Редакциямыздың қоржынына белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев құрастырған «Неғұрлым мәдениетті халық…» деп аталатын, «ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы Ресей және Кеңес энциклопедияларындағы қазақтар мен Қазақстан туралы энциклопедиялық мәліметтер» деген қосымша атауы қоса берілген жинақ келіп түсті. Келтірілген деректердің оқырманға қызықты болады-ау деген бөліктерін ықшамдап аударып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.
КІРІСПЕ ОРНЫНА
Алғашқы энциклопедиялар Ұлыбритания, Франция және Германия елдерінде ХVІІІ ғасырда пайда болып, жеке автордың шығармасы ретінде де, ұжымдық еңбек түрінде де жариялана бастады. Бұл шығармаларда адамзаттың сол кезге дейін жинаған ілім-біліміне, мәдениетіне, ғылымы мен техникасына қатысты жәйттер мейлінше толық қамтылып, осы салалардағы жетістіктер белгілі бір жүйеге келтірілді және олар бұқара халықтың арасына осы тұрғыда нақты да шынайы деректер таратуда аса зор міндет атқарды.
Нақты мәліметтерге сүйенген орнықты да шынайы ақпарат таратудың жаңа түрі көп кідірмей Ресей империясына да жетті, алайда ондай туындыларды өмірге әкелу мақсатында жасалған алғашқы әрекеттер ақырына дейін жеткізілмей, аяқсыз қалды. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап бұл әрекет қайта жанданып, Ф.Толльдің «Білімнің барлық салалары бойынша оқулық сөздік», Ф.Брокгауз бен И.Ефронның «Энциклопедиялық сөздігі», ағайынды Гранаттардың осы аттас туындысы жарық көрді, бұлардың соңғысы төңкерістен кейін толықтырылып қайта басылды. 1925 жылы «Кеңестік энциклопедия» баспасы ашылып, онда 1948 жылға қарай «Гранат» энциклопедиясын басып шығару аяқталды, Үлкен және Кіші кеңес энциклопедиялары мен салалық энциклопедиялар шығарыла бастады. Ресей және Кеңес энциклопедияларын шығаруға баспа қызметкерлерімен қатар көптеген көрнекті ғалымдар да атсалысты.
Біз осы шығармалардың арасынан өзімізге керегін – Қазақстанға және оның халқына қатысты мағлұматтарды ғана теріп алдық.
Бұл орайда «Ресей тарихының» алғашқы нұсқасын жазған орыстың мемлекет және ғылым қайраткері Василий Татищевтің авторлық жобасы – «Ресейдің тарихи, географиялық, саяси және азаматтық сөз қоры» деп аталатын шығармасы аяқталмай қалғанын айта кетелік. Орынбор комиссиясының бастығы болғандықтан ол көшпенді халықтардың тұрмыс-тіршілігімен жақсы таныс еді. ХVІІІ ғасырдың 70-ші жылдары академик Иоганн Готлиб Георги жазған «Ресей мемлекетінде тұратын барша халықтардың тұрмыс салтының, наным-сенімінің, күнделікті тіршілігінің, тұрғын жайларының, киім-кешегінің және басқа ескеруге тұрарлық жәйттердің сипаттамасы» жарық көрген.
Алғашқы сөздіктер мен энциклопедиялар «бұратана» халықтардың тұрмысы мен әдет-ғұрпын сипаттауға негізделген «этнографиялық» тәсілді ұстанған болатын. ХІХ ғасырдың аяқ шенінен бастап неғұрлым ғылыми және жүйелі тәсілге үстемдік берілді. Энциклопедияларда жарияланған мақалалардың авторлары П.Мелиоранский, В.Бартольд, В.Масальский, А.Седельников тәрізді ғалымдар өз зерттеулері мен бақылауларына сүйенсе, П.Рычков, А.Левшин, Г.Миллер, И.Бларамберг, В.Вельяминов-Зернов, И.Березин, А.Харузин, Н.Ильминский, В.Радлов, Н.Гродеков, Ш.Уәлиханов секілді ғалымдардың еңбектері классикалық болып саналады. 1920 жылдардың аяғынан бастап авторлардың арасында У.Балқашев, Ғ.Тоғжанов, Т.Жүргенев, С.Асфендияров, А.Нүсіпбеков, С.Покровский, Е.Лизунова, П.Пахмурный, А.Қасымжанов, Г.Дахшлейгер, Ш.Елеукенов, М.Қаратаев, Б.Ерзакович, Ә.Қайдаров, А.Абдулин тәрізді ұлттық және жергілікті кадрлар пайда болды. ХХ ғасырдың басында ғылыми және анықтамалық әдебиетте Алашорданың болашақ көсемі Ә.Бөкейхановтың есімі жиі көріне бастады, ол орталық өкіметтің қазақ жеріне орыс мұжықтарын қоныстандыру жөніндегі және ұлттық үстемдікке құрылған саясатына батыл қарсы шықты. Қазақ халқының жаппай сауатсыздығы, көшпенділер қоғамында әлеуметтік теңсіздік орын алғаны туралы тұжырымдарды жоққа шығарды, оның айтуынша, жатақ дегеніміз – кедейлер емес, көшпенділердің уақытша отырықшылыққа көшкен бір бөлігі.
Патшалық Ресейде басып шығарылған және алғашқы кеңестік энциклопедиялар өзіндік бір әдеби стильде жазылса, 1940 жылдарға қарай қатаң академиялық стильге негізделетін болды. Сонымен қатар, тарихи оқиғаларға көзқарас идеологиялық сипат ала бастады. Төңкеріске дейінгі Ресей энциклопедияларында «орталықтың көзқарасы» мен өлкетану ғылымы араласып кеткен болатын, 1920-1930 жылдардан бастап тарихи ғылымдарда академик Покровскийдің мектебі алға шықты, онда таптық күрес пен ұлт-азаттық қозғалысқа баса мән берілетін және «Ресей – халықтар түрмесі» деген қағида басшылыққа алынатын. Тарих ғылымының басты сипатын дәл бейнелейтін «тарих – өткенді бүркемелеген идеология» деген тұжырым академик Покровскийге телініп жүр, бірақ анық-қанығы белгісіз.
1930 жылдардың аяғында «партия мен үкіметтің жаңа бағытына сәйкес» өткенге баға беру де өзгеріске түсті: Ресей бұрынғы «халықтар түрмесінен» әуелі біртіндеп, кейін екпінді түрде «халықтарды біріктірушіге» айнала бастады. 1932 жылы қайтыс болған Покровскийдің еңбектері қатаң сынға алынды.
Таптық көзқарас сол күйі сақталып қалды, бірақ ұлт-азаттық қозғалысқа өзара қарама-қайшы екі түрлі сипат беріліп, жасампаз және керітартпа (прогресшіл және реакциялық) деген айдар тағылды. Бұл қағида кейбір мемлекеттерді, тарихи қайраткерлерді, өнер туындыларын да қамтыды. Мәселен, Хазар қағандығы, Алтын Орда мемлекеттері, Кенесары Қасымұлы, Едіге мен Қорқыт туралы дастандар керітартпалық деп танылды. Кейін бұл қасаң қағидалар біршама жұмсарып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының кейбіреулері ақталған кезде дастандарға қойылған шектеу алынып тасталды, бірақ жалпы алғанда сол бағыт сақталып қалды. Соның салдарынан КСРО тарихында толып жатқан ақтаңдақтар пайда болды. Мысалы, атышулы «моңғол-татар езгісі» Александр Невский билік құрған кезде жүргізілгені немесе оның ішкі толқуларды басу үшін Алтын Орда әскерінің көмегіне жүгінгені жайында не ғылыми әдебиетте, не көркем шығармаларда бір ауыз сөз айтылған емес.
Сонымен бір мезгілде ұлттық тарихты қалыптастыру үрдісі жаппай жүріп жатты, оған тарихшылар мен идеологиялық қызметкерлер ғана емес, олармен салыстырғанда біршама еркіндігі бар ақын-жазушылар да белсене атсалысты. Олар, негізінен, тарихта аты қалған көрнекті қайраткерлерді өз ұлтының өкілі етіп шығарумен айналысты. Сөйтіп Науаи – өзбек, Фирдоуси – тәжік, Манас – қырғыз, Әл-Фараби – қазақ болып шықты. Осы сипаттағы әрекеттерге өзге ұлттан шыққан авторлар белсенді түрде тартыла бастады. Өзбектерге жағымды кейіпкер ретінде Ұлықбек ұсынылған, бірақ С.Бородиннің «Самарқант аспанындағы жұлдыздар» романы Ақсақ Темірді қаһармандық дәрежеге көтеріп, біржола жекешелендіріп алуға жол ашып берді. М.Семашко сұлтан Бейбарысты қазақ қылып шығарды. Академик И.Дьяконовтың Әзірбайжанға арнап ежелгі Мидияның тарихын жазбақ болғанын айтқаны бар. Кенет бәрі бірдей ата-бабалары ең көне халық болғанын дәлелдеуге жаппай кірісіп кетті.
Ал маман тарихшылар мен әдебиеттанушылар бұл кезде аталмыш тұлғаларды «ұлт меншігіне алумен» қатар ұлттық тарихты тереңдете түсумен, өздерінің этногенезі мен автохтонизмі (белгілі бір аумақтың белгілі бір ұлтқа тиесілі екендігі) үздіксіз жалғасып келе жатқанын негіздеумен шұғылданып жатты. Жоғарыдан түскен нұсқау бойынша халықтар достығына нұқсан келтірілмеуге тиіс, бірақ бұл қағида әрдайым сақтала бермейтін. Кеңес Одағының жекелеген аймақтарында сирек болса да туындап қалатын аумақтық дау-дамайлар кезінде тарихи деректер алға тартылатын болды, ал орталық биліктің ұлттық-мемлекеттік факторға емес, экономикалық-географиялық тиімділікке негізделген аумақтық-әкімшілік реформалар жасау әрекетіне қарсы автохтонизм қолданылатын.
Бұл орайда О.Сүлейменовтің ежелгі орыс әдебиетіндегі түркілік сарынды зерттеуге арналған «АЗиЯ» кітабына қатысты айтыс-тартысты мысалға келтіруге болады. «Игорь полкы туралы сөздегі» қыпшақ тілі мен басқа да шығыс тілдерінен енген терминдер туралы айтылып келе жатқанына бір жарым ғасыр өткеніне қарамастан көрнекті славистер Б.Рыбаков пен Д.Лихачев авторға дүрсе қоя берді, оларды КСРО КП ОК-нің қызметкерлері қолдап шыға келді. Дегенмен қазақ ақынының беделі Одақ көлемінде де, бүкіл дүние жүзінде де артып келе жатқанына байланысты орталық билік авторға қатаң шара қолдана алмады, мұның өзі одақтас республикалардың билік басындағы өкілдері мен зиялы қауымын ұлттық тарихтан бас тартпауға бел будырған маңызды оқиға болды.
Тарихи деректерді жинау және жүйелеу кезеңіне қайта оралайық. Әр жылдардағы энциклопедиялар мен ғылыми әдебиетті салыстырсақ, жалпы қағида бекітіліп бергеніне қарамастан әлі де бірқатар мәселенің түпкілікті шешіле қоймағанын аңғарамыз.
Біріншіден, қазақ тарихшылары орталықтың, өзбектің және тәжіктің авторларындай емес, осы аймақтағы ежелгі көшпенді халықтар – сақтар мен массагеттердің европанәсілді және ирантілді болғаны туралы тұжырымды қуаттай қоймады. Кейбір ғалымдар (М.Ақынжанов) олардың түркітілді және моңғолтекті болғанын дәлелдеуге тырысты, бұл пікірді бұқаралық мәдениет өкілдері ризашылықпен қабылдады, бірақ ресми ғылым мойындамай қойды.
Екіншіден, моңғол басқыншылығы күні бүгінге дейін даулы мәселе болып отыр. Кеңестік классикалық тарихтану ғылымының тұжырымы бойынша моңғол басқыншылығының салдарынан қазақтардың этногенезі мен мәдени дамуы «тежеліп қалған», бірақ жергілікті тарихшылар мен жазушылардың (олардың кейбіреулері сол моңғолдардың тікелей ұрпағы) пікірі басқаша болатын. Бірқатар зерттеушілер қазақ халқының қалыптасуы ХІІ немесе ХІІІ ғасырда өмір сүрген делінетін Алаша ханмен байланысты яғни бұл үрдіс моңғолдарға дейін жүрген деген әйгілі тұжырымды ұстанатын. Алаша ханның мазарында келтірілген уақыттың қате жазылғаны кейін анықталды, кейбір тарихшылар оны ХVІ ғасырда өмір сүрген нақты тарихи тұлға Хақназар ханмен шендестіреді. Бұл мәселенің тағы бір қырын да атап өткен жөн – жаулап алушылар мен жауланғандардың ұрпақтары кейін бірігіп кетіп, болашақ қазақ халқын құрады және олардың екіншілері біріншісін өздеріне сіңіріп алды (тіл жағынан); алайда өткен тарихқа қатысты өзара келіспеушіліктер де бар (олардың ең көрнектісі – ата-бабамыз Отырарды моңғол басқыншыларынан қаһармандықпен қорғады ма әлде Хорезм басқыншыларынан азат етті ме деген мәселенің шешімі әлі табылмай отыр).
Үшіншіден, қазақ тіліндегі диалект мәселесі біраз уақыт бойы, әсіресе 1950 жылдары өткір қойылып келді. Бұл тұрғыдағы пікірталас бұған дейін кеңестік филология ғылымында жетекші идея болып келген академик Н.Маррдың «тілдер туралы жаңа ілімін» Сталиннің өзі жоққа шығарғаннан кейін тіптен өрши түсті. Осы ілімді академик С.Аманжолов жақтайтын, ол қазақта солтүстік-шығыс, оңтүстік және батыс аймақтарға тән үш диалект бар деген теория ұсынды. Олардың алғашқысы неғұрлым жасампаз болып келеді, сондықтан заманауи әдеби тілдің негізіне алынған-мыс. Аманжолов кейбір қоғамтанушыларға, атап айтқанда, Е.Бекмахановтың еңбектеріне қатысты дау-дамайға қатысушыларға қатты шүйлікті, оның диалект туралы теориясы трайбализм жөніндегі ескі таласты қайтадан қоздыруы мүмкін еді. Сондықтан бұл теория жоққа шығарылып, оның орнына «говор» деген термин ұсынылды. Сөйтіп «қазақтар жүзге, ру-тайпаға бөлінбейді, солардан құралады» деген ұғым пайда болды.
Терминологиялық жәйттерге де тоқтала кетейік.
Бұл орайда әңгімені географиялық бөліністен бастауға тура келеді. Патшалық Ресейдің кезінде қазіргі Қазақстан аумағы Сібірге жатқызылып, Ақмола және Семей губернияларына бөлінетін. Еліміздің оңтүстік бөлігі Түркістан деп аталды, оны да Шығыс Түркістан (Шыңжаң) және Батыс Түркістан (Ресейге қарайтын) деп екіге жіктейтін. Түркістан – түркі халықтары тұратын жер дегенді білдіреді және бұл атау халықтың этникалық сипатынан емес, тілдік ұқсастықтан шыққан. Сондықтан Тәжікстан одан тыс қалады. Түркістанның ежелгі бір аты – Тұран.
1920 жылы Қырғыз АКСР құрылған соң бұл аумақтың Батыс Сібірге қарауы тоқтатылды. 1924-25 жылдары Түркістан АКСР-ы жойылып, содан кейін бұл атау өзінен өзі ұмытылып кетті де оның орнына Орта Азия деген ұғым пайда болды. Географиялық жағынан ол Арал теңізі мен Сырдария және Амудария өзендерінің бойын да қамтитын, сөйтіп Қазақстанның оңтүстік аймағы Орта Азияның бір бөлігі болып шықты. Ал Қазақстанның батысын біреулер Европаға жатқызып жүрді. Саяси тұрғыдан да түсініспестік туындап жатты: бір жағынан, Орта Азия экономикалық ауданына (1957-1965 жж.) Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Қырғызстан кіреді, екінші жағынан, КСРО КП ОК Орта Азиялық бюросының құрамына аталған республикалардың басшыларымен қатар Шымкент обкомының бірінші хатшысы да енгізілген. Ақыр аяғы «Орта Азия және Қазақстан» деген термин өмірге келді. 1992 жылдан бастап оны Қазақстанның ұсынысы бойынша Орталық Азия деп атайтын болды. Тағы да түсініспестік туындады: Батыс және Кеңес географиясына сәйкес, оның құрамына Моңғолия, Тува, Ішкі Моңғолия, Шыңжаң және Тибет кіретін. Қазір кейбір сарапшылар мен халықаралық ұйымдар Орталық Азияны құрайтын мемлекеттер қатарына бұрынғы бес кеңестік республика мен Ауғанстанды және Иранның шығыс бөлігіндегі Қорасан аймағын жатқызып жүр.
Славяндар мен түркі халықтарының өзара қарым-қатынасы пәлен ғасырға созылғаны белгілі. Көшпенді халықтарды олар әуелі «торк» деп атаған. Кейін біреулерін печенег деп, қыпшақтарды «половецтер» деп атап кетті. ХІІІ ғасырда моңғолдардың келуі толып жатқан терминологиялық қайшылықтар туғызды. Моңғолдар этникалық немесе тілдік сипаттарға байланысты емес, саяси мақсатта біріккен тайпалар одағы болатын. Европаға барар жолда олар көптеген түркі тілді тайпаларды бағындырды, бұл тайпалар моңғол әскерінің қатарын толықтырды да саны көп болғандықтан біртіндеп оларды өздеріне сіңіріп алды. Көшпенділердің жаңа толқынын орыстар протомоңғол тайпаларының бірінің атымен «татар» деп атай бастады. Кейін бұл атау шығыстағы, негізінен, түркі тілдес көшпенді және отырықшы халықтардың бәріне таралды. Бұл термин біртіндеп Европаға жетіп, олар Азия құрылығының ұлан-байтақ даласын «Ұлы Тартария» мемлекеті деп белгілейтін болды. Бұл атау европалық география ғылымында, карталарда ХІХ ғасырға дейін сақталып келді.
Енді қазақтарға оралайық. Бұл атаудың қалай шыққаны туралы «ақ қаздан» бастап басқа да толып жатқан болжамдар айтылады. Дегенмен зерттеуші ғалымдардың көпшілігі «қазақ» – «қашақ, өз ру-тайпасынан бөлініп кеткен адам» деген мағынаны білдіретін сөз деген тұжырымды ұстанады. Бұл термин ХІІІ ғасырдан бұрын-ақ қолданылған болуы мүмкін, анығы – Алтын Орда мемлекеті ыдырар алдында оған әлеуметтік мән үстеліп, енді ол қазіргі тілмен айтқанда «сепаратист» дегенді білдіретін «қашқын» деген мағынаны білдіретін болды. Ондайлар еркін өмір сүрді, көбінесе әскери іспен шұғылданып, жалдамалы әскер қызметін атқаратын немесе тонаушылықпен айналысып, «қазақылық» жасайтын. Орыс казактары да осыларға еліктеуден солай аталса керек.
Қазақтар әуелі Үлкен Орданың қирандысының орнында құрылған Өзбек хандығының құрамында болған. «Өзбек» терминінің шығуы да даулы мәселе: Алтын Орданы бір кезде Өзбек хан билеген, бірақ оның хандық құрған кезі мен өзбек халқының пайда болуының арасында біраз уақыт өтіп кетті. Қайткен күнде де бір хандықтан бөлініп шыққан екі топтың бірі «қазақ» деп аталып, қыпшақ даласын қоныстанса, екіншісі «өзбек» деген атауға ие болып, Орта Азияға барып орналасты. Бір қызығы, өзбектер қуып шыққан тимуридтер (Ақсақ Темірдің ұрпақтары) Ауғанстан мен Үндістанды жаулап алып, Ұлы Моғолдар империясын құрды.
Қазақтардың ұлттық атауы ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап-ақ бұрмалауға ұшырады. 1720 жылдары орыстар оларды «қайсақ» деп атай бастады, содан кейін «қырғыз-қайсақ» деп, ақыр соңында «қырғыз» деп атайтын болды. Ал қырғыздардың өздерін «қарақырғыз» немесе «таудың жабайы қырғыздары» деуге көшті. Тарихшылар мен этнографтардың бәрі дерлік қазақ халқының бұл атауды мойындамайтынын айтқанына қарамастан, аталмыш термин тұрақты қолданылып келді. 1919 жылы кеңес өкіметі Қырғыз өлкесін басқару жөнінде ревком құрды, 1920 жылы РКСФР құрамындағы Қырғыз АКСР құрылғаны жарияланды. Тек 1925 жылдың 25-ші маусымында ғана Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті төралқасының қаулысымен Қырғыз АКСР-дың атауы өзгертіліп, Қазақ АКСР деп аталатын болды.
Қазақ АКСР ОАК-нің 1928 жылғы 19-шы желтоқсандағы және 1929 жылғы 24-ші қаңтардағы қаулыларымен араб әліппесінің орнына латын алфавиті енгізілді. Оның да ғұмыры қысқа болып, 1940 жылғы 10-шы қарашадағы заңға сәйкес латын графикасының орнына кириллица қолданыла бастады. Сөйтіп бас-аяғы он екі жылдың ішінде алфавиті үш рет ауысқан түркі тілдес халықтар Кеңес Одағындағы жетекші ұлт – орыстардың мәдениетін амалсыздан қабылдауға мәжбүр етілді.
Әзірше осы айтылған жәйттермен шектеле тұрамыз, құрметті оқырман. Жоғарыда аталған, ХVІІІ-ХХ ғасырларда жарық көрген орыс энциклопедияларындағы халқымыздың тарихына, бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың өмір жолына қатысты деректерді журналымыздың келесі санынан бастап жариялайтын боламыз.