Адамзаттың оң болғай алдағы ісі
Діл мен Мұң
Қазақстан Республикасы азаматысың ба,мемлекеттік тілді білу азаматтық борышың.
Ғарифолла Есім.
Жатқа еліктеу – өзіңді-өзің қор санау. Бұл – ұлттық сана жетілмеген елде болатын көрініс.
Алма Қыраубаева
Не қалайды Сіздің көңіл қошыңыз,
Осалдау боп барамыз-ау осы біз?!
Балаңызбен сөйлесесіз қай тілде,
Сізбен қалай тілдеседі досыңыз?!
Тірегіміз –діннен безген көбейді,
Жүрегіңіз, діліңіз бұған не же дейді?!
Бағың-масаң,
Тілің-касаң, сезім-тұл,
Қазақтың қазақ жанын қашан тербейді?!
Мейірімге, Қайырымға ел тарықты,
Шешпей ме енді мойнындағы қамытты?!
Салт-дәстүрі, тілі неміс,
Бір тілде
Ұлт демейді сөйлемейтін халықты!
Ұлт емес пе ек, ұйыспаймыз неге біз
Жұрт емес пе ек сыйыспаймыз неге біз?!
Алдағанға, арбағанға ілесіп,
Зар заманға қайта оралып келеміз.
Неге аяғын кері басып келеді ел,
Неге?!
Неге?!
Толып кетті “Негелер?”
Мұсылманға сәлем беріп өтер ең
Ділі берік қазақ болсаң сен егер!
Күпірлік қой-
Тіліміз қалай сау дейміз?!
Өтірік қой-
Діліміз қалай сау дейміз?!
Балаларды басқа тілге баулимыз,
Тәніміз-аман,
Жанымыз қалай сау дейміз?!
Біз сияқты болып па еді бабамыз,
Ана тілі- бәріміздің Анамыз,
Құстай болып бағытынан жаңылған
Бауырларым, қайда кетіп барамыз?!
Атақ пен абыройсыздық
Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу.
Алма Қыраубаева
Басқармады біздерді басқа ұрып кім?
Мұны ойласаң, жіберер тасты үгіп Мұң!
Дәмесі зор өмірден Дәмелі қыз
Түзеді бой,
Қызы еді Жақсылықтың.
Мәпелейтін жалғыз деп қызды ауылы,
Дұшпаны кім, білмеді ау, кім бауыры?
Мақтап-мақтап жас қызды айға ұшырып,
Қойды шошқа бақтырып сұм дәуірі.
Озбыр тағдыр тапты екен қайдан мұны?
Тозаққа айдай жөнелді сайран күні.
Тыңдамады анасын,
Жастық па әлде
Өтіп кеткен әлпеші «айналдымы»?
Дәмелі қыз мақтанға – жоққа нанды,
Халық, билік арасында-отта қалды.
Көзтаныстар кешегі сырт айналды,
Екі қолын Ессіздік боққа малды.
Таңқалдырып талайды, мына әлемді,
Шошқашы қыз жұлдыз боп шыға келді.
Аспандатты, апыр- ай,
Әшейінде
Құлатуға Саясат құмар еді.
«Нағылет! – деп қарғады жерлеп Елі,
Қасірет қой, ұяттан жерге енеді.
Халқы алдында – қара бет, сайтан сана,
Өкіметтің алдында – Еңбек ері!
Биік- биік сөйледі мінбелерден,
Алдында оның дақпырт Даңқ тұрды елерген.
Қолпаштады жатжұрттық жарым естер
Келген кеше «Тың-тың!»,- деп түрмелерден.
Құрық сала келгендер құт-қонысқа,
Бүлік сала келгендер құт-қонысқа.
Арақ ішіп күйіктен
Ақырында
Қазақ қатын ете ме, шықты орысқа.
Тағдыр әлде халықтың наласынан,
Үйі өрттеніп, айрылды үш баласынан.
Ел сөзіне шыдамай,
Қорланғанмен
Шыға алмады Даңқ-Дақпырт арасынан.
Соры қалың, күні жоқ бағы ашылған,
Қалды айрылып ақыл, ес, санасынан.
Қайтыс болған әкесі тым ертерек,
Табылмады ауылынан жанашыр жан.
Бес күн мына жалғанда,
Бес күн желік
Себеп болып, кетті- ау ол ессізге еріп?!
Далада өлді қаңғырып,
«Дана» қызды
Көке болған көмбеді ешкім келіп.
«Ақылы жоқ, азғын жан, алқаш, надан!», —
Десті бәрі кешегі қолпаштаған.
Шошқа бағып атағы шыққан қыздың
Болды ақыры ажалы сол шошқадан.
Қадап айтқан қарттардың қарғысы ма,
Жаратқанның бұл әлде жарғысы ма?!
Отбасының оты өшіп, өтті өмірден,
Ағайынның зар болып алғысына.
* * *
Адамдар табиғатқа шабуыл жасап болды, ендігі шабуылды адамдар табиғаттан күтеді.
К. Циолковский.
Кейбір жылы Қазақстан мен Қырғызстаннан күздің
қараша айында жылы өлкеге ұшқан жүз мыңдаған аққу,
қаз, үйрек бағытынан жаңылып,аяз қарып тұрған Якутияға қонып, жаппай қырғынға ұшыраған.
Ш. Айтматов
«Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?!
Жеті бота үстінде жатып қалып,
Ойсылқара жануар сонан қалған…»
Қайта-қайта жер бетін мұз құрсаған.
Ғұндар көшкен Сібірге, деме жалған.
Жер құйқалы, нұрлы аспан, суы балдай,
Жанға дәру ауасы – тұрмын қанбай!
Оралмағай қайтадан мұз дәуірі,
Адам жаны бұл күнде суығандай.
Мұзкөзденіп қарайды адамға адам,
Боп барады неліктен ғалам – аран?!
Ем табылмас бүгін де ауырса ауа,
Емін ешкім бұрын да таба алмаған.
Дауыл тұрып өшуде жолдан жарық,
Үй өртенді, айнала орман жанып.
Әлдеқайдан киікке қырғын келді,
Өзен-көлдің жағасы толған балық.
Жылы жаққа бет алған аққу, қаздар
Солтүстікке адасып қонған барып…
Жер де кеме, асты-үсті толған халық,
Аштықта өлген, аз емес болған ғаріп.
Күннің көзі тұл етіп кей жерлерді,
Тасқын небір жөнейді қорғанды алып.
Жақсылыққа жамандық жасап бақтық,
Табиғатпен бір едік, алшақтадық…
«Тартып алам бермесін» дегендердің
Абыройын мадақтап асқақтаттық.
Табиғатсыз демедік болмас тірлік,
Ашкөздікті тойымсыз жалғастырдық.
Адам аттық, құс та аттық, аң да аттық,
Ақылынан әлемді адастырдық.
Алыстадық иманнан, шариғаттан,
Жұрдай болып барамыз Ар-Ұяттан.
Көрсетпеген, адамзат, құқайың жоқ,
Шабуылды күт енді табиғаттан.
Күні-түні белестен жанып жатқан,
Ұйқысынан оянып, дүр сілкініп
Жанартаудан – абжылан жалын атқан,
Өзендерден, көлдерден, теңіздерден,
Естерінен күні-түн танып аққан.
Адам, сенің ісіңе ерегесіп
Құрып жатқан секілді бәрі қақпан.
Күңгірт тартып мейрімді Күннің көзі,
Қара кебін кимесін Ару – ақ Таң.
Қырқылғалы, адамзат, тұр қанатың,
Ақыл-санаң оянсын,
Табиғатты,
Табиғатқа қайырым құтқаратын!
Саналы мен санасыз
* * *
Құмырсқаға тимеңдерші, іздегені өмір ғой…
Фирдауси.
Адамның басты қателігі–өзге тіршілік иелерінің сезімі- мен санаспайтынында жатыр-ау…
Ш. Айтматов
Құтқарған жылуымен Елді ызғардан,
Өмірде Аналар ғой ең ізгі адам.
Ақ сүтін қасқыр берсе кеше адамға,
Қасқырды бүгін енді емізді адам.
Аңызда шындық, қиял, арман да бар,
Бөрі-рух!
Рухы жоқ адам азар!
Емізген ана қасқыр Ром мен Рим –
Негізін Римнің кеше қалағандар.
Құдірет – ғашық еткен Күнді Жерге,
Әйтпесе, түнді ысырып, Күн күлер ме?!
Сәбиді асыраған қасқыр көріп,
Киелі ол аң деп білген Үнділер де.
Айналған таршылықта жанашырға,
Бар тылсым адам мен аң арасында.
Адам ба, аң ба адалы?
Ойлантады,
Шынымен қасқыр осы санасыз ба?
Ісіне қайран қалдым таң қап талай,
Жанашыр!
Әділдігі ғажап қалай?!
Баланы неге олар асырайды,
Жауымның баласы деп азаптамай?!
Қасқырға тимеңдерші, қазақтар-ай!
* * *
Сырлы сыбдыры тал-қайыңдардың,
Жақын, жайлы жаныма құмдары.
Алыста жүрсе ағайындардың
Анасы –
Дала сағынатындары.
«Елімізге жетсек – деп – жоқ арман»,
Кеткен шет ел шалғайына асып,
Ана-Даласын
Аңсап оралман,
Сүйеді жерін маңдайын басып.
Қызғыш құстай далаға алаңмын,
Қыраны болып арманым ұшады.
Тұп-тұнық көлдер – жанары Анамның,
Даламның құшағы –
Анамның құшағы!
Қызығып Күн, Ай –
Қараған Аспан,
Ғашық боп Жерге жарығын шашқан!
Қанымыз,
Тәніміз араласқан,
Мәңгі құшақ жоқ Даладан асқан!
* * *
Өзенді, көлді жан-жағым –Дала,
Аспаннан асқан арманым – Дала.
Жүр жүрегімде, жанарымда да,
Кең пейіл, дархан – қазағым Дала.
Ақ сүтімен берілген Ана,
Бар өмірім, көңілім – Дала.
Сүйіп келемін, сүйіп өтемін,
Өліп-өшпеймін өлеңімде ғана!
Құшағында ауыл, бақша-бауым да,
Қалалар , орман, асқар тауым да,
Дала құрсағы – құрсағы әлемнің,
Кеңдігі – қазақтың дастарқаныңда!
***
Көрдіңдер ме соғысқа барғандарды,
Барып, сөніп рухы қалғандарды?!
Аналарды армандары оралмаған,
«Балам тірі!
Келед!- деп алданғанды?!
«Көрдіңдер ме баламды, көрдіңдер ме?!»-
Деп жалынып анасы көрінгенге,
Құрғатты кім көз жасы төгілгенде,
Емдеді кім қабырғасы ел сөгілгенде?!
Киноларда қырылған неміс қана,
Кеміс ада, жеткені ел Жеңіс қана.
Ана, бала, аң мен құс, село, қала,
Аман қалған секілді егіс, дала…
Жауыздық ол, іс емес мақтанардай,
Ештеңе одан таппайсың аппақ Ардай!
Мың тоғыз жүз қырық бір-қырық төртте
Одақ бір күн жеңіліс таппағандай.
Тек қана алға аршындап аттағандай,
Танктерді табанға таптағандай.
Қасірет-мұң, қайғы да болмағандай,
Азап дәмін еліміз татпағандай.
Көз жүгіртші ойланып сол күндерге,
Барғандарды соғысқа көрдіңдер ме?!
Жан емдеді, құрғатты көз жасын ел
Көңілдер тек тоғысып көңілдерге.
Быт-шыт болған ол кезде өмір кем бе,
Оралмады кеткендер төріңнен де!
Кетті соғыс дәлелдеп Ар- Намыстың,
Биіктігін ұяттың өлімнен де!
Қару жасау әлемде бар жарысы…
Адамзаттың оң болғай алдағы ісі!
Орыс емес!
Соғыста жеңген кеше
Халықтардың бірлігі, Ар-Намысы!
Серікбай Оспанұлы