайтын, ғылым да дәрменсіз. Оның себебін Абай:
«Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен білмекпіз», – деп түсіндіреді.
Сондықтан да, Жаратқан ием жаратқан және жүзеге асырған барлық:
«Амалус-салих (ізгі амалдар) әділетті уә (және) мәрхәмәтті (мейірманды, мейірімді) болмақ. Күллі тәнмен қылған құлшылықтарының ешбірі – әділетті, мәрхәмәтті бермейді (яғни, әділеттің орынын ауыстыра алмайды)… Бәлки (мүмкін, керісінше) әділет барша ізгіліктің анасы-дүр. Ынсап, ұят – бұл (да) әділеттен шығады».
Иә, әділдік – Абайдың өзінің бүкіл өмірінің ұстанымы, тіршілігінің мағынасы, көңілінің медеу мен жұбанышы. Өйткені, Абай үшін «әділетті шындық – барша ізгіліктің анасы». Демек, иманның ең басты шарты және ұйытқысы – әділдік. Сондықтан да, әр өлеңінде, «Қарасөздерінің» әр қайсысында үнемі:
«Бұл хикметтерінен һаммасын(д)а мархабат (рафғат) һам ғадаләт заһир (әділеттің белгісі) тұр екен. Біз өз ортамызда бұл мархамат (пен) ғадаләтті (неге) иманның шартына хисап (есеп) қылмаймыз, ал оның (сол) үшін мүсілім болғанда, аллатағалаға таслим болып, оның жолында болмақ едік, болғанымыз қайсы? Бұл, екі (өзі), Ай мен Күннен артық мағлұм тұрған жоқ па?».
Яғни:
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз
Біте қалса қазаққа,
Алдың – жалын, артың – мұз,
Барар едің қай жаққа?..
Демек, әділет пен мейірім-қайырымсыз, рақымсыз ақыл да, қайрат та толыққанды Жаратқандық сыпат ала алмайды. Әділетсіз, қайырымсыз-рақымсыз иман – иманға жатпайды. Ондайларды Абай:
Құдайдан қорықпай, антұрған,
Иман жүзін тоздырар, –
деп қатты жазғырады. Ол өзінің осы пікірін «Отыз сегізінші сөзінде»:
«Бұл фиғылды Құданың (Құдайдың) ешбірінде қарар қылмаймыз, өзгелерде болғанын жек көрмейміз, өзіміз тұтпаймыз, бұл қиянатшылық емес пе? Қиянатшылыққа бір қарар (бір табан жақын) тұрған адам – мұсылман емес, ең болмаса шала мұсылман», – деп даралап көрсетіп, талдап, үкімге пара-пар пікір айтады.
Абай үшін, әділетсіздік – имансыздықпен пара-пар. Тіпті, Алланық құдіретті сифаты ретінде сүйіне сыпаттаған Ғылымның (мәтіндегі рафғаттың, парасаттың баламасы – ғылым болса керек – Т.Ж.), Ақылдың, Қайраттың өзі де иманның әділетіне жүгінуі тиіс. Өйткені:
Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық,
Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.
Абай ғылымның әділет-шафһатын оның нәтижесіне қарай бағалайды.
«Біз жаратушы емес, (ғылымды әділетпен) жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол (білген ғылымымызды) махаббат пен әділетке қарай тартпақпыз. (Адамның – адамдық қасиеті, иманы) сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Инандым, сендім демек – инандырамын, сендіремін деген (сөз) емес» [1.490], – деп қорытады өзінің «Қара сөзін» Абай.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және сүй Хақ жолы деп Әділетті.
Осы үш сүю болады иманигүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ (анық) біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл.
Дін де осы, шын ойласаң, тағат (ғибадат) та осы,
Екі дүние бұл тасдиқ (үш анық) – Хақтың досы.
Он сегіз мың ғаламның барлық құбылысы әділетпен жаратылған, олардың қозғалысы әділеттің қуатымен жүзеге асады, Жаратқан Ием мұқым дүниені, фани мен бақиға тиесілі барлық харакетті әділетпен билейді. Сол үшін де оған тағзым етеміз. Ал:
«Құдай тәбәрәкә уә тағаланың барлығының үлкен дәлелі ‒ неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен Құдай бар деп келгендігі, уә (және) һәм (әрі) неше мың түрлі діннің бәрі де әділет, махаббат құдайға лайықты дегендігі».
Мұны Абай өзінің өлеңінде:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Ешуақытта рас сөз жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас, –
деп растайды.
Егер, шындығында да, «әділет барша ізгіліктің анасы» болса, онда әділетті иман – адамгершіліктің кепілі. Сондықтан да: Жаратқан ием, имансыздан сақтасын! – деп емеуірін танытады Абай. Ол мұны өлеңі арқылы да:
Мүһмин болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол, –
деп қайталап қайталайды.
Ал, имансыздыққа бастайтын тура жол – надандық. Наданда – әділет болмайды. Себебі наданның: «Көзінен басқа ойы жоқ», ол хайуаннан да өткен берекесіз, берекет емес, тек қана әрекет әкелетін «Адамның надан әуресі». Оның «Саудасы – ар мен иманы» және онымен қарсы күресуге, тиылуға «бойында қайраты жоқ». Өйткені, «Наданның көңілін Қараңғылық пердесі басып тұрады». Имансыздыққа кешірім жоқ. Егерде:
«Иманға (иманның осы шарттарына) қарсы келерлік орында (болса), (онда) ешбір пенде құдай тағала кеңшілігімен кешеді-дағы демесін, оның үшін құдай тағаланың ғафуына (кешіріміне), яки, пайғамбарымыздың шапағатына (қияметтегі мейірім-шапағатының аясына) да сыймайды, мүмкін де емес. «Қылыш үстінде серт жоқ» – деген, «Құдай тағаланың кешпес күнәсы жоқ» – деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрсын (күйсін)».
Сондықтан да Абай өзінің бұл пікірін өлеңінде:
Шырықтар, ынталарың «Менікін» де,
Тән құмарын іздейсін күні-түнде.
Әділетті, арлылық, махаббат пен –
Үш жолдасың қабірден ары өткенде, –
деп қайыра ескертіп, «көптің дүрмегіне ілесіп:
«Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді: Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны – дейді… Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» – дейді. «Оқымадың демесе болады-дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» – дегендерді құптамайды.
Немене:
«Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па?», – деп сынақ сұрағын қояды.
Ондай, кесірлі керенауларға қарата:
Көптің бәрі «Көп» деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп көк итті күнде жемек.
Ғадалет (әділет) пен мархабат (парасат) – көп азығы,
Қайда көрсең болып бақ соған көмек, –
деп кеңес береді.
Өйткені, бұл түйсік-сезімді:
«Әр адамның бойында Алла тәбәрәкә уә тағала (берекеге, игілікке бастаушы ұлы Алла) (оларды) тәхмин(і) (түйсікпен болжап, шамасын білетін қабілеті) бар қылып жаратқан. Бірақ оған рәуаж (қимыл) беріп гүлдендірмек, бәлки (бәлкім), адам өз халінше кәмелетке жеткізбек (жету) жәһдінде (ниетінде ынталы) болмақ. Бұлар – өз ыждағатыңменен, ниет халиспенен (шын ниетіңменен) ізденсең ғана беріле тұрған (тұғын) нәрселер, болмаса жоқ».
Міне, ғылымды қапысыз, саңлаусыз игеру үшін әділет, шындық, мейірім, шын пейіл, ынта мен ұқыптылық керек екен. Абайдың бүкіл шығармашылық аңсары мен ой өзегін, өмірлік арманын құрайтын ғылым-білімге сондай бір ықтиятпен, ынта-талаппен, тіпті, қазымырлықпен жеріне жеткізе талдап, үнемі қайталаумен, еске салумен болады.
Өлеңдері мен «Қарасөздерін» есептемегеннің өзінде «Отыз екініші сөзі» тұтастай ғылымды игерудің әдіс-тәсілін, айла-амалын, талап-мұратын, оның өмірлік мәнін, имандық саубы мен бақастықты оятатын шетін көріністерін түсіндіруге арналған. Талдағанда жай ғана ілім көзі, үгіт-насихат ретінде сараламайды, ғылымды иманның бір парасы ретінде қарастырып, ғылымды сол иманға тиесілі қасиеттермен үнемі байланыстырып отырады. Абайдың тәрбие мен білімге, ғылымға қоятын талабы да өте жоғары және оны ынта-ықыласпен, биік мақсатпен шендестіре тиянақтайды. Жәй білгенге қанағат етпейді:
«Әуелі, білім-ғылым табылса: (ғылымды, білгенімді) ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар» – еді деп іздемекке керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет (байлық, игілік деп) білсең һәм (және) әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат құзыр хасил (табысты нәтиже, қанағат сезімі пайда) болады. Сол рахат (қанағат әкелген) білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар (құштарлық, ұмтылыс), махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады… (Ондай) Бастапқыдай () болғанда, тапқан шешенің мейірімі секілді болады. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі… Егер дін көңілің өзге нәрседе болса, білім-ғылымды бірақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешеңнің мейірімі секілді болады. Шала мейір шала байқайды», – деп, сол білгеніңнен еліне әкелер пайдасы мен махаббатын баса көрсетеді.
Махаббатпен игерген білім мен ғылымның нәтижесінің де рақым-қайыры мол болмақ. Құлықсыз, зорлықпен игерген білім адамның жүрегіне адамгершілік ұялатпайды. Ол, Абай айтқан:
Қылып жүрген өнері (ғылымы):
Харекәті – әрекет.
Өзі оңбаған антұрған
Кімге ойлайды берекет?
Кімді ұялып аяйды?
Расы жоқ сөзінің,
Ырысы жоқ өзінің,
Өңкей жалған мақтанмен
Шынның бетін бояйды, –
дейтін оқыған, суық бауыр, қатыбас наданның бірі болып шығады.
Білгенін – қулыққа, залымдыққа, адамға, иманға қарсы жұмсайды. Ондайлардың «Қолына алып, пәле салып, аңдығаны – өз елі» болмақ.
«Жоқ, олай (ондай) ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек. Қазір де орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі: ата-анасы, ағайын-туғаны, бір жағынан, бұзып жатыр», – дейді Абай «Жиырма бесінші сөзінде».
Сондықтан да:
«…Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бәхсқа (бәсекеге)бола үйренбе, азырақ бәхс (бәсеке) көңіліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, (бірақ) көбірек (әуестенген) бәхс (бәсеке) адамды түземек түгіл, бұзады. Оның себебі: әрбір бәхсшіл адам хақты (шындықты ажырату) шығармақ үшін ғана бәхс (бәсеке) қылмайды, жеңбек үшін бәхс (бақталас) қылады. Ондай бәхс хәсәдшілікті (күншілдікті) зорайтады, адамшылықты зорайтпайды, бәлкім (керісінше), азайтады. Және мақсаты – ғылымдағы (ғылымның) мақсат(ы) болмайды, адам баласын шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады. Мұндай қиял өзі де бұзықтарда (қастаншықпағырларда, қаскүнем күншілдерде) болады. Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін!».
Шынында да, залым ғалым – адал ниетті қарапайым пендеден «садаға кетсін»! Ғалымның залымдығы – ең зәндемі залымдық. Өйткені, ол бәрін, немесе не істейтінін, неге істейтінін, оның зардабын, адамға тартқызар азап-михнатын біледі. Ондай зәндемілерде обал-сауап, қайырым-мейірім болмайды. Себебі:
«Бәхс (бәсеке) – өзі де ғылымның бір жолы (мысалы, ең жақсы жоба жасау үшін болған ғылым бәсекесі), бірақ оған хирслану (құнығуға болмайды) жарамайды. Егер хирсланса (құнығып кетсе), өз сөзімшіл ғурурлық (өзімшілдік, менмендік), мақтаншақтық, хәсәдшілік (күншілдік) бойын жеңсе, ондай кісі адам бойына қорлық келтіретұғын өтіріктен де, өсектен де, ұрсып-төбелесуден де қашық болмайды».
Мұндай бақастықтың иелері – адамның ғана жауы емес, мұқым адамзаттың жауы. Әрине, бұрын да, қазір де, тіпті таяу келешекте де:
Пайдасыз ғылымменен ми кептірер,
Дос-жарға мақтан етіп, бұлдап көрер.
Жақсы сөз, жақын үміт, тәттілікті
Кемітер, көңіл қоймас, кекеңкіреп, –
жүргендердің болуы табиғи әрі өкінішті.
Абайдың мысалына жүгінсек:
«Ләкин (алайда) осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес».
Енді не істемек керек, ғылым үйренгенде қандай ақ-адал ниетті ұстану керек? Ол үшін:
«Үшінші – әрбір хақиқатқа тырысып ыждағатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма! Егерде ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады? Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?. Төртінші – білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі –мұлахаз (өзіңді өзің бақылап отыру, нәтижесін байқап отыру керек) қылу, екіншісі –берік мұхафаза (білгеніңді есте сақтау, жадыңда ұстау керек) қылу. Бұл екі қуатты зорайту жиһәтінде (бағытын ұстану керек) болу керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды».
Яғни, мұндағы айтылған үш ұстаным да: бірінші, білгеніңді, біліміңді, сол арқылы ғылымды құрметтеу де, екінші, ғылымның нәтижесін: адамға пайдалы ма, зиянды ма, соны бақылап отыру да, үшінші, ғылымның жаңалықтарын жадта сақтау да – әрбір шынайы ғалымға тән қасиет. Бұл үшеуінсіз, өзіңнің де, ғылымыңның да, оның нәтижесінің де қадірі болмайды. Тіпті, бұл қасиеттер – ғалым атаулының тікелей парыз-міндеті болып саналады.
Бұдан кейін, еуропалықтарда – «ақылдың азабы», шығыс ғұламаларында – «ләухилық», қазақтарда – «оқу соққан» деген, Абайдың өзі мұны Крыловтың өлеңін аударғанда:
Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,
Көбінің сырты бүтін, іші түтін, –
деп келетін оқымыстыларға, яғни, ой адамларына қаратылған жүйкені шүйкелейтін ұғым бар.
Мұның себебін «Жиырмасыншы сөзінде» Абайдың өзі мұны:
« …Осы жалығу деген: әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының ақырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын», – деп ақтағандай, түсіндіргендей болады.
Алайда ғылым қуған жас буынды, ойсоқты болған ақыл иелерін Абай:
«Бесінші – осы сөздің он тоғызыншы бабында (Абайдың қара сөздерінің рет саны бойынша 31-сөз) жазылған ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Содан қашық болу керек. Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар (сордан сақтан), жаным, соған бек сақ бол, әсіресе, әуелі – құданың, екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибраттың, бесінші –ақылдың, ардың – бәрінің дұшпаны. Ол бар жерде бұлар болмайды», – деп сол «салғырттықтан» сақтандырады.
Өйткені, ондай құсалы, ызалы күйдің шалығынан, «ақыл-ой салғырттығынан» Абайдың өзі де құтыла алмаған. Ол бір кезең дүниеден баз кешіп:
«Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі», – деген азалы өмір сүру ғазабын басынан кешкен.
Мұндай құсалы ғұмыр – иманның да жауы. Шариғатқа да қиыспайды. Ол туралы «Төртінші сөзінде», «Тоғызыншы сөзінде», «Жиырмасыншы сөзінде», «Отыз бірінші сөзінде» Абай барынша зарын төге жазады. Ғылымға қоятын соңғы талабы да тікелей осы адамның тұла бойындағы тумысынан бітетін болмысына арналады. Оқымсытыларды ар ілімінің, әдептің, сабырдың қағидаларын сақтауға шақырып:
«Алтыншы – ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, иә, біреудің орынсыз сөзіне, иә, бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын!», ‒ дейді, яғни, өзінің өлеңінде айтылғанындай, «ар ұялар іс қылмас ақыл зерек» деген ұстанымға шақырады.
Ғылымға қойылған бұл талап – исі адамзатқа ортақ, оның ішінде, мүһминдер үшін міндетті түрде орындалуы тиіс талап. Өйткені бұл талап ‒ иманның талабы, яғни, иманның шарты. Ондай талапқа сай адамдарды Абай толық адамның қатарына қосады. :
Әрине, пайғамбардың, әулиелердің, хакімдердің Һас-әл-һас деңгейіне жету – кез-келген пенденің пешенесіне бұйырмағаны анық. Бірақ:
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз, –
деп Абайдың өзі айтқандай, ұмтылу, иманға бет бұрып, «жол азығын жию» – мүслім атаулыға парыз.
Сондықтан да. Абайдың өзі «ми кептіретін», «жаныңды азапқа салатын пайдасыз ғылымнан» бойын аулақ салып:
«Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі бір тез қартайтатұғын күйік, – деп аза бойы – қаза тұрады.
Себебі дана болмысты Абай:
«Ғалым өзі білгенін өзі пайдаланбаса, ол мәуесіз ағаш сияқты», – екенін түсінген.
Сонымен қатар, әділетсіз, қиянатқа жол ашатын, адамзатқа зиянын тигізетін, қасірет сыйлайтын ғылым – бақас ғылым. Ғалым әділет пен парасатқа (рафғатқа) қызмет етіп, жүрегін таза ұстауы тиіс. Егерде:
«… әділет, рәфғәт (парасат) боларға кімде-кімнің әділеті жоқ болса, (оның) хаясы (ұяты) жоқ, кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ», – деп кесіп-пішіп, батыл айып тағады.
Ал сол имансыздыққа келгенде:
Момыннан (муминнен-?) жаман қорқақ жоқ,
«Қу», «пысық» деген ат қайда?
Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда, –
деп жауап берілмейтін сұрақ қояды.
Ар-ожданынан айырылған пенде – жүзі күйген пенде. Қу, пысық, өтірік, өсек, уағдасыздық, алдау, арбау, қиянат, алдау-арбау, жауыздық, қаныпезерлік, надандық – адамнның да, адамның да қас дұшпаны. «Бірде оны жарылқап, бірде – мұны, итқорлықпен күні өткен» ондай имансыз алдамшы-жалдапты мұсылман түгіл әуелі адам деуге бола ма? – деп күмәнмен қарап, «Ар ұялар іс қылмас ақыл зерек» деп бекітеді Абай.
Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі.
Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық,
Арын, алқын – бұл (бір-?) күннің мәртебесі.
Демек, адамның адамдық қасиеті – Ар-ождан. Ал, Ар-Ождан – иманның ұясы. Абай мұны Мұхаммед пайғамбарымыздың сөзімен растап:
«(Оған) Пайғамбарымыз саллаллаһу ғәләйһи уә сәлләмнің хадис шәрифі(ндегі): «Мән лә хайә – ән ләһу уә лә имәнә ләһу» (Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ) – деген(і) дәлел-дүр», – деп бұлжымас қағида ретінде ұсынады.
Қорыта келіп Абай
«Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа … ғылым үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, иә, жұртқа рахат көрсете ме?», – деп тұжырымдайды.
Яғни, иманның ең парызы мол, игілігі сауап болмысты ғылым туарлы пікірін Абай:
«Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды», – деп кесіп-пішіп айтады.
Бұл – Абайдың «түйін сөзі» және шындық.
Шәкерім қажыда да тура осы сөзді:
«…Ынсап, рақым, әдеп болмаса, адамның өзге хайуаннан артықтығы болмас еді. Әдепті болмақ туралы (аятта): «Әдеп – діннің жартысы» – деген. Әдепті кісіде ұят бар, ұят бар кісіде – иман бар, пайғамбарымыз: «Кімнің ұяты жоқ болса, соның иманы да жоқ» – деген» [43.385], – деп түсіндіреді.
Біздің бұған алып-қосар, не үстемелеп түсіндірер еш уәжіміз жоқ. Абайдың тәфсірлеуі бойынша, мұның барлығы: Әділет, Парасат, Ғылым, Рафғат, Рақым, Махаббат, Ар-Ождан, Ақыл, Қайрат – адамның бойындағы иманды тұтастандыратын оның құрамдас бөлшектерінің «бірлігі» болып табылады.